- 06 мам. 2020 00:00
- 231
Сиқырлы сөз
Қанат — атасының баласы. Атасы бір ауылдың ең жасы үлкен қарты. Анада «Әй, керпұшық! Бір машина шөп түсіріп берсең, құл болып кетесің бе?» деп кеңседе атасы әкімге қамшысын ала жүгіргеңде, байғұстың көзі тас төбесіне шығып, «айналайын ататай, жұмыс-жұмыс деп ұмытып кетіппін» деп кешірім сұрап бәйек болған. Міне, сол күннен бері Қанаттың да мінезі өзгеріп салсын. «Атасының баласы атасы сияқты болу керек». Кеше түсте сабаққа дайындалып отырған әпкесі Сәуленің дәптерін ортасынан қақ бөліп жыртып тастады. Оңдағысы маған уақытында бір кесе айран әкеп бермедің дегені. Сәуле әпкесі ашуланып, жылап өзіне тұра ұмтылып еді, Қанат саспады. «Атама айтамын» деді айбат шегіп. Ол ол ма, көршінің баласы өзінен кіші Ұланның сақасын айдалаға лақтырып жіберді. Ондағысы «маған ұтыла қоймадың» деп ашынғаны. Қойшы, сонымен Қанат бір күнде атасына ұқсап шыға келсін.
Әуелі өзін жанындай жақсы көретін әкесімен анасының да жұмсаған жеріне бармай, «атама айтамын» деп қорқытып жөніне кетіп тұрды. Өйткені Қанаттың атасынан бұл ауылда қорықпайтын адам жоқ. «Әй, пақырлар, Қанат бір әулеттің тірегі болады, әлі. Тиіспей жүріңдер түге!» деген атасының қаһарлы үні талай жерде естіліп қалатын.
Бірақ біраз күннен кейін Қанаттың жайы қиынға айналды. Сәуле әпкесі мұнымен сөйлеспейтін әдет тапты. Көршінің баласы Қанатты көрсе, әзірейілдей шошып, үйіне кіріп кететінді шығарды. Бала-бақшадағы кіші топтың балалары Қанатты көрсе, ойыншықтарын қойнына тығып, тәрбиеші апайға жүгіретін болды. Әуелі әкесі мен анасы да бұрынғыдай еркелеткенін қойды. Атасы шабдар биесін мініп, басқа ауылдарға жолаушылап кеткенде, Қанат не істерін білмей, жалғыз қалып, есі шықты. Ақыры есік алдындағы орындықта отырған Ақлима апайдың жанына кеп отырып, жылы сәлемдесті.
— Апай, кешіріңіз... Мен кеше сізге сәлемдеспедім, — деді күмілжіп.
— Мен атамның баласымын ғой... Ақлима апай бұған аңтарыла қарады.
— Тек сен ғана емес, осы ауылдың бәрі — Бекзат қарттың баласы. Бірақ олардың бәрі сен сияқты емес. Бір-бірімен сәлемдесіп, жөн сұрасады. Қиындық болса көмектеседі...
— Иә, сенің атаң керемет адам. Сонау ашаршылықта ол кісі осы ауылды бөліп-жармады. Осы Бесіктоғанның бойына көшіріп алып келді. Мұз астынан балық аулатып, аман алып қалды. Оған бүкіл ел қарыздар. Бірақ ол бұл қамқорлығына бұлданбайды...
Кешкісін Қанат батылсыздау басып келіп Сәуледен анау күнгі тірлігі үшін кешірім сұрап, жыртқан дәптері үшін атасы берген жиырма теңгесін ұсынды. Сәуле бауырын құшақтап бетінен сүйді.
— Тентек болма, атасының баласы, ә —деді ол күлімсіреп.
— Болат, кешір. Сақамды саған берейін, — деді Қанат атасына ұқсап. Болат риза болып:
— Кешірдім, атасының баласы. Мен де сол күні сені ұтып... — деді Қанатқа мейірлене қарап.
— Балалар, мені кешіріңдерші. Айып менен. Енді сендердің ойыншықтарыңа тиіспеймін, — деді Қанат бала бақшаға келгенде кіші топтың балаларына келіп.
— Рахмет саған, Қанат. Біз сені ағамыз деп жүреміз, — деді олар қуанып.
— Көке, мама, қайда жұмсасаңдар да мен дайын, — деді Қанат кешкісін үйде шай ішіп отырғанда.
— Міне, жарайсың, атасының баласы, — деді әкесі.
— Кешірім сұрағаныңнан, айналдым, — деді мамасы.
Сөйтіп бір күнде Қанат бұрынғы Қанат болып шыға келді. Атасы үйге келгенде ол, оң тізесіне отырып алып, болған оқиғаны баяндап шықты.
— Ә, балам. Сөздің, істің мәніне түсіне бастапсың. «Кешіріңіз» деген — сиқырлы сөз. Көкірегінде зердесі бар бала осындай болады, — деді атасы қуанып.