Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 57 минут бұрын)
Шақшақ Жәнібек батыр

Шақшақ батыр жорыққа он алты, он жеті жас шамасында қатыса бастапты. Бұл тұста қазақ қолы Еділдің бергі бетіне жетіп іркілсе керек. Әржақта бұлардың келуінен бейхабар жау әскері жатады. Асау өзенге алғаш ат қоятын жүректі жан шыға қоймай, бергі беттегілер аз-кем аялдап қалады. Сол сәтте ала тай мінген бала жігіт өткелге бірінші болып қойып кетеді. Онысымен қоймай бұрын-соңды естілмеген ұранды ауызға алады: «Аманжол, Аманжол!»

Жас жігіттің соңынан бәрі ат қояды. Сол жолы бұлар жау жағасының тас-талқанын шығарып, пайдаға шаш етектен кенеледі. Жеңіс қызығы басыла бастаған тұста ғана манағы жас батыр еске түседі. Беймәлім ұранның иесі кім екенін білгісі келеді жұрттың.

Сөйтсе, бұл жігіт кіші Арғыннан тарайтын Ермен әулетінің үшінші ұрпағы — Шақшақ екен. Ал, ол ұран еткен Аманжол — баланың өз әкесі болып шықты. Сол күннен бастап тоқал шешеден тарайтын Арғын рулары үшін Аманжол ұранға айналды. Бұрын олар басқа арғындар секілді Ақжол ата есімін дабыл етіп келген еді.

Алғашқы қадамынан-ақ көзсіз ерлік танытып, жаудың бас батырын найзаға іліктірген Шақшақ Есім ханның ерекше құрметіне бөленеді. Бірте-бірте ол сол дәуірдің бас батырына айналады.

Шақшақ батыр өзінің айтулы замандастарының бірінің қызына құда түсіп, қызға өзінің алты ұлының ішінен қалағанын таңдауға ерік береді. Алтауы да ақ берен жігіт, басқа бесеуінің жауынгерлік даңқы атырапқа жайылып жатса да, қыз Көшейді таңдайды. Қыздың жеңгесі:

— Сен Шақшақтың батыр ұлдарының бірінің етегінен ұстамай, мал соңында жүретін нәуетек Көшейге неге қызықтың? — деп кінәлағанда, қыз:

— Сендер ештеңе аңғармайды екенсіңдер ғой. Көшей қой бағып жүргенде, оның үстінен үнемі ақбауыр бұлт ере көшіп жүреді. Аспан мен жерді жалғастырған өңге жанды көрген емеспін, — дейді.

Көшей де бәйбішесін ерекше құрмет тұтыпты. Екеуінің бір-біріне сыйластығы тұстастары арасында аңыз болып тараса керек. Бақытты да, баянды жұбайлық өмірдің аз-кем үзік тұстары да бар екен. Бірде батырлар жорықта жүргенде, ауылды қалмақтар шауып, біраз қыз келіншекті әкетеді. Бұрын соңды мұндай сұлу кезіктірмеген қалмақ ханы Көшей батырдың жар төсегін қызықтағанына ай толмаған қалыңдығына еріксіз неке қидыртады.

Буыны беки бастаған, он жеті жасар Жәнібек алдымен ата-анасының жұмсауымен туған нағашысы ұлы жүз Бектас қарияға келеді. Ол кісі он екі айғыр үйір жылқыдан таңдап жүріп, бәсіре ат мінгізеді. Бесті шыққанша жүген, құрық тимеген асау күреңді мініп, енді Жәнібек Қаракерей соқыр Абызға келеді. Бұл кісі сол кездегі орта жүздің батагөйі болса керек. Мән-жайды білгеннен кейін жүз жиырма алты жасар қария:

— Ел бастап, жұрт алайын деген ұл екенсің! Сөз бастап, би болайын деген ұл екенсің! Алдыңа келсе, әділдігіңді аяма — аямағың кетпес алдыңнан, қол бастап жол алайын деген ұл екенсің. Жолдастың мыңың алма, бірін ал — мың кісіге бір кісі олжа салатұғын, олжаңды аямасаң — жолдасың кетпес жаныңнан. Жас күніңде қалың бер де, қатын ал, жігіттің хан болатын, қыздың ханым болатын уақыты сол, — деп батасын беріпті.

«Шын тұлпар шабысынан, сұңқар самғауынан» белгілі болатыны сияқты, алысқа құлаш сермейтін ұл алғашқы қадамынан-ақ сезіліп тұрады ғой. Ұлы жүздегі нағашысынан жиенқұрық алып, орта жүздің батагөйінен ақыл тыңдаған балаң жігіт Жәнібек қазақ ошағының үш бұтын түгендеу мақсатында Кіші жүздегі керейт руының дуалы ауыз ақсақалы тоқсан жасар Тайған қарияға сәлем бермекке келеді. Бұл кісі қырсықтау мінезді адам екен. Оған өкпелеп кері бұрылып бара жатқан Жәнібекті тоқтатып, Тайған қарт мынадай тілек айтқан деседі:

— Атыңнын басын бұрма, солай тұр! Мінезімнің қиястығынан бір ауыз сөзбен көңіліңді қайтардым. «Өгізді өрге салма — қанатың талар, жаманға жүзің салма — сағың сынар» деген осы. Қырсық шалдың басқасынан бас тартсаң да, осы ақылын есіңе тұт! — депті.

Бұл сапарынан Жәнібек ауылына түлеп оралады. Жүрген сапары жайлы айтқан жүйелі әңгімесін, дана қарттардың баға жеткісіз лебіздерін естіген әкесі Қошқар батырдың да көңілі өседі. Ол ұлын ертіп, сол жылы көктемде Қарақұмға сауын айтып, шақырылған үш жүздің ру басылары жиналған төбе жиынға келеді. Бас қосуға қазақтың бар игі жақсылары келген. Дүйім қазақты бір шаңырақтың астына ұстаған әз Тәуке, аттары аңызға айналған билер Төле, Қазыбек, Әйтеке, жауға жасындай тиген батырлар Қаракерей Қабанбай мен Қанжығалы Бөгенбай — бәрі осында. Әсіресе, осы жиын барысында басқа батырлардан сәл егделеу Бөгенбай жұрттың бәрінің жүрегін жаулап алғандай. Ол өзгені сөзімен де, ісімен де ерте алатын батыр екен. Халық кегін кестелі тілмен жеткізіп, жоңғарға шешуші соққы беретін кезең туғанын ұғындыра білді. Жиналғандарды ұйытқаны соншалық — басқа жұртқа сөйлейтін сөз де қалмағандай, көпшілігі бас изеумен отырды. Сол жиында жоңғарларға қарсы кең көлемді жорықты тез арада бастау ұйғарылды. Біріккен жасаққа қолбасшы болу Қанжығалы Бөгенбайға тапсырылды...

Сол жақтағы үлкен бір қолды Қабанбай батыр басқарды. Он жеті жасар Жәнібек осы қолға қосылды. Он сегізінші ғасырдағы қазақ батырларының ішіндегі ең айтулылары саналатын үшеуінің бірге аттанған тұңғыш жорығы осылай басталды. Алда ерлік жолдары күтіп тұрған еді. Мұнан кейін ақындар мен жыраулар бұл үшеуінің жұптарын жазбай жырлайтын болды.

Россиядан қашқан торғауыттарды қуған қазақтар дем алуға тоқтайды. Өздерінің жол бақырларына кептірілген жылқы етін асады, жанторсықтарынан су құйып, құрт езеді, қысқасы ер теңгі ас-суларын әзірлеп, тамақтанып жатады. Бір шатырда Абылай, екіншісінде тәкәппарлығымен мәлім Шақшақ Жәнібек батыр отырады. Батыр қаннен қаперсіз шылым тарта бастағанда, бір қазақ жігіті қасына келіп: «Жәнібек батыр, темекі түтігіңізді бері беріңіз» деп ат үстінен қол созады.

Жәнібек бұған назар аудармағансып, әрі жақтырмағанын сездіріп түтіктегі темекіні өкшесіне қағып, асықпай қалтасына салып қояды. Хан мен батыр кешікпей атқа қонады, әр ру өз туларының астына сапқа тұрады.

Дұшпанның күшін анықтау үшін: «барлауға кім барады?» — дегенде, манағы түтік сұрайтын жас жігіт бірінші болып шығады. Барлаудан келген соң Жәнібек:

— Жау көп пе екен? — деп сұрағанда манағы жігіт:

— Қорқаққа көп, батырға аз, — деп жауап береді.

Соғыс басталады, қалмақ қолы он мыңдай адам екен. Қазақтар ойсырай шығынға ұшырайды, ақырында қаша жөнеледі. Жаудың алдында астында түндей қара аты бар ұзын бойлы қалмақ қазақ қатарына кіріп, бірнеше кісіні аттан түсіреді. Осы топтың ортасында келе жатқан Жәнібек: «Апыр-ай, мына сұмырайды құртатын бір қазақ тумаған екен-ау!» — дейді дауыстап. Сонда манағы жігіт топтан суырылып шығып, артқа жалт бұрылып, садағын толғап қалады. Қалмақ теңселіп барып, аттан құлап түседі.

Ту көтерген қалмақтың құлауы дұшпанның үрейін ұшырады. Қазақтар осыны пайдаланып, қайырыла соғады. Сөйтіп, жеңісті жаудан тартып алады. Сонда ғана түтінін қайыра тұтатқан Жәнібек Тархан жас батырды өзіне шақырып:

— Батыр, міне, шылым тартатын уақыт енді болды, — деп түтігін ұсынады. Тарақты Байғозы батырлық жолын осылай бастайды және сол уақыттан оның аты жұртқа мәлім болады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама