Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Тәуелсіздіктің ақ таңын бағала

Жазғытұрым. Ұзын көше. Күн ұясынан көтеріле бере қаланың тынымсыз тіршілігі де басталып кеткен. Көк аспанмен таласып, алыстан көз тартатын сәулеті әсем университетке аяңдап орта жасты алқымдаған ер мен әйел адам келеді. Кеше дастархан басында «әкешім, анашым, мен үшін маңызды күнде жанымда болыңыздаршы» деген қыздарының бір ауыз сөзін жерге тастай алмай ерлі-зайыпты жоғарғы оқу орнын бітіру салтанатына асыққан. Білім ордасының қоршауына кіре бергенде арнайы киінген түлектердің арасындағы өз баласын көрген ата- ана көңілі шат- шадыман. Салтанатты рәсімге жиналғандардың арасынан байыппен өтіп, Бақыт пен Ғалия да алдыңғы қатарға жайғасып алды. Бірінен соң бірі қыз-жігіттер оқу деңгейіне қарай марапатталып жатыр. Міне, Үмітке де кезек келген. Бақыт қызының оқытушы қолынан қызыл диплом алып жатқан сәтін көріп, көз-жасына ерік берді. Перзентінің бұл үлкен жетістігі өзінің орындалмай қалған асыл арманын көз алдына әкелгендей. 
          
1986 жылдың 18 желтоқсаны еді. Кешқұрым. Алғашқы курсының қысқы демалысын ұзақ күткен Бақыт ауылдағы ата- анасына асығып, күн санап жүрген. Сағыныш қой. Күндегі әдетімен кереуетіне жантая кетіп үй ішін, кішкентай бауырларын көз алдына ойша әкеліп, бір марқайып қалатыны бар. Жастыққа басы тигені сол-ақ екен, жатақхана іші гүбірлеп, у- шу болып кетті. Бөлмесіне кіріп келген бір топ жігітті көре сала Бақыт орнынан лезде тұрған. Жігіттер ішке еніп, кейбірі жайғасса, кейбірі мелшейіп тұр. Түрлері қашқан, көңілсіз. Топты бастап жүрген Ертай есімді жігіттің қолындағы газетті аңғарған Бақыт оны қолынан суырып алып, бір көз жүгіртті. Алғашқы бетінде «Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы туралы информациялық хабар» деп адырайтып жазылған мақаланы оқып, дел- сал күйде. Мән- жайды әлі де ұқпаған көзбен қараған Бақытқа топ ішіндегі бір жігіт: 

- Иә, бауырым, солай.  Жағдай қиын. Жерімізге, ұлтымызға, тіліміз бен дінімізге көрсеткен қорлығы аз болғандай, енді, міне, қазақты қазақ басшысынан айырып, бір орысты қойыпты. Колбин дей ме әлгі...- атын естігісі келмеді ме, сөзді Ертай бөліп жіберді:

- Бұдан әрі басыну жоқ. Ертең алаңға шығып, ел- жұрттың атынан болмаса да, қазақ жастарының атынан өз пікірімізді айтпақпыз. Ерік өзіңде. Шығам десең, қосыл қатарға. Шықпасаң, оныңды айт,- деді де Ертай Бақыттан көзін ала, төменге басын салбыратып отырды. 

Бақыт ой үстінде. Ішінде сансыз ой сайрап жатыр: «Шынымен-ақ, ұлттың халі мүшкіл. Бас көтермесек, басына берер. Күні кеше театрда қазақша спектакль көре алмай ашынғаным қане?! Әлгінде қазақ тілін қор етіп, құжаттарымызды тек орысша толтыратындарын айтқаны қане?! Бала кезімде туған жеріме немістерді әкеліп автономия құрамыз дегенде әкем ашына ереуілге  шықпап па еді?! Енді Колбин дей ме, біреуді басшы етпекші... Жоқ!», ұзақ үнсіздікті Бақыттың даусы бұзды: 

- Жоқ! -  ішкі дауысын қалай сыртқа шығарғанын өзі де аңғармаған. Сәл кібіртіктеп: - әңгіме елдің жайы болғанда, бұғып қалғаным тағы болмас! Алаңға шығамын,- деді.  Артық сөзді қажет етпегендей Бақыттың жауабын ести сала Ертай:

- Жүріңдер, ендеше! Тағы да «келеміз» деген 50 шақты студент бар. 112- ші бөлмеге барып, ұран жазамыз деп келістік. Таңертеңге дейін үлгеру керек,- дей салысымен барлығы есікке тұра ұмтылды. 

Таң атты. Дала ызғар. Күннің көзі көрінбейді. Түні бойы дайындық жасап, таңды ұйқысыз қарсы алған студенттер университет алдына келген. Жиналғандардың қарасы көп. Тобыр ішінен тек дауысы ғана естілген бір жігіт «Филология факультеті бар ма?» деді айқайлап. Өздерін шақырғанын ұғып, Бақыт пен оның топтастары қатарға қосыла кетті. Арада бір- екі сағат өткенде студенттер түгенделіп, жоғын шақыртып тас- түйін дайын болған. Факультеттерді тізіп шыққан әлгі жігіт енді жиылғандардың ішінен суырыла шығып, барлығын алаңға қарай бастап барды. Бұлардан бөлек қанша университеттің студенттері жиналғанын кім білсін?! Әйтеуір, алаң лық толы. Түгел қолдарын сермеп, жан айқайларын айтып жатыр. Жалындап тұрған көздер, бүкіл әлемді қопарардай күш сезіледі бойларынан.  Бәрінің қолында небір ұрандар жазылған плакаттар. Бәлкім, дәл осы сәттегі көрініс қуат берді ме әлде осы кезге дейін қазақтың намысын таптаған жайларға қанық болып жүрген ұлттық рухтың шыдамы шегіне жетті ме, әйтеуір, Бақытты бір тылсым күш көпшіліктің алдына шығарды. Жиылғандарға қарап: «Достар, өз ойымызды еркін айтуға қорықпауымыз керек. Біздің мұнда басымызды біріктірген бір ғана мақсат- ел мұңы. Ана тіліміздің мәртебесі төмендеді, өзге ұлттар тарапынан қазақ халқына құрмет пен сыйластық азайды, кеше хабардар болғандарыңдай басшылықтан да қазақты шеттетіпті. Бұл ұлтқа жасалған қастандық қой! Ата- бабамыздың осы қорлыққа шыдап, бұғаудан босай алмай келе жатқанына алпыс жылдан асты. Бірақ, әрі қарай төзу жоқ! Елімізге тәуелсіздік керек, азаттық керек!» деді. Жиналғандардың мұның сөзін қостап, құп көріп жатқанын естіп Бақыт арқасынан ауыр жүк түскендей, жанының бір қайғысын бөліп алғандай жеңілдеп қалды. Ішін қуаныш кернегендей. Бірақ, ашу- ыза кернеген көтерілісшілердің жігерлендірушісі мұнымен тоқтамады. Әр тұстан Бақыт сияқты жиылушыларға дем берген ұраншылар өз ойларын жасқанбай айтуда. Жастардың мінбеге көтерілген басшылардың баланы жұбатқандай алдаусыратып айтқан сөздерін тыңдағысы жоқ. Басшылық пен жастар арасындағы түсініспеушілік. Екі жақ та бас игісі келмейді. Кеш қарайды. Бірақ, қызықтың бәрі алда екен. Жастарды жазалауды үкімет әскери күштерге қалдырыпты. Төккен нөсердей аяқ асты көбейген қарулы жасақ алаңға жиналғандарды төпей бастады. Қарсыласуға бекінген жастар «айырылмаңдар, бір-біріңді  қолтықтай ұстаңдар» дейді жан- жақтан. Бірі бас сауғалай қашса, енді бірі қасарысып жатыр. Жан ұшыра айқайлаған дауыстар, қыздардың жылағаны, ашына сөйлеген ызғарлы үндер. Бақыт не болып жатқанын аңдап та үлгермеді. Бір сәтте арқадан қатты соққы тиді. Ол жерге етбетімен құлай түскен. Енді тұра бергенде тепкілей берді, тепкілей берді. «Ертай! Ертай!» деді жан ұшыра. Әрі қарай есінде жоқ.

