Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 22 сағат бұрын)
Ұлы Ұлытау, үлкен Жезқазған

— Папа, Ұлытау Алатаудай биік емес қой. Сонда неліктен Ұлытау деп аталады?

— Ұлытау... Ұлытау өңірі. Осы сөз айтылғанда елең етпес қазақ болмас, балам. Ұлытау —ерте кезден-ақ бірліктің, тұтастықтың темірқазығы болған. Қазақ даласында Ұлытаудан әлдеқайда үлкен, әлдеқайда биік таулар көп. Бірақ ұлы деген атауға ие болғаны біреу-ақ. Себебі Ұлытау — Сарыарқаның кіндігі. Елдіктің тұтқасы. Бірліктің түп қазығы. Ұлытау өңіріндегі "Таңбалы таста" ұлдарының ізгілік үшін, татулық үшін, топтасу үшін, бірігу үшін ұлы мәжілісте бекіткен жүрек шешімінің шежіресі қашалып жазылған. Ондағы ру таңбалары әр рудың қол жалғасқандығының куәсі болып әлі күнге дейін таң нұрымен боялып, жаңбыр тамшысымен жуылып, өшпей, жоғалмай жарқырап тұр.

Ұлытау — қазақ елінің дербес тауы. Қысылғанда соған келіп, жан шақырған. Тарылғанда Ұлытауға келіп кеңшілік тапқан. "Ұлытау" аталуы да содан болса керек. Ұлылық — біріккен тілекте, өмір көксеген үмітте, тыныштық аңсаған арманда, азаттық іздеген жүректе. Сол ұлылық халқыңның меймандос жомарт қанына сіңген, жауға деген өшпенділігіне дарыған, досқа деген мейіріміне араласқан. Ұлылық — үлкенді сыйлағыш ата салтында, кішіге ізетшіл халық дәстүрінде, торыққан көңілін әнмен жұбатып, күймен емдеген халықтың қанағатшыл қарапайымдылығында, қажет кезінде ханға да басын имеген қайсар тәкаппарлығында! Ана сыйлаған әдебінде! Қарындас құрметтеген кеңшілігінде! Ұлан тәрбиелеген өміршеңдігінде!

Ұлытау — тарих шежіресінің қоймасы. Әр тасы сайрап кетсе, халқыңның сан жүздеген ғұмыр жолындағы қуанышы мен сүйінішін, қайғысы мен қасіретін, тапқаны мен жоғалтқанын жайып салар еді. Әр төбесі, әр қырқасына тіл бітсе, еркіндік үшін арпалысқан ұлдарының, азаттық пен тәуелсіздік үшін алысқан азаматтарының талай дастанға жүк болар хикаясын ашып салар еді, ұлым.

Ұлытау төңірегі түгел естелік, тұнған байлық..

Табысы сайрап жатыр. Төбе, қырқасы үндемесе де, дыбыры талай елге жетіп жатыр.

Ол — бүгінгі Ұлытаудың ұлылығы. Бүгінгі Ұлытаудың құдіреті. Оны ұлы қылған да, құдіреттендірген де жаңа заман.

Ұлытау. Ұлытау төңірегі дегенде асыл қазынасын бауырына басып жатқан Жезқазған оралады. Қарсақпай қыраттары көк мұнарда дірілдеп қалқып шығып, Байқоңыр белестері көз тартады.

Ұлытау төңірегі дегенде Кеңгір саласы, Апақай — Ақши, Жиделі — Баршын құмдары тізіле қалады.

Ұлытау — Жезқазған өңірі ежелден-ақ бай кенімен, қазба қорымен белгілі болған.

Топонимика — жер атауын зерттейтін ғылым. Жезді, Жезқазған, Қорғасын дейтін атаулар ертеден қойылып, мал баққан халқымыздың жер қазғанын да, жез қазғанын да тарихқа шегелеп кеткен.

Ұлытау даңқы Россия мемлекетіне XVIII ғасырда-ақ Николай Рычковтың 1772 жылы Санкт-Петербург баспаханасында басылып шыққан "1771 жылы Қырғыз-Қайсақ даласына жасаған саяхатының күнделік жазбалары" атты еңбегімен жеткен.

Орынбор генерал-губернаторы князь Григорий Семенович Волконский 1814 жылы Троицк коменданты подполковник Феофилатов пен кеңесші Чкалов басқарған әскери экспедицияны жасақтап, Ұлытау бойын зерттеуге жібереді.

Экспедиция Троицк қаласынан 689 шақырым жердегі Ұлытау өңірінен бұрынғы кен орнын тауып, жүз пұт руда алады. Кенді қорытқанда оның алпыс проценті қорғасын болып шығады.

Ұлытау байлығы бірақ игерілген жоқ еді. "Халықтар түрмесіне" айналған патшалық самодержавие Жезқазған байлығын игеруге онша құштарлық білдіре қоймады. "Халықтар достығы" дейтін құдірет келу үшін Октябрь революциясының жеңісін әлі де бір ғасырдан астам уақыт күту қажет болатын.

Бірақ Ұлытау — Жезқазған өңірінің тұнып жатқан қазына байлығы — сары мысы, қоңыр қорғасыны Россияның пайда іздеген талай көпесі мен чиновниктерінің көз құртына айналып, қазақ даласына ашқарақтанған алпауыттарының легін көбейтті.

Ұлытау қыранының үнін күшіген мен қарға-құзғынның қарқылы басып кетті. Солардың бірі — Екатеринбург көпесі — Никон Ушаков. Ушаков 1840 жылдары Ұлытау өңіріне жиі келгіштеп, Нілді, Спасск, Қарағандыға жалақтаған приказчиктерін үсті-үстіне жөнелтіп жатты. Солар арқылы топырағы түгел асыл тас, қызыл қазынаға тұнған Нілдіден, Спасскіден, Ұлытаудан он сегіз кен орнының барын анықтап, қазақ даласына қапшығын арқалап, лап қойды.

Ұлытау аймағы ұры-қарының талапайына түсті. Ұлытау аймағында мыс кені орналасқан төңіректі Никон Ушаков Шияқ Тоқбергенұлы деген би мен Бақаншы батырдан бар-жоғы төрт жүз сомға сатып алды.

Ұлытау үндеген жоқ. Безерді де, бедірейіп жатты. Қойнын аша қоймады, құшағына енгізе қоймады.

Ушаковтың Ұлытау өңіріндегі мыс кенін тиісті орынға тіркету жылы — 1847 жыл — Жезқазған кенінің туу жылы ретінде есептеліп, 1972 жылы халқымыз кен орны ашылуының 125 жылдығын атап өтті.

Бір жамандықтың бір жақсылығы бар деген осы. Бірақ Ушаков кен көзін пайдалана алмады.

Патша үкіметі қиян шеттегі кенді алуға қаржы бөлмеді. Бөлгісі де келмеді. Бұратана халық деп есептеген қазақ үшін жанашырлық жасау патшалық самодержавиенің саясатына сыймайтын да.

1850 жылы Екатеринбургтің төрт кәсіпкері бірігіп компания құрғанда, Ұлытау өңірі қалталы Рязановтың түгелдей дерлік иелігіне өткен еді.

Оның бер жағында Рязанов та саф алтын, сары мысты игере алған жоқ. Ұлытаудың ұлылығын әлемге жария ете алған жоқ. Ұлытау ұлы достықты күтіп, ұлдары мен ұландарын тосып, мелшиіп жата берген.

Ақыры Ризановтар 1904 жылы бұл өңірді тегінге емініп ұмтылатын шетелдік жыртқыштар — ағылшын капиталистеріне екі жүз алпыс мың сомға сатып, пайдаға шаш етектен күмп еткен.

— Байқайсың ба, балам. Сонда Рязановтар қанша пайда тапқан?

Алмас тез есептеді:

— Ушаков қазақтардан небәрі төрт жүз сомға сатып алса, Рязанов, Ушаковтар ағылшындарға алты жүз елу есе қымбаттатып сатқан екен. — Ұлым күрсініп қалды. Күрсінген жанымды жайландырды.

— Ұйымшылдықтың ұйтқысы болған, бірліктің туын көтерген, қазақ халқының әлденеше ғасыр тұтастығының темір қазықтай кіндігіне айналған ұлы тауы — Ұлытау ондаған жылдар бойы Россия көпестері мен ағылшын капиталистерінің сауда-саттыққа айналдырған мүлкіндей қолдан қолға өткен ғой.

Ағылшын концессионерлерінің жалдамалы агенттеpi жергілікті жерден елдің жігіттерін топ-топ қып айдап келіп, табиғат байлығын ысырап ете қазғызып алып, ең бай, мол тұсын жыртқыштықпен пайдалана бастады.

Англия кәсіпкері жырақ далаға өндіріс ошағын "орнатайын дегенді ойламаған. Бірақ өндіріссіз тегін көсіп алудың жолы да жоқ еді. Сондықтан алыс түкпірге түкпірге құрал-жабдық жеткізіп, алыс түкпірдің қазып алатын қазынасын тасып әкету үшін, сол маңайдағы қазақтардың түйелерін пайдаланады.

Түйе... Қазақ үшін төрт түліктің қасиеттілерінің бірі еді ол. Дала кемесі, шөл пырағы дейтін жануарлар үстіне теңдеген әрбір пұт жүкке 2-4 тиындай иесіне үнем келтіріп, қырдың төсін шарлап, тауды бауырлап, шөлді шиырлап «Атбасардың азапты жолы", «Жосалының шөлді жолы», «Нілдінің желді жолы» деген жаңа соқпақтарды Арқа жотасына таспалай тартқан еді. Ұбақ-шұбақ шұбаған түйе керуені Жезқазған кенінің ең жоғары сапалы кесектерін төрт жүз шақырым жердегі Жосалы станциясына үздіксіз темір жол арқылы Европаға жөнелтіп жатты.

Көз алдындағы ырысы, даласының берекесі өзіне бұйырмай, өзгеге байлық боп құйылғанда қысқы қызыл шұнақ аязда жүздеген қазақ түйекештері суыққа ұрынып, үсікке шалынып, мүгедек болып қалған.

"Үсіген сол аяғым мұжық болды,
Сол қолым жаны кетіп, о да солды.
Құмаңдай домаланған мен бір бейбақ,
Табармын күн көрерлік қайдан жолды" —

деп зарлаған олар. Қазақ кірешілерінің үсінгені де рас. Қатып өліп қалғаны да ақиқат. Күн көрерлік жол таппай, күнелтерлік ыңғайлы кәсіп таппай, атқан таң мен батқан күнге мұң шаққан кедей-кепшік еріксіз ағылшын капиталистеріне жалданып, маңдай терін көл қылып төккен. Көз жасын сел қылып ағызған. Аққан тер мен жосыған жасты даласының желі ғана сипаған, даласының топырағы ғана сіңіріп, сіміріп алған.

Өз елінде өгей ұлдай көзін сатып, қаймақ түгіл қаспағы бұйырмаған ырзығын басқаға өз қолымен қазып беріп, түйесіне теңдеп тасып, алыс елдерге ұзатқан қазақтың күрсінгенде көкірегі қарс айрылатын. Шерленгенде кеудесіне шемен үйірілетін. Ұлытауды ұлтарақтай ұйпалап, бірі тауын, бірі шоқысын, бірі төбесін, бірі обасын тіміскілеп, кен барлау жұмыстарын жүргізетін ағылшын, француз, итальян, американ инженерлері жергілікті апай төс, атпал азаматтарға құрал-сайманын ғана көтертіп қоятын. Жерді қайла-шотпен қаздыратын. Отын тасытып су әкелгізіп, тамағын пісіртетін. Ауыр жұмысты, қара жұмысты жотасының тұзын шығартып, маңдайына таспалап таңып берген. Мамандыққа үйрету, болашақ өндіріске баулу ойларында да болмаған. Қара жұмысқа күш-көлік қандай қажет болса, қазақ жігіттері де солай пайдаланылған. Қимылдаса болды. Тындырса жетті. Неге қимылдап, не тындырғанын түйе сұрай ма, балам? Aт біле ме, ұлым? Ендеше қазақ шаруаларына да ұғынудың, түсінудің, білудің қажеті шамалы. Шетел инженерлері солай ойлады. Мамандары соны бұлжытпай орындады.

Бір-бірімен бәсекелесе жарысып, тіміскілеп жортуылдаған әр елдің инженерлері ақыры Жезқазғанның есепсіз қазба байлығының үстінен түсті.

Соның нәтижесінде жылына бес мың тонна қызыл мыс өндіретін завод пен тәулігіне екі жүз елу тонна кеп ұсататын байыту фабрикасының жобасы 1912 жылдың декабрінде Лондонда бекітіледі.

Завод пен фабриканың қолайлы болашақ орны — Ұлытаудың оңтүстік сілеміндегі тұщы суы жеткілікті, құрылыстық материалдарға бай Қарсақпай ашасы белгіленеді. Қарсақпайды таңдаудың екінші бір тиімділігі — көмір шығатын Байқоңыр мен кен өндірілетін Жезқазғанның дәл ортасында жатуы еді. Ішкі жағы да алпыс шақырымның шамасында. Қарсақпайда суы мөлдір, дәмі балдай Қумола өзені бар. Қумоланы сай қыспасында бөгеп, су тоспасын жасаса айдынына шағала үйірілер, төсінде толқыны тулар көл жасауға болады. Сөйтіп өндіріске аса қажет су мәселесін шешіп алса, отыз шақырым жердегі Найзатастан мыс қорытуға қажетті — темір мен әкті тасымалдау түк емес еді.

Табиғат-ананың дала мен тауын паналаған перзентіне әдейілеп дайындағандай кені мен суы, көмірі мен темірі, әгі мен сөлі басқаның еншісіне бұйырды. Шығыны аз, шығымы мол тұздықты өлкенің ортасынан ойып алып ағылшын капиталистері Қарсақпай аймағын жергілікті ру басыларына аз-маз ғана жем тастап, отыз жылға жалдап алды. Ел ырысы елден кетті. Еншіден бөлінді. Жер бетіне тақау жатқан кенді алу — көп қаражатты қажет етпейтіндіктен, 1904-1915 жылдар аралығында 234 скважина бұрғылап, 17 шахта салған капиталистер Байқоңыр — Қарсақпай — Жезқазған арасын қосатын тар табанды темір жол салып, шикізат тасудың арзан да жеңіл тәсілін жеделдетуге шұғыл кірісіп кетеді.

Бес паровоз, екі жүз қырық сегіз вагон, отыз екі платформа, тоғыз теплушка мен бірнеше вагонетка 1914 жылдың жазында Жосалы станциясына жеткізіліп, 10 ноябрьде жолға шығады.

Бұл — бірін-біріне тіркегенде ұзындығы екі жарым километрге созылатын паровоздар мен вагондар тізбегін Қарсақпайға жеткізу үшін он екі шақырымдық темір жол салынып, сол жолға ұзын состав өтіп отырған. Енді әлгі он екі шақырымға созылған рельстер қайта алынып, ілгері төселген жол төрт жүз шақырым жердегі Қарсақпайға жетуге тиіс болған.

Таспалап жал үйіп, топырақ төккендердің дені қазақ, орыс жұмысшылары еді. Елсіздің шөлі қинап, желі азынап, бейнеті титықтатып шарасыздықтың азабын тартқызған. Қиянаты көп, қайрымы жоқ тұлдыр жоқшылық аттың қамытын мойнына салғызып, аязда шытынаған темір рельске алақанын қарытқан. Ауыр балғамен арпаластырып, жуан темір қазықты қаққызған. Жасымен бірге жігері сорғалап жерге сіңген. Жалыны кеміп, жылуы жоғалып, сүйретілген құр сүлдері ілби отырып, бала-шағасының қара қазанда қайнар ыстық суын үзбеуді ғана күйттеген.

Осындай аса қиын ауыр еңбек жұмсап, арқалап тасыған темір жол керуенін жалдамалы жұмысшылар 2 жыл 11 ай өткенде 1917 жылдың 8-ші октябрінде, Ұлы Октябрь революциясына ай қалғанда Қарсақпайға жеткізеді.

Ұлытау бірақ ұлтарақ болуға көнбеген. Ұлдарына сіңірген ұлылықты қанаушылыққа қарсы өжет қимылдарымен сыртқа шығартқан. Өжеттік пен қайсарлыққа толы талаптарымен айтқызған. Құлдық пен қорлыққа қарсы тұрғызып, тұсаулы аттай тепіректеген ұйқылы-ояу күйінен сергітіп, қазақ шаруаларын орыс жұмысшыларымен табыстырған. Азаттық таңының қараңғы қапастан леп беріп, жаңадан туып келе жатқан шапағы Ұлытау — Жезқазған өңіріне де сәулесін түсірген. Россия пролетариатының қанаушыларға қарсы күрес жолына қазақ еңбекшілерінің сүрлеуі жалғасты. Қарсақпайға бет алған "азап керуені" деп аталған темір жолшылар арасында1915 жылы екі рет ереуіл жасалған.

— Е, бәсе! Ереуіл жасамаса, әбден асқынар еді, — деп Алмас қызынды.

— Әрине, бағыт-бағдары, мақсат-тілегі айқындала қоймаған стихиялық ереуілдер еді ол. Өкінішті күйіне, қайғылы халіне жеңілдік іздеп, бақытсыздыққа душар боп мүгедекке айналған жолдастарына жәрдем беруді сұраған. Азық-түліктің жеткілікті болуын талап еткен.

Еркіндік жоқ жерде серпіліс болмайды. Ереуілді патша стражниктері мен қарулы ағылшындар тез басып тастаған. Ондаған орыс жұмысшыларын сол жерде тұтқындап, бірінші дүние жүзілік соғысқа еріксіз солдат қылып аттандырып жіберген.

Бірақ күн көзін алақанмен жабу оңай емес еді. Долданған дауылды қылышпен жайқап тоқтату мүмкін емес еді.

Ұлытау өңіріне келешек тендік, бостандық күні мен болашақ революция дауылының алғашқы жаршылары келе бастады. Солардың бірі — он екі жасынан он алты жасына дейін помещикте жұмыс істеген, сол күйбең тірлігіне алатын күндік ақысы он тиыннан аспайтын Иван Васильевич Деев еді. Ол өмір қазанында қайнап, тұрмыс тауқыметінде шыңдалған жалынды большевик болатын.

Шыңдалу жолы — ұзақ жол. Ол — адамдығын әр кезде сақтай білу, сын сағатта ерлік құдіретін таба білу, халықтық азаттық сүйгіш қасиетін қадірлеу.

Деев он жеті жасында фабрикада істеп, жұмысшы табының қажырлылыққа баулитын мектебінен өткен. Орыс-жапон соғысына қатынасып, революциялық күрес туын көтерген.

Деев өмірі — сын сағаттар тізбегі. Талай соққы төбесінен төмпештеген — майысса да қайыспады. Талай тауқымет жотасын басқан, күйінсе де иілмеді. Тік тұрып қалып, әділетке бастар жолын туралап тарта берді. Ол жолы — 1905 жылғы Москвадағы қарулы көтерілісті ұйымдастырған азаматтық шамырқануы. Ол жолы — Қызыл Преснядағы баррикада үстіндегі қызыл жалау көтерген жұмысшылардың бірнеше күнге созылған жан аямас қарсылығы. Ақыры осы әділет жолы И. Деевті 1913 жылы Қазақстанға, Байқоңырға әкелді.

Иван Васильевич Деев.

Аманкелді Иманов.

Осы екі есімді бүгінде ел біледі, жұрт жадында жаңғырады. Жалынды орыс революционері мен қайсар қазақты өмір иірімдері жолығыстырған. Замана толқыны табыстырған.

Аманкелді Иманов бастаған қазақ шаруаларының көтерілісіне дем берген Деев кейінде Атбасар уезінде жасырын большевиктік үгіт таратып жүрген Сабыр Шәріпов және Әділбек Майкотовтармен астыртын байланысады. Солар арқылы Лениннің "Біздің ұйымдық міндеттеріміз туралы жолдасқа хат" мақаласын, үндеулерін алып, Жезқазған жұмысшыларына кеңінен таратады.

1915 жылы Байқоңырда алғашқы ереуіл бұрқ ете түсті. Ол Ұлытау ұлдарының орыс жұмысшыларымен бірігіп, езгіге қарсы, қорлауға қарсы, ауыр тұрмысқа қарсы ширыққан асау жүректің, адал көкіректің, арман аңсаған сергек тілектің бас көтеруі еді. Аспанды теңсіздік бұлты торлаған қатыгез заманда қарусыз жұмысшыларды патша жандармдары оқ астына алып, ереуілді тез басып тастайды. Қызыл шүберек — қызыл ту оқ тесіп шұрқ-шұрқ болды. Кеудесін оқ тесіп өткен жұмыскер Ержан азаттық үшін құрбандыққа шалынды. Азаттықтың арайлап атар алау таңы үшін қызыл ту түстес қызыл қанын туған топырағына сіңірді. Бақытты жырақтан емес, үйінен, елінен табар үміт үшін көз жұмды.

Ән әнді табады. Ән әнді таниды. Өйткені ол — жүрек үні, көңіл тілі. Қазақ әні "Елім-ай"-дан бастап еркіндікті аңсаған. Орыстың "Ей, ухнемі" кіріптарлыққа лағынет атқан. Әнмен табысқан екі халық өкілдері енді бір мұңды кеуделеріне құйып алып, бір әнді — бір таңды — азаттық таңын қосыла іздеудің, бірігіп атқызудың арманды жолына, асқар мақсатына қатарласа, иық түйістіре бет түзеген.

Байқоңыр ереуілі соның айғағы еді, ұлым. Қазақ даласының көгінде халық кегінің найзағайы жарқ-жұрқ ойнады. Ұлытау өңірінде қайсар рухтың алғашқы дүмпуі леп берді. Түнекті түруге болады екен. Тұманды ыдыратуға болады екен. Ол үшін тізе қосып, тілек біріктіріп орыс-қазақ еңбекшілері ортақ қанаушыға қарсы күресу қажет екен. Арқа атырабы осындай өмір мектебінің бірінші сатысынан өтті.

***

— Кейін ше? Октябрь келген соң Ұлытау бірден дүрілдеді ме, папа?

— Көне Ұлытау — жаңарған, жаңғырған Ұлытау атанар ұлы кезеңінің табалдырығында тұр еді.

Жаңа заводтың іргесін енді көтереміз, шаш етектен кенелеміз деп жүрген шетел концессионерлерінің көкірегіне нан піскен пайдақор есебін Октябрь революциясының жеңісі болдырмай тастады.

Ұлытауға азаттық таңы жетті. Ұлытаудың қар басқан шыңында теңдік, еркіндік күнінің шұғыласы жарқырады. Ұлылықтың қақпасы ашылды.

Жауыздық жағаласпай жүре алмайды. Ол қатыгездікпен ауызданып, зұлымдықпен қоректенген. Сондықтан да көз алдындағы байлықтан қол үзуге еріксіз мәжбүр болған ағылшын капиталистері болашақ заводқа жеткізген құрал-саймандарды қиратып, Байқоңыр мен Жезқазған шахтыларын суға толтырып кетті. Машиналар мен агрегаттар ашық аспан астында қалып, сумен шайылып, тот басып, ұрланып, тоналып құруға айналды.

Жалданып келген қалаушылар, балташылар, құрылысшылар тұс-тұсқа ыдырап босып, Қарсақпай өндірісінің аз ғана мезгіл түтінін бойлата көкке созған кірпіш заводы жұмысын тоқтатты. Қарсақпай қаңырап, құлазып қалды.

Бірақ ел мүлкін, халық қазынасын сақтауды ойлаған революциялық комитет мүшелері ендігі кеңестік заманның заводының құрал-жабдықтарын бүлінуден, талан-таражға түсуден аман алып қалуды Александр Комиссаров пен Шенеу Далабаевтарға тапсырды.

1920-1924 жылдар Қарсақпай, Жезқазған, Байқоңыр тұрғындары үшін ауыр кезең болған еді. Жұмыс тоқтап, завод салу мәселесі шешілмей, күнкөріс қиындады. Тұрғындардың хаты мен өтініштері бойынша, Ұлытау өңірімен танысқан орталық өкілдері: « Қиыр шеттегі темір жолсыз шөлейт далаға завод салудың пайдасы шамалы. Сондықтан Қарсақпайдағы құрал-жабдықты Оралға жеткізіп, ондағы ескі заводтарды қайта жөндеп, мыс алуға болады", — дейтін теріс пікірге де барды.

Бірақ бұл шет аймақтарды жедел игеріп, артта қалған халықтарды мәдени-өндірістік өмірге тарту керек дейтінге қарсы пікір еді. Сол себепті Ленин Дзержинскийден "Қарсақпай өңіріне революция ісіне шексіз берілген, сенімді, білікті адамдардан арнаулы комиссия жіберуін" өтінеді.

1924 жылы С. Дыбец бастаған үкімет комиссиясы Қарсақпайда завод салуға толық мүмкіндік барын, және бұл кәсіпорын екі-үш жылда елімізге мыс бере алатынын дәлелдейді.

Еңбек және Қорғаныс Кеңесі 1925 жылдың 10 июнінде Атбасар түсті металдар тресін құрып, бұл треске Қарсақпай комбинатын салуды міндеттейді.

"Қарсақпай кәсіпорны қайтадан жүргізілетін болыпты" деген хабар маңайдағы елге тез тарап кетті. Енді Қарсақпайға қарай көшкен ел тұс-тұстан жолға түсті.

Бұл болашақ көші еді.

Бұл азат елдің арман қуған азаматтары еді.

Бұл ұлылығын тағы да танытқан көне Ұлытаудың ілгері күндерге қойнындағы асылы мен байлығын ашуға жар салған қуанышы еді.

Бұрын нөпір жұрт не асқа, не ұлы мәслихатқа, не жәрмеңкеге осылай жиналатын.

Ал мынау Қумола өзенінің жағасына таяқ тастам жер қалдырмай иін тіресе қоныстанған ауылдар болашақ өмірдің мәңгі тарқамас жәрмеңкесін жасау үшін қаптап келіп, тұтастығы мен құлшынуының құдіретін танытты.

Бірақ үміт бар да, үміттің жүзеге асуы бар. Ол үшін мамандар қажет еді, мыңдаған жұмысшылар керек еді. Мәселен, 1926 жылы Қарсақпайда төрт-ақ инженер, алты техник, бес жүз жұмысшы істесе, заводты тезірек іске қосу үшін одан да көп, одан да артық мамандар керек болды. Қазақстан өлкелік партия комитетінің басшылығы арқасында сол жылы-ақ Қызылорда мен Қазалыдан, Қазақстанның басқа облыстарынан, Орталық Россиядан көмекке келушілер легі көбейді.

Олар — тас қалаушылар еді.

Олар — балташылар мен сылақшылар еді.

Олар — құрылыс мамандары мен инженер-техниктер еді.

Ұлытау енді достық аймағына айналды. Ұлылығының жемісін татты. Ұлдарының қуанышына ортақтасты.

1926 жылдың май-октябрь айларында Қарсақпайға үш жүз қырық тоғыз орыс, екі жүз жиырма жеті қазақ, екі жүз қырық татар жұмысшылары келіп, завод құрылысын бұрынғыдан да гөрі жандандырып әкетті.

Қарсақпай тағдыры — халқымыздың тағдырына айналды. Ортақ мүдде орасан серпіліс туғызды. Ұлытау өңіріне алуан бұтақты бәйтерек тамыр бойлатты. Ол — халықтар достығы еді.

Ұлытау ұландарының қауырсыны қатайып, топшысы бекіді. Қиырға қанаттанып ұшты. Қазақстан өлкелік партия комитетінің тікелей нұсқауымен Оралдағы түсті металлургия кәсіпорындарының жанынан ашылған курстарға болашақ кәсіпорындарға мамандар даярлау үшін құрылыс жұмысында жігер көрсеткен, аздап орысша сөйлей алатын алпыс жігіт жөнелтілді.

Олар — Рахымбек Байтасов, Біләл Әбиев, Жәкен Шаханов, Бодық Сәрсенов, Балықбай Байжановтар.

Алты айдан кейін Қарсақпай өзінің металлургтерін, байытушыларын, бұрғышыларын тосып алды. Жаңа, жас мамандар жүздеген жұмысшыларды үйретудің, мамандандырудың ұйтқысы болды.

1926 жылы Қарсақпайда электр станциясы іске қосылды. Сарыарқаның құба жонындағы кішкене қалада электр шамдары жарқырады. Қараңғы түнек қойнындағы далаға шын мәнінде шамшырақ тұтанды. Өмір шырағы, индустрия шырағы, советтік дәуір нұры сәуле шашты.

Ағылшындардан қалған тар табанды темір жолды енді қазақстандық құрылысшылары қолға алып, қысқа мерзімде жүз жиырма километрлік Байқоңыр — Қарсақпай — Жезқазған темір жолын дүниеге әкелді.

Енді Жезқазғандықтар мен ұлытаулықтар арасынан машинист, кочегар, кондуктор, диспетчер тәрізді ұлы мәртебелі лауазымы бар жұмысшы табының жаңа өкілдері шығып, қалыптаса бастады.

1926 жылдың күзінде Доссор мен Риддерде және Қарсақпайда жаңа аудандар құрылды. Осыған сәйкес 10-октябрьде Қарсақбай аудандық бірінші партия конференциясы ашылды. Конференцияда Қарсақпай комбинатының директоры И.В.Деевтің құрылысты тез бітіріп, кәсіпорынды белгіленген мерзімде іске қосу туралы баяндамасы талқыланды.

Еңбек қарқыны енді жаңа серпінмен дамыды. 1926-1927 жылдың қатты қысына, жол қатынасының күрт ауырлағанына қарамастан, комбинат құрылысындағы жұмысшылар жанқиярлықғың үлгісін танытты. Соның арқасында Ұлытау өңірі ұлы жеңіске жетті. Ұлылықты ұлан даласына паш етті.

1928 жылғы 19 октябрьде түнгі сағат 11-де Октябрь революциясының 11 жылдығы құрметіне Қарсақпай заводының шарпу пешінен тұңғыш мыс — қара мыс ағызылды.

Бұл — шын мәнінде Қазақстан индустриясының ең алғашқы, ең тұңғыш перзенті еді, балам. Алғашқы мыс — Ұлытау аймағының бай қазынасының тұсаукесері еді. Өйткені Балқаш мысын алуға әлі де он жыл керек болатын.

Мұржасын көкке кеуделей созып, қою түтінін бұрқ-бұрқ ытқытқан Қарсақпай заводы өзінің осынау мысымен қазақ даласындағы алаулап жанған үлкен кәсіпорын шуағымен қазақ пролетариатын дүниеге әкелді.

Дүниеге алыптардың, Қазақстан индустриясы алыптарының алғашқы көшбастаушысы, бірінші флагманы келді. Мешеу өлкені дүр сілкіндірген гудогымен, алау атқан жалынымен, қызара балқыған тұңғыш мысымен жар сала келді.

Дүниедегі ең әдемі сөз — махаббат сөзі, сүйіспеншілік тілі. Ол жүрек түкпірінде туып, жүрек лүпілімен мерейленген жүзден төгіледі. Өйткені сүйіспеншілік — бүкіл сезіміңнің буырқанған сәті, бүкіл қуанышыңның тоғысқан шуағы, барлық арманыңның орындалған кезеңі. Ұлытау ұландарының алғашқы мысты ағызып, алғашқы еңбек жемісіне қаншалық марқайғаны, аппақ қардан шыңдарына сәлде ораған, қыранын саңқылдатқан тау мен даланың сол бір елжіреген мейірімі алғашқы мыс балқымасының алынуына байланысты ашылған салтанатты митингіде сөйлеген аудандық партия комитетінің бірінші секретары Қайырбек Дәулетбековтың сөзінен де, Алматыдан арнайы келген Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасы Орталық Атқару Комитеті Председателінің орынбасары Әліби Жангелдиннің құттықтауынан да көрінген. Тұңғыш балқыманы қорытқан балқытушы Батырбек Дәуітбаевтің тебіренген лебізі мен жұмыскерлік уәдесінен танылған.

Ұлы достықтың құдіретін, жасампаз өмірдің қасиетін байқайсың ба, балам. Ағылшын капиталистері қазақ шаруаларын тек қана қара жұмысқа жегіп, мамандық алуларына көңіл бөлмеген ғой. Енді ше? Кеңес үкіметі қазақ кедейлеріне кең жол ашып, оларды мамандандырып, жаңа балқыманы ағызуға лайықтап, сенім білдірді. Халықтар достығының жемісін танытты. Б.Дәуітбаевты үйреткен, баулыған орыс жолдастары еді. Қарсақпайдың алғашқы мысын сонау жиырмасыншы жылдары орыс жұмысшыларымен тізе қоса бірлесіп балқытқан қазақ металлургы Батырбектің мақтанышын сезіну қажет. Өз жүрегіңнен өткізіп барып, ұғынуың қажет. Сонда аталар үшін, отандастар үшін, еңбектегі ерлік бастауы үшін кеудеңді сүйіспеншілік толқыны кернемей ме. Ал дүниедегі ең әдемі сөз, ең құрметті сөз — махаббат сөзі, сүйіспеншілік тілі. Ол айтылмай-ақ бәрін жеткізеді.Ол — риза болған ұрпақтарының бүгінгі мерейі. Бүгінгі алғыс — рақметі. Мысын ағызып, Қазақстан металлургиясының шаңырағын көтерген қарсақпайлықтар даңқына түгел жаныңмен исініп, басыңды и, жас дос, дер едім мен сен сияқты жастарға. 1928 жылдың 19 октябрін мәңгі жадыңда тұт. Бұл күн — елімізді индустрияландыру саясатының Қазақстанда алғашқы қадамы жүзеге асып, жұмысшының желбіреген ал қызыл туының Арқа төріне тігілген күні!

Бұл күн — кешегі теңдігін армандап, арпаласып жеңіп алған батырақтың қазақстандық пролетариатқа — айбынды жұмысшы табына айналған күні!

Ұлытау — ұлылық отауы еді. Енді шын ұлылық ордасына айналды. Халықты ағарту, хат таныту жұмыстарын жүзеге асыру үшін Қарсақпай комбинатының қызыл мүйістері мен кеңселері жұмыстан бос уақыттарда мектеп класына айналып, сауатсыздық пен қараңғылықтың құрсауындағы жергілікті тұрғындарға оң-солын танытып, жазу-сызуға үйрете бастады. Ересектерді оқытып, сауатын ашқан ардагер ұстаздар — Арыс Сақабаев, Сейітжан Смайылов, Мағзұм Достауров, Қамаш Кәрібаевалардың есімі күні бүгінге дейін ел есінде құрметпен аталады.

Ұлытау — Жезқазған аймағы кадр даярлаудың үлгілі ордасы да болды. Талай көрнекті партия жетекшілері осы өлкеден самғап ұшқан.

Солардың бірі — Қайсар Тәштитов.

Қайсар Тәштитов Қарсақпайда аудан құрылғанда аудандық партия комитетінің бірінші секретары болып істеп, комбинат құрылысына жан-жақты көмек көрсеткен іскер басшы еді. Кейіннен ол Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің бірінші секретары болып қызмет атқарған.

1931 жылдың 7 ноябрінде қазақ және орыс тілінде шығатын аудандық "Қызыл кенші" және "За медь" газеттерінің тұңғыш сандары жарық көрді.

"Қызыл кеншінің" тұңғыш редакторы — бүгінгі көрнекті ақын ағамыз Әбділда Тәжібаев болатын.

"Қызыл кенші" — әдебиет пен өнерге талпынған талантты жастардың өсу, үйрену, кемелдену мектебіне айналды.

Кейіннен бүкіл отанымызға ат-есімі белгілі болған ақын Жұмағали Саин, көрнекті жазушы Мұқан Иманжанов, Отан соғысында қаза тапқан Баубек Бұлқышев, ақын Тәшібай Әлмұхамедовтар осы "Қызыл кеншіден" қанаттанып ұшып, туған даласының көгінен тамаша туындыларын халқының игілігіне жүрек қазынасы етіп таратты. Жүрек жылуына ораған сүйіспеншілігімен ұлы өзгерістерді шабыттана жырлады.

***

Отызыншы жылдары елімізде түсті металдарды шапшаң өндірудің қажеттілігіне баса назар аударылып, соған байланысты Қарсақпай комбинатының өндірістік қуатын еселеп арттыру жайлы арнайы қаулы қабылданды. Ендігі міндет — Қарсақпай мысын өндіруді бұрынғысынан екі есе көбейту.

Қарсақпайлықтар бұл міндетті қызу қолдап, еңбек өнімділігін еселеуге құлшына кірісіп те кетті. Күрделі қаржы мен жаңа техникадан комбинат ешқандай тапшылық көрген емес.

Деректерді келтіре кетейін, балам.

1933 жылы 12 миллион күрделі қаржы бөлінсе, 1934 жылы — 23,4 миллион, 1935 жылы —31,3 миллион сомға дейін өскен.

Комбинат та, Жезқазған руднигі мен Байқоңыр шахталары да жаңа техникамен жабдықталып, еңбек қарқынын еселеуге көп мүмкіндіктер туғызылды.

Тағы да салыстырайық.

1930 жылы Жезқазған шахталарында бұрғышылар қайламен 700-800 килограмм кен қопарса, енді перфоратормен бір сменада 8-10 тонна руда өндіретін болды. Еңбек қарқының еселеп тасуы осы емес пе!

Қарсақпай кәсіпорнын бүкіл ел салды. Халықтар достығының арнасы осы арада түйісті.

Олар Орал металлургтері мен кеншілері еді.

Олар ленинградтық инженерлер мен Татариядан келген тас қалаушылар, балташылар еді. Олар Атбасар шаруалары мен Қызылорда диқандары еді. Олар — Спасскінің темір шеберлері мен Арқаның малшылары мен батырақтары болатын.

Ұлытау өңірінің ұлылығын танытқан Қарсақпай ырыс бұлағын осылай ағызған. Қазақстан индустриясының алқызыл туын аспандата көтерген. Қазақ жұмысшы табының қалыптасуына ұйтқы болып, ерлік пен еңбектің алтын шежіресіне өз атын мәңгі өшпестей, жоғалмастай қашап жазған.

"Мыс толғатып, жез туған Қарсақпайдың" даңқына бас иіп, перзенттік жүрегімнің алғысын сендермен бірге бөліскім келеді, жас достар, дер едім сенің замандастарыңа, балам!

***

Жезқазған... Жез қоңыраудай сыңғырлаған қандай әуезді сөз! Ауыз толтырып айтқан сайын көз алдыңа бүгінгі алып комбинаты бар, үлкен қала, мәдениет пен өнер ошағы, облыс орталығы — жаңарған, гүлденген, көркейген Жезқазған тұра қалып, алып шахталарымен, жасанды көлімен, зәулім үйлерімен, қуатты завод, ТЭЦ-терімен, мәдениет сарайларымен, стадиондарымен кеудеңді лүпілдеткен қуанышқа бөлейді.

Жезқазған... Бабаларымыздың мал ғана бақпай жез қазып, кен өндіріп, металл балқытқан кәсіпкерлігінің әдемі айғағы. Тарих беттеріне алыс күндердің әрекетін халық атынан шегелеп, бекітіп кеткен кеншілігінің куәсі.

Жезқазған... Тұрмыстық қажетін өтеп, елін қорғауда садағының жебесін, найзасының ұшын берік қылған айбыны, құдіреті.

Жезқазған аты аталған жерде Қаныш Сәтбаевтың есімі қабат айтылады кейде. Қатар тұруы ләзім. Өйткені 40 жылға жуық өмірін Ұлытау — Жезқазған өңірінің байлығын зерттеп, аса мол қазына кенін ашып, сол есепсіз байлықты ел игілігіне айналдырудың ұтымды тәсілдерін көрсетіп берген академик Қаныш Сәтбаевтың еңбегі — ұрпаққа үлгі.

1926 жылы Томск политехникалық институтын бітірісімен Атбасар түсті металдар тресіне қарайтын Жезқазған өңіріне келген жас инженер кен барлау ісіне бел сыбана кірісіп кетеді.

1928 жылы Қарсақпай комбинаты жанынан құрылған геологиялық кен барлау бөлімін енді Қаныш Сәтбаев басқарады. Зерделі жас ғалым содан бір жыл бұрын Жезқазғанның зор болашағын бағдарлап, аса бай кені барын ғылыми тұрғыда тұжырымдап беріп еді. Сонда-ақ ол "Қарсақпай —Үлкен Жезқазғанға баратын даңғыл жолдың алғашқы сатысы ғана.

Ұзамай-ақ бұл өлкеде үлкен индустриялық орталық орнайды", — деп кесіп айтқан-ды.

Үлкен Жезқазған... Екі сөзден ғана құралған ғажайып тіркес. Ол — Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың көрегендігінен туған, ғылыми болжамынан жаратылған, кен барлау жұмысындағы жанқиярлық еңбегімен дәлелденген.

Үлкен Жезқазған үшін күрескен геологтар бөлімі осы өңірдің тауын шарлап, қырын кезіп, сайын жағалап, еңісіне ылдилап тыным тапқан жоқ. Шағын қана топ жеткіліксіз құрал-жабдыққа қарамастан маңайдағы ауылдардан жергілікті жігіттерді кен барлау жұмыстарына тартып, еліктіріп, ертіп әкете де білді.

Бірақ қиындықтар мен кедергілер көп болды. Кен барлау саласындағы маманданған кадрлар жетіспеді. Оған мойыған Сәтбаев жоқ — ауыл арасынан іріктеп алған ондаған қазақ жігітін Ленинград пен Москваға, орталық облыстардағы қысқа мерзімді курстарға жөнелтіп жатты.

Өндірістік құрал-саймандар табылмайтын — одан-бұдан құрастырып, бұрғылау станоктарын бір тоқтатқан жоқ.

Ол ол ма, жанар май да, жағар май да тым тапшы еді. Оларды таситын транспорт та жоқ болатын — оған да қажыған жоқ, жергілікті жердегі ауыл азаматтарымен келісіп, үгіттеп, үміттендіріп, сенімімен сендіре біліп, солардың күш-көлігі — ат, түйемен тасытып алғызды.

Инженер мен техниктерді айтпағанда, бұрғылау станогын басқаратын мастерлер, алынған кен рудасының құрамын тексеретін коллекторлар, лаборанттар жоққа тән еді, — оның да амалын тапты. Өз шәкірттеріне ауыл жастарына қамқорлық жасауды тапсырып, оларды әлгі мамандықтарға тез арада баулып, үйретіп шығаруларын тапсырды. Үлкен Жезқазған үшін осындай үлкен де маңызды әрекеттерге бару қажет болған еді.

Ұлына ат қоя білген әкеден бақытты жан болмайды. Ал болашақтың алып комбинатының құдіретін болжап біліп, зеректікпен "Үлкен Жезқазған" атаған Сәтбаевтың перзенттік бақытын жүрекпен ғана сезіну қажет шығар. Қаныш Имантайұлының патриоттығын құптаған, аса ауыр барлау жұмысының қиындығын қоса көтерісіп, қол ұшын созған жолдас, дос, әріптестері инженер-геологтар — Таисия Алексеевна Кошкина, Иосиф Николаевич Богданчиков, Сайд Сейфуллиндер — сол бақытты бірге бөліскен жандар.

Төрт-бес жылдың ішінде осынау шағын барлаушылар тобы 80-ге жуық инженер-техник қызметкері мен 400-ге тарта жұмысшысы бар үлкен коллективке айналған еді.

"Көл — бұлақтан басталады" дейтін нақылдың дұрыстығы осы емес пе. Жұмыла кірісіп, ұйымдаса қимылдап, тас түйін боп бірауыздылық танытқан кен барлаушылар экспедициясы төрт жыл ішінде 554 скважина бұрғылап, Жезқазғандағы шексіз мыс қорының көлемін нақты цифрмен дәлелдеп берді.

Еңбек қуанышынан өтер қуаныш болар ма!? "Еңбегің жансын!" дейтін аталар батасы осындай қуаныштан түйінделген ғой.

Үлкен Жезқазғанның тағдыры мен болашағына үлкен сеніммен қарап, баса назар аударған республикалық жоспарлау органдарының серпілісі экспедиция адамдарын тағы да бір көтеріп тастады.

Жұмыс қарқыны толастаған жоқ. Енді бұрғылау станоктары бұрынғыдай қыста тоқтап қалмай, жыл бойы жұмыс істейтін болды.

Оның да амалын Қ.Сәтбаев тапқан-ды. Бұрғылау станоктарын қазақтың киіз үйімен қысқы ызғырық желден қорғап, ішіне темір пеш қойып жұмысты қыста да жалғап әкетті. Сол киіз үйлерді маңайдағы ауыл ақсақалдары өздері жинап берген еді.

Ел үмітін ері ақтайды. Ол үшін елінің сеніміне кіре білетін ілгері тартар қажыр-қайратың, тәуекелің және дәлелің мол болсын.

Бірақ жұмысшылар қуанышы көпке бармады. Москвадан кен барлау экспедициясына жайсыз телеграмма келеді. Мырзабек Тұңғышбаев, бұрынғы бұрғышы-мастер былай дейді:

"Бас мыс басқармасы (Главцветмет) 1933 жылдың сметасында Жезқазған — Ұлытау ауданында кен барлау жұмысына бөлінетін күрделі қаржының мөлшерін бұрынғысынан елу еседей кемітіп бекітіпті" деген телеграмманың хабары бүкіл кеншілер арасына лезде тарап кетті. Күндіз-түні істейтін 27 станокты жүргізетіндер бар, басқалары бар, жеті жүзге жуық жұмысшылар мен инженердің бұл қаржы бір айлық жалақысын төлеуге де жетпейтін еді. Бәрінен де бұрын Жезқазғандағы барлау жұмысын ұзақ мерзімге тоқтатып қою қауіпі төнді. Жаңадан ғана ұйымдасқан іскер коллективті таратып жіберуге мәжбүр ететін шешім еді бұл.

Сол жылдың қысы сондай қатаң болды. Ысқырып желі, азынап бораны, жаланып үскірігі күннен күнге ұласып, айдан айға созылып берді дейсің. Мұндай қыстың аяғы бұрындары жұтқа айналатын. Малымыз да, күн көріс беріп, ырзығымызды айыратын барымыз да бұрғылау станогы болған біздерге бұл қыс жұттан кем тимеді. Себебі күні-түні басы-қасынан шықпай тетігін бұрап, бөлшегін майлап, бұрғысын сақылдатып қойған станогымыз үй-ішімізді асырап, сақтайтын жалғыз ғана жебеушіміз еді. Бізді станоктан ажыратса, жұт емей немене.

Әлі есімде. Бәрімізді бір күні Қарсақпайға шақырды. Жайдан жай шақыртпайтыны белгілі. Ә дегенде үрпиісіп қалдық. Дегенмен тегін шақырыс еместігін ұғамыз ба, әрқайсымызда ішті билеген ауыр күдік бар. Жұмыстың тоқтамауын қатты қадағалайтын Қанекең (Қаныш Сәтбаев) қауырт кезеңде станоктарды тоқтатқызбайтын.

Амал не, келдік. Көрдік. Анау Байқоңырдан да, сонау Қияқтыдан да түгел жиналыпты.

Қанекең еш нәрсені бүкпестен барлық сырды жайып салды.

"Өздеріңіз де біліп келдіңіздер, барлық барлау жұмыстары тоқтайтын болды. Неге тоқтатқаны маған мәлімсіз. Бірақ үлкен Жезқазғанның бай қазынасын ешбір бұйрықпен жасыруға болмас".

Қанекеңнің қиналғанын да, біздерге сенгенін де, үмітін үзгісі келмегенін де айтып жеткізу қиын. Қолдан келгенше көмек-жәрдемімізді беруге тырыстық. Сенімін ақтауға ұмтылдық. Үмітінің үдесінен табылуын тіледік".

Бірлесіп бастап, ұйымдаса жалғастырып Үлкен Жезқазғанның бай болашағына көздері жеткен серіктері Қаныш Сәтбаевқа сол кезде үлкен медеу болғаны бүгінде коллективтік ұйымшылдықтың, ынталы жігердің, өз істеріне деген сенімнің ақиқат үлгісіндей көрінеді. Ақысыз-пұлсыз барлау жұмысын жалғастыра беруге келіскен жетпіс шақты бұрғышылар мен геологтар Сәтбаевты Москваға шығарып салады.

Жан-жақтан келіп, жұмысшы боп орналасқандар айлығы тоқтаған соң кете бастайды. Ал жергілікті жігіттер болашақ үлкен өндіріс орны болар кенді Жезқазған үшін қолынан келгенін аямауға уәдесін берді және сол уәделерінде тұра да білді. Төрт-бес ай бойы еш жалақысыз барлау жұмысын жүргізіп, бұрғылау станоктарын тоқтатқан жоқ. Лезде сауатын ашып, жай жұмыскерден бастап бұрғышы-мастер мамандығын игеріп алған жігіттер жанқиярлық отаншылдық танытты.

"Қаныш Москваға жүрер алдында, — дейді бұрғылау станогы тұңғыш мастерлерінің бірі, Ахмедия Төлекбаев қария, — Жезқазған, Байқоңыр төңірегіндегі бұрғылау станогын аралап келіп, мен кен мастері болып істейтін станок жанына біраз аялдады. Ол өзінің ежелгі кішіпейіл, инабатты әдеті бойынша үлкенмен де, кішімен де атын атап, қол алысып амандасқаннан кейін:

— Ал жігіттер, еңбекақысыз үш-төрт ай станокта істеп, скважина бұрғылауға шыдамдарың жете ме, жоқ, ұшқан ұяларыңды тастап, бөгде кәсіп іздейсіңдер ме? Ондай ойларың болса, ертерек ашып айтыңдар, — деді әзіл-шыны аралас.

— Істейміз, өзімізді өсірген станоктан өмір бойы кетпейміз, — жұмысшылардың тоқтамы осы болды".

Қаныш Сәтбаев Москвадан біраз қаржы бөлгізіп оралды. Сөйтіп Жезқазған — Ұлытау өңірінде мыс қорын зерттеу жұмыстары одан әрі жүргізіле берді.

Осы 1934 жылдың күзінде КСРО Ғылым академиясының жанындағы қазақстандық базасының ғылыми кеңесі өтіп, атақты ғалымдар, инженерлер мен геологтар кенді Жезқазғанның бүгінгісі мен ертеңгісін сарапқа салады.

Сол кеңесте ғалымдар төмендегідей қорытындыға келді:

Біріншіден, Жезқазған кен қоймасы — байлығымен, ғажайып мол қорымен табиғатта аса сирек кездесетін құбылыс.

Екіншіден, Жезқазған кенін өндіру онша қиынға түспеді. Себебі кенді алу үшін қымбат тіреу қойып, бекітудің қажеті шамалы.

Үшіншіден, кен жылғаларының кей тұстарда жер бетіне өте жақын жатуы ашық әдіспен —карьермен алуға өте қолайлы.

Төртіншіден, жер асты суы болмағандықтан, шахтадан су шығаратын құрылыс салуды қажет етпейді.

Бесіншіден, мыспен бірге жүретін қорғасын мен күмісті, молибден мен күкіртті, тағы басқа сирек металдарды қосымша шығынсыз өндіруге және тиімді.

Осындай пайдалы жақтарымен қоса Жезқазған кенін өндірудің ең бір қиындығы — жол қатынасынан алыста, қиян түкпірде жатуы еді. Осы қиындықты жеңудің негізгі шарты —Жарық-Жезқазған темір жолын салуды тез арада қолға алу.

Ғылыми кеңес Үлкен Жезқазған құрылысын кешіктірмей бастау керек деп бірауыздан шешім қабылдап, болашақтағы алып комбинаттың тұсауын кескен еді.

Осы жылдың 31 декабрінде Қаныш Сәтбаев КСРО Ауыр өнеркәсіп халық комиссары Серго Орджоникидзенің қабылдауында болып Жезқазған кен орнының мол қорын дәлелдеп, осы өңірдің мысын өндірудің экономикалық тиімділігіне көзін жеткізді.

Серго Орджоникидзенің 1935 жылдың басындағы ВКП (б) Орталық Комитетіне жазған хатына сәйкес КСРО Халық Комиссарлар Советі Жезқазған-Нілді темір жолын салу туралы арнайы қаулы қабылдады.

Тың даланы еңбек дабылы дүбірлетіп оятты. Ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы тозатын алыстықты жақындататын темір жол — өмір жолы басталып та кетті. Еңбек жарысын күнделікті тірліктің мерекесіне айналдырған теміржолшылар алғашқы күннен бастап-ақ жұмыс қарқынын еселеп үдетті.

Соның арқасында қысқа мерзімнің ішінде төрт жүз қырық километрлік Жарық — Жезқазған темір жолы салынып бітті. 1937 жылдың 11 ноябрінде Жезқазғанға алғашқы паровоз арқыраған гудогымен еніп, болат магистральдің есігін ашты. Орталық Қазақстанның үш өнеркәсіп алыбы — Қарағанды, Балқаш және Жезқазған темір жол арқылы жалғасып, темір жол арқылы бір-бірімен құшақ айқастырды.

1936 жылдың 25 марты — Жезқазған үшін, жалпы Арқа өңірі үшін аса маңызды күн. Өйткені бұл күні Серго Орджоникидзе жолдас Үлкен Жезқазған комбинатының құрылысын бастауға рұқсат етілген қағазға қол қойған. Көне Ұлытаудың қазынасын қойнына көмген баурайына бүгінде әлемдегі ең ірі мыс алыптарының бірінен саналатын Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы Жезқазған мыс комбинаты солай орнап, социалистік дамудың өскелеңдігі мен өрістілігінің ақиқат шындығына айналды. Коммунистік партияның Орталық Комитеті мен Совет үкіметінің көрегендік саясатының арқасында кешегі иен далада көрікті қала орнап, жер қойнында жатқан асыл қазына ел игілігіне асып, отанымыздың түкпір-түкпірінен келген бауырлас халықтардың өкілдері ортақ мүдде үшін туыстық пен ынтымақтастықтың туын көтеріп, ерлік еңбектің адамзатты бақытқа, тендікке, бірлікке, қуанышқа, жеңіске бастай беретін құдіретін айғақтады.

Кенді қазыналы Жезқазғанның алып комбинаты үшін мол су қоры қажет еді. 1934 жылы 13 ноябрьде өткен КСРО Ғылым академиясының ғылыми кеңесінде су мәселесі де жан-жақты қаралды. Кеңесті Днепрогэстің бас құрылысшысы, академик Веденев басқарды.

Осы ғылыми кеңесте: "Жобаланып отырған Үлкен Жезқазған мыс комбинатын техникалық және ішетін сумен қамтамасыз ету үшін Кеңгір өзеніне тоған салу қажет" —деген ұсыныс қабылданды. Содан кейін "Водоканалпроект" қызметкерлері зерттеу жұмысына қызу кірісіп кетіп, ақыры жаңадан жасалар су қоймасын Досмырза сайында жасауды лайық деп табады. Өйткені бұл ара — ойпаңды, терең түс.

Табиғаттың өзі әдейі икемдегендей екі төбенің арасына сұғына кіріп, астауланып жатыр. Ұзындығы 622 метр, биіктігі 26 метр болатын плотинаны тұрғызғанда бұл өңірге 245 миллион текше метр су сыятын бөген пайда болады екен. Сонда айдынның аумағы 37,5 шаршы километр аймақты қамтып, жағасында салынатын қала мен комбинатты ауыз су мен техникалық судан тарықтыра қоймайды.

1936 жылдың жазында Наушабайдағы Бекболат аулы на машинасының шаңын көш жерден шұбатып бір топ қонақ сау ете қалды.

Қонақ келмесе қоңылтақсып отыратын қазақ машиналы меймандарды сыртқа шығып қарсы алып, дабырласып амандасып жатыр. Әсіресе ауыл иесі Әбдірахман Қаныш Сәтбаевты бұрыннан танитынына насаттанып, үйіне қарай бастай жөнелді.

Қонақтар ас үстінде өздерінің не жұмыспен жүргендерін — осы Наушабайдағы жазыққа тез арада қала салынатынын, ол қаланың Қарсақпайдан он есе үлкен, әрі сәулетті, әрі биік, көшелері оқтаудай түзу социалистік жаңа қала болатынын айтқанда Бекболат аулының бар-жоғы жеті үйінің жеті азаматының — Әбдірахманның Сәметтің, Әлімнің, Балғымбайдың, Байсымақтың, Жанділданың, Әубәкірдің көздері кең ашылып кетті. Алғаш нанар-нанбас күйде үнсіз қалғанмен, Қаныштың өздерімен ойнамайтынын да, алдамайтынын да ұғынып, бастарын шұлғысты.

Иен далаға, кең жазыққа Қарсақпайдан да он есе үлкен қала орнайды дегенге иланар-иланбас күйде бірі насыбай атып, бірі тіс шұқып ойлаңқырап қалғанмен, көңіл төрінде болашаққа деген құмарту да, қызығу да, асығу да бар. Өйткені көз алдында қыбырсыз жатқан сахараға жан бітіріп, Байқоңырды қайта ашып, Қарсақпайдағы заводтан мыс ағызып, Жезқазған руднигінде барлау-бұрғылау жұмыстарын жүргізіп, машина станок үндерімен ескі өңірдің өмір күйін жаңғыртып жіберген социалистік құрылыс Ұлытау —Жезқазған аймағына кеуделеп еніп келе жатыр. Бір жұттық байдың, бір оқтық батырдың талайын көрген туған жер, бүгінде қайта түлеп, иісініп, еміреніп сала берсе — ол құдірет пен сиқырдың, ғажайып тылсымның әсері емес, құдіретті жұмысшы табының, шаруа адамының қамқорын жеген үкіметтің арқасы. Ендеше, таңданатын несі бар. Ғаламат қала орнар. Шалқыған көл жасалынар. Қараайғыры түтінін будақтатып, буын атқылап темір жолмен жүйткір. Көсегенді көгертем деген өкіметіме онда мың да бір алғыс. Әкемнен де артық тілеулесім болған партияға рақметтен басқа айтарымыз жоқ деген ой мен қиялға берілген жергілікті жігіттер екі білекті сыбанып әр түрлі жұмыс орнына түсіп, сан алуан мамандықты игеріп кетті.

Жезқазған проблемасы әділ шешімін тауып, осы мәселенің басы-қасында жүрген алғашқы қазақ кен инженерлерінің бірі Қаныш Сәтбаевтың көкейкесті арманы, үздіктірген үміті жүзеге аса бастады.

Болашақ президент, асқан ғалым, тәжірибелі ұстаз бұл кезде өзіне қанат-құйрық болатын жастарды талмай іздеп, үйретіп, өсіріп, тәрбиелеп қанаттандырудан жалыққан жоқ. Солардың бірі — инженер-геолог Сайд Сейфуллин. Енді Қ. Сәтбаев пен Сайд Сейфуллиндер көмірлі Қияқтыны, темірлі Найзатасты, марганецті Жезді өңірін бұрынғыдан да гөрі түбегейлі зерттеп, соның нәтижесінде осы кен орындарынан әр түрлі минерал алуға болатынын дәлелдеп берді.

— Сонда осы арамен мынау сай, анау белде Қаныш ағай талай жүрген-ау... — Алмас жан-жағына ойлана көз қыдыртты... — Бүгінде Қаныш ағаның атын естімеген ел жоқ шығар.

— Иә! Еңбек ер даңқын шығарады. Ер даңқы елімен бірге өседі. Елі көркейгеннің ері марқаяды. Елі үшін аянбаған азамат ел аузына ілініп, көптің құрметіне бөлінеді. Туған жердің топырағынан торта айырып, әр түйіршігін қымбат металлға айналдырып, халықтың әлеуметтік, экономикалық әл-қуатын арттыруға үлес қосқан ұлдарын Отаны әрқашанда ардақ тұтқан. Әрқашанда мақтаныш еткен. Еңбегін бағалап, бағын жандырған. Ел — Ана. Анасына қызмет еткен ұланға еміренбес ана болмайды. Ана шын еміренеді. Шын тебіренеді. Аялы алақаны ондайда маңдай сипағыш. Азаматым деп мейірленіп арқадан қаққыш. Жылы алақан жігер еселейді. Ыстық мейірім қанат бітіреді.

Алға ұмтылтып, ілгері оздырады. Ойға нәр, бойға қуат қосады. Ел-Ана — ең ұлы есім. Ең ардақты есім. Ел-Ананың бар қасиетін жанымен ұғып, Ел-Ананың қамқор құшағының ыстық табы үшін өзін Отан алдында мәңгі қарыздар, борыштармын деп сезінген Азамат, үлкен әріппен жазылатын Азамат әманда сол биіктен көрінуге тырысады. Көріне де береді.

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев сондай аяулы Азамат еді. Үлкен Жезқазғанның мол қазынасын, бай кен қорын іздеп, талайлардың сенбеушілік білдіріп, кен қоры аз, өндірістік пайдалануға жарамайды дейтін кертартпа пікірлерін іс жүзінде жүздеген терең скважиналар жүргізіп жоққа шығарған оның табандылығы көпке үлгі. Жезқазғанның Отан картасындағы алатын елеулі орнын нық көрсетіп, отызыншы жылдардағы алғашқы бесжылдықтардың алып құрылысына айналдырып, Отан көгінде жарқыраған жұлдызын жағып берді. Еліміз сондай зәру боп отырған түсті металдың жаңа бір отауын көтеріп, қыруар байлықты тезірек игеруге қайрат-қажырын аямады. Осындай елеулі еңбегі үшін Қаныш Сәтбаев диссертация қорғамай-ақ геология-минерология ғылымдарының докторы деген ғылыми атаққа ие болды. Жезқазған — Ұлытау пайдалы қазбалары туралы жазылған монографиясы үшін ол КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Төрт рет Ленин орденімен, екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, бірнеше медальдармен наградталған Қаныш Сәтбаев ұзақ жылдар бойы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті боп қызмет істеп, талай мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесіне және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.

Жезқазған кен металлургия комбинаты бүгінде Сәтбаев атында. Қазақ КСР Ғылым академиясының Геология институтына Сәтбаев есімі берілген. Алматының бір әсем көшесінде Сәтбаев деген фамилия жарқырайды.

***

Соғыс дүрбелеңінің қалай келгенін білмеймін, балам. Көрген жоқпын. Бірақ 1941 жылдың дәл 22 июнь күні ұлы Отанымыздағы бүкіл совет халқының патриоттық сезімінің күрт өскенін өте жақсы сезінем. Ол жайында әлденеше кітаптардан оқығам. Әлденеше ұлт өкілдерінің әңгімесінен естігем. Жерлестерімнің сәби кезімде есімде қалған жанқиярлық еңбек ерліктерінен ұққам. Сол күні өзім туғам.

Ұлытау өңірінің ұландары да соғыстың алғашқы күнінде-ақ тас түйін бекіген, ыза-кегін кеудесінде қайнатып, майданға өз еркімен баруға өтініш білдіріп, әскери комиссариатқа тұс-тұстан ағылған.

"Барлығы да майдан үшін", "Барлығы да жеңіс үшін" деген партияның тарихи нұсқауына сүйенген Қарсақпай — Жезқазған жұмысшылары мыс балқытуды соғысқа дейінгі көлемінен 11 процент, кен өндіруді екі есе арттыруға міндеттеме қабылдады.

Барлығы да жеңіс үшін!..

Жеңіс үшін қиыншылықтарды жеңді. Екпінді еңбектің тамаша үлгісін танытты. Жеңіс үшін заводты күрделі қаржысыз қайта жабдықтап, жарақтап шықты. Жеңіс үшін майданға аттанған ерлерінің орнына әйелдер тұрып, шофер, тракторшы, мыс балқытушы мамандықтарын тез арада игеріп әкетті.

Тағы да салыстыра кетейін.

Соғысқа дейін Қарсақпай заводында істейтіндердің 7 процентін қамтитын әйел жолдастар енді жұмысшылардың 40 процентін құрайтын болды. Ал байыту фабрикасындағы қыз-келіншектердің үлес салмағы 70 процентке жеткен еді.

Жеңіс үшін қарсақпайлықтар ай сайын бір күндік жалақысын Отан қорғау қорына аударып тұрды. Жеңіс үшін Қарсақпай заводының екінші шарпу пеші 1943 жылдың сентябрінде іске қосылды. Жеңіс үшін Жезқазған кен басқармасының коллективі 1941-42 жылдардың өнім өндірудегі мемлекеттік жоспарын асыра орындады. 1943 жылы өнімді жоспардан да артық тапсырды. Балқаш пен Орал заводтары Жезқазған шикізаттарын бұрынғыдан 4 есе көп көлемде алып отырды.

Жеңіс үшін ерлікпен еңбек еткен жезқазғандықтарға 1943 жылдың октябрінде КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл Туы алғаш рет берілсе, кейіннен бұл туды олар 16 рет алған еді. Осы ту қазірде кеншілердің қаһармандық еңбегінің символы ретінде Жезқазған қаласында мәңгі сақтаулы тұр.

Жеңіс үшін...

Жеңіс үшін қан төгілді. Жеңіс үшін жезқазғандықтар мен қарсақпайлықтар социалистік жарыстың қарқынын үдетті. Қайсар рухтың қажырын танытты.

***

— Алмас, алдыңа қарашы балам. Не көріп келесің?

— Биік адырлар... Іркес-тіркес созылған қыраттар, — деп ұлым көк мұнарда дірілдеген көкжиекке көзін ұзатты. Сәлден соң "сұрағыңыздың мәнісін пайымдай алмадым" дегендей бетіме бұрылды.

Осындай өлке қақаған қыстың ақ қар, көк мұзының астында жатсын. Анау темір жол, мынау асфальт жол болмасын. Шетсіз-шексіз дала дейік. Ал осы қыратты қопарып рудник ашып, қалашық орнату қажет болсын. Соған қанша уақыт кетер еді?

Алмас қиналып қалды.

— Транспорт жоқ... Қыс кезі дейсіз, ә? Екі-үш жылсыз біте қояр ма екен...

Мен үндегем жоқ. Кабина ішінде ұзақ тыныштық орнады. Жүйткіген "Жигули" сәлден соң кішігірім қаланы дөңгелетіп жақындата түсті.

Бұл — Жезді руднигі еді.

Машинаны рудник кеңсесінің алдына тоқтатып, сыртқа шықтық. Ұлымды соңымнан ілестіріп келіп, кіре берістегі мәрмәр тастың қасына жақындадым.

— Оқышы, балам.

«Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндерінде жезділіктер ерлікпен еңбек етіп, рекордты қысқа мерзім, небәрі 38 күн ішінде, 1942 жылғы 12 июньде, марганец руднигін салып бітірді», — деген тасқа ойып жазылған сөздерді оқыған баламның жүзі бал-бұл жанды. Бал-бұл жанған жүзде мақтаныш сезімі де, таңданыс күйі де тұна қалды. Әлденені іштей күбірлейді.

Кеңсе алдынан екеуміз де көңілді аттандық.

Жұмыс уақыты бітіп, жұрт тарап кеткеніне өкінсек те, ренжіген жоқпыз.

Жерінің тарихын ұлы білуге тиіс. Елінің еңбек шежіресін білген ұрпақ әкелер мен аталар даңқына еміренуі тиіс.

Ұлымның толқыған көңіл күйіне қарап мен сондай түйсікті іштей пайымдадым.

1942 жыл. Неміс фашистерінің алғашқы қарқынмен ұлы Отанымыздың біраз жерін басып алып, елге, Отан қорғауға қажетті өндіріс және кен орындарынан үзіп тастаған ауыр кезең еді ол.

Әсіресе Никополь пен Чиатура марганец рудниктерінің жау қолында қалуы бронь жасау ісінде қиындықтарды көбейткен.

— Папа, марганецтің броньға қажеті қанша?

— Себебі марганец — темірге қосылатын аса құнды металл. Темір мен маргенец қоспасын металлургияда ферро-марганец деп атайды. Ферро-маргенец — танктің броні, самолеттің жау оғына мойымас берік қалқаны, бронь бұзар снарядқа табылмас материал.

Отан қорғау үшін бронь қажет. Бронь — өжеттік. Сенімділік. Беріктік.

Дәл осы кезде Жезді кен орны туралы Мемлекеттік Қорғаныс комитетінде шұғыл сөз қозғалды.

Жезді кенін соғысқа дейін Қаныш Сәтбаев бастаған геологтар экспедициясы ашқан болатын. Жезді кенінің соғысқа аттанар, солдат боп айқасар күні туды. Ұйықтап жатқан алыптың ұйқысынан оянып, дүр сілкініп, қанат-құйрығын қомдар сәті соқты.

Жезді марганец боп балқып, бронь боп тұтасып, снаряд боп жарылып, танк боп жүйткіп, самолет боп самғауға дайындалу үшін жан-жақтан ұландарын шақырды.

Сол 1942 жылдың қызыл шұнақ қысында Жезді өзенінің жағасына ақ шатырлар мен қараша киіз үйлер жапсарласа тігіле қалды. Оларда Жезді руднигін тездетіп іске қосуға асыққан жұмысшылар тұрды.

Қойынға құйылған қар, қас-кірпікке қатқан мұз еңбек қарқынын бөгей алған жоқ. Үскірік аяз ішкі жалынды, жүрек жалынын жеңе алған жоқ.

Тау боп үйілген қарды тазалау — оңай дүние емес еді. Бірақ Отан мүддесі, ел қорғау дейтін ел тілегі қар емес ондаған метр тереңдікке кеткен тау жынысын да бұйым қылған жоқ. Қар да ашылды. Тоңы қатқан топырақ та қопарылды. Қабат-қабат аршылған жер астынан — сол кезде қазіргі алтыннан да әлденеше рет қымбат — марганец рудасы да көрінді. Ашық карьер дайын болды.

Алғашқы марганец рудасы Жезқазғандағы темір жолға машиналармен тасылып жеткізіліп, поездарға тиелді.

Ауыр составтар ыңырана қозғалып, іле жеделдете сырғып, сәлден соң арындай жүйткіп, марганец кенін заводтарға тарта жөнелді.

Жезді марганеці майданға солай солдат боп аттанды. Жеңіс солдаты боп аттанды.

Марганец қат еді. Машинамен тасып үлгіре алмайтын болғандықтан енді темір жол құрылысын бастауға тура келді.

Жанқиярлық еңбек үлгісін көрсеткен құрылысшылар Жезқазған мен Жезді арасын кешіктірмей темір магистральмен жалғастырып, марганец — солдатты бірден вагонға тиеп, жөнелтіп жатты.

Магнитогорск металлургия комбинаты Жезді кеніне қарық боп қалды.

Арада бір-ақ жыл өткенде 1943 жылы Магнитогорск комбинаты Жездіден өзіне қажетті марганецтің 60 процентін алды. Ал келесі жылы Жездіде марганец өнімі 4 есе өсті.

Жезді кені ардагерлерінің есімін елі ұмытпайды, жадында мәңгі сақтайды. Жездіні қаз тұрғызған әр халық өкілін аялайтын ұрпағы сендерсіңдер, жас дос, дер едім мен сенің замандастарыңа, ұлым.

Туған жердің тасы мен топырағы оқ пен қалқан болып, бірі жау кеудесіне қадалғанда, бірі қаһарман совет жауынгерінің кеудесін оқтан қалқалап қалған.

Сол туған жердің тасы мен топырағын Отан қорғау сапарына сақадай сай ғып аттандыруға бүкіл елдің ұлдары жиналған. Оларды Отанға деген сүйіспеншілік, ел басына түскен ауыр қасірет бастап келген. Сондықтан суыққа төзіп, аязда бетін үсітіп, белін шойырылтып жүрсе де, беріктігі мен достығын, ынтымағы мен бірлігін шыңдаған қазақ, орыс, украин, грузин, армян т.б. халықтардың өкілдеріне алғыс-ризашылығылыз әрдайым шексіз. Қиын кезеңде еңбек ерлігін танытқан сол азаматтарға соғылған мәңгі ескерткіштей — Жезді қалашығының оттары жарқырап тұр.

Олар — рудниктің тұңғыш директоры Николай Федорович Михайлов, инженер Әбдірахман Тоқтыбаевтар.

Олар — проходкашылар: Баймағанбетов, Қыстаубаев, бұрғышылар: Грипас, Сейткенов, Сухарев, Ленин орденді Арыстанбек Әлімбаевтар, шоферлар: Ділманов, Рожнев, Коваленколар. Олар — Ақеділов, Коваленко, Саранов сынды инженерлер. Әшім Саранов осы рудникте бүгінде директор боп істейді.

Жеңіс үшін Жездіде карьер ашылды, шахталар қазылды. Мұнаралар бой көтерді.

Жеңіс үшін ақ шатырдан басталған рудник көп кешікпей аппақ қалашыққа айналып еді, енді қазір Жезді ауданының берекелі орталығы болып отыр.

***

— "Бәрі де майдан үшін!" деген ұранға Ұлытау өңірі тағы қандай үлес қосқан, папа?

— Ұлытау аймағының ұлылығын танытқан бір көрініс осы ұранға ілесе үн қосуы еді.

Әр жұмысшы Совет Армиясына көмек беру үшін өз есептерін ашқан. Сол ашқан есептеріне Отан қорғау мүддесіне арналған жоспардан тыс өнімдерін маңдай тер, ыстық жүректерімен жазған.

Жезқазғандық бұрғышы Гинатуллин төрт мың алты жүз тонна қосымша руда өндірген. Бұл — сексен вагон деген сөз. Сексен вагон қосымша өнім. Бір жұмысшының Отан қорғау қорына арналған жеке есебі осындай болған.

Патриотизмнің бұдан асар есебі, бәсі, мөлшері бар ма екен? Капиталистік елдің қай адамы осындай отаншылдығымен даралана алады?

Төрт мың тонна! Бұл — Шаталюктың есебі.

Үш мың бес жүз тонна! Бұл — Ақшаловтың үлесі.

Коллективтік үлес пен қаржы қаншама рет жиналып, қаншама рет Отан қорғау қорына құйылды десеңші.

Жезқазған мен Қарсақпайдың металлургтері мен кеншілері "Қазақстан металлургі" атты танк колоннасы үшін сегіз миллионнан астам қаржы жинап, жоспардан тыс мыңдаған тонна кен, бір мың тонна көмір, ондаған тонна мыс берген.

"Қазақстан металлургі" Курск доғасында атақты танк шайқасына қатынасып, жеңіс күнін жеделдеткен.

"Қазақстан металлургі" танк колоннасы Прага, Вена, София қалаларын азат етуге қатынасып, азаттық солдаттары мінген темір тұлпар сол қала тұрғындарының ыстық ықыласымен ұсынған құшақ-құшақ гүлдерге бөленген.

Жезқазғандықтар бүкіл совет халқымен тізе қосып, майдан мен тылда дүниенің тыныштығы үшін күрескен. Әлемнің бейбіт тірлігі үшін шайқасқан. Сәби жүздеріндегі күлкінің жоғалмауын тілеген. Ұлы Отанның ашық аспаны үшін аянбай еңбек еткен.

Тағы да дерек келтірейін. Мә, мына жазуды оқып жіберші.

— "Қазақтар майданда жауға қарсы жақсы соғысады. Тылда олардың әкелері, аналары мен жұбайлары майдан үшін жұмысты аянбай жақсы істейді. Қазақстан өз жерінің барлық байлықтарымен, тауларының барлық асыл кендерімен майданға қуатты тірек болып отыр", — деп "Правда" газеті 1943 жылғы 8 февральдағы бас мақаласына жазған екен.

— "Тірек болып отыр"...

Отаныңа еңбегіңмен де, жауынгерлік ерлігіңмен де тірек бола білуден артық бақыт болар ма, ұлым!

Отан алдындағы азаматтық борышыңды ақтауда ел алғысына бөленуден қадірлі сыйлық болар ма, ұлым!

Көп тілегі — көл. Жеңіс көп тілегімен келген. Көптің арқасында келген. Көптің еңбегімен келген. Әділ ісіміз, бейбіт тірлікке деген сүйіспеншілігіміз әкелген.

275 миллион халқымыздың жүрегіне жазылған жеңіс жыры мәңгі жырлана береді.

***

— Алмасжан, әкең білетін шығар. Сен жақсылап тыңда. Еңбектегі ерлік — елдің, халықтың үлесі, — деп Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші секретары Ошақбай Асылбеков сыр шертті. Ойлы, пікірлі, әдебиет пен өнерді терең түсінетін, өзі де жанымен жазушы, жігіт ағасы екен.

— Ұлы Отан соғысы аяқталысымен Үлкен Жезқазған кен-металлургия комбинатының құрылысы қызу қолға алынды. №3 шахта мен "Петроцентр" шахтасы — соғыстан кейінгі алғашқы бесжылдықтың нәтижесі. Бұл жылдары №51 шахта мен байыту фабрикасы салынып жатты.

1954 жылы 20 декабрьде Үлкен Жезқазған поселкесіне Жезқазған қаласы деген атақ берілді. Ұлытау өңірінің шын мәніндегі өндіріс, мәдени орталығы Отан картасынан өз орнын осылай алды. Әсем көше, әдемі үйлермен, көрікті келбет, мәдениет сарайларымен, көк желекті көркем тұрғысымен алды.

Қарсақпай заводы қайтадан жабдықталды. Соның арқасыңда 1975 жылы жұмысын тоқтатқанша бұл завод қара мыс өндіруде тамаша жеңістерге жетіп, жылдық жоспарын үнемі орындаумен келді.

Жер бетінде істейтін әр түрлі қуатты техниканы көріп жүрсің ғой, ал жер астында осы қуатты техниканы жұмысқа қосуға бола ма? Оған ертегінің Ертөстігі қажет дейсің ғой, Алмасжан. Бірақ біздің дәуір болмасты болдырып, қиялдағаны шындыққа айналдырғанда ертегі де, сиқыр да ілесе алмай қалатынын біліп қой!

№ 44 шахтаның бастығы Темеш Садуақасов пен бас маман Далабай Ешпанов бастаған топ өздігінен жүретін алғашқы кен бұрғылау кареткасын жер астына түсіріп, сынақтан өткізді. Байқап қарасақ, қуатты техника жер астында да жер бетіндегідей істей алады екен. Кейін №51 шахтаға экскаватор түсірілді. Алып самосвалдар жіберілді. Еңбек қарқыны үстемелеп өсті.

Жер асты машиналары мен жабдықтарын Жезқазғандағы ғылыми-жобалау эксперименттік лабораториясы жасаған болатын.

Қазіргі Жезқазғанның алып шахталары метродан бір де кем емес. Жылжып, қозғалып, кен рудасын кесек-кесек қопарып жатқан кареткалар, руданы самосвалдарға тиеп жатқан алып экскаваторлар, ерсілі-қарсылы зымырап, руданы скидке төгіп, жоғары жөнелтіп жатқан самосвалдар бүгінгі ғылым мен техниканың іске асқан, еңбек өнімділігін еселеп арттыруға жегілген құдіреті.

Үкіметіміздің соңғы жылдардағы қаулы-қарарларына байланысты облыс бойынша атқарылып жатқан істер өте көп, — деп Ошақбай Асылбеков қолға алынып, тындырылып жатқан жұмыстарға назар аудара әңгімесін жалғастырды.

— Еңбекшілердің еңбек және тұрмыстық жағдайларын жақсарту, мәдениет, денсаулық сақтау мен білім беру жүйесін өркендету жөнінде белгіленген шараларға сәйкес қыруар жұмыс жан-жақты игеріліп жатыр. Сондай-ақ социалистік жарысты одан әрі дамытып, өнім сапасын жақсарту жолында да облыс жұртшылығы сапалы еңбек етуде.

Облыс еңбеккерлері өз міндеттерін межелеп алды. Азық-түлік программасын орындау бүкіл халықтық іс екенін жас та болсаң сен жақсы білесің, Алмасжан. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" дейміз ғой. Ендеше, Отан қоймасына құйылар астықта да, жұмысшылар мен колхозшылардың дастарқанына түсер ет пен сүтте де жезқазғандықтардың өзіндік еселі үлесі боларына сенімдіміз. Өйткені металлургтеріміз де, кеншілеріміз де, малшы, диқандарымыз да белгіленген экономикалық және әлеуметтік программаларды жүзеге асыруда елеулі үлес қосуда. "Қашаннан салтымыз сол" дегендей, біз ертеңгі күнді де мол еңбек тартуларымен қарсы алатынымызға сенімдіміз, Алмасжан.

Бұл сапарларында Жезқазған шахталарын түсіп көруің керек. Жер асты сарайларын аралап, кеншілердің қажырлы еңбегін өз көзіңмен тамашалауың керек, Алмасжан! Сапарың сәтті болсын!..

Кен өндірудің әлгінде Ошекең айтқан тиімді тәсілін ұсынып, техникалық прогресті өркендеткені үшін кен-металлургия комбинатының директоры В.В.Гурбаға, директордың орынбасары Т.М.Урумовқа лаборатория меңгерушісі Ю.Б.Башиловқа, Шығыс Жезқазған руднигінің директоры Д.О.Ешпановқа, рудник басқармасының бұрынғы бастығы М.К.Бөпежановқа, Жезқазған шахта проходкалау тресінің бастығы Г.О Омаровқа 1970 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты деген құрметті атақ берілген, — деп әңгімені жол бойы мен жалғастырдым. — Еңбек жанды деген осы емес пе?!

Еңбек жану үшін білімің мен қажырыңды аянбау қажет. Мен сол ұғымды бүгінгі Балқаш кен-металлургия комбинатының бас директоры Далабай Ешпановтың бойынан үнемі көремін. Азамат ағаның іскерлігі мен қабілеті — ұстай білген, үйрене білген жанға үлкен мектеп, үлгілі өнеге.

1971 жылдың бірінші марты — жезқазғандықтар үшін ұмытылмас күн. Бұл күні мыс заводының бірінші кезегі іске қосылды. Ал 1974 жылы завод сапалы сары мыс алатын толық циклмен істей бастады.

99,99 процент таза мыс — Жезқазған мысы Лондондағы металдар биржасында сақтаулы тұр.

Себебі ол — таза мыстың дүниежүзілік эталоны деген сөз.

Байқайсың ба, балам, Қазақстан мысы Ұлы Отан атынан сөйлеп, бүкіл әлем алдында аса сапалы белгісімен дүниежүзілік аренаға шықты.

Жезқазған даңқы алты құрылықты аралап кетті. Әлем түкпірлерінде бүгін Балқаш пен Жезқазған мысы бейбітшілік миссиясын атқарып, ұзақ та бақытты сапарға аттанды.

Бұдан артық мерей болмас! Бұдан өтер еңбек қуанышы болмас!

Сондықтан да мен жезқазғандықпын деп кеуде кере мақтаныш білдірем.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама