Солтүстік Кореяда оқушы болу деген не?
Соңғы жылдары Солтүстік Корея сыртқы әлемге ақырындап ашылып, туристтерді қабылдай бастағанына қарамастан, ол жерде қарапайым адамдар қалай тұрып жатқанынан хабарымыз жоқтың қасы. Шетелдіктерге жергілікті халықпен араласып-құраласуға тыйым салыған, оларға елді жақсы жағынан ғана танытатын нәрселерді көрсетеді. Мысалы, үлгілі бір-екі мектепті қайта-қайта көрсете береді. Орташа статистикалық солтүстіккореялық оқушы туралы ақпарат алу мүмкін емес деуге болады.
Біз шынайы жағдайды анықтауға тырысып, саяхатшылардың блогтарын, деректі фильмдерді, қашқындардың айтып бергендерін, журналисттер мен фотографтардың Солтүстік Кореяға жасаған саяхаттары туралы ресми есептемелерін зерделеп шықтық. Дүние жүзінің ең жабық елінде оқушы болудың қандай екенін түсінуге, бір табан болса да, жақындай түстік деген ойдамыз.
Оқушылар мектепте 12 жыл оқиды және сабақ кестесі мемлекеттің қажетіне қарай ауысып тұрады
Солтүстік Кореяда мектептік білім баланы 4 жастан бастап беруге болатын дайындық сыныбынан басталады, бірақ тек 1 жыл — 5 жастан 6 жасқа дейін міндетті болып саналады және бастауыш мектептің бір бөлігі болып табылады.
Солтүстіккореялық мектептерде оқушылар 12 жыл оқиды. Негіз ретінде 1950 жылдары кеңестік оқыту жүйесі алынған, бірақ 2012 жылы заманауи қажеттіліктерді өтеу үшін орта білім жүйесіне реформа жүргізілді. Қазір балалар бастауыш сыныпта 6 жыл, орта сыныпта 3 жыл, жоғары сыныпта тағы 3 жыл оқиды.
© o_avgust / LiveJournal
Солтүстік Кореяда 6 күндік оқу аптасы белгіленген, бірақ сенбі күні, әдетте сабақтар аз болады. Сабақ әдетте сағат таңғы 8-де басталады, бірақ кейде оқушыларды ауыл шаруашылығы жұмыстарына жібереді — бұндай жағдайда сабақ кестесі өзгереді. Мысалы, 2017 жылы елдің солтүстігіндегі аудандарда болған қуаңшылық кесірінен жергілікті студенттер мен оқушылар таңғы сағат 5-тен 10-ға дейін егістікті суғаруға қатысуға, ал сағат 11-де сабаққа баруға тиіс болды.
Оқу жылында екі семестр бар: сәуірдің 1 бастап шілденің 31 дейін және қыркүйектің 1 бастап наурыздың аяғына дейін. Жалпы ұзақтығы 3 айға сәл жетпейтін жаздық, қыстық және көктемдік демалыстар бар. Бұдан бөлек, жыл ішінде жоғары сынып оқушылары оқу-өндірістік практикадан өтуі, ал жазғы демалыс кезінде — әскери бөлімдерде практикадан өтуі тиіс.
Жазда, бағы жанып жатса, солтүстіккореялық бала «Сондовон» халықаралық лагеріне — екінші «Артекке», тіпті одан да асып түсетін ел мақтанышына бара алады. «Сондовонға» әлі күнге дейін басқа елдерден: Ресейден, Қытайдан, Пәкістаннан, Вьетнамнан, Бразилиядан және Африка елдерінен балалар келіп тұрады. Кореялық балалар үшін лагерь тегін, ал шетелдіктерге 2 апта лагерьде болу €450 болады.
Солтүстік Кореяда мектеп формасын мемлекет береді
Ата-аналарға балалардың мектеп формасын сатып алуға немесе тігуге тыйым салынған: ел көшбасшысы Ким Чен Ын барлық балаларға белгіленген үлгідегі мектеп формасын жыл сайын мемлекет беріп тұратынын мәлімдеді. Бірақ бұл уәде әрдайым орындала бермейді. Кейде киім бәріне жетпей қалып жатады, ал оның сапасы көңілден шыға бермейді. Пхеньянда балалардың мектеп формасы болуын мұқият қадағалайды, ал шетелдік туристердің аяғы жете бермейтін провинцияларда бұған аса көңіл бөлінбейді.
Бұдан бөлек, Солтүстік Кореяның барлық оқушылары кеудесінің сол жағында көсемдердің суреті бар төсбелгі және Балалар одағына мүше болған соң, қызыл галстук тағып жүруі тиіс.
