Махмұд Ғазнауи
Махмуд Ғазнауи – мұсылман түркі тайпаларынан шыққан ең ұлы тұлғалардың бірі. Асқан батыр, кемеңгер қолбасшы, парасатты саясаткер және данышпан әмірші. 971 жылы туылып, 1030 ж қайтыс болған. Әкесі Ғазнауилер мемлекетінің құрушыларынан Себук Тегин, анасы Забулистан өлкесінен дегдар отбасының қызы. Қазіргі Ауғанстан, Үндістан, Пәкістан, Иран, солтүстік Ирак жерлерінде орын алған алғашқы түркі-Ислам мемлекеттерінің бірі болған Ғазнауилер мемлекеті Махмұд Ғазнауидің заманында едәуір өркендеді. Өмірінің 45 жылы соғыс майдандарында өтті. Үндістанға 17 рет жасаған жорығымен мәшһүр. Ислам дінін үнді жарты аралына және оңтүстік Азияға Сұлтан Махмұд жайған. Шиилерге қарсы тұрып Аббаси халифалығына қамқоршы болды және сүнни мұсылмандардың, яғни мазһабтардың қорғаушысы болды. Иран, Ирак және Хорезмді жеріне қосқаннан кейін, Үндістанға жорықтарын бастады. 1000 жылғы жорығында Пешавар қаласын алды. Келесі жылы Үндістанның ең ауқатты аумақтарынан болған Пенжабты қолға түсіріп, Үндістанның солтүстігіне иелік етті. Сегізінші жорығында 150000 мыңдық үнді әскерлерін жеңіліске ұшыратты. 11-ші жорығында Гужаратты алды.
Ғазналық Махмұдтың жасаған жорықтары. Ирандық карта.
Үнді әлемінің Сұлтан Махмұд атауынан үрейі кеткендігі соншалық, қандай да бір жерге жорыққа шықса, даңқы өзінен бұрын жетіп қалалар қорқыныштан беріле беретін халде еді. Ең мәшһүр 16-шы жорығын Сомнат қаласына жасады. Бұл Сомнат қаласындағы шива пұты Үндістандағы бүкіл пұттардың басшысы саналатын. Осы себепті пұтқа, отқа табынатын үнділердің көзінде бұл қала өте маңызды орында еді. Бұл шива ғибадатханасында 300 еркек әнші және 500 биші болатын. Мұнда келетін мыңдаған табынушылар ең сәнді, ең қымбат бұйымдарын, асыл тастарын осы шива пұтына сыйға тастайтын. Сондай-ақ тек осы пұтхананың қызметіне арналған он мыңнан астам ауылдар болатын. Үнділер Ислам елдеріндегі пұттардың басына келгендерді (яғни қиратылуын) осы ең үстем шива пұтының оларға берген жазасы деп сенетін, сондай-ақ Махмұд Ғазнауидің сол күнге дейін бұл қаланы ала алмауын да сол басшы пұттың қолдауы деп сенетін. Осы себепті Сұлтан Махмұд үнділердегі бұл қате сенімді жоюды, Ислам дінін таратуды қалап, үнділердің осы пұтын құлатуды көздейді. 1025 жылы Мултанға келіп, кейін Тар шөлін мың бір қиыншылықпен бір ай дегенде өтті. 1026 жылы қаңтар айында Сомнат қаласына жетті. Жылтыр тас төбешік бетінде қамалдары бар еді. Бұл қамалды және мәшһүр пұтхананы екінші шабуылда қолға түсірді. Үнділердің тоқтаусыз бұл пұттарына жалынып, жалбарынулары нәтижесіз қалды. Шива пұтын төртке бөлдіріп Ғазнаға жіберді. Пұттарды қиратып, азан оқытты. Бұл жеңісі Ислам әлеміндегі Сұлтан Махмұд Ғазнауидің атын асқақтатты.
Ғазнауи империясы
Ғазналы Махмұдтың сарайында төртжүден астам ғұлама және қолөнершілер бар еді. Оларға қамқор болып, ғылымның өркендеуіне көп мән беретін. Ислам ғалымдарын жиі-жиі мәжілістеріне шақырып сұрақтар сұрайтын. Хадистерді жақсы білген. Ғалымдарға, дін адамдарына, қолөнершілерге және әскерлерге қатты мән берген және оларға көп жақсылық жасаған.
Ислам жазушылары Ғазналы Махмұд туралы көп дастандар жазғандығы соншалық бұлардың жаңғырықтары осы күнімізге дейін жетіп келді. Солардың қатарын Мәуләна Жәлаледдин Руми, Фаруреддин Аттар, Шәйх Саади Ширази және Фирдауси секілді ғалымдардың еңбектерінен және халық ауыз әдебиеттерінен де көруге болады.
Бір шейх, Махмұд Ғазнауи, Аббас шах және Аяз
Махмұд Ғазнауи және Аяз
Жаздың шыжыған ыстық күндерінің бірі. Елсіз далада ұзағынан созылған жол бойы, төбеден шелектеп құйған жаңбырдай күннің аптаған қызуы төгіліп тұр. Ат үстінде сағаттап жол жүріп әбден қалжыраған Махмұд Ғазнауи не бір өзенге, не бір су бұлағына да кезігер емес еді. Бір төбені асқандарында алдыларынан жыртық жамаулы бірнеше киіз үй шыға келді. Сұлтан Махмұд атымен ең шеткі киіз үйге қарай беттеді. Киіз үйдің екі қанаты да ауа ламасуы үшін айқара ашылған күйде. Іште иленген тері үстінде нұр жүзді әдеміше жас жігіт отыр еді. Жас жігіт келген атты кісілерді көріп дереу орнынан атып тұрып, Сұлтанның атының тізгінінен ұстап, шаң мен терге боранған қолбасшыға: «Мырзам, күн астында қатты шаршағанға ұқсайсыздар, үйге кіріп көлеңкелеп тынығып алуыңызды өтінемін» дейді. Сұлтан атынан түсіп, әлгі жігітке қарап, «балақай сен алдымен маған бір кесе су бер» дейді. Жас жігіт: «Тақсыр, үйде дәл қазір су жоқ еді, бірақ әкем суға кеткен, жақын арада келіп қалады» дейді. Олай болса біз осында күте тұрайық, деп үйге кіріп жайғасады. Арадан бес-он минут өткен соң, әлгі жас жігіт қалайы ыдыспен салқын, мөлдір су әкеліп сұлтанға ұсынады. Сұлтан бір жағынан таңырқап, бір жағынан ашулы күйде: «Сен бағана су жоқ деген едің, ал енді болса, су әкеліп тұрсың, мұның себебі не?» деп сұрайды. Жас бала: «Сұлтаным, біраз бұрын тер ішінде едіңіз, денеңіз оттай қызып тұрған еді. Егер сізге сол сәтте су бергенімде сырқаттануыңызға жол берер едім. Ал қазір болса, қалағаныңызша су ішсеңіз де зияны болмайды.» дейді. Сұлтан жас жігітке тағы бір қарап шығып, мына бала жүзінің нұрлылығымен қоймай, өте ақылды адамға ұқсайды деп ойлайды. Арадан біраз уақыт өтіп, әбден тыныққанмен, орнынан тұрғысы келмейді. Қасындағы бектер мен қызметкерлер сұлтанның бұйрығын күтіп отырады. Содан тағы сәлден соң, суға кеткен әкесі есегінің үстіне жеккен екі торсық суымен келеді. Кедей үйшігіне сұлтанның келгенін көргенінде құрметін білдіріп иіліп сәлем береді. Шамалы отырып хал сұрасқан соң, сұлтан кедей әкеге қарап: «Балаң өте ақылды екен, рұқсат берсең оны қасыма алсам деп едім» дейді. Әкесі: «Бұл мен үшін де, біздің әулет үшін де үлкен мәртебе болар еді.» дейді. Кей жерлерде Сұлтан Махмұдтың уәзірі ретінде, ал кей жерлерде ең жақсы көретін құлы, қызметшісі және жан досы ретінде көрсетілетін Аяз бен сұлтан Махмұдтың танысуы осылай жүзеге асқан екен. Аяз өмірінің соңына дейін адал болғандықтан сұлтанның жанынан қалмайтын болды. Ақыл-парасатымен танылғаны соншалық, үнемі сұлтан Махмұдпен бірге аты аталатын болады. Шынында да Сұлтан Махмұдпен байланысты оқиғалардың көбінде оның да аты өтеді. Ислам әдебиетінде Аяз деген есім, үлгі боларлық тұлға, ақылды адамның символы ретінде қалды. Сондай-ақ бұл түркі-ислам әлеміндегі лайықтылық, жоғары қабілеттің маңыздылығын көрсетіп тұрғандай. Көшпенді кедей шаруаның баласы болғанымен қабілетінің, үстем ерекшелігінің арқасында мемлекеттеің ең жоғары мақамдарына дейін көтеріле алды.
Еңбекқорлығы, зеректігі және адалдығының арқасында бас уәзірлік дәрежесіне дейін көтерілген Аяздың тез арада осыншалықты дәрежеге көтерілгенін басқа уәзірлер көре алмай, артынан аңдып кемшіліктерін іздей бастайды. Оның күнде бір жасырын бір бөлмеге кіріп жүргенін байқап, дереу Сұлтан Махмұдқа келіп: «Тақсыр, сіздің сенімді деп білетін уәзіріңіз Аяз сізге қиянат жасап жүр. Әр күні түнде қазынадан алтын ұрлап сарайдың бақшасындағы бір бөлмеге кіріп, сақтайтын көрінеді» дейді. Алайда сұлтан Махмұдтың Аязға деген сенімі нық еді, оның мұндайға бармайтынын білетін. Бірақ күндеушілер сөздерінің майын тамызып айтқандығы соншалық, сұлтанның көңіліне аз да болса күмән ұялаған еді. Сұлтан шағымданушыларға сол бөлмені ашып тінтулерін және нәтижені өзіне білдірулерін айтады. Көре алмаушылықтың буына берілген уәзірлер әлгі бөлменің есігіндегі мықты құлыпты бұзып ішіне кіреді, бірақ бүкіл ойлаған жаман ойлары босқа кетеді. Өйткені қабырғада шарық (теріден жасалған жеңіл аяққиім) мен бір ескі шапан ілулі тұрған еді. Алтын іздеу үшін жерді де (еденін) қазып көреді, бірақ ештеңе таба алмайды. Кейін өз істеріне өздері ұялып, қатты өкініп, сұлтанның жанына барады: «Біз қателесіппіз. Көре алмаушылық еткенімізге және жала жапқанымызға өкіндік. Бізге жаза беруіңізге разымыз»,- дейді. Сұлтан болса негізгі кешірім сұралатын адамның Аяз екенін айтып, жаза берілуін де Аязға қалдырады. Аяз былай жауап береді: «Сұлтаным! Сіздің алдыңызда жаза беру маған жараспайды. Олардың айыбы бар болса да, негізгі айып менде. Өйткені, егер мен бөлменің есігіне мықты құлып салмағанымда және жасырынып бұл жерге кіріп жүрмегенімде, бұл достарым менен күмәнданбас еді. Сұлтаным! Менің негізгі шыққан тегім белгілі. Сіздің арқаңызда түсімде де көре алмайтын ниғметтерге қауыштым. Осы ниғметтерге беріліп, тәкаппарланып кетпеу үшін, негізгі шыққан тегімді ұмытып қоймау үшін, ауылдан келгенімде киіп келген қойдың терісінен жасалған шапаныммен аяғымдағы шарықты қабырғаға іліп қойған едім. Әр күні соларға қарап өз-өзіме: “Ей Аяз! Міне сенің негізгі түбің осы. Қауышқан ниғметтер, дүниеліктер, мансаптарың негізгі шыққан түбіңді ұмыттырмасын! Бұл ниғметтердің себебінен өткен өміріңді, ата-анаңды және құдайға ғибадат етуді ұмытпа!” деп айтатын едім.»
Аяздың даңқының артуы, оған патша тарапынан беріліп жатқан сый-сыйапаттардың артуы, яғни табысының жоғары болуы біршама бектердің де мазасын қашырған болатын. Осындай мәндегі сөздер сұлтанның құлағына да жетіп, кейде өздері де сұлтанға мұны меңзеп мұң шағатын. Патшаның мемлекет ақшаларын мұндай қадірсіз, ауылдық, көшпенді шаруаның баласына төлеуінің алдын алмақ болады. Сұлтан бр күні 30 шақты бектерімен аңға шығады. Жолда ұзақта кетіп бара жатқан керуен көрінеді. Бектердің біріне «Мына керуенге барып сұрашы қайдан келе жатыр екен» дейді. Бек дереу барып, сұрап қайтып келеді. «Рей қаласынан келе жатыр екен патшам!» дейді. Патша «Қайда бара жатыр екен?» деп сұрайды. Бек мұны сұрамаған айтқанында, патша басқа бір бекті жібереді. Ол да барып келіп «Йеменге бара жатыр екен» дейді. Бұл жолы патша жүктері неден тұратынын, яғни ол жаққа не алып бара жатқандарын сұрайды. Ол да мұны сұрамағандықтан білмейтіндігін айтты. Басқа бір бекті тағы жібереді. Ол да қысқа уақытта ат шаптырып қайтып келеді. «Әр түрлі бұйымдар бар. Бірақ ең көбі Рей қаласында жасалған ыдыс-табақтар екен» дейді. «Рей қаласынан жолға қашан шыққан екен?» дейді патша. Бұл үшінші бек те жауапсыз қалады. Осылай кезегімен бектердің отызы да барып келіп, екінші сұрақтан сүрініп отырды. Кейін сұлтан бектеріне қарап, «Сендер менің Аязды неге мұншалыұқты қадір тұтатынымды түсінбеуші едіңдер. Бір ретінде мен дәл осындай бір керуенге Аязды жіберген едім. Менен ешқандай қосымша әмір алмаса да, керуеннің бүкіл ахуалын, қайдан келіп, қайда бара жатқандығын, жүктері қанша екенін, жолда қанша жүргенін, қанша түйеден, қанша адамнан құралғанын, барлығын біліп, айтып берді. Сендердің отыз рет барып білгендеріңді ол бір ретте біліп келді. Міне оның менің құзырымдағы қадірінің себебі осы» деген екен.