Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Үкаш ата: қасиеттілігі мен тарихы

Үкаш ата: қасиеттілігі мен тарихы Тарихы тереңге тамырлаған қазақ халқы, көненің көзі кетсе де, ескерткіштерін қастерлеп, қызғыштай қорып, естеліктерін жадында,жүрегінде сақтаған сондай ақ ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп отырғаны белгілі. Сол бір тарихқа сапар шегіп, киелі Түркістан шахарынан 60 шақырымда орналасқан, Үкаш ата кесенесінің қасиеттілігі мен тарихына тоқталып,аңыздары жайлы сыр шертсек. Бізге Үкаш ата кесенесі шамамен 6-7 ғасырларда өмір сүрген Мұхаммед (саллаллаһу ғаләйһи уа салләм) пайғамбарға замандас болған ислам дінінің өкілі ретінде белгілі болар.Сондай-ақ тау басында орналасқан құдығымен де танымал.Аңыздарға сүйенсек, Үкаш ата шапса қылыш, атса оқ өтпейтін қасиет дарыған алып денелі, батыр және де қазақ даласына ислам дінін алғаш алып келген тұлға ретінде сондай-ақ соңғы пайғамбарымыздың, жақын жолдасы, сенімді адамы ретінде айтылады. Кеңес үкеметі тұсында, көптеген әулие тұлғалардың еңбектерін зерттеуге тыйым салынып, құнды жазбаларын барынша жоюға талпынған. Әйткенмен де, тәуелсіздігімізді алып, кең тыныстағалы Үкаш ата жайлы жазбалар жарық көре бастады. Мәселен, О.Дастановтың «Әулиелі жерлер туралы шындық» кітабынан, тарихшы Мұхтар Қожаның «Оңтүстік Қазақстанның әулиелі жерлері» деген жазбасынан, Үкаш ата жайлы бір-біріне ұқсас болса да, біраз мағлұмат ала аламыз. Сахабаның тарихта ерекше жан болғандығын, оның өліміне себеп болған оқиға арқылы білуге болады. Сол бір оқиғаға сүйенсек, Үкаш атаның дінді қазақ еліне келіп насихаттап жүрген тұсында, дұшпандары көбейе түседі. Алайда оның осал тұсын таба алмай біраз дал болып жүрген мезетте, жоғары да айтып өткендей қылыш өтпейтін, оқ дарымайтын қасиеті тек намаз оқып жатқан сәтте ғана жойылатынын біліп алады.Бір күні таң намазын оқып тұрған кезде, басын шауып түседі. Басы ешкімнің қолына ілікпей, Алланың құдыретімен найзағай жарған құдыққа келіп, түсіп кетеді. Ал, тарихшылардың айтуынша, сіз бен біз білетін қасиетті құдық, Меккедегі Зәмзәм суымен жалғасып жатқан көрінеді. Оған дәлел- Үкаш атаның басы құдық түбінен табылып, пайғамбарымыздың аяқ жағына жерленгендігі. Үкаш ата көзі тірісінде «Қай жерде жан тапсырсам да, мейлі шахид болайын, Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыздың қасында жерленсем арманым жоқ» деп тілеген екен. Шыны керек аңыздар мен ауыздан-ауызға таралған әңгімелер көп-ақ. Ал, сол бір аңыздардың барлығы дерлік текке айтылмағаны сондай-ақ түптеп келген де Үкаш атаның қасиеттілігін одан әрі айқындай түсетін сыңайлы. Ал, отыз бес метрде жатқан құдықтың халық арасындағы беделі әсіресе биік.Оның негізгі себебі судың ауруларды айықтырар емдік қасиетінің болуында делінеді. Және де пейілі ақ адамдардың салған шелегі су алып шықса, қара ниетті жандардың шелегі бос болып шығатын көрінеді. Не де болса, ақиқаты бір Аллаға аян ғой. Дегенмен де, Халық айтса, қалып айтпасын ескерсек, бұл судың қасиеттілігене күмән келтіру қиын-ақ. Қазіргі таңда бүкіл түркі жұрты мінәжат етіп келетін, зиярат орнына айналып отыр.Нақтырық айтқанда, Өзбектстан,Қырғыстан,Тәжікстан,Ресей,Сауд Арабиясы және Қытай елдерінен де келіп жатқан адамдардың қарасы көп. Жергілікті халық тұрғызған мазары болса, 2 бөлмеден тұрады. Ішкі жағының ұзындығы 22,2 метр, биіктігі 4 метр, ені 4,6 метр.Егер Үкаш ата жеріне келер болсаңыз, мазары мен құдық басында, Алладан тілек тілеп, зиярат етіп келген мұсылмандарды көресіз. Айта кетерлік жайыт, қазірде Үкаш ата кесенесі мемлекеттік сәулет ескерткіші ретінде қорғауға алынып, Қазақстанның жүз киелі нысандарының біріне айналған.Үкаш атаның қасиеттілігі мен тарихы жазбаларда ғана емес, ел жадында да қалары даусыз. Біз тәуелсіздігімізді ту еткелі, қасиетті жерлер мен тарихи тұлғалардың көпшілігі дерлік еленіп, ескеріліп келеді. Өйткені, тарих – ұлттың жады. Танымды тарихы жадында жатталған ұлт қана ұлт ретінде сақталып, басқалармен қатар терезені тең ұстай алады.

Асадбек Ергешұлы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама