Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Тәуелсіздіктің тарихи жетістіктері

Қазақ ұлты – Қазақстанның барлық аумағын түрлі шапқыншылықтардан қорғады. Қара Қытайдың (хидан) шапқыншылығынан, ХІІІ-ХІV ғасырларда Шыңғыс ханның және қараниет Қоқан хандығының шапқыншылығынан ХVII-XVIII ғасырларда «Ақтабан шұбырынды» жылдарында жалмауыз Жоңғарлардың қырғынынан, XIX-XX ғасырларда бұрынғы соңғы отаршыл Орыс империясымен тәуелсіздік үшін қаншама жүз рет шайқаса жүріп, әр ғасыр сайын ұлтымыздың жан санының жарымын құрбандыққа шала жүріп, өз территориясын сақтап қалған намысты қаһарман ұлт.

Өткен тарихымызды саралап көрсек, кеңестік кезеңнің өзінде өзекті өртер өкініштің бар екеніне көз жеткізетініміз анық. Ойға тежеу тілге тұсау салған тоталитарлық қатаң тәртіптің салдарынан ұлтым, елім деген қайраткерлер «халық жауы» атанған қилы кезеңдерді бастан өткердік. Қазақ халқы Кеңес өкіметінің тұсында бірнеше алапат  аштықты бастан кешірді. Соның бірі – 1921-1922 және 1932-1933 жылдардағы аштық еді. 1937 жылдан алаш арыстарынан бастап қаншама адамымыз Сталиндік репрессияның құрбандығына айналды.

Жер жаһанды шулатқан Екінші дүние жүзілік соғыста қаншама жерлестерімізді жоғалтсақ, соғыс аяқталған жылдардан кейінде қазақ ұлты қаншама қиыншылықтардың қамытын киді.

Тәуелсіздік біздің маңдайға басқан бағымыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса биыл желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Осы 30 жылда Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сара басшылығымен елімізде ғасырға татитын ауқымды істер жүзеге асырылды. Шекарамызды шегендеп, іргемізді қымтап, дүние жүзінің саяси картасынан ойып тұрып орын алдық. Бүкіл әлем Қазақстан деген жас мемлекетті танып, онымен санасатын болды. Қазіргі кезде 140-астам мемлекетпен дипломатиялық байланыстамыз.

Тәуелсіздік жылдары жаңа елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы салынды. Тарихи Түркістан қайта түледі. Ұлы далада жүздеген жаңа кәсіпорын ашылып, кен орындары игеріліп, экономикамыз дамудың жаңа арнасына түсті. Халықтың әл-ауқаты  жақсарып, әлеуметтік салаларда да түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылды. Білім беру, денсаулық сақтау салалары әлемдік үдерістерге қарай жедел дамып келеді.

Тәуелсіздіктің арқасында Қазақстанда саяси тұрақтылықтың қамтамасыз етілуі біз үшін басты құндылық болып табылады. Қазіргі таңда Қазақстанның қуатты державалардың нақ ортасында орналасуы, оның мұнайдан түсетін мол қоры, елдің көл-көсір табиғи байлығы көптеген елдің қуат көзіне зәрулігі еліміздің халықаралық сахнада өзіндік салмақты орны һәм саясаты бар мемлекет екенін көрсетеді. Елбасы Н.Назарбаев: «Қазір үлкен мемлекеттердің мүдделері Қазақстанда түйісіп отыр. Біріншіден біздің энергиялық ресурстарымыз үшін түйісіп отыр. Оған Америка, Ресей, Қытай, Еуропа және басқалары мүдделік танытуда. Ал біз мұнда тек Қазақстанның мүддесін көздейміз» – деді.

Егемендік алған тұста нарықтық экономикаға бірден көшудің мүмкін еместігін болжаған тұңғыш Президентіміз ерекше экономикалық және әлеуметтік маңызы бар ірі кәсіп орындарды шетелдік инвесторларға басқаруға берді. Оларға талап қоя отырып, өнеркәсіп орындарының түраламауын және жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруын қамтамасыз етуге тырысты. Халықтың бірлігі мен ынтымағының арқасында өндіріс өркендеп, халықтың тұрмысы жақсарды, қала мен ауылда ірі кәсіпорындар құрылып, жолдар жасалып, кем-кетігіміз толықты. Нәтижесі сол еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын 5-6 пайыздық өсіммен өсіп отыр. Еліміз халықаралық деңгейде көш бастамаса да жаңағыдай көрсеткіштер бойынша дамыған елдердің арасында алдыңғы қатарда.

Отыз жыл ішіндегі Қазақстанның қай сала да болмасын жеткен жетістіктері орасан зор. Социалистік қатынастарға негізделген жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу біздің елде қысқа мерзімде іске асты. Қазір ел санасында нарықтық сана орнығып та болды. Экономикамен қатар қоғамдық өмірдің барлық саласы да азғантай уақыт ішінде нарықтық қатынастарға бейімделді деуге болады. Ұлтжанды көшбасшымыз республика тағдыры өз қолына тиген соң, ғасырлар бойы ұлы арманға айналған күрмеуі қиын мәселелерді шешуге батыл кірісті. Ұлттық рәміздерді заңды түрде бекітті, қазақ тілінде білім беретін мектептер санын көбейтті.  Ақыры қуатты мемлекеттің төл астанасы қасиетті қазақ жерінің кіндігінде, Еуропа мен Азияның құшағы қауышқан қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында орын тебуі қажет деген шешімге тоқтады.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тәуелсіздік – мемлекетіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ» – деді.

Сондықтан ата-бабамыз арман еткен Тәуелсіздіктің қадірін жан-тәнімізбен сезінеміз. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болып, халқымыздың аман, күніміздің бейбіт те берекелі болғанын тілейміз.

Болат САЙЛАН, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның профессоры, т.ғ.д.

Алтай Аяулым, 1 курс студенті.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама