Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 20 сағат бұрын)
Нұрлы Балқаш, құнды Балқаш

Балқаш қаласына ат басын тірегенімізде (атымыз, әрине, "Жигули") күн қызара батып, алауы теңіз бетінде ойнап, жағасындағы алып комбинаттың конверторынан балқыма ағызған кезіндей жалқынданып тұр еді. Бертіс түбегіне орналасқан әдемі де әсем жұмысшы қаланың көрікті келбетіне сұқтана қарамасқа әддіміз қалмады. Шаһардың кешкі сұлулығын тамашалап тұрғанымызда, көкжиек алтын нұрын бірте-бірте азайтып, шығыс жақ аспан қара көк түске бейімделіп, көше шамдары сам жамырай жыпылық қағып қалды да, тұс-тұстан қайшыланған көлеңкелерді дірілдетіп, қаракөлеңкеге сүңгіген қаланы күндізгідей жарқыратып, жайнатып жіберді. Қызылды-жасылды, қоңыр-көкшіл жарықтарын, жазуларын кемпірқосақ шуағындай құлпыртқан түнгі қала көл бетінде ғажайып сурет тірілтіп, ертегінің әлеміне ұқсап кетті.

Завод мұржалары көк төсіне керіле мойын созып, будақтаған түтінін аспандата лықсытып, комбинаттағы еңбек күйін шартарапқа жеткізіп жатқандай көрінді маған. Сол күй жүректің нәзік қылын шертіп, жанымды ып-ыстық сезімге бөледі.

Алмас қасыма үнсіз жақындады. Жүзімдегі толқыныс сырын түсінді ме, жоқ па біраз бөгеліп барып, оқыс сұрақ қойды:

— Папа, неге үндемей қалдыңыз? Қала әдемі, ә? Әсіресе түнгі көл бетінің құбылуы керемет екен.

— Иә, балам, керемет...бұл дегенің туған жердің пұшпағы ғой...

— Жердің бәрі бірдей емес пе?..

— Иә, бірдей... Бірақ туған жердің жөні бөлек.

— Сонда қалай? Туған жердің қасиеті неде?

— Туған жер. Осы екі сөзден қасиетті, осы екі ұғымнан қадірлі не бар, ұлым?! Туған жер —Отаныңның басталар босағасы, ашылар қақпасы. Алғашқы шырылдаған іңгәң дүние есігін қағып кірген дабысың емес пе? Ендеше туған жерге деген сүйіспеншілігіңді соңғы демің қалғанша қолдан келгенше ақтап өтсең, еңбегіңмен жаңғыртып өтсең, одан артықты тілермісің! Ақындар жырын арнар. Композиторлар әнін бағыштар. Ал әр азамат туған жерге деген сәбилік көңілдің ынтығы басылмас жүрек лүпілін әрдайым кеудесінен аулап отырса, әр азаматтың туған жері байтақ Отанымыз гүлденіп, құлпырып, жасарып, жайнап сала беретінін қайталап айтып жатудың қажеті шамалы-ау.

Балқаш! Мен үшін бұл атаудан өтер сиқырлы сөз жоқ. Есімді білгеннен бастап өзім туып-өскен Киік станциясы, осы станциядағы әк тасын өндіретін рудник Балқашпен қан тамырындай байланысып жататын.

Балқаш әкемнің, сенің атаңның жастығы өткен жер. Комсомол қатарына кіріп, жұмысшы атағын иемденген мекені.

Балқаш Отан деген ұғымның баламасы. "Балқаш заводына әк (известь) тасы керек. Онсыз мыс балқытылмайды. Оқ жасалмайды. Ал Балқаштың оғы жеңістің кепілі", —дейтін сөзді ауылдағы кәрі-жас айтатын.

Балқаш ырзық, несібенің кілтіндей көрінетін. Қазандықта от жанбаса, қазанда су қайнамаса, қыңқылдаған баланы шешелеріміз: "Балқаштан азық-түлік толы вагон келеді. Ет келеді, үн келеді. Ой, бір ыстық бөлке, ыстық сорпа ішіп қарық боп қаласыңдар", — деп жұбататын.

Үйді жылытып, отты маздатып, қазанды сақырлататын құдірет сол кезде маған Балқаш боп көрінетін. Балқаш атауымен елестейтін. Қырқыншы жылдардың соңында мектеп табалдырығын аттаған біздер қағаз, қаламның тапшылығын көп көргенбіз. Сонда қолымызға анда-санда біреу-екеуден тиетін көк дәптер, жалғыз-жарым қарындаш Балқаш атын жамылып жететін.

Сондайда жақсылықтың мекені Балқаш, берекенің тұрағы — Балқаш, шапағаттың шуағы Балқаш дейтін сенімге ұйығаным сондай, аты аңыз, атағы аспандай осы қаланы бір көрсем деп аңсай армандайтынмын. Қуаныш нұрындай, жылулық лебіндей, мейірім деміндей Балқаш деген атының өзін ауыз толтыра айтып, сыбырлап қайталап, жүрек қуысына жоғалтпастай қондырғам.

Сол кезде менен біреу:

— Балқаш қайда? — деп сұраса,

— Ол менің ырза болған күлкімде, әріп жазған дәптерімде. Кезекке тұрып алған нанымда. Әкемнің иісінде. Рудниктің вагонеткаларында, дер едім.

Себебі, "Жүндітөбені" тұмсығынан бастап опырып алып, ішін үңги бойлап кеткен жұмысшыларға түскі тамағын апарған сәттерде еститініміз —"Балқаш", еститініміз —"Мыс заводы", еститініміз "наряд", еститініміз — "рапорт". Соның бәрі жұмысшылардың еңбегімен сабақтасып, санамызға "Балқаш, мыс, завод, әк, рудник" деген бес саусағы тас түйілген еңбекқор жұдырық, жасампаз құдірет боп құйылатын.

Киік шағын рудник болатын. Бірақ шағын да болса өндіріс ошағы. Мешеу даланың жым-жырттығын шайқап жіберген кішкене электростанциясының дүркін-дүркін дыбыс беретін гудогы бар. Сол гудок біздің, балалардың, кеудесін кеңейткен, зердесін қалыптастырған, ойын өрістеткен тірлік сағаты.

Балқашты туған жер дегенде, балам, мен осы ойларыма, балалық қиялыма сүйенем. "Жүндітөбенің" үстіне шығып, оңтүстікке көз жіберсем, көгілдір мұнарға жасырынған қырат, таулардың тасасынан Балқашты көргендей болатынмын. Сол төбеден төменге көз салғанда желпіген желмен ілесіп, алыстағы теңіздің самалы жеткендей сезілетін. Алыс қаланың жақын құшағы айқарғандай көрінетін. "Жүндітөбеден" даланы көргем. Тауды көргем. Балқашты көргем. Әлемді көргем. Ол кездегі бар әлем мен үшін бір Балқашқа сыйып кететін. Бүкіл жақсылық атаулы да, бүкіл қуаныш атаулы да Балқаш арқылы жететін.

Жеңіс солдаты! Бүкіл кішкене рудниктің үлкен-кішісі, бала-шағасы, орыс, қазағы дүркіреп станция басына жиналған. Оңтүстіктен келетін Балқаш поезын тосқан. Көздеріне күн сала сығырайып кемпір-шал тосқан. Ерсілі-қарсылы жүгіріп, дуылдаса айқайласып, сол жолғы күлкілерін бұрынғыдай үлкендер көзінен жасырмай балалар тосқан. Иваны бар, Иманы бар, Оттосы бар орыс, қазақ, неміс тосқан.

"Жүндітөбенің" тасасынан ирелеңдеп шыға келген жолаушы поезы сонда маған жеңіс солдатын, жеңіс солдатымен бірге Балқаштың бейбіт сәлемін рудниктегі барша жұмысшы қауымға, сол қауымның от басы, ошақ қасындағы үйелмендеріне жеңісті әкелуге септігі тигені үшін ырза-пейілін, рахмет-алғысын, тау-тау тілегін тиеп жібергендей сезілген.

Балқаш мен үшін өзім туғалы көрмеген телегей теңіздің кеуделеген толқыны еді.

Балқаш — мен үшін КСРО Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланған, қаланың алғашқы қазағы Әубәкір Әлімжанов еді. Өйткені Әубәкір әкемнің тел құрдасы болатын. Тай-құлындай тебісіп бірге өсіп, ауыл шетіндегі тақырда асық ойнап, балалық базарын думандатқан кешегі батырақтар Балқаш мыс комбинаты салынбаса, бірі — сенің атаң жұмыскер атанып, бірі Одақтың парламент мүшесі болып, ел атынан сөйлей алар ма еді?! Мен Әубәкір Әлімжановты көре алар ма едім.

Балқаш — мен үшін туған жердің табалдырығынан төтелеп тіке тартатын өмір төбесі. Мәртебе төбесі. Дәулет, даңқ, ақиқат дейтін үш ұғымның тоғысқан жері, түйіскен мүйісі. Туған даланың қай пұшпағына маңдай тер тамшылап төгілмеді! Туған жердің қай жартасына аққан қан сорғалап құйылмады! Ақталған тер, жоқталған қан болды ма? Көшкен ел үркіп олай жылыстаған, босып бұлай жөңкіген. Сондайда жерұйықтың өзіндей болып, достық пен туысқандықтың символындай құшақ ашатын Балқаш сынды қала болмаған ғой.

Бүгінде менен әлдекім:

— Сен қайдансың? — деп сұраса,

— Балқаштанмын, — деп жауап қайтарам.

— Киік ше? — десе, мен:

— Киік — сол үлкен Балқаштың кіші інісі. Інінің баласын ағасы еркелетіп қойнына салып алатын. Ардақ тұтып мойнына салып алатын. Киікте тусам да, қиялыммен, ойыммен, ынтығуыммен, ырзық-несібеммен Балқашта өстім. Алғашқы уызданғаным — анам сүті болса, содан кейінгі талшығым — Балқаш сәлемдемесі. Кіші ініден туған перзентін үлкен ағасы аялап, үлкен әлемге жолдама әперсе, сол жақсылығын ұмытып кетуім әбестік емес пе?!

Бүгінде Балқаш тұрғындары арасында "Киік үйіне барамыз", "Киік үйінде тұрамыз"деген тіркестер көп айтылады.

— Неге олай деп аталады, папа?

— 1974 жылы әлдебір себептермен Киік руднигі ертерек жабылып қалды. Рудник жабылған соң, рудниктегі жұмысшылар абыржыды. Сонда кіші Киіктің үлкен ағасы Балқаш тағы да құшағын айқара ашып, жәрдем қолын созды. Жаңадан ғана салынып, берілуге дайын тұрған екінші микроаудандағы бір үйін түгелімен Балқашқа келем деуші Киік тұрғындарына берді. Заводқа жұмысқа орналастырды. Әлгі үй содан бастап "Киік үйі" аталады. Содан бастап Балқашта біздің ағайын-туыстарымыз, жақын-жекжаттарымыз, көрші жерлестеріміз тұрып жатыр.

Жерлестеріміз мекені — менің де мекенім. Балқаштықтар — менің жерлестерім. Үлкен кемеге кіші қайықтар тиеліп, алыс сапарға шығады. Алыс аралдарды көреді. Қияндағы елдерге жетіп, якорь тастайды. Үлкен Балқаш арқылы кішкене Киік үлкен сапарға аттанды. Үлкен істің жалына жармасты...

Балқаш — мен үшін көл, мен үшін ел, мен үшін ер деген үш тағанның топтамасы. Яғни үш алып бағандай көп арманды асқақтатқан үш бастау, үш тіреу.

Көл — байлықтың, сарқылмас қазынаның, бейбіт тірлік берекесінің ұғымы.

Ел — достықтың, туысқандықтың, бауырмалдықтың айнасы.

Ер — сол байлықты достық қуатымен игеріп, сарқылмас қазынаны туысқандық қарым-қатынаспен өндіріп, бейбіт тірлікті бауырмалдықтың игілігімен жасап жатқан халық бейнесі.

Дүниеде айырбасталмас қазына, сыйланбас мүлік жоқ. Бірақ туған жер мәңгілік жүректе қалады. Туған Отан топырағынан ажырамайсың. Ащы да болса терің тамған төбеңе көктем сайын гүл шығады, қызғалдақ алаулайды. Кермек те болса бұлақтың тастай суы —шөліңді басып, мейіріңді қандырады. Өткір де болса аязы бетіңді сүйіп — бойдағы булыққан қаныңды ду-ду тасытады.

Қоныстану қиын емес, тұрмыстану машақат, ұлым. Бірақ ауырды жеңер ел бар. Жол бастар қол бар. Балқаш — отызыншы жылдар алыбы. Иен даланың киігі ғана тұрақтаған, жолбарысы ғана жортқан шөлейтке қала орнайды дегенге осы ғасырдың алғашқы ширегінде ешкім сенбес еді.

Бірақ "талай тауды тесіп өткен" жұмысшы қауымды жұмылдырған үкімет ұранынан кеудесіне ұшқын, көзіне жалын, жүрегіне жылу тарамаған осы өлкенің бір де бір малшы-жалшысы болмағанын әкелеріміздің әңгімесінен білеміз. Аңызға айналған ертегідей еңбектерінің нәтижесін көріп танимыз. Танимыз да, социалистік құрылыстың жасампаз құдіретіне тағзым етіп, табынамыз.

Шөлейтке қала орнаса, далада завод дүбірлесе, жанында көлі толқыса, қиялдағы ғажайыпты өңінде өмірге әкелген өз өкіметіне ұрпағының ұрпағына дейін борышкер қазақ қуанбағанда қайтеді, мәртебесі өспегенде қайтеді?!

Сол ұрпақтың ұрпағы — мен. Ұрпағының ұрпағы — балам, сенсің. Анау маяктың жарығымен нұрланған көл не дейді?

— Білмеймін, папа. — Алмас қысыла бас шайқады.

— Күміс сыңғыры, қыз күлкісі, тағы тықыры, жел суылы, еңбек күйі, бозбала әні, ана әлдиі — анау көл тынысында. Еңбеккер кейіпінде. Аналық пішінінде. Көл жай керіліп жатқан жоқ. Жай ғана тыныстап жатқан жоқ. Көл ұлы еңбек үстінде. Анау заводтың құбырларын суымен жылытып, суымен салқындатып тынбай жұмыс істеп жатыр. Мынау көрікті қаланың жасыл желегіне нәр беріп, мыңдаған терезелерінен жылтыраған өмір сәуле-нұрынан көрінген шат жүздерге тірлік беріп, тынысын кеңейтіп, жұмыс істеп жатыр.

Балқаш — өзі аттас көлінде жағылған маяктай жан-жағына нұрын таратқан, шуағын жайған шамшырақ.

Балқаш — өмір отын тұтатқан, өмір таңын атқызған, адамға адамдығын танытқан мекен. "Жалшы" деген жалынышты естілетін жамау алғаш бұл өңірде қаланың ірге тасын салмақ боп тастақ жердің бірінші күрегімен алынған топырақтың астында көмілген.

Балқаш — жұмысшы атанып, жұлқына кірісіп, тарихтың жаңа беттерін қайла, күрекпен, қалақша, сүйменмен жаза бастаған, жүрегі бір соғып, тілегі тұтасып кеткен алғашқы екі жүз адам боп келген Москва, Ленинград пролетариатының өкілдері мен Ақтоғай, Қоңырат, Ақөлең, Бектауатаның кедей-батырақтары.

Менен біреу:

— Балқаштың түсі қандай? — деп сұраса,

— Балқаштың түсі қызыл, — деп жауап берер едім.

Өйткені таң атқанда қызарған күннің шұғыласы көл айдынын қып-қызыл алау нарт нұрға бояйды, Қазақ республикасы — адамзат дәуірінің мәңгілік атқан таңы. Ендеше, бостандықтың күні даламызды алқызыл шапағына бөлеп тұр. Балқашты өмірге әкелген —еңбек. Қызыл нұрға боянған көлдің жағасында әр жерде қол жалғасып қызыл оттар жанатын. Әр тұста қызыл шүберектерге ұрандар жазылатын. Әр сменаның, әр бригаданың озған құрметіне қып-қызыл жалаулар ілініп, құлпырып желбірейтін. Қуаныш белгісі —қызыл. Жеңіс белгісі — қызыл. Сұлулық белгісі — қызыл. Жосалы жотамыз да қызыл. Қызыл түс — от белгісі. От — өмір ұйтқысы. Туымыздың да нарт қызыл болуы тегін емес.

Сондықтан менен біреу:

— Балқаштың түсі қандай деп сұраса,

— Балқаштың түсі қызыл, — деп батыл жауап берер едім.

Әр жердің өз тағдыры болады. Жер тағдыры ел тағдырынан бөлінген емес.

Балқаш — менің бүгінгі қызығымның бастауы. Сенің ертеңгі нұрлы болашағыңның мызғымас кепілі, балам.

Балқаш — әр тілде сөйлейтін қала, бірақ бір ділмен түсініскен дене.

— Папа, осы Балқаш құрылысы қай кезде басталды, — деп енді Алмас кәдімгідей-ақ ынтыға қалды.

— 1932 жылы 29 июньде КСРО Ауыр өнеркәсіп халық комиссариатының коллегиясы "Балқаш мыс комбинатының құрылысы туралы" қаулысында негізгі өндірістік объектілердің, атап айтқанда: байыту фабрикасының, мыс балқыту заводының, жылу электр орталығының, қосымша жөндеу базасының және Бертіс түбіндегі қаланың орындарын бекітіп берді. Сәт сапар айтылып, жана тағдырдың есігін ашты.

Осы жылы құрылыс жұмыстарына жүз миллион сом күрделі қаржы бөлінді. Орталық облыстардан әр түрлі мамандық иесі төрт жүз елу жұмысшы кадрлері жиналды. Әр қилы тағдырлар солай тоқайласты. Балқаш төңірегінен суылдап құйылып жатқан жергілікті адамдар бауырмал құшаққа кенеліп, сан алуан мамандыққа баулыған орыс жұмысшыларының қамқорлығына алынды. Кешегі жалшы майталман балташыға айналды, қалаушы да болды, ұста да болды, сылақшы да болды.

Балқаш — әр тілде сөйледі, бір тілекпен түсіністі. Бірақ көп ұзамай тілдік кедергі де жойылды. Аға халықтың өкілдері — орыс жұмысшылары Балқаш аудандық партия комитетіне өтініш білдіріп, қазақ тілін үйрететін үйірмелер ашылуын сұрады. Осындай он төрт үйірмеде қазақ тілін үйренген құрылыс басшылары, прорабтар мен мастерлер, бригадир мен десятниктер ұйымшылдықтың үлгісін танытты. Қазақтар да орысшаға біршама жаттығып кетті.

Әкем айтатын:

"Нанның — хлеб, қардың — снег, жолдың — дорога, сүттің — молоко екенін білгенде, дүниенің төрт торабын шарлап шыққандай марқайғаным бар. Хлеб деп нан сұрай алсам, тарықпасымды білдім. Снег деп тоңғанымды білдірсем, жаурамасымды ұғындым, Дорога деп өмір жолымды басқалармен тоқайластырып, сүрлеуімді даңғылға түсірген соң, артымнан ақ сүтін — молокосын елім — анам ұстап тұрғанына көзім әбден жетті".

Әкем тағы айтатын:

"Бәрінен де біз "друг" деп, орыс достар "тамыр" деп бір-бірімізді арқадан қағысып, қабақпен түсініскен кездерді ұмытармын ба?! Менің ғұмырлық Черепан другымды табыстырған Балқашты әсте ұмытармын ба?! "Тамыр" қандай жақсы сөз еді! Достықпен байланысып, тірлігімізбен жалғасып, ортақ іс, ортақ мүдде арқылы тамырласып кетпедік пе. Сол кездегі тамыр жайған туыстық бүгінде тереңге бойлап, мына өзіңді, балам, Москваның өзінде оқытып жүрген жоқ па".

Балқаш — бүгінде ұрпақтар ұясы, аталар даңқы, аңыздар атасы. Ұрпақтар ұлылықты жалғастырып әкетті. Аталар даңқы көшелердің аттарында қалды, гранит тастардың қашалған бетінде қалды. Аңыз-естеліктерде жаңғырды.

Балқашқа қарай түске дейін ылди қуалап жел суылдайтын. Көлден түстен кейін ызғырық есетін, Тосатын желегі, қалқалайтын бұдыры болмайтын.

Бүгінде Балқашта жел аз, шуақ мол.

Табиғат бұрынғысынан өзгерген емес. Ауа райы да, құрғақ климат та баяғысындай. Бірақ сол қытымыр табиғатты иітіп, қатаң климатты жуасытқан — адамдар, балқаштықтар.

Алмас жан-жағына ойлана көз жіберді. Санасына әңгімем түрткі салды ма, бір аттап қасындағы сида ағаштың дінін құшақтады. Сыбдырлаған жапырақтарына құлақ түрді.

Қарсымызға шетен қалпақты қария жақындады. Қол беріп амандасты. Жөн сұрады. Мән-жайды айтып бердім. Баламды ертіп туған жердің ер-азаматы мен тарихын таныстырмақ ниетімді ықыластана құптады.

— Дұрыс. Жөн-ақ. Алмасжан, атамекеннің құпиясын білгің келгені өте жақсы, — деп еміреніп ұлымның маңдайынан иіскеді.

— Ағаштарыңыз жайқалып жақсы өсіпті, ата, — деді Алмас.

— О-о, оның тарихы көп, шырағым. Жаңалықтың ұйтқысы әманда жастар ғой.

Дудандық комсомол комитетінің мүшесі Шабленов деген жігіт комсомол жастарға: "Құрылысты көгалдандырамыз! Гүл-бақшаға бөлейміз!" деген ұран тастауға үндеген. Жастар батыл серпіліске, жаңа бастамаға қашанда дайын тұрады емес пе. Іле көтере жөнелдік.

Ол кезде шаршадым, қажыдым, дем алам дегенді білмейміз. Жылы құшағын ашқан жаңа өмірге зарығып жеткенде кімнің кежегесі кейін тартушы еді.

Жұмыстан қол босасымен күрек, қайламызды алып көшеге топ-топ боп шығамыз.

Алдымызда ту, төбемізде қызыл матаға керіп ұстап алған ұран. Аузымызда ән. Жастық әні.

Бір дем, бір лекпен жүрген адам еш уақытта шаршамайды. Шаршауды ұмытып кетеді. Ол көптің, коллективтің құдіреті.

Лек басында — Шабленов. Отты, уытты жігіт болатын. Маңайдағы тал-шілік, қарағаш өскен өзен аңғарларына барып, түбімен қазып алып, түйелерге теңдейтінбіз. Теңдеп әкеліп поселкаға тамырымен егетінбіз.

Көк өскен жерде көңіл өседі.

Тал бар жерде тіршілік тұрақтайды. Жасыл желек тамыр жайып, бүршік атқанда маңайымыз құстың әніне толып кететін.

Кішкене құстың сайрауық әнінде өмір жыры жататынын сонда ұғынғам.

Біздің бастамамызды райком қолдап: "Поселка тұрғындары құрылыс территориясына жүз мың түп ағаш отырғызуы керек!" — деген үндеу тастады.

Сол кездегі құлшынысты, қарағым, айтып жеткізе алмаймын. Қай тұстан, қай шаруашылыққа көмек сұраған, жәрдем тілеген ұсыныс білінді ме, бүкіл қыбырлаған жұртшылық бала-шағасына дейін бірі қалмай жаппай жұмылатын.

Қаланы жасыл желекке айналдыруда да Балқаш тұрғынының қол ұшын бермеген бір адамы қалмады ғой. Бесіктегі баласын емізіп кеп, жер қазып жатқан ананы көресің. Қазылған жерге мойнындағы алқызыл галстугы желбіреген шыбық қадап жатқан баланы көресің. Әне, ұйымшылдықтың көрінісі деп соны айт!

Балқаштағы ботаникалық бақ сол кезде орнаған. Ағаштың да әр түрі, әр парасы болатынын қыр қазағы сонда біліп едік. Бүгінде қала жасыл желекке оранып, ботаника бағы нағыз жаннатқа айналып кетті ғой...

— Қарияның әңгімесі әрине аңыз емес, Алмас. Бірақ аңыздан де кем емес. Аз ғана жылда шөлейт даладағы көл жағасында социалистік қала орнап, жасыл желегін желкен қып көтеріп, болашақтың ұлы жеңістеріне жүзіп бара жатты.

1934 жылдан бастап Балқаш құрылысы қарқынын одан сайын үдетті. Шығыс Қазақстан облысы 200 комсомолын, Алматы облысы 150 коммунисі мен 250 комсомолын, Оңтүстік Қазақстан облысы 75 коммунисі мен 125 комсомолын, Ақтөбе облысы 75 коммунисі мен 150 комсомолын, Батыс Қазақстан облысы 50 коммунисі мен 25 комсомолын жіберіп, бүкіл Қазақстанның түкпір-түкпірінің жәрдем-тілегін, ықылас-көңілін Көкше теңіздің жағасына көшіріп келгендей болды. Жаңадан келгендер құрылыс мамандықтарын тез арада игеріп алып, еңбек қарқынын еселеуге жан аямай ат салысты.

Әрине қиыншылық болмады, бәрі дайын болып, сақадай сай тұрды деу қиын, балам. Жол қатынасы ауыр. Темір жол салынбаған кез. Азық-түлік жетіспейді.

Бір ғана мысал нан төңірегінде.

"Металл — өндіріс наны" дейміз.

Нанның құдіретін басқаша жеткізе аламыз ба?

— Жоқ, папа!

— Нан — диқанның қуанышы мен сүйініші, уайымы мен қапылысы.

Ағашта өсетін нан жоқ. Ол — еңбек өтеуі, маңдай тер-моншағы. Ол — жұмыла жегілген халықтың ұйқысыз таңы мен тынымсыз әрекетінің қарымтасы. Сондықтан да әлемде наннан қадірлі, наннан қымбат, наннан қасиетті ештеңе жоқ. Нан — қайырымдылықтың белгісі. Нан өткеннің қадірін бүгінге жеткізген. Бүгіннің қасиетін ертеңге апарады. Нан —адамзат ойлап тапқан құдіреттің ішіндегі ең құдіреттісі. Нан — нәр. Нан — тірлік. Нан — дамылдауды білмейтін нағыз еңбекқор. Соғыстарда солдат боп айқасады. Бейбіт тірлікте ән боп жырланады.

— "Нансыз қарын тоймайды, тұзсыз ас татымайды". "Нан — ну, балық — су" дейтін орыс мақалдары бар ғой, папа! — деп Алмас қосарланды.

— Иә. Ол мақалдар тегін айтылмаған.

Ленинградтың тарихи музейінде әбден кеуіп, қарайып кеткен бір үзім нан сақтаулы тұр. Кепкен нан, қарайған нан. Бұл үзім — бір адамның блокада кезіндегі бір күндік қорегі. Бұл нанда ұн аз. Бұл нанда әр түрлі қоспа бар.

Салмағы 125 грамм ғана.

1942 жылдың 24 январынан бастап жұмысшы паегі Ленинградта 400 грамға дейін өскен. Өзегі талса да өжеттігін шыңдаған ленинградтықтар ақыры жеңіп шыққан.

Тағы бір документке көз жүгіртейік.

1934 жылдың октябрінде Қазақстанның өлкелік ВКП (б) комитетінде комбинат құрылысы жайлы жасаған баяндамасында құрылыс бастығы В.И. Иванов тұрмыстық қиын жағдайларға назар аударды.

Күнделікті жұмысшы паегі 800 грамм, жұмысшы семьясының әр мүшесінің паегі — 400 грамм. Ленинград блокадасының паегімен шамалас емес пе. Өндірістік товар жетіспей, отын табылмай жатса, бір тілім қара нанның құнын қалай қадірлемессің?! Қалай құрметтемессің?!

Үкіметіміз — Балқаш құрылысына қатты көмек көрсетті. Ұзамай нан да жетті.

Нан — тірлік. Нан — қосымша еселенген қажыр-қайрат.

Осындай қысылтаяң кезеңнің ауыртпалығын елетпей, шала құрсақ халін, суық бүрсеңдеткен күйін ұмыттырып, ілгері күннің жарқын нұрына жетелеген жастар — Балқаш құрылысының нағыз жалынды дем берушілеріне айналды. Сауатсыздықты жою үйірмелерін ашып, жұмысшы клубтарында әр түрлі тақырыптардағы кештерді ұйымдастырып, сембіліктер жасап, қиындықты жеңілдетуге тырысты.

Балқаш — ән мен жырдың өлкесі. Балқаш дегенде алғашқы құрылысшылар, бүгінде қай жерде жүрмесін, қай қалада тұрақтамасын, өз жүрегінің аманатын, ықылас ынтығын Көкше теңіз жағалауындағы жасыл желегі жайқалған жастық қаласына жолдап жатады. Сүйіспеншіліктерін сөзбен жеткізе алмаса да, сезіммен жырлай алатындықтарын толғанған көңіл күйлерінен көргем, кірпік ұшында дірілдеген шық тамшыдай жастарынан ұққам.

Ескі өлеңдер отызыншы жылдары жаңа жырлармен жаңғырған. Сол жырлар сары даланың желімен ұласып, көк теңіздің толқынымен араласып, еңбек күйінің ырғағы мен жалғасып, жұмысшының мықтап қаққан шегесіндей тапжылмай, завод құбырлары арқылы будақтаған түтінмен заңғар көкке өрлеп, ақ желкені керілген желқайықтармен теңіз төсін шарлап әлі күнге дейін тынбастан қалықтап тұр.

Жыр — көңіл тасқыны. Ән — жүрек тебіренісі. Ән-жыр бар жерде күйбеңдік қалмайды, күйкілік жоғалады. Жігер тасиды, қайрат шыңдалады. Жаңалық алады, рухани түлейді. Ән ойлантады, шамырқантады, еліттіреді.

Балқаш аудандық комсомол комитеті сол 1934 жылы жиырма жасын — жиырма мәдени шара ұйымдастырушыларын барақтарда тұратын жұмысшылардың арасына қоныстандырып, солар арқылы күнделікті тұрмыстың мәдениетін көркейтудің камын ойластырған. Жастар жүрген орта — көңілділіктің тұрағы. Соны орната біл. Дұрыс бағытқа сала біл. Керек болса — қолыңа домбыра ұста. Сырнайдың жез түймесін саусақтарыңмен құдіреттендіріп жағалатып өт. Болмай бара жатса, ағаш қасықтарды алып, құйқылжытып тізеңе соқ, кеудеге сок, ерікті алар ырғақ тап. Көкейден ән төгілсін, өкшең жер тепкілесін. Көпшілік жүрген жерде көңілсіздік жайламасын. Мекеніңді мерекеге толы күншуақ орасын. Жастарды жайраңдат. Жалынын шалқыт.

Барақтардағы жиырма жігіт, жиырма комсомол, жиырма мәдени шара ұйымдастырушылар сондай қуатты ұйтқыға айналып еді. Жыр көмейі ағытылып кетті. Ән тасқыны кернеп кетті. Күй сыңғыры қаулап кетті.

1934 жылдың 11 майы — балқаштықтар үшін ұлыстың ұлы күні. Сол күні орталық поселке барақтарының қасындағы жұмысшы клубында бұл өңірде бұрын болмаған алғашқы концерт берілді.

Өнердің алғашқы отауы шаңырақ көттерді. Аспанда ән қалықтап, алаулаған жүздерге көңілді күлкі орнады.

Концерт қоюшылар — көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысатын жергілікті талант иелері, он саусағынан өнері тамған күйшілер, күміс көмей әншілер еді. Қазақтың тума талант саңлақтары мен қазақ өнерінің жүйріктері еді.

Солардың бірі қазақ даласындағы цирк ойындарының өзіндік ерекшеліктерін әрі сақтап қалып, әрі жаңғырта дамытқан майталман ақын, зерек композитор Қошқарбай ұлы Шашубай болатын. Шакеңнің асқақ даусы "Аққайыңды" созғанда он саусағы боздаған гармоньнің тілдерін қуалай жүгіріп, қыдырып кететін. Ол өткенін өгейсіп, бүгінгі шат-шадыман өмірін жырлаған. Ақ қайыңдай жапанда жалғыз сарнаған әншілік ғұмырдың жаңадан қуат тауып, бүршік жарғанына қуанған. Халықтың кен қазынасымен қоса жүрек, көңіл қазынасын да қоса ашып, жаңа дәуірдің, жаңа заманның демей жететін, сүйеніш, медеу боп қолтықтап әкететін құдіретіне сүйсінген. Тақиясын бірде төбе құйқасын жыбырлатып қабағына төндіріп әкеп қондыра қойса, бірде желкесіне ылдилатып жіберіп, арынды әндерін аңыратқанда, ескі серік сырнайы сыңсып, сыңғырап, боздап, бебеулеп, арындап, ағылып, тамылжып төгілген.

Солардың бірі — бүгінде Киік станциясында тұратын домбырашы, күйші Мұхамеджан Оспанов. Олар — скрипкашы Әшірбек Тілешов, жеті жасар күйші бала Мағауия Хамзин, он жасар күйші бала — Сыдық Мұхамеджанов. Өнер құдіреті — жүрек кілті, жемісті шабыттың куәсі. Мағауия Хамзин бүтінде атақты домбырашы. Сыдық Мұхамеджанов бүгінде даңқы туған даласынан қанаттанып самғап ұшып, Отан аспанында шарықтап, шет елдерге кең тарап кеткен аса көрнекті композитор. Екеуі де Қазақ ССР-інің халық артистері.

Балқаш — ана. Ана дейтінім, алғаш күннен жаңа тірлігінің қайырмасын әнмен бастаған. Жаңа туған баласына бесік жырын бағыштамайтын ана болмайды. Ана әлдиі — алғаш естір әнің, алғаш сусындар бұлағың, алғаш татар рухани қорегің. Ендеше, Ана-Балқаш өз ұлдарына, өз перзенттеріне, өз құрылысшыларына толқыған көлімен ән боп жеткен. Уілдеген желімен күй боп құйылған. Сол перзенттері — Сыдық Мұхамеджанов, Мағауия Хамзиндер.

Қазіргі Балқаш қалалық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Сақатай Аманжолов осы әңгімені ұлым екеумізге айтып отырып, сөз соңында қолқа салды.

— Сыдық Мұхамеджанов ағайды Балқашқа бір рет келіп кетуге біздің сәлемімізді жеткізсеңіздер. Туған жердің түлегін туған елі көрер еді. Бүгінгі көркейген қаланың тұрғындары ән-күйін, опера, симфониясының үзінділерін естіп, қуана қол соғар еді. Бәлкім, туған, өскен жерінің азаматтарының ыстық ықыласы қанаттандырып, шабытын шақырып, Балқаш қаласы туралы, қаланың жасампаз жұмысшылары туралы жаңа бір ән шығарар ма еді. Азамат ұлдарын аялауды білетін ағалары да, інілері де, жерлестері де көп мұнда. Жаңа Балқаштың шалқыған жаңа әнін жабыла қосылып шырқап қалар ма едік...

Кім білсін, Сыдық Мұхамеджанов ағамызды гүлденген Балқаштың бүгінгісі, жарқын болашағы тебірентпей жүрген де жоқ шығар. Толғантпай жүрген де жоқ шығар. Бәлкім, дарынды ұланы тұсау кескен туған жерге әнін де, симфониясын да арнап, жазып жатқан шығар. Бәлкім жазылып, орындалып та қояр. Әйтеуір, қарыздар жүректің қарымтасы ересен болары сөзсіз. Осы жолдар арқылы мен де балқаштықтардың композитор ағамызға сәлемін жеткізіп, қолқасын білдіріп, өз міндетімді атқарғанымды сезінем.

Жыр тебіренген жүректен, ән толғанған көңілден туады. Жастықтың әні де, жыры да ерекше. Ол — еңбегі. Еңбегінің жемісі.

...1935 жылы Балқаш құрылысы 70 миллион күрделі қаржыны игерді. Игілікті істің, ауыр жұмыстың басы-қасында комсомол жастар жүрді. Бір ғана айдың ішінде құрылысқа кеңселер мен қосалқы мекемелерден екі жүз елу комсомол ауысты. Олар комсомол жастар бригадасын басқарды. Құрылысқа қажет мамандықтарды тез арада игеріп алып, социалистік жарыстың қарқынын үдетіп жіберді. Сол кезде бүкіл Балқаш өңіріне Н. Аюпов, Қ. Намазбаев, В.Алисин тәрізді бригадирлер мен С.Түндікбаев, А.Әукешев, Б.Тоқбергенов сынды еңбек екпінділерінің есімдері кең тарап кетті.

Еңбек жыры — үзілмейтін арқау. Ол жүректе туып, жүректе тұрақтайды. Базыл Тоқбергеновтың жүрек әні ұзағынан сүйіндірген. Он жасында байдың қозысын баққан. Он жасында табанына даланың шөгірі кірген. Он жасында көзінен қан аралас жас тамған. Сондағы жылдық ақысы-жетім лақ болатын. Он жасында тауға мұң шағып, зарлы әуенді бұлыңғыр аспанға әуелеткен. Бірақ күлкі беретін, қуаныш әкелетін жүрек әні ол кезде туа қойған жоқ еді.

Теңдік заманы Базылға да еркіндік берді. Жүрек әні булығып, кеуде керней бастады. Тоқбергеновты қамқор Отан қарауына алды. Қарсақпайдағы мыс қорытатын заводта оны электрдәнекерлеуші мамандығына баулыды. Жүрек әні бұлқынды. Комсомолдық жолдамамен Балқаш комбинатының құрылысына келіп, бригада басшысы болды. Жүрек әні — жүрек жырын тапты. Тынбай сайрап, толғанып кетті. Жүрек әні — еңбек жыры дегенім де сондықтан. Ана әлдиі — адамзат жырының бастауы болса, еңбек жыры — сол ана мейірімінен нәр алып, бүкіл өмірді қуаныш күлкісі мен жасампаздықтың нұрына бөлейтін толастамас ән. Базыл Тоқбергеновтың кеудесінде күмбірлеген еңбек күйі жанын жадыратып, ілгері жетеледі. Ол көп ұзамай аудандық комсомол комитетіне мүше боп кірді. Жүректе жаңғырған комсомолдық әуеннің жігерлі сазын Балқаш төңірегіндегі ауылдардың түкпір-түкпірінде жаңғырықтырды. Комсомол отрядына ілесіп, мәдени жорыққа қатынасты. Алыс ауылдағы жастарды жаңа тірлікке шақырып, Балқаш құрылысына жұмысқа келуге жар салды. Жас жұмысшының, еңбек екпіндісінің үгіті —жүрек жалыны болды. Жүрек әні, еңбек жыры барлық сөзден де сиқырлы еді. Топ-топ боп жаңадан құйылған жастар осы комсомолдық мәдени жорықтың үлгілі нәтижесінің көрінісі еді.

Базыл бойындағы жүрек жыры ұлы симфонияға ұласты. Тоқбергенов Қазақстан жастары тарихының тірі бейнесі, жарқын айнасы болғандай-ақ еді. Ол КСРО жаңа Конституциясының жобасын талқылауға қатысқан.

Сол туралы естелігінде Базыл Тоқбергенов былай дейді:

"Михаил Иванович Калининнің қабылдауында болған делегаттардың екі жасы — қазақ мен екем де, ең жасы үлкені — дана ақын, дария ақын қазақ Жамбыл екен".

Жас делегат — Балқаш құрылысының озат екпіндісі, комсомол түлегі — кешегі батырақ Базыл Тоқбергенов.

Ең қария делегат— ақ басты Алатаудың қарт қыраны, дүлділ ақын, жаңа заманда қайта түлеген, кешегі жалғыз аттылы кедей Жамбыл Жабаев.

Өмір иірімдері қалай тоқайластырады.

Өмір иірімін осылай үйлестірген замана жеңісі, Республиканың жеңісі. Әйтпесе, он жасында жалаңаяқ қозы баққан қойшы бала жетпіс жасына дейін жоқшылықтың зардабын тартқан, кеудесі күңіренген ақын ата осындай құрмет пен теңдікке жетіп, Ұлы Отанның елдігі мен бірлігін, теңдігі мен бейбіт өмірін қорғауға арналған заңды бекітуге қатыса алар ма еді, ұлым.

Жаңа заманның жаңаша әні — жүрек әні, еңбек жыры дегенде мен осындай игіліктерді еске алам, балам. Осындай игілік әкелген Отанға шексіз риза болған көңілімді білдірем. Осы игілікке күн сайын кенеліп, күн сайын рақатын көріп жүрген саған, ұрпақтарға —жеткіншектерге: "Жаңалық бастауын ұмытпа! Отан алдындағы парызың мен қарызыңды ұмытпа. Ел ырысын еселе. Отан мүддесін өз мүддеңнен жоғары қой. Отанда болса, от басында мол болады. Халқыңның қабағында кірбең болмаса, сенің де қабағың қатуланбайды. Бейбіт тірліктің берекесі — еңбек. Еңбек ете біл. Сенің қазіргі еңбегің —оқуың. Оқуда озат болсаң, еңбекте де озық боласың. Пайдаңды елің мен жерің көреді. Тың далада егін жайқалтсаң, мыңғырған мал өсірсең, жаңа кен көзін тапсаң, жас қаланы —Жәйрем сияқты болашақ мекенін көркейтсең, Байқоңырдан ұшатын жаңа космонавт -тұңғыш қазақ космонавты сен болмағанда кім болады?! Туған жерден ұшып космосқа шығып, космостан туған далаңа қайта кеп қонсаң — бүкіл бірлігі табыстырған халқың аялап алақанына көтермей ме?! Келешек қазақ космонавты болуға тырыс. Тырысыңдар!" — дер едім.

Бәрінің, бар жақсылықтың, бар арманның кепілі — жүрек жыры. Жүрек жыры үзіле көрмесін. Базыл Тоқбергеновтің кеудесін кернеген жастық әуеніндей ұзағынан сүйіндірсін. Еңбек жырын бойынан бір сәт аластатпаған Базыл Тоқбергенов Қарағанды облысы құрылғанда, облыстық комсомол комитетінің тұңғыш бірінші секретары болды. Облыс жастарының сүйікті басшысы болды. Қай жерде, қай жауапты орындарда істемесін Базыл жүрек әнін жоғалтпады. Партия, кеңес мекемелерінде әртүрлі қызмет атқарған ол Жезқазған қаласына оралып, қою-механикалық заводта құрметті демалысқа шыққанша мастер боп елеулі еңбек етті. Ондаған ізбасарларын тәрбиеледі. Жүрек әнін жалынды жырға ұластырды.

Балқаштағы үш жүз отыз алты бригаданың елуі комсомол-жастар бригадасы еді. Соның екеуін қос қарлығаш — қазақ қыздары Айша Омарова мен Сара Мәмбетова басқарған. Екеуі де көп құрметіне бөленген. Қайрат күшпен қатар нәзік сұлулық, қайырымды ізгілік жүрген. Айша мен Сара апайлар нәзіктік пен ізгілікті бүгінгі Балқашқа өз жандарынан мәңгілікке сіңіріп кеткен. Аманат қып табыстап кеткен.

Әкем айтатын:

— 1933 жылы Қарағанды-Балқаш темір жолын салуға аттандым. "Темір жол — өмір жолы" деген ұғымның кең тараған кезі. Комсомолдарға үндеу таратып, жол құрылысына шақыру берілісімен көппен бірге келіп, скреперщик болып орналастым.

Әрине, қазіргідей техниканың мол кезі емес. Көп жұмысты қолмен атқарамыз.

Иә, әкелер еңбегі ұмытылмайды. Ұмытылмақ емес. Өйткені әкелер еңбегі тарих беттерінде қалған. Тарихи оқиғалардың ескерткішіндей болып, ұлы құрылыстарда қалған. Қарағанды-Балқаш темір жолындағы жолаушы поезына мінген сайын мен марқұм әкеммен қайтадан табысқандай болам. Қайтадан әңгімесін естіп, ақыл-өсиетін тыңдағандай болам. Өйткені теміржол — өмір жолына шын айналып, ұлы Отанның батысын шығысымен жалғап, теріскейін күнгейге жақындатып қоймады ма. Ал рельсті тоқпақтаған доңғалақ әуені әкемнің үзілмеген әні боп жалғасып, отызыншы жылдар жастарының өжет рухынан хабар бергендей жаныма шымырлап құйылады. Доңғалақтар дүрсілінде әке жүрегінің лүпілі бар. Доңғалақтар әуенінде әкелердің еңбек жырының мәңгі сақталып қалған өміршең әні бар. Мен доңғалақ сазынан әкем әнін естимін. Әкем өсиетін ұғам. Әкеммен қайта кездесем. Сол шақтарда доңғалақ тарсылына, доңғалақ әуеніне іштей қосылып, сонау жас кезде әкеме арнап шығарған алғашқы сәби өлеңімді, сәби көңілдің ризалығымен тағы да әке рухына бағыштаймын:

Қолға алып кетпенді,
Тұрғыздың көпірді,
Жасадың өткелді...
Даланың қинады жауыны,
Қинады дауылы,
Төздің сен бәріне
Жүректің жеңді де дабылы.
Асықтың ілгері,
Сырыңды білемін.
Даланың қуаңды гүлдері
Өмірдің сол жолын
Балқашқа әкеліп тіредің...

"Балқашқа әкеліп тіредің..." Айтуға оңай. Құрылысы 1932 жылы басталған бес жүз жеті километрлік бұл жол 1935 жылдың күзінде бітпек болатын.

Бес жүз жеті километр. Сондай ара қашықтыққа қол күрекпен жал үйіп, төстабан (насыпь) төсеп, қайламен тас қашап, тау кесу керек. Қанша көпір тұрғызып, өткел жасау керек.

— Папа, сонда осы темір жолды қанша адам салған? Қарағанды — Балқаш өңірінің халқының шамасы жетпес еді, ә?

— 1935 жылы Қарағанды-Балқаш темір жол құрылысында он бес мың жұмысшы істепті. Олар — Ақмола мен Қарағанды, Жамбыл мен Шымкент, Қызылорда мен Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген колхозшылар, Түрксіб магистралін салған тәжірибелі теміржолшылар, Орта Азия мен Сібірден, Ленинград пен Горкийден келген мамандар еді.

Әкем, сенің атаң айтатын:

— 1935 жылдың 2 декабрінде үскірік аяз буып берді дейсің. Түкірігің жерге түскенше дөңгеленіп мұз боп қатып қалады. Өмірімде дәл сондай қақаған аязды бұрын-сонды көрмеген шығармын. Тұла бойымды мыңдаған инемен шабақтағандай шымырлата шаншып, бет қаратар емес. Бертіс станциясына небәрі жиырма ұшақ шақырым жер қалған. Қалайда сол жылы бітіруіміз керек. Алдымызда —"Темір жолды қашан жеткізесіңдер?" — деп құрал-жабдық, азық-түлік тосқан балқаштықтар, артымызда — біз салған темір жолмен ізбе-із келе жатқан жүк тиелген поездар. Екеуі де асықтырады. Асықпайық деген біз жоқ. Жұмысшы қауымы — уәдесіне берік қауым. Уәде бердің бе — өлтіріл орында. Үкімет нұсқауы солай. Халық талабы солай. Жұмысты тоқтатқан жоқпыз. Күндіз-түні лапылдатып, лаулатып әр жерден от жағып қойып, соның жылуы мен жарығында еңбек қарқынын үдетіп жібердік. 21 декабрьде Қарағанды-Балқаш темір жолы құрылысының бас инженері Чудовцев соңғы күміс костыльді қаққызып, нөмірі ЭМ -4880-ші паровозын ілгері өткізді...

ғ ЭМ -4880-ші паровоз.

Былайша қарапайым ғана жағдай, қарабайыр ғана паровоз сияқты.

Ойлап қарасаң, балам, — аңызға бергісіз тарих. Сол паровоз Балқаш қаласына, Бертіс станциясына Москва, Алматы, Қарағанды қалаларының өкілдері мінген вагонды ғана жеткізген жоқ. Сол паровоз Көкше теңіз жағасына кеңес адамдарының құдіретінің куәсін, уәдесіне берік жұмысшының еңбек нәтижесін, кеңес үкіметі қамқорлығын және бүкіл Отанның балқаштықтарға деген жәрдем-көмегін жеткізген.

Темір жол келді де, Балқаш алып Отанмен жалғасты. Қарағанды көмірін берді. Сібір ағашын берді. Орта Азия жемісін берді. Туысқандық алақанын созды. Бауырмалдық құшағын айқара ашты.

Бар болса, ғ ЭМ 4880 паровозының Балқаштағы Бертіс станциясының қасындағы тұғырда ескерткіш боп тұрғанын қалар едім. Өйткені еңбек жеңісін қадірлеуден өзгелерді қадірлеу туындайды. Отызыншы жылдар құрылысшылары — бүгінгі жастардың, сендердің аталарың. Өнегемен тәрбиелеу — өткенді ұмытпай, жаңғыртып отыру болса керек.

Қарағанды — Балқаш жол құрылысы сондай өнегелі істің ең жарқын көріністерінің бірі. Себебі ендігі Балқаш құрылысы бірнеше еселенген қарқынмен дамыды.

1936 жылы жылу — электр орталығын іске қосуға барлық күш салынды. Бұл кезде Балқашта жиырма екі мың, Қоңыратта сегіз мың адам тұрған.

Осы жылдың алтыншы январында стахановшылардың бірінші слеті болып өтті.

Слет — озық тәжірибе алмасу, еңбек қарқынын одан әрі үдету мектебіне ұласты.

1935 жылы Донбасс шахтері Стаханов ұлы бастама көтеріп, социалистік жарыстың тарихтағы жаңа бетін ашса, балқаштықтар сол көтермені қызу қолдап кеткен еді. Қазақстанның 15-жылдығына арналған еңбек вахтасына тұрған құрылысшылардың стахановшылар қимылына үлес қосқаны сондай, құрылыста жыл аяғында екі жүз қырық стахановшының есімі құрметке бөленді.

Таңғажайып ерліктің мысалдарын келтіре кетейін.

Тоғыз жүз кірпіш. Бұл — әрбір тас қалаушының бір сменадағы орта есеппен қалайтын жұмыс жоспары.

Осынша кірпішті қабырғаға қалау үшін тоғыз жүз рет кірпішке, тоғыз жүз рет лайға еңкейіп, тоғыз жүз рет қалап, тоғыз жүз рет сылау керек. Ал Фролов, Гусев және Мартыновтар сменасына бір мың төрт жүз-бір мың бес жүз кірпіш қалап, рекорд жасаған. Ол ол ма, 1935 жылдың 31 декабрінде тас қалаушы Мальцев өз сменасында сегіз мың сегіз жүз жиырма алты кірпіш қалап, үздік еңбек өнімділігін танытып, бүкілодақтық рекорд жасапты.

Рекорд! Бұл алып құрылыстың шежіресіне алтын әріппен жазылған мақтаныш, құдірет, жасампаздық емес пе?!

Бұрын желі ызғырып, долданған толқыны жарға ғана ұрып, жартасты ғана жаңғыртып, жағасындағы жұртының өксігін ғана тыңдаған Көкше теңіздің даңқы енді Қазақстанға ғана естілмей, ұлан байтақ Отанға қалықтап, шарықтап тарап кетті.

Рекорд! Ол өздігінен жасалмайды. Рекордты рухы жаңа, ары таза, ел мүддесін жоғары ұстаған жаңа дәуірдің жаңа азаматы — совет адамы тудырған.

Олар Мальцев пен Тоқбергенов.

Олар — электрші Ахметов, балға соғушы Бекеев, ұста Рыбаков, арматуршы Әділбековтер.

Балқаш құрылысының көлемі күн санап ұлғая түсті. Тәжірибе байыту фабрикасында Қоңыраттың тотыққан кенін балқытудың технологиясын қалыптастыру ойдағыдай жүзеге асты. Бұл технологияны байырғы коммунист И. А. Кочнев, инженер комсомол Камал Қадыржанов, Жармұхамбет Төленов және техниктер Л.В. Александров пен Н.Н. Семеновтар дайындаған еді.

Ендігі ән басқаша шырқалды. Ендігі жыр басқаша толғанды. Ән жеңісті мадақтады. Жыр еңбек жемісімен қанаттанды.

Ал әннің толғағы қиын, жырдың тууы қиямет екенін білмейтін жан аз. Әйтпесе ән шырқамас адам қалмас еді, жыр жазбас адам болмас еді.

Ендеше шыққан әнді үзіп алмауға тырысайық. Өз жүрегіміздің дүрсілін ән қайырмасына жалғап, қан тынысының бүлкілін еңбек жырымен ұластыра алсақ, бейбіт тірлікті зеңбірек үні, бомба гүрсілі, оқ бораны бұзбайтынына әлемдегі азаттық сүйгіш адамдардың тілек-талабы куә.

Балқаштықтар өмір әнін, еңбек жырын бір сәт толастатып көрген жоқ. 1936 жыл құрылысшылар ерлігінің тағы бір арай нұрына бөленді. Бұл кезде Қоңырат руднигінде алпыстан астам бұғылау станогы, он бу және электр экскаваторы, он алты паровоз бен мотовоздар жұмыс істейтін. Экскаватор машинистері Дудин мен Гончаров, Вергунов пен И.Литьяковтар жергілікті ұлт кадрларын даярлауда үлкен туысқандық, достық қамқорлық танытты. Кешегі көшпелі елдің малшы, жалшыларын өз мамандықтарына баулып, тез арада Қоғабаев пен Иманбаевтың, Ниязов пен Қаламбаевтың, Әлижанов пен Нұрбаевтың машинистің көмекшісі мен кочегарлық мамандықтарды меңгеріп шығуына жәрдемдерін аямады. Осындай білгір мамандардың арқасында 1936 жылы рудникте тау жынысына 517 тонна қопарғыш дәрі қойылып, бір ғана сәтте таудай төбені төңкеріп тастады. Осынау өндіріс жаңалығының бүкіл дайындығы мен есебін рудникке жаңадан келген жас инженерлер — Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев, Александр Михайлович Богатиков және Александр Яковлевич Лукьяновтер жүргізген еді.

— Бес жүз он жеті тонна қопарғыш... Нағыз ертегідегідей... — Алмас таңдай қақты.

— Иә! Ертегінің алыптары ғана бұрын тау төңкеріп, көл сапыратын. Ертегінің ғана алыптары адам қиялының өмірде болса екен дейтін алыс арманын, жеткізбес үмітін, ұстатпас мақсатын орындайтын. Ертегіде орындайтын, үмітпен жетелейтін.

Қиялдағы сол ғажайып көрініс енді өмірдің өзінде жүзеге асты. Ертегіден де артық құдіретімен, қиялдағыдан да артық кереметімен көзді ашып-жұмғандай сәтте, бауырына ғасырлар бойы басып жатқан қазынасын жұрт көзінен қызғанған төбені төңкеріп тастап, болашақ ашық карьердің қақпасын ашты. Сөйтіп құрылысшыларды еңбек ерлігінің тағы бір арай нұрына бөледі.

Арай нұр.

Ол жұмысшы жүзіндегі күлкіде. Ой қуатын бой қайратына жеңіп беріп, жүздеген, мыңдаған адамның қолмен атқарар ісін бірер сәттік қопарылысымен тындырған жігерлі инженерлердің ырза болған пішінінде.

Ол жаңа дәуірдің тұс-тұстан ентелеген, кеуделеген өзгеше тірлігінде, туысқандық қасиетінде. Бүкіл Отанның бір мүддеге ұйысқан ғаламаттығында. Берік тұтастығында. Мызғымас достығында.

"Қадіріңді білмек болсаң, балам, қонақ шақыр", — деуші еді әкем. Осы сөзінің қасиетін енді-енді ұғынғандаймын.

Қазір жаюлы дастарқаныңа есігіңді тықырлатпай-ақ келетін достар аз ба? Бірақ дос қуанышыңа жиналмаса, қайғыңа ортақтаспаса, дос болып жарыта ма?

Балқашқа қонақ шақырылмаған. Балқашқа ниеті бір, тірлігі табысқан, тілегі қабысқан ұлттардың өкілдері келмеп пе еді? Иә, келген. Қонақ емес, қожа болу үшін, ортақ дастарқанның ырысын қосыла шалқыту үшін, ортақ байлықтың көзін бірлесе ашу үшін келген. Келген де, халықтар достығы деп аталатын қадірін тапқан. Отан мүддесі аталатын қасиетін ел мен жерге айғақтаған.

1938 жылдың мартында байыту фабрикасының барлық механизмдерін сынап жүргізіп көру басталса, бір айдан кейін-ақ, 23 апрельде алғашқы мыс концентраты алынды. Алғашқы мыс концентраты! Байқап отырсың ба, Алмас. Балқашта сол кезде алғашқы, тұңғыш деген атаулар күн сайын туындаған. Алғашқы коммунистік сенбілік, алғашқы стахановшы. Тұңғыш комсомолдың үйлену тойы...

Алғашқы қопарылыс...
Тұңғыш коммунист — қазақ әйелі...
Алғашқы инженер-байытушы қазақ...
Алғашқы мыс концентраты!

Тұңғыш мыс, қара мыс алатын күнде де алыс емес-ті. Осы тұңғыштар мен алғашқылар алыптың өзі, алыптың көзі болатын..

Алғашқы мыс концентратын берген сменаның адамдарын бүкіл Балқаш білген. Әлі де білетіндіктеріне сенем.

Сол күнгі сменадағы аға классификаторщик Серікбай Талпақовтың, флотатор Әубәкір Әлімжановтың, қойылтушы Ақаш Әубәкіровтың, байытушылар Қабдырахман Құрышевтің, Айтқан Арымқановтың, Әділбай Әділбековтың, Құлымжан Ершойыновтың қуаныштарында шек болды ма екен?! Осы азаматтардың сол күнгі жүрек тебіренісін, көңіл толқуын шамалап болса да сезе алсам керек.

Меңіреу даланы кешегі жалшы, батырақтары комбинат басшылары мен партия комитетінің ұйғарымымен еңбек вахтасына тұрып, алғашқы мыс концентратын алу құрметіне ие болған ғой. Халқының ғасырлар бойы армандап, ертегі мен қиялында ғана ұрпағынан ұрпағына табыстап келген өсиетін орындап, қара жердің қыртысында көктас пен топырақ боп жатқан тау жынысынан алғашқы байлықтың көзі — концентратты қолдарына ұстағанда кеуделерін кернеген қуанышты қағаз бетіне ақындар ғана түсіре алар.

Сол кезде Балқаш туралы ағытылған Қазақстан ақын-жазушыларының өлең-жыры соның куәсі емес пе? Кештеу болса да, Балқаш құрылысшыларының ерлігін жырлаған жыр-дастандардың әлі де соғылып жатқан әсем күмбезіне осы кітапшаммен мен де бір кірпішін қаладым деп есептеймін.

Ал бірақ Балқашта сол кезде-ақ жиырма мыңнан астам ақын тұрған. 1937 жылы апрельде Балқаш қала атанған. Қаладағы барлық тұрғын, менің ойымша, сол кезде-ақ ақын болған. Өз қаласына деген сүйіспеншілік, өз ісіне деген ынтықтық, ортақ мүддеге деген ықылас қаланың бар-бар жанын шабытқа бөлеп, кеудесін ән мен жырға күмбірлетіп қойған. Өйткені асқақ әуенді оларға күні-түні тынбаған еңбек жыры үйреткен. Құрылыстағы әр объектінің жанында лапылдаған оттар жалыны, әр үйдің қабырға, маңдайшасында жарқыраған электр шамының нұрымен көз тартқан ұрандар үйреткен. "А" кварталындағы төрт қабатты он алты үйдің әр пәтерінен шыққан той жыры, бесік жыры үйреткен.

Көрдіңіздер ме, Балқаштың өз перзенттері туып жатыр. Тұңғыш Балқаштық сәби ол. Тұңғыштардың тұңғышы. Алыптардың құрдасы. Тал бесік сықырына ана әлдиі жалғасты. Өмір құдіреті тағы да ұлылық тапты. Ендігі бесік жырын завод гудогы, рудник техникасының үні, құрылыс ырғағы, көлдің кең тынысы қосыла жырлайды. Балқаш алғашқы мыс концентратын туғызды. Балқаш тұңғыш сәбилерін дүниеге әкелді. Ол елімізбен бірге адымдай аттап, Отанымызбен бірге қарыштап қадамдады.

Балқаш — жастық қаласы. Өнер мен білім отауы. Спорт пен мәдениет ошағы. Жастар өнерге ұмтылды, білімге талпынды. Спортпен шұғылданып, мәдени-көпшілік жұмыстарға араласты. Кейін бәрін жинап-теріп игеріп аламыз дейтін керенаулықтан аулақ болды. Алып заводтың ғимараттарымен қабаттаса тұрғын үйлердің кең көшелері сап түзеді. Кең көшелерде есігін айқара ашқан үш жүз кереуеттік аурухана, он жеті дәрігерлік пункт, емхана, жедел жәрдем көрсететін станциялар орын тепті.

Он екі асхана, бірнеше дүкен, екі почта үйі тұрғындарды түрлі тұрмыстық қажеттермен қамтамасыз етті.

Қоғамдық жұмыстардың және бос уақытты мәдени ұйымдастырудың орталығына айналған жұмысшы клубы мен әр түрлі спорт базалары сол кезде-ақ үлгілі істерімен мақтауға ілінген.

Орталық клубта қазақ жастарының театры, домбыра оркестрі, төрт драма үйірмесі, үш хор үйірмесі жұмыс істеп, мәдениет ұйтқысы болды.

Қазақ жастарының театры.

"Театр" деген сөз сол бір қарбалас кезеңде-ақ екі-үш жыл төңірегінде Балқаш атырабына кең тарады да кетті. Меңіреуліктің түкпірінен шырқау заңғарда шарықтаған елдің көңіл күйі емес пе "Қазақ жастарының театры". Ол үлкен сахнаға шықпай-ақ қойсын, бірақ "режиссер", "спектакль", "рампа", "репертуар", "премьера" деген сиқырлы сыңғырлаған сөздерімен-ақ ауылдан келген қараңғы жастарды мәдениеттің асқарына қолынан іліп алып, жетектей жөнелді емес пе. Мәдениет, өнер, өсу, кемелдену басқыштары емес пе бұл.

Мен үкіметіміздің кемеңгерлігін осы жан-жақты қамқорлығынан, адамға, әсіресе патша, заманы тұсында бұратана халық аталған алыс өлкедегі көшпелі қазаққа жасаған ізгілігінен анық көрем. Анық көрем де, алқымыма тығылған ризалық жасыммен, кеудеме толқындаған шексіз алғысыммен басымды иіп, тағзым етем.

Әр халықтың әр түрлі әдет-салты бар, балам. Әр түрлі мінез, табиғаты бар. Ол ғасырлар бойы қалыптасқан. Сол салт-дәстүрлердің жақсысын жаңғыртып, жаңасын туғызған да өмір, тірлік заңы. Оны дүниеге әкелген, Балқаш өңірінде тірілткен халықтың тарих ортақтығы қуаныш ортақтығы керек десеңіз, қам-қарекет ортақтығы.

Ат жалында ойнамаған қазақ жоқ. Бәйгеге шауыл, көкпар тартып, күреске түсу — қанына сіңген. Бұның бәрі спорт деп аталатын дене шынықтыру мектебінің қарапайым түрлері.

Балқаш өз тұрғындарына спорттың мәдени түрлерін де кең ұсынды. 1935 жылы спорт базасында 300 жұп шаңғы 600 жұп коньки болған. Бұл қала көк мұз айдынынан кенде емес. Көлдің бетіндегі қарын жаптырта тазаласа — жетіп жатыр. Аяғыңа коньки байла да, сырғанай бер.

Аэродромдағы 8 оқу-үйрену самолеті мен 15 планерлік үйірме жастарды парашютпен секіруге жаттықтырды. Әсіресе қыздар арасынан ең алғаш парашютпен секірген Қапиза Қадіржанова мен М. Жүнісованы, олардың ізінше көк төсінен қалықтап түскен сылақшылар бригадирі Сара Мәмбетованы көз көргендер әлі күнге айтып отырады.

Парашют... Қазақ қыздары.

Бұл екі ұғымды содан 10-20 жыл бұрын бір тіркеске сыйғызу түгіл, ойға алудың өзі қиын еді ғой. Парашютпен секіру дегенді айтпағанның өзінде, самолетпен ұшудың не екенін білмейтін қыр еліне жеңіс шапағатымен бірге келген әйел тендігінің құдіретін түсінесің бе?

Қазақ қыздарын теңсіздікте ұстаған бай, молдалардың жауыздығын кітаптан оқып білдің ғой, балам. Әжеңнің әңгімесінен де естідің.

Естісең, қалыңмал дейтін еріксіздік қамытын, теңсіздік бұғауын түсінесің.

"Қызға қырық үйден тыю" дейтін аңдығыш көз, қозғалтпас бұйрықты және білесің.

Енді ше. Азат қыз теңдіктің арқасында еңбек етіп, ел құрметіне бөленді. Бригада басқарды. Самғап көкке ұшты. Ержүректік танытып, тұнық аспаннан тұңғиық тереңге атылды. Қанат бітіп, парашютпен қалықтады. Сол Қапиза, Сараларды биікке самғатқан, туған даланың көгіне көтерген Отан құдіретіне тағы да бас июлеріңді өтінер едім. Мейірімді көңілдің кендігіне құлшыныңдар дер едім.

Балқаш өз төсінде толықсыған ұландарын көгіне ұшырып, төбесіне көтерді.

Соның бірі — Әубәкір Әлімжанов. Алғашқы мыс концентратын алушы бірінші флотатор. Ұлы Отан соғысы жылдарында ол комсомол — жастар сменасын басқарды. Қатардағы жұмысшыдан комбинат цехының басшысына дейін өсті.

Балқаш өзінде түлеп ұшқан перзентін ардақтап, мәртебесін көкке жеткізді. Ерлік еңбегі үшін, елгезектігі мен сергектігі үшін қала жұртшылығы оны 1946 жылы КСРО Жоғарғы Советіне депутат етіп сайлады. Комбинатта қазір Әлімжанов Әубәкірдің балалары істейді. Олар әке даңқын жемісті еңбегімен жалғастырып жүр.

1938 жылдың 13 июлінде бірінші шарпу пеші іске қосылып, металлургиялық өндірістің алғашқы алауын тұтатты. Көп ұзамай бірінші конвертер өз жұмысын бастады.

24 ноябрь. Кешкі сағат жеті. Бұл сәт балқаштықтар үшін мәңгі ұмытылмас қуаныш. Дәл осы сағатта Балқаш комбинатының бірінші конвертеріне оттегі беру тоқтатылып, астау-ожау жақындатылды.

1938 жыл. Ноябрьдің 24-і. Кешкі сағат жеті.

Балқаш тарихының ең жарқын беті.

Комбинаттың алтын әріппен жазылған шежіресі. Конвертер астау-ожауға алғашқы балқыған мысын төңкерді. Қызыл металл қызыл ожауға құйылып, қызарып терлеген жүздерде қуаныш, бақыт нұры ойнады.

Дүниеге ең алғашқы балқаш мысы келді!

Конвертердің өңешінен сол сәт күн туғандай, таң шұғыласы тарағандай болып еді.

Болып еді емес! Күн туғаны да рас. Таң шұғыласы тарағаны да ақиқат.

Бүкіл Отанның жәрдем-көмегімен Көкше теңіздің жағасындағы жас қаланың өмір үшін, бейбітшілік үшін, болашақ үшін қолдан жасаған ғажайып ерлігі еді ол.

Балқаш мысы!

Айналасы он-ақ жылдың ішінде, 1928 жылдың август айында М.П.Русаков тұңғыш рет Балқашқа геологтар экспедициясына аттанған күннен бері он-ақ жыл өткенде, болашақтың әсем қаласы орнап, болашақ күндердің игілігіне бағышталған Балқаш мысы таң нұрындай алаулап туды.

Британдық финанс олигархиясының ірі жетекшісі Қазақстанда корпорация ұйымдастырған Лесли Уркуарттың Совет өкіметіне: "Балқаш маңындағы қазақ даласын шұқылауыма рұқсат беріңдер. Сіздер ол маңайға берісі елу, арысы жүз жылдың ішінде маңайлай алмайсыңдар", — деген сандырағы да, буржуазия баспасөз бетінде Қазақстандағы мыс алыбы құрылысына таңылған: "Большевиктердің Балқаш көліндегі бос ертегісі", "Балқаш комбинаты құрылысының күйреуі", — тәрізді неше түрлі өсек, лақаптары да адыра қалды.

Біздің халықта "Ит үреді, керуен көшеді" дейтін данышпандық мақал бар. Шәуілдеп үрген капиталистік елдердің кейбір сәуегейлері біздің социалистік ұлы керуеннің шаңына да ілесе алмай, құм қауып қала берген.

Балқаш мысы — алғашқы мысы қызарып балқып, ырыс дариясындай бірінші конвертерден астау-ожауға ғана құйылып қоймаған, ол мыс мың градустан астам ыстығы мен қомағай өңештер мен сәуегей көмейлерге де құйылған.

Балқаш мысы шын мәнінде ақ таң боп атқан. Кең әлемге Отан құдіретінің жаңа бір айғағын көрсетіп, шашыраған алау ұшқынын таң шуағындай жамыратқан.

Жеңісті бағалай білу керек. Қадірлей, қастерлей білу қажет. Ол — өткенге құрмет, бүгінге үлгі, келешекке өсиет.

Балқаш мысы туған күн Балқаш мысына ойылып жазылып, Балқаш комбинатының металлургия цехы үйінің босағасында мемориал тақта бой жапсырулы тұр.

Ол кезде қазіргідей автоматты құю машинасы жоқ еді. Металлургтер қарадүрсін қалыптарды дайындайды. Сосын 50 тонналық көпір кран астау-ожаумен балқыған мысты мың сан ұшқынын жамырата құяды.

Арнайы қалыпқа штык түрінде алғашқы мыс құйылып, оның бетінде "БМЗ 24-XI-1938 г. черновая медь" деген жазу жарқырады.

Байқап отырсың ба, балам, құйылған мыстың штык түріндегі символдық мәнін. Балқаш мыс заводының 24 ноябрьде туған қара мысы ә дегенде-ақ Отанды қорғау, оның құдіретін өсіру, қайратын асыру жұмысына арналды.

Тағы да дерекке жүгінейік. Алмас, мә, мынаны оқышы, — деп "Правда" газетінің 1938 жылғы 25 ноябрьдегі санын ұсындым.

— Мына белгі қойылған жерінен бастайын ба... — Ұлым даусын қырнады:

"Балқаш көлінің жанындағы Қоңырат даласынан большевиктер мыс кенін ашты. Міне, енді төбенің етегінде әлемдегі ең үлкен мыс рудниктерінің бірі жұмыс істей бастады. Рудниктің жанында 6 мың халқы бар қала бой көтерді. Зәулім үйлер, клубтар, мектептер салынды. Кешкілік электр оттары самаладай жарқырайды.

Қоңыраттан 18 километр жердегі Бертіс түбіндегі Балқаштың шөлейт жағалауында Совет одағының түсі металлургиясының мақтанышы — Балқаш комбинаты салынып жатыр. Қазірдің өзінде-ақ осынау алып социалистік индустрияның ең озық техникамен жабдықталған көптеген цехтары мен агрегаттары өндірістік эксплуатацияға берілді. Кеше ғана ағызылған 45 тонна қара мыс — комбинаттың ақтық дайын өнімі — бастама ғана"— деп жазылған...

— Иә, бұл бастама ғана, ұлым.

Комбинаттың даңқын аспанға шығарған еңбек жеңістерінің бастамасы. Даңқ тұғырының іргетасы еді ол.

Балқаш мысы үшін ерлік күресіне қазақтар мен орыстар, украиндер мен белорустар, татарлар мен өзбектер, грузиндер мен армяндар т.б ұлы Отанымыздың ондаған ұлт өкілдері қатысқан.

Ондаған ұлт өкілдері.

Сан түрлі, әр тілді адамдарды біріктірген Балқаш. Комбинат құрылысы. Соған шақырған ел үндеуі. "Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару" дегеннің нағыз ақиқаты да осы. Жұмылған жұдырықты ашу қиын. Жұмылған жұдырық тас илейді, тау үгітеді. Бес саусақ біріксе — жаға жырта алады, жамау сала алады, су көсіп ішеді. Бірімен бірі тұтасып алақан құрайды. Бірі сыздаса, басқасы ауырады. Біздің халықтар достығы одан да берік. Өз тауын сүйген ұлан басқаның қаласын да ұнатады. Шөлін ардақтаған азамат өзгенің көлін де қадірлей біледі. Өйткені туған жер — ана. Анасын сыйламаған, басқаны жарылқай алмайды.

1940 жылы декабрьде молибден байыту тәжірибе фабрикасы Қоңырат мыс кенінен қосалқы өнім — молибден алу технологиясының өндірістік сынағын өткізді.

Молибден — халық шаруашылық және қорғаныстық мәні зор металл. Отан сақшысының қатарына енді Балқаш молибдені келіп қосылды.

***

Бейбіт өмірге соғыс өрті араласты. Еңбек жырының қайырмасына зеңбірек дүмпуі қосылды.

Отанымыздың шебіне тұтқиылдан басып кірген гитлершіл Германияның шабуылы балқаштықтардың да кеудесін кекке, жанын ашу-ызаға толтырды. Ендігі ән-жырға намыс қажыры құйылды.

Бізге ұзақ жылдар бойы Балқаш комбинатының кәсіподақ ұйымы комитетінің төрағасы болып істейтін Рахман Кенбаев аға жолықты. Әңгімешіл екен. Сапар мақсатымызды естіп білген соң бір әңгіме бастады Рәкең.

— Алмасжан, өткенді естіп, ұғынып өскендерің өте жақсы. Соғыс кезі... Ол кез ұмытылар ма...

Соғыс басталғаннан-ақ қоңыраттықтар мен балқаштықтар еңбек қарқынын күрт еселеді. Ендігі қайрат-жігер еңбек майданындағы тасқындаған өндіріс өнімділігімен есептелмек. 23 июнь күні экскаваторшы Д.И.Кожин сменалық жоспарын 204 процентке орындады. Металлург цехы бұл күні қара мысты әдеттегіден едәуір артық ағызды.

Соғыс Балқаш тұрғындарының қалыптасқан тірлігін шайқап кетті. Азаматтар Отан қорғауға аттанды. Станция маңы шығарып салушыларға толды.

Заводтағы ерлерінің орнына әйелдер келіп, жұмыс қарқынын тоқтатпай жалғастырып әкетті. Алғашқы аптаның ішінде-ақ станоктар мен агрегаттардың тұтқасы төрт жүзден астам әйелдің қолына өтті.

Кеше ғана олар бірі жарын, бірі бауырын, бірі баласын Қызыл Армия қатарына аттандырып, аман-сау жеңіспен оралуын тілеп, батысқа мұңлы көзін қадаған еді. Ал бүгін шарпу пешін қыздырып, металл ағызып, кен байытып, қолдарынан келгенше майданға жәрдемдесіп жатты.

Олар — смена бастықтары болған А.И. Климова мен И.А. Стародубцевалар. Олар — партия ұйымының секретарлары боп сайланған Н.М. Мурзина мен А.И. Арнаутовалар. Олар —паровоз машинистері Е.И. Ширимова мен Е.И. Козловалар...

Көкше теңіздің көбікті толқынында тағы да еңбек пен жауынгерлік даңқтың құдіретті шұғыласы жарқырады. Балқаш заводының өнімі майданға аса қажет нәрсе — оғы мен снаряды еді. Соны жүрегімен сезінген, жанымен түйсінген кеншілер мен металлургтер жанқиярлық еңбектің үлгісін көрсетті.

Тағы да дерекке сүйенелік.

1941 жылдың сентябрінде бірінші шарпу пеші тоқтап қалды. Жай уақытта мұндай аварияны жөндеу үшін отыз сағат уақыт кететін. Ал бұл жылы металлургтер пештің сууын тоспай-ақ, оның әлденеше жүз градустық ыстығына қарамастан агрегатты он сағат отыз минутта-ақ жөндеп, іске қосты.

Міне, мұның жауынгерлік ерліктен несі кем, балам.

Ерлік оқ бораны астында ғана тумайды. Ол — қажеттілік салдарынан кілт өршіген сана сезімнің, Отан сүйгіштіктің, неғұрлым мол пайда тигізсем дейтін жауапкершіліктің ширыққан сәті. Ерлік — елін сүюдің жарқын көрінісі. Азаматтығын ақтаудың нұсқасы. Жауына деген тұла бойда бұлқынған кектің, долданған ашудың, буырқанған жігердің шарпуы. Жарқ-жұрқ атылуы.

Екінші конвертер күрделі жөндеуден өту үшін тоқтатылды. Оны жөндеуге А. Бұқаев, А.Әбдіғалиев сияқты мамандардан құрылған бригада күніне он сегіз сағаттан жұмыс істеп, цехта түнеді. Жанқиярлық еңбек ету осы емес пе?! Отансүйгіштіктің үлгісіне бұдан артық мысал таба алар ма едік?! Смена басшылары Ж.Тілеуқабылов, М. Крупин және Ф. Бундиндер пеш жөндеудің десятниктері боп сайланып, жоспардағы үш жүз сағаттың орнына конвертерді тоқсан төрт сағатта күрделі жөндеуден өткізіп, қайтадан іске қосты.

Балқаш мысы қайтадан оқ боп құйылды. Снаряд боп зуылдады. Солдат боп соғысты. Жеңіс күнін сәт сайын жақындата түсті.

1942 жылы май айының басында Қалибековтың сменасы молибден беруді бастады.

— Молибден не үшін аса қажет еді? — деп сұрақ қойды Алмас осы тұста.

— Молибденді болатқа қосса — ғаламат берік темір қоспасы жасалынады. Молибденді болат— бронь деген сөз. Яғни танк жасау үшін табылмайтын берік қоспа.

Балқаш молибдені бронь боп оққа кеудесін төсеп, снарядқа төтеп беріп, совет танкшілерін мызғымас берік қалқан, мойымас мықты сауытпен қамтамасыз етті.

Егер 1942 жылы Балқашта өндірілген молибденнің жылдық мөлшерін жүз процент деп есептесек, балқаштықтар Отан қорғау мүддесіне келесі жылы жүз жетпіс процент молибден жөнелткен. 1944 жылы жүз сексен сегіз процент беріп, 1945 жылы молибденнің мөлшерін екі жүз отыз процентке жеткізген.

Балқаш сол отты жылдары елімізде өндірілетін бүкіл молибденнің едәуір бөлегін жалғыз өзі өндіріп, жерде танктерді жүйткітіп, көкте самолеттерді самғатып, суда катерлерді сумаңдатқан.

Балқаш молибдені бірліктің символы болып, талай ғұмырды сақтап қалған. Жеңіс күнін —бейбіт өмір шуағын Отан көгінде жарқыратуға үлкен үлес қосқан.

Европаның бүкіл байлығын соғыс ісіне арнаған гитлершіл Германия осал жау емес еді. Сондай жан-жақты қаруланған басқыншыларды жеңу үшін, туған жерден түре қуып шығу үшін совет адамдары ештеңесін аяған жоқ. Асыл білезік, алтын сырға, айлық пен жалақысын жинап беріп, Қызыл Армияның жауынгерлерін әскери техника, жылы киім, азық-түлікпен қамтамасыз етуге барын салған бүкіл елдің бастамасын балқаштықтар да жалғастырып әкетті. 1942 жылдың январында Балқаш қаласының тұрғындары шүйілгіш самолет жасату үшін қырық мың сом қаржы жинап, майданға үш мың жылы киім жөнелтіп жіберген еді.

Тағы да дерек:

"Балқаштық жолдастар, мен сіздерді еңбек қарқындарыңызды он еселеп арттырып, майданның алдыңғы шебінде жүрген біздерге жауға күйрете соққы беруге жәрдемдесуге шақырамын. Сіздер қорытқан мыс жаудың ажалын әкеледі, әрбір артық берген бір килограмм металдарыңыз бізге ондаған, жүздеген гитлершілерді құртуға көмектеседі, олардың күйреу сағатын жылдамдатады," — деп қырық үш фашисті өлтіріп, жаудың бір танкісі мен бронемашинасын жойған Жауынгерлік Қызыл Ту орденінің кавалері балқаштық солдат, бұрынғы теміржол цехының диспетчері К.Қазымбетовтың майданнан жазылған хаты мыс заводында жоспардан тыс өнім алудың ұйтқысы болды.

Металлургтер жыл аяғына дейін екі жүз мың киловатт-сағат электроэнергия, екі жүз тонна отын үнемдеуді ұйғарды. Шығыс Қоңырат кеншілері жоспардан тыс молибден рудасын өндіріп, екі демалыс күнінде ақысыз еңбек етуге уәде етті. Олар уәделерін артығымен орындап та шықты.

Өлім алқымнан алғанда, елім өмір үшін соғысқан. Өмірдің болашағы үшін, мен үшін, балам, сен үшін, алдағы келер ұрпақтар үшін соғысқан. Майданда солдаттар, қала мен далада еңбекшілер бел шешпей, тізе бүкпей алысып, арпалысып, жеңіс кілтін екі жақтап жасап жатты.

Аналар шұлық тоқыды — ұлдарының аяғы жылы жүрсе, бойын суық алмайды, күш-қуаты еселенеді.

Арулар қолғап тоқыды, кисет, орамал кестеледі — жан жарының қолы жаурамаса, көңілі тоғайса, жауға жасын боп тиерін, белін сындырып, омыртқасын опырарын білді.

Кәрі-жас барын, тапқанын майданға жөнелтті.

Балқаштықтардың патриоттық ерлігінің куәсін тағы бір сарғайған қағазды алдарыңызға тосып, тебіренген көңіл күйімді өздеріңізбен бірге бөліскім келеді, — деп Рахман аға газет қиындысын балама ұсынды. Алмас оны дауыстап оқыды:

"Қазақстан гүлзары" атты танк колоннасы мен "Балхашец" самолеттер эскадрильясын жасау үшін алты жүз мың сом қаржы жинаған Қоңырат кеншілеріне менің туысқандық сәлемім мен Қызыл Армияның алғысын жеткізуді өтінем. И.Сталин".

— Бұндай телеграмманы мыс заводының коллективі де алған. Алған да мыс пен молибденді жоспардан артық өндіру үшін жұмысшы уәдесін берген, — деп Рәкең әңгімені қайта жалғады. — Жұмысшы уәдесі — жоспардан тыс өндірілген металл болып, жау кеудесіне түйрелген.

Балқаш мысының жауынгерлік құдіретін, Алмасжан, енді мысал арқылы түсіндіре кетейін.

Алмас шапшаңдық танытты:

— Бір тонна мыс 72 миллиметрлік зеңбіректен атылатын екі жүз жиырма бес снаряд жасауға жететінін оқығам.

— Металлургия цехы жоспардан тыс әр ай сайын жиырма екі тонна мыс беріп отырған. Енді есептей бер, балам. Қаншама снаряд қосымша өнімнен алынып, қаншама снаряд гүлденген Отанымызды нәлімен таптаған басқыншыны жер жастандырғанын құрбыларыңмен бірге есептеп көр.

Алмас ойланыңқырап қалды... Сәлден соң Рәкең әңгімесін жалғап әкетті.

— 1945 жылдың 9 майы. Жеңіс күні. Зарыға күткен күн! Болжаған күн. Сенім күні.

Сағат 12-де үлкен бақта қалалық салтанатты митинг ашылды. Балқаштықтардың мерекесінде ал қызыл тулар желбіреп, Көкше теңіздің айдынында жыбырлаған толқында қуаныш күлкілері, өксік демдері жаңғырды.

Соғыс жылдарында Балқаш қаласының алты мың азаматы майданға аттанды. Еңбекте сыналған құрыш жұмысшылар жауынгерлік ерліктің даңқына бөленді.

Қайтпай қалған қаншама солдаттың ошағына қара қағаздар келіп, қасірет жасын селдетті?! Қаншама боздақ қыршынынан қиылды?! Қаншама үйдің оты сөнді. Қаншама ошақ қаңырап қалды?! Бірақ олар жас ғұмырын жарқын өмір үшін соғыс атты кесапаттың жолына қалқан қып тосып, қаншама ғұмырды аман сақтап қалды?!

Үлкен бақтағы митингіге жиналған балқаштықтар қаза тапқан ұлдарын азалады. Балқаштықтар арасынан шыққан ұшқыштарын, теңізшілерін, танкшілерін, партизандарын, барлаушыларын, артиллеристерін мақтан етті.

Балқаштық Вера Хоружая, Петр Миллер, Николай Посадник Совет одағының Батыры деген құрметті атаққа ие болып, сонау салтанатты митингіге қатысқандардың көз алдына елестеп өтті. Үш мыңнан астам Балқаш тұрғыны жауынгерлік ерлік көрсетіп, орден, медальдармен наградталғандығы митингідегілердің мерейін тасытты.

Ерлік — елдік қасиеттен туындайды. Ел қасиеті ерін туғызады. Ел — ана ұлы мен қызын ерлікке тәрбиелейді. Ел — ана ұл-қызын нағыз батырлыққа баулиды. Балқаштықтар арасынан үш бірдей батырдың шығуы да содан. Балқаштық солдаттардың омырауында жарқыраған Отан наградасының көптігі де содан.

Тылдағы балқаштықтар да неміс фашизмін жеңуге елеулі үлес қосты. Қала кәсіпорындары соғыс жылдарында жалпы өнім өндіруді төрт есе арттырды. Қала тұрғындары өз қаражатынан майдан қажетіне алпыс миллион сом қаржы жинап берді.

Көкше теңіздің жағасында ал қызыл тулар желбірейді. Тұрғындардың жүзінде алаулап нұр ойнайды. Нұр ойнаған жүздер қызыл жалаулармен жараса қалған. Жеңіс күйі жүректерді дүрсілдетіп, кеуделерде күмбірлейді....

Рәкең әңгімелеген балқаштықтардың сондағы қуанышын мен көре алмап едім. Есейіп барып бәрін ұқтым. Ерлік жасаған ел еміренуде де алдына жан салмайды екен. Екі көзден баяу жылжыған қос тамшы — бірі соңғы қайғы-қасіреттің ақтық өксігінің айғағы болса, бірі ұлы қуаныштың, жеңіс салтанатының, болашақтағы бейбіт те жарқын күндердің шапағатына арналған ыстық ықылас жасы еді. Ел мен халықтың алғысына мерейленген көңілдердің үнсіз ғана іштей марқайып, ризалық танытқан сәті еді. Мемлекеттік қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл туын жиырма екі рет алған, ВЦСПС пен КСРО Түсті металлургия халық комиссариатының ауыспалы Қызыл туын жиырма бес рет алған мыс заводы коллективінің еміренуі еді. Арада қырық жыл өткізіп барып мен жерлестерімнің сол күнгі қуанышына өзімнің перзенттік мақтанышымды қосып отырмын.

Елдің елдігі ерлігін құрметтеу арқылы алысқа тарайды. Құдіретін жер-жерге жеткізеді. Еңбектегі құлшынысы, жауынгерлік қаһармандығы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, жұрт жадында жаңғырып отыруы тиіс.

Балқаш қаласындағы еңбек даңқы, жауынгерлік даңқ мемориалы осы ұлы дәстүрдің ардақталуының үлгісі.

Отан үшін от кешкендердің рухына, Отан даңқы үшін от жағып, мыс ағызған жұмысшылардың құрметіне тағы да бас ием.

***

Енді әңгіме тізгінін қайтадан өзім алдым. Білгенімнің бәрін перзентіме айтып бергім келеді. Алмасымның әңгімеқұмар, тыңдампаз болғаны, атамекен жайында көп естіп, көп білуге құштар болғаны қаншалық болса, соншалық менің мейірімді тасытты десеңізші. Мен Алмасыма әңгіме айта отырып, көз алдыма осы балам тұрғылас жастарды елестеттім, өзімді бейне солардың алдында сыр ақтарып отырғандай сезіндім...

— Балқаш — өз тұрмысымен де, өзіндік тұрғысымен де үлкен әлемнің тынысымен тыныстап, тыныштығын күйттеген өзіндік бір кішкене әлем ғой. 1946 жылдың қарсаңында-ақ металлургтер төртінші бесжылдықты мерзімінен бұрын орындауға Қазақстанның барлық еңбекшілерін социалистік жарысты кеңінен өрістетуге үндеу тастаған.

1952 жылдың 3 майында заводтың катод бөлімшесінде таза мыс — катод мысы алынып, тағы бір еңбек табысына қол жетті.

Балқаштықтар соғыстан кейінгі бейбіт өмір жылдарының әр күнін, әр айын еңбек жемісі мен еңбек жеңісіне бөлеп отырды. Оның бәрін тізе берсек, әлденеше том кітапқа да сыймас еді. Отызыншы жылдардың өршіл рухы, қырқыншы жылдардың жанқиярлық патриотизмі, елуінші жылдардың елеулі табыстары алпысыншы жылдардың асқар белесіне ұласты. Түсті металдар мен күкірт қышқылын өндіруді арттырып, жаңа техниканы игерудегі қол жеткен табыстары үшін 1966 жылы комбинат Ленин орденімен наградталды.

Ленин ордені — қалаға берілген награда. Бұл — комбинат жеңісінің айғағы. Балқаштықтар еңбегінің нәтижесі.

Ленин орденінің нұры жетпіс мың тұрғынның омырауына тағылған, жүрегін жылытқан, кеудесін қуанышқа кернеткен, бұл ел алғысына кенелген, ел сеніміне ие болған балқаштықтардың үлкен жеңісі еді.

Еңбек ерлері қаншама! Олар — Елизавета Федоровна Иванова, Юрий Кенсоринович Победоносцев, Нина Григорьевна Чекушина, Жылқыбай Бейісов, Александр Григорьевич Самоновтар.

Олар — 1973 жылы алғашқы Балқаш мысының алынуының 35 жылдығына сәйкес Ленин және Октябрь революциясы ордендерімен наградталған К.Шәйкенов, Ж.Ә. Әбуғалиев, В.Д. Нагибин, Б.Ф. Манаенков және Я.Д. Пахаренколар.

Балқаш — алғашқы бесжылдықта өз құрылысын бастап, содан кейінгі бесжылдықтар баспалдағымен қарыштай қадамдаған ауыр индустрия мен жеңіл өнеркәсіптің, мәдениет пен өнердің шөлейт далада мәңгі сөнбес алауын тұтатқан алтын ошағы.

Балқаш — ұлы достықтың бесігін тербеткен бауырмалдық ұясы. Қаланы отыздан астам ұлттың өкілдері бірлесіп салып, отыздан астам халықтың ұл-қызы интернационализмнің құдіретті туын аспандата көтерген.

Бүгінгі Балқаш он бір бесжылдықтың он бір белесіне өз шежіресінің жарқын беттерін еңбектегі үлгілі табыстарымен қашап жазып, алдағы әсем болашағына самғап барады.

Балқаш — ежелден қонақжай мекен. Досқа пейілі кең, мейманға жаны дарқан балқаштықтар алыстан келетін дос, туыс, бауырларын қуана тосып алатын екі үлкен қақпасын — темір жол вокзалы мен аэропорт үйін қандай сүйіспеншілікпен салған! Темір жол вокзалы өзінің жеңіл де әсем, үлкен де ауқымды архитектурасымен көз тартып, Балқаш өңіріне алғаш табан басқан жолаушыны еріктен тыс сүйсіндірсе, аэропорт үйі салмақты сұлулығымен, байсалды әдемілігімен таң қалдырады. Екеуі де: "Көрікті қаланың, құт мекеннің, достық отауының берік қақпаларымыз, қуанышымызға ортақтас, шаттығымызды бөліс, табысымызға қуан, қадірлі мейман, құдіретті қонақ, мейірбанды дос!" — деп ілтипат білдіріп тұрғандай.

Бүгінгі Балқаш — келешек табалдырығынан аттап кеткен жастық қаласы. Ол "Орбита" қабылдау станциясы боп көңіл көншітеді. Пионер сарайы болып, жеткіншектер күлкісінің әсем сыңғырын жаңғыртады. Жаңа аурухана корпусы боп еңсе көтеріп, тұрғындарға жасалып отырған қамқорлықтың белгісін айғақтайды. "Строитель" атты спорт кешенін алдыңнан тосып, сұлулық пен денсаулықтың куәсін танытады. Жабық жүзу бассейні болып, есігін айқара ашады.

Мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету орындары да көптің көңілінен шығып, құрметіне бөленген. Қаншама универмаг-дүкендер, асханалар, тұрмыстық мекемелер, ет комбинаты, балық және сүт комбинаттары, құс фабрикасы, егін мен мал өнімін шығаратын кәсіпорындар бар.

Балқаш — мәдени орталық. Қарағанды политехникалық институтының филиалы мен таукен-металлургиялық техникумы комбинатқа керек мамандар мен инженерлерді өздері даярлайды. Педагогикалық және медицина училищелерінде оқитын жастар қала мен оның төңірегіне қаншама мұғалімдер мен медсестралар жөнелтіп жатыр.

Қай жерден, қай арадан "Балқаш" деген сөзді естісем, көз алдыма Бертіс түбіндегі жұмысшылар тұрағы ынтық көркімен елестей қалады. Сол сәтте металлургтер мен кеншілерді сақадай сай даярлап жатқан бес кәсіптік-техникалық училищесі, отызға тарта мектебі, екі музыкалық және екі спорт мектебіндегі бүлдіршіндерді көрем. Бір кезде Киік станциясындағы — Киік руднигіндегі біздерге ай сайын жолдайтын бір көк дәптер бүгінде көп дәптерге ұласқан. Тегін берілетін оқулықтармен алмасқан. Күн сайын Балқаш қаласының мектеп табалдырығынан аттайтын жиырма мыңға тақау оқушыларды мыңнан астам мұғалімдер оқытады. Жаңа заманның өскелең тілегін жеткіншектер бойына құяды. Аталар даңқын сүюге тәрбиелейді.

Балқаштықтардың мәдениет сарайын көру керек. Іші-сыртын аралау керек. Сонда ғана үкіметіміздің жұмысшыға деген әкелік қамқорлығының шексіздігіне көз жеткізе аласың. Балқаш мәдениет сарайы — әдеміліктің, сұлулықтың символы болып қаладағы екі мәдениет үйі мен он екі клубтың, отыз киноқондырғының, қырық кітапхананың атасындай сезіледі.

Мәдениеті гүлденген Көкше теңіздің жағасындағы жасыл желекті қала өнері де шарықтап биікке өрлеумен келеді. Мен болсам, Балқаш халық театрының сахнасында қойылар пьесамның премьерасында болып, жерлестерімнің алдында перзенттік көңілдің ықыласын білдіріп, бас иіп тұрар күнге жетуден әлі де үміт үзбеймін.

Үш жүзге жуық дәрігері, тоғыз жүзден астам фельдшері мен медициналық сестралары бар қала — өз тұрғындары денсаулығының берік сақшысы. Балқаштықтар тымау-сымауға онша мойымайды. Төрт стадион, жиырма бес спорт залда шынығатын металлургтер мен кеншілердің арасынан шыққан жеңімпаздар есімі республика түгіл Одаққа да белгілі.

Балқаш — мен үшін бала көңілімнің ынтығы. Сәби жүрегімнің лүпілімен асыққан құштары еді. Балқаш атын ауыз толтыра айтып, сыбырлап қайталап, жүрек қуысына қондырып алғам.

Мен Балқашты алғаш рет 1956 жылы күзде көргем. Оның қалалық комитетінен комсомолдық билетімді аларда көргем. Сонда өмірімде алғаш көрген үлкен қалам —Балқаш маған жақсылықтың мекені, берекенің тұрағы, шапағаттың шуағы боп сезіліп, кең көшелеріне бастап, скверлеріне жетелеп, комсомол билеті кеудемді жылытқан құдіретімен болашаққа жолымды көрсетіп берген.

Содан бері Балқашпен тағдырым жалғасқан. Мақтанышымды қалдырып, сүйіспеншілігімді арнағам.

Алғашқы өлеңімді сол кездерде қазақша шығатын "Балқаш жұмысшысы" газеті жариялап, өз перзентінің қаламгерлік жолының тұсаукесерін жасаған.

Бүгінде Балқашта ағайын, туыс, дос-жолдастарым тұрады. Олар инженерлер Саржан Қарымсақов, Әнуар Мүсірбековтар. Олар — әдебиетші Сайлаубек Байымбетов, Абзал Бөкеновтер. Олар — дәрігер Көпен Бекмағанбетов пен Рафахаттар. Олар — әр кітабымды іздеп жүріп оқып, көрген сайын пікір айтып, бірде құптап, бірде қызу таласып қалатын, бірақ жерлес-достың қаламгерлік қадамына үнемі көңіл қойып жүретін Хасенхан, Совет, Әшімбек, Марат, Аман, Есен, Қуандық, Саралар.

Бүгінде менен әлдекім:

— Сен қайдансың? — деп сұраса.

— Балқаштанмын, — деп жауап қайтарам.

Мен Киікте тусам да, арманыммен, қиялыммен Балқашта өскем. Балқаш десе жүрегім дірілдеп, кеудем күмбірлеп, қуанышым тасып тұратыны содан, Алмас балам.

Балқаш түсі — қызыл түс.

Ол — жеңіс шапағатының нұры. Табысқа жетіп жатқан жерлестерімнің жүзінде ойнаған шуақ.

Ол — балқыған мыстың таң шапағы.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама