Томас Эдисон: 19 ғасырдың талантты бизнесмені
Америкалық әйгілі өнертапқыш, 19 ғасырдың талантты бизнесмені, бірнеше ірі электр техникалық компаниялардың негізін қалаушы - Томас Эдисонның есімі ұлы өнертабыстармен тығыз байланыстылығымен өзінің танымалдылығын бүгінгі күнде де жоғалтқан емес. Ұлы экспериментатордың есебінде электротехниканың әр түрлі саласындағы мыңнан аса өнертабыс бар. Тек Америкада Эдисон өз өнертабыстарына 1093 патент алған. Одан бөлек Германия, Франция, Англияда шыққан 1200 астам патент болған. Әлем тарихында одан басқа ешкім де мұншалықты алған емес. Тіпті оның өнертабыстарының бәрі бірегей болмаса да, оған басқа өнертапқыштарға өзінікі екенін дәлелдеп, соттасуға тура келген. Эдисон ғылым саласының шыңын бағындыруға ұмтылмады. Ол аяғынан нық тұрып, бұның оған табыс әкелмейтінін түсінді. Ғалым емес, кәсіпкер әрі ұлы экспертмент жасаушы болып, ғылым саласын коммерциялық жолға түсіре алды. Ғылымдағы өнертабыстары мен жетістіктерінің көп бөлігін қолданысқа енгізудің жолын тапты.
Болашақ данышпан 11.02.1847 жылы Огайо штатындағы шағын Милан қаласында дүниеге келген. Томас саудамен айналысатын ауқатты отбасының жетінші баласы болды. Ол 7 жасқа толғанда, әкесінің шығынға батуына байланысты, отбасы Мичиган штатындағы Порт-Гурон қаласына көшуге мәжбүр болған. Эдисон мектепте 3 айдан артық оқымады. Мұғалімі Томастың қабілетін қатты сынаған соң, бұрын өзі де мұғалім болған анасы баласын үйде оқыта бастайды. Бала кезіндегі қызамық (скарлатина) ауруының салдарынан Эдисонның есту қабілетінің ерте бұзылуына әкелген. Ол қызыға отырып көп оқыған, химияға қызығушылық білдірген. Тіпті үйдің астындағы жертөледе, ең алғашқы зертханасын жасақтаған. Онда ол химиялық эксперименттер жүргізді. Осы жылдар ішінде Эдисонның отбасы қарапайым өмір сүрді. Анасына көмектесіп әрі өзінің эксперименттеріне ақша табу үшін ол, 12 жасында пойызда тәтті мен газет сатады. Ол (пойызда) бос жүк вагонына орналасып, сол жерде де химиялық зертхана ұйымдастырған. Ол 15 жасында кездесоқ баспа станогін алып, оны жүк вагонына орнатып, одан газет шығарып, жолаушыларға сатып, сәтті сауда жасаған. Бірде Эдисон үш жасар баланы пойыз дөңгелегінің астынан аман алып қалады. Сол баланың әкесі алғыс ретінде Эдисонды телеграф жұмысына орналастырады. 1863 жылдан бастап Эдисон телеграф операторы ретінде жұмыс істей бастайды. Эдисон бес жыл бойы телеграфта жұмыс істеп, бос уақытының бәрін оқу мен әртүрлі тәжірибе жасауға арнайды.
1869 жылы ол өзінің өнертабысына ең алғаш патент алады. Оның өнертабысы дауыс беру кезінде пайдалануға жарайтын, электронды дауыс жазу құрылғысы болды. Алайда патентті сатып алушылар болмады. Бұл Эдисонға өнертабысымен әрі қарай жұмыс істеп, қалайда сұраныс болатындай етіп жасауға талпындырды. 1870 жылдың аяғында ол биржалық тикер— телеграф жасаудың арқасында қомақты ақшаға ие болады. Ол Ньюарктегі зертханасына келіп, тикерлерді шығару мен телеграфтың жұмысымен айналыса бастаған. Кейін ол осы жасағандарынан сәтті сауда жасап, тапқан ақшасына 1876 жылы Менло Парк зертханасын құрған. Бұл зертхана өндірістік зерттеу орталығының прототипі болды. Ол жақсы жабдықталған әрі онда өте талантты қызметкерлер жұмыс істеді. Олардың көпшілігі жасаған заттарын практикалық қолданысқа ие болуын тапты. Кәсіпорынның басты мақсаты - инновациялар, жаңа өнертабыстар мен қолданыстағы технологияларды коммерциялық мақсатта жетілдіру болды. Зертхана қабырғасынан шыққан алғашқы өнім (1877-1878 жж.) Көмір телефонының микрофоны болды. Белл ойлап тапқан телефонға Эдисон индукциялық шарғы(катушка) мен көмір микрофонды қосып, Белл құрылғысының дыбыс деңгейі мен анықтығын арттырды. Эдисон патент бюросына ұсынған конструкция түпнұсқа екенін дәлелдеп, сол үшін 300 мың доллар алған.
Менло Парк зертханасы
Эдисонның ең танымал өнертабыстарының бірі, 1878 жылы өнеркәсіптік өндірісте бастаған— электр шамы. Оның прототипін ағылшын Хемфри Деви 70 - жылдары құрғанмен, Эдисон стандартты цоколь(электр шамдарының патронмен жалғасатын бөлігі) құрып, электр шамының спиралін жетілдіріп, қызмет ету мерзімін ұзартқан. Эдисонмен бір уақыттары электр шамын орыс өнертапқышы А. Яблочков да жасаған. Алайда ол өз жұмысын соңына дейін жеткізбеген. Эдисон 1882 жылы алғашқы орталық электростанция құрған кезде, жүйеге қажетті жабдықтар мен трансформатор ойлап тауып, Нью-Иорктың екі кварталының бәрін жарықтандырып, өзінің өнертабысының пайдалылығы мен оның практикалық қолданылуының маңыздылығын дәлелдейді. Эдисонның шаммен қатар басты өнертабыстарының бірі 19.02.1878 жылы патенттелген - фонограф. Кейіннен фонографты жақсарту нәтижесінде оған тағы 80 патент берілді. 1875 жылы Эдисон сөз бен кескіндерді(суреттерді) ауыстыратын тәсіл ойлап тауып, оны трафетті басып шығару әдісі деп атаған. Қазіргі уақытта трафетті баспаның қабілетіне жапондық RISO компаниясы назар аударып, дәстүрлі баспа әдісі мен XX ғасырдағы технологияның жетістіктерін біріктіре алды. 1980 жылы әлем сандық дубликаторлардың арасынан бірінші құрылғыны көрді. Кейін оны ризограф деп атады. Ризографта басып шығару сапалы болды. 1887 жылы Эдисон Уэст-Оринджге көшті. Бұл жерде ол әлдеқайда ірі заманауи зертхана құрып, фонографты жетілдіріп, диктофон, кино камераның үлгісінде флуороскоп, қозғалатын кескіндерге бақылау жасайтын құрылғы жасайды. Оның өнертабыстарының басым бөлігін бірнеше бағыттарға бөлуге болады: Электр жарығы, қозғалатын кескіндер(кинетоскоп), фонограф және дыбыс жазу, телеграф пен телефон, аккумулятор батереялары, тау-кен өнеркәсібі, цемент.
Ұлы өнертапқыш әрі табысты бизнесмен өмірінің соңғы күндеріне дейін белсенді жұмыс істеді. Бала кезінен болған саңыраулық, жылдар өте асқынғанмен, Эдисонға жетістікке жетіп, танымал болуына еш кедергі келтіре алмаған. Оның жеке өмірі де жақсы болды. Ол екі рет үйленіп, әр некеден үш баласы болды. Эдисон 18.10.1931 жылы 84 жасында қайтыс болды.