Бақыт ақырын көзін ашты. Денесі сырқырап барады. Басы жарылса керек, шыдатар емес. Соған қарамастан әлсін қозғала жан- жағына қарады. Жараланған, таяқтың астына алынған адамдар әр кереуетте сұлап жатыр. Енді ғана байқады, қасында қансырап, сандырақтап жатқан Ертай екен. Бақыт орнынан әрең тұрып жанына барған.  «Ертай... Ертай, не болды?» деді сөйлей алмай жатқан досына аяушылықпен қарап. Әлдене айтқысы келгенімен, тілге келер емес. Оның қалтыраған денесін ұстап жүрегі ұшқан Бақыт көмекке адам шақырумен болды. Залда әрі- бері өткен дәрігерлер. Бірақ, бұларға шақырса да ешкім келер емес. Шарасыздықтан екі көзінен ыстық жас ытқып кетті. 
       
Пойыз іші. Терезеден көрінген жерді түгел қар басқан. Самарқау күйде жатқан қазақтың кең даласы. Бақыттың көңілі де осы бір көрініс сияқты тыныш, үнсіз болса ғой. Жоқ, ішінде өксік, өкініш... Кеше ғана алаңға бірге шыққан досы Ертайдан көз алдында айырылды. «Ана тілімнің туын биік көтерем» деген асыл арманынан бір күнде қол үзіп қалды. Енді амалсыз қызыққа толы естеліктер сыйлаған Алматыны тастай, туған жері- Целиноградқа, ауылдағы ата- анасына бет алған. «Оқудан шығарып жіберді деп қалай айтам? Менен зор үміт күткен әкем мен анамның бетіне қалай қарамақпын? Кеше ғана «Берікбайдың ұлы жоғарғы оқу орнына түсіпті» деп жер-көкке сыйғызбай мақтаған ауылдастарыма не деймін? Бәрін қойғанда, енді тіліме, ұлтыма оқымаған мен не пайдамды тигізбекпін?» деген сан мың сауал Бақытқа тыныштық берер емес. Ішін өкініш өрті шарпып барады. Пойыз тоқтамаса екен дейді. Жол бітпесе... Дәл қазір басқасын ойлауға мұршасы да жоқ. 
 
Сонау бір ызғарлы жылдардың суық естеліктерін есіне алса, өзін жарымжан сезінетін  Бақыттың жүрегіне тыныштық бермейтін сол жарасын бүгін аяулы қызы емдеп алғандай. Өзінің жетпеген мұратына баласының жеткеніне дән риза. Іштей Аллаға қайта-қайта шүкір етумен болды. Қалтасынан беторамалын алып, көзіндегі ыстық жасты сүрткен. Жарының жанын сөзсіз түсінген  Ғалия:

- Сені мақтан тұтам. Бәлкім, сол кезде алаңға бармағаныңда, ұлтым деп ұран салмағаныңда Тәуелсіздіктің осы бір тәтті дәмін сезбеген болар едік, перзенттеріміздің жүзіне ұяттан қарай алмаған болар едік, қызымыздың еліне қызмет ететін азаматша боларлықтай білім алуына мүмкіндік бермеген болар едік,- деді қуанышты жүзбен. 

Жүгіре басып жандарына келген қызы әлденені әңгіме етіп тұрған әкесі мен анасын қатты құшақтап алды. 

- Әкешім, анашым, барлығы үшін рақмет!- деді Үміт ерекше жайдары үнмен.- Кішкентай Умкаларыңыз енді есейді, сіздер үшін, елім үшін жұмыс жасайтын маман болдым. Бірақ,  бұл енді еркелемеймін дегенді білдірмейді.   Үшеуі бұл сөзге әбден күліп алды.

- Қызым, енді еліңе еркелейтін  азаматша бол! Дәл осы бейбіт күнді, тәуелсіздіктің ақ таңын бағала! Тәуелсіздік - ата- бабаңның, біздің көз- жасымызбен келген сендердің қуаныштарың, соны ұмытпа! Қазір ашық аспанда ата-анаңды құшақтап, жоғары оқу орнын сәтті аяқтағаныңды қуанышпен атап өтіп тұрғаның да соның арқасы! «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне». Ынтымағы мен бірлігі жарасқан мемлекетіңе өз пайдаңды тигізер білікті маман бол, айналайын! – деп ақ батасын берген Бақыт қызының маңдайынан иіскеді.  

Әли Шұғыла Қазиқызы,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2- курс студенті,
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама