Қарға тамған қан
Роман
Храбрец или сидит в седле,
Иль тихо спит в сырой земле.
Расул Гамзатов.
1
— Гвардия лейтенанты Досов! — деген дауысқа отырған жерімнен лып етіп тұрдым да жалт қарадым.
Полк штабының бастығы гвардия майоры Ветков екен. Үстінде келте тігілген ақ тоны бар, жаңа жауған ақша қар басқан үлкен ақ қайыңның діңгегіне сүйеніп, жайбарақат тұр.
Осы адам маған сонау бір кезден, ең алғаш көрген шақтан жылы ұшыраған. Көптен бері таныс, біліс адамдай, мені іш тарта сөйлеп, жылы рай берген. Осыдан ба, білмедім, ол маған өзім қызмет істеп жүрген 23-гвардиялық атқыштар полкындағы бұрынды-соңды кездескен, жүз көріскен жандардың бәрінен де ерекше жақын көрініп кетті. Өзі де бір иманжүзді жан. Әсіресе жарқабағының астынан сығалай қарап тұратын дөңгелектеу кішкене көк көзінің тұнығында адамға деген мейірім, ерекше бір жылы от бардай көрінетін. Орта бойлы, денесі тұтас, сом, әрі мығым. Соғыс отының көп күндергі шарпуынан болар ма, ол арасын біле алмадым, өңі қоңыр, тіпті қара торы дерлік еді. Дөңес біткен жарқабағындағы қою қара қасы да төбенің теріскей бетіне өскен қалың ағаштай боп тұратын. Әдетте, мұндай қабақ қатал, сұсты болса керек еді, жоқ. Андрей Акимович жылы жүзді көрінетін. Несін жасырайын, жылылықты аз көріп, соған жастай шөліркеп өскендіктен бе екен, әйтеуір осы адамның маған деген ықыласы мен көзқарасы мені тербейтін, дауысын естігенде жүрегім жай ғана шым ете қалатын. Бүгін де нақ солай болды. Кесілген ағаштың түбіріне отырып, кешегі болған оқиға жайын ойлап отырған мені оның дауысы орнымнан көтеріп әкетті. Менің үстімнен қарайтын командирдің дауысы емес, менің өсуімді, адам боп ержетіп келе жатқанымды сырттай бақылап, соны іштей қуаныш етіп жүрген әке дауысы тәрізді құдіретпен естілді, осы күш мені лып еткізіп көтеріп те әкетті.
Қасына жақын кеп:
— Жолдас гвардия майоры, сіздің шақыруыңызбен алдыңызға кеп тұрған атқыштар взводының командирі, гвардия лейтенанты Досов! — дедім. Дауысым дірілдеп, жарықшақтана шықты білем, жымиып күліп қойды.
Өзім іштей ұнатып, жақсы көретін адамның жылы күлкісін көргенде жүрегім шым ете қалды. Үнімде толқу бар-ды. Сыр айтатын, мұң шағатын әкем келгендей қуанып кеттім. Ол да менің осы жайымды сезгендей, алғашқы жылы жүзін суытқан жоқ.
— Жарайды, — деді ол жай ғана, — жарайды. Халың қалай?
— Халым жақсы, жолдас гвардия майоры.
— Ойлысың ғой!
— Ойлап отыр едім.
— Нақ қазір, менің дауысымды есіткен кезде не ойлап отыр едің, білуге бола ма?
— Неге болмасын. Керек көрсеңіз айтып та берейін.
— Жарайды, жарайды, сенемін, сен шыныңды айтасың. Егер қыз туралы болса, айтпасаң да ұғамын.
— Ие, қыз туралы еді.
— Сұлу ма еді?
— Жоқ, енді қарап отырсам, түк те сұлу емес екен. Бойы епетейсіз ұзын, беті жалпақ, көзі қысық, үстіңгі еріні қоян жырықтау болатын. Енді ойлап-ойлап, соның несіне қызықтым екен деп отырмын. Жақында елден хат алдым, балалы-шағалы бопты. Бетінен жарылқасын деп отыр едім.
— Еске алатындай көңілді емес екен.
— Адамның басына көңілсіз кезде кілең осындай бір жайсыз жайлар түсе ме деп қалдым.
— Мүмкін... Ал, сен неге көңілсізсің?
— Оны өзіңіз де біліп келген боларсыз.
Ветков жай ғана күрсініп қойды.
— Ие, айтпақшы, соны айтшы. Кеше Бугеев екеуіңнің араңда не болған?
— Соны білуге келген болсаңыз, айтайын.
— Мен оны білуге келдім бе, жоқ басқа жұмыспен келдім бе, саған оның бәрібір емес пе?
— Әрине, солай.
Сен маған бәрін айтуға тиіссің.
Мен үндемей, Андрей Акимовичтің бетіне қарадым. Өңі өзгермепті, бұрынғыша сабырлы қалпы екен.
Мәселені байыппен түсіндіріп беру маған қиын. Мен әділетсіздік туралы сөйлегенде жайлап, сабырмен сөйлеу дегенді білмеймін.
Дауысым дірілдеп шықты. Майор бетіме қарады. Мен болсам денем, бүкіл тұла бойым дірілдеп, жерге қарадым. Кешегі оқиға суреті көз алдымнан тізіліп өте бастады...
— Мұның жақсы қасиет емес. Адам ақты ақ деп, қараны қара деп айта білуге тиіс.
— Қараны ақ деп, ақты қара деп те айтуға болатын шығар.
— Ондай да болады. Сен мықты болсаң, соны керісінше дәлелдеп шық. Өзі адал, өз қылығы әділ адам үшін ақты ақ деп, қараны қара деп айту, оны дәлелдеп беру қиын болмаса керек.
— Мені кінәлаушы менен гөрі мықты болса, оның қарасы да ақ, ағы да ақ боп кете беретін болар.
Майор күліп жіберді. Тұрған жерінен жай қозғалып, мені соңына ертіп, қалың ағаштың ішіне қарай жүрді.
— Мына жауынгерлерің біз екеуіміздің пәлсафамызды естіп те тұрған болар. Былайырақ шығайық.
Взводтың қорғаныс шебінен екі жүз метрдей ұзап, кейінгі жақтағы қалың ағашқа ендік. Майор өткен күзгі шабуыл кезінде снаряд түсіп құлатқан жуан қайыңның көлденең түсіп, сұлап жатқан діңгегіне кеп отырды.
— Қасыма, мына жерге отыр!
Мен майормен қатарласа отырдым.
Ол қалтасынан сыртында «Казбек» деген жазуы бар, тау бөктерінде кетіп бара жатқан салт атты черкестің суретін салған папирос қорабын алып, бір данасын маған ұсынды.
— Алматыдан шыққан. Әнеугүні келген алматылық жерлестер әкепті. Өз үйіңнің асы тәрізді Алматының темекісі де дәмді боп көрінеді.
Андрей Акимович темекіні ұзақ тартты және үнсіз отырып, барлық дәмін тамсана отырып сорды. Мен де үнсізбін. Кілең ащы, көк махорка тартып үйренген басым, жұпар иісті тәтті шылымды місе тұтпай, еркін шіміркене алмай, аузыма салып отырған түп жағын ойдым-ойдым етіп шайнап та тастадым. Тіпті түбін тістеп жұлып ап, түкіріп жібердім. Папиростың, ару қолының саусағындай ұзын діңгегі қысқарып, тұқырайып қалды. Ветков бәрін байқап отыр екен.
— Әліңе қарамай, үлкендермен айқасып, дуэльге шығып жүргенің болмаса, кедейдің баласы, өзің тәуір шылымды жөндеп тарта да білмейді екенсің ғой.
— Самосадка мен махорканы бір кісідей-ақ тарта білемін, жолдас майор.
— Оныңа да шүкір! Мына папиросты кәдімгідей-ақ қор еттің.
Ол аузындағы бір езулей тістеп отырған шылымының қалдығын лақтырып жіберді. Түтіні сөнбеген қалдық аппақ қардың үстіне шаншыла түсіп, бықсып жатқан жағы жоғары қарап қалды. Кіршіксіз ақша қардың үстінде күлгін тартып, жіп-жіңішке көгілдір түтінін сызаттап шығарып жатқан шылым қалдығына ол да, мен де ұзақ қарадық. Үнсіз қалдық. Майордың не ойлағанын мен білмедім. Өз басыма мынадай ой келді: ақша қардың үстіндегі түтіндеп жатқан шылым бықсығы әділдік пен адалдық үстіне тасталған отты күйе тәрізді боп көрінді. Еркін отырғандықтан болар, ойымды бүге алмадым.
— Өмір дегеніміз де мына сияқты, — деп қолымды шошайтып, әлгі түтінді көрсеттім. — Сіз ақ қардың үстіне шылым қалдығын тастадыңыз. Қашан мына қар еріп кеткенше анау түтін, қалдық осы ақша қар үстіндегі қара таңба боп қала береді. Тіпті, қар еріп жоқ боп кетеді, ал шылым қалдығы өмір бетіндегі күйік таңбасы, шешек дағы тәрізді қала береді.
Ветков маған таңдана қарады. Мен оны сезбеген боп темен қарай бердім. Әлден уақытта ол:
— Осы сен қандай мектеп бітіріп едің?
— Жалпы білім беретін мектепті қоспағанда, үш училище бітірдім.
— Бір училище аздық етті ме саған? — деп күлді ол.
— Жағдай солай болды. Алдымен теміржолшылар училищесін, кейін педагогикалық училище, одан соң әскери училище тауыстым.
— Бір кісідей-ақ оқыпсың. Дегенмен, пәлсафаң біліміңнен жоғары ма деп қалдым.
— Өмірдің өзі үйреткен, белгілі қағидалар ғой.
— Өмірдің өзін оқи білудің өзіне белгілі дәрежеде ақыл, қабілет керек болар.
— Жасынан соққы мен тепкіні көбірек көрген тесік өкпе, тас бауыр жетімектер өмірдің тәттісінен емес, ащысынан үйренеді де... Меніңше, өмір үйретемін десе, кейде қабілетке қарамайды. Не үйретіп адам етеді, не жүн етіп түтіп жібереді.
— Ойың дұрыс-ақ. Ал, кешегі қақтығыс жайын айтшы.
— Бугеев жолдас айтқан болар.
— Ол айтты да, сені соғыс трибуналына беремін деп арыз жазып әкетті. Мен жайды өзім барып білейін деп, әдейі келдім. Жасырмай, қаймықпай, болған жайды түгел айт.
Тұла бойым дірілдеп, осы бір сәт өзімді өзім игере алмай қалдым. Неден бастарды да білмедім. Ақ тонның омырауын ағытып, ішкі қалтадан ащы темекі ап орадым. Майор «асықпасаң асықпа» деген адамдай үнсіз отырып, екінші папирос тұтатты. Отын маған ұсынды. Көзінің астымен өңіме, одан соң аз-кем дірілдеген қолыма қарап өтті.
— Басынан ба? — дедім.
— Ие, басынан.
— Мен жетім боп өстім. Балалар үйінде тәрбиелендім. Ересек адамдар арасындағы қарым-қатыс, қулық-сұмдық, баққұмарлық, атаққұмарлық, кек алушылық дегендерді білмей өстім. Күндестердің шаш жұлысқанын, ағайынды адамдардың бір-біріне қастандық жасап, пышақтасқанын, өз баласының туған анасына қол жұмсап, қарына көсеу сұғып алғанын көрмедім.
— Сен жаңа ғана өмір соққысын көп көрдім демеп пе едің?
— Ие, дедім. Онда, мен аш-жалаңаш болдым. Табаныма тас батты, тікен кірді, маңдайыма ыстық пен суық өтті, әркімдер ұрды-соқты, таяқ жедім, түрткі көрдім деген мағынада айттым. Әрине, мұның, көбін мен жетім балалар үйіне дейін, немесе, содан жасым асып кеткеннен кейін көрдім.
— Мұның кешегі оқиғаға қандай қатысы бар?
— Сіз басынан айт дедіңіз ғой.
— Басынан айт дедім. Бірақ өмірбаяныңды айт демедім.
— Жоқ, ә, айтайын дегенім өмірбаян емес. Айтайын дегенім, мен тік бақай, бір бет боп, әділдік пен адалдық барда қор болмаймын деп өскенмін. Енді қарасам, әлгі бір әдемі сөздер бос, мәнсіз бе деп түйдім. Құлаққа жағымды, айтуға әйдік сөздер кейде күштілерге ғана қызмет көрсету үшін жасалған, ие жасанды, ие бояулы сөз сынды боп кетеді. Өткен күзде, мен Бугеевке жақпайтын, бірақ, өзімше дұрыс деп ойлап, бір іс істедім. Высокое селосын жаудан босаттық. Азғана жау ат қораға бекініп, біраз қарсылық етті. Бугеев взводты атакаға көтер, қораны басып ал деп бұйырды. Негізгі күшінен бөлініп қалған аз ғана топқа адам шығын етпей-ақ, не қолға түсіріп, не жойып жіберуге болатын еді. Осыны ойлап, мен взводты атакаға көтермедім. Оның орнына екі жауынгерді ту сыртынан жібердім де, ат қораны жақтырып жібердім. Жау сасып қалды. Қайда қашарын білмей, қорадан шыға алмай қырылып кетті. Біразы қолға өзі кеп түсті. Бұл үшін Бугеев мені мақтаған да, боқтаған да жоқ. Бірақ, алғашқы жарлығын орындамағаныма іштей қорланып қалды. Меніңше барлық пәле осыдан басталды. Ол взводқа келген сайын қайтсе де бір кінә тағып кететін болды. Бір келді, қаруды жөндеп тазаламапсыңдар деді. Тағы бір келді, қарауыл оны көрмей қапты... Не керек, ол нақ осылайша, біздің елдің бір мәтелімен айтсам, «отырсам опақ, тұрсам сопақ» дейтін болды. Ал кеше соңғы рет келгенде мүлде өзгеріп, мені жауындай санап келді де, келе сала тиісе кетті.
— Сені кілең ішіп жүреді дейді. Осындағы жауынгерлердің сыбағасын ішетін көрінесің, — дегені бар емес пе!
— Өтірік, өзіңіз ойдан шығарған өтірік, — дедім шыдай алмай.
— Не дейсің? — деді.
— Өтірік!
— Қайталап айт! — деп көкпеңбек талақтай боп кетті.
— Өтірік, өзіңіз ойдан шығарған өтірік! — дедім.
— Маған айтқан мұндай дәлелсіз жалаң үшін сендей немені атып кетемін! — деп қолын пистолетіне жүгіртті.
Тонның ішкі жағынан белдігіме қыстырулы тұрған жалаңаш пистолетті жып-жылы ғып қойынымнан мен де суырып алдым. Бугеевтің көзі бадырайып кетті.
— Атамын, таста пистолетті! — деді ол ақырып.
Мен үндемедім.
— Таста деймін! — деді.
Мен тағы да үнсіз, қимылсыз қалдым.
— Қаншықтың баласы, таста деймін пистолетті!
Бугеевтің қолы дірілдеп, қаруды жоғары көтере бастады. Мен де көтердім. Пистолеттің шүңірейген жалғыз көзі маған сұқтана қалды. Бугеевтің маңдайына мен де туралап қойдым. Тағы көтере беріп Бугеев басып салды, оқ сол жақ иығымды ала, бастан асып, зу ете қалды. Іле-шала бастан асырып мен де басып салдым. Бугеев үн-түнсіз кері бұрылып, жүре берді. Мен пистолетті қолыма қысып ұстаған бойы тұрып қалдым. Жауынгерлер блиндаждан бастарын шығарып қарап қапты. Кешегі оқиғаның барлық шындығы осы!
Ветков үндеген жоқ. Тағы да шылым ап шекті. Мен махорка орадым. Көк түтінді шипадай жұтып болғанша екеуміз де үнсіз қалдық. Әлден уақытта Андрей Акимович басын көтерді:
— Ол кеткенсін, сен өзіңнің не істегеніне есеп бердің бе?
— Қазірге дейін есептеп отырмын.
— Есебің дұрыс па?
— Дұрыс-ақ.
— Айтшы кәні!
Асықпай айта бастадым. Кешеден бері пішіп те, түйіп те алған ойларым бар. Тіпті ол ойдың, шет-пұшпағы сол қолыма қару ұстап, қарсы атқалы тұрғанда да болатын.
— Әр елдің өз салты, өз әдеті бар. Ерекше құрмет тұтатын адамы болады. Ол бізде — ана.
— Ананы кім құрметтемейді?
— Бәріміз де құрметтейміз! Дегенмен боқтық сөзді анадан бастайтындар бар. Мәселен, кейбір халық анасын немесе қызын балағаттасаң, соны атап сөксең, онша намыс көрмейді де, әйелін атасаң төбелеседі, пышақтасуға дейін барады. Ал, кейбір халықта ананы атап сөге салу, сөздің мысалы тәрізді. Бізде ол кешірілмейді. Бугеев мені анамды атап сөкті. Мен оған оны кешіре алмадым. Кешірмегенімді өте орынды деймін. Екінші ол басқалардың сыбағасын ішеді екенсің деп, мүлде өтірік, ойдан шығарып айтты. Демек, намысқа тиді, таза жанымды кірледі. Мен жауынгердің сыбағасын емес, қайта өз сыбағамды солдатқа беремін. Осында Нәлқара Сабалақов деген жауынгер бар. Ол шошқа етін жемейді. Мен оған өзіме тиісті сары майды беріп жүрмін. Нанбасаңыз соның өзінен, басқа жауынгерлерден сұраңыз.
— Сұрамай-ақ нанып отырмын.
— Ал үшіншіден, босқа, қазақша айтсам: от басында, ошақ қасында өліп кеткім келмеді. Бугеев мені атып тастайтын болса, оны мен неге ата алмаймын? Ертең «бір жас лейтенантты Бугеев деген аға лейтенант атып тастапты» дегізгенше, ол атқан екен, ол да атыпты дегізген артық емес пе?
— Ой, қаның, қаның ыстық екен.
— Әңгіме қанда емес, арда боп тұр ғой.
— Екеуі бір сөз емес пе?
— Дұрыс айтасыз. Ал, төртіншіден, кәзір жиырма екіде екенмін. Соның алғашқы он жылын алып тастағанда, он екі жыл бойы өмір үшін күресіп кеп өле салу, Бугеевтің, өзіңмен бірге жүрген, қызметінің жоғарылығы болмаса, ақыл-есі артық емес, соғыста көрсеткен ерлігі артық емес адамның оғынан өле салудың өзі масқара емес пе? «Қоянды қамыс өлтіреді, жігітті намыс өлтіреді» дегенді жаттап өстік. Осы соғыстағы ерлік кездерінің өзі намыста ма деймін. Намыс үшін қолына қару ұстаған адам күтпеген жерден өз қаруласына намысын жіберіп қойса, оның өрлегені қайсы! Міне, мен Бугеевке қарсы қару көтерген кезде осыларды ойладым.
Ветков өткір көк көзінің қысықтау қиығымен жымия қарап қойды.
— Шынында да, есіткен елден, мына жауынгерлерден ұят емес пе, мәселен, мен бәрін былай қойғанда, осы соғыстан бұрынғы армияда қызмет етіп, Москваны қорғастым, бүкіл солтүстік батыста, Псков, Старая Русса, Демьяновск қалаларының түбінде қырық бірінші жылдың басында болдым. Міне, Калинин және Великие Луки жерін жаудан босатып келеміз. Осынша жерді керзі етіктің бүрлі табанымен басып өткен адам Холм түбіндегі бір ағаштың түбінде Бугеевтің пистолетінің оғынан өліп жатса масқара емес пе?
Майор күліп жіберді. Аузында тістеп отырған шылымының қалдығын жерге лақтырып тастады да, орнынан тұрды.
— Бәрі де түсінікті. Көріскенше сау бол!
Майор ағаш-ағаштың арасындағы кішкене сүрлеу жолдың, біріне түсіп, штабқа қарай кетті. Мен әбден ұзап кеткенше артынан қарап қалдым. Ол артына бұрылып қарамады да, өзінің әлгі айтылған оқиға жайлы ойын білдірмеді, менің дұрысымды да, бұрысымды да айтқан жоқ. Бұл істің немен тынарын біле алмай, дал боп мен қалдым. Бірақ, майор Андрей Ветковтың адамгершілігіне, ағалық сөзіне, әр нәрсеге байыппен қарайтын салқын да салиқалы сұсына риза боп қала бердім.
2
Майор көрінбей кетті. Алғы шептегі блиндажға қайта қаралдым. Ештеңе істегім келмеді, қайдағы бір ойлар басып, енжарлық биледі. Нардың үстіне шығып, шалқамнан жаттым да ойға баттым. Жаңа ғана сөз болған оқиғаны ойлағым келмеді. Есіме өткен жаздағы үлкен жорық, майдан аймағындағы маневрлі сапырылысулар, қауырт қозғалыстар түсті.
Күн ыстық. Тозаңды қара жолдың бозғылт шаңын аспанға шығара жорық салып келе жатқанымызға, міне, бүгін үшінші күн. Талай село, талай қала, кең жазық, тұнық орман, мөлдір өзен, көк толқынды көл артта қалды. Эшелонға Москвадан отырдық. Қызыл поезды жолға тастап, бұл енді жаяу тартқан бетіміз. Жетер жері, тірелер шегі жоқтай ұзын жол біресе орманға еніп, біресе биікке, кең жазыққа, біресе саз балшықты қалың шалғынға салып, бұраңдай тартады. Кейде орманды паналап тыныс аламыз, көбінесе түнде жүріп, күндіз тынығамыз. Орманға тығылып, ағашқа паналап, тасына бойыңды жасырып, әрбір сайын сая еткен күн еді бұл да бір.
Жүріп келеміз. Алыстан, әлдеқайдан соғыс тәңірінің — ауыр зеңбіректің қатты-қатты күрсінгені, бомбаның гүмпілдеп жарылғаны естіледі. Бұл кезде бүкіл сап бойынша бірден-бірге «Воздух!» деген команда беріледі. Мұндайда ұзын жолда әлденеше шақырымға созылған сап жолдан бұрылып, орылған егін толқынындай жапырылып, бұта-бұтаның түбіне жата-жата қалады. Енді бір кездерде қайтадан жорық басталады. Жолдың шаңы қайта көтеріледі. Үн-түнсіз ұзақ жүреміз. Тозаң жұтып жөтелген, пысқырған үндер болмаса, осынша үлкен сап, көп адам бір денедей ырғалып, бір адамдай қозғалып, сүйретілген ұзын темір шынжырдай ирелеңдеп, сырғып келеді. Әркім өзінше ойлап, өзінше толғап, қиялдап келе жатқандай үнсіз. Кеше ғана күле сөйлеп, түртіп ойнап жүрген достардың қиялын, ойын бұзбайын дегендей, демімді ішіме тартып, мен де ойлап келемін. Осы сап кейде менің көзіме табыттың соңынан жүріп келе жатқан қаралы жандардай сұлық та тұйық, үнсіз де тілсіз, мұңды көрінеді. Бұл үнсіздік, әсіресе, жаңа ғана қарсы келіп, жанай өткен көп халықты көргеннен кейін орнады. Олар майдан шебіндегі туған жерін тастап кеткен босқындар — қарттар, әйелдер мен жас балалар еді.
Біздің рота саптың орта кезінде. Ең алда помкомвзвод. Қабатта, жанамалай адымдап ротаның жаңа командирі, өрімдей жас лейтенант келеді. Біз әлі оның аты-жөнін де дұрыс білмейміз. Өйткені, ол ротаны бүгін таңертең, орман ішінде қабылдап алды. Жүзі жылы, өңді келген сары жігіт өзінің жауынгерлеріне көзінің қиығымен ұрлана қарап, тершіген мұрнының үстін қайта-қайта сүртіп қояды.
Бір кезде ол мойнын созыңқырап, еңсесін көтеріп алды да:
— Комвзвод, мұнда кел! — деп айқайлады.
Ең болмаса даусын танып алайын деген жанша әлгі бір жіңішкелеу, қоңыраулы дауысты есіме қайта түсірдім. Оның қасына жүгіре басып келдім де, қатарласып жүре бердім. Ол жай сұрады. «Жақсы» дедім. Мен қайтадан алдыма қарадым. Менің нақ алдымда өзімнің көптен бергі досым, жауынгер Сергей Донской. Ол да аяғын әрең алып, тірсегі ирелеңдеп, белі бұраңдап шаршап келеді, анда-санда кеудесін көтеріңкіреп қояды. Көзім оның қушықтау келген томпақ жаурынына түсіп кетті. Гимнастеркасының сыртына тері шығып, иығы мен қолтығы аппақ сор бопты. Белдігі босап, төмен түсіңкіреген. Белдіктің бұрынғы орны қоңыр тартып, қыртыс-қыртыс боп кеткен. Осыны көргенде: «Мен де осындай болармын?» — деп ойладым. Енді бір сәтте, өзімді де, қатар келе жатқан өзгені де ойламауға тырысып, көзімді темен салдым. Мұнда да бір көңілсіз көрініске көз түсті. Үш күнге созылған үдемелі жорықтан майланбаған керзі етікті шаң басып, тұмсығы ақ жолақтанып кетіпті. Кеше ғана бұл етікті баптап тұрып, күнде майлайтынбыз. Енді етік түгіл, беті-қолды жөндеп жумағанымызға үш тәулік.
Автоматтың өзінен өзі айналып тұратын бір винті тәрізді бір қалыппен тырп-тырп басып келе жатқан аяғыма, анығырақ айтсам, ақ жолақ етігімнің басына қарап ойлап кеттім. Етігім туралы емес, елім, жерім, туған ауылым туралы ойладым. Ең алдымен, көз алдыма жалпақ бет, қысық көз, сүп-сүйкімді ақ сары қыздың келбеті келіп тұра қалды. Ол маған мұңая, айыпты адамша қарады да, артынша: «Кешір мені, білместік болды. Уәдемде тұра алмадым. Бәрібір сені ұмытпаймын. Сен менің жүрегімде мәңгі қаласың», — деп тұрғандай еді.
Жүрегім шым етіп, мұздап кетті. Сенбедім. Басқа күйеуге тиіп кеткен адамның жүрегінде жүргенде не, жүрмегенде не? Бірақ артынша сонау алыста, туған жерінде атыңды білетін, есіне алатын ең болмаса бір жанның, тірі адамның болғаны жақсы емес пе деп ойладым. Бұл ойым өзіне де ұнап кетті. Бір түрлі тәтті көрінді. Қайта ойладым. Кертік танау ақ сары қыз көз алдыма қайта келді. Осы кезде:
— Комвзвод Досов, саптың алдына шық! — деген дауыс саңқ ете түсті.
Жылы, тәтті ойларым быт-шыт болды. Бойымды тез жиып, комротаны тастап, саптың алдына қарай жүгіре жөнелдім. Иықтағы бүктеулі шинель, противогаз, жанға байлаған қол күрек, көлденең асынған автомат бір-біріне соқтығып сарт-сұрт етеді, намысқа тырысып, шаршағанымды білдірмейін деп, жүгіре-жүгіре алға шықтым да, саптың ең басына тұрдым. Нақ бір менің сапты бастауымды күтіп тұрғандай-ақ:
— Батальон, қатты жүр! — деген команда берді комбат.
Қатты жүріске бастық. Алдағы кетіп бара жатқан бір ротамен екі арадағы үзікті жалғап жібермек болған екен. Сол бір жерді жалғастырмай тынбасымды білген соң жүгіре басып, сапты бастадым. Жалғыз мен емес, ол сапты бастаушы қайта-қайта ауысып келеді екен. Көбінесе осы шаршап келеді-ау дегендерді сергітіп алу үшін әдейі алға салып отырды. Бір кезде Сергей де келді. Екеуіміз көп уақыт қатар жүріп отырдық.
Осы күні кештетіп сиректеу бір қалың орманға келіп тоқтадық. Мылтық даусы тіпті нақ қасымыздан шығып жатыр. Кейде жарылған снарядтар мен минадан құлақ тұнады. Бізді ұзын бойлы, ап-арық, қапсағай, екі шпал таққан комиссар қарсы алды. Кілең командирлерді жинап ап, әлгі кісі Псков түбіндегі ұрыс жайын түсіндірді.
— Жау жақын, — деді, — егер біздің алдымыздағы бөлім шегінетіндей болса, айқасқа біз түсеміз. Ал, әзірленейік...
Барлық бұйрық та, команда да осы ғана болды.
Әлгі кішкене селдір орманның биіктеу жеріне келіп бекініс құрдық. Қол күректі белден суырып алдық та, жерді белуардан жоғары етіп қаздық. Қазылған жерден шыққан қара қошқыл топырақты ағаштың бұтағымен жауып, көрсетпей тастадық. Осылардың бәрін бітіргенсін барып, суып қалған тары ботқа келді. Күректен кейін барып, котелок пен қасыққа кезек тиді. Жапа-тармағай ботқа бөлісіп, оны жеп те үлгірдік.
Керзі етіктің қонышына тығылған ақ қалайы қасықтан бастап мылтыққа дейін солдаттың бойында сан аспап бар. Әлгі ботқаға тойған кезде барып, әзіл-қалжыңдар қайта басталды. Солдат бойындағы аспаптарды сөз ете бастағанда Сергей ежелгі қулық сөздерін бастайды.
— Мына қасық пен котелоктың болса, рақатын көріп келеміз. Ал мылтықпен болса, жауды атамыз. Оған дау жоқ. Ол солдаттың бас қаруы. Менің таң болатыным мына противогаз бен каска. Бұл екі шіркіннің қызметін, айтпақшы, қажеттігін қашан көрер екенбіз? — деді ол.
— Противогаз демесең, касканың рақатын көрдің емес пе? — дедім.
— Жолдас комвзвод, ондай рақатты бұл шіркіннен қашан көрдім екен, кәні айтып беріңізші, — деді ол маған.
— Басқасын айтпағанда, кеше ғана, жорықта келе жатқанда касканы шешіп алып, толтырып салқын су ішкенің қайда, мына гимнастерканың сыртына шығып, сор-сор боп тұрған сол судың тұзы емес пе? — дедім.
— Қайдағыны ұмытпайтын сіз де бір көреген екенсіз! — деп күліп қойды.
— Бәрі ойын ғой, каска неге керек болмасын, су ғана емес, қысылған жерде, бұған ботқа салып жеуге де болады, — дедім.
Тағы күлкі. Жауынгер Донской жүрген жер күлкілі, көңілді болатын. Осы көңілділігі үшін мен оны бұрынғыдан да жақсы көріп кеттім. Өйткені, өзі сөзге олақ, қалжыңға жоқ мен тәрізді адамға ертеден қара кешке дейін әлденелерді ойлай беру тым өкінішті, ауыр.
Бірнеше күндерге созылған ұрыстар талай жігітті қатардан алып кетті. Сап сиреп қалды. Комротаның өзі де бір ұрыста жаралы боп қалды. Уақытша ротаны басқардым. Шегіне соғысқан бір ұрыстан кейін бәріміз шаршап, әрі қарын ашып, көңілсіздеу отыр едік.
— Жолдас комвзвод, — деді Донской, — бұрынғы комрота басынан жараланып кетті. Өлсем мен-ақ өлейін, сіз екі касканы қабаттап киіңіз. Сіз кетсеңіз күніміз не болады?
Томсырайып отырған солдаттардың көбі-ақ мырс-мырс етіп күліп жіберді. Қызарып төмен қарадым. Донской болса басындағы қауғадай көк каскасын шешті де, жерге алып қойды. Осылайша көңілді отырған кезде, нақ бір Сергейдің басынан каскасын шешкенін күтіп тұрғандай-ақ, алыстан атылған оқ тыз етіп, оның оң жақ шекесін осып өтті. Басын қос қолдап басқан бойы ол қисаң етіп, құлап түсті. Бәріміз үстіне төне түстік. Оның жұп-жұмыр мұғал саусақтарының арасынан қан ағып омырауына төгіле бастады. Жалма-жан жарасын байладық. Оның төс қалтасынан жара таңатын шүберегін алып жатқанда, кеудесінен денесіне жабыса, жара сияқты қатқан қанды көрдім.
— Мынауың не? — дедім оған.
— Сіздің жерлесіңіз Керімшаловты кешегі соғыста жараланып жатқан жерінен арқалап алып шыққанымды көрдіңіз ғой! Соның қаны ғой. Арқама салып, еңбектеп келе жатқанымда мойныма құйылып кетіпті. Теріммен араласып қатыпты. Енді оған өз қаным араласты...
Оның өңіне мұңая қарадым, кешегі Керімшаловты есіме алдым. Қанмен қан, термен тер араласқан достықты көрдім. Қатты ойланып қалдым.
— Сен санбатқа бар! — дедім.
— Жоқ, осы кішкене жараға бола барам ба?
— Қызық екенсің, сонда да болса дәрігерге көрін.
— Жоқ! — деп ол басын шайқады.
Осы оқиғаға бір жылдан асты. Ол достар ыдырап кетті. Пішен төсеген нардың үстінде шалқалай жатып, көңілді солдат Сергей Донскойды есіме алдым. Қайда екен деймін. Қайда екен? Соғыстың алғашқы терін бірге төгіп, жаудың алғашқы оғына кеудені бірге тосқан достар қайда? Теріне тер, қанына қан араласқан достарым еді. Әділетсіздік көріп, осындай жан қысылғанда қол ұшын созар дос кім? Соғысқа дейінгі армияда бірге боп, майданға бірге келген ескі достар қайда? Қанша ойламайын десем де ой толқып, кешегі оқиғаға қайта соқты.
3
Бугеев екеуіміздің арамызда болған оқиғадан бір-екі күн бұрын біздің ротаға Алматыдан бір топ солдат келіп қосылды. Жаңа келгендердің бәрі де жастар екен. Осы топтан біздің взводқа екі адам бөлінді. Келгеннің екеуі де өрімдей жас. Бәкенге қарағанда Ақбота тіпті ұяң. Бірақ екеуі егіз қозыдай тату көрінді. Бір котелоктен ас ішіп, бір жатып, бір тұрады. Өздері бірінші кластан бастап бір мектепте бірге оқыпты. Алғашқы күндері екеуі бөлектеніп, басқаларға қосылмай шеттеп жүрді. Үйренісе келе шүйіркелесіп отыратын болды. Бұл екеуінің көбірек сөйлесетіні солдат Нәлқара Сабалақов. Жасының үлкендігіне қарамай взводтағы ақжарқын, көңілді адамның бірі осы.
Княжин Клин маңында орман көп. Ормандағы кесілген ағаш түбіне отыра қалып үшеуі ұзақ әңгімеге кірісті. Нәлқара екеуіне майданда өткен өзінің ұзақ жолын, әрине, жорық жолын баяндайды. Сонау Москва түбінен бастап Солтүстік Батысқа дейін ақ қар, көк мұзда қандай ауыр жолды баспадық. Жанталасқан өлім мен өмір айқасын, жауынгерлердің ерлігін аңыз етеді. Екі дос ынтыға тыңдайды. Әсіресе Ақбота өзінің қайда отырғанын да ұмытқандай, ертек тыңдаған жас бала сияқты, басын сол жақ иығына қисайтыңқырап, жағын таянып дыбыссыз, қимылсыз отыр.
Тыңдаушы ықыласты болса, сөйлеуші шешен болады. Ұғымды етіп әсемдеп, әсерлеп сөйлейді. Нәлқара алғашқы ұрыстарды айтты. Сөзінің соңында ол:
— Ең алдымен, гвардияшылар тірілей тұтқынға түспейді. Бұл сонау Москва түбіндегі батырлардан қалған әдет. Содан бері қарай жауынгерлер бұл дәстүрді төбесіне ту етіп көтереді. Естеріңде болсын, қиын кездің өзінде жауға жан берсеңдер де, арды бермеңдер. Сендер комсомол боларсыңдар?
— Мен комсомолға мүшемін! — деді Бәкен.
— Мен комсомолға өтемін деп жүргенде мұнда кеттім. Оқасы жоқ. Қайтып барған соң-ақ өтемін, — дейді Ақбота.
— О не дегенің! Осында комсомол ұйымы бар.
— Соғыста ұйым бола ма екен?
— Болғанда қандай.
Бұл үшеуі блиндаж қасына келгенде кешкі қараңғылық түсіп, взводтың түнгі жорыққа шығар мезгілі таянған еді.
Арада аз-ақ уақыт өтті. Взвод қалың ағаш ішіне өтіп, Холм қаласының солтүстік жағын ала жылжып бара жатты. Орман қандай тынық, тұнжыраған үнсіз болса, жорықшылардың қабағы да сондай түюлі, әрі қаһарлы еді. Аяқтың тықырынан басқа сыбыс жоқ. Түн тілсіз, орман үнсіз, әрі мылқау, әрі тұңғиық қараңғы. Біздің майдан қорғаныс шебінде тұр. Бірақ, түн баласына тыныш таппаймыз. Мұны әскер тілінде «активная оборона» деп атайды. Тіл алу үшін немесе жаудың алғы шептегі күшін, қаруын, атыс нүктелерін, бекінісін байқау үшін кезе береміз, кезе береміз.
Қараңғылықты жамылып, сапарға шыққан топ тұра қалып, тың тыңдайды. Алыста атылған оқ, жарылған снаряд даусы естіледі. Жер жүрегі дүрсілдеп, өкпесі қабынғандай ауыр күрсініп, қатты сілкінеді. Қара орманға да қабырғасын қайыстыра салған ауыр салмақтың зардабы қатты батқандай, үнсіз теңселеді. Нақ осындай бейуақ, беймаза түнде жауға жорық жасаған топ ішінде әлгі жас достар да бар.
Олардың алдыңғы жағында келе жатқан Нәлқара артына бұрылып, аузын аналардың құлағына тақап: — Қорықпаңдар! — дейді.
Мезгеулі жерге жеткенде, негізгі күшті артқа тастап, Нәлқара бастаған бір топ алға жіберілді. Оларға тапсырманы беріп бола бергенде:
— Жолдас командир, мені де жіберсеңіз, — деді Ақбота бір түрлі жалынышты дауыспен.
«Жоқ, болмайды» дегенше болмай:
— Сендер әлі ауызданған жоқсыңдар, — деді де, Нәлқара қараңғыға сүңгіп жоқ болды.
Екеуі сыбыр-сыбыр сөйлеседі.
— Әлгі Нәл аға бізді ауызданбаған қозы деп жүр ме?
— Ауызданбаған бөлтірік деп жүрген шығар!
— Ауызданбаған соң қозы болсақ та, бөлтірік болсақ та бәрібір.
— Ол бізді отырғызып кетті, ә?
— Ауыздана келе, оны да отырғызармыз!
Сөз аяғын қараңғылық бүркеп, орман жұтып жатыр. Алысқа бармай табан астында мағынасыз бір күңгір-күңгірге айналады.
— Сөзді тоқтат! — дедім, тың тыңдағым келіп.
Алыстағы дүңкілден басқа үн жоқ. Мұндайда командир тым сабырсыз болады.
— Жауынгер Ақбозов! — дедім зілді дауыспен.
— Мен! — деді ол.
— Менің соңыма ілес, әлгілердің артынан барайық.
— Құп!
Біз болжаулы жерге аз қалғанда, олар қарсы шықты. Ырсылдатып біреуді сүйретіп келеді. Онда үн жоқ. Мұрнын тесіп жетелеген қотыр тайлақтай елпең-елпең етеді. Бері шыға аузын шешіп, қолын босаттық. Немістің көпшілігі-ақ мұндайда өте момын, қой аузынан шөп алмас жуас келеді.
Былай шыға бере Нәлқара өзінің күлдіргі, көңілді сөзін бастады.
— Ақбота, Бәкен! Сендер қыранның баласын қалай баулып, қалай ауыздандыратынын білесіңдер ме? Ең алдымен жемтік әкеліп аяқтандырады да кейін ұядан өздерін ұшырады.
— Нәл аға өзін қыранмын деп таныстырды-ау, — деп басқа жауынгерлер күліп қояды.
— Жарық болған соң сендерге тірі немісті көрсетемін, — дейді ол.
Бұлар тіл алып, мақтанып оралғанда, бұл қуанышта жас жауынгерлер Ақбота мен Бәкеннің маңдай тері болмаса да, табан ақысы болатын. Олардың солдаттық жолы осы жердей басталған.
Қыран аяқтанып, қанатын қомдап, алысқа, дауылға қарсы ұшуға әзір. Майдан теңізінің дауылпаздары тек қана қияға қарап, жеңіс таңына қарай талпынады. Боратам оқ, жарылған мина, өр кеудесінен кейін итерген қара күш тосқауыл болып, топшысын талдыра алмайды. Өрге, биікке көтеріліп, жеңіс таңына қарап өршеленеді.
— Күн шығыстан шығады, жеңіс таңы Москвадан атады. Солдат айы Берлинге жеткенде көрінеді, — деп Нәлқара айтқан нақыл сөзді екі дос естеріне жиі алады.
Ақбота осындай бір жүйрік қиял қанатында қалықтап ұшып, кешеуілдеп ұйықтады.
...Жас қой әлі ол. Жалын ғой оның қиялы. Қызыл-жасыл қанатымен жанған отты шарпитын өткірлігі бар жас қиял емес пе? Алысты шарлап, ұзаққа басты. Құрғақ ой, жалған даңқ, бос шарлау емес, ой түйіні — өмір еді. Өксігенде өгейсітпей құшағына алған жарқын өмір, жарастықты жастық бар. Сол жастықтың еркіндігіне бұғалық салғалы арпалысқан жауды қайтесің. Қыршын өмірге, балғын жастыққа, оның жарқын болашағы мен арманына, тілегіне қара найзасын көтеріп, қанды пышағын қайраған қара жүрек жауды қайтесің?
Кешегі тұтқын солдатқа көп қарап, таңырқағанның бірі осы Ақбота. Адам бейнелі екен. Кәдімгі адам сияқты. Адамша киім киген, адамша тамақ ішіп, жүріп-тұрады екен деп таң болған.
Жауынгерлер ерте тұрды. Ертеңгі астан соң барлығын сапқа тұрғызып, қалың орман ішіне әкелдім. Бұл жерде полк комсомол ұйымының секретары Атабаев жауынгерлермен әңгіме өткізбек еді.
Әңгіме ерлік туралы. Жауынгерлерінің ерлігі неде? Батырлыққа бастайтын күштің тамыры қайда деген мәселе жайында әңгіме өткізді.
«...Отан! Осы сөз батырлық пен ерліктің терең тамыры. Отан аты ерлікке бастайды, ерлік жеңіске жеткізеді. Ақбота қойын дәптеріне жазып алған сөздер тізбегі осындай еді.
Әңгімеші сөзін аяқтай келіп, отырған көпке қарап:
— Комсомол жасында, бірақ одаққа мүше емес жастар бар ма? — деді.
Ақбота басын көтеріп жан-жағына қарап еді, қол көтерген ешкімді көре алмады. Бұл оған ұят болып көрінді. Басын төмен салған қалпында қолын жоғары көтеріп:
— Мен! — деді.
— Комсомол қатарына өткіңіз келсе, дайындалыңыз! — деді Атабаев.
Ақбота қалай дайындалу керектігін білгісі келіп, қолын тағы көтерді.
— Рұқсат па?
— Айтыңыз!
— Қалай дайындалуға болады.
— Уставты білу... Комсомол мүшесі болуға лайық екеніңізді істе көрсетіңіз.
— Түсіндім, — деді Ақбота.
Ол түсінді. Уставты ауылда оқып, комсомол мүшелігіне өтемін деп жүргенде оқыған. Ал, «істе көрсет». Бұл ойланатын жай. Оның нақ қазір істе көрсететін несі бар. Қызметі, міндеті, жұмысы не? Ұрыс па? Отан ұлым деп қолына қару берді.
Нардың үстінде шалқамнан жатып, Сергей Донскойды, оған қоса ескі достарды ойлап жатқанда Бугеевтен байланысшы арқылы ауызша бұйрық алдым. Кешегі тілді місе тұтпағандай тағы да барлауға барсын депті.
...Взводты түнгі барлау жұмысына әзірледім: Барлауға шығар алдында Ақбота ротадағы комсомол ұйымының секретарына мүшелікке алу жөнінде арыз қалдырды. Арыздың мазмұны көпке түсінікті, әсерлеусіз жай ғана сөз екен. Тым қысқа жазылған. «Мені Ленин комсомолы қатарына алсаңыз, осыдан қайтпай кетсем, оның бір мүшесі деп санасаңыз», — депті. Сол күнгі кеште болған комитет мәжілісінде Ақботаның арызы оның қатысуынсыз сырттан қаралмақ. Комсомол мүшелігіне ұсынушылар оның қандай адам екенін барынша, білгенінше айтты: Ақбота — тәртіпті солдат. Берліген тапсырмалар- ды мүлтіксіз орындай білетін жауынгер. Сауатты, ұқыпты, салмақты. Отанға берілген, саналы деп сипаттады.
...Жаудың алғы шебінен тіл алып қайтқан барлаушыларды қарсы алушылар болған жоқ. Нәлқара, Ақботаны құшақтай түсіп, комсомолға мүше болып өткенімен және барлаудағы үлкен табысымен құттықтады.
Ертеңіне Ақботаны полк штабына шақырды. Полк комсомол комитетінің секретары Атабаев мүшелікке өткен Ақботаға комсомол билетін тапсырды.
— Лениншіл Коммунистік Жастар Одағының атына кір келтірмей, адал қызмет етуіңе тілектеспін! — деді секретарь.
Ақбота жауапқа кідірген жоқ.
— Үлкен сенімді ақтауға барлық күш-қабілетімді аямаспын, — деді.
Осындай бір толқу үстінде кішкене ғана сұр билетті алып, сол жақ көкірегіндегі қалтасына салып еді. Сол қызу үстінде ротаға, майданның алдыңғы шебіне қарай беттеді. Штабқа бірнеше рет бұрыла қарап, қалтасынан билетін алып көрді. Кішкене сұр билеттің сыртында адам баласының асқан данышпан кемеңгері, жастардың ең жақын досы, әкесі Ильичтің келбеті салынған. Ішінде Еңбек Қызыл Ту және Қызыл Жұлдыз ордендерінің суреті бар. Бұл мүшелікке жаңа ғана өтіп, қолына тұңғыш рет билет ұстаған жасты ойға түсіреді. Комсомол Ұлы адамның есімімен аталады, сондықтан да билет сыртында оның келбеті салынған.
Комсомол — еңбектің ері, майданның батыры. Бүгін ол нақ осындай ұйымның мүшесі.
Жас қыран, жас алып елестейді Ақбота көзіне. Ол Горькийден оқыған «Дауылпаз жырын» еске түсіреді. Бұл дауылды жырды кімдер есіне түсіріп, кімдер қайтадан оқымады. Ақбота қайталап оқыған жоқ, мектепте түп-түгел жаттап алған. Тек есіне түсіреді. Қыран болып көтерілгісі келеді.
Осындай бір шабытты қиял үстінде Ақбота взводқа келгенін сезбей қалған еді. Оның ойын бөлген шабуылдың дабылы болды. Жауды тас жолдың бойынан қуын тастау керек деген бұйрық барлық рота, батальон, полктарға берілді.
Шабуыл басталды. Шабуылдың алғашқы өрістеген жерлері артта қалып барады. Тас жолға таяған жерде қым-қиғаш ұрыс басталды. Артиллерия дайындығының жеткіліксіз болғандығынан ба, жаудың атыс қарулары жанды қимылдап, бет қаратпады. Оның арғы жағынан артиллерия дүңкілін тоқтатпады. Мұның бәрі жедел шабуылға бөгет.
Нақ біздің взвод бағытында жол жиегіне орнатылған пулемет бар. Ақботаға сол пулеметтің үнін өшіруге бұйрық бердім. Ол сол жақ бүйірінен келіп, гранатпен екі рет соққанда пулемет жым болды. Алға еркін жылжуға жеңілдіктер болды. Взвод сырғып жолға шықты. Мұндайда адам темір сауытты қансыз, жүрексіз кереметпен айқасады.
Ақбота сескенген жоқ. Танктерді жоюға аттанған топтың алдыңғы сапына кетті. Ерлік қимыл жасады. Бір өзі екі танкты өртеп жіберді.
Танк жойған ер солдат жауды бекіністен қуып тастауға келген кезде оққа жығылды. Қазір ол сапта жоқ. Басынан оқ тиіп, мұрттай ұшты. Өзі ашып берген үлкен жолмен кеткен жолдастарын көрген жоқ.
Бұдан соң мен оны көрген жоқпын.
— Ақындар батырлығын дастан ететін ер жігіт еді, — деді кешкі толас кезінде Нәлқара.
Бетіне қарасам көзі жасаурап, жылап отыр екен.
— Өзімнің балам сияқты бауыр басып, үйреніп қалып едім. Тым қиын екен, Сәукен! — деді ол әлден уақытта.
— Комсомолға өтіп, билет алғанда қандай қуанып еді! — дедім.
— Бишара, бір тәулік те комсомол бола алмады ғой. Жас балаша, билетіне қарай-қарай тоя алмай кетті, — деп ол көзін сүртті.
Кешкі толас кезінде мен осы жайларды ойлап, Бугеевпен екі арадағы оқиғаны тағы да бір сәт ұмытқан едім.
— Жолдас гвардия лейтенанты, ротадан байланысшы келді! — деп хабарлады Нәлқара.
Жай тұрып, алға жүрдім. Көз алдымда Ақботаның кескіні, бала тәрізді сүйкімді өңі тұр еді. Мас адамша теңселіп, байланысшыға жақындадым. Бейтаныс солдат екен.
4
Байланысшы полк штабынан келген боп шықты. Жабық конвертті ашып, ішіндегі бір парақ қағазға тілдей етіп жазылған үш жол бұйрықты оқыдым. Онда: «Өзінен қызметі үлкен командирмен сөз жарыстырып, қарсыласқаны үшін гвардия лейтенанты Досовқа он бес тәуліктік арест жариялаймын. Полк командирі полковник Сомов» делініпті.
Алғашқыда өн бойым шымыр етіп, жүрегім соғып кетті де, артынша саябырси бастады. Заң бойынша он бес тәулік отырмайтынымды білемін. Осы он бес тәулікке тиісті жалақының жиырма бес проценті ұсталады. Ақша жаратып, оны бір нәрсеге жұмсауды әдет етпеген маған ол ауыр тиген жоқ. Бірақ, қайткенде де жазалаудың аты жазалау ғой. Мен мәселенің онша асқынбай тоқтағанына шүкірлік еттім.
Бугеев әлгі оқиғадан кейін взводтың тұрған жеріне келмейтін болды. Көбінесе, оның орынбасары келеді. Бірақ, арамызда өткен оқиға туралы ешбір әңгіме болған емес. Байқаймын, дегенмен, маған сын көзімен қарап жүретін көрінеді. Мұның өзі маған онша жайлы тиіп жүрген жоқ. Суық көздің сырттан бақылауы атылатын оқтай болады. Осы бір шыдамсыздықтан болар, бір күні оған:
— Атқан оғымды біліп жүре беретін солдат болсам бір сәрі, ол маған жақсы да, жайлы да болар еді. Бірақ, мен Совет Армиясының офицерімін ғой. Ұнамайды екенмін алып таста, қуып жібер. Бірақ, күдікпен қарауды қойған жөн! Мен алғы шептен жауды бақылаудың орнына, сіздің көз қарасыңызды бағумен келемін.
Бұдан соң взвод тұрған жерге ол мүлде келмейтін болды. Күн сайынғы таңғы летучка кезінде бәріміз бетпе-бет келіп қаламыз.
Басқа сөз болмайды. Осылайша жүргенде бір күні полк штабына шақырылдым.
Андрей Акимович жымиып күле қарсы алды. Жалғыз отыр екен, қасына жақын отырғызып арқамнан қағып қойды.
— Ал, сөйле, халың қалай, жақсы ма?
— Жаман емес.
— Дегенмен жайыңды түгел айт. Әдейі соны білейін деп шақырдым.
Мен таңданып қалдым. «Тек қана сол үшін, менің хал-жайымды білу үшін шақырдыңыз ба?» дегендей бетіне қарадым.
— Таңданбай-ақ қой, тек соған бола шақырдым.
— Ондай болса түгел айтайын.
Майор басын изеді.
— Сонау бір күні өзіңіз көріп кеткеннен бері ешқандай өзгеріс жоқ. Ол орыннан жылжып, Дарище деген кішкене селоның орнына жіберді. Қазір сонда тұрамын. Бугеев мүлде келмейді. Орынбасары келіп, тексеріп кетеді. Он бес тәулікті өтедім, бірақ, көзқарастарында жылылық жоқ.
«Білейін дегенімнің өзі осы еді» дегендей Ветков бетіме тесіле қарап:
— Онысын қалай байқадың? — деді.
— Келеді, келеді де кетеді. Бар болғаны рапортты қабылдайды. Жылы сөйлесіп, жай білу деген жоқ. Жаудың алғы шептен тіл алуға әрекеттенген барлаушыларын жойып жібердік. Бугеев оны елемеген адам болды да қойды. Екі рет барлауға барып жаудан тіл әкелдік. Оны өзіңіз жақсы білесіз. Оны да елеусіз қалдырды. Мені емес, анау, әлгі Сабалақов тәрізді жақсы жауынгердің еңбегін бағаласа қайтеді.
— Міне, білгім кеп отырғаны осы еді ғой, кәне, қалай болды?
Штаб бастығына бұдан екі жеті бұрын болған оқиғаны айттым. Он шақты адамның сүйемелдеуімен төрт солдат біздің шепке түнде ұрлана кіріп, тіл алмақ болған. Қарауыл біліп қап, мылтық атты. Жаудың төрт солдатын оқтын астына ап, төпеп жібердік. Әлгі барлаушылардың көмекші тобы бары кейін ашылды. Олар да оқ атты. Жарты сағаттай атыс болды. Бізден шығын болған жоқ. Жаудың екі солдаты елді, екеуі жараланды. Тіл ала алмай, кері қайтты.
Майор менің әсерсіз айтқан әңгімемді салғырт тыңдады.
Содан болар, біздің атқыштар взводының кейінгі кездегі, тіл алудағы ерлігін қазбалап айтпадым.
— Бәрі дұрыс, — деді ол әлден уақытта. — Білмегім осы еді. Меніңше, жігітім, ол жерде сенің жолың бола бермес.
— Оныңыз рас, ол жерде олжалы болады екем деп ойлап жүрген мен жоқ.
— Бугеев сені әскери трибуналға беріп, соттатпақ боп көп әрекеттенді. Біз қолдамадық. Ол шарасыз қалды. Бірақ, бізге де, саған да іштей ызалы.
— Өзіңіз де біледі екенсіз, рақмет! — дедім.
— Сонау бір күні сенімен сөйлескенім өте дұрыс болды. Ол болмағанда, Бугеевтің айтқаны боп кетуі ықтимал еді.
— Рақмет сізге, әділдігіңіз үшін! — дедім.
— Осындай реті келіп тұрғанда болмаса, енді қайда болмақ, мен бүгін сені Бугеевтің қыспағынан құтқарғым кеп тұр.
Жүрегім лүп ете түсті. Қуанып кеттім.
— Қалайша, жолдас майор, қалайша?
— Ие, қалайшасында не жұмысың бар. Жаңа ғана дивизия штабынан телефон соғып, байланысшы офицер керек, соған сенімді бір командир сұрады.
— Мен байланыс жұмысын білмеймін ғой, екіншіден, маған Бугеев сенбей жүргенде штаб қалай сенеді?
— Бугеевті енді қояйық. Онда сенің жұмысың болмасын. Байланысшы офицер деген сен тәрізді жас адамға лайық. Сенім деген біздің ұсынысымыз. Саған сенбегенде енді кімге сенеміз.
— Бұл сеніміңізге де көп рақмет!
— Барасың ғой?
— Барамын.
— Келіссең болды. Қазір взводтан штабқа ауыстыру жайлы бұйрықты аласың да, өзіңе барып взводты помкомвзводқа өткізесің. Сонсын, дивизия штабына, майор Матвеевтің қарауына барасың.
Әңгіме осымен бітті, қуана-қуана взводқа келдім. Көп күндерден бері ащы-тұщыны бірге татып, қар кешіп, қан кешіп, ауыр азапты бірге көрген жауынгерлеріммен жеке-жеке қол ұстасып, кешірім сұрап қоштастым. Қапсағай, өр кеуделі, сұлу мұртты, еңгезердей құжбан қара солдат менімен ере шығып, әлде не айтқысы келгендей қипақтай берді. Қоштасуға қолымды созып едім, алмады. Мен таңданып қалдым.
— Нәлеке, ренжіскен жеріміз жоқ еді, мұныңыз қалай? — дедім күліп, бірінші рет болар, оның Нәлқара Сабалақов деген аты-жөнін қойып осылай атадым.
— Жоқ, құдай сақтасын, ренжіскен жеріміз жоқ, — деп аз ойланып қалды да, артынша мұртын сипап, — мына кетіп бара жатысыңды қимай тұрмын. Біраз күн дәмдес-тұздас боп едік. Ең болмаса сыр шертіп, іштің шерін де тарқата алмай қалдым. Бастығым болдың, бата алмай жүрдім. Оның бер жағында қадір білмес, албырт жас болар деп жүрдім. Бірақ сонау бір күнгі, рота командирімен екі арада болған жайдан кейін, намысы бар, оты бар, өзіме ұқсаған жігіт екен деп іштей сыйлай бастап ем, сырымды да айтқым кеп еді. Енді, міне, маңдайыма сыймадың, кетіп барасың, өліп ажырасқанға менің алдық. Тірі ажырасқан да қиын екен! — деп Нәлекең көзі жасаурап, бетіме қарады.
Менің ойыма да ап-ащы бірдеңелер түсті. Не айтарымды білмей, жалтақтап бетіне қарай бердім. Осыдан азғана бұрын өзімнің қарауымдағы бағынышты адам алдында мүлде кішірейіп кеттім. Кеудеме әлде не түйіліп, нақ бір әкесінің алдында тұрған жас баладай күмілжи бердім.
— Нәлеке, заман мынау, уақыт тығыз...
— Одан менің де хабарым бар. Айтайын деп тұрғаным заманға, уақытқа байланысты шағым емес, іштегі көкейді тесіп жүрген бірдеңе еді. Бір иіні келгенде айтармын деп жүруші едім. Енді міне, сен ойламаған жерден мені де, менің арманды сөзімді де қып-қызыл оттың ішіне тастап кетіп барасың...
Нәлқараның әшейінде күңгірлеген әдемі қоңыраулы қоңыр үні бұл жолы қысылып, аржағындағы мол ағынды әлде не бөгеп, ұстап жатқандай, дауысы демігіп шықты. Әлдеқандай бір жай сөз емес, айтпақ боп жүрген арманды сөзі бары бірден-ақ көрінді.
«Бұл не сөз еді» деп ойланып та қалдым. Бірақ ойыма жөп-шөнді ештеңе оралмады. Аумақты, отты қара көзі бар, құлағына жеткізе қайырған сұлу қара мұртты, екі беті әжімсіз, қызыл шырайлы, қабағы дөң, маңдайы жазық сом денелі қара солдат каскасын қолына ұстап, жалаң бас күйі жерге қарап аз тұрды.
— Енді асығыс болады. Өзіме де обал жоқ. Іште қайнап жатқан нәрсені сары майдай неге сақтадым екен? Соның несін құпия қып сақтап жүрдім. Өмір мен елім отының ішінде жүрген маған құпияның керегі не?
— Оныңыз не еді, Нәлеке? — дедім.
— Неден бастасам екен? Ие, сені алғаш көріп, жөн сұрасқанда-ақ ішім жылып, жақын тартып едім. Талай ащыны татқан сұм жүрегім сезген екен. Ең алғаш жөн сұрасқанда сен өзіңнің Қаратаудан, Үштөбе деген жерден екеніңді айттың. Мен болсам, Қырғызстанда туып-өскен қазақпын дедім. Шынымды айтсам, мұным өтірік еді. Мен сол сен туған жерде тудым. Әкем Сабалақ та, өзім де сонда туғам. Ауылымыздың арасы ат шаптырым жер болушы еді. Әкеңнің атын айтқанда, көз алдыма сол әкеңнің барлық бейнесі кеп тұра қалды. Дос деген кісі бапкер еді. Бәйгеге қосатын аттарды баптайтын, сайыпкер еді. Сен ең кіші баласы боларсың, ол кісі бізден әлдеқайда үлкен, менің әкем қатары болатын. Ат құмар, сері кісі еді. Ұмытпасам, қыздарын қалың малсыз, бір-бір жүйрікке баспа-бас айырбастағанын білемін. Жас болсаң да естіген шығарсың?
Екеуміз қатарласа кеп қалың ағаш арасына ендік. Менің де булыға қалуым тегін емес екен. Нәлқараның мына сөздері туған жерімді, жас кезде естіген, еміс-еміс есте қалған сан жайды еске салды.
Жайлап кеп, Нәлқара екеуміз әнеугүні Андрей Акимовичпен бірге отырған, құлап қалған жуан қайыңның діңгегіне отырдық.
— Бірі өтірік емес. Мен сені көріп, жөн біліскенсін, талай-талай тәтті қиялдарға баттым. Маған туыс, ағайын боп көріндің. Туған жерім Көсегенің көк жонын есіме түсірдің. Әкеңнің аты бір түрлі жылы естілді. Жылыбұлақ, Құмкент, Қызылкөл, Бабата, Жырыққорған, Жартөбе мен Үштөбе, Ожардың төрі, бәрі-бәрі елес боп өтті.
— Сіз, сонда біздің ауылдікі боласыз ба?
— Сіздің ауыл, біздің ауыл дегенді айтпасақ та болады. Ақсүйек лақтырса жететін, таяқ тастам жер болушы еді. Қыстауымыз — құм Көкше, жайлауымыз — Қаратау.
— Айтып отырған жеріңіздің бәрі біздің жеріміз.
— Ие, сендердің жерлерің, менің де жерім.
Енді байқадым, Нәлқара қамығып отыр екен. Менің де көңілім әлем-тапырық боп шайқалып, бұзыла кетті. Сонау бір бейбіт, сонау бір шалқар, мұңсыз сәби кездің серігі тәрізді болған туған жердің әрбір тасы, төбесі мен төбешігі, сайы мен жоны, өзені мен бұлағы көз алдымнан ете бастады. Әлгі айтылған атағы бар, Бабата тәрізді үлкен жерлер ғана емес, аты белгісіз Сасық бұлақ, Шиліөзен, Қанымсай, Аққолтық, Қаратас пен Қызылтасты да есіме түсірдім. Осының бәрі нақ бір Нәлқараның бет бейиесінде жазулы тұрғандай оның сымбатты жүзіне, қап-қара мұртына, қою қасының астынан көрінген аумақты тұнық көзіне қарай бердім.
— Елден ерте кетіп, Қырғыздың жеріне, Ыстық көл бойына орналастым. Қысқа жіп байлауға келсе де, күрмеуге келмейді емес пе, қолым қысқалық етті, отызыншы жылдан соң, міне, он екі жыл бойы кіндік кесіп, кір жуған жерімнің топырағына аунан алмадым. Жылыбұлақтың атына ұқсамайтын мұздай суын мейір қандыра жұта алмадым. Елге баруды арман етіп жүргенде соғыс басталды.
Нәлқара тереңнен алып, ауыр күрсінді де, қолында ұстап отырған каскасын ақша қардың үстіне шалқайта тастап жіберді де, кір-кір құлақшынымен мандайын, көзінің төңірегін сүртті. Содан соң мұп-мұғал, добал саусағымен бас киімін жұмарлақтап, қыса ұстады да сөзін қайта бастады. Мен махорка алып орадым.
— Сөйтіп, соғыс деген мына пәле болмағанда ел-жұртыма баратын едім. Шіркін-ай, Қонысбек байдың отыз үйір жылқысы қаптай жайылғанда тұяғынан шаң шықпайтын Көсегеннің көк жоны, бетеге мен бидайық, жусан мен тобылғы басқан қақ дала, көзіме бір көрінер ме екенсің! Әлгі отыз үйір жылқы түс кезінде Үшбастың өзеніне түскенде, біраз уақытқа су тартылып, ақпай қалатын. Сағынамын сол жерлерді. Кейін барғанмен еркін аралай алмадым.
— Туған жерден неге кеттіңіз?
— Пәлі, Сәукен қалқам, баласың ғой, неге кеттің дерің бар ма? Оны айтсам, таусылмас үлкен жыр. Бұл да менің құпиям. Сен барар жеріңе асығып отырсың. Ал менің көкірегімде көп сыр жатыр. Жөні келсе, кездесуге жазса айтармын. Немесе іште шіріп, бірге кетер. Ал, жорытқанда жолың болсын, Қыдыр ата жолдасың болсын! — деп Нәлқара қолын жайды, артынша бетін сипап өтті.
— Әзіргі сырым осы. Екеуміз таныс туыс болдық! — деді артынан.
— Сау боп тұрыңыз, Нәлеке! — дедім.
Мен жүріп кеттім. Артыма қарай-қарай кетіп барам. Нәлқара міз бақпай сол орнында тұрып қалды. Мен ойлап келем. Нәлқараның әлгі айтпаған сыры не екен? Әрине, мен Нәлқараның ішіндегісін білмеймін. Айтпақ боп оқталғаны қандай сыр екені де маған беймәлім. Бірақ оның сыры емес, мінезі, әдет-салты маған көптен белгілі. Нәлқара байыпты адам. Қорқақ емес, өжет. Сасқалақ емес, сабыры мол. Жасы елуді алқымдап қалған. Осы күнге дейін шылым тартқан, арақ ішкен емес екен. Оғаш мінезі жоқ. Өзін байсалды ұстайды. Жауынгерлік міндетін жақсы біледі. Жақсы атқарады. Әңгімеге де құмар адам емес-ті. Бірақ, айтамын деп айта алмай жүрген сыры барын бүгін байқатты. Өзі ән салады, әдемі де, мұңдылау қоңыр дауысы бар. Бәрінен бұрын атқыштығы тамаша. Дүрбісіз, жай мылтықтың өзімен-ақ кәдімгі атақты мергендерше атады. Мергендер взводына жібермей қалған өзім. Енді ойлап келем, бекер болған екен. Жолда полк штабына соқсам, Андрей Акимовичке оның мергендігі жайлы айтсам деп келемін.
Мен ұзай бердім. Ой шашырап ыдырай берді, ұзап қашықтай түсті. Бірақ Нәлқараның кескіні, оның арманға, мұңға толы көзі, батыр тұлғасы көз алдымда қала берді, елес боп ере түсті. Бәрінен бұрын біздің ауылдың ой-шұқырын түгел білетіні таңдандырды. Мен қарға да омбылап, ойға да омбылап келем. Өкпем өшіп, шаршап әрең жеттім. Келген бойда майор Ветковке істегенімді қысқаша баяндап өттім. Соңынан взводта Нәлқара Сабалақов деген мерген адам барын айттым.
— Бар, қызметіңе бар, енді күн сайын көрісіп тұратын боламыз, қалғанын кейін айтасың, — деді майор күліп.
Мен шығып кеттім. Бірақ майордың соңғы сөзін онша ұқпадым. Өйткені байланысшы офицердің қызметі қандай болатынын қайдан білейін.
5
Боз шинельдің қос етегін қайырып, беліме түріп алдым, Жүріп келем. Өткен түні ғана бұрынғы қатып қалған қалың қардың үстіне жаңа ұлпа қар жауған. Кейде омбылап та болса, қатқан қарға табаным тіреліп, адымдай басамын. Ал, кейде аяқ асты күрт-күрт ойылып, екі қолымды қалқандап, малтимын да қаламын. Маңдайдан тер бұрқырай түсті. Керзі етіктің қалқиып, қиыспай тұратын делдек қонышынан ішіне қар құйылып-құйылып кетеді. Жүріп келем. Басқа нәрсе ойлауға мұршам жоқ. Бар болғаны «байланысшы офицер» деген қандай жұмыс, мені алда не күтіп тұр дегендей, әйтеуір бір күңгірт ой басымда дың-дың етеді.
Алғы шеп пен дивизия штабының арасы едәуір екен. Жол да қиын.
Көп жүрдім. Шаршап та қалдым. Түс ауа оперативтік бөлімге келдім. Княжин Клин деп аталатын қираған деревнядан екі-үш шақырымдай жердегі қалың ағаштың ішіне орналасыпты.
Мені майор Матвеев қабылдады. Көп сөйлеген жоқ. Бас-аяғыма қарап тұрды да:
— Жарайды. Бүгіннен бастап байланысшы офицер боласың. Оның қандай жұмыс екенін іс үстінде көресің, аға лейтенант Дробчинскийге айтамын, ол сені біраз үйретеді. Кәзір барып блиндаждан орын ал! Өзіңе бағынышты жауынгерлер бар. Солармен таныс! — деді.
Мен рұқсат алып, шығып кеттім. Айтқан жайға келдім. Алғы шептегіге қарағанда кең сарайдай үлкен блиндаждың қабырғасына жағалай нар жасап, үстіне пішен» төсеп, плащ-палаткалармен жауып тастапты. Менің ендігі мекенім осы болды.
Бұл жайда төрт байланысшы офицер, оның екі-екіден сегіз байланысшысы — небәрі он екі адам тұрады екенбіз. Ең алдымен өзіме бағынатын екі жауынгерді тауып, солармен таныстым. Александр Сорокин — ұзын бойлы, ақ сары жігіт, сібірлік. Екіншісі — Көкетай Назарәлиев орта бойлы, мығым келген, екі беті апорт тәрізді қып-қызыл, дөңгелек, әжімсіз, әдеміше жас жігіт. Ал, үшінші танысым — баяғы майор Матвеев айтқан аға лейтенант Алексей Дробчинский болды. Шекесінде қырым ет жоқ, шақша бас, жағына пышақ жанығандай жұп-жұқа, сопақ келген қылыштай істік мұрынды, көзі шүңірек, мойыны ұзын, кеңірдегі шығыңқы келген, арық жігіт екен. Шашы да қызық. Қауданды құрғақ төбеге біткен селдір-селеу тәрізді, селтиіп-селтиіп тұр. Совет Армиясының жұлдызды погоны болмаса, қолға түскен неміс офицері екен деп қаласың. Осы кескініне қарамай өзі қуақы көрінді. Жұп-жұқа ернінің қисықтау біткен оң жақ жақтауында кілең бір күлкі ізі тұрғандай көрінеді. Ол менімен танысқан бойда-ақ:
— Ие, майор Матвеев айтып еді. Жаңа келген жас лейтенант бар, соны байланыс жұмысына үйрет деп. Міне, оқытушыңыз! — деп қолын ұсынды.
Қу сүйекті терімен қаптап қойған тәрізді арық қолдың саусақтары қап-қатты, мұп-мұздай екен. Мен оның етсіз шүңірек қабағының астынан сығалай қарап тұрған отты көзіне қарадым. Ол да қарап қапты. Жиырма екіге жаңа келген, әлі бала пішіндес маған ол сынай қарады білем.
— Соғыс отына ысталмаған, дәрі иісін жұтып көрмегендерді үйретуге әзірмін! — деді күліп.
— Сол айтқандарыңызды сізден бұрын көрген болсам, үйретпейсіз ғой шамасы?
— Ондай болса ойлануға керек болар, — деді ол. Қансыз өңіне қызғылт жолақ ойнап шыға келді, — жаңадан оқу бітірген болар деп тұрмын.
Маған да бір лепіріп кетуге тура келді.
— Сіздер Алматыда, июль айында жаңа ғапа бас қосып жатқанда, мен Москва түбінде бекініс жасадым. Зәулім үйлердің төбесіне қап-қап құм арқалап төктім. Жау бомбасынан жанған үйлердегі өртті сөндірдім. Ал, сіздер Алматыдан шығып, жолда келе жатқанда, мен ІІ армияның қарауындағы 262-дивизияның 950-атқыштар полкында, Псков пен Новгород, Старая Русса мен Демьяновск түбінде соғыстым. Ал, сіздер Москва түбінде болған кезде, біздің 51-шаңғышылар бригадасы Калинин түбінде соғысты. Көрдіңіз бе, соғыс отының түтінін кім көбірек жұтқанын, енді өзіңіз айтыңыз?
Алексей үндемей қалды.
— Алғы шепте, кімнің қанша болғанын да есептеп шығаруға болады, — деп қойдым.
— Жеңілдім, — деді ол, — бірақ бұйрық бойынша мен сізді үйретуге тиіспін.
— Өзім де құштармын. Байланысшы деген сөздің мәні маған түсініксіз.
— Бәрі қалжың, бәрі әзіл. Шынына келгенде осында үйренетін де ештеңе жоқ. Күніне штабтан штабқа ондаған құпия пакеттер жөнелтіледі. Олар түрлі-түрлі серияларға бөлінеді. Солардың бәрін тіркеп, тиісті жеріне уақтылы жіберіп отырасың. Ал, ішінде тым маңызды, өте құпия, аса тығыз пакеттер болады. Мұндайды байланысшы офицер өзі тапсырады. Кейде, өзіңді қорғаушы адам алып жүруге де тура келеді. Ал, жай пакеттерді байланысшы жауынгерлер арқылы жөнелтесің. Ендігісін іс үстінде көрерсің, сұрап отырарсың. Майор Матвеевке толық курстан өтті деп баяндаймын. Қарсы емессің ғой, — деп ыржия күліп қойды.
— Бұған қарсылығым жоқ.
Алексей Дробчинский екеуміздің арамыздағы таныстық осылай басталды. Тапсырма орындауға бірге де шығып жүрдік.
Бір ретте, бұрынғыша жан-жаққа айырылысар жерге келгенше бірге келдік. Оның аты кәрі тартқан, маубастау, жуас еді. Жолда келе жатқанда менің астымдағы торы алаяққа қызыққаны бар.
— Мен бұрын атты әскерде қызмет еттім. Жылқыны жақсы көрем. Сенің атың болымды, ақылы бар, қажымаған жас екен.
— Айырбастасақ қайтеді, — дедім.
— Кел, баспа-бас, — деп атынан түсуге ыңғайлана бастайды.
— Болмайды, әуреленбеңіз, — дедім күліп, — мен де бұл түлікті жақсы көремін. Әкем үлкен-үлкен жарыстарға ат қосатын, жүйрік баптайтын адам болған. Бес-алты жастан бәйге шауып үйрендім. Баптауға көмекші болдым.
— Бәйгені мен де білем. Мен қырғыз жерінде өстім.
Фрунзе қаласының түбінде Молдаванка деген село бар. Сонда тудым.
Бәйгені білсеңіз, сол бәйгеге қосатын жүйрікті баптайды, суытады, қамаутер алады. Сонда ашамай ерге отырғызып, әкем бәйге атына мені мінгізетін. Демек, атқа да мен сізден бұрынырақ мінсем керек.
— Жеңілдім, жеңбей қояр да емессің, — деді ол күліп.
— Сөзден мерт болмассыз, бірақ, біздің халқымыздың «аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі» деген қатал бір мақалы бар.
— Мұның да шындық. Бірақ, мына торы алаяқтың кімді де болса қызықтыратыны аян.
— Айта бермеңіз, көзіңіз тиеді.
— Сен дінге сенемісің?
— Дінге емес, көзінің оты бар адамда сұқ болатынына сенемін. Ал сұқ деген шын күндеушіліктен шығады.
— Мен күншіл емеспін.
— Күншілдік деген кейде жаман да әдет емес. Пушкин: күншілдік бәсекенің сіңлісі, демек, тегінде, сонау шыққан тегінде онша жаман нәрсе емес депті. Адам өз бойындағы мінін біле бермейді ғой кейде. Ондайлар көп болса, данышпандар саны да көп болар еді. Меніңше, данышпандықтың ең бірінші белгісі адамның өзін-өзі тани білуі дер едім.
— Мүмкін, бірақ, мен бұл жайлы ойланған емеспін. Ештеңе айта алмаймын.
— Әрине, меніңше, мүмкін дұрыс емес те шығар.
— Қайдан білейін, мүмкін мен шынымен-ақ күншіл шығармын.
Алексей күліп қойды. Екеуміз қатарласып жорта жөнелдік. Құлын мүшелі, қыл мойын, қамыс құлақ торы алаяқ қос құлағын қайшылап, бойы қызғансын еліріп, Алексей атын тастап, шылбыр тастам оза берді. Тұяқтан ұшқан жентек-жентек қардан именіп, ол ат басын тежей берді. Мен оқ бойы озып кеттім.
Осы күні сапардан кеш қайттым. Келсем Алексей атын байлап жатыр екен. О да кеш оралған көрінеді. Мені көре сап қуанып кеткен тәрізді селт ете түсіп, күліп жіберді.
— Менің сұғым тиіп, сен бір жерде шоқайып отыр ма деп ойлап едім. Аман-сау кепсің. Жақсы болған екен.
— Сұқ пен көз тиместей етіп, дуалап тастадым.
— Ондайың да бар ма еді?
— Бетпе-бет келгенде бір көздің уытын қайтаруға жарайтын от менде де бар...
Амал не, екі күннен кейін осы айтқаным асылық болғандай, торы алаяққа көз емес, оқ тиді.
6
...Соғыста түн мен күн деген болмайды. Кезі келгенде ұйықтайсың, дем аласың, ал кезі келмесе, күн-түн демей жортасың, жорықта боласың. Басқаны білмеймін, соғыстың алғашқы жылындағы ұзақ-ұзақ жорық кезінде жүріп келе жатып, мызғып алған кездерім көп болды. Шалдығып келе жатқанда бір сәтке көз ілінудің өзі сергітіп тастайды. Ол күндер артта қалған, кейде амалсыз қайталау, еріксіз еселеу бола береді. Тіпті, мұны айтпағанда, түнгі тапсырма күндізгіден көп.
Блиндаж бен блиндаж арасында жүгіріп жүретін үй арасының шабарманы түнгі екі кезінде оятты.
— Сізді майор Матвеев шақырып жатыр, — деді.
Апыл-құпыл киініп, оперативтік бөлімге қарай тұра жүгірдім. Көз алды қалталанып, домбыққан, қабағы кіртиіп шаршаған кәрі майор үн-түнсіз пакет ұсынды. Сыртына «Серия — «К» деген жазуы бар пакетті планшетке сап, сыртқа беттедім. Есікті аша бергенде майордың «кәзір жеткіз» деген қарлыққан, бұйрықты үні естілді. Жауап айтпадым. Блиндажға қайта кеп атшыны да оятпадым. Тұп-тура ат қораға кеп, торы алаяқты ерттедім де, 23-полктің штабына жөнелдім. Штаб алғы шепке жақын тұрған. Осы арадан бес-алты шақырымдай жер. Бұл түнгі жүріске ұзақ жол. Бөкен желіске салдым, қатқан қарды ат тұяғы қарш-қарш таптап келеді. Түнгі аяз шым-шым етіп, бетті қариды. Қар жамылған қара орман мүлгіп тұр. Дүние тұнық. Меңіреу үнсіздік. Ат тұяғының дүбірі ғана құлаққа ұрады. Жортып келем. Торы алаяқ тынысын кеңіткендей қайта-қайта осқырына береді. Кеудесінің буы бұрқырап, есіп келеді. Штабқа жақын кеп қалғанымда алғы шептен атылған ракетаны байқадым. Түнгі постта тұрған солдаттар анда-санда ракета жіберіп, төңірегін шолып тұрған көрінеді. Осы жарықтан штаб тұрған шаманы мен де шолып қалдым. Күндіз талай келгенмін. Әлгіндегі ракета жарығымен көрінген өзен аңғарының арғы қабағындағы арал тәріздес топ қарағайдың ішінде штаб бар. Өзеннен әрең өттім. Тағалы аттың өзі Ловатьтың күнескей қабағына қатқан көк тайғақ мұздан әлденеше сүрініп өтті.
ІІІтабқа келдім. Қарағай түбінде көрінбей тұрған күзетшінің:
— Тоқта, бұл кім? — деген өктем дауысына ат та құлағын түріп, осқырына барып іркілді.
— Жарқабақ! — деп бүгінгі белгіні айттым.
— Өте бер! — деді.
Штаб бастығының жатқан жеріне келдім. Есікке көлденең қойған жалпақ тақтайды қақтым. Ар жақтан майор Ветковтың дауысы шықты.
— Кімсің?
— Байланысшы офицер Досов!
— Кәзір.
Сыртта күте бердім. Майор май шамды тұтатып, блиндаж ішін жарық етті. Ішке ендім. Қолына пакетті ұстата бердім.
— Сенбісің, хал-жайың қалай?
— Жаман емес.
— Жаман болмағаны жақсы. Бірақ маған сен қайсыбір жақсылық әкелдім дейсің, — деп майор жай ғана жымиып күңк ете қалды.
Пакетті жыртып, ішіндегі тілдей қағазды алып оқыды да, өңі бұзылып, телефонға жармасты. Алдына қоданы қойып, әлдебір сандардың тізбегін шұбырта жөнелді. 59, 45, 81, 09...
— Тез келгенің оңды бопты. Жау таң сәріден шабуыл жасап, бізді мына Ловатьтың арғы бетіне лақтырып тастамақ екен. Бәсе, тым тыныш еді-ау! Дауыл болар алдында жел де тына қалады. Ал, сен кете бер! — деді майор.
Шығып кеттім. Тұла бойынан буы бұрқырап, ентігін баса алмай тұрған атыма қайта мініп, жорта жөнелдім. Алғы шепте жарқ-жарқ еткен ракета көбейе бастады. Мен өзеннің сайына түскен кезде аржақтан бізге қарай пулеметтен ұзақ атты. Ешбір нысана алмай, тек бізге қарай, оқ ататын негізгі нүктелерді білу үшін атып жатқан болуға тиіс, адасқан оқтар зу-зу етіп, алысқа кетіп жатты. Өзендегі мұздан өтіп, қабаққа көтеріле бергенде атым тайғақтап, артқы аяғын әрең жинап, қатты ышқынып келе жатыр еді, бір кезде шойқаң етіп, бөксесін көтере алмай күрс етті. Мен де ұшып кеттім. Сайға қарай домалап барам. Аттың қатты кісінеп, жан дауысын шығарғаны құлағыма келді. Тұла бойым тітіркеніп, ат даусынан жүрегім тоқтап қалғандай болды. Домалап барып, сайға түстім. Ат артқы аяғын көсіліп, сүйреткен бойы дөңкиіп қабақта қалды. Жалма-жан орнымнан тұрдым. Әлгі атыс басылған екен. Өрмелеп атыма келдім. Солығын баса алмай, аяғын жинауға шамасы келмей жатыр екен. Тұрғызбақ боп тізгінінен тартып едім, басын көтерді де, қайтадан сылқ еткізіп тастап жіберді. Бұған не болды деп қалтамдағы кішкене қол шамды алып жақтым. Қарасам толарсақтан қара қан саулап жатыр. Артқы оң аяғының толарсағынан оқ тиіп, сүйегін үзіп жіберіпті. Сасқанымнан басына келдім. Жануардың көзі танадай жарқырап, жанарынан жас төгіп жатыр. Мал екеш мал да егіліп жылайды екен. Басын сүйеп, көзіне қайта қарадым. Көз оты сөніп бара жатты. Жау мен жаққан қол шамның жарығын нысанаға алса керек, өзен қабырғасына оқты сеуіп жіберді. Өліп бара жатқан торы алаяқты тасалап жата қалдым. Оқ зуылдап өтіп жатыр. Бір оқ дөңкиіп жатқан аттың қарнына тиді білем, онсыз да өлейін деп жатқан жануар бүкіл тұла бойымен дірілдеп, соңғы демін ішіне тартып барды да, қорс етіп тыныс үзді. Артынша оқ та басылды. Аттың тартпасын босатып, ерін алдым. Жүгенін сыпырып, бәрін жинадым да арқаға салып, жолға түстім. Жаңа ғана қаза болған жауынгердің моласындай ақша қардың үстінде дөңкиіп, көп күнгі қанатым, әрі серігім торы алаяқтың өлігі қала берді.
Әлгінде ғана өзім жүрген жолмен кері жүріп келем. Бес-алты шақырымдай жерге ер-тоқым арқалап жүру қиын да емес. Дегенмен, жарық түскенсін жүрейін деп, ағаш ішіне ендім де, таң атқанша пана болар жай іздедім. Алдымда қарауытып бір блиндаж тұр. Қасына жақындай бергенде пароль сұрады. Атадым.
— Өте бер! — деді.
— Жоқ, өтпеймін. Таң атқанша түнеп шығайын.
— Кел, — деп есікті көрсетті.
Артынып-тартынып ішке ендім. Тастай қараңғы. Қол шамды жақтым.
Бес-алты адам бұйығып ұйықтап жатыр. Біреуі басын көтерді де:
— Бұл қайсың, әй? — деді.
— Мен, лейтенант Досовпын.
— Сәукенбісің, жаным-ау, қайдан жүрсің жеті түнде, — деді. Даусын бірден ажырата алмадым.
— Сіз кімсіз?
— Танымай қалдың ба, мен ағаңмын ғой, Нәлқарамын.
— Бұл мен, Нәлеке. Атым оққа ұшып, жолда қалды.
— Өзің аманбысың, әйтеуір, кәні жақын кел, — деп Нәлқара нақ бір үйінде қабылдап жатқандай-ақ абыржып қасыма келді. — Бас аман болса, ат табылар. Өзің сау қалғаның жақсы бопты. Апырай, құдай деген бар-ау деймін, жаңа ғана түсіме еніп едің, қолыңда тобылғы сап қамшың бар екен деймін. Жүріп келе жатып, сүрініп кеткен кезде, жерге тіреп қалдың. Қамшының сабы ортаны қақ бөлінді. Сен құламай, жүріп кеттің. Міне, енді өзің келдің. Ат алыста қалды ма?
— Осы жерден бір бес-алты жүз қадам жерде жатыр.
— Бауыздадың ба?
— Жоқ.
— Неге бауыздамадың?
— Денесінен қан шыққасын бәрі бір деуші еді ғой. Аяғына оқ тиді, қарнын жарып кетті.
— Әй, дегенмен жұлынға пышақ тимегенсін қиын ғой.
Нәлқара ойын түсіне кеттім. Әккі бөрі жылқы етін аңсап-ақ жүр екен.
— Семіз бе? — деп қайта сұрады.
— Семіз болғанда қандай, кілең сұлы жеп тұрған ат қой.
— Ой-бай, онда обал екен. Ерінбесең барсақ қайтеді. Алыс емес қой, жүр, қалқам.
Ер-тоқымды босағаға лақтырып тастап қайта шықтым. Мүлгіп түн тұр. Нәлқара екеуміз торы алаяқтың өлігіне келдік.
— Бойы әлі жылы екен, мұның жаны бар, әлі кеш емес, — деп ол аттың басына бүркітше қонжиып отыра кетті де, винтовканың сүңгісін алқымға салып жіберді, оны нығап, үңги бастады. Сүңгінің басын екінші жағынан шығарды. Қайта тартып, жұлынға салды. Қарулы қол қойсын ба, аттың басын бөлектемей-ақ жұлынын қиып, кеңірдегін үзді.
Қайта оралдық. Нәлқара көңілі көншіді білем, менің жайымды бастан-аяқ қайта сұрап шықты.
— Атты таң ата соямын, — деді.
— Таң атқансын дегеніңіз не? Ол жер жаудың нысанаға алып қойған белгілі жері көрінеді. Екіншіден, кәзір жау шабуыл жасауы кәдік қой.
— Ондайы тағы бар ма еді, жау алғырдың.
Ол екі жолдасын ертіп, қайта барды да, ағаш ішіндегі өздерінің жеркепесінің нақ алдына аттың өлігін сүйреп келді.
— Ал, енді сөйлесейікші. Атты алакеуімнен соямын. Оған дейін шер тарқатып алайық. Сөйле! — деді.
— Өзіңіз сөйлеңіз.
— Менде айта қояр не бар дейсің.
— Осы сіз анада бір ұзақ әңгіме айтуға ыңғай көрсеткен едіңіз-ау, — деп өткендегі жайды есіне салдым.
Нәлқара тоқтап қалды.
Ойланып отырған сыңайы бар. Сәлден соң ол басын маған бұрып:
— Айтпақшы, менің құтымда саған сақталған біраз сусын бар еді-ау, — деп басына жастанған шөп-шаламның арасынан құтысын ап, маған ұсынды.
— Ішінде, үлесіме тиген арақ бар. Ішпейтінімді өзің білесің. Осындағы жігіттерге бөліп берем. Сен кеп қалар деп екі реткі сыбағамды осыған құйып қойған едім. Ал, іш!
— Менің келерімді қайдан білдіңіз?
— Білгізді ғой...
Мен құтыны алдым. Демек, құтыда екі жүз грамм арақ бар. Аузын ашып, екі жүзді дем алмай аудара салдым. Ішім жанып кетті. Бірақ, әлгі бір кездегі ат өлімі, қиын кездегі асып-сасқаннан бойым қатулы екен, арақтан соң тұла бойым еркінсіп сала берді. Байқаймын, Нәлқара әңгіме айтуға оңтайланып отыр. Арақ қызуымен еркінсіп бара жатқан бойымды тез жинап:
— Нәлеке, құлағым сізде! — дедім.
— Ие, сөйтіп, туған жерді көрмегелі көп болды, дедім-ау деймін...
7
Аз-кем үнсіз қалды. Қайта сыңай көрсетіп:
— Сен атыңнан айрылып жаяу қалдың-ау? — деді.
— Тағы да ат аламын ғой.
— Ат алғанша жаяу боласың. Атқа мініп үйренген жігітке жаяушылық қорлық қой. Сен тыңдасаң осы ат жайлы бір әңгіме айтып берер едім. Басымнан өткен жай еді. Саған айтпақ болған құпиям да осы әңгімеде.
— Айтыңыз.
Нәлқара қалың ернін бірнеше рет жалап-жалап алды. Ойлы көзімен маған, алдында сығырайған май шамға қарады.
— Айтыңыз, тыңдауға ынтықпын.
— Айтайын, — деп тағы біраз отырды ол. — Айтайын, тыңда, бір күні өліп кетсем, ішімде кетер, одан да сен естіп қал.
...Бабатаның күншығыс жағында, Үшбас өзенінің төменгі сағасында кішкене лашығым болды. Сол жерді мен 1930 жылдың көктеміне дейін қоныс еттім. Туған, кіндік кесіп, кірім жуған жер де сол екен. Жоқшылық азабын көп көріппін. Байлауға келмейтін қысқа жіпке өз қолымды жалғап күн кештім. Бес жастан бастап Бабатадағы ұста дүкенінде көрік басушы қол бала болдым. Көрік басумен қабырғам қатайды, есейе келе балға соқтым. Бұдан қолым мен бұғанам қатты. Көп айтып не керек, көрп-көрп басқан көріктен, талтая тұрып құлаштай соққан балғадан да шығар, көбеңге біткен қайыңдай қатты, құмдауыт жерге шыққан тораңғыдай кеспелтек боп өстім. «Білегі күшті бірді жығар, білімі күшті мыңды жығар» деген мақалды да көп естідім. Өз заманымның білімі осы болар деп, қолым көрік пен балғадан босаған кезде өнер қудым. Зергерлік пен етікшілікті қоса үйрендім. Екеуін де жаман үйренбедім. Кезі келгенде сүмірейтіп, биік өкше оймышты кебіс, әміркен мәсі, шоңқайма етік тіктім. Кезі келгенде қыз-келіншектің алдында ыңылдап, әндете отырып, алтын жүзік, күміс білезік, әшекейлі алқа, сылдырмақ шолпы жасадым. Бұл үйренген екі өнеріме өзім де риза болдым. Кеше ғана мені адам санатына қоспай, көзге ілмей жүрген сол кездің қасқа мен жайсаңы алдыма келетін болды. Әшейінде жел жағынан өтуге болмайтын қыз-келіншек, бай-патша арулары өзі іздеп кеп, кебіс, мәсі, білезік, шолпы, жүзік, алқа жасап беруді өтінетін.
Адамға дүние-мүлік не үшін керек? Менің өз түсінігімше жақсы өмір, тәуір тұрмыс, абырой, атақ, даңқ үшін. Ондай болса, мақтанғаным емес, нақ сондай абырой, атақ маған малсыз-ақ келді. Менің мына он саусағым байдың жүз жылқысы мен мың қойына татитын болды. Маған, астында аты жоқ, бір қолымен көрік басып, екінші қолымен балға соққан кедейге бұдан артық не керек? Мал жинап, баюды ойламадым. Өнерімді арттыра бердім. Байлығым — он саусағым, абыройым — өнерім. Осылайша өз аймағыма танылдым. Туған жерім — Үшбас пен Бабата емес, Қызылкөл мен Жылыбұлақ, Үштөбе мен Жартөбе, Балаторлан мен Балдысу, Шолақ пен Қасқабұлақ атымды біліп, өнерімді аңыз етті. Ел аузына ерте іліндім. Жоқты бардай, мысқалды дардай етіп, қолдан келмесімді келеді деп қосарлап, көтермелей айтты. Ел аузы дуалы ғой, абырой да, атақ та табылды. Ел жігітінің алды бола бастадым. Бірақ байлықты ойламадым.
Жұрт көзіне түсіп, ел аузына ілінген жігітке қанша ақылды болса да өзінше желік пайда болады екен. Тәуір киім киіп, жақсы ат мінуге әуестендім. Жиған-тергенімді жинап жүйрік ат алдым. Осы атқа мініп қызды ауылды жағаладым. Көп айтып, басыңды несіне ауыртайын, ақыры Қапшағайдан төмен, Тазшабайға жақын отырған Төре ауылынан бір сұлуды алып тындым. Бірақ, қыз әкесіне өмір бойы қарыз боп қалдым. Ат пен әйелден соңғы бар тапқанымды әлгі қайын жұртыма тасыдым. Осылайша күндер өте берді. Ақыры, Қонысбектің тоқалының тойы болды. Той алдында ала жаздай байдың нақ сүйеріне арнап жүзік, білезік, алқа, шолпы соқтым. Еңбегіме бозтарланның үйірінен таңдап жүріп, құлынды бие алдым. Бұрынғы атымды қайыныма бердім де, енді әлгі биенің құлынын мәпеледім. Биенің келесі құлынын бауырынан алып, жабағымды еміздім. Сөйтіп, тай болғанша енесінің сүтімен асырадым. Тай өсе берді. Құлын мүшесін бұзбай өскен тайымды тіл-сұқтан сақтап, ақпен жауып, жалпоштап өсірдім. Жылқы тұқымы емес, әшейін бір сурет боп өсті, өзі де атасына, Қонысбектің боз тарланына тартқан екен, кеудесі есіктей боп тұратын. Бота тірсек, құйма тұяқ, мойыны жұмыр, сағағы шығыңқы, шықшыты кең, тұмсығы имектеу, бөкен танау еді. Бір қалыпты тұрақты мінезі бар-ды. Шашасы тықыр, әлпі ұзын, тірсегі сіңірлі, тынысы кең, кеудесі жоғары жылқы ұзаққа сілтейді, серпінді келеді деп нақ осы сенің әкең көп айтушы еді. Сол кісі алғаш көргенде-ақ жерге үш рет түкіріп, «Нәлқара, атың тұлпар тұқымы» деген еді. Ерлігі тұтас, жоны көтеріңкі, шықшыты кең жылқы алысқа шабады. Жалпы жүйріктің текті кісі тәрізді тұрақты мінезі болады. Тіпті, құйрығын денесіне тигізбей, көтеріңкі ұстаған жылқының затында асылдық бар, — деп отыратын еді ол кісі.
Сенің әкең аттың «құдайы» десе боларлық адам еді. Біздің жақта «тапкер» дейді, басқа жақта «бапкер» дейді екен. Мейлі, не десе о десін, аттың сайып қыраны да, сыншысы да сенің әкең еді. Әлгі айтқаны келді. Менің тарланбозым төрт аяқтының сымбаттысы болды, көкпарда алдына қара салмастан, көз жаздырып кететін.
Қаршадайдан көрік басып, балға соғып үйренген қол емес пе, менің де қолым қатты, білегім жуан, бұғанам темірдей боп өсті. Қолға ілініп, тақымға түскен көкпарды жігіттің жігіті-ақ аламын деп айласын салатын.
Тарланбозды көкпарда емес, үлкен жиында, бәйгеде сынағым келді. Жаздай суытып, Қонысбектің әкесіне беретін асына, сондағы бәйгеге әзірледім. Ала жаздай суытып, бәйгеге бір апта қалғанда, Үшбастың аяғынан атымды жетелеп, Шиліөзеннің басында, Аққолтықта отырған сенің әкеңе әкелдім. Атымды олай қарады, былай қарады, алыстан әдейі келгенсін ықыласы ерекше болды ғой деймін, көп қарады. Бірақ көпке дейін үндемеді. Әлден уақытта, жайлап шұбырта жөнелді.
— Көз жанары жақсы. Бірақ жақында жас жоңырышқа беріпсің. Аттың ішін айдағың келмесе, оның керегі жоқ. Арпа емес, бидай береді екенсің. Атқа арпа жақсы. Бидай тым тоқ, бөртпелі келеді. Арпаны бір түйіп, сыртындағы қауызынан тазартып, аздап бөртпе етіп бер, — деп атымды тағы бір айналып шықты да, — кәні, өзің мініп, анау төбеге дейін шоқытып барып келші, — деді.
Атыма мініп шоқыта жөнелдім. Артымнан көз алмай қарап қапты. Қайта келіп аттан түстім. Атымды алдына көлденең тарттым. Қарап жүр, қарап жүр. Біраздан соң қайта сөйледі.
— Тынысты да серпінді жылқы. Бабы келсе алыс пен жақынға бірдей шабады. Менің естуімше Қонысбек асты Үшбастың басында, Көсегенің көк жонында берсе керек. Демек, ол атты жақынға айдатса жайылмадан, алысқа айдатса Қамқалыдан жібертеді. Сенің атыңа осының екеуі де қол, — деп атымды тағы бір айналып шықты да, омырауынан шыққан тердің бір тамшысын сұқ қолының басымен қағып алды да аузына, тілінің ұшына сап, дәмін көрді. — Тері әлі тұщымапты. Арам тері әлі бар. Қамау терді бәйгеге дейін жеті емес, он рет ал. Сенің киіз үйің жоқ. Қамау терді тамда алатын шығарсың. Ыңғайы келсе, тамда емес, киіз үйде ал терін. Тамның ауасы таза болмайды, аттың екпесін шаң-тозаң басады.
Мен қоштасып, рақметімді айтып кете бардым. Ауылдан әудем жер шыққанда айқайлап, қол бұлғап қайта шақырды. Жер барып айтпасын, бишара қызық адам еді. Әсіресе, өзіне сенген адамға барынша адал болатын. Мен қайта оралдым.
— Алыстан ердей боп келгенсін, бәрін көрейін де, аттың ішін қарамаппын, Нәлқара, — деді де, аттың құйрығын көтеріп, одан соң умасына қол сап қарады. — Ішінде, бүйрегінде әлі де жұдырықтай май бар. Жемді аз бер, мұздай суға салып, құрғақ жоңырышқа сал. Бәйгеден екі күн бұрын сенің ауылыңның тұсынан өтемін. Сонда тағы қараймын. Аттың суытылуы артық боп кетсе, бәйгеден бір тәулік бұрын су орнына тауықтың жұмыртқасын қосып, қысырақтың саумалы сүтін береміз. Сүт табылады, қасындағы жатақтардан екі ондық жұмыртқа алып қой...
Бір аптадан соң бәйге болды. Шартараптан ағылып келді. Қаратаудың теріскейін былай қойып, Күнгей мен Әулиеата тарапынан қыруар ел жиналды. Көсегенің көк жонына шағаладай ақ үйлер тігілді. Күнде сайыс, күнде көкпар. Алдымен тай бәйге, одан соң құнан бәйге, дөнен бәйге болды. Осы үш бәйгеден соң ат бәйгесі басталды. Жүз қаралы атты түн ортасынан айдап, жайылмадан өткізіп, Қамқалыға әкетті.
Айтпақшы, бәйгеден екі күн бұрын атымды сенің әкеңе тағы көрсеткем. Көп қарап, жалғыз ғана кеңес берді. Атың бабында екен. Тек, бір-екі суытуы артық бопты. Қабағы іші өткен баланың қабағы тәрізді кірбіңдеу екен, кешке қарай су орнына бір шелек сүт пен он-оннан екі рет жұмыртқа бер деді. Соны істедім де, жал-құйрығын сүзіп, тарланбозды мен де жібердім. Қосылған жүз қаралы аттың ішінде Қонысбектің өзі қосқан қызылкөк, Арыс бойынан келген Кенжебайдың шаңтимесі, Тастанбектің желтимесі, Әженнің алаяғы, Көккүштіктің торысы, Шардарбектің қасқасы, Әлімбек төренің кертанауы тәрізді атағы шыққан жүйріктер бар. Осы аттардың шабысын, талай бәйгеден жеке-дара келгенін есіме алғанда жүрегім лүп-лүп етеді. Бәйгенің шарты тартылмасына келістік. Кілең қасқа мен жайсаңның желді аяқ жүйріктерінің қатарында қара қасқа кедейдің жалғыз аты бірге кетті. Бірақ, өз қолыммен әшекейлеп, күміспен күптеп жасаған алақандай ашамай ердің өзі-ақ атымды ешбір байдың атынан артық болмаса, кем етіп тұрған жоқ. Өтірік айтсам, оңбайын, кедейдің туы қызыл дейді дегенді естіп, баланың басын қызыл орамалмен байлап, үстіне Қызыл жейде кигіздім. Баланың белін буған көк белбеудің ұшына екі түйір қант түйдім. Ат айдалып кетті.
Шыдай алмай жүрмін. Шабысын алыстан бір көрейін деген оймен той-думанды тастап, Шилінің басындағы қоңыр төбеге шықтым. Аттар түнде кеткен, кәзір түс болып, күн ауып барады. Көзім талып, көкжиекке қараймын. Алыстан, Жайылмадан әрі, Шабақты өзенінің төменгі сағасынан қою шаң көрдім. Көңілім де бұлан-талан боп, шаңдатып сала берді. Қуанышыма көрінгей деп мен тұрмын.
Сонымен, не басыңды ауырта берейін, аттар Жайылмадан өтіп, Шиліге жақындады. Жазықта құйрық тістесіп, кейде үзеңгі қағысып келген төрт аттың бірі ерге, Көсегенің көк жонына қарай көтеріліп, желге, тау самалына кеудесін тосқан шақта басқаларынан суырыла шығып даралана бастады. Қараймын, менің атым. Өз көзіме өзім сенбей, қайта-қайта қараймын. Ес білгелі көзіме жас алмаған тас жүрегім елжіреп, егіліп кеттім. Көз алдым жасқа толып кетті. Сонымды басқаға көрсетпес үшін алыстан барлап, жанамалап шартаққа қарай шаба бердім. Атшабар бала «Бәйдібек, Бәйдібек» деп ұран тастап, қасымнан оқ бойы жерден самғап өте берді. Байқаймын, атым аяғын ширақ алып, еркін келеді. Тартуға болмайды. Сонысы да жақсы болды. Шылбыр берер ат емес, төңіректің дуылдаған айқай, дүбірінен соң бұрынғыдан бетер көсіліп, құлашын кең тастады.
Атым шартаққа жалғыз қара келді. Артынан қозы көш кейін Әлімбек төренің кертанауы, Кенжебайдың шаңтимесі, Әженнің алаяғы тізгін тартты.
Топқа, шартақ жанына мен де жеттім.
— Бұл кімнің аты, кімдікі? — деп шулап жатыр екен.
— Ат иесі — мен! — деп айқай салдым.
Көпшілік құлын күннен жасырып, жалпоштап баққан тарланбозымды білмесе де, өзімді біледі, зергер, етікші Нәлқара талай ауылды шарлаған адам.
— Бәйгеңді ал! — деп жатыр.
Бас бәйге қыздың құны: қырық жеті екен. Тең жартысын қайын жұртым төрелерге беріп, мәңгілік қарызымнан құтылдым. Ал қалған жартысын ауылдас-тілеуқорларыма қыл үстінен үлестірдім. Атым «Нәлқараның бозтарланы» атанды. Ал, күнгейден келгендер, мені онша білмейтін қауым, атымды «Теріскейдің шаңтимесі» деп атады.
Міне, бұл 1927 жылдың күзі болатын.
Қонысбек бай біраз жылқы, жақсы ат бермек боп, өз жылқысының тұқымы бозтарланды қайта сүрады. Мен бермедім. Бар қуанышым, бар байлығым қойнымдағы жарым — Наршагүл мен астымдағы атым — бозтарлан болды. Талай ас, талай тойда көкпарды да, салымды да, бәйгені де жеңіп алдым.
Ал, қалқам Сәукен, нансаң да, нанбасаң да өз еркің, міне, таң да атып келеді екен, осы ат, қуаныш пен бақытым, үлкен мерейім болған бозтарлан 1930 жылы сорым болды. Таң атып қапты. Мен ат сояйын...
Нәлқара қолына самозарядный мылтықтың қанжарға ұқсаған үңгісін алып, торы алаяқ атты союға кетті. Ер-тоқымды жаяу арқалап мен штабқа қайттым.
— Ертең жылы-жұмсақ, жал-жая жеуге келерсің, — деп Нәлқара артымнан айқайлап қалды.
8
Түнгі болған жайды майор Матвеевке баяндадым. Ол үнсіз тыңдады. Ендігі жүріп-тұру жайын сұрап едім. Кәрі майор жай ғана бір езулей күліп:
— Генштабтың байланысшы офицерлерін көрдің ғой, олар машинамен, арнаулы самолетпен жүреді. Менің қолымда болса, саған да бір самолет беріп қояр едім. Қолымда самолет түгіл автомашина, мотоцикл де жоқ. Бұдан біраз бұрын он шақты ат сұраған едік. Солар келсе, таңдап ат ал. Оған дейін басқалардың атын ауыс-түйіс ете тұр, — деді.
Мен шығып кеттім. Көп күткенім жоқ. Екі күннен соң штабқа шақырып, дивизия тылына келген аттардан өзіңе көлік таңда деп жіберді. Екі етегімді белге түріп, артта қалған Каменка селосына келдім. Он шақты атты айналдыра сым темірмен қоршап, алаңға бос қойыпты. Қасына жақын бармай алыстан қарадым. Көпшілігі арбиған жұмыс аттары екен. Көзіме үлкендігі небәрі тай құнандай, доп-домалақ, кішкене қызылкөк түсе кетті. Басқасына қарағым да келмеді. Не де болса жас жылқы екен, бағуға, үйретуге, тіпті мініске берік, көнбіс келер деп соған назар салдым. Қоршауға енген бойда, нақ бір өзімнің меншікті таңбалы атым тәрізді әлгі қызылкөктің мойнына шылбыр салдым. Мұндай жуас болар ма, мойнына шылбыр түскен бойда бұлқынбай, тіпті үрікпей тұра қалды. «Спокойно» деп едім, мені, менің дауысымды танитындай-ақ құлағын едірейтіп, көзі мөлдіреп маған қарады. Жалынан ұстап, сағағын қасыдым. Басын жерге сап жайлана түсті. Жүгендеп, сыртқа алып шықтым. Жалын келте кесіпті. Кекіліне тимепті. Кекілінің астында алақандай жұқа тақтай бар екен. Оған былай деп жазыпты: «Қызылкөк 1938 жылы туған. Уфа қаласы. Башкир мемлекеттік циркі».
Осы аз жазудан көп нәрсе ұқтым. Қызылкөк биыл төрт жаста, дөнен Уфада, цирктің қорасында туған. Демек, қол бала боп өскен. Әрине, циркте ойнады ма, жоқ п.і, ол арасы белгісіз. Әлгі бір кездегі «спокойно» деген сөзді ұға қоюына қарағанда тіл білетін де қу ма деп қалдым. Бірақ қандай тілді біледі. Мұнысы тағы беймәлім.
Атты жетектеп штабқа әкелдім. Ат қораға байлап қойдым. Қорадағы аттар бөтен жылқының келгенін біліп басын көтеріп, «қайдан жүрсің, әй» дегендей, оқыранып-оқыранып қойды. Бұл оларға жауап қатпастан, майданға жаңа келіп, байырғы майдангер солдаттардың қатарына енді ғана тұрған жас солдат тәрізді, жарбиып кеп, үнсіз ғана аттар қатарына тұра қалды.
Өзімнің байланысшы жауынгерлерім Александр Сорокин мен Көкетай Назарәлиевке ат алып келгенімді айттым.
— Жақсы ат па, жолдас лейтенант, жақсы ма, кәзір барып көрсек қайтеді? Жүріңіз, барайық, — деді Назарәлиев.
Қазақ пен қырғыз тұқымында жылқы малын сүймейтін адамды осы күнге дейін кездестірген емеспін. Көкетай да сондай ат құмарлардың бірі екен, «көрелік» деп елпілдете жөнелді.
Ат қораға қайта келдік. Қызылкөк дөнен мен келгенде басын көтеріп, осындағы алғашқы танысын қайта көргеніне қуанғандай, бір шекелеп жылы қарады, артынша жайлап қана оқыранып қойды.
Денеңді бөлектеп, дара алып шықтық. Александр мен Көкетай үстін әбден тазалады. Ат сылап-сипағанды, үстін тазалағанды, өзі қаси алмайтын жерлерін, сағағын, мойынын, омырауын қасығанды қандай жақсы көреді. Оның үстіне мынау көзін ашқалы адамның қолында, айқай-шудың ортасында өскен ат. Адамның ыстық алақанын ұнатпайтын қолбала мал бола ма?
— Жолдас лейтенант, көңіліңізге келсе де айтайын, ат таңдай білмейді екенсіз, — деді Александр.
— Оны сен қайдан біліп тұрсың?
— Ат сиқы жоқ. Бойы аласа, өзі құртымдай. Бұл ат емес есек қой.
Жолдасының сөзін қостағандай Көкетай да көңілдегісін ірікпей айтты:
— Тым қортық екен. Өзі есек болмаса да, қашыр емес пе екен?
Қысылып тұрсам керек:
— Ат пен есекті ажырата алмаған адамның өзі есек, — дедім. күлген боп. — Мұның есек болмайтын себебі құлағы қысқа, құйрығы ұзын. Қашыр болмайтыны басы кіші, бойына шақ. Есек дегеннің бойы бұдан да аласа болады. Құйрығы қысқа, тықыр келеді. Құлағы ұзын, басы дәу, тұяғы тік, стакан тәріздес болады емес пе? Мұнда оның бірі де жоқ. Қашырдың басы үлкен, құлағы есек құлақ, жал-құйрығы тықыр боп өседі.
— Жолдас лейтенант, көңіліңізге келсе де, айтарымызды айтып қойдық. Әрине, есек емес, қашыр да емес, бірақ нағыз жылқыға ұқсамайтын бір жайы бар.
— Онда бұл аттың ергежейлісі болар, — деді Көкетай.
Александр селкілдеп, шек-сілесі қатқанша күлді.
— Күлетін иесі бар, адамның ергежейлісі болғанда, жылқының ергежейлісі неге болмайды, — деді ұялған тек тұрмас дегендей Назарәлиев.
Үшеуміз үш жақтан атты тазалап жүрміз. Ат рақатқа батып тұр. «Осылар не сөйлеп жүр» дегендей анда-санда құлақ шекесінен қиғаштай қарап қояды.
— Енді ойыма түсіп тұр. Шынымды айтсам, сен екеуіңнің күдіктеріңде бір негіз бар. Әсіресе, мына Көкетайдың «лилипут» деген сөзі ой салды. Бұл кәдімгі жылқы мен пониден алынған болса керек. Циркке сондай ат керек болған шығар.
— Пониіңіз не? — деп екеуі де маған аң-таң боп қарады.
Әлгі сөзді естігенде аттың құлағы елең ете түсті.
— Пони — жылқының карлигі.
Ат тағы да елең етті.
— Бұл өзі циркач па еді? — деді Александр.
— Артист екен ғой.
— Ол арасын айта алмаймын. Осының аты да «Пон», «Понка» боп жүрмесін, — дедім. (Ат елеңдеп, маған қарап, қозғалақтап, не айтасың, не бұйырасың дегендей қарай берді.)
Сөйтіп талас үстінде аттың атын да, затын да біліп алдық.
— Понка! — десең, кәдімгідей құлағы елең етіп, жалт қарайды екен.
Бұдан кейін жаңа көңіліміз толмай тұрған жануарды шынымен қызықтай бастадық. Атқа ер салып, ең алдымен Көкетай мінді. Қызылкөктің жуастығы, адам мінген кездегі мінезі артықша екен, әдепті, сызылып тұр. Қымсыну, үрку дегенді, жағымсыз мінез көрсетуді білмейді. Мұның үстіне «тоқта», «тұр», «жат», «бар» деген сөздерді білетіні, оны бұлжытпай, сақтықпен асықпай орындайтыны бар екен.
— Мұның атын — артист қоямыз, — деді Көктай.
— Өте табылған ат, — деді, Александр.
— Мұның өз аты бар ғой, — дедім.
— Ол қандай ат, оны сіз қайдан білесіз?
— Біліп тұрмын, мұның аты — Понка!
Ат осы кезде маған да мойнын бұрды. Еркелеп, наздана қараған немесе не айтасың деп сұрай қараған тәрізді.
— Онда мұның аты — артист Понка! — болсын деп келістік.
Міне, мен осы артист Понкамен генерал Галицкийдың 3-Екпінді армиясы, генерал Кутузовтың 2-гвардиялық корпусы, генерал Юшкевичтің 22-армиясының штабтарына баратын жолдарды сан рет шарладым. Холм, Великие Луки, Демьяновск, Торжок, Торопец маңында мен болмаған деревня қалмаған болар.
Көктем кезі еді. Осындай бір ұзақ сапардың бірінде корпус штабына кетіп бара жаттым. Қасымда Саша Сорокин бар. Тоғай-тоғайды аралап, сау желіп келеміз. Алдымызда, қара көрім жерде біреу кетіп барады. Дүрбі салдым. Салт атты екен. Кім де болса қуып жетейік деп желістен шоқаққа ауыстық. Оңай жеткізер емес, дегенмен жақындап қалдық. Дүрбі салып, қайта қарадым. Міне қызық! Басында әскери фуражкасы бар, шашын тоқпақтай етіп желкесіне түйіп алған әйел. Астындағы қызыл күрең ат ойқастап, біресе жолдың мына, біресе ана жағына шығады. Әйел аттың басымен алысып келеді. Таянып қалған бізбен де ісі жоқ, артына қарауға мұршасы да болмай келеді.
— Әйел екен! — дедім.
— Ие, әйел екен! — деді Саша.
— Аты көп мініс көрмеген асау екен.
— Шегедей боп, қатып қапты. Өзі не қылса да мықты әйел екен, — деп қойды Саша.
— Кәзір айқай сап, тұра шапсақ, көрер едім мықтылығын. Анау ат алып қашып кетер еді.
— Аттың алып қашқанынан қорыққан әйел оған мінбес те еді. Бұл әйелді ат алып қаша алмайды.
— Қашады, — дедім.
— Қаша алмайды, көп болса біраз жерге дейін шабады да, ат болдырады. Ақ көбік боп тоқтайды. Аты тым семіз екен, екі-үш шақырымнан ұзамайды.
— Онда кәзір ат тізгінін жіберсек қайтеді. Аты жығып кетіп, пәлесіне қап жүрмейміз бе?
— Бұл әйел атты жығуы мүмкін, өзі жығылмайды, — деп қойды Саша.
Басыма балалық бір ой келді. Не де болса атқа қамшыны басайын деп ойладым. «Көп болса, асығыс едік» деп құтылармын.
— Саша, ал кеттік! — дедім де, қызылкөк дөненге қамшыны баса жөнелдім.
Артынан шыққан дүбірге елігіп, мойнын тұқыра түсіп, әйел астындағы ат ала кеп жөнелді. Сылтау таба алмай келе жатқан жараулы семіз қойсын ба, ә дегенде суырылып, оқ бойы алға шығып кетті. Саша мінген ат та алымды, бір шабары бар болатын, мені алқымдап кеп қалды. Бірақ менен озғысы келмей тізгінді тежей берді. Ұзақ жолда тежеумен келе жатқан ат әлі тың екен, шу дегенде самғап кетті. Құлайтын, сасатын әйел жоқ, тізгінін бос жіберіп, тарта берді. Төрт-бес шақырымнан кейін жеттім. Айдай қасқасы бар, семіз күрең ақ көбікке батып, болдырып қалған екен. Танауы делдиіп, аяғын әрең алып, қатты ентігіп келеді. Әйелдің сұры қашыпты. Танауы қусырылып, көп қуғын көрген немесе оқалақ тиген сиырдай көзі бадырайып, осқырына қарады. Зулап, қасынан өте беріп, атыма жай ғана «ложись» дедім. Өзім іштей әбден дайындалып алғанмын. Ат қатты екпінін баяулата беріп, алдыңғы тізесін бүгіп жата қалды. Үстінен ұшып түскендей боп, жамбастай кеп, борпылдақ ақ топыраққа жалп ете қалдым. Әйелдің астындағы күрең ең соңғы күшін жиғандай боп, жалт беріп, осқырына барып тоқтады. Мен ат-матыммен құлағанда айқайлап жіберер ме екен деп едім. Олай емес, қайта:
— Саған осы керек, — деген дауысты құлағым шалып қалды.
Қатал әйел екен. Орнымнан тұрып, ит сияқты етпеттеп жатқан атымды тұрғызып жатқан менің қасымнан өте беріп, ала көздене қарап қойды.
Мен оған әскерше сәлем бердім. Атағы үлкен, капитан екен.
— Ие, сен екенсің ғой, байланысшы офицер жолдас! — деді кекесінді үнмен.
Сөзіне қарағанда әйел мені танитын боп шықты. Ішім қып ете қалды. Мен де бір жерде көрген сияқтымын. Не де болса болар іс болды.
Аттан аттың қалғысы келмеді. Бірге жүріп корпустың штабына келдік.
Арада екі күн өткен соң дивизия штабына қайта кеп, майор Матвеевке тапсырманың орындалғанын баяндадым.
— Сені комдив іздеп жатыр! — деді майор.
Жүрегім зу ете қалды. «Не болды?» екен деп генералдың блиндажына қарай тұра жүгірдім.
Есік алдында тұрған қарауылдан рұқсат ап, ішке енсем, генерал ауызғы бөлмеде жалғыз тұр екен.
— Жолдас комдив, гвардия генерал-майоры, штабтың байланысшы офицері гвардия лейтенанты Досов сіздің бұйрығыңыз бойынша келіп тұр! — дедім.
Генерал көңілді екен. Шақ-шақ етіп баяндаған маған күле қарап, аз-кем тұрды да:
— Осы, сен штабқа қай полктан келіп едің? — деді.
— 23-полктен, жолдас гвардия генерал-майоры.
— Ым, ым... Айтпақшы, сені шақырғаным жай емес. Сенің үстіңнен бір қатын арыз айтты. Сен оны өлердей қорқытыпсың. Екі қабат болмағаны оңды болған. Әйтпесе, болашақ солдат апат болатын екен. Орманда жалғыз кетіп бара жатқан сұлу қатынның асау атын үркіткен көрінесің. Сені ол бұзық, қызметтен қуу керек, атағын төмендету керек деп, әбден балағаттап кетті. Ал сен шыныңды айт, осындай істегенің рас па?
— Әдейі емес, жолдас гвардия генерал-майоры, құпия да тығыз пакетпен асығыс кетіп бара жатыр едім.
— Асыққаның дұрыс болған. Әсіресе, жалғыз кетіп бара жатқан салт атты қатынды көргенде асыққаның тіпті оңды болған. Ол сенін бұрынғы командирің полковник Сомовтың қатыны. Сол полкта сан-службаның бастығы. Ол маған сені жазалауды ұсынды. Бірақ мен сені бұл жолы жазаламаймын. Енді қайтып арыз айтпас үшін кездескенде өзін тағы да бір қорқытып қой! — деп генерал теріс айнала берді.
Мен рұқсат сұрап, сыртқа беттедім. Әлгі айтқан сөзден, генералдың дәрігер әйелді онша ұнатпайтынын ұқтым. Онысы маған дұрыс болды. Осы қуанышпен тамақ ішетін жайға қарай бір-ақ тарттым.
9
Асханаға күлімдеп, қуанышпен ендім. Іші толған офицерлер. Бір столда шекесі қушиып Алексей Дробчинский отыр. Маған орын ап қойыпты. Қасына кеп отырдым.
— Көңілдісің ғой, генерал сені сыйлап жібергеннен сау ма? — деді.
Мен үндемедім. Өйткені көрші столда менің үстімнен арыз айтушы келіншек, полковник Сомовтың әйелі отыр екен. Ол маған ала көзімен, жақтырмай қарап қойды.
Генералдан жәбір көріп келген адамша тұнжырап отыра бердім. Төңірегіме қарасам күндегіден өзгеше бірдеңе бардай көрінеді. Соны іздедім. Бақсам, асхананың іш жағынан көрініп тұратын жуан-жуан жұмыр ағаштарды көрсетпей, айнала газет тұтып тастапты. Ет қосқан тары ботқаны тамсана жұтып, газеттердің мақаласын шола бастадым. Бас тақырыбын оқып шықтым. Бір газеттің етек жағында «Я хочу жить» деген әңгімеге көзім түсті.
Әлгі жазуға қадала түстім. Бір жылы-тәтті сөздермен өрнектелген нәрсе екен, жетектеп барады. Жетегіне ере бердім. Өзімнің қайда отырғанымды да ұмытыппын. Тары ботқаның беті қабыршықтанып, суып та қалған. Аузыма салсам, ыстық күйінде білмеппін, еті жасық, дәмі-татуы жоқ бірдеңе екен. Асқа өкпелеген жас балаша столдың шетіне қарай итеріп қойдым да, әлгі әңгімені қайта оқыдым. Өзімнің айтқым кеп, бірақ, айта алмай, айтуға тілім жетпей жүрген жүректегі бір өз сырымдай боп көрінді. Басынан түсіп қайта оқыдым. Алғашқыдан да әсерлі боп кетті. Газетті алғым келді. Майданда газет алудың өзі қиын. Жетпей қалады. Оның ішінде мынадай газетті қайдан табамын.
Жас кезімдегі бір әдетім есіме түсті. Кітап, әдемі журнал, газет ұрлайтынмын. Жетім балалар үйінде жүргенде қызыл бұрыштан жоғалған екі-үш кітап пен журналдарды менің жастығымның жатқан матрацымның астынан тауып алғаны бар. Біреулер мені ұры деп айыптамақ болды. Сонда бір тәрбиешім тұрып:
— Жолдастар, болмашы нәрсені дабыра қылатын не бар, кітап пен журнал, газет ұрлаған ұрлыққа жатпайды. Ол тән азығы емес, жан азығы, яғни, нан емес, кітап, — деді.
— Нан кітаптан артық па екен? — деп қалды мені кінәлаушылар жағы.
— Нан кітаптан артық. Менің анам айтушы еді, жабықта жарты күлше нан тұрса, оған қолың жетпесе, аяғыңның астына құранды қойып алуға болады деп. Сонда кітаптан нанның қанша үлкен болғаны.
Осыны айтып, менің тәрбиешім аналарды бет бақтырмады. Бірақ қарсы жақ жеңіліс тауып, кітаптарды алып жөніне кеткенсін, мені ұрысты-ай кеп, ұрысты. Енді қайтып кітап ұрламастай болдым. Бірақ тәрбиешім айтқан дәлелді, әдемі сөздер көкейіме қарлығаштай мықты ұя сап еді. Кәдімгі балшық пен қыл-қыбырды араластырыл салған қарлығаш ұясы қай құстың болмасын ұясынан әлдеқайда берік. Тіпті, қарлығаш ұясын темір мен бетонды араластырып жасаған бекініспен ғана теңестіруге болады. Ал, көкейден сондай беріктігімен орын алған ойды қалай айдап шығуға болар еді? Кітапты, газет-журналды ұрлыққа санамай өсуім осыдан еді. Бүгін нақ сол әдетім есіме түсіп, қабырғаны, жонылмаған жуан-жуан бөренелерді жасырып тұрған, темір шегелермен қағылған мына газетті ұрлап кеткім келді. Ептеп, газеттің етегін түріп қарасам, «Комсомольская правда» екен.
Газетті қалай жымқырып кетуді ойлап, жан-жағыма қарасам асханада ешкім қалмапты. Ар жақта аяқ-табағын салдырлатып аспазшы жүр. Жалғызбын. Сонда да болса, есікке, одан соң ас беретін тесікке қараймын. Ешкім жоқ. Қолайлы кез-ақ. Газетті тұтас алу қажет пе, әлде әлгі әңгіме тұрған жерді ойып алған дұрыс па деп, сәл кідірдім. Газетті тұтас алсам, асхананың жарты қабырғасы бүтіндей үңірейіп қалады. Не де болса, әлгі әңгіме тұрған етекті қиып алмақ боп, қалтамнан ұшы сүйір бәкімді алып жатқанда есік ашылды. Бәкіні аудара-төңкере қарап отыра бердім. Асханадан ыстық су алуға келген машинистка қыз Шура екен.
— Не армандап отырсыз, жолдас лейтенант? — деді қыз тесіктен шәйнегін аспазшыға ұсына беріп.
— Жанна деген қыз туралы ойлап отырмын, — дедім жаңа ғана оқыған әңгіменің ішіндегі қыздың есімін есіме түсіріп.
— Аты әдемі екен, өзі де аты тәрізді сұлу ма еді? Өңіңіз өзгеріп кетіпті, сүйе біледі екенсіз, — деп қыз сәл-кем қызарып кетті.
«Бұл әйел деген шіркінді қойсаңшы» деп ойладым.
Менімен ешқандай қарым-қатысы болмаса да, әлгі қызды бұрынды-соңды көрмесе де, мына қыз әйтеуір заты әйелден ер кісіні қызғанған тәрізді болды. Даусында темірдей қатты дыбыс бар, кекесін бар.
Шура қайта сөзге келмеді. Асханадан ыстық су ап, шығып кетті. Есік қайта жабылған бойда бәкімен әлгі әңгімені айналдыра кесіп, қалтама салдым да, сыртқа беттедім. Қабырғаға аппақ боп қағылған газеттердің арасында қап-қара боп әлгінің үңірейген орны далды. Ол жерден бөрененің бұжыр-бұжыр сыртқы қабығы көрінеді.
Әлдеқалай бір қымбат зат, қалтаға түсіп ақша ма, қазынаға түсіп алтын ба ұрлаған адамдай қуыстанып, жүрегім үлп-үлп еткен бойы, блиндажға қарай тарттым.
Жатар үйіміз — блиндажға кеп, оқитын жарық іздедім. Алақандай тесіктің алдына Алексей отырып апты, оқып отыр. Желкесінде тұрып біраз күттім де, шыдай алмай шығып кеттім. Жаңа ғана көтеріле бастаған күннің шуағына шығып үлкен шыршаның діңгегіне сүйендім де, оқи бастадым. Ал оқы, ал оқы. Қайта-қайта оқимын... Дауыстап та, іштен де оқимын. Нақ бір өзім жазған, өзім сыр айтқандай, жаным рақаттанғандай боп, оқи бердім. Үш жүз жолдай әңгімені бір-екі сағаттың ішінде қанша рет оқуға болады? Білмеймін. Сондай-ақ, осы жерде тұрып қанша оқығаным есімде де жоқ. Әлі де оқи беретін екенмін, Көкетай Назарәлиевтің «жолдас гвардия лейтенанты, сізді штабқа шақырып жатыр» деген дауысы бөліп жіберді.
Оқу да, ой да кілт үзілді. Кезекті тапсырмамен алыс жолға шықтым. Әлгі әңгімені гимнастерканың сол жақ қалтасына, комсомолдық билетімнің арасына сегіз бүктеп сап алдым. Кейбір сөздері, сөйлемдері көкейімде жатталып та қалды. Қызылкөк дөненнің үстінде текіректеп, жортып келем. Ойым да ат жүрісінің ырғағымен шоқырақтап келе жатқандай, үзіліп-үзіліп кетеді де, қайта жалғанады.
Осы әңгімені жазған Баубек Бұлқышев дегенді бұрынды-соңды оқымаған едім. Өзі маған аса жазғыш, ойлы адам боп көрінді. Әсіресе, оқығаны көп пе дедім. Оның жазғыштығы сол, — ол менің көкейімде жүрген, бірақ айтуға тілім жетпей, ойым жетпей жүрген жайларды үстінен дәл түсіп айтқанында боп тұр. Ойлаймын, осы әңгімені менен басқа біреу оқыса, немесе, тыңдаса, о да мен тәрізді рақатқа батып, айта алмай жүргенін айтқандай болар ма еді. Солай болуға тиіс деп ойлаймын. Енді осыны білгім келді. Екіншіден, осындағы Жанна деген қыз да, менің сүйген қызым екен деп түйдім. Әрине, менде сүйген ешкім жоқ. Ол болған, әлдеқашан жоғалған. Енді соның орнына өзім көрмеген, білмеген, түсіме де енбеген Жанна деген бір ақылды, сұлу қыз пайда болған сияқты сезінемін. Сөз күші, ақыл күші, жазғыштық деген осы екен деп түйдім. Ат үстінде келе жатып: «Жанна, Жанна, сен қайда екенсің, қасы-көзің мөлдіреп қай жерде отыр екенсің, мына сөзді, жігіттің мына сырын оқыдың ба екен, оқысаң ұқтың ба екен» деп еріндерім күбірлеп, өзіме өзім сөйлеп қоямын.
Холм қаласының күншығыс жағындағы кең жазира алаңды басып жатқан тұнық көк орманды қақ жарып өтетін әскери қара жолға түстім. Ерсілі-қарсылы өтіп жатқан машиналар. Жол үсті қашан да толассыз. Алғы шепке оқ-дәрі, тамақ алып бара жатқан төрт-бес жүк машиналарын торуылдап келе жатқан болу керек, жаудың үш самолеті көк жиекке көтеріліп шыға келді. Машиналар қапелімде не істерін білмей қалды, сонда да болса, қатарын сиретіп, бір-бірінен қашықтай түсті. Бірі тоқтап, бірі қатты жүре бастады. Әлдеқайдан зенит атылды. Бірақ жау оны тыңдамады. Алдыңғы самолет төмендеп жолға, онда кетіп бара жатқан машиналарға шүйіле түсті.
Жолдан шығып қалың ағашқа ендім. Зенит зеңбіректерін ағаш бұтақтарымен жасырып тастаған екі-үш жігіт әлгі самолетті көздеп жатыр екен. Самолет төмендеп келіп, жолды бойлата пулемет оғын сеуіп өтті. Енді көтеріле бергенде біздің зенитшілер атты. Кеуде жағынан екі оқ дәл тиді ғой деймін, самолет ұшып бара жатқанда оқ тиген құстай-ақ қалбақтап барып, қалың орманның арасына жоқ боп кетті...
Майдан салты деген жазылмаған, бірақ сондай мықты, бұзылмас заң тәрізді. Сенің өмір сүргің келеді. Сені өлтіруге төніп келген жауды екінші жақтан, күтпеген жерден біреу кеп қағып түседі. Жау өліп түседі, не ұшып түседі. Сен аман қаласың, сонда сен танымайтын, білмейтін әлгі жауынгерді құшақтағың келеді, аймалап сүйгің келеді. Бірақ сен онымен кездесе алмай қаласың. Әлгі жігіттер майданға кетіп бара жатқан оқ-дәрі, тамақты да, оны алып бара жатқан машиналар мен адамдарды да, бейсауат жолаушы меш де өлімнен аман алып қалды, Кейінгі екі самолет қайта беттей алмай, кейін қайтты. Мен әдейі бұрылып келіп, әлгі зенитшілерге:
— Рақмет, жігіт екенсіңдер, бізді өлімнен алып қалдыңдар! — дедім.
Біреуі күліп:
— Жолдан бұрылып келгеніңіз үшін сізге де рақмет! Біздің де өмір сүргіміз келеді. Сен жаудың біреуінің көзін жойсаң, онда өзіңді бір күнге аман сақтағаның, — деді.
Ойлап қарасаң өмір сүргісі келмейтін ешкім жоқ. Ол үшін жауды кездескен жерінде жоя берген жөн.
10
Кезекті сапардан оралдым. Атымды байлап ішке, өзімнің күнде жататын блиндажыма енсем, өткен күні қайтыс болған байланысшы офицер капитан Марковтың орнында плащ-палатканы айқара жамылып біреу жатыр. Әрине, оның біздің қасымызға орналасуына қарағанда офицер екені аян. Бірақ кім, қайда істейді, кім боп істейді, әскер атағы қандай, ол арасын біле алмадым.
Ұзынша етіп бір жағын жерден қазған блиндаждың сығырайған жалғыз сынық терезесі бар. Содан кешке қарай еңкейген күннің болымсыз ғана сәулесі түсіп тұр. Осы бір болмашы жарықтан оның өңін ғана көрдім. Дөңгелек жүзді, қою қара қасты, жалпақ бет, тапал мұрын, бірақ өңінде бір сүйкімділік бар жігіт екен. Әсіресе, қисықтау келген қара көзі отты да, ойлы да көрінді.
Мен киімімді шешіп жатып, оны осылайша бір шолып еттім. О да маған қарап қапты. Бұрын көрген адамым емес. Кім де болса біздің дивизия штабына жаңа келген, бейтаныс болар деп ойладым. Шүйіркелесіп сөйлесе кетуге уақыт та жоқ. Жол азабын тартып, алыстан келдім. Тамаққа асығып, офицерлердің асханасына келсем, таныс жігіттер, оның ішінде жеркепеде бірге тұратындар да бар екен. Бірақ олардан әлгі жігіттің кім екенін сұрамадым. Сөйткенше болған жоқ асханаға әлгі жігіттің өзі кіріп келді. Аға лейтенант екен. Көкірегінде екі ордені, екі медалі бар екен. Мұнда, біздің штабқа жаңа келгенмен майданда көптен жүргені байқалады. Бетін жел қағып, тотыққан, көнтектеу еріні кезерген, гимнастеркасы оңып кеткен, жағасы әбден кірлеген екен. Сонымен қатар бетінде, әсіресе, өткір қара көзінің отында мұң бар ма деп қалдым. Асханаға келгенде ешкімге зер салмай, басын төмен сап, әлде не туралы ойлаған қалпынша енді. Оның ешкіммен ісі болған жоқ. Оны елеуші де болмады. Бұрышта тұрған оқшау столға отырып тамақ ішті.
Мен жатар орынға келдім. Жеркепе іші қара көлеңке бола берген шақта о да келді. Бірақ бұрынғыдай жалғыз емес, менімен бірге жататын байланысшы офицерлердің бірі — аға лейтенант Алексей Дробчинскиймен әңгімелесе кірді. Екеуі бір-бірінен жөн сұрасып, әбден танысып алған көрінеді. Ендігі әңгімесі маған түсініксіздеу болды. Әлдеқандай бір сырды түйіндеп болғандай, әлгі жігіт:
— Сөйтіп, бізді жоққа санап қойған екен. Енді міне, бір жағынан таң болып, бір жағынан күдік туғызып отыр! — деді.
Дробчинский басын шайқап қойды.
Алексей Дробчинский соғысқа дейін заң мектебінде оқыған жігіт еді. Қаймақтай жұп-жұқа еріні бар, үнемі күліп жүретін, жайдары, бір жағынан мысқылы, қалжыңы көп адам болатын. Бұл жолы о да маған ойлы көрінді. Езуіне кеп, енді-енді күліп жіберетіндей боп тұратын жымию да жоқ екен. Бұған қарап екеуінің әңгімесі, қайткенде де мәнді, үлкен әңгіме екені байқалды.
Кеш түсті. Аядай жеркепе ішін қараңғылық басты. Күнде кешке сығырайып тұратын май шам да таусылған екен. Оны алуды да ұмытып кетіппіз. Сонымен «қараңғы үйде қабан күркірейді» деген жұмбақтың кебі кеп, бір топ офицер қараңғы кепеде, екеуара күбір-күбір сөйлесіп жата бердік.
Күні бойы ат үстінде жүріп әбден шаршағаныма қарамастан ұйықтай алмадым. Кейде қатты шаршаған кезде ұйқы да бұзылады екен, көпке дейін дөңбекшіп, аунай бердім. Құлағыма әлгі жігіт пен Алексейдің әңгімесі еміс-еміс келеді. Өйткені басқалардан маған ең жақын жатқаны осы екеуі. Дробчинский екеуіміздің арамызда, тіпті, адам жоқ.
Бүгін алғы шептің саябырсып тұрған шағы екен, анда-санда гүрс-гүрс атылып жатқан зеңбірек дауысынан басқа ештеңе естілмейді. Түн тұнық.
Бұл екеуі көп әңгімелесті. Бетімді Алексейге қарай бұрып, содан он жағыма аунап түскенде әлгі кісінің мынадай бір сұрағын естіп қалдым.
— Үйленіп пе едің, балаң бар ма? — деді ол Алексейге.
— Жоқ, үйленгенім жоқ.
— Онда сен бақытты екенсің.
— Ол не дегеніңіз, қайта үйленген, баласы бар адамды бақытты екен демей ме? Жалғыз бастылықтың несі бақыт?
— Сенің мұның да дұрыс. Жалғыз бастылық бақыт емес. Әсіресе, бейбіт күнде жалғыздықты қайғы, сорлылық дер едік. Ал мынадай ауыр күнде, басыңның қайда қаларын білмей жүрген шақта, жалғыз бастылық жүрекке, көңілге жеңілдеу боп көріне ме деймін. Жалғыз балам бар. Биыл оқуға барады. Оны өзім жетектеп бара алмадым. Қандай болғанын, қалай өсіп келе жатқанын білмеймін. Бұл да ештеңе емес делік. Ал егер оны адам қатарына қоса алмай, осылайша жүріп өліп кетсем не болады? Бұл да артық ой делік. Дегенмен, артыңда жанашыр ешкімің болмаса, қарайлайтын ешкімің жоқ болса, өліп кетудің онша қиындығы жоқ тәрізді болады да тұрады.
Алексей мырс етіп күліп жібергендей болды да, артынша о да байсалды үнмен сөйлеп кетті.
— Өмір шіркіннің керек емес жері бар дейсіз бе? Солай болса сіздің бұл ойыңызды құптай қоймаймын.
— Ал, жақсы, құптамай-ақ қой, менің балам менің өлімімнің куәсі болмай-ақ қойсын. Тірі-ақ жүрейін. Ал егер ол менің масқаралығымның тірідей өлгенімнің куәсі болса ше? Бәрінен де жаныма осы қатты бата ма деп ойлаймын. Басқаны емес, осыны ойлағанда, неге екенін ұқпаймын, жүрегімді қан басып кетеді, көзіме жас келеді. Жетім есіп, тас бауыр боп, көзіме ес білгелі жас алмай өскен-ақ жан едім. Өзімді-өзім берік, мықты санаушы едім.
Алексей «ләм» деп үн шығармай қалды да, біраздан соң жайлап қана:
— Әрине, сіз мұны нақ кәзір басыңызға түсіп отырған жағдайға қарап айтасыз ғой. Бәрі де өткінші нәрсе емес пе? — деді.
— Әрине, кәзір басқа түскен жайға қарап айтамын. Бұрын мұндай нәрсе түсіме де енбеуші еді-ау.
— Әділдіктен күдер үзбеген жақсы.
— Әділдікті бар делік. Бірақ ол мен тәрізділерді нақ кәзір іздеп таба ала ма?
Осы бір кезде менің де жүрегім шым ете түсті. Есіме Бугеев екеуміздің арамызда болған жайды алдым. Әділет дегеннің өзі де сені демеуші болса ғана қолдайды.
Демек, әділдік деген егер машина болса, май құйылмаған, айдаушысы жоқ машина. Әділдік машинасына отыра қалсаңыз оның майы мен айдаушысы болсын деңіз...
— Мүмкін, сіздің анау жақтағы жауынгерлеріңіз келгенше, мәселені қарамай, ашық қалдыра тұрар, — деді Алексей.
— Әй сенбеймін. Бағана майор генералдың бұйрығы деп ауызша айтты. Ал ол қағаз бетіне түсер болса, менің халым мүшкіл ме деймін.
— Басқа түскенін көресіз де, анау жігіттер өзімізге қосылғанша... Ертең белгілі болар.
— Солай болар. Мені қинап отырған бір жай бар. Ол әлгі айтқан балам, жалғыз балам жайы. Қарап жүрмей, өзімше мақтаныш етіп, балама екі орден, екі медаль алғанымды, барлаушылар взводын басқаратынымды айтып хат жазған едім. Алған наградтарыммен түскен суретімді де жібергенмін. Оның бер жағында жау тылында жүрген кезде мені хабарсыз кетті деп қағаз да жіберіп қойған көрінеді. Енді қорқақтығы үшін сотталды деп хабар барса не болады? Бала ғой, «папам герой» деп ол көрші балаларға айтып та қойды емес пе! Ал енді ол не айтады? Көрші, бірге оқитын балалардың бетіне қалай қарайды, олармен қалайша бірге жүріп, бірге ойнайды. Өзім масқара болғаныммен тұрмай баламды, жалғыз баламды масқара еттім емес пе, баламды өзіммен қоса өлтірдім емес пе! Маған бәрінен қиыны осы боп тұр. Бұдан да «хабар-ошарсыз кетті» дегеннің өзі әлдеқайда артық еді.
Бұдан соң екеуі де көпке дейін үнсіз қалды. Мен ұйықтап кетіппін.
Ертеңіне түс ауа барлық офицерлерді штаб алдына жинады. Сапқа тұрдық. Топ алдына кешегі аға лейтенанты алып шықты. Жүзі қуарып, өңі өзгеріп кетіпті. Ең алдымен политотдел бастығы одан партбилетті алды. Одан соң трибунал бастығы өкім оқыды. Атағы, ордендері, барлық наградтары алынып, штраф батальонына жіберілсін депті. Өкім оқылып болған кезде генералдың адъютанты шығып, оның кеудесіндегі ордендері мен медальдарын алды. Одан соң қайшымен погонын қиып тастады. Бұдан соң генерал Чернигов тұрып:
— Қорқақ, теріс айнал, штраф батальонына шагом марш! — деді.
Біз тарап кеттік. Көрген көптің аузындағы сөз әлгі жігіт жайлы болды.
Бұл жігіттің басындағы оқиға былай болған екен. Барлаушылар взводының талай-талай ауыр сыннан өткен командирі екен. Бұдан екі ай бұрын кезекті барлау жұмысына, жаудың алыс тылынан тіл әкелуге жіберіліпті. Ол жау тылына өтіп, аса құнды тіл де апты. Бірақ көзге түсіп қапты да, жаудың басым күшінің қудалауымен қалың орманға паналап, партизандар сапына қосылыпты. Содан қыс түсіп, жол қиындап, майдан шебінен өтер саңылау таба алмай, қала берген екен. Мұнда бұларды жоққа санап қойған. Көктем шыққансын солдаттарын сонда тастап, өзі жақында ғана партизандармен байланысқа барған кішкене екі кісілік самолетпен қайтып оралыпты. Мұнда оның айтқан сөзіне сенбей, жауынгерлерін жау тылына тастап, өзі қашып келген адам ретінде, қорқақ деген атпен айдап салды. Онда қалған солдаттардың өзі жіберген еді дегеніне нанбапты. Мұны растайтын айғақты куә бұл арада жоқ. Бір қайнауы ішінде кеткен бұл мәселеге байланысты бір тағдыр күйіп кете берді.
Ертеңіне кезекті сапарға шықтым. Холм қаласынан Великие Лукиге баратын үлкен жол үстінде кешегі жігітті жаяу айдап бара жатқан солдатқа кездестім. Басын төмен сап, белдіксіз, желбегей, аяғын жай басып, шаңдақты қара жолмен кетіп барады екен. Қатарласа беріп, басымды изеп амандастым.
— Жігітім, хал осылай! — деді ауыр күрсініп. — Жол үстінде тағы кездестік. Кешегі қасыңда жатқан жігітке, Алексей Дробчинскийге айта алмай кеткен бір өтінішім бар еді.
— Айтыңыз! — дедім.
— Алексей менің балама хат жазсын. Бәрін жасырмай, барлық шындықты айтсын. Мен өзім болсам, не деп айтамын. Әкесінің қорқақтығын бетіне шіркеу етіп, бетіне салық ететін болар. Қайтеміз солай болса... Мені хабарсыз кетті деген алғашқы дерекпен жүре берген бұдан гөрі оңды болар еді. Бірақ, мынау іс жатар ма, менің қорқақтығымды бұрын қызмет істеген жеріме, үйіме бәрібір жазатын көрінеді ғой...
Көп сөйлесуге уақыт болған жоқ. Алексейге оның аманатын жеткізуге уәде еттім. Қош айтысып қызылкөк атты борбайлатып шаба жөнелдім.
Кешкісін Дробчинскийге кешегі бір түндік танысының аманатын айттым.
Алексей қолына қағаз, қаламын ап, астыңғы ернін жымыра тістеп көп отырды. Әлден уақытта басын көтеріп:
— Баласын тым жақсы көретін кісі екен. Апыр-ай, енді баласына әкесі туралы не деп жазарымды білмей отырғаным. Өзім балаға әке боп көрмеген басым, шындап келгенде бала деген қиын екен ғой. — Алексей қиналып отыр. Осы жұмысты маған тапсырса қайтер едім деп мен де ойлап кеттім. Жаза алмас едім. Бала жүрегін жаралауға дәтім, қуатым жетпес еді. Мен түгіл заң қызметкері боп, талай-талай адамның тағдырына үкім айтқан, әлі де кесім шығаруға әзірленіп жүрген Дробчинскийдің өзі ештеңе таба алмай, дел-сал боп отыр. Әлден уақытта ол жұп-жұқа еріндері дірілдеп:
— Мүмкін емес, жоқ, айта алмаймын. Сөз табылмайды! — деп қаламды лақтырып тастады.
Сонымен хат жазылмай қалды.
Великие Луки босаған бойда сондағы армия штабына келдім. Тапсырманы орындап кері қайттым. Жау бекінісінің нақ аузында қол пулеметті құшақтап, етпеттей жатқан жауынгерлердің қасында екі-үш адам отыр екен. Қасынан өте бергенде біреуі орнынан тұрып, маған дауыстады, қайырылып қасына келдім.
— Мына жігітті танисыз ба?
— Бет-аузын шан басып кетіпті ғой, тану қиын! — деп еңкейдім. Қарасам анау күнгі жігіт. Нақ соның өзі, оны мен гимнастеркасынан таныдым. Бұрын тағып жүрген ордендер мен медальдардың орны, погонның орны күн тимеген, қоңырқай қалпында тұр.
— Бұл жігітті танимын!
— Кім?
— Аты-жөні есіме түспей тұр. Бұрынғы капитан, бұдан бір жеті бұрын...
— Аты-жөнін білмесең, танығаныңа болайын, — деді кекселеу, көк самай майор. — Штрафбаттан болар-ау.
— Кім де болса ер жігіт, міне, мына секторда жатқан елу шақты жауды жайратқан осы! — деді жастау жігіт. — Батыр екен, ер екен. Бұл болмағанда біздің бөлім алға басу түгіл, бас көтере алмас еді. Өзі әлі тірі сияқты. Санитарларды шақырайын.
Әлгі лейтенант жүгіріп кетті. Майор маған қарап:
— Жолдас лейтенант, қалтасын қарашы, кім екен? — деді. Мен оның қалтасында ешқандай документ жоқ екенін біле тұрсам да, қалтасын қарадым. Бар болғаны төс қалтасынан бір жапырақ жазылған қағаз табылды.
Одан басқа дәнеңе жоқ екен. Хаттың сыртында дала почтасы, оның саны және Менгазинге деп жазылыпты. Ал шалбарының қалтасынан ортасынан төрт бүктелген кәдімгі оқушының жазу дәптері табылды. Онда қолымен майда етіп жазылған әлде не жазулар бар екен. Оқып қарасам қазақша екен. Онда әнеугүні офицерлер асханасында отырып, өзім газеттен ойып алған «Мен өмір сүргім келеді» деген мақаланың қазақшалаған нұсқасы болып шықты. Оқып көрдім де, қайтадан қалтасына салдым. Ойлаймын, Баубек Бұлқышевтің ғана емес, менің ғана емес, оның да өмір сүргісі келген.
— Менгазин деген осының өз фамилиясы ма екен? — деп майор аңыра қалды да, — сіз жолдасыңыздан қалмаңыз, кете беріңіз.
Мен жүріп кеттім.
Байланысшы офицерде тыным боп көрген бе, екі күннен соң әнеукүнгі Жолмен тағы өттім. Жау бекінісі болған дөңестің үстінде жас қабыр тұр. Оны жиырма шақты солдат қоршап апты. Басына белгі орнатыпты. Оған «Бұл жерде біздің батыр досымыз Менгазин жатыр» деп жазып та қойған.
Бұлар осы жігіттің жау тылында бірнеше айдай бірге болған барлаушылары екен.
Олар өз дивизиясына қосылып, өздерінің командирін масқара айыптан құтқаруға келгенде, оның ерлік өлімінің үстінен шығыпты.
— Бәріміз куә боп ақтап аламыз.
— Енді ақтап не, ақтамай не?
— Бәрі бір Москвасыз мұны ешкім ақтамайды.
— Ақтайды.
— Басына жазған мына жазу дұрыс емес. «Гвардия аға лейтенанты» дегенді қоса жазған жөн.
— Оны жазуға правомыз жоқ. Алдымен ақтап, атағын, наградтарын қайтарған жөн.
— Бұл жігіт, — дедім, — ешкімнің куәлігінсіз-ақ өзін-өзі ақтап, батыр екенін танытып кеткен жігіт...
Бұдан соңғысын білмеймін. Оған бұрынғы атағы, наградтары берілді ме, жоқ па, ол арасын да естігенім жоқ. Әйтеуір Великие Луки түбіндегі бір дөңестің басында жас қабыр қалқайып қана қала берді. Әңгіме бұл туралы емес, оның баласы, әке ерлігін мақтан етер артындағы ұрпағы жайлы ғой деймін. Қайда екен сол бала?
Иә, қайда екен сол бала? Осы жайды біле ме екен? Осыларды ойлай отырып өзім де ойға кетем. Әлгі жігіт алдымен батыр барлаушы атанды, ордендер алды, сонан соң, хабарсыз кетті, қайта тірілді, қорқақ деген атпен сотталды, қайтадан ерлік көрсетті. Соғыс деген шіркіннің заңы қатал-ау. Көпті, елді, жерді, бүтін мемлекетті былай қойып, бір адамның, аты белгісіз жалғыз жігіттің тағдырымен қалай-қалай ойнады десеңізші.
Қайда екен, кәзір сол ердің қабырғасын қатты қайыстырған жалғыз ұлы? Қайда екен сол бала?
Кімнің де болса қабырғасын қайыстыратын қатал сұрақ, замана, сол бір уақыт сұрауы осы еді ғой.
11
Кезекті бір тапсырманы орындап, қайтып келем. Көктем шағы еді. Күн төбеде маужырап тұр. Солтүстік-батыстың қарағайлы қалың ормандары да үнсіз мүлгіп тұнып қалған. Аяңдап келем. Жалғызбын. Төңірек тып-тыныш. Ат тізгінін бос жіберіп, өзім де салғырт, маужырап келем. Осы бір сәт маған соғыс жоқтай, бейбіт күн құшағында, соның тербеуінде келе жатқандай жайбарақат көрінген. Мөлдір ойдың тұнығын шайқаған әлде бір қияннан атылған зенит артиллериясының дүмпуі еді. Соның артынша самолеттің боздағандай созылмалы үні естілді. Мұның бәріне құлақ әбден үйренген. Содан да болар әлгі бір тәтті ойдан бірден айыға алмадым. Жүріп келем.
Орман ішіндегі қара жол иір-иір. Осы қисық жолдың үстіндегі көктеммен бірге келген жырынды ой әлдилеп келеді. Ой кенет үзілді. Бұрын көрмеген бір шағын селоның үстінен шықтым. Терезелері сынған, қамыстан өрген шатырлары, рамалары мен карниздері алқа-салқа боп тұр. Қисаймаған, омырылып түспеген мұржа жоқ. Сірә, қыста солдаттар тұрған болуы кәдік, сынған терезелерді ағашпен, сабанмен бітеп тастапты. Осында ешкім жоқ па екен деген оймен төңірегіме алақтап көп қарадым. Бір кезде азды-көпті өз өмірі, өз қызығы болған шағын селоның қаңырап тұрған мына сиқы бір түрлі көңілсіздік әкелді де, әлгі кездегі көктем әкелген қызуды су сепкендей сап қылып, оның жылылығын көңілден түре айдап тастады.
Селоны қақ жарған жолға түстім. Орта кезіне жеткенде бір үйдің жартысы құлаған, қалғанының өзі бір жағына қисайып тұрған мұржасынан болмашы, сағым тәрізді бозғылт, түссіз бұлдыр шығып жатқанын байқадым. Біреу бар екен деген ой сап ете түсті. Білгім келді. Кім екен, неткен жан? Ат басын солай бұрдым. Басқа үйлер тәрізді мұның да терезесі бітеулі екен. Өз көзіме өзім сенбей, мұржасына қайта қарадым. Көз нұрын қытықтап, сағым ойнайды. Демек, пеште ыстық леп бар.
Жай келіп, әлгі үйге жетпей ат басын тарттым. Тасаға қызылкөк атты байлап, пистолетті қолыма ап, үйге қарай жүрдім. Есікке кеп тың тыңдадым. Ешбір дыбыс та жоқ. Есікті аштым. Ауызғы үй бос. Екінші есікке келдім. Кім біледі, «жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында» деген емес пе, есікті сақтықпен ашып, пистолетті кезеніп ішке ендім. Бөлме іші күңгірт екен.
— Қорықпаңыз, өз адамыңыз болам! — деген әйел дауысы шықты.
— Қорықсам келемін бе мұнда, өзің кімсің?
— Өз адамыңыз.
Бөлменің терезе жағына шығып, сабанды қолыммен ысырып, үйдің ішіне жарық түсірдім. Міне ғажап, кәдімгі ертегілердегі сурет тәрізді бір әйел отыр. Өзім сасып қалдым. Өз көзіме өзім сенбегендей жарықты мол түсірмек боп, сабанды пистолетпен итеріп, сыртқа қарай шашып жібердім.
— Ашулысыз ғой, жолдас лейтенант, — деді әйел жай ғана салмақты дауыспен.
Бөлме іші жап-жарық боп кетті. Қолдан жасалған нардың үстіне пішен төсеп, плащ-палатка жайыпты. Соның үстінде аяғын салбыратып, аққудай сыланып, қара шашты, нілдей көк көзді, ақ келіншек отыр. Үстінде әскери гимнастеркасы, тар сұр юбкасы бар. Погоны жоқ. Аяғында қысқа қонышты сақтиян етік.
Аң-таң боп қайта қарадым. Әйел күледі. Қысылып-қымтырылып отырған ол жақ. Нақ бір менімен көптен таныс адамша:
— Жолдас лейтенант, қайдан жүрсіз? — деді.
— Мені қайдан білесің, өзің кімсің?
— Сізді танымаймын. Бірақ біздің адамсыз. Мен болсам, не дейін, бөтен емеспін. Атым — Эма, Эмилия Ивановна Калиновская, медицина қызметінің сержанты! — деп маған орнынан тұрмастан, қолын ұсынды. Пистолетті кабурына сап, қолын алдым. Алақаны жып-жылы екен. Қолын жібергім келмеді.
— Нағып отырсың мұнда? Документің бар ма?
— Документ деген міне! — деп төсеніштің астынан ортасынан бүктелген қағаз ап ұсынды.
Түрегеп тұрған бойда қағазды жазып оқи бастадым.
— Отырып оқыңыз, жолдас лейтенант!
Ол өзінің жанынан орын көрсетті, отырдым.
Аты-жөні, әскери атағы жаңағы өзі айтқандай екен. Бұдан бір ай бұрын жазылған полк командирінің бұйрығында «екіқабат болғандықтан әскер қатарынан босатылсын» депті. Документтерін өзіне қайта беріп жатып:
— Енді мұнда нағып отырсың? — дедім. Қасына ығысып, жақындай түстім.
Ол күлді. Мен де күлдім. Эманың бөтен, бірінші көрген адам алдындағы еркіндігі, мұның үстіне майданда жүрген адамда сирек кездесетін жайдары, әдепті көз қарасы, бұған қоса өңінің сүйкімділігі, тіпті сұлулығы мені баурап кетті білем, оның күлгеніне қосылып күле кеткенімді сезбей, аңдамай қалдым. Ол тағы күлді, менің өзіне жақындап отырғаныма күлді ме екен, не де болса, мен де күлдім.
— Мұнда бір айдан бері нағып отырсын?
— Ұзақ әңгіме ғой, жолдас лейтенант.
— Ұзақ болса, қысқартып айт, бірақ, «жолдас лейтенант» дегенді қоспа, несін жасырайын, әдемі сөзді қайта-қайта айта берсе қадірі кетіп, бояуы оңады екен. Осы бір ресми сөзден құлақ сарсыды. Ең болмаса, ай далада кездескен сұлу келіншектің аузынан осы сөзді естімей-ақ қойсам деп едім.
— Қарай гөр, сіз романтиктерше сөйлейсіз.
— Сен сөзді алып қашпа, әңгімеңді айт! — деп қолымды иығына салдым. Кеудесі дір ете қалды. Менің бойыма сол дірілдің қуаты тарағандай, жүрегім шымыр ете түсті, бүтін қан тамырымды қуалап, жылы ағын кетті. Өзімді-өзім тежей бердім. Бірақ қолымды иығына желімдеп тастағандай, қайта тартып ала алмадым.
Эма саспай, ақырын дауыспен өзінің осында қашаннан бері, нағып отырғаны, қалай келгені жайлы айтып кетті. Үнсіз тыңдадым. Өйткені өзімнің құрбым, замандасым жас әйелдің жарқын емес, ала кеуімдегі күңгірт шақтың көлеңкесі тәрізді өмірі көз алдымнан тізіліп өте бастады.
Батыс Белоруссияда туыпты. Әкесі село мұғалімі екен. Соғыс басталған жылы он жылдық мектеп бітірген екен. Өзіміздің шегінген әскермен бірге кетіпті. Ата-ана сонда қалған.
— Міне екі жылдан асты. Армия қатарында жүрмін. Табиғат бақ бермесе де, саулық берген екен, ақыл бермесе де, ең берген екен. Несін жасырайын, көптің көзіне түскіш болдым. Сол бір көп көзден, көз сұғынан құтылудың жолын көп іздедім. Майдан да болса деп, өзімді шын сүйетін, өзім сүйетін адамға ерге шықтым. Екіқабат болдым. Туған жер жау қолында, оның ата-анасы Оралда екен. Босанар күнің жақындағанда хат жазып сонда жіберемін дейді. Соны күтіп отырмын. Кәзір біздің бөлім қорғаныс шебінде ғой, анда-санда кеп, тамақ әкеп кетеді.
— Күйеуің кім?
— Осы өзіңіздей жас жігіт, комбат боп істейді.
— Санбат арқылы кетуге болмады ма?
— Неге болмасын, болады. Оның да себебі бар.
— Не себеп?
— Маған назары түскендердің бірі санбаттың бастығы еді. Көнбедім, ерегісіп, күйеуге тидім. Соя кісі полк командиріне жамандап, босатуды талап етті. Уақыт әділеттілікті талап етіп жататын шақ емес қой.
«Оқ пен оттың ішіндегі махаббаттың әлегі екен ғой» деп күлейін деп едім, оның кейінгі сөзі, әділеттілік жайлы айтқаны бөгеп қалды.
— Осы ма бәрі? — дедім. Дауысым бұзылып шықты.
— Осы! — деді Эма маған селк етіп, шошына қарады. Менің өңімдегі өзгерісті сезе қойды.
Тағы да ойланып қалдым. Айдала, куә жоқ, бір-бірін танымайтын екі адам — жас әйел мен жас жігіт кездесіп отыр. Әйел жиырмада, мен жиырма екідемін. Бағанадан бері иығында тұрған қолымды әрең қозғап, әйелді өзіме қарай тарттым. Әйел бұлқынбады. Бетіме үнсіз қарап, иіле берді де:
— Тоқтаңыз! — деді салмақпен.
— Тоқтайтын не бар?
— Сіз офицерсіз, мен болсам солдатпын. Бағынуым қашпас, бір ғана сұрауым бар.
— Ал, сұра!
— Әйеліңіз бар ма?
— Жоқ.
— Сүйген қызыңыз бар ма?
— Бар еді, елге жаралы боп қайтқан бір жігітке күйеуге шығып кетіпті. Жақында хат алдым.
— Әйел затына өкпелі боп, қатулы жүрген шағыңызға мен тап болған екенмін де...
— Жоқ, бір адам үшін барлық әйелді даттаудан аулақпын.
Ол үндемей қалды.
Эманың ойын түсіне қойдым. Ол мені жақсы жар атымен, немесе, сүйген қыз атымен ұялтпақ болды. Бірақ оның екеуі де менде болмай шықты. Бел алып кеткендей болдым. Өзіме қарай қайта тартып, сүйейін деп едім, қолымды мойнынан алып, алақанына қысты. Жүрегінің лықылдап, қатты соғысын байқадым. Көзі күлімдеп маған жайдары, сүйкімді қарады.
— Сіз, тіпті, екеуміздің арамыз екі-ақ жас екен ғой, сен дейінші, ие, сен, ие, сабыр ет. Есіңде болсын, әйел еркектің сабырлы болғанын ұнатады.
— Мынау шақта неткен сабыр ол?
— Қайта осындай кезде сабырлы болған жарасады еркекке!
Үндемей қолымды тартып едім, ыстық қолдың уысын қыса түсіп, жібермеді. Қан шеңгелдеп, жара таңып, жаралы солдаттарды сүйеп үйренген санитарканың қолы емес ие, шыныққан, мығым екен. Мұның үстіне қолы қатты болғанмен, көзқарасы жұмсақ болғансын, үміттеніп мен отырмын. Көзбен арбасып қалдық. Байқасам, Эма шын сұлу екен. Тұнық көк көзінің жанары таулы жердің қайнарындай мөлдір де таза. Қыр мұрынды, дөңгелек жүзді, түріңкілеу қайқы ерін, қою қара шашты, қасы қиғаш, маңдайы жазық, өңінде мін жоқ, қабығынан аршылған жұмыртқадай аппақ көрінеді. Қанша қызықсаң да сабағынан жұлып алуға қимайтын бір ерекше гүлдер өседі бақшада, Эма соны есіме түсірді. Дегенмен, өлім мен өмір арасында жүрген солдат жүрегі тым қатал бола ма деп қалдым.
Ойға алған өктем, қатал шешімнен қайтқым келмеді.
— Сен мені танымайсың, білмейсің. Мен саған өзің білетін санбаттың бастығы да емеспін. Сенің өзің білетін, бағынышты адамыңа мойын ұсынбағаның жақсы екен. Мен саған аты-жөні белгісіз, былайша айтсам, үлкен жолдың үстінде кездескен белгісіз солдатпын ғой.
— Шыны солай. Бірақ мен саған бір ой айтайын. Адам деген қызық па деймін. От пен оқтың, жалын мен түтін ішінде жүріп жар сүйгім келді. Енді нәресте сүйгім келеді. Осы екеуі үшін не көрсем де ризамын. Бірақ сен мені аяуға тиіссің.
— Аяу деймісің! Уақыт әділдік іздейтін кез емес деп өзің айттың. Әділдік жоқ шақта аяу бола ма екен?
— Ол уақытқа емес, адамына қарай ғой, сен менен үлкен болсаң да жар сүймеген жас жігітсің, мен біреудің әйелімін, енді біраздан соң ана боламын. Аяу, әділеттілікті шын жоқ деп отырсаң, ерік өзіңде.
Ол қолымды босатып жіберді. Жаңа ғана оның ыстық уысында тұрған жып-жылы алақаныммен маңдайымды сүйеп, отырып қалдым.
Эма қолын созып, басымды қапсыра құшып, маңдайымнан үш қайта сүйіп алды.
— Бала болмағаның жақсы! — деді ақырын ғана.
Құлағыма таныс сөз, таныс дауыс келгендей болды. Есіме, елдегі ең бір тәуір көретін ақылды жеңешем түсті. Соғыстан бұрын оқудан қайтып, елге келгенде сүйкімді жас жеңешеме қалжыңдап та, шындап та бір сөз айтсам керек. Сонда ол: «Бала болмағаның жақсы. Сен әлі бәрі алда тұрған жассың. Артыңа қарамай, алдына қара, бұдан былай бала болмағаның жақсы», — деп еді. Нақ сол сөз, сонау алыстан, Қаратаудың бойынан соңымнан қалмай, қуып жеткендей алдымнан бүгін қайта шықты. Эма, өзінше айтсам, Эмилия Ивановна, өзімнің сүйікті де, сүйкімді де, жаза басып бара жатсам ақылын айтатын жеңешеме, Қаратау өңірінде отырып, тілеуқорым боп отырған мейірбанды жеңешеме ұқсап кетті. Басымды Эма маңдайымнан сүйген кездегі қалпынан өзгертпей оның кеудесіне, дірілдеген ыстық төсіне сүйеп отырып қалдым. Эма жүрегінің соғысы, оның дүбірі естіліп тұр. Сағаттың тіліндей, соның бір ырғақты үніндей осы жүректің соғуында үлкен өмірдің, болашақ ана өмірінің, келешек бала өмірінің бүлкілі жатты.
Басымды дірілдеп соққан ыстық жүректің тұсы, жылы кеудесінен тартып ап:
— Эма, қош, cay бол! — деп орнымнан тұрдым. — Қош сау бол. Мына 8-дивизиядағы байланысшы офицермін. Фамилиям — Досов. Тағдыр жолықтыруға жазса, ұмытпағайсың!
Сыртқа беттедім. Эма ілесе шығып, артымнан қарап қалды.
Ойлап барам. Бойдағы құтырған тентек қанды ақыл жеңсе осылай болады. Адамдық пен махаббат қай уақытта болса да табылады. Соғыс тілімен айтсақ, мұны жеңіліс деуге келер ме еді, әлде шегініс деуге келер ме еді. Ал, қайсысы болса да, орынды жеңіліс, орынды шегініс пе деймін. Өйткені, адамның орынсыз, ақылсыз қылығы көпке жария болсын-болмасын, арлы адам болса, артынан қалып көрген бе! Әменде, ар шіркіннің таза болғаны абзал.
Мұның үстіне жеке адамның үлкенді-кішілі жеңісінің бәрі ең алдымен өзін-өзі жеңе білуден басталады ғой деймін.
12
Көктем шыққалы қашан. Жер бусанып, буы бұрқырап жатыр. Қаулап көк шығып келеді. Орман ағаштары да бүртіктеп, енді аз күнде жапырақ жайып, қау ете қалғалы тұр.
Бұзылған деревнядан бес-алты шақырымдай жердегі қалың орман арасында тұрамыз. Көктем еңсені көтеріп, көңілділеу келгенмен, төңіректен, орман арасындағы қоймалжың батпақтан дымқыл сыз иісі әлі арылған жоқ. Әсіресе, қыс бойы қоныштан келетін сары су басып жатқан блиндаж іші әрі дым, әрі сыз. Енді кебе бастаған судың қаңсыған жаман иісі қолқаңды қабады. Амалсыздан, ұйықтаған кезде болмаса, ішке кіргің келмейді. Жасыратын не бар, осы бір иісті де, көңілсіздікті де кейде арақпен жуып-шаямыз. Бұл жағы жетіп те жатыр. Алматыдан «төркіндеріміздің» келіп кеткеніне көп болған жоқ. Олар бізге тым көп сыйлық әкелді. Әсіресе, тамақ жағы тым көп екен. Қонақтар әкелген сәлем-сауқат ішіндегі тәтті нандардың, шұжықтардың біразы көп сақтауға келмей, бұзылып та кетті. Арақ-шарап жағы да көп екен. Жігіттер ішудей-ақ ішіп жатыр. Бірақ таусылар емес. Артын ойлап, алдымен қамданғандар тәуір-ақ қор жинап алған көрінеді. Кешке қарай қызара бөртіп, алаулап шыға келетіндер бар. Әсіресе, осы штабтағылар күні бойы қағаз кеміріп отырады да, кешке қарай қызарып шыға келеді.
Тапсырма жоқ, тыныш кештің бірінде Алексей Дробчинский екеуміз асханаға бармақ боп, бірге шықтық. Жолда екі беті нарттай қызарған, шылымды будақтатып, топограф Михайлов кездесті. Жаман әдет жұқпалы келеді емес пе, әлгіні көрген бойда Алексей тұрып:
— Менің жастығымның астындағы пішеннің арасында бір-екі шыны арақ жатыр. Соның бір шынысын сілтеп алсақ қайтеді? — деді.
— Бастықтардың бірі сезіп қалса пәле болар? — дедім. Мұнсыз да Бугеевтің жаласынан әрең құтылған басым «аузы күйген үріп ішеді» дегендей, өзімше сақтық жасаған боп.
— Не пәле бола қояр дейсің?.. Біз мына жүн қабақ топографтан немесе анау әлгі күнде мас боп жүретін Шелестов пен Никитиннен кембіз бе? Әсіресе, осы үшеуі қонақтар келіп сыйлық бергелі күнде қызу боп, бөртеді де жүреді. Кейде буы бұрқыраған кәдімгі мына көктем сынды-ау!
— Бізге қарағанда ол үшеуі де бастық қой.
— Олар өзіне, біз өзімізге өзіміз бастықпыз. Әрине, кәрі майорды, Матвеевті бұл араға қоспағанда...
Блиндажға келіп, біз екеуміз де бір шыныны: қақ бөліп, сылқита салдық. Алексей арақ ішсе қаны қашып сұрлана түседі де, мен керісінше, қызарып кетемін. Біріміз бозарып, біріміз қызарып, бірақ екеуміздің де көзіміз жаудырап асханаға келдік. Әлгі арақ ішті жалап, өзекті өртеп барады. Тамақ жегіміз кеп тұр.
Аядай асханада адам азы мұндай қуантпас. Бірақ кірген бойда асханадағы аз адамның бәрі бірдей маған қарап қалғандай болды да тұрды.. Алғашқыда нақ бір айыпты адамдай ешкімге тіктеп қарай алмадым. Көзім түсіп, енді бір қарағанда, бұрыштағы столда сақалы қауғадай боп, беліне дейін түскен, ұзын бойлы, ақ сары арық майор Ахменеев, байланысшылардың бастығы отыр екен. Бұл менің көзіме, арақ ішіп алған маған біресе Лев Толстойдың, біресе академик Отто Шмидтің өзі емес, бұрышқа қоя салған портреті тәрізді боп көрінді. Енді солай екен дейін десем, қасында екі беті тандырға піскен нандай боп, қызара бөртіп, жалпақ бет дәу майор, барлаушылардың бастығы Заможный, бетінде шешек дағы көп, бірақ барынша ойнақы, күлім көз ақ сары келіншек, штабтағы екі-үш еркетайдың бірі, аға лейтенант, аудармашы Женя Иванова отыр.
Алексей екеуімізге тамақ берді. Ауыз асқа тигенсін көңіл жайлана бастады. Біздің ішіп алғанымызды ешкім сезбеген тәрізді. Өйткені көктемнің көңілді күнін, бұған жеткен де бар, жетпеген де бар деп, бұлар да ырым жасап алғандай-ау, шамасы.
Ішіме ел қонғансын, көңілім жайланып, жан-жағыма қаранамын. Біздің осындағы байланысшы офицерлердің тікелей бастығы, кәрі майор Матвеев иығы қушиып, еңсесі темен түскен бойы, әлдеқандай ойлы кескінмен төмен қарап, бір бұрышта жалғыз отыр. Біздің артымыздан іле-шала Матвеевтің орынбасары, аға лейтенант Прокофьев келіп, өз бастығының қасынан орын алды. Осылардың бәрі алғашқыда менің масаңдау екенімді көріп, біліп отырғандай еді. Содан да болар оларға тура қарай алмай, ұрлана қарап, имене зер салғанмын. Жоқ, олай болмады, бой үйрене келе тіктеп көз салсам, мас маған сондай боп көрінбесе, Матвеевтен басқа отырған төртеуі де қызулау екен. Неден екенін біле алмадым, кәрі майор әбден қорлық көріп, жапа шегіп отырған адам тәрізді әрі ойлы, әрі жүдеу екен. Өңі тіпті сынық. Менің білігімше, генерал Черниговтың кезекті сілікпесіне бір түсіп шыққан адам-ау.
Өзі ұйықтағанда болмаса, төңірегіндегілердің бәріне маза бермейтін, менмен, көкірегі жоғары жас генерал күнде біреуді сілкілеп-сілкілеп алмаса көңілі көншімейтіндей еді. Осы бір асханада отырған жеті адамның бәрі де бір-бірден немесе екі-үш рет адуын генералдың айқайын естігендер. «Адуын» деген тіпті бұл жерде дәл де болмауы мүмкін, оған одан гөрі «долы» деген сөз келеді. Долының да долысы бар. Оның бас жағына «есер» деген теңеу қосуға да болар еді. Бұл генерал осында келгелі оның бетіне қарсы келген, сөз қайырып айтқандар болмаған шығар. Жалғыз ғана Бауыржан, кәдімгі Момыштың ұлы оған: «Арыстан боп.ақырғанмен орманды билеп ала алмассың», — депті. Осы сөз мақал боп тарап та кеткен. Генералдан орынсыз боқтау естіп шыққандар осы сөзді есіктен шыға бере өзін-өзі бекіте түсу үшін, дәтке қуат етіп, құран сөзіндей қайталап айтады. Матвеев те нақ кәзір осы сөзді ішінен қайталап, өзіне-өзі демеу жасап отырған тәрізді еді.
Алексей екеуміз асханада көп отырдық. Әлгі отырғандардың біразы кетіп қалды. Женя Иванова кетіп бара жатып, әдейі бұрылып кеп, менің арқамнан қақты.
— Бұл менің ескі танысым. Онда оқудан жаңа келген кезі еді. Кіші лейтенант болатын, 23-полкте комвзвод болатын. Солай ма? — деп маған мақұлдатып қойды. — Мені бір қиын жолда қорғағаны бар. Халың қалай, жолдас гвардия лейтенанты?
— Жаман емес.
— Жаман болуға тиісті де емес.
Неге екенін айта алмаймын, әйтеуір мені әйелдің мақтауы еліктіре алмайды. Бұл жолы да солай болды. Мен оның жылы сөзіне, мақтауына қуанғаным жоқ. Қайта, әйелдің үлкенсіп сөйлеген сөзіне, бұл жолы жирене қарап, соның керегі не еді деген адамша төмен қарап жиырылып қалдым, Ал мұның үстіне Женяның күлген кезде кере қарыс боп, құлағына жетердей боп кететін үлкен езуінен көрінген күлкі нағыз жүректен шығып тұрған, шыншыл күлкі боп көрінбеді. Тек қана қайқылау келген қалың ерні ғана маған осыдан аз күн бұрын танысқан Эманы есіме түсірді. Жүрегім оқыстау ғана бүлк ете түсіп, қайтадан сабасына келді.
Екеуміз асханадан шықпай әлі отырмыз. Әркімдер келіп-кетіп, тамақ ішіп жатыр. Өзіміз тойып алғансын бусанып, бойдағы жалған қызудың табына рақаттанып отырған жай бар.
Бұл асханаға келмейтін, тамақты жатар жерінде ішіп, сонда дайындататын осы штабта төрт-ақ адам бар. Ол — генерал Чернигов пен оның адъютанты, штаб бастығы Гофман мен оның комиссары майор Виноградов. Біз екеуміз бүгін асханада отырып, осы төртеуінен басқасының бәрін көрдік.
Ең соңында қалғансын Алексейге Бугеев екеуміздің арамызда болған жайды айттым. Алексей алғашқыда салғырттау тыңдап еді, артынша емініп, барлық жайды ежіктеп қайта сұрап алды. Ең соңында:
— Андрей Акимович адамдық жасаған екен. Штабтағылар, басшы адамдар сол тәрізді әділ болсайшы! — деп қойды. — Басшы әділ болса, оның қарауындағылар шыншыл келеді. Кім айтқаны есімде жоқ, әйтеуір бір қолбасшы айтқандай, командир әділ болмаса, ұрыста жеңіс болмайды. Өйткені көп әділдің соңынан ғана ереді.
— Мына сөзің шын сөз. Мен кәзір Андрей Акимовичтің әділдігіне, шыншылдығына тәнтімін. Ол нақ кәзір мені қайда айдаса да барамын. Ал, Бугеев, мен үшін қалың орманның арасында сиықсыз боп, қисық өскен, бұтақсыз, панасы жоқ қарағай тәрізді.
13
Дивизия штабының оперативтік бөліміне осы бір сары қыздың келгеніне көп болған жоқ. Бөлім бастығы майор Матвеев жорық кезінде бір селодан алыпты. Аты Шура.
Қымызды кім ішпейді, қызға кім қырындамайды деген рас-ақ қой. Алғаш бетте-ақ қызға еміне қарағандардың бірі болдым. Сұлу емес, сүйкімді екен. Сары маңыз боп піскен бидайдың сабағындай алтын түстес, қою шашы бүкіл тұлғасына нұр бергендей. Жарастықты да, тартымды көрінді. Әсіресе, көзін айтсаңшы! Көзі орыс орманының аясындағы тұнық көлдей көк мөлдір де, жанарлы екен. Бетінен балалық қаны қайтпаған, өңінде нәзік бір балаусалық бар. Әсіресе, ұялған кезде, жігіттің отты көзі жүзіне қадалған шақта сол бір балаусалық қанмен ойнап, бетіне қайта шығады да, онсыз да нұрлы кескінін балғын етіп жібереді. Осы бір сүйкімді өңіне лайық жинақы денесі, сүйір иығы қызды әсем көрсететін, жастығын да онша сездірмейтін.
Осы қыздың келісі, жасыратын не бар, штаб төңірегіндегі жігіттерге өз жаңалығын ала келді. Жігіттер тәуір киінетін, таза жүретін, күн сайын қырынатын болды. Бұрын қалай болса солай жүретін насат, ұзын бойлы, ала көз, қара капитан Шелестов та, қызыл бет, мыртық лейтенант Никитин де, мен және менің досым Алексей Дробчинский де, әсіресе, аға лейтенант Прокофьев қыз назарын өзіне аударуға, қайткенде де сол бір әйел көзінің қырына ілінуге ынтығатынбыз. Не болғанда да өзіміз тұратын, жаңқасы қашалмаған, үлкен-үлкен ағаштардан әйтеуір жылы қуыс етіп жасала салған кең бөлме ішіне осы қыз едәуір жылылық әкелді. Кейде ортамыздағы сүйкімді қызды көріп, өз үйімізде жүргендей сезінетінбіз.
Шураның барлық жұмысы машинка басуды үйрену. Оны осы жұмысқа баулып жүрген Мария Петровна деген кексе әйел бар.
Плащ-палаткамен бөлінген ширманың ар жағында екі әйел отырады. Бірі — Шура, бірі — әлгі машинистка, жасы бәрімізден үлкен, ұзын қара әйел. Кім болса сонымен қылжақтасып, қалжыңдай беретін, қуақы қара капитан Шелестовтың айтуынша Мария Петровна майор Матвеевтің «махаббаты». Бірақ әңгіме мұнда емес. Бар мәселе Шурада. Әркім-ақ осы қыздың көз жылылығын өзіне басқадан бұрын қаратқысы келеді. Бірақ осы мақсатқа жетуде олақтық, оқыстық та, естір құлаққа жаттау дөрекілік те боп жатады. Не керек, аз сөзбен айтсам қызға қырындаушы да, қылжақтаушы да көп. Осының бәрін аңдап, сезіп жүрген кәрі майор Матвеев бір күні Шураны сыртқа шығарып жіберді де, бізді түгел жинап алды.
— Ал, жігіттер, сендерге айтайын деген бір сырым бар. Мен өз басым гүлді, кәдімгі үйде өсіретін гүлді онша сүймеймін. Дала, бақша гүлін де жарата бермеймін. Ал менің бір қызым болды, ол ше, ол гүлді менен де бетер жек көретін. Бірақ, мен әр кезде-ақ гүлді үйде, бау-бақшада неге өсіреді екен деп ойлаушы едім. Бұл сырды кейінірек ұқтым. Әсемдік үшін, көркемдік үшін екен. Адам көзі ғой нәзік нәрсе, сол нәзік, асыл заттың нұрын келтіру үшін гүл өсіреді. Гүл — әсемдік, көркемдік үшін, көз нұрын толтыру үшін керек болса, оны адам мәпелеуге, аяуға тиіс қой, Оны сақтамаса, алақанға салғандай аялап, оттан, суықтан қорғамаса тағы болмайды. Мәселен, әйел — біздің даламызға шыққан бәйшешек, түз гүлі, көз нұры тәрізді.
Майор Матвеев кескінсіз, аласа бойлы, мыжырайып қалған кісі еді. Көп сөйлемейтін, тұйық та еді. Біз оны осыншалық мәнді сөз айтатын адам деп ұқпайтынбыз. Бүгін күтпеген жерден ол өзінің ішкі сырын алдымызға жая бастады.
Бәріміз де үнсіз тыңдадық. Жалғыз ғана қылжақбас қара капитан Шелестов ежелгі әдетінше жымың-жымың қағып, майордың не айтпағын сезіп отырған кісідей, мысқылмен күлімсірейді. Майор ұстамды, сабыры мол кісі. Капитанның онысын елеп отырған ол жоқ.
— Ал, жігіттер, мына Шура бар ғой, — деді майор, кішкене көзін әр қайсымызға бір жүгіртіп, — осы біздің бақшамызда, майдан өрісінде өсіп тұрған гүл тәрізді. Сол гүлді қор етпей, мәпелеп, аялап өсірейік. Біз көппіз, анау кемпірді қоспасақ, ол жалғыз. Көп жігіттің ортасындағы дара қыз қорланбай еркін ессін. Сендер оны аяңдар, ол гүл ғой, гүл болғанда бәйшешек.
— Бәсе-ау, мына шал осыны айтар деп едім-ау! Тапқан екен гүлді.
Қара капитан мырс етіп күліп жіберді. Еріні қаймақтай жұп-жұқа боп, оған қосыла Алексей Дробчинский де күлді. Басқалар үндеген жоқ. Саша Прокофьев майордың сөзіне күлгендерді жақтырмай, төңірегіне, әсіресе Алексейге сұстана қарады. Майор елеген жоқ.
— Осы сөзімде күлетін не бар? Әйел деген гүл. Ол ер көзінің нұры.
— Айттым ғой, осы кәрі шал әйел мәселесіне жетік. , Сәлден соң бұл Шураны ғана емес, анау өзінің махаббаты, кемпірін де гүлге теңейді! — деп Шелестов қасында отырған Алексей Дробчинскийдің құлағына қайтадан сыбырлап жатыр.
— Мен білемін, — деді майор, — Шура келгелі біраз жігіттер тап-таза, мұнтаздай боп жүретін болды. Бұл сол гүлдің әсемдіктің әсері. Анау отырған, ыржақтап күліп отырған капитан Шелестов бұрын сақалын жөндеп, уақтылы алмаушы еді. Кәзір қараңдаршы, бақшадан жаңа ғана үзілген қиярға ұқсайды. Бұл да сол Шура болғансын...
Капитан жым болды.
— Ортамыздағы жалғыз қызды бағалай да, аялай да білейік. Ол бүгіннен бастап, менің қызым, сендердің қарындасың болсын, түсінікті ме?
— Ал сіздің кемпіріңіз, біздің шешеміз кім болады? — деді Алексей Дробчинский, жан-жағына жымиып, күле қарап.
Жігіттер ду етіп, күліп жіберді.
Мұның сөзінде де жымысқы қулық бар, кексе машинистка Мария Петровнаны жігіттер майордың өзіне танитын еді дедім ғой, мына қу Алексей иінді жерінде соны ескертіп, майор не дер екен деп еді. Ол бұл жолы да саспады.
— Мария Петровна шешелерің болады.
— Бәсе, солай деңізші!
— Нақ солай, — деді Матвеевтің өзі де күле сөйлеп, — енді келістік қой, Шура сендерге, әрқайсыларыңа өз үйлеріңде апа, қарындас, сүйген жар барын ескертіп тұратын бір шоқ гүл болсын. Сөзім түсінікті ме? Әйел баласы бар жерде есті жігіт тәртіпті де, әдепті де келеді. Әйел көзінің сондай сиқыры, ерекше күші болады. Мұныма не дейсіңдер?
— Дұрыс, — дестік.
Біз осыған келістік. Қылжақбастар ыдырап, сирей бастады. Әзілқой капитан Шелестов та, мен және Алексей де Шурадан алыстай бастадық. Әлгі майорша айтсақ, сол қызды гүл деп санап, алыстан келген хош иісіне мәз боп қала бердік.
Байқаймын, Шура төңірегінде екі жігіт қалды. Бірі — майордың орынбасары, аға лейтенант Александр Прокофьев, бірі — жалпақ бет, қызыл күрең жігіт, лейтенант Иван Никитин. Осы ені жігіттің көз аясында Шура бақшадағы гүлдей құлпырып өсе бастады. Машинка басуды үйренді. Алғашқы кездегідей емес, қыз қылық шығарды., Жігіттердің көзі түсе бастағанын сезіп, солардың ықыласына, көз қарасына лайық болайыншы дегендей кішіпейіл, әдепті, сонымен қатар аздап ойнақылау да боп көрінетін. Сылаңдап еркін жүретін болды. Онсыз да қаймағы бұзылмаған сүттей реңді қыз әсем боп кетті.
Бетпе-бет келіп, бір-біріне қарсы бармаса да іштен арбасқан екі жігіт, қайткенде де қызға ұнауға, көз қиығына ілінуге үміткер еді. Қыз сырын, оның бұл екі жігіт жайлы ойын өз басым ұға алмадым. Өмірді аз көрген жас қыздың білікті қалауы да болмас. Немесе өзі туып-өскен жерінде сүйген жігіті де бар шығар, оның майдан шебінде жүруі де мүмкін. Жас кездің үйреніскен досы болса, мына екі жігіттің дәмесі бос та болар.
Ер адамға қараған шақта әйел көзі де қырағы, алғыр келеді. Бұл екеуіне ол да сынмен қарауы кәдік. Түрге, тұлғаға келсе Александр ұзын бойлы, сымбатты жігіт. Иван мықыр, тапал келген. Қоянның көжегі тәрізді бақа, монтиған семіз.
Екеуі де жас, үйленбеген. Кім білсін, кімді сүйерін? Бірақ Шура сыр бермей, ол екеуіне де біз сияқты қарап, бәрімізге бірдей қарындас боп жүре берді. Қыздың бұл қылығы кімге болса да ұнап-ақ еді.
Майдан қысы, өлім мен өмір, от пен оқ арпалысында өткен қарлы қыс көктемгі алтын күрек соққан кездегі ел-сел боп еріген қардай тез өтті. Көктемгі шабуыл кезінде біздің дивизия Ловать өзенінен өтіп, арғы бетке, алға қарай көп жылжып барып бекінді. Ағаш үй, жеркепеден кеспелтек, жанылмаған жуан ағаштардан жасалған үйлерден шығып, штаб тоғай арасына, палаткаға орнады. Енді кезекті шабуыл сағаттарын күтудеміз. Осындай бір толастау кезінде комдив штабты аралады. Оны-мұны жұмысты, жататын және жұмыс орнын ретке келтіріп, шала бүліндік те қалдық.
Генерал-майор Черниговтың бізге командир боп келгеніне жылға жақын. Содан бері оның әдеті, мінезі едәуір-ақ танысты. Отыз бестен жаңа ғана асқан жас генерал сымбатты да, айбынды да адам. Қою қара қасты, қызыл жүзді, насат келген, иығы тік, денесі толық та шымыр, аз сөзбен айтсам, көрсе көз тоятындай кісі болатын. Алдында талай рет болғаным бар. Кейде күліп, кейде түнеріп, кейде жекіп, кейде менменсіп осқырына қабылдайтын. Осыларына қарағанда ол маған дөрекілеу, тұрақты мінезі жоқ, көңілі келсе көлдей, көңілі келмесе шөлдей, алып қашпа, ұрма адам боп көрінетін. Менің осы долбарымды басқалардың айтқаны да растайтын. Ол өзімшіл, өзгенің пікірімен санаспайтын, өзі білсе де, білмесе де, өзімдікі дұрыс дейтін, өркөкірек, мінезсіз кісі деп әркімдер-ақ айтып жүрді. Әсіресе, ол көрсеқызарлау адам болатын.
Ол жүзі манаурап, беті қызара бөртіп, оперативтік бөлімнің жайына кіріп келді. Бәріміз бір кісідей орнымыздан тұрдық. Майор Матвеев қалбақтап, жағдайды баяндап жатыр. «Бәрін білем, бәрі түсінікті» дегендей, шын сөзін салғырт тыңдап, бәрімізді бастан-аяқ бір шолып өтті. Дыбыс шығармай, қалшиып біз тұрмыз. Бір кезде басын төмен сап, әлде не ойлағандай болып, басын кекшең еткізіп көтеріп алды да:
— Осы сендер кімсіңдер? — деді.
Не айтарымызды білмедік, өйткені не сұрап тұрғаны түсініксіз еді.
— Сендер кімсіңдер? — деді алдымен жан-жағына, одан соң әрқайсымызға сеспен тіктене қарап.
— Сұрауыңызды қалай түсінуге болады, жолдас генерал-майор? — деді Алексей Дробчинский.
Комдив оған бажырая қарап:
— Үніңді өшір! — деп зекіп тастады да артынша, қасына жақындай түсіп, — кәні, қайта сұра, не дедің, өзің кімсің, кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білесің бе? Қара мынаның батылын, кіммін мен? Кәні қайта сұра!
— Сұрауыңызды қалай түсінуге болады, жолдас генерал-майор?
— Надан! — деді ол, — өй, гвардия майоры Матвеев, мынадай бетімен кеткен наданды неге үйретпейсің!
Майор үндемей, сасқалақтап қалды.
— Сен, — деді ол Алексейдің кеудесіне саусағымен түртіп, — сен надан болмасаң, «жолдас гвардия генерал-майоры, комдив» деп сөйлер едің. Генерал-майор, генерал-майор, тапқан екенсің, әшейін жай генералды. Әлде сен менің комдив екендігімді де білмейтін шығарсың!
— Жолдас комдив, гвардия генерал-майоры, сіздің әлгі сұрауыңызды қалай түсінуге болады? — деді Шелестов.
— Міне, міне, білетін адам. Осылай деу керек. Гвардия капитаны Шелестовқа, үлкен командирмен қалай сөйлесуді жақсы білгені үшін алғыс жариялаймын.
— Мен Совет Одағына қызмет етемін!
— Дұрыс, гвардия капитаны, ал мен сендерден кімсіңдер деп сұрап тұрмын.
— Біз Совет Армиясының офицерлеріміз.
— Тағы кімсіңдер?
— Панфиловшылармыз.
Комдивтің майлаған бидайдай жып-жылтыр қызыл күрең өңі бұзылып, беті оқыс жыбырлап кетті. Екі қолын артына ұстап, ерсілі-қарсылы жүріп барып, қайта тоқтады.
— Ал кәзір панфиловшы екенсіңдер, енді қашан черниговшы боласыңдар?
Біз бір-бірімізге көз қиығымен ғана қарап, үнсіз қалдық. Артынша, Алексей оң жағында тұрған мені шынтағымен түртіп қап, «мынау мас емес пе» деп күңк ете түсті. Сыбысты естіп, басын біз жаққа бұрып, бажырая қарады.
— Неге үндемейсіңдер? — деді әлден соң.
— Жолдас комдив, гвардия генерал-майоры, біздің арамызда кәзірдің өзінде черниговшылар бар. Мына лейтенант Никитин, бұл дивизияға сіздің кезіңізде келген, бұл черниговшы! — деді капитан Шелестов.
Жаңа ғана өзі алғыс жариялаған капитанға ежірейіп, ашулы қарады.
— Сен де надан екенсің ғой, алғысымды қайтып алдым! Сендер, бұрынғы ескі гвардияшылар өздеріңді басқалардан бөліп, Панфиловшы атайды екенсіңдер.
— Совет Одағына қызмет етемін! — деді капитан.
— Не дедің?
— Совет Одағына қызмет етемін!
— Надан.
— Жолдас комдив, гвардия генерал-майоры, сіз не десеңіз де, алғыс айтсаңыз да, айтпасаңыз да, бәрібір мен Совет Одағына қызмет етемін.
Біреулер мырс етіп күліп те жіберді. Генерал сұрланып кетті.
— Гвардия майоры Матвеев, мына наданыңды үйрет, үйренбесе, погонын сыпырып ал да, алғы шепке солдат етіп жібер!
Комдив ішке кірген кезде плащ-палаткамен бөлінген ширманың ішінде тық-тық машинка басып отырған екі әйел дыбысын шығармай, жым болған. Генерал солай қарай барды да, қоршауды жұлқып, қолымен көтеріп қалды. Екі әйел бұйығып отырған жерінен атып-атып тұрды.
— Охо, жолдас майор, мына жерден кәдімгі гарем жасап қойыпсың ғой!
— Машинисткалар ғой, жолдас комдив, гвардия генерал-майоры!
— Бұлар неге жай азаматтарша киінген? Мына бір бәйшешектей қып-қызыл, сары шашты қызды қайдан алдың?
— Мына кісі аурушаң, госпитальге кете қалғандай болса, машинисткасыз қаламыз ба деп, оқушы-үйренуші етіп алдық.
— Маған неге айтпайсың, маған неге көрсетпейсің, әлде менен жасырдың ба? Менің көзім қырағы көз. Болмайды мұның.
Матвеев күмілжіп үндемей қалды. Барынша ақ көңіл, кішіпейіл кәрі майор комдив сөзінің қалжың-шыңын біле алмай қысылды.
— Бір жолға кешіремін. Қызың сүйкімді екен, сол үшін кешіремін! Мына надандарыңды жөндеп үйрет! — Жан-жағына қарады да, Шураның қасына жақын барып, — атың кім? — деді.
— Шура! — деді жерге қарап, ақырын ғана.
— Шура де, дұрыс! — деп қызға аз-кем ойлана қарады да, артынша жас жемтігін көрген қыранша сұқтанды. Көзі ойнақшып, әлгі кездегі ашуын да ұмытып кетті.
Басқаларды білмедім, өз басым Шураны аяп кеттім. Қыз қысылып, төмен қарай берді. Ол ұялған сайын генерал жайнаңдап, еліре сөйледі:
— Басыңды көтер, маған тура қара, Шура, мына капитан Шелестов сияқты надандар саған тиісуші болмасын, бір нәрсе десе маған айт! Жазасын беремін. Майор, дивизия тігіншісіне айт, мен айтты де, бұйрық те бұған, Шураға шақтап, өзіне лайық әскери киім тігіп беретін болсын! Бүгін айт, бүгін жеткіз бұйрықты.
Әлі де болса кеткісі келмегендей, немесе, әлде несін ұмытып, енді есіне түсіре алмай тұрған адамша шиыршық атып, айналсоқтап біраз тұрды. Менің арам ойымды мыналар байқап тұрған жоқ па екен дегендей, әрқайсымыздың жүзімізге барлай қарап өтті.
Генерал шығып кетті. Өліктің басында қарауылға тұрғандай бәріміз мелшиіп тұрдық та қалдық. Қараймын, әсіресе, Прокофьев пен Никитинде өң-түс жоқ, екеуі де есінен адасып қалған адам тәрізді. Әлден уақытта майор:
— Неғып тұрсыңдар, жұмыстарыңды істеңдер, отырыңдар, жолдас лейтенант Досов, сен Шураны тігіншіге ертіп бар, генералдың бұйрығын айт! — деді. — Шура, сен қалқам, киін, тігіншіге барасың.
Қыз барғысы келмегендей, қоршаудың ар жағында ұзақ киінді. Әдемі өңі бұзылып, әлден уақытта шығып, маған қарады,
— Шурочка, кеттік! — дедім.
Шура мен атшым Сорокинді ертіп, ат байлаулы тұрған жерге келдім, екі атты ерттеттім. Қыз екеуміз жолға шықтық. Деревняның қызы емес пе, Шура атпен жүре біледі екен, шабуыл кезінде едәуір артта қалған тігіншілер мастерскойына кеп, генералдың бұйрығын айттым.
Басы қасқа боп қалған, қою қасты, ұзын мұрын, кекселеу кісі езуіндегі күлкісін жимастан, маған бір, Шураға бір қарап, бұйрықты күле тыңдады. Мені шығарып жіберді де, киім пішті. Кештетіп, Шура екеуміз штабқа қайттық.
Шура сөйлемпаз емес-ті. Дегенмен ол жол-жөнекей өзінің өмірін айтты. Үнінде бір мұң бардай көрінді... Біреудің жалғыз қызы боп өсіпті. Әкесі соғысқа дейін Лихославль түбіндегі бір деревняда колхоз председателі болған. Соғыс басталған күні-ақ майданға кеткен. Шешесі қалаға келгенде, бомбылау кезінде қайтыс болған. Біраз уақыт жақын апасының қолында тұрып, кейін Матвеев оны машинисткаға үйренуші етіп алған.
Жас қыздың бар тарихы осы екен. Осыны айтқан кезде үні мұңды, қайғылы шыққанмен, «мен бақытсыз жанмын» деген сөз аузынан шықпады. Қайта «бұл кімнің басында жоқ» дегендей:
— Біздің шақтың үлесіне тиген нәрсе осы ғана болса, оны да көріп келеміз, — деді.
Көңілсіз келе жатқан, өмірін айтып, мұңға батқан жас қыздың ойын басқа жаққа, өмір мен үміт жолына бұрғым кеп, әзілдей сөйледім.
— Шурочка, шыныңды айтшы, кімді сүйесің?
— Оның сізге керегі не, кімді болғанда да, әйтеуір сізді емес.
— Оны айтпасаң да білемін. Саня мен Ваняның қайсысын ұнатасың дегенім ғой?
— Оларыңыз кім еді?
— Білмейтін шығарсың, Александр Прокофьев пен Иван Никитин ше?
— Ә, солар ма еді, оның екеуі де жақсы. Сіз де жақсысыз.
— Бұл жалпы сөз ғой.
— Енді не дейін.
— Кімді сүйесің?
— Ол туралы ойланған емеспін.
Жол үстіндегі аз әңгіме осымен бітті. Бірақ бұл әзіл, жанға жайлы соғатын жеңіл күлкі көпке барған жоқ.
Арада екі күн өткен соң, түскі астан соң Шураны генерал шақыртып жатыр деген хабар естідік. Төбемізден жай түскендей немесе жаңа ғана штабқа бомба түсіп, содан бәріміз контузия боп қалған жандай көзіміз бақырайып, бір-бірімізге қарап, үн-түнсіз қатып қаппыз. Әсіресе, кескінді, көзі отты, орақ мұрын, сымбатты Александрдың өңі қашып, жүзі оңған шүберектей боп-боз боп кетті. Мен бұдан бұрын осы екеуінің Никитин мен Прокофьевтің қайсысы қызды шын жақсы көреді екен деп, дал болушы едім. Бүгін, әлгі бір хабардан кейін байқадым. Александр қатты өзгеріп кетті. Отырған жерінен әрең қозғалып, қолы дірілдеп, қайта-қайта шылым шегіп, не қыларын білмей қалды. Ол генералдың шақыруына бара жатқан қызға әлде не айтқысы келгендей, машинисткалар қасына әлденеше рет барып, оқтала-оқтала кейін қайтты.
— Шурочка, шақырғансын барған дұрыс, генерал көп күттіргенді жақтырмайды, тез бар, — деген Матвеевтің жіңішке даусы шықты.
Прокофьев оған сұстана, ала көзімен ата қарады. Кәрі майор оған зер салмады.
Қыз сүйретіліп есіктен шықты. Әлдекімнің ауыр күрсінгені естілді. Көкпеңбек көк ала түтіннің ішінде өңі қуарып, қолы дірілдеп, үсті-үстіне шылым тартып Прокофьев отыр. Мен оның ашулы, ызаға булығып отырғанын көз қиығыммен ғана байқап отырмын. Ол шылымын сорып, қозғала берді де, кеудесін қарс айырып, жарып шыққандай етіп: «Собака» деді.
Бұл сөзді кімге айттың, неге айттың деп ешкім сұраған жоқ. Бәрі де іштей ұғып отырған тәрізді. Жалғыз ғана осы сөзді маған айтқан жоқ па екен дегендей Матвеев қана қуыстана қарады, жігіттің жүзінен «сенің қолыңда тұрған не бар» деген сөзді оқығандай болды. Соған жауап ретінде:
— Қайтесің, солай болғансын солай болады да, — деп екі қолын екі жаққа жайып, төмен қарады.
Бұған да ешкім үн қатпады.
Екі беті нарттай қызарып, сазарған бойы мыңқ, етпей Никитин отыр, торға жаңа ғана түскен жолбарыстай булығып Прокофьев жүр. Әлде болса бірдеңенің артын күтіп, ол болмаса өзін-өзі құрбан ете салатындай асау да, ашулы да еді. Ер жігітте шын сүйіспеншілік барын мен ақаусыз ұқтым.
Аз уақыт көптей көрінді. Біз Шураның қайтып оралуын күттік. Ол келмеді, көп кешікті. Никитиннің емес, Прокофьевтің күйзелісіне ортақ боп, іштей түйіліп мен қалдым. Ойлап отырмын. Есіме майордың сонау бір кезде бәрімізге айтқан ақылды, әкелік сөзі түсті. Ортамызға ап, бәріміз бірдей мәпелеп өсірген бәйшешек, орыс орманында өскен хош иісті әсем гүл еді Шура. Енді не болды екен, абайсызда аяққа басылған әсем гүл ұйпалақтанып, сабағынан үзіліп түскендей көрдім.
Кеш түсіп, қараңғы болғанда Шура келді. Жүзі қуаң тартып, қуғын көрген асаудай екі танауы қусырылып кеткен екен. Ол ешқайсымызға қарамауға тырысып, жүзін төмен сап, ширма ішіне еніп кетті. Дегенмен Шура мен Александрдың көз қиығы бір сәтке кездесіп те қалды. Қыз көзі шыдай алмай тез тайды. Жігіт кезінде сұрау, күдік қап қойды. Менің есіме грек философтарының «Адамды бетінен қарап тану» жайлы белгілі ғылымы түсті. Артынша арап оқымыстысы Ибн Хазымның «кез — деген адам жанының сенімді барлаушысы, жарқыраған айнасы...» деген қағидасы ойға тағы келді. Шура көзі өз айыбын айтып кеткендей боп көрінді. Осы сәтте менің жүрегім Прокофьевтің жүрегімен қосылып кеткендей бір сәт ыршып түсті. Кір-кір газет қағазына жуан етіп, махорка орадым да, төңірегімді көк ала түтінге көміп, ащы темекінің түтінін жұта бердім. Шураның әлгі бір сәттегі бәрімізден жасырып, тек Александрға ғана тастап өткен көз қиығын есіме қайта алдым. Әйел көзінің нұры да, сиқыры да мол бола ма деп қалдым.
Прокофьев бұрынғыдан да бетер сабырсызданып отыр екен. Әлден уақытта шылымын жерге лақтырып тастады да, қолына қалам, қағаз ап, саусағы оқыс дірілдеп, асығыс жаза бастады.
«Дивизия штабының бастығына
аға лейтенант Прокофьевтен
РАПОРТ
Штабта істеуім жетті, енді мұнда отыра алмаймын, кім етіп жіберсеңіз де, алғы шепке жіберуіңізді өтінемін!»
Ол жазған қағазын алды да, палаткадан асығыс шығып кетті.
Аздан соң қайта кеп, заттарын қапшығына салып, ешкіммен қоштаспастан сыртқа беттеді. Бәріміз артынан қарап қалдық.
Бұдан соң мен оны көргенім жоқ. Он тоғызыншы полкта, Бауыржан Момышұлының қарауында екен деп естідім. Ал Шура болса, әйелдің аты әйел емес пе, бұрынғыдай көркем, даланың бәйшешегі боп көрінбегенмен, көп ортасындағы жалғыз гүл боп қала берді. Қайта түлеп, тамырына салқын су бүріккендей түрлене, құлпыра түсті. Осылайша құлпырған сайын, сыланып, боянған сайын ол маған бәйшешек емес, кәдімгі сары шашты, жалпақ, сары әйел боп көрінетін. Неге екенін кім білсін, даланың ал қызыл бәйшешегі көз алдымнан алыстап, солғын тартып сала берді. Егер, осында да бір заңдылық бар ғой дейтін болсақ, бұл соғыстың заңы ма еді, әлде табиғаттың өз заңы ма еді? Ол арасын өз басым айта алмаймын.
14
Дивизия саяси бөлімі мергендердің бір жетілік семинарын өткізді. Оған әр полк, батальон, роталардан ең тәуір деген атқыштар, мерген жігіттер келді. Штабтағы офицерлер оларды ату техникасына, оптикалы қарауылды қалай пайдалану, жасырыну, қашықтықты көз мөлшерімен ажырата білуді үйретті. Ең соңында қалың орман арасындағы кең алаңда мергендердің жарысы болды. Онда неше түрлі нысаналарды атудан алдына жан салмай шыққан орта бойлы, денесі қағылез, өңі жұқа, ақ сары жігіт — Төлеу Әбдібеков еді. Бұл соғыстан бұрын оңтүстіктегі атақты «Пахтаарал» совхозында жұмысшы бопты. Тарамыстай қатты, шыныққан күшті қол нысанаға алғанын қалт жібермей, ең көп ұпай жинады. Дегенмен, жүгіріп бара жатқан нысананы атудан ол ешқандай ұпай ала алмай қалды. Жалғыз Әбдібеков емес, жарысқа түскендердің көбі-ақ бұл нысананы түсіре алмады. Кезек мұрты бар, кең жауырынды, үлкен қара солдатқа тиді.
Атқыштар жарысын өткізуші төрешілердің бірі Алексей Дробчинский аузын қисайтып, бір езулей сөйлеп:
— Мерген Сабалақов, әзірлен! — деп команда берді.
Отырған топтың ішінен кеудесі есіктей, жұмыр денелі қара кісі тұрып, ату шебіне жақын келді.
— Жат! — деп команда берді Дробчинский.
Солдат Сабалақов дүрбілі мылтығын кезеніп, алға қарап жата қалды. Алдыңғы жақтан кемінде сегіз-тоғыз жүз метрден ойқастап, ай мүйізді «шұбар бұғы» шыға келді.
— Жүгіріп бара жатқан «бұғыны» ат! — деген дауыс шықты.
Сабалақов атып салды. Мылтықтың затворын қайтарып үлгерген жоқ, «бұғы» көрінбей кетті.
— Міне, атыс деп осыны айтады! — деп Алексей орнынан тұрып жатты.
— Қайталасын! — деп айқайлады біреулер.
— Ал қайталайық, әзірлен, солдат Сабалақов! — деп қойды Алексей. «Бұғыны» қазылған терең ордың ішімен бір жоғары, бір төмен түсіріп, секектете жүгіріп жүрген жауынгерге телефонмен тапсырма беріп жатты. Ол өз жағынан әлгі атыстың ондыққа дәл тигенін хабарлады.
— Қайталаймыз! — деп айқайлады Алексей телефонмен.
Бәріміз қайтадан атыс шебіне жақын келдік. Бұрынғыдай ақжарқын емес қабағын түйіңкіреп, ойлы кескінмен мылтығын қарауылда тұрған жауынгерше оң қолына қыса ұстап, Сабалақов та жақын келді. Маған еңкейе түсіп, құлағыма аузын тақап:
— Жатып атса, оған кім болса сол тигізуі мүмкін ғой, тізерлеп атып көрсем қайтеді? — деді.
Мен Алексейге осыны айтқым кеп оқталдым да, тоқтай қалдым.
— Алдымен әлгіні қайталай беріңіз.
Мылтық гүрс ете түсті. «Бұғы» жоқ боп кетті.
— Дұрыс!.. — деді көріп тұрған көп.
— Дұрыс... — деді Нәлқара да, маңдайының шып ете түскен моншақтай мөлдір, гүлдің жапырағына түскен шық тәрізді терін сүртіп.
Штаб офицерлері солдат Нәлқара Сабалақовтың атқыштығына таң болып, оны қоршап алды. Әрқайсысы білгісі келген жайын тәптіштеп сұрап та жатыр. Кәрі солдат сасқалақтап емес, әрқайсысына асықпай, бір-екі ауыз сөзбен ғана жауап берді. Көбіне, бұрын аңшы, едәуір-ақ мерген атанғанын айтты.
Бұл күні солдат Төлеу Әбдібеков пен солдат Нәлқара Сабалақов көзге үздік түсті.
Түс кезінде үзіліс болды. Орман арасында отырып жеген тары ботқа дүниедегі ең бір тәтті тағамдай боп көрінеді. Буы бұрқырап алдына келгенде ең алдымен екі-үш рет жұтынып, сілекейіңді жұтасың. Одан соң майлы сөктей сылқылдап, өзі кете береді.
Ескі танысым Нәлқарамен бірге отырдым. Солдат көңілді. Адам баласы қызық қой. Бүгінгі жеңіс, көптің оған түскен назары мен ықыласы солдат мерейін көтеріп кеткен. Өзіне-өзі риза боп, жүзі жанып, көңілі өсіп отыр. Өткен-кеткеннен әңгіме қозғап, желпініп те алғысы бар-ау! Бірақ, оған мен ыңғай көрсете қоймадым. Өйткені жер тар, уақыт жоқ. Аз үзілістен сөз жарыс қайта басталмақ. Штабтан келген байланысшы «бүгін жарысты бітірсін» деген бұйрық әкеп кетті.
— По местам! — деп бас төреші бұйрық берді.
Мен Дробчинскийдің құлағына сыбырлап, солдат Сабалақовтың өтінішін айтып та үлгірдім.
— Тізерлеп ату — біздің программамызда болатын. Бірақ оған әзір ешкім жоқ болар деп қоспағанбыз. Ондай жеке өтінішті орындауға болады.
— Жолдастар! — деп айқайлады Алексей, еріні майға пісірген жұқа шелпектей майысып. — Шапшаң ату жарысына кіріспес бұрын жүгіріп бара жатқан нысананы түрегеп тұрып, тізерлеп тұрып ататын талапкерлер бар ма? Ондайлар болса, екі адым алға шықсын.
Алға Сабалақов пен Әбдібековтен басқа ешкім шықпады. Екі мерген жарысқа түсті. Жүгіріп бара жатқан нысананы атуға Төлеуден Нәлқара шебер екен. Нәлқара тізерлеп те, түрегеп те нысананы екі-екіден төрт рет атып түсірді. Төлеу Нәлқараға қарағанда әлдеқайда кіші. Содан ба, білмедім, «жол ағаныкі» дегендей өз кезегін атпай тұрып қалды. Осы мені көре алмай тұрған жоқ па екен деген күдікке тірелгендей Сабалақов ыңғайсыздана берді. Артынша сөз де тауып кетті білем.
— Төлеужан, сен маған жол бермей-ақ қой. Жарыстың аты жарыс. «Күш атасын танымас» дейміз. Мені құрметтемей-ақ ата бер. Мен осы атқыштық өнерді соғыс болады, сонда сенімен тоғай арасында кездесіп, күш сынасамын деп үйренді деймісің. Кезінде қатардан қалмай, бірден артық, бірден кем болмаққа үйренгем. Өнерді үйрен де жирен. Жігіт өнерлі болса абыройлы болады деп үйренген едім.
— Жоқ, аға, сізге жол беріп тұрғаным жоқ. Шынымды айтсам, сіздей ата алмаймын.
— Қалқам Төлеу, сенің оныңа сенбеймін. Жүздеп жауды қиратып, бүкіл майданға аты шыққан мергеннің онысына иланбаймын.
Төлеудің жұп-жұқа өңі аз-кем алабұртып, құбыла түсті. Ұяты бар жас жігіт өзінен гөрі көпті көрген адамның байқампаздығын іштей мойындап қалды. Дегенмен, Нәлқара жігіттің ішкі толқынын сезе қойып, ізге түскен әккі аңшыдай тағы да біраз жерге апарып тастады.
— Сен болсаң, Төлеу, Осовиахим әзірлеген мергенсің. Демек, сен оқығансың. Мен аңшымын. Өмірдің өзі үйреткен мергенімін. Түлкінің қулығын ізінен көріп үйренгенмін. Сондай-ақ, жас мергенді де тез танимын, — деп қалды Нәлқара.
Бұл екеуінің әңгімесін жарыс кезегі үзіп жіберді, Төлеу шапшаң атудан бірінші орын алды. Қағілез жас жігіттің көздеуіне, затворды қағуына, серіппені басуына көз ілеспейді екен. Екінші Нәлқара болды. Бұл Әбдібековтей емес, өзінің ішкі сырын жасыра алмады.
— Міне, бұл жерде жастық қана емес, өнердің өзі жеңіп тұр. Қалқам Төлеужан, мен де пендемін. Қызғанышым бар шығар. Бірақ қанша күндесем де сен бола алмаймын. Өнер бар да домбай бар, долбай бар да дәлдік бар. Сондай-ақ жастық бар да кәрілік бар.
— Нәлеке, сіз қайда, кәрі емессіз ғой.
— Ал саған қарағанда ше. Мен сендей кезімде, шауып келе жатқан ат үстінен қасқыр мен түлкіні баудай түсіретін едім...
«Артық айтып қойдым білем» дегендей, Нәлқараның қарақошқыл өңі күрең тартып кетті.
— Шал кісіге мақтан да сүйеу. Кешіріңдер, жігіттер! — деп өзі де рахаттана күліп алды.
Штабқа кештетіп қайттық. Ертең әрбір мергенге екі-екіден командир қосылып, алғы шепке, кәдімгі соғыс шебіне ауға шықпақпыз.
Саяси бөлім бастығы орта бойлы, мығым денелі, толықша келген май бет, қызыл жігіт әрбір офицерге жеке-жеке тапсырма, нұсқау беріп жатты. Оның қайта-қайта пысықтаған сөзінің ең маңыздысы мынау болды. «Қорғаныс шебінде тұрған әскер тек қорғануды ойламай, жауды оқтын-оқтын оятып, мазалай бергені жөн. Біз мұнымен жауды психологиялық жағынан езе түсеміз, екіншіден, жаудың күшін байқап отырамыз. Үшіншіден, өзіміздің қамсыз емес әр кезде дайын екенімізді аңғартамыз. Мұны әскер тілінде «Белсенді қорғаныс» деп атайды. Осы белсенді қорғаныстың бір түрі жеке атқыштарды алға, жеке атысқа шығарып, жаудың күшіне залал тигізе беру екен.
Жаудың алғы шебіне түнде барып орналаспақ боп, Нәлқара, Алексей үшеуміз түн ортасы ауа алғы шепке жол тарттық, Жолды мерген солдаттың өзі жақсы біледі екен. Қиындық көрмедік. Таң бозаң бермей-ақ, алғы шепке жеті-сегіз жүз метрдей кеп, шеп құрдық. Бұрын қазылған терең окоптың ішіне ағаш бұтағын төсеп, қарсы алдымызға шыршаның қоңыр көк бұтақтарын қалқалап алдық.
Кәдімгі Ловать өзенін ағысына қарай есептесек, біз оқ жақ жағалауында, жау сол жақ жағалауында. Өзен атақты Эльман көліне құяды. Бұл солтүстік-батысқа саяды. Өзеннің біз отырған жағалауы жау бекінген жағадан биіктеу, жарқабақтау көрінді. Бұл атқыш:мерген үшін де, оның қимылын бақылауға келген комиссия — біздер үшін де аса қолайлы. Қолымызға дүрбі ұстап, Алексей екеуміз мергеннің екі бүйірінен отырдық.
— Бізден сескенбей, дұрыстап атыңыз! — дедім Нәкеңе сыбырлап.
— Салық жоқ қой, әйтеуір, — деп қояды ол.
Өзі тым еркін. Кеше күндізгі жарыстардан кейін тіпті рухы, аруағы көтеріліп кеткен жан тәрізді мерейлі.
Төңірек жап-жарық боп келеді. Өзеннің екі беті де тым-тырыс. Біз тәрізді ауға шыққандар, көп болмаса да бар екен. Кешегі жарыстан өткендердің көбі-ақ, бүгін осы өзеннің оң жақ жиегін жағалай әр жерде-ақ отырған болар. Алыстан біреу гүрс еткізіп қойып қалды. Нысана бізге көрінген жоқ. Арғы бетте жау окоптарының жалпы деңгейі жатыр.
Жерден қазған бекіністерден мұржалар көрініп тұр. Бұл қақаған қыс кезіндегі пана. Кәзір жерде қар жатқанмен, көктем лебі аңқып келеді.
— Ал! — деп қалды Нәкең бізге, екі жағына кезек бұрылып.
Қарсы алдымызға жалт қарадық. Окоптан шығып, бір солдат керіліп, бізге жонын беріп тұр. Мылтық тарс етті. Жау жалп ете түсті. Қолын созып керілген бойы омырауын айқара басып, солдат жата берді. Біз дүрбімен көріп отырмыз. Қозғалар емес. Нәлқара бізге, біз оған қараймыз.
— Бірінші нысана болғансын тұрмастай етіп, кәдімгі қарақұстан көздеп едім. Қалай, орнынан қозғалатын сыңайы бар ма? — деп қояды мерген.
Дробчинский аң-таң боп біресе нысанаға, біресе Нәлқараға жалтақтайды.
Сәлден соң бір-екі адамның басы ғана. қылтыңдап, әлгі өлікке төменнен қол созып, сүйрелей бастады. Нәлқара бізге ескерткен де жоқ, әлгінің бірін басып салды. Қопаң етіп барды да, жоқ болды.
— Бұл күдікті, есепке алмаңдар, — деді Сабалақов.
— Біздің есеп жүргізетінімізді сіз қайдан білесіз? — дедім.
— Есептемегенде неғып жүрсіңдер?
— Әлгі де өлді. Өйткені мына өлікке қол созар ешкім жоқ. Жаңағы екеудің бірі окоппен жүгіріп артқа кетті, — деді Алексей.
Екінші жақ бүйірден, окопты жағалап, жайбарақаттау біреу шыға келді. Бекініс төңірегін шолып жүрген командир болар-ау, әлгі алдында өліп жатқан екі солдатқа, мерген нысанаға алған жайға қарай қаннен-қаперсіз жүріп кеп, тоқтай қалды. Сабалақов басып салды. Әлгі шайқалақтап, тұрып-тұрып барды да, сылқ ете түсті.
— Итке сол керек! — деді Алексей жұп-жұқа ернін жымыра тістеп.
Сәске түске дейін мергеннің есебі тоғызға жетті. Дробчинский кешегі жарыстағыдан бетер таң боп, Нәлқараға қайта-қайта қарайды. Сабалақов болса сезбеген, аңғармаған адам боп, мүлде зер салар емес.
— Ақсақал, Нәлқара! — деді Алексей әлде не айтқысы келіп.
— Мынауың не дейді, жаным-ау? — деп маған қарады.
— Сізді «ақсақал» деп, бірдеңе айтқысы кеп тұр ғой.
— Айтса айтсын. Бірақ менің атым Нәлқара емес қой.
— Тілі келмейді ғой.
— Тілі келмесе де, осы сөзімен есіме әлденені түсіріп жібергені бар емес пе? Менің әйелім мені нақ осылайша «Нәлқара» деп атайды. Соны естімегелі де көп уақыт өтті...
Нәлқара тоқтап қалды. Оның өңінен көп сыр түюге боларлық еді.
Біз кештетіп қайттық. Жол-жөнекей Нәлқарадан бозтарлан жайын сұрадым.
— Айналайын-ай, ұмытпаған екенсің де.
Тершіген өңі әп-сәтте күреңденіп сала берді. Әңгімені бірден бастамады. Алексей алда, біз екеуміз соңында, жаймен жүріп келеміз. Күн батуға жақын. Орман арасы ала көлеңке тартып, күндіз жіпсіген қардың беті қабыршақтанып қата бастады. Қар бетіндегі қабыршақ мұз пырт-пырт сынып, әйнек сынығындай жылт-жылт өтеді. Жүріп келеміз. Нәлқара сонау бір күні айтқан әңгімесін жалғап алған.
...Бір кезде қуанышым, мерейім болған бозтарлан енді сорым болды. Ауылдың шолақ белсенділері, әлгі Шалабек ең алдымен дікілдеп, атты колхоздың ортасына сал дейді. Менің сөзім біреу: колхоздың ортасына қатыныңды сал десе көппен бірге мен де салам. Ал атыңды сал десең, оныңа көнбеймін. Колхоз болмаймын. Ал, қолыңнан келсе кесіп ал менің басымды.
Қасарып олар болмады, сіресіп мен тұрмын. Арты насырға шапты. Шалабек белсенді, кәдімгі өзімнің жамағайыным, тапа-тал түсте бозтарланды белдеуден шешіп жетектеп барады. Далаға жүгірдім.
— Әй, Шалабек, тоқта уәжге келейік.
— Уәжіңді ұрайын... — дегені бар емес пе.
Шыдай алмай, көзіме қан толып кетті. Лашыққа кірдім де, жалғыз ауыз серіппелі мылтықты алдым да:
— Әй, Шалабек, сен шала туған едің. Әке-шешең тоқсан күн тумаққа салып асыраған, керегенің басына іліп қоятын. Сені сонда адам болады екен деген жұрт жоқ еді. Енді адам бопсың, шаш қойыпсың. Шалабек белсенді атандың. Атты орнына әкеп байламасаң бұл күнің қараң болады.
Шалабектің өңі бұзылып, дегбірі қашып кетті. Өзі ұсқынсыз неме, одан сайын құты қашып кетті.
— Әй, әй, Нәлқара, өй, Нәлқара, ойнағанды білмейсің бе? — деп, басы қалтаңдап, қолы дірілдеп, бозтарланды белдеуге қайта әкеп тұр.
— Көзіме ендігәрі көрінбе! Атып тастаймын!
Белдеуде осқырынып бозтарлан тұр. Шалабек үн-түнсіз кетіп қалды.
Мұның арты немен тынар екен деп мен қалдым. Неге екені белгісіз, жүрегім бір түрлі лоблулы. Осы бейжайлықты жеңген білмесе екен деп, оны-мұны жұмыс істеген боп жүрмін. Бірақ жұмысқа зауқым жоқ. Бала күннен бергі қара көріктің қасына әлденеше рет барып қайттым. Көріктің бірнеше жері тесілген. Оны жамағанмын. Балға мен қара төсті тот басқан. Пешке от жағылмағалы қашан. Бәрі қаңырап тұр. Осыларды көргенде көңіл шіркін қайта құлазып, бақытым деген ұста дүкенім мынау, жақсы ат мінген не сәнім деп те ойлаймын. Менің жалғыз атым түгіл, осы аттың шыққан тегі — кешегі Қонысбектің он сегіз мың жылқысы қайда?
Бүйрегім бүлкілдеп, сонда да болса мерейім — бозтарланды қимаймын. Ішім ашиды. Кеш. Төсекте дөңбекшіп жатырмын. Ұйықтай .алмадым. Бір кезде даладан дүбір келді. Атып тұрып, тысқа шықтым. Қарасам, қасында екі милициясы бар, Шалабек тұр.
— Әй, Шалабек, мұныңа жол болсын! — деппін.
— Атты аламыз!
— Алмайсыңдар! — деп атты шешіп, үстіне ерді салдым да қарғып міндім. Қалта қарап тұра қалдым.
— Түс алдымызға! — деді біреуі наганына қолын сап.
Байқаймын, сыңайы қатал. Амалсыз алдына түстім. Басым мың-дың. Не істесем екен деп ойлап келем. Бабатадан ұзап, анау әлгі Қапшағайдың кең жазығына түскен кезде милицияның бірі аттан түсіп, түзге отырды. Осы жерде болмаса ештеңе шықпас деген ой келді. Жалма-жан милицияның аттағысын желкеден бір қойып аттан қалпақтай ұшырдым да жөнеле бердім. Баж-баж етіп Шалабек қалды. Қапшағайдан Шилі өзенінің аяғындағы Қаратастың өріне қарай қасқая тарттым. Артымнан біреу «тоқта, тоқта!» деп, шауып келеді. Мен ұзай бердім. Қаратастың қырқасына шыққансын, сарықобылатып, қайтадан Бабатаға тарттым. Үйге кеп мылтығымды алдым. Әйелім қайда барасыңдап шылауыма оралды.
— Шалабектің түрмесінде шірігенше кең далада қаңғып өлем.
Әйелім ебіл-дебіл боп жылап, сенен қалмаймын деді, келіп тұрамын деп әрең қалдырдым. Қаруланып алдым да, Қаратаудың көк жонына тарттым. Мәселенің аңдысын аңдап, тауда бірнеше күн жүрдім. Аң қақтым. Сонда да болса ішім пысты. Түн жамылып Бабатаға, ондағы үйіме келдім. Келсем, әйелім өлік сияқты төсек тартып жатыр. Бір жасқа толмаған жалғыз ұлым шыр-шыр етіп, есі кетіп, таңдайы құрғап, көзі алақ-жұлақ етеді. Жаным шығып кетті білем, Есім жоқ, қараша үйдің босағасына әрең сүйеніп тұра беріппін.
— Сорлы-ау, анау бала өлді ғой, — деген әйелімнің сандырағы аралас, әлсіз даусы шықты.
Баламды қолыма алып, аузына су тамыздым. Жылай-жылай тамағы құрғаған, әлсіреген бала таңдайына дым тигенде талықсып кеткендей болды, Баламды бауырыма басып, ес білгелі бірінші рет болар, өксіп-өксіп, ыстық жасымды төктім. Байқамаппын, жасым баламның бетіне тамыпты. Көз аламайына үйіріліп қапты.
Басын көтере бергенімде жас жиындысы сорғалап езуіне құйылды, қол орамалмен сүртіп үлгермедім. Балам балапан тәрізді аузын ашып, жас тамшыларын жұтып жіберді. Әкенің кермек дәмді ащы теріне тұшырқанды білем, көзін ашпай, қабағын түйіп қойды.
Бала шаршап, талықсып ұйықтады.
Әйеліме жақын кеп жай сұрадым. Мен оны ауырып қалған екен десем, үсті-басында сау-тамтық жер жоқ. Көк ала қойдай етіп сабаған.
— Бұған не болды?
— Осы. Әлгі шала туған туысың сабады.
— Не қылмайсың дейді?
— Байыңды тап, атты әкелсін, — дейді.
Бәрі белгілі болды. Енді тек не істеу керек. Осыны ойладым. Бақыр басым шарадай болды.
Ол кезде тым асау, доң мінезді болатынмын. Балам мен әйелімді сыртқа шығарып алдым да, үйдегі барлық, іліп алар затты ортаға үйіп от қойдым. Ұста дүкеніме келіп, ондағыларды, кәдімгі қара көріктен бастап бәрін жинадым да от қойдым. Балам мен әйелімді алдыма мінгізіп, түн жамылып, Қаратауға қарай жол тарттым.
Артыма қарадым. Тілі сүп-сүйір боп қызыл жалын алыстан көрінді. Басқа дүнием емес, көрігім, бақытым мен мерейім болған қырық жамаулы қара көрігім есіме түскенде сонау оттың ішінде менің ырысым мен арым бірге жанып жатқандай көрдім. Бір сәт көз алдым бұлдырап, сағым тартып кетті.
Таң ата Ожардың басындағы терең сайға кеп бекіндім. Осында жарты айдай жаттым. Әйелім мен балам айығып, есін жиды. Енді не істеймін. Мәселе, міне осы.
Тың тыңдап қайту үшін елге келдім. Ауылдағы ең шеткі үйді оятып, жай сұрадым. Әлгілер үрейлі. Тілі байланып қалған адам тәрізді, бетіме қарай береді.
— Ой, сендерді жын соққан ба? Сөйлесеңдерші.
Бетіме сенімсіздене, күдікпен қарайды.
— Не болған сендерге, мені танымай отырсыңдар ма, мен Нәлқарамын ғой, деймін.
Бетіме қарап ыржиып күледі.
— Мен жайлы ел арасында не бар? — дедім.
— Ештеңе жоқ, ие, сені...
— Айтсайшы, мені...
— Сені банда болды, адам өлтіреді, ел тонайды дегенді естігенсін, қорқып отырмыз.
Бұлардың мені көргенде естен танып қалған жайын енді ұқтым. Күлдім. Күлмегенде қолымнан не келеді. Бұлар менің айтқаныма илана ма!
— Мен банда-санданы білмеймін. Кісі өлтіру қолымнан келіп тұрса да, әлі бір ұрттам қан төккен емеспін. Мен кәдімгі Нәлқарамын. — Өзім күліп қоям. Осы рас айтып отыр ма дегендей әлгі үйдегілер маған аң-таң боп қарайды, — Танымай отырсыңдар ма, мен ұста Нәлқарамын, Сабалақ ұстаның артында қалған жалғызымын.
— Көріп отырмыз. Сен Нәлқарасың, Ал Шалабек туысың үйімізге келіп-кеткеніңді білсе, бізді анау Көктөбенің басына шығарып, тірідей асады.
Сол түні қайтып мекеніме келдім. Алакеуімде жоқ қарап жүрген ел адамына тағы жолықтым. Мені көріп ол да шошып кетті. Жай сұрадым, жайымды айттым.
— Ең алдымен, — деді ол, — бір милиционер мен Шалабекті өлтіріп қашыпты деді. Сонан соң ол өтірік болды. Енді ол ел тонайды, адам өлтіреді, ұрлық істейді дегенді шығарды. Кімге, қайсысына нанарды білмейміз. Артельдің қосқа жегіп жүрген екі аты жоғалды. Нәлқараның бандасы айдап кеткен болар, іздемей-ақ қой дегендер болды. Өзің алдымнан кездестің. Жақсы болды. Кәне, айтшы.
— Нәлқараның бандасы деген қатыны мен баласы. Өзі мен бозтарлан ат. Сенсең де, сенбесең де осы.
Біз ажырап кеттік. Мен бұл өңірде, кеше ғана бозтарланды дүбірлетіп, бәйге қосқан жерде, әкем Сабалақтың, өзімнің кіндік қаным тамған жерде маған орын жоғын сездім. Жасырын қосыма келіп, кеште жолға шықтым. Үш-төрт күн түнделетіп, әйелімді, баламды Түлкібастан әрі асырып, қалың тауға апарып тастадым да, қайта оралдым. Ондағы ойым, ақыр жаман атым шыққан екен, ең болмаса Шалабектен әйелім мен баламның кегін алып кетейін деген түйіндеу еді.
Үшбаста жатамын. Түнделетіп, Шолақтан Бабатаға шығатын жолды, Қызылтастың аяғынан тосамын. Бұл Шалабектің жүретін жолы. Екі күн тостым. Ешкім келмеді. Үшінші күні түнде төрт салт атты дүбірлеп, жортып келеді екен. Бозтарланды жалпоштап, өзім бетімді таңып алғам.
Қараймын, біреуі — Шалабек. Құдай тілекті берді дедім. Алға оқ бойы жіберіп, артынан тұра шаптым. Қапелімде не істерін білмей, аңыра қалды, Ай-шай жоқ, топқа араласып кеттім. Атта жапалақша жарбиып отырған Шалабекті қаңбақша көтеріп, іліп алдым да, алға түсіп, өрге қарай тарта бердім, не болғанын білмей, тілі байланып қалған адамша, пыс-пыс етіп, алдымда Шалабек жатыр. Үш атты да менің кім екенімді білмесе де, тасырлатып, соңымнан шауып келеді.
— Бұл кім?
— Бұл қайсың?
— Айтпасаң атамын!
Осылайша үшеуі кезек-кезек айқайлайды.
Шалабекке де тіл бітті білем, бір кезде:
— Ой-бай, өлдім! — деп айқай салды.
Бала күнінен білем, албастының дауысы сондай ащы, шіңкілдек.
— Өшір үніңді! — дедім.
Мені танып қалды.
— Ой-бай, мынау бандит, Нәлқара!
Дауысы ащы, құлағымды жарып барады. Дауысты құлағы шалып қалса керек, біреуі қараңғыны гулетіп, мылтық ата бастады. Бір оқ зуылдап, бастан асып кетті. Маған да жан керек, Шалабекті мықтап тұрып, алқымнан бір сықтым да, шауып келе жатқан ат үстінен көкпарша лақтырып тастадым. Қуғыншылар соған үймелеп қала берді. Мен ұзай түстім. Бабатаға жетіп, Үшбасқа қарай бұрылғанда қуғыншылардың дүбірі қайта естілді. Қуып келеді екен. Жонға шығып алсам жеткізбеспін деп келем. Елдің маңдайына ұстап отырған кілең жүйрігін тартып мінген қулар емес пе, екеуі өкшелеп қалмай келеді.
Таң бозара түсті. Көсегенің көк жонына жеткенсін, бозтарлан баяғыша көсіліп сала берді. Артыма қарап қоямын. Біреуі қара көрім жерде, екеуі өкшелеп қалған. Әсіресе, құйрығын кескен арбиған үлкен қасқа атқа мінген біреуі оқ бойы тақау келеді.
— Атамын, тоқта!
Дауысы демігіп әрең шықты.
Мен елемедім. Арамыз бұрынғыдан алшақтай түсті. Бозтарлан бабына енді келген тәрізді. Тасы жоқ, көк далада желдей есіп келеді. Менің енді ұзап кетерімді сезді білем, гүрс еткізіп басып салды. Бозтарлан алға қарай ұмтыла түсіп, кеудесімен жер сүзіп, қалпақтай ұшты. Домалап кеттім. Мойынымда мылтығым бар-ды. Жерде жатқан бойы мылтықты ала сап, әлгі қасқа атты кеудеден басып қалдым. Екі рет сүрініп барды да, омақасып кетті. Мен сайға қарай жүгіре жөнелдім. Жаңағы көпке дейін орнынан тұрмады. Мен сайға түсіп паналадым. Артынан анау екеуі келді. Жығылғанын тұрғызып алды. Бозтарлан мен қасқа аттың өлігі деңкиіп жатыр. Әсіресе, бозтарлан өзіме жақын жатыр, өкпесі демігіп, жүрегі соғып жатыр. Анда-санда басын көтеріп, оқыранады. Иесін іздейді. Менде ес жоқ. Екі көзім әлгі үшеуінде. Мені сайға түсіп ұзап кетті деп ойлады ғой деймін. Жаңағылар қаннен-қаперсіз, өлген аттың төңірегінде қала берді. Немесе, енді жаяу адам қайда барар дей ме екен.
Маған да осы кезді пайдаланып қалған жөн. Әлгі саймен жүгіріп кеттім. Сайдың аяғы өзенге, жартасқа тірелді. Өрмелеп тасқа шықтым да, жасырындым. Алыстан әлгілер көрініп тұр.
Сонымен не басыңды ауыртайын. Әлгілер баяғы сайға түсіп, мені қуып кетті. Бәрін көріп жатырмын. Екі атты бауыздап қасында біреуі қалды. Үшбастың өзенін бойлап, екеуі жоғары кетті. Мен кейін қарай, Бабатаға қарай кеттім. Кеш түскенсін, екі етекті белге түріп, Шаян астым. Осы кеткеннен мен мол кеттім. Қырғыз жерінде жүрдім. Соғыс басталды. Не де болса туған жерін көзімнің тірісінде көрсетейін деп балалар мен әйелімді ауылға апарып тастадым.
Сөйтіп, бозтарлан, бағым, мерейім болған ат, сорым, бейнетім болып еді. Сенің буырыл атың оққа ұшқанда менің көз алдыма бозтарлан келді. Кейде ойлап кетсем, бозтарлан Көсегенің көк жонында дөңкиіп әлі жатқандай болады да тұрады.
Штабқа келдік. Кешкі астың тәтті дәмін сезгендей мен де, ол да жұтына бердік.
15
Байланысшы офицердің ісі шабарманды еске салады. Күн демей, түн демей, түрлі-түрлі құпия пакетті планшетке саламын да жорта берем, жорта берем. Мына Солтүстік-батыс майданының бағытында мен бармаған қала, не село, небір хутор кемде-кем-ақ шығар. Міне қызыл көк атты сабылтып, бүгін Харитоново селосына қайта келдім. Барлау бөлімінің бастығы пакетті алып оқыды да, маған қарап:
— Жиырма төрт сағат күтесің! — деді.
— Құп болады! — деп шығып кеттім,
Бұйрықтың аты бұйрық, күте берем. Бірақ қайда күтем? Майдан төңірегі қонақ жай бола бермейді. Мұның үстіне селода штаб тұр. Офицерлер мен солдаттар көп.
Сыртқа шықтым. Атшыма кеп ақылдастым. Жасы менен үлкен, көргені көп Саша Сорокин Сібірдің белгілі қуақыларының бірі болатын. Ол ойланбастан-ақ:
— Жиырма төрт сағат деген аз уақыт емес: Ат та, өзіміз де дем алып қалар едік. Осы селодан шығып, бағанағы жолдан бұрыс тұрған хуторға барып дем алайық! — деді.
Оның мұнысын ақыл көрдім. Атқа мініп, Харитоноводан шыға шаптық.
Кеш боп барады. Әлгі хуторға жақындай беріп, атты тоқтаттым да, дүрбі салдым. Хутор мүлде бос тәрізді. Ортадағы бір үйдің алдында бізге қарап екі әйел тұр. Шарбағында екі-үш тауығы жүр.
— Не де болса кеттік! — дедім.
Бізді көре сап екі әйел де зып беріп, үйге еніп кетті де, біреуі сәлден соң қайта шықты. Бірақ бізбен ісі болған жоқ, қорадағы үш тауықты қуалап үйіне қарай айдады. Мезгілсіз қуғынға түскен тауықтар безектеп жан-жаққа қашты. Зіркілдете қуған әйелдің айдауына көнбей қорадан көшеге шықты. Неше түрлі алабажақ, ұзын етек көйлектерді қабат-қабат киген кексе әйел шашы бұрқырап, қолын көтеріп, үш тауықты қуа жөнелді. Біз қасына жақын келіп қалдық. Бізді елер емес.
Тауықтың бірі — басындағы айдары тілім-тілім, күйе бас, тобан аяқ, құйрығы жоқ, бір қанаты күйік қара қораз екен, ал енді бірі — қысқа мойын, шолақ қанат үлкен қоңыр мекиен де, үшіншісі — қардай аппақ, қызыл тұмсық, аяғы сап-сары жас мекиен көрінді. Әлгі цыганша киінген әйел долдана жүріп, қолын сермеп, кесек, шөп-шалам лақтырып, жаңағы үш тауықты үйіне қуып тықты.
Жақын кеп сәлем бердік. Әйел сәлем алған жоқ, қайта бажырайып жақтырмай, состия қарады.
— Қонамыз! — дедім.
— Жоқ! — деді әйел.
— Неге? — деді Саша.
— Нан жоқ.
— Наныңыз керек емес, нан бізде бар.
— Картошка жоқ.
— Оның да керегі жоқ.
— Төсек жоқ.
— Еденге-ақ жатамыз.
— Бәрібір қонбайсыңдар! Қондырмаймын, — деп сестене түсті.
— Ұзақ жол жүріп шаршап келеміз. Өзімізде бар тамақты ішіп ұйықтап шықсақ болады, қондырыңыз, — дедім, оған жалына қарап.
— Сендер жаман адам емессіңдер ме? — деп әлгі әйел отты көзін бізге тіктеп салды, — құдайды білесіңдер ме?
— Білгенде қандай, — деп Саша кеудесіне, екі иығына қолын жүгіртіп, шоқынып қойды.
— Құдайды білсеңдер, қонасыңдар! — деді әйел.
Біз аттан түстік. Әйел бізге күдіктене қарап, үйіне қарай жүрді. Саша аттарды жайғастыруға сыртта қалды. Мен әйелмен ілесіп ішке кірдім. Үйде жалғыз кереует, үлкен пеш, ағаш столдан басқа ештеңе жоқ екен. Бағанағы екінші әйел еш жерде көрінбейді. Оның үйге енгені анық. Қайта шыққан жоқ. Сонда оның қайда кеткені деп таң болдым. Терезеден шығып кетуі де кәдік емес қой. Терезенің екеуі де шегелеулі екен. Дегенмен, сыр бермедім.
Әйел от жағып, ыстық су қайнатты. Оны екіге бөліп, жартысына шай салдық. Қалғанына жент тәрізді күріш консерві салып, ботқа жасадық. Әйел бізбен бірге тамақ ішті. Қараймын, бір жерде көрген адамға ұқсайды. Қайда, қашан көрдім?
Несін жасырайын, кей-кейде өзіме-өзім риза боп кетсем, ең алдымен риза болатыным — көзім. Әлі күнге дейін жаза басқан жоқ десем, артық бола қоймас. Бұл жолы да солай болды. Көргенім рас. Көз алдыма тізіліп келе бастады. Өткен қырық бірінші жылдың жазында Псков түбінен шегінген кезде бізбен бірге Демьяновск қаласына дейін бір топ цыганның семьясы қоса шегінген. Сондағы табордың басшысы нақ осы әйел болатын. Онда бұл әсем киінген, әбден боянған, сымбатты да, сұлу да еді. Кәзір қарасам, сабағынан үзіліп түскен гүл тәрізді, немесе, әбден уқаланған асыл жібек сынды боп қалған екен. Тек қана әлі де оты таймаған қара көзі жылтырап, жан-жаққа қарағанда сәуле шашқандай, ұшқын атады. Өткен жылы мұның қасында қолын таңған, балдағы бар жас жігіт болатын. Баласы болар деп едім. Оның қасында көзі, қасы қара, аппақ бір жас қыз жүрген. Кәзір оның екеуі де жоқ. Әйел жалғыз. Неткенмен, сөйлеткім келді.
— Кешіріңіз, сіз цыганкасыз ғой? — дедім кенеттен.
— Жоқ, ие, оны қайдан білдің? — деп шошып кеткендей болды.
— Түріңізден, тіліңізден, киіміңізден...
— Түрге, түске қарасақ, сен де монғолға ұқсайсың. Бірақ сен монғол емес, русь офицерісің ғой.
— Мен орыс офицерімін. Сіз цыганкасыз.
— Мен цыганка емеспін, әкем серб, шешем романка. Демек, мен сербианкамын.
Мен баяғы қолын таңған, балдақты жас жігітті, жаңа ғана қасында тұрған әйелдің қайда екенін сұраудың жөнін таба алмадым. Сөйлете бергім келді.
— Сіз менің тағдырым жайлы бал ашып бересіз бе? — дедім.
— Ашамын, айтамын, дәл айтамын! — деп орнынан тұрды да, жастығының астынан әбден кірлеген, тозған карта әкеліп, столға жайып тастады.
Бетіме қарады. Картаны қайта жайып, ішінен үш карта таңдап ал деді.
Алдым. Басқа картаны жинап тастады да, әлгі үш картаның бетіне қарап сайрап ала жөнелді. Салғырт тыңдап мен отырмын.
Кереует астынан жерге түсетін подполдың қақпағы көрінеді. Әлгі екінші әйел соның астында жасырынып жатқан жоқ па екен деп те ойлаймын.
— Алдың толған бақыт. Маңдайың ашық, жүзің жарқын. Бәрі алдыңда, бәрі сені күтіп тұр. Құдайдың саған назары түскен, шам-шырағың маздаған керемет адам боласың! Сұлу жар сүйесің. Бәрі алдыңда, бәрі артыңда, бәрі жаныңда, не ішем, не кием демейсің, жатып ішіп, жатып жейсің, соның бәрі өзіңдікі болмайды, ырысың елдің үстінде екен. Елдікі — сенікі, сенікі — оныкі. Бәрі тегін, бәрі бос. Дарқан дария, ағыл-тегіл, көл-көсір.
— Мынауыңыз өмір емес, қиямет қой.
— Қиямет емес, ұжмақ, нағыз ұжмақта боласың!
— Мұндай ұжмақтың маған керегі жоқ. Одан да сіз тыңдаңыз, мен сізге бал ашып берейін.
— Сен білесің бе?
— Білгенде қандай!
— Ал айтшы, кәні! — деп алдыма карта тастады.
— Карта емес, мойныңыздағы моншақтарыңызды беріңіз! — деп мойнындағы төрт қатар таққан үлкенді-кішілі алқалардың ең үлкенін көрсеттім. Әйелдің көзі бажырайып кетті. Қара сұр өңі ойнақшып, беті күрең тартып, жыбыр-жыбыр етті.
— Сендер құдай адамымыз дедіңдер ғой, бұл немене, бұл алқа бағалы зат емес, әшейін әйнек! — деді.
— Әйнек екенін көріп отырмын, бал салып болған соң моншағыңызды қайтып беремін. Қорықпаңыз, мен Совет Армиясының офицерімін.
Әйел сенер-сенбесін білмегендей, аз-кем аңырып отырды да, алқасының бірін алып, алдыма қойды. Мен әйнектен жасалған моншақтың қырық бірін санап алдым да, столға шашып тастап, қайта жинап, үшке бөлдім. Саша мен әйел көз алмай, менің қолыма қарап қапты. Үшке бөлген моншақты төрт-төрттен жұптап, қалғандарын алға шығарып, кәдімгі қазақша «құмалақ» тарттым. Аузымды күбірлетіп, өзімнің «көріп келіммен» сөйлескендей боп, біраз отырдым да, кенеттен:
— Сіздің не қызыңыз, не келініңіз бар? — дедім.
Әйел сасқалақтап, не айтарын білмей аңыра қалды да:
— Ие, келін, келінім! — деп күбірледі.
Алдымдағы моншақтан әлденелерді оқып, көріп отырғандай күбірлеп, артынша дауысымды қатты, сенімді шығарып:
— Келініңіз бар екен, қызыңыздай жақсы көреді екенсіз...
— Сенейін бе, жоқ па? — деді әйел, — келінім бар.
— Оны неге тығып қойғансыз?
— Тыққаны несі? — деп әйел селк ете түсті.
— Тығып қойғансыз, құдай адамынан құдай адамын жасырып қою күнә болады.
— Сен, әй сен, русь офицері емес, балгер, көріпкелсің. Қалай білдің? — деді.
— Мына моншақтарда көзге көрінбейтін жазулар, суреттер бар. Мен соны оқимын, көремін.
— Сен сонда менің келінімді көріп отырсың ба? — деп әйелдің көзі бажырайып аң-таң боп сүзіле қарады.
Өткен жылы көрген қара көз, ақ қызды есіме түсіріп:
— Әрине, көріп отырмын! — дедім.
— Қандай, кәне, айтшы.
— Келініңіз орта бойлы, талдырмаш, көзі тұнық қара, қасы, шашы қара, өзі ақ, екі құлағы тесік, сырға тағады. Оң жақ иегінде кішкене қара меңі бар.
Бетіме қайта қарады, танауы дірілдеп, ерні оқыс жыбырлап, басын шайқап қойды. Цыганка түгіл, өзімнің атшым Саша да аң-таң.
— Бәрі рас. Мен күнәлімін. Сен сияқты құдай адамынан келінімді жасырмасам да болатын екен, — деп аз ойланды да, — ал көріпкел болсаң, қайда тығулы тұр, кәне соны айтшы? — деді.
Алдымда жатқан моншақтарды араластырып жібердім де, қайта бөліп, қайта тарттым да, төсек жаққа қарамастан:
— Анау төсектің астындағы подполдың ішінде жатыр! — дедім.
Әйел жағасын ұстады.
— Сен цыган емес, цыганның цыганысың. Әй, Зема, Зема, бұл құдай адамы екен, қорықпа, шық бері! — деп айқайлады да, едендегі қақпақты өзі ашты.
Подполдан аппақ шүберектей боп, көзі қарақаттай мөлдір, сұлу келіншек шықты. Ол маған аң-таң боп ұзақ қарады. Неге екенін білмедім, менің есіме әлгінде ғана қорада жүрген, кәзір қамауда жатқан тобан аяқ қара қораз бен қоңыр тауық, оның қасындағы сүйкімді ақ мекиен түсті.
Зема қорыққан адамша состиып көп тұрды. «Отыр» деп бәріміз қайта-қайта айтып, әрең отырғыздық. Соның өзінде көп қуғын көріп, енді құрыққа түскен асау тайдай дірілдеп, үрке отырды. Жұмыр кеудесі бишінің денесіндей қозғалып, сырғасы шайқалып тынышсыз отыр. Қайта-қайта маған қарады.
Моншақтарын жібіне қайта тізіп, алқасын өзіне бердім. Цыганка бал аш деп қайта жалынды. Мен көнбедім. Саша айтты:
— Бүгін сізден асқан құдайды мен де көріп отырғаным жоқ. Айта беріңіз! — деп күлді.
Кім болғанда да, ана боп қалған осы бір әйелді мен алдауды ойлағаным жоқ. Ал, шынына келгенде бұл үйде бұдан басқа тілде сөйлесу қиын еді. Содан да болар, Сашаның айтқанын істедім. Әйел моншағын шешіп, қайта тарқатып, алдыма жайып тастады. Балды қайта ашып, қайта тартып, тағы да біраз үнсіз отырдым. Үй-іші жым-жырт. Бәрінің көзі менің аузымда. Ойлап отырмын. Өткен жылы нақ осы ақ мекиен сынды Земамен қол ұстасып, келіншек иығына аз-кем сүйеніп бара жатқан, қолы таңулы, бір қолтығында балдағы бар жігітті көз алдыма әкелдім. Ол осы әйелдің баласы, мына Земаның күйеуі болар деп жобаладым. Көзі мөлдіреп, жас цыганка маған ұрлана қарайды. Өздері тәрізді балгер адамнан тағы да бір жақсылық хабар күтіп отыр. Олардың осы үмітін ақтағым келді.
— Балаңыз бар, — дедім (келіні болғансын, оны басқадан жасырып отырғансын, бал асы бары аян емес пе?) — бір қолында, бір аяғында кемістігі бар.
— Нақ солай, оны қайдан көрдің?
— Міне, мынадан көріп отырмын.
Екі әйел маған жақындап, моншақтарға үңіле қарады. Әрқайсысы өз кескінінен басқа ештеңе де көре алмады. Зема иығыма асыла кеп, бетін, кеудесін тақап:
— Кәне, қайда, не істеп отыр, түрмеде емес пе, неміске түскен жоқ па? Моншақтан оны емес, сізді көріп тұрмын, — деді.
Земаның көзі шатынап, жалын ата, асыға сөйледі. Оның оты мол, ойнақшыған аумақты қара көзінен ер сағынған жас әйелдің ыстық жүрегін көрдім.
— Қиындық көріп жүр. Сендерді көп ойлайды. Ертең не өзі келеді, не хабар келеді, — дедім. — Моншақтан сен мені көріп отырсың, мен оны көріп отырмын. Ертең не хабар, не өзі келеді...
— Ертең! — деді Зема.
— Ертең! — деді екіншісі.
Өзім ертең кетіп қалатын болғансын несіне тартынайын:
— Ие, ертең не өзі келеді, не хабары келеді! — дедім.
Есіне әлдене түсіп кеткендей Зема сазарып, маған, орыстың жиырмадан жаңа ғана асқан жас офицеріне селтиіп қарады да қалды.
Саша екі атты күзетіп, далада үйген шөпке түнеді. Цыганка ауыз үйге тауықтарының қасына жатты. Аңқиған бос бөлменің ішінде Зема екеуміз қалдық. Ол пешке, мен төсекке жаттым. Ұйқы қайда! Көпке дейін ұйықтамадық. Әсіресе, Земаның дөңбекшіп, тынышсыз жатқанын сездім. Мен де толқып, басыма әр қилы жай түсіп, мазасыздана бердім. Әлден соң, не де болса деп, төсектен тұрып, пешке шықтым. Қасына келдім. Жас әйелдің демі, шашының иісі кеудеме соқты. Басым айналып кеткендей болды.
— Зема! — дедім.
Даусым дірілдеп шықты. Ол үндемеді.
Жантайып, қасына жата кеттім. Лүпілдеген жүректің дүбірі өзіме де естіліп тұр. Айқайлап жібере ме деп те сескендім. Имене-имене, жүрек әмірімен қолымды созып, ып-ыстық жұп-жұмыр мойнына алақанымды салдым, өзіме қарай тарттым. Үнсіз ғана шабақтай ыршып түсті де, жыланша екі бүктетіліп, қалш-қалш етті, кеудесі, бүтін денесі дірілдеп кетті. Бірақ қолымды қақпады. Ноқтаға басы жаңа тиген асаудай дір-дір еткен келіншектің шашын, мойнын, бетін аймалап, сипай бердім. Зема ыңырсып, құшағын жазып созыла берді. Қараңғыда ыстық деміне демімді тостым...
Таңертең далаға шықсам есік алды қып-қызыл қан, кешегі ақ мекиеннің қанаты қайырылып, аппақ жүні ұйпалақтанып, бауыздаулы жатыр екен. Әйелдің екеуі де жоқ, күтіп тұрудың жөні тағы жоқ. Атқа мініп штабқа келдім. Түс ауа пакетті алып жолға шықтым.
Алдымда майданның шаңдақты, қанды қара жолы жатыр. Қызыл көк атпен жортып келем. Харитоноводан шығып, түнеген хутордан өте бергенде, қолын көтеріп, кең көйлегінің шалғайы далбақтап, өкпе тұстан жүгіріп келе жатқан әйелді көріп тоқтадық. Танысымыз екен.
Анадай жерден қолын жайып:
— Сен, сен бір әулиесің, құдайсың. Зема екеуміз почтаға бардық, жаңа баламнан хабар келді. Кел, маңдайыңнан тәуеп етейін! — деді.
Ана көңілін қимадым. Ат үстінен еңкейіп қолына маңдайымды тостым. Ол алдымен екі қолымен басымды қысып, маңдайымнан сүйіп алды. Артынша қолын иығына, кеудесіне басып, тәуеп етті.
— Сенің басың үлкен, қасиеті мол бас екен, жерде қалмасын, немістің оғына тесілмесін деп тілектес бола жүрем. Мынау садағам емес, құрметім! — деп көйлегінің астынан қағазға оралған түйіншек алып ұсынды.
— Бұл не? — дедім.
— Сыйым! — деді.
— Балаңыз келеді екен, бұл сыйды менің атымнан соған беріңіз! — дедім.
— Жоқ, оның өз несібесі бар. Мынау сенің сыбағаң, таңертең саған арнап сойғанмын. Ал, алып кет!
Осылай тұрамыз ба саудаласып дегендей, Саша алды да, бөктергідегі қайыс қоржынға әлгі түйіншекті сала салды.
Біз қоштасып жүріп кеттік. Түні бойы жол тартып, тан ата әбден шаршап, Каменка түбінен ат басын тарттық. Тамақтануға отырғанда Саша қоржыннан түйіншекті алып ашты. Булы тапқа пісірген жас тауықтың тұтас еті екен. Көз алдыма кешегі ақ мекиен келді. Оның артынша Земаны еске алдым. Мынадай сұрапыл соғыс сағымында ол да бұлдырап, мұнар тартып, таңертең ерте тұрған шағымда қызыл жоса қан болып, қанаты қайырыла, мойыны бұралып жатқан ақ мекиендей боп елестеді. Кейде ол да әлгі ақ тауықтай қараңғы түнекке қамалады екен. Ол менің «көріпкелдігімнің» арқасында бір түндік еркіндік алды. Сол еркіндік, сол түнгі ыстық құшақ есінен кетер ме екен деп ойладым. Жоқ, әлде әлгі ақ мекиендей мойыны қайырылып, соғыс соқпағының үстінде қан жоса боп қалар ма екен деп те қиялдадым. Әрине, ащы ой!.. Сөйтіп, түнгі тәттіліктің арты кермек те, ащы да боп кеткен еді.
Тапқа, өз буына піскен жас тауықтың жұп-жұмсақ, тәтті етін жей отырып, осындай басы дәмді, арты ащы ойға баттым. Дәмді тағамды бөліп жескенмен, қаратікен тұздай ащы, кермек ойымды Сашамен бөлісе алмадым.
Асты жеп, атқа қайта қонғанда барып, Сашаға тек қана, не бәрі кешегі «сәуегейлігімнің» сырын айттым.
— ...1941 жыл, Псков түбінде, — деп оқиғаны өткен жылдың август айынан бастадым...
16
Тығыз пакетпен көрші дивизияға келдім. Міне қызық, енді аттанып кетейін деп жатқан кезде Владимир Бараев кездесе кетті. Ескі дос талай қиын күнді, соғыстың алғашқы күндерін бастан бірге еткізген адам. Өзі ақын, жаны сұлу жігіт. Екеуміз құшақтаса кеттік. Сүйісіп жатырмыз, Хал-жай сұрастық. Оның өмірінде өзгеріс аз екен. Батальонда парторг көрінеді. Менің штабта істейтінімді естіп, қуанып жатыр.
Қоштасар кезде Владимир төс қалтасына қолын сап, қағазға оралған бір затты алды да, маған ұсынды.
— Мә, сен ал, менен гөрі жайың оңды екен, — деді.
— Бұл не?
— Ал да, қалтаңа сал. Былай шыққансын ашып қарасаң, бәрі түсінікті болады.
Мен ештеңені ұға алмай, қолымды созып аларымды да, алмасымды да біле алмай тұр едім, ол келді де, гимнастеркамның төс қалтасына сүңгітіп кеп жіберді.
— Бұл не? — деп қолымды қалтама апара беріп едім.
— Тоқта, былай шыққансын көресің! — деп тежеп тастады.
Қоштасып жүріп кеттім. Алғы шептен ұзап, үлкен қара жолға шыққансын қалтама қол сап, әлгі ораулы затты алып қарасам, алтын жүзік, кәдімгі Ираклий Чхеидзенің алтын сақинасы. Көзіме оттай басылды. Бұл сақинаның тарихы да көз алдыма келе қалды.
Бәрі де нақ бүгінгідей есімде тұр. Біздің шаңғышылар Калинин қаласын жаудан азат ету ұрысына қатысты. Бұл жаңа жыл күні болатын.
Қала жаудан босады. Михаил Иванович Калинин өзінің туған қаласын жаудан босатқандарды әдейі келіп құттықтады.
Жапалақтап қар жауып тұр. Қаланың ортасындағы бір алаңда кішкене жиын өтті. Әскерлер сапта. Мінбеге Калинин майданының қолбасшысы шықты. Сөз сөйледі. Одан соң кішкене шоқша сақалы бар, көз әйнекті, өңі аппақ, еңкіш келген аласа бойлы шал сөз алды. Мінбеге бізден гөрі жақын тұрғандар қайта-қайта қол соғып жатты. Оларға ілесіп біз де қол соқтық.
Шал жай сөйледі. Дауысты көтеретін аппарат болмады ғой деймін, ештеңе ести алмадық. Бірақ, көңілі босап, жылап тұрған адам секілді көз әйнегін алып, көзін қайта-қайта орамалмен сүрте берді. Қар жауып тұр. Михаил Ивановичтің пальтосы мен құлақшыны да аппақ болды. Ақ сақалына қырау тұрып, одан сайын ағарды. Ол жіңішке, нәзік саусақтарын жоғары көтеріп, әлденелерді айқайлап, жігерлене айтты. Бәрібір бізге дауысы жеткен жоқ.
— Не деп тұр, бұл шал? — деді бір жауынгер.
— Шал деме, әкеміз ғой! — деді Владимир Бараев.
— Әкесі балаларының ерлігін мақтаныш етіп, қуанып тұр, — деді Ираклий Чхеидзе.
Мұның өзі де көзіне әйнек киетін жігіт еді. Әйнегін қолына ап, қайта-қайта ысқылап, сүртті де, қайта киді. Пышақтың қырындай жұқа, биік келген мұрнының қырына әйнектің салмағы түсіп, қызарып кеткен екен. Әйнектің алтын түстес темірінен мұрынның қырына суық өтті ме екен, әлгі қызарған жерін саусағымен уқалап, әйнегін қайта киді. Бұл киген кезде, мінбедегі шал әйнегін қолына алды. О да суықтан шыдай алмай тұрған сияқты. Владимир Бараевтың ақын көзі мұны көре қойды ғой деймін, мырс күліп:
— Ираклий, сен әкеңмен қосылып жылап тұрсың ба? — деді.
— Жылап тұрмын. Қуаныштан жылаймын. Мына жыл бізге мол бақыт, жеңіс әкеледі екен. Жаңа жыл күні әкеміздің үйін, үлкен үйді жаудан босаттық. Әкеміздің өзі келіп, батасын берді.
— Әке үйін біздің халқымыз «қара шаңырақ» дейді. Біз бүгін қара шаңырақта отырып, әкеміздің өзінен ақ бата алдық, — дедім мен де күліп.
Жиыннан қайттық. Осы күні кешке Владимир, Ираклий үшеуміз қаланың шетіндегі темір жолдың бойында, үстіңгі қабаты бұзылған үйдің астында түнеп шықтық. Көптен бірге жүрсек те сырласуға мұрша да келмеген екен. Бүгін сығырайған май шамның түбінде отырып, үшеуміз көп сөйлестік.
Ең үлкеніміз Владимир Бараев екен. Ол отыздың ішіндегі жігіт. Чуваш ақыны. Сумкасынан алып, өз тілінде басылған екі-үш кітабын көрсетті.
— Ертеде чуваштың Али деген батыры болған. Мынау сол туралы дастан, — деді ол.
Ираклий екеуміз сыртында «Али-батор» деген жазуы бар жұқа кітапшаны алып кезек-кезек қарадық.
— Грузинде Саакадзе, қазақта Сырым деген батырлар бар. Али деген біздің чуваштың сондай батыры, — деп қойды Владимир.
Ортаншымыз Ираклий екен. Жоғары оқу бітіріпті. Журналистік білім апты. Жасы жиырма бесте. Менен төрт жасы үлкен. Жақынға қараған кезде көзәйнек киеді. Жайшылықта онысын қалтасына салып жүреді. Алтын түстес жиегі бар, үлкен де, әдемі де әйнек. Етсіз, сопақ жағына, әдемі қырлы мұрнына, қою қара қасына әйнек сондай келісті боп жарасады. Мен кейде, оны әшейін сәндік үшін кие ме екен деп те қалдым. Бармақ басындай етіп қойған, танауының астындағы құндыздай қара мұрты да жарасып тұрады. Мұның үстіне сол қолының аты жоқ саусағына салған алтын сақинасы бар.
Ираклий Чхеидзе саусақтары қыздың қолындай нәзік, етсіз. Өзі де бір зиялы, оқыған семьядан шыққан адам тәрізді еді. Онша көп сөйлемейтін, бірақ, жымиып күле жүретін, жайдары жігіт еді.
— Соғыс деген, шіркін, осы ғой, нағыз жазу үшін жаратылған, қалам ұстауға лайық мына нәзік саусақтардың енді пистолет ұстап, қан шеңгелдеп, топырақ уыстап жүрісін, — деген бір сөздің кезегінде Бараев күліп оған.
— Өзіңіз ше, өзіңіз! — деді Ираклий де күліп, — лирика жазатын қолмен кімнің қаны болғанда да, қан шеңгелдеп, адам атуға бола ма екен? Пушкин Дантесті, Лермонтов Мартыновты, өздерін өлтірейін деп тұрған жауын неге атпады? Ә, ұсталдыңыз ба?
— Ұстай алмадың, Ираклий, ұстай алмадың. Дантес пен Мартынов лириканың ғана, жеке адамның ғана жендеті. Ал мына жау — менің өз басымның ғана емес, халқымның, менің ата-ана, бала-шағамның жауы. Міне, содан мен лириканы қоя тұрып, менің ұрпағыма қас, тамырыма балта шапқалы тұрған жауды атамын. Сонда ұрпағым да, лирикам да аман қалады.
— Қатені мойындай білудің өзі ақылдылық. Түбі мен ақылсыз болмасам керек. Құп, құп, — деп күлді Ираклий, — ойынға шындай қып, жауапты шегелеп айтасыз. Сізбен айтысу қиын.
— Ойнап айтқанды жақсы білем, — деді Владимир.
Бұл екеуі әзілін бітіре берген кезде, үлкен де болса, тетелес қой деп Ираклийге мен де жармастым.
— Көзәйнек көру үшін болсын, ал алтын сақина мен анау мұрт не үшін? — дедім.
Ираклий алдымен балаша қызарып кетті, артынша күлді.
— Дұрыс айтасың, Сәукен, дұрыс сұрау. Өзің айтып отырсың, көзәйнек көзі нашарлау адамға көру үшін. Ал, сенің білмей отырғаның баспа мұрт қой. Бұл қыздың тамағын қытықтау үшін қойылады. Сүйген кездегі хош иісті сақтау үшін өсіріледі.
— Сақал мен мұрттың арасында періштелер жүреді деуші еді. Ол рас болса, сенің мына кішкене баспа мұртыңның арасында садағын ұстап, талай амурлар жүр екен де...
— Солай болар, — деп күлді ол.
— Неткен амур ол, мұз қатырып, қар тоқтату үшін қойылған деп неге айтпайсың? — деді Бараев.
— Жоқ, олай емес, үсті мұз, асты жылы келеді мұрттың. Мұз астында хош иіс бар. Ал алтын сақина болса, менің қалыңдығым берген. Мамам берген. Осы жүзікте екі адамның, анам мен қалыңдығымның аты бар. Әр кезде соларды есіме сақтау үшін салдым. Кейде, осы сақинаға қарасам мамамды, қалыңдығым Нунуды көріп отырғандай боламын.
Ираклий әзіл сөздің өзіне шындай етіп, қайта мұңдылау етіп жауап берді. Өзім де қолайсыздау жайда қалдым. Сонда да болса, ұялған тек тұрмас дегендей:
— Қалыңдығың Александр Сергеевичтің жұбайы тәрізді сұлу ма? — дедім.
— Пушкиннің әйелін айтамысың?
— Жоқ ә, одан басқа Александр Сергеевич болған. Оның жары Наталья Гончаровадан да келбетті болған. Ол — Грибоедов.
— Сен өзің бәлесің ғой, оны қайдан білесің, әй?
— Мен бала емеспін ғой. Таңданатын не бар. Александр Сергеевичтің өлігін Ираннан Тбилисиге әкелгенде, әйелі қолындағы сақинасына қарап таныған. Сенің сақинаңды көргенде сол жай еске түсті.
— Дұрыс, — деді Чхеидзе, ауыр күрсініп, — дұрыс айтасың. Бірақ менің қалыңдығым Нино Чавчавадзе тәрізді асқан сұлу болмағанмен, өзінше сұлу, өзіме сұлу.
Біздің әңгімемізді байланысшының хабары үзді. Жаңа бұйрық бойынша шегінген жаудың соңына түстік. Қалың қар, қақаған аяз. Жаудың шегінген сүрлеуіне түсіп, жүріп бердік. Алакеуімде жау бекінген үлкен селоның қасына келіп тоқтадық. Беті шығысқа қарай қазылған, жаудың бізді қуған кездегі ескі окобы екен. Қар басып қалған. Апыл-құпыл қарын аршып, бекіне бастадық. Жау селоны түтіндетіп, жан таласа күш жинап, қарсы шабуылға әзірленіп жатқан тәрізді.
Тан ата атыс басталды. Орнымыздан әлденеше рет көтеріліп, қайта жаттық. Селоға, панасы көп, қалтарысы мол жерге бекінген жау бас көтертер емес. Түнделете суыт жүріп, терлеп, шаршап қалған жауынгерлер таңғы суыққа шыдай алмай, жер тепкілеп, қолдары илікпей әрең атып жатыр. Өз взводының бекінген окобының ішінде зыр жүгіріп Ираклий жүр. Әр жауынгердің қасына келіп: «Былай ат, былай ат, былай...» деп қояды.
Маңдайынан оқ тиіп бір жауынгер окоптың түбіне құлап түсті. Винтовкасы қар үстінде қалып қойды. Ираклий жүгіріп кеп, әлгі винтовканы алды да, өзі ата бастады.
Атып жатыр. Қызу қанды, шапшаң, жас жігіт емес пе, жаудың пулемет ұясын көздеп, екі-үш обойма ақ жіберді. Бір кезде қарасам, алтын сақинасы бар қолының астыңғы жағындағы қалың еттен қан саулап, ағып жатыр екен.
— Жолдас лейтенант, жаралы болдыңыз, — дедім.
Атуын тоқтата қойды. Аязды күні қан әрі тез, әрі көп ағады екен. Ол қан саулап тұрған жаралы жерін аузына салып, ұртын толтырып бір-екі рет түкіріп тастады да, одан соңғыларын сылқылдатып жұта бастады.
Мен жара байлайтын шүберекті алып, орауын жазғанымша ол өзінің жып-жылы қанын сылқылдатып жұтумен болды. Жарасын байладым. Қаны аппақ шүберектің сыртына қып-қызыл боп шыға келді.
— Өз қаныңды өзің неге іштің? — дедім.
— Мен онсыз да қаным аз, арық адаммын ғой...
Комбат батальонды атакаға көтерді. Қым-қиғаш ұрыс боп кетті. Взводтың алдында кіп-кішкене боп, көзәйнегі жарқылдап Чхеидзе кетіп бара жатты. Село ішінде қатты ұрыс болды. Сәскеде жау селоны тастап, қаша бастады. Үйлер өртеніп жатыр.
Түс кезінде тыныс алдық. Жау ұзап кетті. Тірі қалғандар бас қоса бастады. Бір топ жауынгер плащ-палаткаға сап, Ираклийдің денесін алып келді. Нақ бір кешегі тірі кезіндей боп сүйкімді жұқа өңі бұзылмай, әйнегі жарқырап, бейне бір ұйықтап жатқан тәрізді екен. Тек қана танауы қусырылып кеткен екен.
Өлік басына әдейілеп қарауылға тұрғандай айнала қоршап үнсіз тұрдық. Түс ауып барады.
Қимас, жақсы досты қара жерге бердік. Қалтасынан жазылған хаттарды, партбилетін, қолынан алтын сақинасын алдық. Қанша дегенмен ақын жанды адам емес пе, Владимир сақинаны алуға қарсы болды.
— Ертеде батырларды ер-тұрманы, қару-жарағы, керек десе, сүйген жарымен бірге көметін, — деп қойды.
Біз алтын сақинаны сүйген қызы Нунуға немесе анасына жіберуді ойлап алған едік.
Нуну демекші, Ираклийдің қалтасынан сүйген қыздың соңғы жазған хаты шықты. «Ираклий! — депті ол. — Жақында түс көрдім. Жаман шошыдым. Айқайлап жіберіппін. Өз дауысымнан өзім шошып оянсам түсім екен. Ол түсімді сенің мамаңа айттым.
Ол: «Ираклийдің жасы ұзақ болады екен», — деді. Көңілім осыдан кейін ғана орнына түсті. Түсімде сені жау атып өлтіріпті. Қара қағаз кепті. Мең қара жамылып, шашымды жайып, жылап отыр екем. Жылап жатып ояндым. Түсімде шынымен-ақ жылаппын. Көзім қызарып, жастығым су боп қапты. Сенің мамаң осыны жақсы түс деді. Әменде, жақсы түс болғай...»
Партбилет пен алтын сақинаны батальон партия ұйымының секретарына тапсырдық.
— Билетті тапсырғандарың дұрыс-ақ, мына алтын сақинаны қайтемін? — деді ол бізге қарап.
— Қалыңдығына, немесе, анасына жіберіңіз...
Біз ұзай бердік. Қашқан жаудың соңына түстік. Парторг алтын сақинаның қырына жазылған «мама», «Нуну» деген екі сөзді оқып, өзінің де келіншегі мен шешесі есіне түсіп кеткендей мұңая басып, бізбен бірге кетті. Жолда келе жатып:
— Бұл сақинаны қолынан бекер алғансыздар, не де болса, бірге, жігіттің өзімен бірге көмген орынды болар еді, — деді ол жай ғана.
— Мен бұларға айтқанмын, — деді Бараев.
— Енді оқасы жоқ. Қашан соғыс біткенше бұл сақина менің мына төс қалтамда болады. Соғыс біткен күні Ираклий Чхеидзені білетін, тірі қалған достары жиналамыз. Мына сақинаны ортаға қойып, жеребе тартамыз. Сақина кімге шықса, сол Ираклийдің анасына, не қалыңдығына өз қолымен тапсыратын болады, — деді парторг.
Біз осыған келістік.
Мен көп кешікпей бұл бригададан басқа дивизияға кеттім. Осы оқиға еске түссе-ақ болды, жеребе кімге түсер екен, Ираклийдің алтын сақинасын абзал анасына, немесе қалыңдығына кім тапсырар екен деп ойлаушы едім. Енді міне, сол сақина менің қалтамда келеді. Бір дивизияда Ираклийді білетін мен ғана. Өзінен өзі жеребе маған шыққан боп отыр.
Ойлап келем. Осы соғыстан сау қалсам маған, Ираклийдің көзін көрген жалғыз танысына Тбилисиге сапар шегуге тура келеді.
Жасыратын не бар, ішімнен осы күнге жеткізгей деп тілегенім рас.
17
Түн ортасында, шырт ұйқыда жатқан кезде оятқанды кім жақсы көреді дейсің. Бірақ, соғыста бұған әбден ет өліп кетті емес пе? Штабтағы кезекші офицердің шақыруымен көзді ұйқыдан уқалап ашып, оперативтік бөлімге келдім. Шақырылған жалғыз мен емес, бірнешеу екенбіз. Алексей Дробчинский екеуміз артын ала «елдік. Әрқайсымыз келгенімізді жеке-жеке хабарлап өттік.
Майор Матвеев төмен қарап, жай сөйлейтін адам. Сол әдетінше басын төмен сап, жайлап та, баптап та сөйледі.
— Бүгін тан ата дәл бес ноль-нольде біздің дивизия шабуылға шығады. Мақсат жауды мына тұрған тас жолдың бойынан айдап шығу. Бұл жолдың бүтін Солтүстік-батыс майданы үшін стратегиялық маңызы бар. — Ол картадан оңтүстіктен солтүстікке қарай тартылған жуан қара сызықты көрсетті. — Жау бекінісі осы жолды жағалай орналасқан. Жолдың арғы және бергі бетіндегі мына бір нүктелерге қараңдаршы. Осының бәрі бекініс. Шабуылдан бұрын осы бекіністі біраз талқандап алған жөн. Дәлме-дәл, таңғы ноль-ноль бесте, біздің артиллерия сөйлей бастайды. Сол кезде сендер алғы шепте боласыңдар. Артиллерияның бақылау пунктінде отырып, ұрыстың барысын тікелей комдивке хабарлап отырасыңдар. Тапсырма түсінікті ғой деймін? — деп, әрқайсымыздың бетімізге қарады. Қара көлеңкелі май шамның сәулесінде ешкімді көре алмады.
— Тағы да Черниговтың ойлап тапқаны екен ғой, — деген біреудің күңк еткен дауысы шықты.
Майор сөзінен жаңылған жоқ. Қатыңқы қабағының астынан сүзіле бір қарап өтті де, сөзін септей берді.
— Кімнің бұйрығы болғанда да, мұнда үлкен мән бар. Артиллерияның жауға атылған снарядының еткен эсерін ғана емес, жаудың психологиясын, әрекетін, әрбір қимылын байқап қалған жөн. Оның алдағы шабуылдарға да қажеті бар. Сонымен сендер кәзір алғы шепке кетесіңдер, жауды сезіктендіріп алмай, түнде, қараңғы кезде артиллерия қимылын басқаратын корректировщиктер қасына немесе соларға жақын жерге орналасып алыңдар. Топтануға болмайды. Жалғыз жүріңдер. Қайту кешкі алтыда. Сол кезде ұрыс та бітер. Жолдарың болсын!
Біз шығып кеттік. Мезгіл марттың бас кезі болатын. Жерде қалың қар бар. Түн едәуір-ақ салқын екен. Бес-алты адам сүрлеу жолға түсіп, алғы шепке тарттық. Біздің бастаушымыз ұзын бойлы қара капитан, құпия шифрлар бөлімі бастығының орынбасары, кәдімгі қуақы Шелестов. Бұтақтарын бомба жұлып кеткен қайыңдай қаздиып ең алда келеді. Түнгі жүріс ұзақ көріне ме, әйтеуір көп жүрдік.
Алғы шеп жым-жырт екен. Қарауылдың өзі «Бұл кім?» деген сөзді жайлап, жау естіп қалмасын дегендей етіп айтты.
— Сосна! — деп сол күнгі парольді айттық. Қасына жақындау кеп жөн сұрадық. Атақты Талғар полкінің шебі екен, әрине, бұл оның ресми аты емес. Документ бойынша он тоғызыншы полк деп аталады.
Біз осы жерде бөліндік. Әркім өзіне тиісті участок алды. Бір байланысшы жауынгер мені полковой артиллерия жауынгерлері тұрған жерге әкелді. Олардан бір адам ертіп, түнгі төрттен өте бергенде, корректировщиктерді тауып алдым. Жайды түсіндірдім.
— Жолдас лейтенант, ағаштың басына шығып қарайсыз ба? — деп күлді бір жас сержант.
— Екеуміз бір бұтаққа мінеміз! — дедім.
— Бір оқтан екеуміз бірдей өлгенше, ең болмаса жаудың тағы бір оғын шығын етейік те! Екеуміз екі жерде отырсақ бізге екі оқ атады. Жауға о да болса шығын.
— Әй, өзің бір ақылды жігіт сияқтысың, мынауың өте дұрыс ақыл. Сен екі қолыңды екі бұтаққа, екі аяғыңды екі бұтаққа, басыңды бір бұтаққа іліп қойсаң, бір өзің жаудың бес оғын шығын етесің, ал мен сенен гөрі алысырақ, әне бір ағашқа шығайын.
— Сізбен қалжыңдасу қиын екен, атыңыз кім, жолдас лейтенант? — деді әлгі сержант, тағы бірдеңе айтуға ыңғай көрсеткендей жымия күліп.
— Құда түсейін деп пе едің, Сәукен. Өзің кімсің?
— Қыздың аты сияқты қып-қысқа екен атыңыз. Менің атым — Аллаберген. Әкемнің ұп-ұзын қып, аямай-ақ бере салғанын көрдіңіз бе? Ал ол өз атын әкесі қысқа етіп «Ақбоз» қойғанын мен туғанда есіне алмаған, ұмытып кетіпті. Сонымен менің аты-жөнім Аллаберген Ақбозов. Командирімнің тілі келмей қинала бергенсін, оған осының жарым-жартысын орысшалап бердім.
— Сонда қалай боп шықты?
— Айтпай-ақ қойсам қайтеді, жолдас лейтенант. Өзі бірақ, тым қызық боп шықты.
— Кәне, айтсаңшы сол қызықты.
— Мен айттым, жолдас командир. Сізге менің аты-жөнімді айту қиын-ақ боп жүр. Одан да сіз Аллаберген Ақбозов деудің орнына «Аллахдан Белобозов» десеңіз, мен «Ә, жолдас командир, не дейсіз» деп тұрамын ғой дедім. Ол кәзір мені осылай атайды.
— Ал, Аллахдан Белобозов жолдас, өзің қайдансың?
— Қазақстанда Қаратау деген жер бар. Онда Бөген деген өзен бар, Соның жағасында, Қызылкөпір деген жерде туыппын. Ал, айтпақшы, өзіңіз ше, жолдас лейтенант?
— Екеуміз жерлес екенбіз.
— Рас па, жолдас лейтенант, онда әлгі қалжың сөздерімді қайтып алдым.
— Мен де қайтып алдым. Қалтама салып қойдым.
— Нақ сол қалтаңыздың тұсынан оқ тисе төгіліп қалмай ма?
— Сен де бір сөзуардың бірі екенсің, төгіліп қалса теріп ал да, өз қалтаңа сап қой.
Аллаберген екеуміз осылайша қылжақтап отырғанда артиллерия командирінің корректировщиктерге:
— Әзір болыңдар! — деген командасы естілді.
— Жолдас лейтенант, сіз мына бір үлкен ағаштың түбіне барыңыз, мен кейін, мынау ағаштың басына шығамын. Арамыз әрі қашық, әрі жақын болады. Сөйлесіп тұрамыз. Мына аппаратқа кейін наушник жалғап беремін сізге!
— Сен оны кәзір жалға!
Ол сумкасынан наушник алып, аппаратына жалғап, маған берді. Әлгі үлкен ағаштың түбіне кеп отырдым. Уақыт беске жақындап қалды.
Мен түбіне кеп отырған шырша ағашы үлкен де, кәрі де екен. Соның қар аз түскен, ықтасын жағына кеп отырдым. Әрі ық, өрі қорған, осындай алып ағаштар жанды талай алып қалған, Дәл келе жатқан оқтан, қасыма жақын кеп жарылған снаряд пен мина жарықшақтарынан әлденеше рет аман алып қалған осындай батыр тұлғалы кәрі ағаштарды, орыс ормандарының күзетшісі тәрізді ерекше ағаштарды мына қарт шырша тағы да еске түсірді. Бүгін тағы да сақтайды екен деген тәтті ойға қалдым. Ойым осы ағашта, құлағыма артиллерия командирінің «Внимание, внимание» деген жалғыз сөзі ғана қайта-қайта шық-шық етеді.
— Беске бес минут қалды! — деді командир.
— Беске үш минут қалды!
— Беске бір минут қалды!
— Беске он секунд қалды!
— Внимание, огонь!
Трубкадан естілген сөздер осы ғана. Бүкіл қара жерді солқылдатып, «Соғыс тәңірі» деп аталған артиллерия сөйлеп ала жөнелді. Тұнық аспан, тыныш дүние, сауырлы қара жер дүрлігіп сала берді. Мен отырған, ғасырдан аса жасаған жуан шыршаның төңірекке жайған сансыз тамыры ауру кісінің қан тамырынша жиі-жиі соғып, солқ-солқ етеді.
Төңірек жарықтана бастаған. Аллаберген ағаштың бір бұтағына атша мініп апты.
— Асып кетті!
— Жетпей қалды!
— Оңға қарай!
— Енді солға қарай! — деп трубкадан қақсап тұр.
Жау жағы тым-тырыс. Қарсы атпай, өздерінің қайда екенін білдірмеуге тырысып, үнсіз отыр. Жарты сағатқа жуық атыстан кейін артиллерия тоқтады. Тоғай арасынан танктер көріне бастады. Осы ұрысты басқаруға келген корпус командирінің ойы айқындала түсті. Артиллерия біраз талқандап бергенсін, танктердің соңынан жаяу әскер шабуылға көтерілуге тиіс. Бұл, әрине, жаңа тактика емес. Бірақ, мұндайда шабуылшының табысы жаудың күшіне, айласына, артиллерия атқан кездегі шығынына, қарсы қояр күштің көп-аздығына қарайды емес пе!
Біздің танктер қалың қарға малтығып, өзіміздің шепке қарай жақындап келеді. Жаяу әскерлер танктердің қатарға жақын кеп, одан алға түсуін күтіп жатыр.
Дүрбі сап жау шебіне қарадым. Тым-тырыс. Біздің танктер төрт-төрттен сап түзеп, жақын келіп қалды. Бірақ үлкен де, орташа да танктер емес, кішкене танкеткалар екен. Оның үстіне, неге екенін білмедім, әлгілердің аттары да тым нәзік екен. Әрқайсысының башнясына үлкен әріппен аппақ етіп, «Зоя», «Таня», «Соня», «Мая», «Галя» деп қойыпты. Осы тәрізді қыз аттас танкеткалар өзіміздің шептен өтіп, жау шебіне қарай бет алғанда, жаяу әскерлер де көтерілді. Сол сол-ақ екен, жау жақтан винтовка, зеңбірек, пушка қаруының бәрі бірдей дүрсе қоя берді. Қым-қиғаш атыс боп кетті. Көрінбей, үнсіз жатқаны болмаса, жау күші мол да, әлі тірі де екен. Артиллерия онша көп қирата алмаған.
Біздің жаяу әскер қыз аттас танкеткаларды тасалап алдына қалқа етіп алға кетіп барады. Ең алда кетіп бара жатқан «Зояның» мойыны қайырылып, түтіні шығып жана бастады. Артынша «Маядан» жалын көрінді. Танкистер сырт киімдерін шешіп, жанған танкеткалардан жүгіре шығып, кейін қашты.
— «Зоя» жанып кетті.
— «Мая» жанып жатыр.
— «Таня» жау шебіне жетіп қалды.
— «Таняны» өртеп жіберді.
— Біздің жаяу әскер жеткен жеріне жатты.
— Жау атып жатыр, — деп Аллаберген сарнап тұр.
Жау өзінің бекінісінде отыр. Біздің әскер ашық алаңда, қардың үстінде жатыр. Бас көтеруге ырық берер емес. Мұның үстіне «Біздің қыздар» шоштиып-шоштиып, әр жерде сіріңке қорабы тәрізді жалын боп жанып жатыр.
Жау атуын үдете түсті. Мен тасалап тұрған жуан шыршаның діңгегі бүкіл тамырымен солқылдап, дір-дір етеді. Жау жақтан келген оқ пен снаряд және мина жарықшақтары қабығы қалың, жуан діңгекке кірш-кірш етіп еніп те кетеді. Немесе, зуылдап жанай өтеді. Ажал әдейілеп келмесе, жау қасыма келіп, винтовка сүмбісін сұғып алмаса, өлетін мен жоқ. Аллаберген де ағаштың басынан түсіп, түбінде отыр.
— Жау танктері көрінді! — деп айқайлады Аллаберген.
Міне, нағыз қиын жағдай енді басталды. Қорғаныс-бекіністен қашық, қар үстінде, ашық аланда жатқан әскерді танктер басып-жаншып жоқ етпей ме, қармен, жермен араластырып, талқандап жібермей ме! Нақ кәзір шегін десең де, қырып салады.
Жау танктері анық көрініп жақындай бастады.
— Танкке қарсы ататын пушкалар, алға! — деген дауыс шықты. Біздің жақтың пушкалары мен минометтері ата бастады. Жаудың бастаушы танкісі тоқтап қалды. Басқалары жүріп келеді. Өздерінің танкісін қорғап, бізге қарай өткізіп жіберу үшін жаудың пушкалары біздің пушкаларды қарауылға алып, снарядты үсті-үстіне жіберді. Ал біздің пушкалар жаудың бірнеше танкісін өртеді, тоқтатты, кейбіреулері біздің жатқан әскерге жете алмай шегіне түсті. Екі жақтың да танкпен жасаған атакалары сәтсіз болды. Ұрыс аланында бір-біріне қарай ауызын ашып, тұмсығын көтеріп, пушкалар, қаңқайып-қаңқайып танктер қалды. Осы кезде жатқан әскердің басынан асыра атылған снарядтар зу-зу етіп жөнеле берді. Кәдімгі артиллерия дуэлі басталды.
— Гвардия кіші лейтенанты Таймасов, пушкаларды алға, ашық шепке шығар! — деген команда естілді.
Бұл менің бұрын мүлде естімеген фамилиям. Құлағым елеңдеп, өзіміздің шепке қарадым. Осы кезде 45 м/м үш пушканың адамдары алға қарай шығып, жаудың шегінен танктері мен көрініп тұрған пушкаларын оқтың астына алды. Жау да есесін жібермей атып жатыр. Бір снаряд ортада тұрған пушканы қар-топырағымен қосып жоғары көтеріп тастады. Сәл аялдап, әлгі пушка қайта атты. Қып-қызыл оқ пен снарядтың астында басын қайта-қайта көтере түсіп, біреу айқайды салып, команда беріп жатыр. Әлгі Таймасов деген осы шығар деп ойладым.
Жаудың да танктері қирап, пушкалары қатардан шыға бастады. Біздің жаяу әскер қар үстімен жер бауырлап, алға жылжыды. Әскердің артымен әлгі үш пушка да жылжып, мүлде ашық алаңға шықты. Жаудың екі зеңбірек ұясын, бір дотын атқылап, үнін өшірді. Жаяу әскердің алға жылжуы жеңілдей тусті. Жаудың бекіністері бірінен соң бірі қирап жатты. Осы кезде әлгінде шегініп барып тоқтаған жау танкісінің бірі башнясын кері бұрып, әлгі біздің пушкаларды оқтың астына алды. Командирдің өзі бастап келе жатқан ортаңғы пушканы быт-шыт қылды. Адамдары бірін-бірі сүйемелдеп кері қайтты. Дөңгелегі қисайып, стволы аспанға қарап қаңқайып, бұзылған пушка ұрыс алаңында қала берді. Взвод командирі екінші пушканың қасына келе бергенде ол да қирап қалды. Қалған жалғыз пушка танктің пушкасымен атысып жатыр.
— Оқты тоқтат, жаяу әскерлер көтеріледі! — деді артиллерия командир!
Біздің пушка атуын тоқтатты. Жау төпеп жатыр. Пушка мен минометтен әскерге снаряд жіберді.
— Таймасов, алға, алға, жаудың пушкасын ат! — деген артиллерия командирінің дауысы қайта шықты.
Жалғыз пушка атакаға көтерілген жаяу әскермен теңесіп, араласып кетті. Жау тас жолдың бойынан шегіне түсті. Біздің жаяу әскер жаңа шепке орналасты.
Кештетіп штабқа қайттым. Осы жерде бір кезде село болған екен деген аты болмаса, бүтін тұрған бір үйі жоқ, Дарище селосына келсем, бір топ адам бірдеңені қоршап тұр екен. Қасына келдім. Орта бойлы, қасы да, шашы да тұнық қара, әрі қою, дөңгелек жүзді, жас жігіт плащ-палатканың үстінде, екі қолын екі жаққа қарай жайып жіберіп жансыз, Сұлық жатыр. Көнтек, қалың ерні қабыршақтанып кезерген. Быт-шыт болған шинельдің кеудесіне ұйыған, жентек қан жабысыпты. Екі ат жеккен кішкене жайпақ шанаға салып әкелген болуы керек, қабыршақ боп қатқан ақша қардың бетіне ақ қағазға қызыл сиямен тартқан ирек жолдай қан түсіпті.
— Бұл кім? — дедім.
— Гвардия кіші лейтенанты Есмұқан Таймасов! — деді бір солдат жайымен.
Менің ойыма күндізгі соғыс, ондағы осы жігіттің ерлігі мен батылдығы, шапшаңдығы түсті. Бірақ оның бәрі өтті. Енді жігітті қара жердің құшағына бергелі тұрмыз.
Қалың қарды аршып, тоң жерді қаздық. Жер бетіндегі жарты метрдей қатқан жерді алғансын, ар жағы борпылдақ қара топырақ болып кетті. Есмұқанды жерлеп, басына тақтайға жазып, мынадай сөз қалдырды. «Бұл жерде артиллерия айқасында ерлікпен қаза тапқан гвардия кіші лейтенанты Есмұқан Таймасов жатыр».
Кеш боп барады. Дарище деревнясының орнындағы бір төмпешіктің үстінде, аппақ қардың ортасында ақ қағазға тамған қара қоңыр сиядай боп, қарауытып, Таймасовтың моласы қала берді. Біз ұзай түстік.
Ойлаймын, осы келе жатқан бір топ жауынгердің көбі-ақ осыдан бірнеше сағат бұрын қасында жүрген ақ жарқын жақсы досы жайлы, қара жер құшағында ұйықтап жатқан ержүрек, аяулы Есмұқан жайлы ойлап келеді.
18
Шабуыл күнгі кеш. Ымырт үйіріле штабқа келсем, қоныс аударып кетіпті. Қыс бойы тұрған сасық блиндаждар жау шауып кеткендей қаңырап тұр. Ескі ат қоралардың төңірегінен жүріп болмайды. Қолқаны қауып, мүңкіп жатыр. Аялдамадым. Штабты іздеп жүрмін.
Жаңа жайды сұрастыра жүріп әрең таптым. Ловать жағалауындағы бір шоқ қалың орманға орналасыпты. Қарды аршып, қара жерге үлкен-үлкен шатырлар тіккен. Соның өзінде кеш келген маған орын жетпеді. Төңірек күңгірт тартып, қас қарайып кетті. Жатар орын іздеп, өзен жаққа келдім. Бір топ адам жарқабақтың астында, өзенге жақын жердегі бір терең сайда отты маздатып, өздері төңірегінде шынтақтап жатыр...
— Сәлем бердік!
— Орта толсын!
Таныс дауыс, жылы лебіз. Бұл кім деймін. От басына отыра беріп қарасам, міне қызық, Нәлқара. Қасында бір топ солдат. Отты төңіректеп, мүлгіп отыр. Қабақтары қатыңқылау. Шабуылда шаршаған жандар.
— Сіз бе едіңіз? Қуаттысыз ба?
— Шүкір, шүкір!
Дауысы жарқын емес. Көңілсіз екен, оңып тұрған мен де жоқ. Отты айналдыра қалың етіп, шыршаның майда бұтағын төсепті. Соның үстіне жантайып, жанып жатқан отқа қарап, мен де мүлгіп кеттім. Тән шаршағанмен, жүрек күндізгі дүрсілін тоқтата алмай, ауға түскен сазандай бұлқынады. Үріккен асаудың сауырындай денем дір-дір етеді. Көзімді жұмып, мызғып алғым келеді. Көз ұйықтаса да, көңіл ояу. Көптен бері от көрмегенсін бе, қызықтаймын. Бетіңді алау қыздырады. Жан сая тапқандай, енді бір сәт күндізгі бейнетті ұмытасың.
— Ата-бабамыз, қорықсаң от жақ, еріксең от жақ дейтін.
Әлі ұйықтамай отыр екен. Дауысы күмбірлеп, көтеріңкі шықты. Бұл Нәлқара ғой. Бірақ бұл жолы мен үндемедім, өйткені жанды қыздырып, күндізгі үрей мен азапты, қайғы мен қанды естен шығара бастаған от алауына, қызыл жалынына табынғандай енді-енді жүрегім дүрсілін саябырсытып келе жатыр еді.
Айтқан сөзіне жауап болмағансын, Нәлқара «ым» деді де, отырған жеріне ырғалып, жайласа түсті.
Әбден шаршаған болармын. Бір сәт, бүкіл дүние — тіршілікті ұмытып, мызғып кеттім. Қанша уақыт өткенін білмеймін. Жаным рахат тауып, денем сергіп, бірнеше сағат ұйықтағандай-ақ тыңайып қаппын.
Бір солдат сөне бастаған шалаларды оттың ортасына қарай көсей түсіп, әлі ұйықтамай отыр. Әдейілеп от жағуға қойған кезекші сияқты. Нәлқара рахатқа батқан ба дедім. Анда-санда иығы бір бүлк етіп, демін іштен, алыстан тартады. Ұйықтап жатыр.
Отқа қарап отырмын. Ойыма сонау бала күнгі бір жай түсті. Әлі есімде. Нақ бір бүгін, тіпті жаңа ғана болған сияқты. Онда біздің ауыл көшіп жүретін. Жаспын. Ауыл төңірегінде жайылатын қозы, лақты қайтарудан басқа ештеңе келмейді қолдан. Жалаң аяқ, жалаң бас, үстімде кір-кір бөз көйлегім, түйе жүнінен тоқыған шидем шалбарым бар. Жылт етіп жаз келсе-ақ болды өмірінде бұдан артық маған киім біткен емес. Қыста қалың шұлғаумен көн етік киіп жүргенде жұқара бастаған табаным лезде-ақ қайта қалыңдап, күзге дейін анау-мынау ұлтаннан берік боп кетеді. Табанымды ертерек қалыңдату үшін жаңа шыққан көпке бір, шаңдақ топыраққа бір үйкеймін. Қап-қалың, көнтектей болады. Мұндай табан пышақтай өткір тас пен шөңге болмаса, анау-мынау тікенек пен жай тасыңа бой бермейді. Мұның үстіне қозы, лақты қайырудан қол босап кетсе-ақ болды, Қаратастың алдындағы мөлдек сазда доп ойнаймыз. Көк сазда әлгідей көнтек табан әміркен етіктің жып-жылтыр табанындай жалт етпе, тайғақ келеді. Бөз көйлектің екі жеңі, шидем шалбардың тізесі мен бөкселігі көкпеңбек нілдей боп жүреді.
Бір күні, кешқұрым өріске қалып қойған, құрттаған қоңыр қозыны айдап келе жатыр едім, ауыл жақтан әлдекімнің:
— Ойбай-ай, ой-бай, енді қайттім, мына жайрағыр, бұйдасын үзіп кетті-ау! — деп байбалам салып келе жатқан дауысын естідім.
Тани кеттім. Мені «пұшық қайным» деп атайтын жақын жеңгелерімнің бірі екен. Мені көре салып, бұрынғы атауынша емес, жылы, туыстық дауыспен:
— Айналайын, қайным екенсің ғой, шырақжан-ай, анау жайрағыр, қарасан келгірді қайырып келші! — деді.
«Пұшық қайным» деген, өзім ұнатпайтын жаман атымды емес, «қайным», «шырақ» деп тұрғансын ішім жылып кетті білем, Қаратастан асып, Қызылтасқа қарай желдеп бара жатқан боз інгеннің соңынан жүгіре жөнелдім. Ескек байлаған, құрттаған қоңыр қозыны алдына салып, жеңгем ауылға қайтты. Безектеп, боз інгеннің соңына түстім. Қуып жетпек боп жүгіріп келем. Мені елең қылатын боз інген жоқ. Тұмсығын желге қарсы көтеріп алған, аяғын алшаңдай басып, тартып барады. Қызылтастың үстіне шыға бергенде іңгенді қуып жеттім, Ортасынан үзілген шолақ бұйдасы бар екен, алдына шығып ұстайын десем, қолым жетпейді. Бұйдасынан ұстамасаң мені елен етер түйе емес, тізесімен қағып, тоқтамай барады. Шудасына, мойнына жармасып көріп едім, болар емес. Ыза боп қайта жармастым. Көзі тостағандай боп, шарасынан шығып кетіпті. Шудасына жармасып, бұйдаға қолымды созып жүргенде әлгіндей ыстық жастың талай тамшысы бетіме, мойныма құйылды. Жүгіре-жүгіре шөлдегенімді сезбеппін, боз іңгеннің екі көзінен аққан жас жауын тамшысындай боп, «шек, шөк!» деп жүргенде аузыма тамып кетті. Жұтып жібердім. Таңдайым құрғап қалған екен, тақ ете түсті. Тұзды су тәрізді кермек.
Боз інген тоқтамай кетіп барады. Көзінде жас, төңірегі қып-қызыл. Қарыны түсіп кетіпті. Желейін десе желе алмайды. Қабағы қатыңқы. Бала да болсам, енді ойыма түсті, бошалап барады. Басын кекшитіп, көкке көтергені болмаса, бұл дүниені талақ етіп, басын өлімге байлап бара жатқандай ашулы да ызалы. Әлде бойын аналық сезім, дүлей күш билеп, азап пен апат айдап барады, әлде дозақ отына өзі түскелі барады. Мұның бәрі ол кезде, әрине, маған беймәлім. Мүмкін, ол әлі дүниеге келмеген ботасын қызғанып, соны пенде көзіне көрсеткісі келмейтін шығар.
Мен боз інгенмен тайталасып, бұйдасына, үзік бұйдаға қолым жетпей қойды. Әбден шаршадым, шөлдедім. Мен отыра кеттім. Өйткені көзім қарауытып, басым айналып кетті. Қанша отырғаным, есімде жоқ. Бір кезде есімді жиып, ұйқыдан оянғандай боп, жан-жағыма қарасам, қап-қараңғы, көзге түртсе көргісіз. Жалғыз өзім. Сорлағанымды енді білдім. Ауылдан ұзап кетіппін. Қанша ұзадым, оны қайдан білемін. Өмірімде ауыл төңірегінен әудем жер, қозы қайырымнан артық шығып көрген емеспін.
Ауылдан алыс кетіп, қайда отырғанымды есіме түсіргенде, басым қайтадан мың-дың боп, құлағым шулап кетті. Үрейленіп кетсем керек, қайда бара жатқанымды білмеймін, зырлап жүгіре жөнелдім. Жүгіріп келем. Түйе қуып шаршағаным бар, өкпем ешті. Отыра қап, өкіре жыладым. Мені есітер, елер ешкім жоқ. Өлі тыныштық, қараңғы түнек. Аспанда ала шарбы бұлт болса керек, әр жерден жылтырап жұлдыз көрінеді. Есімнен адасқан жандай аңыра қалдым. Өз көзіме өзім сенбеймін. Алыста лаулап от жанып жатыр. Есіме сап ете түсті. Ауылдан біреу-міреу адасып кетсе, биік жерге, қырдың басына от жағатын. Мені іздеушілер от жаққан екен деп, әлгі отқа қарай зырлай жөнелдім. Жүрген жерім жазық дала болар-ау, жусан мен бозқонақтан басқа ештеңе аяққа оралмайды. Сырғып келем. Әлгі от қомақтанып, үлкейе түседі. Жақындап келеді екенмін деп ойлаймын. От биіктене берді. Бір кезде қарасам ай екен, жаңа туып келе жатқан.
Есім шығып кеткен болу керек, әлгінің ай екенін көре тұрып, солай қарай жүгіре бердім. Ойлаймын мынадай қараңғыда өлгенше айдың қасы жарық қой, одан да соның қасына жетіп өлейін деймін.
Айға қарай жүгіріп келем. Қараңғыдан жаным түршігеді, қорқамын. Айсыз, отсыз, жарық емес жердегі әрбір бұта, қарайған тас, қылтиған төбешік маған пәле боп көрінеді. Жезтырнақ, дию, пері, жын, шайтан... Ертектен естіген неше түрлі сұмдықтың бәрі мені қамап келе жатқандай көремін. Дегенмен, адам баласынан көнбіс мақұлықты кім көріпті, барған сайын денем үйреніп, әр нәрсені есіме түсіре бастадым.
Біздің ауыл Шилі өзеннің аяғындағы Қаратаста, сондағы бұлақтың басында, сазда отыр. Ауылдың оңтүстік жағы биік тау, кәдімгі Қаратау. Солтүстік жағы кең дала, Мәжінің қопасы. Күншығысында аласа таулар бар, Бабата деген қасиетті қала бар. Батысында Келіншектау тұр. Ай көтерілген кезде көзіме ең алдымен көшкен керуен тәрізді, немесе, ұзатылған қыздың көші сынды боп, мың жылқының шоқысы, кәдімгі Келіншектау көріне кетті. Төңірек ала көлеңкеленіп қалды. Енді мені әлгі жын-перілер көріп қоймас па екен дегендей аяғымды ептеп басам, тізем, жүрегім, арқа жағым дір-дір етеді. Айдың сәулесіне шағылыса ма, қайдан білейін, әр жерден, қасқырдың, жын мен перінің, шайтан мен албастының, жезтырнақ пен мыстан кемпірдің көздері боп, жалт-жұлт етеді.
Қай кез, қайсы мезгіл екенін кім білсін, айға қарай жүгіріп келем. Адасқаным белгілі. Ауыл қай тұста екенін ажырата алмаймын. Бір кезде ту сыртымнан айқай шықты. Талып-талып жетеді. Тоқтай қалдым. Құлағымды түрсем, әкем даусы. Маздатып, биік төбенің басына от жағып қойыпты. Артымнан тағы бір ай туып келе жатқандай. Қаратастың нақ басында Мықтың үйі деп аталатын көптеген үйінді тастар болатын. Солардың ішіндегі ең биігінің үстіне жаққан от болар, алаулап, төңірегін жарық қып тұр.
Енді мен айды арқама алып, әлгі отқа қарай жүгірдім. Жүгіріп келем. Жақындаған сайын кішкене шоқша сақалы елпең-елпең етіп әкем көзіме ап-анық көрінеді. Күйбең-күйбең етіп, отқа тамызық тастап жүр. Жарықта тұрған адам қараңғыдағы адамды көрмейді емес пе, әкем мені көріп тұрған жоқ. Мен көріп келем. Айқайлайын десем, үнім өшіп, тілім байланып қалған ғой деймін, дауысым шықпайды.
Мен білем, көшкен елде адасу көп. Сонда басқалар да өстіп, тауда биік төбеге, құмда болса шағылға, далада жазық жерге от жағып белгі береді. Мен қолым жетпес алыстағы айды қойып, көз алдымда лап-лап етіп жанған, әкем жаққан отқа жете алмай келем.
Отқа жеттім бе, жоқ па, әкем мені көрді ме, көрмеді ме, ол арасын білмеймін. Жүгіріп келе жатып ұшып түстім. Бұдан кейінгіні білмеймін. Ертеңіне ме, әлде одан көп пе, есімде жоқ, көзімді ашсам, өзіміздің үйде, босаға жақта төсекте жатырмын. Басым мең-зең, аяқ жағым қозғалмайды. Кеудемде кішкене жүрегімнің бүлк-бүлк еткені болмаса, жаным жоқ па деймін. Осыдан екі аптадан аса жаттым. Табаным тілім-тілім боп кеткен екен. Қанша рет жығылып, қаншама тұрғанмын. Оны кім санапты. Екі тізем шиедей қотыр-қотыр. Аяғымда жан жоқ па деймін. Тізем илікпейді. Өз жұдырығымдай кішкене жүрегім кеудемде әлсіз ғана бүлк-бүлк етеді. Тірімін ғой, әйтеуір, тірімін.
Екі апта төсекте жатып, үшінші аптада жасқана-жасқана сыртқа шықтым. Боз іңген ботасын иіскеп, белдеуде тұр екен. Мен көрген азаптың айыпкері болғансын ба, әлде жаңа туған ботасын қызықтадым ба, мен оған қарап қаппын. Қараймын, өз көзіме өзім сенбеймін, қайта қараймын. Бота қозғалмайды. Боз іңген ебіл-дебіл бон, жылап тұр. Бұдан екі-үш апта бұрын ауылдан қашып, елсіз далаға қарай безіп бара жатқанда жылағаны жылаған ба, енді қарасам көз жасы моншақ-моншақ. Бұл не деген жылауық мал деп таң болам. Көз жасы таусылмайды да екен? Аузыма боз інген көз жасының кермек дәмі келді. Кезерген ерінімді тілмен жалап, сілекейімді жұттым. Түйеге қайта қарадым. «Анау күні сені сонша неге азапқа салдым екен? Сенен немді алып қаштым, неден үріктім?» дегендей көз жасын төге-төге қарайды. Енді байқадым, міне, сұмдық, бота дегенім тұлып екен. Жас ботаның терісінің ішіне қоға тығып, қауқитып қойған. Боз інген тұлыпты, қайта-қайта иіскеп, маған қарайды да ыңырсиды, көз жасын көл етіп жылайды кеп.
Қарыны қампиған, басын кекшиткен анау күнгі боз іңген жоқ. «Мынадай пәле туарымды білгенде ауылдан несіне қаштым. Өзімді де, өзгені де, сені де азапқа салып ауру еткенде туғаным осы ма» дегендей үлкен көзінің ұзын кірпіктерін қайта-қайта жауып, көз жасын сығып-сығып тастайды. Тұлыпты иіскейді де, қайта жылайды. Желіні тырсиып кеткен. Емшектің үрпінен сарыуыз ағып тұр. Қабағы қатыңқы да салыңқы.
Қасына жақын бара алмадым. Орнымнан қозғалмай тұрып көп қарадым. Боз інген жарық дүниеге өзіне ұқсаған тірі мақұлық әкеле алмағанына жылайды. Немесе, ішінде жатқанда қимылдап, жерге тірі түсіп, кәзір өлік болған, өзегін жарып шыққан боташын іздейді. Дүниеге осындай әлсіз, жерге түскенде қауқарсыз, өзін-өзі қорғай алмайтын дәрменсіз, нақ кәзір жансыз, бос тұлып әкелгеніне өкінеді. Сол тұлыпты қайта-қайта иіскегенде бүкіл тұла бойы ииді. Бойы шымырлап, емшегінен сүт ағады. Бірақ сол емшекті еметін бота қайда? Кімге, неге иіп тұр, бұл бейбақ? Қараймын, бейне бір жас босанған ана тәрізді-ау!
Боз інген қайғысы менің сол үшін шеккен азабымды тез ұмыттырды. Бала кезде көрген азап, ауру тез ұмыт болғанмен боз інген қайғысы, оның көлдей төккен көз жасы, оның аналық мейірімі, оның шарасыз, мүшкіл халы ешқашан көз алдымнан кеткен емес. Бала кезде көрген, естіген нәрсе есте көбірек сақтала ма деймін. Қайта есейген сайын боз іңген қайғысын тереңірек түсіне бастадым. Әсіресе, от көрсем-ақ, ең алдымен адасқанымды, одан кейін Ойсылқара анасының көз жасын есіме алам. Сонау бір күні Нәлқара бозтарланның оқиғасын айтқанда менің есіме ең алдымен түскен де осы боз інген қайғысы, соның көз жасы еді. Нақ кәзір мына жанып жатқан солдат отына қарай отырып, әлгі бір суреттерді көз алдымнан өткіздім.
Нәлқара болса ұйықтап жатыр. Отқа қарап мен отырмын. Боз іңген қасірет ойлап бола бергенім-ақ мұң екен, Нәлқара түс көріп жатса керек, бір кезде бір иығы селк-селк ете түсті де басын көтерді.
Жан-жағына қарады. Қалғып-мүлгіп отырған маған қарады.
— Ал, сен неге ұйықтамай отырсың?
Нәлқара есінеп қойды.
— Мызғып алдым.
— Мұндайда о да ұйқы.
— Сіз тәуір ұйықтадыңыз.
— Түс көріп жатыр екем.
— Түс пе, түлкінің боғы ма?
— Екеуі де. Ал сен не ойлап отырсың.
— Оқ астында жүргенде қаңғырған неғылған ой. Түк те ойламадым. Қызыл көк дөнен не күйде екен?
— Мұндай да аты бар сен де жақсысың. Тірі жанға ермек, еңбек керек.
— Баяғы бозтарлан сізге енді бітсе, не етер едіңіз?
— Атқа мініп, найзаласып соғысатын уақыт өткен ғой. Ат пен ердің құны тұмсығын қызартып қойған жалғыз оқ.
Түсіне қойдым. «Тұмсығы қызыл» деп Нәлқара денеге тиген бойда бөлшек-бөлшек боп жарылатын жаңа оқты айтып отыр.
— Атты әскер кәзірде де бар. Бірақ аз. Көбінесе жау тылында соғысады.
— Естігенім бар. Шығыны да мол болар.
Біз сөйлесіп отырмыз. Таң қылаң беріп келеді.
— Өлмеген құлға, құдай-ау, болып қапты-ау, мына жаз, — деп Төлеген айтқандай таң да атып келеді! — деді Нәлқара.
— Иә, бір кезде уақытты аймен, жылмен, жылдың төрт мезгілімен есептеген. Енді біз сағатпен, күнмен, түспен, кешпен есептеп жүрміз.
— Өте әйдік, әділ сөз-ау өзі. Минуты мен секундін қайда қоясың.
— Ие, адам өмірі сағат тілінің ұшында қылт-қылт етіп тұр.
— Ұстараның жүзінде.
— Қорғаныс шебінде тұруымыз жеткен болар.
— Шабуыл бастады емес пе бүгін.
— Осы пыссымылдасы болар.
— Нақ өзіне ұқсайды. Көңілде жүрген бір сөздерім бар-ды, соны айтып бала-шағама хат жазсам деймін.
— Есен-саулықты айтқанға не жетсін.
— Есендік қана емес.
— Тағы не айтпақ едіңіз?
— Не дерің бар ма? Көкейде кілегей тартып жатыр ғой. — Мен ежіктемедім. Ол үндемеді. Таң бозалаң тартты.
19
Кешегі шабуылдан кейін аялдап, ертеңгі күннің аңдысын аңдауды ұйғарған болар. Бүгін екі жақ та тып-тыныш. Арасы жақын. Окопта, орман арасында, жарқабақта жасырынбақ ойнаған балалардай тығылып-тығылып солдаттар жатыр. Көк дөненді әкеп, штабқа жақын жерге байладым. Шабуыл кезінде, шабуыл басталар алдында бұйрық деген көп болады. Мен соны күтудемін.
Мергендер взводын резервте ұстап отырса керек. Олар штаб төңірегінде, соның күндіз-түнгі күзетінде көрінеді.
Күн ашық та жылы. Күміс күн орман басынан оқ бойы көтерілмей-ақ қарды сылқылдатып еріте бастады. Жер лайсаң болғалы тұр. Күзеттен босаған мұртты солдат, мерген Нәлқара менің қасыма келді. Өткен түнді бірге өткіздік. Көңілдегі бір сөзді сұраудың реті енді келді. Бірақ оны бірден бастамадым.
— Сөйтіп, бала-шаға өзіміздің ауылда, Бабатада дедіңіз бе? — дедім.
— Соғысқа алынғансын, екі жеті мұрсат ап, елге апарып тастадым. Не көрсе де елмен, көппен, туған жерде көрсін.
— Баяғы туысыңыз не айтты.
— Шалабек пе?
— Ие.
— Не десін! Ол шіркінді өліп қалған болар сонда десем, тірі екен. Мойны сынып, содан бір мойын боп бітіпті. Армияға алайын десе бойы аласа, әлгі нормаға жетпейді, оның үстіне бір мойын, қисық. Баяғы дүрілдеген Шалабек белсенді жоқ. Ауылда, жеке меншік сиырды бағатын падашы екен. Мені келді дегенді естіп маңайыма жуымай кетті. Ал осы Шалабекпен қосылып, бозтарланды ататын милиционер армияға барғысы келмей, өзі қашқын боп кетіпті, қалтамда повесткем бар, ол жердің есебінде жоқ мені не қылсын, бала-шағамды орналастырып, армияға, осылай қарай жөнеп кеттім.
— Соғыстан бұрын сізді іздеп, сұрау салмағанына таңым бар.
— Соны білгің кеп отыр ма едің?
— Сізді қалайша іздемеген, іздесе қалайша таба алмаған? Әңгіме осында ма деймін.
— Оншалығын қайдан біле берейін. Іздеген де болар. Бірақ, мен қашып кеткенсін мынадай бір оқиға тағы болған. Колхозға мүше болғысы келмеген кейбіреулер тауға кеп тығылған. Олар кешке қарай колхозды шауып, мал, астық ап кетеді екен. Солар ауылға шапқанда кілең «Нәлқараның жігіттеріміз» дейді екен. Шынында мен оларды білмеймін. Олар мені білмейді. Оларға керегі сол өңірге менің атыммен үрей туғызбақ. Менің атымды пайдаланып, өздерін басшысы бар, беделді топ қып көрсетпек. Бір жылдан кейін әлгі жігіттер өздері кеп қолға түскен. Әлгілер келісіп қойғандай-а.қ, «Нәлқара қайда» дегенде, «оны өз қолымыздан өлтіріп, сүйегін өртеп келдік» деп жауап берген. Ондағысы «осылай десек, біздің жазамыз жеңіл болады деген. Екіншіден, біздің өзіміз де білмейтін, танымайтын «Нәлқараны тап, ұстап бер» деген әуре-сарсаңнан аулақ боламыз деп түйген. Сонымен не керек, барлық акті, айыптау қағаздарда: «Қаратауда бір жылдай банда болған Нәлқара Сабалақовты өзінің қасындағы жігіттері, бізді осындай теріс жолға бастағаның үшін деп, қол-аяғын байлап, жанып жатқан отқа тірідей өртеп жіберген. Күлін көзімізбен көрдік, ештеңесі табылмады. Колхозға бергісі келмеген бозтарлан ат одан бір жыл бұрын Көсегенің көк жонында оққа ұшқан» деп жазылған дейді.
— Мына айтып отырғандарыңыз кәдімгі ертегі сияқты.
— Ертегінің өзін кезінде осындай болған істен алған болар-ау.
— Дегенмен, бұл кәдімгі өзіміз өмір сүріп отырған XX ғасырдың ертегісі. Ал, сіз ауылға көшіп келгенде не деді?
— Не дейтінін маған айта ма? Кейбіреулер есі кетіп, аң-таң бопты. Кейбіреулер, өзімнің ет жақындарым жылап көрісті. Енді біреулер «бұл жын ба, пері ме» деп маңыма жоламады. Мен ештеңе білмеген жандай үйімді орналастырдым. Біреулер ауданға, милицияға хабар береміз десе керек. Оған менің ағайындарым ернін шығарыпты. Қырғыздың Ыстық келінен келген туысымыз, атақты жылқышы, екі бірдей ордені бар, Шалабектер Нәлқараның тырнағына тұрмайды. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз қайта жанғанда отымызға су құйғалы отырған кім» деп, қарсы дау соқты. Мен мерзімді күнімде жүріп кеттім. Одан кейінгісін білмеймін. Үйімнен хат ап тұрам. Бөгде сөз айтпайды.
— Сонда екі орденіңіз бары рас па еді?
— Рас. Мынау Еңбек Қызыл Ту мен «Құрмет Белгісін» жылқы баққаным үшін алғанмын. Қырғыз жеріндегі конезаводта істедім ғой.
— Қызық оқиға. Ертегі тәрізді.
— Ертегі болса болсын. Менің саған айтарым бұл емес. Хат жазып берсең деймін. Шабуыл басталды. Қол тимей кетеді. Бір жерде тырайып қаламын ба, кім білсін, жаным барда, есім дұрыста, үйіме бір хат жазсам деп едім. Біздің оқу сауатсыздықты жою мектебінің екінші класы ғой. Менің түлкінің ізі тәрізді ирек-ирек шатпағымды көп адам танымайды. Көсілтіп, мына сендер сияқты, осып-осып, сойдақтата жазбағансын өз жазғанына өз қарның ашып, көп сөз айта алмайды екенсің. Түлкінің жымын салып отырғанда ішім пысады. Көкіректе сайраған алтындай сөздерім айтылмай қалады. Мен айтсам, сен жазсаң, талай сөзді ақтарар едім-ау.
— Мақұл, жазып берейін.
— Өзім айтып отырам.
— Онда тіпті жақсы.
Планшеттен бір парақ қағаз алдым.
— Мұның аз, жетпейді. Мен айтып, сен жазғансын аяқты бір кең көсілейін деп отырмын. Тағы біреуін ал.
Тағы бір парақ алдым.
— Ал, жаз! «Құрметті, көптен көп артық көруші қосағым Наршагүл! — деп жаз. — Бұл сенің жеңгең, менің қатыным ғой. — Қалай де, ел-жұрт, бала-шаға, ағайын-қауым, тамыр-таныс, көз көрген халайық тегіс аман ба? Өзің қуаттымысың. Туған жеріңе қайта үйреніп, ағайынға қауышып, көзайым болдың ба? Менің құлындарым — Қаракөз, Белқара Нұрқара, Телқара аттай шауып, тайдай тулап, шапқылап жүр ме? Мектепке бара ма, сабақ оқи ма? Сені тыңдай ма? Тыңдамаса аяқтарына шідер сап, ауыздықтап ал да, қамшыны басып-басып ал. Далада көп ойнап, босқа сандалып жүрмесін, оқу оқып, жұрт қатары хат танып, адам болсын. Қатардан қалған — өлім. Олардың құлағына осы бастан құя бер. Мен сияқты өмір бойы жылқы бағам, ат мінем деп жүрмесін. Заман жүйрік ат мінетін заман емес, жүйрік ой мінетін заман. Атқұмар емес, зат құмар болған артық. Ат үстінің желігі, желі болады. Ол адамға құдайын, тәубасын ұмыттырып жібереді. Өзін-өзі ұстай білмесе ат желігі — киелі, қасиетті желік, ұрып кетеді. Жаман жолға түсіреді. «Заман түлкі болса, сен тазы боп шал» деген бар емес пе, біздің заманымыз оқу-білім, өнер заманы. Өнер қусын! Бұл бір де, Наршагүл!
Ал енді екіншісін айтайын. Наршагүл, сенің есің бар адамсың. Ауыл-аймақ, көрші-қолаң, ағайын-туыспен тату тұр. «Үндемеген үйдей пәледен құтылады», «пәледен машайықтың өзі қашыпты» деп көп айтушы едім ғой. Осы сөздерім жадыңнан шығушы болмасын. Біреу сені даттап жатса, даттады деме, мақтап жатса мақтады деме! Даттағанды елемесең пәледен құтыласың, мақтағанға елікпесең алданып қалмайсың. Қош, бұл екі де.
Әй, Наршагүл, ұмытып барады екенмін, айтпақшы, сен балалардың құлағына құйып қой, қатарынан қор болмай, басқа балалар алдында назары пәс болмай жарқын жүрсін. Менің бұрынғы екі орденімнің қатарына тағы екі орден қадалды. «Мергендікпен алпыстан аса жауды өлтірді» дегенді кәдімгі қағазға жазып, мөр басып берді».
Бағанадан бері айтқанының бәрін үндемей жазып отырғанмын. Осы араға келгенде басымды көтеріп, Нәлқараға қарадым да:
— Мұныңыз өте орынды. Мұндай нағыз ерлікті айтқан жөн.
— Өзім де ұғып отырмын. Бір кездегі банда деген жаман атым бар ғой. Біреулер оны бетіне салық етуі мүмкін ғой. Мына кітапшада нақ осылай жазылғаны рас. Көрдің бе?
Мергендердің есеп кітапшасын көрсетті ол.
— Ал, бастайық. Нешінші еді бұл?
— Үшінші болар.
«Ал, Наршагүл, бұл үшінші: есіңде болсын, бұдан былай мен саған мұндай ұзақ хат жаза алмаспын. Жиі-жиі де жаза алмаймын. Біз шабуылға шықтық. Сен бұл сөзді, «шабуылды» түсінбейсің ғой. Шабуыл деген, жалпақ тілмен айтқанда жатқан жыланның құйрығын басып, басына айран құйып, әуре болмай-ақ, інінен айдап шығу деген сөз. Демек, жау қашады, біз қуамыз».
— Аузыңызға май! — деп күлдім.
— Қумағанда кәйтеміз?
— Дұрыс. Ол қашады, біз қуамыз.
— Жаңылыстырып жібердің-ау. Неге тоқтадық?
— Біз қуамыз деп.
— Ал, Наршагүл, осымен үшіншісі де бітсін. Енді төртіншісін айтайын. Шабуыл деген қиын. Інде жатқан абжыланды жалаңаш қолыңмен суырып ап, лақтырып жібергенмен бірдей. Сондай болса әлдеқандай жағдай болады. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», олай-бұлай боп кетсем, берік бол, балаларды жасытпай есір. Оларға өзімше әкелік ақылымды айтпақпын. Енді соны тыңда: ақылы бар, есті жігіттер болсын. Ол үшін меніңше, ең алдымен — адал, екіншіден — арлы болса жөн-ақ. Ешкімнің ала жібін аттамайтын адал босын. Біреу-міреу өзі кеп, әдейілеп бетін тырнап алмаса, ешкімге, ешқашан да тырнағын көрсетпесін. Байбалам әлсіздіктің, пәлеқорлықтың белгісі. Мысық екеш мысық та тырнағын қайда, қалай, кімге, қандай жауға көрсетуді біледі. Наршагүл, маған осы хатты жазып берген баланың әкесі, ат бапкері Дос деген кісі «ат шаба ма, бақ шаба ма, бап шаба ма» дегенді көп айтатын. Сол айтқандай-ақ бақ артық па, бас артық па? Мұны да білсін. Бақ бастан артық емес. Бақ деген тасқа емес, басқа қонады».
— Нәлеке, мынауыңыз хат емес, өсиет қой.
— Өсиетіңді білем бе, мағынасы болмаса хаттың қажеті не? Бұл бұл ма, артымдағы көген көздеріме, бұдан зорын, осы майданға келгелі ойлап, жадыма сақтап қойғанымды түгел айтпақпын. Ал жаз.
«Наршагүл, балалардың құлағына сіңіре бер. Аш болса бүгілмесін, кісі қолына үңілмесін. Ағайыннан түңілмесін, тоқ болса төгілмесін. Орны толмас өкінішке егілмесін, еңбек еткенде ерінбесін. Өз есігін төрім десін, өз туысын бегім десін. Бас саулығын бақ санасын, өз ошағын тақ санасын. Қас алдында жерге қарамасын, жауды досқа санамасын»...
— Мынауыңыз өлең боп кетті.
— Ақындығым тасығандықтан емес. Қысыла-қысыла қыз болдым деген сияқты, өмірдің мына соғыстың өзі ойға салған сөз ғой. Өсиет білмес, өнеге көрмес ұлдан адам шыға ма? Көкейінде өз нәсіліне, өз ұрпағына деген бір-екі ауыз ыстық сөзі жоқ әке бола ма? Енді бітіреміз. Ал, жаз!
«Наршагүл, осы барған хатты көк сандықтың тереңіне сақта. Өздері өсіп, хат танып, ел қадірін, сөз қадірін, әке қадірін, әке сөзінің қадірін білетін болғанда оқысын.
Қош, сау бол, аман көрісуге жазсын деп тіле! Хат жазушы құдай қосқан қосағың Нәлқара Сабалақ баласы деп білерсің.
1943 жыл, апрель,
Солтүстік-батыс майданы».
Екі парақ қағазды үш бұрыштап орадық та, сыртына барар жерін жазып, штабтары почтаға бердік. Нәлқара көптен бері иығын басып жүрген ауыр жүгінен арқасын босатқандай көңілі жайланып, көзі жасаурап қалды. Байқаймын, хаттағы айтқан сөздер көптен бері көкейге үйіріліп, ішіне мықтап түйген сөздері екен. Өзі айтқандай ақындықтан емес, әкелік махаббаттан, әкелік жүректен шыққан. Осыны ұқтым. Содан да болар, хат жазып болғансын оған ләм деп тіл қатпадым. Әркім өз ойымен қалды.
20
Майор Матвеев штаб төңірегіндегі офицерлерді жинап ап, жаңа карта үлестірді.
— Қоныс аудара бастағанымызды байқаған боларсыңдар. Бұдан былай кәзір қолданып жүрген карталарың ескіреді. Оны өткізіп, мына жаңасын пайдаланасыңдар.
Бұл майорды бір жылдан аса білемін. Көп сөзі жоқ, тек мәселенің мән-мәйегін ғана айтатын адам. Кәзір де ол қысқа сөйлеп, ескі картаны жинап, жаңасын берді. Төрт бұрыштап, сегіз бүктелген, судай жаңа картаны алып планшетіме салдым. Енді шығып бара жатыр едім, Андрей Акимович кез бола кетті. Әкемді көргендей қуанып қалдым. Бұл бір жақсы жан. Маған істеген жақсылығы тағы бар.
— Бәрі орнында ма? — деді Андрей Акимович сәлемдесіп болғансын. — Сен көрінбей кеттің ғой. Қайда жүрсің?
— Баяғы байланысшы офицерлік. Бара алмай жүргеніме өзім де өкінемін.
— Өкініш деген сәлем емес.
— Оны түсінемін.
— Түсінсең бопты, келіп тұр. Ескі ұясына көктем шыққансын торғай да бір айналып соғады.
— Оны да ұғамын. Тапсырма орындаудан көз ашпаймыз.
— Сен өзің философияны едәуір соғатын жігітсің, оныңды білемін. Ал, адам «сондай бір адам бар еді-ау. Соған бір соғып, дидарласу керек-ау» деп, алдына белгілі мақсат қоймаса өмірі кездеспеуі мүмкін ғой.
— Шын сөз. Жеңілдім. Барсам деген ниетім болмаса, мақсатым жоқ болды. Енді оны мақсат тұтармын.
Майор Ветков күліп алды. Мен оның назарына зер салдым. Қыстағыдан да күреңденіп, қарая түсіпті. Көз алды кіреукеленіп, шаршаған. Кеше ғана өткен бір күндік шабуылдың өзі оның өңіне таңбасын басып кеткен.
— Жылы қоныс, жайлы күркені енді түсінде көресің. Ертеңнен бастап, жаңа жерлерді мекендейміз. Шаршасаң, қарның ашса келіп тұр. Бізде молшылық. — Ол картасына қарап алды да: — Ең кем дегенде сені Новосокольникидің түбінен күтемін.
— Құп! — деп мен де кеттім.
Көк дөнен байлаулы тұрған күзетшілер взводының жеріне қарай жүріп келем. Қар көк жентек боп, сылқылдап еріп жатыр. Күнге қараған Төмпешіктердің жалы ала қауданданған. Өткен күзде түскен алтын түстес сары жапырақтар тот басқан асылдай сұп-сұр. Кешегі шабуыл кезінде аппақ қардың бетіне тамған адам қаны көз алдыңда қып-қызыл бояуын жоғалтып, түтіннің ысы тәрізді қара-қошқылданып барады. «Қарға тамған қан көп тұрмайды екен» деп ойладым. Шыны олай емес екен. Қайта қан тамған жердің қары тез ериді. Қар бетіндегі қаннан түскен қара таңба күн сәулесін өзіне тез тартады. Сол жер ат тұяғынан түскен із тәрізді тез еріп, жылдам қараяды. Қан қара жердің бетінде қаймақтай кілегейленіп, көп тұрады екен. Затында адам қаны ауыр, оны қан түгіл, қанішердің өзі де көтере бермейді.
Ақша қардың бетіне ақ тиіннің ізіндей боп алыстан, кешегі жеңіп алған алғы шептен бір-бір тамып келген қан ізі бір жерге келгенде ат тұяғының орнындай боп ұйып түсіпті. Әлгі жер ең алдымен жып-жылы қанның қызуымен ойылып төмен түскен. Қан салмағы тағы бар. Жер ойсырап жатыр. Қан жер бетінің қаймағы тәрізді қатып кебірсіген. Бет жағына әйнекке түскен мұз бедері тәрізді әшекей түскен. Алғы шептен біздің тылға қарай жүрген керзі етіктің қисық табан ізі жатыр. Біздің жігіттің ізі, соның қаны екені аян. Кім деп ойламадым. Бұл таң емес. Қан түгіл, өліп жатқан адамды көргенде денем дір етпейтін болып алған. Өмір ғана емес, уақыт заңы тағы бар емес пе?
Адам деген қызық! Ол жай әшейін көнбіс қана емес, затында ең асыл, мықты материалдан соғылған. Оны әрі қатты, әрі жұмсақ заттан жасаған. Адам жүрегінің құрамында Менделеев тапқан күллі элементтің аз-аздап болса да, әрқайсысынан бір-бір мысқал болса керек. Бір кезде қанды көрсем теріс айналатын едім. Ол түсіме енетін. Мазалайтын, шырық бұзатын. Қан көз алдымда қып-қызыл боп тұрып алатын. Енді мен сол қанға қарап ойлап тұрмын. Менің есіме әлгіде кездескен Андрей Акимовичтің бір сөзі түсті. Бұл өткен жазда болған. Барлаушыларды қарсы алғанда саптың ең соңында Нәлқара Сабалақов келеді екен. Мойнынан асыра әлденені арқалап апты. Қарасақ, тіл ап, шегінген кезде жаралы болған жас жауынгерді балаша арқалап алған. Әлгі жігіт шашы селеудей сап-сары, әрі сирек, арық та, кішкене де екен. Оқ жамбастан тиген. Бөксе жағын мүлде көтере алмайды. Ауыр дем ап, әрең жатыр. Жарасын таңған шүберектің сыртына шыққан қан аппақ қарға тамған қан сияқты алқызыл боп көрінеді. Нәлқараның үсті-басы қан. Ол терімен араласып, жонын жосадай қыпты.
— Әй, сендердің мыналарың не? Бөрі көрсін дегендей іштеріндегі ең үлкен адамға арқалатып қойып, өздерің жайбарақат келесіңдер. Палаткаға сап, қолдасып алмайсыңдар ма? — деп Андрей Акимович барлаушылар взводының командиріне ескерту жасады.
— Бір өзім-ақ арқалап ап жүремін деп болмаған өзі! — деп взвод командирі міңгірледі.
Бұдан соң майор Ветков Нәлқараның тұлғасына, суға сүңгітіп алғандай бой-бой боп тұрған, түтіккен түріне, төрге араласқан жосадай қанға қарай тұрып:
— Дұрыс та, өзі ерік білдірсе не дейсің. Жауынгеріне менің алғысымды айт. Өте келісті, мейірімді, әрі күшті адам екен. Қажымұқан деген қазақ палуанын көргенім бар бала кезде Алматыдан. Соның інісі емес пе?
— Жоқ ә. Мұндай күшті адамдар ел ішінде көп, — дедім.
— Мен кейде ойлаймын, — деді Андрей Акимович, өзі де ойлы кескінмен. — Біздің осы қанға қан сіңген, терге тер араласқан, бір жеңнен қару шығарып, бір қолдан жауға оқ атқан достығымызды ұмытатын, оған тіл тигізетін, соны аяққа басқысы келетін пенде де табылар ма екен? Мынау қасиетті нәрсе. Мынау тіл тигізуге болмайтын биік, асыл қылық. Бұл жаңа қасиет. Нағыз достық осындайда көрінеді. Достық үлгілері алыстан келе жатса да, нақ осы күнгідей, мынау қиын кездегідей жарқын, ап-анық боп көзге түспеген...
Майор Ветковтың осы бір сөзі есіме қайта түсті. Тіпті сол солдат Нәлқара Сабалақов пен осы майордың мінез-құлқында сабырлы, кең пейілдігінде ұқсастық та бар ма деймін. Өмірден кең пішіліп, керегінше, өлшемей алынған жандар болады емес пе? Сабыр, шыдам деген қандай мол!
Ойлаймын, майор дұрыс айтты. Шабуыл кезінде ұрыс даласында айқасып, құшақтасқан күйі өлген орыс пен қазақты өте көп көрдім. Ондайлар көбінесе мынадай жағдайда болады: бір жауынгер жараланған кезде екіншісі дереу жедел жәрдем көрсетіп, жарасын таңып, немесе, ауыр жаралы болса кейін алып кетуге ұмтылады. Осы кезде екіншісіне де оқ тиеді. Сөйтіп, екеуі ұрыс алаңында көптен көрмеген баласын енді көрген, өліп бара жатқан әкенің ұлын құшқаны тәрізді айқасып жатып, қанына қаны араласып жатып өледі. Көбінесе-ақ, мұның бірі не орыс, не украинец, екіншісі не қазақ, не қырғыз боп жатады. Өйткені біздің панфиловшылардың өзі негізінен осы төрт халықтан құралған болатын. Басқаны білмеймін, мұндайларды өзіміз сол айқасқан құшағын жазбай бірге жерлеп жүрдік. Бұлар қара жердің құшағына бірге құшақтасып кеп, құшақтасып кеткен егіздер тәрізді енетін. Бір данышпан айтқандай өле білу де ерлік.
Тұрған жерімнен әрең қозғалып, сүрлеу жолға шықтым. Бұл Ловать өзенінің сағасына апаратын сүрлеу. Талай жүргем. Мөп-мөлдір боп көк жасыл өзен ағатын қабақтың астында бір топ жауынгер отыр. Ортасында Нәлқара. Қоп-қою, мойылдай қара мұртының қияғы селтиіп, сырты күйе-күйе қара котелоктен тары ботқаны соғып отыр. Буы бұрқыраған ботқаны жалмаңдап жұтқан сайын мұртының қияғы, ұш жағы селтең-селтең етеді. Тұп-тұнық, аумақты қара көзінің төңірегі қызарып кеткен. Осы көзден шаршағаны да, ішкі ой толы дүниесі де, көктемгі ақша қарға шағылыса-шағылыса ауру болған көз жиегі де ап-анық көрініп тұр. Бірақ тұлғасы сом. Кеудесі кең, биік. Жауырын жағы тұп-тұтас. Осы кісіні көрген сайын біздің Ожар деген жердегі дөңкиген-дөңкиген, жел сомдап, жауын-шашын қашаған, жұп-жұмыр қара тастар елестейді көзіме. Селтеңдеп тұрған мұрты жыбыр-жыбыр етіп, қасық ұстаған қолы болмаса, сол тастың бірін әкеп Ловатьтың жағасына орната салған екен деп ойлар едім.
— Орта толсын! — дедім.
— Өзіңмен бірге көбейсін! — деді Нәлқара.
Нәлқара сәлемдескенде осындай сөзді, көп айтылмайтын, ұмыт боп бара жатқан сөзді айтқанды ұнатады. Содан да мен оны көрген бойда, алдын ала сәлем берер сөзімді ойлап алам. Ондағы ойым Нәлқара ондай сөзді ұнатады, тауып айтқанды жақсы көреді. Оған қоса өзімнің де ескі құлақ екенімді білдіріп қойғаным.
— Бізбен бірге ботқа же! — деді Нәлқара, — солдаттың ботқасы дәмді келеді.
— Білемін. Мен де солдат болғанмын.
Буы бұрқыраған, ыстық ботқаны мен де жедім. Шын тәтті екен. Ішіне темір банкіде сүрленген сиыр етін қосыпты, май, кәдімгі сары май салған. Шайнап та әуре болмайсың, қасқырша бір қылғып жұта беруге жақсы.
— Мыналарыңыз дәмді ас екені.
— Бізде белгілі аспаз жоқ. Бәріміз бірлесіп жасаған тағам. Келісіп пішкен тон келте болмас дегендей, көп жасаған ас тәтті болады.
Мұны айтып отырған Нәлқара. Жеп отырған ботқаны түгескен жоқ. Мұнысы несі екен деп іштей ойлап қалдым. Мынадай мығым, күшті денемен бес жүз грамм ботқаны жей алмады дегенге ешкім де иланбайды.
— Нәлеке, асты аз жегеніңіз не? — дедім.
— Міне, сен осыны сұрайтын болар деп өзім де күтулі едім. — Ол күліп қойды. Мұртын ширатып, төңірегіне қарады. Сөйтіп, отырғандардың назарын өзіне аударды. — Мен бұл ботқаны тауыса алмай отырғаным жоқ. Ең алдымен, жаныма бос ыдысты салдыратып байлап жүргім жоқ. Екіншіден, құс екеш құс та бөтегесіне бір күндік асын артық сақтайды. Мен құс құрлы жоқпын ба?
Отырғандар «Нәлқара дұрыс айтады» деп мәз болысты. Бірақ бұл күлкінің аяғын толық ести алмадым. Жаңа тапсырмамен корпус штабына сапар шектім.
Штабқа кешке жетіп, түнде қайттым. Таңғы төрттің шамасында өзіміздің дивизияға келдім. Бұдан нақ бір күн бұрынғы тәрізді таңғы бесте артиллерия атысы басталды.
Қара жердің құйқасы дір-дір етеді. Холм төңірегіндегі біздің артиллерия ғана емес, оң жақтан Старая Русса, сол жақтан Великие Луки маңы да атысты жиілете түсті. Қыс бойы тұнып тұрған аймақ таңғы бесте астаң-кестең болды. Бұдан бұрынғы шабуыл тек күш байқасу, барлау екен. Нағыз шабуыл, жазғы қимыл осылай басталды. Күн шыға танк дүрілдеп, аспанға самолет көтерілді.
Штаб қопарыла көшіп, алғы шепке қарай жылжыды. Дивизияның гвардиялық туын күзетіп бара жатқан бір топ автоматчиктер мен мергендер тобында Нәлқара кетіп бара жатты. Бұлар полк штабының орнына келіп тоқтады. Ал полк штабы болса, тағы да алға көшті. Осылайша септесіп, біздің атағы әлемге жеткен гвардиялық дивизиямыз батысқа, оның ішінде солтүстік-батысқа бет түзеп жылжи берді. Көк дөненнің аяңымен мен де келемін. Ойлап қоям, дүние деген шіркін мүлде қызық! Кейде өзіңді өзің бір дәрменсіз, қолынан түк келмейтін, дәл тиген жалғыз оқтың құрбаны тәрізді сезінесің де, кейде көк дөненнен жүйрік көңіл басымен алысып, сені алып қып, сергек етіп, алдыңнан үмітіңді жарқыратып көрсетеді. Мұндайда сен биіксің, ересен күштісің, елім сені жеңе алмайды, оқ сенің кеудеңді тесе алмайды. Бас сүйегің оқтан мықты болаттан жаратылғандай емін-еркін алшақтай басасың. Жоғары да үмітті, әдемі бір сезім билеп келеді. Бар болғаны штабтан штабқа құпия пакет таситын байланысшы офицермін. Бірақ менің де керегім бар. Жоқ болсам іздейді. Маған тапсырма береді. Мені күтеді. Мені шығарып салады. Демек, өзімше мен едәуір жұмыс бітіріп жүрмін. Қара жердің қалың құйқасын солқылдатып жатқан дүлей күш әлгінде, таң алдында ғана мен әкелген тілдей бұйрықтың күшімен боп жатыр ма екен деп ойлаймын. Шынында, солай болар, оны кім біліпті?
21
Шабуыл жиілей түсті. Алға басып барамыз. Қыстап шыққан ескі қоныс көш кейін қалды. Әбден қараңғы түскен кезде жаудан жаңа босаған шағын селоға кеп түстім. Атты байлап шеткі бір үйге ендім. Кесілген бөрене ағаштардан салынған, іші-сырты сыланбаған екі бөлмелі шағын үй екен. Қол шамды жарқыратып кіріп келсем, бас сұғатын орын жоқ. Жауынгерлер өліп қалған адамдар тәрізді айқасып, айқасып жатыр. Бір взводтай адам. Бөлме іші сасық. Қандала мен тарақандар қабырғада қойша қаптап, өріп жүр. Оны сезетін пенде жоқ. Күндізгі шабуылда тұралаған солдаттар шырт ұйқыда. Бұларды оятпайын деп, жататын құрғақ орын іздеп үйдің шардағына шықтым. Шардақтың бір жағы ашық, ауасы таза екен. Шөп төсеп тастапты. Бұрын да біреулер жатқан жай екен. Қол шамды жалма-жан сөндіріп, қисайып жата кеттім.
Қатты ұйықтаппын. Оң қолымды астыма басып жатқан болуым керек, қорғасындай ұйып қалған. Бірақ соны да сезбей, тамаша бір түс көріп жатыр екенмін.
Түс деген түлкі тәрізді алдампаз деп, сенбеуші едім. Мына көрген түсім кәдімгідей шын, өңім екен деймін.
— Армысың, кәрім Қаратау!
Мұны айтып тұрған мен. Бірақ үн жоқ.
— Армысың дейім, Қаратау!
Міз бақпады.
— Сәлем бердім, кәрі тау!
Бүлк еткен жоқ.
— Алдыңа келдім, ата-мекен асқарым.
Селк етпеді.
— Мезгілсіз буырыл тартқан басымды идім алдыңа, Кәрім!
Сұлқ жатыр.
— Қасиеті мол, қазыналы Қаратау, құдіретіңе бас иіп, табына келдім.
Даусым қаттырақ шықты. Бәрібір мызғымады.
— Ау, сәлем бере келдім, елімнің ескі мекені, кәрі тұрағы, ата-бабам құрмет тұтқан асыл тау!
Әлі самарқау. Басына кәдімгі бағзы Тараздың шұрайлы жерін жастанып, аяғын ежелгі Ақмешіт өңіріне тіреп, мыңқ етпестен ешбір қимылсыз, сұлқ та, маңғаз да жатты.
— Басын иіп, алдыңа балаң келді, басың көтер, кіндік кесіп, кірім жуған абзал тау!
Бұрынғыша маңғаз еді.
— Қазынам, байлығым, тыңда, құлағың сал, қанды майдан даласынан шаршап келдім, от-жалынға шалдыға келдім.
Шарасызбын, бәрібір үн қатпады. Құшағымды кең жазып, үстіне құлап түсіп, зор тұлғасын аймалап, айқара құшып жатқым келді. Құшағым жетпеді. Етпеттеп жата қалдым да, мұп-мұздай қара тасын сүйдім. Жылымады. Майдай қара топырағын уысыма толғанша алып, кеудеме, жаралы болған жеріме бастым. Жібімеді. Жылағым келді. Сабыр еттім.
— Сағынып келдім, аңсап келдім, сені.
Жауап жоқ.
— Жаралымын, шөліркеп келдім.
Кезінде талай сұмдықты басынан өткізген, тарғыл тасына талайдың қаны шашылған кәрі тау мыңқ еткен жоқ.
— Балдай тәтті суыңды сағынып, шөліркеп келдім.
Таңдайым құрғап, үнім әрең шықты. Отыра қалып, мұздай қайнарына қолымды салдым. Қос қолдап, мөп-мөлдір, бал татыған суын уысыма толтырып, мейірім қанғанша іштім. Маңдайымнан бұрқ етіп, мұп-мұздай, суық тер шықты. Дауысым бұрынғыдай емес, сыңғырлап сала берді. Шипалы дәрі ішкендей, ішкі сарайым ашыла түсті.
— Кәрі тау, құлағың сал, сені қазынам, белім, қуатым деп әдейі келдім, соғыстан келдім, жаралы боп келдім.
Дауысым әдеттегіден қатты шықты. Жартастар бір-бірімен жарысып, жаңғыра түсті. Бірақ ешқандай жауап болған жоқ, кәрі тау тіл қатпады. Бала Торланның айтасы ғана жаңғырып, үлкен Торланға жеткендей болды. Қаратаудың бел омыртқасы тәрізді кәрі жонның үстіне шығып төңірекке құлағым тіктім. Дүние үнсіз, меңіреу. Тағы да айқайлағым келді. Бірақ оны елер Қаратау жоқ. Не істерімді білмей, төңірегімді қоршаған меңіреу шыңдарға қарап көп тұрдым. Әлден уақытта, жылап-жылап дауысы қарлыққан жас балаша кезерген ерінім күбірледі:
— Бесігім!
Бұл менің дауысым. Қаратау селк ете қалғандай болды.
— Бесігім! — дедім қайталап.
— Бесігім дедің бе?
Бұл оның дауысы.
— Бесігім, ие, бесігім дедім.
Ол тағы да жым-жырт. Көңілі толмай тұрған болар деп:
— Алтын бесігім! — дедім.
Басын шайқады. Ұнатпай қалды. Қызарып кеттім. Асылық айттым, жаза бастым. Алтын ба, әлде ағаш па, күміс пе, әлде тас па, бәрібір, бесіктің аты бесік, жүрекке қадалатын найзалы мылтық та, зуылдап ұшқан оқ та емес. Бесік, кәдімгі бесік, асылып, ақ төсінен ақ мамасын емізген, ана асылған,«ең алғаш ақ сүт емген ақ бесік. Ақ жөргекке оралып, құндақтаулы жатқан бесік. Көз ашып, жарық дүние көрген бесік. Бейкүнәлік пен сәби шақтың, періште кездің сүт иісі шыққан бесігі. «Ақ бөпем, ақ бесікке жат, бөпем» деп тербелген бесігім. Ананың ащы тері, ыстық көз жасы, сүт аңқыған жұпар иісі сіңген бесік. Ана дауысын ең алғаш осы бесікте ұқтым. Айта берсем, кезінде бай да, батыр да, ақымақ пен данышпан да, ер мен ез де бірдей жатқан есіл бесік ешкімді бөле-жара қарамаған әділ бесік.
Мен бесігімнің алдына кеп тұрмын. Бесігім кәрі тау, құдіретті Қаратау! Бұл бірдің емес, көптің, көптің ғана емес, мың-миллиондар бесігі болған, бола берер алып тау.
— Бесігім! — деп мұздай тасын қайта сүйдім. Майдай жұмсақ топырағына аунадым. Балдай тәтті суын жұттым. Маңдайдан салқын тер шықты. Сағыныштан, аман-есен келген қуанышымнан көзіме жас келді. Екі тамшы ыстық жас мұздай қара тастың тарғыл бетіне мөлт тамды да, тырс-тырс етті. Бәрібір есіркеген жоқ, жылы шырай бермеді. Жүрегі тасындай қатты екен, батыр ұлдар өсірген қатал әкедей міз қақпады, қайта тілге келмеді. Сонда да көзім тояр емес, кескін-келбетін шоламын. Бәрі де сонау сәби кезден көзге қанық, көңілге анық, жүрекке бедері мол таңбасын басқан жерлер. Кәрі таудың құдіретті алып тұлғасынан темір жұмыртқасын шайқаған жұмбақ, алып самұрықтың бейнесін көрем. Қыран тұлғалы боп елестейді.
Бұл кейде маған тау емес, қыран да емес, адам тәрізді боп көрінеді. Өте ұзақ, алыс сапардан келген кәрі жолаушыға, әлде бұрымы буырыл тартқан, әжімді беті қатпар-қатпар кәрі анаға ұқсайды. Қаратауды тастап үдере көшкен қалың елдің соңында бос келе жатқан боз тайлақтың иесі, бауырынан айрылған қайғылы қарындас осы ана емес пе екен деп қаласың! Иесін іздеп, боздап келе жатқан боз тайлақ зарына жартастар да егілетін тәрізді. Олар томсырайып-томсырайып тұрады. Сол тасты, айтасты, Торландағы айтасты көргенде мен де жыладым... Бала кезде ең алғаш көрген тамашам осы болатын.
Бәрі есімде, нақ бір бүгінгідей: бесіктен есікке қарай еңбектедім, содан соң талпынып, тұрып-жығылып, сүрініп-қабынып, апыл-құпыл басқаным. Тұсауымды кесті. Әлдекім мені құшағына алып, екі үйдің арасында олай-бұлай алып қашты. Табалдырықтан аттадым. Бел арқаннан ұстап, үйді айналдым. Күн шалмаған, жер баспаған жұмсақ табаныма тас батты. Тыжырынып жерге, одан соң күнге қарадым. Күн мазақтап күлгендей болды. Намыстандым. Тірі жанның өзімшілдігі биледі. Жүре бердім. Табанымды үй іргесіндегі жұп-жұмсақ, үлпілдеген көк шепке бастым. Жапырылып қалды. Тебіндеп шыққан майда көктің бетіне қисық табан, кіп-кішкене ізім түсті. Артыма қарамастан үйді айналып жүре бердім. жүре бердім. Нақ бір, алып тауды айналып бара жатқандай мәзбін. Аяғымды аттап басқан сайын табанымнан Қытық кетіп, көктің нілі жабысып, көнтиіп, табаным қалыңдай берді, қалыңдай берді. Кәдімгідей жүріп кеттім. Маңдайымды күн шалды, табаныммен тас бастым.
Жүріп кеттім. Содан бері жүріп келем. Дамылсыз, суыт келе жатқандаймын. Төңірегіме көз салдым. Көз алдымда жұмбақ тау жатты. Жан-жағыма алақтап, тамашалай қарадым. Жүріп келем, төңірегімді шолып келем. Содан бері көп жыл өтіпті деймін. Кәрі таудың бар зарына қана алмай, аралаумен келем. Мына тұрған Бабата, анау Ащысай, Кентау, өзіміздің Торлан, Көсегенің көк жоны, Жылыбұлақ, Мыңжылқы тәрізді жерлерін шарлап жүрмін.
Біздің ауыл Келіншектаудың күншығыс жағында, Бабатаның күнбатыс жағында, осы екі ортадағы Аққолтық деген жерде отырады. Оң мен солымды танығаным тәрізді осы екі ғажапқа қарап өстім, осылардың кескін-келбеті, жұмбақ сыры менің ғана емес, мыңдаған, мен тәрізді жүздеген ауыл баласының қиялын тербеп, есейткен бесігі бопты.
Табиғат атты суреткер салған ұлы еңбек осылар ғой. Алдына басымды идім.
Келіншектауға қарап қаппын. Көшкен ел, іркес-тіркес кетіп бара жатқан ұзын көш. Ең алдында аруанаға мінген сәукелелі келіншек. Көшті бастап барады. Қарайсың, көз тоймайды, ғажап, әсем. Кәдімгі көш, кәдімгі келіншек. Қайта-қайта қараймын, ұзақ қараймын! Сағыныппын. Көзіме жас келеді.
Осылайша ақ бесігіме, оның ішінде Келіншектауға тамсана қарап тұрғанда әлдекім ту сыртымнан:
— Лейтенант Досов! — деді.
Селк ете түстім. Оянып кеттім. Көзімді ашсам, таң атып қапты. Бір үйдің шардағында жатырмын. Әлгілердің бәрі түсім екен.
Басымды көтеріп төңірегіме қарадым. Бұрышта көзі бадырайып біреу отыр. Анадай жерде шалқасынан түсіп, іш көйлегімен бір әйел жатыр. Бұл не пәле деп, орнымнан атып тұрып, пистолетімді суырып алдым. Әлгілер қозғалмайды. Жайлап қасына келдім. Қарасам екеуі де өлік. Неміс офицері алдымен әйелді атқан, одан соң өзін атқан көрінеді. Өзін де, әйелді де кәдімгі фашистерше нақ жүректің тұсынан атыпты. Алғашқыда денем тітіреніп кетсе де, артынша менің көз алдыма жау оғынан өлген достарым капитан Менғазин мен лейтенант Чхеидзенің өлімі түсті. «Өзі төккен қанға өзі тұншығып өлген екен» деп ішімнен күбірлеп, шардақтан түстім.
22
Бүгінгі шабуыл қатты болды, Жауынгерлер әлденеше рет атакаға көтеріліп, қайта жатты. Тас жолдың бізге қараған жағалауына қойылған жау бекінісі берік екен. Біздің барлаушылар әкелген хабарға қарағанда бізге қарсы тұрған жаудың теңіз жағалауындағы жаяу әскері көрінеді. Осы теңізшілер өліспей беріспеске бел байлаған екен. Артиллерия мен самолет шабуылынан кейін көтерілген жаяу әскердің атакасын бірнеше рет қайтарып тастады. Таңертеңнен түске дейін ұрыс нәтижесіз болды. Түс ауа 23-полк жаудың алдыңғы бекінісін бұзып, тас жолға өтті. Екі жақ қанат әлі сіресіп қалған. Ортаны жарып, тас жолдың арғы бетіне шығып бекінген біздің әскерлер одан әрі бара алмады. Жау айырылып қалған жерді қайта қалпына келтірмек болды ма екен, тас жолды бойлап, танктер жіберді. Шынында осы тас жолдан басқа жерде танк жүрер сүйем жер жоқ. Жердің бәрі лайсаң батпақ.
Полктың тас жолдан өткен батальон, роталары бөлініп қалатындай қиын жағдай туды. Демек, сол жақ қанаттан жіберген танктерді оң жаққа жібермей, не кері қайтару керек, не жойып жіберу керек. Бұйрық нақ осылай болса керек, резервтегі күштің бәрі осы араға төгілді. Танкке қарсы ататын зеңбірек, пулемет, жеке мергендер, байланысшылар мен саперлер жіберілді. Байланысшы Ақбозов бастаған бір топ жігіт жол жағалауындағы жаудың бұрынғы бекіністеріне отырып, ең алдыңғы танкке граната тастап тоқтатты. Бірақ мұнымен тынған жоқ. Ұрыс кешке дейін басылмады. Жау кешке қарай күшін қайта жиып, тас жол бойындағы айырылып қалған бекіністеріне қайта ұмтылды. Екі жақтан да едәуір шығын болды. Біздің адамдар табан тіреп тұрып алды.
Қараңғы түсті. Атыс басылды. Жол жағасындағы бір бекініске полк штабы тоқтапты. Қасында екі-үш офицер, бес-алты жауынгері бар штаб бастығы осында екен. Андрей Акимович мені көре сап:
— Ой, мықтым, адаспай таптың ба? — деді.
— Жолдас гвардия майоры, құпия пакетпен келіп тұрған байланысшы офицер Досов! — дедім.
— Әй, әй, шіңкілдеме, жау естіп қояды!
Бұл менің алғашқы естіген қалжыңым емес. Мыға қойғаным жоқ, қайта мырс етіп күліп жібердім.
— Ау, бұл күлетін жер емес.
— Жаудан қашқанда күлме, оны қайта қуғанда күлме, енді қашан күлеміз.
— Жеңдің, мен жеңілдім. Сен бұл жерді қалай таптың, қалай келдің, атпен бе?
— Ат жолда қалды. Жаяу келдім. Басқаларын өзіңіз білесіз ғой...
— Білемін, білемін, — деді пакетті жыртып жатып, — білемін. Сенде басқаларда кездесе бермейтін үш қасиет бар.
— Біз білмейтін ол қандай қасиет? — деп ұзын қара капитан Шелестов майорға қарады.
— Сендер осы қызықсыңдар, — деп майор Шелестовқа бұрылды да, қайтадан өзінің көмекшісіне қарап, — мынаны кәзір батальондарға хабарла! Тезірек айт. Сендер қызықсыңдар, қастарында жүрген адамның қандай қасиеті барын білмейсіңдер. Бұл ең біріншіден, кәдімгі біз қолданып жүрген дүрбіден де көргіш. Алысты тамаша көреді. Екінші, бір көрген жерін күндіз-түні бірдей табады. Үшінші, аңшы, жоқшы тәрізді ізшіл. Ал, енді соған төртінші қасиет қосылып тұрып, мына келісіне қарағанда бұл иісшіл.
Мен ақымақ емеспін. Ветков бұл сөзді астарсыз, шын ниетімен айтып тұр. Оны терең біткен тұнық көк көзінен көріп тұрмын. Бірақ адамды көзінше мақтаған жаман. Тек тұра алмадым. Алдымен төмен қарап қолайсыздана бердім де, артынша:
— Жолдас майор, мына сипаттауыңызға қарағанда мен нағыз ит тәрізді, кәдімгі аңшы ит сияқты екенмін, — дедім.
Шелестов күрілдеп, күліп ала жөнелді. Андрей Акимович болса қолайсызданып, не дерін білмей қалды да, артынша:
— Менде сен олай деп ұғады деген ой болған жоқ. Мен шынын айттым. Далада өскен адам алысты көргіш болады. Сен көргішсің. Ізшілдік те, жершілдік те соған тән. Ал иісшілдікті қалжыңмен айттым.
— Айтылар сөз айтылды. Енді одан ақталудың жөні жоқ, — деп Шелестов мәз боп тұр.
— Капитан дұрыс айтады. Ақталмасаңыз да болады, — деп күле сөйледім. — Ит деген сондай бір масқарадай жаман да сөз емес. Мен оны көңіліме ала қоймаймын.
— Мұның алтыншы қасиеті тағы бар. Бұл тәп-тәуір философ. Нанбасаң қара да тұр. Кәзір шет-жағасын шығара бастады.
— Жолдас майор, айтқалы тұрғанымда ешқандай пәлсафа жоқ. Оқ астында пәлсафа не алсын. Зеңбірек атылғанда музыка жым болады депті ғой бір білгіш. Пәлсафа да музыкаға жақын.
— Отырайықшы! — деді майор.
Үшеуміз нарға отырдық. Күнде көріп жүрген Шелестов өзінің ойсыз, мәнсіз бос күлкісінен тез тыйылды. Мені жаңа көргендей боп отыр. Маған не де болса сөйлеуге тура келді. Андрей Акимович үшін емес, Шелестовқа бола сөйлемекпін. «Осы бала не біледі дейсің» деп қисық мұрнын шүйіріп жүретін менмен капитанға өзімді көрсетуге тиіспін. Өйткені қуды, өзімшілді, менменді, өзін ерекше білгіш санайтын ақымақтарды көргенде жыным ұстайды. Ең болмаса одан кем еместігімді көрсетпекпін. Ойлап қалдым. Басқа бірдеңе айтсам жаттанды, бұрыннан дайын тұрған әңгіме болуы мүмкін ғой. Содан да әлгі ит туралы әңгімеден аумадым.
— Ит деген сөз жаман сөз емес. Ит пе, ит адамның ең сенімді досы. Адам ең әуел баста өзіне итті серік еткен дейді. Адамдар арасындағы ең алғашқы бас араздықтың себепкері де ит. Айта берсем ең тұңғыш ұрыс, ең төбелестің өзі «мынау сенің итің емес, менің итім» деген егестен шыққан. Тіпті жеке меншіктік пиғыл мен көзқарастың өзі де иттен, итті меншіктеуден басталған болса керек. Адамзат басындағы пендешілдік: ыстық пен суыққа, аштық пен азапқа бәріне бірдей көнбістік. кәдімгі итшілік өмірдің өзіне төзімділік ту баста осы иттердің көнбістігінен алынған. Ал сіз осыны дұрыс емес деп басқаша дәлелдеп көріңізші. Шын ба, шын. Логика бар ма, бар.
— Мұныңда едәуір шындық бар, — деді Ветков ойлы кескінмен.
Шелестов үндемей қалды.
— Қалауын тапса қар да жанады дегендей, қисынымен айтылған сөздің бәрі де шындай боп тұруы мүмкін, — дедім.
— Бұл да дұрыс! — деп Ветков қол сағатына қарады. — Артиллерия сөйлейтін шақ боп қапты.
— Тағы бастала ма? — деді Шелестов.
— Басталмағанда ше! Мынау маған сол жөнінде бұйрық әкелмегенде, әйелімнен сәлем хат әкелді деп пе едің?
Мен блиндаждан шыққанда артиллерия безілдеп қоя берді.
23
Сырты қоңыр бояумен сырланған, кәдімгі қаңылтырмен қапталған қойын дәптерімді алып, бетіне ұзақ қарадым. Анау-мынау әлсіз тиген оқ, жарықшақ, снаряд, бомба жаңқасы, мылтықтың найзасы тесіп өтпесін деп, мұның үстіне қалтада жүргенде мүжілмесін, тер сіңіп жазуы өшпесін деп, әдейі сыртын темірден жасаған, заманға, уақытқа сай жасалған дәптер. Дегенмен қағазы сарғыш тартыпты. Аударып отырмын. Жартысына дейін жазылған. Неден екенін білмеймін. Өзім көңілдімін. Күнделік жазбаймын. Қойын дәптерге есте ерекше қалғандарды ғана жазамын. Жазғым келді. Не жазамын. Есіме аты аңызға айналған ағам түсті. Осы кісіні алғашқы рет қалай көргенімді айтсам. Қалай, қашан көрдім? Ойыма түсіре бастадым.
Бір дивизиядамыз. Бірақ көп көрген емеспін. Осы бір жылда төрт-бес рет көрдім. Бұл майдан жайында аз да, көп те емес. Сол көргендерімді қағазға қысқаша түсіріп қойсам деймін.
Бірінші көргенім: қыс кезі еді. Штабта отырмыз. Бір кезде жұмыс істеп отырған офицерлер орындарынан тұрып, үсті-басын дұрыстап, көйлегін, белдігін түзеп әлек болды да қалды. Бұларға не боп қалды деп, мен де орнымнан тұрдым. Киімімді жөндеп үлгердім. Әр кез-ақ ауыр қимылдайтын Никитин үлгере алмады. Есіктен көзі үлкен, оның үстіне қарасынан көзінің ағы, аласы көп, ұзын бойлы, қара полковник кіріп келді. Бәріміз қалта қарап тұра қалдық. Отты көзімен бәрімізді шолып етті де, есік жақта тұрған алқа-салқа Никитинге қарап:
— Жолдас лейтенант, сені құдайдың еркек етіп жаратқаны қандай жақсы болған. Егер әйел болсаң нағыз салпы етек, салақ қатын болар едің!
Ол сәлемдесіп ішкі бөлмеге еніп кетті. Бәріміз бірдей мырс етіп күліп жібердік. Никитин қып-қызыл боп отыра кетті.
Бұл күні ол, кәдімгі Бауыржан, ешбір кемшілікті кешірмейтін, әр нәрсені өз атымен атайтын, лезде тауып айтатын адам боп көрінді.
Екінші көргенім. Штабта кезекші едім. Корпустан телефон соғып, Бауыржанды сұрады.
— Полктан таба алмадық. Дивизия штабына кетті дейді. Мұнда бастық сұрап жатыр. Тауып келіңіз!
Штаб бастығында отыр екен. Телефонға келді. Ар жақтан корпус командирі бірдеңе деп жатты. Әлден уақытта Бауыржан сөйледі.
— Мен алғы шепте, ұрыста болып үйренген адаммын. Маған солдатпен бірге жүрген ұнайды. Мұның үстіне біздің халықта «Қала жігітінің соны болғанша, дала жігітінің алды болған артық» деген мақал бар. Мені қинамаңыз, қозғамаңыз! Сеніміңізге аса зор рақмет!
Соңынан білсек, корпус командирі өзіне орынбасар болуға шақырған екен.
Бұл жолы ол мансапқа құмарлығы жоқ, солдатты сүйетін, нағыз кішіпейіл батыр боп көрінген-ді.
Үшінші көргенім. Қараңғы түн. Штаб бастығын алғы шепке апарып қайттым. Бастық алда, мен соңында, түнгі қатқақпен салып келеміз. Бір кезде бастық ат-матымен жоқ боп кетті. Өз атыма «ложись» деп үлгердім. Кәдімгі «артист» атанған қызыл көк дөнен ит сияқты жер бауырлап жата қалды. Жүгіріп бастыққа келдім. Танкке қарсы қазылған әрі кең, әрі терең орға түсіп кетіпті. Бетіне түнде қабыршақ мұз қатқаны болмаса, мәймүлдеген су екен. Қолымның ұшын беріп бастықты шығардым. Кәрі солдат емес пе, ат тізгінін жібермеген. Жетелеп жиекке әкелдік. Тұяғы ернеуге тиюі-ақ мұң екен, бір ырғып ат сыртқа шықты.
Тұла бойы малмандай су боп, жүнжіп келе жатқан штаб бастығына жолда Бауыржан кездесті.
Бастыққа ең алдымен рапорт беретін болар, одан соң мына халына жылы жұбату айтатын шығар деп ойладым. Олай болмады.
— Жер жайын жақсы білмегенсің, түнде жүріп неңіз бар? — деп, езу тартты да жүріп кетті.
Бұл жолы ол әрі қатал, әрі менмен боп көрінді.
Төртінші көргенім. Гвардия кіші лейтенанты Есмұқан Таймасов ерлікпен қаза тапқан күнгі кеш болатын. Соны жерлеп, енді тарай бастағанда беті қап-қара боп түтіккен, күндізгі шайқастан әбден шаршаған Бауыржан кездесе кетті.
Таймасов қызмет ететін батареяның командирі бетінің шешек дағы бар, шот маңдай, қортық капитан Бауыржанды көре сала сасқалақтап:
— Жолдас гвардия полковнигі, бүгінгі ұрыста гвардия кіші лейтенанты Таймасов ерлікпен қаза болды! — деп баяндады.
Бауыржан әлгіге тесіле қарады. Анау мұңайып жерге үңілді.
Полковниктің көзқарасына төтеп бере алмады.
— Таймасовтың өлгені жақсы болған екен! — деді Бауыржан зілді үнмен.
Тұрғандар оған аң-таң боп қалысты.
— Несіне сазара қалдың.Жақсы болған екен. Жерін кеңіген екен. Кеше ғана Таймасовпен бірге істесе алмаймын. Ол өзімшіл, менмен деп үстінен рапорт берген жоқ па едің? Енді түк білмегендей мұңая қапсың. Жақсылап жерлеңдер, басына белгі қойыңдар.
Бауыржан жүріп кетті.
Бұл жолы ол маған ештеңені ұмытпайтын, айтқанда алмастай кесіп тастайтын өткір боп көрінген.
Бесінші көргенім. Жаз күні еді. Бауыржан полкінің тұрған жеріне келдім. Осы полктың бір ротасында менімен әскери училищені бірге бітірген досым бар. Соны іздеп келген едім. Толас кезі екен. Тоғай арасына ендік те дастарқан жайып, ішіп-жеп отырғанбыз. Енді қыза түскен кезде, қайдан, қалай келіп қалғанын білмедік, тоғай арасынан Бауыржан шыға келді. Мойнында дүрбісі, бір қолына плащын ұстапты. «Құдай ұрды, енді құрыдық» дегендей, қызып отырған топ орнынан атып тұрды.
Ол жақын келді. Рота командирі баяндамақ боп қолын көтере беріп еді.
— Қоя қой, жетеді! — деді қолын көтеріп. — Жетеді. Қап-қара боп өздерің жинала қалған екенсіңдер! Отыра беріңдер, бірақ адам ақылын ішпейді. Мен сендерді көрмеген-ақ болайын! — деп бұрылып жүре берді.
— Өзі нақа бір аппақ боп тұрғандай-ақ! — деп мәз боп жатырмыз.
Бұл жолы ол маған аса мейірімді, жайды жақсы түсінетін ер көңілді адам боп көрінді. Ол біздің жүрегімізге отты көзінен, суық жүзінен жылылық құйып кетті.
Алтыншы көргенім. Бұл жолы оны шабуылға шыққан солдаттар сапының арт жағынан көрдім. Алға кетіп бара жатқан жауынгерлерді бақылап, қасындағы байланысшылар арқылы ұрысты басқарып бара жатты. Үстіне теңбіл бұғының терісі тәрізді шұп-шұбар халат киіп апты. Бетпе-бет келгенде болмаса, оны солдаттан ажырату қиын. Тек қана оны батыр тұлғасынан, ұзын бойынан таныдық. Бұл кезде ол батыр басшы, ақылшы командир еді.
Бұл алғашқы кездесулердің көрінісі ғана. Қарай берсең, үңіле түссең бұл адамның бойынан көп қырды, талай сырды көруге болатын. Ойлаймын, осыдан өлмей тірі қалсақ, амандық болса әлі талай кездесерміз.
Мұның үстіне осы ағаны, Бауыржанды көрген сайын менің есіме үнді жұртының мынадай бір аңызы түседі. Аты аңызға айналған адамды көргенде есіңе аңыз түсетін де болар.
«...Бір кезде, осы жарық дүниеде «Құдайдан» басқа ешкім болмаған екен дейді. Құдай олай жүріпті, былай жүріпті. Ақырында іші пысып, не істерін білмей, өзіне ермек іздеген екен. Сондағы өзіне бола ойлап тапқан ойыншығы — жұп-жұмыр, дөп-дөңгелек доп екен. Мұнымыз осы күнгі жер.
Жер құдайдың алдында шыр айналып, безек қағып ойыншық боп тұра беріпті. Көз алдында зыр жүгірген дөңгелектен құдайдың басы айналыпты.
Жұмыр жердің үстінде көз тоқтатар дәнеңе жоқ. «Құдай» сол жерді көркейтіп, әдемілеу үшін, екіншіден өзі жоғарыдан сығалап қызықтап отыру үшін — ең алдымен әйелді жаратыпты.
Әйел кім жаратқанын, кімге бола, неге жаратқанын білмей, аң-таң, дел-сал боп көп жүріпті. Құдайдың басы бұрынғыдай айналмайтын, ауырмайтын бопты. Жер бетіндегі жалғыз әйелді қызықтап отыра беріпті. Бұрынғы басы айналып көз тұнудың орнына құдай әйелге қарап есіней береді екен.
Әйел құдайды есінегенде шыққан дыбысынан біліп қойыпты.
— Әй, сен кім? — деді әйел.
— Құдаймын.
— Мені жаратқан сен бе?
— Мен.
— Не үшін жараттың?
— Өзімнің қызығым үшін жараттым.
— Сен құдай болсаң, мені өз қызығың үшін жаратсаң, сен бүйтіп өзімшіл болма, менің қызығым, қуанышым, алданышым үшін де бірдеңе жасап бер.
Құдай жасырына алмаған, әйелдің көзіне бір түскенсін, әйел оны тегін қойсын ба? Өзіне ермек, қызық тілеп, шашын жайып, ебіл-дебіл боп, жер тепкілеп отырып апты.
Сонымен не керек, әйелдің өтініші бойынша дүниедегі тоқсан тоғыз мақұлық жаратылған екен. Бірақ, әйел, әрбір хайуанмен үш күн ғана қызықтап, жалыққансын тоғайға жібере беріпті, жібере беріпті. Маймыл, ит, қасқыр, арыстан, жолбарыс, түлкі, жылан, аю, қыран, сұңқар бірінен соң бірі орманға, тауға, тасқа кетіпті.
Құдай әйелдің тоқсан тоғыз тілегін беріп жүзінші тілегін сұраған кезде, әйелге тілін тигізіпті.
— Сен не деген қанағатың жоқ, беймаза, тілегі, сұрағы көп пенде едің? — депті.
— Ең соңғы тілегім! — деп әйел де бой бермепті.
— Ал енді соңғы тілегіңді айт, дегенде әйелдің айтқаны екен дейді.
— Сұрап отырған жүзінші тілегімнен қандай мақұлық боларын өзің біл: бірақ, онда арыстанның айбаты болсын, жолбарыстың қайраты болсын, түлкінің айласы болсын, жыланның суықтығы болсын, аюдың сабыры болсын, маймылдың сиқыры болсын, қыранның алғырлығы болсын, сұңқардың көрегендігі болсын, қысқасын айтсам, осыған дейін жасаған тоқсан тоғыз мақұлықтың бойындағы ең жақсы қасиеттер осыған берілсін, — депті дейді.
Сонда, құдай дүниедегі жүзінші пенде етіп жігітті жасаған екен. Демек, жігіт бойында, нағыз жігітте арыстанның айбаты, жолбарыстың қайраты, аюдың сабыры, қыранның жүрегі, сұңқардың алғырлығы болса керек. «Жігіт сексен сырлы, тоқсан тоғыз қырлы болсын» деген ата мақалы осыдан қапты. Бірақ келе-келе мақал да өзгеріп «жігіт ең болмаса бір сырлы, сегіз қырлы болса депті. Менің байыптауымша осы адамның бойында қыр да, сыр да, оған қоса ақындық жыр да көп.
Лейтенант Досовтың қойын дәптерінен.
Батыс майданы. 1943 жыл».
24
Әрине, Бугеевпен кездеспеймін деп ойлаған емеспін. Бірақ, қайда, қандай жағдайда. Бұл арасы белгісіз еді. Қайткенде де нақ бүгін тап боламын деген ой да жоқты, Кәдімгі байланысшы офицердің асығыс шаруасымен өзіміздің полктың штабына қайта оралғанмын. Атымды орманға, Сорокинге тастап, екі-үш шақырым жаяулатып, штабқа жеткенім осы. Жан-жаққа қарауға да мұрша келмей, Андрей Акимович отыратын жерге еңкейіп ене бергенде, әлдекімнің дөрекілеу дауысы шықты:
— Қолың жеткен екен, тіпті қарамайсың да ғой!
Кілт тоқтап, жалт қарадым. Алдымда орта бойлы, қара капитан тұр. Кәдімгі Бугеев. Өңі қоп-қоңыр, көзі тұздай көк. Бұрын аға лейтенант болатын. Бір адым жоғарылапты. Кәзір капитан.
— Ә, сен бе едің? — дедім жай ғана.
— Өзіңнен атағы үлкен адамға сәлем беріп, құрмет көрсетудің орнына, «сен» дейсің. Тылда, штаб төңірегінде жүріп, есірген екенсің.
— Бұл кінәні қарауыңа қайта барғанда айтарсың. Кәзір асығыспын.
— Тоқта сен, оқ пен от ішінде жүрген біз тәрізді қара табан жауынгерді де сыйлаған жөн.
— Сонда сен мені ақсаусақ деп ойлайсың ба?
— «Сен» дегенді тоқтат дедім ғой. Ақсаусақ емей, кімсің?
— Ақсаусақ деп сен сияқты бәрін КП-да отырып, өзі бітіріп жүргенді айтады. Мен болсам жауыр құйрық, тілік табан шабарманмын.
— Штаб офицері болсаң да тіліңнің қотыры жазылмаған екен.
— Тілінің бүрі жоқ, тазы бар адаммен кездескен бойда менің тіліме де қотыр пайда болады. Біздің халықта: «Жолдасың соқыр болса, көзіңді қысып отыр» деген мақал да бар.
— Менің атағым мен қызметімді сыйламаған күнде, күн сайын оқ пен оттың ішінде жүргенімді сыйлауың қажет-ақ еді. Оны да білмедің. Жарайды.
Ол сөзін салмақпен, зілді айтты.
— Сен дозақта жүрген жоқсың, мен жұмақта жүргенім жоқ. Мұны да білген жөн. — Мен де зілді айттым.
— Әй, дегенмен, басыңнан зулап оқ пен доп ұшып жатса көрер ем қандай батыр екеніңді.
Ол аздап жүзін жылыта, күле сөйледі.
Менде де адамға деген жылылық бар. Бугеевтің күлкісіне еріп кете қоймағанмен:
— Мына бір асығыс пакетті беріп шығайын, — деп ішке еніп кеттім.
Адамның жайдарысы Андрей Акимович пе деп қаламын. Кеудесінде инедей кірбіңі жоқ, ешбір ақаусыз қарсы алады. Қалжың-күлкісі араласа жүреді.
— Жолдас гвардия майоры... — деп шұбырта жөнеліп едім.
— Әй, тоқта, қайбір жақсылық әкелдім дейсің, одан да береріңді бері — деп күлді.
Пакетті беріп қайта шықтым. Бугеев орнында тұр екен. Кімді күтіп тұр, әрине, мені болар деп ойладым. Қасына жақын келе бергенде, қарсы жүріп қасыма келді. Оған бір-екі адым жетпей мен де тоқтадым. Ол күлді. Мен де күлдім. Оның күн қақты, жел қақты болған жүзінен, әсіресе, көк көзінің қарашығынан, ең тұнығынан көріп тұрмын, «осы бізге не жетпейді» деп тұрған сынды. Осындай отты ол менің көзімнен де көрсе керек.
— Жүр, уақытың болса, былай шығып сөйлесейік, жолдас лейтенант! — деді ол.
— Көп емес, аздаған уақыт бар, жүр, қайда барамыз?
Екеуміз штабтың шығыс жағындағы бір топ кішкене жас қарағайға келіп тоқтадық. Отыратын жер жоқ. Екеуміз де түрегеп тұрмыз. Бугеев әңгімесін бастады. Бұрынғыдай емес, сабырмен, жылы леппен сөйледі.
— Бұрынғы өзің көрген ротада істеп жатырмын. Өзің білетін жігіттердің бәрі бар. Сенің взводыңнан мүлде шығын жоқ, әзірге. Бірақ нағыз қауырт кез енді басталды ғой деймін.
— Солай болар! — дедім салқындау ғана.
— Ие, айтпақшы, айтайын дегенім бұл да емес. Осы бізге не жетпейді? Соны айтайын деген едім.
Ол маған қарады. Менің ескі кегім есіме түсіп қана қоймай, жүрегімді бір жұлқып өтті. Сазара қалдым.
— Білместік кімнен болды, оны тергеп жатпайық. Екеуміз де бір-бірімізге өткенді кешірелік, — деді ол менен жауап күткендей тесіле қарап.
Нақ осы кезде жаудың алысқа ататын зеңбірегінен ұшқан снаряд зуылдап кеп, құлақты тұндыра барып, ағаштың шетіне гүрс етті. Бугеевтің «Жат» деген жан дауысы шықты. Өзі менің қарсы алдымдағы кішкене қарағайдың түбіне жалп етіп жата қалды. Мені кәдімгі пенденің өзімшілдігі биледі. Бугеевтің бұйрығына бағынғым келмеді, оның алдында тізе бүкпедім, мелшиіп тұра бердім. Екі тізесі, бүкіл омырауы батпақ-батпақ боп, Бугеев орнынан тұрды.
— Алғы шеп болса бір сәрі, мына жерде бостан-босқа өле салу ұят қой, — деді ол қызара түсіп.
Түсі өзгеріп кеткен екен. Бәрінен қолайсызы менің жатпай, оның жатқаны болар. Оның үстіне мен де тыныш тұрмадым.
— Дағды деген қиын ғой, — дедім...
Бұл екі ұшты сөз. Бугеев мұның екеуін де ұқты.
— Ие, дағды деген оңай емес. Біз оқ атылса болды қалай болса, солай жата қап үйренгенбіз.
— Қорқақтық та дағдыға жатпай ма?
— О, сен соны айтпақ па едің?
Осы шақта екінші снаряд зулап кеп, әлгіден жақынырақ жерге түсіп жарылды. Бұл жолы екеуміз де, ешбір командасыз-ақ, жүрелеп отыра қалдық. Снаряд жарықшақтары жоғары көтеріліп, жерге түсті. Тысырлап біздің қасымызға да түсіп жатыр. «Мынау қайтеді, әй» дегендей, бір-бірімізге қарап күлеміз.
Біз енді көтеріле береміз дегенде тағы бір снаряд кеп түсті. Бугеев менің иығыма қолын сап, «жат» дегендей, төмен қарай басып қалды. Мен де иіле бердім. Екеуміз құшақтасқан бойы қара жерге етпеттеп жата қалдық. Жерден көтерілген балшық, аралас ауыр топырақ үстімізді көміп өтті. Біз тұрған жер жаудың күнілгері нысанаға алған жері екені белгілі болды. Екеуміз әлгі жерден жылысып сайға түстік.
Бір-бірімізге қарап күле береміз. Әлгі бір кездегі зілді әңгіме өз жайыма қалды.
— Мына кең орманда, мынау қысылшаң кезде, соғыс отының ішінде жүргенде бізге жетпей жатқан ештеңе жоқ, бәрін, өткеннің бәрін ұмытайық! — деп Бугеев қолын созды.
Мен оның қолын қыстым. Екеуміз қабақ шытып кездестік те, күліп ажырастық. Ол алғы шепке, өз ротасына кетті. Мен орман арасында қос атты бағып отырған Сорокинге қарай тарттым.
Жүріп келем. Әлгі бір сәттегі жайлар еске қайта түседі. Тіпті, басқасын былай қойғанда, ең соңғы снарядтан Бугеев екеуміз құшақтасып жатып, өліп кетсек ше... Мұны майор Ветков көрсе не дер еді? Кеше ғана болмашы бір пендешілдікпен араздасқан екі жігіт бүгін құшақтасып өліп жатса, бұл жайды білетіндер не ойлаған болар еді? Біреулер «мына екеуінің кездескен жерін-ай десе, енді біреулері екеуінің де ниеті дұрыс екен, табысқан жерде жан тапсырғанын қара» дер еді-ау! Бірақ, кімді болғанда да таңдандырып жатпай-ақ, өлмей қалғанымыз оңды болды. Сорокин де мазасызданып күтуде екен.
25
Таң сәріден-ақ қара жердің кең сауыры дірілдеп сала берді. Біздің артиллерия бастады. Новосокольники қаласының төңірегіндегі жау бекіністерін атып жатыр, Бір сәт толастамастан үсті-үстіне атылған зеңбіректен құлақ тұнады. Жер құйқасы дір-дір етеді. Жүз жылдық шырша мен қарағайдың тамырын қайда, қалай қарай жайғанын «Соғыс тәңірісі» сөйлеген кезде анық көресің. Тамыр жайған жерлер солығын баса алмай, өксігін үдете түседі.
Ауыр және жеңіл артиллерия біраз мауқын басқан кезде жарты сағаттай толастау болды. Бұл жаудың қаншалық шығындағанын білу үшін болар деп түйдік.
Алексей Дробчинский екеуміз оперативтік бөлімде кезекші боп отырмыз. Өзара әңгімеде бүгінгі шабуылдың күшті боларын сөз еттік. Әрине, Великие Луки, Холм түбіндегі айқастарға қарағанда ештеңе емес те болар.
Великие Луки төңірегінде жаудың аса зор әскери күші тұрды. Бекіністері мықты еді. Жау бұл қаланы қолға ұстап қалуға үлкен маңыз берген. Олар Великие Лукиді Шығыс Пруссия мен Балтық жағалауына апаратын ашық есік деп санады. Сол есікті ашпауға жан таласып, жылдан аса айқасты. Көп күш төкті. Бірақ біздің армияның күші әлдеқайда басым болды. Бұл соғыстың алғашқы жылы емес, Совет Армиясының ұрыс үстінде, майдан даласында шыныққан, нығайған шағы. Шегінген солдаттарды қуып жүріп, самолеттен атқылайтын кез қайда, келмеске кеткен. Біздің әскер рухани жағынан да, қару-жарақ жағынан да басым.
Біз осы жайды айтып отырдық.
Аз толастан соң «Катюшаға» кезек берді. Әлденеше машина қатар тұрып, екі-үш дүркін оқ атты. Міне, осыдан кейін барып, жаяу әскер шабуылға шықты.
Ал Великие Лукиді, Холмды босатар кездегі шайқас, алдын ала әзірлік бұдан да зор болған. Мұның үстіне осы өңірде ұрыс жүргізген біздің бөлімдер Москва түбінде, Калинин жерін жаудан азат етуде көзге ерекше түскен болатын. Осындай атақты, гвардиялық бөлімдер бүгін тағы да қайта көтерілді.
Қиян-кескі ұрыс кешке дейін бір толастаған жоқ. Қалаға енуге ұмтылған оң жақ және сол жақ топтың атакасын жау әлденеше рет тойтарып тастады. Кеш алдында барып, қалаға ең алдымен біздің гвардиялық полк енді. Мұны полковник Сомов басқарағын. Андрей Акимович Ветков осы полкта штаб бастығы бон істейді.
Ендігі ұрыс қаланың ішінде болды. Жаудың пулемет нүктелері үйлердің шардағынан, подвалдан ата бастады, Канаттағы бөлімдердің қалаға енуіне еркіндік туды. Жау ортадан да, екі жақ бүйірден де қыспаққа алынды. Бірақ қаланы тастап қашуға бет алған әскердің шегінуін қамтамасыз ету үшін әлденеше пулеметшілер қалған екен. Жау атуын тоқтатпады. Біздің бөлімдер үйден үйге, көшеден көшеге әлсін-әлсін жылжи берді. Жанталасқан ұрыстың нақ ортасында, жауынгерлер және командирлерге тікелей басшылық етіп Сомов пен Ветков жүрді.
Мұның алдыңғысын жақсы білмеймін. Денесі іркілдек, быржық бетті, орта бойлы, сары кісі. Ал, Ветков болса, көптен білетін адам. Москва түбінде, кәдімгі Дубосековода батальон адъютанты болған. Содан бері көп уақыт өтті ме? Араға жыл салып, үлкен гвардиялық атқыштар полкінің штаб бастығы боп отыр. Сомов болса, бізге кейін келді. Оның бізбен бірге үлкен ұрысқа енгенін енді көрдім. Сабырсыздау адам ба деп қалдым. Өзінің де, өзгенің де дегбірін қашырып, көп айқайлады.
Қас қарая атыс саябырси бастады. Қала жаудан тазарды. Ұзақ күнгі ұрыстан шаршаған солдаттар жатар жайға орнықты.
Қаланың шетіндегі бұзылмай қалған жеке үйге дивизия штабы келіп орналасты. Майор Матвеев асып-саспай, бұрынғы әдетінше бізге, штаб офицерлеріне бүгінгі ұрыста дивизия командирі, генерал-майор Черниговтың ауыр жаралы болғанын хабарлады. Неге екенін білмедім, осында отырған офицерлердің бірде-бірі «Не дейсіз» деп шошына, үрейлі сұрақ бермеді. Бәрі үнсіз қалды. Тек қана есігі ашық тұрған екінші бөлмеден машинистка Шураның жай ғана күрсінгені естілді. Оны қыздың өзі де байқамай қалды ғой деймін. Бірақ мұндағылар түгел естіді. Біз бірімізге біріміз қарадық. Никитин бе, әлде Дробчинский ме, әйтеуір екеуінің бірі «қаншықтың өксікті күрсінуін қара» деп қалды. Матвеев есітпеген адам сияқты үндемеді. Женя Иванова ғана әйел намысын жыртқандай болып:
— Ұят керек, жігіттер! — деп қойды.
Дауысы тарғыл-тарғыл боп, жарықшақтана шықты.
— Сіз де қатты толқуда екенсіз ғой! — деп қалды Шелестов Женяға.
Майор Заможный оған жақтырмаған кейіппен, алакөздене бір қарады. Шелестов жым болды. Тырсиып жарыла алмай тұр екен. Никитин бір кезде:
— Жарасы өлетіндей ауыр емес пе екен? — деді.
Майор Матвеев жауап қатпады.
Менің есіме өткен ұрыста қаза тапқан аға лейтенант Прокофев түсті. Оның сонау бір кеште, Шураны генералға шақырып кеткенде айтқан «собака» деген жалғыз сөзін есіме алдым. Ол ер жігіт еді, сүйе білетін жас еді. Ал әдетте сүйе білген адам ғана жек көре де біледі.
Біз үлкен қаланы жаудан азат еткен ұрыстан кейінгі жаңалықты естідік. Жалғыз Чернигов емес, талай жігіттер жаралы болған, ерлікпен қаза тапқандар да бар. Оның ішінде осы тұрғандар түгел білетін жақсы жігіттер бар-ды.
Әркім көз іліп алатын жылы қуыс іздеді, Алексей Дробчинский екеуміз бір кеттік. Былай шыға беріп ол:
— Жаралы болмақ түгіл өліп қалсын, немене ол Панфиловтан, Иван Васильевичтен артық па?
— Әңгіме артық, кем де емес. Қайткенде де адам ғой.
— Осы сен-ақ гуманист бола қалады екенсің.
— Гуманист емеспін. Бірақ жек көрген адамына өлім тілейтін қара ниеттігім жоқ.
— Ей, байқа, байқа, жолдас лейтенант!
— Ие, бұл сөз сізге тиетін бе еді?
— Өзіңе тигенсін тигізіп айтасың да. Әйтпесе, сол генералды тәуір көретіндей нең бар еді. Көп болса Сомовтың әйелінің арызынан арашалап қалғансын жақтайтын боларсың.
— Нансаң соның нақ осы жерде есімде де жоқ. Ақыр еске салдың, жақсылыққа жақсылықты ең нашар адам ғана ұмытады.
— Оның рас. Бірақ өзің айтқандай генерал сені қорғайын деген жоқ. Әйелді жек көретін болғансын, саған тимеді ғой. Ол мұнысымен әлгі әйелге өзінің көзқарасын танытты.
Солай да болар. Бірақ адамның аты адам. Оның қайғысы кімді де болса бір күрсіндіріп тастаса керек. Мен өзім түгіл, әлгіндегі Шураның күрсінуін сөкет көрмес едім.
— Сенің мынауыңды басқалар естімесін! — деп күлді.
Даусын, күлкісін анық естідім. Бірақ оның күлкісі де, менің генералға деген әділдік хақында айтқан сөзім де ештеңеге сеп боп жатқан жоқ.
Арада екі-үш күн өтті. Қаладан шығып, қашқан жаудың ізіне түстік. Генералдың жарасы онша ауыр емес екен. Бірақ сапқа қайта алмады. Жаңа комдивті күттік. Түс кезінде, штаб офицерлерін, қарауыл ротасы мен тағы бір автоматчиктер ротасын сапқа тұрғызды. Бір жаңалық болары мәлім.
— Смирно! — деген ащы дауыс естілді.
Алғы шепте жүргендер үшін көп айтылмайтын команда. Бәріміз қалта қарап, мелшие қалдық.
— Равнение направо! — деді әлгі дауыс.
Мойынды оңға бұрдық. Екі-үш жауынгер дивизия туын көтеріп шықты.
— Внести знамя дивизии на середину!
— Смирно!
Дивизия туын көзбен шолып, ортаға қарадық. Төңірегі алтын түстес сары шашақты, алқызыл туды ортаға алып келді. Тудың бас жағында «Гвардия значогы» салынған. Одан төменірек, қатарымен үш орден қадаған. Москва түбіндегі шайқаста асқан ерлік көрсеткені үшін — Қызыл Ту орденімен, Солтүстік-батыс майданындағы, Калинин облысын азат етудегі ерлігі үшін — Ленин орденімен, кейінгі кездегі енбегі үшін — дивизия Суворов орденімен наградталған. Міне, осындай даңқы алысқа кеткен атақты гвардиялық дивизияның туы біздің көз алдымызда тұр. Орман арасына түскен күн сәулесімен шағылысып ойнайды, құлпырады. Осы тудың астында біздің жауынгерлер талай-талай жеңіске жетті, әлемді тан қалдырған батырлық жасады. Осы дивизияның бір ғана полкынан, біздің 23-полктен отыз адам Совет Одағының Батыры атағын алды. Бұл ешбір полктың тарихында болмаған. Енді бір қарасаң осы ту біздің жігіттердің қып-қызыл ыстық қанына малып алғандай шымқай-ау! Осында кәдімгі, Москва түбіндегі 28 батыр-панфиловшының, Ақбота мен Ильяның, Есмұқан мен Александрдың қаны мен тері бар. Сондай ер жігіттердің ыстық қанына малынған шымқай ту көз алдымызда желбіреп тұр.
— Тыңдаңыздар!
Саптағылар тына қалды.
Бұйрық оқылды. Гвардия полковнигі Сомов дивизия командирі болып белгіленді.
Бұл ерлік даңқы әлемге кеткен үш орденді атақты гвардиялық атқыштар дивизиясының Иван Васильевич Панфиловтан бастағанда алтыншы командирі болатын.
Мен осы бір жайды ойлап та үлгіре алмадым. Кімдер екені есіме енді түсіп келе жатыр еді, полковник Сомов алда тұрған топтан бөлініп шықты. Ту ұстаушыларға қарай әскерше адымдап келеді. Ол ту алдына келіп тоқтады да, он жақ тізесін жерге жеткенше бүгіп, ту алдына жүгінді. Оң қолымен тудың жерге қарай төгіле жатқан шашағын көтеріп, бұрышынан сүйді. Бұл оның гвардиялық дивизия туы алдында берген анты еді. Адал қызмет ету үшін берілген ант.
Бұл осынау қанымыз түстес ту алдында бізге берілген ант, біздің атымыздан осы туды сеніп берген Отанға, партияға берілген ант.
Түс қайта шабуыл қайта басталды.