Қазақтың көркем әдебиеті туралы
Көркем әдебиет туралы соңғы кездерде баспа жүзінде түрліше сөздер жазылып жүр. Бірақ жазушылардың көбінің сөздерін қадалып оқып қарағанда, әдебиетке дұрыс баға бере алмайтындығы көрінеді. Әрине, ол таңқаларлық іс емес. Әркім әр нәрсеге өз базарының нарқымен баға бермек. Тұрмыстың түрлі жүйесіне, оның ішінде әдебиетке, жалғыз-ақ Маркс қағидасын, еңбекші тап жолын тұтынған (пролетариат, жарлы, кедей, қара шаруаның бәрін бір сөзбен: еңбекші тап деймін) адам ғана дұрыс баға бере алады.
Әйтпесе кез келген, қолына қалам алып, сөздерін ептеп сырлаған болып жаза берген кісі, тұрмыстың түрлі түйіндерін, оның ішінде әдебиет түйінін дұрыс шеше алмайды. Қазақстандағы қазақша сөз жаза «білеміз» деушілердің көбі «алаш» аурулы, неше жыл «алаш» ауруы жайлаған адамдар. Ахметтер және олардың еріндерін жымырып шырт түкіргендерін бір «әдемі өнеге» біліп жүргендер, мұндай кеселді адамдар тұрмыс жүйелеріне түсіне алмайтындығын тарихтың өзі айқын көрсеткен. Міне, бұл күнгеше, біздің әдебиет майданымызда осындайлардың саны көп болып келді. Соңғы кездегі әдебиет туралы жазылған сөздердің көбін осындай «азаматтар» жазып келді. Сондықтан осындай ескі кеселді адамдар әдебиет туралы сын жазғанда «неге олай жазған?» деп таңырқауға болмайды. «Құзғын қарлығаш бола ала ма?..» туралы сөз жазғандардың әрқайсысының сөздерін бөлшектеп тексеріп көрерміз, әзір әдебиеттің жалпы жайын айтайық.
Қазақ әдебиеті қалай туып, қалай өсіп, кімнен үлгі алып келеді?
Қазаққа хат үйреткен — Мухаммед діншілері, шеттен келген мұсылман саудагерлер, ноғай молдалар, өзбек ишандар. Сондықтан қазақтың көркем жазба әдебиеті туғанда, нұсқасы сол үйретушілеріне таратушы молдалардан, ишандардан тараған «Сопы алдияр», «Сыпатың ғажизин», «Хикмет» тәрізді өлең-жыр кітаптар барлық қазақ ауылдарында әптиектен соң оқылатын «үлгі», «ғибрат» кітаптары болды.
Саналыл қалқы ғабырау әплек,
Яратты қатеридан кауһәрі пак,
Салауат юны тұгты мұғаплақ,
Жаһана хұкімі көрсетті мұталлак.
«Сегу буты дураның» сөз сыпаты,
Сыпат заты емес дұрғайры заты...»
«Бисмилла» ден баян иләй хикмәт айтып,
Талбыларға дүррі гауһар шаштып мана,
Риязатны қатығы тартып, қанлар ютып,
Мөн дәптері сәні сөзін аштым мана?!! —
деген өзбек ишандардың мүриті, молдалар үйреткен жырлар әлі де жадымызда.
Бері келе тұрмыстың өзгеруіне қарай, ноғай халқы мәдениет ретінде талпына бастап, ұлттық сезімі зорайды... қазақ тұрмысының, Қазақ шаруасының да өзгеруіне қарай және 1905 жылғы төңкеріс дүмпуімен қазақ әдебиеті де аздан болса да ұлттық рухымен өсе бастады. Үлгісі енді мүлде ноғай мен орыс әдебиеті болды. Мәселен Міржақыптың «Оян қазағындағы» «Қазақтың қандай еді мағишаты... мағрипаты, рақаты» дегендері, «әпендім» дегендері. Мағжанның «Шолпанындағы» Тоқаевты еліктеп жазғандары бұған дәлел. Әрине, қазақ орысқа бағынған соң-ақ өзбек, ноғаймен қатар, қазақ әдебиеті орыс әдебиетінен де үлгі-нұсқа ала бастаған, бірте-бірте орыс мәдениеті қазақ халқына жайылған сайын орыс әдебиетінен үлгі алу күшейген. Келе-келе орыс үкіметі қазақтың тұрмыс билігін алып, орыс мәдениеті үстемдігін зорайтып, өзбек ноғай молдаларын тықсырып, Қазақ арасынан тайдыра бастаған. Орысқа алдымен жанасқан қазақтың билері, ақ сүйек дүмділері болғандықтан, орыс әдебиетінен ең алдымен Абай тәрізділер нұсқа алған, қазіргі қазақ әдебиетінің үлгісі — орыстікі.
Қазақ әдебиетінде қазір неше саяси бет бар
Қазақ әдебиетінің маңызы қандай екенін бұл жерде айта бастасақ сөз созылып кетеді. Сөзді созбай, Қазақ әдебиетінің саяси беттері нешеу екенін айтайын. Қазақ әдебиетінде қазір екі саяси айқын бет бар. Бірі — байшыл, ұлтшыл, бірі — еңбекшіл, тапшыл. Байшыл, ұлтшыл бетті әдебиетшілер, мәселен: Ахмет, Міржақып, Мағжан, Әлихан және басқалар.
Еңбекшіл, тапшыл бетті әдебиетшілер, мәселен: Рақметжан, Сәбит, Бейімбет, Сабыр, Самат, сыншы ретінде: Әбдірахман, Қамза, Ғаббас және басқалар.
Және әдебиеттің бұл екі айқын бетті жазушыларының арасында бірен-саран шөре-шөре жазушылар бар. Бұларда айқын бет жоқ. Кейде о жаққа, кейде бұ жаққа ауысып жүреді. Бірақ бұл азғантай шөре жазушылар жыл санап еңбекші тап жағына ойысып келеді. Әсіресе, осы күні, әбден еңбекші тап жолына түскен, шебер ақын Мәжит. Әрине бұлар енді мүлде еңбекші тап жағына айқындалып шықпақ. Еңбекші тап өсігі, екпіндеп келе жатқан тап. Өсіп екпіндеп келе жатқан жана күш талайды ертіп, ілестіріп әкетпек, қазіргі қазақ әдебиетінің еңбекші тап бетті жазушыларының көбі сондай ілесіп кеткендерден құралғандар. Қазіргі еңбекші тап бетті жазушыларымыздың бірен-сараны ғана октябрьді жасасқандар, октябрьден бастап жақсы-жаман болса да жол салғандар. Ал біразы октябрь толғағынан туғандар. Мәселен: Сәбит, өлген Шолпан қыз және басқалар.
Ал көбі әуелде октябрьді мақұлдамай, октябрьге сенбей, соңынан октябрь әміріне мойынсұнып келгендер. Және бұлардың кейбіреулері әуелде октябрьге қарсы әрекет қылғандар, бірі октябрьге әуелде қатыспай, шеттен қарап қалғандар, бірі ә дегенде октябрьге түсінбей қалып, теріс ізге түсіп кетіп барып, тура жолға келгендер. Міне, еңбекші тап бетті қазіргі жазушыларымыздың дені осындай, соқыр соқпақ шарға түсіп, біраз қаңғырақтап келіп түзу даңғылға келгендер. Еңді еңбекші тап өскен сайын жазушылары да көбеймек.
Қазақ әдебиетінің сыншылары кім, кімге қандай әдебиет ұнайды, қандай бетті әдебиет үстем болып келді
Қазақ әдебиетінің көркем сөз жазушылары қандай болса, сыншылары да сондай. Жазушыларының қай беттегісі көп болса, бұл күнгеше сыншыларының да сол беттегісі көп. Жазушыларының қай беттегісі көп оқыған, көп тәжірибе алған, көп ұстарған болса, сыншыларының да сол беттегісі көп оқыған, көп тәжірибелі, көп ұстарған.
