Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Түннің ақыры

(ЖАН АЛҚЫМ)

роман

I

— Анна, сіз кешке кетесіз бе?

Тереза басын көтеріп қызметшісіне қарады. Өзі сыйлаған ағылшын костюмі мына балиғатқа толған жас қыз үшін тарлау болып қалыпты. Анна от анасының алдына келді.

— Тыңдаңызшы, аяулым, жаңбыр құйып тұр. Қайда жиналдыңыз?

Терезаның қызды жібергісі келмеген еді, жиыстырып қойып жатқан ыдыстардың сылдырын осы қыз үнемі ыңылдап айтып жүретін түсініксіз әлдебір әннің әуеніне құлақ тұру бұған ұнайтын. Қыз сағат онға дейін кетіп қалмаған күнгі кештерде үйде жас, ширақ жанның жүргенін білдіретін бұл дыбыстар Терезаның жанын жай таптыратын. Бастапқы кезде Анна пәтердің шағын жеке бөлмесіне жайласқан-ды. Түн ішінде от анасына ыңырсу, баланың ұйқы сұрауы сияқты былдыр түсініксіз сөздер, кейде хайуанның күйсегенін еске салатын дыбыстар жетіп жататын. Тіпті Анна алаңсыз ұйықтап жатқанның өзінде Тереза қабырғаның ар жағында оның бар екенін сезінетін; жас қыздың тамырында қаны қалай бүлкіл қаққанын еститін сияқты. Жүрегінің атой салуы өзі жалғыз болмаған кезде қорқыта қоймайтын.

Қызметші қыз сенбі сайын кешке кетіп қалатын да, кейде таң алдында ғана оралатын, Тереза ол келгенше ұйықтай алмайтынын біледі, қараңғыда көзі ашық жатар еді. Аннаға кетіп қалатыны жөнінде ешкім де ескерту жасаған емес. Сонда да, бір ойына алған күні бұл өзінің заттарын қызметші қыз жайласқан қабатқа көшірді. "Алаңдамаңыз, бұл жүріп — тұруға қолайлы болуы үшін!" — деді есік бағушы әйелге.

Терезаға енді Анна кешкі онға дейін үйде жүрген кезде болатын қысқа дамылдауына ризашылық етуіне тура келді. Қыз бұған қайырлы түн тілей әрі келесі күнге тапсырмалар алуға келгенде от анасы: "Анаңнан хат алдың ба?" — деп одан отбасының жай-күйі туралы сұрап, әңгімені соза түсуге тырысады, бірақ көбіне үлкендердің сұрақтары жалықтырған әрі өзінің ойынына асығып тұратын баланың жауабы сияқты қысқа ғана жауап алады. Ешқандай зіл көрсетпейді, тіпті кейде мейірімі төгіліп кетеді... Оныкі көп жағдайда кәрі адамдардың мұның өзі де ұната қоймайтын ынта-ықыласына жастық шақтың жай ғана селқостығы еді. Тереза осы тұйық ортада: шаруа әйелмен, қызметші қызбен өмір сүріп жатты, осы қыз бен басқа әлдебір адам баласы арасында таңдап алары болмағандықтан ол бұл ортаны тілім нанды аялаған қайыршыдай ардақтайды. Бұл әдетте және Анна: "Қайырлы түн, ханым. Сізге басқа ештеңе керегі жоқ па?" — деп келген кезде оны кідірту ниетіне баса бермейді. — Тереза есік тысыр етіп жабылысымен-ақ өзінде ылғи пайда болатын жүрек қыспасының басылуын зарыға тосып, бүктетіліп қалатын.

Бірақ бүгін сенбіде сағат әлі тоғыз бола қойған жоқ, ал Анна мұны қалдырып кетуге әзір сияқты; қолтырауын жасанды терісінен тігілген биік өкшелі туфли оның әжептәуір жуан аяғын қысып тұрғандай.

— Жауыннан қорықпайсыз ба, сүйкімдім?

— О, жоқ! Метроға дейін онша қашық емес қой...

— Костюміңіз су болып қалады.

— Көшеде жүрмейміз! Біз киноға барамыз...

— "Біз" дегенің кім?

"Мен және достарым...", — деді Анна міңгірлеп және өзі есік алдына барып қалыпты. Тереза оған дауыстап:

— Анна, ал егер мен бүгін кешке үйде қалуыңызды өтінсем ше? Өзімді беймаза сезініп тұрғаным...

Тереза өз даусының дыбыстарына таңырқай құлақ түрді. Бұл айтып тұрған өзі ме?

Қызметші риза болмай күңк ете қалды: "Қайтеміз. Мұндай жағдайда...", бірақ Тереза қайта ойланып қалған еді:

— Жоқ, мен қазір тәуірмін. Бара ғой, жарқыным, көңілдеріңізді көтеріңіздер.

— Мүмкін, сізге сүт ысытып берейін?

— Жо-жоқ! Маған ештеңенің қажеті жоқ. Бара ғой.

— Тас ошақты жағайын ба?

Тереза егер салқын болса, отты өзім жағып алармын деп жауап берді... Енді бұл қызды бөлмеден итермелеп шығарып жіберуге сәл-ақ шыдап тұрды, ал есіктің жабылған тысыры дағдылы ауруын қоздырмай, қайта біршама жеңілдік әкелді. Бұл айнадан өзіне қарап: "Не болып кеткенсің, Тереза?" — деді. Әйтсе де, не бола қалып еді? Бүгінгі кеште өзін қай кездегіден артық мүсәпірсітті ме? Бұл тек қашандағыдай, алдағы кештен, түнгі жалғыздықтан қорқып, көзіне көрінген тірі жаннан айырылмауға тырысты. Жалғыз қалмау, тіл катысу мүмкіндігінің болуы, өзінің қасынан жас өмірдің тынысын сезіну... Бұл енді басқа ештеңені армандамады, бірақ қазір соның өзі мүмкін болмай қалды. Және ылғи осындай жағдайлардағыдай, мұның бойын ашу кернеп кетті: "Бұл нақұрыс қыз менсіз құритын еді ғой, табан жолда қалар еді..."

Тереза өз ойларынан өзі ұялып кетіп, басын шайқады. Тас ошақты осы қазан айының кеші суытқандықтан емес, жанып тұрған от жалғыздың жан жолдасы деп жағуға болар еді. Неге бүгінгі кешке әлдебір шытырман оқиғалы романды алдын ала алып қоюды ойламаған? Бұл қым-қуыт романдардан басқасын қолына оқуға ала бермейтін. Бір кезде, жас шағында, кітаптардан өзін табуға тырысып, жобасы келетін жерлерін қаламмен сызып қоятын. Енді романдардың ойдан шығарылған кейіпкерлерімен ондай салыстырулардан ештеңе күтпейді: бәрі де көзден ғайып болды, бұл өзінің төңірегінде топырлаған әсіре жора-жолдастарының шылауында кетіп еді.

Алайда. бұл бүгінгі кеште кітап шкафының — ар-ұяты әлі қылмыспен былғанбаған бір заманда Аржелузда өзінің қыз күнгі бөлмесінде тұрған, жас келіншек кезінде күйеуінің науқастануына байланысты бұның бөлек бөлмеге шығуға мәжбүр болғанын көрген шкафтың әйнек есігін жасқана ашты... Сол кезде өзінің шкафта бірнеше күн бойы "Консулдықтың және империяның тарихы" томдарының артына дәрілер оралған шағын буманы тыққаны Терезаның есінде... Уды жасырақ көне, қадірлі шкаф мұның қылмысына бірге қатысушы, соның куәгері... Аржелуздағы фермадан осы Бак көшесіндегі ескі үйдің үшінші қабатына дейінгі бүкіл жолды бұл қалай өтіп келген? Тереза бір сәт ойланып тұрып, кітапты қолына алды да, қайта орнына қойды, кітап шкафын жауып, айнаға келді.

Бұл еркек сияқты таздана бастапты; иә мұның маңдайы кемпірдің қысқа маңдайы еді. "Ойшылдың маңдайы", — деді бәсең үнмен. Бірақ бұл жақындап қалған кәріліктің бірден-бір айқын белгісі. "Қалпақ кигенімде жас күнімдегідей көрінемін. Менің жасымды дөп басу қиын екенін маған жиырма жыл бұрын айтқан". Шағын мұрнының екі жағындағы қос әжімі тереңдей қоймапты.

Бір жаққа барса ма екен? Киноға? Жоқ, ол тым қымбатқа түседі: сонан соң бұл түнгі мейрамханаларды кезбей және бірер ұстаған шарап ішпей тұра алмайды... Қазір өзінің біршама қарызы бар. Құмдақтағы шаруа барған сайын шатқаяқтап барады. Иелік бірінші рет еш пайда әкелмей тұр. Күйеуі ол жөнінде тұтас төрт бет хат жазыпты. Бұдан әрі шахталар үшін бірде-бір тіреу сату мүмкін болмай отыр: ағылшындар ағаш сатып алудан бас тартуда. Ал орманды тазарту қажет-ақ, әйтпесе қарағайлар өліп қалады. Бұрын өзін артығымен ақтайтын ол тазарту жұмысы енді қыруар ақша тұрады. Қара майдың бағасы еш уақытта мұндай құлдырамаған... Орманды кесуге сатпақ болған екен, бірақ сатып алушылар күлкі тудыратын баға ұсыныпты...

Тереза ескі дағдыларынан арыла алмай-ақ қойды; Парижде бір жерге барса болды-ақ, ақша ауырлық қылатындай, оны бейберекет жұмсауға кіріседі. Бұл қолы бостықты бірдеңемен толтыруға, егер рақаттана демала алмаса, тым болмағанда алаңсыз күйге түсіп, дүниені ұмытуға тырысады. Енді оның үстіне, көшені бір өзі кезіп кетуге күш-қайраты жетпейді. Бұл орайда кино бұған еш уақытта көмектескен емес: алагеуім қараңғылықта мұның іші пысып кететін. Дәмханада отырып алып өзі бақылауға алатын кез келген тірі жан бұған экрандағы бейнелерден гөрі әлдеқайда қызық еді. Кейінгі уақытта ол қызыққа — басқаларды аңдуға бара да бермейтін болды, өйткені еш жерде елеусіз қала алмайтын. Мұның қарапайым да жұпыны киінуі, оңаша бұрышты таңдап алуы бекершілік шығатын: сырт кейпінде бір нәрсе — не екенін өзі де білмейді — мұны жұрт көзіне түсіретін. Әлде тек өзіне солай көріне ме? Оған себеп мұның жүзінен, тығыз жымқырып алған еріндерінен аңғарылып тұратын аңсау емес пе екен?

Бұның мейлінше сыпайы, тіпті аса қарапайым киіну мәнерінде жалғыз басты, ақылдасар ешкімі жоқ, қартайып бара жатқан әйелдерге тән сәл жеңіл алқам-салқамдық, бос белбеулік белгісі ептеп болса да аңғарылып тұратын. Тереза бала кезінде Клара апайына жиі күлетін: кәрі қыз өзі үшін сатып әкелінген қалпақтың бәрін өз білгенінше қайта тігемін деп бүлдіретін. Ал енді Терезада сол әдет пайда болды, сөйтіп, бұның кигенінің бәрі бұл өзі сезбесе де, әлдеқалай өзгеше көзге ұрып тұрады. Келе-келе бұл саябақтардың орындықтарына жайғасып алып, ескі-құсқы көйлек-көншегінің қалталарын ақтарып, өзінше бірдеңені күбірлеп отыратынды шығарды, түбі қауырсынды қалпақ киген әжуа кемпірлердің бірі болады-ау, сірә.

Бұл өзінің ерсіліктерін аңғара бермейтін, бірақ жалғыз бастыларға соншалықты қажет қабілетін — қоршаған ортаның реңін жәндікше сезе қою қабілетін жоғалтқанын анық сезінді. Тереза талай жыл дәмханаларда немесе мейрамханаларда үстел басында отырып алып, өзін байқатпай, адамдарды сыртынан қаншама бақылады. Бұл өзін көрінбейтін жанға айналдырған сиқырлы сақинасын не істеді? Енді бұл бөтен табынға қосылып кеткен жануар сияқты, баршаның назарын өзіне аударады.

Тек осы жерде, осы төрт қабырғаның ортасында, осы шөгіп кеткен еден үстінде, созған қолы жететін төбе астында ғана бұл өзін қауіпсіз сезіне алады. Бірақ сырт дүниеден қол үзу үшін де күш керек екен. Мысалы, бүгін кешке, бұның жалғыз қаларлық жай-күйі жоқ. Соған сенімді болғаны сондай, шошып кетуге әзір еді: тас ошаққа қайтадан жақын келіп, айнаға өзіне қарады, мақұлдап өзінің бетін сипап қойды. Осы тұрған сәтінде мұның өмірінде соны ештеңе, атап айтарлық жаңа еш нәрсе жоқ... Ештеме. Бірақ бұл жетер шекке келіп жеткеніне сенімді еді: өзі жүріп келе жатқан жол ешқайда апармайтынына және құм арасында жоғалып кететініне көзі жеткен кезбе өзін осылай сезінер еді. Көшеден естілетін әрбір дыбыс жалпы у-шудан дараланып, автомобиль кернейі, әйелдің күлкісі, тежеуіштің шиқылы деген сыртқы өзінің тура мағынасында қабылданатын болды.

Тереза терезеге келіп, оны ашты. Жауын жауып тұрды. Дәріхананың сөресінің жарығы әлі өшпеген екен. Қызылды-жасылды жарнама көше шамына шағылысады. Тереза еңкейіп, табан жолға дейінгі қашықтықты көзбен өлшеді. Төмен құлауға еш уақытта тәуекел етпес еді. Мүмкін басы айналып кетер... Бұл басы айналғаным қалады, сонымен қатар одан қорғаншақтады. Терезені жауып, өзіне "Қорқақсың" деп күбірледі. Өзің өлімнен жасқанып тұрып, өзгенің өлімін тілегеніңді мойындаудан сұмдық не бар.

Қарсаңда Терезаның адвокатқа еріп сот залынан шыққан сол күнінен бері он бес жыл болыпты; сонда шағын бос аланды кесін өтіп бара жатып бұл: "Қылмыс құрамы жоқ! Қылмыс құрамы жоқ!" деп күбірлей берген. "Ақыры азаттыққа жеттім..." деп ойлаған. Адамдарға егер қылмыс, дегенмен, шынында жасалғанның өзінде де, ол жасалмады деп шешу құқығы берілген сияқты еді! Сол кеште бұл ең тар қапастан да бетер өзге тұрмеге: өз арының түрмесіне қамалатыным, одан шығу өзі үшін біржола жабылғанын сезген жоқ-ты.

"Егер мен өзгенің өмірін ғана емес, өзімдікін де жек көрсем ше..." Аржелузда бір мәрте өзін-өзі өлтірмек болғаннан кейін, тіпті торығу сәттерінде де қара басын сақтау түйсік сезімі бұдан бір минутта арылмаған. Өткен он бес жылда ең бір жаны күйзелген кездерінде де бұл қалпынан айнымауға тырысты, өзінің науқас жүрегін үнемі қадағалап жүрді. Өз денсаулығына қасақана нұқсан келтіре қоймады, өзінің өлім тырнағына ілігуіне нашақордың мең-зең селқостығындай қарай алмады, бірақ ізгі ойлардан емес, тек өлімнен қорыққанынан ғана сөйткен еді. Доктордың бұны жүрегін сақтауы үшін темекіні тастауға көндіруі қиынға түсе қойған жоқ. Қазір мұның пәтерінен бір тал да шылым табу мүмкін емес.

Тереза ұйқысыз жатып, ойша сол майдан даласын кезіп кетті, әлі бұзылмаған жүздерді іздеп, өліктерді аударды. Бұл өкінбей еске ала алатын ондай жандар өте аз қалыпты! Мұны сүйіспеншілікке бөлуге ұмтылғандардың көпшілігі бұл жанап кеткенінің бәрін бүлдіретінін өте тез аңғара қояды. Бұған енді тек бұл өткінші ғана жүздескендер, мұның болмысымен азын-аулақ қана жанасқандар көмектесе алады. Бұл тек өзіне беймәлім, түнде кездейсоқ бір жерлерде кездесіп қалған, кайтып еш уақытта көрмейтін адамдардан ғана алданыш күтеді... Бірақ осы жылдам ауысып жатқан бейнелер тіпті қиялының өзінде Терезадан жылыстап кетіп жатты; олар ғайып болып кетеді; Тереза кенет олардың өз маңында жоқ екенін байқайды және қиялы қиянды шарлап алысқа тартады. Тіпті ой-арманының өзінде ол адамдар мұның досы болудан бас тартып жатты. Олар мұны жалғыз қалдырды, міне, сол кезде олардың орнына басқалар пайда болады. Бұның ол бөгде жандардан қалай қашқысы келеді десеңізші! Олар мұның аяқ асты болғанын, масқараға ұшырағанын есіне салады. Бұл олармен бірге бастап кешкен болмашы оқиғалары кезінде өзінің сыбайласы өз мақсатын, өз мүдделерін көздейтінін аңғара қойған сәттер үнемі дерлік кездесті... Иә, олардың жалған сөзбен тіл безеп, садақаға қолын созудан тартынбайтын тұстары әрдайым-ақ алдынан шығатын: ашықтан-ашық ақша сұраудан бастап, мұны "ұтымды" іске тартуға тырысып, пайдаланып қалуға ұмтылатын.

Париж жым-жырт мүлгіген тыныштыққа бөленіп, толық жайланған сағаттарда Тереза бір кездері өзі қарыз берген немесе езін алдап-сулап алып кеткен ақшасын қайта-қайта санауға кіріседі; енді есеппен жұмсап өмір сүруге мәжбүр болғанына жыны келіп аласұрады, өз шығындарын өз қарыздарының жиынтығымен ойша салыстырып, "күйзеліске ұшырау алдындағы үрейге", өз отбасындағы қариялардың бәрі бастан кешкен қорқынышқа тұтастай беріледі.

Жоқ, бүгінгі кеште Тереза өзін мұндай азапқа салмайды. Өзін ұйықтауға мәжбүрлегені жөн. Енді бір сағат қана шыдауы керек... Тағы бір сағат! Бірақ мұның бұдан әріге әлі жоқ... Бұл орын тақтан тұрды да үстінде граммофон тұрған үстелге келді; қазір әлдебір дыбыстар шығарып, күркірей жөнелуге дайын тұрған музыка нақ қабырғаларды құлатып жіберетіндей алапат күшке ие болып, мұны үйіндінің астында көміп тастайтындай селк ете қалды. Сөйтіп, орын тағына шөгіп, қайтадан отқа көз тікті.

"Өмірді тым болмағанда тағы бір секундқа қалай созады? Өйткені ештеңе бола қоймайды, себебі еш уақытта ештеме болмайды және менімен де енді бірдеңе болуы мүмкін емес" деп ойлап отырған нақ осы сәтте бұл сыртқы есігінің қоңырауы шылдырағанын естіді. Қысқа қоңырау үні бұның зәресін алды. Бірақ іле-шала өз абыржуын күлкілі көрді: өйткені от анасы шынында да ауырып қалған шығар деп ұятты сезінген Анна ғана қоңыраулатуы мүмкін... Жоқ! Анна емес: сірә кемпірге бірдеңе керек пе деп кешке кіріп шығуға уәде берген есік бағушы әйел-ау. Иә, әрине, бұл есік бағушы әйел... (бірақ ол әдетте қоңырауды бұлай соқпайтын еді).

II

Тереза алдыңғы бөлменің жарығын жақты да бір сәт құлақ түрді: есіктің сыртында әлдекімнің тыныс алғаны естілді.

— Бұл кім?

Жас дауыс:

— Бұл мен... Мари! — деп жауап қатты.

— Мари? Қандай Мари?

— Апа, бұл мен ғой!

Тереза есік алдында оң қолына ұстаған чемоданның ауырлығынан сәл қисайған ұзынша бойлы қызға қарап қалды. Осы бір жайнап тұрған әйелден Тереза соңғы рет осыдан үш жыл бұрын көрген балапанды тануы мүмкін емес еді... Алайда, бұл мына үнді де, күлкіні де, мына қоңыр көздері де таныды...

— Боянған саған қалай жарасады, қызым!

Бұл Терезаның аузынан шыққан алғашқы сөздер, бір әйелдің екіншісіне айтқан сөздері еді.

— Сізге солай көріне ме? Ал бізде отбасында басқаша ойлайды... Қандай керемет! Тас ошағыңыз жанып тұр!

Ол чемоданға пальтосы мен тоқыма шалғысын қоя салды. Тартымсыз сары кеудеше сәби — әйелдің төсін тығыз жауып тұр. Қолдары мен жуан мойны күнге күйгеннен күрең тартыпты.

— Алдымен темекі... Бұл не, апа? Сіз енді тартпайтын болғансыз ба? Менің чемоданымның бір қуысында темекім бар еді... Мен сізге сонан соң айтып беремін... Сұмдық оқиға болды ғой!

Ол бір сәт те тыным таппады әрі аласа бөлмені оның әтірінің иісі алып кетіп еді. Қыз темекі тұтатып, от жанындағы аласа орындыққа отырды.

— Әкең қайда?

— Аржелузда, кептер аулап жатыр да. Қазанның он бірінде оған кептер аулаудан басқа не қалды? Ол құяңмен ауырғалы бері аңшы үйшігіне паркет еден төсетті және от жағылатын ас үй жасауға тапсырма берген... сөйтіп барлық уақытын сонда өткізеді... Басқаның бәріне түкіргені бар... оған тек кептер болса жетеді...

— Ол маған келуіңе саған рұқсат етті ме?

— Мен өзіме-өзім рұқсат бердім.

Тереза бойын тіктеп, терең тыныстады. Қандай қуаныш! Қызы қазір әкесімен тіл табыспай жүргенін, оған енді шыдамайтынын, сөйтіп бұған қорған, пана іздеп келгенін айтады деп бұл алдын ала біліп отырды. Тереза бұрын бұлай боларын қалай болжамаған! Түптеп келгенде, бұл өзінің қызы ғой. Бүкіл Дескейрулер: "Мұның ештеңесі анасына тартпаған" деп қоймаушы еді. Жоқ, бірдеңе бар екен! Мұның да бет сүйегі шығыңқы, сол дауыс пен күлкі. Мари туған күннен Терезаның өзі де екеуіміздің арамызда титтей де ұқсастық жоқ деп қызулана дәлелдеп бағатын, енді мына ұқсастыққа өзі қайран қалып отыр. Тереза осыдан жиырма жыл бұрын тұншыққан адамдар арасында осы заманның қызы жарасып өмір сүреді деп қалай пайымдауға болады!

— Кәне, айта ғой, қымбаттым...

— Алдымен тамақ беріңізші... Менің қарным ашып кетті.

Оның вагон-мейрамханаға баруға қаржысы жетпепті. Соңғы тиын-тебенін шайға жұмсаған... Ол жеңіл аптыға әрі сөздерін аяқтамастан: "Сондай күлкілі! Бұл ғажап!" деген сияқты даурықпамен үзіп, түтінді мұрнынан шығарып, темекі түйіршектерін түкіріп тастап отырды.

— Менде үйде қаужайтын ештеңе табыла қоймас... Бір жаққа баруға тура келер.

Тереза өзінің қызымен бірге мейрамханаға баруды көз алдына елестетті, ол өзіне ұнамады. Дегенмен, асадалда бірдеңе қалмады ма екен деп қарауға кетті.

Шағын тап-таза ас үйде бәрі де жалтырап тұрды, Аннаның қоңырау сағаты біркелкі тықылдайды. Майлы шұжық, жұмыртқа, май, пешеней тауып алған Терезаның есіне бұрын өзінде ас үй мұздағында үнемі бірнеше шиша шампан тұратыны түсті. Енді жалғыз, ең соңғысы қалыпты... Ол... арналған еді. Тереза оны ашпауға ұйғарды, бірақ осы сәтте Мари келіп қалды:

— Шампан! Өте тамаша!

Және омлет тамақты жақсы жасайтынын үстемеледі:

— Кептер аулауға шыққан кезде бұл менің міндетіме кіретін... Ой, сізде сиыр майы жоқ екен ғой! Майға дайындаған қандай жаман! Жарайды, жұмыртқаны құрғақтай жерміз.

Жарық жарқыраған кішкентай ас үйде ол анасын енді ғана жақыннан көрді, осыған дейін ол бұған көз тоқтатып қарамаған еді.

— Анашым! Сіз науқассыз ба?

Тереза құптай басын изеді: жүрегі сыр береді... оның үстіне қартайды...

— Менің жасымда үш жылдың өзі көп нәрсе!

Мари газды жағып, енді анасына арқасын беріп тұрды.

— Сен әкеңе ескерткен боларсың?

— Жоқ.

— Ол әбден алаңдайтын болды ғой...

— Сіз оны білмейсіз... Әйтсе де, жоқ! Сіз оны білесіз. Есіңізге түсіріп көріңізші, ол өзінен басқа әлдекім туралы алаңдай қоюшы ма еді. Өзінен басқа біреу туралы ойлай ма? Білмеймін, ол біреуді көзіне ілер ме екен?

Ол әлі де анасына ту сыртымен тұрып, кенет байсалдылықпен:

— Апа, мен сізді қазір түсінетінімді білсеңіз ғой! — деді.

Тереза үндемеді. Қызы үстемелеп:

— Қаншама жыл сіз туралы жаман ойлағаныма қазір ұяламын!.., — деді.

Анасының үнсіздігі оны ыңғайсыздандырса керек; ол жұмыртқа қайнатумен айналысып жатқан болып, үндемей қалды. Бірақ қайтадан сөйлеп кетті:

— Бұл менің кінәм емес. Бала күнімде мен сіздің әкеммен және әжеммен бірге сүрген өмірлеріңіз туралы қалайша дұрыс пайымдай алмақпын...

Ол әнтек бұрылып, тіке айтып салды:

— Сіз неге тым-тырыссыз? Сіздің маған разы болмай тұрғаныңызды түсінемін... Апа, сіз қалай боп-боз болып кеттіңіз!

Тереза күбірледі:

— Жо-жоқ! Барайық, сен маған үстел жабуға көмектес.

Маридің үстелді тас ошаққа жақындатуына, тәрелкелерді қоюына рұқсат етті. Өзі дуалға сүйеніп, қараңғы дәлізде қимылсыз тұрды. Мари ыңылдап бөлме бөлмені аралап жүр. Тереза оны сыртынан бақылады. Мұның қуанышынан енді түк те қалған жоқ еді. Тереза Мари деп атап тұрған бұл әйел кім? Ол неге бұған өзімсініп сөйлейді. Міне, үш жыл болды, Бернар Дескейру әр нәрсені сылтауратып, әдеттегі жылына бір рет апта бойы қызымен көрісу мүмкіндігін кес-кестеген. Тереза наразылық білдіре қоймаған-ды: "Мүмкін менде аналық сезім деген тіптен жоқ шығар?".

Расында да, бұл қай кезде өз сәбиінің тағдыры туралы ойлап еді? Жас шағында ана болғанымен, бұның өз басымен болып кеткені сондай, оны тіпті елемеді де. Дегенмен, ол селқостығы соншалықты сұмдық емес-ті... Бұл кейін әдейі қашықтаған жоқ па еді? Баланың мүддесі соны талап еткен-ді... Иә, Тереза үнемі өзінің Мариге деген сезімін тұншықтырып отыруға тырысқан болатын. Тереза аналық құқықтарынан өзі бас тартып, бұл мәселеге еш уақытта қайтып оралмауға ұйғарған. Бұның Бернар Дескейрудің пікірімен және талаптарымен келіспеуі оп-оңай еді, бірақ өз үкімі өзі үшін бұлжымай қалды. Енді, міне, кенет бұл тіптен күтпеген нәрсе болып отыр: бүгінгі кеште мына қыз бұған өзінікі жөн екендігіне күмәндануға мәжбүр етті... Жасөспірім қыз бұдан былай жасөспірім емес еді... Бір кезде анасы жапа шеккен сол қанауды бастан кешкен қыз сол қапаста тұншыққан болатын... Енді бұл қыз өзін өз отбасынан бас тартқан әйелдің жақтасымын деп есептейді; бұл әйелдің уәждері қандай болғанын білмесе де, мына қыз оларды жөн кереді және бұны ақтап қана қоймай, тіпті мұны құптайды да.

Бұл енді елеулі нәрсе. Тереза мұндай нәрсені қаламаған. Бұл ылғи қызы өзіне еш ұқсамайды, ол нағыз Дескейру деп өзін жұбататын. Бұл тіпті осы кішкентай Дескейру бір кездері өзін айыптайды және жазғырады деген ойға көндіккен-ді. Бірақ Мари өз анасы туралы не біледі? Егжей-тегжейін сірә Мариге ешкім де айтпаған шығар, бірақ оны ештеңе білмейтін күйде қалдырды деп ойлауға болмас, ол өзі дүниеге келгеннен кейін көп ұзамай Аржелуздағы бөлмелердің бірінде жасалған бүкіл сұмдықты еміс-еміс болса да болжауға тиіс. Тереза өзінің ісімен Мари екеуінің арасында шыңырау жасадым деген ойға біржолата бекіген-ді... Енді, міне, ештеңеге қарамастан Мари осында келді, кез келген жас қыз сияқты анасының бөлмесінде өзін еркін сезініп, айна алдында тұр және өзінің қошқыл шашын жайластырып жатыр. Міне, мынау сымбатты қыз — мұның қызы!.. "Менің қызым!.." деп күбірледі Тереза. Осы естілер-естілмес сөздер мұның жүрек түкпірінен үндестік тапты. Бұл кіреберістегі қабырға жанында тұрған жерінен жылыстап, дауыстап шақырды.

— Қызым!..

Мари бұрылды және ана жүрегінде пайда болған әлдебір айрықша сезімді: мұздың ери бастағанын, көктемнің кенеттен келгенін аңғармастан, бұған жымиды. Бұл сезім Терезаға таныс еді! Бірақ бұл жолы ол сезім ынтық ниеттен, қаны ойнағаннан, ләззатқа талмаусырағаннан туындамаған-ды... Қарны ашқан оқушының ашқарақтығымен тамаққа ұмтылған Мариге қарай отырып, Тереза өз бақытына терең тебіренді... Бұл оны немен теңей алады? Пойыз шексіз үңгір тесіктен ытқып шыққан сәтте ұратын дымқыл желдің аймалауымен, жапырақтар мен шөптердің хош иістерімен... Бірақ бұл шампан шишасын ашпақ болып әлектеніп жатқан Мариге қарамас үшін жүзін бұрып әкетті.

— Міне, қараңыз, мен мұны дыбысын шығармай аша аламын...

Тереза басқалардың, әсіресе есінен кетпес бір адамның, осы әдісті қолданғанын, тығын тарс етіп атылып кетпес үшін оны ыждағатпен басып ұстағанын көрген... Бірақ Мариді кері қайтаруға тура келеді. Бәрібір өз жанында ұзақ ұстауға болмайды, осы минуттардан әбден ләззат алса жетіп жатыр. Тереза өзіне бір кеш, бір түн сыйлайды, осы қуанышты өзіне рұқсат етеді, сонан соң қызды әкесіне қайтарады. Бұл қызына қарады. Ақыры бұл Тереза, өзінің құрбандығы емес біреуді сүйді-ау. Ал қызы болса өзінің бітпейтін естелігінен шатасып, әкесіне қарсы, әжесіне қарсы ұзақ-сонар айыптау сөздерін аптыға айтып жатты!

— Біле білсеңіз, мен әдірият пансионында өзімді жақсы сезіндім, ал олар бұл пансионды енді қалта көтермейді дейді. Қара майдың бағасы түсіп кеткелі олар қалай абдырағанын сіз, сірә, көзге елестете алмассыз... Кедейшілікке ұшыраудан үнемі үрейленіп жүреді! Соңғы жыл ішінде мен бір-ақ мәрте сауықта болдым, Курзондардың болымсыз сауық кешіне қатыстым. Біз биге шақырғандардың бәріне мені тым жас, ауыз берік кезде би билемейді деген желеулермен бас тарттық! Бірақ мұның себебі тым қарабайыр еді: олар жаңа көйлек алуға ақшаны қимады. Иә, апа, солай, қарсы болмаңызшы. Сіз оларды менен жақсы білесіз. Сіз әжемнің: "Өзің жауап қайтарып, қонаққа шақыра алмайтын күйде болсаң, шақыруларды қабыл алуға болмайды" дейтінін осында отырып еститін шығарсыз. Бұл сіздің күлкіңізді келтірмей ме? Мен оны айнытпай саламын рас па?

— Бірақ ол сенің әжең ғой, Мари!

— Жоқ, апа, тым болмаса сіз маған ақыл үйретпеңізші. Мен оны күстаналамаймын... Мен оған тәуелді болғандықтан да оны төзе алмаймын... Сіздің жаныңызда оны ұмытамын, әкемді ұмытамын. Олар күні бойы көз алдымды көлбеңдемесе, мен оларды жек көруімді оңай ұмытып кетемін. Ал сіз, мені түсінесіз...

— Жоқ, Мари, бұлай деуге болмайды. Жоқ, болмайды!

Қызы бұған келді, ол анасын басқаша көрді... Қандай есе қайтару! Бірақ Мариге анасының сотқа тартылғаны туралы бәрі де мәлім бе? Ол нақты нені біледі? Бернар оны қорқыту үшін, сірә, бұл іске жеткілікті қанықтырған болар. Бұрын қызымен қысқаша кездесулер кезінде Тереза оның бойында әлдебір үрей туындайтынын аңғарған жайттар болған... Енді ештеңеге қарамастан, бүгін кеште ол осында, бұған келіп отыр...

— Жоқ, қымбаттым, әкеңнің өз кемшіліктері бар болғанымен, ол еш уақытта сараңдық жасаған емес.

— Қазір оның қандай болғанын сіз біле бермейсіз. Егер он бес жыл бұрын сіз оны төзбесеңіз, қазір не айтар едіңіз? Сіз көзге елестете де алмайсыз... Әжеммен екеуі не айтып отырғанын естісеңіз: "Енді олай-былай жағдайға ештеңе жинай алмайсың... Бүкіл жинағанымыз сарқылу үстінде, одан қалғандарын салық жеп барады. Қызым, саған жұмыс істеуге тура келер... О л жағдайға да жетерміз әлі: осы ойға бойыңды үйрете бер!" дейді. Мен: "Несі бар! Ойлауға тұрмайды! Жұмыс істеймін..." деп жауап қатқан кездегі олардың жүзін көрсеңіз. Олар менің өздеріне қосылып қыңсылағанымды қалаған еді. Мен өз заманымның ыңғайына орай бейімделе алатынымды олар түсіне алмайды.

"Бұл енді жас қыздың сөздері емес, — деп ойлады Тереза. — Ол мүмкін өз құрбысынан немесе тіпті әлдебір бозбаладан естігенін қайталап тұр".

— Мари, менің көзіме қарашы.

Қыз өз ұстағанын қойды да жымиды.

— Сенің бар айтқандарыңнан маған анық болғаны, сенің шамдануың, тіпті керек десең, шамырқануың үшін әлдебір негіздер болуы мүмкін. Бірақ өзіңді оларға қарсы қою үшін мұның бәрі жеткіліксіз және қалай болғанда да тек сол ғана сені маған алып келе алмайды.

Соңғы сөзді бұл күбірлегендей айтты:

— Тағы бірдеңе бар, тағы бір нәрсені сен маған айтуға тиіссің...

Қыз мұның көзіне қараған кейпінен тартынбады. Тек қасы сәл дірілдегенінен және кенет оның жүзі қызара бөрткенінен Тереза қателеспегенін аңғарды.

— Мари, сен маған бәрін айтқан жоқсың...

— Сіз мені тым асықтырып жібердіңіз... Апа, сізді алдау мүмкін емес. Сіз бәрін аңдап отырсыз.

— Ол өте әдемі ме?

— Әдемі? Жоқ. Тіпті олай емес. Сүйкімді? Бұл ол ұнатпайтын сөздердің бірі... Сіз білсеңіз, ол тіптен өзгеше адам!

Үстелге шынтақтай отырып, ол папирос тұтатты: бұл енді әйел, толық пісіп-жетілген әйел еді.

— Қызым, айналайын, маған бәрін айтып берші.

— Сіз мені осында басқа бірдеңе үшін келді деп ойлап тұрсыз ба?

— Әрине, сен сол үшін келдің.

— Әрине!

Тағы да ескі, өзіне мәлім сыздау; Тереза өзі осы жолы ақыры сүйікті адамнан жаным жай тапты, бұл жаманшылық жасай алмайды, өйткені одан ала бөтен басқа ештеңе күтпейсің деп үміттенген еді. Бірақ, ешқандай пайда көздемейтін махаббат бола қоймайтыны айқын екен. Біз қашан да өзіміз бергеннің есесіне титтей де болса, бірдеңе алғанды хош көреміз. Тереза қызды өзінен алшақтатып, оны әкесіне қайтару үшін бәрін алдын ала ойластырдым, қамданып алдым, бар күш-жігерімді жұмсадым деп ойлаған еді. Сөйтсе, алшақтататын ешкім жоқ екенін, қызды өзімен ештеңе байланыстырып тұрмағанын бұл кенет күтпеген жерден түсінді: "Гәп менде емес екен... Егер менің көмегім қажет болмағанда мен қызымды көрместен өліп кетуім де мүмкін екен-ау... Ол менің бар екенімді өзін әкесінің алдында қорғау, өзінің махаббатын қорғау қажет болғанда есіне алған..."

Тереза бойын өкініш сезімі билегенін аңғарды: тіпті өзінің қызына деген мейірімінен өзінің көлеңкесіндей қалмай келе жатқан әзәзілді — ынтызарлықты, сезімді байқап отыр, ал әзіз жан ол сезімді өзгеге арнапты. Терезаға тек сондықтан келген. Бұл ылғи тек құрал қызметін атқарумен келеді, мұны тек пайдаланғанды біледі.

Мари бұған алаңдай қарады, анасының түсі өзгеріп кетіпті. Ештеңеден алаңсыз қыз мына қушық ауыз бен суық көздер, мына қатыгез де қушыкеш бет-бейне Терезаны білетін жандардың көпшілігіне мәлім оның шын келбеті екенін аңдамады.

Мари мына астарлы дауыс дыбысын естіген кезде қысылып қалды:

— Сен неге мені өзіңнің жағдайыңа араластырғың келді?

— Сіз біздің соңғы үмітімізсіз...

— Мен өліп қалған болуым да мүмкін еді ғой, Мари! Егер саған менің көмегім қажет болмағанда...

Тереза кекесінді күлді, бірақ іле күлкісін жиып алды. Жас қыз өзін мұқатқандай сезінді және анасынан көзін алмай қарады.

— Тыңдаңызшы, апа, сізді тастаған мен емеспін ғой.

Тереза қолымен көздерін жауып бұрылып кетті. Мари бұған жақындап келіп, оны құшақтамақ болды. Бірақ Тереза бұлқынып кетті.

— Одан да үстелдегіні жина.

Қыз ас үйден келген кезде анасы тас ошаққа сүйеніп тұр еді. Ол қызына қарамастан:

— Мен ешкімді де тастаған жоқпын, Мари. Тастанды — мен, дүниеге келген күнімнен маңдайыма жазылғаны. Сен мұны түсіне қоймассың.

Иә, Мари түсінбейтін еді. Бірақ мына сөздерден тебіреніп кеткен ол анасын құшақтауға қайта ұмтылып еді, бұл тағы да білдіртпей қашқақтады.

— Мен сізді сүйемін, апа, сіз неге маған сенбейсіз? Сіздің сенбейтініңізді көріп тұрмын. Сіз неге менің сізді сүйіп-сүйіп алғанымды қаламай тұрсыз?

— Сен оны жақсы түсініп тұрсың, Мари.

— Түсініп тұрмын.

Тереза басын изеді:

— Мұны қояйық... Құлағым сенде, қымбаттым. Әңгімеңді айта бер.

Қыз өзін ұзақ өтіндіре қоймады. Ол өзі сүйетін Жорж Фило жөнінде әкесімен және әжесімен болған өнімсіз дау-дамайдың барлық жай-жапсарын анасына ақтарып салды. Олар бұл некені менсінбей, ол туралы ештеңені тыңдағысы да келмейтін сияқты. Осынау кедейленген, түгі қалмауға айналған адамдардың әлі соншалық менмендік көрсетуі Терезаны қайран қалдырды.

Бұл тұтас жүз жыл бойы Дескейрулер жеріндегі бір хутордан табан аудармай тұрып келе жатқан Филолар отбасын жақсы білетін. Фило қария да мұның есінде; оның өз қойларын бағып жүріп, шұлық тоқитынын бала күнінде көрген. Иелік үй-жайларды сатып алумен айналысқан оның ұлы мен немересі соғыс кезінде едәуір дүние-мүлік жинап алған-ды. Маридің сөзіне қарағанда олар оның бір бөлігінен айырылған; бір уақытта Бернар Дескейру көнбек те болған, бірақ, бұл некеге Филолардың өздері де үзілді-кесілді қарсы екендіктерін білген кезде қайтадан қақайып қалыпты; Мари олар өр көкіректіктен аса алмай отыр деп пайымдайды.

— Байқайсыз ба, олар әлі өте бай. Әрине, дағдарыс оларды да шарпыды. Огюст Фило (Жорждың әкесі) жиырма мыңнан астам гектар жермен өте тиімді мәліметті ойластырыпты: ол үнемі жасап келгеніндей, орманды кесуге сатып, барлық шығынды жабуға есеп жасаған; онда ол жер өзіне тегін қалған болар еді... Бірақ бағалардың түсіп кетуі салдарынан оның есебі ақталмаған... Қалай болған күнде де, олар бізден әлі әлдеқайда бай... Менің Жорждың отбасымен санасуыма тура келетіні анық! Оның өзі мейлінше мәдениетті әрі ақылы зор адам. Ол саяси ғылымдар дәрісін тыңдамақ.

"Бұл мұның өз сөздері емес, — деп ойлады Тереза, — бұл өзгелердің сөздерін қайталап отыр. Мен де жас қыз күнімде осындай бос сөздерді айтатынмын. Отбасының дағдысы бізге міндетті түрде әсер етпей қоймайды; біз оның ықпалына оңай берілеміз және егер ол біз үшін құрдым болмаса, жақсы, әрине".

Әйтсе де, мұның онда қандай шаруасы бар! Жас қыздың Париж пойызына неліктен отырғаны бұған енді белгілі болды: Жорж Фило саяси ғылымдар дәрісін тыңдамақ, Маридің оның жанында жүргенді хош көретіні түсінікті.

— Аһ! Жырықта жүре беруге күш-қуатым жетер еді. Менің бұған шыдамым жететініне сізді сендіре аламын. Бірақ, біле білсеңіз, апа, ол үшін мен оған кәміл сенуге тиіспін. Ол — бозбала... Ол сияқтылар көп пе, мен білмеймін. Оның мені сүйетіні сөзсіз, бірақ тек біз бірге болған кезде ғана. Мен тек сізге ғана айтып отырмын: ол сұмдық нәрселерді жиі айтады. Ол мысалы, былай дейді: "Сіз менің қасымда болмасаңыз, бәрі біткені; мен өзімді қызықтыратын нәрселер туралы, көріп жүрген адамдар жайлы ойлай бастаймын..." Ол мені кез келген басқалардан артық көретініне сенімдімін, бірақ мен оның жанында болмасам, менен суи береді; ол сондай... Мұндай алшақ жүру маған қандай катер төндіретіні сізге енді түсінікті болар...

— Иә, осы ма сені маған алып келген? Бірақ сенің маған келуің өзіңді жаман атқа қалдыратынын ескермепсің... (Тереза бір сәт толқып кетті) ескере қоймапсың, қызым.

Мари қызарып кетті және әлсіз қарсыласты:

— О не дегеніңіз, апа!

— Мен туралы естеріне алуды қойған. Уақыт ұмыттырып, мені жерлеп қойған сияқты еді... Адамдар сенің анаң бар екенін естеріне де алмайтын да болған шығар. Сен кенет мені жерден қазып алдың. Және мені табыттан алып шыққаныңды қанағат тұтпай, маған жүгінесің, өзің және өз махаббатың үшін менен пана іздейсің. Қамқорлықты... іздейсің...

Бұл өзінің аты-жөнін сыбырлап айтқаны сондай, Мари оны әрең естіді.

— Менің атым аталғаннан — ақ адамдар не ойлайтын білсең...

— Мен ұяла қоятындай ештеңе жоқ.

Қыз бұл сөздерді өте байсалды айтты.

— Сен ақылыңнан алжасқан шығарсың, Мари!

Бірақ қызы орын тақтан үнсіз көтерілді де анасына келді, оны қолдарымен аймалай құшақтайды. Тереза оны итермелеп, айтқанын қайталады:

— Сен шынымен-ақ ақылыңнан алжасқаныңды білсең...

— Білем, білем. Жарайды, ал бұдан әрі не болады?

— Егер сен білсең...

— Білемін... немесе шамалаймын...

— Сөйте тұра мені құшақтайсың?

— Апатай! Сізді жазғыратын мен емес, ал егер мен соттар болсам...

Олар бір-біріне қарама-қарсы тұрды. Қызының одан әрі сөйлеуіне кедергі келтіргісі келгендей Тереза қолын созды.

— Сен мені кештің бе?

— Сізді кешіру? Сіз ештеңе жасаған жоқсыз ғой?..

— Мен бір іс жасағанмын, ал сен менің қызым болғандықтан, ол саған дақ келтіреді...

— Ол сондай елеулі ме?

— Одан еткен бола қояр ма екен?

— Бірақ, апа...

Тереза оған таңырқай қарады:

— Дегенмен, олар бұл туралы саған барлық естір құлағыңа жар салуға тиіс еді.

— Өздерінің жымысқы емеуріндерін тыңдай қоймасымды, сірә, олар сезген болар; олар маған еш уақытта ештеңені ашып айтпағанын айта кетейін...

— Қалай? Менің үйде болмауымды түсіндіру үшін...

— Олар тек емеурінмен шектелетін. Әкем бір-екі рет маған мінездеріңіздің үйлеспегені туралы айтқан. Түптеп келгенде, не болғанның өзінде, бәрін де соған тірейтін оның уәжі жөн-ау деп ойлаймын! Мінездердің жараспауы... мұның не екенін мен өзімнің ащы тәжірибемнен білемін.

Бұған дейін басын салбыратып отырған Тереза енді еңсесін көтеріп, қызына тесіле карады. Осыған дейін Мариде қылмыс туралы ой тумады деп қалайша ойлауға болады? Енесінің де, күйеуінің де ештеңе дей қоймағаны Терезаны таң қалдырды. Мұндай тосын рақымшылық үшін құрметтеп бас июге болар еді. Ал, олар бұл үнсіздікке Тереза үшін емес, отбасының абыройын қорғап және Маридің сезімін аяп барып отыр!

Қалай болғанда да және қандай уәжді ұстанса да, олар қызының ұғымында Терезаны кемсітер ештеңе айта қоймаған. Мұндай жағдайда...

— Маған неге бұлай қарайсыз, апа?

— Мен ойлап отырмын... сенің көз алдыңда мені ылғи да жер ету ештеңе де тұрмайтын сенің әкеңе риза болу керек екен деп ойлаймын!

— Менің көз алдымды сіздің абыройыңызды түсіру! Бірақ ондай әрекеттен кейін мен сізді одан сайын жақсы көре түсер едім!

Тереза орнынан көтеріліп, кітап шкафына барды. Қызына арқасын беріп тұрып, кітаптарды реттеуге, оларды орын-орнына қоюға кірісті.

— Сенің білмегенің дұрыс... Егер сен білсең...

— Ол не? Не нәрсе? Сіздер бір кездері бір-біріңізді сүйдіңіздер, сонан соң ажырасып кеттіңіздер? Солай емес пе? Пайымдау қиын емес! Бұл үшін мен сізге неліктен өкпелей аламын?

Міне, қызының не ойлағаны, күдіктенгені! Мұның көзін ашу керек болар. Бәрін де ақырына дейін мойындау мүмкін емес: бұған Терезаның шамасы жетпейді. Оның үстіне керегі не? Тіпті бұл Мариге айта алатын шамаланың өзі оны өзінен серпіп тастау үшін жеткілікті болмақ.

— Мұнда кел. Жо-жоқ, менің орын тағымның шабағына отырма. Сенен мені сүюді талап етпеймін. Мен Аржелуздан алып келген ана кішкене орын тақшада тыныш отыр. Клара апайым оған отырып алып тас ошаққа жылынуды ұнатушы еді. Бұл әдемі әдіс-астарлы үнсіздік екеніне маған сене бер. Өте әдемі! Олар саған айта алар еді...

— Бірақ, анашым, сіздің ондай өмірге төзбегеніңіз сізді менің көз алдымда асқақтата түседі.

— Фило бұл туралы не ойлайды?

Бұл Мариді ыңғайсыздандырғандай көрінді. Расында да, Фило қыз біле бермейтін әлдебір оқиғалар туралы үнемі емеурін жасайтын. Дескейрулердің әлдеқайда жуас болғаны жөн деген өздерінің пайымын аңғартып қоятын. Түптеп келгенде, Мари Сен-Клер мен Аржелуз адамдарының пікірлеріне ден қойған емес-ті.

— Маған жылжыңқырап отыр, жаным. Аһ, біздің әңгімеміз кезінде бөлме қараңғы болса ғой. Қызым, Аржелузға орал! Тез, тезірек... менен ештеңе сұрама.

Бұл сыбырлағандай етіп: "Мен лайық емеспін..." деп қосты және Мари ести алмай қалғандықтан даусын сәл көтеріп қайталап айтты:

— Мен лайық емеспін...

— Ана барлық уақытта лайық...

— Жоқ, Мари.

— Менің басыма кенет не келгенін білсеңіз? Сіз мен ойлағаннан гөрі әлдеқайда артта қалған көзқарастағы адам екенсіз! Апа, қымбаттым, сіз өзіңізге Сен-Клер мен Аржелуздың тоғышарлары қарайтындай қарайды екенсіз. Сіз өзіңізді әлгі сол ескі қағидаттар үшін айыптайсыз; менің жасымдағы қыздар үшін сорақы қылық емес нәрсені сіз өзіңізге зор мін етіп қоясыз. Сіз махаббатты бәле деп ойлайсыз.

— Жоқ, мен сенің сүйіспеншілігіңді жаманшылық деп ойламаймын.

— Жоқ, апа, махаббат — барлық уақытта махаббат және сізге күйеуге тиіп шыққандығыңыздан олай деуге болмайды...

— Сен діндар болуды қойдың ба, қызым?

Мари басын кекжең еткізіп, шамдана айтты:

— Жорж маған ол кезеңнен өтуге көмектесті. Бұл сізге күлкілі ме, апа?

Тереза күлуге тырысты: кейде адам бір сөзбен немесе оны айтқан үнімен өзінің үстірттігін білдіріп қояды. Маридің "ол кезеңнен" дегеніне Тереза жиырыла қалды. Қыз өзінің орын тақшасын жылжытып, тізесімен анасының тізесіне жанасты. Анасының тізесіне қолын қойып әрі тіреп, Мари өзінің көкейіндегі сырларын құрбысына сеніп отырған жас қыздың назарымен және толқынысымен мұның жүзіне барлай қарай бастады.

— Түсінші мені, айта аларымнан артық мені қинама. Жоқ, әрине, — махаббат бәле емес... бірақ бәле махаббат тәрізді нәрселермен ақтауға болмайтын сұмдық екендігінде!

Бұл үні шығар-шықпас тағы бірнеше сөз айтты және Мари "Не айттыңыз?" деп сұрағанда:

— Ештеңе, ештеңе емес, — дей салды.

Олар үнсіз қалды. Анасына тесіле қараған Маридің көздері сондай үлкен көрінді. Қолдарын айқастырып және бойын тіктеп, ол енді біршама алыстау отырды. Тереза көсеуді алып, жанып жатқан көмірді араластыра бастады.

— Түсінуге тырыспай-ақ қой. Мен ізгі адамдар қатарына жатпаймын. Не ойласаң, оны ойла!

Тереза тағы бір рет "Мен ізгі адамдардың қатарына жатпаймын" деп қайталаған кезде, әрі ысырыла түскен орын тақ үнін естіді. Мари тағы да қашығырақ отырды. Тереза қолдарын бетіне алып келіп, көздерін жапты. Бұған не болды? Бұл, әдетте, еш уақытта жыламаушы еді. Қызы мұны көрмеуі тиіс. Бірақ балалық шақтағыдан гөрі ыстық әрі саулаған жас саусақтарының арасынан ағып жатты. Мұның иықтары жылап тұрған баланікіндей селкілдеп кетті және аласа орын тақ қайтадан жанына жетіп келіпті. Қызының дірілдеген саусақтары Терезаның қолдарын тас қылып ұстап алып, бұған бетін ашуға мәжбүрледі.

Сонан соң Мари қол орамалымен анасының бетін сүртті, оны қолдарымен қапсыра құшып, мұның шаршаулы бетін және сиреген шашын сүйе берді. Бірақ Тереза оның құшағынан шалт сытылып, түрегеліп кетті де, ашуланғандай айғайлап жіберді:

— Кет бұл жерден!.. Сен кетуге тиіссің, мен саған анық түсіндіріп айттым ғой, ал енді мына көз жасының салдарынан бәрін қайта бастауға тура келеді... Мен қандай нақұрыс едім! Мари, менен енді ештеңе сұрама. Менің сөзіме сен.

Сөздің әр буынын анық айтып, бұл одан әрі жалғастырды:

— Сен мен сияқты әйелдің жанында қала алмайсың. Сен мұны түсінесің бе?

Мари басын шайқады:

— Тоқтай тұрыңызшы, не болды? Сіз қызу өмір сүрдіңіз! Онда тұрған не бар? Сіз Аржелуздан кейін не істеген болсаңыз да, бәрін кешіруге болады.

Алайда, Тереза өзінің мойындауында тереңдей алмады. Одан мұны ешкім да талап ете алмайтын. Бірақ ол табандап: "Саған мүлде қалуға болмайды. Болмайды!" деп қайталай берген соң Мари оны тоқтатты:

— Ah, мен түсіндім! Сіз біреумен көңіл қосқан екенсіз ғой. Мен бұл туралы ойламаппын. Сіздің өміріңіз солай қалыптасып, онда мен үшін орын қалмаған екен ғой. Ал мен сіздің өткен өміріңіз жөнінде әр түрлі ойлап жүрсем...

— Тоқта, мені сондай кемпір деген ой сенің басыңа қалай келген, мен...

Бұл қызды сол жорамалымен жайына қалдыру керек! Дегенмен, солай ету қажет. Мари жиреніп кетер... Оған бар шындықты жайып салған жақсы емес пе? Иә, әрине, бірақ бұл жағдайда Тереза Маридің орнынан тұрып айнаға барғанын, шашын түзегенін, өзінің берет қалпағын іздеп жатқанын көрмеуі тиіс еді...

— Жо-жоқ, Мари! Менің ешкімім жоқ! Мен өтірік айттым!

Қыз терең тыныстап, жымиып анасына қарады.

— Мен солай ойлағанмын...

— Мен жалғызбын. Мен еш уақытта тап мұндай жалғыз болған емеспін.

— Осы сәттен бастап сіздің жалғыздығыңыз бітті.

Тереза қалпағын орын таққа тастап, өзіне қарсы қарап қайта отырған қызының жанарын ұстауға тырысып, одан көз алмай бақылады. Неге мұның батылдығы жетпеді? Бәрі жақсы болып келе жатыр еді: бұл Мариді "Д— Орсе" қонақ үйіне ертіп апарып орналастырар еді. Таңертең Бернар Дескейруге жеделхат жолдайтын еді... Ал енді мына азапты жанталасты қайтадан бастауы керек.

Тереза Мариге ақылды бол, менің сөзіме сен деп жалына бастады: бұл күйеуінің алдында өте кінәлі және соған қарамастан ол кең пейілдік танытыпты. Тереза одан мұндайды күткен жоқ еді; ол Маридің көз алдында Терезаны төмендетуге, қызын анасына қарсы қоюға тырыспапты.

— Егер сізді тек осы ұстап тұрса...

Мари бір сәт абдырап тұрды да, сонан соң анасына келіп, оның орын тағының ернеуіне отырды:

— Тыңдаңызшы, одан да сізге бәрін мен айтайын... Рас, маған ештеңе айтқан емес... сірә, діни пайымнан болар деп ойлаймын. Бұл жерде ізгіліктің қатысы шамалы екеніне сене беріңіз. Өйткені олар жіберген еселерін үйден тысқары жерлерде асыра қайтаруға тырысты... Әрдайым мен әлдекіммен сөйлескен кезде сіздің атыңызды атасам болды-ақ, адамдардың қызарақтап, менің көзіме қарамауға тырысатындарын аңғаратынмын... Қазір мен өзімді мұндай ыңғайсыздыққа ұрындырмайтын бодым. Тіпті Жорж (менің ештеңе жасырмай айтқанымды қалайсыз ба?), мен өте ашық сөйлесетін жалғыз адамым Жорж... Міне, солай! Мен әлі оның сізге деген көзқарасын біле алған жоқпын. Оның бір сұмдықты білетінін байқаймын! Мен оны басқаша иландырғым келеді, бірақ илікпейді. Егер мен өжеттенсем, ол шегіне салады. Ой, әрине, олар сізді аяған жоқ және сіздің оларға алғыс жаудыруыңыздың тіптен қажеті жоқ. Олардың "барынша тырысқандары" сөзсіз, әйтпесе біздің некелесуімізге тек қуануы тиіс Фило өзінің абыройы төгілетіндей тыржимас еді ғой. Мәселеге бұлай қарау сізге ұнай ма? Менің анам сол сырты бүтін, іші түтін жағдайда тұншығуға келіспегені үшін... Апа, тыңдаңызшы, сіз маған ашуланбаңыз...

Бірақ Тереза әлде қалай сактаныңқырап, оны өзінен итеріп жіберді. Және бұл сөйлеп кеткен кезде, бұны жылдам жүргендіктен алқынып қалған шығар деп ойлауға болатындай еді. Бұл:

— Міне, көрдің ғой! Мен саған реніш әкелдім... Менің кесірімнен сенің некелесу тойын болмай қалуы мүмкін. Сенің қазір менде екеніңді Жорж Фило біле ме?

Мари қысылыңқырап, басын шайқады.

— Сен мұны одан жасырдың ба?

Мен оған күтпеген жаңалық жасағым келді, — деп жауап берді Мари.

— Менің Парижге келгенімді біліп ол қатты қуанар, бұл жайға мән бермейтін шығар... — деп ойладым .

— Менің қасыңда екендігіме ме? Олай болмайды! Жоқ!. Бұл жерден қазір кет. Сенің келешегің осыған байланысты. Мені артық сөйлеуге мәжбүрлеме.

Бұл жанып жатқан тас ошаққа тағы да еңкейді. Бұл жолы Мари абыржып қалған сияқты. Анасына қарап тұрып, ол бұдан бірнеше қадам әрірек кетті.

— Бірақ, апа, түптеп келгенде, бұл не өзі? Сіз нағыз алапестің өзі емессіз ғой?

Терең тыныстап, Тереза: "Ақиқатқа қаншалықты жақын тұрғаныңды сезбейсің — ау..." деп күбірледі. Ақыры, бұл өз дегеніне жетті. Мари айнаға қарап алып, өз заттарын жинай бастады.

— Мен сені таксимен апарып, "Д— Орсе" қонақ үйіне орналастырамын және ертең таңертең сенімен қоштасуға вокзалға келемін. Пойыз, дәл есімде жоқ, он минутсыз сегізде ме, әлде сегізден он минут кеткенде ме, жүреді. Қонақ үйде бізге айтып береді.

Тереза енді көз жасын тежемеді. Оны жасыру мүмкін емес еді. Дегенмен, мұның қамығуында біршама жұбаныш бар еді: бұл өз борышын орындады және өзі үшін соншалықты ауыр мойындаудан жалтарудың сәті түсті. Бірақ тіптен күтпеген жерден Мари анасына тым жақындап келді де, ең басты нәрсені, өзінен соншама жыл жасырын келгенді білмей кетпеймін деп бір беттене мәлімдегені.

— Мәселе менде де және сізде де емес, Жоржда. Біздің арамызда не бөгет тұрғанын менің білуім қажет. Егер менің білмейтінім сіз маған аңғартқандай, сондай болса...

Оның өктем үнінен Тереза бойын жинап алды. Бұл шабуылға қасқая шыдауға ұйғарды.

— Мен саған жеткілікті етіп айттым. Не ойласаң да өзің біл. Сен енді шамалайсың, адамдарды айтуға көндіру саған оңайға түседі. Әдірият пансионында сенің құрбыларыңның бірде-бірі саған ештеңе аңғартпағаны мені таңғалдырады... Сен еш уақытта бүркеншік хат алған жақсың ба? Жоқ? Демек, адамдардың кейде олар туралы ойлағаныңнан жақсы болып шығатыны бар. Бірақ менің сөзім сенің есіңе бірдеңені салатынын сезіп тұрмын...

Бұл қызынан көз алмай қарады: Маридің бет әлпеті шиыршық атқан, көзқарасы алақ — жұлақ еді... Иә, Мари оқушы кезінде өзі келген шақта әңгімелер тыйылып, бүкіл сыныптың көзі өзіне қадала қалатынын талай байқаған-ды, мұғалиманың көздерінде бұл түсіне қоймайтын әлдебір емеуріндер жасырынып жататын. Бірақ қазір былтыр болған бір жағдай айрықша есіне түсті: бұған өзімен жасты Анас деген хуторлық жас қызды күтуші ретінде қойған болатын. Бастапқыда бұл қыз Мариге әбден жұғысып кеткендей көрінген. Бірақ Мари өзін сүйген және өзі қаламайтын адамдарға елпілдей қоймайтын. Оның үстіне, ол қараторы қыз бұған ұнамайтын, өзінің болбырлығымен және бойындағы сасық иісімен жиреніш туғызған-ды. Мари оған үнемі ұрсатын, бірақ ол қыз бір жолы Филоның ұлы бикешке "қырындап" жүр екен дегенді білгенге, яки бүкіл деревняға жайылғанға шейін бұның ұрысқанына саса қоймады. Кейін белгілі болғанындай, сол кезде тарап кеткен барлық өсектің көзі Анаистің өзі екен (Мари бірде жас жігітті түнде өз бөлмесінде қабылдады деген өсекті таратқан соның өзі болып шықты). Қызды дереу қуды және қызу түсіністіктен кейін оның ата-анасы хутордан көшіп кетулері тиіс болды.

Екі-үш ай өткен соң Мари поштамен әлдебір париждік газет қиындысы салынған конверт алды. Әңгіме бір соттың іс қарауы туралы екен, ол жайлы бірнеше күн бойы жазылса керек; Мари газеттерді қадағаламайтын, сондықтан ол істің жайын білмейтін еді. Бұл, дегенмен, белгісіз біреу өзі үшін қиып салып жіберген газет жолдарын мұқият оқып шықты. Мұның ұққаны, бұл айыптау сөздің бір бөлігі сияқты; бірақ бұның мәселенің мәнін түсініп алуы үшін бірсыпыра егжей-тегжейі жетіспей тұрды.

Бұл "Птит жиронд" пен "Либерте дю Сюд-Уест" басылымдарынан осы оқиғаға үн қатқан материалдарды іздегенімен, таппады. Бұл алған қиынды осыдан бірнеше апта бұрын өткен іс қарауға қатысты екендігі күмәнсіз болатын. Мари оны басынан алғанына дейін бір сөзін де жібермей және бұзбай жатқа айта алар еді: "Судья мырзалар қазір құрметті қорғаушы сіздерді ата-аналық сезімге шақыратын болады, ол сіздерде айыпталушының балаларының тағдырына аяушылық сезімін тудыруға тырысады. Міне, солай! Сот әділдігі үшін және қорланған әлеуметтік ұстындарды қорғау үшін мен де өз кезегімде осы бейкүнә пенделер туралы сіздердің естеріңізге сала кетуге ұйғардым. Мына адамгершіліктен жұрдай жанның бірінші құрбандары — осылар. Бұдан былай және әрдайым — олар қанша өмір сүрсе, соншама уақыт — барша жұрт оларға саусағын нұсқап көрсететін болады және олар: "Мыналарға қараңдар! Бұлар әлгі жексұрын әйелдің балалары" деген сұмдық сөзді үнемі естіп жүретін болады".

Маридің көздері қас қағым сәт анасының көздерімен ілінісіп қалды. Қыз бірінші тайдырып әкетті. Мұның миында еш уақытта Тереза Дескейрудің құпия өмірі мен әлдебір қылмыстық іс арасында титтей де байланыс бар деген ой келген емес... тек түйсікпен байланғаны болмаса... Дегенмен, бұл париждік газет қиындысын әкесіне корсетуден тартынды да, ол туралы ешкімге тіс жармастан оны жағып жіберді — мүмкін бұл әлдебір бойкүйездігінен, кежірлігінен, мейлінше селқостығынан, шиеленістен қорыққандығынан солай еткен болар...

Әйтсе де, қыз іле-шала өзін ессіздікпен айыптады: өйткені бұлардың отбасында адам өлтіру болған жоқ, ешкім еш уақытта сотты болған емес; Маридің қаншалықты білуінше, оның анасы барлық уақытта еркіндікте келеді.

Тереза қызының толқынысын енжарлықпен, тіпті қатыгездікпен бақылап отырды. Бұл өзі енді ештеңені сезбеді, тек үкімді күтті. Бұл тіпті енді өзіне тағы бірдеңелер айту қажет бола қоймас деп пайымдады: бір-екі сұраққа жауап береді, сонымен бәрі де бітеді.

"Біздің отбасымызда кім өлді? — деп өзіне — өзі сұрақ қойды Мари. — Клара апайы? Кәрі қыз мұның есінде жоқ. Әйтсе де, істің мына тұрған әйелге қатысты болуы мүмкін емес; анасы мұны қашан да сүйеді және әлі күнге жылаумен жүр. Құрбандықты отбасынан тыс іздеу керектігі күмәнсіз".

Жаңбырдың жекелеген тамшылары балконды басқа дыбыстардан асыра тарсылдатқаны ауық-ауық естіліп тұрды. Қазір Мари өзінің жауап алуын бастайды... Тереза тек қана бірыңғай "иә" немесе "жоқ" деп жауап беруге ұйғарды. Бұл дайын тұрды. Кенет:

— Сіздің кінәңізден ешкімнің өлмегеніне маған ант етіңізші, — дегенді естіді.

— Ант етемін, Мари, ешкім де.

Жас қыз жеңілдене тыныстады.

— Апа, сіз еш уақытта тергеуде болған емессіз ғой... яғни сізді ешқашан да соттаған жоқ қой?

— Еш уақытта.

— Менің мұндай сауал беріп тұрғаныма сіз өзіңіз кінәлісіз: осының бәрі сіздің ашып айтпағандығыңыздан! Сіз мені кешіре аласыз ба?

Тереза басын шұлғыды.

— Егер сізде еш уақытта сот төрелігімен басыңызды арашалау болмаған болса...

— Мен мұны айтқан жоқпын, қызым... еш айтқан емеспін! Сенің сұрағыңа мені еш уақытта соттаған емес деп қуаттап қана жауап бердім.

— Сіз сөзді ойнатып тұрсыз ба?

— Жоқ, әрине! Мұны түсіну онша қиын емес: сот төрелігімен істес болдым, бірақ тергеу тез аяқталды, қылмыс құрамы болмағандықтан істі менің пайдама шешті. Бар болғаны осы. Енді кет.

— Бірақ, егер қылмыс құрамы болмағандықтан істі сіздің пайдаңызға шешкен болса...

Тереза орнынан тұрды да қызының қалпағы мен пальтосын алды және оны есікке қарай итермелемек болды. Бірақ кітап шкафының шығыңқы жақтауына сүйеніп тұрған қыз орнынан былқ еткен жоқ.

— Мари, мені аяшы.

— Сіз ешкімді өлтірген жоқпын дедіңіз ғой...

— Ешкімді.

— Демек, сіз кінәлі емессіз ғой?

— Жоқ, кінәлі емеспін.

Тереза қайтадан бәкене орын таққа шөгіп отырды да, шынтақтарымен тізелеріне сүйенді, әлдеқалай бүктетіле қалды.

— Енді бір ғана сұрақ, сонымен мен сізді жайыңызға қалдырамын, сіздің құрбандығыңыздың аты кім? Сіздің жауабыңыздан кейін кетуге уәде беремін. Ол бөтен әлдебіреу ме?

Тереза теріс ишара жасады.

— Біздің отбасымыздан біреу ме?

Бұл басын изеді:

— Клара апай? Жоқ... әкем бе?

Ол белгілері бойынша таныс адамдарды табуы керек бала ойынын ойнап тұрғандай еді. Айыпталушы көздерін көтермеді, қолдарын жазбады; оның бет-жүзі қыбыр етпеді, бірақ Маридің үстінен түскеніне сенімді еді. Тереза тас болып қатып қалған сияқты, ал жас қыз жаңа сұрақтар қоюды ойламастан, пальтосын түймелеп жатты. Жоқ, оның басқа ештеңені де білгісі келмеді, қалғанының бәрінің оған қатысы жоқ еді. Қазір оның басқаларды, тіпті туған анасын да ойлап жатуға мұршасы жоқ-тын. Оған өзінің Жорж Филоға тұрмысқа шығуы мүмкін еместігін түсінгені жеткілікті болатын. Мүмкін бұл жігітке берілудің бір амалын жасар... Оның тіпті соған келісе қоюының өзі беймәлім...

— Менің бөлмемде қолшатыр бар. Күте тұр... Жүрегім шаншып кетті, ол қазір басылады. Менің сені қонақ үйге дейін шығарып салғым келеді.

Мари оның еш қажеті жоқтығын айтты. Ол тек қонақ үйде бөлме алуға және темір жол билетіне төлеу үшін ақша қарыз беруін сұрады. Ақшаны Сен — Клерден поштамен қайтарады.

Енді оның анасына бірдеңеге міндетті болғысы келмейтіні көрініп тұрды. Бірақ түн ортасы ауып кетті, оны жалғыз жіберуге болмайды деп ойлады Тереза. Рас, "Д— Орсе" қонақ үйі екі қадам жерде.

— Сені түн ортасында көшеге жалғыз жібере алмаймын, — деп қайталап айтты бұл.

— Мен қайда барайын, ол осы жерден гөрі жақсы.

— Күте тұр, тым болмаса жаңбыр тыйылсын.

— Мен сіз маған ақша бере ме деп күтіп тұрмын.

"Мен сіз маған ақша бере ме деп күтіп тұрмын", — осы шолақ сөйлем Терезаға қандай таныс, мұның құлағына қандай үйреншікті! Егер сол жақ иығы мен қолы ауыра ма деп қорықпаса, бұл күлкіге басуға дайын еді. Бұның айтқаны:

— Түрегелуге көмектесші.

Бірақ бұл сөздерді ол тым бәсең айтқаны болуы керек, Мари сөзді естімеген сияқты. Сонда қолымен тас ошаққа сүйенген Тереза, ауырсынғаннан ыңқылдай жаздап, қинала орнынан тұрды да көрші бөлмеге етті. Мари құлыптың кілтінің бұралған дыбысын естіді. Ол енді анасын ойлап тұрған жоқ еді, оның ойында Жорж болды. Жорждың Парижге келгеніне міне бірнеше күн; қалай онымен жүздеспей аттанып кетпек? Түптеп келгенде, оның берген уәдесінде тұруының қажеті жоқ, өйткені қасіреттің бүкіл жай-жапсары оған баяғыдан белгілі екені күмәнсіз... Жо-жоқ, әлі ештеңе жоғалған жоқ! Ең ақылға қонымдысы, ертерек Сен-Клерге оралу және Жоржға өзінің өнімсіз сапары туралы ештеңе білдірмеуге тырысу. Жорж! Жорж! Осы сәт ол қыздың бүкіл ойын билеп алған-ды. Қайта келіп өзінің орын тағына отырған анасының күйзелісі Мари үшін ешқандай мәнсіз еді. Енді бұл өзі Жоржбен некелесу Тереза, Дескейрудің қызы үшін кез келген тұрғыда сәттілік деп айта алады... Тым болмағанда осы жағынан мұның міндетінің басы ашылды. Қауіп Филоның отбасы жағынан. Бірақ, шындап келгенде, гәп неде? Егер олар бұл некені іштей қаламаса, оған үзілді-кесілді қарсы шыққан болар еді ғой. Ең бастысы, Жорж салқындық көрсетпесін. Бәрі де Жоржға байланысты.

Енді Мари мәселенің екінші жағын ойлауға кірісті: Жорж бірнеше мәрте, әрбір ұрымтал сәтте, өзі басқа ешкімді керек етпейтіндігін бұған аңғартқан. Ол туралы ойлаудың өзі қорқынышты... Бұл неге өзін-өзі алдайды? Өздері бірге болған немесе бір-біріне жақын жүрген кезде Мари өзін сенімді сезінеді. Бірақ Жорждың Парижге кетуі бұл үшін қандай қауіпке айналып отыр! Ал енді, оның үстіне, бұл Парижде оның жанында тұру мүмкіндігінен айырылды... Алайда, шындап келгенде, бұның өзіне бойын алғашқы сәтте шарпып өткен сұмдық сезімге беріліп керегі не, керек пе еді? Мари жыл сайын бірнеше күн өзінің анасының қасында болуы тиіс деп біржолата шешілген емес пе? Жорж мұны өте орынды деп есептейді, Мари ол үшін өзінің Парижде болуын ұзартқанына келісе кетеді.

Иә, егер жақсылап пайымдаса, бұл нағыз нақұрыс қыз екен ғой өзі! Осыдан он бес жыл бұрын болған нәрсенің бұған еш қатысы жоқ қой. Мұның жасындағы қыз күні өтіп бара жатқан алжыған әйелдің, оның үстіне өзінің қылығын әсірелеп жіберетін әйелдің көзқарастарымен келісе кететіндей... Егер оның ісін жылы жауып қойса, онда оның кінәсі мұның өз-өзін сендіргісі келетіндей, соншалықты маңызды болмағаны ғой. Және, ақырында, анасы кінәлі болсын-болмасын, әлдебір ұмыт қалған оқиғаның жай-жапсары оның қызының өміріне неге әсер етуі тиіс? Мари анасының қарсысындағы орын таққа шөкті де, абайлап оның қолын сипады. Тереза селк етіп, басын көтерді де, өз көзіне өзі сенбеді: Мари бұған жымиып қарап тұрды; оның күлкісі, әрине, біршама зорланыңқы, еріндері жеңіл діріл қағады. Бірақ бір нәрсе анық еді: Мари райынан қайтты, оның айтқаны:

— Апа, мені кешіріңізші.

— Сен ақылыңнан алжасқан шығарсың! Менен... кешірім сұрап!

— Менің тіптен басым қатты. Алғашқы әсерге беріліп кетіппін... Мен мұндай жағдайда күйзелген кейіп білдіру қажет болғандықтан, жай қиналған бола салдым... Бірақ ол менің шын сезімім емес... Сіз маған сенесіз бе?

— Сенің мені аяғаныңа, мені жұбатқың келетініне сенемін...

— Апа, тыңдаңызшы, мен сізге қазір бір дәлел келтірейін...

Анасы Мопасанның "Пьер мен Жан" деген шығармасын оқып па еді? Мари ол кітапты бір жолы "Панбиблионнан" абонемент бойынша алған. Жорж оны "мылжың" деген, сол дәуірдің барлық романисті оған үстірт сияқты көрінеді... Иә, "Пьер мен Жан" сондай туынды деп келісуге болмайды... Ол шығарманың бүкіл оқиғасы сол, біреудің ұлы өзінің ойнастан туғаны және анасының ынтық астыртын сүйіспеншілігі туралы біліп қояды... Содан! Мариге балалардың өздеріне өмір берген жандарға төле би болу құқығын алатындары, олардың өз ата-аналарының жеке өмірлерінің ұңғыл-шұңғылына қанағат ететіндері, өздері ашқан жаңалықтарға күйінетіндіктері немесе безіп кететіндіктері тіптен орынсыз сияқты көрінеді...

— Иә, солай, сіздердің жағдайларыңыз біршама басқаша екендігін мен жақсы білемін, бірақ түптеп келгенде, мұның бәрібір шамалас нәрсе! Қайта керісінше, мен енді өзімді сіздердің араларыңызда жеңіл сезінетін боламын. Мен ештеңе білмегенше, сіздердің отбасы көзқарасын ұстанатындықтарыңыз әрі ол ұғымдардың кейбірін қолдау маған орынды көрінетін, бірақ бүгінгі әңгімеден кейін сіздер мені бұған иландыра алмайсыздар...

Тереза шиыршық ата Мариді бақылап отырды; міне, қызы қайда ойысып барады; толық мойындаумен берілген анасы өзінің одақтасы болады және кім біліпті, мүмкін өзінің Жоржбен кездесуіне рұқсат етер деп үміттенетін сияқты...

— Мари, тыңдашы...

Бұл сөз іздеді... Мына азапты текетірес қашан бітер екен, ақыры?

— Мари, мені айыптағың келмейтіні дұрыс-ақ; бірақ сен енді мені сондайға қабілетті деп жазғырып тұрсың ғой...

— Сіз мұны қайдан алдыңыз? Мен тек сізден кез келген ана өз қызы үшін істей алатынды ғана сұрап тұрмын.

Мари енді даусына нәзік реңк беруге тырыспады. Ол қасаң сөйледі. Тереза оны үзіп жіберді:

— Сен енді әкеңнің шағымдануы үшін желеу тауып беруге неліктен қақым жоқ екенін түсіндің ғой?

— Сіз қандай пайымдысыз, апа! Егер қазір сізді тыңдай қалса, ешкім өз құлағына сенбес еді.

— Мари...

Кенет қыздың жыны қозып кетті.

— Бірақ, түптеп келгенде, сіз өзіңіз ғашық болып көрдіңіз ғой; оның не екенін білесіз. Мен үшін бұл әлі тың нәрсе, бірақ енді мен үйренер ештеңе жоқ сияқты. Қайталап айтайын: егер мен Жоржды күн сайын көріп тұрсам ғана оған сенімдімін. Ол көзден тайса болды, мен одан айырыламын. Оның осы Парижге келуі сұмдық сын болып тұр... Былай ұйғардым — мен сізбен бірге тұрудан бас тартамын, бірақ егер мен осында келіп шамалы мерзім тұрсам, ешкімге де ерсі көрінбейді...

— Бұл орайда мен сенің әкеңнің нұсқауына жүгінетін боламын.

— Сіз мұны қандай мәніспен айтып тұрсыз! Бұл парасат пен буржуазиялық ұстанымның сіздің аузыңыздан шыққан пайымы...

Тереза оны күрт үзіп жіберді:

— Жетер, енді! Менің енді шамам жоқ екенін қалай сезбейсің? Мә, кілтті ал. Ac үй шкафынан жайманы ал да, бұрыштағы бөлмеге өзіңе төсек сал. Ертең пошта ашылысымен әкеңе жеделхат саламын... Болды! Сөз бітті.

Бұл Мариге қарамастан кілтті ұсынды. Қайтадан басын көтерген уақытта қыз бөлмеде жоқ еді. Тереза пәтердің түкпірінде төсек шкафының құлпы шиқылдағанын, сонан соң әрі-бері кезген жүріс-тұрысты естіді. Біршама уақыт еткеннен кейін Тереза алдыңғы бөлмеге өтіп, құлақ түрген кезде қызының ұйықтап жатқан біркелкі тынысын естіді. Енді, жатуға болады! Әрине, ұйқы келе қоймас, бірақ төсекте созылып, өлген адамдай қимылсыз жатқан қандай жақсы. Алайда, ойлағанындай болмады, жарықты өшіріп, көзін жұмғаны сол-ақ екен, ұйқыға еніп кетті. Мұның терең әрі қатты ұйықтап кеткені сондай, осы кештегі болған жайттан ештеңе түсіне кірмеді; айтқандарынан бірде-бір сөз мұның санасының түкпірінен қалқып шықпады. Тағдыр азапты жанға толық тыныштық беріп, қол ұшын созды. Көрші бөлмеде тас ошақта жалын жылмаңдап шалқып жатты. Таңғы шапақ сәулесін бейберекет тұрған жиһазға, әлгінде ғана Тереза отырып алып қаншама күйді бастан кешкен бәкене орын таққа, дөңгелек үстел үстінде ұмыт қалған шампан шишасына түсірді.

III

Терезаны шаңсорғыштың шуылы оятып жіберді. Алғашқыда: "Аннаға ескертуге енді тым кеш" деген ой келді. Сірә, ол қыз жатқан бөлмеге кірген болуы керек. Тереза ескі мақта желеңін жамылып қызметші жолығуға шыққан кезде, оның көңілі түсіңкі екенін көрді.

— Сіз бөлмеде болдыңыз ба?

— Иә, өте бейберекет.

— Сіз оны оятып жібердіңіз бе?

— Онда ешкім жоқ.

Тереза асхана арқылы өтіп есікті ашты: шағын бөлме расында да бос екен, чемодан да жоқ.

Мари, сірә, Бордо пойызымен жүріп кеткен болар, бірақ ол әлгі бозбалаға жөнелуі де мүмкін ғой...

— Кофе әкелейін бе, ханым?

Тереза Аннаның сөзінен кекесінді-бағыныңқы сарынды аңғарды. Бұл:

— Кеше кешке, сіз кеткен соң, маған күтпеген жерден қызым келді. Оның менімен қоштаспай кетіп қалғаны мені таңғалдырып тұр. Сірә, ол мені оятуға батпаса керек.

— Сол келістен соң тәуірленіп кеттіңіз бе, ханым? Енді ауырып тұрған жоқсыз ба, ханым?

Тереза зілді қыжыртуды түсінбеген кейіп танытып, өзін әлі біршама шаршау сезініп тұрғанын айтты. Сол кезде Анна дөңгелек үстелше үстінен ұмыт қалған шампан шишасын алды да:

— Міне, мынау өте көмектескен болар, ханым? (Сөйтіп ол Терезаға кекесінмен көз тастады). Мен ауруханада жатқанымда маған операциядан кейін шампан берген болатын. Сол мені аяғымнан тұрғызып жіберді.

Тереза иықтарын қиқаң еткізді — қызметшіге түсіндіріп жатуға тым қажулы, өте селқос еді. Киініп жатып: "Оның пікірінің маған қажеті қанша?" деп ойлап қойды. Бірақ осы ойдан айналшықтап шықпай, тіпті Мариді ұмытып кетті. Терезаның Аннадан көргені — айнымас қошемет — оның құрметі, өзінше бір биязылығы, тіпті мейіріммен аялауы еді. Қызметші қыздың бұған деген сенімі алғашқы күмәннан-ақ шайқалып сала беруі үшін ол талай өсек-аяңды естіген болар-ау... Сүйкімді Анна... Демек, Терезаға осы өзіне берілген соңғы адал жүректен де бас тартуға тура келгені ме. Бұл бүкіл өмір бойы осы өз абыройы туралы ойлап өтуі тиіс еді; қазір алдымен еш кідіртуге болмайтын шаруаны істеуі керек: Бернарға жеделхат жолдап, жауапкершілікті өзінен алуы тиіс. Мари дұрыс айтады: өздерінің отбасыларында орнығып қалған бүкіл қағида, ауыздарынан тастамайтын барлық сөз Терезаның есіне түсті. Жауапкершілікті өзінен алуы тиіс.

Гренель көшесіндегі пошта бөлімшесінен шығып, бұл бір сәт әрі-сәрі күйге түсті: үйге қайта оралып, Аннаның жиренішін тағы да сезіне ме? Жоқ, оған шамасы жетпейді. Бұл түскі тамақ жөнінде де тапсырма бере қоймаған-ды... Оқасы жоқ! Анна күте тұрады. Осы бір ашық та салқын күздің күні көше Терезаны тартып тұрды. Бұның дәмхана бастырмасы астында дамылдап алуына, киноға кіруіне болады. Саябақтарда орындықтар бар, сонда күн көзінде отыра тұруына болады, шіркеу бар, Тереза онда қара көлеңкеде көлбеңдеген бірнеше жанның арасында әлдекімнің сырына ден қойған сияқтанып, көрінбейтін есікке құлақ түре алар еді. Қазір бұл үшін ең маңыздысы — Бак көшесіне жоламау, езінің жан азабы сіңіп қалғанына қабырғалардың, ана төбелердің еңседен басуын сезінбеу; о, ең бастысы — Аннаның тосын, әлгі өңменен өтер кейпін көрмеу, кеше кешкі сұмдық оқиғаға ойша қайта оралмау: "Мен өзімді кінәлімін деп мойындадым, өз сырымды аштым және қазір Мари әлгі бозбалада отырса, бекер болған шығар... Қызымның сүйіспеншілігінен босқа айырылдым... Жоқ, — деп бәсеңдеу үстемелеп жіберді (бір топ оқушы бұған бұрылып қарап, көздерімен ұзатып салды) — бүгін таңертең маған енді бәрібір. Бұл менің мазамды ала қоймайды..."

Бұл қызына біртүрлі немқұрайды: сірә, Аннаның пікірі бұл үшін маңыздырақ болғаны — ау. "Онда тұрған не бар! Иә, бұл солай..." Мариді қайта бауырына басу ниеті әлі мұның жүрегінде тамыр жайып үлгермеген; бұл орайда Аннаның өзі, Аннаның құрметі, жақсы көруі бұл қаңғыбас жан үшін тіршілік нәріне айналған ғой. Бұл енді одан да айырылды... Мұнда енді ештеңе қалған жоқ... Сен — Жермен бульварының мына табан жолында қазан айының ертеңгілік сәулесімен тұманда, асфальт пен кепкен жапырақтар иісі аңқып тұрған тұман арасында келе жатып, бұл ештеңе қалған жоқ, ештеме қалмады деп қанша қайталағанымен, өзін азап шеккен жандай сезінбеді, қайта азат, нақ қандай екенін өзі білмесе де, бір операцияны бастан өткергендей, бұл енді әлдебір сиқырлап тастаған шеңберді шыр айналып жүрмегендей, кенет алға қарай тартып кеткендей, әлдебір мақсатына келе жатқандай күйде еді. Өткен түнгі жекпе-жекте бұл сиқырды бұзған әлдебір сөздерді айтты ма, әлдебір әнтек қимылдарды жасады ма? Әдеттен тыс бұл не істеп еді, әлде не сөз айтып еді? Қалай болғанда да, мұның алдында бір нәрсе айқын еді; бұл белгілі бір бағытты бетке алып бара жатыр еді.

Кеудесінің осы бір қысқаны, осы бір тұншығуы, өліп бара жатқанын жан-тәнімен осы бір сезінуі болмаса, бұл мұратына жеткендей еді... Сен – Жермен – де-Пре шіркеуінің үстінде көсілген аспан қандай ғажап! Мұны көргенде жүздеріне күлкі үйірілген мына жас адамдардың алай-түлей өңдері бұған қандай ұнайды! Бұның өлгісі жоқ! Мұның өліп кетуге титтей де ниеті жоқ еді!

"Des deux magots" дәмханасының бастырмасында отырып алып, бұл жеңіл масаң күйге түсуге тырысты, өзін күштеп абсент шарабын ішті. "Өзіміздің менмендігімізді жегідей жер ұят-аятты қою керек, — деп ойлады бұл. — Көкіректі керуге жарар амалдың бәрі жақсы. Мари өз тергеуін жалғастырмағаны үшін мен бүгін түнде қапа болдым. Мен оны өзім ойлап жүргенімдей, қатты таң қалдыра алмадым... Менің өмірімде іске аса қоймаған қылмыс болып еді... Қазір осы алаңшада, осы дәмханада топырлап отырған мына адамдардың әрқайсысының өмірінде өзінше бірдеңе бар. Егер адамдар өздерінің жасаған қылмыстары, өздерінің кемістіктері, өздерінің кемшіліктері, сондай-ақ өздері қайырымды іс деп атайтындары да мән-маңыз беруге арзымайтынын түсіне алса ғой... Тіпті өзін-өзі біржолата құрбан ету де түкке тұрмайтын сый... Менің бүгін түнде Мари үшін өзімді құрбандыққа шалғаныма өзіме-өзім риза болып, пасықтықпен кеудемді керуім жиренішті-ақ. Осы пасықтықтың басын жұлып алар ма еді. Өзіңді-өзің мейлінше әрі орынды жек көру..." О, міне қайда, қай бағытқа қарай жүру керек бұдан әрі. Бұл өзінің абайсыз қимылымен ұстағанды құлатып, сындырып алды. Көрші үстелшеде отырған жас жігіттердің бірі орнынан тұрып, сынықтарды жинап алды да, қалпағын шешіп тәжім ете, жолдастарының күле құптауымен, сынықтарды Терезаға салтанатты түрде ұсынды. Тереза ештеңе айтпаған күйі оған өзінің жанарлы көздерімен тесіле қарады. Анық қысылған жігіт ұстаған сынықтарын үстелге мұның алдына қойды да, байсалды кейіппен:

— Бізге ренжімеңіз, ханым, жаспыз ғой, — деді.

Тереза оған басын шұлғып жымиды: "Менің бірдеңені сезуге мұршам жоқтығын бұл білмейді ғой", — деп ойлады.

Бұл Рени көшесімен жүрді, сонан соң Гете көшесімен дю — Мен авенюіне дейін барды, жарлы – жалқы байлар тұратын әлдебір маңда адасып кетті де, бірер минут демалып алуға тоқтауға мәжбүр болды. Қарсы бетте тура алдында табан жол шетіндегі ет дүкенін — жылқы етін сатып жатқанын көрді. Жасы белгісіз, жалаң аяғына киіз туфли киген екіқабат әйел қып-қызыл еттің бір кесегін өзі үшін таразыға тартып жатқан ет сатушыны жіті бақылап тұрды. Тереза қазір өтіп бара жатқан таксиді тоқтатады да жақсы мейрамхананың мекен-жайын атайды. Баспанасы бар адамдар нағыз қиындық көрудің не екенін біле бермейді. Терезаның барлық уақытта басында баспанасы болған еді.

"Күмбезге", — деді бұл автомобильге отырып жатып. Бұл өзін ақшасыз қалдым деп есептейді, бірақ мұның қолындағы қаражат сары қағазға оралған кесек қызыл етті алып кеткен әйелге өте мол көрінер еді. Өзіңнің шеккен азабың туралы ойланып-толғануға мүмкіндігіңнің болуы, ол ойға мәжбүрлеу арқылы емес, өз ниетіңмен берілу азаптануға жатпайды. Бейпіл жүруге бойымыз үйренген. Біз үшін молшылықта күн кешу де азап. Бір жерде бөлмеге тығылып жатып, ағыл-тегіл жылап алсаң... Қалған уақытта қолыңда ақшаң болса... Тереза осылай ойлап отырды, бірақ бұл оның даяшыға:

— Сізде бір шөлмек жақсы шампан бар ма? Онда мұздатылғанын әкеле қойыңыз..., — деп айтуына кедергі болмады.

Тереза үйге кеш оралды. Ол сөмкесінен есіктің кілтін іздеймін дегенше Аннаның даусын естіді.

— Бұл ханым болар?.. Иә! Соның өзі. Бикеш сағат алтыдан бері сізді тосып отыр. Тамақтанып алды... бірақ асқа еш тәбеті шаппады.

Тереза бірден қуаныш сезіміне бөленді: Анна мұны жалған айтты деп күмәнданбайды, ол енді өткен түні пәтерде нақ Маридің қонғанына шүбә келтірмейді.

Тереза қалпағын да, өзінің көнетоздау пальтосын да шешпестен қонақжайға өтіп кетті. Бұны көргенде Мари орнынан тұрды, оның жүзі бұрынғыдай жайдары емес еді. Өңі қуарған, еріндері ісіңкіреп кеткен сияқты. Ол сұлық еді. Оның анасына алдымен хабарлағаны – Сен — Клерге жеделхат салғаны, келесі күні сонда қайтатыны.

— Сенің тағы да мені көргің келді ме?

— Иә, біріншіден, билет алар ақшаға байланысты; сіз кеше берген ақшаның бір бөлігін бүгін жаратуыма тура келді...

Ол жауап күтіп үндемей қалды, бірақ Тереза оған үнсіз қарап тұрды. Сонда қыз батылданып:

— Мен Жоржды көрдім, біз таңғы асты бірге іштік..., — деді.

— Содан?

Мари жауап қайтара алмады. Оның көздерінен жас ытқып кетті. Ол сөмкесінен дымқылданған орамалын шығарды.

— Бірақ, қызым, мен ешқандай тың мән-жайды көре алмай тұрмын...

— Тың мән-жай сол, мен оған сіздің ... сіздің өмір тарихыңыз туралы өзіме белгілі екендігін мәлімдедім. Бұл оның менімен мейлінше ашық сөйлесуіне мүмкіндік берді. Оның ата-анасы сол жайтты білгелі бері біздің некелесуімізге барған сайын қарсы болып отыр екен... Және бұл әлгі қасіретке емес, сіз талай жылдан бері ұстанған өмір салтына байланысты екен... Сөйтіп, күткендегіден де жаман болғанын біліп қойыңыз! Бұл сіздің кінәңізден! Бұл сіздің кесіріңіз!

Тереза бүкіл күні бойы тек түс көрген екенмін, қазір сол тапал орын тақта, сол аяусыз, қатулы төрешінің алдында көзімді ашып, ұзақ ұйқыдан оянған екенмін деп ойлауға бар еді. Бұл қарсылық білдірді:

— Жоқ, Мари, айталық, мен сүрген "өмір салты" рас болсын делік, — мені не деп кінәлайтындарыңды білгім келеді, егер мен сені дұрыс түсінсем, бұл өмір салты сендердің мүмкін некелесулеріңе олар ешқандай қырын қарамай тұрған кездің өзінде-ақ белгілі болғаны ғой.

Мари күңгірт түсіндіруге кірісті: ол уақытта Фило шал Дескейру айтарлықтай ауқатты деп есептеп, қалғанының бәріне көз жұмған сияқты. Қазіргі кезде екі отбасы да күйзеліс үстінде, Филоға ақша қажет.

— Оның сөзіне қарағанда әкесі оған: "Кімге үйленсең, оған үйлен, бірақ құмдақтағы жерлес қыз болмасын!" деп қайталап қоймайды екен. Біздің оған көп желеу беріп отырғанымыз өзінен-өзі түсінікті... Жорж, әрине, әлдебір пайдакүнемдік ойлардан аулақ, бірақ оның әлі өз қолы өз аузына жеткендей жағдайы жоқ қой. Оған заң факультетін тамамдауы керек... Және, бұдан басқа, оның менен гөрі көңілі ауатын, оны менен гөрі қызықтыратын нәрселер де жеткілікті!

Қыз орын тақ қаптамасына бетін басып жылап жіберді. Енді не істемексің деп сұрады одан Тереза. Ол Сен-Клерге оралып, үміті болып тұрған сол кездің езінде өзіне төзгісіз көрінген өмірін сүре бермек.

— Бұл енді өлім ғой.

Бүктетілген қолымен бетін жапқан Мари Терезаның құлағына әзер жеткен әлдебір сөзді міңгірледі:

— Сен қазір не айттың?

Қыз анасына қатулы әрі шиыршық ата қарады:

— Қалай болғанда да, маған дөп тигіздіңіз дедім.

— Сен де Мари, сен де құр емессің, сенің әрбір айтқаның нысанаға дәл тиіп жатыр.

Тереза қолдарын ысқылап, бұрыштан-бұрышқа кезіп кетті. Бір тәулік бұрын осы бөлмеге Маридің қуанышты кейіпте келгенін есіне түсірді, өзінің жан дүниесі кенет гүлденіп сала бергенін, бәрі-бәрін ойына алды, "міне, осыған әкеп тіреу үшін екен-ау!", — деп ойлады бұл ұйқысыздықтан, ызадан, жек көруден ұсқыны қашқан қызының сүлесоқ жүзіне көз тастап. Иә, Тереза мына жек көруге лайық. Ол екі жүзділікке салынып, тағдырын кінәлап жатпайды. Егер бұл түзетілмес сол бір әрекетті жасамағанның, егер желтоқсаннан шілдеге дейін – Сен-Клердегі шағын қонақжайдың бас алаңға қарайтын терезесінің алдына, ал қалған уақытта — Аржелуздағы үйдің залына жайғасып, өмір бақи Тереза Дескейру ханым болып күн кешкеннің өзінде, қызы бұл үшін қазіргіден артық бола қоймас еді; Терезаның болмысында аналық қасиет жоқ — басқа әйелдерді өз өмірін өздері дүниеге әкелген балаларына арнауға жұмылдыратын түйсік сезімнен бұл түсініксіз әлдебір себептермен ада. Иә, Тереза, егер оның өмірі ешқандай сілкініссіз бір тегіс өткеннің өзінде, ол күндердің бір күнінде өзінің қызы бір әйелді көріп, кешегідей қатты қайран қалған болар еді. Қызымен бір шаңырақтың астында код жыл бірге өмір сүрсе де, бұл кенет өзінің ұнататын және ұнатпайтын талғамы бар, бүкіл тұрпаты Терезаның ықпалынсыз бірте-бірте қалыптасқан, бой түзеуіне Тереза зер салмаған, еш қатысы болмаған, бөтен, бейтаныс Мариді көрген болар еді. "Бұдан ештеңе өзгере қоймас еді". Дегенмен, бүгінгі кеште мұнан есеп беруді талап ету үшін ғана осында келіп отырған дұшпанының алдында Тереза өзін кінәлімін деп мойындайды, кінәсін жеңілдетер бірде-бір уәжді көлденең тартпайды. Мұның қылмысы — басқа қылмыстарының тізбегіндегі әуелгі бастау қылмысы-өзі ортақ заңнан тыс өмір сүруге жаратылса да, заңға бағынғаны — өз өмірін еркекпен байланыстырғаны, бала туғаны болса керек.

Жоқ, бұл да әлі ештеңе емес! Егер мүлде аналық түйсіктен мақұрым болса, онда кеше кешке Мари мұның пәтерінің босағасын аттағандағы қуанышын немен түсіндіруге болады? Бұрынғы жеңілісінің есесі қайтып, отбасын жеңгеніне ме? Мүмкін... Бірақ мына балапанының жан азабын көргенде сұмдықты сезінуі қайдан келді? Кінәсін жуып-шаю ниеті қайдам туып отыр? Бұл өмірін қияр еді... Бірақ, егер өмірді қию жеткілікті болса, бәрі тым қарапайым болып шықпай ма... Біздің өміріміз ешкімге де қажет емес, өз қаныңмен ештеңені сатып ала алмайсың. Немесе өзіне-өзі қол салуы керек пе, ондай жағдайда мұны ертерек істер еді ғой... бірақ соның өзінде де көзі жетпейді! Терезаның күнәсі бәрібір байғұс Маридің тағдырын күйелей түскен болар еді. Осы біреуге күнің сұмдық қарап қалу кімге керек? "Өзім өліп кеткеннен кейін де сенің өміріңді уландыруым қазіргіден кем түспес... Саған не беруге болады? Ақша..."

Тереза кенет бұрыштан-бұрышқа кезуін тоқтатып, көздерін қызына тігіп, орнында тұрып қалды:

— Мари, менің басыма бір ой келді.

Қызы тіпті басын да көтермеді. Шынтағымен тізесіне тіреліп, бүкіл денесімен екі жағына теңселіп отырды.

— Тыңдашы, маған бір ой келіп тұр.

Тереза асықты, ойланып жатудың қажеті жоқ, алға басу керек, өзінің кері шегіну мүмкіндігін кесіп тастауы тиіс.

Ол бастап жіберді.

— Қызым, егер мен сені дұрыс түсінсем...

Шын айтуында, мұны мойындау көңіл көншітпесе де, өкінішке қарай, өмірде әрдайым дерлік бәрі әл-ауқатқа келіп тіреледі. Бір жағынан алғанда, жігіт Мариді ардақтайтын сияқты, бірақ қалыптасқан жағдай оған әкесінің еркіне қарасы келуге мүмкіндік бермейді. Бұл солай ғой, рас па? (Мари басын жеңіл изеді, енді ол анасының сөзін зейін қойып тыңдады). Ал екінші жағынан, елеулі қаражатқа мұқтаж Фило әке өзінің ұлы құмдақтың қызына үйленгенін қаламайды. Бұл күресте күштердің орналасуы нақ осылай екеніне келісіп, Мари тағы да басын изеді.

— Енді мен Лароктар тарапынан маған тиесілінің бәрінен сенің пайдаңа бас тартсам ше....

Иә, мәселе, әрине, құмдақ туралы: анау-мынау емес, үш мың гектар орман жайлы, оны әкесі ішінара кескен, қазіргі кезде Терезаның кірісі қатты азайып кеткені де сол жағдайдан еді; бірақ қалай болғанда да, бұл жердің келешегі зор — жақсы тамыр алып кеткен қарағай көшеттерінің он бес жылдық өскіні, дағдарысқа қарамастан, бірнеше миллион франк қаражат қорданы құрайды. Егер Филоға ақша дереу керек болып тұрса, осы жердің бір бөлігін кепілге салуына ештеңе бөгет болмас еді... Тереза дәл есебін білмейді, оны әне-міне күтіп отыр, күнделікті жұмсауына ақшаға мұқтаж болғандықтан, бұл есеп-қисапты күйеуіне айтпастан, өзіне ғана хабарлауды өзінің нотариусына тапсырған-ды. Қалай болғанда да, Фило осындай жолмен өзіне қажетті қаражатты ала алады деп пайымдауға негіз бар. Ал қазір Филоның шаруасы шайқалып тұрған жағдайда, Жорждың "сенің әжең айта беретініндей, басқа жерде іздегенге — сұраған" кездестіре кетуі неғайбыл

Соңғы тіркесті Тереза көңілденіңкіреп айтты, өз басына тиесілінің бәрін құрбандыққа шалуға бармын деген бір ғана ойдан сондай жеңілденіп сала берді. Бірақ Мари иықтарын қиқаң еткізді: бұл мүмкін емес, анасы өзін тақырға отырғыза алмайды, өйткені оның өзіне тұрмыс-тіршілігінде талғам ету үшін бірдеңе алып қалуы қажет қой; ол жөн-жосықсыз қиялға беріліп кетті; оншақты минут ойланса, өз ниетінен айниды.

Тереза бұл туралы талайдан ойлап жүрмін, бұған келтірген жаманшылықты аздап болса да түзеу өзі үшін айтып жеткізгісіз бақыт екенін, қарттарға арналған әлдебір қарапайым жатақханада өзі үшін төлем жасап тұруға жетерлік болмашы ғана үлеспен қанағаттанатынын айтып, қарсылық білдірді. (Жағдайдан шығудың бұл амалын ол тап қазір, соңғы минутта ойлап тапты, алайда ондай жайлардың бірінде тұрғаннан гөрі, әлдебір болымсыз күркешікте аштан өлгенім жақсы деп, бекем бел байлады). Талайдан бері өзі көп нәрседен тартынып жүргенін, жүрегі ерте ме, кеш пе, бәрібір "сыр беретінін" (дәрігер оны бұдан жасырмайды), енді бұған өзінің күндерін өткізетін бір бұрыш қана керектігін қосты.

Мари енді бұрынғыдай табандылық көрсетпегенімен, мұндай құрбандықты қабылдай алмаймын деп өзеуреді, оның үстіне әкесі де осы ұйғарымды құптауы керек және, ақырында, Филолардың өздері бұл мәмілеге ден қоюлары қажет. Бірақ Терезаның бәріне де жауабы дайын еді: неке келісім-шартында бұл өзіне тиесілі мүліктердің толық меншік иесі болып қала беретіні айтылған. Күйеуі мұның шешіміне ештеңемен кедергі келтіре алмайды, алғашқы сәтте мүмкін қайран қалар, бірақ қарсылық жасауға онда ешқандай негіз жоқ... Филоларға келсек...

— Тыңда! Сенің Жоржыңмен кездескенімді қалайсың ба? Мен оған бүкіл осы амалды түсіндірейін де?

— О, жоқ, ең бастысы — бармаңыз... көзге көрінбеңіз... Егер мен сіздің жаныңызды ауыртсам, кешіріңіз, бірақ меніңше...

Тереза басын шайқады. Жоқ, Мари мұны ауыртып тұрған жоқ — бұл енді ауру-сырқауын сезінуден қалды. Бірақ нақ әлгі бозбаланың бұл туралы түсінігі, сірә, теріс болса керек, оның мұны көргені, дегенмен, жаман болмас еді.

— Меніңше, оны бір ғана мен иландыра алатын сияқтымын, менің жоспарым екі жақты тиімді, өйткені ол әке Филоның қарсылығын тойтарады: ол өзіне қажетті қорды алады және Тереза Дескейруден (бұл бір сәт толқып кетті) құтылады... Түсінесің бе? Мен елеусіз көзден ғайып боламын, жоғаламын, менің өлгенімді ешкім де білмей қалады.

— Жоқ, — деп қарсыласты Мари. — Бұл туралы сөз болуы мүмкін емес! Мойындаймын... егер сіз Жоржбен жолықсаңыз, онда сіздің ойыңызша, оның маған қалай қарайтынын маған айта алатыныңыз мені біршама қызықтырады... Әрине, оның өте сақ болатыны өзінен-өзі түсінікті, өз сырын алдыра қоймас... Бірақ сіз сұңғыласыз ғой. Менің сізге не айтқым келіп тұрғанын түсіндіңіз бе?.. Сізге не болды, апа, ауырып тұрсыз ба?

Тереза көздерін ашып, зорға жымиды:

— Жай... Мен күні бойы жүрген едім... Алаң болма. Маған бірдеңе жеу керек. Анна маған әкеп береді. Саған да демалу қажет. Менің айтқаным туралы ойлан.

— Анна, маған шешінуге көмектескеніңіз қандай дұрыс болды... Қыздырғышты дайындаңыз ба... Жатқан қандай жақсы! Жастықты шамалы көтеріңізші... Міне, осылай. Шамның бүркемесін түсіріңкіреңізші. Сорпаны суыттыңыз ба?

Анна шыны аяқты ұсынды.

— Сорпа ішесіз бе, ханым?.. Бикеш жатып қалды.

— Онда ас үйде салдырлатпаңыз. Қазір сағат әлі он. Сіз бүгін кешке кетесіз бе?

Анна басын шайқады: бүгін кешке ол өз жасауын тікпекші.

Ондай жағдайда, егер сіз қарсы болмасаңыз... небәрі он бес минутқа... жұмысыңызды алып келіп осында отырыңызшы... Біз әңгімелеспейміз. Бірақ сіздің жанымда болғаныңыз маған жағады. Мен жақсы демалатын боламын.

— Егер бұл ханымға ұнаса...

Терезаның бала күнінде өзі ауырып қалған кезіндегідей, шам жарығы төбеге шеңберленіп түсіп тұрды. Сонда бұл шамның жарығында жай кенеп матаны кесіп жатқан дөрекі қолдардың епетейсіз қимылдарын бүгінгі кешегідей бақылап жататын.

Тереза бір сырды сезеді: біздің әрекеттеріміздің қалың қатпары астарында бүлінбеген, өзгермеген сәби жаны өмір сүріп жатады, ол рух уақыт билігіне мойын сынбайды. Қырық бес жасында Тереза қайтадан сол баяғы ымырт түскен кездегідей сергіп, күтушінің жанында болуы тыныштандырған кішкентай қызға айналды.

— Анна, бүгін таңертең не ойладыңыз?

Қызметші селк ете қалды:

— Бүгін таңертең?

— Иә, сіз умаждалған төсекті, бейберекеттікті, шампан шөлмегін көргеніңізде?

— Ештеңе ойлағаным жоқ, ханым.

— Сізге мен туралы талай жаман сөзді айтқан болар-ау? Рас па! Есік күтуші әйел... қасапшы.

— Қасапшыға келсек, оныңыз бекер, ханым! Оның үстіне, олай емес екенін мен білемін ғой. Егер біреу бірдеңе дер болса, оны айтар тек мен болармын?

Тереза ештеңе деп жауап қатпады. Ол алқымына жас тығылғанын сезіп, тынысын ірікті. Анна мұнысын байқамауы тиіс. Бірақ жылап жатқанда қалай көз жасынан тынысың тарылмайды, өксімейсің, тұншықпайсың (өйткені біз он жаста әлде елуде болсақ та, қашан да бала жылайды, тек бала ғана солай ете алады...).

— Ah, ханым, ханым!

— Ештеңе, Анна, ештеме...

— Бикеш пе сіздің көңіліңізді бұзған!

— Бәрі жақсы, көріп тұрсыз ғой! Мен қазір ұйқыға кетемін. Менің қасымда тағы бірер минут бола тұрыңызшы.

Бұл көздерін жұмды да, бір минуттан кейін қызметшіге кете беруіне болатынын айтты. Анна жұмысын жиыстырып, орнынан тұрды.

— Жақсы жатып, жайлы тұрыңыз, ханым.

Тереза оған дауыстады:

— Сіз менің бетімнен сүймейсіз бе?

— О, әрине, шын көңіліммен...

Анна ернін сүртті.

IV

— Әрине, қызым, мен сондай ақымақ емеспін ғой! Мен оған әлдебір қысым жасау үшін келді деген ой оның басында еш туа қоймайды; мен тіпті онымен бұл тақырыпқа әңгіме қозғамаймын да... Сөз тек мынаған тіреледі: егер сен күйеуге шыға қалсаң, ол менің ниетімді біле жүрсін... Біздің кездесуіміз бірер минутқа ғана созылады деп ойлаймын...

— Дегенмен, ол сізге ілік берсе, оны ашығын айтуға итермелеңіз, білуге тырысыңыз...

Мари тас ошақ жанындағы айна алдында тұрып көзіне қысқалау перде байлап жатқан анасына таңырқай қарады. Тереза беті мен ернін сәл-пәл бояп еді, кенет тіптен басқа әйел болып шыға келді, бұл қазір жасағалы тұрған қадам мұның адамдар ортасына оралу ниетін туғызған сияқты. Ол сахнаға кайта шыққан әйел сияқты өзіне әлдебір ролді қайтадан тауып алды, сөйтіп барлық ұмыт болған қимыл-қозғалыстары есіне түсті. Мари де бұрынғыдай жайнаң қақты; ұйқыдан кейін сергіген түрінде көздері үміттен жайнап кетті.

— Мүмкін сіз оны таба алмассыз... Дегенмен, жоқ! Ол ылғи қонақ үйдің өзінде тамақтанады, өйткені ол толық пансион үшін төлейді... Егер ол әлі келе қоймаса, күте тұрыңыз...

— Жақсы, қызым, жақсы! Алаңдама.

Күн кешегіндей еді, сондай жеңіл тұман түскен. Тереза Жорж Филоның вокзал жанындағы Мопарнас бульварындағы қонақ үйіне дейін жаяу барады. Бұл не айтатынын ойлаған да жоқ. Қазір бұның назары көпір жолының ортасында қазылған орда жұмыс істеп жатқан адамдарға және арбасы тиелген әне бір жасөспірімге, тіпті қабырғаға сүйенген, бірақ қайыр сұрап қол жаймай тұрған әйелге ауды. Тереза өз мүлкінен бас тартуға бекем бел байлады — өзінің осы бас тартуына қуанышты еді. Бұнысына әзірге өзіне-өзі риза. Өзінде тек аштан өлместей ғана бірдеңе қалатын кездегі өмірі қалай боларын көзге елестету мүмкін емес. Бірақ бұл титтей де қорқыныш сезіміне беріліп отырған жоқ. Өзін қорқытуға босқа тырысып, "Сондай жағдайға тап болғанда, көресің" деп қайталай береді. Мүмкін бұл бір орайлы күні өз уәдесін орындауына тура келетініне сенбейтін болар. Ол той бола ма өзі. Оның үстіне, егер отбасы мұның дүниеден бас тартқанына келіскен жағдайда, Бернар Дескейру мұның ештеңеден мұқтаждық көрмеуін ойластырады. Бірақ бұның, әрине, әлдеқайда қарабайыр тұрмыс кешуіне тура келеді. Бұл алда күтіп тұрған тарығушылықты көзіне елестетуге тырысып көрді, бірақ ол елес алдында тұрған өз игілігін өзі қиятыны туралы ой келгенде пайда болатын қуанышын баса алмады.

Тереза Вожирар көшесімен Монпарнас бульварына шықты да, сол жақ бетіне өтіп, вокзалға дейін барды. Бұл кір басқан ескі үйлерге көз тастап: "де Нант қонақ үйі", "мен де фер де л-Уест қонақүйі" деген маңдайша жазуларды оқыды, өйткені Мари мекен-жайды дәл сілтей алмаған.

Әйнектелген бір есіктің арғы жағында қонақ үй басқарушысы отырған үстелдің жанында бір топ еркек тұрды. Бір сәт мүдірістен соң Тереза басқышқа қарай бірнеше қадам басты. Жеңін түріп алған лас көйлекті олпы-солпы дәліз кезекшісі етік щеткалары толтыра салынған жәшікті басқыш тепкішегіне қойып, Терезаға өзінің бұжыр бетін бұрып: "Фило мырза ма? Төртінші қабатта, 83-бөлме", — деді. Терезаның бір әйел онымен сөйлескісі келеді деп айтуын сұрағанына жауап ретінде:

— Иә, ол өзінде сияқты, тура бара беріңіз, — дегенді қосты.

Өзінің өтінішін қайталап, бұл оның қолына тиын ұстата қойды.

Ол кекесінді күліп, мұны аяғынан басына дейін шолып шықты.

— Демек, оған есіміңізді айтпаймын ғой? Жай ғана "бір әйел" деймін.

Бұл оның артынан тіктеу басқышпен жайлап көтерілді, барған сайын қараңғылана түсті. Төменде шыққан ас үйдің иісі бірте-бірте иіс судың және әжетханасының сасық иісіне ауыса бастады. Біреу айғайлады:

— Әрине, келе берсін!

Әлдекім жақтаушадан асылып еңкейді. "Бұл не қылған сыпайыгершілік?" деген дауыс естілді бұған. Жоғарыда бесінші қабаттың алаң қайында тұрған жас жігіт, сірә, басқа әйелді көруді күтсе керек... Терезаны көрген кезде ол сіресіп қалды:

— Иә, ханым, менің атым Жорж Фило.

Оның есігі ашық бөлмесінен алаңқайға жарық түсті, бірақ оның өзі жарыққа арқасын беріп тұрған еді. Бұл тек оның бойы ұзын, еңкіштеу, маңдайы қушық, үрпиген шашы қара, пиджаксыз екенін ғана байқады. Ол тоқыма кеудеше киіп алыпты, көгілдір көйлегінің жағасы ашық. Тереза оған айтар бір ауыз сөзі бар екенін, бір нәрсені түсіндіргісі келетінін аптыға хабарлады. Бұл шақыруды күтпестен бөлмеге кірді де, есікті әдейі ашық қалдырған бозбалаға жүзін бұрып, өзінің есімін атады.

Талай жылдан бері мұның бір аңғарғаны: мұның аты аталса болды-ақ, Сен — Клердің немесе Аржелуздың адамдарының өңінде әрдайым бір айрықша әуестік пайда болады. Сондай кейіп қазір мына ұзын тұра, сүйекті, бұған қарай еңкейген түрде де бар еді. Бірақ одан әлдебір алаңдаушылық пен сенімсіздікті аңғарған Тереза ең алдымен соны сейілтуді ұйғарды:

— Абыржымаңыз, мен өзіме тіптен қатысы жоқ іске араласу үшін келгенім жоқ. Иә, мен бір минутқа ғана кірдім, — деп асыға үстемеледі. — Егер сіздер Мари екеуіңіз бір кезде әлдебір ұйғарымға келетіндей жағдайда, мен мынаны хабарлауға тиіспін...

Еш қысылып-қымтырылмай, бойын еркін билеп алған бұл тіптен сабырлы сөйлеп кетті. Өзінің сөздері мейлінше айқын болғанымен, бұған ол сөздері бозбаланың санасына жетпей жатқандай әсер пайда болды; сөзін жалғастыра отырып, бұл оған ауық-ауық көз тастап қойды, оның неге осындай біртүрлі екендігін аңдағысы келді. Бұның байқағаны: оның көздері сәл қылилау екен; бұл кемістік жалпы алғанда кәдімгі бет әлпетіне өзінше тартымдылық, ал көз жанарына масаңдау қарайтындай сияқты әлдебір мұнартқан реңк беріп тұрды. Тереза әсіре сыпайылыққа да баспай, оның әдепсіздігін де мегземей: "Отыруға рұқсат етесіз бе?" — деп айтқан кезде, ол абыржи ғафу өтініп, іле орын тақтан пальтосын, кір көйлегін және бейберекет шашылып жатқан бір шоғыр граммофон табақшаларын ала сала, бұған орындықты жылжытты, сонан соң қолымен бірнеше мәрте бетін және иегін сипалап, қырынбағаны үшін кешірім сұрады. Терезені жауып:

— Әйтпесе ештеңе естілмейді, — деді.

— Сірә, вокзалға тым жақын тұру ауыр болар....

— О, жоқ, мен шуды елемеймін.

Ол Терезаға қарама-қарсы кереуетке отырып, енді мұны мұқият тыңдады:

— Бұл жерде сізге әлдебір қысым жасау немесе сол сияқты бірдеңе туралы сөз болып отырмағанын түсінерсіз... Менің күйеуім Мари жөнінде өзінің ой-ниеті туралы маған тіптен ештеңе хабарлаған жоқ, ал мен қызымнан тым жырақта тұрамын, әлдебір пікірлесе қоярлықтай...

Тереза өзінің қалағанындай үндестікте шыға қоймай, бәсең үнмен мыңқылдап, жеңіл қырылдай қалған өз даусының осы бір ырғағына риза болмады.

Мен Мариге тартар сыйымды сыйлаған соң іле-шала әрі біржолата қарамды жоғалтамын, — деп айтқан кезде бұл өз дауысын өзі естіді.

Өзінің кәдімгі даусымен айтылған соңғы тіркестің мәнін бұл қолының қимылымен еселей түсті. Әсірелеуге де ұмтылмады, өзін құрбандық етіп те көрсетпеді. Жорж Фило "дүниелік мәселенің өзі үшін ешқандай маңызы жоқ" деп мұны сендірмек болды.

— Біз бүкіл өмірі осы бір жасау, мұра, өсиет мәселелері төңірегінде өткен ата-анамыздай емеспіз. Дағдарысқа байланысты оның бәрі келмеске кетті: ол енді бізді толғандыра қоймайды, — деп үстемеледі ол шешіле және сонымен қатар қысыла сөйлеп.

— Мен бұған кәміл сенімдімін. Бірақ сіздің әкеңіз менің ниетімді білуге қақылы; егер сіз мұны қажет деп есептесеңіз, оған осыны жеткізуіңізді сұраймын.

Тереза орнынан тұрды. Жорж Фило толқып тұрғандай көрінді:

— Мари сізде ме?

Ол Терезаға ойлана қарады. Терезе жабылған соң бөлмені киілген көйлек-көншектің, темекінің, сабынның иісі басып кетті. Оның үстіне осы уақытта күн жүзі көлегейленіп кеткендіктен, бөлме кенет сүреңсіз тартып сала берді. Тереза Маридің басына бақ қондырудың икемдеуге оңтайлы сәті түскенін сезді.

— Ол бүгін кешке кетеді. Оған сәлем айтқыңыз келмей ме?

— Ханым, сіздің мені түсінгеніңізді қалар едім...

Тереза лып етіп қайтадан отыра қойды да, өзін көрсете алатын сол кейпімен — әлдебір өзімшілдік мақсатының мүлдем жоқтығымен қатар, әңгімелеуші өзіне айтып отырған мәселеге ықыласын аңғарта білер кейіппен оған қарай қалды. Ол өзі жиырма екіде екендігін, некелесуден жүрексінетінін айтты. Егер оған үйлену соншалықты қажет болса, ол, әрине, Мариді қалар еді...

— Аһ, — деп оны үзіп жіберді Тереза, — сіз осы сөздерді оған айта баруға рұқсат етесіз бе? Бұл сізді ештеңеге міндеттемейді...

Жігіт бұнысы өз тарапынан әншейін айта салынған сөз еместігін нығырлай түсті.

Ол, расында да, Мариді сүйіспеншілікпен ойлап жүреді. Өзінің еске алар бүкіл балалық шағы және бозбалалық кезеңі онымен байланыста өткен. Демалысты Сен-Клерде Марисіз өткізу оның ішін пыстырар еді.

— Мен құмдақты ұнатамын да, жек көремін де... Ал сіз ше?

— Мен бе?

Сен-Клердің атын атағаннан-ақ бұл әйелдің миына өзінің кім екендігі және не келуі тиістігі есіне түсіп, жігіт қызарып кетті.

Бірақ ол Тереза Дескейруді қазір өзіне қысқалау перде астынан ойлана қарап отырған жанмен еш үйлестіре алмады.

— Мен еш уақытта үйленбеймін деп айтпаймын, — деп жалғастырды ол біршама үнсіздіктен соң. — Бірақ қазіргі уақытта... оның реті келмейді! Ең алдымен оқып алу керек, ылғи емтихан...

— Бұл ештеңе емес, — деп үзді оны Тереза. — Қайта үйлену сауық-сайраннан, сандалыс өмірден құтқарады. Бірақ мен сіздің осы жасыңызда толқыт отырғаныңызды түсінемін.

— Рас па, ханым? Мен енді ғана небәрі жиырма екіге шықтым ғой.

Бұл көзін мына арықша сопақ жүзден айырмады, оның бедерлері сондай айқын болғанымен, әлі қаптаса қоймағандай, ал қоңыр қыли көздері еш тоқтамай алақ-жұлақ етеді, мына бетте тек үлкен ауыз ғана бірден көзге түседі.

— Сізге мен енді жиырма екідемін деген жөн болар.

Ол қынжыла сұрады:

— Мені соншалықты жас емессіз дегіңіз келе ме?

— Ой, біле білсеңіз! Сапар басталған екен, бұл жетер жерге жетіп қалғаныңызбен бірдей... Солай көрінбей ме?

Иә, ол мұны жақсы түсінеді.

— Ойлаңызшы, мен жиырма жасқа толған күні, сенесіз бе, мен солай жылап жібердім...

— Сіздің жылайтыныңыздай бар еді, — деді Тереза байсалды.

Жігіт мұны тыңдап отырды, бұл айтты:

— Жастық шақ кезеңнің басталуы емес, қайта керісінше, аяқталуға беттеуі...

— Әйтсе де, — деп қосты Тереза граммофон табақшасын оның атауын оқу үшін көзіне жақын алып келе, — сіз музыканы ұнатасыз ба... мұны тек музыка ғана бере алады, міне, қараңызшы, Шуман...

— Сірә, солай болар, мен музыкадан нақ соны іздеймін. Сіз қалай ойлайсыз, мұндай сезімді жастық шақта талайлар бастан кешкен бе?

Тереза бұл сезім менен гөрі өзіңізге жақсы таныс болар деп жауап бергендіктен, ол асыға үстемеледі:

— Менің досым болған еді, ол биыл шілдеде өзіне-өзі қол салып, өліп кетті. Бірде-бір себебін, әдетте, өзін-өзі өлтіруге баруды түсіндіретін бірде-бір себепті табу мүмкін емес. Мен оны жақсы білетінмін: бұл жерде ешқандай махаббат машақаты, ешқандай қияли желікпе болған жоқ...

— Есірткі шығар мүмкін. Бірақ, — сізді тыңдап отырғанда ойыма қазір келді, — сіз айтып өткен әлгі сезімге ұқсайтын сияқты... Ол бірдеңенің аяқталуын жақындатқысы келді, оны біржолата тындыруға ұйғарды-ау. Мұндай ой басыма бұрын ешқашан келген емес еді...

Тереза орнынан тұрды.

— Мари менің келуімді тосып отыр, сізді де кідірттім...

Мұның даусы енді тіптен өзгеше, ресми дерлік нәшінде шықты.

— Демек, казіргі уақытта некенің өзі сіздің зәреңізді алады деп ұйғардық қой. Сіз менің оған осыны айта баруыма рұқсат етесіз бе? Сіздің оған деген сезіміңіз айнымайды деп қосуға рұқсат па?

Ол Терезаның сұрағына жауап қатпады.

— Қызық екен, — деді ол. — Мен сіздің кім екеніңізді тіптен ұмытып кетіппін. Бұлай деп ойлаған жоқ едім... Мари маған ескерткен жоқ... Ол адамдарды сипаттай алмайды...

Бұлар бір сәт үнсіз қалды, үнсіздікті бұза Жорж өзінің Маримен қоштасуға келуіне бола ма деп сұрады. Сірә, ол сағат ондағымен кететін болар?

— Сізге бүгін кешке бізбен тамақтануға неге келмеске? — деп сұрады Тереза кенет өзі үшін де күтпеген жерден. — Сонан соң сіз Мариді вокзалға шығарып салар едіңіз...

Ол таңырқаған жоқ, қайта мұның ұсынысын біршама қызулана қабыл алды. Бұлар ол сағат алтыға қарай келетін болып уәделесті. Осы сәтте қызметші барлық уақытта сәл ашық тұрған есікті айқара ашты.

— Гарсен ханым келді.... Мен оған сізде бір кісі бар деп айттым. Ол төменде күтіп отыр.

Жорж Терезаға бұрылып, риза кейіппен:

— Сіз Октав Гарсен ханымды білесіз бе?.. Лабюрттық Гарсендер... Сіздер тіпті алыс туыс болып та келерсіздер? Олар қазір Парижде тұрады.

— Мен оның енесін білетінмін, — деді Тереза. — Бірақ оны ұзақ күттіріп қоймаңыз енді... Әлде ол сіздің өз адамыңыз ба?

Ол біршама масайрай қарсылық білдіріп жатты:

— О, жоқ, ханым! Сіз ойлай көрмеңіз...

Қонақ үйдің кіреберісінде Тереза бойшаң жас әйелге жылдам көз тастап өтті. Сағат күндізгі бір шамасы еді. Тереза қазір өзі Мариге жеткізер қуанышты хабар туралы ойлап, көңілді келе жатты. Қызы мұны қандай тағатсыздана күтіп отыр десеңші! Оны тым үміттендірмеу керек... Бірақ Мари басқышта күтіп тұрғанын көріп, Тереза өзін ұстай алмай дауыстап жіберді:

— Бүгін бізде кім тамақтанатынын тапшы?

Мари атын атауға батылы бармай, тек күлімсіреді.

— Ол сағат алтыға қарай келеді және сені вокзалға шығарып салады...

Мари шешесін еліктіріп өзімен бірге қонақжайға алып кірді де, оған қалпағын шешуге мұрша бермей, оны өз құшағына қысты:

— Сіз сондай мейірімдісіз! Ал мен қандай қатыгезбін!

Тереза үзілді-кесілді қарсылық білдірді:

— Жо-жоқ, мен соншалықты қайырымды емеспін.

Қызының ілесуінде бұл асханаға кірді.

— Сіз маған бәрін егжей-тегжейлі айтып бересіз, өзіңіз не айтқаныңызды және оның сізге не деп жауап бергенін... сонан соң өз әсеріңіз...

— Қызбаланба! Өрекпіме!

Мариге қанағат әкелген қуаныш сезімі Терезаның санасынан бірден шығып кетті. Мариді тым көп үміттендірмеу де, мұның көңілін құлазытпау да керек деп түйді бұл іштей.

— Иә, ол бүгін тамақтануға келеді... Солай келістік... Бірақ, ең алдымен айтарым, оның өзіне ешқандай міндеттеме алғысы жоқ... Мұны біржолата басы ашық нәрсе деп есептеу керек. Ол осыған табан тіреді...

— Оһо!

Ұстағанға су құйып тұрған Мари анасына тесіле қарап, ұстаған толып кетсе де оған су құюын жалғастыра берді.

— Қымбаттым, сен жаймаға төгіп жатырсың... Ең бастысы, өзіңді азапқа салма. Ол өте анық айтты: некеден қорқады. Оның үйленуге жүрегі дауаламай жүр. Жиырма екі жаста бұның солай болар жөні бар! Бірақ бұл жерде оның саған деген сезімі басқа мәселе.

Бұлар бір сәт үнсіз қалды. Мари төгіліп кеткен суды сүртіп алды. Кенет ол тәрелкені өзінен ысырып жіберді.

— Жоқ, мен сіңіре алмай тұрмын. Демек, ол сізге айтты ма өзінің маған деген сезімін... Ол солай "сезім" деп айтты ма?

Терезаға солай сияқты. Бірақ, қалай болғанда да, ол "махаббат" деп айтқан жоқ. Бұл Маридің езулік еріндерінің жыбырлағаны нені аңғартатынын білетін, сондықтан "сезім" деген сөз махаббат дегенді білдіреді деп асыға үстемеледі. Соншама ұзақ кездесуде ол тағы не айтты деп, Мари сұрауын қоймады.

— Соның бәрі есімді дейсің бе? Ол жазғы демалыстары туралы естеліктері сенімен байланысты екендігін, сен оның өміріндегі көп нәрсеге қанық екендігіңді айтты...

— Тағы?

Шынтақтарын үстелге қойып, иегін алақандарына тіреп, Мари анасынан көз алмады:

— Білмеймін, рас айтам, қызым.

— Сіздер жарты сағаттай бірге болдыңыздар ғой.

— Музыка туралы айтқанымыз есімде қалыпты.

Маридің жүзі жабырқау тартты. Қыз күбірлеп:

— Ол музыканы жақсы көреді, — деді.

— Ал сен бүкіл Дескейрулер секілді, музыканы ұнатпайсың... Мұныңды жөн деп айтуға болмас.

Қазіргі заманда рояльда ойнай алу соншалықты қажет емес деп, Мари қарсылық білдірді.

— Жорждың өзі айтады, егер мен ойнай алсам да, менің тартқаным бәрібір онда бар табақшамен салыстыруға еш келмес еді.

Бұған бәрібір өкінуге тура келер еді деп, нығырлады Тереза.

— Неге? — деп қарсыласты Мари, — егер ол қалаған кез келген музыканы тыңдай алатын болса.

— Бұл былай, қымбаттым... Музыкантқа нотаны парақтан оқи алатын әйелінің болғаны өте жақсы... Бірақ гәп мұнда емес. Егер менің пікірімді білгің келсе, талғамдардың мұндай сәйкеспеуі, ең бастысы... музыканы ұнатпайтын әйел мен музыка дегенде ішкен асын жерге қоятын еркекті ажыратады.

Тереза бәсең айтты және оның даусынан мұң мен алаңдаушылық аңғарылды. Мари қызулана жауап қатты:

— Келе-келе ол ұнататынның бәрін жақсы көріп кететініне сенімдімін. Мен бұл үшін алаңдамаймын. Бұл мүмкін емес деп ойлайсыз ба? Оның талап етуі жетіп жатыр...

Тереза басын шайқады:

— Сабыр ет, ол мұны сұрамайды. Түптеп келгенде, егер бір кездері сендерге бірге тұру бұйырса, ол қайта керісінше әрекет етуі мүмкін — ол қашып кету мүмкіндігіне қуанатын болады... Иә, сол кезде оның жанында сен оның артынан бара алмайтын орта пайда болады. Музыка біресе әйелге, біресе еркекке бір-бірінен еркіндік беріп тұрады... Және мұның солай болғаны да жақсы. Әйтсе де, егер олар екеуі де музыкант болғанның өзінде, бір нәрсені қабылдаудың өзі оларды ажыратуы мүмкін. Музыка бір-бірін өзара тән махаббатпен — бір тұрпатты махаббатпен әрі бірдей жанын бере сүйетіндерді ғана біріктіре алады.

— Біз бір-бірімізді сүйеміз ғой, апа. Ол өз сүйіспеншілігі туралы немесе өзі айтқандай, "сезімі" туралы сізге айтты емес пе...

Тереза орнынан тұрды да, жылдам басып қонақжайға беттеді. Мари өзінің сөзін жалғастырып мұның артынан жүрді:

— Ол менің өзі үшін жаратылғанымды маған қаншама рет айтқан-ды, мені бірден-бір әйел.. Сіз неге күлесіз?

Тереза еріндерін жымқыра қойды. "Мен бұған әлгі Гарсен туралы айтпаймын" деді ішінен қайталап. Бұл Мариге күліп тұрғаным жоқ, қайта керісінше — кенет қозып кеткенім беттің жүйке тамырларының науқастық белгісі ғой... деп жауап берді. Бұл қазір жатады, мызғып алады. Кешкі ас қамын Мари жасайды, шампанды ұмытып кетпе. Балмұздақ алдырту керек. Өзі, сірә, Жорждың талғамын білетін болар?

— Бұл сенің көңіліңді көтереді, қымбаттым.

Төсекте жатып Тереза әрі-бері қойып жатқан ыдыстар сылдырын естіді. Тұнжыраған күн еді: жиһаз күңгірт тартты. Автомобильдер, жүк көліктері жүйткіп, тежеуіштері шиқылдаған кәдімгі күн өз ретімен өтіп жатты. Мектеп ауласынан жеткен құйқаны шымырлата шыңғырған дауыстар адам баласы өнуін жалғастырып жатқанын хабардар етеді. Бүлінген орындықтарды жамап — өруші кернейінің үні естілді. "Маридің үлкен үміт күтпегені жөн... бірақ оның бақытын күйретпеуге де тиіспін. Мүмкін мен оның бақыты быт-шыт болғанын қалайтын шығармын? Бұл менің бір кездері істегенімнен де өткен жамандық болар еді. Ол кезде менің кінәмді жеңілдетер мән-жайлар бар-тын. Тірідей көмілгендіктен, мен тек үстімнен басып тұншықтырып жатқан тасты сәл көтердім. Ал енді — осы менің ішімде ылғи кесе-көлденеңдей беретін не бәлем бар? Әйтсе де, мен әрдайым қандай да бір ізгі ниетпен жүрдім емес пе! (Өзі үнсіз күліп қойды). Мариді әкесіне кері қайтармақ болған сол кештегі мойындауым... Мен өзімнен-өзім асып түстім, азап кешкенім айдан анық болса да, осы жеңісіме масаттандым... Әсіресе кеше өз дүние-мүлкімнен бас тартуға бел байлағанымда қатты қуандым. Өзімнің шын мәніндегі "өзімшілдігімнен" мың метр биікте шалқыдым. Және ылғи солай: мен барған сайын биіктен-биікке көтеріліп бара жатып, кенет тайып кетемін, сөйтемін де өзімді-ызалы әрі қатыгез кейпімді, езіме ешқандай күш салмаған кездегі шын кейпімді қайта табамын – өзіммен-өзім бетпе-бет келгенде, міне, мен не нәрсемен ұшырасамын".

Бұл жастығын түзеп қойды: "Жо-жоқ... мен соншалықты әзірейіл емеспін. Мен басқалардан бәріне көздерін ашып қарауын талап етемін. Мариде менің жыныма тиетіні — оның көз бояушылыққа сеніп, беріле кететіні. Мен үнемі көздің байлауын жұлып алу әдетімнен арыла алмай келемін және төңірегімдегілердің бәрінің көздері ашылғанша тыным таппаймын. Басқалар да мен сияқты түңілулері керек. Неге безіп кетпейтіндері маған түсініксіз? Мариге: көріп тұрсың ғой, ол сені сүймейді, тым болмағанда, сен оны сүйетіндей сүйіспеншілікпен ол сені еш уақытта сүйе алмайды деп айғайлап жібергім келетіні ызалық сезімнен бе? Болашақ аржелуздық жекжаттар мен осындай талпынысты, соншалықты ізденімпаз бозбаланың аралары жер мен көктей екенін қыздың түсінгенін қалаймын. Адамды және оның бүкіл тағдырын өзіңе бағындыруға ниеттену қандай өжеттік! Мен қызыма осы туралы айтамын. Егер бұл бір кездері оған күйеуге шыққан жағдайда да менің қызыма айтарым: ол адамның жан сарайы мына тіршілікте сен үшін жабық болып қала береді, егер ақыр соңында, сен оның бетін өзіңе қарата алсаң, онда ол сенің аяғыңа жығылады, бірақ өліп жатып... Жоқ, — деп бәсең үнмен жалғастырды бұл, — мен мұны оған айта алмаймын".

Күн аяқталып келе жатты. Көшелердің қиылысында автомобильдер өзара дабылдатып қояды. Тереза Сен — Жермен бульварындағы трамвайдың қалай шылдырлағанын естіді; бәрі тыныштала қалған кезде ара-арасында әлдебір құс шиқылдап, сонан соң тына қояды. Сәл бір қимылы Мариге күйзеліс әкелетіндей, Тереза осында жата тұрады, қимылдамайды. Кәдімгі әншейін сөздерден басқа ештеңе айтпайды, үндемеуге тырысады. Мари оралып, мұның бөлмесінің есігін қаққанда Тереза өзін жақсы сезініп жатқанын, тамаққа шығатынын, бірақ оған дейін демалғысы келетінін дауыстай айтты.

Сағат алтыдан соң көп ұзамай бұл алдыңғы бөлмеден қоңырауды, сонан соң Маридің сақылдаған күлкісі үзіп-үзіп жіберетін еркек даусын естіді. Жорж бен Мари ара-тұра жарыса сөйлеп, іле бірден дауыстарын бәсеңдете қойды: "Сірә, олар қазір мен туралы айтып жатқан болар...", — деп ойлады Тереза. Тып-тыныш бола қалды және қонақжайда ешкім жоқ сияқты еді. О, олардың арасында өзінше бір келісім бар: жырақ жүрген жүректер тұла бойды билеп алады, тән осы жүректерді ажыратып тұрған шыңырау арқылы табысады; тән құзды бүркемелеу, жасыру үшін оның үстін жауып тұрады. Сірә, ол басын Маридің иығына қойса керек, барлық қиындық өзінен-өзі шешіліп жүре берді және туындаған барлық мәселе ойдағыдай жөн-жөніне келгендей.

Олар әдейі орын тақты жылжытты, болмашы бірдеңелерді самбырлай айтып, жөтеліп қояды. Ac үйден дайындалып жатқан дәмнің иісі жетті. Тереза жарықты жақты, кереуеттен тұрып, бетіне крем жақты. Мына бозбала мұны қалпақпен көрген еді. Тереза шашы маңдайының бір бөлігін жауып тұратындай етіп тарап алатын барды. Шаш бұрауға арналған қысқыштар қызғанша бұл қара марокен жібек көйлегін киіп, мойнын жабатын көгілдір орамал салды. Бұл оның өзінің ақиқат жүзін көргенін, өзін аңдағанын қаламады. Мұның кейпі де сөзі сияқты алдамшы болады. Мүмкіндігінше аз сөйлеп, елеусіз отыруға тырысады. Бұл оңай болмауы да мүмкін: сен қаласаң да, қаламасаң да сөйлесіп кететін адамдар болады. Бүгін таңертең бұлардың әңгімесі аяқталмауы мүмкін еді. Бірақ кешке бұлардың ортасында Мари болады. Айтпақшы, кешкі асты іше салысымен балалар Терезадан кетеді. Поезд сағат онда жүреді. Бұның делдалдығы аяқталады. Осының бәрі: қызының алдындағы әлгі ақтарылуы, өзінің дүние-мүлкін мансұқ етіп ұсынуы, бозбаламен келіссөздері мұның соңғы екі күнін алды. Бұл өз рөлін әдемі орындап шықты, өз қимылдарына өзі сүйсінді. Бүгінгі кеште бұл шын болмасына оралып, өзінің дағдылы пендешілік зая тіршілігіне еніп кетеді.

V

Қонақжайға кіріп келген бетте Тереза өзінің пайда болуымен сірә өзі туралы жүріп жатқан әңгімеге кедергі жасағанын бірден түсіне қойды. Орнай қалған тыныштықты өзі бастап бұзуына тура келді. Үстел басында Аржелузбен және Сен — Клермен байланысты естеліктерді тілге тиек етті. Тереза Жорж Фило танитын адамдардың, ұлдардың есімдерін ауызға алды. Бұлардың әңгімесі үнемі: "Иә, рас, оның сіздің жасыңыздағы ұлы болуы мүмкін... Жоқ, мен айтып отырған Дегилем, сірә, сіз білетін әлгінің ... ағасы болар..." — деп, әртүрлі екі ұрпақ туралы өрбіді.

— Аржелузда ең қасірет сол, онда ағаштар адамдардан артық жасамайды, — деді Жорж, — қарағайлар ұрпағы адамдар ұрпағы сияқты көзден тез ғайып болады. Табиғат көрінісі ұдайы өзгеріп отырады. Сіз өз балалық шағыңыздағы Аржелузды танымас едіңіз. Өңірде ең көне ағаштар қырқылып кетті. Таяуда ғана тұтас орман жатқан жер енді тіптен ашық жазық дала.

— Менің уағымда, — деді Тереза, — иелері өз қарағайларымен мақтанатын және оларды отауға келіскеннен гөрі түбірінде тұрып шіруге қалдыратын... Бірақ мен онда еш уақытта қайтып бармаймын, — деп қосып қойды бұл.

Мари мен Жорж мұның қалай ішкеніне үнсіз қарап қалды.

— Егер мен онда оралар болсам, — деп қайта бастады Тереза, — мен, әрине, құмды, түрпі қоңырқай шағылды, зымырай аққан мұздай суық жылғаны, қара май мен батпақ иісін, қойшының дауысына ілескен қой отары тұяғының тысырын таныр едім.

— Сізге Аржелуз ұнайды, — деп ойлауға болатындай екен.

— Ұнайды? Жоқ, мен онда талай азапты бастан кештім, бірі бірінен өтеді.

Жігіт не қарсылық айтарын білмеді. Кететін уақыт жақындаған сайын Мари шөліркейтінін алдын ала сезетін және нор көзі сарқылатынын білетін жанның қомағайлана сіміретіні сияқты жігіттен көзін алмады, оған жұтына қарап отырды. Ол темекі тартуға рұқсат сұрады:

— Сіз рождество демалысында үйге барасыз ба? — деп сұрады Тереза. — Үш айға жетпей сіздер қайта жолығасыздар.

— Үш ай! — деп қайталады Мари.

Тереза үстел үстіне еңкейгенде бетіне түскен шашы мұның көріксіз құлақтарын ашып жіберді. Бұл сол қолының саусағындағы сақинаны айналдыруын қоймастан, Жоржға жымиды. Тереза "оның сырт кейпі мен өзін ұстауында кемшіліктер барын" аңғарды. Икемге көнбейтін ұйқы — тұйқы шашты далап зорға ұстап тұрды, шаш оның кейпінің ұсқынын қашыра түскен. Тереза оның бадырақ көздерімен өзіне тесіле үңіліп, іле алып кеткен көзқарасын бірнеше мәрте байқап қалды. Екі әйелдің тәрелкесінде ештеңе қалмағанына біраз болса да, ол асықпай тамақтанды. Жігіт ештеңеден тартынған жоқ, ірімшікті және жемістерді де ұзақ қаузады әрі бокалын толтыра құйылған бетте босатып тастап отырды.

— Уақыт болды, қымбаттым, — деді Тереза. Фило мырза сенің чемоданыңды төменге алып түседі.

Қоштасар кезде Мари анасын қатты құшақтап алды. Тереза біршама орынсыздау асыға оның құшағынан босанды.

— Ақылды бол, — деді анасы.

Міне, бұл тағы да жалғыз қалды. Әлдебір үрей, әлдебір жағымды елігу мұның бойын билеп тұрды. Қолына кітап алды, бірақ оны оқи алмады. "Мен ештеңені бұзғаным жоқ, ештеңені бүлдірмедім, — деді өзіне-өзі. — Түптеп келгенде, мен тіпті Мариге көмектестім, егер бұл неке қиылар болса..." Бұл өзінің мүліктен бас тартқаны туралы ойлады, осы жолы ешқандай ризалықсыз, қайта бірсыпыра алаңдаушылықпен ойланды. Өзі жасаған әдемі әрекеті енді мұның өзімшілдігін қанағаттандыра алмады. Қазір бұл өзінің осы мырзалығы бүкіл өміріне қалай әсер етерін айқын көріп тұрды. Бұл өзін-өзі: "Олар бұған келісе қоймас... немесе маған тіршілігіме жетерлік рента үлес төлеп тұрады, бұл мен қазір бастан кешіп отырған әрі-сәріліктен гөрі әлдеқайда жақсы... Бір сөзбен айтқанда, бұл мен үшін тіпті тиімді болып шығар..." — деп жұбатпақ болды. Өзі күліп жіберді: "Бірде-бір жақсылық босқа кетпейді". Тереза жеңіл қызғылтым ғана боянған-ды, сондықтан айнадан өзінің қызара бөрткен жүзін көргенде, қатты таңырқады. Шамалы шампан ішіп еді, сірә, бәрі содан болар. Бізді билейтін аласұрған сезім көбінесе бойыңа жағымды болмашы бір себептен: түнгі жайлы ұйқыдан, бір ұстаған шараптан басылып сала береді... Аласұру бірер қадам шегіне қалса болды-ақ, келмеске кеткендей көреміз; біз оның қайта оралатынын білеміз, бірақ қалай болғанда да қазір ол сезім бойымызда жоқ; тыныштық деген жақсы ғой; мүмкін әлі талай жыл ұзақ өмір сүрерміз? Адам тірі жүргенде ол еш уақытта біржолата жалғыз бола алмайды. Біз бүгін кешке немесе ертең кімді кездестіретінімізді білмейміз: бізге жолымызда қаншама жан жолығады десеңізші! Кез келген сәтте ұшқын тұтанып, қуат кернеуі мүмкін. Міне, бүгінгі кеште Тереза қуаныш әсеріне бөленді — ол, тіпті өз жүрегінің ауырғанын сезбейді. "Мүмкін мен әлі өле қоймаспын, — деп ойлады ол, — мен әлі өмір сүремін".

Бұл терезені ашып, жарығы әлсіз, бірақ әлі шуы басылмаған көшеге еңкейді. Дүкендерде тарсылдатып темір қақпаларын түсіре бастады. Қара лимузин машиналар көпірдің асфальт жолымен зулап, көше қиылыстарында ауық-ауық дабылдап өтіп жатты. Автобус тежегішінің шиқылы барлық дыбысты басып кеткенімен, бірақ бұл естігенінен гөрі сезінген сыртқы есіктің ашылған дыбысын тұншықтыра алмады; сонан соң алдыңғы бөлмеден Анна мен әлдебір еркектің даусы құлағына жетті. Тереза терезені жапты да, алдында жалаңбас тұрған Жорж Филоны көрді. Ол пальтосын шешпеді. Осы сәтте бұл жүрегінің сыздап кеткенін сезді. Мұның азаптан қалшылдай қарысқан жағын және суық жүзін көрген бозбала оны өзінің қайта келгеніне ашуланып тұр деп ойлады.

— Сіз бірдеңеңізді ұмытып кеттіңіз бе?

Ол бұған Мари туралы хабарламақшы екен: бәрі жақсы болды, мен оған орын тауып бердім деп міңгірледі. Тереза ауруын басқысы келіп жайғасты да, алдыға қарай еңкейді, сөйтті де өзіне шабуыл жасалғанда өлген бола салатын жәндіктер сияқты сіресіп қалды. Ентіккен даусымен оған отыруды ұсынды. Сонда барып ол мұның ашулы емес, ауырып тұрғанын түсінді.

— Жай сырқат қой... Қазір енді жақсымын. Бірер минут күте тұруыңызды сұраймын...

Қабырға сағаттың тықылы мен көрші пәтерден радионың дыбысы ғана естіліп тұрды. Ол мына өлеусіреген кейіпке қарамауға тырысты. Бірақ оның көз жанары мына әжімсіз дерлік биік маңдайға қайта-қайта түсе берді; ол мынау түсіңкі қастарға, көздердің астындағы көгерген иінге, мына жабық тұрған ғана емес, тырыса жымқырылған ауызға қарай алмады. Кенет ол Терезаның да түсіңкі кірпіктерінің астынан бақылап тұрғанын байқап қалды. Бұл қызарып, басын жеңіл бұрып әкетті. Тереза бойын жинап алды:

— Жақсы болып қалдым. Мари туралы айтыңызшы. Ол риза болып кетті ме?

Иә, бұған солай сияқты көрініпті.

— Ол сізге не айтты?

Жігіттің жауап қатуға батылы бармады: "Біз негізінен сіз туралы айттық..." Қазір оның тым болмағанда өзін толғандырып тұрған сұраққа түсінік ала алатын ыңғайлы сәт туған сияқты ма, қалай? Өзінің Мариге айтқанындай, оның анасына баяғыда күндердің бір күнінде басына қайткенде де еркіндік алғысы келген ниеттің пайда болғанының бұл үшін мәні шамалы... Тек Сен — Клердегі жел ауыздардың әңгімесі ғана бұған шындыққа жанаспайтындай көрінген. Осы минутта өзіне жәбірлі жүзбен қарап тұрған мына әйел күн сайын там-тұмдап у қосып, біреудің жантәсілім азабын талайға созғанын қалай көзге елестете аласың? Мари де мұны мүмкін емес деп есептеген. Рас, ол анасының күнәсінің бірсыпырасын жуып-шайғанда өз махаббатының мүддесін көздеді: ол үшін өзінің сүйіспеншілігі маңыздырақ болды. Бірақ ол Жорждың таңырқай, өз тергеуіңізді неге жалғастырмадыңыз: "Шешеңіз барлық сұрағыңызға жауап беруге келіскен екен, неге соны пайдаланып қалмадыңыз! Әрине, бұл ауыр, бірақ күдіктен жаман не бар. Сіздің орныңызда мен бәрін білгенше тыныштық таппас едім..." дегеніне не деп жауап берерін білмеген. Оның тек бұған айтқаны: Тереза Дескейрумен енді өзің де таныссың, демек бұның анығына жетуді өзің де жалғастыра аласың болды. Ол: "О! Мұның бәрі маған сіз үшін ғана керек", — деп қарсылық білдірген. Бұл сөздер қызды қуанышқа бөлеген-ді және қазір ол пойызда осы сөздерді іштей қайталап бара жатқан болар-ау. Мари Жорждың алдағанын аңғармады: жігітті қатты қызықтырған Терезаның сыры, бұл жерде Маридің орны шамалы еді. Басқыштармен көтеріліп келе жатқанда, осы пәтердің қоңырауын басқанда оның ойында Мари жоқ-ты. Бірақ Тереза: "Сіз онымен не туралы сөйлескеніңізді айтқыңыз келмей ме?" — деп табандай сұрағанда бұл жауаптан жалтарды. "Ол шөп желекке қызбен не туралы сөйлесуге болады?" — деп іштей қайталады менсінбей. Тереза жымиды. "Ең бастысы, — деді Тереза, — қызының риза болып аттанғаны". Жігіт Мариді тым үміттендіріп жібермедім бе екен деген қаупін айтты, өзі кейін оның көңілі қалуынан қатты қорқады... Терезаны бақылай отырып, бұл өзінің сөзі оның қытығына тимегенін көрді.

— Мари бұл мәселе таяу болашақта шешіле қояды деп есептемейді. Осылай уақыт ұтуға болатындықтан бұл маңызды. Сіз не деп шешсеңіз де, оны дайындауға қашан да үлгересіз. Осы жазда оның сізбен күн сайын кездесіп тұруға мүмкіндігі болмақ. Қыз өз бақыты үшін талпына алады.

Терезаның осылай жайбарақат айтқаны мұны қуантып тастады, сірә, бұл расында да басқаларға ұқсамайтын ана болды-ау. Бәрін түсінеді.

— Әйтседе, — деп қосты Тереза, — Маридің мүмкіндігі соншалықты үмітіміз емес.

Жігіт не айтарын білмей, жымиып, иықтарын қиқаңдатты.

— Сіз жазды Сен — Клерде қалай өткізесіз? — деп жалғастырды Тереза. — Менің,уағымда...

— Қазір бізді, жастарды, бір ғана нәрсе — су диірмені құтқарады... Күні бойы суға түсеміз, судан шығып күнге қыздырынамыз!

Тереза дауыстап жіберді: "Қалай? Тіпті Сен — Клерде ме!" Өзінің сөзі Терезаны абыржытқан екен деп ойлап, жігіт қарсылық білдірді:

— Қорықпаңыз, біз әдептен аспаймыз!

Терезаның: "Онда менің шаруам қанша!" деп үзіп жібергісі келді, кенет мәселенің өз қызына катысты екені ойына түсті. Терезаға қарап отырып әрі аңғал жымиып қойып, Жорж кейбір тұстары теңіз жағасында уақыт өткізуді еске түсіретін әлгі суға шомылуды сипаттауын абайлап жалғастырды... Бөген жанындағы мұздай тынық суда шомылушылардың денесі анық көрінеді және судан шығып олар құрақ шөпке немесе еңіске жатқандарында жапырақтардың қара теңбіл көлеңкесі денеге түсіп, теріні ағашы жоқ жағажайдағыға қарағанда әлдеқайда құбылтып жібереді.

— Біз Мари екеуіміз бірге болғанда бір-бірімізді тамаша сезінеміз. Біз сағаттар бойы тіл қатпастан қатар жата аламыз. Сонан соң қайтадан суға күмп береміз, бірақ ұзақ жүзе алмаймыз, су тым салқын әрі онда балдыр көп. Содан қайтадан судан шығып, жата кетеміз. Жарқырауық қоңыздар мен шегірткелер біздің төңірегімізде тына қалады да, әлден соң бізді бір өлі сияқты көріп, бізге еш мән бермей, қайтадан дәл құлақтың түбінен өздерінің шырылдауына басады. Біздің көзіміз тек қарағайлардың басын және оларды мекендейтін тиіндер мен ала торғайларды ғана көруге үйрене бастайды.

— Рас айтасыз, Маридің мойнында және қолдарында күнге күйгендіктің белгісі осы уақытқа дейін бар екен...

— Мари еш уақытта жазғы демалыстың соңына қарай кездегідей құлпырып көрген емес.

— Шындықты айтқанда, сіз оны сүйесіз бе?

"Білмеймін..." деп жауап қатты жігіт. Ол өз ойымен өзі әлек болып, жымиып отырғандай көрінді. Осы сәтте Тереза: "Сүю керек қой...", — деді де үнсіз қалды; жігіт кітап шкафына сүйенді:

— Не? Не істеу керек еді?

— Сен таңдаған немесе сені қалаған адаммен бүкіл ғұмырың күн астындағы демалыс, жан тыныш шексіз демалыс болсын десең.

Иә... жаныңда, өте жақын, оған қолыңды тигізе алатындай таяу жерде өзіңмен үндес, адал әрі көңілі тоқ жан, сен сияқты ол да ешқайда алаңдамайтын адам бар екеніне сенімді болуың керек. Төңірегің сондай бекем болуға тиіс, сол кезде бүкіл көңілің жай тауып, тиісінше, тіпті ой түкпірінде опасыздық ниет пайда болуы мүмкін емес.

— Мәселенің өзі сонда, күн салқын тартса болды-ақ, бізге басқа ойлар келеді, кеткіміз келіп тұрады. Мари кенет менен: "Сіз не ойлап жатырсыз?" деп сұрайды.

— Ал сіз: "Ештеңе де, қымбаттым" деп жауап бересіз. Өйткені оны өзіңіз еніп кеткен, бірақ онда әйелдердің баруына жол жоқ әлемге кіргізу тым күрделі соғар еді...

— Монду да маған ылғи осыны айтады.

— Монду деген кім? — деп сұрады Тереза. Бірақ оның кім екенін айтпаса да біліп отырды, ол Жорждың жасындағы әрбір бозбаланың таныстары арасында ылғи да табыла кететін бір тамаша жан, бәрін оқыған, кез келген музыка шығармасын нота парағына қарап жіберіп ойнай жөнелетін және өзіндік қияли дүниетанымы бар дос; бозбала сізді онымен ертерек таныстыруға асығатын және оны әйелдер күні бұрын ұнатпайтын бір ғажайып дерсің: "Жолыға қалсаңыз, ол адамдарға бірден сене қоймайды, бірақ егер сіз оған жақсы әсер қалдыра алсаңыз..." Ылғи да әңгіме өздерінің түймелері жылтырап, жұтынып тұрған кейпі тартымды адамдар туралы, ұяңдығы, кеудемсоқтығы және іші тарлығы өзін жегідей жеген жандар жайлы болып шығады. Мұндай Мондулардың ықпалы қашан да қауіпті... "Бірақ мен алаңдайтын не бар? — деп ойлады Тереза. — Маридің ол Мондудан қорқар ештеңесі жоқ".

— Сізді онымен таныстыру керек. Ол сіздің назарыңызды аударады. Алайда мен тым жабысқақ емеспін бе? Сағат он бір болып қалыпты...

— Оһо, ұйқы және менің...

Дегенмен, оны бұдан әрі сөзбен ұстамай Тереза орнынан тұрды. Жорж келешекте сізбен кездесу мүмкін бе деп сұрады. Мари оның тарапынан мұнда тұрған ешқандай әбестік жоқ деп иландырыпты. Ол Терезаның келісімін тағатсыздана тосты. Бұл ештеңе деместен, күрсінді:

— Байғұс Мари!

— Неге байғұс Мари?

— Өйткені рождество демалысында суға шомылу, диірмендегі әлгі жаны жай тапқан сағаттар бола қоймайды ғой.

— Біз бәрібір көрісеміз. Рас, Мари бізге келмейді, мен де оларға бармаймын, бірақ ол салт атпен жақсы жүреді, сіз мұны білмеуші ме едіңіз? Біз кез келген ауа райында қыдыра береміз. Көбінесе біз ескі жұрт Силэ хуторында кездесеміз...

— Ол менің жас күнімде-ақ қаңырап бос қалған еді...

Терезаның қиялында көз алдына қабырғалардың біріне көмірмен салынған сурет, сондай-ақ бақташылар кейде түнеп жата келетін бұрыштағы бір құшақ кепкен бұта отын келді.

— Біз аттарды қой жаюға арналған алапта байлап қоямыз. Үлкен етіп от жағамыз.

Бұлар бір сәт үнсіз қалды. Бірінші болып Тереза сөз бастап кетті:

— Мүмкін, менің күйеуім енді сізді ықыласпен қарсы алатын шығар. Бұл сіздер үшін ыңғайлы болады. Оның үстіне, сіз музыкамен айналыса алар едіңіз...

Ол күле Терезаға қарады:

— Сіз Мариді біле бермейді екенсіз! Оның музыканы су қаны сүймейді!

Тереза иықтарын қиқаң еткізді де: "Мен не туралы ойлап тұрмын?" деп айтқысы келгендей жымиды.

— Әйтседе, қазір граммофон бар кезде бұл соншалықты маңызды емес, — деп қоса салды Тереза.

Ол, сірә, қарсылық білдіруден бас тартуға ұйғарған болуы керек, жеңіл тыжырынды. Кенет Терезаны терең қуаныш сезімі, сол үшін өзі ұялып қалған сезім билеп кетті.

— Сіз Мариге хат жазасыз ба? — деп әдеттен тыс елпілдей сұрады бұл және Жорждың хатты таяу уақытта жазармын деген уәдесіне жауап ретінде енді ойын табандылықпен жалғастырды:

— Жо-жоқ, қазір! Алғашқы күндер Мари үшін қандай ауыр болатынын ойлап көріңізші.

— Хат жазғанды ұнатпаймын, — деп мойындады Жорж. — Тек Мондумен хат алысқаннан басқа. Мен оның хаттарынан тұтас бір үзінділер жинағанымды көрсеңіз: Жинақты үш бөлікке бөлдім: саясат, философия, дін. Мен сізге оны беремін, көресіз, бұл тіпті таңғаларлық... Сіз күлесіз? Мен сізге күлкілі көрінемін бе?

Бұл басын шайқап тұрып: "Қандай ұшқалақ жастық шақ! Жиырма жастағы аңғырттық қандай қауіпті!" деп ойлады. Ал Жорж болса Мариге хат жазуға уәде беріп, Терезадан келіп тұруға рұқсат сұрады.

— Оның не керегі бар? — деп сұрады бұл.

Бірақ осы сөзі бозбаланы ыңғайсыздандырғандықтан, бұл үстемелете:

— Менімен Мари туралы сөйлеу үшін бе? Онда қанша келсеңіз де мейлі... Бірақ мен көбіне үйде бола бермеймін, — деді.

Ол мұңды да алаң кейіппен Терезаға ризашылық білдіріп, "алда-жалда", күн сайын дерлік түс кезінде "Des deux mogots" дәмханасында өзінің Мондумен кездесіп тұратынын хабарлады. Тереза Жоржды алдыңғы бөлмеге дейін шығарып салды. Бозбаланың қолы есік тұтқасында бір сәт кідіріп қалды. Ол бұрылды.

— Менің білгім келіп еді... — деп кібіртіктеп бастады ол. — Әйтседе, жоқ, — деді іле-шала, — мұны кейін... — деп қосты.

Жігіт есікті артынан бірден жаба қойған жоқ. Тереза тағы бірер минут оның алыстап бара жатқан қадамының дыбысына құлақ түрді, сонан соң темекі түтіні арасында бей-берекет шашылып тіршілік іздері сайрап жатқан қонақжайға қайта оралды. Әдетте тас ошақ жанында тұратын жұмсақ орын тақ, аласа орындық — бәрі де орындарында тұрған жоқ еді. Аржелуздағы күйреуден қалған мынау қалдықтарға қайта жан бітіпті. Бозбаланың нақ нені білгісі келгенін Тереза аңғарды, бірақ ол мұның өзі оған айтқысы келгенді ғана білетін болады. Бұл кенет өзін бұрынғы қылықтарының қожайыны сезініп шыға келді: "Бар мәселе оларды қалай жеткізе білуіңде", — деп ойлады бұл. Айнаға жақындап бұл өзінің енді өзіне бейтаныс кейпіне — Терезаның шын түрі емес, әлгі бозбаланың көзіне көрінген өңіне сынай қарады. Әнтек қимылмен шашын қайырып жіберіп, маңдайын, шекесін ашса жетіп жатыр еді, иә, бір сәтте өз қолымен бұл өзінің жалған бейнесін жойып жібере алады... Оның орнына бұл опаланып, қызыл қаламмен еріндерін жүгіртіп шықты. Көрінбейтін дұшпанына қарсылық білдіргендей, дауыстап: "Дегенмен, бұл оған хат жазады! Ол маған уәде берді. Мари риза болады..." деп сөйлеп кетті. Бұл өз өтірігін өзі түйсінбеуі мүмкін емес еді, бірақ бұл сонысынан пана іздеді, осы өтірігімен өзін тыншытты. Мұның ішкісі келді де, ас үйге өтті.

— Жарқыным, сіз әлі өзіңізге кетпегенсіз бе?

Еш уақытта пайдаланылмаған мыс кастрюльдер жалтырап тұрған жинақы ас үйде шынтақтарын үстелге таяп, басын қолдарына түсіріп жіберген Анна отырды; майлы, тым ұзын әрі нашар қырқылған шаштары оның жылаудан ісіп кеткен жүзін жартылай жауып тұрды. Не болып қалған? Мүмкін оны ғашығы тастап кеткен шығар немесе ауырып қалды ма, әлде екіқабат па? Бұл Тереза таяуда ғана армандаған оңтайлы сәт еді: жапа шегу мұны Аннадан бөліп тұрған қабырғаны тесіп, бұған мына мүсәпір жанның тіршілігіне үңілуге мүмкіндік берер еді... Бірақ бүгінгі кеште Тереза теріс айналып кетеді, ұстағанды алып оны бірден қағып салады, Аннаға титтей де жанашырлық білдірмей ас үйден шығып кетеді.

Асхана арқылы өтіп бара жатып, бұл кідіруге мәжбүр болды: ұмытып кеткен жүрегі кенет... Орындыққа, қабырғаға сүйене жүріп, қонақжайға дейін әрең жетті де, кеудесімен алға еңкейіп отыра кетті. Бұл сол жақ иығын қысып, қақсаған қолы туралы, бірте-бірте таралып бүкіл кеудесін жайлаған ауруы жайлы ұмытып кетіп еді. Түнгі мүлгіген үнсіздікте бұл өзінің үздік-создық деміне құлақ түрді. Мұның көздері жиһаздардың бей-берекеттігінен, темекінің иісінен бүгін кешке өмірдің енгені ақын көрініп тұрған өз абақтысының қабырғаларын шарлап кетті. Өмір қайта оралды, Терезаның өлгісі келмеді. Дәрігер бүған абайлап, зиянды нәрсенің бәрінен бойды аулақ ұстай жүрерсіз..., — деген. Қаралуға соңғы барғанында маманның айтқан сөздері есіне түсті; рентген түсірілімі оған көмескі көрінген, бұл түсірілім бойынша тиянақты тұжырым жасау мүмкін емес еді. Мұның елеулі екені сөзсіз, бірақ іс жүзінде, — деп қосты ол, — "жүрек ауруы жағдайында еш уақытта болжап білу мүмкін емес..." Түптеп келгенде, мұның өмірі қарсыласуға аса бейімделген емес пе еді? Бір ғана нәрсе — бүгінгі күннен бастап мейлінше абай болғаны жон. Ауырғаны біршама басылды. Тереза түні бойы ұйықтамайды, түні бойы көз ілмей отырады. Қазір Мари пойызда кетіп барады. Сірә ендігі Орлеаннан өткен болар. Мүмкін ол өзін сүйіктімін деп есептейтін шығар... Солай-ақ болсын! Егер ол солай есептесе, тіпті жақсы! Ол арманы ақиқатқа айналуы үшін Тереза бәрін істейді. Бұл неге Мариді аяуы тиіс? Ол он жеті жаста, оның денсаулығы кернеп тұр... Он жеті жас! Бүкіл өмірі алда, оның соңы көз жеткізбейді... "Ал мен қасапхананың қақпасы алдындамын! Келіп-ақ қалды!"

Мұнарадағы сағат бірді ұрды. Ауруы бәсеңдегенімен, әлі де білінетін еді. Сірескен қолы сәл босаңсыды. Тереза қайтып Мари туралы да, Жорж жайлы да, ешкім жөнінде де ойламады, бар күшін жинап, назарын өз тіршілік ордасының қақ төріндегі мына елеулі бей-берекетке аударды, есі шыққан жүрегін жай таптыру, атойлаған дүрсілін басу, аласұрған жұлқынысын тежеу, оны күздің жиегінде тоқтату үшін осы іштей ширығуы жеткілікті болатындай көрінді.

Жорж келіп кеткен соң бір аптадан кейін бірде таңертең сағат он бірлер маңында Тереза пәтер тапсыру туралы хабарландыруларды мұқият оқып, көшемен баяу келе жатты. Бұл тұрып жатқан ескі үйде басқышпен көтерілу жеңіл болғанымен, ол бәрібір мұның денсаулығына әсері зиянды күш жұмсауын талап ететін. Бұл тағы да барып қаралған маман енді сізге лифтісіз үйде тұруға болмайды, онда да егер төменгі қабаттан өзіңізге лайық пәтер таппасаңыз ғана деп, мұның ойының үстінен шыққан-ды. Енді мұның осындай күйге түскені жеткен жері осы болғаны ғой! Осыдан бір апта бұрын пәтер ауыстыру мұның басына келмес еді.

Жорждың үнсіздігі мұны еш алаңдатқан жоқ. Егер ол Терезаға күнде кешке Мариге ұзақ сонар хат жазып, келесі күні таңертең оянғанда оны жыртып тастаймын десе, бұл бірден: "Мен мұны білгенмін..." деп жауап қатқан болар еді.

Бұл "Des deux mogots" дәмханасының тұсына келгенде газет сатып алды. Бұрылған кезде өзіне біреудің жымиып қарап тұрған жүзін көрді және мұны кіруге шақырып қол бұлғағанын байқады. Тек кездесудің өзінен, ол әсіресе, күтіп жүрген кездесуі болса, жүрегі тарсылдап кетпеуі үшін одан қашқақтағаны жөн, сондай толқымауы үшін де қажет етпейді; өйткені бұл Сенаға қарай төмен түсудің орнына неліктен Сен – Жермен – де — Пре жаққа қарай оңға бұрылғанын өте жақсы біледі. Тереза үстелшелер арасымен өтіп келді. Өзінің әдеттегідей біршама тұнжыр кейпімен түрегеп тұрған Жорж бұл әуелгіде байқамаған басқа бозбаланы таныстырды. "Монду... Ренэ Монду". Мұның ең алдымен байқаганы, бозбала бұл оны елестеткеніндей әпенде кейіпкер емес еді: иықтары қушиған, арқасы еңкіш, бірақ балаң түріндегі көзінің тұнықтығы сондай, оның қарағанына шыдап тұру киын, осы көздері үшін оның иесіне дайын киім-кешек дүкенінен сатып алған костюміне де, ілгектері мүжілген бауы бар дөрекі бәтеңкесіне де кешіре қарауға болар еді. Әйтсе де, Терезаның қайткенде де оған ұнағысы келді.

Ол кітаптармен қампиған портфелінен журнал алды, оның атауы Терезаны ойға қалдырды, бұл мына бозбаланы бірден өзі әдетте "жайдары жандар" деп атайтындар қатарына жатқызды. Мұндай тұрпатты адамдарды жақсы білетін сияқты еді, бұған өзінің мұңды жүзімен оларды өзіне тартып алудың талай сәті түскен. Бірақ Монду мұның сөзге тартпақ барлық әрекетіне әйелмен байланысқысы келмейтін дөрекілеу студент мәнерімен айтылған қайырымдармен жалтара жауап қатып тұрды. Өзіне назар аудартудың амалын іздеп аласұрған Тереза көрініп, бүкіл табиғилығынан айырылды; осы тұста Жорж да бүкіл кейпімен біз өзімізге бірдей ұнайтын екі адамның алғаш кездесуіне қатысып, бірақ олардың жақындасып кетуі қаншалықты боларын білмей бойды билейтін әрі-сәрі қобалжу үстінде тұрғанын көрсетті, Тереза тағы да бір кездері машықтанған жылтыр сөздерін төгіп бақты, бірақ оларды Монду мән бермеген күйі құлағына ілмеді.

Діндар бозбаламен сөйлесіп тұрғанына сенімді болған Тереза зұлымдық пен жазмыш мәселесін қозғап көрмекке ұйғарды, осы тақырыптың көмегімен ең тайыз әйелдің өзі, егер шыр айналдыра білсе, тіпті білікті деген адамды тығырыққа тірей алар еді. Тереза оған: "Менің сөздерім сізді назын қандырмас деп ойлаймын?" деген сұрақ қойып, кідіргені сол еді, Жорждың әлдебір емеуріні бұған қателесіп тұрсыз, Мондудың нанымы сіз ойлағандағыға қарама-қарсы дегенді аңғартты. Бұл дереу жалт бұрылып, Мондуды әлдеқайда сенімді амалдармен: орнықты, байқампаз да байсалды көзқараспен, нық дауыспен иілдіруге тырысып, жарамсақ үнмен сөйлеп кетті: Мұнысы да оны еш селт еткізбегендіктен, бұл өзінің қарабайыр әдістерін күлкілі дәрежеге дейін жеткізгені сондай, кенет Жорж Фило өзін бақылап тұрғанын аңғарды. Міне, осы сәтте соңғы үш күн бойы қылаң берген қуаныш құйыны су сепкендей басылды.

О, ғажап! Ол абдырап тұрды. Қызғыш кейпі Терезаға таныс қой, бұл ол сезімді бір қарағаннан тап басар еді. Біз сүйіктіміз дегеннің осынау дәлелі: діріл қаға жымырылған ауыз, жабырқау мен жазғыру толы жанар мұны арбамағалы қаншама жыл. Бұл өзінің Парижге келуінің алғашқы айларына ойша оралды. Осындай шаттық сезімнің бұған тағы да оралуы нанғысыз нәрсе еді! Ашқан жаңалығы мұның жанын баурап алды, мына қуамын жүрегін кернеп кетті. Бұл қуарған жүзімен Мондуға қараған күйі тұрған еді де, бұның Жорждың азабын одан әрі күшейткісі келетінін немесе сәл тыныстап алып, кеудесінің сол жағына тарай бастаған сыздауға шыдағысы келіп тұрғанын түсіну мүмкін емес-ті. Терезаға өзі бірдеңеге құлақ түретін сияқты көрінді. Бұл расында да ақырын басқан қадам дыбысын аңдап қалды, ол тысыр мұның жан түкпірінен өрлеп келе жатқанын түйсінді, көзге көрініп тұрмағанымен мұның әлжуаз тәнін жайлап алған өлімді сезіну жаңа ғана кенет пайда болған бақыттан ұлғая әрі беки түсті; неше жылдан кейін кайта оралған махаббат бұл әйелге бейне оның жан-тәнінің күйреуін жылдамдату үшін ғана келгендей. Жоқ, мұның қажыған жүрегі мұндай шаттануды көтере алмайды, ол мына сұмдық қуаныштан жарылып кетеді. Бұл Жоржға бұрылды:

— Такси тоқтатпас па екенсіз? Мен өзімді нашар сезініп тұрғаным. Жоқ, шығарып салмай-ақ қойыңыз.

— Бүгін кешке сізге кіріп шығуға рұқсат етсеңіз?

— Жоқ, бүгін емес, ертең дұрыс болар.

— Мен сіздің саулығыңызды білу үшін ғана кіріп-шықсам...

Бұл келіспеді, өзінің тән азабын кешуін оның көргенін қаламады... Оның үстіне Жорждың жанында болуы бұл азапты тек күшейте түсер еді. Терезаға өзіне-өзі келуі үшін уақыт керек: мына тосын жайт оны қиып түсті. Ертең кешке Тереза жайбарақат кейпіне келеді, өзін қолға алады. Бұл таксиде "Өліп кетпесем екен..." деп іштей қайталай берді. Бірақ балақанның қызғануы оның мұны сүйетіндігінің сөзсіз дәлелі ме? Және егер ол шынымен — ақ солай болғанның өзінде бұл жас адамдардың еліккіш қиялында туындай беретін сағымдардың бірі емес пе екен деп қалай қауіптенбеске? Ол қажыған, құр сүлдер әйелге ұзақ құмарта қоймас. Оның үстіне осы сәтте тыныстап алғысы келген Тереза жүрек соғысының күшеюі өзін қандай салдарларға ұрындыратынын түсінетін еді...

Бұл бір сәт кілтін іздеп есік алдындағы алаңшада кідірді. Жорждың бүгін кешке келуіне болатын еді. Ол ертең келеді, бірақ бұл ертең тірі жүре ме? Енді өзінің көз алдында үнемі көлбеңдейтін оның бейнесінен құтылу мұның еркінде емес. Ертең кешке ол өз пальтосын осы киімілгішке іледі. Алдыңғы бөлмедегі үстелше үстінде хат жатты. Тереза Маридің қолын таныды. Міне, бұл бірнеше сағат Мари туралы еш ойламапты.

Тереза мына мақау қолтаңбаға тыжырана қарады. Қағаздың сопақша пішіні де, көгілдір-көкшіл түсі де — бәрі-бәрі қызыл сиясына дейін мақаугершілік еді; иә, бұл хаттағының бәрі ақымақтықты айғақтап тұрды. Тереза өз ойынан ұялып кетті; осы сәтте Анна мұны артық қимылдатпай, қалпағы мен бәтеңкесін шешіп алды. Тереза сәскелік асын ішпейді; бұл тас ошақ жанындағы бәкене орындықта шаршағаны басылғанша қимылсыз отыра тұруға ұйғарды. Қолына конвертті ұстап жалғыз қалған бұл кеудесімен алға ұмсыныңқырап отырды. Маридің бақыты... Мари мұның қызы... Бірақ қандастықтың бұл жерде қандай мәні бар? Бұлар бір-бірін білмейтін екі әйел ғой. Әркім өз бақытын өзі тапсын. Мари он жетіде, сұлу. Олар диірменде бірге суға шомылған, шегірткелер секіріп жүрген шақта құрғақ шалғында қатар жатқан. Ал бұл, Тереза болса, енді шалажансар... Сол кеште Мари анасын мойындатқан кезінде мұны аяды ма. Ең жаманы Маридің онша әуестік білдірмегені шығар, ол ешқандай егжей-тегжейге мән берген жоқ, мән-жайды анықтауға тырыспады... Жорж бір беттік көрсеткен болар еді. Ол кетіп бара жатқан кезде күрсіне: "Менің сондай білгім келеді..." деп сұрағысы келіп, күмілжіген сұрағы нені меңзегенін Тереза жақсы түсінген-ді. Ол анық-қанығына жету үшін қайтып келмек... Құдайым-ай! Оның келуі тергеуге айналып кетпес пе екен? Терезаға үшінші рет сот алдында тұруға тура келе ме?

Мари бұның ішінара мойындауын суыртпақтап шығарғанда сол түні бұл қапалы күй кештім деп ойлады; Мариді әкесіне қайтару үшін өзін құрбандыққа шалдым деп пайымдады. Және қызына деген сол махаббаты... шын мәнінде Терезада еш уақытта сүйіспеншілік болған емес қой: "Мен өзімде жоқтан бас тарттым, еш уақытта маған өзіме тиесілі болмағанды құрбандыққа қидым..." Дегенмен, егер ертең кешке Жорж тарапынан жасалатын жаңа шабуылға төтеп бере алса... Көрейік! Бұл осы жолы алдап жатпайды. Әйтсе де, осыдан он бес жыл бұрын сұмдық мақсатты көздеп апта бойы, күн сайын өзін-өзі жаныған Тереза бұл емес, басқа, беймәлім бір жан десе жалғандық болмас еді... Күн сайын өлтіруге бел байлау... Сонау алыс жылдарда күшала тамшыларын күйеуінің ұстағанына қасақана есепсіз құйған ессіз әйел мен бүгінгі кештегі Тереза арасында ортақ не бар? Қандай ұқсастық бар?

Бәрін өзің анық түсінуден артық азап бар ма екен! Өзіңді-өзің алдауға бармау! Осы күндері мұның жасағанының бәрі Маридің бақытына қастандық екені анық, күмәнсіз! Осы жолы өзін ақтап алу үшін не нәрсені тілге тиек етер екен? Мына балақан бұдан пана іздегеннен және мұның құшағына енгеннен басқа бұған не істеді?

Бақ ішіндегі құстардың шиқылы, сағат төрттегі үзіліс кезінде мектеп ауласындағы у-шу, "Бон Марше" әмбебап дүкені аттарының тұяқ сыртылы, жүрісін баяулатқан автомобильдердің дабысы мен тежеуіштерінің сырылы — бәрі жиылып келгенде үйреншікті дыбыстар; өлу — осының бәрін естуден қалу; ал өмір сүру — осы бірқалыпты у-шуға отырып алып құлақ түруді жалғастыру. Бір соққымен өзіңді құрбан ету, бір соққымен күнәңді жуу, өзіңді жою, қырық буынды таптау... Тереза мына хаттың өзіне әлі беймәлім кез келген ұсынысына алдын ала келісе отырып, конвертті ашты. Егер онда талап қойылса, ол қандай болсын оны орындауға әзір.

"Әкем мен әжем мені ойлағанымнан артық қарсы алды, сірә, менің қытығыма тимеу үшін олар менің қашып кетуімнен қасірет жасамауға келісіп алған сияқты. Мен сол заматта-ақ оларға сіз туралы және егер мен күйеуге шыға қалсам, не істемекші екендігі жөнінде жайып салдым. Сыр алдырмаса да, сіздің ұсынысыңызды өте құптап қабылдаған сияқты көрінді. Әкем маған: "Бұл көп адамның көңілінен шығатыны анық..." десе, ал маған жағымсыздық жасауға ылғи дайын жүретін әжем: "Дегенмен, осындай жасаумен фермердің немересіне күйеуге шығу қандай өкінішті" деп қыстырды.

Мен ештеңе деген жоқпын. Менің өзімді тежеп қалуыма елеулі себеп болған еді, пошташы жаңа ғана маған Жорждан мен соншалықты жылдам күте қоймаған, өйткені ол хат жазуды ұнатпайды, хат әкелген-ді. Әйтсе де, мен бұл хат үшін кімге қарыздар екенімді жақсы түсіндім. Қымбатты, анашым, мен басты әңгімеге енді жақындап келемін, сізге айтқым келгенді қалай баяндарымды білмей отырмын... Мен ақымақ екенмін, қызыңыздың осындай мақау болғанына тіптен түсінбеймін. Рас, мен Дескейрумін! Міне, солай, менің сізден кешірім сұрағым келеді, бірақ менің сөзім бұртаңдау әлде жалған көріне ме деп қорқамын... Соңғы күндері арамызда болғанның бәрі туралы көп ойлаймын және мен еш уақытта осыған дейін кездестірмеген қайырымдылығыңыздан сіздің мейірімді жан екеніңізді енді білемін. Біз Жорж екеуіміз бір кезде болған нәрсе жай дұрыс пайымдалмаған деген бір пікірдеміз. Бар мәселе осында, Жорждың сендіруінше, мұның кілті сізде ғана (бұл оның өз сөзі, бұл оны өз хатында жазыпты). Сізге аса ізеттілік пен мейірімділік жасай қоймасам да, маған деген қатынасыңызды көріп тұрып, мен сізге күмәндана алам ба? Енді мен жауыздыққа ізгілікпен жауап берудің не екенін сіз арқылы білдім.

Ең бастысы — мен сізді мақтан етемін. Менің мақтануымды Жорж құптамаған жағдайда да, сізді асқақ тұтқан болар едім. Сіздің оған зор әсер қалдырғаныңыз айдан анық, ал ол адам таниды! Менің бақытым сізге байланысты, бұл соншалықты айқын, осы жолдарды оқып, сіз мені бас пайдасын көксейді деп күмәндануыңыз мүмкін. Ал, қазір менің ағымнан жарылып отырғанымды білсеңіз! Сіздің қасыңызда болып келгеннен кейін осындағының бәрі — адамдары да, заттары да маған одан сайын пасық-сасық көрінеді. Сіз бен Жорждың арасында менің өмірім қандай болуы мүмкін екендігін қиялдаймын!

Егер біздікілер сіздің менің пайдама қабылдаған шешіміңіз жөнінде хат жазатын болса, бұл шешім менің некелесуіме байланысты деп жауап беріңізші. Әсіресе, әжем өз талғамы бойынша жекжат болу ойынан аулақ емес, өйткені ол өзі жек көретін Филоға біздің қысылып отырған жағдайымызды ескеріп қана келіскен еді, бірақ менің жасауымның көбеюі оның менмендігін оятатыны күмәнсіз. Сіз бұл қиюға менің өзім ұнатқан жігітке күйеуге шығуым үшін ғана келісетініңізді ашып айту қажет...".

Тереза Мариді тағы да басқыш алаңында чемоданының ауырлығымен бүгілген қалыпта көргеніндей кейіпте елестетті. Өзінің сәбиі, өзінің қызы бұған мейірімге толы хат жазып отыр, ол үшеуінің бірге тұруы туралы армандайды; әңгіме сағым туралы емес еді: бұл қол жеткізуге болатын бақыт, басқаға емес, нақ осы бақытқа — бірден-бір өзіне қол созым тұрған бақытқа ұмтылу қажет-ақ. Осы күндері бұл қандай қара ниет ессіздікке бой алдырды! Бұл жамандық пен қылмыс адамның мүмкін еместі қиялдауға, болмасты болдыруға, сонан соң қалай да жүзеге асыруға бел буатын туа бітті қабілетінен туындайды деп ойлайтын ылғи. Бірақ қазір ол "ақиқат өмірге" айналғалы отыр. Бұл Бернар Дескейрудің сөзі. Өздерінің бірге тұрған өмірлерінің бас кезінде бұған: "Сен ақиқат өмірден тысқары жүресің" деп жиі айтатын. Бұның басқа нәрсені құрбандыққа шалуға шамасы жете ме? Тіптен болмашы бірдеңені. Өзінің Мондуға жорта көңіл аударған кейіп көрсеткеніне Жорждың қобалжуына Тереза тіптен жөнсіз мән беріпті. Айталық, Тереза оны сүйе ме? Бұл өзіне тіпті мұндай сұрақ қойған да жоқ: "Расын айтқанда, мен оның маған деген сезімін ұнаттым..."

Жүрегінің ауырғанына бойы үйренген әрі ауруын сезіне қоймаған Тереза түстен кейінгі осы қара көлеңке мезгілде тас ошақ жанындағы аласа орын тақта қимылсыз отырып алып осылай ойлады. Бұл Жорж Филоны ең алғаш көргеніндей: қырынбаған, көздері қыли, таза екендігі күмәнді жылы күртеше киген кейпінде елестетті; бұл Жоржды шын мәнінде кәдімгі жай бозбала деген ойға өзін иландыруға тырысты. Мың сан көптің бірі осынау пенде үшін өзінің ауру жүрегінің бір рет болса да артық соғуына тәуекел етуге тұра ма? Өзі мен басқа адамдар арасында жиі пайда болып, біресе үлкейтіп, біресе бұрмалап көрсететін әйнек кенет жоғалып кетті де, бұл енді Жорж Филоны шын мәнінде қандай болса, сондай қалпында (оны Мари, Монду немесе Гарсен ханым көргеніндей емес) көрді: ұзын бойлы арық келген, деревнялық тұрпаттағы, олпы-солпы киінген, оның үстіне қыли көз бозбала. Осындай кәдімгі жай адамды соншалықты жоғары бағалағанына Терезаны қоңылтақсу сезімі кернеп, жыны келді. Бұл оған шабарман жөнелтуге, келме деп жазып жіберуге дайын еді, бірақ Мари үшін оны қабылдауы керек.

Сағат бесте Анна терезе қақпағын жауып, тас ошақты жақты. Дегенмен, Тереза ертең кешке жалғыз қалмайтынына қуанбай тұра алмады. Ертең әлдекімнің келетініне сенім зерігуден арылтты әрі сағаттар бойы байыпты ойға беріліп кетті. Толқығаны басылып, жүрегі жай тапты. Кездесе кеткен әлдебір көлденең көк атты жанға бола есінен танып, қалтырағаны жетер! Мүмкін бұған әлі өз қапасынан сытылып шығудың, қаңғуда емес, Маридің қолында көзін жұмудың сәті түсер.

Бұл осылай жайбарақат күйге түсті, солай екі күн өтті және уағдалы сағатта Аннаның сыртқы есікті ашқанын естігенде жүрегі дүрсілдеп қоя берген жоқ.

Жоржға алғаш кез тастағаннан-ақ оның расында да бұл оны кешегі күннен бері көз алдына елестеткеніндей, қысылып-қымтырылған, қашаңдағыдай алдыңғы бөлмеде шешінуді ұмытып кеткен пальтода және өзіне салиқалылық беру әрі осында уақтылы келу қаншалықты бейнетке түскенін байқату үшін ұртынан үрлеп, маңдай терін сүрте беретін мәнердегі кәдімгі бозбала болып шыққанына қуанып кеткенін сезінді.

Тереза өзінің артындағы үстел үстіне бір ғана жағылған шамды қалдырды; Жорж тұтас сағаттар бойы көз алмай қарағысы келген бейнені көргенінен гөрі тұспалдап отырды. Тереза онымен тым асыға-аптыға, Мари туралы сөйлесіп кетті және оған жылдам хат жазғаны үшін ризашылығын білдірді.

— Сіз соны менен сұрағандықтан.

Тереза оның сөзін түсінбеген кейіп көрсетіп, Жоржға Маридің хатын ұсынды. Ол хатты алып, оған селқос көз тастап, жанарын Терезаға тіккенде бұл дауыстап жіберді:

— Ол қандай шалт қыз! Қандай бәрін түсінеді! Мен енді сізге мойындайын: оны еш уақытта өте ақылды деп есептей қоймаған едім. Біз өз балаларымыз туралы олардың әлдебір аңғал немесе орынсыз килікпесі бойынша, немесе көп жағдайда олардың өзгелердің сөздерінен іркіс-тіркіс қайталап айтқандары бойынша пайымдап, тұжырым жасаймыз ғой. Бірақ Мари өте, өте-мөте ақылды, — деп жалғастырды Тереза, өте деген сөзге екпін түсіре.

Және өзі айтқан сайын әрбір сөзі бозбаланы барған сайын Мариге қарсы қоя бастағанына көзі жете түсті. Өмірінде Терезаның өзіне сүйген адамының бұны мен туралы ойламайды деп сенуі үшін қаншама рет жорта селқостық кейіп көрсетуіне тура келген-ді! Бірақ онда қулығы өзіне көмектесе қоймайтын: бұның өзі махаббатын жасыру үшін жасаған әрекеттері қайта сүйіспеншілігін әйгілеп тұратын. Бүгін Тереза тіккен бәсін барған сайын он еселей түскен құмар ойыншыға ұқсап кетті. Сөйтті де бұл өз сөзін өзі жартысынан үзіп жіберді (мұның ағынан жарылып тұрғаны күмәнсіз еді):

— Сіздің Монду досыңыз маған өте ұнады.

Тақырыпты өзгерту үшін ғана ойына келгенді айта салған Тереза мұны өзі күтпесе де, бұл жолы да нысанаға дөп тигенін аңғара қойды.

— Иә, оның сізге ұнағанын сездім. Бірақ, — деп үстемеледі Жорж өкінішпен, — өзара түсіністік бола қойған жоқ: ол сізді ұқпады.

— Ол түсіне қоятын ештеңе де жоқ... Ол бірден менде не бар екенін немесе дұрысы: менде не жоқ екенін көрді!

— Сіздің одан артықшылығыңыз да осында: сіз оны бірден лайықты бағаладыңыз, алайда сіздегі бар жалғыз нәрсе оның назарынан тыс қалды.

— Мендегі бар жалғыз нәрсе...

Бұл бір сәт мүдіріп қалды және Жорж осылай осыдан он бес жыл бұрын Аржелуздағы жан-жағын қарағай қоршаған күңгірт үйде не болғаны туралы сұрауды бастауға мүмкіндік алуға ұмтылып отырғанын аңғара қойды. Шошып кеткен бұл айта қояр бірдеңе ойлап табуға тырысты, бірақ басына ештеңе келе қоймады; әлгі әзірде айқын ойлары осы мезетте семіп қалғандай. Жоржға қарамау үшін отқа еңкейген болып, қойылмай тынбайтын сұрақты естуге дайындалды. Бұл тағы бір рет тергеуге түсуі тиіс. Не істеу керек? Бұл бозбалаға оны өзінен итеріп тастайтындай, бірақ Мариден бас тартуына ілік білдірмейтіндей ғана айтқаны жөн...

— Әрине, — деді ол, — сіз ешкімге ұқсамайтын бірегей адамсыз. Міне, сондықтан да мен сіздің қолыңыздан келеді деп есептеймін...

Осы жолы бұл оған жайбарақат дерлік қарап, қарсы сұрады. "Бәрі қолынан келеді деп пе?" Жорж Фило күреңіте қызарып кетті:

— Сіз мені түсінбей отырсыз: мен сізді ұлы істерге қабілетті деп есептеймін... Сіз өзіңізге тағылған сұмдық айыптауға лайық болмасаңыз да, одан бас арашалауға тырыса қоймаған, сондай бір әйелсіз...

Тереза орнынан тұрды да бөлме ішінде бірнеше қадам жасады, ілесе мойнын бұруға батпаған Жорждың орын тағының ту сыртындағы қабырға жанына барып тоқтады. Не деп ойласаң да еркіңіз білсін деп, құрғақ қайырды. Ол даусы дірілдей сұрады:

— Демек, мен сіз туралы не ойласам да сізге бәрібір ме?

— Керісінше, бұл мен үшін өте маңызды, сіз мұны жақсы білесіз.

Ол орнынан көтеріліп, орын таққа тізерлей тұрып, жабырқау мен жадырау арбасқан жүзін Терезаға бұрды.

— Ең алдымен, — деп үстемеледі Тереза, — Мари үшін.

Ол күрсіне: "Бұл ғажап болар еді!" деп салды. Сонан соң Тереза естігенінен гөрі аңғарған: "Керек еді маған Мариіңіз..." деген бірер сөзді міңгірледі және едәуір дөрекі сөздерді әдейі қыстыра кетті. Сонда барып Тереза оған бажайлап қарады, көздерін тіктеуге жүрегі дауалады. Бұл өмірде барлығынан асыра аялағанның бәрі, өзінің жастық шағында бірнеше кездейсоқ кездесуде тағдыр бұған там-тұмдап бергеннің бәрі, бұл енді мәңгі айырылдым деп есептейтіннің бәрі, тек өзі ғана жұбата алар сағыныш, тек қана өзі себепші мынау азап-осының бәрі кенет өзіне қайта оралды, өзіне тесіле қараған тұнжыр көзқарастан бұл осыны таныды. Бұл қазір сұмдық бір сөзді, өзінің дімкәс жүрегі көтере алмайтын сөзді еститінін сезді. Бұл ол сөзден қашқақтап, зорлана жымиып, сөйлеп кетті:

— Менде қызықты ештеңе жоқ, қателесесіз...

Бірақ бұл сөзін аяқтамай жатып, Жорждың өзіне бейне бейтаныс даусын естіді:

— Бұл дүниеде сізден басқа ешкім мені қызықтырмайды.

Екінші соққыдан қашқақтағандай сәл имен, Тереза:

"Ешқандай негіз жоқ қой... мен неліктен сізді қызықтыруға тиіспін?" — деп күбірледі. Әйтсе де, бұл еміс естісе де, езі күткен сол сөздер ақыры жүрегіне дөп тиіп еді.

— Мен сізді сүйемін...

Иә, жүрегіне дөп тиді; алғашқы сәтте тән ауырсынуы тұла бойын тұтасымен меңдеп алды, бет әлпеттің бұзылып кетуін Жорж ашудың қысуы деп қабылдады.

Бұл уақытта Терезаның мына шошып кеткен жанға қолын созуға да шамасы жоқ еді. Мұның бір дыбыс шығарарлық және баланың былжыр қорынған іркіс-тіркіс сөздеріне қарсылық көрсетерлік күйі болмады.

— Сіз маған күліп тұрсыз... Сізге жек көру әкелгенімді білемін.

Бұл теріс ым жасауға талпынды, сонан соң оң қолын көтеріп, оны Жорждың тікірейген шашына қойды да, бейне анасы кешке сүйерде баласының маңдайын ашатынындай, оны қайырды. Жігіт шынтақтарымен арқаға сүйеніп, әлі тізерлеп орын тақта тұрған күйі, кездерін жұмды. Терезаның жүрек лүпілі бірқалыпты еді, терең дем шығарды. Жігіт сөзін жалғастырды:

— Мен сізге бейшара көрінермін.

Бұл жауап қатпады, өйткені даусы әлі жоқ еді және осы еріксіз үнсіздігі кез келген қарсылығынан өтімді-тін. "Мені аяңыз" деп қайталады балақан. Бұның қолынан келгені оның басын өзінің иығына икемдеу болды, бұл қимыл оған расында да мүсіркеу-шіліктей көрінді. Тереза бұдан әрі қобалжуын тоқтатқандықтан, ыңғайсыз тұрғанына қарамастан, қара шаштан шыққан арзан бриллиант әтірдің иісін жұтқан күйі, қимылсыз қала берді. Бірақ көп ұзамай қолының талғанын сезініп, басты босатуға мәжбүр болды. Сөйтіп.... бұны тындырды.

Қарсыласуға ырық бермейтін үнмен бұл Жоржға тас ошақ жанындағы аласа орындыққа жайғасуды ұсынды. Өзі орын таққа шөкті және арқалығына шалқаймастан сіресіп тік отырды.

— Сіз баласыз, — деді бұл.

— Сіздің маған еш уақытта көңіліңізді бермейтініңізді жақсы білемін. Маған тек сіздің көзге ілмеуіңіз бен жек көруіңіздің арасын таңдау ғана жазылғанын білемін. Не істерімді білмеймін, мен қаламас едім...

Терезаның абыржулы жымиысын бозбала менсінбеудің көрінісі деп қабылдады. Бұл болса осы мезетте "мен сізді сүйемін" деген төтен сөзді естуге ұмсынған өз өмірінің сәттерін есіне алған еді, ол сөздер еріндерді жыбырлатып қалай туындап келе жатқанын тіпті көріп тұрғандай уақытта мұның бетпе-беттесі соңғы сәтте, әлдебір жымысқы қулықпен әлгі сөздерді айтпай қалудың амалын таба қоятын. Өзі де талай рет іркіліп, өзіне тек ұтылыс әкелетін мойындау аузынан шығып кетпеуі үшін жанталасқаны бар. Өйткені бұл арбасу ойнында негізгі нәрсе елеусіз қулыққа, серіктесің өзін сенімді сезінбесін және саған суымасын деген ұдайы үрейге тірелетін. Мына есейген балақан өз жүрегіне ерік беріп, оның сайрай жөнелуіне рұқсат етті. "Бірақ ол қазір мені көреді, — деп ойлады Тереза. — Ол кенет мені шын кейпімде көреді.." Жігіт орнынан тұрды да өзіне тас ошақ үстіндегі айнадан қарап тұрған әйелге жүгіртіп көз салды. Жүзінде жеңіл табиғи шырай ойнайды; көздері жалт-жұлт етеді; әдемі кең маңдайы бірде-бір әжімсіз. Аузының екі жағындағы қос сызық мұны еш қартайтып тұрған жоқ, олар бұған тек маңғаз да қатаң кейіп береді. Осы минутта бұл өзін әлгі ынтызарлықтан құлпырып кеткендей көрді. Айнадан мына ессіз балақанның момақан жанарында бейнеленген өзінің сүйкімді бейнесін көрді.

Бұның жаны рақаттана жай тапты және бекем де қуанышты сеніммен өзінің жеңісіне насаттанды. Тереза Жоржға сенім артуға, оған өзінің жүрегін ашуға дайын еді, сүйікті жанға айналғанын, әйтсе де жас еместігін есінде ұстаған адамның ойына келетін марқаю әрі ризашылық сөздерді ағытуға әзір еді. Бұл мына балақанның көзін ашуға, оның алдамшы сезімін өшіруге, оған өзін кәрі, қаусап қалған, мүсіркеуге лайық әйел етіп төтеннен көрсетуге дайын... Бірақ өзінің дуылдап ысып тұрған қолдарын салқындату үшін тас ошақтың мәрмәр тасына қойған кезде, Терезаның қолы Маридің хатының шашылған парақтарына кездейсоқ тиіп кетті — Жорж оны ықылассыз жүгіртіп өтіп, тіпті ақырына дейін оқымастан тастай салған-ды.

Тереза көздерін жұмып, тістерін қарыстырып, ақымақ айбақ-сайбақ шимайланған парақтарға еңкейді. Мари? Қалайша ол анасына тыныштық бермейді? Әр адам өзі үшін өмір сүреді. Мұны мына бозбаламен байланыстырған Маридің өзі емес пе еді? Ол Терезаны тіптен қауіпсіз деп есептеді, өзіне мұның тарапынан әлдебір қатер төнеді дегенді еш ойлаған жоқ. Тек қана мені сүйеді деп пайымдайтын албырт шақ қандай алаңғасар еді! Махаббат өз таңдағандарынан тек қана тәнді емес, ынтызарлық құпиясын да, тәжірибені де, алғырлықты да іздейді, оларды тек басынан кешкендер ғана біледі. Мүмкін қазір Мари төңірегінде қарағайлар сол баяғыдай тынымсыз шуылдаған Аржелуздағы үйдің ең үлкен бөлмесінде отырған болар. Мари алаңсыз, оның жайбарақат сенімді көңілін ештеңе де бұзбайды, — өйткені ол бұдан былай өзінің махаббатын, өзінің өмірін Терезаға сеніп тапсырды. Мынау кезінде Тереза жайлаған сол бөлме; ол науқас Бернар ыңырсып жатқан бөлменің нақ астына орналасқан еді, Тереза төбе арқылы оның ыңқылына құлақ түретін... Аһ! Енді бұған басқаларды өлтіру үшін өзінің катысуы міндетті емес! Бұл енді қашықтан-ақ өлтіре алады.

Тереза дірілдеген қолдарымен парақтарды алды, оларды ретімен жинап, конвертке салды. Сонан соң қолдарын көтеріп, алақандарымен көздерін жұмып, бұл өзі қаншама азапты бастан өткерген аласа орын тақта бүк түсіп отырған Жоржға шалт бұрылды да, тістенген тістерінің арасынан бәсең үнмен:

— Кетіңіз! — деді.

Ол бұған таяқ жеген иттей алара көз тастап, орнынан тұрды. Еріндері жыбырлады. Сірә, кешірім сұраса керек. Тереза оны алдыңғы бөлмеге қарай бағыттап итермелеп, пальтосын ұсынды, есікті ашты. Жорж Терезадан көзін алмастан есікке беттеді! Басқыш күңгірт әрі күлімсі иісті еді. Электр шамы жанбаған.

— Жақтаудан ұстаңыз, — деді Тереза.

Ол сипалай ептеп түсіп, төменге барып қалғанда кенет өзінің атын естіді: "Жорж!" Тереза оны шақырып тұрды. Ол жоғарыға ұмтылды. Тереза оның қалай ауыр демалғанын естіді және ол пәтерге кіргісі келгендіктен, бұл зорлана айтты:

— Жоқ, кірмеңіз. Менің сізге тек айтқым келгені... Бәрі рас! (Бұл енді жылдам сөйлеп кетті). Иә, сізге мен туралы не айтпасын, бір нәрсе үнемі есіңізде болсын: мен жала жабу мүмкін емес адаммын. Сіздің жауап бергіңіз келмей ме? Онда мені түсінгеніңіздің дәлелі ретінде маған әлдебір ишара жасаңызшы.

Бірақ Жорж жақтаудың жанында қимылсыз тұра берді. Бұлардың көзі қараңғыға біршама үйренгенімен, әңгімелесушінің бет әлпетін немесе құбылысын айыру мүмкін емес еді. Бұлардың әрқайсысы екіншісінің дене сұлбасын еміс-еміс қана көріп тұрды, үзік-создық тынысын естіді; Тереза арзан бриллиант әтірдің иісін таныды, мына жас тәннің жылуын сезінді.

— Міне, менің сізге айтпақ болғаным, — деп күбірледі бұл. Сіз енді білесіз?

Төменде сыртқы есік ашылды да қайтадан күшпен тарс жабылды. Әлдекім есік бағушы әйелге езінің атын атады. Іле төменгі алаңда жарық көрінді. Тұрғандардың бірі балауыз шырпыны үсті-үстін жағып әрі бұрқылдай сөйлеп басқышпен көтеріліп келе жатты. Тереза мен Жорж алдыңғы бөлмеге кіріп кетуге асықты. Қонақжай әлі жарық еді, сондықтан жарық бұлардың көздерін шағылыстырып жіберді. Бұлар көздерін жыпылықтатып, бір-біріне қарауға батпай тұрды.

— Сіз түсіндіңіз бе? — деп сұрады.

Жігіт басын шайқады.

— Мен сізге сенбеймін. Сіз менен құтылу үшін өзіңізге жала жауып тұрсыз. Және осының бәрі Мари үшін... Қайтесіз! — деп жалғады ол кенет өжеттене, — сіздің қулығыңыз ештеңе бермейді. Мен оған үйленбеймін. Естідіңіз бе? Мен еш уақытта оған үйленбеймін... Солай! Мен бүкіл пайданы мансұқ еттім!

Кітап шкафына сүйенген әрі көздерін шала жұмған Тереза өзін кернеп кеткен қатты қуанышын білдіріп қоюдан қорқып, оны бар күшімен ішінде тұншықтыруға тырысты, басын бұрып әкетті. Ол Мариге үйленбейді! Не болса да, қыздың қолы бұған жетпейді. Жорж еш уақытта оныкі болмайды. Бұл қуаныш Терезада үреймен астасқан ұят сезімін тудырды. Бұл нақ осы жерде өліп құлап түскісі келді, өзінің кеудесін қысқан аңсары өлім алдындағы соңғы аңсауы болуын, бірақ бұл дүниеде ештеңе бұған осынау ғажайып бақытқа құнығуына — оның қалаулысына айналуына кедергі жасай алмауын қалап тұрды.

Бірде-бір көзқарасы өзінің толқынысын білдіріп қоймайтынына сенімді болған кезде барып бұл өзінің түрін сұрландырып, жүзін баяу Жоржға бұрды. Ол басын сұлық түсіріп, қолдары әлсіз салдырап, тістеп алуға дайын ашулы иттей кейіпте көздерінің астымен қарап, бөлменің ортасына тұрды.

— Өте өкінішті, — деді Тереза құрғақ қана. — Сіз өз шешіміңізден айнырсыз деп үміттенемін. Маған келсек, мен енді ештеңе істей алмаймын. Тым болмағанда осыған кінәлі еместігіне сенімдімін. Бізге басқа айтар ештеңе қалған жоқ деп ойлаймын.

Бұл есікті ашып, оны өткізіп жіберу үшін бір жағына ығысты. Бірақ ол орнынан қозғалмастан әрі Терезадан көзін алмастан, ақыры:

— Біліп жүріңіз... Айтарымды айттым: мен сізсіз өмір сүре алмаймын, — деді.

— Бұл айтыла беретін сөз ғой!

Терезаның үні жорта ықылассыз шықты. Әлгі айтылған: "мен сізсіз өмір сүре алмаймын" дегенге ешқандай мән бермейтін кейіп көрсетті. Ал шын мәнінде бұл түсініп тұр еді, бұл алданбауы үшін әрі мұндай сөздердің астарлы реңкін, шарасыздықтан аласұру толқынысын ә дегеннен аңғарарлықтай өз өмірінде талайды бастан кешкен-ді. Тереза бұл сездерді сол қалпында қабылдау керектігіне күмәнданбады. Мұндай тұрпаттағы бозбалалар өзіне мәлім еді. Сонда бұл Жоржға абайлап келіп, осы кештің басыңдағыдай қимылымен оның басын өзінің иығына қойды, жігіт өзінің денесінің бүкіл салмағымен мұның иығына сүйене кетті. Жоржға жақсылап қарап алу үшін бұл басын иіп, өзінің балапанына сүйсіне қараған ана сияқты оған еңкейді. Ол күлімсіремеді. Оның мұңды көздері бақырайып тұр еді. Мына жас адамның бетіндегі тозу іздері Терезаны қайран қалдырды. Бұл ұшқалақ оқушының тентектігінің салдарынан болған тыртықтар ғана емес еді, терісінің барлық жерінде дерлік майда қыртыстары, ал маңдайының терең әжімдері бар екен. Бірақ ол көздерін жұмған кезде көзінің жылтыр, жұмсақ қабағы бәрібір баланың қабағы еді.

Тереза кенет бұл маңыраюынан тиылып, Жоржға орын таққа отыруын ұсынды, өзінің жұмсақ орындығын оған қарай жылжытты. Күшін жиып, парасатты үнмен сөйлеп кетті. Бұған ештеңе бере алмайтын кәрі әйел екендігін айтты. Өзінің сүйіспеншілігінің ең жақсы дәлелі оны қаусаған бейшара, күні өткен адамнан күдер үзуге мәжбүрлеуі болмақ.

Осыны айта отырып, Тереза өзінің тым кең маңдайын жауып тұрған шашын әдейі қайырып тастады, құлақтарын ашты, өзіне алайда жанын ышқындырған күшке түскен осы қимылының бәрін селқос жасады. Нәтижесін жылдам көре қоймағанына таңырқады — махаббат көбіне сыртқы кейіпке ешқандай мән беріп жатпайтынын, біз жасырғымыз келген ақ шаш тек қана жайсыз әсер қалдырмайтынын, ал егер оны байқай қалса, қайта сүйсініс туғызатынын түсіне бермейміз-ау. Жоқ, қазір Жорждың тойымсыз, ғашық көздері қаусаған жанды емес, өзінің осында отырғанын жанарымен, қырылдаған даусымен білдіріп тұрған әлдебір көрінбейтін жанды, ең болмашы сөзінің өзіне Жорж зор маңыз әрі мән беретін жанды көріп тұр еді. Тереза оның назарын өзінің жалаңаштана бастаған маңдайына аудартпақ болып бекер тыраштанды. Жігіт өзінің көкірек көзімен көруінен: мұны уақыттан тысқары, тән қабығынан бөлек көруінен бас тарта алмайтын еді. Нәпсі, ол тіпті күнә болса да, бізге әрдайым сүйікті адамның жан сырын паш етеді; және қылмыстармен былғанған тұтас өмірдің өзі біздің махаббатымыз сол жанды аялаған нұрлы шұғыланы көмескілендіре алмайды.

Терезаны зор ерік күш-жігерін салып өзін қорғаштаудың соңғы амалдарын жұмсаған сайын өзіне сұқтана қараған мына көздерден ынтызарлықтың кемімегені таң қалдырды. Бұл әйелге өзінің әр сөзі қандай күшке түсіп тұрғанын мынау сезер ме екен? Өздерінің арасындағы жас айырмашылығы жасайтын шыңырауды, қалай болғанда да бұл махаббаттың өшуге мәжбүр екеніне және көп ұзамай сөнетініне сенімділікті қайткенде де одан жасырғысы келеді-ақ! Алайда, бұл өзінің бар ойын тап осыған шоғырландыруға ұмтылды. Жорждың назарын нақ осыған аударғысы келеді:

— Сіз жиырма жастасыз..., — деп қайталады бұл, — ал мен қырықтан асқанмын (Дәл санды айтуға бәрібір аузы бара қоймады). Сіз менен не күте аласыз? Сіз езіңізге жасаған алдамшыны бір түн ғана жеткілікті болар еді...

Ол мен жиырмада емеспін деп қарсыласты:

— Мен жиырма екідемін... Әйтсе де, сіз маған келген күні не айтқаныңызды ұмытып қалдыңыз ба? Сіз ғой маған бірінші келген... Мен сізді іздеп пе едім? Сіз маған айттыңыз...

Терезаның сөздерін есіне дәл түсіру үшін ол көздерін жұмды.

— Есіңізге түсіріңізші: мен небәрі жиырма екідемін деп ақымақтана мақтанғанымда, сіз: "Жиырма екіге толдым деп айтқаныңыз жөн болар", — дегенсіз. Және тағы бір сұмдық сөзді: "Сапар басталған екен, бұл келіп қалғанмен бірдей...", — деген мен үшін сұңғыла сөзді қостыңыз, соның арқасында маған жігіттік жасқа келгелі бері неге соншама зарығып жүретінім түсінікті болды.

— Есіңізге қалай жақсы сақтайсыз!

Тереза күліп жіберді. Бірақ осы сөздерді өзі айтпады дегенге барын берер еді. Алайда, Жорж басын шайқады:

— Менің есімде сіз айтқаннан басқа ештеңе тұрмайды. Мен ылғи зерігетінмін, енді сізді білгелі бері менде сіз айтқан әрбір, тіпті болмашы сөздің өзін еске түсіру және ой елегінен өткізу әдеті пайда болды. Мен сіз айтқан кез келген сөз туралы шексіз ойлай аламын. Сіз айтқан сөздер маған тіптен жаңа сияқты қабылданған минуттан бастап мен оны түсінуден қалатын сәтке дейін сағаттар, күндер өтуі мүмкін... Осы сөздердің арасында маған барған сайын ұғынықты көрінетін бір сөз бар. Иә, сапарды бастадың-ақ екен, демек келіп те қалғаның. Олай болса, сіздің жасыңызды менің жасыма қарсы қоюдың қажеті қанша? Сапарға бірге аттанған біздің арамызда не айырма бар? Жастық шақ менің саусақтарымның арасынан сусып жатқан су, ұстап тұра алмас құм... Мені сүюге бейім бірсыпыра жан тек қылаң беретін қайратыма, жалған жастығыма байланады... Бірақ мен, мен... бірнеше жылдан кейін менен ие қалатынымен ешкімнің де шаруасы жоқ. Тіпті Мондудың да...

Көңілінің түкпірінде ол мені ақымақ деп есептейді. Ол: "Сенің бойыңдағы тартымды нәрсең — тағылығың", — дейді.

Тереза қолын бозбаланың тізесіне салды. Бұл ол әлі айтуы мүмкін сөздердің бетін қайтарар сөз бардай-ақ, оған айтар сондай бірдеңені іздеді. Бұл оған ойына келгеннің бәрін айтты: жастық шақтың расында да ешқандай құны жоқ, өзіңнің бір нәрсені: өмірдің мақсатын білуің маңызды. Әр адамда, — ол ең асқақ болсын немесе ең төмен болсын, — бір мақсат бар. Өз жолдастарыңның бәрі бірдеңеге елігіп жүретінін байқамадың ба: бірінің көңілінде — Құдай, екіншісінде — король, үшіншісінде — жұмысшы табы, бірі болмаса басқасы... және тек ойынға құмарлары да бар, қазіргі кезде бүкіл есі-дерті дене шынықтырумен айналысуға ауған қаншама қыздар мен жігіттер жүр...

Тереза өз сөздерін ойланып айтуға тырысты, бірақ Жорж иықтарын қиқаңдатты, басын шайқады.

— Жоқ, не істеу керектігін... мұны бірде кешке айтқансыз (Тереза "Тағы не айтып едім?" дегендей тыныс шығарды). Есіңізде ме? Мен сізбен танысқан сол күні кешке... Мариді вокзалға шығарып салған соң менің осында келуге тәуекел еткенім. Сіз құлпырып тұр едіңіз... Сіз айттыңыз... Сөйтті де ол сөзбе-сөз дерлік қайталап айтты: "Өзің сүйетін адаммен сүретін бүкіл өмір күн астындағы мамыржай демалыс, таусылмас демалыс болуы керек... бұл — жаныңда, тым жақын, оны қолыңмен ұстай алатындай сондай жақын жерде өзіңмен үндес жан, адал әрі көңілі ток, ол да сен сияқты ешқайда алаңдамайтын адам бар екеніне сенімділік. Төңірек тұнып қалуы тиіс, бұл кезде кез келген ой аласталады, яғни көңіл түкпірінің өзінде опасыздық ниеттің болуы мүмкін емес..."

— Байғұс балам-ай, бұл айтарға дым таппағанда шыққан бос сөздер ғой. Бұлардың өмірмен еш сәйкеспейтінін өзіңіз де жақсы түсінесіз ғой. Өмір тек махаббаттан тұрмайды, әсіресе еркектер үшін...

Бұл енді осы тақырыпты өрбітуге кірісті. Бұл таңға дейін айта алар еді; бұның өз парызын сезінгенінен айтуға мәжбүр болған және айту өзіне үлкен күшке түскен парасаттылыққа толы ойлары Жорждың миына кірмеді. Оның бұл сөздерді естімегені де сөзсіз, оның санасына өзінің арпаласымен үндес сөздер ғана жетіп жатты. Ол Терезадан тек өзінің қарсыласуы үшін тілге тиек болатындарын ғана қабылдады. Нақ сондықтан, Терезаның өзі мұны аңғармай, өз сөздерімен оған жон сілтеп отырды. Бұл жиырма жастағы бозбаланың өмірді сүйе алатын негіздерін санамалаған сайын әңгіме қайтадан сәл әжуалық реңк ала бастады; сонда жігіт тіксініңкіреп бұған мұңды да алабұртқан жүзін бұрды, сәл ашық еріндері арасынан тістері жарқырап тұрды. "Иә, саясат, әрине....", — деді Тереза. — "Бірақ жүрегін ала жүгіру басты тірлігіне айналған адамдар қатарына жатпау керек. Олар көбінесе осынысы опық жейді, олар өздерінің төңірегіндегі адамдарды айрықша жүрген нәрселермен айналысып жүргендей сыңай білдіреді, олар осы ұстамсыз аңсарын әлдебір масқара тәрізді жасырады, оның тиянақсыз сезім болатыны — мұндай адамдар ұшы қол жеткізу — қулығын асыру: олардың уысына түскендер енді олардың көзіне ілінуден қалады; қармаққа іліккендердің алдында енді өздерін сүюден айнып қалған жоқ па, суып кетпеді ме деген сұрақ әр минут сайын қайтадан туындап тұратын болады..."

Тереза өзі үшін айтып отырған сияқты. Сөзін сабақтай түсті:

— Ескі хаттарды еш уақытта қайталап оқымайды ғой, рас па? Оларды қайта оқып жатпастан жыртып тастағанды жөн көреді, өйткені олар енді өтіп кеткен нәрсенің куәлері... Бізді сүйемін деп қиялдайтын адам үшін ең бақытты минуттарында кенет оның бізді айналып өтуге мүмкіндігі бар екендігі ашылады... ол жеке басының, өз отбасының тірліктерімен айналысады... бізге содан қалған-құтқаны ғана тиеді. Ең тәуір дегенде, біз бай адамның Лазарьдан шыңырау түбінен сұрап алғанындай сияқты тамшы суды ғана татамыз. Ал кейде тіпті одан да құр қаламыз! Өйткені сүйген адамымыз әрдайым атына заты сай емес, бәрінен құр алақан және өзіне деген махаббаттан жүрегіміз жалындап тұрған бізге ештеңе бере алмайтын кәдімгі байғұстың өзі болып шығады... Дегенмен, Жорж, жоқ, бұның бәрі бос мылжың. Бұл ойлардың бәрінің еш мәні жоқ немесе мағынасы тек мен үшін ғана. Маған мұндай ойсыз көзбен қарамаңызшы.

Бұл орнынан тұрып Жорж отырған аласа орындықты айналды және екі қолымен оның көздерін жапты. Ол мұның қолдарын ұстай алды. Тереза өзінің қартайып дөрекіленген, ірі секпілдер басқан қолдары туралы ойлады, осы сәтте Жорж оларды байқауы тиіс деп пайлады. Бірақ ол мына секпілдерді көрсе, Терезаға тиесілінің бәрін аялайтыны сияқты, оларды да сөзсіз сүйіп-сүйіп алар еді; әйтсе де ол еріндерін алақандарға, білезіктерге басты... Бұл тежей алмаған өз сөздері туралы және Жорждың оларды ішінен шексіз қайталап жүретіні жайлы ойлап, қолдарын тартып ала қоймады. Тереза бәсең үнмен:

— Мен сізді уландырамын, — деді.

Бұл осы сөздерді айтқан кезде өзінің жүзі алабұртып кеткенін сезді. Жорж қимылдамады және еріндерін Терезаның кішкентай, секпіл басқан қолдарынан айырмады. Бірақ Тереза білінер-білінбес дірілден бұл сөздердің оны қобалжытқанын сезді. Жағдайдан шығудың жолы осы жақтан ашылуы мүмкін деп ойлады бұл: тым болмағанда Жоржды құтқару үшін нақ осы жолмен жүру керек. Маридің күні бітті, бұл оның түбіне жетті, бірақ әлі Жоржды құтқарып қалуға болады. Бұл енді ойланбастан қайталады:

— Мен сізді уландырамын, сізді де.

— Тамаша, — деді Жорж кекесінді дауыспен. — Жақсы, Тереза (ол бірінші рет мүләйім мейіріммен мұны атымен атады), мен сізді түсіндім. Несіне айта бересіз?

Ол мұның қолдарын жіберместен, оған еріндерімен одан сайын жабыса түсті. Бұлар Анна Терезаның бөлмесін ұйықтауға дайындап жатқанын естіді. Сонан соң ас үйге баратын есік тарс жабылды. Бұлар пәтерде өздері қалғанын түсінді. Үй ұйқыға кеткен, көше тыныш. Оттың діріл қаққан шағылысуы Аржелуздан әкелінген кітап шкафының әйнектерінде ойнап тұрды. Тас ошақтың мәрмәрінде Мари қызыл сиямен: Бақ көшесі, Дескейру ханымға деп жазған күлгін түсті дағы бар конверт көрініп тұрды. Тереза одан көздерін айырмады; бұл тыныстап алу үшін суда шалқалап тыныш жатқан жүзушідей еш тырп етпестен, еш қимылсыз ағыспен аға берді, бұл өз қолында Жорждың еріндерін сезіп, ол құптаған белгідей қабылдауы мүмкін бірде-бір қимыл жасамады.

— Сіз маған сенбейсіз бе? — деп қайта бастады Тереза шиыршық атқан дауыспен.

Бозбаланың қолдарынан айырылғысы келмегеніне қарамастан, бұл байыпты қимылмен қолдарын босатып алып, біршама жылыстап кетті. Бұлар бірдеңе күткендей бір-біріне қарап тұрып қалды. Оның сенбеген, сонымен бірге шарасыз жымиысы Терезаны қалай аласұртты! Және оның: "Көңіліңіздің түкпірінде сіз мені жек көресіз..." деген сөзіне жауапқа айтты:

— Мен сізді маған сенгіңіз келмегеніңіз үшін жек көремін. Сіз аржелуздық басқа мақауларға ұқсайсыз: менің қылмысыма сіз солардың көзімен қарайсыз, менің сондай сұмдық әрекет жасай алуым сізге мүмкін емес сияқты көрінеді, ол қылмыс мен осы жерде, сіздің көз алдыңызда, сіздің өміріңізге енгелі бері жасап тұрғаныммен салыстырғанда түк те еместігін түсінбейсіз. Сіз өздері ешкімді де өлтірмегендіктен, өздерін бейкүнә санайтын шаруалардың тұқымы ғана екеніңізді көріп тұрмын! Солай ма? Иә! Тұтас қыс бойы мен кез келген тас қапастан жаман түрмеде менің қарауылым болған адамның шынаяғына күш ала тамызып отырдым... Қандай сұмдық іс деп ойларсыз! Енді, міне, қазір менің құрбандықтарым Мари және сіз, мені сүйемін деп қиялға берілген сіз болып отырсыз.

Бұл сөйлеп тұрғанда Жоржға қарамады, бірақ оған көзі түсіп кеткенде есін жиып ала қойды:

— Бірнеше күннен бері мені сүйемін деп ойлап жүрген сізге айтқым келеді... Енді бәрі бітті, солай емес пе!

Ол иықтарын қиқаң еткізгендіктен, бұл қатулана жалғастырды:

— Қалай! Сіздің не айтқыңыз келіп тұр? Мүмкін мені сол әрекетті жасаған жоқсыз деп айтарсыз? Жоқ, мен оны жасадым, бірақ ол менің басқа, әлдеқайда жымысқы, әлдеқайда жасырын, ешқандай қауіптенусіз жасаған қылмыстарыммен салыстырғанда түк те емес... Мен сізден тағы да сұраймын: біз танысқан әуел бастан менің барлық сөзім нені меңзеп тұрғанын сіз қалай аңғармадыңыз? Басыңызды шайқайсыз? Менің не айтқым келетінін түсінбейсіз?

Жігіт қабырғаға сүйеніп тұрды және мұның көзіне тура қарады.

Осы сәтте Тереза оянып кеткендей болды: серігін баурап алған мұң мұны да билеп кеткен сияқты еді.

— Жоқ, байғұс, балам, бұл түк те емес, бұл тіптен ештеңе емес, — деді. — Ол басын теріс шайқағандықтан: — Жорж, бұл болмашы нәрсе деп өзіңіз айттыңыз ғой..., — деді үстемелеп.

Жігіт ыңырсыды: "Сіз қалай менің жанымда ауырттыңыз!" Тереза оны өзіне тартпақ болып қолын созды, бірақ ол оқыс қашқақтады жөне бұл одан айырылғанын түсінді.

Тереза басын салбыратып, қолдарымен тізесін құшақтап отырды. Бұл тағы да Жорждың даусын естіді:

— Менің сіз үшін бірдеңе істегім келеді...

"Мүмкін, — деп ойлады бұл, — қаша жөнелмес бұрын мұны сыпайылық үшін айтады ғой". Бірақ ол қызбалана қайталады:

— Мен сіз үшін бірдеңе істей алу мүмкіндігім болғанын қалар едім.

Сірә ол мұның: "Маған бірдеңе жасауға шамаңыз келмейді", — деп айтарына сенімді болса керек. Сонда ол осы бөлмеден тұра қашады, мына сұмдықтан құтылады және өзінің Терезамен таныс болғанға дейінгі тіршілігіне: шағын бөлмесіне қайта оралады, бүгін енді граммофон қоюға тым кеш, өйткені көршілерді оятып жіберуі мүмкін... Бұл оның ойын меңдеп алғанға дейінгі уақытта ол не оймен жүрді екен?..

Бүгінгі кеште бұл кенет басқа, оны алғашқы кездесуден сиқырлап алған әйелге ұқсамайтын жанға айналып кетті... Бұл Аржелуз бейпіл ауыздарының мұны сипаттағанындай кейіпке енді және ол жаңа ғана мұның сұм арбауының құдіретін басынан өткерді. Жігіт оның өзінің көзіне айтқан барлық сөзімен қатар бір сөзін есінде сақтап қалды: бір адам туралы айтылған ең қарама-қайшы деген пікірлердің қай-қайсы да дұрыс, бәрі қай қырынан келуге байланысты, ал кез келген көзқарас өзінше әділ... Бірақ мұның алдында кәнігі қылмыскерлер альбомынан суырып алған суреттей кенет пайда бола кеткен мына сұмпайы түр Терезаның шынайы кейпі ме еді?

Ол: "Сізге ештеңемен көмектесе алмайтыныма жаным ауырады...", — деп тағы қайталады. Ал расында, ол осы жерден тезірек кетуді, өз бөлмесіне жетіп, электр шамын жақпастан шешініп жата қалуды ғана ойлап тұрды. Терезенің қақпағы жабылмаған кезде сыртқы кіре беріс есіктің үстінде тұрған шамнан бөлмеге түскен сәуленің жарығы жеткілікті. Ол басын жамылғының астына тығып алады... Күтпеген жерден шыққан қысқа да именді дауыс Терезаның даусы емес еді, оның үні болуы мүмкін емес:

— Солай ма! Иә, сіз мен үшін бірдеңе істей аласыз... Бұл өте жай ғана нәрсе: бәрі сіздің қолыңыздан келеді... Бірақ сіздің істегіңіз келмейді.

Жорж жасандылықсыз қызулана қарсыласты. Ол түрегеп тұрды, ал аласа орындықта отырған Тереза әлі де дағдылы қимылымен, маңдайын жарқырата шашын қайырып тастай берді, Жорж бұған қарамауға тырысты. "Жо-жоқ, Терезаның бұған ештеңе айтқысы келмейді, несіне айтады?" Жігіт зор күш-жігер жұмсап, мұның аяқтарының жанына тізесін бүкті, сөйтіп бұлардың жүздері бір деңгейде тұрды. Енді ол Терезаны тым жақыннан, мына уақыт тоздырған теріге үлкейткіш әйнекпен қарап тұрғандай қарады. Көз жанары бұрынғыдай, Жорж оны үнемі көріп жүргеніндей әдемі еді. Бірақ мұны соншама армандауға мәжбүр еткен көздердің айналысынан бұл тұтас өлі дүниені, еш уақытта бұған дейін бұның алдында пайда болмаған өлі теңіздің құла түз жағалауын көрді.

— Егер сіз солай табандап сұрасаңыз... Иә, әңгіме Мари туралы..., — біршама кібіртіктеуден кейін Тереза қайтадан сөйлеп кетті. — Абыржымай-ақ қойыңыз, мен сізден күтіңіз, шалыс қимыл жасамаңыз, бәрін уақыттың еншісіне қалдырдыңыз дегеннен басқа ештеңе сұрамаймын. Сіз мені айтарлықтай білесіз. Мен өз қызын "тықпалауға" ұмтылатын, қызының бақыты үшін басын тігуге баратын ондай шеше емеспін; иә, сіз оны бір кезде бақытты етеді деп кім кепілдік бере алады? Жоқ, мұны өзім үшін сұраймын сізден, өтінемін сізден... Мари үшін емес, мен үшін.

Тереза қызулана өршеленді: оны билеп алған мынау жойқын құштарлықты, оның еркінен тыс пайда болған осынау қабілетті, одан шығып жатқан бұла күшті бір бұл ғана баса алатын еді. Оның жас толы көздерін керіп, оның құмыққан даусын естіп, бұл: "Иә. мен бәрін түсінемін... Мен сізге уәде беремін...", — деп міңгірледі. Егер бұл дүниеде ол енді еш уақытта көргісі келмейтін жан бар болса, ол осы минутта, әрине, Терезаның қызы еді. Терезаның қызы! Бұл қашып кеткісі келетін жан нақ сол.. Дегенмен, бұл: "Мари туралы алаң болмаңыз...", — деп қайталады. Осындай жалбарынудың алдында бұл қалай табан тіреп тұра алмақ?

— Бұл сізді ештеңеге де міндеттемейді... Бірақ мен бұрынғы сенімімде қаламын, егер сіздің шыдамыңыз жетсе... Сіздер үшін ең бастысы (өйткені мен сіздерді білемін ғой, байғұс балаларым!) — сүю емес, сүйікті болу; сіздерді әлдебір әйелдің өз қамқорлығына алғаны қажет; иә, әлдебір әйел сіздерді өбектеп жүрген кезде, сіздер өздеріңіз — және көбіне — естеріңіз кете басқа біреумен әуейі болып жүресіздер... Көрдіңіз бе, әңгіме тіпті сіздің Мариге адал болуыңыз туралы емес... Сіз оған жасағалы тұрған соққыларға ол көндіге қоймас деп күні бұрын ойлап тұрсыз ба? Жоқ, гәп мұнда емес: оған сіздің оның өмірінде болғаныңыз, сіздің сонда мәңгі қалғаныңыз ғана керек.

Осыны айта отырып бұл жігітке бетін жақындатты, ол мұның тынысын сезінді. Және Тереза мұның қолынан ұстағанда, ол басын салбыратқан күйі түрегеп тұрып, бұған мақұлдап басын изеді; ол ертерек кетуге асыққандай көрінді, Тереза оған алғысын айтып, оның өз уәдесінде тұратынын растауын одан тағы да естігісі келіп, оны босағада кідіртті. Тереза үстемелей сөйледі және оның сөздерінен бұйыру мен өтіну қатар шықты:

— Сіз әлгі лицейдегі ақымақтық оқиғаны ұқмытыңыз.

Ол: "Сіз солай ойлайсыз ба?", — деп сұрады және қашандағыдай көзінің астымен жымиды, сонан соң есіктің тұтқасын ұстады. Бірақ Тереза оған тағы да үн қатты:

— Менің шкафымнан өзіңізге ұнаған кез келген кітапты таңдап алыңыз және өзіңізге естелікке қалдырыңыз!

— Кітаптар!

Ол иықтарын қиқаң еткізді де, қайтадан жымиды. Осы минутта бар күшін сарыққан Терезада оған деген сүйіспеншілікке немесе оны тым болмағанда аялауға балайтындай ешқандай сезім жоқ еді. Сол жақ кеудесінде күшейіп бара жатқан сыздау Терезада өзінің кінәсін сезінетін қандай да болсын сезімді өлтіріп жатты, бүгінгі және бірқатар басқа да кештер үшін мұның қымбат төлеуіне тура келеді! "Мен қандай сорлы ақымақ едім!.." Мұндай істерде әдетте куә болмайтыны және өткен нәрсе туралы ешкім ештеңе айта алмайтыны жақсы. Бірақ, түптеп келгенде, бұл өз міндетін орындады ғой... Тым болмаса осыған сенімді жүруге бола ма? Бозбаланы қайтадан қос қолынан ұстап, оның көздеріне қарады:

— Сіз Маридің өмірінде қаласыз ба? Қаласыз ғой? Сіз осыған уәде еттіңіз? — деп өршелене қайталады бұл.

Ол есікті ашты және басқыш алаңында жауап беру үшін бұрылды:

— Мен тірі тұрғанымда..., — деді.

Тереза ақыры тыншып, есікті жапты да қонақжайға оралды; бұл бір сәт ойланып тұрды, сонан соң жедел басып терезеге келді, қақпақты айқара ашып тастады, сөйтіп терезеден дымқыл түн қараңғысына басын шығарды. Бірақ төменгі қабаттар балконы бұдан табан жолды көлегейлеп тұрды. Бұл Жорж Филоны көре алған жоқ, тек әлдекімнің алыстап бара жатқан қадам басысын естіді: мүмкін Жорждың жүрісі болар.

VIII

Жату туралы ойлаудың да қажеті жоқ еді. Бұл жастыққа сүйеніп, қараңғыда отыра берді; көздері бақырайып, бар бейілі тұншығуын басуға ауды. Түннің ең бір жым-жырт мезгілі еді. Кез келген дем тынысы, жабырқау әлде жадырау, байқалмай қалмас еді деп ойлады. Дүниенің үнсіздігін бұзу үшін соның өзі жеткілікті болар еді. Тереза үзіліс кезінде декорацияға сүйенген балет бишісі сияқты тыныстап алуға тырысты. Драма үзілді және ол Терезаның қалауынсыз жалғаспайды.

Осы түнгі мүлгуде мыңдаған құшырлана аймаласу және жан-тәсілім арпалысу көзден таса жүріп жатқанын көзіңе елестету қиын. Тереза тыныштыққа жеттім деп ойлады, өйтсе де ол тек ойыннан уақытша шыққан еді. Бірақ бұл ойын мұның ықтиярынсыз басқа жерде жалғасып жатты. Бос көше тыныштығында басқан қадамы ұзай түскені бұның құлағына жеткен жан да қазір үйінде өз төсегінде болар-ау. Мүмкін ол тағы бір жерге барған шығар. Бұл Жорж туралы ойлауын қоймаса да, мына сұраққа басын қатырмады.

Ол бүгін кешке қалай киінген еді? Ол киіне білмейді екен. Тереза оның онша биік емес жағаны қыспайтындай байлаған галстугінің түсін есіне түсіруге тырысты. Оның басы мұның иығында жатқан кезде байқап қалған айрықша көзқарасы жадында сақталып қалыпты және бұл оны жақсылап көріп алу үшін сәбиінің үстіне төнген анасы сияқты шырайлы жымиыс оған еңкейген-ді. Ол болса мұның жымиғанына жауап қатпастан, бұған тек түнгі құстың кездерімен тесіле қараған. Міне, сол кезде бұл оның сол көзі қитар екенін анық көрді — Аржелузда айта беретіндей, "алақ-жұлақ" жүгіріп тұрды. Оның иегіне сиықсыз кейіп берген жаңа тебіндеп шыққан сақалы бұның есіне нені салып еді? Аһ, иә... "И л л ю с т р а с ь о н" журналының ескі нөміріндегі сурет, өлтірген жас испандық анархистің өлі түрі екен ғой... Жорж қазір мұның жанында болғанда, одан келер еш қауіп те, қылмыс та жоқ еді деп ойлады бұл. Тереза тым көп азап шекті, мұның науқасы бұларды махаббат ғұрыптарының елеуге тұрмайтын рәсімдеріне елеңдетпес еді. Ол бұның бауырына тығылып, бейкүнә сәбилік ұйқыға кетер еді. Өйткені аналар ұйқысы нашар балаларын көбіне өздерінің төсегіне алады ғой. Науқасымен қорғанған және сол наукастан кеудесін жайлаған өлімнің жақындап қалғанын сезінген бұл өзінің жанында басқа адам баласының жатқанына алаңсыз, куәларсыз насаттанар еді; алайда бұл сүйсінген жанның бары жоғымен тең болар еді, өйткені ұйқыдағы жан өлімен барабар. Ұйықтап жатқан жанға қарап соңғы рет сергу, ақырғы рет қуану — осы бір оғаш шаттық мұны қанағаттандырған болар еді, бірақ мұнысын басқа ешкім түсінбес еді... Аһ! Бұл несіне оны өзінен түн түнегіне қууға сондай асықты? Мүмкін енді еш уақытта бір сәтке болса да ондай бақытты сезіну мүмкіндігі туа қоймас... ешқашан да!

Тән ауруы басылды, тыныс алуы жеңілдеді, енді Терезаның қиялы бірте-бірте басқа әлемге, өткен күннің адамдары мен заттары толы әлемге ойысты. Ол әлемде Жорж Фило үшін орын жоқ. Бұл Сен — Луи аралында бір кездері өзі бірнеше жыл тұрған және күйеуі еш уақытта келіп көрмеген пәтерінде онымен бірге түстеніп отыр; араларында есейіп қалған Мари; Бернар мен Мариге білдіртпей Тереза үстелден тұрып кетпекші; бірақ мұның ұстағанына шарап құйып жатқан Анна бұған қимылдама деген белгі береді; бұл болса шұғыл бірдеңе істеуі керектігін сезіп отыр, — бірақ нақ не екенін білмейді, — бұған кету қажет...

Тереза кенет оянып кетті; бұған таң атқандай көрінді, бірақ ажыратқышты бұрап, қайтадан жарықты өшірді. Ұйқысыздықтан қорқа қойған жоқ: Жорж туралы ойлауға мүмкіндігінің болуы тамаша ғой. Өзінің қиялымен орнаған мына сырлы дүниеде, тым болмағанда қиял мен ғажайыптар әлемінде бұл ешкімге жамандық жасай қоймайды, ешкімге у бермейді. "Бірақ енді ол менікі емес, — деп ойлады бұл, — ол Маридікі..."

Бұл енді оларды өз қиялында бөлмеуге тырысты: оларды бірге елестетті. Сөйтіп, Тереза әлдебір еміс-еміс ұяттан алшақтауға тырысты.

Күрсіністі қанағаттану сезімімен, өз жарасын сығып тастау ниетімен бұл бар назарын осы бірігіп кеткен екі кейіпті бейнеге шоғырландырды. Жоқ, түнгі уақыт балалары бар, қайғы мен қуанышты бөлісетін және шаштары ағарғанша, өле-өлгенше бірге өмір сүретін екі аяулы ерлі-зайыптының мамырақан өмірі туралы ойлаумен байқалмай өтіп кетеді; олардың бірінші өлетіні тірі қалған екіншісі мәңгілік ұйқыдан қорықпасын деп, тек жол ашады. Тереза өзі үшін біржолата қолы жетпейтін осындай өмірді ұсақ-түйек егжей-тегжейіне дейін елестету қабілетін ылғи да бойында сақтай білді; күнделікті өмірдегі асқақ әрі елеулінің бәрі осы өмірдің күйбеңінен артылмайтындардан жылыстап кететіндей және күнкөріс қамы жеп қоятындай көрінеді; тек өзі тәрізді одан мәңгі жұрдай адамдар өз жұтаңдығын терең де ауыр сезінеді.

Бұл терезені айқара ашып тастап, осыдан бірнеше сағат бұрын Жорж тізерлеп тұрған орын таққа отырды және жылы жамылғымен оранып, жалаң аяқтарын аласа орындыққа салды. Енді әлгі мен тірі тұрғанымда бұған тіпті жай сөз көрінді және бұл сөздерден қатердің титтей де бір емеурінін қалай аңдай қойғанына өзі таңырқады. Жауынмен бірге лап етіп енген өкпек жел үстелден папиростың күлін ұшырып әкетті.

Терезаны бұдан ештеңе де сұрамастан Анна оятты.

— Мен жатып үйықтай алмадым, — деді Тереза имене.

Қызметшінің өңі селқос күйінде қала берді. Терезаның бұл қызда шаруасы қанша! Сағат тоғыз болып қалыпты. Жорж мүмкін бір жаққа кетіп қалған шығар; тіпті ең дұрысы онымен кездеспеген. Бұл оның есігін қағады, жауап естімейді; сонда бұл оның жиналмаған кереуетін көру үшін бір сәтке есігін ашады. Немесе бұл Жоржға ол өзін әлдебір уәдемен байландым деп есептемеуі тиістігін, оның азат екенін ескертетін хатты үстел үстіне қалдырды. Бұл осы хатты жазады, сонан соң жылдам киінеді, бұл өзін быт-шыт сезініп тұрды, бірақ әлсіздігін жеңе алатынын біледі.

Автобустар мен таксилер вокзалға таңертеңгі пойыздарға асығып бара жатыр. Тереза терезеге келді. Жаңбыр тыйылыпты. Жұмысшылар ұзын ор ішіне белуардан түсіп жалаңаш кәріз құбыры жанында күйбеңдеп жатыр. Қаланың күнделікті тіршілігінің ағылған машиналарын полицей басқарып тұр. Тіршілікті ештеңемен тоқтату мүмкін емес, тек өзіңді-өзің өлтіруге ғана шамаң жетеді. Бірақ басқаны да өзіне-өзі қол салуына итермелеуге болады ғой...

"Егер Жорж өзін-өзі өлтірсе, мені тұтқындап, абақтыға жабады... Жоқ, мен есімнен алжасып барамын!" Бұл терезені жауып, қайтадан кереуетке отырды, жүріс тықырына, дауыстарға, қоңырауларға құлақ түрді. Аһ, егер бұл сол болса ғой! Төменгі қабатта есік тарс жабылды, қабырғаның арғы жағында ән айту тыйылды; су құбырларынан шығып жатқан құмығыңқы әрі алыс оркестрдің күмбірін еске салатын мына бір дыбыстар... Бұл жолы қателеспеді, әлдекім басқышпен асыға көтеріліп келе жатты, есік алдына тоқтады, оның қалай алқынғанын, қалай демін басқанын бұл естіп отырды. Жоқ, ол Жорж болмай шықты, бұл Мондуды бірден тани қоймайды.

Есікке жақындап, ол да бөлмеде біреудің бар екенін сезген, сөйтіп ақыры Жорж келген екен деп ұйғарыпты. Бірақ мұнда мына әйел отыр. Оның өзі осы әйелдікінен келіп түр еді. Мұнда тек мына әйел ғана. Тереза өз кезегінде: "Бұл Монду ғана ғой" деп ойлады. Бір-біріне ешқандай да ынта білдірмей, бұлар бір-біріне тек жауыға қарады. Монду:

— Сіз оны соңғы рет қашан көрдіңіз? — деп суық сұрады.

Бұл өткен кеште ол менен сағат он екі шамасында кетті деп жауап қатты. Монду ойнақы дауыстап жіберді де, көздерін тайдырып әкетті. Тереза мұны бір-ақ рет дәмханада үстел басында көрген-ді. Енді ол түрегеліп тұрғанда бойшаң болып шықты, өңі жөндем, жұқа; жанары ашық, бірақ еңкіш әрі тыриған арық екен.

— Сіздер не туралы сөйлестіңіздер? Қалай қоштастыңыздар?

Басқаларымен қабаттаса тағы бір судья шықты. Терезаға енді шегіну кеш. Мүмкін мұның артынан аңдып жүрген болар? Бұл өздері мұның қызы туралы барынша ашық әңгімелестік және дос болып айырылыстық деп, мүләйім жауап берді.

Терезаның жалған сөйлегісі жоқ. Егер шындықты еш сөзбен айтып жеткізу мүмкін болмаса, мұның кінәсі емес. Осылайша кездескен екі адамның хикаясын қысқаша қалай айтарсың. Іс жүзінде біздің арамызда не бола қойды? Тереза мұны дәл тұжырымдап беруге шамасы жетпейтінін сезді. Тіпті тергеуші тергесе де бұл тап басып айта алмас еді. Бірақ Монду неге сондай алаңдайды? Одан мұны сұрауға батылы бармады. Оның қатты алаң көңілі бірден көрініп тұр. Бұның қорыққаны кенет қатты шындыққа айналып жүре берді. Бұл міңгірледі:

— Қорқатындай сізде қандай негіз бар? Оның кеше үйге қонбай қалғанында тұрған бөтен бірдеңе бар ма?

Ол мұны дөрекілене үзіп жіберді: "Сіз не ойын ойнап тұрсыз? Менің неден қорқып тұрғанымды жақсы білесіз..."

— Жоқ, рас! Мен оны өте аз білемін, ал сіз, сірә, талайдан білерсіз... Маған сіз айтуға тиіссіз...

Ол да Терезаның өткен кеште өзінің Жоржбен өткізген соңғы сағаттары туралы айтып беруіне кедергі келтірген дәрменсіздігі сияқты, сірә, шамасы жоқ екенін сезініп, теріс ишара жасады. Шағын бөлмеде біріне-бірі қарама-қарсы тұрған осы екі адамды олардың өзі жоқ достары араларында бейне бір шалқар теңіз жатқандай ажыратты. Бұлардың алаңдаушылығы ғана ортақ еді.

— Мен полицей учаскесіне баруды ойлап едім, бірақ маған көзімше-ақ күлер еді. Бозбала кешегі кештен жым-жылас! Маған қапаланбай, әліптің артын бағуға кеңес берер еді. Егер ең жаманшылықтың өзін мүмкін дегенде, таңертеңгі газеттерде әзірге ештеңе бола қоймайды. Күндізгі не айтады, көрейік.

— Сіз есіңізден алжасқан шығарсыз! — деп күбірледі Тереза. Ол иықтарын қиқаң еткізді. Бұл кереуетке отырды. Бұл сірә, көрер көзі бар әлдебір әлеуетті күш, бұл сене қоймайтын қайдағы бір тылсым әмір өзінің мысын басып кеткенін мойындады (өйткені бұл егер ең жаманшылық болуы мүмкін деп ойлай қалғанда, тағдырдан қайырымын сұрап аларына жаңа ғана сенбеген, сөйте тұра соған сенетін жан сияқты әрекет еткен еді ғой)... Міне, енді бұл өзін тұқыртқан әрі бас идірген әлгі "беймәлім құдіретке" есі шыға жалбарынуда. Әлі тірі, бірақ әне-міне өлуге тиіс балақан өмірге мүмкін осы әйелдің қалауымен қайтарылатынына сенетін кейіпке енді. Тереза алқынып кетті; бұл егер бір өзі бар күшін салып жағалауға ауыр, үлкен денені сүйреп шығарған жағдайда да, бұдан артық алқынбас. Ауық-ауық мұның ойы ашылып кетеді: "Қандай ессіздік!", — деп қайталады бұл: — "Қандай ессіздік!" Іле өзінің сенбейтініне кешірімге еңбек сіңіргісі келгендей, әлдекімнің ықпалымен, — кім екенін өзі де білмейді, — зор тегеурінмен еңсергендей, қайтадан қызулана, өрекпи жалбарынуын жалғастырды.

Монду терезені ашты да оның жақтауына еңкейді. Тереза одан іздестіруді қай сағатта бастамақ ойы бар екенін сұрады. Көше шуылынан ол мұның сұрағын естімеді, сөйтіп жалбарынуға дейін төменшіктегенін сезінуден азапты ұятты бастан кешіп, әбден қалжыраған бұл кереуетте отыра берді... Осы жалбарыну болары болғанның тым құрығанда титтей бір нәрсесін өзгерте алады деп бұл бұрын ойлап па! Қалғаны бір-ақ нәрсе — күту және егер жамандық болып қойса... енді не істемек! "Егер мені білмесе, балақан өлмес еді", — деген оймен өмір сүру сондай ауыр болса да, осы ойға мойынсұнуы, осы ойға көндігуі керек. Төзгісіз ой; дегенмен бұл Терезамен бұрын да болғанындай, оған да үйреніп кетеді, бұл енді өзін қорғауды ойлай бастайды, өзінің таусылмас қорғану сөзін жалғастыра береді: өйткені бұның өзі өз әрекеттерінің бірінші құрбаны, сірә, бейкүнәлісі! Бірақ қазір ешкімнің де мұның кінәсіздігімен ісі жоқ; маңыздысы біреу ғана: бір жерде шекесінен атылып бала жатыр. Тереза мұның бәрі тезірек ашылғанын, оның ата-анасы тезірек білгенін қалады!.. Құдайым-ай, ал Мари ше! Бұл өліммен бәрі де бітпейді. Мари! Осы өліммен қайта бәрі енді басталады. Терезеден басын шығарып тұрған Монду мұның "Мари!" деп алқынғанын естімеді. Тереза енді қайтып қызы үшін бірдеңе жасамауға ұйғарды. Бұл ол туралы тіптен ұмытуды жөн керді: бұл енді Мари үшін не істесе де оны өлімші етіп жаралайды екен. Бұдан былай Мари туралы ойламау керек: қалай найзағай ұрады, солай Тереза бала күнінде түн ортасында дауылдан оянып кететіндей, көздерін жұмады, құлақтарын бітейді; бұл бірде-бір қимыл жасамайды, бірде-бір қорлауға жауап қатпайды, қайда екені белгісіз Жорж Филоның денесі жатқан оқиғаның аяқталуына бірде-бір сөзбен кедергі жасамайды. Адамдар төрелігі түптің түбінде бұдан есеп сұрамай ма? Бір ғұмырда полиция уысынан екі рет сытылып кетудің сәті келе қояр ма екен...

Бұл Мондудың даусын естіді. Ол көшедегі әлдекіммен сөйлесіп жатты. Тереза орнынан тұрды, бірақ терезеге жақындауға батылы бармады. Монду бұрылып, жайбарақат үнмен:

— Ол ғой, — деді.

Қолдары сұп-суық болып бірдеңені сезуден қалған бұл: "Ол ма?" — деп қайталады. Бұл басқыштағы жүрісті — қайта тірілген балақанның қадамын — таныды және Жоржға қайтарылған өмір өзінің бойынан шыққандай одан сайын әлсіреді. Есінен айырылуына болмайды, ол тірі. Бұл қайталады:

— Бұл сол Монду бөлмеден шығып кетті. Қазір есіктің қараңғы аузынан Жорж көрінеді. Онда таңу болмайды, қан бетінен ағып тұрмайды.

Бұдан былай бұл өзінің әрбір қадамын ойланып, аңдап басатын болады. Осы арада Монду хатты жүгіртіп шықты:

— Мен бұл хатты тезірек ұстатамын, — деді ол суық қана. — Иә, Жоржға өзін еркін сезіну қажет, онда парыз сезімі күшті, онда өзінің шамасы келе бермейтін ауыртпалықтарды алуға бейімділік бар.

Мұндай жан ышқыныстарынан кейін Жоржға тыныштық керек... деп қосты ол. Тереза оны үзіп жіберді:

— Сіз маған ешқандай жан қиналысы туралы айтқан жоқсыз ғой...

Жігіт шамданып қалды және сізге ешқандай анықтама беруге міндетті емеспін деп, балалық бір беттікпен мәлімдеді. Тереза оны тыныштандыруға, даусына өзі ықпалын жақсы білетін қарлығыңқы үн беруге бекер әуреленді, көздерін бостан-босқа ойнатты. — Монду тіптен селқос тұра берді және бұл өзіне оның жағдайын ескертпегеніне өкініш білдіргенде (өте мейірлене) ашуланды да.

— Сіздің оның өміріне араласуға қандай қақыңыз бар?

Мондудан біршама уақыт тежеп тұрған ыза атқып кетті. Тереза бір сәт қобалжып қалды, сонан соң өзін мына бейтаныс жігітке есеп беру міндетті сияқты сезініп, бәсең үнмен: "Әңгіме менің қызым туралы болып отыр ғой...", — деді.

— Сіздің өз қызыңызға түкіргеніңіз бар...

Тереза оған таңырқай қарады және кенет мұны қажығандық билеп кетті. Өзінің мынау тырашта қандай шаруасы бар? Бұл оның ызбарлы даусын естімеуге тырысты:

— Мен сіздің пиғылыңызды бірден дөп бастым. Орнықпаған жас адамның шарқ ұрған қиялына ықпал етуден оңай ештеңе жоқ. Қарай гөр, ол өзіңізді сүйеді деп желпінесіз!

Терезаға иықтарын қиқаң еткізіп, кетіп қалу керек еді. Өзін селқос күйден енді ештеңе айныта алмайды деп ойлаған ол мына әжуаны, мына қорлауды көтере алмады, сөйтіп: "Егер мен қалағанымда!" деп, өзін ұстай алмай айғайлап жіберді.

— Иә, әрине, егер сіз қалағаныңызда!

Тереза неге тұрып қалды, неліктен өжеттене кетті? Тереза өз даусын өзі танымады. Қалайша мына қыңсылаған дауыс өзінікі? Бұған басқа бір әйел былжырап тұрғандай көрінді.

— Ол мені сүйетіндігіне өзі ант ішті.

— Ол мұнысымен талайға ант ішкен... Оһо! Мен сізді оңай оспақ көрмеуім керек! Сіз, былайша айтқанда, жақсылап оның көзін аша білдіңіз, ол сізді данышпандай санайды... Бірақ көріп тұрсыз, мұныңыз ұзаққа бармады...

Сол дауыс, Терезанікі емес, әлдебір нақұрыстың даусы қарсыласа кетті:

— Бұл мен қанша қаладым, сонша ғана созылды.

Тереза жылаңқы үнмен: "Егер мен қалағанымда...",— деп қайталады. Егер бұл қалағанда, егер бұл оған өзінің құшағын ашқанда, егер...

— Сонда не болғаны? Сіз өзіңіздің абыройыңызды ойлап одан бас тарттыңыз ба?

Бұл өзінің оқты көзін оған қадап, дірілдеген даусымен сұрады:

— Мен сізге не істедім?

— Сіз мені онымен ұрыстырғыңыз келмеді ме? Жоқ па?

— Мен бе?

— Иә, сіз онда қызғанышты оятқыңыз келді. Мені өзіңізге қырындап жүр деп оған айтып үлгермедіңіз. Біз сізбен бір-ақ рет көрістік, ол сізге сенбес еді. Бірақ сіз таяу күндері мұны істеуден бас тарта қоймас едіңіз... Бұл ескі, әккі айла. Мұны барлық әйел меңгерген. Ал әзірге сіз мені өзіңізге ете ұнайды деп мүләйімсідіңіз... Сіз кеткеннен кейін ол маған сол дәмханада жақсы қылық көрсеткен!

— Қиыннан қиыстыруға қабілетіңіз зор деу киын екен, — деп бөліп жіберді Тереза ашуға басып. — Осыдан бір минут бұрын сіз оның мені сүюі мүмкін екеніне еш жол бергіңіз келмеп еді...

Бұл жолы өзі — аяусыз таптауға әзір, жаңа ғана мына адам абайламай қандырып алған Тереза сөйлеп кетті: "Қызғаныштан шат — шәлекейі шығып жүрген оның өзі. Қызғану әрдайым күлкілі бола бермейді, бірақ оның қызғануының күлкілі екені даусыз".

— Күлкілі? Неге?

Жауап орнына Тереза жеңіл мырс етті, бірақ ол осы мырс етуде жатқан астарлы әжуаны аңғарып қалды. Бұл кішкентай басын кекжите әрі оған тесіле қарап, кенет даусын көтеріп жіберді:

— Сіздің досыңыз қандай ұшқыр ойлы жан болғанымен, еш уақытта оның басына сіз біреуге ұнай қояды деген ой келмес еді... Егер мен онда қызғанышты ояту мақсатын кездеген болсам, мен, әрине мұның шындыққа жанасымды шығуына тырысар едім.

Бұл ақыры дұшпанының соққы беретін осал жерін тапқанына сенімді еді; оны азаптануға мәжбүрлейтінін түйсіну мұны қатты масаттандырды. Өзінің аузынан ешқандай қиналмай лек-легімен төпеп ақтарылған сөздер зәрлі шыққан сайын, мұның даусы аялы бола бастады. Бұл рақаттану мүмкіндігінен жұмсара түсті. Соңғы сөз өзінде қалатынына, оған өлімші соққы беру билігі өзінде екеніне сенімділік мұның көңілін жайландырды.. Бұл кенет жаны жай тауып, өз жүрегінің соғысын сезбей де қалды. Осыдан бірнеше минут бұрын өркөкірек бозбала қуарып кетті...

— Сіз әйелді қорлай алғандай болсаңыз, рақаттанатыныңызды сезінесіз, солай ма? Және сіз қателеспейсіз, бұл сіздің әйелдерден ала алатын жалғыз ләззатыңыз. Бірақ бұныңыз жалған кейіп, өйткені еш уақытта бізді азаптау сіздің қолыңыздан келмейді. Ондай қабілет тек біз өзіміз сүйген жандарда ғана болады. Тек сүйікті еркектер ғана қауіпті. Маған әйелдерге жасағаныңыздай дөрекілік көрсете отырып, сондай момақан бола қалатыныңыз қызық-ақ екен...

— Бұл мені еш селт еткізбейді, — деп міңгірледі Монду.

Ол: "Бұл мені еш селт еткізбейді!.." деп қайталады, бірақ есікті ашып, өзінің адам тынығыңыз қисайып кеткен жүзін Терезадан бұрып әкетіп, мұны басқышқа итеріп жібермек болды. Тереза бір сәт әлі бала жанарларға жалт қарай қалды... Неліктен кенет мұның қаһары жуаси қалды. Ашуы теңіздің қайтқан толқынындай басылды, су сияқты кетті. Соншалықты батылдық мұнда қайдан пайда бола қалды?

— Жоқ, — деді бұл. — Жоқ! Маған сенбеңіз.

Ол мұны итермелеуін токтатпады, бірақ бұл есіктің жақтауынан ұстай алды.

— Маған сенбеңіз, — деді бұл бәсең үнмен қайта бастап.

— Сіздің маған айтпағаныңыздың бәріне мың да бір түкіргенім бар!

Әне-міне Жорж келуі тиіс, ол мұның өз бөлмесінде болғанын қаламапты.

— Оның маған үзілді-кесілді айтқаны: "Ең бастысы — анау әйел кетсін, мен оны қайтып көрмейтін болайын!"

Тереза есік алдында сіресті де қалды және Монду оның тесіле қараған жанарына шыдамады. Бұл өзінің жігіт ұстап тұрған қолын абайлап босатып алды. Бұл алаңға шыққан кезде мұның кішкентай басы қайта кекжең етті:

— Мен сізді қорлауға тырыстым. Мен ойдан шығардым...

Жігіт ақырын жауап қатты:

— Жо-жоқ, ештеңе етпейді...

Бұл дегбірсіздене сұрады:

— Есе қайтару үшін не істемек ойыңыз бар? Полицияға сыбырлайсыз ба?

Сілесі қатқан ол бұл басқыштан түсіп, көзден ғайып болғанша орнынан қозғалмады; сонан соң бөлмеге оралып, өз досының үстелінің жанына отырды да, шынтақтап басын қолына таяды.

IX

Тереза көшеде үйлер жанымен келе жатып ол туралы ойлады. Осы сәтте оны Жорж Фило да, Мари де толғандырмады. Мұны соңғы құрбандығы — Монду ойландырды. Мәнісі мынада, бұл оған үлкен жамандық жасаған жоқ; мығым қолымен берген мына соққысы бұған өзінің қуатының күшін біліп алуға мүмкіндік берді, өзінің мақсатын анықтауына көмектесті. Бұған өткіншілердің қарап қалғанында тұрған таңғаларлық ештеңе жоқ еді: сасық хайуан өзінің жүрген жерін бірден білдіріп қояды ғой. Тереза өзіне өзгелердің тесіле қарағандарын сезінді. Бұл өзінің апанына ертерек жетіп, сонда тығылу үшін жүрісін тағатсыздана жылдамдатты. Енді бұның баз кешіп жападан-жалғыз өмір сүруіне тура келеді. Енді ешкімге залал келтірмейтініне сенімді болуы үшін, сондай-ақ жазадан құтылуы үшін, өйткені бұл жаманшылық жасағандардың бәрі түптің-түбінде күш біріктіреді. Бұның өзі басын қатерге талай тікті... Иә, әрине, бұған дейін қылмыс құрамы жоқтығы туралы қаулының қорғауында өмір сүрді, бірақ мұндай желеу кез келген жаланың мәнін зорайтып жібереді... Қандай жала? Бұған жала жабу мүмкін емес: бұл өзіне таңылуы мүмкін қылмыстан басқа қылмыс жасады ма? Мұны ешкім айыптап тұрған жоқ қой! Ешкім. Бұл нені ойлап тауып отыр?

Мұның сәл басы айналып кетті; әлдебір қақпаға сүйенді, бір сәт көздерін жұмды және таңертеңнен нәр сызбағаны ойына түсті. Шайтан алсын! Аш екен ғой; таңертең тамақтанбағаны есінде. Жоқ, бұл мұның ақылынан алжасқанын білдірмейді, тек мезгілімен тамақтануды ұмытпауы керек. Кондитерлікке кіріп шай ішті. Бәрі орнына келе бастады, бәрі де жай нәрсе көрінді: Жорж Фило тірі, осы күннен бастап бұл Мари туралы ойлауды қояды, мұның өмірі орын тақ пен үстелдің арасында өтеді, сыртқа тек қараңғы түскенде ғана шығады. Енді еш уақытта күн жарықта көшеде көрінбейді. Бұл ту сыртымен сезіп отырған мына көздер сұғының қатеріне өзін ешқашан ұрындырмайды.

Міне, ақыры үйіне де жетті. Тек есік бағушы басқышта болмаса екен. Бірақ нақ сол өз бөлмесі есігінің алдында Аннамен әңгімелесіп тұрды. Олар Терезаны көргенде не ғып тына қалды? Неге бұған қадала, жайсыз қараспен шола қарайды? Есік бағушы:

— Таңертең сіз туралы әлдекім сұрады... Иә, сондай ұзын бойлы жігіт... Ол маған сұрақтар қойды..., — деп хабарлады бұған.

— Қандай сұрақтар?

— Есте тұра бере ме? Сізді кеше кешке сыртқа шықпады ма, өзінде әлдекімді қабылдамады ма дегендей...

— Сіз не айттыңыз?

— Мен ештеңе білмеймін, басқалардың ізін аңду менің ісім емес дедім...

Тереза одан: "Сіздіңше ол кім болуы мүмкін?" деп сұрауға батпады. Бұл одан әлгі беймәлім келушіні сипаттап беруді сұрамады, кемпір: "Жас, ұзын тұра, епетейсіз...", — деп жауап берер еді және Терезаның Мондуды тануы мүмкін еді, бұл "Шмен де фер де Уест" қонақ үйінің алдында автомобильден түсіп жатқан кезде ол шынында да Бақ көшесіне келген-ді.

Толқыған әрі өзінің жүрегінің ауруын ұмытып кеткен Тереза басқышпен жылдам көтерілді. Ол есікті ілгекке жапты да, қалпағын да шешпестен алдында тұрған орын таққа отыра кетті. Кеудесі қатты шаншыды, бірақ бұл енді жалғыздықта өлуден қорықпайды: ең бастысы — өзін адамдардан қорғау... Анна босалқы басқышпен көтеріліп келе жатса керек; Аннадан құтылғаны жөн. Тереза қызды есік бағушымен тіл табыса алмай жүр деп ойлайтын; сірә Терезаға деген ортақ жек көрушілік оларды бітістірген сияқты. Бірақ Аннаны жайдан-жай сыртқа лақтырып тастау — оны өзіне өлердей дұшпан ету... Оның өз еркімен кетуі үшін не ойлап тапса екен? "Егер әлдекім оның менде қалуына мүдделі болса, оны кетуге мәжбүрлей алмайсың, ол осы орнынан айырылмайды".

Қайтадан алаңдаушылық билеген Тереза өз бөлмесіне әрең жетті. "Бірақ бұл жөнсіз ғой, — деп ойлады ол, — мен ешқандай қатерге бас тігіп отырған жоқпын. Мен кінәлі нәрсенің ешқайсысы да заңмен қудаланбайды. Әрине, менің өлімімді тілеуге болады, бас біріктіруге, сөйтіп менің түбіме жетуге болады. Сот төрелігімен ілікті бастан кешкен әйелді аяқтан шалу түкке де тұрмайды...".

Бұл өз бөлмесінде тұрып сыртқы, кірер есік алдына тоқтаған адамның тынысын ести алмайтынын жақсы білсе де, дегенмен әлдекімнің үзік-үзік шығарған демін аңдағанына кәміл сенімді еді. Көзін жеткізу үшін бұл алдыңғы бөлмеге барып, есікті ашып қалғанда, есік бағушымен соқтығысып қала жаздады, ол "ханымға хатты беруді ұмытып кетіпті..." Тереза осы жылтыр сұр бет әлпетті, жылтылдаған доңыз көздерді, жоқ, доңыз емес, егеуқұйрық көздерді тым жақыннан көрді. Және ол көздерде қандай әуестік бар еді десеңізші!

— Сіз неге маған осылай қарап қалдыңыз?

— Ханымның түсі қашып тұр ғой.

— Мен өзімді бірқалыпты сезініп тұрмын.

— Бірақ, ханым, менің сізге мұны айтып тұрғаным...

— Кеше келген әлгі адам сізден мені науқас па деп сұрады ма? Жоқ па? Әйтсе де, бұл өсек-аяңдарға мен пысқырмаймын да...

Бұл есікті күшпен тарс жауып, ілгегін ілді. Абдырап қалған есік бағушы: "А, солай ма!", — деп бұрқылдады, бірақ төмен түсіп кетудің орнына, ол өз кілтімен қарсыдағы бос пәтерді ашып, босалқы басқышпен ас үйге Аннаға өтті.

Тереза ылғи жүрегі ауырған кезіндегідей аласа орындыққа жайғасып, кеудесімен алға еңкейді, иттердің дабысына құлақ түрген түлкідей селт еткен сыбдырға зейін қойды, бар ынтасымен тың тыңдап, тапжылмай отырды. Анна өзімен-өзі сөйлесіп жүр... Жоқ, әлдекім оған жауап қатты. Ac үйдегі әңгіме бәсең шығады. Әлдекім ас үйде Аннамен сөйлесіп тұр.

Асханаға дейін әрең жетіп, Тереза құлағын құлыптың саңылауына тосты жөне есік бағушының даусын таныды. Ол негізгі басқышпен түсіп, сонан соң қайтадан босалқы басқышпен көтеріліп үлгеретіндей болған жоқ қой. Тереза езіне келіп алған соң, бұл жайды ойлануы керек, бұл жұмбақты шешуі қажет. Қазір бір сөзді де қалт жібермеуге тырысқаны жөн. Есік бағушы Терезаны байқап жүруге кеңес беруде. Оның пікірінше, тіпті отбасына ескертіп қойған да артық болмайды. Солай, солай... Анна мекен-жайын білемін деді... "Ол оны қайдан біледі?" — деп өзіне сұрақ қойды Тереза. — Мари арқылы, әрине... Олар мұның сыртынан хат алысып жүреді екен ғой..." Тысырды естіп Анна есікті ашып қалды да, бибінің шүберектей құп-қу түрін көріп кері шегініп кетті.

— Түстікті қашан беретініңізді білгелі келіп едім... — Сөйтті де есік бағушыға: — Сіз тағы да жоғары көтерілгенсіз бе, ханым? — деді.

Аннаға бірер минутқа кіріп едім деп міңгірлеген кемпір босалқы басқыштың тасасынан көрінбей кетті. Плита жанында күйбеңдеген Анна өзіне күдікті көзқарасты сезіп, бүрылып қарауға батпады.

Тереза өзінің аласа орындығына қайта келді. Бұл қолын тамағына апарып, өзін қылғындырған тұзақты босатқандай болды.

Бұл енді еш уақытта еркін тыныстай алмайды. Ең алдымен бұған көшеге шықпау керек. Мұнда пәтерде мұны аңдиды, бірақ бұған әзірге не істей алады? Тұрғын үйге қол сұғуға тыйым салынған. Тек дұшпандары мұны айтып бармаса... Ол үшін деректер жеткіліксіз екені анық. Олар Анна тыңдап алған әлгі мойындауларды бұған қарсы тікелей айғақ ретінде қазір пайдалана алмайды. Бірақ бұл сыртқа шығатын болса, құрылған қақпанға бірден түседі. Мұның кінәлі екені, мұның каторгаға айдалуға лайық екендігі жақсы мәлім, оларға тек заңды ілік тапса болды... Полицияда ол көзін салған құрбандығын орға жығар ондай тәсіл әрдайым табыла кетеді. Үйде бұдан көз алмайды, бірақ олар бұған ештеңе істей алмайды, өйткені мұның ерте ме, кеш пе көшеге шығатынына сенімді. Анна айтуға келді:

— Ас дайын.

Оның даусы әдеттегідей емес әрі Терезадан бір сәт те көзін алмайды.

— Ханым, ештеңеге зауқыңыз соқпай отыр ма?

Терезаның ештеме жегісі келмегеніне ол қандай қапаланып қалды!

— Ханым өзін-өзі зорлауы тиіс.

Терезаның ықтияры дұшпанының ықтиярына түйсікпен қарсыласа кетті: егер мұның тамақ ішкендерін қаласа, демек, кез келген тамақтан сөзсіз бас тартуы керек.

Анна кофе әкелген кезде ол от анасы өзінен көз алмай есіктің қарсысында отырғанын көрді, кейінірек қызметші ыдысқа келгенінде кофе шынаяғы сол қалпы толып тұр еді; Тереза отырған қалпын өзгертпепті. Оның көшеге шығуға және өзінің дұшпандарын батылдығымен таң қалдыруға тәуекел еткісі келмеді деп айтуға болмас; олар қайран қалып, бірдеңе жасауға батпас еді-ау, бұл болса олардың айла-шарғыларын бағар еді... Бұл сағат төртте де Анна құйған шайдан бас тартқаннан кейін қыздың басына кішкентай сіңлісі сорпа ішкісі келмеген кезде өзі жасағанындай тілімен тамсанып және "Аһ, қандай дәмді...", — деп сөйлей отырып, мұның алдындағы шайды татып көрмекке ой келді. Тереза сол заматта-ақ оның қолынан шыны аяқты жұлып алып, қомағайлана іше бастады. Дегенмен, ол Аннаға үрейлі кейіппен қарауын қоймады.

— Ханымның жүрегі ауырып отыр ма?

— Жоқ, Анна... расы... Бірақ мені қинап отырған ол емес...

Бұл Аннаны қолдарынан ұстай алып, қатты қысты:

— Сіз оларға ештеңе айтпайсыз ба? Сіз солардың жағында сияқты кейіп көрсетіңіз... бірақ оларға ештеңе білдірмеңіз.

— Ханымның не айтқысы келіп отырғанын түсінбедім.

— Мені алдаймын деп әуре болмаңыз. Мен олардың уысындамын...

— Мен барып сіздің төсегіңізге қыздырғыш қояйын, сіз алаңсыз ұйықтап кетесіз.

— Сіз не ғып менің ұйықтағанымды қалап отырсыз? — деп Тереза күтпеген жерден дүрсе қоя берді. — Мені ұйықтайды екен деп әуре болмаңыз: мен енді қайтып ұйықтамаймын.

— Бейшара, ханым. Сізге ешкім де жамандық жасайын деп жатқан жоқ.

— Отырыңызшы, Анна... Не болса, ол болсын, мен сізге бәрін айтайын. Орын тақты жылжытыңыз. Олар ештеңені түсіндірместен, сізді өздерінің ойынына тартты. Мен олардың көзімді жойғылары келетін адамымын, бірақ заңды жолмен әлдекімнің кезін құрту соншалықты оңай емес... Тіпті, әңгіме қылмыскер әйел туралы болса да... Сіз ештеңе түсінбейтін сияқтысыз, алайда, мұның қандай оп-оңай екенін білсеңіз! Менің каторгаға айдауға лайық қылмысым бойынша қылмыс құрамы жоқ екендігі туралы қаулы шығарылған... Менің қалған әрекеттерім заңның қолданыс аясына жатпайды, былайша айтқанда, жалпы қабылданған түсінік бойынша олар қылмыс емес... Бірақ олар менің бір кезде жасағанымды ілік етіп, қылмыс құрамы болмаса да, амалын табады...

Аннаның зәресі ұшып, мұның көздеріне қарауға тырысты, қолдарын ұстай алды:

— Байғұс ханым-ай, сізге ұйықтау керек. Сіз сандырақтап кеттіңіз...

— Жоқ, мен есімнен алжасқан жоқпын. Бірақ сізді осылай деп сендіретін болады. Өйткені олар мені қамауға алуды көздеп отыр. Менің суға батып кеткендей жоқ болып кетуім үшін. Анна, менің есім дұрыс екеніне сізді сендіремін. Осының бәрі ақиқат екеніне сіздің көзіңізді қалай жеткізсем екен? Бұған сену қиын екенін түсінемін, дегенмен ақиқаты осылай... Ешкім де енді мені тыңдамайды, ешкім де енді маған сенбейді. Мен өмір бойы өзімнің жан азабым туралы айтып келемін, бірақ мен бүгін ғана жапа шегудің не екенін түсіндім... Сіз не ғып мені шешіндіріп жатырсыз?

Алайда, бұл қарсыласпады, өзін шешіндіруге берді, күресуден бас тартты. Анна оны абайлап кереуетке икемдеді.

— Қыздырғыш тым ыстық емес пе?

— Жоқ, сондай жақсы...

Орнай қалған бір ауық тыншудан рақаттанған Тереза өз уысынан мына тершіген үлкен қолды шығармады.

— Анна, есіңізде ме? Сіз кейде осында жұмыспен бас сұғатынсыз және мен ұйықтап кеткенімде жанымда қалатынсыз. Ол бір жақсы уақыт еді. Мен сондай бақытты едім! Мен ол кезде бақытты екенімді түсінбеппін! Енді ол қайталанбайды. Жо-жоқ, жұмыспен кетіп қалмаңызшы, мені жалғыз қалдырмаңыз, менің қолдарымды босатпаңызшы.

Ол үнсіз қалды, көзі ілініп кеткен сияқты; Анна абайлап оның саусақтарын жазбақ болып еді, бірақ іле жалынышты дауыс шықты:

— Жоқ, мен ұйықтап жатқан жоқпын! Анна, маған ой келіп тұр... Мен учаскеге барсам қайтеді? Осында таяу учаске қай жерде? Қандай тамаша ой! Бәрін басынан бастап өзім айтып беремін, бәрін егжей-тегжейлі жайып салып, оларды қапы қалдырсам. Бірақ неден бастау керек? Олардың мені тыңдауға шыдамы жетпейді, олар маған сенбейді, Анна! Жала жабу қашан да жай нәрсе, ылғи шындық сияқты көрінеді... Солай, ақиқаттай көрінеді... Шындық деген тұтас бір дүние! Олардың төзімі жетпейді, олар маған сене қоймайды... Бірақ, егер мені қамауға алса, менің көңілім ақырында жай табар еді. Сонымен бітеді. Мен кайтып ұдайы үрейде өмір сүрмейтін боламын... Маған іш киімімді және көйлегімді беріңізші, маған киіну керек.

Анна мұны қолдарымен қапсыра құшақтап, ертең таңертең барасыз, қазір бұл уақытта полиция учаскесінің бәрі ығы-жығы адам деп, басына келгенді шетінен айта берді. Осыған белді бекем бұран екенсіз, соңғы түнді жақсылап өткізгеніңіз жон...

— Дұрыс. Енді үйықтай аламын. Мен енді ештеңеден де қорықпаймын.

Тереза ұйқыға кірді деп ойлап, Аннаның орнынан тұрып кеткісі келіп еді, бірақ есіктің тұтқасын ұстап үлгермей оны кері шақырды... Бұл құлақ асып өз орнына келді. Бірақ мұның тоғызға он бес минут қалғанда кетуі керек-ті. Сағат тоғызда мұны үшінші қабаттағы жүргізуші жігіт күтеді. Бұл бірінші рет оны өзінің бөлмесінде қабылдауға келіскен-ді. Ол артық қимыл жасамауға уәде берген болатын. Анна көздерін жұмып, терең тыныс алды. Бұл неге алаңдайды? Сағат тоғызда оны сәл ашық есік алдында тосып алуға ешкім де кедергі келтірмейді... Түптің түбінде кемпір ұйықтайды және тіпті бұл ұйықтамағанның өзінде... Анна мұның өлігін аттап кетер... Күту қызды тұтасымен баурап алды: ойланатын нәрселер баршылық, сондықтан түнгі бұқпа шамның жарығында мұның іші пыса қоймады... Өйткені түн, бақыт түні басталып еді! Кемпір тыншыған тәрізді. Ол тіпті бір шынаяқ сорпа ішуге келісті: "Иә, ұйықтап кете аламын деп ойлаймын..." — деп қайталады ол. Бірақ ол сегізде де, сегіз жарымда да Анна кеткісі келгенде шошып, мұны шақырып ала берді және барлық уақытта да көздері бақырайып ашық жатты.

Сағат тоғызда Анна: "Енді осы жолы..." деп салды. Тереза қарсы болмады, бірақ жылай бастады. Ол бала сияқты өксіп жылады және мына еңіреу Аннаға кез келген өтінішінен артық әсер етті. Бұл сағат тоғызды ұрса да қалып қойды және қазір сегізінші қабатта мұның есігінің алдында мұны шақырып тұрған, құлақ тұрған және есікті ашқысы келген еркекті көз алдына елестетті. Терезаның тыныстауы қалыпқа түсті: ауық-ауық түсініксіз сөздерді айтып ыңырсыды, "Жоқ! Жоқ!" деп айғайлады, түнгі бұқпа шамның жарығы мазасын алғандықтан сол жақ жамбасына аунап түсті.

Анна босалқы жолдың есігінің ақырын шылдырлағанын естіді. Бұл, сірә, сол болар! Бұл Тереза қимылдамасын деп ақырын орнынан тұрды, аяғының ұшымен басып алдыңғы бөлмеге өтті, ас үйге барды, бұл жолы Терезаның шақырғанын естімеді, ілгекті ағытқан кезде тұлғасымен бүкіл есікті жауып тұрған бойшаң жігітті көрді және оны шағын ас үйге кіргізіп алды.

— Жоқ, — деді бұл ақырын ғана, — жарықты жақпа.

Бұл оған сыбырлап түсіндіріп жатты, бірақ ол жауап қатып жатпай, сүюімен мұның аузын көмкеріп әкетті.

Бұларға асханадан орындықтың құлап түскен тарсылы жетті. Және есік ашылғанда бұлардың қараңғыға үйренген көздері босағада қимылсыз тұрған арық сұлбаны ажыратты. Тереза еркектің:

— Оның қаруы жоқ екеніне сенімдісің бе? — деген даусын естіді.

Бұл: "Мені өлтірмеңізші...", — деп айғайлағысы келіп еді, бірақ үні шықпай қалды, сөйтті де ақырын ғана еден тақташасына шөкті.

Тереза есін жиғанда кереуетте жан-жағы жастықтармен қомдалған күйде отыр еді. Бұл Аннаға бірде-бір сұрақ қоймады, ас үйде үстінен шыққан және сірә өзін бөлмеге әкелуге көмектескен еркек туралы есіне алмады. Анна бибінің енді өзін шептің арғы бетінде тұрған өзінің қас жауларының қатарына қосқанын түсінді; Терезадан: "Иә, жақсымын... Қазір ұйықтап кететін шығармын. Сіз осында орындықта қалсаңыз болады..." деген бірнеше қысқа жауапты зорға алды.

Науқас ұйықтап кетпеуге азаптана тырысты және сәл тысырға құлақ түрді. Ол ертең таңертең ерте орнынан тұрады да тура полиция учаскесіне тартады. Өзі айтуға тиістілерді ойланып, ретке келтіруі үшін сірә осы тұтас бір түн жеткіліксіз болар. Бірақ бұған сенбейді ғой... Сұмдық шарасыздық! Бұл нағыз жалғыздықтың не екенін ойланбастан, үнемі жалғыз жортты. Жалғыздығы туралы айтады, бірақ оның не екенін білмейді. Өзінің сөздері полиция комиссарының санасына жететініне ешқандай үміт жоқ; бұл айтқандары нысанаға тимей, атып түсірілген құстардай қалай құлап түсетінін көріп отыр. Мұнда өз үйінде жасырынғаннан басқа амал жоқ. Дұшпан бұған босалқы басқыш арқылы енді. Демек, сол жақтан абай болуы керек.

Тереза нысанаға айналғанына, өзінің төңірегіне астыртын қаскүнемдер мол жиналғанына күмәнданбады... Осы сағатта күллі әлемде бірде-бір жан мұны ойлап жатпағанын, бүкіл осы түн бойы бірде-бір адам Тереза Дескейрудің мына дүниеде бар екені туралы бас қатырып жатпағанын бұл қайдан білсін? Бұған қатысты ештеңе жоқ еді... Сағат бесте жазылып, Рени көшесіндегі почта бөлімшесінің жәшігіне салынған, енді Бордоға қарай жөнелтілген жалғыз хаттан басқа ештеңенің де қатысы жоқ еді... Хат мұның қызы Мари Дескейру бикешке. Сен — Клер, Жирондаға деп жөнелтілді. Мекен-жай мейлінше ұқыпты жазылды. Жорж Фило барлық әріпті мұқият түсіріп, Жиронда деген сөздің астын сызып қойды. Ол осы хатты почта жәшігіне салып жіберіп, қуанғанын әрі жеңілдегенін сезінді. Монду қарап шығып, әрбір тіркесті түзетіп берді. Енді бұған Маридің қалай ышқынатынын естімеу үшін құлақтарын тығындау ғана қалды. Мұндай оқиғаларда мүсіркеуден өткен жаман жоқ. Ең қатыгез жендеттер жүрегі қайырымды адамдар дейді Монду, олар бір-ақ соғудың орнына, аяймын деп балтамен он екі рет шабады. Егер осы көзқараспен келіскен ретте, онда тұтасымен Монду ойлап қосқан соңғы тіркес Жорж Филоға әсіресе тауып айтылғандай көрінді: "Маған жауап бермеуіңізді өте-мөте сұраймын. Қалай болғанда да, біздің мүддеміз үшін мені ештеңе де: сіздің ешқандай жалбарынуыңыз да, ешқандай қоқан-лоққыңыз да — үн-түнсіз кетуден бетімді қайтаруға мәжбүрлей алмайды деп өзіме міндеттеме алдым. Мені қатыгез деп айыптамауыңызды тағы өтінемін. Мен сөзімде тұруға шамам жетпейтініне қарамастан, үмітіңізді үздірмеген оңбаған жан екенмін, сол үшін де сізден кешірім сұраймын. Мені ұмытыңыз. Осы хатқа сіздің анаңыздың жазбасын қоса салып отырмын, сіз ол жазбадан оның мені сізге қатысты қандай да бір міндеттемемен байланды деп есептемейтінін көресіз".

X

Келесі күні сағат түскі бір шамасында бұл хат Сен — Келерге жетіп, Маридің қолына тиді.

Қыз иығына орамал жауып асханада жалғыз отыр еді. Көзіне ыстық қолтаңбаны көргенде қуаныш кернеп, алғашқы сәтте есінен танып бара жатқандай көрінген. Іркілуге және қылымси қалуға қажеттілік жоқ еді: Бернар Дескейру кемпір шешесіне шошқа союына көмектесу үшін Аржелузға кеткен-ді.

Мари өзінің бөлмесінде қазір алдымен есікті кілттеп жауып алып барып ашатын конвертке қарап қойып, тамақ ішіп отырды. Қарашаның шуақты, жылы күні еді, қалашық у-да шу, шығыстан соққан жел қара майдың және ағаш қабығының иісімен қоса ағаш тілу зауыттары механикалық араларының ызыңын да жеткізіп тұрды.

Шолақ пойыздың тар табанды темір жолмен рельстерді сыртылдап қалай кетіп бара жатқаны жақсы ауа райының белгісіндей естіледі. Өмір бақыт құшағында.

Мари құлыптың кілтін бұрады және өзін ешкімнің көріп тұрмағанына сеніммен Жорждың қолы тиген конвертті еріндеріне жанады; бұл оны ашты да анасының қолтаңбасын танып, бұны сол заматта-ақ әлдебір қатерлі ниетке балады. Бұл алдымен әлгі жазбаны жүгіртіп оқып шықты, сонан соң көзін алмастан Жорждың хатын оқыды, оны жылдам зуылдатқаны сондай, оқып біткен соң да әлі түстен кейінгі тұнық ауада қарағайлар нуы арасында алыстап бара жатқан ескі вагондар дөңгелектерінің сыртылын естіп тұрды. "Осы хатқа сіздің анаңыздың жазбасын қоса салып отырмын, сіз ол жазбадан оның мені сізге қатысты қандай да бір міндеттемемен байланды деп есептемейтінін көресіз". Мари Жоржды осы айырылысуға итермелеген себептерді бір секунд та ойланған жоқ. Оны әуелі кінәліні тауып, бар қаһарын соған төгу, оның үстіне кінәлі өзің беріле сүйетін жан болуы мүмкін емес дейтін бәрін қара байырдан тұратын балалық түйсік билеп алған еді. "Шешем мені сатып кетті. Менің ол оңбағанға сеніп қалғанымды қарашы! Қандай нақұрыс едім..." Еміс-еміс күмән аяқ астынан кәміл сенімге айналып шыға келді: ол сайқал Жоржға не бәлені айтқан шығар-ау? Неге? Қызғаныштан ба? Ош алу ма? Бірақ Мариді білмейді екен! Егер бұл, Мари, әлі тірі және қазір екі беті жанып осында аман тұр екен, егер мына соққы мұны әлі жалп еткізбепті, демек, бұл оның өз бақытсыздығына сенбейтіні, бұл бар амалын жасайды, бозбаланың бетін қай кезде де қайтара алады, оны қалай қайтару керектігін бұл біледі... Бұл бірінші рет емес және соңғысы да емес... Он минуттан кейін Бордоға автобус жүреді. Сағат бесте пойыз Парижге кетеді, түн жарымда бұл д" Орсе вокзалына келеді. Бұл әкесіне вокзалдан жеделхат жібереді. Әрекетсіз отыруға болмайды, оның жол сөмкесін алуға уақыты әрең жетті.

Қыздың қалай кетіп қалғанын қызметші көрген жоқ. Автобус бос дерлік екен. Жоқ, бұл шақарланбады. Өршеленген өлермендігі өшпенділікке айналып кетті. Алдымен өзінің Жоржбен болар кездесуін елестетіп, онымен әңгімені неден бастау керектігін ойланбас бұрын, бұл қалай бүгін кешке Бак көшесіне баратынын және өзінің қылмыскер анасының үстінен қапыда түсіп, оның ұйқысын бұзатынын қиялдады. Түн ортасында тура "Шмен де фер де л' Уест" қонақ үйіне тартып кетуге болмайды ғой. Қалай таң атады, бұл онда жетіп барып, Жоржды оятады. О! Олай ету бұл үшін түкке де тұрмайды... Бұның өз күшіне сенгісі келді... Түн ұзақ, бірақ шешесімен болар әңгіме уақытты өткізуге көмектеседі. Мари өзіне Терезаның өзінен дарыған, бірақ өмірге сын көзбен қараумен орнықпаған көзсіз ашу-ызасын Терезаға төкті. Алайда, деп ойлады бұл, салқынқандылық сақтау, одан бәрін біліп алу қажет, тіпті оған өз сөздерінен бас тартатын хатты Жоржға арнап жаздырып алар. Бір сөзбен айтқанда, бара көреді...

Сөйтіп, Тереза міне тәулік бойы көз ілмей, өзіне сұм әрі әзірейіл көрінген Аннаның жанында болғанынан құтылу үшін жорта сабырлы кейіп көрсетіп төсегінде отырғанда, құмдақ жақтан жөңкілген нөсерлі бұлт оның үстіне үйіріліп жатты. Бейбаққа күдікшіл болғалы бері өзіне тұтқиылдан бас салар шабуыл жасалудың барлық мерзімі бүгінгі күні өтіп кеткендей көрінді. Анна қазір сегізінші қабатта өзінің бөлмесінде кешегі бейтаныс еркекпен бірге шығар... Пәтерде ешкім жоқ, барлық есік ілінген. Бұған түн алып келген өзіндік бір бітімнің арқасында Тереза өзінің қуғыншылары туралы бір сәт ұмытып кетті: жау әскерінің кезге көрінбейтін жатағынан айналып өтіп, бұл өзінің еш мәні жоқ бұрынғы кешкен азаптарына оралды, сұмдық қастандықты ашар алдында алған ең соңғы соққысын есіне түсірді... Өзіне Монду қайталап айтып берген Жорждың соңғы сөзін еске алды: "Ең бастысы — анау әйел кетсін, мен оны қайтып көрмейтін болайын!" Ол, осыған дейін бірнеше сағат бұрын сондай аяулы сөздер айтқан ол сол даусымен осыны айтыпты... Аһ! Иә, ол бірнеше күн сол үміт жетегінде жүргені үшін, көзі тұнған әрі сенімі билеген сол бір қысқа минуттар үшін, дегенмен, ізгілікке бөленеді. Тіпті қазір де Тереза сол нәр тамшыларын сезінеді, өзінің шөлін қандырғысы келгендей, алақанын еріндеріне тосады. Іс жүзінде бұлар еш жаманшылық жасаған жоқ; бұл Жорж туралы ойлағанда өзінде ешқандай жаман ойлар тумайды. Бұл тек өзінің байғұс, күні өткен басын оның иығына қалай қоярын ғана армандайды... Аһ! Жау осы босаңсыған бірнеше минутты пайдаланып қалуды қалт жібермепті. Қоңырау зырқырай жөнелді. Тереза түс көріп жатқандай сезінді, дереу басын ұстады. Қоңырау екінші рет ұзақ, одан сайын өршелене соғылды.

Тереза орнынан тұрып, алдыңғы бөлменің жарығын жақты, бір сәт қабырғаға сүйенді (өйткені бұл тек қатқан нан мен шай ғана ішкен-ді).

— Кім?

— Бұл мен... Мари.

Мари! Сөйтіп, бұған бірінші соққы берілетін болды. Терезаның қабырғадан жылжуға батылы бара қоймады. Бәрін үнсіз көтеру, өзін қорғау үшін бір қимыл да жасамау туралы өз ұйғарымын есіне түсіріп, есікке әзер жетті.

— Кір, Мари, кіре ғой, қызым.

Тереза люстраның астында тұрды. Мари мына сүлдердің алдында аузын ашып сілейді де қалды.

— Қонақжайға барайық, қымбаттым. Мен ұзақ тұра алмаймын.

"Қандай ғажап айлакерлік!", — деп ішінен қайталай берді Мари есін жиып. Тереза өзінің сырт кейпін талай құбылтқанын бірнеше күннің ішінде көрген-ді! Бұл оның зымияндық амалдарының бірі.

Маңдайынан өзінің болмашы үш тал шашын кері сілкіп тастаса жетіп жатыр.

— Сен қалай кеш келдің?

— Сағат он екідегімен.

Бұл анасы өзін сұрақтың астына алады деп ойлады. Бірақ Тереза бұдан әрі бір сөз де айтпай, соққаны күтіп бұған қарап тұрды. Оның тесіле қарағанына шыдау мүмкін емес еді. Тағы бір тәсіл: адамдарға сұқтана қарау.

— Не үшін келгенімді білесіз бе?

Тереза басын изеді.

— Көріп тұрсыз, мен бәріне ылдым-жылдым! Сәтін салғанда!.. Сіз неге өйттіңіз?

Тереза тыныс алды.

— Менің істегенім көп! Сен нақты нені айтып тұрсың?

— Сезбейсіз бе? Жоқ па? Ал алдыңғы күні Жоржға жазған мына хатыңыз! Не айтасыз! Бұл, дегенмен, сізді ыңғайсыздандырды ма! Өзіңіздің опасыздығыңыз туралы менде көп ұзамай дәлел болатынын ойламапсыз да!..

— Мені ештеңе таң қалдырмайды, олардың күшті құралдары бар екенін білемін. Олар одан да күрделісін жасаған. Сен әлі көресіні көресің.

Бұл байыппен, мейлінше селқос кейіпте айтып отырды, қыз қанша ашу шақырғысы келгенімен, ол Мариге әсер ете бастады: қалай болғанда да, деп ойлады қыз, қандай сайқымазақ еді!

— Саған не тапсырылды, қызым? Иә, бір сөзбен айтқанда... саған не жүктелді? Дұрысы, менімен ашық кеткен. Мен қарсыласпаймын, дегендеріңе көнемін, тек бәрі тезірек бітсе екен... Қалай керек болса, солай жауап берейін. Мен кез келген айғаққа қол қоямын. Алдаудың пайдасы жоқ...

Мари оны ызалана үзіп жіберді:

— Сіз мені қашанда нақұрыс санап келдіңіз. Бірақ мен сіз ойлағандай ақымақ емеспін. Алдымен мына хатты неге жазғаныңызды түсіндіріңізші?

— Қызым, менің тіке полиция комиссарына немесе сот тергеушісіне жауап бергенім жақсы болар еді...

— Сіз мені мазақ қылып тұрсыз ба! Сіз...

Бірақ Мари жарты сөзде тоқтап қалды. Жоқ! Шешесін басынан аяғына дейін селкілдетіп жіберген мына сұмдық діріл, өзі сүртпеген мұрнының жанынан аққан мына жалғыз тамшы жас, жүзінде тұрып қалған мына албасты кейіп және бұғауланған хайуанның мойынсұнған түрі, мүмкін емес, осының бәрі жай хас шеберлікпен ойналып жатқан рөл болуы мүмкін емес!

— Сен мені түсінбейсің, менің білетініме, тек қана мен білетінге сен сенбейсің. Сен бөгделердің қолындағы қарусың, өзіңе беймәлім күшке бағынасың. Олар Жорждың өзін-өзі өлтіргенін қалады; оның өзіне-өзі қол салуын менен көретін еді. Мен ол елімге кедергі жасадым. Оны өлтіру маған тапсырылған-ды; Жорж өлуге тиіс еді, өйткені ол менімен таныс қой, бірақ мен бұл жоспарды іске асыртпадым. Түсіпсің бе? Мен ол жоспарды бұздым. Есеп беретін кезде, дегенмен, бұл туралы айту да керек... Иә, мен жазамды тартамын, мен қорғанып жатпаймын... Жоржға келсек, мен оны маған тапсырылғанындай, өлтіргенім жоқ, қайта мен оны құтқарып қалдым, мұныма сенеді. Әйтсе де, бұл туралы меңіреу ортада айғайлаудың қандай мәні бар? Қаусаған жанның бұл ышқынысына кім құлақ ассын? Сен жақында болсаң да, мың шақырым алыста.

Ол деміге бетін қабырғаға бұрып әкетті. Мұндай қиналысты немен түсіндіруге болады? Мари өзінің жан арпалысын ұмытып кетті. Оның анасы үшін бірдеңе істегісі келді, онысы отқа лаулап жанып жатқан адамның үстіне жамылғы жапқандай еді. "Мен әлгі өзін-өзі өлтіруге кедергі жасадым!" — дейді ол. Егер бұл шындық болса ше? Жорж бұған қолын соза бермейтін түпсіз тұңғиық түбіне Маридің өзі қаншама рет төнді емес пе!

Бұл өзінің анасы тыныш пәтерде қабырғаға жүзін беріп, шынтағынан бүктетілген қолымен бетін басып қалай жылап отырғанын, бірақ үлкендердің әдеттегі жылағанындай емес, жазаланған қыз баладай өксігенін керді, Мари оны бала сияқты қолына алып кереуетке жайғастырды. Қызы оған:

— Апа, сізге ешкім де жаманшылық ойлап отырған жоқ, мен сізді қорғау үшін Сен — Клерден келдім. Мен сізбен тұрғанда ешкім сізге ештеңе де жасай алмайды, — деді.

— Менің білетінімді сен білмейсің. Кеше бір еркек келіпті, ол мені қаруланған ба деп сұрапты, ал түнде ол Аннаның бөлмесіне тығылып қалды. Полициядан болуы керек, олар асықпайды, ерте ме, әлде кеш пе, мен олардың қолына түсемін, менің өздерінен құтыла алмайтынымды олар біледі.

— Бүгін түнде ештеңе де болмайды: мен сізді күзетемін. Ұйықтаңыз... Міне, қараңызшы: мен қолымды сіздің маңдайыңызға қоямын...

— Олар саған менің сеніміме кіруді тапсырды ма? Мен бәрін білемін. Мені алдап соғу оңай емес... Бірақ, дегенмен, сенің менімен бірге болғаның жақсы...

— Оны дәрігер шақыруға көндіру еш мүмкін емес, — деді Анна. — Бұл оны полициядан келген және оған өзін абақтыға жабу тапсырылған деп ойлайды. Егер ол бөлмеге кіретін болса, терезеден секіріп кетемін деп қорқытады. Бикеш, ол сізге сенетіндіктен, оны жалғыз қалдырмаңыз, бұл қыдырысты кейінге қалдыра тұрыңыз...

— Мен мұны қалай болғанда да кейінге қалдыра алмаймын. Бұл ұзаққа созыла қоймас... Мен он екі болмай келемін. Жоқ! Сұрауыңыз бекер...

"Дүниеде тек оның анасы ғана өмір сүрмейді ғой! Ол кіммен кездесуге барады? Кім оны күтіп тұр?" — деп өзінен-өзі сұрады тың тыңдаған Тереза. "Кім де болса, мұның одан ығатыны анық, кім бұған әмірін жүргізе алады... Бірақ ол жорта іс істей алмайды. Ол келісімен, оның не ойлағанын бірден аңдай қоямын". Бұл есіктің тысырын және Маридің басқышпен жылдам алыстай түскен жүрісін естіді. Анна кірген кезде Тереза ұйықтап жатқан бола қалды.

Маридің асыққаны сондай, Монпарнас бульварына дейін барған кезінде, күн салқын әрі тұман болғанына қарамастан, үстінен буы бұрқырап тұр еді. Ол әлдебір қақпаның тасасына кіріп, өзінің бет әлпетін апыл-ғұпыл жөндемге келтірді. Қонақ үйдің кеңсесінде әлі ешкім жоқ еді. Дәліз тазалаушы кіре беріс алаңқайды жуып жатты. Ол Мариге тіке Жорждың бөлмесіне көтеріліп, оны төсегінде баспақ болған жоспарын жүзеге асыруға кедергі келтірді.

— Ей! Сіз! Бикеш!

Мари басқышпен көтеріліп бара жатып, оған өзін күтіп отыр деп дауыстады.

— Кім сізді күтіп отыр? Фило мырза дейсіз бе? Сіз Фило мырзаға керек едіңіз, иә!

Жақтаудан еңкейген Мариге оның қабағы күлтілдеп, өзіне қарап күліп тұрған көздері көрінді.

— Иә... кеше түске таман ол бөлмесі үшін шот бойынша ақысын төлеп, мекен-жайын айтпастан кетіп қалды. Өз атына келген хаттарды Монду мырзаға жөнелтуді тапсырды.

Дәліз кезекшісі, егер Маридің бет кейпі оның күлкісін келтірмегенде, анықтама беруге осындай жомарттық жасамас еді. Бірақ мына "балапанның" өз бет-аузын қалай қисайтып жібергенін көру ақтарылуға арзитын.

— Иә, Гарсен ханым деген бір әйел оған автомобильмен келді де, оны өзінің Париж маңындағы туған деревнясына алып кетті... Ол әйел мұнда жиі келіп тұратын. Ол бикеш күтуден жалықпайтын... Сіз оны білесіз бе? Керікті, жас әйел, ал қандай жомарт!

Мариге Гарсен ханымның есімі таныс еді. Бұл ол әйелдің Жорждың өмірінде белгілі бір орны бар екенін білетін және осыған байланысты: "Парижде мен сізге Гарсен ханымға қырындауға рұқсат етемін!" ден қалжың айтқаны да бар-тын. Жорж оның сүймейді деп ойлайтын. Алайда, міне, қалай болып шықты! Мариге айырылысу туралы хат жазғаннан кейін ол сол әйелге кеткен. Қызметшіге мына әп-әдемі қыздың бір түрлі бүкіл жиырылып кеткен түрі енді күлкілі болмай қалды; қыздың өңі бірден сұлқ түсіп, жақтаудан қатып ұстай алды, әлдебір оқыс оқиға болып жүрмесін. Қызметші бірнеше тепкішек көтеріліп, қыздың қолынан ұстады және қарсылық көрмеді. Қыз тұп-тура алдына қарап қалған еді. Егер соншалықты жұмыс басты болмағанында, пайдаланып-ақ қалатын кез. Иә, оған көп уақыттың да қажеті жоқ қой...

Сөйтіп, ол қызға бетін тақап әкелді. Оның не істегісі келіп тұрғанын түсінбестен, Мари оны жаймен ысырып, көшеге шықты да, такси шақырды.

— Шаруаңызды жылдам бітіргеніңіз мұндай жақсы болар ма! — деді Анна бұған есік ашып жатып.

Жас қыздың түрі бұзылып кеткенін аңғаруға алдыңғы бөлме тым қараңғы еді. Телпегі мен пальтосын аласа орын таққа лақтырып тастай сала, Мари жорта ұйықтап жатқан кейіптегі анасына өтіп кетті. Бірақ ол түсіріп жіберген қас-қабағының астынан қызын бақылап жатты. Мари кімді керді? Байғұс қызға не тапсыруы мүмкін, бұл не ғып бүкіл болмысымен мұңайып қалған? Тереза бұдан әрі ұйықтап жатқан кейіп білдіре алмады, өйткені енді оның тұла бойын сұмдық діріл билеп кеткен еді. Бұл тістерін бекер қарыс тарады.

— Тоңып кеттіңіз бе, апа?

Кереуеттің шетіне отырып, Мари анасын құшақтады, ал ол бұған күлімсіремек болды.

— Мен тоңып жатқан жоқпын, қорқып жатырмын.

Қызы бұдан жаймен: "Менен қорқасыз ба?" — деп сұрағандықтан, Тереза басқалардан қорыққанымдай қорқуым керек деп жауап берді:

— Бірақ бұл менің шамамнан тыс: сен маған жамандық жасайды деп сене алмаймын... Саған не болды, қымбаттым, жылап тұрсың ба?

Мари күтпеген жерден көз жасын төгіп жіберді және сонысымен, мұны өзі де білместен, анасына қолдау корсетті, оның көңілін жегі ойларынан аударып әкетті. Енді бұған науқас көмекке келді. Өзінің иығына асылған Мариді аналық мейіріммен, мүмкін Маридің сәби кезінде де еш уақытта бұлай жасамаған болар, тербетіп: "Жарайды, жарайды, жылап ал...", — қайталай берді.

— Анашым, біз соншалықты жапа шегетіндей не істеп едік?

— Сен ештеңе. Бірақ мен...

— Апа, ол мекен-жайын айтпастан... басқа әйелмен кетіп қалыпты... Бәрі бітті!

Сөйтті де бұл анасының басынан сипауына мүмкіндік беріп, көздерін жастық жиегімен сүртті.

— Жоқ, балам, жоқ!

— Неге жоқ дейсіз?

— Ол келеді. Сен одан айырылған жоқсың.

Сөйтті де қызының көңілдегісін дөп басқандай, — бұл жолы өзінің кәдімгі дауысымен, — оның ішіндегі бұқпантай ойларына жауап берді:

— Жоқ, мен ақылымнан алжасқан жоқпын. Мен алжасудан дәл қазіргідей сондай алшақ болған емес едім. Бір кездері, өзің бақытты болған кезіңде, менің бүгін бұлыңғыр таңда айтқанымды есіңе аларсың.

Жас жүректі қайта тірілту үшін көп керегі жоқ. Мари жылауын таңғаларлықтай жылдам доғарды және анасына мейірлене жақындай түсті. Олар осылай ұзақ жатты.

Мари өзі кофені дайындайтынын және нанды қуыратынын айтты. Таңертеңгілік тамақтанудан соң Тереза булауға түсуге келісті. Ол ас үйде қоңырау шылдырлап, Маридің атына жеделхат әкелгенін естіген жоқ. "Бірінші пойызбен кайтуды талап етемін", — деп мұның дереу қайтуын бұйырыпты әкесі. Сірә, ол ашуға мінген болуы керек. Мари Терезаны қонақжайдан тапты және оның қайтадан қалшылдап әрі аса тұнжырап ширығып отырғанын көрді. Ол өзін қауіптен құтылдым-ау деп есептейтінін, бірақ енді қайтадан Аннаның қол астында қалуға жүрегі дауаламайтынын айтты. Анна — полицейдің ашынасы. Ол бұл қызға да, есік бағушыға да мол ақы төлейді. Мари келген соң олар бұға қалды. Олар Мариден сескенеді. Мари осында жүргенде ештеңе де бола қоймайды. Қыз олардың бүкіл жоспарын бұзып жіберді. Олар мұны пайдаланғысы келіп еді, бірақ өздерінің шын пиғылдарын көрсетуге батылдары бармады. Енді, міне, Мари мұны тастап кетпекші!

Ол еңіреп қоя берді, оның тізерлеп жалбарынбақ ниетіне Мари зорға кедергі жасай алды. Бұнысы кей сәтте баланың қиқарлығына ұқсап кететін жанталас еді: ол Маридің кеткенін қаламады. Ол мұны жібермейді. Мари өзінің Сен — Клерге барып қалыптасқан жағдай туралы баяндауы керектігін, қайта оралатынын айтып сендіріп бакты.

— Олар жағдайды сенен артық біледі, бейбақ балам! Сен кетпейсің.

— Бұл қажет болып тұр ғой, байғұс анашым.

— Жақсы, жарайды! — деді ол кенет дауыстап жіберіп (бала күнінде бұл сөзді талай айтса керек, қазір соншама жылдан кейін қайтадан жадынан жаңғырып шыға келді). Жарайды, жақсы! Олай болса, мен барлық жерде сенімен бірге боламын.

— Не ойлап кеттіңіз?

Бірақ Тереза өрекпи бөлмені кезіп кетіп, балалық қияңқылықпен өзінің: "Мен барлық жерде сенімен бірге боламын!" дегенін қайталай берді.

— Маған неге Сен — Клерге баруға болмайды? Мен онда өзімді осындағыдан гөрі әлдеқайда қауіпсіз сезінетін боламын, өйткені сен менің қасымдасың. Оның үстіне мен онда Бернар Дескейрудің зайыбымын? Ал Сен — Клерде жандармдар Дескейрудің үйіне бас сұға алмайды. Біздің отбасымыздың мүшелері полициядан ықпайды. Бұл осыдан он бес жыл бұрын мейлінше анық дәлелденген болатын... Оның үстіне, — толқи әрі құпия сыбырлап қосып қойды.

— Менің жүріп кетуім Аннаның бүкіл жоспарын бұзады; бұған сенің әкең қандай қарсылық білдіруі мүмкін? Ол мені мына күйімде көшеге лақтырып тастамайды ғой?

Соңғы сөйлемді Тереза өзінің әдеттегі даусымен айтты, бейне өзіне бір сәт сырттан қарап, өзіне-өзі үкім шығарғандай еді.

— Сіз не ойлап кеттіңіз! — деп қайталады Мари, сөйтті де қолдарымен анасының басын қусырып ұстай алып, Терезаны әлдебір ұйқыдан оятпақ болғандай екі жағына олай-бұлай жайлап шайқады.

— Апа, соншама жылдан кейін сол үйге қайта оралу; сіз онда сәл болмағанда тұншыға жаздаған үйге өз еркіңізбен кайта кіру... өзіңізге азаттықты қайтарып алғаннан кейін және ол қандай қымбатқа түсті, — деп жаймен үстемеледі қыз.

— Қандай қымбатқа? — қайталады Тереза қабағын түйіп және мейлінше байыппен сөзін жалғады: — Білесің бе? Мен енді әкеңе наразы емеспін. Ол енді менің жыныма тимейді. Және үй сондай үлкен! Онда бос бөлме көп! Солардың бірінде тасталған, ұмытылған мен тұратын боламын. Айталық, олар мені қуғындауды қойған кезде мен ол жерден қайтадан кете аламын: ол кезде алдымда түрме тұрмайды...

Анасының ойы Мариге енді сондай ессіздік сияқты көрінбеді. Екінші рет қашып кеткеннен кейін әкесі дайындап отырған кездесу туралы ойлауға жүрегі дауаламай тұрған бұған енді акталу іздеудің қажеті болмайды; өзінің қорғануы белгілі бір қисынға келді: анасының ауырып қалғаны туралы хабарлаған хат салған соң бұл бірінші пойызбен жүріп кеткен, ал Сен — Клерге кері шақырылғандықтан, бұл науқасты жалғыз, көмексіз қалдыра алмады, сөйтіп өзімен бірге ала келді. Қалғандары туралы отбасы ойласын...

— Менімен кеткіңіз келе ме, апа?

— Бүгін кешке ме? Тек жасырын, әрине! Ертең таңертең Анна есікті қаққанда ешкім болмайды!

Тереза күлді, сонан соң аяқ астынан салмақты бола қалды және оның жалбарынышты сұраулы жанары Мариге тірелді: ол мұның мүмкін екеніне еш сене алмай тұрды және қыз телефонмен Сен — Клерге жеделхат жолдап жатқанын естігенде біршама тыныштала бастады.

— Сондай қатты сөйлеме! — деп өтінді бұл. Анна естіп қояды.

Мари қызметші қызға Тереза сізді байқап қалмайтын болсын деп, зорға дегенде ескерте алды. Соңғы чемодан жабылған кезде науқас қайтадан абыржи бастады: ол өзін үйден шыға бергенде ұстап алады деп қорықты.

Пойызда ұйықтап қалған анасының қарсысында отырып алып Мари қайтадан Жорж туралы ойға батты. Бұл ертең оған хат жазады. Ең бастысы — ілік беру, өздерінің арасында бәрінің де үзілуіне жол бермеу. Жорж күн сайын құбылады... Егер бұл оны көре алғанда, өзіне сөзсіз қайтарып алатын еді. Егер бұл бүгін оның үстінен түскенде, егер ол мұның құшағында оянғанда... Бұл вагонның ұялатын ешкім жоқ қараңғы купесінде жылап отырды, кенет өзінің жүзінен анасының қолын сезінді. Терезаның дегбірсізденген даусы естілді:

— Мен саған айттым ғой ол қайтып келеді деп! Және тіпті, ол сені сондай жалықтырып жіберетін күндер де туады, — деп бір кезде күлгеніндей күле үстемеледі. — Ол басқалардан кем де емес, артық та емес — кәдімгі еркек, дөрекі еркектің өзі.

XI

Кез келген махаббат азабын ерте ме, әлде кеш пе емдемей қоймайтын уақыт өшпенділік уытын әлдеқайда баяу басады, бірақ түптің түбінде оны да жеңеді. Сен — Клер вокзалының алаңына шыққан Тереза өздерін қарсы алған жалтыр бас еркектің сәлеміне жауап қайтаруды ұмытып кетті. Ол өзінің күйеуі Бернар еді; Париж көшесінде бір жерде кездесе кетсе, бұның оны тіпті танымауы да мүмкін екен. Ол бұрынғыдай соншалықты етжеңді емес. Қоңыр түсті тоқыма жылы күртешесі мешкейдің дөңгеленген қарнына жарасымды тығыз қона қалыпты. Ол әлі сол галстукті жөндеп байлауды үйренбеген. Енді қаласын-қаламасын қамқорлық жасауды өз мойнына алуына тура келетін мына есі ауысқан селқос әрі батылсыздана қарап қояды. Басқаша қалай етерін де біле алмай дал. Жақсы ермек, айтары жоқ! Және ажырасудың жөнсіздігі туралы қаншама айтылғанымен, — өзінің анасы нығырлай беретіндей, — сонша жыл жырақта жүрген мына әйелдің қайтадан масыл болуы, әйтсе де, ауыр-ақ. Бірақ бұл Бернар үшін түптеп келгенде, қағидатты мәні бар мәселе... Қалай дегенмен, заңның аты заң.

— Әке, тыңдаңызшы, — деп айғайлады Мари, — оған автомобильге дейін жетуіне көмектесіңізші.

Бернар рөлге отырған кезде үн шығармайтынына қуанды. Кез келген түсіндіруге, тіпті ең жай әңгіменің өзіне құлықсыздығы барған сайын артып келеді. Бұнысы енжарлығы ма, әлде шарасыздығы ма, бірте-бірте оның дағдысына айналды. Автомобильмен қонақтарды шығарып салып, үйге оралар жолда елу шақырым артық жүруге бар. Жол-жөнекей священикті немесе мұғалімді кезіктіруден қашқақтау оның жүрер жолын таңдап алуында аз рөл атқармайды. Олриза еді — Тереза келді, бірақ бұған аузын ашу қажет болған жоқ.

Науқасты шағын қонақжайға жайластыра тұрды: оған арналған бөлме әлі дайын емес еді. Көрші бөлмеде әлдекімнің ақырын дауласып жатқанын бұның құлағы шалды, бірақ оған еш мән бермеді: аңсау толық селқостыққа ауысқан. Бұған тағдырға мойынсұнудан басқа ештеңе қалмады; бұл өзіне берілетін бұйрықтың бәрін орындайды, ал қазір ол: жат та көздеріңді жұм деген ғана бұйрық болуы мүмкін; әлдебір күштің құдіреті сондай, бұның өз қылмысын ойластырған сол бөлмесіне он бес жылдан соң алып келген оған ойланбастан бағынуы ғана қалды. Түс қағаздары және перделері ауыстырылды, жиһазы басқа материалмен қапталды. Бірақ алаңдағы алып ағаштар көлеңкесі бөлмені бұрынғысынша қараңғылықта тұмшалап тұрды. Тереза өз өшпенділігінің мылқау куәлері — жүрегін қобалжытар өзіне таныс тозық заттар сол орындарында тұрғандарын көрді.

Мұны жоғарғы қабатқа, терезелері күн батысқа қарайтын бөлмеге көшірді; бұл бөлме әдетте қонақтарға арналатын да, Тереза еш уақытта мұнда тұрған емес-ті. Бұл жерде еткен күннен бір ғана жағдайдан басқа ештеңе Терезаның көз алдына келе қоймайды! Бұның есіне түсті: ол кезде отбасы Аржелузда тұратын. Тереза да өзінің сол күні Сен — Клерге келгені мәлім болуын қаламауының өзінше себебі бар-ды; үй күтуші әйел қасында шкафқа жаймаларды қаттап қойып жатқан кезде бұл өзін осы шала қараңғы бөлме түкпірінде тығылып отырған сияқты сезінді.

Келген күні кешке Маридің қолында бұның алғаш рет булықпасы ұстап, құсып барып тоқтады; оның артынан түнде екінші рет одан да күштірек буынып, өліп кете жаздады. Осы минуттан бастап Тереза үшін де, Дескейрулер үшін де бәрі әлдеқайда жеңілдеп сала берді. Бұл енді өзі қорқатын ештеңе жоқтығына сенімді еді: қажыған әйел мен ол өзінше елестететін қуғыншылар тобыры арасына өлім кесе көлденең тұрып алды. Терезаның үмітсіз жай-күйі Дескейрулер үшін ең басты қиыншылықты жойды: "бұл жалмауыз әзірге осында болатын кезде" менің табаным Сен — Клерді баспайды деп Аржелузға тұра қашқан әрі Бернарға да абай жүруін ескерткен енесі Сен — Клерге орала қоймаса да, райынан қайтуға келісті: "Құдайдың дегені болады", — деп жазды ол Бернарға. Және одан әрі: "Біздің кішкентай Мари мақтауға лайық", — деп тамсанды.

"Бұның мұнсыз да бізге істеген жаманшылығы аз емес...", — деген сияқты өсек-аяңға мүмкіндігінше жол бермеу үшін, Мари Терезаны күтудің барлық ауыртпалығын өзіне алды, қызметшіні жұмсамауға тырысты. Тереза қызының күтімін алаңсыз сеніммен қабыл алды; рождество мейрамына дейін осылай жалғасты да, ол жақындаған сайын науқас алаңдаушылық білдіре бастады. Мари айтарлықтай өзгеріп кетті; ол бұрын құлшына айналысқан іс тігуі жайына қалды, бөлмеде мақсатсыз теңселіп жүреді де қояды, кей— кейде маңдайын терезе әйнегіне сүйеп тұрып алады; анасына қамқорлық енді тек оның тәнін күтумен шектелді. "Ол әлдебір бұйрық алды, — деп ойлады Тереза. — Ол сырт әлдекімнің ықпалымен күресіп жүр. Бізді біліп қойыпты. Бірақ бұл қыз ешқайда дерлік шықпайды ғой... Иә, бірақ олардың бұған құпияланған өкім жіберуге қаншама мүмкіндігі бар... Оған сырт жақтан бір қысым жасалып жатыр. Қалай болғанда да, олар қанша тырысқандарымен, бұл маған у бере қоймас... Бұл менің қызым болғандықтан, олар сірә ойлайтын шығар..." Оның өзінше іштей күбірлеген сөздерінің мағынасы осы сияқты еді.

— Егер мен сол лицей оқиғасын сізге айтып берсем, сіз: "Сол ғана ма? Бұл деген жай ғана нәрсе ғой!", — дер едіңіз. Өзім білетінді және сіздің анаңыздың да білетінін неменесіне сізге түсіндіріп жатамын...

— Түсінікті шаруа! — деп күңкілдеді Мари. — Мен нақұрыспын ғой. Сіздің: "Қандай нақұрыссың!" деп екпін түсіре айтып тұрғаныңызды мен аңғармады дейсіз бе. Жоқ, маған қарсылық білдіруге тырыспай-ақ қойыңыз...

Бекершілік! Қыздың одан мұны сұрауының түк те қажеті жоқ еді. Қарсыласу жігіттің ойында да жоқ-тын; бұл мәселеде ол қайта мұны құптар еді: қызды өзінің азапты жан дүниесін түсіне қоймайтын, ол әлемге өзімен бірге ене алмайтын үстірт көреді. Бірақ қалай болғанда да, қызда анасында жоқ қасиет бар еді; он жеті жасыңда сүйген адамыңның құшағына беріле алатыныңды сезіну, дегенмен, жақсы-ау деп ойлап тұрды Мари... Бір буда бұтаққа құйрық басып отырып, бұл қолымен Жорждың маңдайынан, шекесінен, қырынбаған бетінен аялай сипап өтті. Жігіттің мұны өмірге ынтық қыз деп қабылдағаны анық еді. Ол қателесті, мұның аңсағаны ол ынтызарлық емес-ті. Бірақ бұған енді не істеу қалды? Өзінің анасы еш қиындықсыз жайлап алған жүректе бұл онымен лайықты табысу үшін бұл жалғандағының бәрін берер еді... Және еркекті түсінуге әрі оның құшағына енуге бір мезгілде болмай ма? Мүмкін өзінің анасы... Қыз тітіркене басын шайқады. Ол жынды?.. Есуас? Бірақ Жорж онымен танысқан кезде оның әлі есі дұрыс еді ғой... Бейшара Мари! Бұл не ойлап кетті? Басын бозбаланың иығына қойып және оны қолдарымен қапсыра құшақтап, бұл біршама уақыт осы жағдайда қатып қалды. О, рақат минуттар! Осы жолы, ақыры, жігіт мұны итермеген сияқты, қыз оның тынысын сезінді.

— Сіз қалай ойлайсыз, — деп сұрады ол, — ол мені қабылдауға келісер ме екен?

Қыз одан күрт алшақтады. Орнынан тұрып кетті және Жорж мұны ұстауға тырыспады да; бұл ашық тұрған есікке келіп жаңбырдың ерке жылғасына еміренді және түтін дәмін ұзақ әрі құмарта жұтты. Ақыры қыз бұрылып:

— Қазір болса да, — деді байсалды үнмен.

— Жо-жоқ, қазір емес!

— Онда кез келген күні түстен кейін... Мен ылғи үйдемін және сізді оған ертіп барамын.

— Қазір біз екеуімізді бірге көрмеген жөн шығар, — деді Жорж шамалы кідіріп барып. — Сіз жаяусыз, сондықтан сіздің бірінші шығып кеткеніңіз дұрыс.

Ол Тереза туралы айта тұрып, қыздың жүзіне қарауға мәжбүр болды. Ол қыздың жүзінен сондай шошып кететіндей нені аңғарды? Жігіт асыға:

— Білсеңіз? Анаңыз сізді сүйеді. Бүкіл ойы сіз. Оның аңсағаны сіздің бақытыңыз. Тіпті, мен тек сіз үшін ғана оның көңілінде тұрғанымды айтуға тиіспін. Мен бұған ант іше аламын. Бірақ сіз мұны білесіз де ғой, Мари? — деп үстемеледі ол — Сіз бұған сенесіз ғой?

— Қызық, — деді Мари күлімсіреп, — сіздің мені жайландыру қажеттігін сезінгеніңіз. Сіз мұны қызық деп ойламайсыз ба?

Қыз бұған қолын бұлғады; Мариді жаңбыр шымылдығы көмкеріп, көрсетпей жібергенше бұл күте тұрды және отқа кайта оралып, үйеме бұтаққа қайта отыра кетті.

XII

Мари су сорғалаған өзінің ылғал өтпейтін плащын іліп қою үшін ваннаға кетті. Оны бақылап отырған Тереза білінер-білінбес белгілерінен бөлмеге дұшпан: ажал қаптырар жау кіргенін бірден байқады. Үйді тек жаңбыр шуы ғана бұзып тұрған үнсіздік басқан еді. Қоңырау үні естілмейді. Бернар Дескейру Аржелузға анасына кеткен-ді. "Сен өте су-су болып қалған жоқсың ба, жаным?", — деп сұрады Тереза, бірақ жауап ала алмады.

— Сен ешкіммен кездеспедің бе?

— Ден қоярлықтай ешкім жоқ... Сіздің микстура дәріні қабылдайтын уақытыңыз келді.

Тәрелкенің мәрмәр тас ошаққа тиген сытыры, көпіршіген сұйықты құю, шылпылдата қасықпен шайқау — бұл дыбыстар үрейден есі шыққан әйелге жылдар қойнауынан жаңғырып жетіп жатты. Бір кезде бұл осы дыбысқа қайтадан тыныштық орнауы әрі өзі бастаған істі бөлменің және күллі әлемнің шырқын бұзбай мылқау өлімнің аяқтауы үшін түстен кейін удың соңғы тамшысын кұйып жіберуге асығып-үсіккен сіреспе қалпында осылай құлақ түретін.

Мари бұған жақындап келеді. Қолында шыны аяқ. Ол қасықпен сұйықты араластырып қояды. Мари кереуетке тақады; ол жарыққа арқасымен бұрылып кеткендіктен оның шыны аяқ үстіне еңкейген бет әлпетін ажырату мүмкін емес. Ол анасына ұқсамайды... бірақ оның сұлбасы терезенің тұсында көлбеңдеген кезде анасының көлеңкесіне ұқсап кетеді. Бұл қазір Терезаға жақындап келе жатқан Терезаның өзі болар.

— Жоқ, Мари... Жоқ.

Бұл зәресі ұша шыны аяқты итеріп, қызына жалбарына қарады. Науқасты тыныштандыру үшін өзі жиі жасайтындай, дәріден бір ұрттауы жеткілікті екенін Мари кенет түсіне қойды. Бұл мүмкін соны күтіп отырған болар? Бұған неге соны істемес? Бірақ қызының үні қатаң шықты:

— Сізге мынаны ішу керек.

Терезаның Сен — Клерге келгелі бері қайталамаған қалшылдауы ұстағандықтан Мари бейкүнә кейіппен сұрады:

— Мен сізді қорқытып тұрмын ба?

Бұдан әрі барар жер жоқ. Тереза дамылдап, тынысын өзгертті. Оның бұдан әріге шамасы да келмес еді. Оның жеткен шегі адамзат бастан кешкен азаптың шегі емес, бірақ мұның өз шегі, жеткен жері осы. Мына жерде бұл берерін беруі тиіс; ол бұдан алынатын соңғы берешегі және бұл оны төлейді де. Бұл енді қалтырауын қойды және Мариге қарап қалыпты, ол мұның қолынан шыны аяқты алған бетте оны сіміріп салды, сөйтті де мына түрі бұлдыр бейнеден көзін аудармай қарап қалды. Осыдан он бес жыл бұрын мұның өзі Бернардан алғаны тәрізді Мари де бұдан шыны аяқты алды және өзінің істегені сияқты оны жуу үшін ваннаға беттеді.

Тереза жастыққа қисая етті. Енді әлдекім өзін тергеуге алар сол сәтті күтуі ғана қалды және бұл: "Міне, өзің маңдайыма жазғаныңдай, өзімен-өзі бітпес күрестен қажыған жаратқан пендең", — деп айтатын болады. Тереза басын жеңіл бұрып, қабырғада ілулі керулі тұлғаға қарады. Абайлап, күшін сала аяғын аяғына қойды, жаймен қолдарын созып, алақандарын жазады.

Тереза шығар шыңға жеткендіктен, ол енді басқа еңіспен түсе бастады, шыны аяқта ешқандай у болмағанын, Мари ешқандай қылмысқа кінәлі еместігін бұл жаңа білді: "Егер мен солай ойласам, демек есуас болғаным ғой?" Ал қалғандары ше? Анау бүкіл бойды билеген сұмдық үрей ше? Тұман сейіліп, мұның көздеріне шынайы өмір ашылып сала берді.

— Мари!

Қызы арқасымен шалқая, аяқтарын созып қимылсыз отырған орын тағынан көтерілді.

— Сен бүгін таңертең кіммен кездестің? Жоқ, жарыққа арқаңмен бұрылма, мен сенің жүзіңді көретіндей болып жақында...

— Менің кіммен жолыққанымды білгіңіз келе ме? Маған кездесу белгілеп, оңаша жерде күткен бір адаммен...

— Балам, мені неге қорқытқың келеді?

— Мен сізді қорқытпақ емеспін. Менімен сөйлескен ол адам сіздің жауларыңыздың қатарына жатпайды. Қайта керісінше... ол көп ұзамай орнына келеді.

— Бұл дүниеде мені ешкім де жақсы көрмейді.

— Жоқ! Мені елсіз хуторда күткен ол адам... Кердіңіз бе! Маған тіпті оның атын атаудың да қажеті жоқ. Сіз біліп отырсыз.

— Сен оның көрдің бе? Ол сені күтті ме? Қалай екен? Менің көзіме қарашы. Бұған өкінетіндей, менің түрім сондай ма? Мен сен үшін не істегенімді қалайша ұмыттың? Мен саған күні бұрын айтпап па едім...

Қызы селқос басын шұлғыды.

— Менің нені сондай қалайтынымды білесің ғой!,

Иә, мүмкін... Бірақ қыздың есіне Силе хуторындағы ас үйдегі Жорждың кейпі, оның көзіне жас алғаны түсті...

— Сізден бәрі шығуы мүмкін деп ойлаймын... Бірақ одан! Сіз оған кімсіз...

— Ақымақ! — деді Тереза. — Небір хикаяны бастан кешіп жүрген, оларды түсінетін тұрпаттағы жасамыс әйел қашан да біршама тартымды келеді. Оған қызығады, тіпті сүйеді де және ол өліп бара жатқан кезде қайғырады. Жас адамдарда олардың шүйіркелесер ешкімі бола қоймайды. Жиырма жаста бір мезгілде әрі тыңдай білетін әрі түсіне алатын әлдекімді табу қиынның қиыны... Бірақ, қымбаттым, бұл тіптен басқа нәрсе... және махаббатпен шатастырар ештеңесі жоқ. Маған бұл сөзді айту ұят: менің аузымнан шыққаны жай күлкі туғызады.

— Егер сіз оның қапаланғанын көргеніңізде...

— Иә, әрине! Ол маған өзінше байланған, ол үшін бірнеше күн менің орным ойсырап тұрады... Ал сонан соң көресің! Бұдан әрі сенде онымен мұндай оқиғалар жетіп артылатын болады. Сен: "Егер байғұс анам жанымда жүргенде мені олардың біразынан құтқарар еді...", — деп айтасың әлі.

Мұны айтқанда ол күліп жіберді және күлкісі сыңғырлай әрі табиғи шықты. Бірақ оның тістерінің жалаңаштанған қызыл еті ұсқынсыз еді. "Әрине, бұл тіптен басқа нәрсе", — деп ойлады Мари. Бұл өзі неге алаңдайды? Қалай болғанда да, Жорж Силеге бірінші болып келді және бұл оған ыңғай бере қоймаған аймаласуды аңсап, мұны сонда күтті. Ондай сәті келмеген кезде оның жауыға, селқостана қалатынын өзі тәжірибеден біледі. Ал сонан соң бұған анасының айтып отырғаны дұрыс қой:

— Он жеті жасында сен еркекті бүкіл меңгеріп алуға үміттене алмайсың... Сенің ықпалың жыл өткен сайын арта түседі... Көресің әлі!

Жаңбыр тыйылды. Алаңда ағаштар өзінен соңғы тамшыларды сілкіп жатты.

— Күннің шыққанын пайдаланып, оңтүстік аллеяға қыдырып қайтқаның жөн.

— Ал сіз ше, апа?

— Мен мызғып алуға тырысамын. Маған алаң болма... сен енді мені қалдыра аласың: енді қорықпаймын.

Мари анасын құшақтай алды: "Демек, сіз сауығып кеттіңіз ғой?" Тереза басын изеп, жымиды: ол қызының алыстан бара жатқан. қадамына құлақ түрді. Ақыры өзімен-өзі қалды! Бұның енді жаңа ғана ашқан жаңалығына мейлінше рақаттануына ешкім де кедергі келтіре алмайды: бұның сөніп бара жатқаны туралы біліп Жорж қайғырыпты, жылапты. Жоқ! Бұл қуанышты қуу қажет! Бұл масқара шаттану! О, бұл жүрек сезімі шіркін, өлімнің босағасына дейін біздің ізімізден қалмайды, бізге әлі де әлдебір кешіккен ынтызарлық қалдықтары тиесілі сияқты және біз көрдің шетінде тұрсақ та бар салмағымен бізге ұмтылады... Ол келеді. Мари де осында болады. Терезаның осы бетпе-бет кездесуге өз ауруын да, өз сүйіспеншілігін де ештеңемен білдірмейтіндей етіп дайындалуы керек.

XIII

Ол бірінші рет келген сол кеште үстел үстінде бір ғана шам жанып тұрды. Тереза оған өзінің сөйлей алмайтын күйде екенін ыммен білдірді. Оның көзі жамылғы үстінде жатқан сүйектері арса-арса қоңыр теңбілдер басқан қолдарға түсті. Бірте-бірте жігіттің көзіне оның түрінен ендігі қалған: сорайған мұрны, шодырайған маңдай және жақ сүйектері айқын көрінді. Бірақ мына көздердің жанарлы болғаны сондай, құштарлықпен тесіле қараған жанарға бұның әлі талай мәрте шыдауына тура келер! Бұл кереуетке тақай тоқтады, Тереза оның қолынан алды; Мари бұларды біршама әрірек тұрып бақылады.

— Мари, бері кел.

Қыз бірер қадам жасады. Тереза Мариді қолының саусақтарынан ұстап, күшін сала олардың қолдарын қосты. Алғашқы сәтте Мари тартынбақ болып еді, бірақ Жорж оны күшпен ұстап қалды және қыз қарсыласа қоймады. Бұлар ажыратып әкетуге батпады, өйткені Тереза олардың қосылған қолдарын қысып тұр еді.

Терезаның саусақтары бірте-бірте ашыла бастады. Ол ұйықтап кетті деп ұйғарып, бұлар аяқтың ұшымен бөлмеден шықты. Тереза сол кезде көзін ашты. Тұншығып кетті. Мари қалай ұзақ оралмай қойды! Сірә, қызы оны қақпаға дейін шығарып салып жүрсе керек. Қазір олар қалыңдық пен күйеу жігіт болып бата алғаннан кейінгі "сүйісуге кірісіп кеткен де болар... олардың аяқтарының асты лас және кепкен жапырақтар жатқан шығар-ау... Ақыры Мари келіп, бөлменің түкпіріне, бұдан мүмкіндігінше қашығырақ отырған кезде Терезаның кеудесін қысқан шыдатпас ауруы басылып қалған еді.

Тереза мына құбылған беттің кейпін ажырата алмады және қызының: "Бүкіл өмірімде мына кәрі әйел бірнеше күннің ішінде жүріп өткеннің жартысын да өте алмаспын...", — деп ойлап отырғанын білмеді. — Тек осы әйел үшін ғана ол мені қабылдайды, мені қолтығына алады. Тек осы үшін ғана! Бұны есінде сақтау үшін..."

Тереза өзінің қызы осылай ызалы деген ойдан аулақ болатын. Егер анасы білсе, қалай сезінер еді — өкіне ме? Қуана ма? Қыз қандай жауап естігісі келерін өзі де білмей отырғанда, кенет бұл сұрақ қойды:

— Мари, бақыттысың ба?

Қыз бетін басқан қолдарын алды.

— Мен сізді ұйықтап жатыр деп ойласам.

Дауыс жалбарынышпен тағы да қайталады:

— Бақыттымын деп маған ант берші.

Мари үстелге жақын келіп: "Микстура ішетін уақытыңыз болды...", — деді. Тереза тағы да тығынның суырып алынған дауысына, қасықтың шыны аяққа соғылысқан сылдырына мұқият құлақ түрді.

Түн ортасында науқас қайта қысылып қалды. Ол есін жиғанда алдымен көргені Маридің алаңдаулы жүзі еді.

— Қалайсыз, қиналдыңыз-ау, апа!

— Онша емес, сен ине тыққанда шаншудан басқа ештеңені сезгенім жоқ...

Бұл не? Әлгі қырылдау, мына көгеріп кеткен түр азаптанудың белгілері емес пе? Әлде адам сұмдық қиналуды бастан кешкенімен, ол есінде қалмай ма?

Көзі ісіңкі, шашы ұйпа-тұйпа, шала ұйқылы дәрігер келді. Ол пальтосын іш көйлегінің үстіне кие салыпты. Ол Терезаны тыңдап болып, іле дәлізге Мариге барды. Олардың күбір-сыбырын қатты шығып кеткен дауыстары бөліп кетіп жатты:

— Иә, иә. Оларды шақыру керек. Аржелуз қашық емес қой... Ертең таңертең ертелеп, кеш қалуға болмайды.

Күні біткені осы ма? Бірақ Тереза өзін нашар сезініп жатқан жоқ қой. Бұған өзінің өліп кетуі мүмкін емес сияқты көрінеді. Бұл ұйқысынан оянған кезде үстінен қой терісінен жасалған күрткесін әлі шеше қоймаған Бернар Дескейру мен Мари мұның жанында бұдан көз алмай қарап тұр еді. Бұл оларға жымиып, өзін жақсымын деді. Кебістерімен сықырлата басып Бернар шығып кетті, Мари болса науқасты жөнге келтіріп, оның орын таққа ауысып отыруына көмектесті. Сонан соң ол басқыш алаңқайына әкесіне шықты; бұл жолы Тереза олардың сөздерін аңдай алмады, тек енесінің самбырлаған жуан даусын ғана анық ажыратты. Бүкіл отбасы болар істің ақырын күтуге жиналды, өмір тоқтайды деген осы... "Бірақ бұл білместік", — деп ойлады Тереза. Бұл әлі өле қоймайды.

Бернар қайта оралды, енді оның үстінде қой терілі күртке жоқ еді.

— Мен Мариді ауыстыруға келдім... Байғұс балаларға жүздесуге мүмкіндік беру керек...

Бұл сөздерден мұның түсінгені, күйеу жігіт пен қалыңдық деп жарияланып, бата берілген. Бернар біршама алыстау отырып алып, қалтасынан газет шығарды. Ол қалайша күні бойы осында қалмақшы? Уақыты келгенде ол түскі ас алдында тиесілі ішіп жіберу үшін шығып кетті, бірақ түстен кейін қайта оралып, Мари терезе қақпағын жабуға кіргенше кете қоймады. Ол келесі күндері де осылай етті. Ол ештеңе айтпайды, тек оның қолдарындағы қағаз қалай сытырлағаны ғана естіліп тұрды; кейде ол кенет шалт қимылдап, газетті аударыстырады немесе бүктейді, соның қатты тысыры Терезаның жынына тиіп жатты.

Соңғы рет ол мұның бөлмесінде үнемі өзінің науқастарды аралауының соңғы жағына қарай, айтарлықтай кеш соғып жүрген дәрігер келген кезде көрінеді. Доктордан темекінің иісі шығып тұрады, оның жауыннан дымқылданған сақалы Терезаны тітіркендіре қойған жоқ. Ол науқасты үстірт қана тыңдап, әдетте: "Дегенмен, сіздің жағдайыңыз жаман емес сияқты!" дейтін. Олар мұның өлуі тым күттіріп қойды ғой деп ойлап жүрсе керек... Неге Жорж Фило Сен — Клерде әлі де қалып қойды? Ол нені күтеді? "Емтихандарға дәріс тыңдауға бармай-ақ дайындалуға болады" деп сендірді Мари. Мүмкін Жорж әкесімен қалуға ұйғарған шығар, ол әкесіне керек: Париж енді оны тарта қоймайды... Қызы бірде айтып қалды:

— Есіңізде ме? Сіз онымен көріскеннен кейін талып қалдыңыз. Ол сіз тәуірленген кезде келеді. Доктор бөтен адамдардың сізге кіріп-шығуына тыйым салды... Не?

Тереза көзін ашпастан айтты:

— Балам, бірақ мен оны тіптен көргім де келмейді...

Бұл ұмытып кеткен Бернар мұның өміріне қайтадан кірді. Қайтадан жанында сол еркек; ол бұрынғысымен салыстырғанда арыған және өзінің сырт кейпіне аз мән беретін болыпты: басы салбыраған, желкесі жалтыраған, үнемі үндемейді, көздері спирт ішімдіктерін басып ішетін және жеңіл соққыдан жатып тұрған адамның кездерінде қанталап кеткен. Тереза енді өзінен сондай әрекетті қалай жасай алдым деп сұрамайды... Енді сол адам тағы да жанында болып және мұны өзінің бүкіл мысымен езген кезде; оны кетіру, оны өз өмірінен біржолата лақтырып тастау бұған ең жөні сияқты көрінеді... Бұл қателік жіберді, міне ол тағы да осында... Бұл өліп барады, ал ол осыдан он бес жыл бұрын мұның өзі басынан кешкеніндей, өмірдің ақырын тағатсыздана күтіп, мұның қалай өліп бара жатқанын бақылап отыр.

Ол газетті шиырлай бүктеп, оған қақырып қойды, шынашағымен аямай тырнап құлағын қасыды, ал өзінің жайғасатын тұрақты үстелшесі бар Лакост дәмханасынан келген кезде қолын қайта-қайта аузына апарып, ғапу өтініп отырды. Тереза үйықтағысы келетін кейіп білдірді. Сонда ол көрші бөлмеге кетті, бірақ есікті ашық қалдырды, бұл оның жанында жүргенін сезіп жатты. "Жо-жоқ, — деді Тереза өзіне, — мен оның қазасын тілемеймін..." Өмір бірте-бірте қандайда бір қат-қабат тірліктермен өзінің мойнын бұрғызбай әкетсе де, бұл ниеті еш уақытта бұның ойынан кеткен емес, мұның бойында мәңгі сол әуелгі қалпында қала берген.

Тереза өлімге еш тәуекел ете алмады. Жалпы алғанда, өзін тәуір сезінді, тамақты жақсы ішті және үрейдің бәрі кетті. Әрине, кез келген сәтте жүрегі "сыр беруі" мүмкін. "Жақсы, доктор, — деді мұның енесі, — дегенмен, оның "берілетін" түрі жоқ қой"... Мари енді күзете бермейді, жақсы ауа райында Бернар аң аулауға кетеді: күтуші біреуді іздеу керек болды.

Бірде Мари анасынан әлі де Аннаға сенбейсіз бе деп сұрады. Тереза иықтарын қиқаң еткізді: "Өзің білесің, мен ақылымнан алжып едім ғой. Байғұс Анна!", — деп жауап берді.

— Ол бүгін кешке келеді... Сізге іш киімдеріңізді әкеледі... Иә, небәрі екі айға: ол қазір өзінің қожайындарымен саяхатта жүрген әлдебір жүргізушімен уәде байласыпты. Бірақ екі айдан кейін...

— Екі айдан соң?

Мари қызарып кетті:

— Сіз сауығасыз, апа, — деді.

Аннаның келуі Терезаның өмірін өзгертіп жіберді. Мари мен оның әкесі енді бұған таңертең және кешке бірер минутқа ғана кіріп шығатын болды. Тереза қайтадан күтушісінің жанында болуынан тынши қалатын балаға айналды. Әзірге Анна өзімен бірге болған кезде бұл қорқатын ештеңе жоқ. Ең жайсыз міндеттердің өзін Анна тыжырынбай орындайтын сияқты. Анна бос зерігіп отырмайды: "Ойлап қараңызшы! Маған барлық жасауымды қамдауым керек" дейді. Қыз азып кетті, бірақ күйеу жігітінен жырақта жүргеніне еш қынжылмайтынын айтып сендіріп бақты. Алайда, оның көп ұзамай кетуі керек. Жүргізуші жігіті оралады... Ол өздері тұратын жай іздеп жүр... Парижге жабысып қалмайды... Осындай татымсыз сыпсыңды тыңдап жатып Тереза: "Оған дейін мен де өліп үлгерермін", — деп ойлады. Бұл енді Аннасыз қалай өмір сүре алатынын елестете алмайды.

Үйдің түкпірінен кенет музыка естілді: түстен кейінгі сүреңсіз сағаттарды рояль, скрипка дыбысы жайлады.

— Граммофон... — деді Анна. — Олар келді...

Жақсы ауа райында таңертең күйеу жігіт пен қалыңдық атпен қыдыруға жиналғанда қатты табанды қорадан тұяқтардың шыдамсыз тықыры естіліп жатты. Және олардың қайтып келе жатқандарын мұздақ жолдағы сегіз тұяқтың сыртылы бойынша да білуге болатын еді. Алайда, тұманды әрі жаңбырлы күндері тек граммофон ғана Жорждың осында екенін білдіреді. Тереза бұл музыка бозбала мен Маридің арасында өткел бермес тұңғиыққа айналмаса деп ойлаған сәттер де болды. Мұның бір өзі, Тереза ғана, сол теңізбен жүзіп, тұншығып жатқан сәбиге жақындай алар еді... Алайда, оның тағы бір рет осы бөлмеге кіріп кеткені керек... Бұның кейінге қалдырмай оған әлі айтары бар... Әңгіме махаббат туралы емес... Дегенмен, ол қойған кезде Тереза туралы ойламасын кім біліпті, Терезаның бірде кеште оған сол музыка жайлы айтқаны есінде.

— Жоқ! — деп айғайлап жіберді Тереза. — Жоқ!

— "Жоқ" деп кімге айғайлап жатырсыз? Сіз қиялдап кеттіңіз, бейшара ханым!

Қызметші келді. Тереза оның үлкен қолынан шап беріп ұстай алып, алақаны дымқылданғанын сезгенше, жібермей тұрды.

— Анна, сіздің күйеу жігітіңіздің келуіне қанша уақыт қалды?

— Екі апта, ханым.

— Екі апта! Жоқ, сіз бұған есеп жасамаңыз! Екі аптадан кейін де мен әлі тірі боламын!

— Сіз тірі болып қана қоймайсыз, менсіз де тіршілік ете алатындай күйге жетесіз.

Бернар кешке Терезаның бөлмесіне кірген кезде бұл:

— Менің сізде соңғы өтінішім бар... Қорықпай-ақ қойыңыз: бұл сізге қымбатқа түспейді, — деді.

Оның түрінде алаңдаушылық пайда болды:

— Қара майдың жайын білесіз ғой... Шаруа барған сайын құлдырап барады. Сіз бүгінгі бағамды көрдіңіз бе?

— Бұл менің соңғы қиқарлығым. Сізден әзірше мен тірі тұрған кезде жүргізушіні — Аннаның күйеу жігітін жалдауыңызды сұраймын...

— Жүргізуші? Есіңізден шатасқансыз ба? Мен өзімдікі осыдан бір жарым жыл бұрын қош айтысқанмын. Жүргізуші! Қара май...

— Иә, солай, бірақ бұл Аннаның менімен қалуы үшін ғана. Тым болмағанда, шамалы уақытқа...

— Жүрек ауырып жүргенде бірдеңені күні бұрын біліп бола ма? Сіз дәрігерді алдай алдыңыз ғой... Жүргізуші! Ал күні бойы онымен не істеуге әмір етесіз? Жоқ! Бұл сізге ұнай ма! Мен мұндайды күтпеп едім! Жүргізуші! Айтары жоқ, ыңғайлы уақытты тапқан екенсіз!

Үндемес жан мұны сөздермен бастырмалатып тастады, ашу — ыза оның тілін шығарды. Терезада онымен таласар әл-дәрмен жоқ еді. Ештеңе істей алмайсың! Бұл өліп барады, ал ол мұның бұл жалғандағы әлі де жалғыз қадірмені Аннаның жанында жүруіне... шамалы тиын-тебенге бола бас тартып отыр! Бүкіл байлығынан өз еркімен бас тартқан бұған... Бұл аптыға айтып салды:

— Мен өзімдегінің бәрін бергендіктен....

— Оһо! Енді...

Бернар түсіне қойды, бірақ тым кеш еді... Оның не айтқысы келгенін Тереза жақсы түсінді: олар енді бұл мұраны былай да ала алады... Тереза оған ол он бес жылдан кейін жазбай таныған оқты жанарын қадады.

— Сөйлесе беріңдер, балаларым. Мен сендерді естіп жатқаным жоқ.

— Біз әңгімелесіп отырмыз, апа.

"Мен оны ұйықтап қалған болар", — деп ойлап едім деді Мари ақырын, басын Жорждың кеудесіне қойып жатып.

— Қымбаттым, көздеріңізді жұмып жатқан кезде сіз өлікке ұқсайсыз... Білесіз бе? Апам сізді тағы да өзіне кіріп шығуды сұрап жатыр. Aha! Мен сізді оятатын амалды таптым... Ол бұл жолы есінен танып қалмауға уәде берді... Оның сізге айтқысы келетін маңызды бірдеңесі бар сияқты!..

— Мен оған ертең барамын, егер доктор рұқсат етсе...

— Оһо! Оған қазір рұқсат етілген... Оның сізге не айтқысы келетінін білу қызық болар еді... Сіз сонан соң маған айтып бересіз бе?

Жігіт ештеңе демеді. Әкімдік мұнарасындағы сағат ұзақ соқты. Кәрі әйел қонақжайдан айғайлады:

— Сағат он бір! Жорж мен сізді қуамын.

Ол күн сайын дерлік кешке қайтып бара жатып Терезаны оятып жіберетінін, сөйтіп өзінің жүрген жүрісі кенет иттер үріп қоя беретін ұйқыдағы деревняда естілмей кеткенше бұл оған құлақ тігіп жататынын сезген жоқ еді. Кейінгі үш күнде шамалы қар жауып, жерге түсер-түспестен еріп кетіп жатты. Ол тек шатыр жапқыштарында болмашы ағараңдайды. Жорж ертең Терезаны көреді. Міне, бірнеше күн бойы Жорж өз жүрегінде толғатып: "Мен оған айтамын..." деп жүргенді оның өзіне ағынан ақтарылмайынша Тереза бұл дүниеден кете қоймайды. Ол жұлдыздар жамыраған қысқы аспанға көз тастады. Бұл оған не айтады? Мұның тағдыры үшін алаңдамай, оның ұйықтап кетуіне болады, ол бұған ешқандай жамандық жасаған жоқ, оның міндеті семіп бара жатқан жүректерді кайта соғуға мәжбүр ету үшін оларды сілкілеу болыпты, ол қасиетінің қасиеттісі адамның жанына еніп, оны өмірде қайта түлете алды... Аһ! Бұған ол Мари ме, әлде басқа әйел ме, Сен — Клер ме, әлде Париж бе, әкесінің отын қоймалары мен ағаш тілетін жері немесе құқықтану училищесі ме, бәрібір! Бұл Тереза мұның бойынан ашқан қайнардан нәр алатын болады. Иә, ол мұның жанын ауыртты және махаббат сағымына самғауын тоқтатты. Бұл енді еш уақытта өзіне-өзі мәз болмайды, ешқашан қанағаттана қоймайды... Ол мұнан әрі шексіз азап шегіп жатқан шекараны анықтай алуды үйренеді... Біз оңашада әрі жазасыз жасайтын жексұрын, болымсыз, қара ниет қылықтар атышулы қылмыстардан гөрі біздің болмысымызды жақсы сипаттайды... Жорж алшаң басқан қадамдары деревняның бос көшелерінде сартылдай естіліп бара жатып, осылай қиялдады.

— Мен алаңқайда күте тұрамын, — деді Мари тіксіне. — Бес минуттан аспасын: доктордың әмірі! Бес минуттан соң ораламын.

Жорж қасында өмір сүріп, өлуге туралы келетін мына әйелдің даусын жек көретінін сезінді. Ол есікті ашты. Тереза жанып жатқан тас ошақтың алдында отыр еді. Алғашқы сәтте бұған Тереза толысқан сияқты көрінді. Оның беттері жұмырланыпты (егер бұл жеңіл ісік болмаса), көздері кішірейіп кеткендей. Оның жанында сөреде ыдыстар, қоңырау және жартысына дейін әлдебір сұйық толтырылған шыны аяқ тұрды. Перделер әлі жабық еді де терезе әйнектері қап-қара сияқты көрінді.

Терезаның іле тайдырып алып кететін жүгіріп тұрған көзқарасы ғана... Бұл оның қолын сүйіп, жымиды. Ол алаң көңіл отырғандай көрінді, еріндері жыбырлады, керек сөздерді іздеп жатқан сияқты: ол бірінші болып сөйлер деп жігіт үндемей тұрды.

— Міне... бірақ алдымен маған уәде беріңіз... Іс... қатысты... Мен еш уақытта шеше алмаймын...

Сөйтті де ол мұңға толы көздерімен Жоржға қарады.

— Бәрі де сізге байланысты... Сіздің әкеңіздің жүк автомобильдері бар емес пе, рас па?

Бұл оны сандырақтап отыр деп ойлады.

— Неге жүк автомобильдері?

— Өйткені ол ауыр жүктерді тасумен айналысыпты... Иә, Аннаның күйеу жігіті... Егер сіздің әкеңіз оны жалдай алса... Оның жақсы кепіл ұсынымдары бар... Сонда мен мына қыздан айырылмаймын... мен үміттене алмаймын, сөйткен өте жон болар еді!

Ол сұрақты жанарын Жоржға тіктеді. Жігіт риза болмай қалған сияқты. Неге мұның түрі бұзылып кетті?

— Егер менің өтінішім орынсыз болса....

Ол қарсылық білдірді: "Жоқ! Жоқ!" Ол бұл туралы әкесімен сөйлеседі. Рас, бұл қазіргі кезде бос орын жоқ шығар деп ойлайды. Бірақ әзірге ол жігітке жұмыс тауып беруге болады. Тереза жеңіл тыныстап, Жоржға қарады. Жорж Бак көшесіндегі сол түндегі сияқты, аңдып тұрған иттің ызалы кейіпімен, басын салбыратып тұрды. Алыстан, құмыға жеткен дауыс Терезаға: "Бұл сол, мұнда соңғы рет кіруі! Бұл — ыстық сүйікті балаң..." деп дігірлей қайталады. Бұл — Жорж. Ол бұған сондай азапты кейіппен қарайтындай бұл оған тагы қандай соққы берді? Терезаның толқуы Жорждан жасырын қала алмады. Міне, өзінің айтқысы келгенін жайып салатын ыңғайлы сәт, әйтсе де енді бұдан әрі Терезаның мұны түсіне қоятын шамасы жоқ еді. Жорж бастап кетті:

— Жоқ, сіз маған жамандық жасаған жоқсыз...

Бірақ бұл қалған барлық дайындаған сөзін ұмытып қалды. Сонда жігіт басына келген бірінші сұрақты оған қоя салды:

— Сіз қазір ұйықтайсыз ба?

Мари есікті ашып, бес минут өтті деп дауыстады. Тереза арбасына сүйеніп, Жоржды бақылап тұрды: ол Терезаның арбасының үстіне жеңіл еңкейді, жігіттің жүзі оған көрінбейтін еді. Жорж Мариді естімеген сияқты, сөйтіп тағы қайталады:

— Сіз ұйықтайсыз ба?

Науқас басын шайқады. Ол енді ұйықтамайды: тұншығу алқымдап кедергі келтіруде. Қараңғыда уақыт баяу жылжиды.

— Сіз оқисыз ба?

Жоқ, ол оқи алмайды.

— Мен ештеңе істемеймін. Мен сағаттың қалай соққанын тыңдап отырмын. Өмірдің таусылуын тосып отырмын...

— Сіз түннің бітуін дегіңіз келді ме?

Тереза кенет мұның қолынан ұстай алды. Жігіт мейірім мен үмітсіз аңсауға толы мына көзқарасқа небәрі бірнеше секунд қана шыдады.

— Иә, балаларым, өмірдің бітуін, түннің ақырын тосып отырмын.

Аударған Ақайдар Ысымұлы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама