- 11 нау. 2020 00:00
- 189
Төлебай сал туралы әңгімелер
Төлебай сал әкім ағайындарының зорлық-зомбылығына шыдамай, Ақмола уезіне қарасты Тоқа Шоңның қасына аз ғана аулымен көшіп келеді. Орысша гимназия бітірген Шоң Телғозин бұқарашыл және өнер-білімді бағалай білген адам екен.
Шоң Төлебайдың ақыл-парасатына, тілмәр, шешендігіне қызықса керек, жақсы қоныс жер беріп, дос-жар болып кетеді.
Бір жолы Шоң Бекен деген кісінің қызын айттырып қайту үшін әйелі Айымкүлге басшы етіп Төлебай сал мен Тарақты Бек дейтін шешенді жібереді. Шоң бір-ақ әйел алған, Бекен екі әйел алған кісі екен. Кішісінің малшылармен көңілдес дейтін өсегі болса керек. Сөз арасында:
— Япыр-ай, Шоң қалайша бір-ақ әйел алған? — депті Бекен.
Сонда Төлебай сал ойланбастан былай депті:
— Екі әйел алып сатпақ болғанша, бір әйел алып бетім әппақ болсын деген ғой.
Шоң құдасына басқа мал-жаралғыларының үстіне ақшалай он сом беріп жіберген екен. Оны Бекен қомсынып:
— Шоңнан қазақ баласы көрмеген нәрсе келеді екен десек, мынаны әркім көріп жүрген нәрсе ғой, — депті.
Сонда Тарақты Бек шешен:
— Айымгүлдің өзін әкелдік, Шоңның сөзін әкелдік. Қазақ көрмегенді біз де көргеніміз жоқ. Жоқты дәметкеніңіз тәкаппарлық қой, — деп құданың аузына құм құйыпты.