Біржан жөнінде естігендерім
Мен, 1925 —1930 жылдары қызмет бабымен Керей елінде тұрып, Біржанды көрген, жақсы білген адамдардың талайымен кездесіп, соның ішінде ақынның баласы Теміртаспен, атақты ақын, әнші Хамитпен жақын араласып жүріп, солардың айтқан талай қызық әңгімелері мен салған әндерін тыңдап едім. Бірақ ол кезде Біржан өлеңдер керек болады-ау деп, ескеріп жинаған жоқ едім, солай бола тұрса да жақсы адамның өнері, кімді де болса қызықтырмай қоймайды ғой. Сол естіген әңгімелердің кейбірінен есімде қалғандары.
1928 жылы «Ақкөл» бойында отырған Теміртас үйінде басымыз қосылды. Арамыздағы халық әндерін ете әсем орындайтын белгілі әнші Бәкеннің Хамиты, тағы бір топ жастардың әңгімесі Біржан төңірегінде болды. Біздің ниетімізге орай Теміртастың айтқан әңгімесі де көңіл бөлерлік еді. — Әкем өлгенде, шешемнің қолында үш бала қалдық. Олар: екі қыз — Асыл, Ақық, ұлдан Қалкен екеуміз. Інім Қалкен енді ер жетіп биыл отызға шығып отыр, Асыл, Ақық ерге шығып, балалы-шағалы болып кезінде егде тартып қайтыс болған. Мен 1916 жылы 27 жасымда солдаттыққа алынып 1917 жылы қайтып келдім, мынау отырған Гүлжамилаға сол қайтып келген жылы қосылдым, кішкене інілерін, Мұхаметқали биыл жетіге келді деп ұлының басын сипады.
Осыдан бірер жыл бұрын қайтыс болған шешеміздің әңгімелері мол еді. Оның үстіне бала болсам да ауырып жатқан әкемді ұмытқам жоқ. Әкем шақырып алып маңдайымнан сипап жыласа біз шырылдап қоса жылаушы едік. Ал байлаулы жатқанына ыза болып дауысын қатты шығаратын. Өлер алдында жұрт оны жындандыға санаған. Біржан науқастанып жүрсе де, кейде домбырасын қолынан тастамай, өзінің әншілік өмірі есіне түсіп, орынсыз уақытта айғайлап шу көтеріп, ән салып жұрттың мазасын ала берген соң, оны ағалары домбырасын тартып алып өлең айтқызбайды екен, әкеміздің әншілігін үлкен-кішінің бәрі айтып келеді. Осы үйге де сіздерді сол кісінің атағы әкеліп отыр ғой. Бір өкініші біздің Атығай — Керейдің ішінде Біржанның жолына түсіп, сондай ән салатын әншілер қайда деп ренжігендей болды. Біз Біржанның жолын ұстап, оның әндерін айтып жүрген шөбересі мына отырған Хамит бар емес пе дедік. — Я ендігі үміт ететін осы Хамитіміз ғой деді.
— Шешеміздің айтуынша, — деп, тағы бастады Теміртас әңгімесін: —әкеміз орта бойлы, қызыл шырайлы келбетті кісі екен, оның үстіне киімді де өте сұлу киген. Әкеміздің араламаған, бармаған жері шамалы, кейде ол ел аралап ұзақ жолға шыққанда екі-үш айда әрең қайтып келетін деп шешеміз айтып отырушы еді.
Манадан бері домбырасын шертіп, жүйрік аттай құлшынып отырған Хамитке бір қарап қалған әңгімені тағы айта жатармын, алдымен Біржанның бір-екі әнін салып жібер деп тілек етуі-ақ мұң екен Хамит іркілместен Біржанның «Айтбай», «Ләйлім шырақ», «Жанбота», «Жанбас сипар», «Көкек», «Екі жирен», «Жиырма бес» әндерін бірінің артынан бірін шырқап айта берді. Хамиттің салған әндеріне разы болған жастармен бірге Теміртас та — па шіркін, деп бір көтеріп қойып сөзін қайта бастады. Хамиттің салған әнінен шешеміздің тағы бір айтқан сөзі есіме түсті. — Көршілес ауылда бір жиын той болып, сонда әкеміз жұрттың сұрауымен осы «Айтбай» әнін айтады, өлеңді айтып болған соң, көпшіліктің арасынан орта жасқа келген бір ажарлы әйел Біржанмен қалжыңдасып: — Біржан-ай, өл-өлгенше атымды елге жайып кеттің-ау депті. Артынан сұрастырып білсем, Біржанның жас кезінде өлең шығарған Айтбай деген қызы осы екен. Ал енді «Жанбота» әні, би-болыстардың Біржанға істеген қиянатынан шыққан ән дейді. Біржан мен Қарауыл Азнабай және Жанбота араларында болған араздық осы әннің шығуына себеп болды деп айтушы еді шешеміз. Әкеміз шаруаға салақ екен, атамыздың бар дәулетін судай шашып, төгіпті. — Кейін шешем құдай әкелеріңнің серілігін бермесін, марқұм үнемі үйде отырмай, шаруасына көзін салмай маған сеніп, ұдайы ел кезіп кете беруші еді. — Бір жылы Тобықты, Қаракесек аталық, Қаптағай елдерін аралап отырып Найман ішіне барыпты, сонда жүріп Сара деген қызбен айтысып жеңіп қайтқанын шешем де, ауылдағы қариялар да есіне түсіріп айтып берген еді. Шешеміздің басқа айтқан әңгімелерінің көбі есімізден шығып қалыпты. Біржанды көрген, жасы келген қариялардан осы Керей ішінде, Тоқсанбайдың Сыздығы бір кезде домбыра тартып, ән айтқан Елебайдың Ержаны. Қисықтың Қарасы, Есімнің Ақаны тағы басқалар жақсы біледі деп естимін. Әкем жөнінде осылардан сұрасаңдар айтып берер деп сөзін бітіріп. Хамитке тағы да ән салдырды. Мен кейін Теміртас атаған адамдардың бірталайымен әңгімелестім. Сыздық Жанботаның, Азнабайдың, Қожағұл әулетінің тарихын түгел таратып айтып берді. Ал Ержан, Біржан әндерінің қалай шыққанынан, әсіресе жастық, серілік дәурен құрғанынан бір талай әңгімелер де қозғады, өзі домбыра тартып ән салуға бейім адам еді, шырқап салмаса да ән мен күйдің бабын білетін. Ал оның баласы Рамазан гармон тартатын еді. Рамазанның қандайлық композитор болып ер жеткені жұртшылыққа аян. Біржан жөнінде аңыз әңгіменің ұшы-қиыры жоқ, мол Көкшетау елі түгіл, — Қарқаралыдағы Қаракесек руынан шыққан 76 жасқа келген Тәнекенов Ысқақ, 80 жасқа келген Мәлібеков Тоқан да қызық деректер келтіреді. — Жас кезім дейді — Ысқақ Біржанды Қоянды жәрмеңкесінде ән салып сайрандап жүргенде бір көргенім бар еді. Біржан орта бойлы, сұлу келбетті кісі еді, дауысы өте зор, тынысы кең, әнді екпіндете түрлендіріп шырқап салғанда, базарға келгендердің бәрі қасына жиналды, оның салған әнін естігенде құлағыңның құрышы қанып, іштегі қайғы-шерің тарап, кен, дүниені еркін аралағандай болатын едік, онан кейін де талай жерлерде ән салған әншілерді көрдім, бірақ Біржандай әнді бабына келтіріп салған әншілерді көрмедім деді. Біржан жөнінде білетіндерімді жас кезімде өлең қылып жинамасам да, кейін біліп әр кімдердің айтқан әңгімелерінен есіме түсіріп жазып алған деректерім көп еді. Осыны ескеріп 1956 жылы «Лениншіл жас» газетіне (№ 5) «Біржан мұрасы жете зерттелсін» және 1957 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Біржан ел аузында» деген мақалалар жаздым. Бұл менің газетке жариялаған деректерімді Ахмет Жұбанов та «Замана бұлбұлдары» атты кітабында, Ғ.Әбетов те (Қазақ әдебиетінің тарихы II том) ғылыми еңбектерінің керегіне жаратыпты. Сол сияқты осы кітапты құрастырушылар да мен жинаған деректерді пайдаланғандығын жасырмайды. Біржан жөнінде жинаған азды-көпті деректеріміз үлкен кітаптардың бір керегіне жараса еңбегімнің еш болмағаны ғой.
Есім Байболов