Адам және көлеңке
Роман
БІРІНШІ ТАРАУ
I
Көктем шыққалы әлдеқашан. Оның ең соңғы айы — майдың өзі зырлап барады. Ауылдың тау жағы көз нұрын толтырғандай боп, кілем түгіндей көк жасылға бөленген. Әдемі иісі көңілді алып, көкіректі ашып тұр. Әлденеше шақырымға созылған көк жоңышқалы дала, қырмызыдай отты қызғалдақ басқан жусанды алқап, еңісті беткей сол көктемнің көркіне оранғандай бөгіп те, тұнып та жатыр. Түз гүлінің иісі қандай өткір, жыты болады? Көксу аңғарынан соққан қоңыр жел, көктемнің дымқыл самалы Ешкіөлместі бөктерлеп өскен шақта дала гүлдері мен көк жуа, жалбыз бен жусан иісі араласып аңқиды, бас-аяғы кең жатқан заңғар, жұпар шашқандай боп төңірекке хош иісін төгеді.
Ойы осындай болғанда, биік қырды, сонау Жоңғар Алатауының өркөкірек шыңдарын аппақ боп ақша қар әлі басып жатыр. Әсіресе, таңғы сәуледе таудағы қар күн нұрына шағылысып ойнайды, сан құбылады, тау шыңдары күміспен апталғандай жалт-жұлт етеді, құлпырады.
Осы өңірдің көктем кезіндегі көркі кәдімгі кемпірқосақты еске түсіреді. Қызыл шатырлы ақ шағаладай аппақ үйлер, одан соң қоңыр белдеулі, көз тұнар егіндік, одан әрі көк жота. Ешкіөлмес қырқасы, сонсын биік шыңдар, ақша қар, тағы да мөп-мөлдір теңбіл аспан.
Бұл өңір көзі үйренген, өзі осында өскен жанға, немесе табиғат сұлулығынан ештеңе ала білмес жай пендеге, әсемдікке құмарланбас, түшіркенбес жанға ештеңе айтпауы да мүмкін. Айтқанмен аларман болмаса тағы бекер! Ей, несін айтасың, жер сұлулығы, табиғат әсемдігі өткінші емес. Бірдің ғана қызығы болған сұлулық та емес, мың-мың жылдар бойы миллиондардың көз жанарын нұрға толтырып келеді емес пе!
Шұбар ауылы да кәдімгі жеті өзенді сағалаған басқа елді мекендер тәрізді Жоңғар Алатауының етегінде жатыр, Қоғалы мен Текелі тауларының аралығындағы Ешкіөлмес аталатын көк жота — осы ауылға ең жақын тұрған тау. Шұбардың оңтүстік батысын осы қоңыр жота алып жатыр. Ол барып биік тауға, асқар шыңдарға, кәрі таудың мүжік бас шыңдарына жалғасады. Осылайша септесіп алыс тартады, жалғасып кете береді.
Алатау сұлулығын ешкім де әлі айтып жеткізе алған жоқ. Оны айтып жеткізу мүмкін де емес болар. Адам көп болса өзі жасаған, өз қолымен соққан, әлде өзі жасайтын затын ғана суреттеп бере алатын болар. Ал табиғаттың өзі жасаған сұлулықты қаз-қалпында айту ешкімнің қолынан келмесе керек. Алатаудың мына шоқылары да нақ бір сондай тіл жетпес сұлу. Сан құбылады. Кеші мен таңы тағы тамаша.
Күннің алтын түстес сарғыш сәулесі тау биігіндегі ақша қарға ойнап шыға келді. Аппақ қар басқан биіктен көрінгенде күннің өзі де алтын түстес боп кетеді.
Күн көтеріле түсті. Ешкіөлместің көк жотасына иек артты. Күн сәулесі шашырап барады. Сәуленің астыңғы бір тармақтары қарлы шыңдарға найзадай шаншыла түсті. Ал Ешкіөлместің қолдан жасаған бөгет тәрізді ұзынша келген көк белі бусанып сала берді. Күн көтерілген сайын жотадан болар-болмас көгілдір бозғыл бу бусанып бара жатты.
Бөлменің тау жақтағы, көшеге қараған терезесінен сығалай қарап, айнадан түскен ойнақы нұр ақырындап жылжи берді. Нұрмолда оянып кетті. Оның ұйқысы да қызық. Тұғырда тұрған бүркіттің мызғып кетіп, басын жұлып алғаны тәрізді. Бөлме ішінде ойнаған, терезенің қымталмай қалған бір елідей саңлауынан түскен, қызыл патсайы көрпенің үстінде дірілдеп тұрған сәулені көріп, басын жастықтан көтеріп алды да, столда жатқан сағатына қарады. Көктем күні өзекті талдырардай ұзақ — ерте шығып, кеш батады. Сағат әлі жеті екен. Сонда да болса кешігіп қалған адамша ол асығыс киінді. Басын жастықтан көтерген бойда есіне түскені — қысқы қыстаудан жаппай көтеріліп, жазғы жайлауға бет алып келе жатқан малшыларға бармақ болған уәдесі еді. Олар қазір Ешкіөлместің жықпыл-жықпыл көк сайларына еніп кеткен. Осы жерлерді қозы әбден аяқтанып, марқайғанша жайлайды да, төлдің буыны қатып, бұғанасы бекіген күні алыс жайлауға, Жоңғардың биік шыңдарына, сонау Сарыноқай атанған «құтырған ит» жайлауына дейін кешеді.
Малшылар алыстамай, жақын жайлауда отырғанда тағы бір жүз көрісіп қалуды ойлап еді. Оның үстіне кеше бір жас қойшыға «барамын» деп берген уәдесі бар. Бір-екі күні кетсе де, жайлауды түгел аралап, әрқайсысына, әрбір қойшыға көзбе-көз, жүзбе-жүз кездеспесе және болмайды. Жайлауға келгенін естісе ақ жолықпай кетті деп өкпелейді. Өкпе өз алдына, қыс бойы бұйығып алыс отарда, сонау Қараталдың құйылысы, Балқаш жақта жатқанда кімнің не ойлағаны, кімнің не жайлы толғанғаны бар, кімге не жетпейді, қайда, қай жайлауға бармақ, биыл кімнің қандай жобасы бар, осының бәрін біліп қалмаса, көңіл шіркін ала жаздай алақтап, алаң болуы кәдік.
Қыстаудың аты қыстау болсын, әйтеуір бір қысты, қытымырлау қысты қысыла қымтыла әрең өткізді. Ал енді жайлауды ше, жайлауды кім қалай пайдаланбақ? Алатаудың қойыны кең, сай-саласы көп, шөбі шүйгін қалай болса солай мал жайып, мол жайлауды рәсуә етуге бола ма? Қысқа деген ең жақсы әзірлік малды жазда дұрыс семірту екенін Нұрмолда сонау жас шағынан Ахметшиндердің қозысы мен қойын баққан күндерден бері біледі.
Жайлауға асығыс аттанды. Шайдың өзін күн қыза, ат үстінде шөлдеп барып, сол жайлаудан ішпек болды. Ауылдан ұзап шыққанша төңірекке көз салмай, ердің басына, аттың жалына тесіле қарай отырып, жүрер жолын жобалап өтті. Барар жер көп, әңгімелесер адам, бітірер шаруа одан да мол. Өткен қыс қытымыр, қыраулы боп, мал қыстан әрең-әрең шықты. Ал қыстан жілік майы үзіліп әрең шыққан малды жазда оңдап бақпаса не болмақ?
Қыс есесін жаздан алмаса шаруаның ұқыпты болғаны қайда? Бұл әрине сонау ескіден келе жатқан көне нақыл. Ол ат үстінде келе жатып осылайша ойлады.
Биыл Жетісудың таулы өңірінде жауын-шашын мол болды. Көк қалың шөп шүйгін. Ешкіөлместің етегіне жеткен кезде өзі де байқады, шөп бітік те биік өсіпті, қазірдің өзінде белуардан келіп тұр. Жауын-шашын аз болған жылы жерге жабыса тырбиып өсетін тобылғының өзі бүртік сап тұр. Күнгей бетінің өзіне кілем түгіндей болып көк жасыл. мол шөп өсіпті. Осылардың бәрі Нұрмолда көзінің шырын қандырып еді. Тау биігінде әлі қар көп. Көксу мен Тентек кенересінен асып жатыр.
Тентек десе тентек. Тауды қақ жарып өтеді. Ол ғана емес, бұлан талаң боп, құтыра ағады. Суының онша көп еместігіне қарамай, кей жылдары жолындағын жайпап кетеді. Көп жылдар бойы Тентектің төменгі жағына көпір құтайған емес. Көктем сайын алып кетеді, жұлып кетеді.
Жетісуда Тентек екеу. Бірі сонау Алакөл бойында. Бірі осы, Екеуі бірінен бірі өтеді. Екеуі де тентек, екеуі де ерке, екеуі де еркін. Нұрмолда Тентекті бойлап барып көтерілді.
Нұрмолда Ешкіөлместің Көксуға тірелген қырқасынан асып бара жатты. Тау шөбінің реңіне назар салды. Шөп шүйгін ғана емес, дәнді, буынды, шаяланбай еркін жетілген екен. Шөптің құнарлы болғаны шаруаның бағы, дегенмен Нұрмолда ойынша малды ауыл қасындағы жайлауда басқаша жайған жөн. Алдымен биік өскен шөпті орып, содан соң барып орылған жерге, шөбі оруға келмейтін жайларға мал жайса оңды болар деп түйді, мынадай табиғат берген мол қазынаны бар екен деп ,мол екен деп рәсуә етуге болмайды, тіпті ауыл қасындағы малға шөп машинасы жүре алмайтын жерлердің ақ шөбі жетіп артылады! «Қыс киерін жаз киген жарлы қайдан байысын» деген ел сөзі қандай данышпан!
Бұл сөзді Нұрмолда осыдан қырық жыл бұрын, сонау бір кезде Ахметшиндердің қойын бағып жүргенде естіген еді. Ол кезде Нұрмолда он-он беске жаңа келген жас еді. Бай мұны үстіне күпі киген, аяғынан көн шоқайы түспейтін жас қойшысын келекелеп айтқан болатын. Басқа киері болмаған соң қалың күпісін тастамай қорбаң қорбаң етіп қой соңынан кетіп бара жататын.
Ол жайлау жайын осылайша ойлап келе жатып, алдағы еңісте отырған қойшы үйінің үстінен шыққанын білмей қалды.
Оның қарсы алдында не бары төрт керегеден көтерілген қойшының шағын ғана емес, аядай ғана лашығы тұрды, оның есіне ертедегі нағыз сіңірі шыққан сорлы қойшының баспанасы елестеп кетті.
«Қыс киерін жаз киген жарлы қайдан байысын» деген мақалды есіне қайта түсірді. Ал жаз жайлауын қыста жеп, қыс қыстауын жазда жайлап жүрсе қазіргі шаруа қалы қандай болар еді? Қысқа қыстай, жазға жаздай, әрқайсысын өз орнымен пайдаланған жөнді. Мал басы көбейген сайын жайлау да, қыстау да тапшылық етті. Қазір колхоздың жүз отарға бөлінген елу мыңнан аса қойы бар. Басқа малды былай қойғанда осыншама қойды қайда, қалай бағу керек? Егер бұған Алатау жерінің сан құбылмалы ауа райын қоссақ, сонда не боп шығар еді? Мал азығының басқа түрін былай қойғанда, жай шөптің өзі жетпейді. Мұның бәрі ойламаған жайлар.
Баяғы байлар малын қысы-жазы айдап бағатын. Баяғы баяғы болсын. Уақыт басқа ғой. Мал бағу, оны өсірудің түрі де өзгеруге тиіс емес пе? Ата-баба мұрасының жақсысын, пайдалысын ғана алып, жарамасын тастауға тиіспіз. Олар малды қалай бақса солай бақсын, бізге ол мұра емес. Бізге жылы қора, шопанға жада үй керек. Қазір әрбір отардан, әрбір қыстаудан шөптің мол қорын жинаған дұрыс...
Мал жайлы осындай ойларын жиып үлгермеді, қырдан төмен түсіп, әлгі үйге келіп те қалды.
— Кім бар ay? — деп дауыстады Нұрмолда.
Үйден жауап болмады. Оның орнына баспанадан қалқан құлақ, шегір көз, ұзын бойлы қара жігіт шықты да, колхоздың бастығын көріп қалта қарап тұра қалды:
— Сәлем бердік, жақсы ма, жігітім? — деп Нұрмолда бұрын тіл қатып, алдымен сәлем берді.
— Сәлеметсіз бе, Нұреке, сізді қайдан жүр деп аң-таң боп қалған едім.
— Ұмытпасам, осы сен Мырзабайдың баласы боларсың?
— Иә, мен Мырзабайдың ұлымын. Атым Мұқажан. Өткен жылы осы қойға жіберерде көп сөйлестіңіз. Одан кейін кездескеніміз осы болар! — деп Мұқажан шегір көзін төмен сап, көнектей қалың, салпиған шоштақ ернін жимастан еркелеген балаша сөйледі.
— Иә, Мұқажан, сен Мырзабайдың баласы едім де, дұрыс, — деп атынан түсті.
Мұқажан болса шылауына орала кетті. Атты белдеуге емес, анадай жердегі кісі бойындай биік қазыққа байлады. Сөлең-сөлең етіп, аяғын алға қарай сілтеп тастап, Нұрмолданың жанына қайта оралды.
— Ал, аға, үйге еніңіз!
Нұрмолда төрт керегелі аядай қараша үйге иіліп әрең-әрең енді.
Мұқажанның келіншегі Жұлдыз болса орнынан жалма-жан тез тұрып, іргеге қарай ығыса түсіп, иіліп сәлем етті. Бадырақ көз сары келіншек үйге енген кісіге тура қарай алмай, жерге, үйдің ортасында асулы тұрған төрт құлақты, жетім қозының қарны сияқты томпайған бүйірлі қара қазанның астында жылтырап жатқан шоққа қарай берді.
— Келін, қалқам, сау-саламат па? — деді Нұрмолда.
— Шүкір! — деген сөзді естілер-естілмес етіп, Жұлдыз әрең айтты.
Қонақ төр алдында төсеулі жатқан екі бүктеулі алабажақ шыт көрпенің үстіне отырды. Мұқажан төрден жастық алып тастады. Нұрмолда жастықты қолтығының астына қыса түсіп, аяғын бүгіп, қисая жатты.
— Ал балаларың қайда, Мұқажан, келін екеуін ғана ма, жайлауда?
— Балалар ауылда.
— Оқитыны бар шығар?
— Екеуі оқиды.
— Қанша балаң бар?
— Жетеді, аға! Бес-алтау.
— Өте жақсы екен! Мырзабай марқұмның ұрпағын көбейтіп жатырмын де, дұрыс, дұрыс-ақ.
Бұл сөзді айтарын айтса да, «Мырзабай марқұм» деген сөзді айтқанда Нұрмолданың жүрегін әлде не қатты шымшып қалғандай шым ете қалғаны бар. Осыдан кейін ол біразға дейін үнсіз қалды. Жұлдыз Оттағы қазанды алып, сыртқа жууға кетті де, артынша іле-шала Мұқажан да шықты.
Алдабергенов есік пен төрі бір-ақ аттам аядай лашықтың, төрт кереге, он уық, шарықтап жасаған алақандай кішкене шаңырақтың астында қалды. Бірақ ол осы үйді, осы күнгі жайды емес, жаңа ғана атын атағанда жүрегін қатты шымшып өткен Мырзабай жайлы ойлап кеткен еді.
Мырзабай Нұрмолдадан төрт-бес жас үлкен болатын. Бірақ бірге өсті, бірге жалшы болды. Екеуі сонау бір жылдарда, темір жол құрылысын салуға кеткенге дейін бір байдың малын бақты. Бір сөзбен айтса, бірі аға, бірі іні боп, ұялас өсті. Алдабергенов жалшылықты бірінші боп тастады да Түркістан-Сібір темір жолының құрылысына жұмысшы боп кетті.
— Бұл кезде жол Алматыға жақындап қалған. Нұрмолда болса Шақпақ тауынан бастап, жол құрылысында кетпенші, жер қазушы, қазған топырағын болашақ жолдың сөресіне үйіп-төгуші боп істеді. Ауыр, азапты жұмыс. Қой баққаннан әлдеқайда ауыр. Бірақ біреудің, жеке біреудің жұмысы емес, елдің, көптің жұмысы. Азабы көп, ауыр болғанмен қорлығы жоқ, өз ісің тәрізді еркін. Тапқанын тамағына, жұтқанын жұмырына сап күн кешкендердің өтіп жатқан сан сапасы жоқ біркелкі күндері. Бұ да болса оңды ақ. «Біреудің малым бағып, жаттың дәулетін қорып жүрмін дегеннен гөрі, өз күнімді өзім керіп, өз нанымды өзім тауып жеп жүрмін», деген азамат сезімі қолтығынан демейтін. Мұның үстіне азаннан кешке дейін айдалада, елсіз шыңсыз шатқалда жалғыз жүріп мал баққаннан гөрі, мұнда өзі сияқты жалаңаш кеуделі, жалғыз жейделі, қолын күс басқан жігіттермен бірге думан сап, аралас-құралас адамдармен бірге қарбалас жүргені бір ғанибет еді. Көңілге болмаса, тағы бір артық жері және бар. Қой бағып, жұмыр арқалап жүрген кездегі сүйегі шығыңқы иығы, жіңішке білегі, қабырғасы сай сай боп жататын кеудесі толысып, бөлек-бөлек бұлшық ет пайда болды. Мұның өзі жас жігіттің бойына жаңа бір толқын лебін төккендей қуаныш, жан қуанышын, жас көңілділігін әкелген. Қой соңында жүрген кездегі ақ таяқтың орнына тасты күл-талқан ететін темір қайла, алаң күрек ұстады. Алақанның терісі қалыңдап, түйенің қатқан мойнағындай сірескен көк сіңір боп қалды. Денесі қашаған тастай боп сұлуланып, сымбаттанып кетті.
Темір жолдың қара жұмысына әбден көнігіп кетті, құнығып алды. Осы жұмыспен ол Шақпақтан бастап, өзі туған Малайсары тауларын жарып өтіп, Айнабұлақтан барып бір-ақ шықты.
Түркістан-Сібір жолы осы жерден түйісті. Ұлан-асыр той болды. Жақсы істеген озық жұмысшыларға бәйге, сыйлық берілді. Нұрмолда Елтай Ерназаровтың қолынан бостон костюм шалбар алды. Бірі өтірік емес, Нұрмолданың жарық дүниеге келгелі әрі жаңа, әрі жақсы, әрі бағалы киімнің иығына ілінгені осы еді: Ол қатты қуанды. Түні бойы ұйықтай алмай шықты. Жаңа киімін бауырына басып, қолымен ұстап жатты. Кедейлік пен жоқтық кейде адамды бала сияқты етіп жібереді. Оның алғашқы қуанышы, еңбек қуанышы, оны бір мезет нақ осылайша бала етіп жіберген еді. Ол осы бір күні бала тәрізді шексіз қуанышта жүрді. Кім біледі, біреу болмаса біреу ұрлап кете ме, айырылып қалса не болмақ?
Бұл күнгі түн ұзақ болды. Таң атпай қойды. Нұрмолда жанның бәрінен бұрын тұрды. Таңғы салқында Айнабұлақтың басында отырып, соның мұздай суына ұзақ жуынды. Ахметшиннің қойын бағып жүргенде бұл бұлақтың басына келіп, талай-талай шілдеде мал жусатқан, суын ішкен. Бұл көптен, тіпті сонау бала жастан таныс бұлақ. Бүгін оның суы мүлде салқын, ерекше дәмді боп көрінді. Ол осы бұлақтың басында сәске түске дейін жалғыз отырып, ұзақ жуынды. Темір жол құрылысындағы жұмыста жүрген кездегі көн тәрізді қаудырлақ, қалың кенеп шалбары мен күрткесін шешіп, бұлақтың төменгі жағындағы жардың түбіне үйді де, оған ескі жейдесін, жаман етігін қосып, әлгі үйіндіге отты қойып жіберді. Күнге күйген әрі қара маймен сыланған, майлы ағаштарды арқалап жүргенде әбден май сіңген киімдер лезде лап ете түсті де, жаңа бастады. Жылдан аса киген киімдері жалын арасында қоңырсып жана берді.
Тілі сумаңдаған қызыл жалын ішінде жанып жатқан шоқпыт киімдеріне бір сәт тесіле, едәуір ұзақ қарап қалды. Жалма-жан артына бұрылып қапшығына қарады да, одан тағы да бір ескі жаман іш киімдер алып, отқа тастап жіберді. От қомақтанып көтеріле берді. Жалын тілі сумаңдап көтеріле түсті.
— Бастан құлақ садаға деген. Осымен бағымды байлаған кедейлік кесел кесепат кетсін! Аяғыма тұсау, жолыма бөгет болған бәле-жала, кедей тағдыры, ашылмай келген сор осымен қалсын! — деп ішінең күбірлеп, оттың төңірегін ортаға үйіріп, қымтай түсті.
От жанып жатыр. Талай-талай тер сіңіп, әбден сіре болған, қолаңса сасыған киімдер қара күрең тартып, жана берді, жана берді. Нұрмолда болса көз жазбай қарап қалған, бір мезет, шынында да оған осы бір жалақтаған, сүйір тіл қызыл қоңыр жалын ішінде оның байы мен кедейлігі, баяғыдан бергі бағын байлап келген қырсығы қоса жанып жатқандай боп кетті.
— Апыр-ай, осы темір жол, осы Түркістан-Сібір жолы деп аталатын әрі ұзын, әрі үлкен жол менің бар қырсығымды алып қалған болса игі еді-ау!
"Ол осылайша" ойлады. Өзінше соры мен қырсығын, азабы мен ащы терін, кедейлігі мен жоқшылығын Айнабұлақтың басында отқа, кәдімгі қызулы, жалыны мол отқа жақты, ол лаулап жатыр...
Қойшының әйелі сырттан көп, ортадағы ошақтың астына от жақты, қазан асты. Ел жайлауға бет алғанмен құралайдың салқыны еді. Содан да от әлі үйден сыртқа, жерошақтың басына көше қойған жоқ.
Бүйірі бұлтиған кішкене қара қазанның астындағы от та лаулай бастады. От қызуынан шырт-шырт сынып жатқан тобылғы мен аршаның сыртылы да оның көңілін бөле алмады. Жұлдыз отын жақты да сыртқа қайта шығып кетті. Нұрмолда тағы да жалғыз қалды. Ойы үзілген жоқ. Ол ойлап отыр. Отқа қарап қалған. Осы бір сәтте Мұқажан үйінде жанған кішкене от сонау бір жылдары, дәл айтса 1929 жылы Айнабұлақтың басында, сәске түс кезінде жанып жатқан отқа ұқсады.
Дәл соның өзі екен деп ұқты. От сөнбей қойды, шоқпыт киімдер жанып бітпеді. Ұзақ жанды, ұзақ қарады, сарыла қарады. Киімдердің бәрі үлпілдек күлге айналды, бірақ от сөнбеді. Нұрмолда қараудан жалыққан жоқ.
Оның ойын сырттан келген Мұқажан бөлді.
Нұреке, түстеніп аттанатын боларсыз.
Ол солқ ете түскендей боп, басын көтерді де, жанып көзін алды. Ой тізбегі кілт үзілді.
Түске дейін бірталай жерді аралап қалсам деп едім. «Жүрген аяққа жөргем ілінеді» деген емес пе, ішіп аттанам.
Жоқ, оныңыз болмайды. Өзіңіз айтқандай Мырзабайдың ұрпағын көбейтіп жатқан кішкене шаңырақтан дәм татпай аттанғаныңыз болмайды.
Мырзабайдың аты оның кеудесінде бүлкілдеп соққан жүрегін тағы бір шымшып өтті. Әлгі бір қалың ойдың жалғасы да осылай қарай келе жатыр еді. Сонда да болса ойдан айыға алмай:
— Асқа қарай алмаймын, барар жер, сөйлесер, ел көп! — деді.
— Келініңіз қазанға ас сап қойды.
— Онысы бекер болған. Оқасы жоқ енді, өздерін жеңдер!
— Иә, ас пісіп жатыр. Біздің үйден дәм татпай кеткеніңіз мүлде болмайды. Тіріні былай қойғанда, өмірден соры ашылмай кеткен өлі аруақ бар, Нұреке, соны ойлаңыз!
Бұл әлгі бір ойдың үстіне, соның отының үстіне май құйып жібергендей болды.
Нұрмолда Мұқажанға селт еткендей, жалт қарады. Ол бұл сөзін ыржиып күле айтты. Бәрібір сонда да болса Нұрмолдаға түрпідей тиген еді. Жаңағы бір шымшудың орнын тырнап алғандай болды. Содан да болар райдан тез қайтты.
— Дұрыс, бұл үйден, бұл шаңырақтан дәм тату маған парыз. Бірақ, ас дайын болғанша екеуміз біраз жерді, мына сенің көрші отырған отарларыңды аралап қайталық.
— Оныңызға құп та құп.
Нұрмолда орнынан ауыр қозғалып тұрды да, сыртқа беттеді. Мұқажан аты да әзір екен, енді бір сәтте, екі салт атты тау арасындағы жалғыз үйді тастап, көк жасыл белден асып бара жатты.
Нұрмолда әлгі бір кездегі үйдегі ойдың жалғасын үзе алмай қойды. Өйткені осы ойдың мына қасында келе жатқан Мұқажанның әкесіне, Мырзабайға соғар бір жәйті бар-ды. Жүректі қайта-қайта шымшып өткен қытықты жайлар да осыған орайлас еді.
...Айнабұлақ басындағы алаулаған жалын басылды, ол батқан күндей алдымен қызарып, артынша бозалаң тартып, көк жиекке сіңді де көмескі күлге айналды. Алдабергенов судай жаңа костюм шалбарын, тағы басқа жаңа құсқысын киіп, үлкен жолға, Көксуға қарай кететін қара жолға шықты.
Жол үлкен, кең. Күн сайын осы жолмен мың сан ат-арбалы кіре салған, керуен тартқан жандар өтеді. Бұл бір адам көп ететін үлкен жол. Мұның бір жағы Алматы, Шиен базарына, одан қалса Піспек пен Тоқпақ жәрмеңкесіне кетеді. Ал ол жақтан қайтқандар Гавриловна мен Қапал, Лепсі мен Ақсу жәрмеңкелеріне, одан әрі кетсе, Үшарал мен Аякөз, Семеймен Зайсан жағына кетеді. Көп халық жүретін, дамылы жоқ үлкен жол нар түйенің жонынан алған таспадай созылып, бір-бірімен жарыса тартып, алысқа кетіп жатыр. Әлгі бір айтылған жерлерден асып тағы қайда барады? Ол арасын Нұрмолда ойлаған емес.
Нұрмолда үлкен жолдың үстінде тұрып қалды. Қайда, кімге бармақ? Темір жол болса бітті. Оның қара жұмысы да біткен. Басқа іс қолдан келмейді. Енді не істеу. керек? Жолда көрген үлкен қала Алматыға оралса қайтер еді? Онда не істемек, тамыр-таныс, қол ұшын берер онда кім бар еді? Ал Гавриловкаға барса ше? Ахметшиндердің қойының орнына құлақтың шошқасын баға ма, әлде шөбін шауып, картошкасын қаза ма? Оның көкейінде осындай бір шым-шытырық, бей-берекет көп сұрақтар тұрды. Ол нақ бір ертедегі аңыз әңгімелердегі тоғыз жолдың торабына келіп, енді қайда жүрерін, қалай басарын білмей, аң-таң болған саяхатшы, жиһанкездер тәрізді аң-таң, боп жол үстінде тұра берді.
Ол көп тұрды. Сұрақтар да көбейе берді. Көксу жаққа, туған ауылына қарай бір-екі адым жүріп барды да қайта тоқтады. Кейін қарай жүрді. Алғашқы жолға шыққан жеріне жетіп, тағы кідірді.
Күн түстікке көтеріліп қалды. Жол үсті тып-тыныш, әшейінде лек-лек боп ағылып жататын керуендер де жоқ. Алдабергенов бұрылып артына, Айнабұлақтың мұздай қайнарының басында қоңырсып жатқан отқа, одан шыққан болмашы бозалаң түтінге біртүрлі көңілсіз қарады. Көңіл шіркін бір сәт суып кетті. «Сорым мен кедейлігімді емес, жаңа жана бастаған бағымды, ырысымды жағып кеткен болармын» деген суық ой келді»
Өз ойын, өз тілеуін, өз басын жамандыққа кім қияды дейсің, «жоқ, жоқ, олай емес, мен сорымды, кедейлігімді, қырсығымды жақтым, соны өртеп кеттім» деп іштей қайсарлана ойлады. Күнде, кең далада, ұзақ жолда ауыр жұмыс істеп шаршаған қабағын ел жаққа бұрып, жерде тілім-тілім, жалақ болған ернін қайта-қайта жалап, Көксу жаққа, туған ауыл, өскен жерге аңсары ауа қарады.
Нақ осы кезде ту сыртынан:
— Жаным ау, сен Нұрмолдамысың, — деген дауысқа бұрылып, жалт қарады.
Міне қызық нақ қасында кішкене күрең тайға мінген Мырзабай тұр. Кәдімгі Мырзабай, пәлендей жыл бірге мал баққан, ағайын ішінде аға болған Мырзабай.
Нұрмолда ойдан тез сейіліп, Мырзабайға қарай құшағын жайып жүгіре жөнелді. Ол жеткенше Мырзабай тайдан түсіп те үлгерді. Екеуі айдалада, үлкен жолдың үстінде құшақтаса кетті. Көптен көріспеген, бір-бірінен хабары жоқ екі туыс құшақтасып көп тұрды. Екеуінің де иіні босап, туыстық сезім билеп, жүрегі қатты соқты, жиі соқты.
Мырзабайдың мойнына Нұрмолданың ыстық жасы тамды. Бір-бірін қатты қысып қысып қойды, Әлден уақытта Мырзабай құшағын жазып, бірінші тіл қатты.
— Ал, сөйле, Нұрмолда, қайдан келесің, бет алысың қалай?
— Өзім де біле алмай, аң-таң боп тұр едім.
— Туған жерде ботасы қалған аруана тәрізді ауылға қарап тұрғаныңды керіп сүйсіндім. Алысқа кете қоймайтын сияқтысың.
— Мына темір жолдың, сендерше айтсам, шойын жолдың жұмысы бітті. Енді қайда барарымды білмей тұрғанда құдай айдағандай өзің сап ете түстің. Мені алла далаға тастамаған екен. Ал, өзін, қайдан келесің?
— Сенің жол үстінде, барса келмес пен бақыт жолының айырығында не істеріңді білмей тұрғаныңды біліп, періште боп әдейі келдім десем нанар ма едің?
— Нанамын, аға, нанамын.
— Нансаң солай, қосқа жегіп жүрген ала өгіз бен көк өгіз екі-үш күннен бері ұшты-күйді жоқ. Соны іздеп, мына бір жаман таймен сабылып жүрмін.
— Елдің жай-күйі қалай?
— Баз баяғы. Артель боламыз, колхоз боламыз деп шулап жүрген халық. Біреу қарсы, біреу наразы дегендей. Әйтеуір жүріп жатырмыз. Артель болудың алдында бір екеуміз бірігіп егін салып едік. Сол әлгі мойын қосқа жегіп жүрген екі өгізді жер жұтқандай, зым-зия болды. Соны іздеп қайтқан едім. Ал енді не тұрыс бар? Елге бет алған болсаң бірге кеттік! — деп Мырзабай Нұрмолдаға қарайды, — Ел-жұртқа не бетіммен көрінемін дейтін емес, өзің шырттай боп киініпсің. Қалыңдық ойнайтын жігітке ұқсайсың.
Екеуі көңін сүйретіп әрең жүріп келе жатқан күрең тайды жетелеп, даңғыл жолға түсті...
Бағанадан бергі ойының осы бір кезіне дейін Нұрмолда үнсіз ойлап, үнсіз келе жатқан еді. Мұқажан болса оның ойын бөлмеді. Бастықтың өзі бірдеңе сұрамаса сумаңдап сөйлей беретін Мұқажан емес. Жас дейтін жас емес, бес балаға әке болды. Оның үстіне әке тәрбиесін көрмесе де, ибалы ана құшағында өсті. Білгішсініп, қақаңдап, суырыла шықпайтын ол, инабатты жігіттің үлкен адам алдындағы әдебін де білетін.
Нұрмолда мен Мұқажан біраз уақыт үнсіз-түнсіз жүріп, Ешкі өлместің теріскей бетіндегі бауырдан көтеріле бергенде, алыстан үрген иттің даусы шықты. Екеуі де алға қарады. Төскейдегі жалғыз үй әлі де талай жерде екен.
— Мұқажан, — деп Нұрмолда қасындағы жас жолдасына қарады.
— Құлағым сізде, Нұреке?
— Мұқажан, мен сенің әкеңді көптен, сонау бала жастан білемін! — деп бір тоқтады. Мұнысы айтар әңгімем бар, соны зейінді тыңда дегендей болған-ды.
Жас жігіт ат үстінде ырғала түсіп, кеудесін бұрды. Дене салмағын аттың сол жағына тастап, онға, Нұрмолдаға қарай бір қырындап отырды.
— Мырзекең менен аздап үлкен еді. Бірақ құлын-тайдай тебісіп, аға-іні сияқты бірге өстік. Мен шойын жол құрылысынан қайтқанда ойламаған жерден Айнабұлақта кездесіп қап, бірге қайттық. Осы ауылға сонау Айнабұлақтан арқасы жауыр, құйрығы шолақ, кішкене күрең тайға кезек мініп, бірде жетелеп, бірде жайып, орта жолда осы күнгі Мұқырға бір қонып әрең жеткеніміз бар...
Алдабергенов астындағы айқасқа қызыл күреңді жай ғана қамшылап қойды. Аздап жорғасы бар, талай бәйгені, талай айналманы, салымды көрген әккі ат аяғын еркін де алшақ басып, ешбір қамшы салғызбайды. Ол үстіне мінген адамның қамшыны тек бір сәндікпен, жай бір көңіл үшін сүйемелдеп отырғанын да жақсы біледі. Қамшы сауырына тисе де, тимесе де бір қалыпты әсем жүрістен айныған емес. Жайлы жүрісі, бір, қалыпты мінезі үшін Нұрмолда айқасқаны ерекше жақсы көріп кетті. Ауылда қалған «Волга» бара алмайтын жердің бәріне осы айқасқа, қызыл күрең барады. Машина жүре алмайтын жерлерде бұл ат машинадан кем түспейді. Бұл да бір шақта өз заманының машинасы еді-ау! Денесі қызып, аздап қолтығы терлеген соң бір-екі рет қатты пысқырынып алады да, аяқты кере, көсіле тастап сары желіске салғанда бөккенше жортады! Нақ қазір ол ауыздықсыз, басына ноқта тәрізді жаман жіп жүгенді іле салған, не желісі, не аяғы, не жай жүрісі жоқ қойшы атына қарайлап, өзін-өзі іркіп келеді.
— Ол кезде қайда, осы күндегідей ме! Қазір не, Алматыдан қазір шықсаң төрт-бес сағатта Талдықорғанға келесің! Мұқыр мен Айнабұлақтың арасы «әудем» жер сияқты. Мырзекең екеуміз Айна бұлақтан таңертең шығып, Мұқырға ымырт жабыла келдік. Мынау аттар сияқты емес, — Нұрмолда астындағы айқасқаның жібектей судыраған, ақ селеу тәрізді жұмсақ жалын қолымен сипап қойды. — Жауыр тайды кезек міндік. Ұзақ жол қатты шаршатты. Бірақ жолай әңгімені шерттік. Айтылмаған сыр, шешілмеген шер қалмаған болар.
— Ауыл әбігерленіп, артель боламыз. Серіктік құрамыз. Жоқ, бәрін қойып бірден колхоз боламыз деп жатыр. Мұның арты не боларына көзім жетпейді. Сен мына шойын жолда істеп, көзі ашық адамдардың қасында болып келесің ғой, кәні білгеніңді айтшы, — деп Мырзекең маған қарады. Мен не айтамын?
— Айт, «артель», «серіктік», «колхоз» деген немене?
Оның бұл сұрағына жауап беруге әзір емес едім. Өйткені әлгі үш сөзді өзім де алғашқы рет естіп отырмын. Әлгі сөздің біреуі ғана, тек «серіктік» дегені түсінікті де, басқа екеуі маған мүлде мағынасыз нәрсе тәрізді. Сонда да болса Мырзекеңе айттым. Былай дедім: өзіңіз білесіз, мен мынау шойын жолдың құрылысын бітіріп келемін. Сол жол салына бастағанда біздің туыстар арасында талай-талай әңгіме, талас бопты. Біреулері темір жол деген пәле, бұл даламыздың сәнін, даламыздың көркін, даламыздың еркіндігін жұтуға келе жатқан аждаһа десе, енді біреулері бұл «біздің даламызға келе жатқан күн, бақыт, ырыс, мәдениет, ғылым» депті. Мен осы екеуінің қайсысы дұрыс айтады, оны айта алмаймын. Өз басым темір жолға сүйсініп қалдым. Мына күрең таймен екеуміз ғой ертеден кешке дейін салпақтап, сардала, көк адырмен тартын келеміз. Поезд дегеніңіз әлгі шойын жолмен түтінін будақтатып, осы жеріне көп болса ет асым, аз болса сүт пісірім мерзімде жетеді. Бір өзі орасан көп жүк көтереді, қыруар адам мінгізеді. Менің өз ойымша бұл жамандық емес. Иә, егер шойын жол деген жамандық емес, жаңалық болса, біз әлгі өзіміз айтқан үш сөзден неге қашамыз. Ау, тіпті қазіргі уақыттың өзі де жаңа емес пе? Бір кезде бетіне қарап бір ауыз сөз айта алмайтын кешегі Ахметшиндер, анау Гаврилов Антон мен Сергейлер қайда кетті. Демек, заман жаңа, жаңа заманда жаңа сөзден, жаңа істен қашпаған жөн. Әр нәрсе кезінде емес пе?
Мырзекең сөзіме өте қатты риза болды.
— Ұқтым сөзіңді, ұқтым. Шойын жолға бекер бармаған соң. Әлгі айтқаным рас екен. Көзі ашық, дүние көрген адамдардың арасында болғаның көрініп-ақ тұр.
Ал маған болса, Мырзекеңнің осы сөзі қамшы болды. Бір түрлі шабыт берді. Шабыт емес-ау, өзіме өзім сенімділік, батылдық пайда болғандай әсерлендім.
— Ал, Мырзеке, жаңадан қашудың қажеті жоқ. Сіз бен біз, құдайға шүкір, бұдан да жаманымызда тойға барғанбыз. Сондай болса, біз осыған келіссек, міне мен де елге қарай беттеп келемін, сол серіктігін де, одан қалса артелін де, тіпті әлгі колхозын да бірге көрейік, — дедім.
— Мұның жөн сөз, көрейік, не де болса бірге көрейік! — деп Мырзекең де құлшына кетті.
— Мына қазір, екеуміз келе жатқан Ешкіөлместің арғы бетіндегі баурайдан ең алғашқы артель жасаған Мырзекең екеуміз едік. Біз айқайшы болдық. Біреулер сенбей бізге мысқылмен күле қарады. Бірақ, мына жолдың үстінде саған айтайын дегенім бұл емес еді...
Алдабергенов кілт тоқтап қалды. Мұқажан оның бетіне қарады. Ол көпке дейін айқасқаның ақ селеу түстес, сусылдаған жібек жалына қарап үнсіз отырды.
— Айтпағым бұл емес еді, — деді әлден уақытта Нұрмолда қатты күрсініп, бұл емес еді. Дұрыс түсінсең жақсы, кім біледі, сендер әлі баласыңдар ғой.
— Бес балаға әке боп, ауызына ата сақал біткен адам жас бола ма, Нұреке?
Мұқажанның үнемі мұрын астынан шығатын күңгірт даусы бұл жолы жарқын естілді. Бұдан оның балаға әке болғанын мақтан ететіндей әкелік жылы леп қоса өскен тәрізді еді. Мұнысы ағасына, Нұрмолдаға қатты ұнады.
— Дұрыс, Мұқажан, ете дұрыс. Әкелік сезімі бар жігіт жас та болса бас болуға жарайды. Меніңше жас адамның ақылы «мен әкемін» деген ұлы сезіммен бірге енсе керек. Сен өзіңді өзің мысқылдап айттың ба, шыныңды айттың ба? Оны білмедім. Бірақ дұрыс айттың.
— Нұр аға, онда сол сіз айтқан ақыл маған бір емес, бес рет енген екен де, ондай болса ұқпас деп қиналмай-ақ, сөзіңізді айта беріңіз.
— Ах, солай ма еді? — деп қалды Нұрмолда, — солай ма еді. Сөзің ұтымды, жанды сөз. Біз өзімізден кейінгі өсіп келе жатқан жігіттердің қандай екенін, қалай өсіп келе жатқанын көп біле бермейміз. Сен дұрыс айттың. Сен «мен әкемін» деген сөзді бір емес, бес ұғып, ішіңнен бес рет қайталадың. Саған ақыл бес рет енді. Дұрыс ақ! Бұл сөзің өте дұрыс сөз.
Нұрмолда өз сөзіне өзі күлді. Оның күлкісін Мұқажан қоштады. Төмен қарап, кеңк-кеңк етіп қалды. Бірақ, Алдабергенов шын жүрегімен күле алмады. Оның жанын алғашқы шымшыған кездегі түршіккені әлі қайтпаған. Ол осы өзімен бірге келе жатқан Мұқажанның әкесі Мырзабайдың өлімі еді. Соны көз алдына келтірсе ақ болды, Нұрмолда жүрегін әлде не шымшиды, жаны түршігеді. Ал бүгін, сол ердің артында қалған жалғыз көзі, өзі кетіп бара жатқанда: «Нұрмолда, мен айыға алмаспын. Сен тірі қалсаң, менің көзім, артымда қалып бара жатқан мына бір шикі өкпемді саған тапсырдым. Осыны сақта, үміт қайран жоқ. Осыны саған тапсырдым, саған» деп кеткен жалғыз ұлы, сол ердің артындағы тірі белгісі бүтін Алатаудың төскейінде өзімен үзеңгі қағысып келеді. Нұрмолда жаны осындайда толқымағанда қайда толқымақ? Нәзіктігінен қаталдығы басым, осалдығынан ожарлығы басым Нұрмолда жаны осы жігітпен кездескелі бері жүдеуге жақын еді. Мұның белгілі себебі де бар-ды. Ол соны айтпаққа оқталып келеді. Бірақ, айтып үлгере алмады. Оның сөзін алдынан «әудем» жерден арсылдап, үре шыққан шопан иттерінің дауысы бөліп жіберді.
II
Бұл ежелден таныс, сонау соғыстан қайтқалы бері, таяғымен қоса балдағын сүйреткен, бір аяғы жоқ келіндеріне «ағаш аяқ, қайнаға», ал құрдастарына «балдақты Балықбай» атанған, жарбақ бойлы, сирек сақал, едірең мұрт қойшының үйі екен. Үрген иттердің даусымен бірге селтиіп есік алдына шыға келді. Қолымен маңдайын күннен көлегейлеп, үйіне та қап қалған екі аттыға ұзақ қарады. Аттылар жақын көп тізгін тартқан кезде барып, екеуін де тани. кетіп, қарсы жүрді.
— Жүріс сәтті, сапар оң болсын, Нұрмолда, өзің екенсің ғой!
— Өзім болмағанда кім деп едің, Балықбай, малы басың, бала-шағаң аман ба? Денің сау ма? Мал бағуды қой, әлгі бір мүгедектің пенсиясымен отыр, тыныш отыр, асып бара жатсаң өз шаруаңды істе десем көнбейсің. Меніңше, сен соғыста да мынау аяғыңнан осы қайсарлығың үшін айырылған шығарсың?
Алдабергенов атының шылбырын Балықбайға беріп жатып, жайдары даусым шығара күлді.
— Бұл аяқтың тарихын сен сұрама, мен айтпайын, Нұрмолда, қалай ауыл-аймақ аман ба, Ақжарқынның, Күләннің, Төленнің дені басы сау ма? Сені көрмегелі де жыл боп қапты-ау. Өткен жылы осы кезде, анау Көксудың басындағы тоғанда қой тоғытып жатқанда бір келіп едің?
— Ой, сен де бір қу екенсің, бастықтың қашан келіп, қашан кеткенін есептеп, жіпке тізіп жүретін қусың ба деймін.
— Қулық пен сұмдықтан аулақпын. Мына құрбың ба, құрдасың ба, өзің білесің, Мейіз екеуміз сені сыртыңнан мақтап, өзімізше мақтаныш тұтып, сенің келуіңді күтіп отырамыз.
Осы кезде үйден қаншырдай қара сұр әйел шығып:
— Есен-сау жүрсіз бе? — деп жай ғана амандасты.
— Мейіз, жайың жақсы ма, қуаттысың ба? — деп Нұрмолда да жай сұрап жатыр.
Бастық амандықтан соң дітке алған ойын тындырмай көңілі көншімесін бірден сездірді:
— Мынау жазғы жайлауға барар алдында шопандармен бір сырлассам деп едім. Бұл өзі осы сіздер тау бөктеріне жетіп, жайлауға қарай бет алғалы бері көңілде жүрген бір жай еді. Соны бүгін іске асыра қоймақ боп, ауылдан асығыс аттанған бетім еді.
— Әңгіме сол қойшылармен кеңес болса, оны болдыру оп-оңай емес пе? Қазір біз мына қырдың астында отырған көршіге хабар береміз. Ол өзінің жақын көршісіне айтады. Сопымен не бары екі-үш сағатта осы аймақтағы барлық қойшы осы жерге сап ете түседі.
— Бәрін оп-оңай еттің де қойдың ғой. Кәні, соныңды істе, Балықбай!
— Біздің үй алпыс отар қойдың нақ ортасы өзі!
Ал, Мұқажан, атыңа мін де, мына көршіге хабарлап кел, ол өз көршісіне айтсын! Соғыста да нақ осылайша бірден-бірге хабарлайтынбыз. Сонда да содан жылдамы болмайтын.
Мұқажан кетті. Үйде Балықбай мен Нұрмолда қалды. Мейіз болса қазан асудың қамына кірісті.
— Мейіз, асқа әуре болма, анау Мұқажанның үйіндегі келін де бірдеңе істеп жатса керек. Екі үйден бірдей ас жей алмаспын.
— Қойсаңшы, Нұрмолда, әйелдің не істеп жатқанында не шаруаң бар. Одан да ел жиылғанша әңгімелесе отырайық та!
— Құлағым сенде, әңгімеңді айта бер, Балықбай!
— Айт дейсің, мен не айтам. Сен айт. Қазір сенің өрісің ұзақ, жайлауың кең. Бармайтын жерін жоқ. Саған Мәскеу деген мына бізге Талдықорған қандай болса сондай боп кетті. Сен айт та.
— Жаным Балықбай, әңгіме айтам деген өзін. Мен не айтам? Сұрасаң жауабым әзір.
— Сұрап не қылам? Не сұраймын. Сұрауды да бірдеңеден хабары бар адам береді де.
Балықбай ақ көңіл, еліккіш, аңқылдақ, ашық мінезді адам. Өзіне тиіспесе болғаны. «Әңгімелесейік» дегені болмаса оның ойында белгілі бірдеңенің жоғы да рас еді. Сонда да болса аз аңырып, Нұрмолданың бетіне қарап отырды да:
— Нұрмолда деймін, осы ғой, екеуміз ғой, бірге өстік. Солай ма, солай. Колхозға да бірге келдік. Солай ғой, солай. Кешегі соғысқа дейін екеуміз де жалаң аяқ су суғарып, егін ектік. Солай ма, солай. Соғысқа бірге аттандық. Дұрыс ақ. Мен болсам бір аяғымды сонау герман жеріне кеміп қайттым. Рас қой, рас. Сен әйтеуір құдай қолдап, қол-аяғың аман қайттың. Бұл да рас. Ым, содан бері көп уақыт өтті ме? Меніңше, уақыт көп емес.
— Көп десең көп, аз десең аз. Он бес жылды артқа тастап кеттік. Аттай он бес жыл бопты.
— Он бес деген баланың жасы. Ал, мен шынымды айтсам, сен өте қатты кеттің...
— Қайда кеттім? Кеткенім жоқ ешқайда. Мен сендердің араларында жүрмін.
— Ешқайда да кетпедің. Осы өзіміздің көз алдымызда..жүріп-ақ, тіпті қатты сілтеп кеттің дегенім ғой. Рас па, рас.
Нұрмолда бір сәт те болса ойланып қалды. Артынша:
— Балықбай, сонау туғаннан бері көрген көп қорлықтан кейінгі осы бір аз бағымды маған көпсініп отырсың ба? — деді.
Алдабергенов бұл сөзді күліп те, қалжың түрінде айтты. Дегенмен зілді шықты.
— Жоқ ә, тіл аузым тасқа, көре алмай емес, қайта қуанып, іштей мақтаныш етіп айтамын.
— Ондай болса, мың да бір рахмет. Өзің сияқты бірен-саран болмаса, жатты былай қойып, ағайын-туыс ішінде де көре алмаушы, күндеуші табылады. Оған енді сен қосылсаң әбден жетіскен екенмін демек едім. Сөзің ақ, ойың адал болса кешіре гөр, Балықбай!
— Имандай сырым, саған деген кір кірбеңім жоқ.
Балықбай жағасын ұстады. Алдабергенов болса, басқаға болмаса да, саған сенем дегендей оның иығына қолын салып, жаурынынан қағып-қағып қойды.
— Жақсы тұрмыс, тәуір өмір көрсек, сенімен кейінгі бір он-он бес жылдың ішінде көрген болармыз. Оған дейін мынау иық тесік.емес пе еді? Мына қолды құс баспап па еді? Мына арқамызбен не көтермеді? Сонау бір жылдары колхоздың қызыл қасқа өгізінің екінші жағына жегіліп, осы иығыммен соқа сүйрегенмін. Сен де сүйткенсің. Есіңде бар ма, анау, әлгі Текелі өзенінің жағасында колхоздың қара бұқасы күрс құлап, соқаның жүрмей қалғаны. Сонда мына сен мойын тұрықты иығыңа іліп, қалған екі айналымды өзің өгізбен бірге айналып шыққансың. Басқа басқа болсын, біз екеуміз оны ұмыта алмаймыз. Жағаңды ұстап отырсың, мен саған онсыз да сенем. Оның бәрін былай қойғанда, кешегі соғыста екеуміз де солтүстік-батыстың сонау Псков, Новгород жерінің батпағын бірге кешіп, жетпіс екі миллиметрлік зеңбіректің дөңгелегімен бірге дөңгелеп, ауыр оғын бірге арқаламадық па? Бұл біз ұмытатын шақ па еді? Біле білсек, біз ұмыта алмайтын, тіпті ұмытуға болмайтын жайлар көп. Басқа басқа болсын, біз екеуміз бір-бірімізді күндеу үшін, бір-біріміздің бағымызды бір-бірімізден қызғану үшін ең алдымен алды-артымызға қарап алуға.тиіспіз. Кеше ғана сен кім едің, мен кім едім? Біз екеуміз бір-бірімізді күндей қалғанда үй артында тұрып күңіренетін кім күлетін кім, оны да біліп алған жақсы.
— Иә, ұмыта алмаймыз. Біз не көрмедік. Енді оны ұмытсақ, құдайды ұмытқанмен бірдей. Бір-ақ мен сені күндеп емес, таң боп сұрағаным еді.
— Әрине, ұмытпаймыз. Сөйте тұрып осы күнімізге тәубе етеміз, шүкірлік қыламыз. Мен саған талай айттым. Жағдайың; жаман емес. Жай-күйін жетеді. Малды қой, жастарға. бер де, пенсияңды алып, балаларыңды оқыт, жақсы салып ал дедім. Дедім бе, дедім. Көмектесейік дедім. Оған өз зауқың соқпады. Мал бағудан айырылсаң, күн көре алмай, өліп қалатындай боп отырсың. Ойлап қарасаң біз екеуміз бұдан да жаманымызда тойға барғанбыз.
Балықбай жауап қата алмады. Өйткені Нұрмолданы осынша ежіктеп айта білер деп ойламаған-ды. Мұның үстіне әлгіндей әңгіменің болғаны рас. Нұрмолда шын ниетімен, ең жақынға деген достық ықыласпен айтты. Бірақ, Балықбайдың ауылда бүк түсіп жатқысы келмеді. Не де болса көппен бірге жайлауда, қыстауда, таза ауада көшіп-қонып жүргісі келді. Балалары колхоз ортасындағы мектепте онсыз да оқып жатыр.
— Колхоздың орталығына барып, масыл боп жататын күндер де жақындап келеді. Ол шақтың ешқайда кетпесін білгенмін.
Балықбай ойланып айтты, тауып айтты.
— Мен жеңілдім. Енді қайтып, өзің мына малыңа ие бол дегенше, бұл сөзге қайта оралмаймын.
Нұрмолда Балықбайдың сөзіне риза боп, күле отырып:
— Біреуден ақыл сұрайтындай пенделігің де жоқ, екен! — деді.
— Құдайдан малға жарлы қылсаң қыл, ақылға жарлы қылма деп жүргенде соғыс басталды. Аяғымды бердім. Сонда да аяғымды алсаң ал, абыройымды алма, ақылымнан адастырма деп тілеген пенденің бірімін.
— Қалай, қалай тартасың, жаным ау, шешенсің бе, әлде білгішсің бе? Баяғы Балықбайға ұқсата алмай отырмын.
— Сен ұқсатпағанмен, өзіме-өзім ұқсаймын. Баяғы дедің ау! Мен саған сенің де баяғы Нұрмолдаға ұқсамайтыныңды айтпақ едім ғой әлгіде. Сен оны басқашалау түсіндің бе, білмей қалдым. Сен баяғы Нұрмолда болмағанда, мен ең, болмағанда өзіме өзім, кәдімгі Балықбайға ұқсауға тиіспін ғой...
— Қудың да қуы бар. Сен қудың қуысың ба ден қалдым. Тілің қандай у еді?
— Тілімнің уы да, балы да осы. Артында зілі мен зәрі жоқ. Біз өзі тегінде мал ғана емес, соған қоса сөз баққан елміз.
— Бұл да жаны бар сөз.
— Жаны неге болмасын. Айтайық кен далада, немесе биік таудың бектерінде жападан-жалғыз қой қайырып келе жатырсың. Сенің ойыңды бөлер, қиялыңды бұзар дәнеңе жоқ. Төңірек жым-жырт. Ызындап ұшқан маса да жоқ. Өйткені кең далада, биік тауда маса деген атымен болмайды. Сен бір нәрсені ойлап кеттің. Сен сол ойдың түбіне жетпей тоқтамайсың. Өйткені шырық бұзар тірі пенде жоқ.
— Адам жалғыз жүрсе ойшыл да, қиялшыл да болады демексің ғой. Бұл құптауға тұрады. Баяғыда қозы бағып, қой бағып, анау Малайсарының тауларында жүргенде әнші де өзіміз, білгір шешен де, неше түрлі арман қиял иесі де өзіміз болатынбыз.
— Біз де сол кездегі өзін сияқтымыз. Менің жаман түсінігімше қаладағы у-шуда, неше түрлі көз тартар қызық тамашада, ойын-сауық, той-думанда ескен адамнан гөрі далада, жалғыз жапа жүріп өскен адамның ойы тұнық, қиялы бай келеді.
Балықбай мұныма қалай қарайсың деген адамша Нұрмолдаға қарады. Тыңдаушы біраз үнсіз қалды. Әлден уақытта:
— Тура осы сөзіңнің дұрыс бұрысын айта алмаймын! — деп Нұрмолда Балықбайға қарады.
Балықбай райдан қайтпады.
— Дала адамы ойшыл, арманшыл келеді. Бұған пайда бер. Мәселен ауыл баласы қала баласынан пысық өмірге бейім келеді екен. Мұны мен өз баламнан, соның ісінен көріп жүрмін.
Балдақты Балықбай өзінің ауылдан қалаға жақында ғана оқуға барған жалғыз ұлы Серікті мақтаныш ете сөйледі. Бірақ, Нұрмолда болса оның баласын жақсы білмеуші еді. Содан да болар, оның бұл сөзін қоштаған жоқ. Баласын өте жақсы көретін мүгедек қойшы мұны аяқсыз қалдырғысы келмеді.
— Менің балам Алматыда үлкен агрономның оқуын оқып жатыр. Білетін боларсың?
— Баланды білем. Бірақ оншалықты білмеуші едім. Менің де қызым Алматыда оқиды. Амандық болса дәрігер боп шығады.
— О, тамаша екен. Қыз балаға дәрігер болу, ұл балаға агроном, зоотехник болу қандай жақсы?
— Заман солардікі. Кім болам десе де жағдай бар. Қазіргі заман жастарының ырысы кере қарыс. Кім болам, не болам, не істеймін десе бәрі бар. Тек ақыл, парасат берсін де.
— Жаңағы бір айтып отырған әңгімемізді үзіп алыппыз ғой. Сөйтіп, сен дала адамдары аңқау, ақылсыз дейтін қала адамдарына қосылмақсың ба?
— Мен ешқайда да қосылып отырғаным жоқ. Одан да сен маған мына малдан, азабын көп көріп жүрген малдан қайткенде дұрыс өнім, еңбегімізге лайық, соны ақтарлық өнім аламыз. Міне, білгіш болсаң осыны айтсаңшы!
— Мәссаған, Нұрмолда, мен білгіш пе екенмін. Бірақ өз ақылым өзіме жетеді. Менің барлық білігім сол ғана.
— Жоқтан о да жақсы!
Екеуі кеңкілдеп қосыла күлді.
— Жаңа бір сөз кезегінде сүрінгеніңді есіңе алсаң, екеуміз қазір итжығысқа түстік.
— Бастықпен итжығыс түсіп жүрген сен де жау жүрек екенсің. Сен итжығысты қой да, қазір малшылар келгенде, солардың жиынында сөз сөйле! Малды бағудың, семіртудің жай-жапсарын айт.
— Міне, көрдің бе, сөйлей алмаймын дейсің. Әбден сөйлейсің, сөйлемпаз екенсің. Ал, Мұқажан, сен асықпа, осыдан кеңесті бітіріп, саған бір-ақ барармыз. Содан әрі қарай ауылға тартып кетемін.
Бұлар осыған келісті.
ЕКІНШІ ТАРАУ
I
Жан-жақтан салт атқа мінген қойшылар келді. Бір-бірімен тоқайласа келіп, осында көрісіп, осында табысып, шұрқырасып жатыр. Бәрі де ең алдымен Нұрмолдамен керісіп, ел, ауыл жайын, жалпы амандықты ежіктей. сұрасты. Кейбірі бастықтың жанына, шұқшия отырып, өзінің арыз арманын төкті, мұң-мұқтажын айтты. Бірінің малы жоғалған, енді бірінің үйі тозған, тағы бірінің қысқы адал азығы жетімсіз боп малы өлген, саулықтары іш тастаған. Сонымен алған міндеттемесін орындай алмаған. Енді бірінің семья жағдайымен ауылға қайтқысы келеді. Қысқасын айтса мәселе көп. Отарға таласқан, шөпке, мал азығына таласқан. Сөйтіп өзара қырғи қабақ боп қалған. Енді бастық соның бәрін жуып-шайып, татуластырып, жарастырып қайтпақ. Бір шал мәселені көлденен. қойды.
— Қыс деп қыстауда отырдым. Қиын кезде малдың басы қасынан ұзап кете алмадым. Міне көктем шықты. Енді жаз келеді. Мынау Алматы жақта, Жамбыл ауданында ұзатқан қызым бар. Көрмеген, таныс-біліс болмаған құда-жекжатым тағы бар. Он-он бес күнге босат. Малды бір жас жігітке тапсыра тұруға рұқсат ет! — деп қамшысын көлденең тастап, сұқ қолымен жер сызып, отырып алды.
Жауап алмай қонжия отырысын өзгертер де, орнынан тұрар да емес.
— Ау, ақсақал, біздің де айтар өтінішіміз бар, жол беріңіз, айтып болдыңыз ба? — деген бөгде сөзді естіп те отырған жоқ.
Алдабергенов болса шалдың өтінішін беруге қиналып отырған жоқ, қайта осындай кіші-гірім мәселені ферма бастықтарының, зоотехниктердің өзі шешіп, өзі жайғастырып жатпай ма? Бұл қарияның мына тілегіне жол болсын деп аң-таң боп отырған еді. Ферма меңгерушілері осындай мәселені шеше алмаса не болғаны деп ойлаған. Осы күдігінің басын ашып алғысы келді де.
— Ақсақал, мен сізді жақсы білем. Өзіңізді жақсы сыйлаймын. Бұл тілегіңізді орындау мүлде қиын да емес. Осы сіз қайсы фермада едіңіз? — деп сұрады.
— Біздің ферма әлгі Жөндібай ғой.
— Ол қайда?
— Осында.
— Мұқажан, Жөңдібайды шақыр!
Шал жер шұқып әлі отыр.
— Мені шақырдыңыз ба, Нұреке? — деп Жөндібай келді.
— Мына қарияны танисың ба?
— Танымағанда ше! Ең құрметті, ең сыйлы ақсақал.
— Сенің фермаңда ма?
— Иә, менде.
— Бұл кісінің тілегін неге орындамадың?
— Қандай тілек, маған ештеңе айтқан емес.
— Бұл кісі Алматының қасындағы Ұзынағашқа, он күнге сұранған жоқ па?
— Ондай ештеңе айтқан жоқ.
— Саған айтпаса маған айтып отыр. Он күнге рұқсат бересің ғой деймін.
Шалдың иығы бүлкілдеп, орнынан қозғалақтап қойды.
— Ақсақал, сіз бұл өтінішіңізді ферма меңгерушісіне айтпапсыз ғой. Мынау өзі отыр, сіздің тілегіңізді беретін болар. Мұндай өтінішіңіз болса, ең. алдымен өз бастығыңызға айтып тұрыңыз.
Кәрия тағы да қозғалақтады, ақыры шыдай алмады білем, шынын айтты.
— Мен Жөндібайдан сұрауды білмей жүргенім жоқ. Обалына не керек, сұрасам бетімді ол да қайтармас еді. Мен әдейі өзіңнен, Нұрмолдажан ау, нақ өзіңнен рұқсат алмақпын ғой. Бағың жанып тұрған шағыңда, ырым етіп, өз аузыңнан берген уәдеңді, сөзді алмақпын.
Алдабергенов күліп жіберді.
— Иә, бағанадан бері осы сөзіңізді айтпайсыз ба? Бердім рұқсатымды, он күн емес, жаңа жекжатқа барғансың біразға барыңыз, аунап-қунап дем алып қайтыңыз. Он бес күн болсын. Дұрыс па?
— Дұрыс болғанда қандай, Нұрмолдажан, бағың бұдан да жанып, өркенің өсе берсін!
— Рахмет, ақсақал, жолыңыз болсын!
— Иншалла, айтқаның келсін, бағың шауып тұрған, дуалы ауызды шағың ғой, Нұрмолда, айтқаның келсін!
Бұл шалдың соңынан кезек күткендер бірінен соң бірі келе бастады. Кеңес жайына қалды. Әркім бастықпен жеке-жеке сырласып, мұңдасып кетті.
— Келетіндері түгел келіп болды! — деп хабарлады Мұқажан.
— Ой, қызталақ, сөзді бөлме! — деді Нұрмолдамен сөйлесіп отырған қойшы.
Алдабергенов жеке әңгіме тілек айтушылардан әрең босап, сыртқа шықты. Балықбайдың ауылына жиналған малшылар аттарды айқастырып байлап тастаған, кейбірі шідерлеп, тұсап жіберген. Көзге болмаса көп адам жиналыпты. Нақ бір тойға, шілдеханаға келген адамдардай тәуір киініп жиыла түйіле келген екен. Олар да сыртқа шыққан бастықты көріп, алқа-қотан боп, соның төңірегіне дөңгелене түсті. Нұрмолда бәрімен шетінен қол ұстасып амандасты. Қолымен нұсқап «отырыңыздар» деген ишарат берді. Халық бастықты төңіректеп, дөңгеленіп отыра қалды.
— Ал жолдастар! Сіздермен аздаған бір кеңесіміз бар. Соны бастайық. Ең алдымен сіздерді мына көктемнің шуақты күнімен құттықтаймын!
Пүліштей көк басқан кең жайлауға жаңа шығып, арқа-басы кеңи түскен шопандар осы сөздің өзіне дүрілдетіп қол соқты. «Мен осы қисық, бірдеңе айтып тұрған жоқпын ба?» дегендей Нұрмолда қызарып кетті. Артынша сабасына қайта түсті.
— Менің көп сөйлей алмайтынымды білесіздер! Сөздің керегі де жоқ. Бәрінен де жұмыс тындырған артық.
«Мұным дұрыс па» дегендей тоқтап, көпке қарады.
— Әй, Нұрмолда, сенің сөзің Қожанасырдың сөзі сияқты, менің не айтайын деп тұрғанымды білесіңдер ме? Білсеңдер енді тарай беріңдер деген сияқты боп жүрмесін.
Бұл Балықбайдың дауысы еді. Бастықпен әзілдесе алатынын білдіргендей жан-жағына оқырана қарап, балдағын шошаң шошаң көтеріп қойды. Табақтай жап-жалпақ майлы бетін бүлк-бүлк еткізіп, рахаттана күліп алды. Бірақ Алдабергенов сасқан да, айтайын дегенінен адасқан да жоқ. Орташа да, салмақты да дауыспен:
— Әңгіме мәселенің жігін біліп, байыппен еңбек ете білуде, — деп бастады ол, — мал бағудың өзінде үлкен мән-мағына болуға тиіс. Әсіресе, біздің заманымызда мал бағуға басқаша мән беріліп отыр. Осы отырғандардың біразы шет жағасын біледі. Мынау отызыншы жылға дейін, колхоздасуға дейін осы өлкеде байлардың екі түрі болды. Олардың бірі қыруар мал ұстап, оның жүнін, терісін, етін сатып пайда көрді. Ал екіншілері мыңдап қой айдады, жүздеп жылқы байлады. «Мен баймын» деп көкірегін қағып, мақтанғаны болмаса пайдасын, игілігін керуді білген жоқ. Сол бір сасық байлар сияқты малды пайдасыз ұстаудың бізге қажеті жоқ. Біз мал бағады екенбіз одан зиян емес, пайда көруге тиіспіз. Қазір колхоздың кейбір фермалары малшының, зоотехник, ферма меңгерушілері мен мал азығын әзірлеуші колхозшылардың еңбегін өтеуден әрі аспай отыр. Мұндай ферманың, мұндай отар қойдың бізге керегі не, пайдасы қайсы? Біз әрбір қойдан жүн алуды көбейтуге тиіспіз. Әрбір қойдың тірідей салмағын арттыруға күш салған жөн. Бұл екі мақсатқа жету үшін — малды семірту керек. «Семіздің арты сегіз» деп бұрынғы мал баққандар бекер айтпаған. Семіз мал ғана мол жүн, мол ет береді. Қойдың пайдасы еті мен жүнінде ғана. Кімде-кім өзі баққан малын жазда семіз етіп, одан ет пен жүнді көп алса, соның еңбегін ерекше бағалауды келістік. Еткен еңбектің игілігін көру, пайдалы болуын көздеу осындайдан басталмақ. Демек біздің бүгінгі кеңесіміздің мақсаты — қойды жазда жайып семіртудің жайы болмақ. Сіздердің араларыңызда бұрын мал бақпаған жас қойшылар бар. Баяғыдан мал бағып келе жатқан тәжірибелі, көпті көрген, колхоздың ғана емес, ертеде байлардың малын баққан, анау отырған Балықбай сынды адамдар бар. Міне, біз тәжірибе алмасып, бір-бірімізден үйреніп, бір-бірімізге үйретіп, селбесе жүруге тиіспіз.
Балықбай нақ осы бір жерде өзінің аты аталып қалар деп ойламаған еді. Содан да ол тіл қата алмай шарадам майлы жүзі қызара бөртіп қала берді. Нұрмолда әңгімені соза түсті.
— Еңбектің табысты болмағы көпке байланысты. Көп болып, бірлесіп, ақыл-кеңеске салып еңбек етсе қол жетпейтін табыс жоқ. Біздің басты кемшілігіміз бір-біріміздің үйренбейміз, бір-бірімізді үйретпейміз. Әркім білгенін істеп жүре береді.
Қызылша өнімі көбейіп, артта қалғандар озаттарға теңеле бастады. Қазір біздің қызылшашылар Ақық, Мұстафа, Ташенбала, Саумал, Базарбайлардың сол еңбегінің игілігін көріп, зор құрметке бөленіп отырғанын білесіздер. Міне, еңбек рахатын көруді, еткен еңбектен мол нәтиже алуды ең алдымен солардан үйренген жөн.
Алғашқыдай емес, малшылар үнсіз қалды. Демек бастықтың сөзі оларды әлдеқалай бір ойлардың ізіне түсірсе керек. Тіл аузын егеп, үнемі бірдеңені орынды-орынсыз қыстыра салуға әзір отыратын Балықбайдың өзі үнсіз, төмен қарап, балдағымен жер шұқып отыр.
— Меніңше еңбектің жануы — малдың семіздігіне байланысты. Мал семіз болса еңбегім жанды дей бер. Семіз мал егіз табады. Талдың саны артты деңіз. Семіз мал етті көп береді. Табыс көбейеді. Семіз малдың жүні де көп. Табысқа табыс қосылды деңіз. Міне, барлық табыстың көзі малды семіртуде, оның ішінде жайып семіртуде. Міне, енді көп әңгімені қойып, осы малды қалай семіртуге болады, соған келейікші. Әңгіме жазда тұр. Қойды жазда, күзде бағып, дұрыс бағып семірте білген ұтады. Мынау жатқан кең жайлау, көк жайлау, биік ескен тау шөбі от жанды малшы ырысы, оның бағы, еңбегін жандыратын жатқан бір зор байлық. Осы жайлауды дұрыс пайдалана білген ер озады. Өйткені жазда семірген мал қысқа төтеп береді, көктемге жілік майы үзілмей кәміл жетеді. Көк шыққан бойда ерте жетіліп, аз күнде-ақ қалыпқа келеді. Сонда жаздың үш айында жақсы семірген мал жыл он екі айлық күш-қуат жинайды. Бұл нәрселерді мен сіздерге білгіштігім ұстап, ақыл ретінде айтып тұрғаным жоқ. Сіздердің менен де гөрі жақсы білетін жандарың. Тек қана ынта, ықылас керек. Мен сол ықылас туғызамын ба деген ниетпен айтып отырмын. Бәрібір бұдан былай біз малды баяғы ата бабаларымызша баға алмаймыз. Малды жазда жақсылап семірте білу керек. Қысқа жеткілікті мал азығы болуға тиіс. Бұл екеуінсіз мал есіру мүмкін емес. Мұндай болғанда біз мал есіре алмайды екенбіз деп, малды тастап. жаппай қызылша егуге шығамыз. Бірақ біздің онымызға ақымақтан өзге ешкім де нанбайды. Ал, айтыңыздар, малды қайтсек колхозға, одан қалды әрқайсымыз өзімізге пайдалы етеміз. Бүгінгі шағын кеңестің мақсаты осы. Керек десеңіздер бүкіл колхоз боп үлкен жиын шақырамыз. Онда малды не ұстайтын, не ұстамайтын боп, екі жағының біріне бел шешіп шығамыз...
— Одан басқа да айтарым бар. Қойды да дұрыстап баға білу қажет. Қой деген өзі қойдың ішінде жүргенде ғана қой. Ол басқа бір малмен араласып кетсе қой емес есек. Ол егер қасқырдың ит-құстың аузына түссе тіпті жаман, онда мүлде қой болмай қалады.
Жұрт тағы да ду күлді.
— Жетеді, бұл не деген мылжың еді.
— Ерте күнді кеш қылып, осы былшылды тыңдап отырамыз ба?
— Жетеді!
— Болды!
Балықбайдың тағы да сөйлегісі келіп, тамағы жыбырлап тұр.
— Балықбай, жетер енді. Басқалар сөйлесін! — деп Алдабергенов қолын көтеріп тоқтады да, көпке қарады.
Бір жас шопан қолын көтерді.
— Сөз Көпжасар Мықыровқа беріледі!
Мыртық бойлы, бадырақ көз сары жігіт төмен үнмен, жайлап сөйлей жөнелді.
— Үлкен болғансып, көпті көрген адам деп, өзі болса соғысқа қатысқан адам деп, сыйлап тыңдадық. Әйтпесе, бізге Балықбай ағай не айтты? Оның сөзінен не ұқтық? Ондай сөздің қандай пайдасы бар? Меніңше бәрі бос, бәрі әшейін жай сөз. Ондай сөзден пайда жоқ. Мен жас малшымын. Белгілі тәжірибем жоқ болса да, өзімнің не істейтінімді, ойымды, ие істегім келетінін айтқым келеді. Меніңше Нұрекең өте дұрыс айтты. Малды жылдың төрт мезгілінде бірдей аман сақтау үшін, ең алдымен жазда жайып семірте білген жөн. Шілденің ыстық күндерінде малды күндіз жусатып, түнде тағы түнетудің пайдасы аз, зияны көп. Қойды ыстық күндері, күндіз ыссыдан жайыла алмаған күндер, түнде, ертеңгі салқында, күн шықпай, тіпті таң қараңғысынан ергізген дұрыс, мұндай күндері таңғы және кешкі салқында жайған пайдалы болар еді. Мен өзім осылай етпекпін. Әлі күн ысыған жоқ. Қырық күн шілденің сары тамызында қойды, өз қойымды түнде, ең болмағанда таңғы және кешкі салқында жаймақ ойым бар.
Мықыров «сезімді болдым» демей-ақ отыра кетті.
Жас қойшының аз да болса ойлы сөзін көп зейінді тыңдады.
— Міне осылай айтқан жөн? — деп қойды көптің арасынан.
Алдабергеновке оның ойы ұнап кетті.
— Өте дұрыс пікір. Осыны басқа жолдастар да ойласын! Тағы кім бар?
Шопандар әрқайсысы бір-екі ауыз сөзбен өз ойын айтып жатты. Малды салқында, жауынды күндері, ертеңді-кеш жаюдың пайдасын айтып жатты. Ыстық күндері қойды желге қарсы, самалдата жаюдың керектігін айтты. Кейбір қойшылар күзде етке еткізілетін бойдақ қойлардың салмағын арттыруға уәде беріп, міндеттеме алысты. Етке еткізілетін бойдақ қойларды бөлек жаюды ұсынды. Жиын көпке дейін созылды. Малшылар ауылдарына күн еңкейе тарады.
II
Балықбайдың қара қазанынан буы бұрқыраған сүр ет алынды. Нұрмолда мен Мұқажан үй иесімен ас жеді. Бірақ Алдабергенов бүгінгі кеңес жайын сөз еткен жоқ. Балықбайдың сөзін де еске алмады. Астан соң қол жуып, рахметін айтты да, атқа қонды. Күн қараңғы түскен кезде Ешкіөлместің күнгей бетіндегі бір ойдағы Мұқажанның үйіне келіп тоқтады. Ас жейтіндей зауқы болмаса да ертеден бері қасында жүрген жас жолдасының көңілін қимай аттан түсіп, үйге енді. Мұнда да ас әзір екен. Сырбаздың жас иісі шығады. Мұқажан жоқта келіннің өзі-ақ бір қозыны алын соқса керек.
Нұрмолда күні бойы асылған қозының сырбаз етін тамсана отырып ұзақ жеді. Жегісі келмей, тойып отырса да, өзін-өзі зорлағандай етіп жеді. Әңгіме айтылған жоқ. Жалғыз-ақ ас алдында:
— Мұқажан, бүгін кеңесте сен сөйлемедің ғой. Сенем басқалардың біразы-ақ шер тарқатып алды ғой деймін! — деп қалды.
— Мен тыңдаушы болдым. Мұндайда оның да пайдасы көп. Сөйлемегенім болмаса біраз нәрсе түйіп те қалдым.
— Оның жақсы. Ұққан, пайдалысын алған бәрінен артық.
Бұдан соң үнсіз отырып тамақ жеді. Біраз уақыт тағы өтті. Нұрмолда қонбайтынын, ертең ауданда тығыз шаруа барын айтып жинала бастады.
Мұқажан қонып кетуді өтінді. Бірақ оған Нұрмолда көнген жоқ. Екеуі сыртқа шықты. Жаз түні қара масатыдай тұп-тұнық қою екен. Оның үстіне кішкене лашықтың ішінде өлімсіреп жанған май шамның қалт-құлт еткен болмашы бозша жарығынан сыртқа шыққанда көзге түк көрінбейді екен. Мұқажан қайта үй иесі, осы жерге күндіз-түні көзі үйренген адам болғасын аттарды тауып, Нұрмолда алдына айқасқа күреңді көлденең тарта берді.
— Нұр аға ай, қонып, таңертең жарық барда кетпейсіз бе?
— Асығыс шаруа бар дедім ғой.
— Енді мына қараңғыда қиын ғой. Анау Ешкіөлместің жотасындағы үлкен қара жолға дейін шығарып салайын. Адасып кетерсіз!..
Елу жыл шарлап келе жатқан жердей Нұрмолда адасады дегенің әшейін сөз. Біраз жерге дейін серік боп, жотадан қайтам десең атыңа мін!
Мұқажан да атқа қонды. Күндізгі қос атты түнді жамылып Ешкіөлместің қоңыр жотасын бетке алып, тартып кетті.
Көңілге болмаса, қараңғыға көз үйрене бастады, жолды, жол жиегін Алдабергенов ап-анық аңғарып келеді. Жас көзі алмастай өткір ғой, Мұқажан болса күндізгідей сезінеді.
Жапандағы жалғыз күрке сияқты Мұқажанның баспанасынан едәуір ұзап та кетті. Айқасқа ауылға бет алғанын сезгендей тізгінді екі-үш рет сүзе тартып, басын шұлғып тастады да, көсілме аяңға салды. Нұрмолда бір жағына сәл қисая отырып:
— Мұқажан! — деді, — Мұқажан деймін! Күндіз анау Балықбайдың ауылына бара жатқан жолда басталған әңгіме ше, сол аяғына дейін айтылмай, үзіліп қалмады ма?
— Иә, әңгіме бітпей үйге жетіп қалдық қой.
— Бұл өзі сені көргенде еске түскен әңгіме еді. Өзіне айтып берейін.
— Құлағым сізде, Нұр аға!
— Сөйтіп сенің әкең екеуміз артельге бір күні, бірдей мүше болдық. Торы тай ат болды. Соқаға қостық. Біздің күткеніміз бірден бола қойған жоқ. Қиын кез туды. Ер сыналатын шақ екенін кім білген. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен болды да кете берді. Мырзабайдың жайы нашар деген соң, бір күні сендердің үйлеріңе келдім. Халы нашар ақ екен. Сөйлесе алмадық. Тек мені жаңа көріп отырғандай қарай берді, қарай берді. Оның сондағы көзқарасында мен ұмыта алмайтын бірдеңе бар-ды. Ол не өзін, не мені айыптаған, кінәлаған көзқарас еді. Мен анық ажыратып, дәл түсіп, ештеңе айта алмаймын. Әйтеуір Мырзабайдың сондағы көзқарасын ұмыта алмаймын. Неменеге елпектеп, неменеге есіріп шапқылап едік. Сондағысы осы ма? Маған, менің түріме қарашы! Сонда осыған бола ма? Осы ма, бәрі осы ма, жеткен жеріміз осы ма деп отырған сияқты болды да тұрды. Көз алмай, өзеурей қарады. Мен шыдай алмадым. Оның сүзілген көзінің оты сөне бастаған екен. Соның ақырғы отының ұшқынына шыдай алмадым. Дәтім шыдамады. Бір нәрсе тауып келуге үйден асығыс шығып кеттім. Мырзабайдың көзқарасы, оның әлсіреген, бірақ соншалық уытты, әсерлі көрінген көз оты көк желкемнен қадалып тұрып алды. Артыма қарауға дәтім жетпеді. Жүгіре басып, Талдықорғанға, онда Гавриловқа дейміз, сондағы таныс орыстардың үйіне тарттым. .Жүгіре басып келем. Нақ көк желкемнен Мырзабай қадалып, «жеткен жеріміз осы ма?» деп тұрғандай еді. Гавриловкадағы бір таныстан аздаған ұн, қан алып, қайта оралдым. Мырзабай көзін жұмған екен. Әлде не айтқысы келген адамдай ауызы ашылып, алақаны жаюлы жатыр екен. Оң қолын жайып, «осы ма, бәрі осы ма?» деп жатқан сияқты еді. Сенің апаң екеуміз аулаға жерледік. Сен онда тілің шықпаған сәбисің. Сондағы әкелген аз тамақпен сендер, апаң екеуің жетіліп кеттіңдер!..
Алдабергенов айтпағым осы еді дегендей көпке дейін үнсіз қалды. Мұқажанның есіне шешесі айтқан әңгімелер түсті. Ол әңгіме осы қазір естігендерінің көлеңкесі болатын. Мынадай қараңғы түнде еміс-еміс білетін әке түрін, әке түсін ғана еске алған жоқ, сонымен бірге оның көз алдына өліммен алысқан, жанталасқан тілсіз, үнсіз адамның бейнесі келді. Ол сол бір оты сөне бастаған, жанары жансыз тартқан мылқау бейнені, тілсіз кескінді есіне алып, көз алдына келтірді. Денесі тітіреніп, жүрегі іштен шымшып шымшып алды. Әкесін көз алдына әкелген кезде жүрегі діріл қағып, шабақ бір-екі рет ыршып-ыршып түсті.
— Мен мұндай әңгімені айтқанда бүгінгі жастарға үлгі-өнеге, ғибрат болсын деп айтамын. Біздің мына колхозды қандай қиындықпен, қандай құрбандықпен ұйымдастырғанымызды білсін деп айтамын. Әйтпесе, еске алатын, әңгіме ететін жайлар емес ол. Екінші айтайын дегенім. Сол — сенің әкең, сөйтіп біздің осындай болғанымызды көре алмай кетті. Бұл да артық. Көре алмай емес, ол біздің осындай болатынымызға сене алмай кетті. Көңілінде күдік, өкініш бірге кетті.
Қараңғыда кім білсін, көңілге болмаса, Мұқажанға Нұрмолданың көңілі босап кеткен сияқты болды. Дауысы шашырап, дірілдеп шықты.
— Бәрі өткен іс қой! — деді Мұқажан, — еткен істі еске алса да болады, алмаса да болады. Айтқан әңгімеңіз үшін көп рахмет! Бұрында, апамнан естіген болатынмын. Алғашқы кезде тіпті сұмдықтай боп, неше түрлі масқаралар түсіме де еніп жүрді. Кейін, келе-келе бойым үйренді. Ұмыта бастадым.
Адам тәубесінен жаңылмас үшім ондайды ұмытпаса да болады.
Дұрыс ақыл. Бәрібір естен кетпейді.
Ал сен осы арадан қайт. Мынау айқасқаның өзі-ақ адастырмай ауылға тұп-тура апаруға асықтырып келеді.
Ал сау боп тұрыңыз. Нұр аға, қолынан ештеңе келмесе де сырттан абырой мен атағыңызға, амандық сұлулығыңызға тілектес боп жүрген жаман ініңіз. Анда-санда, жолыңыз түскенде соғып кетіңіз. Осындай біреу бар еді деп сырттан көз қырыңызды сала жүрсеңіз де артық емес. Өзіңіз айта беретіндей, жүрген аяққа жөргем ілінер» деп, колхоздың бір қора қойының соңында қаңғалақтап жүріп жатқан жайымыз бар.
— Жаным ау, үндемей жүріп қалай-қалай сөйлейсің. Сөзің Балықбайдан артық болмаса, кем емес.
— Жайшылықта Балықбай құйрығын ұстатпайтын шешен.
— Білемім. Ал сау бол, Мұқажан!
Нұрмолда мен Мұқажан Ешкіөлместің Шұбарға қараған теріскей бетінде тұрып, қолдасып қоштасты.
Айқасқа колхоздағы аз жылқының ішіндегі ең бір көріктісі. Колхоздағы малдың көбі — қой мең сиыр. Ең бір қадірмені да осы екеуі. Жылқыға арнайы көңіл бөлген емес. Бірақ қай колхозшы болса да, айқасқанның тарихын біледі. Әсіресе, Нұрмолданың көз алдында айқасқаның барлық өмірі тұр.
Ұмытпаса, соғыстың алдында колхозда жылқы өсіру мәселесі сөз болды. Көпшілік бірауыздан қаулы етті. Қой мен сиыр ғана емес, жылқы өсіреміз. деді. Осы ұйғарымнан кейін колхоз председателі Нұрмолданы шақырып, Алматы барып, асыл тұқымды жылқы тұқымын әкелуді тапсырды. Алдабергенов жолға шықты. Бір айдан аса әрбір мекеменің есігін бір қағып жүріп, ақырында Суықтөбенің түбіндегі жылқы заводынан екі айғыр алды. Соның бірі — нақ қазір мініп келе жатқан айқасқаның арғы атасы — айдай қасқасы бар, төрт аяғы бірдей ала аяқ қызыл күрең еді де, бірі шымқай қара болатын. Осы екі айғырдан колхоздың осы күнгі аз жылқысы өсті. Бәрі бірдей күрең қасқа, немесе қара боп есті. Ал айқасқаның алғашқы атасы 1941 жылы армияға кетті. Бірақ артында өзіндей тайы қалды. Сол тайдан мынау айқасқа өсті.
Соғыстан кейінгі мерекелік жиындарда осы айқасқа талай бәйгеге, жарыстарға қатысты. Көбінде ақ алдына тірі тұяқ салған емес. Алматы ипподромында да жарысқа түскені бар. Бірақ, онда бірінші орын ала алмады. Алғашқы орынды осы айқасқаның сол Дегересте қалған ұрпақтарының бірі — күрең қасқа алды. Шұбардың айқасқысы екінші боп келді. Бұл да болса қуаныш еді.
Бір қызығы айқасқа басқа жылқыға өз тұқымын жеңгізбеді. Кілең күрең қасқа көбейе берді. Ал қара арғымақтың тұқымы қожырап кетті. Екінші, үшінші буындары қарабайыр тартты. Нағыз асыл тұқымды, қаны мықты осы айқасқа екенін бастық та білетін. Содан да мұны өте қасиетті мал санайтын.
Ой үстінде ауылға келіп те қапты. Өз үйінің есігі алдына бір-ақ тоқтады. Неге екені белгісіз, Нұрмолда Мұқажанның қоштасар жердегі сөзін есіне алып, ішінен күліп қойды. «Колхоз басқарып жүргенім болмаса, аса үлкен абыройға, атаққа ие боп жүргенім болмаса, менің сол Мұқажаннан қай жерім артық, мен де сол Мұқажан сияқты «жүрген аяққа жөргем ілінер» деп, қаңғалақтап жүріп келе жатқан бір пендемін!»
Өз ойына өзінің күлкісі келді. Ел сенді, халық қойды, үкімет пен партия қолдады. Қазір үлкен колхозды басқарып отыр. Мол абыройға кенелді. Қазіргі жайы нақ осындай ерекше болғанмен оның өткен күндерінен мүлде ұмыта алмайтын, ұмытуға болмайтын, бір емес, талай-талай күндері бар-ды. Ол өз ойына өзі күлгенде осы жайларды еске алып еді.
Нұрмолданың байыптауынша Мұқажан айтқан сөздің шындығы мол. Атақ-абыройы қандай үлкен, қандай қор болмасын өмір атты үлкен жолдың үстінде жанның бәрі жолаушы, жанның бәрі жүргінші. Үлкенді-кішілі мақсатпен жолға шыққан топтың ішінде ол да, бұл да кетіп барады. «Жолаушының ақысы жүрсе бітеді» деген сияқты жол жүргендікі, мақсат талапкердікі, арман қол созғандікі, білім қуғанды, бақыт еңбеккердікі, абырой мен атақ азаматтікі, өнер білгендікі, жол, өмір жолы жүргендікі. «Жүрген аяққа жөргем ілінер» деп ата-бабамыз осыдан шығарып айтқан болар. Жолдың өзі жүре білгендікі ғой. Осынау сүренді қалың көштің бел ортасында айқасқа Нұрмолда да тартып келе жатқан сынды еді. Ұлан-асыр, үзілмес қалың көштің, зор да ұлы көштің артында қалып, шаңын жұтып қалмас үшін айқасқа жүрісті, келісті, аяңшыл ат керек, тізгінді қақпай, орынсыз қамшы соқпай, атқа мініп жүре білетін ер азамат керек-ті.
Ол жүріп келе жатты.
ҮШІНШІ ТАРАУ
I
Нұрмолданың кеңсесіне енгені, орнына отырғаны сол еді:
— Ассалаумаллейкум, Нұреке! — деп Досов кіріп келді.
Алдабергенов Досовпен кездесем деп ойламаса керек, оны көрген бойда аң-таң боп, біразға дейін үндемей қалды.
Нұрмолда оның бетіне қарады да қолын үнсіз ғана созды. Бұл Досовқа кәдімгі бір селсоқтық қана емес, ұнатпағандай боп көрінді. Ол сасқанынан жан-жағына қарады. Таяныш таппады. Ол колхоз председателінің кеңсесіндегі шымқай қызыл пүлішпен жабылған диванға жайлап отыра кетті. Үйдің іші жым-жырт боп, тына қалды. Тілші демігін басып, жайғаса түсті.
Досов Нұрмолданың жүзіне бір-екі рет анықтап қарады да, ойға кетті. Мұнысы қалай, әлде танымай отыр ма? Жоқ, болмаса кекшілдігі ұстады ма екен? Мұның бәрін қойғанда көзінің еті өсіп, менмен, өзімшіл боп кеткен болар. Осылардың қайсысы болар екен деп ойлады Досов. Әрине, танымай отырса құп та құп, ал соңғы үшеуінің бірі болса, оны жақсылыққа жори алмады. Дегенмен, тілші дегеннің көбі-ақ шыдамсыздау келеді. Олардың көбі өзімшіл. Газеттің өкілімін деп өзін тым ерекше ұстайды. Бұл өткен, ескірген мінез. Өйткені бұл сонау бір кездегі бір жандардың газеттен қорқатын көзінен қалған сарқыншақ. Досовтың да шыдамы бітті білем. Қызыл диваннан тұрып, Нұрмолда столында жатқан бір бума қағазға үңіліп қапты. Бас көтермей отыр. Досов әңгімесін бастай алмай қипақтай берді. Мұндайда ең болмаса ыңғай көрсетпегені қиын. Ал мұның үстіне республикалық үлкен газеттің қызметкері, тілшісі ретінде келіп отырған адамға мынау қылық тым қолайсыз көрінді. Бұл кезде ол басқа ойдан гөрі ең алғашқы келген бойдағы «ассалаумаллейкум, Нұреке!» деген сөзінен ұялып отырды. Мынадай суық қабылдайтынын білгенде соншалық нәзік, тәтті сөздің керегі не еді?
Тілші әлден уақытта барып әрең тіл қатты.
— Осы сіз, мені танымай отырсыз ғой деймін, Нұреке!
— Жыға танымағанмен, шырамытамын.
— Әйтеуір бір жерде кездескенбіз деп отырсыз ғой, шамасы.
— Әрине, біз кездестік? — деп Нұрмолда басын көтеріп, тура қарады.
— Біз тым ертеректе, бұдан он жылдай бұрын, 1946 жылдың қысында кездестік.
— Е, енді білдім. Иә, иә, нақ өзі! Сен сондағы мықтының өзі екенсің ғой.
Мұндай менмендеу, өзімшілдігі басым қылық тілшіге ұнамай қалды. Дегенмен оның жауабы кішіліктен асқан жоқ.
— Нақ өзімін. Одан бері арада он жыл өтті. Қырық алтыншы жыл мен елу алтыншы жылдың арасында сіз де шырқап кеттіңіз.
— Сен тіпті аз өзгергенсің, баяғыдай жігітсің! Ал біздің ауыл мүлде өзгеше боп кетті. Кеңсеге келе жатқанда байқаған да шығарсың. Қалай екен?
— Ауылыңыз ғана емес, сіз де мүлде өзгеріп кеткенсіз.
— Жақсы жағына ма, жаман жағына ма? — деп Нұрмолданың жұп-жұқа жарғақтай, бірақ тым үлкен құлағы қызарып кетті.
— Екі жағы да бар деп қалдым, Нұреке!
— Өзімнің пәленбай жылдан бергі тілшілермен көп кездескен мол тәжірибемнен білем. Тілші дегендер жақсылықтан гөрі, жаманшылықты көргіш келеді. Бірдеңені іздеп табуға тырысады.
— Жаманды көре білген көз, жақсыны неге көрмесін. Сіздің колхоз, оның ішінде өзіңіз жайында бірнеше жақсы мақала, очерк оқығаным рас. Соны жазғандар да біздің тілшілер емес пе?
— Көптің аты көп қой, ішінде ілуде бірі болады. Ал сен болсаң біздің ауылға он жылдан соң, келіп отырсың. Алғашқы келісің жақсы болмаған-ды. Ендігісін көре жатармыз.
Нұрмолда осы жерде ғана күліп қойды.
— Күні бұрын уәде бере алмаймын. Менің өз ойымша сондағы сынның да пайдасы болған ба деймін.
— Біріншіден уәде күтіп отырғаным жоқ. Шындықты айтсаңдар бопты. Екіншіден біздің табысымызда менің де еңбегім бар демексің ғой! Дәмең зор екен.
— Шындықты сол баяғыдағыша айтса ризасыз ба? Сонда да айтқанымыз шындық емес пе еді, Нұреке?
Досов жайдарылана түсті, күліп қойды.
— Шындықтың да шындығы болады. Тірі болсақ әлі талай кездесерміз дегенім бар-ды сонда. Соным есіме енді түсіп отыр. Не де болса, иә, кештеу болса да, нақ осы шақта келгенің оңды боп тұр.
Колхоз председателі мен тілші арасындағы бұл әңгіменің шағын да болса өз тарихы бар-ды. Досов бұл ауылға соғыс біткен соң бір жылға толмай, 1946 жылдың қысында келді. Шұбар ауылы тілшіге мүлде ұнаған жоқ. Жатаған, жаман балшық үйлер ретсіз салына берген, ең болмаса жөндеп ағашта егілмеген. Талдықорған сияқты көкпеңбек көк талға, мол ағашқа оранған, нақ осы Шұбардан таяқ тастам жерде тұрған қаланы көрген адамға енді мына ауылды аралау мүлде нашар ой қалдырды.
Тілші мұндай ауылды бірінші рет көріп тұрған жоқ. Дегенмен қалаға жақын, Текеліге қарай өтетін темір жолға одан да жақын тұрған ауылдың мұндай сиықсыз көрінгені жақсы ой тастай алмады. Мұның үстіне колхоз председателімен кездесіп, алдағы үлкен сайлаудың қайда өтетінін сұрағаны бар. Бастық күмілжіп қалды. Тілші нақ осы жерде бір кілтипан барын сезе қойғандай, айтылған, әлгі сайлау үйін өз көзімен көргісі келді. Бастық отырған суық, үйден гөрі сыртта жүргенді тәуір көргендей өзі бастап сыртқа шықты. Жолай ол көргелі бара жатқан үйдің анау айтқандай оңып тұрған көркі жоғын алдын ала жайып шумақ болғандай:
— Киген киіміңе қарағанда сен де соғыста болған адамға ұқсайсың. Мен де соғыстан оралдым. Соғыс шаруашылықтың қай түріне болса да кесірін жаман тигізді ғой. Біздің колхоз соғыстан кейін есін жия алмай жатқан жүдеу шаруашылықтың бірі. Басқаны былай қойғанда колхоздың негізгі күші — білекті жұмыс адамдары енді-енді қайтып жатыр. Шынын айтсам, әлі есімізді жия алмай жатқан жайымыз бар! — деп қалды.
Үстіне ағылшын сукносынан тігілген ұзын көк шинель киген, аяғында жапон офицерінің қызыл сары етігі бар, өзіміздің жез доғалы жалпақ белдікті, командир белдігін буынған жас тілші оның бұл сөзіне ден қоя қойған жоқ. Өйткені жас көзінің ең қызық, ең көңілді шағын соғыста өткізген жас жігіттің қиялы бір мезет алысқа, соғыс күндеріне алып кеткен еді.
Бұл екеуі әңгіме үстінде кәдімгі сарай сияқты ұзыннан-ұзақ салына салған, әрі аласа, әрі көріксіз үйдің қасына келіп тоқтады. Әлгі үйдің қиюы кеткен, сырланбаған жаман есігінің аузына қолақпандай қара құлыпты іліп қойған. Енді оның кілті жоқ боп шықты. Көшеде кетіп бара жатқан біреуді дауыстап, қол бұлғап шақырды да, мынау есіктің кілті ауылдық Советтің хатшысында болса керек деген жобамен соған жіберді.
Тілші мен бастық әрі суық, әрі сыз ауада жер тепкілеп, ұзақ тұрды. Ортақ сөз тауып шүйіркелесіп сөйлесіп те кете алмады. Әрқайсысы өз ойымен өзі боп, үнсіз қалды. Әлден уақытта бір бүйрек бет, қызыл күрең келіншек келіп, Алдабергеновтың қолына сыртын әбден тот басқан жұп-жуан қара кілтті ұстата салды.
Кілт сұп-суық болса керек, онсыз да тоңып тұрған бастық кілтті әйелге қайта ұстатып:
— Қалқам, өзің ашсаңшы! — деді жай ғана, сыпайы үнмен.
Әйел бір қадақтай темірден жасалған жуан кілтті аузымен үргілеп жылытпақ болғандай қолын аузыма тосып, біраз тұрды да, қара құлыпты қос қолдай ұстап көтерді де, кілтті сүңгітіп жіберді. Бір тәуірі тез ашылады екен, немесе, бұрыннан ашық тұрды ма, бұл үшеуі сұп-суық кең залға, клуб деуден гөрі мал қамайтын үлкен сарай сияқты үйдің ішіне енді де кетті. Бұл залды жаңа көріп тұрған бөгде адам түгіл, тіпті Алдабергеновтың өзі де аң-таң боп, жан-жағына қарады. Күзден бері ме, әлде бірнеше жылдан бері ме, әйтеуір от жағылмаған, әрі сыз, әрі суық сырттан да жаман азынап тұр.
Терезе, едендеріне, қабырғасына не сыпырғы, не бір шүберек тимегеніне көп болған. Кейбір жерінен тамшы ағатын болса керек, қатып қалған мұздың сүп-сүйрік, суық тілі әр жерден бір жылтырап тұр.
Ауылдық Советтің хатшысы мен колхоз председателі бір-біріне үнсіз қарап, «мынау не, бұған кім жауапты?» дегендей болды. Осы ойды айтпай ұққан тілші де бірдеңені біліп қалғысы келгендей:
— Бұл клуб ауылдық Советке қарай ма, жоқ, әлде колхоздікі ме? — деп қалды.
— Колхоздікі! — деп әйел сап етіп бұрын тіл қатты.
— Мен мұны ауылдық Советтің клубы болар деуші едім!
Алдабергенов осы жайды білмей келгені үшің айыпты адамша қолын жайып, таңдана сөйледі.
Бұлар клубтан көңілсіз шықты. Тілші ойын айтпай шиыршық атып, тығылып қалды.
— Сайлау өткізуге жарайтын, бұдан басқа колхозда орын жоқ па? — деді әлден уақытта Досов.
— Бұдан тәуір ештеңе жоқ! — деді колхоз председателі келте ғана.
— Мектеп болмаса. Бірақ, оның да оңып тұрған ештеңесі жоқ. Бөлмелері тар, адам айнала алмайды. Бір кездегі бастауыш мектептің үйі ғой.
Әйел бар шынын айтты. Бұдан соң сөз болған да жоқ. Тілші Талдықорғанға қарай жаяу тартты. Атпен апарып салайық дегенді күткен жоқ. Қалың табан қызыл етігімен қарды күрт-күрт басып, қалаға баратын тура жолға түсті.
Осыдан кейін бір аптадан соң республикалық газеттің бетінде етектей боп сын мақала шықты. Онда шинелін сүйреткен қызыл етікті тілші тілінің уын барынша төккен екен, білген сөзін аямапты. Аяғында Нұрмолда Алдабергенов басқаратын бұл колхозда бүкіл еліміз, Отанымыз боп әзірленіп жатқан аса маңызды саяси науқанға тиісті мән бере білмейді, сайлауға әзірлік мүлде нашар деп жазыпты.
Тілші мақаласының соңында ауылдық Советтің және колхоздың председателін қатты жазалауды ұсыныпты.
Алдабергенов мақаланы оқып шықты. «Қызталақ түймедей нәрсені түйедей еткен екен», — деп қойды. Бірақ әңгіме мұнымен тынбады. Сол мақала шыққан күні Алдабергеновты облыстық комитеттің бюросына шақырды. Қаралатын мәселенің не екенін білместен ақ Талдықорғанға қара айғыр жеккен жеңіл шанамен тартып кетті. Дегенмен ішінен ойлап келеді. «Бүгінгі мақаланы сөз ететін болса, басқаға қонып бұрмай, тым шұғыл алған екен-ау! Бұрынды-соңды газеттің мақаласын, қандай бір қатты сын болмасын, алдын ала бір рет тексеріп алмай, бірден сол күні талқыламайтын. Ол болмас, басқа мәселе шығар» деп ойлады.
Ай-шайға қаратпай Алдабергеновты бюро боп жатқан бөлмеге енгізді. Бөлме іші толған адам. Ішінде аудандық комитеттің секретары, атқару комитетінің председателі отыр. Бір бұрышта ағылшын бостонынан тіккен көк сұр гимнастеркасы бар, қою қара шашты, жалпақ бет қара жігіт, әнеукүнгі тілші де отыр екен.
Бөлмеге кіріп келгенде осы отырған көптің бәрі Алдабергеновке қарай қалған сынды боп көрінді. Нақ осылай да емес-ті. Бюро басталған жоқ-ты. Қатысушылардың, аудандардан шақырылғандардың көбі-ақ мәселенің не екенін, қандай мәселе қаралатынын білмейтін. Әркім өзінше ойлап, біразы іштей қыпылдап отырған жай бар-ды. Алдабергеновке соншалық боп көрінгенмен, мұның келгенін көрмеген, көрсе де елемегендер бұл бөлмеде аз емес-ті.
Бюро басталды. Бірінші мәселе: Шұбар ауылдық Советінде сайлауға әзірлік жайлы екен. Нұрмолданың бүйрегі бүлк ете түсті. Ауылдық Совет пен колхоздың председателі аяғынан тік тұрып жауап берді. Республикалық газеттің бетімде шыққан сын өте әділ сын. Ондағы айтылған, көрсетілген кемшіліктер түгелдей рас. Сыннан дұрыс қорытынды жасаған жөн. Бұл сын кемшіліктің бетін ашуға көмек болды. Оны басшылыққа алған жөн. Бір сөзбен айтса Шұбар ауылында сайлауға әзірлік жұмыстары нашар деп танылды. Екеуіне де қатаң сөгіс берілді және бес күн мерзімнің ішінде сайлау участогін көркемдеу атап көрсетілді.
Бұл Алдабергеновтің армия қатарынан қайтқалы бергі естіген қатаң, жанға бататын сөздері еді. Қатты толқып, беті ісініп, тым булығып шықты бөлмеден. Біреу оған тесіле қарап тұрғандай боп көрінді. Сол жақ иығына бұрылып, жалт қарады. Оған тесіле қараған тілші екен. Бұл да қарады. Екеуінің көзқарасы бір сәт кездесіп қалды. Нұрмолда оған: тірі болсақ әлі талай кездесерміз дегендей боп қалды. Шыны да осы еді. «Кездесерміз, кездесерміз» дей берді көздің оты да, көңілді тереңнен тырнап жатқандай боп.
Міне, мына бүгінгі кездесуде Алдабергеновтің Досовқа айтып отырғаны сол еді. Сонда айтып едім ғой дегендей:
— Кездесуімізде мін жоқ. Әрі нағыз кездесетін шақ. Көргің келсе енді көр, мін таққың келсе енді тақ! — деп қалды ол.
Тілші үндеген жоқ. Ал ішінен болса басқаша ойлады. «Бастықтың көкірегінде желі бар, мақтанғысы келіп отыр» деп түйді ол. Ал расына келгенде Нұрмолданың көкірегі желсіз емес-ті. Оның кеудесін желдендіріп тұрған Шұбар ауылының бүгінгі жайы, көркі, көшесі, жұмыртқадай аппақ үйлері, алысқа кеткен даңқы еді. Мұның үстіне Нұрмолданың кеудесінде екі бірдей «Алтын Жұлдыз» жарқырайды. Екі рет Еңбек Ері атанған, бүкіл республикадағы екеудің бірі өзі. Сонау бір қанаты қатпай, буыны бекімей тұрған кездегі өзін естен кетпестей етіп жамандаған тілшіні бүгін қайта кездестіргенде көңіліне жел толып, бір желпініп қалғаны да дұрыс шығар. Бірақ, ол онша желпінген жоқ. «Кеудесінде саңылауы бар адам болса біздің қазіргі жайымызды, менің қазіргі халымды айтпай-ақ ұқпай ма?» — дегендей көп жағдайда ол іркіле іркіле сөйледі.
II
Бастық пен тілші тысқа шықты. Кеңсе алдында кішкене алан бар-ды. Екеуі үнсіз жүріп сол аланның нақ ортасына көп тоқтады. Нұрмолда тілшіге қарады. Оның өңінен нақ қазір ештеңе ұғып та болмас еді. Досов өзін әлдеқалай бір жұмбақтау сабырмен ұстап тұрған еді. Нақ осы жерде, екі арада аздап та болса, іштей арбасып қалудың ізі де бардай. Әрине, Досов сонау жылдардағы сынның кекті ізі әлі бар екен деп ойлаудан аулақ. Оның ойынша бастық мақтанудың жолын таба алмай ширығып қалғандай еді. Тілші де ерікті бастыққа берген, үнсіз. Осы болмашы бақасып, іштей тіресіп қалудың шешуін де бастықтың өзі тауып кетті. Мұның үстіне әлгі бір кездегі іркіліс те көрінбей кетті. Ол қолын шошайтып, желпіне, бірден екпіндете сөйледі.
— Ал енді қара, қарап көр, баяғы Шұбар қандай еді, мына Шұбар қандай? Асықпай емін-еркін қара! Әбден қарап болғасын сөйлесеміз. Енді не болады, ертең не істемекпіз? Міне, соны сөйлесеміз. Ал қайдан бастайсың? Мынау тұрған кеңседен бе, әлде анау тұрған мектептен бе?..
Ол осы кезде өзі туған ауылдың, өз қолымен көркейткен ауылдың көркіне өзі қызығып, өзі тамашалап, енді оған сөз таппай, тілі жетпей тоқтаған сынды болып еді. Оның өзі де осы жан,а көргендей төңіректі тамашалап тұрып қалды.
Ауыл өскен. Тәуір өскен. Досов бұл ауылға соғыстан кейін, қыстың көзі қырауда, жылдың ғана емес, уақыттың сұрқай беймаза кезінде келді. Шаруаны оңдап бітіру былай тұрсын, елдің ес жия алмай, етек-жеңін енді-енді көре бастаған шағы еді. Арада табаны күректей он жыл өтіпті. Бәрі де көрініп, бәрі де білініп тұр. Көшелер рет-ретімен, қала тәртібімен бой түзеген. Бұрынғы балшықтан салған жатаған үйлер мүлде жоқ. Колхозшылар өз табысына әдемі үйлер — ағаштан, қыштан, еңсесі биік, сыз жерден жоғары, шатырлы үйлер салған. Көшелерге тас төселіпті. Кейбір көшелерге асфальт төсеген. Әрбір көшенің бұрышында, екі көшенің қосылған жерінде су құбырының бастары қылтиып қылтиып тұр.
Бәрінен бұрын ауыл көшесін зәулім теректер мен қайыңдар басыпты. Жеміс бақтары көбейген. Шұбар көкпеңбек көк жасыл баққа бөленген. Мұның бәрі заман, уақыт атты құдіреттің таңбасы шығар. Бірақ, осы қатарлы колхоздың бәрінен бірдей осындай жайды көре беру мүмкін емес. Демек, мұнда білетін бастық, бастай білетін кеңесші бар екені бірден ақ көрінеді.
Ауыл көшесін бұл екеуі асықпай жүріп, жаяу аралады. Әр жерге тоқтап, Нұрмолда өзі түсінік берді.
— Мынау екі қабат үй — мейманхана, анау әйнекті үй — азық-түлік дүкені, қасында универмаг бар, Мынау тұрған мектеп, он жылдық мектептің қасынан қойшы балалары үшін интернат үйі салынбақ, іргесін қалап жатыр. Мынау болса кеңсе, астыңғы жағы колхоздың музейі. Ал мына салынып жатқан, әлі бітпеген үй — колхоздың Мәдениет сарайы болмақ.
Шұбардың айналасы ат шаптырым, үлкен де, көрікті де ауыл бопты. Ауылдың өскеніне деген қуаныш ізін Нұрмолда тілшінің жүзінен де байқады білем, өзі де бір түрлі көңілді келе.жатты. Ойлана ойлана, анда-санда бір сөйлеп қояды.
— Жоспар-жобамыз әлі көп. Осы ауылды төңіректеп салынған он шақты сиыр қорасы бар. Бәрі бірдей жарық, жылы. Біздің ең негізгі мақтанышымыздың бірі — сол қоралар. Қазір қала халқына, мына Талдықорған мен Текеліге дәмді сүт, тәтті май, сүзбе керек. Ал әлгі он қорада сауылатын сиырдың сүті екі қаланы бірдей қамтамасыз ете алмағанымен, ең болмағанда Текеліні түгелдей жабдықтап отыратын дәрежеге жетуге тиіс. Біз мұны істей аламыз. Бұған ешқандай күдік болуы мүмкін емес. Әрбір кіші-гірім, айтайық ортасына колхоз, ең кем дегенде Текелі сияқты шағын қаланы етпен де, сүтпен де, маймен де, қантпен де, нанмен де, айта берсем, түп-түгел қамтамасыз етіп отыратын болуға тиіс. Бұл үшін колхоздың барлық шаруашылық саласын заводтың станок сияқты бір қалыпқа, үздіксіз істейтін, сапалы істейтін ырғаққа қойған жөн. Ол үнемі еселеп өсіп отыруға тиіс. Ең болмағанда тұрақты, бір қалыпты өнім алатын болуымыз керек. Міне, осылай болмаған күнде біз колхозды соғыстан бұрынғыша басқарған боламыз. Олай болуға тиісті емес. Колхоз өзіне-өзі пайда келтіремін десе, әлгіндей істейді.
Ол қолын сермеп, қызына сөйлеп кетті. Онысын байқамай қалды білем, кеңсенің алдына келіп, басқышпен көтеріле бергенде, тоқтай қалып сөйледі:
— Ал осы жерде екеумізден басқа ешкім жоқ қой, айтшы кәні, шаруаларының тұрмысын, әл-ауқатын жақсартып, өзіне де, өзгеге де пайдасын тигізе алмаған, өлексе колхоздың керегі не? Ондай колхозды совхозға бөлімше етіп пе, әлде әлді колхозға қосып па берген жөн ғой.
Алғашқы тұйықтық жоғалды. Одан із қалған жоқ. Нұрмолда шешіле сөйлеп, Досовпен көптен таныс, біліс адамша сырласып кетті.
— Меніңше әрбір шаруаның көкейіне құятын бір ой бар. Ол колхоз табысты болатын болса, оның өзі, әлгі шаруаның өзі қандай болатынын жеткізе білген жөн. Шаруаның көкейіне осындай бір сәуле құйылмаса, бәрі бекер. Жасыратыны жоқ, кейбір колхозшылар бұл колхоз дегеннің бейнетін көре-көре қартайдық қой, рахатын қашан көреміз деп мәселені кәдімгідей қабырғасынан қойғаны бар. Не деріңді білмей, өзің де сасып қаласын. Өзің болсаң не дер едің? Менің қазіргі барлық қуанышым сол, осы қиындық біз үшін артта қалды. Біздің колхозшылар колхоздың не екенін, не беретінін әбден ұқты. Біз колхозсыз өмір сүрудің тұрмыс құрудың, әсіресе мәдениетті тұрудың мүмкін еместігін әбден ұқтырған сияқтымыз. Бұл үлкен жеңіс. «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, біз осы бір ойды әлі де нығайта бермекпіз. Бұл қол жеткен табыстың бастысы деп жазып қойсаң да болады. Қазір біздің шаруалар жақсы тұрмыстың, мәдениетті өмірдің, жалпы табыстың кезі қайда екенін біліп алды.
Досовты осы ауылға келгеннен бері, бастықпен кездесіп сөйлесе бастағаннан бергі ең қатты қуантқан нәрсе — осы ой еді. Ой табылды. Болашақ туындының өзегі бар. Енді тек жаза біл, көрсете ал!
Бұл екеуі кеңсеге, Нұрмолданың кабинетіне келді, Отырған бойда Досов қалтасынан сырты қызыл күрең түсті жазу дәптерін алып, жаза бастады. «Біздің колхоз шаруасындағы соғыстан кейінгі ең басты табысымыз сол — колхозшылар дәулеттіліктің жақсы тұрмыстың, мәдениеттіліктің көзі қайда екенін, оның, колхоз шаруашылығында екенін жақсы ұғынды. Табыстың табысы деп, міне осыны айту керек».
Міне, нақ осы сөзден былай қарап, Досовтың Алдабергенов жайлы бұрынғы, соңғы ойы быт-шыт боп, өзгере бастады. Оның көз алдында ауыр ашылатын, ішінде қазынасы мол құпия сандық тұрғандай болды.
Бұрынғы селсоқтық жайына қалды, Енді ол бастықтың аузын бақты. Енді не айтар екен? Оның аузынан тағы да қандай сөз шығар екен? Тілші осыны аңдумен болды. Бірақ, ойда жоқта бір-екі рет сыңғыр етіп ашылып-жабылған құпия сандықтың қайта ашылуы қиын болды, оны тілші жігіт көп күтті.
Затында, Нұрмолда шешендіктің, тапқыр сөздің, тауып айтатын ойдың соңына түсіп, оны өзіне ерекше кәсіп тұтпаған адам. Ол сөзді ойлап айтқанмен екшеп, елеп айтатын жан емес. Сөзді әдемілік үшін емес, ойын айту үшін қолданатын адам. Содан да болар өз айтқан Сөздері, ойларымен тілшіні қалай риза етті, оған қай сөз, қай ой ұнап қалды. Оны ойлаған ол болған жоқ, Одан тағы бір жаңа ой, жақсы. сөз күткен тілші, бұдан әріге шыдамы жетпей, әлденелерді сұрағысы келіп еді, оның ретін таба алмады. Ақыры қойын дәптерінің шетіне әдемілеп тұрып, былай деп жазды: «Бұл адам, Нұрмолда Алдабергенов сөздің емес, нақты істің, қимылдың, халық данышпандығын бойына жинаған ақылдың адамы».
Тілшінің өз тапқаны өзіне ұнап кетті. Ішінен әлденеше рет оқыды.
Бір ретте тіпті бастықтың өзіне оқып бермек боп оқталып барды да, қолайсыз көрді.
— Нұрмолда көпке дейін үндемеді. Ойланып отыр. Тілші оның ойын бағып қалды. Оның ойы — өзі жазбақ боп жүрген болашақ қолтумасын жобасы. Баяғы сын мақаланы есінен шығаратындай етіп, қызықты, көркем жазсам, өзі де сезбеген, өзіне де құпия жайларды тауып, апырай, мынау қалай-қалай жазады дегіз деп түйді. Ол бұрын тым шапшаң, тез жазып жүрген жүйрік болғанмен, шұқшия зерттеп, түбірлі қадағалап жазуды «әлі үйренбеген, тек қаламы желді жігіт болатын. Ол нақ осы жерде қиындықтың шетін де көрді, Бірақ үмітінен көз жазып қалмайын деп жақсы ой, пікір күтті. ...
Әлден уақытта Алдабергенов тілшіге бұрылды. Менің қой топшылауымша әрбір колхоздың өзіне лайық, жеріне лайық нақты шаруашылығына лайық өз беті, өз бет алысы, белгілі бағыты болуға тиіс. Колхоздың бәрі бір-біріне ұқсас болса қызық емес. Тіпті қатар жатқан көршілес екі колхоздың өзінде бір-біріне ұқсамайтын, сөйтіп біріне-бірін қызықтыратын жайлар болуға тиіс. Қызық сонда болады. Осыған орай әрбір шаруашылықты басқарып отырған басшыда өзіндік жоба, өзіндік ой, өзіндік мақсат болған жақсы. Біз армия қатарында жүргенде бір шықылдақ сержант «генерал болуды ойламаған солдат солдат емес» деп қоймайтын. Сол айтқандай-ақ өзінің белгілі, алыс-жақынды жоспар-жобасы, қағазға түспеген, ешкімге айтпаған құпия арман қиялы, жетсем деген нысанасы; алсам деген асуы, шықсам деген биігі болмаған бастықтан безген жөн. Көп жолдастар көршіге қарайды. Көршінің істеп жатқанын дәлме-дәл қайталауға, соны барынша көшіріп алуға тырысады. Бұл дұрыс емес. Әркім өз мүмкіндігінің төңірегінен шықса керек. «Ертеңгісін ойламаған еркектен без, бір күндігін ойламаған қатыннан без» деген мақал да бар ғой деймін.
— Ондай мақал бар.
— Бар болса, нақ сол мақалдағыдай ертеңгісін ойламаған бастық оңбайды. Ал осыны айтып отырған менің өзім де оңдырып отырғаным жоқ. Әсіресе, алғашқы кезде жалпы сарынға, бұрыннан келе жатқан ескі соқпаққа түсіп ап, тарттым ғой көп, тарттым. Артыма да жөндеп қарамаппын. Адам шіркін, адамдығын істеп ең болмаса шіміркенбес болар ма, әлде неден сезік тауып қуыстанбас па еді? Едәуір ұзап барып артыма қарасам, шаңдатып өткенім болмаса, тұяқ тимеген, бос қалған жер көп. Колхозда табыс аз. Шаруалар әлі кедей тұрады. Әсіресе үйлері нашар. Жақсы үйлер салатын қаржы қайда? Ол болса материал қайда? Колхоздың мектебі, клубы, балалар бақшасы дегені болмай ма? Осыларды ойлаған кезде өзіңнің түк бітірместен әшейін босқа далақтап, тектен-текке арам терге түсіп жүргеніңді сезеді екенсің. Бірақ қайткенде де жоспар-жоба, жақсы арман, әдемі қиялдардың көгілдір сағымына ілесіп, желге қарай түкіре беруге тағы болмайды. «Жел» деп отырғаным қалыптасып қалған, көптен үлгі-өнегеге айналып кеткен әдетті айтамын. Біз, бір бишаралығымыз сол әдеттен айналсоқтап шыға алмай, соның төңірегінде күйбеңдей береміз.
Досов қағаз-қаламын столдан тез алып, әлденені жаза бастады. Оған бір мезет осы жазбақ боп жүрген ойларының да бас тақырыбы табылып қалғандай болды. «Желге қарай түкірме» деген сезді ол қойын дәптердің жаңа, жазылмаған ақ бетінің нақ ортасынан бастап үлкен етіп жазды. Артынша Нұрмолдаға бұрылып:
— «Желге қарай түкірме» дедіңіз ау? — деді.
— Түкірмеу керек. Демек, әр нәрсенің уақыты, пісетін мерзімді шағы болады. Соны босқа жібермей, уақыт, мерзім сәттерін күтіп ала білген жөн. Меніңше солай. Керек болса желге қарай түкіретін де кез болады. Оның уақытын білген артық.
— Желге қарай түкірсең, өз түкірігің өз бетіңе шашырайды ау! Ойлы, терең айттыңыз.
— Мен сені таң қалдырмақ боп отырғаным жоқ. Ол өзі бір сөздің орайымен айтыла қалған ой. Терең саяз екенін өзің білесің. Жоспарды шындық болатын, орындалатын істің төңірегіне құрмаса, ол желге қарсы түкіргенмен бірдей болады. Кімде-кім өзінің шама шарқы, мүмкіндігінен асып кетіп, айға қолын бостан-бос созса ол жел ғана емес, дауылдың өтіне қарай түкіргенмен бірдей.
Досов Алдабергеновтің шешіле сөйлегеніне қуанды. Сәтті кезі енді келді деп ұқты. Оны өзінше көңілдендіріп, әңгімеге тартқысы келді. Анау оны да сезіп қалды.
— Тілші деген қу халық. Әсіресе, колхоз председательдері мен совхоз директорларын мұрнын тескен тайлақтай-ақ жетелеп үйренген. Біз көнбіспіз. Қолдарынан келіп тұрғанда жетелеп қалыңдар. Адам деген кейде жас бала сияқты, мақтағанды, маздап арқадан қаққанды ұнатады. Біз сол баламыз. Тілшілердің жылы сөзін естуге ынтықпыз. Жылының аты жылы ғой.
Ол рахаттанып күліп те алды.
— Сөздің қалжыңы да, шыны да осы! — деп тағы күлді.
— Тілшілер кез келгенді мақтай бермейтінін білесіз ғой, сіз бен біздің де шалыс келген жеріміз бар. Оның бәрі қазір есепте емес. Ал нақ қазір сіздің колхоз, аудан мен облыс қана емес, республика мен одақтың мақтанышы боп тұр. Демек, жақсы сөз айтылуға тиіс. Енді сол жақсы іс жайлы жақсы лебіз іздеп жүрген жай бар. Әлгі өзіңіз айтқандай әр нәрсе уақытында. Мезгілсіз кезде желге қарай түкіруге болмайды.
«Шыны солай ма?» дегендей ол Досовқа бадырайып сұраулы қарады. Ал тілші болса онша мүдірген жоқ.
— Оның үстіне маған сіздің кейбір ойларыңыз ұнай бастады.
— Саған ұнай қалатынын айтып едім?
— «Желге қарай түкірме» деген бір ойыңыздың өзі не тұрады? Немесе, әрбір адамда жаманды-жақсылы белгілі бір мақсат, нысана, жетем деген биігі мен асам деген асуы болуы жайлы айтқаныңыз қандай оңды! Халықпен, жай адамдармен кеңесіп, олардың ойын білу жайында да айттыңыз ғой деймін. Бұл да бір кесек, онды ой. Елдің, көптің пікірі деген аса үлкен нәрсе. Мәселен, бүкіл Азияны талқандаған Шыңғысханның шығыс Европадан әрі аспай, оның ішінде Новгородтың өзіне жетпей қайтқаны жайлы бір аңыз бар.
— Кәні, айтшы, тілші деген әңгімеге тәуір болса керек.
— Жорықта кетіп бара жатып, бір күні Шыңғысхан өзінің ең бір жақсы көретін кәрі ноянын шақырып апты да: мына жарық дүниеде жанын сүйетін жақсың не, соны айтшы депті...Сонда кәрі қоян айтқан екен: «Көктемнің жайма шуақ ашық күнінде қолыңа қаршыға ұстап, немесе, сұңқар алып, жақсы атпен аң қаққан қандай рахат. Қолыңдағы қыранның қиядан қиғаштай көтерілген қаз, үйректі қағып түскенін көргенді ұнатам...» Талай елді табанымен таптап өткен қатыгез, кәрі жаһангер батыр қоянның сөзінен бейбіт өмірді көксегенін көріпті. Бірақ, оған да тоқтамай, армиясындағы бір қыпшақ сарбазына. да әлгі сұрақты беріпті. Сонда ол тұрып: «Қыран ұстап, айдын көлді айнала шауып, саят құрсам. Арғымақпен. көкпар тартып, салым салсам. Жүйрік тазымен ақ қағып, алпыс екі айлалы аңдарды қанжығама байласам. Кешке қарай шаршап көп, жар құшағында жатқанда, құлағыма алғыр тазымның түс көріп, ұйықтап жатқанда бейбіт қыңсылағаны, тұғырдағы қыранның жемсауын көтеріп, қаңқылдағаны құлағыма келіп жатса қандай оңды», — депті. Сонда кәрі жаһангер басын шайқап: «Екеуің де дұрыс айтпадыңдар, дүниенің рахаты — ең ұлы жақсылығы, жауыңды жеңіп, оларды алдыңа салып малша айдап, барлық байлығын, дүниесін талауға сап, кеше ғана саған қарай қаруын көтерген дұшпаныңның көз жасын көру емес пе? Ал жаудың жақсы атына мінін, жақсы қаруын асынып, сұлу жары мен көркем қызын құшқаннан асар рахат бар ма?» деп тұрып, қояндарының арманына қарап, жолдан қайтыпты. Жорықты тоқтатып, армиясына тыныс беріпті. Сөйтіп, ол жорыққа шығар қолайлы шақты күткен.
Көрдіңіз бе? Нұреке, ең қатыгез, дүниені жұтпақ болған нағыз жаһангердің өзі желге қарай түкіре алмаған ғой. Сіз айтқан сөздің түпкі, терең мәні осында. Сіз әдейі айтқыңыз көп айттыңыз ба, жоқ әлде, жай айта салдыңыз ба? Бірақ сіз сондай үлкен ой айттыңыз.
— Айтсам айтқан шығармын...Бірақ, әдейі айтайын деп айтқаным жоқ. Ал, Шыңғысхан дедің, менімше, заманы, уақыты, шыққан тегі басқа демесең, о да осы өзіміз сияқты екі көзі, екі құлағы, екі қолы, екі аяғы, бір басы бар пенде болса керек. Ол мен сияқты да емес, мүлде хат танымайтын адам дейді. Қасына мына өзіміздің ұйғыр ағайындардан хатшы алып жүрген дейді, Солай ма? — деп Нұрмолда күліп қойды.
— Мұныңыз да жақсы сөз.
— Енді біраздан соң сен менің ауызымнан шыққан бар сөзді алтын дерсің? — деп Досовқа күле қарап қойды да, — әрине, бір-бірімізді қатын дескеннен гөрі батыр дескеніміз артық. Бір-бірімізді ұға білсек о да үлкен ғанибет. Сенің ақ айтқаның болсын, көңіліңнен шығайын, мерзімі, уақтысы, шартты шағы болмаса, желге қарай түкірмей-ақ қоямыз.
Ол ойлы айтты. Өзінен-өзі тоқтап, біраз үнсіз отырды.
III
Талай-талай ойлы, халық адамының аузынан шығатын тәуір сөздер айтылып кетті. Бірақ, соның ішінде Досовтың есінен кетпестей болған бір ой бар-ды. Ол ауылдың ала ауыздығы жайлы еді. Бұл ойын айтардан бұрын Нұрмолда терең күрсініп, қобалжып кетті. Әлде? неден жайсызданып, айтарын да, айтпасын да білмегендей мүдіре берді. Дегенмен айтуды орынды көрді, әңгімесін жаймен, алақанымен бетін, әсіресе, иегін бір сипап қойып, баяу бастады.
— Бес саусақ бірдей емес дегенді сонау кішкене күнімізден естіп өстік. Сен де естідің. Ал, сол бес саусақтың бірдей еместігіне ешкімнің дауы жоқ. Ал, ол неге бірдей болмаған? Мүмкін адамның өзінің бірдей еместігін көрсететін үлгі шығар. Адамның да бәрі бірдей емес қой. Біздің ауылдың кәриялары айтады. Аттың ала-құласынан адамның ала-құласы жаман болады дейді. Өйткені аттың ала-құласы сыртында болады, көзге көрініп тұрады да, адамның ала-құласы ішінде болады. Қандағы мерез сияқты, іште жатады да, көзге көрінбей, жанды жегідей жейді. «Мен мұндалап» көрініп келген жаудан, баспалап көрінбей келген жау жаман. Ал, осыдан да жаман нәрсе бар. Ол ағайынның, ауыл-үйдің ала ауыздығы. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді». Бұл бір. «Бірлік болмаған жерде тірлік болмайды». Бұл екі. Осы мақалдарға, ата-бабамыз қалдырған насихат өсиет сөздерге қарап отырсақ ауыл-аймақта бірлік, туыстық, достық болмаса бәрі бекер. Берекелі өсетін, өнетін ауылдың бірінші белгісі бірлік. Ағаны аға деп, әкені әке деп, шешені шеше деп, жеңгені жеңге деп, баланы бала, туысты туыс, жекжатты жекжат деп білген жөн. Алыс-жақын, ара ағайынды сыйлап, құрмет тұтатын адам ең алдымен өз ошағының басын сүйеді. Ол баласын, өз ұл-қызын, алған адал жарын сүйеді. Ондай адам әке сыйлайды, ағаны құрметтейді. Осыдан келіп адам ауылын, өз аймағын, туған жерін сүйеді. Мұндай адамнан көп нәрсе күтуге болады. Ол кәдімгі Абай айтқандай атаның улы ғана емес, адамның баласы атанады. Бірақ, қайткенде де атаның ұлы болмай тұрып, ешкім де адамның баласы бола алмайды. Абай да осыны айтып отыр. Мен қателесіп отырған жоқпын. Атаның ұлы болып қою жеткіліксіз, адамның баласы, елдің ері болған артық. Ел басқарған адамның басындағы аса зор қайғы сол — елді өз соңынан ерте алмаса, елді еліктіре білмесе, адамдарды дос, туыс, бір-біріне сыйлы ете алмаса, қайғының үлкені осы. Менің де ең осал жерім осы...
Досов оның бұл ойына аң-таң боп, қайран қалды. Бірақ, онысын білдірмеуге тырысып, жерге қарап ойлы тыңдады. Бір жағынан бұған таң болатын да ештеңе жоқ еді. Бұл өмір бойы халық арасында, ел ортасында болып, ауыл өмірінің ыстық-суығын, жақсы жаманның көз алдынан өткізген адам. Елдің жөн-жоба білетін, сөйлесе сөзі, сайраса тілі бар адамдарын, ауыл ақсақалдарын көріп өскен. Солай болса, Досовтың аң-таң болуы артық та еді.
— Ал мынадай да бір ойлы нақыл бар. «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым». Қайда барасың, кімге шағынасың, кімді қарғайсың? Бәрі өзін, бәрі көз көрген, бәрі өз ауылынан шығып жатыр. Көресің ішің қайнайды, айта алмайсың. Өз қолыңды өзін кескенмен бірдей күресуге дәрмен жоқ. Өз бармағыңды өзің тістеп қала бересің...
Алдабергенов оң қолының бармағын күрек тісіне тіреп, басын шайқады.
— Міне, мынау бармақты елден ала бөтен, анау төрт саусақтан неге дара, жалғыз тұрсын деп, қыршып ап тастау қандай қиын болса, ел ағайын ішіндегі басына ала жіп байлаған арызқой, баққұмар, бүлікшілерді де қыршып тастау сондай қиын. Өз қолыңды өзің кесе алмайсың бармағыңды шайнағаның болмаса, қыршып тағы тастай алмайсың. Абай ағаң айтқандай «не ол емес, не бұл емес, менің де күнім күн емес» деп. Дұрыс сөз, ақылды сөз. Талайдың ақ басында бар сөз. Бүкіл елге аты шыққан Москва түбіндегі Генераловтың колхозымен Социалистік жарысқа түскен, мынау отырған Головацкиймен жарысып, одан озып келе жатқан колхоздың председателі деп, мен туралы айтып, газетке жазайын деп жүрсің. Оның дұрыс ақ болсын, бірақ, сен жазбастан бұрын сол адамыңды жақсы біліп ал. Мүмкін сен мақтаймын деп жүрген бастығыңның ішінде құтырған ит өліп жатқан шығар. Сен оны қайдан білесің? Бала, сен алдымен алды-артына қарап ал!
Нұрмолда Досовқа қарап күліп қойды. Досов үндеген жоқ. Ауыр, зілді, бірақ барынша ойлы сөз айтылды. Басқа — басқа, ал тілші бұл сөзді одан мүлде күтпеген еді. Нұрмолдамен емес, басқа бір белгілі ақыл-ой адамымен сөйлесіп отырғандай әсерленді. Бұл тіпті ызадан шыққан ой да болуы кәдік.
— Мен шынымды айттым. Мені сендер бай колхоздың бастығы, екі рет ер атанған, әлденеше орден алған, дүниенің тең жартысын аралап шыққан армансыз адам дейсіндер. Оларың дұрыс та шығар. Бірақ, дүниеде армансыз, мұңсыз адам болмайды. Ертектердің өзінде солай айтылады. Менің бір мұным мынау: колхоз жақсы атанды. Атағы шықты. Халқым ауқатты, мәдениетті тұратын болды. Ауыл көркейді, мектеп, мәдениет үйі, қонақ үй, магазин, балалар бақшасы, не тілесең бәрі бар. Халық сауатты болды, газет-журнал оқиды, кітап оқиды. Бәрі жақсы. Ал осының бәрінде менің азды-көпті еңбегім ақ бола қойсын. Мұны да дұрыс дейік. Бірақ, Алдабергеновтің осал жері, сорлы жағы бар ма? Бар болса соны қоса айту керек. Меніңше, Алдабергеновтің ең осал, бейбақ жері сол — азғантай ауылдың ауыз бірлігін әлі орната алған жоқ. Кейде орынды-орынсыз қиқу, қиқу боп, өзара ала көздене кетеді. Бірін-бірі жамандайды, өсек. айтады.
Кейінгі екі сөз Досовқа тіпті жаңа боп естілді, бұрын ешкім айтпаған ой. Тілшінің естігені осы.
— Абай ағаң айтты ғой, айтты. Пысық деген кім? Өтірік арыз айтып, ел арасының ала ауыздығынан пайда көретін оқыған, хат білетіндер. Біреуді мұқатуға, кемітуге, өзінен асырмауға, тіпті қия бастырмауға жанын арымен қоса салады. Арызшыл желөкпелердің дем берушісі арақ деген азамат тағы бар. Ол тоя ішіп, қызара бөртіп алған күні мына Алатауды Шұбардың үстіне, жөні келсе нақ Алдабергеновтің төрт бөлмелі, аласа баспанасының нақ үстіне құлатпақ та болады. Арақ ішіп алған соң арам сирақ қулардың қармағына ілініп, өтірік арызға қол қояды. Сен біздің табысымызды, еңбектегі қол жеткен анау-мынауымызды көріп тамсанасың, ал мына жағын көргің де келмейді. Бұл жерде екеумізден басқа ешкім жоқ қой, жақсы бастықтың ауылы осындай бола ма? Жетілген соң барлық жағынан жетілген оңды ғой. Жақсы өмір адамдарға жақсы ой, озық сапа, биік қиял, таза пікір, адал қылық әкелсе бәрінен де жақсы, көрікті боп кетеді емес пе! Біз сыртымызды жақсы түзедік. Бірақ сырты жылтырақ, іші қалтырақтау боп тұрмыз. Бізден жақсылар да бар шығар. Саналылыққа келгенде мақтана алмайтын жайымыз бар.
— Мына сөздеріңізге қарағанда, Нұреке, менің жақсы дүние жазам деп жинаған еңбегім желге ұшып кеткенмен бірдей болды ғой. Есіл еңбегім ай десеңші! — деп Досов кәдімгідей қинала сөйледі.
— Шындықты айтпай, өтірік мақтағаның неге септігі бар. Өтірік шынын араластырған мақтау, бір кісідей-ақ естідік. Ал ондайға илана беретін бала-шаға емеспіз. Ата сақал ауызға біткенше пайдасыз мақтауды малдана беруге болмас. Жаза қалсаң шындығын айт. Алдабергенов басқарған колхозда осындай осындай арызшылар бар екен деп атап айт. Мен саған бір мысал айтайын: біздің колхозда қазақтан басқа ұлттар да тұрады. Бізде орыс, неміс, украинец, чечен, татар бар. Олар арыз бермейді емес, береді. Бірақ арыз бен арыздың айырмасы бар. Мәселен орыс арыз береді, үй салуға материал бер, участок бер дейді. Неміс арыз береді, үйімді салып алуға қарыз бер дейді. Чечен арыз береді, туған жеріме қайтам, жол қаражатым аз, соған көмектес дейді. Татар арыз береді, баламды балалар бақшасына орналастыр, өзімнің сүйетін жұмысымды бер дейді. Мұндай арыздарды, өтініштерді оқығанда сүйсінесің, қайткенде де қол ұшын беруге мүмкін болған жағдайды туғызуға асығатын. Ал ащы да болса жасыратыны жоқ, біздің жігіттер арыз береді, анау ішіп қойды, анау жеп қойды, мынау қап алып қойды, ана біреу қымтып қалды, пәленнің әкесі құлақ болған, түгеннің шешесі байдың қызы болған, анау неге магазинде істейді, мен неге қызылша отанмын... Міне, арыздардың түрі осындай боп кете береді. Оқи бастасаң ақ бетіңнен отың шығады. Кейбіреулер қорада тұрған иттері шешіліп кетіп, таласып қалса, содан бастап араздасады да, ақырында бір-бірінің бетін қып-қызыл шиедей етіп алады, енді қайтып көріспестей боп бір-бірінің үстінен төгеді ақ көп арызды! Міне, тілшінің газеттің күрес ашатын нәрсесінің бірі меніңше осылар. Егер керек болса, өтірік арыз беру, пәлеқорлық, артық қиянат, ағайын арасындағы ала көздік, туыс арасындағы ала ауыздық та ескінің қалдығы деп түсінген жөн. Өткендегі біздің билеушілеріміз біздің басымызды біріктіргісі келмеді, татулығымызды қаламады, ауыз бірліктен, достықтан жаман қорықты олар. Бел алып кетеді деп қаймықты. Ал қазіргі ала ауыздық, арызқойлық сол ескінің сарқыншағы. Біз ескінің қалдығымен күресетін болсақ, бәрімен күресейік те! Әрине бізге ескінің бәрі ескі емес, ескіргені ғана ескі.
— Нұреке, сіз андамай суға тас лақтырып отырған жоқсыз ба?
— Жоқ ә, сен олай ұқпа! Көптің бетіне күйе жаға алмаймын. Бірақ «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегенді де көкейге түйе біл.
— Досовтың әлгі бір кездегі «осы кісі сөздің емес, тек істің адамы» деген ойы да сейіліп кетті. Оның ендігі топшылауынша Алдабергенов халықтың адамы, елдің ортасынан ойып шыққан адам. Оның ақылы, іскерлігі ерекше емес, ол халықтың ақылын, іскерлігін, алғырлығын, білгірлігін бойына жинаған, жинай білген. Халық оны туғызған. Оған өзінің сөзін, тілін, ойын берген. Досов өзінің республикалық газетте істеген жылдарында талай аудан, колхозды аралады. Қазақстанда ол бармаған облыс, үлкен қала жоқ. Әсіресе, ол ел арасында көп болды. Осы сапарларында ол елдің не бір білгір, көргені мен білгені, естігені одан да көп, алғыр ақсақалдарын жиі кездестірді. Солардың көбі-ақ кезінде іскер, алымды болған. Кезі келіп орнын тапқан болса, осы Алдабергенов сияқты ел басқаратын, сөзін тыңдата алатын, айтқанын істете алатын адамдар екеніне кім шәк келтірер еді? Міне, Досовтың көптен жазбақ боп жүрген адамы әлгі көрген талай ел білгіштерінің жиынтығы сияқты адам.
Амал жоқ, Алдабергенов маңайлатар емес. Мақтала мақтала, содан мезі болған адам сияқты. О да болар. Республикада кеудесіне екі «Алтын Жұлдыз» қадаған екеудің бірі өзі. Осы дәрежеге жеткенше оны кімдер мадақтамады, кімдер жазбады. Көп жазды, көп жазылды. Соның бәрі бір-бірінен көшіріп алғандай етіп, колхоздың табысын тізбелеп келеді де, бәрін Алдабергеновтің басына үйіп-төге салады. Бәрін Алдабергенов өз қолымен істеп жатқандай етіп көрсетеді. Бір жағынан оны осы жағы да ығыр еткен болар.
Нұрмолда тағы да үндемей қалды. Өзі айтқан сөздердің тыңдаушыға еткен әсерін байқағандай тілшіге тесіле қарап біраз отырды, Әлден уақытта барып, кеудесін көтере түсіп, әңгімесін жалғай берді:
— Саған тағы бір мысал айтайын. Осында бір топ малшы ферма меңгерушісі Жөндібай деген жас жігіттің үстінен жабыла арыз жазды. Ауданға, облысқа, Алматыға дейін жолдапты. Арызшылар аты-жөнін көрсетпеген. Аяғына «Сталин атындағы колхоздың бір топ шопандары» деп қол қойған. Кімдер екені белгісіз. Оны біз іздеп те жатпадық. Жан-жақтан келген комиссия тексеріп көп берді. Қорытындысы не болды дейсің ғой. Сайып келгенде түк те болмай шықты. «Өлген қойларды жасырып, өтірік ақпар берді. Қыста пәлен мал өлген, орнын көктемдегі қозының есебімен толтырмақ боп жасырды» делінген. Өтірік боп шықты. «Күзде қырқылған қозының жүнін бөлек есептемей, қойдың жүніне қосып, қой басынан алынған жүнді артық етіп көрсеткен» деді. Бұл да рас болмай шықты. Бәрі де көрсетілген. Өлгені өлген, тірісі тірідей санда бар. Не дейміз, жігітті біраз әурелеп, онда сүйреп, мұнда сүйреп, ақырында қойды. Енді біраз өткен соң комиссия тағы келді. О, не болды? Ойбай, несін айтасың, әнеугүні келгендер Жөндібайдың үйінде қонақ боп бағланның басын жепті, арақ-шарапқа сұңқия тойыпты. Демек, ол комиссия күйсін бопты. Сөйтіп, енді ешкімнің үйіне басын сұқпайтын, оразасын ашпайтын бітеу комиссия тағы бірнеше күн жұмыс істеді, бірақ ештеңе таба алмады. Бірақ, бірнеше адам сарсылып, әлденеше күн отардан отар қалдырмай төбеге соғып, тұмсыққа ұрып, малды біртіндеп санап шықты. Қанша адам пайдалы еңбектен қалып, сарылып босқа жүрді...
— Бұл айтқаным аз әлі. Екі айдан соң жайлауға тағы бір комиссия сап ете түсті. Ау, не боп қалды дейміз ғой? Ойбай, несін айтасың, Жөндібайдың фермасында басы артық мал көп дейді. Ау, анау күні кем еді, енді артық болды ма? Опалаң да топалаң қайта басталды. Малды басына ұрып санауды қойып, ертеден кешке дейін қосақтап қойып санайтын болды. Қой жайылудан қалды. Ауылдың үстін шаң басты. Аттай отыз күн, отыз түн дегенде бұл тексеру де бітті. Ештеңе таба алмады. Бір күні Жөндібайым келіп тұр, «Нұреке, мені босатыңыз, бүйтіп бастық болғанша жай бір қатардағы колхозшы болғаным артық, босатыңыз да босатыңыз» дейді.
— Қылмысың жоқ, жұмысың жақсы. Босата алмаймын.
— Бұдан да қылмыс істегеннің өзі артық,.
— Адалдыққа не жетсін, бала, үш рет ішек-қарыныңа дейін кәдімгі докторлар секілді тексергенде ештеңе таба алмады. Адалдығын болмаса бір жерден шиін шығып қалар еді де...
— Бәрібір босатыңыз. Бұдан былай ферма бастығы боп қалсам білгенімді істеймін. Соямын, сатамын, ішемін, жеймін. Білгенімді істеймін.
— Ау, жігітім, шының ба? Өзін коммуниссің, басың кетеді ғой. Оны сен істей алмайсың, біз саған ондай істетпейміз... Сені босата алмаймын. Маған көзі ашық, жөн білетін, іс білетін өзін сияқты жігерлі жас адам керек.
— Болмайды, Нұреке, болмайды. Жас болғанмен қарттан жаман көргім бар. Болмайды, істей алмаймын.
Алдабергенов Жөндібайды жұмыста қалдыру үшін әртүрлі жұбату сөз айтқанын баяндады.
Мұныма қалай қарайсың дегендей ол тағы да тоқтады. Тілшіге назар салды. Ол үнсіз, сазара тыңдап отыр еді.
Досов басын изеп қойды. Бірақ, одан келер-кетер не бар? Редактор емес, бөлім меңгерушісі емес, қатардағы әдеби қызметкерлердің қолында тұрған не бар? Редактордан Алдабергенов жайлы жақсы бір мақтаулы нәрсе жазуға тапсырма алғалы едәуір болды. Сонысын бітіре алмай басы қазандай боп жүр. Дегенмен тілші деген әр жайларға, әрбір фактіге қызыққыш, еліктегіш келеді ғой. Досовқа Жөндібайдың оқиғасы бір түрлі қызық көрініп кетті де, соны ежіктеп қайта сұрады.
— Сөйтіп, Нұреке, Жөндібайдың мәселесі немен тынды?
— Немен тынады. Жұмысын істеп жүр. Бірақ, бұрынғыдай емес, салқын. Соңғы арыздан кейін жайлауға бардым. Малшыларды жинап ап, Жөндібайдың үстінен жазылған арыздың бір көшірмесін оқып бердім. Ал енді бұған қалай қарайсыңдар, арыздағы айтылғандар анықталмады. Адал қызмет істеп жүрген адамды босқа қаралап, тауын жықтыңдар. Осы дұрыс па? — дедім. Ешкім үн қатпады. Кейбіреулері бір-біріне қарайды. Әрине, арыз жазған кімдер деп сұрамадым.
Оның керегі де аз еді. Ал енді қайтеміз деп, көпке қайта қарадым. Көпте үн жоқ. Айыптылар мойнын ішіне тығып, ештеңе көрмегендей боп отыр. Бәрін болмағанмен олардың кейбірін мен жүзінен, отырысынан танып отырмын. Солардың арына ойнап, намысына тигім келді де, арызды алып, қолыма жайып тұрдым да, қайтадан төрт бүктеп, ортасынан қақ бөлдім. Көпшілік қарап қалған. Біз отырған жерден төрт-бес адымдай жерде жер ошақта от жанып жатқан. Әлгі арызды тағы да бүктеп, жырттым да, отқа, жалынға тастап жібердім. Шопандар аң-таң боп бір-біріне қарап қалған.
— Ал, жолдастар, қараңдар, өтірік арыз жазғыш жалақордың анау ақ қағаздай, отқа түскен арыздай боп ары күйсін! Кім екенің бізге қажеті жоқ. Бірақ арыз жазушы, оны ұйымдастырушы осы топтың ішінде отыр. Ары жоқ, намысы аз, тек бүлдіруші болса, дәті шыдай алса қарасын анау отқа!
— Даусым қатты шықты. Бірақ, артынша жайлап топқа қарасам, бағана балдағына сүйеніп бедірейіп отырған Балықбай жерге қарай шөгіп кеткен екен. Пәлені бастаушының бірі осы ма деп қалдым. Бірақ, долбардың аты долбар. Кім болғанда да өткен іс. Және нақты білмей тек сезімге, кәдікке бас июдің жөні жоқ. Олай етсең сен де өтірік арыз айтқанмен бірдей боп шығасын. Ал, тілші жолдас, жазғыш болсаң енді міне, осы оқиғаны жаз.
Алдабергенов орнынан тұрып есікке қарай беттеді. Орнынан Досов та тұрды. Бірақ, не керек, оның мақтау әңгіме жазам деген ойы быт-шыт боп, басы бірікпей қойды.
— Ал жігітім, не жазасын өзің біл, қалауың болсын! — деді Нұрмолда.
— Ізге түсіп-ақ едім. Қалың сүрлеуге сап, адастырып жібердіңіз! — деді Досов күрсініп.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
I
Алдабергенов жатаған ғана төрт бөлмелі үйінің қорасының ішінен әйнектеп салған кішкене үйшікте отыр. Ол ұзақ сапардан жақында оралды. Москвада Жоғарғы Советтің сессиясына қатысқан соң, сол жақтан Үнді жерін аралап қайтты. Мыңдаған жыл тарихы, жүздеген жыл мәдениеті бар, ұлы елді аралады. Сонау бір жылғы Каир, жалпы Таяу Шығысты аралап қайтқаннан кейінгі үлкен сапары, ұзақ сапары, алыс жолы болған шығар. Ауылға, туған жеріне көңілді оралды. Колхозды басып жатқан бітеу комиссияны айтпағанда бәрі де орнында, жұмыс жақсы екен. Әлі біте қоймаған Мәдениет сарайының қабырғасы көтеріліп қалған. Төңіректің бәрі өркен жайып, қанат қомдап өсіп келеді.
Мезгіл — көктем еді. Айналаның бәрі көк жасыл, әдемі желек жамылған. Ауыл көшесіндегі зәулім теректер мен қара ағаштар бұрынғыдан бетер сұңғақты, мүлде биік боп, көкпен таласады. Жаңадан салынған еңсесі биік, іргелі үйлер көбейген; іргесі қаланып, шатыры көтеріліп жатқаны қанша! Ауылдың негізгі көшелеріне асфальт төселген. Әр үйдің қорасында, немесе үйінде су бар.
Ол ерте тұрып колхоз ауылының біраз жерін аралап келді. Ауыл көркі де қыста, қар мен мұз астында жатып, енді міне күн нұрымен көктеп, қаулап келе жатқандай боп көрінді. «Адам көркі шүберек» деген сияқты ауыл көркі ағаш, зәулім биік ақ теректер, сыңсыған жеміс бағы емес пе? Мына ауыл үлде мен бүлдеге оранған сұлудай боп сызылып тұр екен. Осы жайларды көзімен көріп, көңілденіп, қуанып қайтты.
Нұрмолда әлі де көңілді. Көктем мұның үйіне де келген, келгенде әдейі арнап, осы үйдің ішіне тоқтауға келген. Қос қарлығаш шиқ-шиқ етіп, демалыс үйшігінің ішіне кіріп, шығып жүр. Ол үйдің төбесіне қарады. Жаңағы ойдан көңілі бөлінді. Қос қарлығаш кезекпе-кезек тұмсығымен балшық, қыл-қыбыр тасып, ұя жасай бастапты. Дүниеге олар өзінің жаңа ұрпағын әкелмек. Қазір көктем. Барлық жан-жануар дүр сілкінген шақ. Бетегесі мен жемсауына тас салған құс екеш құс та болашағының қамына кіріскен. Ол да өзіне болашақ ұрпақ өсірмек, дүниеге, мынау жарық дүниеге өзі сияқты, ақ бауыр, сүйір қанат әсем қара қарлығаш әкелмек. Ең алдымен, соның жылы орнын, жақсы жайын салып жатыр. Дүние деген осындай бір қызық жасалған, құпиясы, кереметі көп нәрсе. Ол үйге дамыл таппай қайта-қайта кіріп-шығып, тым асығыс қимылдап, қос қанаты суылдап, әлдеқалай бір игі аз еді. Ал енді қайтеміз деп, көпке қайта қарадым. Көпте үн жоқ. Айыптылар мойнын ішіне тығып, ештеңе көрмегендей боп отыр. Бәрін болмағанмен олардың кейбірін мен жүзінен, отырысынан танып отырмын. Солардың арына ойнап, оған тигім келді де, арызды алып, қолыма жайып тұрдым да, қайтадан төрт бүктеп, ортасынан қақ бөлдім. Көпшілік қарап қалған. Біз отырған жерден төрт-бес адымдай жерде жер ошақта от жанып жатқан. Әлгі арызды тағы да бүктеп, жырттым да, отқа, жалынға тастап жібердім. Шопандар аң-таң боп бір-біріне қарап қалған.
Күләнда Алматы дәрігерлік институтында оқиды. Төлеген болса мектепте, әлі жас.
Бала балалығын істеді. Қарлығаштар үйге ұшып келгенде орнынан атып тұрып, қуып жібермек болды. Нұрмолда оны ұстап қалды да, жай ғана бөксесіне соғып жіберді. Ол жалт қарады.
— Қарлығашқа тиюші болма! Үркітпе де, тиме де! Ол да мына сен сияқты балапан өсіреді.
— Қарлығаш деген адамның досы, адамға жақын, ете жақсы күс! Оған ешкім де тимейді. Сен де тиме! — деп, Күләнда әкесінің сөзін тірілтіп, Төлегенге бұл да ақыл айтып қойды.
Қызының осы сөзі қамшы болды да, Нұрмолда «адамның досына» қайта қарады. Өте бір нәзік жәндік, сәнді, сұлу құс бауыр жүні аппақ, шымқай қара, ала мойнақ, айыр құйрық. Даусы шық-шық етеді. Темір қалақтай жұп-жұқа қанаттары сусылдап бірде-бір тыным таппайды. Ұя салып болғанша тыныстар емес. Үясы мықты болсын деп, балшыққа жүн-жұрқа, қыл-қыбыр араластырып, осы күнгі Алматыда жер сілкінуге қарсы салынып жатқан темір құрсаулы үйлер сияқты шырмап, өрелеп жатыр. Ол мұны қайдан білген? Алғашқы салған ұялары көп бұзылып, содан алған сабағы болар. Ал бұл ұяны адам тұратын жайға, адамға жақын жерге салу себебі не?
Бұл анау айтқандай жұмбақ та емес. Қарлығаш құстардың ішіндегі ең бір нәзік, қорғансыз болумен бірге айласыз да. Бірақ ол адаммен дос болуды, адамға жақын жүрсе аман қалатынын білген, демек, дүниедегі ең бір айлалы, күшті, ақылды адам екенін ол да білген. Өзінің айласы, өзінің белгілі күші болмаған күші барға арқа сүйейді. Адам жүрген жерде шымшық, торғай сияқты әлсіздерді жем қылатын жыртқыш қанды көз құстардың болмайтынын қарлығаш та сезеді. Екіншіден ол өзінің сүйкімділігін, әсемдігін де білген. Адам ұлы. Ол әдемілік пен нәзіктікті, сұлулық пен көркемдікті бағалайды, сүйеді, сақтай біледі. Ол адамның ұлылығын, өзінің қорғансыздығын сезген, білген құс.
Адам жоқ жерде қарлығаш өзі сияқты әлсіздердің ішіндегі айласы барын, қарсы жұмсайтын қаруы барын іздеп табады екен. Қарлығаштың ұясында шиқылдап, қызыл шақа балапаны жатыр. Балапан жұтып үйренген жылан дауысты сезіп, жақын жерде ұя барып, соған қарай жылжиды. Міне, жылан ұяға бірте-бірте жақындап келеді. Балапандарына жем алып келген ана қарлығаш жаз бойы ұя салып, жұмыртқа басып, одан жем тасып, бейнетпен өсіріп келе жатқан ұрпағына төніп қалған қатал жауды көріп, шырылдайды, безектейді. Ана жанын қиып, жылан мен балапан арасына түсіп, қанатымен жер сабап, шырылдайды көп, шырылдайды. Бұдан басқа айласы жоқ, бұдан өзге қаруы да, күші де жоқ. Ана қарлығаш жанын сап қорғанады. Оны елер, одан қаймығар жылан жоқ, басын көкшитіп, сусып келеді, сусып келеді. Көзі жалтылдап, тілі сүйрең-сүйрең етеді. Керек десе, балапаннан бұрын анасын жұтып қоюға бар. Осы кезде ата қарлығаш келді. Не істерін білмегендей, есі шығып, шыр көбелек айналып біраз жүрді де, ұшып кетті. Кешікпей қайта ұшып келді. Бірақ, жалғыз келмей, қанатына қондырып дәуіт әкелді. Оны ұясының ауызына қондырды да өздері кері ұшып кетті. Жылан мен дәуіт арбасты. Жылан балапандарға ауыз сала бергенде дәуіт оның көзін шұқып алды. Көзі ағып түскен жылан сылқ етіп құлап түсті. Қарлығаштардың балапандары аман қалды...
Бұл ел арасында көптен келе жатқан аңыз-әңгіме. Болған және болатын жай. Алдабергенов өзі көрмесе де осы аңызды есіне алды. Дүниеде әке болудан, ана болудың қиыны ай! Ұя сап жатқан мына екі қарлығаштың анасы азапты көп шегіп, жұмысты көп тындырып жүр. Бала азабын көп көретін де ана, қашаң жұмыртқадан балапан боп, сары ауыз тартқанша жылуымен жан беретін де, қан беретін де ана. Ата қарлығаш баспана, ұя салысты. Ол оның аталық парызы. Балапандар ауызданған соң жем тасыды, оны жаудан, жаттан қорғады.
Ұя демекші, адам да өзіне ұя салады, үй тұрғызады. Ол өзінің сегіз бөлмелі, екі қабат, енді ғана іргесі қаланып жатқан үйін есіне алды. Есіне алып қана қойған жоқ, қазіргі отырған демалыс үйшігінің терезесінен қарады. Әудем жерде көрініп тұр. «Осы үйдің керегі бар ма еді, жоқ па еді? Осындай биік үйдің керегі не, кімге керек, кім тұрады? Бір үйдегі төрт адамға осы да жетпес пе еді? Тіпті, сонау бір кезде бес керегелі, отыз уықты кішкене киіз үйдің ішінде-ақ ондаған бала өсіп жетілмеу ме еді? Ағаш үй, қыш үй, тас үй салмай-ақ ел болдық қой» дегендей өзіне-өзі қатал сұрау қойды да, тағы бір сәт ойланып қалды.
«Рас, ел кешті, көшпелі болды. Тұрақты мекен болғанмен, тұрақты іргесі бар, шатыры бар, түндікпен жапқан үйі болмады. Ал, сөйтіп өскен елдің баласы бүгін әдемі, еңселі, биік үйде отырса несі бар? Қазір төрт-бес бөлмелі әдемі, ішінде барлық керегі түгел пәтер кімде болса сонда бар. Басқаға өнеге болатындай етіп, осы колхоздан ең үлкен үйді өзім салсам, бастықтың көрсеткен үлгісі болмас па» деген бастапқы ойын іштей тағы бір қайталап өтті. «Көшпелі ел боп, үй-жай, жақсы үйдің тауқыметін көп тартқан елдің баласымыз ғой. Үй дегенде біз жетім бала сияқтымыз. Өзіміз тойсақ та көзіміз тоймай тұрады. Екіншіден, «кешегі көшпелі елдің баласының бүгінгі тұрысын ай» деп таң қалдырмақ та ойым болып еді» — деп ол ішінен өз ойын өзі шолып өтті.
Ол үй жайын қарлығаштың ұясына байланысты еске алған-ды. Бірақ, ойын аяқтап үлгермеді. Көбен келіп кірді.
— Ассалаумалейкум, Нұреке, ат-көлік аман, сау-саламат келдіңіз бе? — деді Көбен есіктен аттай беріп.
— Көбен қалқам, амансың ба, үй-ішін, бала-шағаң аман ба? Ауыл-аймақ аман ба? Ал, не жаңалық бар, сөйлей отыр.
— Анау айтқандай жаңалық жоқ! — деп жерге қарап күңк ете қалды.
— Тыныштық па, әйтеуір? — деді Нұрмолда Көбеннің даусынан әлдеқалай бір сезік алып қалғандай.
— Тыныштық қой, бірақ, әлгі комиссия деген тағы келді.
— Не қылған комиссия?
— Жөнін әлі айтқан жоқ, жайлауда қойды санап, мұнда қызылша егілген жерді өлшеп жатыр.
— Анау бір кездегі Жөндібайдың мәселесі сияқты нәрсе боп жүрмесін!
— Білмедім.
— Бұлар мүлде халыққа жұмыс істетуді қойды ау.
— Жайлауда мал санауға мұнда қызылша күтіп жатқандардың біразын әкетті. Жайлауға қарай көтеріліп бара жатқан елдің бәрі тоқтады. Тексеруді күтіп отыр. Тексеру бітпей бірде-бір отардың орнынан қозғалуына мүмкіндік бермей қойды.
— Дұрыс та, көрерміз. Одан басқа тағы не бар.
— Комиссияның бір мүшесі сіздің мынау жаңа салынып жатқан үйіңіздің жайын сұрап, ақша кімдікі, қайдан алынған, қанша ақша жұмсалды, енді қанша жұмсалмақ деп сұрастырып жатты.
— Ешқандай жаңалық жоқ дейсің, Көбен ау, жаңалық сенде боп шықты ғой. Сөйтіп, бұл үй не қылған үй, кім, неге салғызып жатыр дейді де...
— Солай дейтін көрінеді.
— Міне, мынау біздің үйдің ішінен, нақ төбесінен мына бір қос қарлығаш көп өздеріне үй салып жатыр. Анау балшықты, қыл қабырды, жүн-жұрқаны қайдан алдың, неге саласын деп, мына Төлеген екеуміз үндемей-ақ отырмыз ғой. Көре қойған екен де шіркіндер!
Ол бұл сөзді өзін-өзі, басқаның көз алдында, жұбату үшін айтқанмен іші әлем-жәлем боп кетті. Әлгіндегі, Көбен келмей тұрғандағы осы үй жайлы ойы мынау әңгіменің болып жатқанына көрінген екен де. Дегенмен, бұл хабар оған оңай тиген жоқ.
— Көреміз де, көрерміз, — дей салды.
Ол мырс етіп күлген болды. Бірақ, оның көпті көрген, ауырды, қиынды көтерген жүрегі жай ғана бүлк ете түсті. «Көп болмаса да аздаған еңбегім, көрсеткен қызметім бар емес пе еді, апыр-ай, осы жұрт іштен шалғанды қашан қояр екен?» деп ойлады. Артынша Көбенге ішіндегісін айтты:
— Сала бастауымды бастасам да, ішімнен осынша үлкен үй неге керек деп ойлаушы едім. Біткен соң көрермін деген де бір ой келді. Мүмкін колхозға музей жасармыз, немесе, балалар бақшасына берерміз деуші едім. Не де болса қара басыма бола жасалып жатқан дүние емес, қатын-баланың айтуымен, солардың тілегі, өтінішімен салынып жатқан еді. Арыз түссе көреміз де, онда мен де қасардым. Үй өзімдікі, ақша өзімдікі, еңбегіммен тапқан ақшама салдырып жатырмын. Қалада министр дегендер екі қабат, бірнеше бөлмелі үйде тұрады. Оның өзі үкіметтің үйі. Ал колхоз председателі өзі салдырған екі қабат үйде тұрса біреудің өті жарылып кете ме екен?
Алдабергенов бұл сөзді айтарын айтса да, әлгі бір кездегі колхоздың өскені, ауылының көркі, қос қарлығаштың ұясы жайындағы өсіңкі, ыстық көңілінің үстіне мұздай су Шашып жібергендей суып қалған еді. Ол дегенмен осы бір сәтте суыған көңілді жылытуға себепкер іздеді, бірақ ойын бөлер тірек табыла қоймады. Мұндайда үйде отырудың да, немесе кеңсеге жетіп барудың да себебін таба алмады. Екеуі де қолайсыз көрінді. Машинасын алдырды да қызылшашылардың арасына кетті.
II
Ауылдан ұзап, ат-арба жүретін шаңдақ жолға түсті. Жол әрі шаң, әрі кедір-бұдыр екен. Машина шаңды тозаңдатып, ырғала ырғала етеді. Нұрмолданың да ойы быт-шыт боп, ырғалаңдап келеді. Жан-жаққа, әр нәрсеге бір ауытқыған бас-аяғы жоқ келте ғана ой емес, оған қосылған аздап ыза бар сияқты. Ыза! Кәдімгі адамды алқымнан ап, әй шайға қарамай буындыра бастайтын ыза. Мұндай ыза өзіңнен әлдеқайда биік келіп, әй шайға қаратпай алқымнан ала түскенде мүлде жаман. Ол алғашқы кезде күні ап кетеді. Билеп алады. Мұның үстіне қулық-сұмдығы мүлде жоқ, әшейін халық арасынан шыққан аңқау, ақкөңіл адамға арыздың ызасы, әділетсіздік ызасы қатты тиеді. Өз ісінде адал адам қашанда аңқау, аңғал келеді. Ондай адам төтеннен киліккен соққыға әзір тұрмайды да, бірден құлап кетеді. Бірақ, ол өзін-өзі жайлап жұбата берді, жұбата берді: — «Арыз берсе берсін. Одан пайда көретін болса, онысымен үлкен бір қылмысты ашуға көмектесе алатын болса, арызды берсін. Жалпы арызға, арыз біткеннің бәріне бірдей қарсы болуға болмайды. Оның ішінде жалпы іске, ел, қоғам, көп ісіне пайдасын тигізетіні болады. Ал өтірік арыз ше, жалақорлық арыз ше? Бұл іске зиян келтіреді, адамды бұзады, тіпті аздырады. Екіншіден кейбіреулер өзінің жеке басының қулық-сұмдығымен оны пайдаланады, ол біреуден ала алмай жүрген өшінен үміткер боп, өтірік арызды қалайды. Сөйтіп адал адамның бетіне күйе жағады, қорлайды, көк алады, ол өзінше рухани рахаттанады. Ал, енді біреулер, сенде алты аласы, бес бересісі болмаса да, алыс отырып сені табалайды, көре алмайды. Ол сені көре алмай табалайды. Сен оған бір ауыз сөз айтып, тіл тигізбесең де, ол сеніңқұлағаныңа, жығылып жатқанына күледі. «Құлан жығылса құлағына құрбақа үймелейді» дегенді айналайын халқым, біліп айтқан ғой. Халықты, көпті айыптаудан аулақпын: Бірақ, кейбіреулер сен жоғарылап, өсіп, жақсы боп бара жатсаң аң-таң болады, әй, мынау қайда, қайда бара жатыр деп аяғыңа жармасады, төмен сүйрейді. Ал енді бірі — мынау кім, бізден несі артық, деп, өзінен-өзі күйінеді де, өсек айтады, жала сөздер таратады. Міне, осындай адамдар сенің құлап түскеніңе қуанады. Өздеріне жақсы болса жазсын арызды, айтсын өсекті. Менің арым адал, жаным ақ. Құлатса құлатсын. Оны да көрейін. «Бұдан да жаманымда тойға барғанмын» дегендей, мен аш та, жалаңаш та, қорлық та, тепкі де көрген адаммын. Мен тіпті мұндай боламын деп ойламаған адаммын, осындай болуды арман да етпеген жанмын. Бірақ өсек жаман, қаңқу сөз жаман. Әділетсіз күйген бәрінен жаман...»
Ол ойлап келеді. Өз ойын өзі нығыта бастады. «Адал еңбегімді дұрыс бағалаған елім қия басты деп қиянат айтқандардан да сақтап қалатын болар» деп бір тоқтады. Оның ең түйінді, ең басты ойы, тірегі осы болды.
Осы бір ойын ол ішінен әлденеше рет қайталады, Бұдан соң неге екенін өзі де байқамай қалды ғой деймін, Ұлы Отан соғысында болған төрт жылдың ізіне түсіп кетті. Ол кез ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен, жігіт жеңін жастық, етегін төсек еткен, бетін отқа, жалынға тосқан, жорықты күндерді бастан өткізді. Сонау бір жылдары Түркістан-Сібір темір жолының құрылысында жер қазушы болғаны, одан колхозда соғысқа дейін қара жұмыс, істеп, кетпен шауып әбден шыныққаны соғыста көрінді, дұрысырақ айтса, үлкен медеу болды. Білегі қатты, кеудесі кең, иығы шығыңқы алпамсадай жігіт соғыста да өзінің ерлігін, күшін көрсетті. Оған қарулас жолдастарының талай-талай риза болғаны бар. Алдабергеновтің күші, ерлігі жайлы майдандық газеттерде де мақалалар шықты. Қазір ол теңселіп келе жатқан машина үстінде, сол бір соғыс күндерінің біразын еске алды...
...1943 жылдың қақаған қысы еді. Солтүстік-батыс майданында тұрған біздің әскерлер шабуылға шықты. Ол 76 миллиметрлік зеңбірек сүйреткен қос күрең аттың соңында кетіп бара жатқанды. Сырты жағал-жағал шолақ тоны қаудырлап, жүгіре басып, елпеңдеп бара жатты. Күн суық, қалың қар, шытымыр аяз. Зеңбірекке жегілген аттардың сауырына аппақ қырау тұрған. Ал алқымынан бұрқыраған бу шығады. Әлі жол түспеген, сүрлеусіз қалың қардың үстімен әрең жүріп келеді. Аттар қатты пысқырынып қояды. Аузынан, танауынан ақ көбік ағып, жерге мұз боп түседі.
Шолақ тоны қаудырлап көп жүрді, ұзаққа кетті. Солдаттардың біразы сыр беріп қалды. Қатардан, жорықтағы саптан шығып қалушылар көбейді. Бірінің қарны ашты, бірінің етігі қажады, біріне суық тиді, енді бірінің құлағы, қолы үсіді.
Осы жайды сезген болу керек, командир алдағы, Алдабергеновтің қызмет ететін батареясы бастап бара жатқан топқа:
— Баяу жүріңдер? — деп команда берді.
Топ соғыс жолының үстінде, аппақ қалың қарда мамырлады да қалды. Аяз бұрынғыдан да қатты қыса түскендей болды.
— Шеп құрыңдар! — деген команда берілді.
Аттардың басы тылға қарай бұрылды да, зеңбіректерді, шеп болғанда алды ашық, биіктеу жердің енісіне орнатты. Алдан үлкен бір селоның шеті көрініп тұр. Қырау басқан аязды күнде село да үн-түнсіз мүлгіп қалған.
Шабуылдағы әскерлер команда күтті. Зеңбірекшілер алдымен күткен болар.
— Селоның оң жақ қанатын ала, біртіндеп, зеңбіректен атыңдар! — деген команда берілді.
Жаудың шебін, ондағы қаруын біліп алу үшін берілген команда екенін жауынгер артиллерияшылардың бәрі біледі.
Алдабергенов қызмет істейтін зеңбіректің кіші командир, сержант жігіттің бұйрығымен зеңбірек оқталды. Атушы мен оқ тасушы басқа да, зеңбіректі оқтаушы Нұрмолда.
Майданға келгелі екі жылдай боп қалды. Содан бері оқтаушының қызметін өзінің бес саусағындай біліп алған. Оқ тасушы әкелген ұзын снарядты зеңбіректің құлыбын ашты да, ішіне сүңгітіп жіберіп, құлыпты қайта жапты. Атушы нысанаға үңілді. Сержант:
— Ат! — деп айқай салды.
Зеңбірек гүрс ете қалды. Зеңбіректің ішінен, қызыл жалынның арасынан ұшқан снаряд нысаналы жерге түсіп жарылды. Аппақ қардың астынан көтерілген қара-қошқыл топырақ шапшып барып, жерге қайта түсті. Бірақ селт еткен ешкім болмады. Жаудан жауап жоқ.
— Тағы да ат! — деген команда берілді.
Оқ тасушы қолына ұстата берген снарядты Нұрмолда қағып алып, әлгі атыс болған соң, суысын деп ашып қойған стволдың өңешіне тастап жіберді де, құлыпты сарт жапты. Жауға қарай зулап тағы бір оқ кетті. Снаряд алғашқыдан оңға қарай бұрыс барып түсті. Әлі жауап жоқ. Нұрмолданың басына «осы біз жау жоқ селоны бос атқылап жатпайық» деген бір ой келді. Дегенмен мұның атын «артиллериялық барлау» дейді. Оқтаушы мұны да жақсы біледі.
Команда бойынша тағы бірнеше снаряд жіберілді. Ең соңғы снаряд селоның шетіндегі сарай сияқты бір үйдің жанына барып түсті. Сол сол-ақ екен, әлгі үйден қараңдаған біреулер шығып, нақ бір ұйқыдан енді оянғандай селоға қарай жүгірді. Артынша ақ жаудың артиллериясы гүрсілдетіп ата бастады. Бұрын бір зеңбіректен ғана байқау үшін атылған еді,.міне енді барлық стволдан оқ шыға бастады.
Селода жаудың көп күші бар екен. Барлығы да үйден шығып шебіне көп жатты. Ең алдымен үлкен-кіші зеңбіректердің қым-қиғаш атысы басталып кетті.
— Ат! — деген команда аязды күні шақ-шақ етіп әр жақтан естіледі.
