Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
«Аталардың» ақылы

Қарауылдың құбыла бетіндегі ерте көктемде су жырымдап кеткен жыралардың ішімен жүріп отырып ауылдың  кыр бетіне шықтым. Сөйткенше Жанайдардың «тсс» деген үні естіліп қалды.

— Отырыңдар. Бес-алты бала шөке түсіп, жайғаса кеттік.

— Әне, бақшаның ту сыртына шықты, — деді сыбырлаған Есіржан.

— Тәмила әжейдің алмасының дәмін аузынан кетірместей жасайық, — деді Алмат. Біз келесі сәтті күттік.

Кеше түстен кейін Айтжамал тәтей біздің сынып ұлдарын жеке шақырып алыпн:

— Әй, балалар. Сендерге шұғыл тапсырма берейін деп отырмын, — деп бәрімізге ойлана қараған.

— Орындауға дайынбыз,— деді бәріміз үшін Алмат жауап беріп. Анау шеттегі жалғыз басты Тәмила деген кемпірді білесіңдер ғой. Баласы малда, қолындағы немересі әскер қатарына биыл кетті,—деді Айтжамал.

— Білеміз, — дедік әр тұстан дауыстап.

— Ыңғайсыз-ақ нәрсе. Сол адамның бақшасына балалар ұрлыққа түсетін көрінеді. Ағаштардың бұтағын сындырып, бейберекет іс жасайды екен. Соларды қолға түсіріп, жазалау керек.

— Тек сабап тастап жүрмеңдер. Бөлімшедегі мектептің балаларының ең ересегі сендерсіңдер ғой...

— Айтқаныңыз орындалады,— деді Есіржан.

— Ә, айтпақшы үлкен балалар кездесіп, шатақтасып жүрмеңдер.

— Қам жемеңіз. Бір жөнін жасаймыз,— деп шуылдастық біз. Енді, міне, ұрының үстінен түсіп отырмыз.

— «Жасыл жасақшы» операциясы басталды,— дедім мен.

— Жан-жақтан қоршайық

— Құтылып кетіп жүрмесін.

Көйлегінің ішіне қызыл алмаларды толтырып алып, дәл қасымыздағы қорғаннан қарғып түскенде Тұрар мен Төлеудің көзі тас төбесіне шықты.

— Олжаларың құтты болсын,— деді Ұлар.

— Әжемізден сұрап алайық деп едік, үйінде құлып тұр,— деді маңдайы тершіген Төлеу.

— Ақылдарың кірейін деген екен. Әжелеріңді мектепке тектен-текке апарып жүр екенсіңдер ғой, — деді Есіржан. Мәселенің мәнісіне түсінген қос ұры үнсіз тұрып қалды.

— Қарауылдың басына шығамыз. Ұрыларға жаза тартқызамыз, — дедім мен. Балалар түсінбей менің бетіме карады.

— Туһ, соны да білмей қалдыңдар ма? Аталарың айтпаған ғой. Ертеде олар ұрыларға өзгеше жаза тартқызыпты, — дедім мен Есқали қарттың бірде айтқан әңгімесін еске түсіріп.

— Мұның қызық екен. Ал, батырлар алға түсіңдер, — деді Есіржан қуанып.

— Төбеден төмен домалатпайсыңдар ма? — деді Тұрар қорқақ күңк етіп. Екеуі де үшінші сынып, бізден бір саты төмен оқиды. Мен басымды шайқадым. Бұл екі ортада Есіржан:

— Қолмен істегенді мойындарымен көтеру керек, — деп дүңк етті.

Ауыл маңындағы дөңес төбе құдды батырлардың сауытындай боп көрінеді екен. Әншейінде онша мән бермейді екенбіз. Оң жақ беті Көкпекті тауын қылыштай бөліп, долдана аққан Селдей өзені, терісі тақтайдай жап-жазық пішендік. Айтарымды айтсам да жазаның берілу тәртібін есіме алып, Есқали қарттың әңгімесін жиі-жиі қайталаймын кеп.

— Ниет бұзылған ба, бала-шаға теріске кетті ме, түсіне алмадым. Ойпырай, өзіміз ақ қолда өсірген баламызды, қанша бір басбұзар атанса да көп болып жөндеп алушы едік. Тұрысыңнан айналдым, Қарауыл,— деген ол төбеге қарап.

— Халықтан асқан қазы да, би де жоқ. Әдеттегідей қос ұрыны сүмірейтіп қойып, көк майсаға жантая кеткеніміз сол еді, Ұлар тыпыршып:

— Әй, Шалқар. Уақыт созуға төзім жетер емес. Су әкелеміз, ағаш жарамыз. Табынды қарсы аламыз. Әңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізедінің кері болып жүрмесін.

— Ауыл «ақсақалдары» төрге шығыңдар.

Оу, «Есіржан»,— деген би ортаға шық, — дедім кәдімгідей сұстанып.

— Мына қауым жұрттың сені қалап отыр.

— Дұрыс, дұрыс,— десті балалар уәделесіп қойғандай.

— Жапа шеккен адамның /әрине, Тәмила әжейді айтамыз/ жоқтығына байланысты қаралаушы Жанайдар мен Ұлар болсын. Келісесіңдер ме, халайық, — деймін.

— Былай қауым дөнгелене отырыңдар.

— Ал жазалыларды ортаға әкеліңдер, — деймін Асқарға бұрылып.

Балаларға таң қалдым. Кәдімгідей үлкен бір даулы іс шешкен үлкендердей қабақ түйісіп ойлана қалыпты. Ағаларының әңгімесін анда-санда бір естіп қалғандары көрініп тұр.

— Ал, құрметті халайық. Алдымызда өз ауылымыздың қадірлі қариясы Тәлима апайдың бақшасына түсіп, алмасын ұрлаған қос ұры тұр. Ендігі мәселе екеуіне жаза беруіміз керек,— дедім тамағымды кенеп.

— Сөз Ұлар мен Жанайдар «ақсақалдарға» беріледі.

— Жолдастар, бұл екеуін қатаң жазалау керек. Бүкіл мектебімізді ұятқа қалдырып отыр. Оның үстіне әжей үйде жалғыз, балалары жұмыста, әскер қатарында,— деді Ұлар.

— Мен де Ұлардың сөзіне қосыламын. Біздің аталарымыз, халқымыз ұрлықты жек көрген, — деді Жанайдар.

— Менің ұсынысым бар, — деді қолын көтерген Серік.

— Жасалған ұрлықтың орнын толтыру үшін, екеуі күніне бір-екі сағат Тәмила әжейге көмектесуі керек.

— Алдымен  бұлар айыбын мойнына алар ма екен, — деді Есіржан дауысын кенеп.

— Мойындаймыз, — деді екеуінің орнына Тұрар күңгірлеп. Әншейінде жарқылдап жүретін Төлеудің түріне қарап аяйсың.

— Тәлима әжейден барып кешірім сұрасын, — дедім мен.

— Ол әжені бұл екеуі талай әуреге салған жоқ па?

— Дұрыс, — деді Серік мені қолдап.

— Жаза жеңіл боп кетпесін, — деп ескертті Ұлар.

— Ау, халайық. Екеуінің бұлтақтамай мойындағанында еске алайық, — дедім мен.

— Иә, жер тістеп жатын алса қайтер едіңдер, — деді Серік.

— Қолпаштамандар, түге — деді Есіржан қабақ түйіп.

— Қане, кімнің қандай ұсынысы, алып қосары бар. «Ақсақалдар» бір-біріне қарады.

— Онда қазы өз ісіне кіріседі, — деді Есіржан дауысын көтеріп.

— Әділ қазы «ақсақалдардың» ұсыныстарын ескеріп, ұрылардың қылмыстарын екшей келе былай дейді. Тұрар мен Төлеу бір ай бойы Тәмила әжейге көмек жасайды, кешірім сұрап, бар қателіктерін мойындайды.

— Қарсыластарың жоқ па? Ұрылар басын изеді.

— Онда қазылық рәсім бітті, — деді Есіржан.

— Ұрылар бос.

Мұндай таң қалмаспыз. Ұрылар ұшып жөнелді. Әуелі, Тәлима әжейдікіне қарай бұрылды.

— Айналайын, аталар-ай. Бұзақыларың көп болып ақылдасып, жөнге келтірген-ау. Не деген ақылды адамдар, — деді Есіржан күрсініп.

— Дұрыс айтасың, — дедік біз.

— Аталарға ұқсасақ жарадық.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама