Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Тәрбиелі ұрпақ қаласаңыз...

Бала тәрбиесі үлкен өнер. Өркениеттің барлық дерлік жолында ең тиімді, ең сенімді жолы білім беру мен тәрбие екендігі жасырын емес. Бала дүние есігін ашқанда әрбір ата-ана оның жеке адам болып қалыптасуында үлкен рөл ойнайды. Иә, әрбір бала дүниеде теңдесі  жоқ феномен болып жаралған. Ал енді біздің қамқорлығымыздағы, қол астымызға берілген баланы қалай тәрбиелейміз? Бізге бұл ұлы миссияда кім үлгі? 

Көп ата-ана баланы тәрбиелеу керектілігін біледі, сезінеді. Алайда, оны қалай жүзеге асыратынын білмейді. Тәрбие де үлкен өнер дейтініміз осыдан болар. Бұл тұрғыда кез-келген ата-ана жер бетіндегі барша адамзат баласына көркем мінезді үлгі еткен ұлы Елші, ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с. ғ. с) үлгі-өнегелеріне терең зер салғаны дұрыс.  

Өмірінің әр сәтін Қияметке дейін үлгі етіп қалдырған ардақты Мұхаммед (с. ғ. с. ) Пайғамбарымыздың тәрбие саласындағы өнегесі тіпті өлшеусіз. Оның бұл дүниеге жіберілуінің өзі адамзатты тәрбиелеумен байланысты десек артық айтқандық емес. Сондықтан Алланың соңғы елшісінің  осы саладағы мұрасына аз - кем үңіліп көрейік.  

1. Мейірімі мол еді.  Пайғамбарымыз (с. ғ. с. ) тәрбие саласына ең алдымен мейірім сезімін арқау еткен. Өзінің ұлы Ибраһимді сүт анаға беріп жіберген соң, өзі артынан жиі-жиі барып, құшағына қысып, мауқын басып қайтатын. Немерелері Хасан мен Хусейнге деген терең сүйіспеншілігі жайлы тарихи кітаптарда мол дерек сақталған.  

2. Дүниеге келмей тұрып тәрбиені бастап кеткен.  Ол бала дүниеге келмей жатып, оның келешегі туралы қам жейтін.

3. Балаларды жақсы керетін.  Оның негізгі қасиеттерінің бірі – балажандығы еді. Балаларды «жұмақтың жұпары», «көздің нұры» деп сипаттап отыратын. Балаларға мән беріп қарайтын. Сүйікті Пайғам барымыз (с. ғ. с.) баланы бала деп қомсынбайтын. Керісінше, олармен үлкендер секілді мәмле жасайтын. Жолыққан кезде оларға сәлем беретін. Кей балаларға әзілдейтін. Ауырып қалған балалар болса, арнайы уақыт бөліп көңілін сұрап қайтатын.

4. Балаларды алаламайтын Алла елшісі (с. ғ. с.) « Балаларыңа бірдей қараңдар » деп үнемі ескертіп отыратын. Хадистердің бірінде: «Бала - шағаны бөлмей, бірдей қарау ата - ананың жауапкершілігі, ал балалардың ақысы», - делінген (Ибн Мәжа. Сауда - саттық, 67).

5. Жақсы істерге ынталандырып отыратын. Мақтансүйгіштік жақсы қасиет болмағанмен, әр адам бір ісінің жұртқа ұнағанын көргісі келеді. Әсіресе, жас балалар істерін үлкендер ұнатса, мәз болады. Ибн Аббас (р. а.) айтады: « Бірде Алла елшісі (с. ғ. с.) әжетханаға кірді. Ол  шыққанша, бір құманға су құйып дайындап тұрдым. Мұны кім жасағанын сұрап, менің ісім екенін білді. Сосын: “Алла Тағалам, оның діндегі түсінігін арттыра гөр!“ деп маған дұға жасады». Міне, кішігірім бір іске осылай ілтипат жасайтын.  

6. Мысалдарды көп пайдаланатын. Тәрбиелеу ісінде өмірден мысал беріп отырудың тиімділігі өте үлкен. Ғибратты әңгімелер, мысалдар адамдардың есінде ұзақ сақталады. Сол үшін болар, әзіз Пайғамбарымыз (с. ғ. с.) елге намаздың мәнін түсіндіру үшін мынадай мысал берді: « Қалай ойлайсыңдар, біреудің есігінің алдынан өзен ағып жатса, ол соған күніне бес реттен шомылып отырса, оның денесінде кір атаулы қала ма ? » Отырғандар: « Жоқ, кірден ештеңе қалмайды ғой » деп жауап берді. Сонда Парасат Пайғамбары (с. ғ. с.): «Намаз да сол секілді, Алла Тағала олармен адамның күнәларын жуады » деді. Бұдан артық түсіндіру болуы мүмкін бе?!

Бұл айтылғандардан бөлек, балаларды мешітке, білім мәжілістеріне апару, уағыз тыңдату, намаз оқыту, балаларға сабырды үйретуі, шаруаға баулуы, оларға айтатын сөзін қайталап отыруы секілді көптеген сүннеттер тәрбие саласына жатады. Бүгінгі қоғамға да осы сүннеттер ауадай қажет.

Ардақты Пайғамбарымыздың (с. ғ. с.) жеке қасиеттері де тәрбие ісінде үлкен рөл ойнайды. Мысалы, уағызды сөзбен емес, іспен жасауы, бір іске алдымен өзі кірісіп кететіні өмір дерегінен анық көрінеді. Тұжырымдай келгенде, адамзаттың асылы, мейірім жаршысы, Алланың сүйікті құлы Мұхаммед (с. ғ. с.) Пайғамбарымыздан қалған сара жолды ұстансақ, еш уақытта қателеспейміз. Әрине, оның артында қалған мол мұра туралы том - том кітаптар жазсақ та, тауыса алмаймыз. Біздің мақсатымыз ой салу ғана. Пайғамбарымыздың тәрбиесінен нәр алсақ, үйіміз де, еліміз де берекеге кенеледі. Алла Тағала ұрпағымызды саналы, болашағымызды баянды қылсын!

Шаира Жураханова. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ студенті


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама