- 04 нау. 2020 00:00
- 192
Ер Жәнібек пен Тіленші би
Қарқаралыда болған бір жиында керей Ер Жәнібек шешендерді сөзден жеңе беріпті. Бір ақсақал:
— Керейдің бір шалынан жеңіліп қалдыңдар ғой. Әлгі Тіленшіжан қайда? — депті.
Шақырушы барып, Тіленші жүрмек болғанда, әкесі Бекболат:
— Ол бір ноқталы қара қабан еді, балам, оқыста шалдырып алма, байқап сөйле, — дейді.
Тіленші кіріп барғанда, үйдегілердің бәрі орындарынан тұрып құрмет көрсетіпті. Жалғыз-ақ Ер Жәнібек елемеген болып теріс қарап, жатқан қалпынан қозғалмапты. Сонда Тіленші:
— Бұл ақсақалдың әкесі Бердаулет он екі абақ керейдің жаманы еді. Жаманнан жақсы туды деп жатқан түрі ме бұл? Төренің біреуін басына жастап, біреуіне аяғын салып жатысының жаманы-ай, — дейді екі төре нәсілді кісінің елемей жатқанын кекетіп. Сонда Жәнібек жұмған көзін ашып, қолын қабағының үстіне қойып:
— Бұл қай ұл? — дейді.
— Бұл — Тіленші балаңыз, — дейді біреу.
— «Жаманмен дос болғанша, жақсымен қас бол» деп еді, балам, тауып айтты-ау! Менің көрмегенім жоқ еді. Мен қазақты көріп едім, қалмақты да көріп едім. Он бесімде қызды көк бұқадай қуып едім, жиырма бесімде қолымды жау қанымен жуып едім, отыз бесімде үш жүздің баласын қара сөзбен буып едім. Он екі арыс арғынның артығы еді Бекболат; Бекболаттан мен тусам қандай болар едім? Он екі абақ керейдің төмені еді Бердаулет, Бердаулеттен сен тусаң қандай болар едің? Мен мүсіндей отындық ағаштан шыққан оқ емес пе едім. Сен жақсыдан жаман туған боқ емес пе едің? — дейді.
Ер Жәнібек қартайған кезінде: «Бұл жер қазаққа қоныс болмайды» деп қаракерей Қабанбай екеуі біржаққа бір көшіп, бір қайтып, ақыры аумай қалады. Сол әуре-сарсаңда жүргенде бір жолы Жәнібек Тіленшінікіне келіп қонақ болады. Тіленші жүрерінде Жәнібекке:
— Батыр, көңілге алғаныңыз бар ма? — дейді.
— Тіленшіжан, сүйек жаңартып құда болсақ қайтеді? — дейді.
Тегінде Ер Жәнібектің нағашысы қаракесек болса керек.
Сонда Тіленші:
— Сен жапанға біткен шынарсың,
Қазаң жетіп сынарсың.
ойда-қырда сынған соң,
орныңды қайдан табармын?
Мен қалың қара тоғаймын,
Табылуға оңаймын! —
деп Жәнібектің артында орнын ұстайтын жөнді жұрағат жоқтығын бетіне басып, өз тұқымының көптігін айтып, баяғы есесін қайтарыпты.
Сонда Жәнібек: «Көрген түсіме қарағанда, мен кісіден жеңілсем, өлмек едім, ай, қазам жеткен екен, еліме жетіп өлейін», — деп еліне қайтыпты. Сонан көп кешікпей қайтыс болыпты.