Ал бұлай болғанда, ұлтшыл-байшыл бетті жазушылар, сыншылар көп оқыған, көп тәжірибелі, көп ұстарған. Және солардың саны көп.
Міне, сол себепті, соңғы бір-екі жылға дейін қазақ әдебиетінде ұлтшылдық, байшылдық бет зор болып, үстем болып келді. Және оларға кейбір газет, журналдарымызда («Ақ жол», «Сана», «Шолпан», «Жана мектеп», Ысмағұл тұсындағы «Еңбекші қазақ», тағы басқалар) орынды бұрынырақ беріп келді. Әрине, бұлай болды деу үйлеспейтін әңгіме тәрізді. Бірақ, қайтесің! Расында солай болды. Бұл қалай?
Бұлай болудың мәнісі: соңғы жылдарға дейін қазақ оқығандарына Қазақ әдебиетінің ұлтшыл-байшыл беттісі ұнап келді. Коммунист партиясынан тыс қазақ оқығандары былай тұрсын, ұлтшыл-байшыл бетті әдебиет әуелі коммунист қазақтардың өздеріне ұнап келді. Одан қала берсе, коммунист қазақтардың өздеріне, әуелі октябрьді мақұлдамай, октябрьге сенбей, соңынан әбден октябрь жеңіп болған соң мойынсұнып келіп советшіл болған жазушылардың жазғандары ұнады.
Неге бұлай?
Ән, күй, көркем әдебиет және осындай заттар саясаттың артында жүреді. Адамның құлқын, санасын тарам-тарам қылса, тізбектеп бунақтасақ, соның ең алдыңғы бунағында саясат болады да, ең артқы жағында ән, күй, көркем әдебиет, көркем шеберлік болады. Бұл тарихтың тәжірибесінен шыққан қағида.
Сол себепті біздің оқығандардың құлықтары, саналары ұлтшыл-байшылдықтан әбден тазара қойған жоқ. Бұл бір.
Екінші, біздің коммунист болған қазақ оқығандарының көбі, әлденеше соқыр соқпақтарға, «тоқсан жолдың торабына» түсіп, талай рет бұраңдай жүріп тура жолға келгендер. Сол себепті бұл реттегі жолдастардың бастарынан кешірген талай қателері болды. Әрине, түрлі қателердің ішінде әдебиет ретінде де едәуір қателері болып келді.
Үшінші, біздің коммунист болған қазақ оқығандарының біразы әуелі октябрьді мақұлдамай, октябрьге сенбей, кейбіреулері тіпті қарсы әрекет етіп, әбден октябрь жеңген соң оның әміріне мойынсұнып келіп, Коммунист партиясына кіргендер. Мұндайлардың ішінде күні үшін жүргендер де жоқ деуге болмайды. Тарихтан белгілі, үкімет тізгінін қолына алып отырған партияда бұл болады. Міне осы жоғарғы себептермен мұндайлар өздерімен бірге болған жазушылардың жазғанын ғана өте ұнатады. Бұл тіршіліктің бір заңы. Әр нәрсеге әркім өз базарының нарқымен баға береді. Әркімнің өз қышыған жерін тапқан қол сүйкімді болады. Әркім өз баласын сүйкімді көреді. Бұл күнгеше жасап келген тіршіліктің тәжірибесі осылай. Қара қарға баласын «аппағым!» деп сүйеді. Кірпікшешен баласын «жұмсағым!» деп сүйеді. Партияның қайнаған мыс қазанында біреу мен біреу таласқанда партияның саясатына қолайсыз іс қылғанды мінеп, қалжың, келеке, аздаған жыр қылып жазатын Демьян Бедныйды Коммунист партиясы ұнатады. Өлеңді «шебер өрнекпен» жазатын еңбекші тапқа зияны болмаса, пайдасы тимеген Бальмонтқа, Андрей Белыйға айырбастармыз ба? Кейбір коммунист болып жүргендер дәріптеп қоймайтын Жұмабай ұлына, жазуы шебер болмаса да Сәбитті айырбастар ма? Буыны қатып қалған саусақтарымен өз атын әрең жазатын Угарды Қытайдың Жан Золинына, «Алашорданың» Әлекесіне айырбастармыз ба?
Міне, бәрі осындай. Мұны айтқанда, мен әр таптың өзінің жазушылары қандай болса да өзіне бола береді деп отырғаным жоқ. Әрине әр тапқа да өз жазушыларының өте шебер бола беруі керек. Бұл әшейін мысал ғой.
Партияның анда-санда так-так деуімен ғана жөнге жүріп отырғандығы болмаса, жоғарғы айтылған себептермен: оқушы және сын беруші жұрттың едәуірі ұлтшыл-байшыл бетті әдебиетті дәріптеп келді. Әрине, біреулер — еппен, неше түрлі бүркеумен, біреулер — айқын.
Қазақтың көркем әдебиетінің болашағы кімдікі
Қазақтың көркем әдебиетінің болашағы еңбекші таптікі. Еңбекші тап үкіметі нығайған сайын еңбекші тап партиясына кіруге сұранушы, совет құрылысына қатысушылар көбейіп келеді. 1917 жыл большевиктерді кекетіп сөгушілер, енді большевиктер басқарған еңбекші тап үкіметі күшейген сайын большевик партиясының ықпалына жүгіруді көбейтіп келеді. Және жыл сайын еңбекші таптың өзі өнер-білім үйреніп, балаларын оқытып жарыққа шығып келеді. Бар жазушылары өсіп келеді. Жыл сайын еңбекші тап оқығаңдары әр түрлі жайды айыра танып, жете баға бере білетін болып келеді. Міне, сонымен барып, ұлтшыл-байшыл жазушыларды және оларды дәріптеп көтермелеушілерді еңбекші таптың өсіп келе жатқан екпінді күші, жаз таянған сайын іріген қардай ірітіп бітірмек. Еңбекші тап жазушылары әдебиет майданында енді қарсы күшпен тіктеп күресуге жетті. Қазақтың көркем әдебиеті енді еңбекші таптікі болмақ.
Қосымша: бұл мақаланы мен былтыр жазған едім... Әдебиет майданында жақында болған әңгімелердің бірі — Мағжан Жұмабайұлының бұрынғы «бәлен шеке» дәуірлерін көксейтін ұлтшыл сарынын тастап, «бұқарашыл» болдым деп отырғаны. Әрине, ұлтшылдардың «бұқарашылдығы» мен советтің бұқарашылдығының айырмасы болу керек. Ол бір. Екінші: Совет үкіметіне айқын қарсылық қылу қолынан келмейтін болған соң, пролетариат әкімшілігіне қарсы, тегістікке қарсы «батырлардың» көбі қазір Советпен күресу тәсілдерін өзгертіп «мен советшіл болдым» деп, Советтің қолтығына кіріп алып, сыртын бояп, «Советтің атына қарсы болмай, затын өз ықпалымызға салып бұрып әкетеміз» дегендей жалпы қылықтары бар. Әрине кімді кім ықпалына салып әкетерін көрерміз... «мен де саған қосылам» дегендер пролетариат жұмыскер табының жолына түсе берсін, әлі талай ердің ерлігін сынайтын кезеңдер келер.
Әйтеуір, езу тартып қана бір күлетін көрініс мынау ғана: кейбір мырзалар, бір кезде көрінген төбеге шығып дауыстап «ей, доңыз Иван!» «ей, жынды Әбіл...» деп орыс-қазақ коммунистеріне батпақ шашып жүргенде, екінші бір мырзалар үйде отырып, «Бәлі! Бәлі...» деп қостап, алақандарын шапалақтасқан еді. Қазір енді осылардың бәрі де сол «доңыз Иван» мен «жынды Әбілдің» қабақтарына қарап жымыңдап, соларға жағынуды іздеп, жортақтай бастады. «Рақымсыз тұрмыс», тырнақты аңша тырмыстырған. «Тіршілік қамы» қасқырды түлкі қылатын тәрізді, түлкіні қоян қылатын тәрізді, бәрі де «қасақы тағдырдың келекесі»-дағы.
1927 жыл