Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Еркіндік философиясы

​Заман өзгерген сайын “еркіндік” философиясы алдыңғы қатарға шығып келеді. Қазақ қоғамының бұл ұғымға қатысты көзқарасы жылдан-жылға өзгеріп жатыр. Құлағымыз үйреніп, санамызға сіңіп қалған “қызға қырық үйден тыйым”, “көп сөйлеп, орынсыз күлме”, “қыз ұлдың, ұл қыздың киімін кимеуі қажет” деген секілді көптеген тыйым сөздер бар. Қазақтың тыйым сөздері адамның еркіндігін шектей ме?

​Байқасаңыз қазір тыйым сөздер көп айтылмайды. Күннен күнге адам өз жүрек қалауын, жан таңдауын істеп келеді. Біздің әке, анамызға үлкендер тарапынан айтылған тыйымдар бізге айтылмайды. Керісінше, “қазіргінің балалары бәрін біледі, жастардан үйрену керек” сынды сөздерді естіп жатамыз. Бір адам өз қажеттілігі үшін басқаның еркін шектемеуі қажет. Бұл жас, жыныс, ұлт талғамайтын түсінік.

​Еркіндік ұғымы жайлы ойшылдар түрлі пікір айтқан. Ағылшын ойшылы, ғұлама Томас Гоббс: “еркіндік -  әр адамның түсінігі мен өз ойы бойынша істеуге болатын әрекеттерді атқару. Осы кезде сырттан басқа кедергілердің болмауы” деп түсіндірген екен. Сонымен қатар Гоббс еркіндік пен қажеттілік үйлесе алатынын алға тартады. Еркін адам - өзінің қажетін, қоғамға қалай пайдалы бола алатынын түсінген адам. Неміс философы Фридрих Энгель өзінің «Анти-Дюринг» атты еңбегінде еркіндік әлдебір нәрседен тәуелсіздік нышаны емес, керісінше, ол адамның жаратылыс күштеріне, қоғамдық қарым-қатынастарға және өз болмысына үстемдігі дейді. Яғни біз еркіндік арқылы қоғамдағы байланысымызды реттеп, өз орнымызды таба аламыз. Еркіндік жауапкершіліктен қашырмауы тиіс. Еркін екенмін деп қоғамға, ұлтқа зияны тиетін әрекеттер жасау құпталмайды. Еркін адам ретінде саналы ғұмыр кешуді игеруіміз қажет.

​Еркіндік философиясы - адамды айналасынан алыстатып, қажетсіз іспен шұғылдануды қаламайды, еркіндік философиясы адамға қуаныш, бақыт сыйлауды көздейді. Жан-жағыңа жылу сыйлап жүрер болсаң, еркін адам болу құқығы ақталады. Адамның биологиялық және әлеуметтік дамуын маңызды деп есептер болсақ, екі жақты дамуға “еркіндік” аса қажет. Адамдар өмірде не қалайтынын түсінер болса еркін болуға қадам жасайды. “Еркін” түсінігі мен “ойына келгенді істеу” түсінігінің бір-біріне қарама-қайшы екенін ұғынған абзал. Ағылшын жазушысы Джоко Виллинк: “тәртіп еркіндікпен пара-пар” деген сөзінің идеясы да осында жатыр.

Еркіндік философиясын қазақ ғұламаларының сөзімен түйіндейін. Үш бидің бірі Төле би: “тұзаққа түскен бұлбұлдан еркін жүрген торғай артық” деп еркін болудың қаншалықты маңызды екенін айтып кеткен. Еркіндік түсінігі ғаламда үлкен адам болуға деген алғашқы талпынысты сыйлайды. Әрине, бұл тек түсінген адамға теңдессіз философия.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті магистранты Әбдірахман Нұрай Аюбқызы
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті профессоры Жанатаев Данат


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама