Бір хикаяттың тарихы
"МАРС ПЛАНЕТАСЫ"
Менің "Қарабұғаз" атты хикаятымның ойжобасының қалай пайда болғанын есіме түсіруге тырысайын. Соның бәрі қалай болып еді осы?
Киевте, Днепрге төніп тұратын Владимир қыраты баурайында өткен балалық шағымда, күнде кешке салым басына жиегі салбыраған шаңлы қалпақ киген бір шал пайда болатын. Ол сыры қашқан телескөп әкеліп, оны иілген үш темір аяғына ұзақ уақыт машақаттанып қондыратын.
Со шалды "жұлдызшы" деп атайтын және итальян деп есептейтін, өйткені орыс сөздерін әдейі шетелге бейімдеп, бұзып сөйлейтін.
Телескөпты қондырып болғасын, шал жаттанды сөздерін бір сарынмен мыңқылдап айта бастайтын:
— Сүйкімді синьорлар мен синьориналар! Буона джиорно! Бес тиын төлеп, сіздер Жерден Ай мен op түрлі жұлдыздарға шырқап кетесіздер. Әсіресе мен сіздерді өңі адам қанына ұқсайтын қаһарлы Марс планетасын көруге кеңес беремін. Кім Марс нышаны аясында туған болса, ол соғыста бірден фузьелер оғынан қаза табуы мүмкін.
Бірде мен әкеме еріп, Владимир қыратына барып, телескөппен Марс планетасына қарадым.
Мен қап-қара тұңғиық пен сол түпсіз тұңғиық ортасында мүлде қорықпай, ешбір тіреусіз ілініп тұрған қызғылт шарды көрдім. Мен оған аңыра қарап тұрғанымда, шар елеуеіз телескөптың жиегіне қарай жылжып барып, оның жез қоршауының тасасына жасырына қойды. Жұлдызшы телескөпты жайымен бұрып, Марсты бұрынғы орнына қайта қондырды. Бірақ анау тағы да жез қоршауға қарай сырғи бастады.
— Қалай екен? Сен бірдеңені көрдің бе? — деді әкем.
— Иә. Мен тіпті канал-жармаларды да көрдім, — дедім мен.
— Мен Марста адамдар-марсиандар тұратынын және олардың өз планетасында неге қажет екені білмеймін, аса зор жармаларды қазғанын білуші едім.
— Солай-ақ болсын! Бірақ ойдан шығармағын! Сен ешқашанда каналды көрген жоқсың. Оларды тек бір астроном-итальян Скиапарелли көрген, ол да тек үлкен телескөппен көрген, — деді әкем.
Отандасы Скнапареллидің есімі Жұлдызшыға мүлде әсер етпеді.
— Мен және Марстың сол жағынан тағы бір планетаны көріп тұрмын. Ол бірақ, неге екенін қайдам, аспанмен кез келген жаққа жортып жүр, — дедім мен сенімсіздеу үнмен.
— Әй, ол со планетаның өзі! Шамасы, сенің көзіңе бір қылау түскен ғой, — деп жадырай дауыстап жіберді Жұлдызшы украиншылап.
Ол менің иегімнен мығымдай ұстап, көзіме түскен қылауды алып тастады.
Марстың жүзін көргеннен қатты тітіркеніп, шошып кеттім. Телескөптан көзімді жазғанда бойым біртүрлі жеңілдеп қалды, күңгірт шамдары бар, жеңіл күймелері зырылдап жүріп жататын, гүл-шешегін төккен талшындардың шаң сіңген иісі аңқып тұратын Киев көшелері маған жайлы да жайма-шуақ көрінді.
Жоқ, ол кездері менің Жерді тастап, Айға немесе Марсқа шырқап кеткім келмейтін!
— Ол неге қып-қызыл? — деп сұрадым әкемнен.
Әкем маған Марс — әліп бара жатқан планета, бір кездері ол да, біздің Жер сияқты, теңіздері, тау қырқалары мен жасыл нулы таңғажайып құрлық болған, бірақ жүре келе біртіндеп, теңіздері мен өзендері кеуіп қалады, жасыл нуы солып семеді, таулары түбіне дейін желмен жеміріліп, шаң-тозаң болып ұшып кетеді, сөйтіп Марс шетсіз-шексіз құмды шөлге айналады. Әсілінде, Марстағы таулар қызыл тастан құралған болуға тиіс, өйткені Марстың құмы қызғылт екен.
— Ендеше, Марс құмнан құралған шар ма? — дедім мен.
— Иә, солай да шығар, — деді әкем мені қостап. — Марстың басына түскен күн, біздің Жерге де жетуі мүмкін. Ол да шөлге айналады. Бірақ ол сан миллион жылдардан кейін болады. Ендеше сен қорықпа. Және ақырында адамдар о замандарға дейін бірдеңені ойлап тауып, ондай бұзақылықты тоқтататын да шығар.
Мен тіпті де қорықпаймын деп жауап бердім. Бірақ шын мәнінде шошып қалдым және өзіміздің Жерге жаным ашыды. Бұның үстіне үйге барғасын, мен ағамнан қазірдің өзінде шөл-баябандар Жер көлемінің жартысына жуығын басып қалғанын білдім.
Содан бері қарай шөлден қорқу (ол кездері мен оны әлі көрмесем де) көкейімнен кетпейтін сипатқа ие болған еді. Және "Вокруг света" жорналынан Сахара шөлі құм дауылдар мен шөл кемесі — түйелер туралы қаншама көп оқығанмен, олар мені еліктіре алмады.
Көп ұзамай менің шөлмен алғаш рет танысуды өз басымнан өткізуіме тура келді.
Жазда біз үй-іші — отбасымызбен деревняға, атамыз Максим Григорьевичке жол тарттық.
Жаз жылы, жаңбырлы болды. Шөп қаулап, қалың болып өсті. Шетен түбіндегі қалақай кісі бойындай болды. Егістіктікте арпа-бидай масақтады. Бақшалардан нәр-құмарлы аскөктің иісі аңқиды. Биыл, тегі. егін түсімінің мол болатын түрі бар.
Алайда бір күні, атам екеуміз өзен жағасында қармақпен теңге балықты аулап отырған кезімізде, атам кенет орнынан асығыс түрегеліп, көзін күннен қолымен көлегейлеп, өзеннің ар жағындағы егіндерге шұқшиып ұзақ қарады да сосын жерге бір түкіріп:
— Қап, шайтан-ай, аңызақ соққалы келеді! Қарасы батқырдың қарасы мәңгіге батпайды-ау! — деді күйініп.
Атам қараған жаққа мен де қарап едім, бірақ шұбатылған бұлыңғыр толқыннан басқа ештеңені де көре алмадым. Ол зулап келіп қалды. Мен күн күркіреп, жауғалы келеді деп ойладым, бірақ атам:
— Со баяғы қуаңшылық! Қарғыс атқыр күйдіргі! Бұқара жақтан, шөлден соғатын ыстық жел Бәрін де өрттей жалайды. Қандай бақытсыздықтың төніп келе жатқанын білесің бе, Костяжан! Тыныс алатын да ештеңе қалмайды енді, — деді ол
Қатерлі толқын жер бетімен гуілдеп, тура бізге қарай зулап келеді. Атам жаңғақ ағаш шыбығынан жасалған қармақ сабына шұбатылған қармақ бауын жеделдетіп орап жатып, маған:
— Дер-реу үйге тарт, әйтпесе көзіңді шаң басып қадады. Мен сенің соңыңнан ілбимін. Зыт! — деді дызақтап.
Мен үйге қарай зыта жөнелдім, бірақ аңызақ жел мені жолдан қуып жетті. Ыстық құйын ыспа құмды үйіре сыбдырлатып, құстың қауырсын жүндері мен жанқаларды көкке бұрқырата көтеріп, аңырай соғып барады. Айналаның бәрін аласапыран шаң-тозаң торлап тастады. Күн кенет ызбарлана қызарып, Марстан айнымай қалды. Шілік атаулы ұйқы-тұйқы болып тербетіліп, тулай жөнелді. Артымнан бір оттай ыстық деп, гүу етіп соққан кезде, көйлегімнің арқа тұсы тұтанып жана бастаған сияқтанды. Шаң-тозаң тіс арасында шықырлап, көзіме қона бастады.
Үй табалдырығы алдында менің апайым Феодосия Максимовна кестелі сүлгіге оралған айқышты ұстап тұр екен.
— О, Құдайым, мүсірке де құтқара гөр! Ақманар тәңіріне, бәле-мәтерді бір шеттен жанай өткіз! — деп шошына күбірлеп тұр.
Ада құйын үйіріліп келіп, үйге бас салды. Дұрыстап сылап бітелмеген әйнектер зырқылдай жөнелді. Үй шатырының жиегіндегі сабандар жалпылдап жоғары көтерілді. Оның астынан бір дүркін атылған қара оқтардай болып, торғайлар дүр етіп ұшып кетті.
Ол кезде әкем бізбен бірге еместі — ол Киевте қалған болатын. Апамның абыржып сасып қалғаны көрініп тұрды.
Бізге бәрінен де ауыр тигені ыстықтың бірте-бірте күшейіп, күйдіріп бара жатқаны есімде қалыпты. Мен енді бірер сағаттан кейін үй шатырын жапқан сабан өртенеді екен, содан кейін өздеріміздің шаштарымыз бен киімдеріміз тұтана бастайды екен деп ойлап қалдым. Сол себепті де жылап жібердім.
Кешке салым қалың өскен шіліктің жапырақтары семіп, сұрғылт шүберек тәрізді ілініп-салынып тұрды. Бүкіл шетендердің іргелеріне құтырынған жел, шіркей тәрізді, қара қоңыр ұлпа құмның шаң-тозаңдарын жал-жал етіп, үйіп тастаған еді.
Таңертең қарағанымызда жапырақтардың бәрі бүрісіп, қурап қалыпты. Жұлынған жапырақтарды саусақпен ысқылап ұнтақтап тастауға болатын еді. Жел күшейе түсті. Ол осынау кіршең өлі жапырақтарды жағалай жұлып әкете бастады, енді көптеген ағаштар күз таусылар кездегі сияқтанып, тырдай жалаңаштанып. қарауытып кеткен еді.
Атам егін басына барып, үйге әбден абдырап, әлсіреп қайтты. Оның қолы қалтырап, ішкі көйлегі жағасының бауын шеше алмады, сосын ол:
— Егер жел бүгін түнде басылмаса, егіннің бәрін күйе жалағандай күйдіріп жібереді. Бауды да, бақшаны да, — деді ол мұңайып.
Бірақ жел басылмады. Ол екі апта бойы аңырады, сосын сол ғана толастап, қайтадан екілене жөнелді. Жер жұрттың көз алдында күлгін түсті ертеңге айналып кетті.
Үй-үйден жылаған әйелдер даусы естіледі. Ерлердің еңселері түсіп, үй іргелеріне үйілген топырақ үстінде желден ықтап, имек басты таяқтарымен жерді түрткілеп қойып, ілуде бір тіл қатады:
— Жерің жер емес, тастай! Ажал сені алқымыңнан алып, соқты емес пе, адамның барар жер, басар тауы қалмады ғой, — деседі байғұстар.
Киевтен әкеміз келіп, бізді қалаға алып кетті. Мен одан қуаңшылық жайын сұрай бастап едім, ол селқос жауап қатты:
— Егін күйіп кетті. Шөл-баябан аяңдап, Украинаға келе жатыр.
— Бірдеңе істеуге болмай ма? — дедім мен.
— Ештеңені де. Ұзындығы екі мың шақырымдық биік дуалды тұрғыза алмайсың ғой.
— Heгe? — дедім мен. — Қытайлар өздерінің Ұлы қорғанын салған жоқ па?!
— Е, олар қытайлар ғой. Олар ұлы ісмерлер ғой және ол қашан болған.
Осынау балалық шақта алған әсерлерім сан жылдар өткесін ұмытылып қалған сияқты еді. Бірақ олар, әрине, менің жадымның бір түкпірінде тірі күйінде жата беретін де сирек те болса, сыртқа бұлқынып шыға келетін. Бәрінен де жиірек ол қуаңшылық кездерінде шығатын, ал соның өзі мені бір түсініксіз беймаза күйге түсіретін.
Өзім жігіт ағасы жасына жеткен кезде, мен Орталық Ресейді жақсы керіп кеттім. Бәлкім, осынау сүйіспеншілікке оның табиғатының тамылжып тұратын ажары, тап-таза мөлдір суларының молдығы, ылғалды орман-тоғайлары, сіркіреп тұратын тұнжыраңқы жаңбыры себеп болған шығар.
Сол себепті де қуаңшылық зулаған күні Орталық Ресейге дейін жетіп, оған өртті сына секілді бұзып-жарып кірген кезде, менің беймаза жай-күйім құба шөлге қарсы дәрменсіз ашу-ызаға айналды.
Аударған Әбілміжін Жұмабаев