- 13 нау. 2019 00:00
- 209
Той дегенде қу басым...
Қазақ мәдениетінде тойдың орны ерекше. «Өмірге сәби келді дегенше, той басталды десейші» десек артық айтпаймыз.
Жалпы қазақ дәстүрінде той және томалақ деген ұғымдар бар. Асылында, қазақтар үлкен той деп сүндет той, қыз ұзату және ұлдың үйленуін атаса, қалған ірілі — ұсақты атаулы даталары томалақ делінеді. Той — тағылым, той — ақ тілектер жауатын күн, той — ұлттың мәдениеті мен салтын насихаттайтын мереке. Ал осы шараның қазіргі деңгейі қандай?
Ата - бабамыз сан ғасырлар бойы той тойлаудың өзіндік мәдениетін қалыптастырған. Тойда бей берекет шашылу мен ысырап мәселесі, әдепсіздік әрекеттері орын алмаған. Бүгінгі тойлар шектен шығудың жоспарын орындаған секілді. Қырғызстанда тойда өткізілген ойынның салдарынан егде жастағы қонақтың өлімі тіркелсе, Өзбекстанда қалыңдықты жұрт көзінше ұрып қалу орын алған. Шет елді қоя тұрып, Қазақстандағы тойларға көз жүгіртейікші. Асабалардың қисынсыз әзілдері мен «ұятсыз» ойындары, дастархандағы харам астар, тойдан кейінгі төбелес — бәрі — бәрі үйреншікті жағдайға айналып кетті. Статистикалық мәлімет бойынша, қазақстандықтар үйлену тойына орта есеппен екі миллион теңге жұмсайды. Егер қыз ұзатсаңыз, жасауына да біршама ақша жұмсайсыз. Қаражат көбіне несиеге алынады. Алайда жас жұбайлардың 30 пайызға жуығы ажырасып кетеді. 2018 жылы Шымкенттегі тойдың елді елең еткізгенін білеміз. Бағасы 179 мың доллар тұратын торт ешкімнің тойында болмаған. Олигархтың тойына боксшы Генадий Головкин де шақырту алған еді.
Қазақта «Ас көп болса, кәде көп» деген сөз бар. Қазір бүкіл қазақ есепсіз ас пен тойдың әлегімен әуре. Біреуі байлығын жаһанға жар салғысы келсе, екіншісі «жұрттан қалмаудың» амалын жасауда. Сонымен қазіргі той өткізу мәдениеті — бәсеке, дарақылық, бос мақтан, ысырап және мәдениеттің төмендігі.
Исламдағы той әдебінде харам ас ішпеу, жаман қылықтар жасамау туралы үкім етілген. Бүгінгі тойлар ащы сусыз өтпейді. Халал тойдың өзінде «жаман суды» шай ішетін ыдысқа құйып, жасырынып ұрттап отыратынын да білеміз. Сонымен қатар қазақ танымында ысырапшылдыққа бару, болмашы нәрселерді атап өтіп той тойлау дұрыс әрекет болып есептелмейді.
«Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш бар...жұбанышы: жалғыз біз бе, елдің бәрі сөйтіп ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ болады да деген сөзді жұбаныш қылады. Оған Құдай тағала айтып па, көптен қалмасаң болады деп». Абайдың жиырма үшінші қара сөзі «көштен қалмаймыз, ұят болады» деген принципті ұстанған адамдарды дөп басып сипаттаған секілді.
Тойларын балалар үйінде өткізген немесе тойға кететін қаражатты қайырымдылыққа жұмсаған жұптар да аз емес. Мақтауға тұрарлық дүние.
Қазақтың тойы бітпесін дейміз. Көштен қалмаймыз деп жүріп, өкініп қалмасаңыз болар...Бастысы, жастардың бақыты емес пе?!
Жолдасова Назым