Қазір Оңтүстік Кореяда тұрып жатқан солтүстіккореялық қашқын бір күні мектепке USA деген ірі жазуы бар футболка киіп барғанын айтып берді. Ол киімді контрабандалық жолмен Қытайдан әкелген болуы керек және оны жергілікті жайма базарда сатқан. Баланың ата-анасы да, баланың өзі де бұл әріптердің нені білдіретінінен еш хабары болмаған. Бұл қылығы үшін бала бүкіл оқушылар көзінше сөгіс алды, ал ата-анасы кешірім сұрап хат жазуға мәжбүр болды.
Осылай бола тұра балалар америкалық мультиктердің кейіпкерлерінің бейнесі бар рюкзактармен мектепке бара береді, бұған назар салып жатқан ешкім жоқ.
Солтүстік Кореяның әр түрлі мектептерінде балалардың дайындық деңгейі әрқалай
© o-avgust / livejournal
«Бірінші», яғни бітірген соң баланың жоғары оқу орнына түсетін мүмкіндігі болатын арнайы таңдаулы мектептерде оқудың абыройы жоғарырақ. Әр провинцияда құрығанда бір «бірінші» мектеп бар. Пхеньянда ондай мектептің төртеуі бар. Бұндай оқу орындарына түскісі келетіндер қиын емтихан тапсыруы тиіс.
Ата-аналардың көпшілігі баласының байқаудан өтіп кетуі үшін еш аянып қалмайды, сондықтан, Қазақстандағыдай, Солтүстік Кореяда репетиторлар индустриясының тасы өрге домалап тұр. Ең көп таңдалатын пәндер — ағылшын тілі мен математика. Қосымша сабақтар айына $ 10-30 көлемінде, бұл орташа айлық еңбекақы $ 50 тең Пхеньян үшін аса қымбат.
Футболға қабылеті бар балалар футболшыларға арналған халықаралық мектепте оқып, ол жерде балалардан ұлттық құраманың ойыншыларын даярлайды. Бұл мектептегі конкурс — бір орынға 30 адамнан келеді. Ол жерде бары-жоғы 200 оқушы оқиды. Осы балалардың күндердің күнінде шетелге шығу мүмкіндігі бар.
© gavailer / livejournal
Сонымен бірге өнер және шетел тілдері мектептерінде оқығысы келетіндер көп-ақ.
Болашақ әскери қолбасшыларды Мангендэ революциялық мектебінде даярлайды. Бұнда оқу уақытының 3/4 бөлігі идеологиялық және әскери пәндерге арналады. Түстік асқа дейін кадеттердің сабақ кестесінде 6 сабақ бар, күннің екінші жартысында балалар физикалық жаттығулардан босамайды.
Солтүстік Корея мектептерінде оқу тегін, бірақ сыныпты күтіп ұстау, жиһазды жөндеу, қажетті құрал-жабдықтарды алу үшін ата-аналар ай сайын азғантай ақша өткізіп тұрулары тиіс. Бұнымен қоймай, оқушыларды, жоғарыда айтып өткеніміздей, мектептен тыс жерлердегі жұмыстарға пайдаланады. Бұндай іс-шаралар аптасына кемінде 2 рет болып тұрады.
Чучхе идеяларына адал болмай немесе елден қашып кетуге тырысып, өз атына кір келтірген ата-аналардың балалары уақытының көбі ауыр жұмыс атқарумен өтетін еңбек лагерлеріне жөнеледі. Ол жерден босап шыққан соң олар кәдімгі мектепте оқу құқынан айырылады.
Солтүстік Корея мектептерінде дүние жүзінде оқылатын пәндер беріледі, бірақ қосымша пәндер бар
Мектеп бағдарламасына математика, ана (кәріс) тілі мен әдебиеті, тарих, география, шетел тілі — дені ағылшын және орыс тілдері кіреді. Орыс тілінен тіпті олимпиядалар өткізіліп тұрады. Жеңімпаздар Ресейге жасалатын сапармен марапатталады. Оқушыларға қытай тілі анағұрлым сирек оқытылады.
Саяхатшы Антон Карповтың шамалауынша қытай тілінің жаппай оқытылмау себебі — Солтүстік Кореядан қашатындардың көпшілігі Қытайға бет алады, ал тіл білетіндерге бөтен елде бой тасалау анағұрлым оңай болар еді.
Ағылшын тіліне келсек, Білім беру министрлігінің атқамінерлерінің баса айтуынша, мектептерде жаулары болған америкалық емес, британдық ағылшын тілі оқытылады. Дейтұрғанмен, оқушылардың ағылшын тілін білу деңгейі жоғары емес. Осының кесірінен солтүстіккореялық қашқындар ағылшындық өте көп еніп кеткен оңтүстіккореялық сөздерді түсінбей қалып жатады.
Дене шынықтыру сабақтарына да көп көңіл бөлінеді. Жауынгерлік өнер (тхеквондо) мен тирде мылтықтан атып үйрену міндетті пәндер тізіміне кіреді.
Кейінгі кездері ақпараттық технологияларды оқып үйренуге ерекше көңіл бөліне бастады, алайда Солтүстік Кореяда интернетке емін-еркін кіру мүмкін емес. Бірақ бұл кейбір мектептер мен жоғары оқу орындарында блокчейнді оқуға кедергі болып жатқан жоқ. Қабылетті балаларға информатикадан қосымша сабақтар оқыту үшін кей мектептерде химия, физика және биология сабақтарынан бас тартып жатыр.
Білім бағдарламасында бізге таңсық көрінетін саяси үгіт-насихатпен байланысты пәндер бар: «Коммунистік мораль», «Коммунистік партияның саясаты», «Ұлы Ким Ир Сеннің өмірі» және т.б. Бірақ қазіргі таңда солтүстіккореялық мектептерде бұндай пәндерді азайту үрдісі байқалып жүр.
Солтүстік Корея негізгі педагогикалық қағидаттарды 1950-жылдары КСРО-дан алды және оларды осы күнге дейін пайдаланып келеді
© Эдуард Гавайлер / LiveJournal
Балаларды ес білер-білместен бастап ұжымшылдыққа және темірдей тәртіпке баулиды. Мектепте және балабақшада хормен айтылатын ант, бас иіп тағзым ету, сапта жүру сияқты көпшілік бірге істейтін ғұрыптар мен рәсімділіктер көп. Балалар тіпті мектепке барғанда және қайтқанда сап түзеп жүреді.
Сыныпта балалар сұрақтың жауабын орнында отырып айта алмайды: олар қолын көтеруі, мұғалім рұқсат етсе, орнынан тұрып, белгіленген тәртіп бойынша жауап қатуы тиіс. Көп нәрсені: тақпақтарды, көсемдерінің айтқан сөздерін, ережелерді, әртүрлі ұйымдарға мүше болып қабылдану үшін айтылатын анттарды жаттап алуы тиіс. Өз пікіріңді білдіру былай тұрсын, тіпті мұғалімдерге сұрақ қоюдың өзіне оң қабақ танытылмайды.
Осы себепті Оңтүстік Кореяға қаша алған солтүстіккореялық қашқындардың балалары, олардан бірнәрсені ойдан шығаруды, оқыған нәрсесі туралы ойын білдіруді сұраса, жауап беруге қиналып қалады. Тіпті үлгі бойынша сөйлем құрау секілді тапсырмалардың өзі оларды тығырыққа тіреп тастайды.
Алайда 2005 жылдан бастап Пхеньян мектептерінде оқытуда шығармашылық тәсілдер енгізіліп, жаттай беретін материал көлемі азайтыла бастады.
Саяси үгіт-насихат пен цензура мектептегі білім беру жүйесінің барлық саласын қамтиды
© Wikipedia
Саяси насихат балабақшаға барған алғашқы күндері басталып кетеді. Балаларға көсемдерінің балалық шағы туралы айтып, оларды ұлттық батырлар ғана емес, сондай-ақ су бетінде жүре алатын, ағаш бүрінен граната жасайтын, бір тас атып-ақ дұшпанының кемесін суға батырып жіберетін немесе 9 жасында яхта жарысында бірінші келетін жартылай аңыз-әпсаналық кейіпкерлер ретінде суреттейді.
Балабақшаға және мектепке баратын балалар саяси астары анық көрініп тұратын сахналанған көріністерге қатысып, патриоттық және жауларын келемеждейтін өлеңдерді айтады, ал милитаризмге олар жөргегінде жатқанда тәрбиеленеді. Сәбилер ойыншық автоматтардан атады, конструктордан ядролық зымырандарды құрастырады, танктер мен әскери кемелердің суретін салады.
Америкалық сарбаздардың фигуралары ұрып-соғып жаттығуға пайдаланылады, ал оқу орындарының қабырғаларында насихат плакаттары мен көсемдерінің нақыл сөздері ілулі тұрады. Саяси үгіт-насихат сабақтары бастауыш сыныптарда аптасына 2 рет, орта сыныптарда — 6 рет өткізіліп тұрады.
Солтүстік Кореядан қашып кеткен әйелдің айтуынша, ол оқыған мектепте сенбі күндері оқушылар бірін бірі көсемдердің өсиеттерін сақтамағанын әшкерелеп отыруы тиіс болған. Мысалы, әлдебіреу сабақтан кешігіп қалса немесе тапсырманы біреуден көшіріп алса, әшкерелеу керек болған. Бірақ, әдетте, сыныптастар кім кімнің жат қылығын әшкерелеп айғақтайтынын алдын ала келісіп алып, мұғалімнің көзінше даяр сахналық көріністі ойнап шығатын.
Бірақ оқушыларды идеологиялық тұрғыда «өңдеу» осымен бітіп қалмайды: мектепте барлық пәндер партия саясатына қарайлай отырып оқытылады. Насихат тіпті математикалық есептерге де кіріп кеткен. Журналист Майкл Брин өзінің кітабында ағылшын етістіктерінің шақтар кестесі туралы былай жазады: «Біз янкилермен (америкалықтар) соғыстық, біз янкилермен соғысып жатырмыз, біз янкилермен соғысамыз».
Классикалық әдебиеттің басқа ойға жетелеп немесе чухче идеологиясына әйтеуір бір жері кереғар келетін үзінділері, бұдан хикаяның логикасына зияны тисе де, еш аяусыз алынып тасталады.
Үкіметтің қолайына жақпайтын тарихи айғақтар керегіне қарай өзгертіле береді. Мысалы, солтүстіккореялық мектептің кез келген түлегі соғысты Солтүстік Корея емес, Оңтүстік Корея бастағанын біледі. География сабақтарында капиталистік құрылыс үстемдік ететін елдердегі халықтың жағдайы қандай қиын екенін айтып, тіпті аштыққа шалдыққандардың суреттерін де көрсетеді.
Солтүстік Кореядағы оқу материалдары онша сапалы емес және қателері көп. Өзекті ақпараты бар шетелдік оқулықтарды пайдалануға рұқсат жоқ, өйткені олардан оқушылар керексіз ақпаратты біліп алуы мүмкін.
Бала мектептен тыс жерде қоғамдық білім алып, соның арқасында қоғамның көнбіс мүшесіне айналады
Солтүстіккореялық балалар 2 сыныпта Балалар одағына (кеңестік дәуірдегі пионерлік ұйымның аналогы) мүше болып кіреді. Бала осы сәттен бастап өмірінің аяғына дейін идеологиялық жиналыстарға барып тұру міндетін мойнына алады. Ұйымға кірген кезде балалар ант береді, осыдан соң олардың мойнына қызыл галстук тағылады.
Солтүстік Кореядағы әлеуметтік сатының келесі басқышы — бұл кеңестік комсомол үлгісімен құрылған Кимирсен-Кимченирлік жастар одағы. Бұл ұйымға оқушыларды 15 жастан бастап алып, олардан Халықтық партияның болашақ кадрларын даярлайды.
© В лучах солнца / Hypermarket Film
Әлеуметтік тәрбиелеудегі басты міндет балаларды жағымсыз ықпалдан оқшау ұстап, мұқият бақылауда болатын ортаны құру болып табылады.
Оқудан қолы босаған уақытта оқушылар көптеген үйірмелер мен секцияларда жүріп, идеологиялық жиналыстарға, кітапханаларға, мұражайларға, көрнекі жерлерге барады. Осы үшін елде Пионерлер үйіне ұқсас ғимараттар салады. Мысалы, Пхеньяндағы студенттер және балалар сарайына күніне 10 мыңға жуық адам барып тұрады.
Көптеген басқа елдердегідей Солтүстік Кореяда оқушыларды экскурсияларға апарады, бірақ тек Корея Халықтық Демократиялық Республикасында ғана балаларды көпшілік алдында өтетін өлім жазаларын көруге мәжбүрлейді. Өлім жазасын көруге апару үшін мектепте тіпті сабақ болмай қалуы да мүмкін.
Солтүстіккореялық балалар кішкентай кезінен бастап алуан түрлі үйірмелерге барады
Солтүстік Кореяда неше түрлі үйірмелер мен секцияларға бармайтын бала некен-саяқ. Балабақшаның өзінде бүлдіршіндерге музыканы, ән шырқауды, қолөнер түрлерін үйретеді. Оның үстіне салған жерден ыждаһаттылық пен техникаға көңіл бөлуді талап етеді. Бастауыш мектепте көптеген қыздар биге қатысады. Дененің қимыл-қозғалысқа икемді болып, ырғақты сезінетін қабылетің болғаны — үлкен сәттілік.
Ең дарынды балалар есептік концерттер мен көптеген фестивальдарға қатысады. Фестивальдардың ең әйгілісі «Ариран» деп аталады. Ол тіпті, адам ең көп қатысқан шоу ретінде, Гиннестің рекордтар кітабына да енген.
Әртістік қабылетін көрсете алмаған балалар спортпен шұғылданады. Елде танымалдығы жағынан 1-орында футбол тұр. Сонымен бірге қазір баскетболдың (Ким Чен Ынның Деннис Родманға деген ықыласының арқасында), гольфтың және қысқы спорт түрлерінің тасы өрге домалап тұр.