Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Әкімшілік-құқықтық реттеу механизмі

Әкімшілік-құқықтық реттеу механизмі және оның элементтері. Мемлекет және қоғам міндеттеріне сәйкес ұйымдастырылатын, қоғамдық қатынастарға әсер ететін әкімшілік құқықтық құралдар жүйесі әкімшілік-құқықтың реттеу механизмі деп аталады.

Құқықтық реттеуді үш сатылық деңгейде қарастыруға болады:

Біріншісі — құқықтық норманың күшіне енуі және әрекет етуі. Бұл сатының мағынасы — құқықтық норма заңмен белгіленген тәртіпте және заңның талаптарына сәйкес күшіне енгендігінде.

Екіншісі — құқықтық нормада қатаң айқындалған субъектілердің жалпы құқықтары мен міндеттерінің пайда болуы (мысалы, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуге қатысушы куәнің, маманның, сарапшының және аудармашының ҚР ӘҚБТ Кодекстің 594, 596, 597, 598-баптарында көзделген іс жүргізу міндеттерін орындамауы Кодекстің 515, 516, 517-баптарында белгіленген әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады).

Үшіншісі — құқықтық қатынас субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру (мысалы, әкімшілік жауапқа тартылған тұлға айыппұлды, әкімшілік айыппұл салу туралы қаулының заңды күшіне енген күнінен не Кодекстің 701-бабында көзделген қалдыру мерзімі өткен күннен бастап отыз күннен кешіктірмей төлеуге тиістілігі).

Бұл механизмнің құрамына мына элементтер кіреді:

— ҚР заңдарында, Президент Жарлықтарында және басқа да нормативтік құқықтың актілерде белгіленген әкімшілік-құқықтық нормалар және оның қағидалары;
— уәкілетті органдар шығаратын әкімшілік-құқықтың нормаларын түсіндіру актілері;
— әкімшілік-құқықтық нормаларын қолдану актілері;
— әкімшілік-құқықтық қатынастар.

Әкімшілік-құқықтың реттеу механизмінің әрбір элементі тұлғалардың мінез-құлқында және оның негізінде болатын қоғамдық қатынастарды реттеуде ерекше рөл атқарады. Сондықтан механизмнің бұл элементтері, бір жағынан, әкімшілік құқықты реттеудің заңдылық құралдары ретінде болады. Сонымен, әкімшілік құқықты реттеу өз алдына қоғамдық қатынастарға қатысушылардың мінез-құлқын реттеу мақсатына жету үшін әкімшілік-құқықтық құралдарды қолдану процесі болып саналады. Әкімшілік-құқықтың реттеу механизмінің аса маңызды құралдары болып нормативтік және жеке актілер саналады. Бұл актілер әкімшілік-құқықтық реттеудің екі деңгейіне сай болады.

Бірінші деңгейі тұлғалардың мінез-құлқының жалпы ережесін, ал екінші деңгейі әкімшілік-құқықтық нормалар негізінде құқықтық қатынасқа қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін анықтайтын жеке актілер құрайды. Әкімшілік құқық нормаларын қолдану актілері әкімшілік құқық реттеу механизміне жеке құқықтар, міндеттер және заңдылық жауапкершілік шараларының құралдары ретінде қатысады.
Әкімшілік-құқықтық нормалардың түсінігі және ерекшеліктері

Әкімшілік құқықтың мағынасы мен әлеуметтік тағайындалуы, қоғамдық қатынастары, әкімшілік құқықтық реттеу ерекшеліктері осы құқықтық саланың мазмұнын құрайтын құқықтық нормаларды талдау кезінде ашылады және оның Қазаңстан Республикасының құқықтық жүйесіндегі орнын анықтауға мүмкіндік береді.

Құқықтық нормалар өзінің заңдылық мағынасы жағынан белгілі бір мінез-құлық ережелері, оларды сақтау, әр түрлі ұйымдастырушылық, түсіндірушілік және ынталандыратын құралдарымен кепілденеді, сонымен бірге оларды сақтамайтындарға заңды мәжбүрлеу (тәртіптік, әкімшілік, материалдық, қылмыстық жауаптылық) шаралары қолданылады. Осылардың бәрі әкімшілік-құқықтық нормаларға тән.

Аталғандарға байланысты әкімшілік-құқықтық нормаларды мемлекет белгілеген мінез-құлық ережесі деп анықтауға болады, оның мақсаты атқарушы билік және (кең мағынада) мемлекеттік басқару механизмінің қызмет істеу аумағында болатын, өзгеретін және аяқталатын қоғамдық қатынастарды реттеу болып саналады.

Әкімшілік-құқықтық нормаларда әкімшілік құқықтың реттеушілік рөлі нақты кескінделеді, олар:

— әкімшілік-құқықтық нормалар барлық атқарушы билік органдары жүйесінің қажетті деңгейінде ұйымдастырылуы мен қызмет етуін қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды;
— әкімшілік-құқықтық нормалар мемлекеттік басқару аумағында нақты әрекет жасайтын және қандай да болмасын функцияны орындайтын немесе қандай да болмасын әрекеттермен осы аумақ мүдделеріне қажетті (мысалы, қоғамдық бірлестіктер, азаматтар), барлық тұлғалар мен ұйымдардың құқықтық мемлекет мүдделеріне сәйкес келетін мінез-құлықтарын анықтайды. Қандай әрекеттерді жасау (рұқсат етілген), қандай қажетті әрекеттерді жасамау (тыйым салынған), қажет екендігін анықтайды;
— әкімшілік-құқықтық нормалар мемлекеттік басқару аумағында қызмет ете отырып, оның ең басты тағайындалуы, атқарушы биліктің механизмін конституциялық тағайындалуына байланысты, тиімді түрде жүзеге асыруын қамтамасыз етуге, яғни заңдарын орындау және жүзеге асыруға тағайындалған;
— әкімшілік-құқықтық нормалар — мемлекеттік басқару аумағында қажетті деңгейдегі мінез-құлықты анықтай отырып, мемлекеттік тәртіптің нақты режимін орнату мен қамтамасыз ету мүддесіне қызмет етеді;
— әкімшілік-құықтық нормалардың көпшілігі қорғаушы түрінде ғана емес, басқа да қоғамдық қатынастарды реттеуші рөлін атқарады: оларда салықты алу, жинау тәртібі белгіленеді, табиғатты қорғау, еңбек, т.б. заңдарының сақталуына мемлекеттік бақылау жүзеге асырылады және т.б.
— әкімшілік-құқықтық нормалар, көбінесе, атқарушы билікті нақты субъектілер жүзеге асыруы кезінде белгіленеді.

Әкімшілік-құқықтық нормаларының жалпы сипаттамасының жекелеген ерекшеліктеріне көңіл бөлу қажет. Ең алдымен құқықты орындау (құқықты қолдану) және құқықты орнықтырудың (құқық шығармашылық) қатынастылығы туралы сұраққа бөлу қажет.

Қандай да болмасын құқықтық норма — құқық шығармашылық актісі, сондықтан әкімшілік құқық нормалары да соған жатады. Атқарушы билік субъектілеріне жеке өздерінің құқықтық нормаларын бекіту құқығы заңмен белгіленеді.

Аталғандарға байланысты әкімшілік-құқықтық нормаларының түсінігін, анықтамасын құруға болады. Әкімшілік-құқықтық норма — бұл мемлекеттік басқару аумағындағы қатынастарды және де мемлекеттік қызмет саласында болатын басқа да басқарушылық сипаттағы қатынастарды реттеудің құқықтық нормасы.

Әкімшілік-құқық нормаларының алдында мынандай келесі міндеттер бар:

— мемлекеттік басқару, атқарушы қызмет жүйелерінің әр түрлі компоненттерін реттеу;
— басқару және басқарылатын жүйелердің арасында ғылыми түрде негізделген және айрықша мақсаттағы қарым-қатынастарды бекіту;
— әр түрлі басқару саласындағы мемлекеттік органдардың кәсіпорын, мекеме, ұйымдар және азаматтармен, яғни, заңды және жеке тұлғалармен қарым-қатынас байланыстарын регламенттеу.

Әкімшілік-құқықтық реттеудің мағынасы — басқарушылық қатынастарды реттеу және әкімшілік құқық нормаларының көмегімен осы қатынасқа қатысушылардың заңды құқықтары мен міндеттерін бекіту. Қоғамның жетілуі, мемлекет саясатының және адамгершілік нормасының объективтік заңдылығына байланысты, әкімшілік-құқықтық норма басқарушылық қатынас субъектілерінің мінез-құлығының қандай болуын (болу керегін) бекітеді.

Әкімшілік-құқықтық реттеу мемлекеттік сипатта болады, сондықтан әкімшілік құқық нормаларымен белгіленген ережелерді орындауға, пайдалануға, сақтауға мәжбүрлеу шараларымен кепілдік беріледі. Әкімшілік-құқық нормаларының шығармашылық рөлі тек қана қоғамдық қатынастарды реттеуінде ғана емес, сонымен қатар адамдарда құықтық сананы қалыптастыруға тәрбиелік әсер етуінде.

Әкімшілік-құқықтық нормаларының мақсаты — әкімшілік құқық субъектілерінің ерікті түрде оны сақтауында. Көндіру, тек, әкімшілік-құқықтық норманың талаптарын орындамағанда немесе бұзу кезінде пайда болады. Құқықтық реттеудің жалпы ұғымын басшылыққа ала отырып, мынадай қорытынды жасауға болады, яғни әкімшілік-құқықтық реттеудің мазмұны мынада:

— басқару аясында айрықша мақсатты айқындалған қоғамдық қатынастарды реттеу және бекіту;
— құқықпен реттелген қоғамдық қатынастарды қорғау;
— біздің қоғамымыздың жетілуінің объективті заңдар талаптарына сәйкес келетін жаңа қоғамдық қатынастардың туындауы және жетілдірілуі;
    қазіргі заманға сай келмейтін қоғамдың қатынастарды басқару саласынан шығару.

Әкімшілік құқық нормалары басқару саласында қалыптасатын қатынастарды ұйымдастыруға, реттеуге және әрі қарай жетілдіруге бағытталған. Әкімшілік-құқықтық нормалардың көмегімен басқару органдарының, көптеген атқарушы билік органдарының құқықтық жағдайы және өкілеттіктері айңындалады және олардың қызметі, оның нысандары және тәсілдері, басқа басқару субъектілерімен қарым-қатынасының тәртібі реттеледі.

Әкімшілік құқық нормалары, сонымен бірге, мемлекеттік басқару саласында жеке және заңды тұлғалардың құқықтық жағдайын анықтайды. Әкімшілік заңдар әкімшілік-құқықтық қатынастарды бұзылу мүмкіндігінен қорғауды қамтамасыз ететін нормаларды қамтиды. Қорғау нормалары құқыққа қарсы әрекеттерді жасаудан бой тартуға ұйғарымды шартты қояды. Сонымен бірге, әкімшілік-құқықтық нормалар басқа құқық салаларымен реттелетін қоғамдық қатынастарды да қорғайды.

Әкімшілік-құқықтық норманың басқа да құқықтық нормалар сияқты өзінің құрылымы бар. Бұл норманың ішкі құрылымы — бір-бірімен қатынасының, құрамдас бөліктерінің бір-біріне тәуелділігінің, норма элементтерінің белгіленген тәртібі. Айрықша кең тараған пікірлерге байланысты әкімшілік-құқықтық норма мына элементтерден тұрады: гипотеза, диспозиция, санкция және мадақтау.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама