Ұлылар ұлағаты. Ел тағдыры, жер тағдыры үшін күрескен батырлар әдебиет беттерінде
Қазақтың төл атымен белгілі XV ғасырдан басталатын кезеңінің ел билігі тарихы да ауыз толтырып айтарлық. Ел тəуелсіздігі үшін күрескен халқымыз, оны бастаған қайрат керлеріміз, еңселі тұлғаларымыз болды. Бірақ кеңес дəуірі кезінде ұлы державалық саясат тарапынан еліміздің тарихи шежіресі, тарихта ізі қалған қайраткерлеріміздің өмірі туралы ел аузындағы, халық жадындағы, көркем туындылардағы деректерге сенімсіздік білдіріліп, жазба деректермен дəлелденбеген деген желеумен ондай зерттеулерге оң қабақ танытпады. Сондайды көре тұрып қой көрнекті қазақ ақыны Ғафу Қайырбековтің «Хан Абылай, қадіріңді ерте біліп..,» деп басталатын өлеңінде:
“Бір сұрақ – əлі күнге мен аңғарман,
Сұрап келем ақылды адамдардан,
Өзге жұрттың хандары жақсы болып,
Біздің хандар қалайша жаман болған?”
– деп ашына айтып, күйінетіні.
Сол кездегі қоғамның дамуына, тарихқа таптық көзқарас тұр ғысынан қарау салдарынан тарихи тұлғаларымыздың рөлі төмендетіліп, хан болса түгелдей дерлік – ел қанаушысы, батыр болса саусақпен санарлықтан басқасы – есер, би болса – əділетсіз, ханның сойылын соғушылар деп танылып, тарихи шындықтан өзгеше, тоны айналдырылып, бұрмаланып көрсетіл ді немесе əдейі ұмыттыру мақсатымен тарихи зерттеулерде айналып өтіліп, оқулықтардан аластатылды. Ел тəуелсіздігін ту етіп көтеріп, отаршылыққа қарсы халықтың наразылығын қолдап, оның ұлт-азаттық көтерілісін бастаған Кенесары хан сияқты тарихи қайраткерлер туралы тереңдеу зерттеп, шынайы тұлғалық қасиеттерін ашуға ұмтылып, саяси қысымға мойынсұнбай, шындықты тайсалмай айтқан Е. Бекмаханов сынды дара тұлғалар қудаланды. Оның есесіне басқа елдердің Батыс Еуропа императорлары мен корольдері, славян халықтарының, əсіресе орыстардың патшалары дəріптеліп көрсетілді. Тарихты бұрмалаушылық, қа зақтың тарихи тұлғалар бейнесін толық көрсетпеу, Ресей империясы ұстанған еуроцентристік, ұлы орыстық шовинизм, ал КСРО билігі кезінде де ол бағыт тек марксистік ұрандармен ғана əшекейленгені болмаса сол күйінде əрі қарай жалғасын тапты. Кеңестік империялық идеологияның қалыптастыр ған ұстанымның негізі – бұл, біріншіден, жалған халықтар достығы, интернационализм бүркемелеуімен енгізілген, басым көп шілігі орыстардан жəне басқа славян халықтарынан тұратын келімсектердің жыртуын жыртқан, кеңестік орталықтың жымысқы идеяларын тықпалау арқылы жүзеге асыру болса, екіншіден, республикаға атауын берген негізгі ұлттың мүддесін аяқ асты қылу, үшіншіден, осындай ұстанымдар негізінде бұл елдің негізгі халқын жоюға бағытталған орыстандыру саясатын іске асыру болды. Кеңестік дəуірден сарқыншақ болып қалған өз халқының мүддесін басқа халықтарды ренжітіп алмау идеясының құрбанына шалу, сайып келгенде сол баяғы орыстану диірменіне су құю сияқты дерт тəуелсіздік алғаннан кейін де жалғасын тауып, жоғарғы билік, солардың сойылын соғатын шенеуніктер, зерттеушілер арасында едəуір орын алып отыр. Ең өкініштісі, солардың қатарында Н. Масанов сияқты, одан да ықпалды “іштен шыққан шұбар жыландардан” тұратын ұлт мүдесін аяққа таптағандар белсенділік көрсетіп келді.
Ал шындығына келсек, ежелгі тарихымыз, көне дəуірлерден келе жатқан əдебиетіміз, мемлекеттігіміз, ел билігі тұтқасын ұстаған тарихи тұлғаларымыз туралы деректер бұрыннан да жеткілікті болатын. Оның үстіне 2003 жылы Президентіміздің тікелей қолдауымен қабылданған «Мəдени мұра» мемлекеттік бағдарлама бойынша қазір өз жеріміздегі тарихи, археологиялық зерттеулер нəтижесінде, көрші елдердегі мұрағат қорларынан, жеке зерттеушілер қолындағы жинақтардан аса мол деп айтуға болатын қосымша деректер, құнды материалдар табылып жатыр. Өткеніміздің, рухани қазынамыздың келесі бір бай деректік сипаты бар көзі – халық жадындағы шежіре, аңыз, жыр күйінде сақталған фольклорлық əдеби үлгілер. Сол кездегі оқиғаларға тікелей қатынасқан дана жыраулар поэзиясы бар. Саяси қысымнан, қудалаудан жазылмай қалған тарихшылар зерттеулерінің орнын басқан жазба ақын-жазушылар шығармалары бар.
Қазақ тарихи тұлғаларының ішінде ел тарихында терең із қалдырған, қоғам өміріне ерекше ықпал жасаған, мемлекет тігіміздің басты белгілерінің бірі – хандар. Əрине, халқымыздың мыңдаған жылдарға ұласқан үлкен тарихына жүгінсек ұлтымыздың бастауы жоғарыда айтылған түркі тілді сақтар, ал мемлекеттігіміздің басы сонау біздің жыл санауымыздан бұрынғы сол сақ, ғұн, үйсін, қаңлы тайпалары құрған мемлекеттер болса, олардың тарихи жалғасы болып саналатын біздің жыл санауымыздан кейінгі түрік, оғыз-қыпшақ, түркеш, қарахан қағандықтары мен Алтын Орда, Ақ Орда, Əбілқайыр хандықтары. Ал мемлекет тізгінін ұстаған ел билеушілері ретінде Алып Ер Тұңға, Еділ, Тұмар патшалардан, ортағасырлық Бумын, Елтеріс, Білге қағандармен жалғасып, кешегі Қазақ хандығының Жəнібек, Қасым хандардан соңғы ханымыз Кенесарымен тамамдалады. Ал қазақ елінің бұрынғы хандығының жаңа заман тұрғысындағы, Қазақстан Республикасы түріндегі мемлекеті жəне елбасы – Президенті, бұлар бір жарым ғасырдан кейінгі қайта жалғасқан тəуелсіз тарихымыз бен тəуелсіз мемлекеттігіміздің жаңа беті.
Қазақ хандығы тұсындағы хандар жəне солардың ішіндегі тек əдеби шығармаларда көрініс тапқандары ғана. Қазақ хандығынан бұрынғы хандар мен əміршілер туралы да көркем шығармалар жеткілікті, бірақ біз олардың арасынан зерттеуімізге хандары қазақ тарихына етене жақын, жырлары ноғайлы дəуіріне жататын қазақ ауыз əдебиетінің алтын қорына кіретін «Қырымның қырық батыры» жырлар тізбегінен хандар бейнесі барынша толық жырланатын кейбір үлгілерін, «Едіге», «Нəрік», «Шора батыр» сияқты танымал туындыларының Едіге би, Тоқтамыс хан, Нəрік хан сияқты ел билеуші кейіпкерлері айшықталатын жəне қазақ ұғымына жақын, Алаша хан секілді қазақ деген халықтың шығу тегіне қатысты аңыз əңгімелер мен зерттеулерде бар.
Ел билігі тұтқасын ұстаған хандар тұлғасы фольклордың аңыз əңгімелер, шешендік сөздер, тарихи жырлар түрлерінде ауыз əдебиетінің алдыңғы айтылған жанрларымен салыстырғанда одан да биік сатысына көтеріледі. Бұлардағы хандардың бейнелік деңгейін биіктетіп тұрған кешегі ХVІІІ – ХІХ ғасырларда өмір кешкен хандардың басқыншылардан елді, жерді қорғап қалуда халқымызды жұмылдыра білген кемеңгерлігін, жеке бастарының ерлігін əңгімелеудегі, жырлаудағы тарихилық, нақтылық деңгейінің биіктегенін айта аламыз. Аңыз əңгімелер мен тарихи жырлардағы Жəнібек, Кенесары, Жəңгір хандар, əсіресе Абылай хан бейнесі аңыздан аңызға, жырдан жырға жан-жақты ашыла түсетіні байқалады. Хандар тұлғасының айшықталуы, сонымен қатар жеке шығармаларда да білінеді.
Ақын-жырау поэзиясына байланысты бұрынғы зерттеулерде, əдейі мақсат қылып қоймағаннан болу керек, ел билеуші əміршілердің бейнесі көбіне жырау бейнесінің тасасында қалып келді. Бұл еңбекте билеушілер бейнесіне көбірек көңіл бөліп, жырауларды да ұмытпай, хандармен қатар қойып қарастырдым.
Абай Құнанбайұлының «Ескендір» поэмасы тікелей қазақ топырағындағы оқиғаны алмаса да, туынды қазақ елі мəселесінен мүлде бөлек емес. Қазақ елінің тəуелсіздігінен айырылып, Ресей ықпалына толық түскен кезінде отарлаушы ел билеуші патша, Абай бейнеленуінде басқыншыларға сай бейнесін тапты. Бұны Абайдың əдебиеттегі қалыптасқан бағытқа қарсы жүруге тайсақтамаған батылдығы, тосыннан өзіндік жол тапқан жаңашылдығы, сайып келгенде ұлылыларға ғана тəн даналығы деп бағаланады. Абайдың Шығыс əдебиетінен өзгеше өз елінің жағдайы тұрғысынан Ескендірдің басқыншыға сай тойымсыз, 428 қанағатсыз билеуші бейнесін жасауда қазақ əдебиетінде жалғыз еместігі оқулықта талданып, Қашқари, Баласағұннан басталып, Мағжанға дейінгі Ескендір патша бейнесінің даму жолының эволюциясы көрсетілді.
Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйініне келетін болсақ, жыраулардың бай мұраларын қазіргі жастардың пайдаланатын тəлімдік құралы етіп, оларды елін, жерін сүюге, құрметтеуге баулып, адамгершілік қағидаларының басты ұстанымы екендігін жастар санасына сіңіру қажет. Ұрпақты ұлттық рухқа тəрбиелеу тұрғысынан жыраулар мұрасы өз мəнділігін жоғалтпақ емес жəне ақын-жыраулар толғаған жырлар арқылы олардың бойына патриоттық сезімді қалыптастыруымыз қажет. Ақын-жырауларымыздың шығармашылығы осы тұрғыда өзінің көп әсерін тигізеді. Олардың бір шығармасының ішінде ел-жер тағдыры, тәлім-тәрбие, барға қанағат, адамгершілік, халқымыздың болашағын өркендету туралы барлығы қамтылып отыр. Қазіргі таңда жырауларымыздың өлеңдерін көп оқымаймыз, ал тәрбиенің түп негізі сол кісілердің өлеңдерінде анық көрініп тұр. Ел болып өркендейміз десек, тарихта пайдалы ізін қалдырған ата-бабаларымызды әрқашан естен шығармауымыз керек.
Данат Жанатаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, доцент Назерке Бауыржанова Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты