Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Апиын-көкнәр

Апиын-көкнәр (мак снотворный, Papaver somniferum) — биіктігі 1 метрге дейін жететін, бір жылдық, шөп тектес өсімдік. Сабағы тік әрі қысқа, жапырақтары көп. Тамырдан тікелей өсіп шыққан жапырақтары ірі, сопақша, ұзындықтары 20-30 сантиметрге жуық. Сабағынан өсіп шыққан жапырақтары отырмалы, жұмыртқа тәрізді, шеттері ара тісті, төменгі жағы сабақты айнала қоршап, оған жабыса біткеп. Ашылардан бұрын гүл тостағаншасы төмен қарай салбырап тұрады. Оның екі қалақшасы бар, гүл ашылған кезде олар түсіп қалады. Гүл жапырақшалары төртеу. Олардың түсі кейде ақ, кейде ашық қызыл, көк түсті болып келе береді. Гүл жапырақшаларының түп жағында қара дақтары болады. Жемісі піспей тұрған кезде тіліп қарасаңыз, ауада шамалы тұрса кеуіп, қарайып кететін тұқым қабының ішіндегі сүт тәрізді сөлді көресіз. Бұл - апиын деп аталатын улы зат.

Апиын-көкнәр мәдени өсімдік. Жабайы түрінде еш жерде кездеспейді. Оның сүтті сөлін кептіріп, дәрі үшін жинап алады. Апиынның құрамында морфин, кодеин, папаверин, тебаин, наркотин деген алкалоидтер, каучук, қоймалжың заттар бар. Оның организмге ететін әсері морфиннің нерв жүйесін тыныштандыратын, жөтел басатын қасиеттеріне байланысты. Папаверин мидың, жүректің қан тамырларын кеңейтеді. Апиын жөтел басатын дәрі ретінде де, асқазан, ішек түйнеп ауырғанда да, іш өткенде де қолданылады. Ол тек дәрігердің ғана ұйғаруымен қолданылады.

Халық медицинасында апиын-көкнәрдің гүлі мен тұқымы да іске асады. Оның тұқымын майдалап суға салса, сүтке ұқсас сұйық ақ зат пайда болады. Мұны халық арасында апиын сүті деп атайды. Осы сүтті күніне жарты стаканнан 3-4 рет ішеді. Ол өкпе қабынуын, геморройды емдеуге пайдалы. Апиын-көкнәрдің кептірілген гүлдерінен жасалған тұнбаны асқазан қабынғанда ішеді, ал оның спиртті тұнбасын ұйқы бұзылғанда, адам ой еңбегінен шаршағанда пайдаланады.

Дәріні дайындау және қолдану тәсілі

Апиын-көкнәр гүлдерінің 10 грамын 1 стакан қайнап тұрған суға салып 20 минут тұндырады да, 1 ас қасықтан 3 рет ішеді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама