XI-ХII ғасырлардағы түркі жазба ескерткіштерінің әдеби тілі
ҚазҰУ - профессоры, доцент Жанатаев Данат Жанатайұлы
1-курс магистрі Қазбай Парасат
Х - XI ғасырлар түркі халықтары үшін өте маңызды әлеуметтік оқиғаларға толы ғасырлар болды. Олардың әрқайсысы жеке- жеке халық ретінде қалыптаса бастады, өз алдына отау тікті. Бұл дәуірдің ең басты ерекшелігі : баршаға ортақ түркі тілінен бөлініп, дербес тілдер қалыптаса бастады. Бұған халықтардың әлеуметтік даму дәрежесі, орналасқан географиялық ортасы, тіл дербестігі, діни нанымдары т.б қозғаушы күштері сабепші болды. Орта ғасырлардағы түркі тайпаларының дамуына да осындай факторлардың үлкен әсері болды. Осы тұрғыдан қарасақ тілдердің дамуындағы X-XV ғ. аралығын екіге бөлуге болады: 1) қараханидтер(X-XII ғасыр) және 2) моңғолдар (XIII- XVғ.) дәуірі.
Түркі халықтары тіршілігі мен мәдениетінің көне(V-VIIғ)дәуірінен кейінгі ортағасырлық кезеңінде,оның ішінде Х-ХIIғасырларда қараханидтер мемлекеті өмір сүрді.Қараханидтер династиясы кезінде Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі халықтардың ана тілі мен әдебиеті өркендеді. Бұл кезде қыпшақ,оғыз,қарлұқ және ұйғыр халықтарының тілдері негізінде араб графикасындағы түркі жазуы қалыптасты,ескерткіштер дүниеге келді.
Жетісу өлкесінде Х ғасырда айналасына күшті ықпал жасап, алыс-жақынды билеп – төстеп отырған оғыздар өмір сүрген. Оларға дейінгі болған қарлұқтар туралы алғашқы дерек V ғ. ортасынан бастап кездеседі. Қарлұқтар өте кең территорияны иемденеді. Олар Шаш өлкесі (Ташкент) мен Балқаш, Ыстықкөл айналасына дейінгі ұланғайыр аралықты мекендеген. Жер көлемінің алшақтығынан да болуы мұмкін екі орталығы болған: оның бірі – Баласағұн қаласы, екіншісі- Қашғар қаласы.Қарлұқтар түркі тілдерінің әр түрлі диалектісінде сөйлеген. Қараханидтердің құрамына кірген қарлұқтардан кейінгі үлкен тайпаның бірі-шігілдер. Бұлар Тараз бен Ыстықкөл айналасындағы далада көшіп-қонып жүрген. М. Қашқаридың айтуы бойынша. шігілдер тобы түркі тілінде сөйлеген. Олардың құрамын қоныстарына қарай ол үш топқа бөлген: 1) Барсаған қаласынан сәл арырақтағы Құм қаласын мекендеген шігілдер; 2) Тараз айналасындағы қалаларында тұратын шігілдер, 3) Қашқарды мекен еткен шігілдер. Қараханидтердің құрамына кірген үшінші тайпа – яғмалар. Бұлар да өздерінің тілін таза сақтап келгендердің бірі. Олар Ыстықкөлден Қашқарға дейінгі жерлерде көшіп-қонып жүрген, негізгі тұрағы –Шығыс Түркістан.
Түркілер арасында үлкен рөл атқарған оғыздар болды. Оғыздар өздерінің бірлестігін Жетісуда құрған болатын. IX-X ғасырларда оғыздар қазіргі Батыс Қазақстан территориясында шоғырланып, өздерінің алғашқы мемлекетін құра бастады. Мысалы, өзбек тілшілері Шымкент облысының Созақ, Сайрам, Қарамұрт елді мекендерінде тұратын өзбектерді өзбек тілінің оғыз диалектісінде сөйлейді, олар сол көне оғыздардың ұрпақтары деген пікірді айтады.
Қараханидтер дәуірінің жазба ескерткіштерінің тілінде ең құндысы да көлемдісі де Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» атты еңбегі. Ж. Баласағұнның еңбегі өлеңмен жазылған дидактикалық дастан. Жүсіп дастанды Қашқарда 1069-1070 жылдары жазып бітіреді. Бізге дастанның үш нұсқасы жетіп, әлемге әйгілі болып отыр.
Қараханидтер дәуірінде жазылса да Жүсіп Баласағұн мен М. Қашқариға тілі жағынан жақын тұратын ескерткіш А. Йігүнекидің «Хитабул хақайық» атты дастаны. Бұлардың тілінде ұқсастықтарымен қатар өзгешеліктердің барлығы анық байқалады.Дастан-түркі жазба әдеби тілінде жазылған тұңғыш көркем шығарма. Бұл жерде «түркі тілі» деп отырғанымыз жалпы атау, ал бұл атаумен нақты қай түркі тілін, дәлірек айтсақ, қай тобын меңзейміз десек, бұл орайда әрқилы пікірлер айтылып келеді. Бірқатар зерттеушілер оны көне ұйғыр тілі деп таныса(C.Е.Малов), енді бірқатары қарлұқ-ұйғыр тілінде(Ә.Нәжіп), қарлұқ тілінде (А.М.Щербак), қарлұқ-қыпшақ тілінде(Г.Ф.Благова), қараханидтер тілінде(А.Валидов) деп таныса, қазақ зерттеушілері «Жүсіп Баласағұн өз дастанын сол кезде Қашғардан бастап,сонау Амударияға дейінгі ұлан-ғайыр өлкелер мен уалаяттарды өзіне қаратқан Қарахан мемлекетінде өмір сүрген түркі тайпаларының бәріне бірдей түсінікті ортақ,әдеби тілде жазылғаны даусыз» деп санайды.
ХI-XVғасырлар аралығында халық арасында кең тараған жазба әдебиет үлгілерін жалпыға ортақ көне түркі әдеби тілінде жазылған деп есептесек, қателеспейміз. Мәселе бір әдеби дәстүрдің бір әдеби тілдің әр түрлі аймақта, әр түрлі кезеңде сан алуан рең алып, өз ерекшеліктермен көрінуінде. Сондықтан көне түркі әдеби тілінің бірнеше тармақтары немесе варианттары болды. Мысалы, оғыз-қыпшақ, көне түрікмен, көне өзбек, қыпшақ – оғыз, т.б. әдеби тілі деп жүргеніміз Поволжье, Орта Азия мен Қазақстанда қалыптасқан көне түркі әдеби тілінің әр түрлі тармақтары немесе көріністері. Олардың қай-қайсысының да диалектілік негізі – белгілі бір тайпалардың тілі. Ал, Қарахандар мемлекетінің әдебиетіне қай тайпаның тілі диалектілік ұйытқы болған. Біздіңше, арғу, шығыл тайпалары. Мұны атышулы М. Қашқаридың мәліметіне сүйеніп айтып отырмыз. Ол өзінің сөздігінде көптеген сөздердің тұсына лексикалық белгі қойып, қай тайпа тіліне қатысты екенін, яғни сол тайпадан өзге тайпаларда кездеспейтінін көрсетіп отырған. Қарахан әдебиетінде жиі және жаппай қолданылатын бірқатар сөздердің арғу, шығыл тайпалардың сөзі екендігі қалтқысыз дәлелделінеді. Мұның үстіне арғу, шығыл тайпаларының М. Қашқари көрсеткен фонетикалық, грамматиакалық белгілері де «Құтадғу білік» пен «Хибатул хақайықтан жеткілікті. Бұл фактілер Қарахан мемлекетінің әдеби туындылары көне түркі әдеби тілінің арғу, шығыл вариантында жазылған деп айтуымызға толық кепілдік береді. Әр ескерткіштің тіліндегі бүкіл түркі тілдеріне ортақ фактілерді ажыратумен қатар тайпалық ерекшеліктерді анықтау – болашақтың міндеті. Осындай зерделі зерттеулер жүргізілгенде ғана қазіргі түркі тілдерінің көне түркі жазба ескерткіштерімен сабақтастығы айқындалады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Қашқари М. Дивани лұғат –ит түрік. I, 66 б, 347-б.
- Қайдаров Ә, Оразов М. Түркологияға кіріспе. 1985. 99-б.
- Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. А, 1991. 156- б.
- Советская түркология. Баку, 1970. N4, 89-б.
- Сағындықов Б, А. Йүгінеки – XII ғасырдың ақыны. Қазақ тілі мен әдебиеті журналы. А, 1977. N1-2,3-4.