Photo: Luis Becerra Fotógrafo (https://www.pexels.com/@luisbecerrafotografo) / Pexels
- 15 қаң. 2026 07:01
- 18
Ләйлә Сұлтанқызының жанайқайы: Жас қыздың өлімі қоғамды дүр сілкіндірді
Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы Шымкентте қайтыс болған жас қыздың өліміне байланысты өз пікірін білдіріп, қоғамды ойландырды. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ләйлә Сұлтанқызының жанайқайы
Ләйлә Сұлтанқызы жас қыздың отбасына қайғыра көңіл айтты. Ол өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында: "Өзімді орныма қойып, жан дүнием алай-дүлей болды. Ойлашы, қанша арман, қанша еңбек, ата-ананың үміті бір жауыздың кесірінен далаға кетті. Заң да, тәртіп те орындалар. Қадағаланар. Жаза берілер. Ол өмір бойы темір тордың ар жағында отырса да, Нұрай қайтып келмейді. «Өлтірмей, хотя бы ұрмады ма?» «Өзі бүйткен шығар, сөйткен шығар» деген пікірлерді оқығанда төбе шашың тік тұрады… Қалай? Бәріміздің әпке-сіңліміз, анамыз, қызымыз бар емес пе? Қазақстан Республикасының Конституциясында анық жазылған: «Ең қымбат қазына — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Ешбір тірі жан соққыға да, қол көтеруге де төзуге міндетті емес. Өлген адамның күйін кешу мүмкін емес. Ал ата-ана ше? Бауыр етіңнен айырылудан ауыр жаза жоқ. Нұрайдың анасымен толық келісемін, қылмыскерге ең ауыр жаза берілсе де, ананың жүрек тыныштығы қайтып келмейді. Қайғырып көңіл айтамын. Мен әділетсіздікке, қатігездікке, дұрыс тәрбие бермеген ата-анаға, тоқтау айтпаған «доссымақтарға» өкпелімін", - деді тележүргізуші.
Жігіттерге ескерту
Ләйлә Сұлтанқызы жігіттер қауымына ерекше ескерту жасады: "Айтпақшы, қыздар, жігіттің артынан қалмауы, қайта-қайта іздеуі, алған бетінен қайтпауы - жігіттік емес. Бұл - сталкерлік. Заңмен қудаланады. Онлайн болсын, офлайн болсын - үлкен қылмыстың бастауы. Жігіттер! Намыс деген - күш көрсету емес. Намыс - тоқтай білу. Намыс - «жоқты» қабылдау. Намыс - әлсізге қол көтермеу. Намыс - қорғау, қорлау емес. Осыны түсінбесек - кейін тағы да кеш болады", - деді Ләйлә Сұлтанқызы.