- 28 нау. 2021 00:00
- 240
Шал ақын (Тілеуке) Құлекеұлы философиясындағы «жар» ұғымы
Шал (Тілеуке) Құлекеұлы поэзиясында «жар», «келін» ұғымдары кеңінен ашылады. Ақын өлеңдерінде жақсы әйелді ер жігіттің маңдайына біткен бағы деп, әр орайда әртүрлі мадақтайды. Мысалы, «Алғаның жақсы болса қорғандай-ды», «Жақсы қатын алсаңыз, Алладан жауған нұрмен тең» т.б. Сонымен қатар, ақын шығармаларында әйелге айтылатын сын да көп. Көптеген өлең жолдарында әйел шайпау, долы, жалпы алғанда мінезі нашар болып келеді. Ер адамды қартайтатын қырсықтың бірі ретінде «жаман қатын» деп беріледі. «Әйел туралы» өлеңінде қазақ әйелінің үш түрлі бейнесін ашып көрсетеді. Алғашқысы, жан-жағымен сәлемі түзу, ісіне тиянақты әйел болса, екіншісі, «қыналы бармақ» дейтін әйелдің бейнесі. Ерінің табысына қанағат етіп, үйінің шырайын келтіретін әйел. Қазан-ошағының иесі, тазалықты да, дастарханға әкелген асты да адал қолымен беретін, жүзіне күлкі үйірілген жан. Ондай әйел күйеуінің маңдайына біткен бағы іспеттес. Ал соңғысы, жатып ішердің нағыз өзі. Ондай әйел - еркектің маңдайының соры болары анық. Барға қанағат ете білмейтін, әр істің жөнін түсінбей ерінің миын жейді. Ондай әйелге «жолығудан сақтасын» дейді. Әйелдер арасында осындай екі түрлі керағар мінезді әйелдің бейнесін көрсетеді.
Отбасының берекелі болуы үшін жарды дұрыс таңдау керектігін, оның ақылы мен көріп білген тәлім-тәрбиесін назар аудару керектігін айта келіп, былай дейді:
Әйел алсаң қарап ал ақылдысын,
Сол болар басқалардан жақын кісің.
Ағайынға, туысқа қайырылса,
Дүниеде нағыз сол ғой мақұл кісің.
Жоғарда көрсетілген өлең жолдарын кез келген ер азаматқа айтқан кеңесі деп түсінуге болады. Алған жарың сенің өмірлік жолдасың, қиын сәтте досың, сырласың, бауырың. Ағайын-туысқа, дос-жаранға сыйлы болуың да тікелей алған әйеліңе байланысты болары анық. Үйіңде жүзі жылы, жүрегі мейірімге толы жары бар шаңыраққа қонақ үйір келеді.. Ақын осы өлең жолдарымен жар таңдау мәселесіне осылай ақыл-кеңес береді де, жақсы, жаман әйел арасын ашып көрсетеді:
Жақсы әйел дәулетіңе жөн келтірер,
Әйелің долы болса күнде өлтірер,-
деп тұжырымдайды. Әрине, ерінің айтқанын тыңдап, сыйлап отырса берекелі жанұя, тәрбиелі ұл-қыздар болары анық. Ондай әйелдің күйеуінің мерейі үстем болып жүретіні де белгілі. Ал алған әйелің долы, ашушаң, барға қанағат ете білмейтін, жоққа шыдамайтын жан болса, онда үй ішінен берекесі қашып, отбасыңның тоз-тозы шықпасына кім кепіл?! Ақын өлеңдерінде осындай әйелден сақтану керектігін айтады.
Қазақ халқында келінге деген ілтипат оған деген зор құрметке айналған. Бала тәрбиесі, отбасы ұйытқысы келіндерге байланысты. Келін жақсы болса отбасы тату, ағайын-туыстың аралас-құраласы да келіннің кішіпейілділігіне, сыйластығына байланысты деген халық қағидасы ақын өлеңдерінен өзекті орын алған:
Келіні жақсы болса,
Үйіне көп кісі келеді.
Келін жаман болса,
Келген кісі кеткісі келеді, -
деп қазақтың байырғы қонақжайлылығының өзі де келінге байланысты деп тұжырымдайды. Үйіне келген қонағына қабақ шытпай қарсы алса, бар дәмін алдына тосса, ол үйдің есігенен қонақ үзілмесі анық. Әр үйдің берекесі, ырысы мен несібесе шаңырақтың ұйытқысы болып отырған әйелге тікелей байланысты болары хақ.
Жалпы алғанда Шал ақын поэзиясында «жар» ұғымы арқылы берекелі отбасының ұйытқысы іргелі ел болудың идеясымен сабақтасып жатқанын аңғарамыз.
Данат Жанатаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, доцент
Фариза Дуйсенбаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты