Академиялық ізденістердің пәндік аймағын түсіну жолдары (Нағашыбек Қапалбекұлының “Дос жүрегі” әңгімесіндегі мәселелер)
Ғылыми жетекші филология ғылымдарының кондиданты, профессор Тулекова Г. Х. Дүйсенбаева Ж. С. “Тұран” университеті
Алматы қ. Қазақстан Республикасы
6В0320-Журналистика және аударма ісі кафедрасы:
Қоғаммен байланыс мамандығының 1 курс студенті Дүйсенбаева Жаннұр
Аннотация
Мақалада болмыстан ажырау, менталитеттен алшақтау секілді ойлар баяндалып, орыстың озбыр саясаты мен жүйесіз жұмысының ұлттың болмысына, ұлттың діліне тигізген зияны туралы айтылады. Ашаршылық, соғыс, репрессия секілді үлкен трагеддияларды бастан өткеріп – мінезі де, ойы да, болмысы да, пайымы да өзгеріске ұшыраған адамдарды кейіпкер ретінде жазған жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының “Дос жүрегі” әңгімесі туралы. Қомағай қоғам қалыптастырған адамдардың мінезі туралы, жоқшылық пен кедейлік тудырған буынның коммуникациясы мен қоғаммен байланысы туралы баяндалады. Кілт сөздер: пәндік аймақ, қоғаммен байланыс, ұлттық болмыс, діл, соғыс, репрессия, ашаршылық, мінез-құлық, адамдық қарым-қатынас.
В статье описываются такие мысли, как отрыв от бытия, отрыв от менталитета, вред, причиняемый российской тиранической политикой и бессистемной работой существованию нации и религии нации. Речь идет о повести «Дос журеги» писателя Нагашибека Капалбекулы, написавшего в качестве персонажей людей, переживших большие трагедии, такие как голод, война, репрессии – изменился их характер, мысли, сущность, видение. Рассказывает о характере людей, сформированном обществом, об общении и связи с обществом поколения, породившего бедность. Ключевые слова: предметная область, связь с общественностью, национальное самосознание, религия, война, репрессии, голод, поведение, человеческие отношения.
The article describes such thoughts as separation from being, separation from mentality, the harm caused by the Russian tyrannical policy and unsystematic work to the existence of the nation and the religion of the nation. We are talking about the story "Dos zhuregi" by the writer Nagashibek Kapalbekuly, who wrote as characters people who survived great tragedies such as famine, war, repression - their character, thoughts, essence, vision changed. It tells about the character of people formed by society, about communication and connection with society of the generation that gave rise to poverty. Key words: subject area, public relations, national identity, religion, war, repression, famine, behavior, human relations.
Академиялық ізденістердің пәндік аймағын түсіну жолдары (Нағашыбек Қапалбекұлының “Дос жүрегі” әңгімесіндегі мәселелер) Академия ғылымында ізденістердің пәндік аймағы түсінігін Ю. М. Кувшинская, В. Г. Салагаев, Д. Әлкебаева, С. Әлісжанов секілді ғалымдар тұжырымдайды. Зерттеудің пәндік аймағы – біз зерттеп отырған басты мәселе мен автордың назарын аударатын құбылыс. Біздің ізденістің пәндік аймағы – қоғаммен баланыс. Қоғаммен байланыс – халық пен қоғам арасындағы қарым-қатынастан тұрады. Сол заманның басты мәселесі – қызыл империяның халыққа көрсеткен үстемдігі. Көптеген ұлттарды бодан қылып, бейбіт өмірге бір табан жақындатпауды мақсат тұтқан империялық және автократиялы мемлекеттер әртүрлі сұмдық айлалар ойлап тауып, әр қилы іс-әрекеттер жасап отырған. Ұлттың тілін талқандап, дінін дүбәрә қылып, ұлттың болмысын жою, ұлттың дінгегін жұлу, ұлттың болмысын жұлу, ұлттың тамырына балта шабу секілді ұлы мақсаттарды көздеді. Ұлттық болмыс – бір ұлттың адамзаттық санасы, рухани құндылығы, этностық ерекшелігі, ұлттық мінез-құлқы. Осы мақсаттар орындалған сәтте-ақ ұлттың жойылып кететіні ақиқат еді. Ұлттық болмысы былғанған, діңгегі жұлынған, тамыры былғанған ұлт ел болып етек жиып, жұрт болып жаһандануға ұмтылмасы анық. Сайын даланың төсінде қымыз сапырып, салқар сахараны сауыққа бөлеген қазақтың қаралы күн кешіп, қараңғыда қалуы, туралы Шоқан Уәлиханов: “ Далалықтар ғана қайғы-мұңсыз, ертеңі жайлы ештеңе ойламай еркін өмір сүре алады” [1], - деген оймақтай ой айтады.
Тарихтың тереңіне үңіліп, тұңғиығына бойлаған сәтте тың деректер мен мардымды мәліметтер табуға болады. Мәселен, қамсыз жатқан қаймана қазақтың басына XVIII ғасырда ғана қара бұлт үйіріліп, қаралы күндер орнады. Жоңғар жайлы “Үйренген жау атыспаққа жақсы” деген жұртымыз жеңіліп, “Ақтабан шұбырындыға” ұшырады [2]. Терезесі тең болсада қуаты кем, қайраты шыңжау жоңғардың ұлды құл, қызды күң қылуының басты себебі – зеңбірек еді. Білектің күші басым болса да қазақ батырлары мен хандары білімнің жемісіне қарсы тұра алмады. Осы туралы Ахмет Байтұрсынов: “Өз алдына жұрт болып тұра алмайтұғын болған соң, хандарымыз халқымен Ресейге қосылған” [3], - деген пікір білдірген. Рас, орысқа қосылдық. Осы уақытта орыс билігінің санасында “қазақты жою” деген тәтті қиял көлбеңдей берді. Орыс билігі ең алдымен дінді былғауды басты миссия ретінде қарастырды. Халық сенетін, халық иланатын дінді бұзу – ұлтты жоюдың ең алғашқы алғышарттарының бірі. Бұл туралы жезайыр жазушы, қарымды қаламгер Асқар Сүлейменов: “Дін құрыса – тіл сақтайды, тіл құрыса – үн сақтайды, бәрі құрыса – діл сақтайды” [4], - дейді. Расында да, дін, тіл, үн, діл – ұлттың тік тұруына себепкер болатын төрттаған секілді. Осы тұста Асқар Сүлейменов ерекше назар аударып, ұлттың басты негізі ретінде таныған “діл” дегеніміз – ойлаудың үлгісі, этностың, әлеуметтік топтың, индивидтің жалпы рухани мінез-құлқы. Ұлттың ділі дегеніміз – ұлттың менталитеті, ұлттың мінез-құлқы, ұлттың болмысы.
Ашаршылық. Қазақ даласын аңсөңке сүйекке толтырған аштық кезінің зұлматы мен зобалаңы қаншама уақыт өтсе де ұмтылмайтыны анық. Аштықтың кесірінен миллиондаған адам қырылып, халықтың тұрмысы төмендеді. Ықылас Ожайұлы айтқандай: “Аштықтың трагедиясы мен азабы одан құрбан болғандар санымен анықталмайды. Оның ең негізгі азабы аштықтан тірі қалғандардың бұдан кейінгі өмір сүру үрейі мен тойымсыздығынан басталады” [5], - деген оябы бөлек ой айтады. Соғыс. Бірінші дүниежүзілік соғыс пен екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ұлттың ұлдары алдыңғы қатардан табылып, жігер мен қайрат көрсеткені ақиқат. Бірақ, соғыстың кесірінен адамдардың пиғылы өзгеріп, дүниеге деген пайымы ауысқанын айтпай кетуге болмайды. Жесір әйелдер мен жетім балалар, ұрлық пен әділетсіздік, кедейлік пен байлыққа талпыну – соғыстың салған ең басты қасіретінің бірі.
Кедейлік пен жоқшылықты, аштық пен әділетсіздікті көріп өскен бала қоғаммен байланысқа түскен сәтте өз эгосын әрқашан биік қояды. “Ұрлық – бала кезінде жоқшылық көрген адам менталитетінің көрнісі” [6] деген рас. Соғыс – адамдық құндылықтарды емес ашкөздікті қолдайтын, тойымсыздықты құптайтын, мінезі үлкен өзгеріске ұшыраған буынды қалыптастырды. Соғыстың басты қасіреті – осы. Репрессия. Алаштың аймаңдай ұлдарының атылып кетіп, ұлттың ұстыны болған ұлы тұлғалардың өлім жазасына кесілуі де ұлттың мінезіне өз әсерін тигізді. Ұлы ақындар мен ұлы философтар “Дарға асудың куәсі болған халық өлім қорқынышын артық сезінеді” [7], - деген ой айтады. Рас, орыс билігі репрессия арқылы қазақтың рухын, қазақтың асаулығын 50 жылға шегеріп тастады. XX ғасырдың 70-80 жылдары әдебиетке ашаршылықтың үрейін, соғыстың салқынын сезінген буын келді [8]. Бұл буын үшін тақырып жетерлік болды. Қолға қалам алып, қайғысы мен қасіреті көп өнерге бет бұрған адам үшін қазақ даласын ақсөңке сүйекке толтырған аштық тақырбы туралы да, қазақ баласын қан майданға сүйреген соғыс тақырыбы туралы да, алаштың тақырыбы туралы да жазуға болатын еді. Бірақ, ашаршылықты, соғысты немесе репрессияны жазу шеберлік емес. Осы ашаршылықты көрген, соғысқа қатысқан, репрессияны сезінген адамды кейіпкер ретінде ашып жазу – шеберлік. Үлкен трагедияларды өткеріп – мінезі де, ойы да, болмысы да, пайымы да өзгеріске ұшыраған адамдарды жазған жазушылар аз болмады. Қоғамның қомағайлығын, адамның сұмырайлығын ашып көрсеткен жазушылар да жетерлік. Осы жазушылардың бірі де, бірегейі – Нағашыбек Қапалбекұлы. Нағашыбек Қапалбекұлы – жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. 1950 жылы 16 наурызда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қызыләскер ауылында дүниеге келген [9]. Ол өз шығармаларында адамдардың құбылған мінезі туралы, заманның өзгергені туралы, жақынның жат болуы туралы, жаттың жақын болуы туралы, жоғалып кеткен мейірім туралы, дүниені билеген дүниеқоңыздық туралы, шартарапты шарлаған атаққұмарлық туралы жазды.
Нағашыбек Қапалбекұлының әңгімелерінің ең басты ерекшелігі – кейіпкерлердің мінезінің шынайылығы, диалогтардың шұрайлылығы [10]. Мәтіннің сиқыры – қарапайымдылығында. Бұл жазушының әңгімелерінің тілі жеңіл болса да, айтар ойы адам санасын сарсаңға салып, ұзақ уақыт ойлануға мәжбүрлейді. Осы әңгімелерінің ішіндегі адамды түрлі ойға жетелейтіні – “Дос жүрегі” әңгімесі. Бұл әңгімеде ауруханада төсекке танылған Қайыркеннің өмір суреттерін ой безбенінен өткізгені туралы баяндалады. Қайыркен – өмірдің қиындығы мен қуанышын қатар көрген қарапайым ауыл азаматы. Осы образ арқылы ауылдық адамның мінезін, ауылдық адамның даладай дархан көңілін, салқар сахара секілді пейілін анық аңғаруға болады. Ол ауылда жатса да көңілін білуге келмеген досы туралы ойға шомып – өткен өмір есігінен бір-ақ шығады. Ол досына: “... Таңат! Мен құйттайынан білетін Таңат болса мына айқайласаң даусын жетер тұстағы ауруханада жатқан маған құрығанда бір соғуы тиіс еді-ау... Әй, мен білетін Таңат болмағаны ма, шынымен ?..”, - деп іштей мұң шағады. Осы кеудені қысып, жүректі ауыртқан ауыр мұң сан түрлі ойларға, есте жоқ ескі күндерге жетелеп: “Тек ойын ғана сан тарапты шарлап, шықпайтын шың, бармайтын жер жоқ сияқты, бүкіл әлемді кезесіңде кетесің, өткен күндерді қорғасындай салмақтап, таразылайсың, әлденені жұбаныш етесің, күтесің...”, - деп опынады.
Әңгімені оқыған сәтте Таңаттың мінезінің, ойының, пікірінің, пайымының, танымының өзгеріске ұшырағанын байқауға болады. Таңат ең алғашқы үйленген уақытта Ермек пен Қайыркенді “О, бауырларым! ” деп қапсыра құшақтап, Қайыркенге “Сен білесің бе, геологтар бір айда мың сомға дейін табады екен, егер қазба байлық тауып қалсаң, ақшаның астында қалдым дей бер...”, - деп асқақ армандары туралы, мардымды мақсаттары туралы баяндайтын болған. Уақыт жылжып, айлар алмасқан сайын Таңаттың мінезі де өзгере береді. Таңаттың мінезінің құбылып, танымының өзгергенін: “Серіктің ала бас сиыры егіз ұрғашы бұзау туғанын, аттестат ала сап Рәсілдің қызы күйеуге қашып кеткені сияқты, жамырап, бітпейтін ауыл хикаяларын соғамыз. Бұрын мұндайда “Апырай, солай ма?” деп таңданып, ежіктеп қайта сұрап жататын Таңат, бейпазданып, жерді өкшесімен қазып қозғалатын мінез тапқан! ”, - деген сөйлем арқылы білуге болады. “Әлгі Сәбирамен ақылдасайыншы, Сәбираға айтайыншы”, - деген диалогтары арқылы да Таңаттың өзгеріске ұшырағанын аңғару қиын емес. Таңаттың мінезінің құбылысқа ұшырап, дүниеге дейін түсінігінің өзгергеніне, қала адамының қоғаммен байланысына байланысты үлкен мәселе туындайды. Таңаттың қалаға көшкен уақыт аралығында ауыл адамдарымен коммуникациясы нашарлап, қоғаммен байланысы төмендеген. Таңаттың иілгіш, жағымпаз мінездері досы Қайыркен үшін де таңсық болып көрінеді. Мәселен, Қайыркен үшін Таңаттың үйінен қуып шығып, “ұры” деген атақ берген туысқаны Болғанбаевқа: “Жалғыз ағам, ауылымның мақтанышы, Алатаудай пана тұтар панамыз”, - деп мақтау жаудыруы тым ерісі және дұрыс емес болып көрінеді. Шығармадағы басты назар аударатын мәселелердің бірі – адамдық қарым-қатынас. Мәселен, Болғанбаевтың жалғыз ұлы, ерке баласы Жориктің Таңатқа “Джинсиім жоғалды, оны Таңат ұрлады”, - деп жала жабуы, Болғанбаевтың: “Елу сомға тойына хрусталь ваза апардың ба? Апардым. Жатқан жатын жайына – елу сом, ішкен тамақтарын және елу сом”, - деген есек дәмесі мен есеп пиғылы адамдық қарым-қатынастың деңгейін көрсетеді.
Зоотехник Құсбектің Таңаттың әкесіне: “Әй, қаңғып келген жалғыз үй кірме! Ана сиырдың құнын қашан төлейсің? ”, - деген ауыр сөздер айтуы адамдық қарым-қатынастың төмендеп кеткенін көрсетеді. Осы жағдайлардың барлығына да ашаршылықтың немесе соғыстың әсері болды. Зоотехник Құсбек Таңаттың әкесін “кірме” деп айыптау себебі тұлдыры жоқ Таңаттың әкесі түп нағашыларын сағалап осы ауылға келіп, қалып қалған. Қазақ даласындағы әрбір қайғы-қасіретке ашаршылықтың, соғыстың, репрессияның титтей болса да зияны бар. Соғысты көрмеген буын да, ашаршылықты көрмеген адам да осы қасіреттердің зардабын тартады. Ұлттың болмысына жасалған қастандықтар ұзақ уақыт ұлтқа кесірін тигізеді. Бірнеше буын алмасып, өмір сахнасына жаңа буын шыққан сәтте ғана ұлттық мәселелер шешіліп, елдік проблемалар орнына келеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 – Валиханов.Ч., Избранные произведения. – Москва: Наука, 1986. – 218 стр.
2 – Қойгелдиев. М., Қорғансыздың күнін кешкендер. – Алматы: Арыс, 2019. –304 б.
3 – Байтұрсынұлы. А., Алты томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Ел-шежіре, 2013. – 384 б.
4 – Сүлейменов. А., Бесатар. – Алматы: Атамұра, 2009. – 218 б.
5 – Ожайұлы. Ы., Аштық пәлсапасы. – Электронды ресурс: https://e-history.kz/kz/news/show/33310/?fbclid=IwAR2It98L_uKZSwIq-fMUl4xzbr_Yxf9JcjVjEpkGrx2O4UeT93HTQNlUFwU
6 – Ожайұлы. Ы., Аштық пәлсапасы. – Электронды ресурс: https://e-history.kz/kz/news/show/33310/?fbclid=IwAR2It98L_uKZSwIq-fMUl4xzbr_Yxf9JcjVjEpkGrx2O4UeT93HTQNlUFwU
7 – Шаймерденұлы. Е., Шығармалары. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2014. – 37 б.
8 – 70-80 жылдардағы әдебиет сынының жағдайы. – Электронды ресурс: https://massaget.kz/qaarc/qa/18964/
9 – Нағашыбек Қапалбекұлы. – Электронды ресурс: https://kk.wikipedia.org/wiki/Нағашыбек_Қапалбекұлы
10 – Жүрек тербеген туынды. – Электронды ресурс: https://qazaquni.kz/news/1365-zh-rek-terbegen-tuyindyi-zhazushyi-na-ashyib