Жаңа ғана жорықта тоңып, бүрсектеп келе жатқан солдаттар енді тіпті аязды да ұмытып, кейбіреулері еркін қимылдауға ыңғайлы болсын дегендей ақ тонының омырауын ағытып жіберіпті.
Атыс, артиллерия атысы едәуір көпке созылды. Жаяу әскерлер аңдысын андып, команда күтіп жатыр. Мынадай аязда қардың үстінде қимылсыз жату қандай қиын. Дегенмен тірі жан тірлігін істемей қоймайды. Жауынгерлер қардың астын үңгіп, өздеріне ықтасын, пана жасап жатыр.
Жаудың екі-үш зеңбірегі Алдабергенов қызмет ететін зеңбіректің тұрған жерін біліп қалса керек, дәл көздеп ата бастады. Жау снарядтары жақын көп түсіп жатыр. Снаряд жарықшақтары бұршақтай жауды. Қос күрең қысылғаннан жан даусы шығып, шыңғыра кісінеді. Сөйткенше болған жоқ, оқ тасушы кеудесін басып қалпақтай ұшты. Енді бір келген снаряд қос күрең тұрған жерге түсіп, бірінің белін үзіп кетті де, бірінің басын жұлып әкетті. Жануар, мал екеш мал да біледі екен-ау, осының алдында ғана жан даусымен шыңғырып-ақ еді. Жылқы баласын сонау жасынан досы, қанаты санап өскен қазақ баласы емес пе, мұрттай ұшып түскен қос күреңге көзі түскенде Нұрмолданың, көзінен бір тамшы жас бырт етіп шығып та кетті. Аязда мұздап қатқан жеңінің сыртымен маңдайын, көзін сүйкеп өтті.
— Шепті ауыстырыңдар! — деген шіңкілдек сержанттың даусы шықты.
Аттар сұлап жатыр, шепті кім, қалай ауыстырады? Атқыш пен оқтаушы аз-кем ойланып қалды.
— Зеңбіректі басқа жаққа аударыңдар, жау сендерді нысанаға алды! — деп сержант тағы да айқайлады.
Оқтаушы мен атушы ат жегілетін қайысты мойнына салып, зеңбіректі, екі ат сүйрейтін 76 миллиметрлік зеңбіректі .дырылдатып ала жөнелді. Қалай шапшаң, қалай тез қозғағанын өздері де жөндеп аңғара алмай қалды. Жау нысанаға алған жерден жүз метрдей ұзаған кезде барып тоқтады да, екеуі де артына қарады. Бетінен буы бұрқырап тұрған жолдасына қарады Нұрмолда. Мен де сондай терлеп тұрған. болармын. Не боп кетті? Әлде аяз сықылды күн жылынды ма? Екеуі зеңбіректі қайта сүйреді. Тағы да бір жүз метрдей ары апарып орнатты.
Алдабергенов алғашқы орынға қайта жүгірді. Нақ бір қымбат затын қалдырып кеткендей зыр жүгіріп барады. Алдынан снаряд түсіп жарылды. Жата қалды. Тағы тұрып, алға ұмтылды. Әлдененің үрген ит сияқты арсылдаған даусы шықты. Таныс дауыс. Жаудың үретін зеңбірегі бар. Елді содан ата бастады. Қайтер екен, асып кетер ме екен, әлде жетпей қалар ма екен, дәл түсе ме? Кім біледі? Бір сәт осылайша ойлады. Зырлап келеді. Біреудің «жат» деген даусы естілді. Жата қалды. Гүрс етіп снаряд жарылды. Екі құлағы тас бітіп, бір сәт ұйықтап кеткендей басы айнала берді. Орнынан қайта тұрып, артынша бұға қалды. Дітке алған жеріне келіп қалған екен, анадайда қардың үстінде, дөңкиген екі аттың өлігі арасында солығын баса алмай, жаралы жолдасы, осыдан аз-ақ, бұрын өзіне снаряд тасып беріп жүрген орыс жігіті жатыр.
Ол тағы да атыла тұрып, ышқына жүгіргенде жолдасының қасына келді. Өзі етпеттеген бойда жаралы жолдасын қолымен жылжытып арқасына салды. Қағылез ғана жігіт еді, арқасына салғанда байқады, ауыр екен, өзі нәзік болғанмен сүйегі ауыр адам болады. Сондай шығар, иығына әрең сап, орнынан тұрды да, кейін қарай жүгіре жөнелді. Адам арқалау зеңбірек сүйрегеннен ауыр болмаса, жеңіл емес екен! Зеңбірек қанша ауыр болса да доңғалағы бар, ал шала жасар жаралы адамды арқалап қараңыз. Нұрмолда терлеп, өкпесі өшіп, зеңбіректің шебіне әрең алып келді. Екеулеп оған жеңіл жәрдем көрсетті. Атшы да келді, қамыттарын сүйретіп арқалап алған.
— Енді қайттік, мына зеңбіректі қалай сүйрейміз? — деп алақанын жаяды.
— Біз ат боп, жегіліп көрдік, енді сен өзің жегіліп байқа! — деп Нұрмолданың осындай қысылшаң жерде қалжың айтқаны бар...
Нақ қазір машина үстінде келе жатып есіне түскені осы бір оқиға еді. Қызылша күтушілердің қасына келіп, машинадан түскен соң ол ойы да быт-шыт боп, ыдырап кетті.
III
— Ал, Саумал, биыл өнімді қаншадан алмақсың?
Нұрмолданың амандық-саулықтан кейінгі атақты қызылшашы, Социалистік Еңбек Ері Саумал Ноғайбаеваға қойған бірінші сұрағы осы еді.
— Не деп болады. Алла біледі, келешек көрсетеді.
— Ау, сенің мұның қалай? Анау өзің сияқты Ташенбала, мен білсем мұндай жауап бермейді. Ол есептеп, өлшеп-пішіп жүреді де, бір-ақ айтады.
— Айтса айтар. Менен гөрі көп болса есебі дұрыс шығар. Жөні келсе, арық айтып, семіз шыққанға не жетсін?
— Семіз шыққан әрине жақсы. Сен биыл жақсы өнім беруге тиіссің. Саған колхоз басқаларға жасамаған жағдай жасап отыр.
— Жасаған жағдайларыңа рахмет!
— Сен өзің көңілсізсің ғой, әлденеге ренжіп жүргеннен саумысың? Ондайың болса айтып қой, ең болмаса біле жүрейік!
— Жоқ, ә, кімге, не деп ренжимін. Мен ренжісем, өзіме өзім ренжимін. Көппен бірге көріп, көппен бірге боп, бұрынғы үйімде ақ отыра бергенде, немесе, керек болса өз қолымнан, бұл қол не көрмеген қол дейсің, өз күшіммен салып алғанда ақ болатын екен. Ноғайбаеваға колхоз ерекше қамқорлық жасап отыр, енді ол бұрын болмаған, ешкімнің қолы жетпеген ерекше өнім алып беретін шығар деп күндеушілер көбейіпті.
— Ә, солай ма еді? Енді түсінікті. Дегенмен көңілінде бір дық барын біліп едім-ау. Ал сен оның несіне ренжисің, оның несін көңіліңе дық аласың? Колхоз басқармасының қаулысымен саған колхоздың бұрынғы қонақ үйі сатылды. Сен оны өзіңнің еңбегім ең тапқан ақшаңа алдың. Көп болса екен, бір үй кімге жетеді? Басқа біреуге берсең, оған осыны айтар еді! Ел ішінде кім жоқ, біреулердің, әркімнің өсек аянын көңіліне ала берсең күн көре алмайсың, біліп қой мұны! Қатардағы колхозшы сен түгіл, қос жұлдыз тағып, оған қоса депутаттық белгі қадап, атқа мініп қауқиып жүрген мына біз туралы да тоқсан түрлі өсек-аяң айтады. Соған шыдап біз де жүреміз. Айтқан адам айта берсін, ештеңеге ренжімей, жұмысыңды тындыра бер!
— Айтқан сөзіңе рахмет! Адам деген дегенмен адам ғой, темір емес, даңғыратып ұра берсе темір екеш темірдің де мазасы кететін шығар ау! Кейде тіпті пендешілдігін ұстап шыдай алмай кетесің. Өз қолыммен салмасам да өз қолыммен тапқан ақшамды беріп отырмын.
— Ешқандай басқаша сөз болуы мүмкін емес. Айтқаның жөн. Алаң болма! Еңбегіңді ет! Биыл да өткен жылдағыдай көп өнім алуға ұмтыл енді. Ол сенің өсекшілерді еңбегіңмен соққаның болады.
— Өсекшілер алынған өніммен, қызылшамен соғылатын болса әлдеқашан көміліп қалар еді-ау!
Нұрмолда мырс етіп күліп жіберді.
— Расы да! — деді Саумал, — расы да. Біздің қызылшадан өнген қантпен үнді шайын терлеп-тепшіп рахаттана іше отырып-ақ, біз жайлы айтатындарын айта береді. «Сөзде қаңқу жаман, ауруда шаншу жаман» деген сөзді сонау жас кезінен білетін Саумал жайшылықта сөз білмейтін әрі ұяң, әрі сөзге саран адам, өсек жайлы ашынып сөйлегенде тапқыр боп кеткеніне Нұрмолда да таңданып қалып еді. Оның үстіне өсек, арыз жайлы, жаңа ғана өзі сондайдан осы жерге бас сауғалап қашып келгендей болған жайдан тағы да тез құтылғысы көп, сөздің бетін басқа жаққа кілт бұрды.
— Бәрі құрысын, енді айтпай-ақ қояйық. Іске келейікші. Сонымен қалай, уәдеңді айт, қаншадан бересің?
— Оны айту әлі ерте.
— Неге ерте, қашан айтасың?
— Оны мына қызылша жер бетіне түгел шығып болған соң, бір-екі судан кейін ғана айта аламын.
— Жобамен, өз көңіліңдегіні айт!
— Оның керегі не?
— Өзін қызықсың ба бастыққа оның керегі не дейсің, кіммен сөйлесіп тұрсың бағанадан бері, жаным ау? — деп Нұрмолда күлді.
— Кіммен сөйлесіп тұрғанымды білемін. Маған айту қазір қиын.
— Оның несі қиын! Қанша жерге ектің, қанша тыңайтқыш бердің. Көз мөлшерімен байқа, өткен жылы осы кезде қалай еді, қазір қалай, соны салыстыр. Сонан соң уәдеңді айт. Күзде асып кетсең құба-құп. Дәл түссең ол да жақсы. Ал жете алмай қалсаң біреу сенің құлағыңды кесіп алады дейсің бе?
— Менің ішім сезіп тұр, уәдемді біліп ап, былай шыға бере, әне, Саумал Ноғайбаева қызылшаны мұнша берем деп отыр, ал кәне, сендер қаншадан бересіңдер деп жар салмақсың ғой. Жас кездегіміз ақ жетер, қартайғанда ақ жаулығым желпілдеп жақсы да болса көзге ерекше түсіп ,өнеге болмай-ақ қойдым.
— Қызықсың ба, Саумал ау, колхоздың председателі жар сала ма, жоқ па, тіпті оны ешкімге айтпай құпия ұстай ма, ол оның өз жұмысы ғой. Одан да уәдеңді айт!
— Алдымен анау Ташенбаланың, одан соң әлгі жаңа пері, жаңа шыққан жас келіншектің уәдесін біліп ал, солардың уәдесін біліп алған соң барып айтамын.
Ол екінші звеноға жүріп кетті. Қызылша егістігін кешке дейін аралады. Бір жерге су жетпей жатыр, немесе су шықпайды. Екінші жерге тыңайтқыш берілмеген. Ол көбінесе сумен бірге бару керек. Ол үшін құлақ, аузына төгіледі. Құлақ ауызына тұтас төгілмесе, тыңайтқыш та түгел бармайды. Кейбір жердің алғашқы отағы оталмай-ақ су берген. Мұның бәрі агротехникалық шараларды бұзушылық деп есептеледі. Өнімді кемітетін, егістікке зиян келтіретін осындай жайлар.
Нұрмолда егістікті әбден шаршағанша аралап, сушымен де, звено жетекшілерімен де сөйлесті, ақылын айтты, ескертулер жасады. Кешке қарай, ауылға келген бойда үйіне де кірместен, ертеден бері нәр сызбай көп, кеңсеге отырды. Бригадирлерді, агрономды, тағы басқа қызметкерлерді жинап кеңес өткізді. Кеңестегі басты мәселе қызылша күту, одан жақсы өнім алуды қамтамасыз ету еді. Көп сөз болды. Алдабергеновтің өзі бүгін аралағанда көрмеген, білмеген кемшіліктердің беті ашылды.
Алдабергеновтің басты қасиетінің бірі кемшілікті көрсе төзбейді. Кім болса да сол жерде, немесе, сол күні айтып тынуға құштар. Ол сол күні айтылмаса көңіліне күдік болады, алаң боп ұйқысы бұзылатындай сезінеді.
— Нақ қазір, қызылшаға бірінші су берердегі бригадирлердің міндеті не, ең басты міндеті қайсы? Ең алдымен тыңайтқыш түгелдей, жерге тұтас берілуге тиіс. Су барған жердің бәріне тыңайтқыш қоса баруы керек. Бүгін мен аралаған жердің отыз процентіне су барғанмен, тыңайтқыш бармаған. Көп жерде су ағатын құлақ ауызында тыңайтқыш жоқ. Бригадир жолдастар, сіздер егістік жердің қалай суарылып, қалай бапталып, қалай тыңайтылып, егіннің қалай өсіп келе жатқанын бақыламағанда, соны біліп отырмағанда не істейсіңдер? Сендердің міндеттерің жұмысқа адам жіберу, жұмысты бөліп беру ғана болатын болса, ол мүлде жеңіл, жай жұмыс болғаны. Сен анда бар, сен мұнда бар, сен арба айда, сен суды бөліп бер деп қарап отыратын болсаңдар, жұмыс оңбайды. Өнім ала алмаймыз. Біздің колхозымыздың байлығының төрттен үші осы қызылшадан түсіп отырғанын білетін уақыт жетті. Қызылша біз үшін алтынмен, күміспен бірдей. Бірдей ғана емес сол алтыны мен күмісіңнің өзі. Өйткені осы күні санап отырған көк ала қағаз ақшаңыз сол қызылшадан түсіп отыр. Әрине, мұны еске салу артық та. Өйткені мұны осы колхоздың еңкейген кәрісінен бастап, еңбектеген жасына дейін біледі.
Ол қызылша егісінің жайына тоқтады, көп міндер, сындар айтты.
— Ал екінші бір мәселе бар. Өздеріңе белгілі, биыл күзде колхоздың отыз жылдық мерекесі болмақ. Оны бүкіл аудан, облыс біліп отыр. Ал біз колхозымыздың отыз жылдық мерекесін немен, қандай табыспен қарсы алмақпыз. Міне, әуел бастан ойлайтын мәселенің бірі меніңше осы. Біз өз колхозымыздың баяғыдан бері ащы тұщысы бірдей батып, ыстық суығына күйген колхоздың отыз жылдығын табыспен, еңбектегі табыспен, мол өнім ап қарсы алсақ, ол жаман ба? Қайта абырой, аса үлкен абырой болар еді...
Нұрмолда әбден шаршап көп ұйықтады.
Ертеңіне таңнан тұрып кеңсеге қайта келді. Нақ бір аңдып отырғандай комиссия бастығы артынша ақ жетіп келді.
Күні бойы ол осы комиссия бастығымен сөйлесті. Ақырында:
— Тексеріңдер, кемшілігіміз болса ашуға көмектесіңдер. Есік ашық. Тексеріңдер. Бір бұл емес, бұдан бұрын да талай тексеріс, сүргіндер болған. Олардың қорытындысына қараңыздар. Әйтеуір әділ болсын! — дегенді айтты.
Тексеру ұзаққа созылды.
БЕСІНШІ ТАРАУ
I
Нұрмолда мен Көбен кешке қарай кеңес алдында кездесті де ішке, председательдің бөлмесіне енді. Бүгінгі істеген жұмыстың қорытындысын шығарып, ертеңгі іске тапсырма берілетін өткінші жиынға дейін екеуі кеңесіп отырды. Алдабергенов ең алдымен колхоз музейін ұйымдастырудың жайын айтты.
— Қашан, кім қайдан бастама көтеріп, колхоздың тарихын көрсететін музей жасайық дегенше күте берудің жөні бар ма? Біз оны күтпей-ақ жасайтынымызды жасай берейік!
— Музейді жасауға әзірлік жүріп жатыр. Жасаған жобамыз да бар.
— Оған меніңше көп жобаның қажеті де жоқ. Әзірше төрт қабырғалы үлкен бір бөлме береміз музейге. Оның кіре берістегі қабырғасына кәдімгі ағаш соқадан бастап, осы заманғы ең күшті трактордың суретіне дейін ілесің. Колхоздың қазіргі бай да, мықты да техникасы осында көрінеді. Ал төрдегі ең негізгі қабырғаға адамдардың, колхоз еңбеккерлерінің үлкен-үлкен фотосуреттерін ілесің. Қойғанда талас, өкпе, наз тумайтын болсын. Ол үшін колхоздағы орден мен медаль алған шаруалардың бәрін ілуге орын да жетпейді. Сен, ең алдымен колхоздағы Социалистік Еңбек Ерлері мен колхозымыздан шыққан Совет Одағының Батыры Матай Баисовтың ғана фотосуретте ілесіңдер. Сонда міне, мына ретпен ілесің! Әрине, мен айтпасам да, ең алдымен мені, Алдабергенов Нұрмолданы бірінші етіп іліп қоясыңдар!
Ол күліп қойды.
— Е, оған дау бар ма?
— Дау неге болмасын, бар ғой. Бірақ, екі жұлдыз алды дейсің де, алдымен бірінші етіп ілесің. Мен олай болмасын десем де солай етесіңдер!
— Жөнінің өзі де сол ғой.
— Бұл жолы жөні олай болмай-ақ қойсын.
— Енді қалай? Ең соңына ілеміз бе, әлде мүлде сіздің портретіңізді ілмейміз бе?
— Маған мынау далада тұрған тас пен қоладан жасаған да жетпей ме?
— Ол өкімет қаулысымен жасалған. Біз өз колхозымыздың өсу жолын көрсететін музей жасаймыз. Оған сізді бас етіп, алдымен көрнекті жерге ілеміз. Бұған дау болмаса керек. Алфавитпен жазғанда да сіз алда тұрасыз.
— Ал дауласпай-ақ қойдық. Бірақ, портреттер мынадай ретпен ілінсін! — деп ол Көбенге қарады да, тізім жасай бастады.
Баисов Матай — Совет Одағының Батыры. Алғашқы ер осы.
Алдабергенов Нұрмолда.
Айдарбекова Ташенбала.
Асанбаев Базарбай.
Нұрманбетов Ақық.
Ноғайбаева Саумал.
Есболатова Қайтша.
Нұрпейісов Нұрғали.
Жидебаева Нұрила.
Серіков Дәуітәлі.
Әлімбекова Сара.
Терлікбаев Мырзағұл.
Тергеуова Қалдыбала.
Дайырова Зәріш.
Мүсәпіров Аппақ.
Рысқұлов Ахметқұл.
Ол бұларды жазып болды да:
— Тағы кімдер қалды, Социалистік Еңбек Ерлерінен? — деп сұрады.
— Осы ғой.
— Осы ма, міне осылардың өзі бір қабырғаны алады. Ал үшінші қабырғаға колхоздың өсу жолын, табысын, әр жылғы табысын жеке-жеке көрсететін отыз жылға арналған отыз сан, әлгі не деуші еді, диаграммалар керек. Біздің колхоз жайлы ертелі-кеш жазылған газеттер мен журналдарда шыққан мақалалардан неге үзінділер алып келтірмеске! Міне, осылардың бәрі материал, осылардың бәрі біз өткен жолды баяндайды.
— Біздің де жобамыз осы сіздің айтқаныңызға ұқсас еді. Нақ осы сіз айтқандай етіп жасауға кірісеміз.
— Нақ менің айтқанымдай ету міндетті емес. Мен өз ойымды айттым. Басқа да жақсы ойлар болса көрсетіңдер. Мәселен, колхоз ауылындағы мәдениет, ағарту ісі ше! Отызыншы жылы бізде қанша сауатты адам бар еді? Оның қаншасы бастауыш, орта, жоғары білімі болды? Ал қазір ше! Бізде қазір сауатсыз адам жоқ. Ал, ауылда жоғары білімді, орта білімді жүздеген адам бар. Бұл біздің табысымыз емей, немене? Кеше ғана от басында, ошақ қасында жүрген Ташенбала, Саумал, Саралардың өмірін, еңбек жолын, бүгін кім екенін айту қажет пе, қажет-ақ. Бір сөзбен айтсам, музей жасауды шын колға алсақ, бір бөлмені емес, осы тұрған екі қабат, он алты бөлмелі үйді түгелдей музей етіп жіберуге әбден болады.
Көбен өзінен-өзі қызарып кетті. Нұрмолда оны байқап қалды.
— Мен мәселенің затын, атын ғана айтып отырмын! — деді ол.
— Бірақ, көп болса екі жетіден соң ашылатын болсын. «Кеш жүре түзеледі» деген емес пе, кейін толықтыра жатармыз.
Бұлардың үстіне өткінші жиынға келушілер келіп кірді. Алғашқы әңгіме үзіліп кетті.
Өткінші жиын басталды. Келгендер тапсырма алды.
II
Колхоз председателінің бөлмесі Қайта босады. Кеңседе Нұрмолда мен Көбен ғана.
— Колхозшыларға хабарлап қойдық. Кешке қарай колхозшылар ескі клубқа жиналады.
— Онда не болмақ?
— Сіз сөйлейсіз.
— Не дейді? Не сөйлеймін.
— Мына араб елін аралап қайтқан сапарыңыз жайында айтасыз.
— Ау, ондай нәрсені күні бұрын ескертпей ме, немесе, келісіп алмаушы ма еді?
— Келісетін, ескертетін несі бар. Көрген білгеніңізді айтасыз да...
— Пәлі, Көбен, мені бір бұрышқа айдап әкеп тықтың ғой.
— Келіскенмен бәрібір сіздің уақытыңыз болмайды, Одан да осындай саябыр кезде еткізіп жібергеніміз артық. Халыққа хабарлап қойдық.
— Хабарлап қойсаңдар келістім. Қай кезде басталады?
— Кешкі тоғызда бастасақ, бір сағатта бітіреміз.
Алдабергенов келісті де, басқа жұмысына отырды.
Көбен асығыс шығып, егін даласына, қызылшашыларға беттеді. Өйткені оның хабарлап қойғаны өтірік еді. Оған ең алдымен Алдабергеновті көндіріп алса, хабарлау қиын емес-ті.
Мерзімді кезінде кездесу басталды. Алдабергенов Мысыр жерінде, оның орталығы Каирде Азия мен Африка елдерінің ынтымақ конференциясы болғанын, соған өзінің қатысқанын, сөз сөйлегенін айтты. Айтқан сөзінің мазмұнын қысқаша баяндап шықты. Жұрт жақсы да ықыласты тыңдады.
— Конференцияға Азия мен Африканың барлық елдерінен адамдар қатысты. Барлығы да өз елінің хал-жайын, соғыстан кейінгі қол жеткен табыстарын ортаға салды. Сөйлеушілердің айтқанына зер сап, ұқыпты тыңдап, талдау жасасаң қай-қайсысы болмасын, бізден артығы жоқ. Біз өзіміз де байқамай қаппыз, біз озық тұрмыз. Оны сыртқа шығып, басқалармен салыстырғанда ғана анық керуге болады.
Алдабергенов жарты сағаттан аса сөйлеп, енді отыра бергенде:
— Жоқ, мұныңыз аз, әдейі бас қосқанда! — деп қалды біреулер.
— Енді сұрау беріңіздер, соған жауап қайтарып көрейік!
— Оныңызға көнеміз.
— Ал, кәні, кімде сұрау бар? — деді Көбен орнынан тұрып.
Залдағылар бір-біріне қарады. Бір кезде танауы едірейген келте мұрын, тік мұртты қара кісі орнынан тұрды. Алдабергенов оны тани кетті де:
— Ал Аппақ, сөйле! — деді.
Ол кідіре берді. Сұрауын не ұмытып, не есіне түсіре алмай тұрған сияқты аңыра берді. Аппақ деген аты болмаса, өзі қап-қара, оның үстіне әбден күнге күйген кісі екен, содан да болар, қысылғаны, қызарғаны өңінен көрінбейді. Қайта едірейген шәлтік танауының астындағы тіп-тік мысық мұртын бір-екі рет ширатып қойып, әлден уақытта барып оң қолының саусағын көтерді.
— Әй, Нұрмолда, осы сен Мысыр дедің, Қайыр дедің. Сенің сол айтқандарың әлгі пайғамбарлардың өлі емес пе?
— Дәл өзі! — деді Нұрмолда күліп.
— Дәл өзі болса, сен пайғамбардың жатқан жеріне бардың ба?
— Оның жатқан жері басқа мемлекетте. Онда болмадық. Әй, Аппақ, пайғамбарда жұмысың не, одан да басқа білгің келгені болса, соны сұра да!
— Пайғамбарда менің жұмысым неге болмасын. Менің одан көрген зорлық-зомбылығым жоқ, маған ол ешбір зиян да, пайда да жасамаған адам. Ата-бабамыз құрмет тұтқан соң жұмысым болды да. Ал, енді екінші сұрағымды тыңда: сен ғой, Үнді еліне де бардың. Сонда да пайғамбардың сақалының бір талы сақтаулы тұр дейді. Сен оны көре алдын ба?
Алдабергенов күліп алды, артынша күле тұрып.
— Аппақ, сен намаз оқып, Мекке Мәдинаға барайын деп жүргеннен саусың ба? — деді. — Ондай сақалды да көргенім жоқ.
— Жоқ, ондайым жоқ. Өзіме ешбір зиян да, пайда да келтірмеген Мұхамбет түгіл, мына күнде сөзін естіп жүрген өзіміздің бригадирдің есімін құрметпен атаймыз, не, Мұхамбет сол құрлы жоқ па? Білгім келеді де. Ал, енді сен менің үшінші сұрағыма жауап бер.
— Ау, ақсақал, басқалардың да көкейінде бірдеңе бар шығар, кезек бермейсіз бе?
— Олар ойлана тұрсын.
— Дұрыс, сұрасын Аппақ, сұрасын.
— Ал енді үшінші сұрағым. Ертеде пайғамбардың еліне байлар, билер, қолында дүние-мүлкі көп молдалар баратын. Сені көргенде, сен кімсің, қандай адамсың деген жоқ па?
— Дұрыс ақ, мұндай сұрақтың әкесі сұрақ болды. Үзіліс кезінде бір жас жігіт, суретші келіп, мені суретке түсірді де, аты-жөнімді сұрап болған соң, оны жазып алды да, артынша сіз асқан бай боларсыз, сол байлықтың арқасында келген боларсыз. Жалпы дүниеқорыңыз қанша деп сұрады. Алғашқыда сасып та қалдым. Не деу керек? Тапқаным мынау болды, кедей десең, кедеймін, бай десең баймын. Мәселен, өзің қалай қарайсың, мен сияқты адам бай бола ма, кедей бола ма? Ол менің киіміме, түріме, кеудемдегі ордендеріме, екі Жұлдызға» қарады да, «әрине, сіз өте бай адамсыз, және өте атақты адамсыз» деді. Дұрыс, тауып кеттің деп, мен оның арқасынан қақтым. Ол мәз боп жайына кетті. Бірақ, осыны естіп тұрған бір африкандық қасыма келді де, сіздің байлығыңыз ақшамен есептегенде қанша болады деді.
— Менің жеке.басымда ештеңе жоқ. Біздің байлығымыз ортақ. Егер ол байлықты айтсам, есеп жоқ. Оның несін сұрайсыз. — Біздің сөзімізге араб жазушысы Рашад Ибрагим араласты. Ол сөзін байлықтан бастамады, қалай тұрасыздар деп сұрады.
— Жақсы тұрамыз.
— Электр бар ма?
— Бар. Сиырды да электрмен сауамыз.
— Киім, тамақ мол ма?
— Мол ақ. Керектің бәрі бар.
— Бәріңіз бір қазаннан, бір асханадан ішесіздер ме?
— Әркімнің өз қазаны, өз ошағы, өз үлесі бар. Ол колхозға еңбек етеді де, еңбегіне қарай керегінше алады, жейді, ішеді, киінеді.
— Жанның бәрінің керегіне жететіндей Колхоз соншалық бай ма?
— Бай. Айтайын, колхозда бір мың үш жүздей үй бар. Әр үйде орта есеппен бес адамнан болғанда алты мың бес жүз адам бар дейік. Міне, осынша адамның мынадай ортақ байлығы бар: колхоздың жылдық табысы жиырма миллион сом. Бұл жан басына қаншадан келеді. Өзіңіз санаңыз. Мұның үстіне колхозда елу мың қой, үш мың сиыр, мыңдай жылқы бар. Колхоздың мемлекеттен сатып алған жүздеген комбайн, трактор, автомашина, бульдозері тағы бар. Колхозшылар әрі жарық, әрі кең, әдемі үйлерде тұрады. Шаруалар тұратын үйлердің бәрі де жаңа екені соншалық — түгелдей соғыстан кейін салынған. Колхоздың орталығындағы азық-түлік, мата, киім-кешек магазиндерінде адамға керектің бәрі де бар. Колхозшылар еңбекақыға ақша, астық тағы да басқа тамақтық заттар алады. Өзінен артығын сауда орнына өткізеді, сатады. Біздің колхозымыздың орталығынан он екі шақырым жерде Талдықорған деп аталатын үлкен, әдемі қала бар. Соның өзіне колхозшылар өте сирек барады. Өйткені колхоздың ортасында кинотеатрдан бастап адам баласының қызығы, игілігі, керегі дегеннің бәрі бар.
Ол мені бастан-аяқ бір рет шолып өтті:
— Шын мағынасында бай екенсіздер! Соның бәрі коллективтік еңбектен түскен бе?
— Енді қайдан деп ойлайсыз? — деп өзіне қарсы сұрау қойдым.
Сөзге алғашқы сурет түсіретін жігіт қайта араласты. Менің жайдары қараған көзіме, барлық сұрағына мүдірмей берген жауабыма қызықтап, бетіме қайта-қайта қарап алды да, кеудемдегі екі «Алтын Жұлдыз» медаліне үңіліп:
— Қолмен ұстап көруге бола ма? — деді.
— Болады!
Ол қолымен ұстап, олай-бұлай аудара қарап:
— Өзі ауыр екен, таза алтын ба?
— Таза болар.
— Таза алтын, ә? Мұның екеуін бірдей сізге не үшін берді?
— Еткен еңбегім үшін.
— Сізге еңбегіңіз үшін ақша бермей ме?
— Береді. Алтын да береді.
— Еңбек үшін дейсіз, ә?
— Еңбек үшін.
— Менің әкем өмір бойы еңбек етті. Бірақ, еңбегіне алтын түгіл, тамағына жететін нан да алмай кетті. Сонда, еңбек болғанда, сіздерде қандай еңбек?
— Астық, қызылша өсіреміз. Мал бағамыз. Әдемі үйлер саламыз.
— Менің әкем де Нілде, Суэцте жүк тасушы болды. Бірақ, оның ешқандай алтынға қолы жеткен жоқ. Менің әкем сонау бір жас кезінде мына Каирдегі зәулім, әдемі үйлерді салысқан. Бәрібір оның аты да шыққан жоқ, алтын да алған жоқ. Мынау қаңқайып, қайқайып тұрған үйлердің қышына менің әкемнің ащы тері төгілген. Қазір бұл үйлердің кімге бола, неге бола салынғаны ғана белгілі шығар. Көп болса кімнің ақшасына, кім салдырғаны бар шығар. Ал кімдер салды, қандай еңбек кетті, қанша адам өлді, өшті, кім қанша алды? Кімде-кімнің ақысы кетті дегенді ешкім білмейді. Мен сурет түсіріп күн көре жүрмін.Не бәрі сурет түсірем». Ал, мен сіздерде адам еңбегінің өте ардақты екеніне таң қалам. Біз өзі, арабтар тегінде, әлімізге қарамай фәлсафа халықпыз. Менің өз ұғымымша адам еңбегін дұрыс бағалай білу деген сөз, ол ұлылықтың белгісі. Ал, енді сіздің табысыңыз қандай?
— Қандай табысты сұрайсыз?
— Мәселен, сіз басқа шаруалардан көп алатын шығарсыз?
— Неге мені басқадан көп алады деп ойлайсыз?
— Сіз бастық боларсыз. Бәрі сіздің қолыңызда. Керегінше алатын боларсыз.
— Бізде ондай заң жоқ. Бізде кім жақсы, көп еңбек етсе, сол жақсы да, көп те алады. Менен табысы артық колхозшылар бар. Мәселен, кешегі соғыста бір аяғынан айрылған мүгедек бір шопан бар. Аты Балықбай. Қой бақпай-ақ, үйіңде пенсияңды алып отыр десек көнбейді. Сөйтіп ол қой бағады. Оның жылдық табысы отыз мың болады. Мен көп болса жиырма төрт мың аламын.
Әлгі сурет түсіріп жүрген жігіт жағасын ұстады. Ол таң болғаны. Жазушы өзін одан гөрі сабырлы ұстады.
— Мен сіздің бай да, жақсы. да тұратыныңызды түріңізден ақ, киіміңізден ақ көріп тұрмын. Фашизмді жеңген, одан кейін космосты билей бастаған елдің адамын кедей екен, бишара екен деп айтқанмен есуас біреу болмаса ешкім нанбайды. Біздің Асуанды салуға келіп жатқан техниканың өзі аса бай елдің, аса өнерлі елдің, еңбекқор елдің дүниесі екенін көрсетеді! — деді жазушы.
Төбем көкке жеткендей көтеріліп қалдым.
— Әй, Нұрмолда, әлгі ақ киген ұзын шалмен, кім еді, құдай-ау? Сонымен кездескеніңді айт! — деп тағы біреу қол көтерді.
— Кімді айтасыз? Сұрақты жөндеп бере білу қажет? — деп бедірейіп Көбен тұр.
— Әлгі бір жейдешең жүретін үндінің шалы ше?
— Е, енді түсіндім. Бұл кісі Үндістанның премьер-министр! Джавахарлал Неруді айтып тұрған болар.
— Иә, нақ соның өзі.
Нұрмолда Алдабергенов Дели қаласында болған бүкіл дүниежүзілік ауылшаруашылық көрмесіне қатысқанын айтты.
— Индияға, оның астанасы Делиге келгеніме екі-үш күн боп қалды. Көрме деген тым үлкен. Аралап тауысатын сыңай жоқ. Күні ыссы. Бір күні терлеп-тепшіп дегендей, аралап келе жатыр едім. Төңірек толы адам. Әркім өз тілінде дабырлап сөйлеп, күліп жүр. Бір мезгілді төңірек тына қалды. Жан-жағыма мен де көз тастадым. Жанның бәрі бір жаққа қарап қалған екен. Сол жағдай мен де қарадым. Бір топ адам бізге қарсы келеді екен» Ортасында біреуі таныс тәрізді. Апыр-ау мына кісіні қайда, қашан көріп едім деп, үңіле қалдым. Суретін саң рет, өзін екі рет бұрын көрген адамым боп шықты. Джавахарлал Неру екен. Қалта қарап тұра қалдым. Өзіміздің ауылдың шалдары сияқты жүгірін барып, шап берігі қолын ұстай алу қолайсыз. Бір орнымда тұрдым. Өзінің көзі өткір ақ екен, назарына түсіп қалсам керек, қабаттаса беріп, жалт қарады. Көрді де, бұрылды.
— Ұмытпасам, ескі таныстардың біріне ұқсайсың, ассалаумалейкум! — деді қолын созып.
— Алейкумуссалам! Мен Нұрмолда Алдабергенов! Сізді жақсы білем, танимын. Екі рет кездестік. Бірінде Мәскеуде, бірінде Алматыда.
— Енді білдім. Сіз Алматыдан ғой, Алдабергенов мырза!
— Алматыдан.
— Өте жақсы қала. Сіз көрмеге келдіңіз бе, Аллабергенов мырза!
— Иә, көрмеге келдім, Неру мырза!
— Келгеніңіз өте жақсы болған. Ал сіз колхоздан келдіңіз ғой, Аллабергенов мырза!
— Колхоздан, Неру мырза!
— Сіздің колхоз бай ғой, Аллабергенов мырза!
— Бай колхоз, Неру мырза!
— Сіздер сол байлыққа қалай жеттіңіздер, Аллабергенов мырза!
— Коллективтік еңбектің арқасында, Неру мырза!
— Міне, осы жайды, Аллабергенов мырза, біздің үнді шаруаларына айтсаңыз. Сіз оларға колхоз деген не, оның пайдасы не дегенді айтыңыз! Сіздер бұрынғы көшпелі елсіздер. Қазір сіздер дәулет жағынан озып кеттіңіздер! Міне, осы жайларды айтсаңыз! — деп тілек білдірді.
Осы күні кешке қарай менің үнді шаруаларымен үлкен кездесуім болды. Онда да осы бүгінгі сияқты сөйлегенімнен сұраққа жауап бергенім көп болды. Нақ әлгі Джавахарлал Нерудің өзі үйретіп қойғандай ақ, фамилиямды дұрыс айтпағанымен тұрмай, оған «мырза» деген сөзді қосады да, сұрақтарды жаудыра береді.
— Аллабергенов мырза! — деді біреуі, байқаймын шаруа адамы сияқты емес екен, сол ойым дұрыс та боп шықты кейін, — Аллабергенов мырза, айтыңызшы, колхоз үкіметке не береді, үкімет колхозға не береді?
— Колхоз үкіметке астық, ет, жүн, май, сүт, қант қызылшасын береді. Үкімет оған комбайн, трактор, автошина, құрылыс материалдарын, ақша тағысын тағылар береді.
— Үкімет ала ма, жоқ, колхоз өзі бере ме? — деді ол.
— Колхоз өзінің артығын береді. Мәселен, біздің колхоз бір жыл ішінде өзінің керегін тұтас жиып-теріп алған соң, өзінің артық табысы ретінде мемлекетке жиырма мың центнер ет, он мың центнер сүт, бір жарым мың центнер жүн, үш жүз мың центнер қант қызылшасын, жүз мың жұмыртқа өткізеді. Бұл үшін мемлекеттен миллиондаған сом ақша алады! — дедім мына мен. — Ал енді өздерің көріңдер! Мен осында өтірік айттым ба?
— Бір өтірігі жоқ.
— Олар біздің өмірімізге таң-тамаша қалады. Олардың өзінде өмір біркелкі емес. Біреу өте бай, біреу кедей ғана емес, қайыршы. Олар мына біздегі сияқты ұйымдасқан, коллективтік еңбектің дәмін татып көргендер емес. Колхоз дегеннің не екенін, оның пайдасын айта бастасаң, олар нақ бір ертегі тыңдап отырғандай-ақ қайран қалады. Ал, кейбіреулері біздің осы күнгі тұрмысымызды айтқанда нанбайды.
Нұрмолда бүгінгі кеште шет жұртта болғаны жайлы едәуір әңгіме айтты.
III
Алдабергенов кеш қайтты үйіне. Жазу столының үстінде көптеген хаттар жатыр екен. Оларды алып шетінен оқи бастады. Көпшілігінің мәні, сұрайтыны бір сияқты. «Қымбатты Нұрмолда Алдабергенович!» деп басталған мына бір хат сонау Карпаттан жазылған. «Біз сіз басқарған колхоз жайында оқыдық. Колхозыңыз аса озық, табысы мол көрінеді. Ең алдымен біз, біздің колхоздың шаруалары сіздердің сондай табысқа қалай жеткендеріңізді білгісі келеді. Екіншіден, біз өзіңіздің өмірбаяныңызды толық етіп жазып жіберсеңіз деп өтінеміз».
Хаттардың біразы ақ осы мәндес екен. Алдабергеновке колхоздың тарихын, бүкіл өткен жолын, қазіргі табысы мен жеңісін, болашағын айтып беру қиын емес.
Ал өмір тарихын айтуға келгенде ол қатты қиналады. Өйткені оның өзіне салсаң, онда ешқандай өмір тарих жоқ. Өміріңізді айтыңыз, немесе жазып беріңіз дегенде оның айтатыны да, жазатыны да мынау: «Мен Нұрмолда Алдабергенов Октябрь Социалистік революциясының алдында, содан он жыл бұрын тудым. Туған жерім Малайсары деген таудың ішінде. Жасымнан әркімнің малын бақтым. Түркістан-Сібір темір жолының құрылысында жер қазушы жұмысшы болдым. 1930 жылы Шұбардағы колхозға мүше болдым. Ұлы Отан соғысына қатыстым. Соғыста үш жыл, жеті ай болдым. Қайтып көп, осы колхозды басқардым. Ақжарқын деген жолдасым бар. Күләнда деген қыз балам, Төлеген деген ұл балам бар».
Алдабергеновты қанша қинасаң да бұдан басқа ештеңе айтпайды, өйткені жоқ дейді. Ал осы бір аз сөзге үңілген адам, көп нәрсе табуы кәдік. Басқаны, жиырма жылдан аса үлкен колхозды басқарғанын былай қойғанда, ол қанды майданның алдыңғы шебінде үш жыл, жеті ай болған. Әр күні айға, жылға татыған сол күндердің — бір мың екі жүз тоқсан күннің ішінде қаншама сыр жатыр? Бір мың екі жүз тоқсан күн қан майданда өткізген күндердің ішінде қаншама ерлік, азаматтық бар десеңші! Бірақ, оның мұны айтуға қолы босаған емес. Еңбек майданы оны еліктіріп әкеткен еді.
Міне, бүгін түні де ол көп отырды. Әрбір хатқа қысқа-қысқа жауап әзірледі. Бірақ, бір мың екі жүз тоқсан күннің бір күні туралы да ләм деген жоқ.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
I
Колхоздың ұйымдасқанына отыз жыл толу мерекесін өткізу мәселесі айтысқа түсіп, бірі олай, бірі былай тартты. Аудандық атқару комитетінің председателі Плотник үзілді-кесілді қарсы болды. Өз пікірінің төңірегіне басқалардың ойын топтастырып, арызшылдардың пікірін қолдады.
— Колхоздың отыз жылдығын өткізуден бұрын арызды тексеріп бітіру қажет. Арыздағы айтылғандар рас болса, той жасап, думандатып ештеңе де жоқ. Ең алдымен колхоздың шаруашылығын тәртіпке келтіру. қажет, жолдас Алдабергеновті дегенді айтты ол.
Жай айтпады, қызметі үлкендігін білдіре, зіл айтты.
Нұрмолда іштей шилығып қалды. Қапелімде жауап та айта алмады. Ол Плотниктің бетіне қарап ұзақ отырды. Айтайын деген талай-талай қыжыл сөзді жұтыл жіберді. Не де болса мәселені асқындырғысы келмеді.
— Жақсы, кезінде көрерміз! — деді де шығып кетті ол.
Арызды тексеру бітпеді. Қайта арыздың үстіне арыз жауа берді. Оның үстінен арыз ұйымдастырушының бірі аудандық партия комитетінің секретарь! Назаров сияқты мықтылар бар. Мұның бәрі келе-келе мәлім болды. Арызшылар мен оны қолдаушылар қолынан келсе колхоздың отыз жылдық тойын жасатпауға, тіпті тойға дейін Алдабергеновті орнынан алып жіберуге күш сап бақты. Бұрынғы айтылғандардың үстіне «Алдабергенов әбден дандайсыған, менмен, өркөкірек, аудандық атқару комитеті мен партия комитетін тыңдамайды. Совет заңын бұзып, колхозда мастарды қамап қоятын абақты ұйымдастырған. Колхозшыларды балағаттап, ұрсатын болған» деген дәлелсіз кінәлар жабылды.
Алдабергеновтің бұларға қарсы қояр барлық қаруы, бар күші, жалғыз сүйеніші адалдығы ғана болды. «Адалмын. Ішкенім, жегенім жоқ. Біреудің ақысына, үлесіне қол салмадым. Мемлекет қалтасына түскенім жоқ. Елге, Отанға пайдадан басқа, көк тиындық зиян келтірген жоқпын. Халықтың өзі сайлаған колхоз бастығынан басқа лауазым, қызмет іздемедім. Мансапқор емеспін. Атақты сұрап алғаным жоқ. Еңбегің бар деп өздері еледі, құрметтеді, оған көп рахметі Ал енді мен неден қорқам? Аққа жақ көп. Адалдықтан асқан күш жоқ. Бірақ қашан орнымнан алып тастағанша ойыма келген, өзімше дұрысы осы деген тірлігімді істей берем. Колхоздың отыз жылдық тойын өткізу керек. Бұл осы колхоздың намысы, ары, осындағы ондаған Социалистік Еңбек Ерінің, жүздеген орденді, медальді колхозшылардың сонау қырда, құмда мал баққан қойшылардың намысы үшін керек. Колхоздың отыз жылдық мерекесін өткізгеннен елге, Отанға келер зиян жоқ. Колхоз бәрін өз мойынымен көтереді. Колхозшыларға да зиян келмейді. Қайта бұл мереке еліміздегі колхоз құрылысының табысын, оның зор жеңісін, үлкен салтанатын көрсететін маңызды, аса зор саяси мәселе. Кімде-кім колхоз құрылысының салтанатын, байлығын, жеңісін көргісі келсе, табысын көргісі келсе, көрсін, біздің мерекеге келсін. Біз коллективтік шаруашылықтың үлгісін, өнегесін өз өңірімізде ең алғашқы көрсеткендердің біріміз. Ал соғыстан кейінгі дәуірде колхоз құрылысының артықшылығы мен ерекшелігін, тиімділігін, оның өміршеңдігін, шаруа үшін аса қолайлы екенін танытқандардың біріміз. Біз мереке арқылы тағы да соны айтамыз. Мұндай шараны болдырмау жетесіздік, соқырлық болады. Ел, жұрт, тіпті шетел біздің Отанымызда колхоз дегеннің қандай күш екенін білуге тиіс. Біз колхозымыздың тойын өткіземіз деп талай жерге, ауданға, облысқа, республиканың кейбір жерлеріне, сонау Москва түбіндегі, бізбен Социалистік жарысқа түсіп отырған Социалистік Еңбек Ері Генераловтың колхозына да хабарлап қойдық. Колхозымыздың осындай үлкен мерекесі бар, колхоз деген зор күш деп, өткен сапарларымда араб, үнді жұртына да айттым. Енді мұны болдырмау мен үшін ғана емес, колхоз үшін, колхозшылар үшін ұят. Олай болуы мүмкін емес...»
Осы ой оны көп мазалады. Соңынан қалмады. Ол ауданға, оның басшыларына қайта келді. Ауданның екінші хатшысы Назаров, председателі Плотник қасарып отырып алды.
— Ең алдымен, тойдан бұрын үстіннен түскен арыздардан ақталып ал! — деген жауап айтылды.
— Бұл Алдабергенов үшін емес, колхоз үшін, бұрын айтылған уәде жерде қалмасын, деді Нұрмолда.
— Уәдені келісіп, бізден рұқсат алып, содан кейін барып айту қажет еді.
— Сендердің бүйтіп қасарып қалатындарыңды қайдан білейін?
— Сенің өз бетінше білгеніңді істеуің енді жетеді? — деді Плотник сұрланып.
— Мен өз бетімше істегенде колхоздың несін бүлдірдім, несін шаштым?
— Оны арыздың нәтижесі көрсетер. Көреміз әлі...
— Мен сенен де бұрын колхоз басқарып, ел басқарып келгенмін! — деді ол ашу үстінде.
— Енді менсіз ел басқара алмайсың! — деді председатель.
— Көрерміз! — деді Нұрмолда.
— Көрсек көрерміз! — деді председатель.
— Сенсіз де мен жиырма жылдай бастық болғанмын. Бүгін алып тастасаң да колхоздың тойын өткіземін.
— Өткізе алмайсың. Мен қаулы алдырмаймын. Қаулысыз сен өз бетіңше өткізсең, ол үшін партия алдында, бюрода басыңмен жауап бересің! Осыны біліп қой.
Ол тұйыққа тағы көп тірелді. Шынында да қаулысыз ештеңе болмайды.
— Ал елден, хабарланған елден ұят, басқаны, алыста жатқанды былай қойғанда өзіміздің колхозшылар алдында масқара болатын болдым ғой, қаулы қабылдаңыздар! — деп өтінді ол.
Осы кезде екінші хатшы Назаров астыңғы ернін жымыра тістеп, ойлы түрде председательдің кабинетінен шығып кетті. Алдабергенов пен Плотник жеке қалды.
— Қызмет үстінде не болмайды. Бір-бірімізге қатты айтқан болармыз. Мені ұялтпай, көптің алдында масқара етпей, қаулы шығарып беріңдер! Ең болмаса республика көлемінде емес, облыс көлемінде, өз облысымызда өткізейік!
— Облыс түгіл аудан көлемінде де өтпейді. Бұл жөнінде мәселе қоюшы болмаңыз! — деп кесіп тастады.
Нұрмолда қиналып әлі отыр. Кейінгі он — он бес жыл ішінде бетінің қайтқаны, өтінішін орындата алмағаны осы болар. Беті сазарған, айтқанынан қайтпайтын, кісімен мәмілелі сөйлесе білмейтін дөрекі адам екенін білді. Оның үстіне арыз ұйымдастырушының бірі осы екені есіне түсті. Нұрмолданың зығырданы қайнады, ызасы келді.
— Қаулы бола ма? — деді ол.
— Болмайды.
— Болмаса да өткізем.
— Жауап бересің.
— Сен емес, өзім берем.
— Әрине өзің бересің! Басын кетеді, байқа! Бұл күнің әлі аз.
— Не дедің?
— Бұл күнің аз.
— Сен арсызсың, арыз қойсын, өтірік арыз жаздырасың. Оны жалақор дейді. Оны шындай етіп қолдайсың! Мен енді сен сияқты арсыз, арызқойға келмеймін.
— Келмесең келме, сенің күніңді батырамын.
— Батыра алмайсың.
— Батырамын.
Пәленің басы осындай «былшылдамадан» басталды.
Алдабергенов ашуланып шығып кетті. Сазарып Плотник қалды. «Арызшылсың» деген сөзге ештеңе айта алмады. Алдабергеновтің ол сөзді сезіп қана емес, біліп айтқанын түсінді. Содан да «неге арызшылмын», «қалайша жалақормын» деп айта алмады...
Алдабергенов ашулы күйінде Назаровтың кабинетіне қарай жүрді. Бірінші хатшы бәрібір бұл мәселені шешпейді. Мұндай ауыл шаруашылығының мәселесін Назаров шешеді, «сол ұсыныс айтсын, сонсын көрерміз» дейді де қояды. Одан да Назаровқа қайта кіруге бел байлады. Мұның да сөзін естіп кетейін деп түйді.
Назаров оны күліп, бір түрлі жылы қарсы алды.
— Ал қалай, мәселені шештіңдер ме?
— Жоқ ә, көнер емес, председатель жолдас.
— Ол көнбесе былай болсын. Сен тойыңды ептеп өткізе бер. Біз білмеген ақ болайық.
— Ойбай, атамаңыз, жолдас Назаров, өзім арыздан көз аша алмай жүргенде, тағы бір арыз түссін дейсіз бе? Ол болмайды, аңдушы көп. Басқаны былай қойғанда председательдің өзі арыз ұйымдастырады.
Назаров бұл жерде Плотникті әдейі ақ қолдаған жоқ, оны ақтамады да. Бұл кезде Плотниктің Алдабергенов соңына түсушілердің бірі екені анық та болған-ды. Тіпті ол колхоздың таудағы жайлауына барып; «Алдабергенов құритын болды. Атағын алады. Орнынан тағы алады. Колхоздағы бюстін құлатады» деп өсек таратқан. «Сенің балаңды маскүнем» деп он бес күнге қаматқан Алдабергенов деп Балықбай сияқты сылтау таба алмай жүрген бір топ малшыдан арыз түсірген де осының өзі екені аудандық комитетке де, оның ішінде Назаровқа мәлім еді. Осы жайды Нұрмолданың біліп алғанына күдік қалған жоқ. Сонан соң да ол бұл жерде, екеуі жеке отырғанда Плотникті әдейі ақ ақтамады.
— Біз білмеген болайық, өткізе бер, ептеп.
— Ол қарсы болса болмайды. Арыз әлі тексеріліп жатыр. — Тексеруді ұзаққа созып отырған да осының өзі ғой. Комиссияның бірі де өзі.
— Жағдайың қиын! — деп қойды Назаров.
Бұл сөздің бір жақ төркінінде үрейлендіру барын сезді Нұрмолда.
— Қорқытпай-ақ қойыңыз. Мен әшейін халықтан шыққан, халықпен бірге жасап келе жатқан адаммын. Маған кішірейе қою оңай. Көп болса бұрынғы қалпыма, өз орныма, кәдімгі колхозшыма барам.
Назаров одан мұндай жауап күтпеп еді. Мұңайып, уайым жеп отырған ол жоқ. «Сен әлі күшті екенсің» деп ойлады да:
— Қаулысыз ақ өткізе бер! — деді ол.
— Болмайды.
— Менің ауызша рұқсатым жете ме?
— Жетпегенде ше!
— Жетсе, бердім.
— Уәдеңіз осы ғой.
— Осы.
Алдабергенов Назаровтың кабинетінен қуана шығып, тұп-тура ауылына тартты.
II
Колхоз ауылы мерекедегідей безенді. Астық ет, жүн, май, қызылша жоспары артық орындалды. Енді колхоздың отыз жылдық мерекесін өткізіп, сонау бір кездегі жұпыны ауылдың енді байығанын, мәдениетінің өскенін көрсетпек. Бұл ауылда қазір не жоқ? Бәрі бар. Зәулім салынған он жылдық мектеп үйі қандай әсем. Малшылардың балаларына бола салынған интернат қандай жақсы? Кеңсе, музей, қонақ үй, магазин, қандай әдемі салынған! Қала сияқты түзу, кең көшелерге плакаттар ілінген. Кеңсенің алдындағы алаңдағы жазуларда колхоздың отыз жыл ішіндегі өсу жолы түгелдей баяндалған. Диаграммалар, диаграммалар! Бірінен бірі асқан ұзын-ұзын сандар. Колхоз қай жылы қанша астық қызылша, ет, жүн, сүт бергені түгелдей көрсетілген.
Колхоздың Талдықорған жақтан келетін үлкен көшесінің ортасындағы биікке, «Колхозымыздың ұйымдасқанына отыз жыл толған мерекемізге қош келіпсіздер, қымбатты жолдастар!» деп жазылған.
Ауыл көшесі көңілді, толған халық. Бүгін жанның бәрі ерте тұрған. Күн енді ғана шығып келеді.
Ең бірінші боп жеткен қонақ Панфилов қаласындағы «Октябрьдің 40 жылдығы» колхозының председателі Николай Головацкий еді. Оның машинасында тілші Досов отыр.
Бұлар нақ кеңсенің алдына көп тоқтады. Мерекедегідей жақсы киінген, басында әдемі сусары бөркі бар Нұрмолда Николайды көріп тұра жүгірді. Головацкий де машинадан шыға ұмтылды. Екеуі атақты екі колхоздың председателі кәдімгі туысқан, жақсы достарша құшақтасып көрісті. Екеуі бір-бірін құшағынан шығар» май, қатты қысып көп тұрды. Құшағын екеуі де жазып жіберіп, қайта қауышты да, бір-бірінің бетінен сүйді, Бірінші боп Николай Головацкий тіл қатты.
— Ал, Нұрмолда, тойың құтты болсын, тойға той ұлассын! Қалай, аман-саусың ба? Әйелің, балаларың аман ба?
— Бәрі жақсы! Келгенің өте жақсы болды. Өзім де бірінші боп Николай келетін шығар деп ойлап едім. Ішім сезген екен. Ой, саған өте үлкен, өте зор рахмет. Міне, жолдас, дос, туыс деп осындай адамды айтады.
Алдабергенов тағы Николайды құшақтап, арқасынан қағып қойды.
— Нұрмолда, сенің колхозыңның тойына мен келмегенде кім келеді? Біз ең жақын, ең жақсы доспыз. Ал жұмыста күндеспіз. Кім озады, кім қалады? Колхоздың тойын бүгін сен өткізсең, ертең біз өткіземіз. Сен тағы да алға түсіп, бізге жақсы жол салып, үлгі-өнеге көрсетіп отырсын. Енді колхоз тойын біз де өткіземіз. Сөйте-сөйте бұл өзі белгілі салтқа, қалыпты әдетке айналады.
— Илахим, солай болғай!
— Көрерсің, енді өзі де солай болады.
Ішінен «солай болса оңды болар еді-ау» деп ойлағанмен Нұрмолда бұл бастаманың салтқа айналып, етек алып кетуіне сенген жоқ. Оның көз алдында Плотник тұрды. Әр жердің өз Плотнигі жоқ дейсің бе?
— Ал, басқаны қой, колхозыңның жайы қалай, соны айт? — деп Алдабергенов шұқшия сұрады.
— Өте жақсы. Биыл үш рет миллионерлікке қарай сілтеп кетті.
— Ой, бәрекелде! Өте оңды екен. Бәрі де жүгеріден бе? Саған бір ең байлық табылды ғой, өзі.
— Бәрі де жүгері мен бақшадан, баудан. Жүгері біздің алтынымыз. Өзі де алтын сияқты сап-сары.
— Иә, нақ алтын сияқты. Мына Сарыөзектегі элеватордан өте көп көрем. Алтындай сап-сары боп жатады.
— Қайдан көрсең одан көр, біздің жүгеріміздің алтын екенін мойындасаң бопты. Ал, түсіне қарасаң, сенің қызылшаң күміс сияқты. Өзі де заводтан күміс боп, аппақ боп шығады. Сонда біз алтын, сен күміс өндіріп жатырсың.
— Ах сенің айтпағың сол ма еді. Үндемей мені бір соқтың ау! Ал шынына келсек, біздің қызылша күмістен де, алтыннан да артық. Алтыннан артық әлгі бір тасты не деуші? Сол ғой.
— Атын білмесең онымен несін теңейсің?
— Неге білмеймін. Қауқар жақұт.
— Оныңды көрмеген соң, айта алмаймын. Ал сен неге жүгері екпейсің, немене, сен жаңа нұсқауға, жаңа бастамаға қарсысың ба? Кәні осыны айтшы?
— Мен жүгеріге, жаңа бастама мен нұсқауға да қарсы емеспін. Оның қызылшаға қарағанда енбекті де аз керек ететінін білем.
— Жүгерінің еңбегі қызылшадан аз деп саған кім айтты?
— Ешкім айтқан жоқ. Өз шамалауымша аз. Бір-екі шабықтап, суды уақтылы берсең жүгері бола береді. Ол көзге көрініп, биіктеп өсетін нәрсе. Ал қызылшада азап көп. Қашан жерден суырып алғанша ішінде не боп жатыр, тіпті ит өліп жатса да білмейсің. Қызылшаны қолмен отырғызады. Оны талдап, өскен соң кей жерін қалыңдатып, енді кей жерін сиретіп қайта отырғызамыз. Бес-алты рет шабықтаймыз. Сондай етіп су береміз. Тыңайтқыш төгеміз. Өскен соң қолмен қазамыз, машинадан шыққан соң да қолмен тазалаймыз, сорттаймыз. Жүгеріде, мұндай еңбек жоқ қой, жоқ!
— Әй, Нұрмолда, сенімен не деп таласуға болады. Әркім өзінің істеп жүрген ісін мақтайды, оның қиындығын тағы айтады. Ал жүгері қызылшадан оңай болса, неге екпейсің?
— Жүгері егетін бос жерім жоқ. Сенің жеріндей байтақ кең мол жерім болса қызылшамен қоса жүгеріңді де егер едім. Әттең, жер тар, әйтпесе, мен де көрсетер едім, саған, сенің өзіне жүгерінің пайдасын!
— Не істер едің?
— Ішім біледі. Мен оны таза алтынға айналдырып жіберер едім.
— Қайтіп? — Николай Головацкий оған аң-таң боп қарады. — Не істер едің?
— Осы колхоздың сыртына шықсаң, айналада бес-алты сиыр қорасы бар. Бәрі де жаңа үлгімен, сиырды қысы-жазы ұстап саууға болатын етіп салынған. Бірақ біз сиырды онда қыста ғана ұстаймыз. Өйтіп-бүйтіп жинаған мал азығы қысқа ғана жетеді. Ал жүгері ексем, сол сауын сиырларды қысы-жазы қолда ұстар едім де, сүтті, майды, ірімшікті қанша керек болса, сонша етіп мына Талдықорған мен Текеліге берер де отырар едім. Бірақ, менің жүгері егетін жерім жоқ. Қызылшаның жерін алсам колхозға о да қиянат. Болмайды. Тек жердің тапшылығы қолды байлайды.
— Бұл ақылың жөн! — деді Николай.
— Әрине, жөн. Сенде қора көп пе?
— Бар. Бірақ, көп емес. Біздің жерде қыс мүлде болмайды. Көбінесе сиырды жайып бағамыз.
Бұлардың әңгімесін кәдімгі мерекеге шыққандай қызылды жасыл киінген жастар, қыз-келіншектер, ауыл адамдары бөліп жіберді. Халық көңілді. Мерекелі күндердей жақсы киініп, наградтарын тағып көшеге шықты.
— Міне! — деді Нұрмолда қуаныштан көзі күлімдеп, қолын Николайдың арқасына сап, — міне, халық өз еңбегінің қуанышын тамашалауға шықты. Енді біраздан соң салтанатты жиын өткіземіз. Содан соң кешке қарай беретін қонақасымыз бар. Міне, барлығы осы. Бәйге, көкпар болса, күрес болса, тағы басқа да халық ойындары болса екен деп едік, оған рұқсат ала алмадық. Кейбір жолдастар осының өзіне ауызша әрең рұқсат берді. Әйтпесе, алғашқы ойым едәуір қомақты еді. Мынау өзіңнен бастап республиканың Ыбырай, Жазылбек, Кенен, Сындыбала, Дариға, Бауыржан, Талғат сияқты азаматтарын шақырмақ едім. Оған мүмкіндік бермеді. Алысқа ұшқысы келгенмен қанаты сынған үйректей өз ауылымыздың үйренген көлінде отырып қалдық. Облыс басшылары келмейтін болды ғой деймін. Ал аудан басшылары барамыз деп уәде берген...
— Уәде берсе келеді ғой, — деді Николай.
— Келетін шығар! — деді Нұрмолда.
Күн көтеріліп қалды, халық көшеде жүр. Жарқын күлкі, жарастық әзіл, ән, салтанат көшеден бой көрсете бастады. Тәуір киімдерін киіп көшеге қарттар да шықты. Булардың көбі-ақ осы колхоздың ыстық суығына күйіп-пісіп өскендер. Колхозды өз қолымен ұйымдастырып, оның барлық қиындығын иығымен көтергендер. Олардың колхозсыз өмірі болған жоқ. Барлық өмірбаяны, көрген жақсылығы мен шеккен азабы осы колхозбен бірге, осы колхоз өткен жол — олардың өткен жолы. Міне, осы айтылғанның айғағыңдай боп, көшеге шыққан кәрия кісілер, еркек, әйелдер арасындағы біраз адамның көкірегінен Ленин ордені, оның қасында орақ-балғалы «Алтын Жұлдыз» медалы жарқырайды. Ордендер! мен медальдары барлар мүлде көп екен, Бұл дегенмен еткен еңбектің сыйы сыбағасы болумен қатар, осы колхоздың өмір тарихы, өткен жолы.
Көшедегі халық көбейе берді. Ауданның көрші колхоздарынан адамдар, ағайын-туыс, құда-жекжат жиналды. Республика мен облыстан Нұрмолданың көңіл жетерлері, ниеті дұрыс достары келді. Бәрін Нұрмолда өзі қарсы алып, үй-үйге бөліп, жайғастыра бастады.
Түс боп қалды. Аудан басшылары келмеді. Ендігі көптің күткені солар еді. Халық сендей. соғылысып көшеде жүр. Оларға кімнің келіп, кімнің кеткені, немесе, кімдердің келмей қалғаны бәрібір. Ал, колхоздың басқармасы, оның ішінде Алдабергеновтің өзі елеңдеп, бұған аң-таң бола бастады. Мұнысы қалай? Өзі рұқсат берген Назаров жолдастың келмей жатқаны қалай?
Нұрмолда шыдамсызданып, біраз шиыршық атты да, артынша қайнап басылған судай тұна қалды. «Келмесе келмесін, жиналысты көрсетілген уақытында, түстен кейінгі үште бастаймын» деп түйді.
Түс ауды. Күткендер келмеді. Колхоздың ұйымдасқанына отыз жыл толу мерекесіне арналған салтанатты жиналыс басталды.
Колхоз басқармасының председателі Нұрмолда Алдабергенов баяндама жасады. Одан соң құттықтау сөздер сөйленді, колхозға деп сый тартты көршілер. Кешке қарай колхозшыларға, қонақтарға арналып, мектеп-интернаттың кең спорт залында қонақасы берілді. Мұнда да құттықтау сөздер айтылды. Салтанатты жиналыста сөз сөйлеп, жақсы сый тартқан Николай Головацкий мұнда да кезекті сөз алды. Қасында отырған Нұрмолданы иығынан қағып, орнынан тұрғызды. Оның он иығына бір қолын сап, екінші қолын жоғары көтеріп алды да, сөйлеп кетті.
— Жолдастар, біз облысымыз бір, ауданымыз бөлек бірақ жайлауымыз бір туыспыз. Мен Алдабергенов Нұрмолданы аса ардақты Нұрекеңді он бес жылдан аса, соғыстан қайтып көп, колхозға председатель болған күннен бастап білем. Бұл өте адал, ел жұмысына берілген, өзінің бойындағы жақсы қасиетін, адамдық қасиетін, азаматтық жігерін, талантын, өнерін колхозды нығайтуға, елді көркейтуге, шаруашылықты жақсартуға жұмсап келе жатқан адам. Соғыстан бұрын да, одан соғыс кезінде мешеулеп артта қалған колхозды ол өрге сүйреді. Жолын тапты, өзі ойлаған жоспар-жобаны, арманды іске асыра білді. Міне, соның нәтижесінде колхоз аудандағы, облыстағы, тіпті республикадағы ғана емес, одақтағы ең бір озық табысты, атақты колхоз шаруашылығы боп отыр. Бұл халықтың сол халықты табысқа ұйымдастыра білген Нұрекеңнің еңбегі. Артта қалған шаруашылықты осындай дәрежеге, зор табысқа жеткізгені үшін үкімет пен партия оның, еңбегін жоғары бағалады. Ол Социалистік Еңбек Ері атағын екі рет алды. СССР Жоғарғы Советіне, республиканың Жоғарғы Советіне депутат болды, Қазақстан Компартиясының мүшесі боп сайланды. Мұның бәрі кешегі жалшы, байдың қойшысы Нұрмолда Алдабергеновтің мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін ескенін көрсетеді. Иә, Алдабергенов Нұрмолда, менің ең жақсы достарымның бірі, екеуміз құрдаспыз, сырласпыз, ол шынында да колхоз құрылысының артықшылығын, басқа шаруашылықтың қай-қайсысынан болса да шаруа үшін тиімділігін таныта білген, колхоз дәулетін көтерген, мәдениетін көтерген, шаруаларды қуатты, мәдениетті тұрмысқа көздей білген басшы ретінде колхоз құрылысының республикадағы, одан қалса одақтағы білікті қайраткерлерінің бірі. Мен осыны Нұрмолда Алдабергеновтің денсаулығы, амандығы, болашақтағы тағы осындай жемісті еңбегі үшін алып қоюды сұраймын, жолдастар!
Тосттан соң Николай Головацкий мен Нұрмолда құшақтасып сүйісті. Көпшілік екі атақты колхоз председателінің достығының құрметіне бола ұзақ қол соқты.
Бұдан соң да бірнеше адам сөйледі. Колхозды, ондағы атақты адамдарды мадақтап тостар көтерді. Бір кезде есік жақтан біреу қол көтеріп ,ешкім елей қоймаған соң, айқай салды:
— Бүгін той жасап отырған колхоздың да бір мүшесі сөйлеуге тиіс қой. Маған сөз беріңіз, жолдас стол бастығы!
— Сіз кім боласыз?
— Мен кім болушы едім. Балықбаймын!
— Кім боп істейсіз?
— Жәке, қойсаңызшы! деп Мұқажан оның етегінен тартып, «тыныш отыр» дегендей төмен басып қояды. Бірақ оған көнер Балықбай жоқ, екі беті шара табақтай боп, қызара бөртіп алған. Балдағымен еденді тық-тық еткізіп, бір қолын жоғары көтеріп алған.
— Кім дейсіз бе? Қойшымын десем, сөз бермейін деп тұрсыз ау! Менің қызметім жоқ. Кіммін десем екен?
— Бұл шопан! — деп біреу айқайлап жіберді. — Аты Балықбай!
— Сөз осы колхоздың мүшесі, шопан Балықбайға берілді!
Балықбай бір қолын жоғары көтеріп столдың теріне қараған бойы аңырып тұрды да қалды. Не дерін, неден бастарын білмей, төбесінен жай түскендей боп қалған шопанды, бұл әлі аз дегендей:
— Балықбай!
— Мынау өзіміздің Балықбай ма?
— Балықбайға сөз берді.
— Балықбай сөз сұрап алды.
— Ал сөйле, Балықбай!
— Мынаның жағы қарысып қалған ба?
— Ой, сен болсаңшы, Балықбай!
Осындай қау-қау сөздер оның дегбірін алды ма, әлде сөз береді ғой деп ойламай сұрай салған Балықбайда айтатын дайын ештеңе жоқ па еді. Ол есі кеткен адамша тердегілерге қарап аңқиды да қалды. Жұрт ақырып, тына қалды да қайта көтерілді.
— Балықбай ау, болсаңшы!
— Біздің де сөйлегіміз көп отыр. Айтарың болса айт, немесе басқаға кезек бер, отыр орнына.
— Жәке, Балықбай жәке, отырсаңшы! деп Мұқажан оның етегінен тартқылап отыр. Оны тыңдайтын Балықбай жоқ.
— Жолдастар! деді Балықбай. Даусы тарғыл тарғыл боп, барылдап шықты. Жолдастар! Сөйлеген, иә айтқан шешендердің бәрі осы Алдабергеновты айтады, қол-аяғын жерге тигізбей мақтайды. Ал дұрыс, мақтасын. Ал аяқ-қолын жерге тигізбей-ақ қойсын. Дұрыс ақ, болсын. Ал мақтасын дедік. Мақтады. Ал енді, немене, осы колхозда басқа адам жоқ па екен? Немене, мен Алдабергеновті білмеймін бе, білемін. Мынау бір аяғымның жоқ екенін қандай білсем, жолдастар, Алдабергенов Нұрмолда деген адамның бар екенін де сондай білем. Мен оны білем.
— Білсең не дейсің, айтатыныңды айтсаңшы, Балықбай!
— Сөзді бұзба! Айтатыным осы, мен оны білемін. Білгенде, жолдастар, екеуміз осы колхозға бірдей мүше болдық. Бірге жер жырттық, бірге сушы болдық. Екеуміз бірдей, жолдастар, кешегі өткен соғысқа бардық. Ол аман-сау қайтты. Ол артиллерия бопты. Мен пехот болдым да, аяғымды беріп әрең құтылдым. Екеуміз тағы да бірге колхоз болдық.
— Сонымен, Балықбай жәке, не айтпақсыз, отырсаңызшы! — деп Мұқажан оның етегінен тартып қалды.
— Ой, сен бала, қой деймін. Сөзімді бітірейін. Сөйтіп, жолдастар, қайта колхоз болдық. Сөйтіп жүргенде, жолдастар, мені құдай атты. Сөзге, тілге ердім.
Жұрт осы жерге келгенде тына қалды. Зал тым-тырыс болды. Улап-шулап отырған жұртшылықтың мұнысы қалай дегендей, Балықбайдың өзі де бір сәт аң-таң боп, қалта қарап тұра қалды.
— Иә, сөйтіп мен сөзге, әзәзіл сөзіне, тіліне ердім. Маған айтты, жолдастар, аяғыңды алған құдай, соның есесі деп жалғыз бала берін еді, Алдабергенов соны он бес күнге қаматып қойды деді. Мен нандым. Кейін сұрасам ол бекер екен. Баланың өзі айтты. Балалық істеп, бір жолдастарымен, жолдастар, ол өзі ішіп қойыпты. Сонымен не бастарыңды ауырта берейін, жолдастар, әзәзіл сөзіне еріп дедім ғой, Алдабергеновтің үстінен жазылған бір құлаш арызға мен де қол қойдым. Мен қойшымын, мен мүгедекпін, мен жасырмаймын, жолдастар, мен сөйтіп, ішінде не айтылғанын білмеймін, әйтеуір бір ұзын, ұзақ арыздың артына мына қолымды қойдым. Мұнда не бар деп едім, мұнда сенің баланды заңсыз қамағаны жайлы бар, сен соған бола, соны растап қол қоясың, басқа жағында сенің жұмысын болмасын деді. Мен қол қойдым, жолдастар! Міне, бүгін, жолдастар, сендер, жолдастар, Алдабергеновті мақтап жатырсыңдар. Ол дұрыс, жолдастар, бұл жақсы адам. Мен сөйтіп, жолдастар, арызға қойған қолымды қайтып алдым, жолдастар!
— Дұрыс, дұрыс! Енді отыр, Балықбай! деді қасындағылар.
— Жоқ, әлі болғаным жоқ. Мен, жолдастар, әлгі Николайдың Головаттың айтқан сөзіне түгел қосылам. Мен де, жолдастар, Нұрмолда Алдабергеновің денсаулығына алып қоямын!
Масаңдау боп отырған біреулер қол соқты. Тор жақтағылар міз қақпай отырып қалды.
Тағы да біраз талапкерлер сөйледі. Ең соңында Нұрмолдаға сөз берді. Ол қысқа айтты. Келген қонақтарға, жақсы лебіз айтқан адамдарға рақмет айтты. Ең соңында ол өзін тым асыра мақтап жібергенін, ол да осы колхоздың көп мүшесінің бірі, көп болса осындағы атақты адамдардың бірі екенін айтты.
— Менің батыр бауырым Бауыржан Момышұлы бір жазғанында айтыпты: «Ер істеді дегенше, ел істеді десеңші» депті. Сол айтқандай-ақ, мен істеді демеңдер. Менің атақ, абыройым бәрі де елдің, мына отырған көптің арқасында болған, солардың еңбегімен болған нәрсе. Еліме, еңбеккер. халқыма ризамын. Мынаны халық колхозшылардың амандығы, денсаулығы, табысы мен жеңісі үшін, солардың бала-шағасының саулығы үшін алайық!
Қонақасы ұзаққа созылған жоқ. Оның үстіне «тойдың болғанынан боладысы қыз.ық» дегендей, бәрі де өтті де кетті. Қонақтардың көбі түнде кетті. Ауылы алыстар ертемен аттанды. Алдабергеновтің өз басы Николай Головацкийден басқа ешкімді де шығарып салған жоқ.
III
Бұлар Шұбардан күн көтеріле, таңертеңгі шайдан кейін шықты. Талдықорғанға соқпай, Киров селосын қақ жарын өтті, Карл Маркс атындағы колхоздың қасындағы таудың бөктеріне, кішкене өзеннен өтетін көпірден асып барып тоқтады. Осы жерде қоштасатын сыңайы бар. Екеуі де өз машиналарынан түсіп бір-біріне қарсы жүрді.
— Міне, Николай, рұқсат болса, осы жерден кейін қайтайын. Жұмыс әлі көп. Қыстың қамы тағы бар, Өзіңде де солай болар. Айтатын сөз, ақыл қосатын мәселе әлі де бар. Оған бір әдейілеп бас қоспасақ! — деп Алдабергенов кідіріп қалды.
— Біз екеуміздің кеңесетін жағдайымыз бар. Мына колхоз шаруасын оңдау үшін тағы не керек. Соны сөз етсек деп едім. Оған бұл жолы сәті келмес. Сен той үстіндегі сезіммен жүрсің, мен болсам тойға келген адаммын.
— Николай, той дегенің болмаса, той аты демесең, өзімнің көңілім толған жоқ. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген емес пе, нақ сондай боп, кәдімгі жетім қыздың тойы сияқты боп өте шықты.
— Ой, Нұреке, сен олай деме! Той өте жақсы өтті.
Өзіміз осындай етіп те өткізе алмаймыз ба деп қорқамын.
— Жоқ, әшейін, көңілі қалмасын деп айтасың. Шынына келгенде несін жақсы дейсің. Ішкен жеген кімге де болса табылады. Менің ойым басқаша еді. Бірақ оным болмады.
— Сеніңше қалай болу керек еді?
— Орындалмаған ойым саған күлкі боп көрінуі де кәдік қой.
— Күдіктенсең айтпай-ақ қой. Бірақ, той жаман өткен жоқ.
— Несін жақсы дейсің?
— Той кәдімгі той. Колхоздың табысы, қол жеткен жеңісі айтылды. Шаруалар колхозының тойын тойлап көңілденді, кәрілері қайта жасап, жастары қуанышқа батты. Колхоздың атына қаншама құттықтаулар түсті, сый-сияпат әкелді. Ал, сенің өзіңе қандай жақсы сөз, игі тілектер айтылды. Тіпті, сөзге шыдай алмай анау бір шопан өтірік арызға қол қойғанын айтып, оған қойған қолын қайтып алатын болды.
— Ол-ол ғой. Арыздан көз ашпайтын болдық қой. Менің ойымша колхоздың тойын бұдан гөрі кеңірек өткізіп, республиканың көңіл жетер жақсы адамдарын түгел шақырсам деп едім. Оны жергілікті өкімет, аудан басшылары, әсіресе, аудандық атқару комитеті, Плотник жолдас қолдамады. Райкомдегілер соған сілтеді. Ақырында ауызша рұқсат алдым. Колхоз көлемінде ғана өткіз деді. Үлкен ойым осылайша құлдырап кетті. Тіпті жоғары жақ қолдаса, колхоздың туына да бір белгі қадауға болатын еді.
— Ох, мынау кейінгі дұрыс пікір екен. Жеке шаруаның табысы, енбектегі үлесіне беріліп жатқан награда колхоздың бүкіл коллективтік шаруашылықтың табысы мен жеңісіне неге берілмейді. Бұл қолдауға тұратын пікір.
— Бәрі өтіп кетті ғой. Мұның үстіне әлгі айтқан арыз дегендер тағы бір кедергі болып көлденең тұрып алды.
— Ондай арыздар менің де соңымнан қалып көрген емес. Кім екенін анық біле алмай қойдым. Біреулер нақ бір менің көлеңкем сияқты қосарласып жүреді де отырады. Кілең өтірік нәрселерді тізбелеп, жалғанды шындай қып жоғары жаққа айдайды да жатады. Комиссиядан комиссия келеді.
— Ондай көлеңке менде ғана бар десем, сенде де бар ма еді?
— Бар болғанда қандай? Қанша елемейін десең де, жүйкеге тимей қоймайды. Жұмысқа залалын тигізеді, уақытты алады.
— Колхоздың тойына да осы көлеңкелер салқынын түсірмей қоймайды. Сәл көлеңкелерді жақтайтын көңілдестер табыла кетсе, мүлде қиын екен.
— Азаптың үлкені сонда. Көлеңкелердің де тірегі табыла кетеді. Олар колхоз өскен сайын, өзіңнің атағың шыққан сайын ызаланып, өшіге түседі.
— Дұрыс айтасың, бізде де нақ солай. Тағы айтатыны бір-ақ нәрсе. — Жеп қойды, ішіп қойды, үй салды.
— Менде де нақ солай. Көлеңке, көлеңке!
— Ал, Николай, көлеңкелерді жою біз екеуміздің қолымыздан келмес.
— Әрине, келмейді. Көлеңкенің аты көлеңке.
— Дұрыс айтасың аяғына, алға басқан қадамына шырмауықтай оралып, жатып алатыны жаман. Бірақ, елемей жұмысты жүргізе берген жөн. Мен өзім ойлап-ойлап енді соған бастым. Көзге түсіп, табысың артқан сайын табалаушы табылады екен. — Алдабергенов ойланып, жай бір мұңмен айтты. — Мәселен мына колхозға қарашы! Бұл колхоз жөнінде ешбір арыз да, дау да, талас та жоқ,Ал шынына келгенде әңгіме, арыз осындай колхоз туралы болса дұрыс. Неге бұл колхоз артта қалған. Шаруашылығы неге төмен? Себебі не? Неге бұл колхоз көршілері сияқты болмайды. Бәрінің жайлайтын жері бір бәрінің суы бір, жайлауы, қыстауы бір. Сөйте тұрып, бұл колхоздың шаруашылығы неге төмен? Міне, бізде сөз болатын мәселе жоқ па екен?
Алдабергенов бұл сөзді айтқанда жаңа ғана қасынан өткен, қазірде «әудем» жерде жатқан Карл Маркс атындағы колхозға қарап тұрып айтты. Николай Головацкий де әлгі ауылға қарады.
Бұл екеуінің көз алдында, республикадағы атақты екі колхоздың председательдерінің көз алдында сонау бір соғыс алдындағыдай, жаңа-жаңа есін жиып, ел санына қосылуға енді ғана бет алған тым жұпыны ауылдың сиқы жатты. Балшықтан салынған, жатаған, шатыры жоқ, аласа үйлер ығы-жығы боп, бейберекет салынған. Ауылда не бір онды клуб та жоқ екен. Басқа ауылдарда ең болмаса алыстан енсе көрсетіп, мен мұндалап мектеп үйі тұрушы еді. Мына колхозда ең болмаса жаңа салынған мектеп үйі де жоқ, екен. Ауылдың шетінде сиыр қора сияқты ұзынша бір аласа ақ үй тұр, мектеп болса сол шығар. Жол үстіндегі жұпыны ауылдың сиқын олай-бұлай өткендер әбден көрсін дегендей, ең болмаса көшесіне ағаш та отырғызбаған. Бұл ауылдың шаруасы қандай деп таныспай-ақ, үйлердің сиқы ақ көрсетіп тұр.
— Осы колхозда ғой, талай-талай бастық, болған шығар ау? — деді Николай.
— Болғанда қандай, тіпті, бір кезде басшы қызметте, облыста жауапты қызмет істеген, оқыған, білгір азаматтар да бұған бастық боп көрді.
— Мен білетіндері бар ма?
— Білгенде қандай, саған, сенің колхозына өкіл боп барғандары табылады. Бәрі өтті ғой. Сен оны айтасың, сонау жылдары, ең алғашқы колхоз ұйымдаса бастағанда бұл жерде аудан орталығы болған. Мұны Мұқыры селосы деп атайды.
— Аудан орталығы болған дейсің бе?
— Болған. Сондағы қалпынан нашарламаса, ештеңе қосқан жоқ. Қайта кейбір үйлері құлап қалды.
— Өзінің жері мол екен, тегіс екен. Жөнін тапса, ду көтерілгісі көп тұрған ауыл.
— Өте дұрыс айтасың жері біздің Шұбардың жерінен жақсы болмаса, жаман емес. Тек дұрыс басшылық жасай білу қажет. Сонда ғана көктейді бұл ауыл.
— Бабын білсе Жетісу жерінде көктемейтін, өнім бермейтін жер жоқ.
— Өте дұрыс сөз. Жетісу малдың майлы құйқасы сияқты құнарлы жер. Тек еңбек сіңіру қажет. «Жыламаған балаға анасы емшек бермейді» деген өте рас сөз.
— Нұрмолда, сен оны қой. Жетісудың жерін мен де жақсы білем. Өзің айттың бұл колхоздың жері Шұбардан жақсы болмаса, жаман емес дедің. Ал сондай екен, егер сені осы колхозға жіберсе, не етер едің?
Николай Нұрмолдаға көзін қысып, қуланып, сығырая қарады.
— Ал, соны сұрап тұрған мына сені жіберсе не істер едің?
— Жоқ, сен қарсы сұрауды қой. Жауап бер.
— Не істерімді өзім білер едім.
— Не істерімді мен де өзім білер едім.
— Демек екеуміз де осы колхозда жұмыс істеуге келістік! Ал енді сау бол! деп Нұрмолда Николайға қолын күле созды.
Николай Головацкий Сарыөзекке қарай тартқан қасқа жолға түсті де, Нұрмолда ауылына қайтты.
Жолай ол көшесімен өтті. Әлгінде айтылған осы село жөніндегі әңгіменің әсерімен ауыл көшелеріне тағы бір зер салып өтті. Осында бастық болған өзі білетін азаматтардың бәрін біртіндеп көз алдына келтірді. Бәрі де өзінше жақсы жігіттер, білгір адамдар. Неге булай екен деп ойлады. Қалайша олар ел басқарғанына, еңбек күн алып тамақ асырағанына мәз боп жүре берді екен? Неге олар нақ бір бес-алты айға көп болса бір жылға келген қонақ сияқты жүреді екен?
Осындай бір өткінші оймен ауыл көшесінен зыр етіп өте шықты. Көксудың көпірінен өткенде оның, ойы да сейіліп біткен еді.
Той Нұрмолданың көңіліндей болмаса да бір міндеттен құтылғандай бір сәт арқасы кеңіп қалды да, артынша әлденесін ұмытқандай немесе жоғалтып алғандай, көңіл шіркін құлазып сала берді. Не жетпеді, не кем? Бұған өзі де жауап таба алмады. Артынша колхоздың партия ұйымының секретары Көбенді кездестіргеніне қуанып қалды да:
— Ал Көбен, хал-жайың қалай, тойымыз қалай етті, сеніңше?
— Көңілге болмаса жаман болған жоқ қой деймін. Бірақ аудан басшылары нақ бір келісіп қойғандай келмегені несі?
— Шақыруын шақырдық. Алдынан тұтас өттік. Келмесе, енді қайтеміз? Өлеміз бе, әлде аяғына жығыламыз ба? Назаров жолдас рұқсатын берген. Маған сол жетеді.
Көбен үндеген жоқ. Екеуі қатар жүріп, жайлап басып, колхоз басқармасының кеңсесіне келіп енді.
Алдабергенов туралы жазбақ боп жүрген тілші бұл мерекеде болмады. Шынына келгенде колхоздың ертеңгі күні туралы үлкен әңгіме осында болып еді. Ол той кезінде тапсырмамен Еркін ауылына кеткен болатын.
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
I
Тексеру ұзаққа созылып, көктем шыға әрең бітті. Арызда айтылғандардың көбі-ақ өтірік боп шықты. Алдабергеновтің ойынша мәселе осымен біткен сияқты еді. Бірақ олай болмады. Сонау бір кезде Жөндібайдың басына келген пәле өз басына келерін ол ойлады дейсің бе? Ойлағанда да нақ осылайша болады да деген жоқ. Бірақ нақ солай боп шықты. Ескі арыз тексеріліп, қорытындысы шыққан бойда арыздар қайта жауды. «Ойбай, несін айтасың, біз тексерудің қорытындысына риза емеспіз, бұған Алдабергеновтің өзін араластырған көрінеді», десе, енді біреулері «Тексерушілер Алдабергеновті жақтаған, беделіне бас иген», — деп соқты. Ал енді біреулері «Алдабергенов комиссия мүшелерін жоғары жақтағы таныстары, жолдастарының атымен қорқытқан» дейді. Кейбір ұятсыздар «О, несін айтасың, Алдабергенов комиссия мүшелеріне пара беріпті. Сөйтіп бәрінің аузына құм құйып тастаған екен» депті.
Булардың қайта тұтана бастаған отына май құйып, оларды кейде көріне қолдап, кейде жасырын қолдап Плотник жүрді. Мына арызды тексеруге жоғарыдан беделді комиссия сұрады. Енді, осы жолы бірдеңе жасап қалмаса Алдабергенов оның уысынан шығып кететіндей көрінді. Түскен арыздарды машинкаға басып, әлденеше дана етіп көбейтті де, тиісті де, тиісті емес те, әйтеуір қол жетер жердің бәріне жіберіп жатты. Көрсе де көрмеген боп Назаров отыра берді.
Ол өзінің ойлаған үлкен құпиясын іске асыру үшін алдымен кішкенеден бастауды жобалады. Өткен күзде болған той жайын сөз қылып, Алдабергенов ол мерекені аудандық комитеттің рұқсатынсыз, ешбір қаулысыз, өз бетімен жасады. Сөйтіп өзін аудандық комитеттен жоғары қойды, партиялық тәртіпті бұзды. Сөйтіп ол өзінің дандайсығанын, бетімен кеткендігін көрсетті. Ол ғана емес, Алдабергеновтің бұл мерекесі, өз бетімен жасаған тойы колхозға пәленбай мың сом шығын келтірді. Сөйтіп ол қоғам табысын шашты деген кінә тақты.
Плотник аудандық комитеттің бюро мүшесі ретінде бюроға мәселе қойды.
Бюроға Алдабергенов шақырылды. Бірақ, ол мәселенің неде екенін білмей келді. Ал осыдан сәл бұрынырақ, бюро басталмастан бұрын Плотник Назаровқа кірді. Өйткені сонау кезде Назаровтың Алдабергеновке ауызша рұқсат бергені бар. Сол күні, рұқсат берген күні Назаров Плотникке әдейі кіріп, былай дегені бар:
— Алдабергенов сенен рұқсат ала алмай, қаулы шығаруға қолдау таба алмай, маған кірді. Өзі тым ашулы екен. Мен не де болса, нақ осы жерде көзге түспейін деп, ауызша рұқсат беріп жібердім. Ар жағын өзін көре жатарсың. Көп болса, мен танармын немесе есімде жоқ дей салармын дегені бар.
Плотник Назаровқа сондағы айтқанын есіне салу үшін әдейі кірді.
— Айтқаным есімде. Мен әңгіменің аңдысын андып, артынан, кейінірек сөйлейін. Бәрін өзің айта бер! — деді Назаров.
Бюро басталды. Плотник сөзді бірден алды да, бастырмалата жөнелді.
— Колхозда ешбір қаулы-қарарсыз ұлан-асыр, үлкен той жасалған. Колхоздың колхозшылардың маңдай терімен табылған аса көп ақшаның босқа шашылғаны былай тұрсын, немене, Алдабергенов жолдас үшін Совет үкіметінің заңы, партияның қаулы-қарары жүрмей ме? Жоқ, жолдастар, бұл бас бұзарлық, бұл бетімен кеткендік. Бұл партияны, үкіметті елемеушілік. Бұл аудандық комитетке бағынбаушылық. Біз мұндай бетімен кеткен, дандайсыған адамдарды мықтап тәртіпке салуға тиіспіз. Керек болса, жолдастар, Алдабергенов жолдасты мықтап тұрып жазалауға, мықтап жазалауға барлық атақтан, наградтардан жұрдай етуге, сөйтіп, жазалауға тиіспіз.
Алдабергенов Назаровқа жалтақ-жалтақ қарап қояды. Ол Нұрмолдаға қарамаған, оны көрмеген боп, міз қақпай отыр.
— Меніңше, жолдастар! — деді Плотник сөзін аяқтай келіп, Алдабергенов жолдасты жергілікті партия, совет органдарын елемегені, онымен келіспегені, оның қаулы-қарарын мойындамағаны үшін және онысымен тұрмай колхоздың мүлкін, коғамның, көптің табысына суық қолын сұғып, оны төгіп-шашып, дәлірек айтсам, талан-таражға салып, рұқсатсыз той жасағаны үшін, өте қатаң жаза берілсін. Менің ұсынысым, партиядан шығарылсын, ісі сотқа тапсырылсын.
Нұрмолда Назаровқа қарады. Ол үндемеді. Ол шыдай алмай кетті.
— Жолдас Плотник, менің бар кінәм колхоз тойын жасау жайлы ғана болса, мен оған мынау отырған Назаров жолдастың рұқсатын алғанмын.
— Ол рұқсатын қайда? — деді Плотник.
— Ауызша алғанмын рұқсатты.
— Пәлі, ондай нәрсеге ауызша рұқсат бола ма екен? Қаулы керек, қаулы, Алдабергенов жолдас!
Ол көзін едірейтіп, алақанын жайып, отырғандарға, жан-жағына алма-кезек қарап қойды. Алдабергенов сөйлейін деп еді, сөйлетпеді.
— Сен соңынан түсінік бересің, тоқтай тұр!
— Ал, маған сөз бермесеңіздер, мына Назаров жолдас айтсын. Мен одан жеке отырғанда сентябрьдің он бесі күні рұқсат алғанмын.
Назаров бәрібір мелшиіп тіл қатпады.
— Тағы кім сөйлейді?
— Маған беріңізші! — деді әдемі келген үрпек бас сары жігіт.
Бұл аудандық комсомол комитетінің бірінші секретары Черных жолдас еді.
Черных өте бір сүйкімді, нақышты музыкалы, қоңыраудай сылдыраған даусы бар, сөз білетін, мәселені түсіне білетін, өзі барынша әділ, ойлағанын тайсалмай тура айтатын жігіт еді. Оның бойында біздің алдыңғы қатарлы жастарымызға тән алғырлық, әділдікпен қатар, байқағыштық, мәселеге терең мән бере білушілік бар еді. Оның бұл қасиетін, сырлас, пікірлес болмаған соң, әрине Алдабергенов біле де бермейтін. Өйткені ол колхозға келе қалса, өзінің комсомолдарымен болып, жиналысын, әңгімесін өткізіп қана қайтатын. Керек десе, ол Алдабергеновтің не үйінен, не онымен бір жерде дастарқандас, дәмдес-тұздас болған да адам емес. Содан да болар, Черных сөз алған кезде «мынау қайтер екен?» деп қалды ішінен Нұрмолда.
Черных сөзді тура тойдың өзінен бастады.
— Мен өз басым тойда болдым. Той жасауға, колхоздың отыз жылдығын өткізуге ресми қаулы алынғанын, немесе алынбағанын өз басым білмей бардым. Бірақ барғаныма өкінгенім жоқ. Той, колхоз тойы үлкен болған жоқ. Өте жұпыны боп өтті. Бірақ бізге қатты ұнады. Онда колхоздың отыз жыл ішіндегі табысы көрсетілді, қорытынды жасалды. Біз қазір жеке жастардың, алдыңғы қатарлы озық жастардың үйлену тойын жасауды, комсомолдық той жасауды салтқа енгіздік. Ондай болса, ең озық, атақты коллективтің, бүтін колхоздың немесе, совхоздың табысын, осу жолын, қол жеткен мәдени-экономикалық желісін көрсететін тойлар жасаудан неге қашамыз? Әрине, мен сол тойға қанша ақша кеткенін білмеймін. Білгім де келмейді. Өйткені ол халықтың өзі тапқан, бөлінбес қорға түскен, мәдени қордан бөлінген ақша болса керек. Ақшаның аты ақша, адамның аты адам. Сол күні мәселен, халық қандан көңілді болды! Бәрі де кәдімгі мерекедегі киініп, серуен салды, қызық тамаша көрді. Ақшаның аты ақша. Ол елдің, халықтың игілігіне керек. Ол ақшаны жасап жатқан сол халықтың өзі.
— Жолдас Черных, комсомол жолдас, жалпы сөздің керегі не, мына қаралып отырған мәселеге байланысты нақтылы пікіріңді айт, философияның керегі не бұл жерде! — деп Плотник қызара кетті.
Бірақ, Черных сөзінен жаңылған жоқ.
— Біздің өмірімізде философиясыз, саясатсыз, бос жатқан, қуыс қалған ештеңе жоқ. Біз әр нәрсеге ақ, философиялық, маркстік лениндік философияның тұрғысынан қарауға тиіспіз. Мәселен, тойға кеткен он шақты мың сом ақша қалай, ал халықтың, сол ақшаны өзі ендіріп отырған адамдардың бір күндік қуанышы, мақтанышы, біздің колхозымыз республикада бірінші боп, өзінің отыз жылдық мерекесін өткізген колхоз, біздің еңбегіміз жанған, табысымыз танылған колхозбыз деген моральдік мақтаныш сезімнің күші қандай? Міне, осы жағынан келгенде, ресми рұқсат алмағаны демесеңіздер, Алдабергенов жолдастың әлгі Плотник жолдас айтқандай ауыр жаза алатын .кінәсі жоқ. Мен ол пікірді қолдамаймын. Той тәуір өтті. Кәрі-жасқа бірдей жақсы әсер қалдырды. Сол тойда сөйлеген қонақтардың сөзі халыққа үлкен мақтаныш сезімін құйды. Жастар көңіл көтеріп ,ән салып, би билеп, көркем өнер үйірмесінің концертін берді. Оған халық тағы риза боп тарады. Демек, той мен тойдың айырмасы болатын шығар. Бұл тойдың халықтық мәні бар, өзінің белгілі мәнін танытқан той деп қараған дұрыс болады.
Черныхтың сөзін Плотник жақтырмай қалды.
— Комсомолдар өстіп, бұра тартып, саясат соғады, — деді ол. — Балалар ғой, бұлар.
— Сіз саясат айтпағанда не айтып отырсыз? Әлгі сөзіңіз, адал адамға таққан кінәңіз саясаттан тыс болса, талқыға сап неміз бар! — деп Черных оны қағып тастады.
Плотник жым болды. Бірақ, өзінің қатты соғылғанын білдірмеуге күш салды, теріс айналып, көпке, әсіресе, Алдабергеновке қырып отырды.
Бір-екі адамнан соң сөзді Назаров алды. Ол көпке қарамай жерге қарап, аяғының басына қарап сөйледі. «Менің ауызша берген рұқсатым бар еді» деп айтпады. Сөзінің бәрін екі ұшты етіп, біресе, Плотник дұрыс айтты деп, біресе, Черныхтың айтқаны да дұрыс деп, бұл тоқтата берді.
— Біздің республикамызда Алдабергенов жолдас басқарып отырған колхоз сияқты, соның табысындай табысы бар, жүздеген колхоз бар. Олар да озық шаруашылықтар. Олардың ұйымдасқанына алпысыншы жылдары отыз жыл толды. Бірақ, әлі той жасаған бірде-бірін естіген жоқпыз. Ал Алдабергенов жолдасқа елдің алдына түсіп, осынша қаржы шашуға кім рұқсат берді?
— Сен рұқсат бердің, жолдас Назаров, оны айту керек, мойындау керек! Немесе, Алдабергеновті жазалату үшін әдейі рұқсат бердің бе? Ондай болса ол жағын да ашып айт!
Алдабергенов шыдай алмай кетті. Даусы оқыс шықты.
— Есімде қалмапты. Рұқсат бергенім жоқ-ау, шамасы! Қаулы болмаған соң, бәрі бекер. Меніңше, Алдабергенов тиісті жазасын алуға тиіс. Плотник жолдас айтқан пікірлердің шындығы мол! — деп бітірді ол.
— Ұсыныс, нақты ұсынысты айтыңыз!
— Меніңше, қатаң сөгіс берілсін!
Дауысқа салды. Сөйтіп Алдабергенов Назаров айтқан қатаң сөгісті арқалап шыға келді. Сонау бір алғашқы жылды, соғыстан кейінгі, ең алғаш бастық боп сайланған кездегі жағдайларды еске алмағанда, Алдабергеновтің қатты сөгіс алуы осы еді. Көптен бері берілмеген жаза. Содан да болар, ол бюродан жүні жығылып, дел-сал боп шықты. Сөйтіп, бұл оқиғадан соң тілші Досовтың жазған очеркі де еш жерде басылмай қалды. Оның дел-салдығы бұған селсоқтық әкелді. Бәрі болмаса да, көбі, істің көбі-ақ теріс айналып кетті.
Осы бір дел-салдық оның иығына мініп алды. Кейінгі кезде оның еңсесі бір көтерілмей-ақ қойды. Ойы онға бөлінді. Кейде салы суға кеткен адамдай ұзақ ақырып, жұмысқа зауқы соқпай отырып алатын болды. Бір сәт көз алдына өзінің ферма меңгерушісі Жөндібайды әкелді. Жөндібай адал, ақкөңіл, барынша көңілді жігіт еді. Ол өтірік жазылған үш арыздан соң мүлде өзгеріп кетті. Арақ ішетін болды. Бәрі де жүрдім, бардым, селсоқ ат үсті боп кетті. Жұмысқа жаны ашымайды.
Жөндібайды ойлаған кезде «апыр-ай», жалған арыз, жалақор қылық адамды бұзады екен-ау. «Тауды тасты жел бұзады, адамзатты сөз бұзады» деген халық қандай данышпан десеңші. Халық деген терең, тұңғиық, жатқан ақыл. Бірақ, сөз бұзады екен деп бұзыла беруге болмайды. Ол өмірлік тәжірибесі аз, өзінің ойында, мақсатында белгілі тұрақтылығы жоқ әлсіздің қылығы. Қандай қиындыққа ұшырап, маңдайын тасқа соққанмен адам өзінің ойға алған үлкен мақсатынан қайтпауға тиіс. Адамның адамды қасиетінің өзі сонда. Ол кездескен тасқа сүріндім екен деп, орта жолдан қайтып кетпеуге тиіс.
Өзін осылайша бекіте түскенмен, көңілге дақ алған, дақ түсірген жайлар айналсоқтап, бастан шықпай қойды. Ол көп ойлап, көп толғанды. Өз бойынан да мін іздеді. «Мүмкін, — деп ойлады ол, — мүмкін мен үлкен-үлкен қателер істеген болармын. Мүмкін мен асқан шығармын. Дәрежең қанша ескенмен белгілі кенереден аспа, төгілме, жан-жағыңа қара, тәубеңнен жаңылма деп өзіме өзім айтатыным қайда? Мүмкін сол тәубемнен жанылғанымды өзім де сезбей қалған болармын. «Асқанға тосқан» деген тағы да халық сөзі. Сол тосқан осы болар. Ал, асқанда мен не істедім? Ал не істедім? Колхоздың мүлкін, ақшасын, астығын, етін жедім бе? Жоқ. Басқаларға бердім бе? Жоқ. Далаға тастадым ба, жоғалттым ба, шаштым ба? Жоқ. Той жасадың дейді. Ол жалғыз менің ғана тойым, менің ғана қызығым, менің ғана мақтанышым ба екен? Сонау бір күні бюрода сөйлеген жас жігіт, комсомолдың секретары Володя Черных өте дұрыс айтты. емес пе! Ол айтты, мұндай тойға, көптің қуанышы деп қарау керек те, саяси маңызы бар нәрсе деп түсінген жөн, деді ау ол. Өте орынды, әділ сөз. Ал осы жұмыс, әлгі той басқалар үшін неге саяси маңызы бар, керекті нәрсе боп көрінбейді. Бұл да тақ болатын нәрсе! Мәселенің маңызды, маңызсыз болуы жеке адамдардың, Плотник сияқты дау іздегіш, кекшіл адамдардың қандай көзқараста болуына байланысты ма? Бұлай болуы мүмкін емес! Бұған да бір зауал болар. Тексерер, дұрыс емес деп көрсетер! Жеке бір адамға өкпелеп қоғамдық істі, көптің жұмысын аяқ асты істеуге болмайды!» — деп өзін-өзі іштей демеп, өзіне-өзі күш беретін.
Бәрі де уақытша екен. Әдепкідегі ішті ашытқан уыт біртіндеп қайта бастады. Бірақ, осыны қайта ушықтырып жіберген бір жай болды.
Бір күні колхозға аудандық комитеттің екінші хатшысы Назаров келді. Ол кеңсеге жайраңдап, көңілді кірді, Алдабергенов күлмеді, түксие қалды.
— Ал, Нұрмолда Алдабергенович, қал қалай, жағдай жақсы ма? Қызылшаны қашан қазып боласыңдар? Жоспар орындала ма? — деп бәрін қоса қабат, үстемелеп сұрай бастады.
— Хал жаман емес. Қызылша болады! — деді ол қысқа ғана.
— Қашан болады?
— Айтылған кезінде.
Неге екенін өзі де байқамады, Назаров сұрау берген сайын Алдабергенов ширыға түсті.
— Айтылған кезі қашан еді, жолдас Алдабергенов, менің есімде жоқ? — деді ол.
— Ол үшін аудандық комитеттің бюросында алынған қаулыны жөндеп оқу қажет, екіншіден айтылған сөзді, уәдені еске ұстай білу қажет. Мен қызылшаны қашан, қанша орындайтынымды айтқанмын.
— Нұрмолда Алдабергенович, өзіңіз ашулысыз ба деймін. Маған неге ашуланасыз? — деп қалды Назаров.
— Мен сізге ашулана алмаймын. Бірақ, сөзінде тұрмайтын адамдарды өте жек көрем.
— Менің сөзімде тұрмаған жерім бар ма?
— Қалайша есіңізден шыға береді бәрі?
— Кәне, сөзімде тұрмаған жерімді есіме түсірші! Ал, түсіре алмасаңыз, онда маған қойып отырған кінәңіздің бәрі бекер. Мен фактісіз, дәлелсіз сөзді өте ұнатпаймын.
— Ұмытшақ адамды мен де ұнатпаймын.
— Мен ұмытшақ болсам, саған не істегенімді есіме түсірші!
Мәселенің не туралы екенін біле тұрып, Назаров қарсы сұрақты әдейі берді. Ондағы ойы Алдабергеновтің өзіне қандай кінә қоятынын өз аузынан естімек те және оған қайтарар дайын жауабы да болатын.
— Колхоздың отыз жылдық мерекесін өткізуге өзің ауызша рұқсат бердің бе?
— Бердім.
— Берсең, бюрода неге тандың?
— Танғаным жоқ. Есімде жоқ дедім. Оным рас, жолдас Алдабергенов. Маған да жан керек. Менің де бала-шағам бар. Саған рұқсатты бір бер. Сенде бірге жаза ал! Сондай-ақ, маған жан керек емес пе? Сенің бұл кінәң мүлде негізсіз.
— Ол сондай-ақ, бас кететіндей мәселе ме еді?
— А, сеніңше, қалай деп ойлап едің?
— Меніңше ол қылмыс емес, онда, тойда тұрған ештеңе де жоқ.
— Ештеңе жоқ, болса, бюродан неге қатты сөгіс алдыңыз?
— Ол Плотниктің маған ойлап тапқан жазасы.
— Плотник біреу, бюро көп. Олай десеңіз қате болады.
— Меніңше қате де жоқ, бүлінген ештеңе де жоқ.
— Жоқ қате. Бюроның қаулысын мойындау қажет! Бұл бір деңіз, екіншіден, жақсылықты білу қажет.
— Маған сен қандай жақсылық істеп едің? деп Нұрмолда шап ете қалды.
— Білмейсің бе, есіне түсірейін бе?
— Ал түсірші, кәні?
— Басқаны былай қойғанда, осы кейінгі кезде саған екі бірдей жақсылық істедім. Біріншіден, өз басымды қауіпке байлап, бүкіл бюро«ың қарсы боп отырған мәселесіне, колхоздың тойын жасауға рұқсат бердім. Екіншіден, сол той үшін жазаланып, ең ауыр жаза алайын деп отырған жеріңнен сақтап қалдым.
— Сен болмағанда мені қайтер еді? Сол Плотник жолдас айтқандай болатын ба еді?
— Болатын еді. Бюроның қаулысы да нақ солай жазылып қойған болатын. Мен сені су түбіне кетіп бара жатқанда жағаңнан ұстап, тұңғиықтан шығарып алдым.
Алдабергенов аң-таң боп, осыған нанып та қалды. Бірақ, артынша, есін жиғандай боп:
— Менің ең жек көретін адамым өзін тым ақылды білгіш санайтын, басқаны, өзінен өзгені ақымақ, аңқау санайтын адам.
— Ал менің жек көретін адамым, жақсылықты жамандықтан, досты қастан ажырата алмайтын адам.
— Мен сенің достығыңды көре алмадым.
— Бұдан былай көрсетемін.
— Нені көрсетесің?
— Дос десең достығымды, қас десең қастығымды көрсетем.
— Бұрын сен тырнағыңды көрсетпей келдің, енді көп болса ашықтан-ашық кетерсің.
— Саған еткен адалдығым, достығым босқа кеткен екен, енді басқаша болады.
— Қолыңнан келгеніңді аяма! — деп қалды Алдабергенов.
Бұл оның өз адалдығына. сенген ең ашулы, ең қатты сөзі еді. Сол сөз айтылды. Назаров қызылша жайын сұрап жатқан жоқ, есікті сілке ашып, сыртқа шығып кетті. Алдабергенов кеңседе отырып қалды. Жаңа ғана шәлкес көп, тірескен сөздерді есіне қайта алды. Дегенмен, ол мұны әшейін көп керістің, ұмытылып кететін жайдың бірі деп ойлаған жоқ.
II
Ұзаққа созылған тексеру бітті. Алдабергеновтің ойынша арызда көрсетілген жайлардың бірде-бірі дәлелденген жоқ. Шыны да солай еді. Бірақ, комиссия көптеген қосымша фактілер тауып, соны растапты. Ендігі әңгіме сол жайлар болса керек. Тіпті, жеке адамдарды, колхозшыларды шақырып ап, Алдабергенов жөнінде мінездемелер сұраған. Көптеген колхозшы өздерінің жиырма жылға тақау басшысы болған адам жөнінде ешбір жаман сөз айта алмады. Әлгі комиссияның беделді бір мүшесінің осы ауылға аса көп келген және Алдабергенов жайлы жазбақ боп, көптен бері материал жинап жүрген тілші Досовпен әңгімелескені бар. Бірақ, Досовтан қанша сыр тартқанымен ши шығара алмады. Ол Алдабергеновті көптен, сонау бір колхозды нашар кезінде қабылдап алған кезден, соғыстан кейінгі алғашқы сайлауды ескі ат қорадан өткізген кезден білетінін айтты.
— Менің байқауымша Алдабергенов барынша адал, — деді ол сөзінің соңында. — Адал, ақкөңіл. Ешкімге қиянаты жоқ. Ол қоғам мүлкін шашпайды да, жемейді де. Оның өз табысы өзіне жетіп артылады. Өзінің колхоздан, үкіметтен алатын ақшасы жетпейтіндей онда үлкен семья жоқ. Әйелі Ақжарқын, қызы Күләнда, баласы Төлеген. Өзі төртінші адам. Ал осы семьяны асырауға Алдабергеновтің өз табысы молдық етпесе, аздық етпейді. Ал сіздің, ерекше мән беріп отырғаныңыз үй ау деймін: Мені тыңдағыңыз келсе, оны да айтып берейін. Қалай десеңіз де Алдабергенов кеше ғана көшіп жүрген елде туған адам. Ол жас кезінде, тіпті мына отызыншы жылға дейін іргетасы бар, едені бар, бірнеше бөлмелі үй түгіл, бір бөлмелі үйде де тұрып керген жоқ. Ол киіз үйде тұрды. Ол көшіп жүрді: Ол ғана емес, оның осы күні басқарып отырған колхозының көптеген мүшесі мынау Малайсары мен Сарыбұлақ бойында көшіп-қонып жүргендер. Ал кешегі көшпелі елдің бүгінгі басшысы үлкен әдемі үйге, екі қабат үйге қызықса болар, қылмыс болар несі бар? Бұл бір деңіз. Ал екіншіден кешегі қойшы, байдың жалшысы жақсы, әдемі үйде тұрса ол біздің заманымыздың артықшылығын, ерекшелігін көрсетпей ме, біздің бүгінгі жеңісімізді баяндап жатпай ма?
— Байқап отырмын, тілші жолдастармен сөйлесу, оларды өзің ойлаған нәрсеге көндіру қиын-ақ.
— Қиын емес. Тілші де адам, логикасы бар, дұрыс пікір болса олар да қулай кетеді. Сіз мені бөлмей аяғына дейін тыңдаңыз. Ол үйде тұрған ештеңе жоқ. Ол үйде бүгін Алдабергенов тұрса, ертең балалар бақшасы болады, колхоздың музейі болады. Мектеп-интернатқа жатақхана болады. Дайын үй артық емес, ол да мүлік боп қалады. Ол үйдің қалқайып тұрғанынан колхоз да, колхозшылар да ешбір зиян шекпейді. Қайта ауылдың ортасында осындай бір үйдің тұрғаны өнеге, үлгі болады. Қараңдар, кешегі көшпелі елдің балалары қандай үйде тұрады деп мақтанатын болады.
Досовпен сөйлесіп ол ештеңе таба алмады. Басқалармен әңгіме де осы тәрізді боп бітті білем.
Сонымен енді басылған шығар, аяғы сиыр құйымшақтап осымен бітетін шығар деп жүргенде Алдабергеновті бюроға шақырды да, мәселені талқыға салды. Оған мынадай кінә тағылды. Колхоздың отарларында бұрынғы айтқандай қой кем емес, қайта артық екен. Етке өткізілуге тиісті, бірақ әлі өткізіп үлгермеген бес жүз қойдың артық, боп шыққаны рас. Екіншіден, үй салдың үлкен, екі қабат үйдің саған керегі не еді дегенді қосты. Үшіншіден, мас болды деген сылтаумен біреулерді заңсыз қаматқансың.
Алдабергенов орнынан алынды, тағы бір қатаң сөгіс берілді. Бұл оған алғашқыдан бетер қатты соққы болды. Ол көп жыл ыстық суығына бірдей күйген туған ауылдың адамдарының бетіне тура қарай алмай қалды. Неге? Жеді ме, ішті ме, халыққа зиян келтірді ме? Бұл жағы өзіңе аян. Ешкімнің ала жібін аттаған жоқ, ала тайын алған жоқ. Сонда да болса ол халыққа қарай алмады. Неге қарай алмады? Бұл белгісіз. Сонау бір кездегі қатты соққы кезіндегі күйзеліс асаулық екен. Бұл жолы ол қатты күйзелді, алғашқы сәтте тіпті құлап кетті. Мансап, дау-жанжал, айтыс-тартыс талқысына түспеген, соғыстағы қырғыннан басқа қанды айқас көрмеген, әшейін бір жай пенде екенін енді сезгендей болды. Батыр пішін, шыныққан білек, көп жылдық тәжірибе, адал еңбекте өскен басы жұмыр пендеге тұлға бола алмай қалды. Оның жүні жығылып кетті. «Менің де Жөндібайдан айыр.мам шамалы екен» деп түйді. Ол көпке дейін сыртқа шықпай, бүк түсіп үйде жатып алды. Ол қиналған кезде: «Осы менің бастық болған нені алған еді? Басқа колхозшылар сияқты суымды суарып, қызылшамды егіп, өз жұмысымды ғана біліп жүре берсем ғой, мұндай күйге түспес едім. Бірақ, мені еркіме қойды ма? Сен боласын деді, халық дауыс беріп сайлады. Сонсын болдым. Болмасыма қойған жоқ»...
Ешкіммен сөйлеспей, үйден шықпай біраз жатты. Бірақ, одан жайдың өзгерер түрі жоқ. Оның жүні жығылып, ол өзіне күн сайын құлдырап бара жатқандай көрінді. Іссіздік, халықтан жырылып қалып қою адамды аздырады, тоздырады. Тірегі жоқ бос қиял адамды жүнжітеді. Өзінің үйінен шықпай жатқан бір-екі жетінің ішінде ол ұға бастады. Кеше ғана халықтың арасында, соның күнделікті қызу өмірінің ішінде қайнап-пісіп, зыр жүгіріп жүрген адамға мына жатыс өліммен бірдей боп көрінді. Ол өзінен-өзі шошып та кетті. Беті қуарып, жағы түсіп, өңі бозғыл тартқан, көзінің асты сарғайып кеткен. Алдабергеновтің өзі ізденбесе, оны жоқтаушы көрінбеді. «Нұрмолда қайда екен, не күйде екен? Оның ойы не, енді не істемек дегенді ойлаушы бар ма? Бар болса ол қайда, ол кім?»
Ол өзінің осы түрін көріп, қайта шошыды. «Жоқ, бұл болмайды екен. Мен халықтан кетсем, жайым нашарлайды екен. Дүниеде еңбексіз,іс-әрекетсіз жатудан жаман нәрсе жоқ, екен» деп түйді ол.
Ол қатты қорланды. Бірақ өзінше жол тапты. Аудандық комитетке, кеше ғана өзін жазалаған бастықтың бірі Назаровтың алдына қайта келді.
— Алар жазамды алдым. Енді маған қызмет беріңіздер, — деген талап қойды.
— Қазірше қызмет жоқ, — дей отырып, Назаров оған қуақы сұрақ қойды. — Қызмет болғанда қандай қызмет істемек ойың бар?
— Менің колхоздан басқа барар жерім жоқ. Колхоз беріңіздер...
Назаров миықтап, бір түрлі сықақты, зәрлі күлкімен жымиды.
— Колхоздан босатып, колхозға жібермейді ғой партия!
Алдабергеновтің назары төмен түсіп, көңілі пәс боп қалды. «Мұндайы тағы бар ма еді? Колхоздан басқа тағы не қолдан келеді? Қолдан келетін ештеңе де жоқ».
Сонымен Алдабергенов біраз уақыт жұмыссыз жүрді. Сол кезде ауырып емханаға түсті. Көп жайды ол сол емхананың үйінде, шалқасынан жатып ап ойлады. Көп уақыт дал боп жатты. Кейінгі кезде оның басынан өткендердің көбі-ақ оған түс сияқты, кәдімгі көрген түстей еді. Оның көңілін сұрауға келіп-кетіп жүрген жора-жолдас оның ойын бөлісе алмады. Көбі-ақ өзі ауру адамға қызметін .кейінгі кездегі оқиғаларын есіне түсіру қиын тиер деп ойлады. Көптен бері ауыл жақтан да хабар болмай кетті. Нақ осындай бір көңілсіз, ойлы шақтың кезінде ауылдан Көбен келді.
— Көбенжан, халың қалай? — деп оған ағалық мейірмен қарады. — Ауыл-аймақ аман ба, шыққан шығын жоқ па? Балалардың, біздің үйдің ішінің дені басы сау ма?
Көбен соңғы кездегі жаңалықтың бәрін жайлап отырып айтты. Ең соңында жақында қайта сайлау боп, өзінің түскенін, жаңа парторг сайланғанын айтты.
— Ә, сөйтіп, сен де тайдың ба? Бәсе, осылай болар-ау деп ойлап едім. Мен болмасам, саған ештеңе емес қой.
— Сізге не болады? Сізге де ештеңе емес! — деді Көбен оның көңілін көтергісі кеп.
— Маған неге ештеңе болмасын. Сен сияқты жас болсам бір сәрі, ұлғайып қалған адамға қиын ба деп қалдым. Енді сен мені қой, өзін қажыма, әлі жассың, бәрі алдында, болашағың мол. Тек денсаулық болсын!
Ол Көбенге ақыл айтамын, жігер беремін деп, өзін-өзі іштей қамшылап, «Шынында маған не болмақ?» деп ойлады. Оның, осы ойын сезгендей Көбен де:
— Сіз ештеңе ойламаңыз. Өзіңіз айта беретін бір мақал бар еді ғой, қалай еді, құдай-ау, ұмытып қалдым ба? Жоқ, нақ тілімнің ұшында тұрып, ойыма түспеуін қараңызшы! Қалай еді?
— Қандай мақалды есіңе түсіре алмай тұрсың?
— Өзіңіз көп айтушы едіңіз. Сіздің бұдан да қиын күндеріңіз болды ғой. Соғыста болдыңыз. Содан қиын болмас. Берер жазасын берді, енді сізде несі бар? Жаңағы мақалдың есіме түспеген ай!
— Ә, сенің есіңе түспей отырған мақал меніңше «Бұдан да жаманымда тойға барғанмын» деген шығар.
— Иә, иә, нақ өзі. Сіз бұдан жаманыңызда тойға барған адамсыз. Атақ, абырой бар. Оны алуға ешкімнің хақы жоқ.
— «Бұдан да жаманымда тойға барғаным рас!» — деп Алдабергенов рахаттана күлді. — Оның рас, атақ, абырой бар. Бірақ, сонымен нақ бір пара-пар тағы бір биік сөздер бар емес пе? Намыссыз абырой, арсыз атақ болмас ау! Абырой мен атақ жүрген жерде намыс, ар деген сөздер тепе-тең жүрсе жақсы.
— Сізде ол да бар. Сондықтан қызмет жайын ойламаңыз. Сізге қызмет береді. Тек, тезірек айығып кетіңіз.
— Қасқа таба болмайын деп өзім де ойлап жатырмын. «Алдабергенов орнынан түскенін уайымдап ауырып жатыр екен» деген сөздің өзі қандай жаман! Өзім де жазылуға құштармын. Дегенмен қатты шаршаған екенмін, жүйкем құрып қапты. Біраз тыным ап, емделіп шыққан да жақсы болар.
— Әрине жақсы болады. Тез айығыңыз!
— Рақмет! Сұраған жанның бәріне сәлем!
Көбен кеткен соң, Алдабергеновтің ойына мынадай бір жай келді. «Мен ғой жасарымды жасап, асарымды асап, жер ортасынан ауғанмын. Өзім көп нәрсе көрдім. Басқаны былай қойғанда кешегі сұрапыл соғыста өліп кетсем кімнен артық едім. Қайта осыны тәубе етуім керек. Екіншіден, жаңағы Көбенге қарағанда ғой, мен ит көйлекті бұрын тоздырған адаммын. Мен өзімнің үлкендігімді істеп, оған үлгі-өнеге көрсетуім қажет емес пе? Мен белімді қатты бумасам, қасқа күлкі боп, табалап қалуым кәдік. Мықты болуым керек-ақ!..»
Міне, осы күннен бастап, оның денсаулығы да жақсы бола бастады. Көп кешікпей ол емханадан шықты. Ауылға келген күннің ертеңіне ол Назаровқа қайта барды.
— Мен ғой, алар жазамды алдым. Ал енді тағы беретінің болмаса, маған енді қызмет бер! — деп мәселені қабырғадан қойды.
Назаров өзінше аң-таң болған адамша көзін бадырайтып көрді де, артынша қулана қарады. Бірақ, Алдабергенов сонау бір кездегідей жүні жығылып, не істерін білмей, мәңгіріп қалған адам сияқты емес. Ол өзгеріп кетіпті. Есін жиып алған көрінеді. Бұл жай Назаровты қуантқан жоқ. Қайта есін тез жинап алғанына таң, болды. Сөйте тұра тағы бір жүйкеге тиюді ойлады.
— Бізде саған лайық, сенің қолыңнан келетін қызмет жоқ.
Оның бұл сөзі Алдабергеновті таң қалдырған да жоқ, қатты әсер де ете алмады. Өйткені ол мұндай сөз түгіл, бұдан да гөрі ауырын естуге әзірленіп келген еді.
— Маған сізше, қандай қызмет қолайлы деп отырсыз?
— Соны да анық біле алмай отырмыз. Өзіңіз қалай ойлайсыз?
— Сіздер ұсынған қызметтің бәрін, сіздерге ұнаған жұмыстың бәрін ұнатамын.
— Соны біз таба алмай отырмыз. Өзіңіз көмектесіп жібермейсіз бе?
— Менің тапқаным сіздерге қонса жақсы, — деп аз ойланды да Нұрмолда, қайтер екен деген оймен, бір жағынан шынын айтты, — мен өзім істеген, өзім мүшесі боп отырған колхоздың колхозшысынан бастап, бригадир, звеношысы, ферма меңгерушісі бола алам. Бұған қалай қарайсыз?
— Жоқ, — деді Назаров, — жоқ, шынын айту керек, ол колхозда сізді қалдыра алмаймыз.
— Онда қалдырғың келмесе, өзіңнің орныңды беретін шығарсың? — деді Нұрмолда зілді күлкімен.
— Партия ұсынса, халық сайласа болып көр!
— Сені сайлаған халық мені сайламас деп ойлайсың ба?
— Ондай болса, қашан менің орнымды алғанша саған берер қызметім жоқ.
— Ойлап қара, табылатын шығар?
— Сен мені қорлауға келдің бе?
— Жанның бәрін сен ғана қорлауға тиіссің бе, қашанғы қорлай бересің?
— Сені ешкім де қорлаған жоқ, қылмысыңа лайық жаза алдың. Сені партия жазалады. Жоқ, әлде соны дұрыс емес демексің бе?
— Дұрыс, партия жазалады. Бірақ, партия мені далаға таста, жұмыс берме деген жоқ қой. Сен маған жұмыс бермей қорлап отырған жоқсың ба?
— Дайын жұмыс жоқ. Плотник жолдасқа бар.
— Ол да сенің айтқаныңды айтады да...
— Оны өзі біледі.
— Сен де біліп отырсың ғой.
— Сіз менімен ұрсуға келдіңіз бе?
— Жоқ, сөз табуға, ұғысуға келдім. Маған жұмыс бер. Мен іссіз отыра алмаймын. Кейін бір табылар деп жүре беретін жас адам емеспін. Маған жұмыс керек.
— Жұмыс жоқ, сізге әзірше!
— Көп болса, қорладым, шынын айтқыздым дерсің. Бірақ мен тек шындықты ғана айтып үйренген адаммын. Мен саған шынымды айтсам, жұмыссыз, іс істемей жүре алмаймын. Жаңа да айттым, не болса соны ермек қып жүре тұратын жас адам емеспін. Маған жаза берілді. Мойынымда күнәм бар дейік. Енді мен сол жазаны жууым керек, істе көрсетіп, өзімді өзім ақтауға тиіспін.
Бірақ ол мұнымен де ештеңе шығара алмады.
— Сізге қызмет тауып беру мәселесі аудандық атқару комитетінің председателі Плотник жолдасқа тапсырылған. Соған барыңыз!
Алдабергенов әбден ызаланған еді. Ол оған да барды. Кейінірек, ауылдық Советтің председателі болды. Плотник бұл облыстан ауысып, басқа қызметке, басқа облысқа кеткенде барып, Алдабергенов баяғы жол үстіндегі Мұқыры ауылына колхоз басқармасының председателі боп сайланды.
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
I
Нұрмолда Алдабергеновті жақсы білетіндер де, тіпті шала білетіндер де бұл енді қайтер екен деп таң бола қалды. Артта қалған, көптен елеусіз жатқан, шаруашылығы нашар колхоз. Бұл колхозды көтеремін деп көкірегіне нан пісіп келгендердің көбінің ақ тауы жығылып, беті қайтқан. Содан да болар, қас түгіл, сол Алдабергеновтің тілектес достарының өзі: «Апыр-ай, мынау енді қайтер екен, мықты болса, шын талант болса, осы жерде көрінер! Немесе, осымен қалар» деп күдікпен қарады. Басқалар былай тұрсын, сайланарын сайланып болған соң Алдабергеновтің өзі де қатты ойланды. Әсіресе, жексенбі күні ерте тұрып, колхозды ауылды жаяу аралады. Сол күні қатты қобалжыды. Ауыл сиқы тым қораш. Ең кедей үйдің тауығына шашқан бір уыс дәні сияқты таудың төскейіне тырмысып, шашырай жатқан жатаған жатаған, төбесі балшық, шикі кесектен қаланған ала-құла үйлер. Не бір рет жоқ, не бір жібі түзу көше жоқ. Ал мектеп, клуб тәрізді мәдени орындар көзге түспейді. Ауылдағы ең тәуір үй колхозды бөліп өтетін үлкен тас жолдың бойындағы шифрлы магазин екен. Оның өзін облыстық тұтынушылар одағы салған. Ішінде нан, түз, тәтті нан, қантпен бірге мата, киім-кешек қоса сатылады. Оның өзі де ағаштың басына ілген қара торғайдың ұясы сияқты қалқиып қана тұр. Осыдан басқа көз тоқтатар ештеңе жоқ. «Бұл ауылдың үлкенді-кішілі азаматтары не бітірген, не ойлаған. Келіп кеткен көп бастық не бітірген. Сонау отызыншы жылдан бері отыз жыл уақыт өтіпті. Содан бері бұл колхозда жиырмадан аса колхоз председателі болғаны хақ. Ал солардан қалған белгі бар ма? Пәлен деген бастық болғанда жасатқан еді деп айтатын бірдеңе бар ма? Бар болса, ол қайсы? Ондай нәрсе жоқ.
Алдабергенов ауылдың нақ ортасындағы мал қорасының қасынан өтіп келе жатып өзінен-өзі күліп жібере жаздады. «Мыналар баяғының сасық байлары сияқты өз малының қи тезегін иіскеп отырмаса көңілі көншімейтін шығар?» — деп ойлады. «Ал дүниедегі ең жаман нәрсенің бірі сол — істеген ісіңнен, еткен қызметіңнен ешбір нәтиже болмаса белгі қалмаса...»
Ол осылайша өз ойымен өзі боп, колхоз ауылын едәуір аралады. Оның бұл кезде осы колхозды жөндеу, шаруашылығын алға бастыру жайлы үміті қандай болса, күдігі де сондай еді. Нұрмолда колхозды жөндеудің істе, көп жылғы ел басқарған қызметінде сыналған бір-ақ жолын біледі. Ол жол — еңбек. Колхозда еңбекті дұрыс ұйымдастырмай тұрып, ешбір талантты бастық, шаруашылықты жақсарта алған емес.
«Колхоздың жері жақсы, суы мол, — деп ойлады ол жаяу келе жатып. — Бұл екеуінде кемдік жоқ. Енді сол жерге дұрыстап, адалдықпен тер төге білу қажет! Шын ниетпен, ықыласпен төгілген ащы тердің, буы бұрқыраған ыстық тердің қасиеті мол ақ. Ол заманның ең асыл деген тыңайтқышынан артық. Еңбек пен тер — егіз. Еңбек терсіз болмайды. Терсіз енбекте, енбексіз терде пайда тағы жоқ. Ал, енді осы ауылда сол терді төгуге әзір тұрған адам бар ма? Әрине, бар. Тек оларды тауып, ұйымдастыра білген жөн, енбекке, тер төгетін енбекке бастау қажет. Жасыратын не бар, қайсы ауылда болмасын еңбектің ең ауыр басын көтеретін, ең қиынын атқаратын, ең жаңасын игеретін жастар ғой. Ал, бұл ауылда сол жағы кем. Жастар бір-бірімен келісіп алғандай, ауылда тұрақтамайды. Қалаға кетеді. Оқуға түскендері өз алдына, оқуға түсе алмай қалғандарының өзі колхоздың бетін көргісі келмейді. Жұмысты қалада істейді, әйтеуір ебін тауып, сонда қалуға тырысады.
Мұның себебі кімге болса да аян. Колхозда табыс аз. Мәдени жұмыс жоқ. Оны өткізетін орын бар ма? Кино, ойын-сауық, би болып жатқан клуб болмаған соң, мұнда жас жігіт, жас қыз тұра ма? Тұрғын үй ше? Жас адамдар жақсыдан жақсы таңдайды, қызықтан қызық көргісі келеді. Қалаға барып, өздері қатарлы адамдардың қандай жайда, қалай тұратынын білген жас жігіт мынадай кедей, ең болмаса тұратын оңды үй жоқ ауылда қалай тұрғысы келеді деп ойлауға болады? Мұндай жерде туған ауылыңнан неге безесін деп, оларды кінәлауға да болмайды. Алдымен жақсы, таза, жарық, әдемі үйлер салу қажет. Клуб, мектеп, магазин, емхана, аптека, балалар бақшасы, ясли керек. Содан кейін барып, жастарды, ең болмаса олардың тең жартысын ауылға ұстауға болады. Демек, еңбекті жақсартудан бұрын, жұмыс қолын, жас күшті сақтау үшін ең алдымен жаңа үйлер, мәдениет мекемелерін, тұрғын үйлерін салған жөн. Осындайдан бастамаса, көкпар тартатындай ашық алаңда айта қалғандай еңбек өнегесін көрсете салу қиын.
Еңбекте табыс таппай тұрып, жақсы үйді қалай салуға болады? Мұндайда ол тұйыққа қайта тіреліп қалды. Астық, қызылша, ет, жүн, сүт! Міне, колхоз байлығының көзі осылар. Бірақ, қазір барлығы да көзін топырақ басып, көміліп қалған қайнар сияқты тек қана болар-болмас сызаттап жатыр. Көзін кеңірек ашса, фонтан боп шапшып атпаса да, бүлкілдеп қайнағалы тұр, шымырлап аққалы бөгіп жатқандай». Ал сол қайнардың көзін ашады, булығып жатқан суды жібереді деген үмітпен халық мұның өзін сайлады. Мықты болсаң енді сол қайнардың көзін ашып байқа.
Алдабергенов көше бойлап, өз ойымен өзі боп келе жатқанда көшенің екінші басындағы тәпелтек жеркепе сияқты үйден шоқшиған теке сақалды, аласа бойлы қарт кісі шықты да, Нұрмолданы, көше кезіп келе жатқан жаңа сайланған бастықты көрді де қалта қарап тұра қалды. Өз көзіне өзі сенбегендей, жаңа ғана шығып келе жатқан күн сәулесінен көзін көлегейлеп, қайта қарады. Бастықтың өзі екен. «Е, дәуде болса мынау бір жақсылық болар, соның басы шығар. Ауылды қыдыр аралап келе жатқан сияқты екен» деп ойлады да, қоржиған, ескі шибарқыт қамзолының қалтасына қолын сап, насыбай шақшасын алды да, ақтарылып тұра берді. Алдабергенов жақындап келгенде насыбайды астыңғы ерінге қағып сап, қарсы жүрді.
— Айналайын ау, Нұрмолдамысың, жолың, қызметің құтты болсын, жаным! Уақыты жоқ болар деп, кейін бір арнайы барамын деп кеңсеге бара алмай, қуанышымды, жылы сөзімді айта алмай, ал-дал боп жүрген жайым бар еді. Өзін кездесіп қалдың ғой.
— О, Қалқа аға, дені басыңыз сау ма? Өлең жазудан да қолыңыз босамай жатқан болар.
— Өлеңнен емес, есебін таба алмадым, жаным Нұрмолда! Есебін таба алмадым. Ауылдың ақсақалы боп үйімді көрсетейін десем, онысы мынау. Сақалымды сапсаңдатып жетіп барайын десем, көз көрген соң, бір жылы сөз айтпаған соң, дәм тат деген сөзге келмеген соң тағы қиын. Сөйтіп ал-дал боп жүргенімде, құдай айдап өзің тап болдың. Шынымды айтсам, сені көргенде біздің ауылдың көшесін қырық шілтеннің өзі жіберген Қыдыр атамның өзі аралап келе жатқандай көрдім, қатты қуандым!
— Оныңызға көп рақметі Қыдыр ата болмай-ақ, Нұрмолда Алдабергеновтің өзі бола алсам да жетер еді-ау.
— Менікі жақсы ниет қой. Оның рас, бізге сенің Нұрмолда Алдабергенов болғаныңның өзі жетеді. Одан артықтың керегі жоқ. Ал, Нұрмолдажан, баяғыда ауылға келін түскенде жолың құтты болсын, қадамыңа, жүрген жеріне гүл бітсін деп, шашу шашатын. Сол шашуың мойынымда.
Рақмет. Сіздің мойыныңызда емес, менің ақ мойынымда болсын.
— Түсіндіре алмай, тілім жетпей, ындыным құрып тұр ғой.
— Менің өз білгенімше, мен де ет пен сүйектен жаралғанмын, жұмырықтай жүрегі, жұмыр басы, екі қолы, екі аяғы, екі көзі бар, кәдімгі пендемін, ұрса құлаймын, соқса жығыламын, атса өлем, суға тастаса батам. Бұрынғылар «бес саусақ бірдей емес» депті. О да дұрыс шығар. Әрбір адамның көлеңкесі мен күнгейі болады, оңы мен солы тағы бар. Ондайлар көп, солақайлар аз. Ең көп болғанда мен сол көп ондайлардың бірі болармын. Сіз мені бақыттысың деп қанша айтсаңыз да мен сол көптің бірімін.
— Әй, Нұрмолдажан, оныңның бәрі дұрыс. Ақылды сөз. Бірақ, тәубе қылу керек, тәубе! Ал сен өзің ойлашы, алысты былай қойғанда осы өңірде, мынау Қаратал мен Көксу, Тентек мен Айнабұлақ өңірінде, анау Арқарлы мен Малайсарыда кімдер болмады. Талай мықтылар дүниеден өтті. Бай да, байбатша да, би де, болыс та, ақын да, әнші де, батыр да, батыл да, ел қорғаған ержүрек азаматтар да өтті. Ал, солардың бірде-бірі өзінің көзінің тірісінде сендей атақты, сендей бақытты, сендей абыройлы бола алды ма?
— Бұл онша мықты дәлел емес. Кезінде олардың менен де артық абыройлы, атақты, ел адамдары болғанын білем, естігем.
— Әй, Нұрмолда, естісең, сен мынаны айтшы, басқаны былай қойғанда, сенің өз әкең Алдаберген де жаман адам болмаған дейді. Ал қазір сен маған оның моласын тауып берші! Малайсары мен Сарбұлақтың қай тасында, қай құмында жатыр? Оны өзің де жақсы білмейсің.
— Әр нәрсе заманында, уақытында, Қалқа аға!
— Заман, уақыт дегенді біз де білеміз. Сенен бақытты қазақты, сонау кешегі Жамбылдан соңғы бағы жанған адамды көзіммен, өз көзіммен көргенім осы!
— Бұлтақтатып жүріп Жамбылды таптыңыз ба? Енді біраз ойласаңыз тағы да табылады. Екіншіден мені Жамбылдың қасына апару қиын. Ол дүниеге аты кеткен ақын. Оның аты хатқа жазылып, көп тілге аударылып мәңгі қалды. Оның музейі бар. Оның атында дүниежүзілік картаға түсетін облыстық қала бар. Қазақстанның әрбір қаласында Жамбыл атында көше бар, мектеп бар. Өзіңіз ақылды ақын бола тұрып мені Жәкеңнің қасына апарып қойдыңыз. Ол дұрыс па? Бұл сіздің ақындықпен айтқан албырт, суырып жаннан шығара салған ойыңыз. Мұныңыз өлең ғой.
— Әй, Нұрмолда, мен айтпаймын, айтсам қайтпаймын. Мен жай ғана халық ақыны емеспін, көп жылдан бері партия мүшесімін, коммуниспін. Менде бір айтқаннан қайтпайтын тырысқақ деген ауру бар. Сен тұп-тура сол Жамбыл сияқты бақытты адамсын! Әй, Нұрмолда, тыңда, анау әлгі ақ патша болмаса, қай қазақ көзінің тірісінде сенің көргеніңді көрді. Өкімет саған екі «Алтын Жұлдыз» ғана беріп қойған жоқ. Көкірегін алтын мен күміске толды. Дүние жүзін кезіп, аралап шықтың. Ал бұл ғана емес, мәрмәр тастан қашап, қоладан құйып, саған тірідей ескерткіш соқты. Міне, сен мәңгі-бақи бақытты болып, болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге, табынатын пір, шоқынатын құдай боп қалған адамсын. Бір тосқауылдан құтылдың ғой. Енді сені, сенің кескінін салынған Нұрмолданы ешкім құлата алмайды. Ол қасқайып тұрады ғой.
— Ой, сіздің айтпағыңыз осы ма еді, Қалқа аға! Сіз ақынсыз. Сол ақындықпен асырып айтасыз. Қашаннан-ақ ақын сөзінде әсірелеу басым болады. Сіз, сол ақын болған соң, әсерлеп тұрсыз.
— Е, бұдан артық не керек. Міне, күн шықты, сәске болды. Адал ойым осы. Сен бақытты адамсың. Сен ештеңеден мұңайма, қажыма, баста мына елді. Бізді де шұбарлықтардың қатарына жеткіз. «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» деген бар. Сен бізге бекер келген жоқсың, сен бізге ырыс ала келдің. Құтты қонақ келген күні қой егіз табады. Сен бізге күт болуға келдің. Ал бетіңнен жарылқасын.
Қалқа бата бергендей бетін сипады.
— О, Қалқа аға, сіз коммунист емессіз бе? — деп Нұрмолда қалжыңдай күлді.
— Е, не дерін бар, бұл салт боп кеткен жай ғой, діншілдіктен емес. Дінге жүгінсек, өлең жазған да күнә. Бірақ онымен өлең жазбай жүрген Қалқа бар ма?
— Ойын сөз.
— Түсініп тұрмын.
Бұлардың әңгімесін Алматыдан таң атпай шығып, сәскеде Мұқырға жетіп келген екі-үш адам бөліп кетті. Мұның бірі жазғаны шықпай қалған Досов еді.
II
Жаңа келгендер Алдабергеновті жаңа қызметімен құттықтап дабырласты да қалды. Қалқа кеткен жоқ. Сақалы шоштиып, құлағы қалқиып,келгендерге қарай берді. Оларды Алдабергенов Қалқамен таныстырды. Келгендердің ішінде білетіндер де бар екен.
— Қалқа аға, мынау жігіт, мен туралы газетке сөз жазып жүрген тілші Досов деген. Танысып қойыңыз.
— Е, мұны білемін. Мұны көптен білем. Маған да шек емес.
Досов күліп қойды; Басқалар оның бұл сөзіне ешбір мән берген жоқ. Не де болса екеуі өзара түсінді де қойды.
— Ал, Нұр аға, жаңа қонысыңыз құтты болсын! Мына тілшіңіз сонау Алматыдан осы сөзді ауызба-ауыз, бетпе-бет айтуға асығып келген жайы бар.
— Сол ғана болса жақсы ғой. Көп рахмет, жасың ұзақ болсын, тілші!
— Қуанып жатырмыз. Жақсы тілекте.
— Жалғыз тілек аз. Көмектесу қажет. Тиісті жерінде қорғай білген жөн. «Правданың» тілшісі Федор Федорович Николай Головацкийді, менің ең бір жақсы досымды қалай қорғап жазғанын көрдің бе? Өте жақсы жазған. Жалақорлардан, өтірік арызшылардан қалай қорғаған? Маған сондай көмек керек-ақ еді. Кезінде болмады, бәрі өтіп те кетті.
Досов қызарып төмен қарады. Ол бұл кезде өзі істеп жүрген газет басында отырған кейбір басшының әлсіздігін есіне алды. Бірақ оны айту қиын. Өзі істеп жүрген мекемесін кім балағаттай алады? Досов та сол күйде. Ол кезінде Алдабергеновтің адал, әділ ісін қорғап жазды да. Бірақ, оны өзі істеп жүрген газетіне бастыра алмады. Ол бұл жағдайын да жасырды. Алдабергенов қазір ойнап айтты ма, әлде шындап айтты ма, Досовтың ең осал жерінен тиді, өзі де пұшайман жеп, бір жағынан редактор боп жүрген жарасының аузын басып кетті. Бұл жайды Нұрмолданың өзі де кейінірек байқап қалса керек, дереу әңгіменің тақырыбын басқа жаққа қарай бұрып жіберді.
— Ал енді сендер менімен бірге жүріңдер. Мен сендерге өзімнің жоспарымды айтайын.
Бұлар жайлап басып, ауылдың күншығыс жақтағы бетіне шықты. Барлығы да ақырып тұра қалды. Бұлардың көз алдында төрт қатар боп, қала тәртібімен тізіле тігілген жүзден аса киіз үй тұрды. Ортада ұзын екі көше жатыр.
— Иә, мұныңыз не?
— Киіз үйлер.
— Иә, баяғы ата-бабаларыңыздың көшпелі дәуіріне қарай бастамақсыз ба? — деп Досов күліп жіберді.
— Сен күлме! Көшпелі халық өз алдына, бұл үйлердің ішінде колхозшылар тұрады. Жаңа үйлер салынып біткенше осыңда тұрмағанда қайда тұрмақ? Мына жер үйлер дымқыл, ауасы жаман. Онда тұру қауіпті. Жаңа, жақсы үйлер салынып біткен бойда біртіндеп, алып тастап отырамыз. Бұл үйлер сонан соң малшыларға беріледі.
— Сонда қанша күнде бір үйді жығып отырасыз?
— Мынауың ертегі сияқты екен.
— Шыны сол, ертеңнен бастап материал келе бастайды. Құрылысшылар бригадасы дайын.
Алдабергенов бастаған топ әлгі киіз үйлердің қасына келді. Шынында да көше сияқты ортасынан қақ жарыла тізілген киіз үйлер ұзаққа созылып жатыр. Бір көше бойындағы киіз үйлердің маңдайшасына «Карл Маркс көшесі» деген үлкен жазулар жазылған.
— Мына тастан салған үйі жоқ көшеңіздің аты да бар екен ғой!
— Бұл көше! Қандай көше болатынын күзде көресің!
— Көреміз, көреміз.
— Көресің. Бұл осы колхоздың орталық көшесі болады. Мынау көшенің аты Сеңгірбаев. Кәдімгі 28 батырдың бірі, өзіміздің жерлесіміз.
— Екі көше де бір жылда салынып біте ме?
— Бір жылда.
— Тағы не саласыз?
— Ең алдымен мектеп. Содан соң мәдениет үйі. Ал мал қоралары қазірдің өзінде салынып жатыр.
— Келмей жатып осының бәрін қалайша жоспарлап қойғансыз.
— Келмейтіні қалай? Мен келгелі төрт ай болды, содан бері мені шошқа тағалап жүр деп ойлайсың ба?
Басқалар Алдабергеновтің ойын, жоспарын тым асығыс, бола қоймайтын жоспар дегендей, селсоқ тыңдады. Ал Досовқа мұның бәрі қызық боп көрінді. Басқа-басқа, Алдабергеновті тәуір білетіндердің бірі осы. Бұл жобаның іске асатынын ол білді.
— Бірден үй салудан бастағаныңыз қалай?
— Не қалайы бар? Ең алдымен әрбір шаруаның жақсы тұрмысқа, мәдениетті тұрмысқа деген ынтасын арттырып алған жөн. Жақсылықты әркім өз ошағының басынан көрсе, сенімі мол болады. Жатқан жерің жақсы, таза болса ұйқың да қанық жүрегің шат, көңілін қош болады. Ондай адам еңбекке ықыласты келеді.
— Дұрыс демеске шарам жоқ.
— Дұрыс нәрсені бұрыс деп, кепкені теріс киетіндей, басына жіп байлайтындай нең бар еді?
— Кепкені теріс кигенді білемін. Жіп байлағаныңыз не?
— Осы күні төңірегін жіппен көмкеріп қойған, басына жіп байлағандай бір қалпақ шығыпты ғой. Анау Плотник деген бастығымыз басына кілең жіп байлап жүреді. Сонсын осында бір жас ақын бар. Оның да қалпағы сондай, Соңғысына айттым «адам өз басына өзі жіп байламай-ақ, бір басты алып жүруіне болады ғой» деп. Ертеңіне қарасам, отыз градус аязда ақыным жалаңбас жүр. Бекер-ақ айтқан екенмін әлгі сөзді деп екіндім, өзін аяп кеттім. Шақырып алдым да «бас киімің болмаса жақсы қаракөлден тіктіріп берейін» дедім. Жоқ, жоқ деп болмайды. Бас киімім бар дейді. «Неге кимейсің?» «Бір басты бас киімсіз ақ көтеріп жүруге болатын шығар» деп күледі. Бірақ мен қаладан жақсы бір құлақшын сатып алдым да жалаң бас ақынға беріп жібердім. Сыртынан байқаймын. Ол сол құлақшынды киіп жүр. Ал сен айтшы кәне, осы ақындардың, кейбір жастардың жалаң бас жүретін себебі не? Немене, миы қатып, тоңазып жүрмесе өлең шықпай ма, басына ой келмей ме?
Досовтың күлкісі келді білем:
— Нұр аға, осы өзіңіз айтушы едіңіз ғой, «бала, бас жаққа бара бермейік» деп. Сол басты қоя тұрсақ қайтеді?
— Сен де бір сұм екенсің, әлгі боксшылар жерге бір сылқ еткіздің ау! Жеңілдім.
— Мойындасаңыз бопты.
— Меніңше адамдардың бойындағы жақсы, керекті қасиеттің бірі — жеңілгенін, жығылғанын мойындау болса керек. Бос тыраштарды жек көрем. Мен қазір жығылдым ба, жығылдым. Ал бұдан бұрын да талай жығылып тұрғаным бар. Керек болса мені Балықбай мен Плотниктің өзі-ақ оңдырмастай етіп алып соқты.
— Олар шындап соқты. Менікі ойын ғой.
— Ойыннан да оңбастай соғылуға болады. Ал енді мені жығарыңды жықтың ғой. Енді жетеді. Сен Алматыға қайт. Қазір ештеңе деп даурықпа! Газетке жазбай-ақ қой.
— О ау, оныңыз не? Газетке өкпеңіз бар ма?
— Өкпем жоқ. Сен сөзді аяғына дейін тыңда! Қазір дүбірлете қоятын ештеңе жоқ. Жазғың келсе күзде кел. Оған дейін бұл ауылды біраз өзгертем. Мынау үйлер түгел бітеді. Жаңа екі көше болады.
— Мұныңыз да дұрыс.
Қаладан келгендер бұл ауылға түстенді де, жүріп кетті.
III
Мұқыры ауылы күн сайын өзгере берді. Құрылыс бригадасы қызу қимылдады. Әр жеті сайын бірнеше ескі үй құлап, бірнеше жаңа үй тұрғызылды. Қаз-қатар тізілген киіз үйлер біртіндеп көшірілді. Олар жайлауға, малшыларға жіберілді.
Кілең төрт бөлмелі, бірінен-бірі айырғысыз әдемі үйлерге колхозшылар енді. Бірақ, бастық жаңа үйге көшкендерге мынадай ескеру жасады.
— Жаңа үйге кіргенімізді тойлаймыз деп даурығушы болмаңыздар. Қазір жұмыс кезі. Жалпы іске залалын тигізеді. Тойды күзде, әбден жиын-терін біткен соң, қалған үйлер салынып болған соң, көппен бірге ойын тамаша, жаңа үйдің мерекесін өткізесіңдер! — деді.
Жаңа бастық сөзін көп дұрыс қабыл алды. Күзге дейін ауыл еңбек үстінде болды. Алдабергеновтің өзі де тыным таппады. Таң сәріден тұрып ауылды кезеді. Бригада, звеноларға тапсырманы өзі аралап жүріп беретін болды.
Таңертеңгі тапсырмадан кейін қызылшаның басына келіп, әрбір шаруамен шүйіркелеседі де жүреді. Жұмыстан кеш қайтады. Не бітті, не қалды? Мұның бәрін, бір күндік істің өзін күн сайын қорытындылап отырады. Ал мектеп үйін салуды өзі ерекше қамқорлыққа алды. Мектеп үйін салып жатқан құрылыс бригадасының бригадирін шақырып ап:
— Ал, жігітім, халың қалай? — деді.
— Жақсы.
— Мектеп қашан бітеді?
— Оны қазір айта қою қиын.
— Неге қиын? Өзі істеп жатқан істің қашан бітетінін білмейтін адам бола ма? Құрылыс материалдары жете ме?
— Жетеді.
— Ал енді не жетпейді? Бәрі жетсе, сентябрьге бітір.
— Бәрі жетеді. Тек оқу басталғанға дейін бітіруге уақыт жетпей ме деймін.
— Уақыт деген бір жағынан адамның өз қолындағы нәрсе емес пе?
— Қолда екені қолда. Не деп болады.
— Әй, жігітім, өзіңнің балаң бар ма?
— Бар.
— Аты кім?
— Мұрат.
— Жасы қаншада?
— Алтыда.
— Келесі жылы мектепке барады ғой?
— Амандық болса.
— Ал сен өз балаңды ғой жақсы көресің. Басқаларды да өзіңдей көр. Өз балам мектепке баратын жылы, келесі күзде бітер дегенді қой сен!
— Ондай ойым жоқ.
— Ондай ойын. болмаса, мүлде жақсы. Сен осы ауылдағы балаларды, өзіңнің Мұратың сияқты балаларды алдымен қуант. Өз баласын әркім қуанта алады. Жақсы жігіт көпті, өзінің баласы тәрізді көген көздерді бірге қуантады. Ал енді екеуміз келісейік. Мектеп биыл күзде бітеді. Сенің Мұратың келесі жылы дайын мектепке барады.
— Мақұл ақ, күш салып көреміз.
— Көреміз дегенді көп айтқан адамның бірі мына менің өзім. Ал ол сөздің құйрығы ұзын сөз. Сен көреміз қойып, нақты уәдеңді айт. Қосымша адам керек пе? Оны айт! Техника жетпей ме? Жетпесе оны айт.
Алдабергенов бригадирге қадалып отырып алды. Нақты уәдесін алмай жіберетін түрі жоқ. Неге екені бригадир уәде бере салуға қатты қиналды. Жай уәдеге көнгісі өліп отырған Нұрмолда жоқ.
— Жаңа оқу жылы осы мектепте, жаңа үйде басталатын болады деген нақты, кәдімгі жігіттік сөзіңді бер. Ал, ол сөзді бере алмасаң оныңды айт. Онда мен өзімше басқа шара қолданамын. Жаңа күш, жаңа техника, жаңа адамдар шақырамын. Ол келіп сендердің қалталарына соғады. Мен сенімен ақылдасқалы отырғанда осы жағында алып отырмын. Басқа адамдарды шақыра салу оңай. Олай ету бір жағынан сендерге қиянат.
— Келе қоятын дайын кім бар дейсіз?
— О, жігітім, сенің ойын солай ма еді? Ондай болса, жаңа оқу жылына дейін бітпейді деген сөзіңді айт. Ертең қалаға барамын да, нақ осы сендердей, екі бригада әкелем.
Құрылысшы ойланып қалды.
— Алматы қаласындағы Весновка өзенінен өтетін бір кішкене көпірді бір құрылыс бригадасы үш жыл салыпты. Бір ретте әлгі жерден өтіп бара жатып неге осынша ұзаққа созып жатырсыңдар дедім. Бізге бәрібір деді. Проектісін жеті сайын өзгертеді. Бізге осы көпірді он жыл салғызса да ақы берсе, ақша берсе болады дегені бар. Сол айтқандай қайда барса да құрылыс қой, ақша жүріп жатса болады деп қарауға болмас, жолдас! Одан да нақты уәдеңді айт.
— Жақсы. Бригададағы жұмысшылармен кеңесіп ертең айтайын.
— О, мұның дұрыс ақыл. Көппен кеңес. Оларға жайды, менің жоспарымды қоса түсіндір.
Мектеп үйінің қабырғасы жайлап болса да көтеріле бастады. Күн сайын биіктеп, қомақтанып келеді. Алдабергеновтің назарына күн сайын ертемен үйінен шыққанда ең алдымен осы құрылыс түседі. Мектеп қабырғасы биіктеп келеді. Көңілге болмаса осы бір үйдің қабырғасымен бірге оның өзінің де көңілі есіп, бірте-бірте қайта көтеріліп келе жатқан сияқты еді. Әсіресе, сонау кезде су сепкендей басылған, көзінде жабыңқы да салқын тартқанда күшті көңіл болатын. Сол көңіл қайта серпіліп, қайта өсіп келе жатты. Бұл кезде ол өзінің айта беретін бір ойын есіне тағы түсіріп, бойына жаңа күш, тың қуат жинағандай болатын. «Адам! Өте қызық! Дүниеде бұдан мықты, бұдан қуатты, бұдан жігерлі ештеңе жоқ. Жанды жансызда бұдан асыл зат, бұдан асқан күш және жоқ. Ал сондай күшті нәрсе ет пен сүйектен, қан мен теріден жасалған. Сондықтан да ол кейде нәресте көзіндегідей нәзік, жас шағындай таза. Ол кейде бала сияқты. Не болса содан жасып қалады. Не болса содан көңілі қайтады. Не болса соған ренжиді, болмашы нәрсе үшін қамығады, жапа шегеді. Ал, зәредей нәрседен қуат ап, қайта көтеріледі. Көңілі өсіп, шаттанады» деп ойлады.
Оның көп нәрседен көңілі қалғаны, тауы қайтқаны кеше ғана еді. Міне, бүгін оған қайтадан сенім көрсетіліп, халықты басқару, елге қызмет ету тапсырылған шақта қайта түлеп, қайта шабыттанып шыға келді. Көңіл өз шарасына түсіп келеді. Кешегінің көбі-ақ ұмыт бола бастады. Мұның үстіне ерте шыққан көктемнің соны жауын-шашынды болды. Жер түлеп кетті. Шабындық шөп те, жайылым да, жайлау да құлпыра түсті. Су мол болды. Бұл ырыстың басы еді. Мал семіз болса, яғни егіз болады. Етке семіз мал өткізеді. Сүт пен май көбейеді. Ал қызылша деген колхоздың нағыз ақ алтыны. Қант қандай, күмістей ақ болса, мұны еңбеккерлер ақ алтынымыз, күмісіміз дейді, Колхоздың негізгі табысы осы қызылшадан түседі.
Алдабергенов қызылша егетін звеноларды аралап жүріп, бір ретте:
— Әрбір түп қызылшадан төрт шақпақ қант, үй салатын төрт күйген қыш аламыз! — деп түсіндіргені бар. — Ал мына егілген қызылшадан колхоздың қанша табыс алатынын енді есептеп біле беруге болады. Мен неге сегіз шақпақ қант демей, күйген қыш деп отырмын? Себебі, жолдастар, бізге қазір бір шақпақ қант қандай керек болса, күйдірілген бір қыш та сондай қажет. Қою шайды тәтті қантпен ішкен кезде, басыңдағы шаңырағың күлді-көмеш боп тұрса, сенің сәнің, мәдениетің қайсы? Бізге қызылша керек. Оның әрбір түбін сақтаңдар!
Оның бұл сөзі ешкімге де ерсі көрінген жоқ. Өйткені көрші колхоздар оның ішінде кеше ғана Алдабергеновтің өзі басқарған Шұбардағы колхоздағы шаруалардың еңбек үлгісі, табысы бұларға көптен ақ мәлім болатын, Олар бұлардан әлдеқайда дәулетті, ауқатты, мәдениетті тұратын. Ал осы күннің бұларға да сәулесін кең шашып, бірдей шашып келе жатқанын мұндағылар да сезе бастаған. Жаңа салынып біткен және салынып жатқан үйлер, мектеп үйінің құрылысы бұларға да сенімділік әкелген-ді. Ауылда жаңаға, жақсыға ұмтылу етек ала бастады. Бұл үлкен сенімнің табыс, жеңіс сезімінің басы еді.
IV
Досов жаңа мектептің біткен тойына келді. Мұндағы мектеп оқушыларының қуанышында шек жоқ, екен. Бастықтың өзі ше, өзі әрбір бөлмеге сан рет кіріп шыққан болар. Мектептің ашылуына байланысты кеш ұйымдастырылып, оған артистер шақырыпты. Мектеп үйінің әдемі залында оқушылардың ата-аналарына арналған үлкен концерт берілді. Концертті Нұрмолда бастан-аяқ тыңдады. Оған бұрын атын естімеген бір әнші жігіт ерекше ұнады. Басқалармен бірге қол соғып, әлгі әншіні сахнаға қайта-қайта шақырды.
Ел ішінде не көп талант көп. Бірақ, бәрі бірдей кезінде көзге түсіп, өнерін көрсетуге мүмкіндік алып, жарыққа шыға бермейді. Біреулері өзіне-өзі сенбей, талантының барын білмей қораштық, білместік жасаса, біреулері сүйеу таппайды, ақыл-кеңес айтатын аға таппайды, сөйтіп талантына жол таба алмай, құмның Ішінде жатқан алтын сияқты жылтырап қала береді. Ал, енді біразы жүрексінеді, топқа түсіп жарып шығуға талант жеткенмен батылы жетпейді. Сөйтіп талай әнші, биші, күйші, бойында туа пайда болған өнері бар талайлар ақ көзі ашылмай жатқан бағалы кендей қайраңда тұнып, ел арасында елеусіз қала береді. Қарап отырса, мынау әнші өте өнерлі, сұлу үнді, көпті өзіне тарта білетін әнші. Әсіресе, бұрын естімеген халық әндерін қандай тамаша салады. Ол тыңдаушы көпті елжіреп, баурап кетті.
Әнші «Мақпал» деген бір ән салды. Бұдан соң жаңа мектептің залында лық толып отырған жұрт бұрынғыдан бетер ұнатып, сахнаға қайта шақырды.
Ол «Мақпалды» қайта орындады. Күмістей сылдыраған әдемі екен. Махаббат жастық әні. Әннің сөзі де жұрттың көкейіне қона кетті. Мұның үстіне әнші құбылтып, он бұралтып, алғашқыдан да келісті етіп салды. Онсыз да жаңғырып тұрған жаңа мектептің іші төгілген күмістей сыңғырлаған, толқынды, қанатты әнге толды. Ән сазы мектеп үйінің төбесіне соғып, еденге қайта түсіп, қайта көтеріліп он толқыды. «Мақпал» әні қалықтап барып тоқтады. Халық іштен тынып отырып қалды. Әлгі бір әсем әуен, көркем саз құлақта дірілдеп, көкейде күмбірлеп тұрып қалған сынды еді. Әлден уақытта залдан біреудің:
— Нағыз жез таңдай әнші екен! — деген даусы шықты.
— Бұл өзі кім деген әнші?
— Бұрын естілмеген әнші ғой.
— Кім дейді.
— Рақышев!
— Естігеніміз осы!
— Ар жақтан келген дейді.
— Бәсе, солай болар-ау!
— Осы жердің өзінікі болса бұрын естір едік.
— Арғы беттен келген дей ме?
— Иә, арғы беттен.
— Аты кім екен?
— Дәнеш!
Концерт басқарушы шықты да, бұрыннан аты белгілі атағы бар орта әншінің бірін атады. Сахнаға таныс адам шықты.
Сахнаға шыққан әнші тоқтап қалды. Не істерін, не айтарын ұмытып қалған адам сияқты.
— Жетеді! — деді тағы біреу.
— Дұрыс, жетеді.
— Жаңағы әнші қайта шықсын!
Алдабергенов басу айтпақ боп, артына бұрылып қарап еді, көпшілік ду-ду етіп, әлгі айтылған сөздерді қолдап кеткен екен. Бірдеңе айтуға жол болмады. Қарт әнші қатты шамданып қалды. Халық басылар ма екен деп біраз күтіп еді, саябырситын ешкім көрінбеді.
— Әлгі жігіт қайта шықсын!
— «Мақпалды» қайта айтсын.
— Жоқ, «Аңшының әнін» салсын!
Зал толастамай қойды. Белгілі әнші қолды бір сілтеп, шымылдықтың ар жағына кетті. Сахна бос қалды. Халық дүрілдетіп қол соқты. Біреулер жаңа үйдің сыңғырлаған еденін тепкілеп, дүмбірлете жөнелді.
Халық көп күтті. Қарт әнші қайта шықпай қойды. Сахна ар жағында едәуір әңгіме боп жатса керек, көпке дейін сахна бос қалды.
Қайта қол соқты. Әлден уақытта концерт басқарушы қайта шықты да, нақ бір ештеңе болмағандай-ақ:
— Қазір сіздердің сұрауларыңыз бойынша әнші Дәнеш Рақышев «Мақпал» мен «Аңшы әнін» қайта орындайды.
Дабырлап, күбірлеп отырған залдың іші су сепкендей тына қалды. Шашын кейін қарай тік қайырған, қара көз, дөңгелек жүз, қаршығадай қара жігіт домбырасын көлденең ұстап сахнаға қайта келді. Көпке иіліп сәлем берді, олардың өзіне көрсеткен құрметіне бас иіп, рақметін айтты.
Ол орындыққа отырды да әнді қайта төгілтті. Тағы да әлгі «Мақпал». Бірақ, жаңа ғана естіген ән сияқты емес, соны саз сияқты құлаққа жылы тиіп, жүректі мен деп әкетті. «Мақпал ау, Мақпал, ой ай көкем, дидарыңды көрсем екен» деп шырқаған жері толас таппай төбеде, үйдің төбесінде шырылдап тұрып алды. Ал енді бір жерінде «көрсем де құралайды атқаным жоқ, ұқсатып Мақпалжанға шын жүректен» дегені көптің көкейіне жете қалды. Тыңдаушының көз алдына құралай сынды, құлын мүшелі сұлу қыздың кескіні келіп тұра қалды. Ә, бәсе, «Мақпал ау, Мақпал» деп зарлап отырғанындай бар жігіттің сүйген қызы құралай сынды қыз екен ғой.
Міне, әншінің құбылмалы әсем үні, сұлу даусы, он құбылған көркем үні көптің көкейіне осындай бір суретті әкелді. Олар әншіні осы құдіретті, осы өнері үшін ұнатып еді.
Ән қанаты қалықтап, көтеріліп тағы жөнелді. Залда шыбынның ұшқаны естілетін тыныштық. Алдабергеновтің өзі де әннің, оның ішінде халықтың өзі шығарған әннің құдіретін енді ғана ұққандай боп сүйсіне тыңдады. «Мынау өзі кім де болса халықтың сүйіп, сүйсіне тыңдайтын әншісі екен. Өзін концерттен соң алып қалып әңгімелесейінші. Әнін қайта тыңдайын» деп түйді.
Ән қалықтап, толқып толқып барып тынған кезде оң жағында отырған тілшіні шынтағымен жай ғана түртіп қап:
— Тамаша әнші екен?
— Өздеріңдей колхоздың ақ әншісі.
— Не дейсің, әй, колхоздың дейсің бе? Қайсы колхоздың?
— Николай Головацкийдің колхозындағы мәдениет үйінде істейді.
— Солай ма? Біз шақырсақ келер ме екен?
— Сіз оны қайда шақырмақсыз? Головацкийдің Мәдениет сарайыңдай сарай түгіл, жөні дұрыс клубыңыз да жоқ.
— Солай екен-ау! Мен Мұқырда емес, Шұбарда отырған сияқты ойлап отырмын ғой! — деп ол күлді.
— Шұбарда болсаңыз да ала алмас едіңіз.
— Онда болсам бірдеңе етіп көрер едім.
— Головацкий сізге бере ме?
— Ол бермейді ғой, бірдеңе етіп, баланы үгіттеп көрер едік те... Айтпақшы, сен жігітті жақсы танисың ба?
— Тілшінің танымайтыны бола ма?
— Сен тіпті біздің Қалқаны да білесің ау.
— Білгенде қандай.
— Оны қой, сен мына жігітті концерттен соң біздің үйге немесе Көбеннің үйіне шақыр, өзіне тағы да біраз ән салғызайық, танысайық.
— Колхозыңызға қалдыруға шамаңыз келмегенсің, енді солай дедіңіз бе?
— Дұрыс айтасың, амал жоқ. «Іш қазандай қайнайды күресуге дәрмен жоқ» деп осылайша салы суға кеткендей ақырған кезде айтқан ғой шамасы. Ал енді ерегіскенде мәдениет үйінің құрылысын алдымен бастаймын. Мектептен кейінгі ең керекті үй сол ғой. Мәдениет үйін бітіреміз де, нақ осындай бұлбұлдың бір-екеуін шақырамын. Бұл жерден нақ Шұбардағыдай халық театрын ұйымдастырып жібереміз. Сонсын қара да тұр, кім келмес екен, қандай адам бас тартар екен. Тіпті, біздің колхоздағы театрды басқаруға Қанабек Байсейітов пен Құрманбек Жандарбековтің бірі келеміз, деп таласып жүрмесін. Мүлдем келмесе де бір-екі ойын қойып беруге Қанабекті шақырамын ғой...
Нұрмолда күліп қойды. Бұл кезде халық қайта сұрап, «Мақпал» әнін тағы да қайта салғызды. Ән орындалған сайын жаңа естілгендей әсер қалдырып, құбыла да құлпыра берді.
Мақпалға айттым сәлем мүлде ерек деп,
Ақылы басқа жаннан өзгерек деп,
Болмаса мен қайтамын айналмастан,
Мақпалжан жүрген шығар мен келеді деп!
Әннің соңғы жағы мұңайған, мұңға батқандай боп барды да, қайырмасына келгенде қайта көтеріліп, қалықтап жоғары өрлеген қоңыр қаздай шырқау көтеріліп кетті.
Мақпал ау, Мақпал,
Мақпал ау, Мақпал!
Ой ай көкем, ой ай көкем, үре айдай,
Үкілі қоңыр ала үйрек секілді ай,
Көре алмай дидарыңды өкіндім ай!
Ал әннің екінші шумағы тағы да өзгергендей, ойнақы шықты, әрі еркіндеу боп көтерілді.
Мақпалдан қайттым бір күн кербалақпен,
Асынып мылтығымды қорамсақпен,
Көрсем де құралайды атқаным жоқ,
Ұқсатып Мақпалжанға шын жүректен.
Мақпал ау, Мақпал! Мақпал ау, Мақпал!
Ой ай көкем, ой ай көкем, үри айдай,
Үкілі қоңыр ала үйрек секілді ай,
Көре алмай дидарыңды өкіндім ай!
Әнші ән аяғын созып барып тоқтатты да, орнынан тұрып, иіліп тағы бір бас иді де, сахнаның сыртына қарай жөнелді. Қол соғылды. Ұзақ соқты тағы да. Әнші сахна ортасына шығып, бірнеше рет көрініп кетті, бас иіп, халық құрметіне рақметін білдірді.
Концерттен соң Досов Дәнешті Көбеннің үйіне шақырып, сонда алып барды.
Нұрмолда осы бір түнді ләм деп тіл қатпастан, тек қана ән тыңдаумен, өз халқының көкейтесті мұңын шаққан, зарын айтқан сұлу сазды, әдемі әндерін, жан тербейтін сәнді әуендерін тыңдаумен, құлақ құрышын қандырумен, жүректі ән назымен суарумен өткізіп еді.
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
I
— Сызып жіберейік, жақсы келдіңдер, жігіттер, «жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан шығар» деп осындайдан айтқан болар, — деп тәмпіш мұрын, беті дөп-дөңгелек, кәдімгі тандырға жапқан нан сияқты, пәкене қара көз әйнегінің аржағынан қарашығы күлімдеп, бөлмеге енді енген жасаңдау екі жігітке алма-кезек сұқтанып өтті. Қайқайма тос қызыл диванда әкесі марқұм жаңа өлгендей бір бүйірін таянып алған, бір құжбан сары отыр. Самогоншы кержақтардың мұрны тәрізді қожыр қожалақ, балшық танауын оқтын-оқтын кәрі бұқаша шиырып шиырып қояды. — Он, тіпті онды болды-ау өзі, жақсы келдіңдер. Дереу ғана сызып жіберсек. Білетін шығарсыңдар, білесіңдер ғой. Мына ақсақалымыз Күзекеңді білетін шығарсыңдар. Ол кісі де көңілсіз боп отыр еді. Ал қағаз, қалам қайда? Сызып жіберелік!
«Мұныма қалай қарайсыз» дегендей мыртық қара диванда отырған үсіген сәбіз сияқты болбырақ, добал мұрын, әлгі жирен сарыға қарады. Бұл сабалақ-сабалақ басын болар-болмас шұлғи салды.
Жаңа келген екеудің бірі — шөже торғайдың тұмсығыңдай имек мұрын, дәлірек айтса құс тұмсық, екі бетіне пышақ жонып алғандай жылан жақ, солық ұртты, бала қораздың басындай жалбыр шаш, қан-сөлсіз сұр қара. Сасық шылымды өзегі өртенгенше құшырлана тартатын болса керек, көзінің алды, тарамыстай арық саусақтарының басы, тырнақтары өтке батырып алғандай сарғайып кеткен. Жұп-жұқа қаймақтай ерні әлдебір жас баланың ерініңдей оқтын-оқтын дір-дір етеді, оны ішіне қарай жымырып алған. Көзі, тек қана көзі ойнақы, отты, жалынды көрінді. Сол ойнақы, жалынды, сәулелі отты түтінмен ыстап тастамақ болғандай, қалтасынан өзінің саусағы тәрізді ұзын шылымын ап, рұқсат сұрамастан ақ, тұтатып алды да сора бастады.
Бұл кезде тапал қара өзінің беті сынды дөп-дөңгелек столды ортаға жылжытып, соны нұсқап:
— Ал, жігіттер, отырыңдар, сызып жіберелік! — деп бір қарымта карта мен ақ қағазды столға тастай берді.
Сырты сары жезді, шарикті қаламы бөлменің көк түтін қаптай бастаған тұнық ауасын жауын алдындағы нажағайдай тіліп тіліп өтті. Бірақ онымен отыра қалған ешкім жоқ, бәрі де самарқау. Бұлар әлі де состиып, мәселені ұқпай тұр.
— Сызғаныңыз не? Біз оны білмейміз ғой! — деді жаңа келген екеудің бірі, колхоз председателінің орынбасары, көкшіл көзді қара жігіт Көбен Жұпарбаев. — Алматыдан қонақ келіпті дегенсің, колхоз председателі оралғанша жалғызсырап қалмасын деп әдейі көп едік.
— Міне, білетін жігіт осындай болады. Келгендерің жақсы болды. Ал енді жақсылап сызып жіберейік.
Бұл екеуі состиып әлі тұр.
— Отырыңдар! — деп әлгі екеуін дөңгелек столдың жанына жетелеп әкелді. — Ал сызамыз.
— Сызғаныңыз не? Біз түсінбейміз, — деді сылыңғыр жұқа қара қаймақтай ернін бұрып, майыстыра сөйледі.
— Айттым ғой, айттым, ауыл интеллигенциясы әлі қайда, қала интеллигенциясынан көш кейін қалып қойды. Буларын әлі сыза да білмейді. Қайғы, қайғы ғой. Қайран надандық, қайда барсам да алдымнан арсалақтап шыға келесің ау! — деп құжбан сары сызданып зіл тастай сөйледі.
— Білмесек түсіндірмейсіздер ме? — деп шәпек қаралып етіп тұтанған оттай-ақ, шап ете түсті де, қайтадан сөніп қалды. — Арсалақтап дедіңіз ау! Ым... Бұл да болса естуге жазған сөз болар, қайтеміз.
Көбен бас білігі жуас атандай мыңқ еткен жоқ. Дегенмен қоп-қоңыр майлы беті оқыс қана бүлк ете түсті.
Ауылда өзін озық санайтын екі азаматының бұл жайымен ешкімнің ісі болмады. «Сызайық» басқа сөз айтылмады. Бұл екеуі тынығуға, үлкен адамдармен тілдесіп, білісуге келген еді.
— Апыр-ай, ең болмаса есен-саулықты да жөндеп сұрай алмадық қой.
Көбен қиналып сөйледі. Бірақ оның міңгірлеп, мұрын астынан айтқан сөзін ешкім естіген жоқ.
— Жақсы лебіз естігелі келіп едік!
Кішкене қара шылымын сора түсіп, түймедей көзшең бастық үйінде отырған өңі қонақты, атын естігені болмаса, бұрын көрмеген, атағы бар адамдарды бағдарлап етті. Қопал сары көптен атағы шығып жүрген адам, өзіне салсаң сахна үшін туған зор адамдардың бірі. Екіншісі ақын. Мұның да аты мен атағы тез шығып, тасы өрге домалап тұрған шағы. Атағы шыға бастаған колхозға келген білікті адамдар. Содан да ауылдың екі жігітінің бір жағынан тосырқап, әрі қаймыға тартыншақтап тұрған жайы бар.
— Мынау сызу білмейтін, шаш қойған жігітің кім? — деп шикі сары Көбенге зілдене қарады.
Көбен кәдімгідей абыржып қалды.
— Иә, айтпақшы, біз өзімізді таныстырмаппыз ғой, алдымен өзімнен бастасам, Көбен Жұпарбаев, колхоз басқармасының орынбасарымын.
— Ой дөйт дерсің, колхоз председателінің, оның ішінде Алдабергенов сияқты адамның орынбасары болсаң сен де тегін емессің! Бағанадан бері осыңды айтпайсың ба? Ым, бұл не де болса сызуды білетін қу.
— Мына жігіт осы колхоздағы орта мектепте мұғалім боп істейді. Өзі өлең жазады. Биікбай Пайғамбаров.
— Мәссаған, Биікбайың киікбай ғой, киіктің асығы тәрізді. Колхоздың сарай ақынының фамилиясы қандай оңды еді. Сабақты әдебиеттен беретін болар ау! — деп қолына карта ұстап отырған ақын әлгі жігітке қарады. — Ақын болсаң өлең ұйқастыруды қандай білсең, карта да сондай білуге тиіссін. Карта білмейтін адам өлең де жаза білмейді.
«Ақын» дегенге Пайғамбаров ісініп қалды.
— Қарта білгенмен сызу дегенді білмей отырмыз! — деді ол бір сәт көңілді үнмен.
Ол қайта сөнді. Үлкен қаладан келген екі атақты қонаққа мұндай адамды жаңадан көргендей боп, әуестікпен үңілді. Ең алғашқы ойдың түйіні: «бұлар да өзіміздей пенде екен ғой» деп қойды ішінен. «Пенде екен ғой, бұлар да өзіміз сияқты оқыс та, шалыс та сөйлейді ау шамасы! Бұлар да күлетін, жылайтын болар-ау!»
— Сызу дегенді түсінбесеңдер, преферанса дегенді білесіңдер ме?
— Сызу деген қазақ сөзін білмеген адам, преферансі дегенді біле ме? — деді Пайғамбаров күлімсіреп.
— Преферансі білмей, интеллигент болу мүмкін емес! — деп қойды сахна дүлділі Күзенбай. — Преферансі білген адамға өзінің білімін байытам деп газет, журнал, кітап оқудың қажеті жоқ. Миға керекті зарядты осының өзі мол ақ береді. Фамилияң дардай болғанмен преферансі білмегенің зор кемдік. Әй, ақыным ай, ақыным. Преферансі білмей өлең жазу обал ақ. Ең болмаса осыны ойласаңшы! Көңіліңе келмесін.
Күзенбай әлі қатпаған шикі ет сияқты былқылдақ алақанымен Пайғамбаровтың сексеуілдей қап-қатты, сүйегі шыққан арқасынан қағып-қағып қойды.
— Ал сызуды білмесеңдер, күлісті білесіңдер ме?
— Жоқ.
— Жиырма бірді ше?
— Жаман ойын ғой.
— Жаманын жаман деп білмедіңдер, ал жақсысын тағы білмедіңдер. Енді не білесіңдер? Пәлі, шіркін, ауыл оқымыстылары, білігіне болайын.
— Ал кингі білесіңдер ме? — деп ақын картаны қайта-қайта қопара берді.
— Кингті де білмейміз.
— Қап енді, қайтейін, қайғы ғой бұл. Кингті әйелдер ойнайтын преферанс деп те атайды. Ең болмаса сол әйел ойынын бастайық, — деді қала ақыны.
Бұлардың карта ойнамай тынбасын білген, Пайғамбаров та оңтайланып:
— Былай, ауызша айтып түсіндіріңізші. Мүмкін атын білмесек те, ойынын білетін шығармыз.
— Преферансі сияқты ойынның сұлтаны тұрғанда сол да ойын ба? Мен көптен оны ойнап та көрген емеспін. Да, ең алдымен алмай, содан соң алмай, валет, дама алмай, соңғы екеуін алмай, ең соңында оның королін алмай ойнайтын ойын.
— Мұны білеміз. Біз оны түйенің немесе қызыл айырдың королі дейміз.
— Ал білсеңдер, кеттік.
Астанадан келген ақын картаны сусылдатып үлестіре бастады. Күзенбай мысқылдай сөйледі.
— Түйенің королі, түйенің королі. Қызық ау өзі. Бұлар карта білмегенімен тұрмай әрбір ойынға өзінше ат қойғыш ақ. Қара, қара, түйенің королі дейді-ау. Ал түйенің королі ақ болсын. Атан мен үлек болмағанына шүкір.
Биікбайға үлкен адамның бұл мысқылы ұнамады.
Жұп-жұқа ернін жымқыра тістеп, іштей опық жеп қалды. Ол іштен мүжілген кезде шылымды сора түсетін. Ішке қарай ып ыссы көк түтінді сылқытып сылқытып жіберді. Көз алды мұнар тартып, басы дың-дың ете түсті. Кішкене қушық шекесі бүлк-бүлк соқты.
— Өкінішті-ақ! — деп қойды ол.
— Неге өкіндің, бала? — деді атағы бар ақын.
— Мына бір сұп-сұлу қара торы келіншек буыршын сияқты мына бір сары жігіттің қолтығында кетті. — Ол шыбынның қамасын қызыл табанның валетіне тастай салды, — өкінішті-ақ. Әділдігі жоқ, сапырылысқан бір дүние. Теңдік қайда? Қолындағы жалғыз қазірді де сақалды шалмен ұра салады. Басқа сүйенішің болмаса сақалы сапсиған королің де түк емес. Тұзды тартып жіберсе, тасқа соққан жапалақша, сақалы қауғадай боп қалпақтай ұшады. Адам баласының ойлап тапқан ойындарының өзінде осындай қулық пен сұмдық көп.
— Мынау сарай ақын тегін де емес пе деймін? Қалай-қалай сілтейді! — деді ақын.
— Иә, осы күнгі балалар қыңыр сөйлеуге әуес. Дегенмен бұл «пас», «бомба», «мизер» деген әдемі сөздердің өзін «түйе», «шыбын», «қарға» деген сөздермен ластап отыр. Ең алдымен интеллигент болу қажет. Білмей жатып білдім деу де қайғы ғой, қайғы! — деп сары шіреніп шіреніп қойды.
Пайғамбаров тағы да ұнатпай қалды. Шылымды үсті-үстіне сорып сорып алды. Шекесі дық ете түсті. Жиегі қызыл көзінің ағы көбейіп, аларып кетті.
— Өкінішті-ақ! — деп қойды, — өкінішті-ақ. Осы дүние қызық. Керегі жоқта, біреуге қолақпандай етіп атақ-даңқты, бар абыройды сылқ еткізіп алдына тастай салады. Міне, шыбын-шіркейдің қаба сақал королі жетілік қарғаның астына түсіп, мойыны бүктеліп қалды.
Дөңгелек столдың қасындағы ұзын столға дастарқан жайылды. Тамақ пен шараптан ұзынша келген жіңішке столдың. белі қайысып тұр. Бірақ оған қарайтын пенде жоқ. Қолдары сумаңдап, картасы сусылдап, ерсілі-қарсылы соғып отыр.
Күзенбай шыртылдатып ұтып отыр. Бірақ өзінше бұған наразы екенін білдірмек боп:
— Осы да ойын ба? — деп қойды.Осы да ойын ба? Қазіргі мәдениеттану озық интеллигенцияның ойыны — преферансі. Мынау бала-шағаның ермегі ғой.
— Преферансі мәдениетті қауым ойнайтын, ете ақылды ойын. Күзекең өте дұрыс айтады. Қазіргі жастарға оны білмеу үлкен мін! — деп қоштады ақын.
— Өкінішті-ақ! — деп қойды Биікбай. — Өкінішті-ақ. Карта, білмегеніміз үшін осынша сөз естідік. Өкінішті-ақ.
— Өкінсең үйренесің! Оп-оңай. Бір айлығыңды ұтқызасың да, сауатты, мәдениетті, ақылы бір жігіт боп шыға келесің.
— Мүлде оңай екен ғой, өкінішті-ақ. Бір айлық дедіңіз бе? Түк емес қой, сол ғана болса.
— Ну, көп болса екі айлық.
— Өкінішті-ақ, бірақ ол да көп емес.
— Ал енді есептеселік! — деп ойыннан соң шикіл сары мен кеспелтек қара ақшаны алма-кезек сыпырып ап отырды.
Көбен үндеместің өзі. Мыңқ етпестен ақшасын санамай беріп отыр. Биікбай іштей қаусап, не қыларын білмей, шылымын тістене тістене сорып, ыстық көк түтінді құшырлана жұтады. Оның «өкінішті-ақ» деген сөзіне отырғандардың құлағы үйреніп те кетті.
Түс кезінде биік таудан өзенге біртіндеп түсіп, су ішетін сақ құс — кекіліктер сияқты әрқайсысы өз бетінше барып, қалаған шарабын жұтып, тамақ жібітті. Басқаларына ештеңе болған жоқ, шылымды көп тартып, онсыз да басы мың-мың боп отырған, оның үстіне қалжасы да аналардан емес, ішіндегі ең нәзік болған соң шығар Биікбайдың көз алды оқтын-оқтын тұнып тұнып кетеді. Алғашқыда дұп-дұрыс айтып отырған «өкінішті-ақ» деген сөзді де созып, кейде бөліп айта бастады.
— Осы сіз, карта деген мәдениетті, оқымысты қауым ойнайтын, интеллигент ойыны дедіңіз. Өкінішті-ақ! — деп қойды. — Менің өз байыптауынша, әрине, өкінішті-ақ!
— Карта болғанда — преферансті айттым.
— Бәрібір карта емес пе, ағасы ау! Ағасы, өкінішті-ақ. Сізді тыңдадық. Енді мына. мені тыңдап көріңіз.
— Бол картаны, сөз тыңдауға мұрша жоқ. Сенің кезегің, ал бол, — Ойын тағы қызып кетті.
— Өкінішті-ақ! — деп қойды Биікбай.
— Ұтқызған ақшаңа өкінесің бе? — деп қалды көзәйнекті ақын. Оның кеней асықтай кішкене мұрнының үсті тершіп, ойын қызған сайын бусана түсті. Қазір ештеңеге көңіл бөлуге мұршасы жоқ. Танауы едірейіп, қызып алған. Дүниенің бәрі оған қазір бір-ақ тиын сияқты. — Ақшаға өкінесің бе? Ақша деген не ол?
— Жоқ ә, бұ да болса сөздің бір масалы ғой.
— Мұның сөзінің салты! — деді Көбен де сөзге араласып, — әбден құлақ үйренген сөз, Айта береді. Айта берсін!
Ешбір әңгіме, сөз ойынға бөгет бола алмай қалды.
II
Карта қайта бөлінді. Жаңа ойын басталды.
— Өкінішті-ақ! — деп қойды ұтылған жас ақын.
Пайғамбаров шылымды құшырлана сорды.
— Өкінішті-ақ! Карта мәдениетті қауымның ойыны дедіңіз ау осы. Қолымыздың жетпегені өкінішті-ақ! Менің ойымша басқаша ма деймін. Ертеде «оба», «індет» деген аурулар болған дейді халық. Олар құрыпты. Жақсылық жеңіпті. Бірақ жақсылық жүрген жерден жамандық әр кезде-ақ табылады. Екеуі де жерден басталады ғой. Көрдіңіз бе? Бұл екеуі бір адамның бірі өзі, бірі көлеңкесі сияқты. Меніңше, мынау карта — оба, сіз айтқан преферанс — індет болуға тиіс. Сіздердің насихаттап отырғандарыңыз үлкен аурулар.
Екі қонақ қанын ішіне тартып, сұрланып қалды.
— Мына ақының не деп былшылдап отыр? — деп шикіл сары өзімен бірге келген атақты ақынға қарады. — Карта білмегенмен тұрмай нені даттап отыр. Байқа өзің!
— Бұл былшыл емес, бірақ, ұқпағаныңыз өкінішті-ақ! — деп қойды Биікбай — Байқайтын ештеңе де жоқ. Білген жөн.
Ернін ішіне қарай жымыра тістеп алған. Өзі де кемиектеу еді, оның үстіне ернін тістеген соң, аузы ішіне қарай опырылып кетіпті. Қаны қашыпты. Өңі сұп-сұр, жылан қуған бала сияқты. Жұп-жұқа еріндері оқыштау болса да дір-дір ете түсті.
— Өкінішті-ақ! Үлкен ағалар ойнаған соң ойнаймыз. Әйтпесе, карта деген адамның аппақ арына басылған қара таңба. Заман, уақыт атты жақсы жандардың көлеңкесі. Біз сияқты әшейін бір күн көріс адамдары үшін Індет қой, індет. Құдай өзі сақтасын дейміз, әйтпесе, карта дегенге ертеде қатынын ұтқызғандар болған дейді. Әйелім қасымда болмағаны қандай жақсы. Қайдасың, алтын шашты аруым, қайдасың! Болмағаның жақсы.
— Алдырған албырт деген осы, зарлап отыр, зарлап отыр. Ұтылғанның сөзі құрысын. Ақын ішегі ежелден-ақ тар келеді. Мынау ақының ұтқызған аз ақшасына өкініп, буынып өліп жүрмесін әй! — деді Күзенбай өзінше күлген болып.
Күзенбайдың күлкісі келді. Күле алмады. Зорланып өрең күлді. Онысы жөнді шықпады, сары атанның мұрындығын оқыс тартқан кезде мыңқ ете қалғаны тәрізді мүкіс шықты.
— Дұрыстап күле алмаған да өкініш! — деді Биікбай, — өкінішті-ақ! Өкініштің ең үлкені күле алмаған.
— Мынауың не дейді? — деп Күзенбай жолдасына қарады.
— Не дейді? — деп анау да оған қарады.
III
Ойынның бір кезегінде Күзенбай қолындағы королін өткізе алмай өз королін өзі алды. Оған бірден он алты жазылды. Биікбай ішінен, «о, тоба, осы кісінің өзі де нақ осы түйенің королі сияқты» деп ойлады. «Адамға адам ұқсаушы еді. Картаға ұқсайтын да адам болады екен. Өзі де картаны езіп, соның суын ішкен сұм болар. Әлгінде ғана, сөз арасында әкеміз ертеде Мекке Мәдине барған екен. Соған баруға қаражат жинады, біраз уақыт Нұра бойынан сасық күзен аулапты. Оны Омбыға сатып, көп пайда тауыпты. Сол жылы мен туыппын. Содан атымды Күзенбай қойған. Өзім де анау, әлгі НЭП-тің кезінде біраз уақыт күзен аулап, байып кете жаздағаным бар. Кейін қарасам картамен де біраз нәрсе жыюға болады екен» дегенді ол.
Биікбай шылымын алып тұтатты. Емірене жұтты. Аузы мен мұрнынан көк түтін қайта шықты. Қаны қашқан, қуқыл өңін буалдыр шалды. Көз алды мұнар тартты. «Карта ойнағаннан сасық күзен аулаған әлдеқайда абыройлы іс. Ол не де болса еңбек. Адам оған терін төгеді», — деп ойлады да, артынша естіріп:
— Өкінішті-ақ! — деп қойды. — Өкінішті-ақ.
Құлақ үйренген екен, бұған ешкім мән бермеді. Басталған ойынды тоқтатуға ешкімнің де құдіреті жетпеді. Кезекті ойын аяқталуға жақын. Дөңгелек бет, кеспелтек мығым қара тәмпіш танауының екі жақтауы тершіп, картаны көсілте соғып отыр. Оның қысықтау келген кішкене өткір қара көзінің жанарында әлдебір сыр, әлдебір мысқыл, қулық оты жанып сөніп, жанып сөніп тұрғандай еді. Әлде ол осы бір шешуші соңғы ойынның артындағы екі жүріс өзінікі екенін жасырғандай ма еді? Не де болса оның, жүзінен қуаныш отын, жеңіс мәртебесін, ұтыс абыройын басқадан қымтай түскендей құпия барын сезу қиын емес-ті. Ал оның қарсысында отырған жалқық бет, көзі әрі түссіз, әрі отсыз, іркілдек бетінде не ойдың, не ақылдың нышаны жоқ, құжбан сары нақ бір сүйегі жоқтай былқылдақ, ісіңкі келген мыртық саусақтарымен соңғы екі картаны қыса ұстап, демін ішке тартқандай сазара қапты.
Биікбай аң-таң боп, екеуіне, бір кезде көруді арман тұтқан қиялдағы адамдарына таңдана қарайды. «Осынша сазарып, осынша жанын сап, қанын ішіне тартатындай осы картада тұрған не бар екен». Оның ойынша: «карта ауру ғана емес, айтатын белгілі ойы, пікірі жоқ, басы қуыс, миы қаңси бастаған адамдардың ермегі, күн өткізеді. Немесе, өзін басқадан биік санайтын қортықтардың нигилистік ойынан шыққан кесел. Иә, бұл кесел. Қауіпті кесел. Бұл ақылдың, парасаттың, өсе бастаған, жетілмеген жас ойдың жауы. Жау! Бұл жау! Белгілі ойы, қиялы, ақыл-парасаты бар әрбір адамнан өзіне ортақ ой іздеген, ортақ әңгіме іздеген адамға мынау қиянат. Теңсіздіктен, бір-бірін сыйламаудан, парасат салыстырмаудан осындай оспадарсыз, оқыс ойын шыққан...»
Ал мыналар қызып алған. Күзекеңде өзінше соңғы екі ойын қалайша менікі емес деген дәме бар. Өзінше ісініп отыр. Мұның есебінше қарсы жақтың қолында ешқандай қазір жоқ, тұздың төртеуі де ойналып кетті. Мұның үстіне жүріс кезегі өзінде. Демек ұтыста оныкі. Ол бұл шақта осы ойындағы нағыз дәмесін дұрыс аңғара алмай қалды.
Дегенмен ойналып кеткен карталардың есебінен жаңылып бөгелді. Жерге кеткен карталарды көргісі көп, ұмсына барып тоқтады. Өйткені ақын шыр ете түскелі отыр.
— О, Күзеке, тоқталмаңыз, тартыңыз! — деп қалды ақын мен Көбен жарыса сөйлеп.
Мұндай көтермеші, демеу сөзден кейін ол тартынған жан емес қой, бұл жолы да көп ойланып жатпастан түйенің королін суырып тастай берді. Осы ойында реті. келмей қолында сақталған жетілік қазір — қарғаның жетілігі мен түйенің королін соғып алды ақын.
— Ә, солай ма еді? — деп қалды өзіне ұқсаған түйенің королін соғып алған ақынға қарап.
Үшеуі үш жақтан ду ете түсті.
— Өкінішті-ақ! — деді ауыл ақыны.
— Көрдіңіз бе, Күзеке, аңғал қолда корольдің де ойнамай қалатын кезі болады, — деді белгілі ақын.
— Адам денін салмай салғырт, көңілсіз ойнаған соң осындай болады. Преферанс ойнап жүрген адамға ойын емес қой. Зауықсыз, шабытсыз ойнап отырмын! — деп ақталғысы келді оның.
Шабытты өлең жазғанды ғана керек деп түсінетін Биікбай Пайғамбаров аң-таң боп сахнаның дандама шеберіне балалық әуестікпен, аңғал ақ көңілмен қарады.
— Сіздің бір рет мүлт кеткеніңіз өкінішті-ақ! — деді ол, — сіз ұтқан сайын түрленіп, қарға аунаған түлкідей құлпыра бересіз. Сіз тек ұтуға, ұта беруге жаралған пендесіз бе деп отырмын. Сондай бір жолы болғыш, бағы ашылған адамдар болады дейді ғой.
— Әй, бала, сен сөзді қой, ақшаңды шығар! — деді ойнаған сайын, шарап жұтқан сайын ісініп, бұрынғыдан бетер майлы беті бусана түскен қала ақыны, — сал ортаға! Бөгеме қолды! Сал ақшаны. Сал деймін ортаға. Тарт картаны!
Биікбай темекі ысы басқан жіңішке саусақтарымен ақшаны санап жатып:
— Мен өзім картаны білмеймін. Өкінішті-ақ. Бірақ, бүгін байқап отырмын, мұнда да, өмірде болатын бірдеңелер бар ма деймін. Өмірде болатын албырттық, аңғалдық, олақтық, қолдың қысқалығы мұнда да болады. Сол бір әбестіктерден корольдің де ойнамай қалатын кезі тағы бар екен. Королің не, тіпті кейде жалғыз көзді әулие тұздың өзі ойнамай қалады. Өкінішті-ақ! — деп сөйлеумен болды.
Бұлар картаны қайта бастай бергенде осы үйдің иесі, қонақтардың күтіп отырған адамы Нұрекең кіріп келді.
— Ой, бәрекелде ай, картаны оңды-солды төлеп жатырсыңдар ма? — деді ол күле амандасып.
Ол әр кезде-ақ осылай аңқылдап, ашық сөйлейтін адам.
— Күзенбай! — Деп құжбан сары бір қадақ шикі ет сияқты былқылдақ қолын Алдабергеновтің уысына тыға салды.
— Ө, Күзеке, сізді білеміз ғой! Ат-көлік аман-есен сау жүрсіз бе? — деп Нұрмолда да дабырлап қалды. — Ойынды қойыңдар. Асқа отырайық. Жайлаудан қайтқан бетім осы. Ал, отырыңыздар, мына столға. Картаны да көңілі тоқ, қарны тоқ адам ойнайтын болар-ау! Келіңіздер!
Тамақ пен шараптан белі қайысқан ұзын столды жағалай отырысты бұлар.
— Өкінішті-ақ! — деді Биікбай.
— Неге өкініп отырсың, қарғам? — деді Нұрмолда.
— Тіпті ештеңеге де өкініп отырғаным жоқ. Ауыз үйреніп кеткен сөз ғой, аға! Әрине, өкінішті-ақ!
— Ұтылып қалдың ба, қарғам? — деді тағы да Нұрмолда.
— Ұтылдым, қайда ұтылмай жүрген дәлду басым, ұтылғаным рас. Бірақ оған өкініп отырғаным жоқ. Өлең оқып, шешіле сөйлеп, біраз шер тарқатып қаламын ба деп келіп едім. Олай болмады. Бұлар да өзіміз сияқты қыңыр жүріп, қисық басатын пенде екен. Өкінішті-ақ. Олай болмады. Алып ұшқан асау жүрек өзіне-өзі сенбеген жерде опық жеп, пұшайман боп қала береді. Ақын атаулының өзім дейтіні содан болар. Ақын дегендер шетінен өзімшіл, ер көкірек келеді. Өзінен басқаны ештеңе білмейді деп ойлайды. Ақынды ақынның ұнатпайтыны да содан.
— Мына ауыл ақыны не деп отыр? Бастыққа мұңын шағып отырғаннан сау ма? — деп Күзенбай маңғазданып, ұйпалақ ұйпалақ жирен қасын көре сөйледі. Бір езулей күліп, екінші езуін ішіне қарай жымырып алды. Аузы қисайып кетті.
— Бұл баланың бір мылты бар екен, — деді әңгімені естіп отырған Көбен.
— Мылты деймісің?
Күзенбай аң-таң боп, ақын жігітке қарады.
— Иә, аға, бұл кісі дұрыс айтады. Менің мылтым бар. Дәлду басым, ойланбай, есеп-қисапсыз, парықсыз ойнадым. «Жығылған күреске тоймайды» деген, оның үстіне «жығылсаң нардан, аяғың әлдеқайдан» деген тағы бар. Сізбен сайысқа қайта шықсам деймін, — деді Биікбай.
— Осы жігіт шешен бе деп қалдым, — деді Күзенбай. — Қалай оралтады сөзді. Ерегісіп, шын ықыласпен ойнасаң картаның барлық ойынын жақсы білуге болады. Зейін сал, зейін. Сонда білесің.
— «Қайта шапқан жау алмай қоймайды, бөксесін көп бұрған палуан шалмай қоймайды» деген, мынау ақын қайта ойнап бізді ұтқалы отыр, — деп тапал ақын да сөзге араласып, өзінің тілділігін сездірмек болғандай, ауыл ақынынан шешендігім аспаса кем емес дегендей, тілін безеп, суырыла сөйледі. — Қолдан келсе шалғанға да, алғанға да не жетсін. Өзім ақынмын. Ақын мінезін жақсы білем. Нағыз ақын кекшіл емес, ызақор, тыз етпе келеді. Оның ішіндегі сияқты нағыз нәзік лирика жазатын инелік ақындар болады. Ал, жігітім, саған айтар ағалық ақылым — ақын болсаң нағыз ақын болсаң ызаланып, тереңнен қайнап шыққан тас бұлақтың суындай булыға, бүлкілдеп, намыстанып тағы ойна!
— Ауылымыздың ақынын арандата бермендер! Карта ойнауға қолы тимей жүрген жігіт. Мұның шаруасы көп. Колхоздағы болашақ халық театрының негізін қалай, соны ұйымдастырып жүрген де осы. Өзінің сабағы және бар. Өлең жазу керек. Ол да жұмыс. Өзін жақында үйлендіріп, той жасадық. Осының бәрі жұмыс, іс, еңбек! Бұл жақсы жігіті — деп Нұрмолда Биікбайдың арқасынан қағып, мапаздап қойды. — Биікбай десе Биікбай, өзі шағын болғанмен биік арманы, жоғары ойы, жақсы білімі, қысқасын айтсам таудай талабы бар бала!
Алдабергенов берген мінездемені бәрі үнсіз отырып, зейінмен тыңдады. Ауыл ақынының шоқтығы көтеріліп қалды. Бірақ, бұрынғыдай сөз жарыстыруды қойып, өзін-өзі ибамен ізетті ұстады. Біреу сөзіңді сөйлеп, мақтап жатса, сенің аузың қышып бара ма дегендей, ұяң да, ұялшақ та бола қалды. Оның мұнысы да онды болды. Өйткені бәрібір оған сөз тимес еді. Картадан қолы босаған қала ақыны өзінің көк жиегіне қанатын қомдап, енді ғана көтеріліп келе жатыр еді. Үй иесі келді. Шүйіркелесе сөйлескен жылы әңгімеден соң үш-төрт алынып кетті. Ақынның танауы ғана емес, маңдайы да жіпсіп, бусана бастады. Көзі жайнап, шабыттана түсті. Ал құжбан сары болса шарапты ерніне болар-болмас тигізді де қойды. Сөйлеу де жайына қалды. Тілі байланып қалған адамдай үн-түнсіз, өзінен-өзі ісініп кебініп сыздана берді. Сыздана берді. Аузымнан оқыста бірдеңе шығып кетпесін деген адамша бір езуін ішіне қарай жымырып алды. Боп-боз отсыз көзімен жан-жағын анда-санда бір сүзіп өтеді. Ал ақын болса осының керісінше тұғырдан ұшқалы отырған күйкентайша қайта-қайта қыпықтап, еңсесін көтере береді. Мезгілін күткен екен, бір толастың кезінде сөздің аяқ бауын лып еткізіп іліп әкетті ақын.
— Сіздер біліп қойыңыздар, білген артық емес. Жалпы алғанда ақын дегенді біліп қойған жөн. Былайша, жалпы айтқанда ақын деген әшейін басы жұмыр пенденің, кәдімгі көптің бірі емес.
Дегенмен, Биікбайдың құлағы елең ете түсті. Ақынның бетіне қарады. Еріндері әрі жыбырлап, әрі дірілдеп, әлгіге қоса бірдеңе айтпақ болып оқталды. Бос ұмсынды. Ақын алдын кескізбей, төтелей тартты.
— Ақынның басы жай ғана емес, жаужұмыр да емес. Ақын басы алтын. Оның «мені» мен менмендігі, былайша айтқанда ақынның өзімшілдігі мен эгоизмі теңсіздіктен, мына пендешіліктен аулақ жатқан, кәдімгі қарапайым өктемдіктен шыққан. Ақын өзіне тең, сырласар пара-пар жан таппаған соң, жынымен сөйлескен бақсыдай өзімен-өзі сөйлесіп, өз сырын өзіне айтып, өз жүрегімен шүйіркелесіп кетеді. Ақын жас бала сияқты аңғал, ол сәби, ол пәк, ол ол ма, ол жөргек иісі бойынан кетпеген балғын. Міне, ақын деген сабаздар нақ осындай жандар.
Биікбайдың мұрнына ақын демінен өскен шараптың күлімсі иісі келді. «Балғындық пен шарап иісінде ұқсастық болғаны ма», — деп ойлады ол. Дұрыс айтады, ақын сондай пан болуға тиіс.
Ал Алдабергенов болса ақынның бұл сөздеріне таңданған жоқ. Жақсы мен жаманды көп көрген жіті көз, талай жел сөзді де, ақылды да ақылсыз, мәнді де мәнсіз сөздерді де көп тыңдаған кәрі құлақ өз үйінің қонағына сөз тізгінін еркін берді. Қайта оның сол сөздерін ынталы тыңдап отырғаннан ақ, сыр алдырмады. «Үй менікі, сөз, ауыз оныкі. Қайта Алдабергеновтің үйінде бір еркін көсілгенім ай, деп айта-айта жүрсін» деп түйді. Аракідік ақынды қоштап та қойды. Ләм деместен үнсіз отырған Күзенбай үй иесінің сабырлы, ақ жарқын қабағына, кісіге дегенге таң қалды. Мынау колхоздың председателі.
Күзенбай осы бір сәтте өзіне қатты риза болды. «Осындай әділдік кімде болады? Данышпандарда ғана».
Бұл ойлап отыр. Ақын дамылсыз сөйлеп, аузы босар емес.
— Алматы — ақын қала. Ол ақындар үшін жасалған, өзі де ақынға ұқсаған қала. Оның ауасы құбылмалы. Қазір ашық артынша жел, жауын-шашын. Бірде түнек, енді қарасаң күліп тұр. Ал ақын дегеніміз де сол Алматы сияқты болады. Ол қазір күледі, артынша күңіренеді. Ол қазір ашық-жарқын, артынша түнереді. Ақын Алматының ақ жауыны сияқты ебіл-дебіл боп жылайды. Артынша жарқ-жұрқ еткен нажағайдай шартылдайды, күледі де жылайды, жылайды да күледі. Өз жұмыртқасынан жеріген көкектей сұңқылдайды да, артынша алтын қосақ, айтпақшы, кемпірқосақ тәрізді он түрленіп, құбылады, солқылдайды. Иә, солқылдайды емес, сыңқылдайды.
— Өте дұрыс айтасыз. Теңеулеріңіз оңды шығып жатыр! — деді Нұрмолда да күлімсіреп.
«Мен Алматыға бармасам түк шықпайды екен ғой. Ақын тек Алматыдан шығады екен-ау! Ондай болса Алматы жоқта қазақтың толып жатқан тамаша ақындары қайдан, қалай шықты екен? Ақын дегеніміз мына кісінің айтып отырғанындай болса, кәдімгі адам сияқты болмағаны ау!» — деп Биікбай ойы сан саққа кетті.
«Сонда кім болғаны? Адам ба, жоқ па? Адам болса қандай адам? Жынға ұқсай ма, періге ұқсай ма? Неге ол, әшейін жай адам сияқты болмайды?»
Жас жігіттің осы ойын бекіте түскендей қала ақыны әлгі бір ойының жалғасы етіп мынаны айтты:
— Ақын күрсінсе аузынан көкала жалын, көк түтін шығады, ақын күлсе көмейден сылдырап өлең төгіледі. Ақын жыласа көзінен ыстық жаңбыр тамшысы ағады, ақын шабыттанса аузынан өлең маржаны өзен боп ағады. Ақын қайғы ұрса, дүниені қара түнек басады, ол қабағын ашса көзінен мың киловаттық электр нұры төгіледі.
— Аға, сіз осы кезде күліп отырсыз ба, жоқ, әлде жылап отырсыз ба? — деді Биікбай, Нұрмолда келгелі сөзге бірінші рет араласып, — жоқ, әлде түнеріп отырсыз ба? Қашан күлесіз?
— Сөзді бөлме, бала, сөзді бөлме! Дүниеде ақын сөзін бөлгеннен жаман нәрсе жоқ. Ақын сөзі бөлінсе қанатына нажағай соққан қырандай шоңқайып қалады. Не деп отыр едім? Неге келіп тоқтадым?
Биікбай жаттампаз, құйма құлақ жігіт. Ол бұл жолы да ақын сөзін бөлгені болмаса, қалт жібермеген екен.
— Аға, сіз ақын қабағын ашса, көзінен мың киловаттық электр нұры төгіледі дедіңіз.
— Онша дұрыс теңеу емес екен. Ақын айтты деуге келмейді. Өндірістік, қарапайым теңеу, одан да ақын қабағын ашса, көзінен нажағай ойнап, поэзия шапанын өтірік жамылып жүрген ақынсымақтардың бәрін соғады, қасиетімен соғады, төбесінен жай оғы боп түседі, ойнайды деген оңды.
Бұл Биікбайға ұнамады. Өйткені ол өзінің кім екенін анық білмейтін. Содан да болар жай оғы төбемде ойнайды екен деп қалды.
— Өкінішті-ақ! — деп күрсінді ол.
— Сен өкінбе, бала, өкінбе! Ақында өкініш емес, өксік болады. Одан да сен еңіреп жыла! Ақынға сол жарасады. Сен ақынсың, ә, ақынсың. Карта білмейсің, бірақ ақынсың. Оқасы жоқ. Сен картаны үйренесің. Сонда өлеңді де оңды етіп, көзіңнен сораңды ағызып, мұрныңды қайта-қайта тартып қойып жазасың. Өлең сонда Алматының биік таудан, заңғар жартастан құлай аққан өзеніндей боп құйылады. Сен буырқанасың бұрсанасың. Өлең төгіле береді. Сен, міне, нақ сондай ақын боласын. Өкінбе, өкінбе! Сен түгіл мына менің өзім, удың неше түрлісін татқан мына мен өкінбеймін. Сен аз ғана ақшаға өкінесің бе, ол ұят. Мына мен атаққа да, абыройға да, басқа қонған бақтың қайда қалай қарап ұшқанын да білмей қап, соның өзіне өкінбеген жанмын. Ақын жомарттыққа бармаса, бір нәрсені жоқ етпесе, ақын бола алмайды. Жылы төсек, ыстық ас, дәмді тамақ ақынның басын арақтан бетер улап, басын әңкі-тәңкі етеді. Міне, мына мен сондай үлкен жертвоға барған адаммын. «Кетер, кетер, көп болса қасқа сиырдың құны кетер» деп Сырдың суын сирақтан келтірмей тарта берген жөн.
Биікбайға қала ақыны ұнай бастады. Айтып отырғаны оған алтындай асыл, керемет сырлы сөз боп естілді.
— Өкінішті-ақ дейік, аға, сіз барып тұрған данышпан, ақылды адамсыз ба деп отырмын.
— Өкінішті болса өкінішті-ақ. Сенің оған әлі де күдігің боп отырса керек. Бұған мен де өкінемін. Бірақ мен өкінішімді сөзбен емес, көзімнің жасымен, жүрегімнің өрт жалынды ыстығымен көрсетем. Бірақ сен, ақын, күлме! Күзеке, сен де күлме, Нұреке, сіз де күлмеңіз. Білем, Нұрекең мұндайға күлмейді. Менің жылағым кем отыр. Мына жас жігіттің маған сенбегеніне жылағым келеді. Ақын деген, әлгі бір кездегі мен мен, өзімшіл, ер көкірек ақын, енді бір сәтте қарасан жас бала, тіпті сәби сияқты. Ол жылайды. Ол сорлы, ол байғұс, ол дәрменсіз бірдеңе. Маған мына боқмұрын баланың өзі сенбей отыр. Мен оны сендіре алмадым. Міне, ақыныңыздың сорлы болған жері.
— Жоқ, сен олай деме, бұл саған құдайдай сеніп отыр. Сенің сырың бұған қатты ұнады.
Нұрмолда әңгімені жуып-шайып, басқа жолға салып жіберді.
— Дұрыс! — деп қойды ақын. — Дұрыс ақ. Маған сен, күдік келтірме. Поэзия деген өзінше киелі нәрсе. Ол соқса қатты соғады. Бір соқса туралатып, біржола тұрмастай етіп, оңдырмай соғады. Біліп қой, бала, біліп қой. Ол соғады. Жөндеп ұстамасаң, әйтеуір бір күні соғады.
«Сізді соққан жоқ па?» — деп сұрағысы келді де, Биікбай тоқтап қалды. Ақынды аяп кетті.
— Сізді мен данышпансыз ба деп отырмын!
— Мұныңды ұғамын. Ақынды ақын әудем жерден таныса етті. Сен құдайдай ақын боласың, ал пайғамбардай фамилия өзінде бар. Жосытып тарта бер. Өзіңнен басқа пайғамбар, құдай бар деп түсінбе!
Биікбайдың іші жылып сала берді. Осы күнге дейін оған осылайша ақыл айтқан бір пенде болмады. Ақылды кеңесшіні енді тапты. Аузын ашып, ұядан басын қылтитқан сары езу балапандай-ақ есі шығып, еріндері дірілдеп, шылымын қайта тартты.
— Аға ау, менің іздегенім сіз еді ғой, сіздей адам еді ғой. Сіз қандай білгіш адамсыз. Сіз данышпансыз.
Күзенбай сұрланып барып, бір езулей күлді. Аузының бір жақтауы ішіне жымырлып, беті қисайып кетті. Өзіне айтылатын сөздердің мас ақынға айтылғанын өлердей қызғанды. Артист пен ақын арасына жарықшақ түсе бастағанын көрген соң, Нұрмолда өз жігітін тыйып тастамақ болғандай:
— Арыстандай алып ағалар мақтау сүймейтін болса, түлкідей қу інілердің өмір сүруі қажетсіз ақ болар еді-ау, Биікбай, сен азулы ақын ағаңның алдына құлап түстің. Опын дұрыс шығар. Әр нәрсенің өз орны бар емес пе? Мұнда да жасы үлкен, атақ-дәрежесі үлкен ағаң отыр! — деп ескертті ол.
Жас ақын түсіне кетті. Сасқанынан:
— Ау, айтпақшы түйенің королін ұмытып кетіппіз ғой. Карта ойнайық та! — деді.
Нұрмолда өз ауылдасына жалт қарады.
— Биікбай, — деді ол салмақпен, — бізді кішкене күнімізде «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен қой жайып көтен жеген озар» деп үйретуші еді. Карта деген асық пен доп сияқты дене енбегі де емес, ол ойын емес, апат қой. Оның бер жағында мына отырған Күзекең іздесе кездеспей жүрген адам. Біздің шүйіркелесер ортақ әңгімеміз бар. Бізге бөгет болмаңдар. Сен анау ақын ағаңмен бол! Бұл кісілердің айтар әңгімесі, сұрар Сөзі, бұйымтайы болар. Біз соны сөйлесеміз.
Нұрмолданың бұл сөзі келесі ойынның жолын кесіп тастады. Отырғандар бір сәт тұнжырап қалды. Төрдегі дөңгелек столда сызылған ақ қағаз, қалам, бір бума карта. Төңкерілмей, шалқасынан жатқан картаның бетінде қабағы түк түк боп, маңқайған қаба сақал, жирен сары түйенің королі жатты.
Күзенбай, Нұрмолда, Көбен үшеуі көрші бөлмеге шығып кетті де, бұл бөлмеде екі ақын қалды. Қала ақыны ащы шараптан жарты стакандай етіп құйды да құшырлана жұтты. Киіктің тобығыңдай тәмпіш мұрнын шүйіріп, шіміркенді. Жайлап көп дөңгелек столдың жанып жаны жатаған орындыққа отырды.
Ал, ақын бала, бері кел, жақын отыр.
Ол қарсысына отырды.
— Енді мынаны қара! — Ол столда жатқан карта бумасын көрсетті. Бетінде түйенің королі жатыр. — Мен де көргенім жоқ, сен де көрген жоқсың. Ал осы корольдің астында қандай карта жатқанын айта аласың ба?
— Қалай айтамын?
— Ойлап айтасың.
— Көріпкелім жоқ, ағасы.
— Мұнда көріп кел, мөріп келдің керегі аз. Ақын көзін оттан өткір, алмастан алғыр болуға тиіс. Ол ешкім көре алмайтын, көрмейтіннәрсені көріп, біліп отыратын адам.
— Менің ондай қасиетім жоқ. Онда мен ақын емес екенмін де, аға. Менікі әурешілік боп жүрмесін.
— Жоқ, бала, олай деме, сен ақынсың. Мен оны көріп отырмын. Шынын айтсам, қайғы, қайғы! Карта білмегенің бір қайғы, корольдің астында қандай карта жатқанын білмегенің тағы бір қайғы. Сендей көген көз кедейдің балаларымен кездескенде қайғыдан көз ашпайсың!
Жас ақын жасып қалды. Үлкен ақынның сөзіне құдай сөзіндей нанды. Өзінде ондай қасиеттің болмағанына налыды. Өзінше толғанып, зорланып көрді. Қапелімде ойына ештеңе түспеді.
— Корольдің астында дама жатқан болар.
— Жас ақын күліп қойды.
— Жоқ! — деді ақын.
— Енді не айтамын?
— Ойлан, бала, ойлан!
— Өзіңіз білесіз бе, кәні айтыңызшы!
— Мен сені сынаймын десем, сен мені сынамақсың ғой, өзің. Мен айта аламын. Мұның, мына корольдің астында пиковая дама бар. Сеніңше айтсам, қарғаның келіншегі жатыр.
Ол корольді көтеріп қалды. Астынан қарғаның мәткесі шыға келді. Жас ақын аузын ашып, жас балаша аң-таң боп қалды. Бір жағынан өзінде мұндай «көріпкелдік» жоғына өкінді. Артынша ойына әлдене түсіп кеткендей:
— Мен де айтып көрейінші, аға!
— Ал, айт! — деп картаны араластырып жіберді де, бетіне түйенің королін қойып, — кәні, сөйле, ақыл! — деді.
— Мен білсем корольдің астында кілең дама жатады.
— Бұл арзан сөз.
— Әлгінде де корольдің астында дама жатыр дедім. Сіз көнбедіңіз. Сонда бәрібір дама боп шықты ғой.
Ақын ерегісіп қайта тартты. Корольдің астынан тоғыздық қызыл айыр алып көрсетті.
— Аға, бағымды тағы бір сынайын.
— Ал сөйле, арманда қалма, шикі өкпе жетім!
— Мен білсем, аға, мұның астында бар ғой, бұл корольдің астында жазылмаған жақсы өлең, айтылмаған тың ой, асқақ сөздер, әдемі қиялдар, сұлу суреттер жатыр. Бір сөзбен айтсам мұның астында тамаша ақын бар.
Ақын сұрланып кетті. Тершіген бетін сүртті. Артынша күлген болды.
— Сен де көргіш, сен де ақын екенсің айтқыш. Рас, мұның астында талай нәрсе бар.
Бұдан кейін екеуі де басқа сөзге келген жоқ. Ақын масаңдау болса да ойланып қалды. Жас ақын өзінің тауып айтқан дәмді сөзінің әсерін тамсана жұтқандай боп рахаттанып қалды. Король қайта көтерілген жоқ. Бірақ ақын картаны қайта-қайта ойсыз араластыра берді. Барлық картаның бет жағында жатқан түйенің сары королі көп картаның сапырындысы ішінде көзге ілінбей, жоқ боп кетті. Бірақ ауыл ақынының көз алдында түйенің королі мен Күзенбай арасындағы ұқсастық ап-айқын боп қалды. Ол жағасын ұстағандай боп: «О, тоба, картаға ұқсайтын да пенде болады екен-ау» деп ойлады.
ОНЫНШЫ ТАРАУ
I
Бұлар екі ақынды оңаша қалдырып, бөлек бөлмеге беттеп бара жатқанда сыртқы есіктен Досов келіп кірді.
— Әй, тілші, қайдан жүрсің асығып, ат-көлігін аман ба? Жүр, мұнда жүр, әңгіме бар! — деп Нұрмолда оны да ала кетті.
Бұл төртеуі желдеткіші ашық, ауасы тап-таза, аядай әдемі бөлмедегі диванға келіп отырды. Досов бұл үшеуіне қарсы қарап, жұмсақ орындықта отыр.
Бөлме іші ұқыпты жиналған. Осы үйде қолы епті, әдемілікті сүйетін жас қыз баланың бар екені қуыршақтай етіп жиналған бөлмеден көрініп тұр. Досов жан-жағына қарап қойды. Бір түрлі ыңғайсыздана берді. Мұның себебі — осы үйдің бас қонағы Күзенбай тілшінің келгенін ұнатпағандай қабағын қарыс жауып, нақ бір ата жауын кездестіргендей түксиді де қалды. Досовтың берген сәлемін де жөндеп алмады. Ол болса «сәлемінің қадірін білмес адамға неменеге қол қусыра қалып едім» дегендей ішінен опық жеп қалды. Онысын сездіргісі келмегендей көңілін басқаға аударған боп, жан-жағына жалтақтап отырғаны сол.
— Рақмет, асты кейінірек жейін. Маған алан болмаңыз.
Алдабергенов бәрібір әңгімені неден бастарын білмей мүдіре берді. Тартыншақтай беруге тағы болмайтын көрінеді. Мына бір іштей тіресуге арашашы да оның, өз сөзі екенін ұқты. Бірақ, кенет бастап кете алмады. Қайта Досов бұл жерде де тілшілігін істеп, сөзді іліп әкетті.
— Нұреке, сізді мақтап жүреді екенмін. Дайын асқа, көңілді топқа көп ендім де кеттім. Үй иесін мақтайтын, ниеті дұрыс адамның алдында дайын ас, әзір сыбаға, жақсы әңгіме, көңілді күлкі, жақсы әзіл тұрады дейді. Сол рас қой, өзі! — деп қойды.
— «Қонақ үстіне қонақ келгенде қой егіз табады» дегендей, өз басым қатты қуанып отырмын. Оның үстіне қонақтарым іздесе табылмайтын жандар. Иә, келген қонақ бұрынғы қонақты да шет көрмейтін болар! — деп Нұрмолда екі араны шайып жумақ болды.
Мұнысы бос болмады. Өзінше тастай қатып қалған Күзенбай жіби түсті. Әлде үй иесінің ниетіне қарайлады ма, бұрынғыдан жұмсап, бетіне күлкі отын шақырып, жылыған болды. Мұның да жасанды екенін Досов сезіп отыр. Бірақ оған да мән бермеуге тырысты. «Артист адам, құбыла береді» деп түйді. «Құбыла берсін, түрлене түссін, ісінсе ісіне берсін, одан маған келіп-кетер не бар?»
— Қонақ үстіне қонақ келгенде емес, «құтты қонақ келгенде қой егіз табады» дейді ғой қазақ! — деп түзетті Күзенбай.
Досов не де болса ойын нығыта түсті. Өз бойын тез жинап алды. Тірескен ой ыдырап сала берді. Мұның үстіне үй иесі негізгі ойын айтпай, Досовпен екеуінің арасында болған сонау бір жылдардағы алғашқы шекісуді айтып кетті. Іле-шала тілші оның себебін, тигізген пайдасын күле отырып баяндады.
— Колхоздың бүгінгі табысының ішінде сондағы сынның да үлесі бар деп ұғам. «Сын түзелмей мін түзелмес» деген мақалдың шындығы мол. Болған, қол жеткен табысты әркім-ақ мақтайды. Дайын іске сыншы да, мінші де көп. Болмай жатқанды көргеннің көзі шын көреген! — деп Досов күле жауап берді.
— Сен өзін орағытып орағытып, анау Шұбардағы колхоздың жарты табысы менікі деп отырғаннан саумысың? — деп Нұрмолда да күліп қойды.
Оның күлкісін Күзенбай мен Көбен көтеріп әкетті.
— Жоқ, мұны мойындауға болмайды! — деп Көбен көзін жұмып, орнынан қопаң ете түсті. — Егер мойындап қойсаңыз, бұл жігіт колхоздан еңбекақы талап етуден де дәмелі ме деп қалдым.
— Мен де оңайлықпен мойындай қоймаспын.
— Әңгіме еңбекақыда емес, ондай бос дәмем жоқ. Бірақ газет сынының әсерін, тигізген пайдасын ең алдымен мынау парторгтің өзі растауға тиіс. Ал бұл оның орнына еңбекақы сұрайды деп қорқып отыр. Тілшіден бай ешкім жоқ. Айлық алады, қаламақы тағы алады. Бай колхоздың орынбасарларының мақаласын жазып, оларға да ақша алып береді! — деп қойды Досов.
Көбен қызарып кетті. Күзенбайдың құлағы «ақша» деген сөзді естігенде елең ете қалғандай болды. Оның ойына көрші бөлмедегі дөңгелек столдың үстінде қалған карта бумасы түсті. Көз алдына түйенің королі елестеді. Бірақ өзіме ұқсайды деп ойламады.
— Бәрі ойын, бәрі қалжың. Бірақ еңбекақы жерде жатса да тілшіге береріміз жоқ. Жақсың болса көре қояды, жаманың болса қазбалап оны қоймайды. Бұлармен дос болу да, қас болу да оңай. Тәуірін көрсе сарт етіп жетіп келеді, мініңді көрсе одырайып төбеңнен қарайды. Бірақ, мына тілші солардың ішіндегі өзгешелеуі екен.
Нұрмолда күлді. Қалжың айтты. Бірақ біраз тілшіге тән қасиетті айтты. Досов өзін бөліп ап, мақтау айтқанына еліге қойған жоқ.
— Әбден жамандап, жерлеп аласыз да артынан сүйеу айтасыз. Ондай қулыққа тілшілер де үйренген.
— Басқаға болса болар, тілшілерге дегенде менде қулық жоқ.
— Ал осымен тілші әңгімесі бітсін. Мынау, еліңіз, жеріңіз туралы бірдеңе айтыңызшы!
Досов қулыққа салды. Өз пайдасына қарай бұрды. Қаладан келген, атағы бар адам алдында Нұрмолданы сөйлетіп, жазып жүрген очеркіне керек материал алып қалмақ.
Алдабергенов тағы ойланып қалды. Танығанымен, сырын, көкейін жақсы ұқпаған адамның алдында сөйлеудің қиыны ай. Толғанып әлі отыр. Досов оның осы бір ойлы кескініне құпия қарады. Оның жүзінен әлденені оқығысы келді.
Ойланып қалды. Күн қақты ақсары жүзін сансыз көп, майда әжім басыпты. Әсіресе, әлі де оты қайтпаған жанарлы, сәулесі мол қара көздің төңірегінде сызықтар көп екен. Осы әжім, мынау майда сызықтар осы Нұрмолданың өзі жүріп өткен үлкенді-кішілі өмір соқпағының іздері емес деп кім айтар еді? Адам жүрегіне таңбалы да тағалы ізін түсірген өмір жолының мөрлері қайткенде сыртқа, әсіресе, кескін-келбетке өзінің ізін тағы да түсірмей қоймайды ғой. Осы сызықтардың әрбір жолында, әрбір ирегінде, бұрылысында осы адамның өзі өткен жол соқпағы жатыр. Досов сонау бір бала кезінде, тау-тасты кезіп жүрген шақта тастың бетінен аттың тұяғының ізі тәрізді таңбалар көретін. Сонда мынау не деп үлкендерден сұрағанда «Бұл тұлпардың тұяғының ізі» деп жауап айтатын. Тасқа тұлпар із түсіргенде, адам бетіне уақыт, заман тұяғы неге із тастай алмайды?
Оның асықпай айтқан әңгімесін сарыла тыңдап отырмай-ақ осы сызықтарды оқуға құдіретін жететін болса ғой. Бұл әрине, қиын нәрсе. Дегенмен оның өңіне Досов ұзақ қарады. Жасы елуден жаңа асса да тым қарттау көрінді, өмір тепкісін көп көрген болар. Иә, оның өмірі азапты, ауыр да болған шығар, оны айтып жатқан ешкім жоқ.
Кезекті бір әңгімесін, орайында ол қолын жайып тастап, алақанын шалқайта ашты:
Досов бір құлағымен Алдабергенов айтқан әңгімені тыңдап, көзімен әлгі әжімдерді оқып отырды. Ол дәл оқыды: әжім — тек к ана қайғы мен қасіреттің, көрген қорлық пен шеккен жапаның, мұң мен мұқтаждықтың ізі емес, ол кейде, тіпті көп ретте, өткен жақсы күндердің, жүректі қатты соқтырып, ерекше тербеген қуаныш, рахат күндерінің із таңбасы. Адам жүзіне көздің жасы, ыстық жас қана емес, күлкі, рахат күлкісі де өзін тастай алады. Бұрын көрмеген, сырлас болмаған, қағазға жазылған белгілі өмір тарихы жоқ адаммен кездескенде сонау бір сырлы, мәнерлі, көп сызықтар жұмбақ боп қала бермей ме! Қалың тоғайды басқан алғашқы қардан соң, сол ақ көрпе бетіне түскен қоян жымы тәрізді көп сызыққа, жұмбақ жолдарға үңіліп Досов отыр. Қиын оқылады.
Қайда болса да төрт аяғын тең тастап басатын жорға жоқ дегеннің жаны бар. Өйткені еңбектің жүлде алып жүрген жүйріктерінің көбі-ақ, сөзге шорқақ, өзі өткен еңбек жолының сырын жөндеп айта алмайды. Өзі көрген өмірді, өткен жолды, көрген қызығы мен қайғысын қолмен қойғандай етіп, шеберлер, қалам шеберлер секілді суреттеп кететін жүйрік аз. Алдабергенов те солардың бірі. Сөйлеуге әзірленбей, жай бір көңілді шабыт үстінде сілтеп кететіні болмаса, сөзге ұста емес. Бірақ, кейде кәдімгі көпті көрген халық шешендерге ұқсап мүдірмей кететіні бар.
— Талай жерге бардым ғой, осы, — деді ол алақанымен соғып қойып, — талай-талай аталы, жақсы, ақылды сөздер естисің, әртүрлі мамандықтағы кісілердің өзі істейтін жұмысы жайлы айтқанын естисің. Көпті көрдім де, тыңдадым да. Тыңдауым кенде болған емес. Қарап отырсам, Мәскеудің өзіне сан рет барыппын. Осы сапарларда көп естіген сөзімнің бірі және өзіме ұнайтыны мынау, әрбір адам өзі істеп жүрген еңбегін сүю керек. Әйтпесе, онда нәтиже болмайды. Мәселен мынау Көбен бастықтың орынбасары, Күзекең артист, мынау тілші өзінің қаламы мен қағазын, жазу-сызу өнерін сүймесе, сүйе алмаса бәрі бекер. Мынау, әлгі ақын-жазушы деген ағайындар «ә» десе махаббат, сүю деп шыға келеді ғой. Сондағы сүю деген сөздің бары рас болса, ол ең алдымен әркім өз ісін сүюден басталса керек. Өзің істеген істі сүйе білу қажет. Адал ниетпен, ақ көңілмен, ынта қойып істеген жұмыста ғана жақсылық бар, табыс бар. Оған қоса шабыт бар.
— Ал, сіз ше! — деді Досов күліп.
— Мен бе, мен, жерді сүюге тиіспін.
— Мен екі нәрсені, қағаз бен қаламды сүюге тиіс болғанда, сіз неге жалғыз жерді сүйесіз, жоқ, оныңыз болмайды, — деді ол күліп.
— Мен диханмын, жерді сүймегенде сенің атаңның басын сүйемін бе?
— Жерден басқа ше?
— Жер мен кетпенді, жер мен соқаны, жер мен тракторды, жер мен қызылша комбайнын алды. Енді болды ма?
— Дұрыс, — деді Күзенбай басын изеп.
— Дұрыс болса сол! — деді Нұрмолда, — әжептәуір жүйелі сөзімді быт-шыт еткен мынау тілші, не айтып отыр едім. Иә, әлгі айтпақшы, мен де жерді сүюге тиіспін деген екенмін ғой. Сөйтіп, мен диханмын, жерді сүюге, білуге тиіспін. Жер менің махаббатым. Жер мен үшін өлең, жыр. Мен жерді, туған жерді жырлайтын өзімше ақынмын. Өзімше оны сүйе білемін деп ойлаймын. Жетісуды, оның ішінде Көксу, Тентек, Қаратал бойын жақсы білем. Өзімнің туған жерім Малайсары. Осы айтқан өңірдің сырын едәуір білем. Оны білгендіктен де сүйем. Сүйгенде құнары мол, берері көп жер деп сүйем. «Жетісу — жер жаннаты» деген сөз бекер айтылмаған. Жетісу аса сұлу жер. Қайда барсам да Жетісудан сұлу, Жетісудан құнарлы, әдемі жерді көрмедім. Алатаудан сәулетті, одан биік, одан көркем тауды тағы кермедім, Оның бер жағында, жігіттер, диханның жермен кіндігі бір. Оны одан ажыратсаң өледі. Не дихан өледі, не жер еледі. Немесе, екеуі де өледі. Жер мен диханның қасиетінің өзі осында.
— Еңбегі жансын жанбасын, адам ең алдымен туған жерін сүйеді емес пе? — деді Досов.
— Пәлі, сол да сөз боп па? Сен тыңда, туғаным үшін ғана емес, осы жердің мені тудырғаны, ананың ақ сүтіндей жемісін бергені, еңбегімнің осы жерде жанғанына бола сүйем. Бұдан алыс кетсем осы жерде менің атам, бабам, әкем Алдабергеннің сүйегі жатыр. Қаны суық, бетегесіне толтыра тас салып алған құс екеш құс та өз ұясына айналып соқпай кетпейді. Өйткені, ол сыр мінез болған, қанатын қатайтқан жерін аңсайды. Бұл ғана емес мен осы жердің астында қанша жерде тас жатыр. Қай жерде қанша су бар. Оған қанша тыңайтқыш керек, қай жерді қалай, қанша рет суғару қажет, қай жерден қалай еткенде, қанша өнім алуға болады, міне, мен соны білемін. Мен оны білмесем диқан емеспін.
— Жаз, жолдас тілші, диқан жердің дәрігері, профессоры болуға тиіс деңіз! — деді Күзенбай да күлген, сөзге араласқан боп.
— Бәрін қоя тұрып, Нұреке, бізге өзіңіздің өмір тарихыңызды айтыңызшы! — деді Досов.
— Ой, қалқам-ау, менде қандай өмір тарихы болушы еді. Менде өмір тарих жоқ десе де болады. Менің тарихым осы туған, өскен жерім. Осы жерде дүние жарығын көрдім. Өстім. Жүгірдім. Шаршадым. Өсе түстім. Еңбек еттім. Колыма қару алдым, соғысқа, кешегі Отан соғысына бардым. Атқа мініп, билік айтпадым. Ешкімге қиянат етпедім. Қорлық көрдім, бірақ ешкімге қорлық та, зорлық та етпедім. Ешкімнің ала жібін аттамадым. Ұрлық істеп, қалтаға түсіп, абақтыда жатқаным жоқ. Еңбек еттім, дәмін таттым. Барлық тарихым осы.
— Бұл да тарих. Бұдан гөрі дәлірек айтпайсыз ба?
— Дәлірегі қандай болушы еді. Осы жерде туып-өстім дедім. Менің туған жерім Малайсары деп аталады. Осы Мұқырдан шығып, Алматыға баратын жолға түскенде Сарыөзекке жетпей, Малайсары таулары басталады. Міне, сол таудың ішінде дүниеге келдім. Иә, жасыңнан еңбек етіп, тесік өкпе боп өстім. Колхоз болдық. Оның ащысы мен тұщысын бірдей таттық. Сөйтіп жүргенде, қызылша деген шықты. Мұнымыз көңілге бірден ақ ұнап кетті. Әрине, алғашқыда бұдан да жерін, еңбегі көп, жерден қазып алатын пәле екен дедік. Дегенмен қызылшаға тоқтадық. Бұдан кейінгі өміріміздің көбі осы қызылшамен өтті. Қызылша тәтті ғана емес, қант қана емес, байлық, дәулет. Мал өсірдік.
Ол тоқтап қалды.
— Осы ғана ма?
— Бұдан артық не керек, айттым, басқа өмірімнің бәрі енді осы көріп отырғандай.
— Нұреке, сіз бұдан артық өмір тарихым жоқ, дедіңіз, ал мына атақ мына наградалар туралы ештеңе айтпадыңыз ғой! Бұл да өмір емес пе?
— Оның несін айтамын, өзін де көріп тұрған жоқсың ба.
Әлден уақытта барып, тағы да жер туралы сөйледі.
— Жер деген әркімнің туған анасы тәрізді нәрсе. Оны сүйсең, күтсең, сырын білсең, ол саған бәрін береді. Бізде «Жыламаған балаға анасы емшек бермейді» деген бір сөз бар ғой. Жер де сол ана тәрізді — жыламасаң еңбек етіп тер төкпесең ештеңе бермейді. Жер еңбек сүйеді. Еңбек оны түрлентеді. Еңбек жердің қасиетін, құдіретін аңызға айналдырады. Жетісу өңірі қанша құнарлы болғанмен біздің осы көп өнім алып, елді шулатып жүрген жеріміз, анау айтқандай құнарлы, жақсы жер емес, бір кезде мына Көксу өзенінің табаны болған. Жеріміз құм, лайдан өскен жер. Мұндай жерден өнімді тыңайтқыштың күшімен, одан қала берді еңбектің, мына қолдың күшімен алып келеміз...
Нұрмолда осы ойдың жалғасы етіп, мынадай бір пікірді ортаға тастады: жерді сүйіп қана қою жеткіліксіз, оны білу керек. Жерді білу дегеніміз — оның қасиетін, топырағының қасиетін, оның қайткенде иетінін білу деген сөз. Мына тұрған тау аңғары мен біздің жеріміз бірдей емес. Ондай болса, әйтеуір егістік жердің келемін көбейтейік деп, .жерді тілгілей берудің жөні жоқ. Мәселен, пар жыртып, ауыспалы егіс әдісін қолданып жүрген кезде осы күнгі жүз гектар жерден алатын өнімді он гектар жерден алатынбыз. Мұның үстіне он гектар жерді күту де, суғару да, шөбін отау да, артығын жұлып тастау да оңай еді. Оның ойынша айдалған жердің санында тұрған дәнеңе жоқ, сапаны қуған жөн. Қазір қызылша егісінің көлемі көп, берер өнімі гектар басына шаққанда бұрынғыдан әлдеқайда аз.
— Басқа жерді білмеймін. Нақ біздің жеріміз ауыспалы егісті керек етеді. Қызылшаны жүз гектарға еккеннен гөрі он гектарға ексе дұрыс болатын жер. Күтімді аз керек ететін, құнарлы жер болса, егіс келемін көбейте беруге болатын шығар. Бізде олай етуге болмайды. Мен өз басым қызылшаны жүз гектарға егіп, бес мың центнер алғаннан гөрі, он гектар егіп, бес мың центнер алғанды жақтаған болар едім. Бұрынғы тәжірибе осыны көрсетеді.
Әрине, мұны Күзенбай түгіл, тілші де онша ұққан жоқ. Бұл қалай деп кеңесуді де, қайта сұрауды да артық санады. Өйткені Нұрмолда өзі білетін жердің қасиетіне қарап, өз өмірінің шындығын айтты.
— Жетісу дегеніміз жеті өзен ғой. Бірақ, сол қайсы қайсы өзен дегенге әлі күнге дейін бір пенде дәл жауап берген емес. Біреулер айтады Аякөзден басталып, Таласпен бітеді екен дейді. Ал қайдан басталып, қайда барып бітсе де ішіне біздің Қаратал мен Көксу енетін болар. Жеті өзеннің екі өзенін алып, соның нақ қойнауында жатқан біздің колхозға тек су, су ғана байлық бере алады. Жеріміздің негізгі байлығы су. Суды дұрыс пайдалансақ қолдағы алтын қорды дұрыс пайдалана білгеніміз...
Бұдан соң Нұрмолда Каирға барған сапарында естіген бір аңызды әңгімесін айтты:
— Араптың тамаша адамы Лұқпан Хакім деген бопты. Лұқпан қартайып, өлер шағында кедей болған екен. Артында қалып бара жатқан жалғыз баласы кел, «мен қайтемін» деп ақыл сұрағанда: «Күн сайын дәмді тамақ же» депті. Артына, баласына деп. тастаған дәнеңесі жоқ шалдың мына сөзі оған ақылынан адасқан адамның сөзімен бірдей көрінсе керек, әкесінің бір досына келіп: «Әкем алжып өлді білем» дегенде, әлгі кісі оған: «Жоқ, ол ақылды адам еді, сол ақылды қалпында өлді» депті. Бала әкесінің соңғы өсиетін айтқанда, әлгі шал қайта сөйлеп: «Айттым ғой, әкең дана еді, дана боп кеткен» депті. «Неге» дегенде, былай депті: «Күн сайын дәмді тамақ же» дегені, «еңбек етіп жеген тамақ әрқашан ақ дәмді, жұғымды болады» дегені ғой депті... Кердіңіз бе, еңбек деген осындай құдіретті нәрсе, — деп ол бір тоқтады.
Осы бір аңызды көкейге тоқыған адамды еңбек адамы демегенде кім дер еді? Мұндай сөзді жадына өмірінің қызығы да, қайғысы да, қуанышы да, өкініші де енбекпен өткен адам ғана сақтай алады. Күзенбай да, Досов та оны нақ осы шақта осылай ұқты.
Бұл да бір сыр еді. Жер туралы, еңбек туралы сыр болатын, еңбек сүйген, елін сүйген, жерін сүйген жігіттің, азаматтың сыры болатын.
II
Қаладан келген ақын ауыл ақынының алдында нокаутқа түскен боксшы қылжиып қалды. Онысын өзінше білдірмеуге тырысты. Маңдайын, одан қалды кішкене түймедей мұрнын сапалап аз бөгелді. Осы бір сәтте масаңдығы да қайтқандай боп, айығып кетті. Бұл да әлгі бір кездегі Алдабергеновті алғашқы көріп, өзімен салыстырған Күзенбай сияқты мына ақынды өзімен салыстырып көрді. «Бұл ғой, әлі бала. Он да бір, гүлі ашылмаған адам. Бірақ өзі алғыр, білгіш, әрі қиқар. Өзінде ақындық мінез бар. Артымыздан өскен жастардың қандай боп, қалай өсіп келе жатқанын білмейміз де, өзіміздің бір кезде сонау кәрі ҚазПИ-ден алған азды-көпті білімімізге мәз боламыз да жүре береміз. Кейінгі өскен жастардың білігіне таң боласың. Кейде өзің ұялып қаласың».
Оның бұл ойы әділет те, шындық та еді. Бірақ ол бұл ойды тастады. «Білімде, білгіштікте тұрған не бар тәйірі? Қолында бір емес, бірнеше дипломы барды да көрдік. Оқып оқып көк ми боп кеткендер де бар. Сонау бір жылдағыдай емес, қазір не көп, оқыған көп. Алматының үстіне таяқ лақтырсаң ол таяқ не аспиранттың, не кандидаттың басына тиетініне шәгіңіз болмасын. Қағазы сарғайып кеткен ескі кітаптарды кеміре кеміре шаршағандар да, сонау ескі грек, араб, үнді пәлсафаларын жатқа соғатын да қулар бар. Анада менің бір досым, кандидат, ғылым кандидаты дегеніміз не деп сұрады да, оған өзі жауап берді. Ғылым кандидаты дегеніміз ең алдымен ғалым емес, сол ғалымдыққа кандидат деген сөз. Ол әлі ғалым бола ма, жоқ па, ол өз алдына әңгіме. Екіншіден ғылым кандидаты дегеніміз бір нәрсенің соңынан салпақтап қалмаған деген сөз. Жөнді ештеңе білмесең де, бір нәрсені кәсіп, қып, соның соңынан қалмасаң кандидат түгіл доктор боласың. Сенің сол білгеніңнен елге, халыққа, ғылымға келетін пайда бар ма? Әңгіме осында болса керек. Бұл досымның сөзі, бірақ сол қудың өзі бір кезде аспирантура бітіріп, кандидаттықты қорғай алмай қалған еді. Содан ашынып та айтатын шығар. Ал, өзінен сұрасаң: әдейі қорғамадым. Ғылымнан хабары жоқ кандидаттарға ерегістім дейді. Кімге нанасың, қайсысына нанасың? Меніңше, білім, білгіштік деген түкке де тұрмайды. Сүйеушің болмаса бәрі бекер. Меніңше, мынау ақылды жігіт. Ал қолдаушы болмаған соң, жүр ғой колхозда. Театр жасайды, өлең жазады дейді. Жасаса жасасын, жазса жазсын. Қолдаушы болмаса бәрі бекер — бәрі бос әурешілік...»
Ақынның масаң қиялы апиын ішкен құмарпаздың қиялынан алыс кетті, мүлгіп отырып-ақ, көп ақша ұтып байығаны, жұмақтағы хор қыздарын сүйгендей боп толқып толқып әрең дегенде тоқтады. Әлгі бір ойларын сарапқа қайта салып, басынан бір сүзіп шықты. Әсіресе, ол өзінен кейінгі, осы соғыстан кейінгі өскен жастардың, мынау Биікбай сияқтылардың білімін мойындады. Олар біледі, көп біледі. Бірақ, соны көрсетуге, көрсеткенде жалаң, сырттай көрсетуге құмарлау. Сырттай жылтыраған жаттандылық, өзін-өзі көрмеге қоятын, сатқындық бар. Жақсы жүрген жерде жамандық қоса жүреді. Періште жатқан жерге шайтан үйір. Мұның бәрі рас сөз. Өмірдің өзі анықтаған даусыз шындық. Ол Осылайша түйді де, ақырып біраз отырды.
— Әй, ақын бала, өлеңің бар ма, оқы кәне? — деді ол дүниені біраз қиялымен шарлап қайтқан бойда.
«Өлең оқысам» дегенді не өзі айта алмай, не ойына жете алмай, көр боп отырған бала қойынына қолын лып еткізіп тығып жібергенін байқамай да қалды. Ішкі қалтасынан колхоздағы сынық машинкаға басылған қожалақ-қожалақ екі парақ қағазды суырып алды.
— Аға, оқымас бұрын айтайын дегенім, мына мен әліме қарамай қазіргі өлеңдердің өлшемін, ұйқасын онша ұнатпаймын. Өлең ұйқассыз, былайша айтқанда еркін болса деймін. Ақын ойы ұйқасқа бағынбаса, еркін жатса деймін, қайта ұйқас ойға, мазмұнға, мәнге табынса деймін.
— Әй, ақын, сен білгірлікті қой. Өлеңіңді оқы! Сен бәрібір менен білгіш, менен шешек, менен ділмар емессің.
— Ойбай, ағасы, сізбен сөз таластырғалы отырғаным жоқ. Егер, олай түсінсеңіз, тіпті өкінішті-ақ.
— Сен карта ойнағанда тіресіп болмадың ғой, осы!
— Мас болғанда адам не демейді. Ол кезде масақ едім.
— Енді ше?
— Айықтым. Өлең оқы дегенсің мүлде айықтым.
— Айыққанын маған керек емес, ақын өлең оқыған кезде аздап қызық болса түк те емес, қайта жарасып тұрады. Бар, анау қызылдан, төрт жұлдыздан бір тастап ал. Әй, айтпақшы маған да ала кел!
Қала ақыны әлгіде Күзенбай отырған диванға бір жамбастап шөге отырды. Биікбай төрт жұлдыздан сыңғытып алды да, екінші ыдысқа толтыра құйып, ақынға ұсынды. Ол да тастап жіберді. Биікбай шөлмекті алып, жейтін бірдеңе бермек боп столға ұмтылып еді, ақын оған «керегі жоқ» дегендей сол қолын сілтеді де, өзі оң қолының жөнін, мыртық қолының сырт жағын құшырлана иіскеді. Ішімдік жұтқан сайын ашу шақыра түседі емес пе, біраз толастан кейін ішкен мына шөлмек тым ащы боп кетті. Жөні мен қолын иіскегенге болмады білем, ақын он, иығын көтеріп, басын қолтығына тығып жіберді. Ол өз қолтығының сасыр шайырын рахаттана иіскеді.
— О, ағасы, иіскейтін жұдырығыңыз мұнда қалды! — деп Биікбай ақынның қолтығын иіскегенде жоғары көтерілген қолын ұстап, төмен қарай басты.
Ақын қолын сілкіп қалды. Бәрібір басын қолтығынан алған жоқ.
Биікбайдың көзі бақырайып, оған аң-таң боп, жас балаша аузын аша қарады. Талай ішкішті көріп жүріп, мынадай пәлені көргені осы. Мүлде елге, жерге жат әдет.
Ақын басын өз қолтығынан әрең алды. Биікбай оның мына қылығына аң-таң боп, жирене қарады да, ішінен: «Дәуде болса, шартық бұқаша мінезін шатақ, өзің барып тұрған эгоист боларсың!..» деп ойлады.
Оның былай ойлауына себеп болған әлгі қылығы еді. Биікбайдың көз алдына өз зәріне өзі айналып соғып, өз сасырын мұрын шиыра иіскейтін, санда бар да сапта жоқ, әрнеден ақ тауы қайтқан кәрі бұқа келген-ді.
Ол бұл әнтек ойын тез жұтты. Биікбай ақын алдында өлең оқиын деп тұр. Мұның үстіне жаңа ғана өзі оның жалынды сөзін, ақындық жайлы айтқандарын тыңдады. Бұйырса ұстаз етпек ойы бар. Содан да болар, ақын не істесе де, оны жамандыққа қимады. Қайта ол «ақынның аты ақын ғой, ақын адам не істесе де жарасып тұрады» деп ойлады.
— Әй, бала, оқы!
Бұл кезде Биікбай екі парақ қағазды темекі ысы басып, сарғайып кеткен кішкене саусағына қыса ұстап, қолы, дір-дір етіп тұр еді.
— Аға, ұнамай қалса, сізге!
— Ақын батыл, аздап болмаса болмайды. Сен өзің сужүрек неме екенсің ғой, оқы!
— Ал кеттім! — деді Биікбай.
Жұп-жұқа ернін шүйіріп алды.
«Бір күні дос келіп, айтқаны бар нақыл!»
— Ой, ақын бала, тоқта, тақырыбы бар ма?
— Бар.
Оны неге жұмбақ қып кеттің? Кешіріңіз, тақырыбы «Бір досқа жауап». Жөн-ақ. Енді жөнел!
БІР ДОСҚА ЖАУАП
Бір күні дос келіп, айтқаны бар нақыл,
Бетіме қарап ап, сәулесіз, отсыз, бұлыңғыр көзімен.
Дегендей, құрбым, мұңайма, жасыма,
Өмір деген өктем, оған бәрібір, ол ете береді, басына
Бұғып жүре бер, күлсе күл де басыңды и!
Иығыңа мінсе мінсін, түссе түссін, мыңқ етпе!
Жүзіне қарамай, өткен ізіңді санамай,
Тарта бер, соқпақпен соқтықпас ешкімге
Келмей-ақ бетпе бетке!
Осылай етсең, ойсыз ақ, отсыз ақ дауысыңды көтермей,
Жаймен, кейде жолы бар саймен,
Қиыннан ептеп, Қиядан септеп,
Өтсең!
Ұйқың тыныш, күлкің сылқым, ішкен – жегенің майлы болар,
Нақ осылай жүрсең, достым, өзіңе де жайлы болар.—
Деп ол тағы да,— тура жүр, анық бас,
Абай ағаң айтқандай,
Ақырын жүр, анық бас, еңбегің еш болмай,
Қайтқандай! Бір іздеп, көп ізден, сары соқпақтан шықпа!
Жел соқса, дауыл тұрса алдыңнан, өте бер бүк та!
Мен дәлду, оған «ә» дегенде нанып қалдым,
Талай жерге ескі соқпақпен барып қалдым.
Сары жолдың аты сары жол,— даңғыраған
Соқпақ екен!
Мінгенің дүл дүл болса да, керегі тоқпақ екен.
— Жоқ,— дедім досқа,— айтасың босқа.
Бұл ақылың бекер атылған оқ.
Мұндай ақылды алар, қайғы қапасы жоқ,
Немесе, ешбір сапарлы мақсаты болмаған,
Ішкенге, жегенге, бергенге мәз, тек қарыны тоқ.
— Өмір деген білгенге жалын атқан шоқ,
Байқамай қолымды күйдіріп алсам егер.
Қас достар айта берсін, сұңқылдап шоқ-шоқ!
Әйтеуір айтпасын, мынау тірі жан емес, «қоқ» деп!
— Меніңше, өмір деген қызу айқас кәдімгі — дода!
Көкпарға, сайыс пен салымға ұқсайды о да!
Жақсы өлең де өмірге ұқсайды.
Сұлудай сылқылдайды о да, бұ да!
Жасасын сұлу деймін, Жасасын өлең деймін,
Жасасын өмір деймін, ура, ура!
Соныға түскен із артық, жүре берем тың,
Кейде құз, кейде ойпаң, кейде дала, шыңмен!
Жеткен жерімде жатармын көп болса,
Түтілген жүндей боп, бода-бода!
Сонда да айтамын айқайлап,
Жасасын өмір! Өмірге ура, ура!
Ақын үнсіз, мүл.де зейінді тыңдады. Оның аса зер сала тыңдағанын байқаған Биікбай шабытпен өршелене, ерекше, екпінмен оқыды,
Өмір — дода, Күрес — ол да,
Әлсіздер қала берсін, соқпақ жолдың үстінде
жүндей түтіліп бода-бода,
Өмірдің қызығының өзі со да!
Сары жолмен кете берсін, кімде-кім, білектен,
Жүректен,
Ақылдан болса егер ада!
Әкем айтқан: өмір берер деп бетін,
Берер деп, ап ащы удай өтін.
Берсе егер бетін сүй деген,
Берсе егер өтін іш деген!
Додасына беліңді буып, жеңіңді түріп,
Сыбана сынға түс деген.
Қарама деген жерге,
Өрмеле деген белге,
Жүрмеген жермен жүр деген өңге!
Өмір ұқсайды кейде
Көктемде жүрген сеңге!
Қарсы жүр деген селге!
Биікбай аз тоқтап, ақынның бетіне қарады. Ол көзін жұмыңқырап, мүлде ойлы тыңдап қалған екен. Өлең оқушы тоқтаған кезде көзін ашып, «осы ма, болдың ба?» дегендей болды. Биікбай соңғы жолдарын бөліп бөлігі, даусын да баяулата барып бітірді.
— Өмір — дода,
— Күрес — о да!
Жеткен жерімде жатайын
Болсам да бода-бода!
Өмірдің заңының өзі со да!
Қызық қой, қызық қой, бұ да!
О, өмір, мұныңа да тоба,
— Алла ақылдан, білектен.
Жүректен, жақсы тілектен
Етпесе бопты да ада?
Жас ақынның өрепкі үні баяулап барып, тына қалды.
— Болдым, аға!—деді ол әлден уақытта.
Ақын тіл қатпады. Бала бағасын алуға асықты. Ақын асықпады. Биікбай көп күтті. Аз да болса, өтіп жатқан уақыт оған көптей көрінді. Қағазын төрт бүктеп, інжу қалтасына салды. Іштей опық жеп, мүжіліп тұр. Алдабергенов келгелі бері тартпаған шылымын ап тұтатты. Құшырлана сорды. Көмейіне ыстық түтіннің ысы тиді. Құс тұмсығын жоғарыдан төмен қарай сипап өтті. Бұл да болса қорлық болды. Жаңа ғана ешкімге сөз бермей, алдына жан салмай сайрап отырған ақынның жағы қарысты да қалды. Биікбайдың шыдамсыздығы сейіле түсті. «Бәрібір, айтса айтсын, бағасын берсе берсін, бермесе бермесін, құмардан бір шығып, лебізімді есіттім. Енді не десе о десін!» — деп түйді. Әлгі тұтатқан шылым таусылуға айналды. Ең соңғы тұқылын тартты. Ащы боп кетті. Мұрынның астынан естілер-естілмес етіп «өкінішті-ақ» деп қойды. Ақынға қайта қарады. «Осын жапалақ сияқты көзін жұмбай ұйықтайтын қу емес пе екен? Өзі ұйықтап отырғаннан аман ба?»
Бөлме ішін өлі тыныштық басты. Биікбай екінші шылым тартпақ боп, қолын жанқалтасына сала бергенде:
— Қызық екен өзі! — деген ақынның баяу үні шықты, — қызық екен өзі. Бір түрлі қызық. Не айтсам екен? Ойың қызық.
Биікбайдың қалқан құлағы елеңдеп, әрбір сөзін мүлт жібермей тыңдап тұр. Бірақ «қызық» дегеннен басқа ештеңе естілмеді.
— Қызық екен өзі! — деді тағы да әлден уақытта.
— Қызық. Әй, Биікбай, осы сен киіктің асығындай боп, осы сен кім едің?
— Кіміңіз қалай?
— Кімсің дегенді түсінбейсің бе? Оған түсінбесең қай туғансың?
— Жалайыр ішінде аңдассын деймін. Немесе... Шынын айтсам...
— Шынын айт!
— Сіз менің өлеңіме бірдеңе десеңізші!
— Қызық дедім ғой! Сен шыныңды айт, кімсің?
— Баяғыда Әділ төре Ұлы жүзге хан боп келгенде. өзімен бірге қырық үй жағалбайлы, қырық үй түркімен, қырық үй қарақалпақ нағашыларын күзетші сарбаз қып өзімен бірге әкелген екен. Есенғали деген батыр бабамыз бопты. Мен сол қырық жағалбайы ұрпағымын!
— Иә, солай еді де. Айналайын ау, бауырым екенсің ғой, бауырым. Иә, бәсе, газет-журналдан өлеңдеріңді оқып,тап болушы еді, ғажап қалатынмын. Бұл кім деуші едім, жаным ау! Қызық десе қызық. Қызық қана емес, сен ғажап ақынсың! Сен данышпан ақын боласың. Құлашын, кең, Жайықтай есіп жатыр, тынысың мол, қырық күншілік шөлді алған Төлегеннің боз жорғасы тәрізді. Тілің оралымды, оралым ақ. Тілің Базарбайдың байлығыңдай ақ мүлде бай екен. Ақынсың, үлкен ақын боласың! Бәсе ау, ойлаушы едім, осының тілі қалай оралымды деп. Сөйтсем, оралым...
Ақынның тілі күрмеліп қалды ма, тағы да үндемей тек орнынан тұрды. Екі қолын жайып, алға жүрді де:
— Келші! Келші, бауырым, ақын басыңды құшақтап, ақылды ақ маңдайыңнан сүйейін!
Ақын қолын созды. Биікбай не дерін білмей сасқалақтап қалды да, маңдайын тосты. Ақын Биікбайды құшақтап, арақ исі мүңкіген сілекейін оның данышпан солғалы тұрған маңдайына аяусыз ақ жақты.
Бұл екеуі осылайша құшақтасып тұрғанда көрші бөлмедегі төртеу келіп кірді. Күзенбай аң-таң боп состия қалды.
— О, деген ай, екі ақын табысып кетіпті ғой! — деді Нұрмолда.
— Жабысып қалған ба? — деді Көбен.
— Ақын жүрек ұғысқан да! — деді Досов.
Екеуі құшағын әрең жазды.
— Кешіріңіздер, біз ғана қауыштық! — деді ақын тілін бұрай сөйлеп.
— Иә, біз туыс... — деп барды да Биікбай кілт тоқтады.
Өмір бойы аңдас боп келген қу сасқанынан аузын баса қойды. Әсіресе, өзін іні санап келген, бір ауыз жаман сөз айтпаған, қайта кісі келсе мапаздап отыратын Нұрмолдадан сескенді. Сасқанынан:
— Түйенің королі қалып қойды ғой! Осындайда жүрегіңді лүпілдеткен қуанышыңды да айта алмағаның өкінішті екен. Өкінішті-ақ.
Бірақ, оның бұл сөзіне де мән беруші болмады. Көп асқа отырды. Бөлме тына қалды. Досов қана елеңдеп, әлгі бір кездегі жер жайлы, еңбек туралы сөзді жеген тамағымен бірге шайнап жұтқысы келгендей, немесе, ұмытпай тұрғанда қойын дәптеріне жазып қойғысы көп сергек отырды.
III
Қонақтарын үйінен шығарып келе жатып, Нұрмолда оларға бір әңгіме айтпақ болғандай бұрыла қарады да, тоқтап тұрып, колхоздың көшесін, оның ішінде Карл Маркс көшесін нұсқады:
— Қараңыздар, енді бір төрт-бес жылда нақ Шұбар ауылы сияқты болады! — деді. — Тағы бір қызық әңгіме бар. Сіздердің кешеден бері ішкен суларыңыз тәтті ме, ащы ма?
— Су ма? — деді Күзенбай.
— Иә, ауыз суды айтамын.
— Кәдімгі су емес пе?
— Кәдімгі болғанда, су өзгеше су. Өткен жылы ғана бұл колхоздың ауыз суы әрі кермек, әрі лас болатын. Онда суды мынау бір жылымшылап ағып жатқан Мұқыры өзенінен ішетінбіз. Мәселені ауыз судан бастадық. Бірнеше жерді бұрғылап жер астынан тәтті, тұщы су таптық. Қазір колхозшылар суды колонкалардан алады.
— Арақ ішпеген мен болмасам, мынау ақын судың дәмін де байқаған жоқ! — деп Күзенбай күліп қойды.
Бұл кезде бастықтың назарын аударған басқа бір жай болды. Колхоздың бас көшесін шаңға бөктіріп, «Беларусь» тракторымен біреу безілдетіп келе жатты. Не қатты жүрістен, не айдай алмағандықтан болар, трактор жан-жағына бұлтақтап, теңселіп келеді. Алдабергеновтің беті сұп-сұр боп, қаны қашып кетті. Нақ бір тылсым жасап тастағандай орнынан қозғала алмай мелшиіп тұрды да қалды. Тракторшы жүрісін бәсеңдеткен жоқ. Сол бұлғақтаған күйі жанай өте бермек еді, Нұрмолда қолын көтерді. Ол кілт тоқтады. Трактор солқ етіп, теңселіп барып әрең тұрды. Төңіректі қып-қызыл шаң. басып кетті.
— Әй, жігітім, бері кел!
Алдабергенов қолын көтеріп шақырды да өзі шаңнан шегіншектеп, жолдың жағасындағы арықтан аттап, шығарып келе жатқан қонақтарға жақындады. Бет-аузы жағал-жағал, үрпек бас қара жігіт тұрғандарға жақындады. Сәлем берген жоқ, состия келіп, жақындамай тоқтады. «Сендерге не керек?» дегендей тұрғандарға бажырая қарады.
— Бері, жақын кел! — деді Нұрмолда:
Жігіт тағы да бір-екі қадам басты да, қайта тоқтады.
— Атың кім?
— Аманбол.
— Аманбол болсаң аман бол. Ал мына ағаларыңмен, үлкен кісілермен, қонақтармен, мына менімен амандаспайсың ба? Әлде атыңды Аманбол қойғанда, ешкіммен амандық сұраспа деп қойған ба еді?
Алдабергенов күлді, тракторшы да күлді. Маржандай тізілген аппақ ірі тістерін ерінімен қымтап, жымыра күлді.
— Байқамағансыздар ғой, мен басымды изеп амандастым!
— Оның дұрыс ақ болсын. Қайда асығып барасың?
— Шөпке.
— Қайдағы шөпке?
— Таудағы.
— Күндегі жүрісін осы ма?
— Осы.
— Мынау ауыл, мынау ауылдың нақ ортасындағы бас көше. Анау мектеп. Ойнап жүрген, мектепке келіп-кетіп жүрген үлкенді-кішілі балалар бар. Бірі болмаса, бірін басып кетсең қайтесің?
— Басып дейсіз бе? — Ол күлді. — Трактормен түгіл қазір адамды автомашинамен де баса алмайсың.
— Біреуді басып кеткің келіп пе еді?
— Жоқ ә, жан керек болса өздері де түспейді.
— Ал сен баспай-ақ қой, олар түспесін. Сонда ауылдың ауасын ластауға бола ма?
— Қазір-ақ жел айдап кетеді.
— Аманболым аман бол, жауабыңа болайын! Сенің семьяң, бала-шағаң бар ма?
— Әке-шешем бар. Бала да, шаға да жоқ.
— Сүйген қызың бар ма?
— Бар.
— Ол қайда?
— Осы ауылда.
— Сен басқаны аямасаң да, сол сүйген қызыңды аямайсың ба? Сен жұмысқа кетерде оған қып-қызыл шаң жұтқызып кеттің ғой. Мен білсем, ол нақ қазір бекер тұрған жоқ. Өз үйінің не терезесінен, не есігінен сенің мына жүрісіңді қарап тұр.
Жігіт төмен қарады.
— Оны қайдан білдіңіз? Ол қазір тысқа шығып маған қарап тұрғаны рас.
— Сен оны таң қалдырмақ боп, тракторды осынша қуғындадың ә?
— Таң қалсын демедім.
— О, жігітім, олай болмайды. Есінде болсын, әйел заты еркекке қарағанда қу келеді. Олар еркектің де сабырлысын, салмақтысын жақсы көреді. Ол сені қазір көріп тұрғанда, сені мақтап тұрған жоқ. Сабырсыз, жаңғалақ екен немесе мақтаншақ екен деп тұр. Жұмыста да сабыр керек. Сен егер шөпті де осылай асығыс шапсаң онда жұмыс оңбайды. Ең алдымен трактор сынады, шөп шала-пұла шабылады. Мен саған жұмысты да бұлайша құйындатып істеуге кеңес бермеген болар едім. Барлық істе сабыр керек. Ақырын жүріп те алысқа баруға болады. Жақсы тракторшы болу ғана емес, жақсы жар, жақсы әке болу үшін де сабырлы болған артық.
Жігіт оның сөзін үнсіз тыңдады.
— Ал жұмысыңа бар, Аманбол!
— Қаладан келген ақын «тракторшы баланы бастық бас сап ұрсатын болар» деп ойлаған еді. Бірақ олай болмады. Алғашқыда қаны қашып, қуарып кеткенмен рульде отырған жас жігітті, албырттықты көрген соң Нұрмолда тез басылды.
— Ал, жігіттер, шыға сөйлесейік! — деп Алдабергенов алға түсті. — Ауыл осы. Келіп тұрыңдар. Шұбар болсын, Мұқыры болсын бәрібір. Келіп тұрыңдар. Ақыл-кеңес, қол ұшын берер жәрдем болса алуға да, естуге де әзірміз. Бұл екі ауыл бұрын ешкім келмеген, сыйлы қонақ көрмеген ауыл емес. Кезінде анау Мұхтардан, Сәбиттен, Ғабиттен, Алексей Сурковтен бастап, Құрманбек, Қанабектен бастап, талай-талай жазушы, ақын, артист, атақты азаматтар келген, ат мінген, шапан киген ауыл. Жолдарың құтты, қадамдарың сәтті болсын. Келіп тұрыңдар!
«Бізге кигізген шапаның, мінгізген атың қайда?» дегендей, Күзенбай түтігіп, төмен қарады. Нұрмолда жайды сезе қойды да, мұны да жуып-шайды.
— Қазір көктем. Аласапыран, жұмыс кезі. Күзде, жиын-терін кезінде тағы соғыңыздар. Бұл шақырғаным.
Нұрмолда қонақтарын бастап, ауылдан ұзай берді.
IV
Досов Алдабергеновпен көптен таныс. Талай рет, сонау 1946 жылдан бастап әлденеше кездескен. Бір кезде осы Алдабергенов жайлы үлкен очерк жазамын деп, оның аяғы Нұрмолданың қызметтен босау кезіне дейін созылып, ақырында басылмай қалған. Сөйтіп, ұзаққа созылған очерк жазылса да жарық көрмеді. Ол түгіл, пілдей екі қаламгер қосыла жазып, енді жарық көргелі тұрған үлкен кітап та шықпай қалды.
Арнаулы тапсырма беріп жаздырса да, очерктің газет бетіне шықпай қалғанына редактор қуанды да, очерк авторы іштей сол Алдабергеновпен бірге жазаланған жандай боп жәбір көріп жүрді. Демек, нақ осы арада Алдабергенов пен Досов «айлас қатын мұңдастың» кебін киіп, екеуі де бей-жай жүрді. Бұл жай екеуін бұрынғыдан гөрі де достастырып жіберді.
Дос болу оңай нәрсе емес. Достасушы бір-бірінің бойынан өздеріне лайық, әркім өзіне ұқсаған өзіне тән әйтеуір бір тәуір нәрсе таба білгендіктен де дос болады. Осымен дос бола салайын дегенмен дос болып жараса кету қиын. Мұндай достық ешқашан алысқа барған емес. Бұл екеуінің жақындығында басқа да бір тамыр бардай еді. Алдабергенов Досовтың бойынан бір қасиетті әрі ақаусыз, әрі дәл түсіп тапты. Онысы бір берілген адамына деген адалдығы еді. Барлық жақсы қасиет бір адамның бойынан табыла беруі мүмкін де емес. Бір адамды дос тұтып, іш тарту үшін бір ғана жақсы мінездің, тәуір қасиеттің болуы жеткілікті. Мінсіз дос табамын деуші доссыз қалады. Мұны Нұрмолда да жақсы біледі.
Ал дұрысына келгенде Досов қандай жігіт? Ең, алдымен ол ақыл адамы ма? Мұндай сұраққа бірден жауап беру қиын. Рас, ол соғыста бопты. Одан оралғалы бер газетте істейді. Бар болғаны осы.
Алдабергеновтің де осы Досов жайлы ойлағаны бар. Бәрібір ол әлгі бір адалдық қасиет жайындағы ойына ештеңе қоса алмады. Жұрт қатарындағы бір жігітке бұл да аз қасиет емес.
Шынына келгенде, Досов ақылдың адамы ма еді? Бұл арасын кесіп айту, не солай еді деп айту қиын. Бірақ сезім адамы екеніне құдай айту тағы қиынды. Рас, ол көп оқымаған адам. Бірақ көргені көп, азды-көпті тоқығаны және бар. Содан да болар, оның бір қасиеті адамды дұрыс танитын және қателеспей танитын. Дегенмен ол Нұрмолда Алдабергеновті бірден тани алмады. Ол алғашқыда оны ел арасындағы көп пысықтың, анау бір жылдардың белсенділерінің бірі, одан қалса көкірегіне нан піскен, білмесе де білем деп, оқымаса да тоқыдым деп ұғатын өзімшіл тыраштардың б.ірі деп ұқты. Кейін келе-келе осы бір ой бір.ден емес, біртіндеп, таң алдындағы бозалаңдай жүре-жүре барып сейіле бастады. Оның, көз алдынан елдің, халықтың қарапайым адамы бір көрінсе, сол халықтың, жақсы қасиеттерінің біразын бойына жинаған азаматы тағы көрінген-ді. Содан да болса, ол Нұрмолданы ұнатып қана қоймай, ақыл иесінің емес, тек сезім адамының ықыласымен сүйген де құрметтеген еді. Ақылмен сүюге қарағанда сезіммен сүюдің алмағайып екенін біле тұрып, оның осы адамға ықыласы ерекше ауды. Оның ол туралы очерк емес, үлкен бір толғау жазғысы келді. Әрине, ол ақын емес, бірақ, қиналып кетсе өзінің шама-шарқын, әлін білмей әлек боп жүрген кейбір ақындай толғап кетер қауқары бар еді. Арзан жолға бармады. Бар ойын, жай қарапайым қара сөзбен бастады. Бәрібір онысы ақылдан емес, сезімнен туындап, кейбір жаман өлеңдер сияқты жадағайлау боп шықты. Бірақ ә дегенде ол өзі жазған сөздердің, жалаң да жалпы екеніне мән бермей, не ойы жетпей, алғашқы ет қызумен шабыттана оқыды және аса бір жақсы нәрселер айттым деп әнтек ойлап қалды. Ол былайша бастады:
«Біз адамбыз. Бірақ, сенде де, онда да, менде де көлеңке бар.
Бөрік киген мен жаулық тартқанның бәрі адам, ал олардың да көлеңкесі бар.
Адам ба, адам табиғаттың қалаулы тұңғышы, зор құдіреті, бірақ оның көлеңкесі бар.
Адам ба, адам, ол жердің бетін көркемдеп жатқан асқан алып шебер, бірақ оның көлеңкесі бар.
Адам ба, адам, ол дүние әсемдігін жырлаушы улы суреткер, бірақ оның көлеңкесі бар.
Адам ба, адам, ол дүние жарығын жамап-жасқап жатқан, сымбаттаушы мүсінші, бірақ оның көлеңкесі бар.
Адам ба, адам, ол мынау әлемдегі жеті кереметтен бастап, барлық ғажаптарды өзінің ақыл-ойымен жасап келе жатқан данышпан, бірақ оның көлеңкесі бар.
Адам ба, адам, ол мына ғажап әлемдегі ақыл-ойдың, фәлсафа мен парасаттың жиынтығы, бірақ оның көлеңкесі бар.
Адам ба, адам, ол XX ғасырдың кереметтерін жасаған, әлем кеңістігін игеріп жатқан алып күш, ол Гагарин мен Титов, Энштейн мен Курчатов, Кюри мен Королев, бірақ олардың да көлеңкесі бар.
Адам ба, адам, ол сонау Египет үйінделерінен, Тажмахалдан бастап атом мен алып ракеталарды жасаушы, бірақ оның көлеңкесі бар.
Адам ба, адам, ол осынау жарық дүниедегі барлық байлықты, игілікті жасаушы, бірақ оның көлеңкесі бар.
Адам ба, адам, ол мынау дүниенің мұрагері, жалғыз тірегі, бірақ оның көлеңкесі бар.
«Дүниеде қандай бақытты, қандай даңқты, қандай батыр, қандай ақылды адам болмасын, оның көлеңкесі бар», — деп жазды ол.
Егер ол осы ойын соза берсе былай боп шығар еді. Нұрмолда Алдабергенов Досовтың сүйікті адамы, ол ең алдымен адам, кәдімгі қарапайым адам, оның өзіне лайық, өзіне шақ көлеңкесі бар.
Алдабергеновтің кеудесінде екі бірдей «Алтын Жұлдыз» медалы жарқырайды, бірақ, оның өзі сол алтын жұлдыздардай барлық жағынан бірдей жарқырап тұрған жоқ, демек, оның көлеңкесі бар. Керек десең алтында да көлеңке бар.
Ал сен бір ерекше бақытты адам бол, саған күн өзінің нұрын өзгеден ерекше ақ түсіреді дейік, күн нұры сенің төбеңнен төмен қарай шаншыла қойылып тұрады екен дейік, бәрібір сенің өз табаныңның астында өз көлеңкең бар.
Дүниеде көлеңкесіз ештеңе жоқ. Сенде де, онда да, менде де көлеңке бар. — Бұл жерде табиғат құдіретін, оның ғажабы мен кереметін айтып отырған жоқпыз. Өйткені біздің қай қайсымыздың болсын жасаған кереметтеріміз, жазған шығармамыз, салған суреттеріміз өмірдің өз тұрқынан артық емес, біздікі сол өмірді, сол табиғат сырларын білуге, дұрыс түсінуге көмекші ғана. Ал керек болса сол табиғаттың өзінде де көлеңке, мін бар...
Нақ осылайша етіп ол жазарын жазды делік. Әрине, алғашқыда ол өзінше тауып айттым деп мәз де боп қалды. Бірақ, негізгі ойын, адам және оның көлеңкесі жайлы айтпақ болғандағы ойын жөндеп айта алмағанына ренжіді. Оның, айтайын дегені жалпы адамзат және көлеңке туралы емес, Алдабергенов және оның көлеңкесі жайлы болмақ еді. Ол ойын дәл бере алмай, ойқастап алыс кетті. Соңғы жағын иіп әрең әкелгендей болды. Бірақ бәрібір көңілінен шықпады.
Таптым деп ойлады ол. Бірақ мұның бәрі жастық, албырт ойдың бас білігі емес, асау қиялдың тумасы еді. Тым көтеріңкілігі, биіктігі болмаса, жаны да, қаны да жоқ, жасық ойдан, жас ойдан туған сияқты, арзан ой еді. Қайта алғашқы ұзақ ойдан гөрі, соңғы екі сөзде, «Алдабергенов және оның көлеңкесі», деген сөздерде оның айтпақ болған ойына сөрелес мәнді жай бар-ды. Ал егер таласа кетсе, дүниеде көлеңкесіз ештеңе болмайтыны ешбір дәлелді де, ыстық сөзді де керек етпейді емес пе? Әрине, Досов айтпақ боп отырған көлеңкеде өзгеше мән, ерекше сапа болар. Ол осы бір сөзімен өзінің жақсы көрген сүйікті адамының да көлеңке жағын көріп, соны анық айтқалы отырған шығар, Иә, Алдабергенов Нұрмолданың да көлеңкесі — кемшілігі бар. Сонымен бірге ол Алдабергеновтің еңбекпен шыққан адал атына, данқына күйе жағушыларды, арызқойлар мен күншілерді оның көлеңкесі еді дегісі келген еді. Бұл ойы оңды боп шықпағанын ол енді сезді. Шын қиналған кезде қаламгердің басына, ол кіші болсын, үлкен болсын, не келіп, не кетпейді дейсіз. Тілші басы да әңкі-тәңкі боп еді. Нақ осы қысылып отырғанда оның есіне бабасы Достың әрі замандасы, әрі ауылдасы, ел арасындағы жақын мұңдас, жақсы досы Құлыншақ айтты деген бір сөз түсті. Құлыншақ бір тайпа елдің ақылдысы, сөз білері ғана емес, бір өлкенің ақыны, айтқышы болған адам. Ол айтып отырады екен: «Баланың аты бала, бас бақ емес. Ал баланың да баласы бар. Ең алдымен баланың төрт түрі болады. Бірінші бала — үй баласы, екінші бала — ауыл баласы, үшінші бала — аймақ баласы, төртінші бала, ең жақсы бала — ел баласы. Ел баласы алдымен елдің елдігін ойлар. Өз басының ғана емес, дүниенің басқаға да кеңдігін ойлар. Ел баласы егіз бола бермейді. Ол көбінесе жалқы туады. Өйткені оны халқы туады. Ол елім деп белін буады. Атаның жолын қуады. Ауыл баласын айлалап, аймақ баласын аймалап соңына ертеді. Үй баласы үй күшік, от басында, ошақ қасында қалады...»
Досов Құлыншақ ақын айтты деген осы бір сөзді есіне бекер алған жоқ. Алдабергенов Нұрмолда бала болса, қай балаға жатар еді? Ол осыны ойлады. Иә, бәсе, қай балаға жатар еді? Бірақ ол ақын атасы қалдырған сөзді дұрыс түсінуді ойлады. Баланың аты бала, бас бақ емес дегені, туғанда баланың бәрі бала дегені болса, баланың да баласы бар дегені, өсе келе ол да өзгереді дегені... Біреу үй баласы боп өз ошағының басында, содан аттап аса алмай қалса, енді бірі ауыл баласы боп бітеді, одан қалса аймақ баласы боп кетеді. Ел баласы ілуде бірі болады. Алдабергенов бірден ел баласы бола қалған жоқ. Ол әуелде үй. баласы боп өсті, ауыл баласы боп жетілді, баласы бол көзге түсті, ел баласы боп атағы шықты. Ол Алдабергенов хақындағы жақсы ойынан тайған емес. Оның қимылы, ісі бірінен бірі асып жататындай боп көрінеді. Әсіресе, осы Карл Маркс атындағы колхозға келгеннен кейінгі бір қылығы оны қатты таң қалдырды. Ол Мұқырдан Шұбарға бір топ адам жіберіпті.
— Шұбарға барыңдар, олардың қалай еңбек ететінін өз көздеріңмен көріңдер! Әсіресе, қызылшаны қалай күтуді үйреніңдер! — деген ол.
Бұл еңбек зая кеткен жоқ. Мұқырлықтар Шұбар ауылының еңбеккері еңбек ете бастады. Оның нәтижесін колхоздың кейінгі кездегі өсуінен көру тіпті де қиын емес-ті.
Айта білген адамға бұл да бір аңызды әңгіме еді. Бірақ, нақ қазір тілші оған жөнді мән бере алған жоқ. Өйткені ол қанша төмен түстім, шындықты енді көре бастадым дегенмен өзінің биіктеу, шалқыма ойының қанатында жүрген тәрізді еді. Нақа бір қас қылғандай сол бір асқақ ойға қайта оралды. Малайсары тауларын жаяу кезуді ойлады. Жоламаннан бастап, Талдықорған темір жол станциясына дейін кезіп шықса, темір жолдың бойымен жүріп отырса, дітке алған жерді, Алдабергеновтің суреті салынған жартасты табар едім деп түйді. Ал жартасты тапты делік. Оны қайтпек? Жартасты көшіріп, арқалап кете алмайды. Суретті көшіру де қолдан келмейді. Жартастың бетіне күйемен салынған суретте тұрған не бар? Алдабергенов бұдан әлденеше жыл бұрын туып, суреті, өң-түсі қандай адам екені белгісіз жан емес, Махамбет те, Аманкелді де емес. Оның мың сан суреті бар. Өзі көз алдында жүр. Әйтеуір, Әбілхан Қастеевтің сонау 1929 жылы, Турксиб жол құрылысында жүргенде, екеуі де темір жолдың қара жұмысын бірге істеп, кетпенші боп жүргенде Нұрмолданың суретін жартастың бетіне салғаны рас. Оның осы күнге дейін өшпей тұрғанына кім кепіл? Заман, уақыт желі, жауын-шашын жартасқа күйемен салған сурет түгіл, қашап салған таңбаларды Да өшіре алатын құдіреті барын кім білмейді. Бірақ, жел көлеңкелерді өшіре алмайды, оны жоқ етуге оның түгіл басқа құдіреттің де күші жетпейді. Көлеңкелер күн сөнгенде бір-ақ құриды. Оны құрту ешбір пенденің қолынан келмейді. Күн барда көлеңке бар. Күн көлеңкелерді өзімен бірге ала жүреді.
Ол «Ел баласы» дегенді қоя тұрып, «Күн бар да көлеңке бар» деп ақ қағаздың нақ ортасына үлкен етіп жазып та қойды. Ол осы жазуға, өз жазуына өзі қызықтай қарап көп отырды.
Оның шындыққа едәуір жақындау, бірқыдыру тәуір ойы бәрібір «Адам және көлеңке» деген сөздің төңірегінен туындады. Бұл сөзден шошыну бекер. «Көлеңке» деген соншалық бір қорқынышты нәрсе емес. Көлеңкенің аты көлеңке, ол адам бар жерде болады. Көлеңкенің аты көлеңке, ол күнмен бірге келіп, бірге кетеді. Адам бар жерде көлеңке бар. Ол ғана емес, күн бар жерде көлеңке бар. Күн көлеңкені өзімен бірге ала келеді. Демек, көлеңке өзінен-өзі түспейді, ол күн бар жерде, адам бар жерде, иә, жақсы мен жақсылық бар жерде бірге жүреді.
Газеттің қатардағы көп тілшілерінің бірі Досовқа фәлсафа айту әрине қиын да, артық та шығар. Бірақ ол өзіне керек болғанда «Ел баласы», «Күн және көлеңке» деген ұғымдар төңірегінде осындай бір пендешілдік түйінге тоқтаған еді.
Ол бұл ауылдан осындай бір жылы оймен аттанды.
V
Алдабергенов қонақтарын Мұқырдан Алматыға қарай шығарып салды. Бұлар Сарыөзекке жетпей, қара жонда тоқтады. Осы жерден айрылысты. Қонақтар ұзап кеткенде барып, Нұрмолда жол үстінде тұрған машинадан алыстап, жотадағы қоңыр тебенің басына өрмеледі. Оның көзіне таныс шоқы оттай басылды. Жүрегі жиі-жиі соқты. Сонда да болса төбенің басына қалай шыққанын сезбей қалды.
Төбенің нақ басына шығып, артына бұрылғанда батыс жақта өзінің беті сияқты әжім-әжім, қатпар-қатпар боп Малайсары таулары жатты. Малайсары, Малайсары! Жас кездің қиял тербеген сағымымен, желімен, суығымен, ыстығымен тербеген серігі! Жас кезде, бала кезде, жігіт кезде әрбір шоқысына бір шыққан кәрі тау!
Бұлағының мұздай суын ішкен, таза ауасын, ыстық желін, аңызақ керімсалын жұтқан жер. Малайсары оның туған жері, тербелген бесігі. Ол ойлап кетті. Кейде тым алыс қалған, көп уақыт болған жастық кез, осы сәтте бәрі де кеше ғана өткендей боп көз алдынан зымырап өте бастады. Бәрі де, бәрі кеше ғана өткен сияқты ау! Сонау көрінген қызыл жосадай таудың ойында ел отыратын. Қой қайырып, кешке қарай ауылға беттегенде сол бір мүжілген жарты тауды бетке алып, нысана етіп жүретін. Оған мына таудың әрбір жырасы, әрбір сайы, әрбір бұлағы, әрбір жайылымы, ел қонатын ойпаңы таныс. Оған осы таудың әрбір тасы таныс.
Ол осы бір бесігіне, жас кездің бесігіне сазарып ұзақ қарап қалды. Оның өрге, шоқыға шыққан кезде жиі-жиі соққан жүрегі «Малайсары, Малайсары» деп түк түк етіп тұр. Өзі де байқамай қалды білем, оның көңілі босап кетті, көзіне жас келді. Оны да елен етпей, тауға, туған жер келбетіне, оның таныс суретіне ұзақ қарады. Оның ойына өткен өмір соқпағы қайта оралды. Жүректі тырнап, ішті ашытып кеткендей ауызына кермек, тұзды дәм келді. Жүрегі бүлкілдеп, бауыры солқылдап кетті. Егіліп тұрғанын енді байқады. Батырдың иығыңдай кең иығы бүлкілдеп, аяққаптай кеудесі дір-дір қағып, селкілдеп тұр екен. Басқаны былай қойғанда нақ қазір басына сан рет шыққан, сан рет дем ап, тыныстаған. Міне, ол көп жыл өткен соң, балалықтың сүйікті шоқысына қайта шықты. Жүрегі қатты да жиі де соқты. Ол қуанғаннан соқты. Жастығын еске ала соқты. Ол балалықты, жастықты, жігіттікті еске түсіргендіктен соқты.
Оның жүрегі нақ қазір туған жерін көз алдына келтірген қуаныштан жылады. Түк түк соққан жүректің дүбірінен «Малайсары, Малайсары» деген сөзбен бірге, «Қайран жер, туған жер, кешегі ұланың өзіңдей болды. Менің де бетім өзіңдей айғыз-айғыз, өзіңдей тарғыл тарғыл, өзіңдей қатпар-қатпар. Менің де жүрегім өзіңдей тілім-тілім, өзіңдей жоса-жоса. Менің де көз алдым өзіңдей бұлдырайды, сағым тартады. Мен де өзіңдей самарқау тарттым, мен де өзіңдей мүжілдім. Күз келгенде салқын тартқан тасындай суына бастадым» деген сөздерді айтып тұрғандай еді. Иә, оның жүрегі нақ осы бір шақта күмбірлеп сөйлеп тұрған сынды еді. Иә, құс екеш құс та өзі салған ұясын көргенде бір толқиды, оны шыр айналып өтеді. Ол көзіне ыстық көрінеді, оттай басылады. Құс ұясын, қыран тұғырын сағынады, адам туған жерін көргенде қандай бақытты, қандай атақты, қандай алып, қандай мықты болса да не көзіне жас алады, не солқылдап жүрегінен жылайды. Бақытты адам туған жерін көргенде сол берген абыройына тәубе етіп жылайды, сорлы болса, қайғысын айтып, мұңын шағып жылайды. Қандай мықты болса да жерге шыр етіп түскенде бір жылайды, есейген кезде ескі бесігінің жөргек иісі мұрнына келгенде, тағы бір жылайды.
Күн еңкейіп бара жатты. Нұрмолда қалың да, қызық та, мұңды да ойға батып, шоқы басында көп тұрып қалды. Осы кезде ол өзі туған, өскен Малайсары тауының қоңыр шоқысының басына мәрмәр тастап орнатып қойған мәңгілік ескерткіш тәрізді еді.