Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Әдебиет майданында

(Пікір алысу ретінде)

Әдебиет майданында кейбір жолдастар талас-тартыс қызуымен бірнеше ірі мәселелерде орасан теріс пікірлерді құрал қылып жүрді. Бірақ, соңғы кездерде, сол теріс пікірлерді құрал қылушы жолдастардың көбі өйтулерінен лажсыз қайта бастады. Оны төменде тексеріп, екшеп қағып көрсетпекпін, әуелі бұл «Жаңа әдебиет» журналына пролетариат — қара шаруа жазушылар ұйымының қатысу ретін айтып өтейік.

Былтырдан бері біздің Қазақстандағы пролетариат — қара шаруа ұйымы Қызылордада да әдебиет журналын шығаруға талап қылып келді. Ұйымның еркінде жоқ бірнеше себептерден журнал бұл күнге шейін шықпай келді. Бірақ ұйым атынан журнал шығара алмасақ та, Октябрь төңкерісінің он жылдық тойына арнап пролетариат — қара шаруа жазушылар ұйымының атынан әдебиет жинағы «Жыл құсын» шығардық. Және сол «Жыл құсын» үзбей, екі айда бір шығарып тұрмақ болдық...

Соңғы кезде әдебиет, салт-сана мәселелері қозғалып, бір әдебиет журналы да шықпақ болды. Және біздің ұйымның әдебиет жинағы «Жыл құсы» да шығып тұрмақ болды.

Совет үкіметінің жолына қызмет қылады деген жазушылардың бәріне де бұл журналға жол ашық болатын болды. Бірақ біздің пролетариат — қара шаруа жазушылар ұйымына бұл журналдан орын беріліп отыратын болды.

Ал және үзілмей шығып тұратын әдебиет жинағы «Жыл құсын» біздің ұйымның өзі ғана дербес шығарып тұратын, бұған мемлекет баспасының басқармасы қаражат ретінде жәрдем қылып тұратын болды.

Міне, осы ретпен біздің пролетариат — қара шаруа жазушылар ұйымы «Жаңа әдебиет» журналынан да тиісті көрнекті, мол сыбағалы орнын алып отырмақ және ұйым өзінің ғана әдебиет шығармасын «Жыл құсында» дербес шығарып отырмақ.

Біздің ұйым қатысып отырған «Жаңа әдебиетте» де, өзі дербес шығаратын «Жыл құсында» да салт-сана, әдебиет майданындағы теріс бағыттармен тынбай күресіп отырмақпыз...

Енді әдебиет майданындағы талас болып келген мәселелерді екшеп тастайық...

Біздің әдебиет майданымызда бүгінге шейін талай талас мәселелер бар. Талас болғанда, жалпы еңбекші тап әлеуметшілігінің алдына түскен, яки партия әлеуметшілігінің алдына талқысына түскен талас мәселелер болмаса да, әлеумет, әдебиет-саясат істеріне қатынасып жүрген адамдардың біраздарының арасында сөз болып, талас болып жүр. Сол талас мәселелердің бір-екеуін, кейбір жастардың қате пікірлерін талқыға салалық.

Әсіресе соңғы кездердегі талас пікірлердің бірі: Қазақстанда пролетариат бағытында жазушылар ұйымы болуға мүмкін бе, жоқ па? — дегенде кейбір жастардың — ондай ұйым қазір Қазақстанда болуға мүмкін емес, түбінде болса болар дейтін. Қашан Қазақстанда өнеркәсіп орындары күшейсе, зорайса, қашан сол өнеркәсіп орындарындағы жұмыскерлердің өздерінен әдебиетшілер шықса, сонда ғана пролетариат жазушылар ұйымы болуға мүмкін, сонда ғана пролетариат әдебиеті болуға мүмкін дейтін. Әйтпесе—дейтін — сендер пролетариат бағытындағы жазушылар ұйымын ашамыз дейсіндер, пролетариат деген сөз, қазақша айтқанда, жұмыскер деген сөз. Жұмыскер табының жазушылар ұйымын ашатын, әдебиетті жұмыскер табының бағытымен апаратын сендер қайдан шыққан едіңдер?.. Қайсың жұмыскер едіңдер?.. Бәрің ауылдан шыққан ғана адамдар емессіңдер ме?.. деп күлетін. Күлгенде... «жаманды» келемеж қылған «жақсыларша» күлетін.

Әрине, бұл күлкіге біз қарсы болатынбыз. Қазақстанда қазірден-ақ пролетариат бағытымен жазуға бет алған және бет алмақ жазушыларды ұйымдастыруға мүмкін. Қазірде-ақ әдебиет майданында, салт-сана майданында пролетариат ықпалын жүргізуге ұйымдасып, іс қылуға мүмкін дейтінбіз. Әдебиет — тап құралының бірі. Олай болса, қазіргі үстемдік жүргізіп отырған пролетариат табының бағытына, түпкі мақсатына әдебиет майданындағы қарсы бағыттармен, зиянды бағыттармен қаттырақ күресуге мүмкін дейтінбіз. Әдебиеттегі, әдебиет майданындағы теріс бағыттармен күресу үшін пролетариат бағытын қолданатын жазушылардың ұйымын жасауға мүмкін дейтінбіз.

Міне ондай ұйымды біз жасай бастадық дейтінбіз. Бұл мәселе таяуда біраз ортаға түсіп, талқыға салынып, біздің пікірдің дұрыс екені айқын керінді. Бұрын біздің пікірге қарсы болатын жолдастар енді қарсы болудан қашты. Бұрын күлетін жолдастар енді күле алмайтын болды.

Пролетариат — жұмыскер табының бағытын қолданатын жазушылар ұйымын ашатын және әдебиетті пролетариат, жұмыскер табының бағытымен жетектейтін, қақпалайтын, сол бағытпен жазатын сендер қайдан шыққан жұмыскерлер едіңдер?.. — деп күлгендерге біз мына төмендегідей жауап бердік.

Өзі жұмыскер емес адамдар да жұмыскер-пролетариат табының тілегіне қосылуға мүмкін, сол таптың негізгі түпкі мақсатына жету жолында өз басының рақатын, өз қара басын аямай құрбан қылуға даяр болып, белсеніп майданға шығуға мүмкін. Мәселен, Коммунист партиясы — пролетариат жұмыскер табының партиясы. Ал Коммунист партиясының ішіндегі адамдардың бәрі теп-тегіс жұмыскерлер ме?.. Әсіресе біздің қазақ коммунистерінің ояздықтан жоғарғы қызметтерде жүргендердің қайсысы: «мен жұмыскермін!» дей алады екен?.. Қай зауытта, қандай жұмыс істеді екен?..

— Сендер пролетарий—жұмыскер емессіңдер, — сол себепті әдебиетті пролетариат бағытымен қақпалай алмайсыңдар, пролетариат бағытымен апара алмайсыңдар, — деп келетін коммунист болып жүрген жолдастардың бірде-біреуі «мен жұмыскермін!» деп айта алмайтын шығар?..

Өзі жұмыскер болмаған коммунист жазушы әдебиетке пролетариат бағытын кіргізуге мүмкін емес болса, олай болғанда, өзі жұмыскер емес коммунистердің бәрі де ешнәрсеге пролетариат бағытын кіргізе алмауы тиіс қой?.. Олай болғанда, пролетариат жазушылар ұйымын, пролетариат әдебиетін жұмыскердің өздерінен ғана жазушылар шыққанда жасауға мүмкін деуші коммунистердің айтуына қарағанда, біздің Қазақстан тәрізді өнеркәсіп орындары жоққа тәндік, өнеркәсіп дүкендерінде ұйымдасқан жұмыскерлері өте аз, оның өзінің көпшілігі сауатсыз, немесе шала сауатты аймақтарда ешбір істі пролетариат бағытымен, пролетариат рухымен апаруға мүмкін емес болады ғой.

Қазақстан тәрізді жерлердегі жасалмақ болып жатқан зор істерді, жаңа тұрмысты пролетариат бағытымен жасауға мүмкін болмасқа керек қой... Пролетариат жазушылар ұйымын, пролетариат әдебиетін жұмыскерлерден жазушылар шыққанда ғана жасауға мүмкін деуші теріс, қате пікірлі коммунистердің ішінде өздерінің саналарында, құлықтарында пролетариат рухы, пролетариат бағыты шамалы болуға мүмкін. «Әркім өз көңілінен хабар береді» — дейді.

Міне, Қазақстанда пролетариат жазушылар ұйымын, пролетариат әдебиетін «қоя тұрындар» деуші қате пікірлі коммунист жолдастарға біздің берген жауабымыз осы.

Және, бұдан былай да жоғарғы айтқандай, қате дәлелдеріне беретін де жауабымыз осы. Бірақ, жоғарғы айтқандай, қайсың жұмыскерлерден шыққан жазушысың, қайсың пролетариат жазушысы болғың келеді деп шолақ көздеп, ұшқалақ айтқан жеңіл сөзді енді ешкім айта қоймас.

«Шоттың басын бассаң, сабы маңдайыңа соғады...»

Екінші бір талас пікір: әдебиет майданындағы «Жолбикелер» туралы. «Жолбикелер кім?..» дегенде, әдебиетке қатысып жүрген, қатыспақ болып жүрген коммунист жолдастардың көбі, «жолбикелер» деп бұрын «алашордашыл», ұлтшыл жазушыларды атаушы еді.

«Жолбикелер» Аймауытұлы, Жұмабайұлы және басқалар дейтін еді.

Енді соңғы кезде, жақында бұларды «жолбике» (орысша попутчик) деп атаудан жолдастардың қайтпағаны жоқ тәрізді. Тек бірен-саран жолдастар ғана Аймауытұлын ғана «жолбике» дейтін болыпты. Бұл айтылған жазушыларды «жолбике» деп атаудан қайтқан жолдастардың өйтпеске лаждары болмады, өйткені пролетариат бағытына, пролетариат мақсатына мақсаттары қарсы жазушыларды «жолбике» деп айту үлкен қате пікір. «Жолбике» деп жолдан қосылғандарды айтады. Жолдан қосылған жолдасты айтады. Ал олай болғанда пролетариат тілегіне тілегі қосылмайтын жазушыларды, пролетариаттың жолына жолы қайшы келетін жазушыларды «жолдан қосылған «жолбикелер», «жолшыбай қосылған жолдас» деп айтуға бола ма?.. Әрине... болмайды...

Міне, сол себепті ұлтшыл, «алашордашыл» жазушыларды «жолбикелер» деп айтудан соңғы кезде талай жолдастар лажсыз ғана қайтып отыр. Енді «жолбикелерді» жаңадан іздеп отыр. Бұрын көздеріне ілінбеген, ілінбейтін жазушылардың етектерінен қармалап жүр.

Қазіргі орыстың еңбекші тап әдебиетіндегі «жолбикелер» (попутчики) дегендердің көбі ұлы майданда, Октябрь төңкерісінде пролетариат — жұмыскер табының шоқпарын соққандар. Ердің ері сыналатын ұлы майданда орыс әдебиетінің «жолбикелерінің» көбі пролетариат жағына шыққандар.

Ал, біздің еңбекші тап әдебиетіндегі «жолбикелер» дегендері кімдер еді?.. Ұлы майданда, Октябрь төңкерісінде кімнің шоқпарын соққандар еді?.. Қай жаққа шыққандар еді... Кімге оқ атқандар еді...

Еңбекші тап әдебиетіндегі «жолбикелер» дегендерінің көбі Октябрь төңкерісінде, ұлы майданда пролетариатқа қарсы оқ атқандар, Октябрь төңкерісіне қарсы шыққандар. Бірде-біреуі Октябрь төңкерісіне ат салыспағандар... Көбі осы күнге шейін ескі тілектерін бүркеп, күркелеп майданға салып келе жатқандар.

Міне, еңбекші тап әдебиетіндегі «жолбикелер» дегендері осындайлар еді.

Сөйтіп, енді, лажсыз, еңбекші тап әдебиетіндегі «жолбикелер» делініп жүргендерден жолдастардың көбі жаңада ғана қайта бастады...

Әрине, еңбекші тап әдебиетінде «жолбикелер» болуға тиіс. Бірақ, «жолбикелер» — «алашорда» кеселі жұқпаған жаңа жазушылардан, жас жазушылардан шығуға тиіс. Және, бұрын «алашорда» кеселіне шомыла былғанбаған шөре-шөре жазушылардан шығуға тиіс. Мұндай «жолбикелер» пролетариат әкімшілігі нығайған сайын, бара-бара, пролетариат бағытындағы жазушыларға қосылып кетуге тиіс. Әйтпесе, «алашорда» кеселі сүйегіне сіңген, «алашорданың» «шәуілдегі», «тапбасары» болған адамдар еңбекші тапқа еш уақытта шын жолдас болып кетуі қиынырақ болар... Ондай адамдардың, жолдан қосылып, шын сенімді «жолбике» болуы қиын болар. Бабажан айтқандай «мұнда бір гәп болуы» керек. Әрине, қазір Совет өкіметіне, өкіметтің иесі еңбекші тапқа жолбике болайын, жолдас болайын деушілер аз болмас.

Әкімшілігін жүргізіп тұрған тапқа құйрығын бұлаңдатып жағынушылар әр дәуір болған. Өзінен шығар ештеңе жоқ, пісіп тұрған даяр майлы асқа кім табылмайды?.. Үлкен қазанның жылуынан кім қашады?.. Ыстығына күйіп, суығына тоңып жатқан заман жоқ. Дайындалған ас пісіп тұрған үлкен қазанның майлы шөмішінен кім қашады?..

Бірақ еңбекші тап қиындық көрген кезінде тас атып, топырақ шашқан билікті жеңіп алып, бауырына қазан көтерген кезінде, сол пісіп жатқан даяр ас үшін ғана еңбекші тапқа жағынған адамдарға лайықты ғана баға берілу жөн болар...

1928 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама