Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 40 минут бұрын)
Астанада LRT жаңа желісінің құрылысы басталды

Астанада LRT жаңа желісінің құрылысы басталды

Астана қаласында жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру аясында дайындық жұмыстары басталды. Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

City Transportation Systems ЖШС хабарлауынша, қазіргі уақытта инженерлік-геологиялық ізденістер жүргізілуде.

«Чингиз Айтматов көшесіндегі LRT жобасының екінші кезеңінің техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу аясында топырақтың құрамы мен қасиеттерін анықтау үшін инженерлік-геологиялық ізденістер жүргізілуде», - делінген компанияның хабарламасында.

Айта кетейік, бұл жұмыстар LRT желісін одан әрі жобалау және техникалық шешімдерді таңдау үшін қажет.

LRT жобасының келешегі

Бұған дейін Астана әкімі Жеңіс Қасымбек LRT келесі желісі Қосшы бағытында өтетінін хабарлады.

«Қосшы өсіп келеді, бұл Астанаға көп көмектесетін үлкен серіктес қала. Сондықтан Қосшыдан қалаға белсенді қозғалыс бар және біз осы бағытта келесі кезеңді салатын боламыз», - деді ол.

Еске салайық, 2025 жылдың 29 қыркүйегінде Астанада LRT сынақтан өтті. Сынақтар кемінде алты айға созылады деп хабарланды. LRT биыл пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Жаңалықтар

Жарнама