Ақ қардағы ақ бекет
Сыдықәлі теміржол бекетіне пойызы жүрерден екі сағат бұрын келіп алыпты. Билетті де үш жұма бұрын алып қойған. Жазғы демалыстан бері ауылына барған жоқ. Төрт ай болыпты. Келген соң уақытын қалай өткізерін білмей әрі жүрді, бері жүрді. «Ақ-су» ұлттық дәмхана жағында күннің суығына қарамастан сыртта сыра ішкендер құж-құж. Артық ақшасының жоғы өзіне аян. Жолға деп арнап алып шыққанына тиісуге болмайды. Пойызда екі рет жүрек жалғап алуы керек. Содан ақырғы вокзал — Жалал-Абадқа шейін барса тағы бір нәрсе жеп алуы керек болады, жоқ, одан да Әндіжанда түсіп қалғаны қайта ыңғайлы сияқты, ол жерден Мәдениетке автобус болады ғой. Сол жерден көпірмен Бүргендіге өтсе, Керуенге жол-жөнекей көлік, не такси шығады, оларға пұлын барғанда беремін дейді де, Жаңажол райкомының жанындағы әпке-жездесінің үйіне дейін жетіп алып, жолақысын солардан алып береді. Содан жездесінің көлігіне отырып Арқытқа тартып отырады. Сөйтіп Жаңа жылды Арқытта күтіп алуға үлгереді. Өткенде бульвардағы переговордан әпкесімен сөйлескенде, әпкесі мұны Арқыттағы ата-анасына жеткізуге уәде берген. Олар болса марқасын сойып, жас бозасын сүзіп, көрші-қолаңын шақырып, өз ормандарынан кесіп әкелген шыршаларын мектеп кезіндегідей безендіріп қойып, бұларды күтеді. Сыдықәлі әкесінің қорбалаңдап, даурығып «оо, бастық балам келді» деп алдынан құшағын жайып шығатынын, анасының кесе толы суды ұлының басынан үш қайтара айналдырып үшкіріп жататынын, ағаларын күте-күте қалғып-мүлгіп отырып ұйқыға бас қойған інілерінің бірін-бірі тұр-тұрлап оятып жататынын елестетіп, Михаил Фрунзенің ат үстінде кеудесін керіп отырған айбынды ескерткішіне қарап тұрып өзінше жымиып қойды.
Дзержинский бульварын қысқы шілденің суығы үсітіп, ағаштар аппақ қырауға оранып, қалың қарды ауырлаған әлсіз бұтақтар иіле майысып тұр.
***
Екі сағат екі жылдай болып күттірген, бүйірінде «Фрунзе — Жалалабад» деген жазуы бар пойыз да перронға келіп аялдады. Жүгі де жоқ Сыдықәлі вагонына бірінші болып кірді де, купедегі қай орынды иеленерін білмей тұрып қалды.
Бір кезде купенің есігі тарс-тұрс ашылып, бет-әлпетінен ашу ізі байқалған, тапал бойлы, жеңіл киінген, ілмиген манты құлақ, жүдеу өңді арық бір жігіт қабат-қабат киініп, домаланған кемпірді ертіп кірді.
— Мұнда жатыңыз, — деді жігіт кемпірге астыңғы кереуеттердің бірін көрсетіп сәлемдесуге де мұршасы болмай.
Кемпір галошын шешіп, әлі сейсептелмеген кір-кір матрастың үстіне жантая салды.
Көп ұзамай төртінші жолаушының да басынан бұрын ауыр қоржыны көрінді. Қоржынның артынан сақал-мұрты үрпиген, жүзінен нұры төгілген кәрі бас шыға келді. Сыдықәлі ол кісінің қоржынын алып бірінші қабаттағы екінші кереуеттің астына сала бергені сол еді, ол бір ұмытқанын есіне түсіргендей жігітке бұйыра сөйледі:
— Жігіт, қоя тұр? Қызым жолға деп бірдемелерді салып жатқан, екі жұмыс қылмай, соны бірден алып алайық?
Қоржыннан әлденеше нәрсе шықты: аппақ дастарқан, бүтіндей пісірілген күрке тауық, шоққа көмілген мундир картошка, салаттың екі-үш түрі, қара нан, әр түрлі консервілер, икралар, банкілі сыра... Содан үстел үстіне олардың арасындағы алақанның жартысындай бос қалған жерге қария «Наполеон» коньягынің бір бөтелкесін тарс еткізіп қойғаны сол еді, кемпір шошып кетті де, басын көтеріп, не болғанын түсініп:
— Андағы шайтаныңның көзін құрт! Бұл жерде намаз оқитын кісілер бар! — деп бұрқ етті.
Қария болса кемпірге таңғала қарады да, оның қалжыңсыз айтқанына көзі жеткен соң, мұғалімнен именген баладай бөтелкені матрасының астына тыға салды.
***
Пойыз орнынан ыңырана қозғалды.
Сыдықәлінің жүрегі дүрс-дүрс соғып, ішінен Әшірәлінің «Нарыннан жазған сәлем хатын» күңіреніп барады.
— Келіңіз, бәйбіше! Келіңдер, балалар, таныса отырайық — деді қария купедегі үшеуіне кезек-кезек қарап, қырғызша-қазақша араластыра сөйлеп. — Менің атым — Құдайберді. Жамбылдан ары Бесағашқа барам. Қазақпын. Нағашы апам — қырғыз, сары руының қызы.
— Менің есімім — Сайфулла, ал анамның аты — Қасиет. — Бәйбішенің баласы апасына қарап жымиып қойды да, — анам танысқанымыз үшін алғысын білдіріп жатыр, — деді қалжыңдап.
— Бәлекет-бейнетіңді алайын! — Анасы ұлына не ұрысып, не еркелетіп айтқаны белгісіз, әйтеуір орнынан бір қозғалып қойып үн қатты.
— Сенің атың ше? — деді қазақ қария төртінші жолаушыға қарап.
— Сыдықәлі!
— Оо, зор ат екен! Атаң молда болған шығар?..
Бұны естіген жігіт шошып кетті. Әкесі мен анасы атасының молда болғанын, Қоқанда оқығанын ешкімге айтпа деп құлағына құя беруші еді. Сонда бұл қазақ шал қайдан біледі деп ол кісіні жақтырмай қарады.
— Кел, Сыдықәлі, мыналарды сой! — Қария беліне байлаған белбеудегі қынынан Тәшкен пышағын суырып алды.
— Әумиін! — Сөйтіп олар қолына тигенін жей бастады. Әсіресе Сайфулла мен Сыдықәлінің әбден өзегі талса керек, қатты кетті. Бәйбіше әуелі тәтті тоқаштың шетінен бір үзіп алып ауыз тиіп, алдына қария сыбаға ретінде ұсынған күрке тауықтың төс етінен шымшып алып аузына салды.
— Ә,ә, бәйбіше, бұларды қызым салып жатқан. Күйеу балам — қырғыз, екеуі Мәскеуде партшколда оқып жүріп танысқан. Жаңа жылға келе қал деп тілгірам ұрыпты. Келдім. Жаңа жылға дейін тұра алмадым. Кетіп барамын. Екеуі жұмыстан босамайды екен. Жә, міне, алты жыл болды — балалы болған жоқ. Кейін дейді. Баласыз үйде үш күн әрең шыдадым да, жолға шықтым. Ауылда мал бар дегендей.
— Кемпір ше? — Сайфулла шыдамай қарияның сөзін бөлді.
— Кемпір кеткен. Жеті жыл болды.
— Басқа төсек жаңартпадыңыз ба?
— Болмады. Қазір кемпірлер күйеуге шықпай қалыпты.
— Мал-жан бар ма? — Сөзге Сыдықәлі де араласты.
— Бар. Құдайға шүкір. Сегіз түйе, алпыстай қой бар. Екі атты алма-кезек мінем.
— Оо, ата, бай екенсіз ғой? — Сайфулла анасына қарады. — Қырғыз кемпір ала бересіз бе?
— Ала берем!
— Сонда қанша қалың мал бересіз?
— Малдың бәрін берем!
— Міне, байлық... Апа! Ұстау керек!
— Сонда анаң тұрмыста емес пе?
— Тұрмысы бұзылған?
— Бәлекет-бейнетіңді алайын! — Кемпір шошына сөйледі.
— Әкем бұзған ғой, анамды тастап кетіп қалған?
— Қайда?
— О дүниеге де.
Кемпірден басқасы күле қалды.
— Қандай шай ішесіз, бәйбіше? — Қария кемпірге қайырылды.
— Көк шай.
— Сіздер ше, жігіттер?
— Бізге мыналар болад. — Жігіттер екеуі ақылдасып алғандай банкілерді көрсетті.
— Онда жолсерікке айтыңдар, бір көк шай, бір бос шәйнек әкелсін!
— Хоп, ата! — Сайфулла купенің есігін де жаппай, май қолымен шығып, заматта екі шәйнек көтеріп кіріп келді.
Қария ақырын білдірмей Сайфуллаға көзімен ымдаған еді, ол ишараны әбден үйреніп алған неме екен, матрастың астынан коньякты жып еткізіп алып, теріс қарап отырып бос шәйнекке аудара салды.
Кемпір бір жағынан пойыздың селкілдегеніне, екінші жағынан темір тор ыдысқа салынған шиша стаканды ебедейсіз ұстап, шайды ұрттай алмай қойды.
— Мейлі апа, бекетке тоқтағанда ішерсіз! — Сайфулла апасының шайын ысырып қойды. — Ал, сіз, пәміл шайды ішіңіз, ата, суып та қалыпты! — Қарияға жымия қарап қойды.
Шөлдеп қалған ба, қария қатарынан екеуін қағып салды да, тері бұрқ етті. Сөйтіп шынтақтап жатқан бәйбішеге үн қатты:
— Е-е, бәйбіше, қай самал ұшырып бізбен бірге сапарлас боп қалдыңыз?
— Ә-әй, қайсы бірін айтайын? — Кемпір қайта жайланып отырды. — Мына бір бәлекетіңді алайын балама келдім. Балдардың кенжесі. Онды бітіп оқимын деп кеткен бойдан жоқ. Пригбордан сөйлесіп қояды. Оған еш көңілім толмайды. Бауырым езіліп бітті. Кәмелетке жеткеннен бері күресем, Абдырахман балуандай болам деп Ноқатқа, Ошқа, тәжіктерге, өзбектере күреске кетіп қалады. Енді Мәскеуге кетеді екен, Ташкенге кетеді екен. «Ләйлекке кашан келесің» десем, «чимпион болғанда» дейт. Енді қашан бұл чимпион болады деп, өзім келіп қолынан мықтап ұстап ауылға алып кетіп барамын. Тәуба, күрестің де оқуы болады екен-ау, сонда оқимын деп әуре болып жүрген жоқ па?
— Ой, апа, қоя тұрсаңыз, жазда сөзсіз түрде чемпион боламын, «СССР спортының шебері» болдым. Ауылға барсам толып кетем, қазір вес қуып жүрмін. Қыстаққа кейін де баратын едім ғой...
Қария шынтақтай болған Сайфулланың басынан аяғына дейін бірсыпыра көз сыдырып қарады да таңғала сұрады:
— Әй, қанша келіде күресесің?
— Қырық сегіз.
— Жастықтай етіп атып ұратындай неме екенсің деп жатса... Оқисың ба?
— Ии.
— Қайсыда?
— Физкультурныйда.
— Бәрекелді, балам.
— Мен әу бастан сізге әкей деп жатсам, сіз де балам деп иідіңіз ғой?
— Не, саған әке болсам болмай ма?
— Болады. Бүйтіп жердің түбінен қатынамай-ақ сіздің ауылыңызға келіп, қазы-қарта, шұжық жеп күш жинап тұратын едім, — деп, жігіт жұмбақ жымиыспен апасына қадалды.
— Ой, саған Фрунзеңе өзім жеткізіп тұрар едім. Біз деген күресті білген халықпыз. Мен де кезінде күресіп көргем! — Қарияның дауысы жарқын-жарқын шыға бастады.
***
Меркіге жеткенде үстел үсті босай түсті. Отырғандар ас қайырып, қария шаппасын ақ орамалмен сүртіп-сүртіп қынына салды.
— Енді сәл көз іліп алайын. Пойызда ұйықтағанды жақсы көрем. Луговойдан өткенде оятып қойыңдар. Қазағымның даласына қарап барғанды өте ұнатамын. Керемет қой. Әй, балуан, сен әлгі екінші қабатқа шығып жат! — Қария Сайфуллага анасы жатқан кереуеттің үстіңгі жағындағы жатын орынды көрсетті.
— Қойыңызшы, ата! Астында апам жатса... мен қайтіп?..
Қазақ шал оған таңырқай қарады да:
— Онда мына Сыдықәлімен алмасып ал!?
— Болмайды, ата! Онда мен атамды тепкілейтін болам!
Қапталдан кемпір сөзге араласты:
— О бәлекет-бейнетіңді алайын!
Қария жастыққа басын қоя сала қорылға басты. Шошып кетіп, басын оқыс көтерді де, шайының түбіндегі қоюын түбіне дейін сылқ еткізіп алып, жатқан бойда қайтадан қор ете түсті.
Кемпір ұйықтай алмай жатқан болу керек, ары аударылды, бері аударылды. Әлсін-әлсін ұлына көзі тоймағандай қарап қояды.
Сайфулла мен Сыдықәлі карта тауып, «дурактың» қызығына кірді. Екеуі кезек-кезек бірде ұтып, бірде ұтылып отырып, Луговойдан өткенін де, Жамбылға кіріп келгенін де байқамай қалыпты.
— Жамбылға жетіп қалдық, түсетіндер дайындалсын! — Купенің есігінен жолсерік бас сұққанда балалардың қолындағы карталары шашылып, ақсақалды түрткілей бастады.
— Құдайберді ата, тұрыңыз, тұрыңыз Жамбылға келіп қалдық! — Қарияны оята алмай Сайфулланың шыр-пыры шығып кетті.
Пойыз Жамбылдың теміржол вокзалына ақырындап келіп, бір кезде ауыздығы тартылған жылқыдай күрт тоқтады.
— Жамбыл ғой! Айналып кетейін қазағым ғой! — Құдайберді ақсақал апыл-ғұпыл тұра бастады. Ұйқысырап шәйнегіндегі «шайына» жармасып еді үш-төрт тамшы әрең тамды. — Мен түсейін?
— Ой ата, апамды ше? — Сайфулла қарияның жүктерін көтеріп жатып, оның асыққанына қарамай сұрақ қойды.
— Апаңа өзім барам! Сен қазір мекенжайын жазып бер, Сайфулла балам! Малдарымды айдап тікелей Ләйлекке, құдай бұйырса, мамыр айында жетіп барам! — Қария сөйдеді де, бәйбішеге қолын созды. — Жақсы жет, Қасиет!
Кемпір қарияның созған қолына қолын бермеді. Бірақ орнынан ізет көрсете тұрды да:
— Қош, жақсы қалыңыз! Сау-саламат болыңыз! — деп қоштасты.
Құдайберді қарияны шығарып салуға Сайфулла мен Сыдықәлі де шықты.
— Бәлекетіңді алайын, сен қаяққа? — Кемпір ұлына әрі мүсіркей, әрі сұраулы жүзбен қарады.
— Атаны шығарып салайық!
— Оның өзі де кетеді!
— Не дегенмен бір нанды бөліп жеп, сапарлас боп қалмадық па?
Кемпір амалсыз терезеге телміріп отырып қалды.
Пойыз Жамбылда он минуттай тоқтайды екен. Он шақты кісі — шамасы бірнеше күннен бері бірге жүрсе керек, қара «Волганы» дәл перронның үстіне тоқтатып қойып, тамаққа толы багажды ашып тастап, ырду-дырду арақ ішіп жатыр. Сайфулла барып олардың бірімен құшақтасты да, дастарқанға сүңгіп кетті.
Уақыт өтіп, әуелі қысқа-қысқа, сәлден соң созылыңқы ышқынған пойыздың дауысы естілді. Сыдықәлі Сайфулланы әп-сәтте таппай қалды. Аласа жігіт ел арасында көрінбей қалды ма деп биігірекке шығып та қарады. Жоқ. Әлгі бір топ адам әлі орнынан қозғалған жоқ.
Бір-біріне тіркескен вагондар қозғала бергенде ақырғы вагонға ептеп ілесіп, оның баспалдағында тұрып та мойнын созып Сайфулланы іздей берді.
Вагоннан вагонға өтер ауыр есікті күшпен ашып, гүрсілдеген тамбурларға жалғанған бір вагоннан екінші вагонға өтіп келе жатқанда, платформада бір қыз алдын кес-кестеп қозғала қоймады. Абажадай ауыр сөмкесін имиіп әрең көтеріп кіріп, адамдар жүретін жерге қоя салыпты.
— Аға, сегізінші вагон қайда? — Қыз жігіттен іздеп жүрген орнын сұрады.
Жігіт таңғала қарады. Бұл өзінің вагоны емес пе.
— Нешінші купе?
— Төртінші!
— Бұл біздің купе ғой? — Сыдықәлі бұл вагонның, бұл купенің нөмірін үш апта қайта-қайта қарап жаттап жүрген жоқ па. — Келіңіз, сөмкені маған беріңіз?
Жігіт қыздың ауыр сөмкелерін көтеріп купенің есігін аша бергенде маңдайынан Қасиет апа шыға келді:
— Қайда? — деді Сыдықәліге әрі ашулы, әрі жалынышты тігіліп.
— Таппай қалдым... Бір кісілерге жолыққан...— Сыдықәлі ұлын сұрап мазасы қашқан ананың жайын түсініп, ақтала сөйледі.
— Қайдағы кісілер болсын! Сондай көк қырсық та!.. Қырғызстанның чимпионы болмасам ауылға бармайм деген еді... Қайтып кеткен екен де!.. Әкесі де осындай қырсықтығынан бастығымен тістесіп жүріп, айтқанынан қайтпай, ақыры ажалынан бұрын өлген. — Қасиет апа ауыр күрсінді.
Бәрі үндемей қалды. Кемпір үшін купенің іші қараңғы түнге айналып, күңкілдеп орнына барып, мәсісін шешіп матрасының астына қойып, шапанын бүркеніп, теріс қарап солқылдап жылап жатып қалды.
Сыдықәлі басын көтеріп қарсы алдында жымиып тұрған қызды көріп есін біразға жоғалтып алды. Алдында байқамаған екен, не назар салмады ма, қыздың аппақ тонына құп жарасқан құндыз бөркі, аяғындағы ақ етігі сұлу шырайын одан ары көркем етіп көрсетіп тұр. Жігіт қызға қарап:
— Қарша қыз емессіз бе? — деді есін жиып.
— Сіз Аяз ата болсаңыз мен Қарша қыз бола берем... Жақында жаңа жыл... — Қыз да әзіл сөзбен жауап қатты да: — Мен қайда жатам, аға?! — деді.
Қазақ қыздың дауысы соншалықты нәзік, соншалықты жағымды екен.
— Үстіне! — Жігіт Фрунзеден Жамбылға дейін қазақ қария жатқан, екінші қабаттағы бос орынды көрсете берді.
— Ал сіз ше?
— Мен бұл жерге — астына!
— Ой, аға, болмайды, мен сіздің үстіңізге жатсам... Наборот, сіз менің үстіме жатыңыз! — Қыз ішек-сілесі қатып күлгенде оның маржан тістері бүкіл бетіне шырай бере жарқ-жұр етті.
— Ашық қыз екенсің... — Сыдықәлі сөз таппай қызарған бойда бірдеме айтып міңгірлеген болды.
— Қазақтың қыздары осындаймыз, пойызда келе жатқан қырғыздың жігіттеріне тиісіп қалмасақ, ауылдарымызға жетпей қаламыз... — Қыз тағы жайдарылана күлді. Оның күлкісі өзіне тым жарасады екен.
— Ауылдарымызға жетпей қаламыз дейсің бе?
— Иә, ағатай, ауылдарымызға жетпей қаламыз...
— Тиісіп алып, содан не қыласыңдар?
— Қармаққа ілінгендерін көреміз енді...
— Қармаққа жемтігіңіз бар ма?
— Балық ұнаса жем табылады. — Қыз тағы күлді. Жігітке тіке қарады.
Сол арада купенің есігі сарт-сұрт етіп ашылып, бір әйел мен бір еркек ұзын-қысқа болып тізіле кіріп келді. Арақтың иісі бұрқ етті.
— Ой әпке, біз сізді іздеп жүрсек? — Еркектің жуан, дөрекі дауысы ары қарап жатқан кемпірді оятып жіберді.
— Ботам, Сүйінсің бе? — Кемпір келгендерге таңырқай қарады. — Гүлнұр, сен бе? Сіздерді қай жел айдап әкелді?
— Ой, әпке, баяғы женпедде оқыған Гүлайымды алып қашып кетіпті. Таласқа!
— Ап, ботам! Тәуба де!
— Тәуба демей қалдым, әпке. Жердің түбі, оқуын да бітірген жоқ, алып кетеміз деп бардық. Барсақ, о-ой әпке, тамаша жер екен. Құдаларым алтын кісілер екен. — Сүйін теңселіп тұр. Гүлнұр болса келіндігін жасап, аузынан шыққан жағымсыз иістен ұялғандай, жақындамайды.
— Сен Сүйін, не, ішпейтін едің ғой, қырық жылқы айдап алғансың ба?
— Кешірерсіз, әпке, аздап-аздап ұрттап қойдық. Кетер аяқ деді, су сақтағыш деді, шекара асар деді, пойызға шығарып салмақ деді. Сайфулла жиенді көрдім...
— Қай жерден? — Қасиет апаның көзінің оты жарқ етті.
— Жамбылдың бекетінен. Бізді құдалар шығарып салып тұрған. Өзі келіп көрісті. Біреу «нағашы» дегенге қарасам — жиенім Сайфулла. «Сен қайдан» десем, «Апамды осы жерге дейін шығарып салып келдім, Ташкенге дейін апарайын деген едім, бүрсігүні үлкен жарыс, жақсы болды, сіз ала кетіңіз, апам қапа болмасын, сегізінші вагонда» деді. Құдаларға жиенімді өлтіріп қойып мақтадым. Бір жолы онымен Жаңа-Ноқатқа Саһаба бағына барып күрескенін көргенімді, жиенімді «ырғай палуан» дейтінін, он балуанның жауырынын жерге көтеріп ұрғанын, «СССР спорт шебері» екенін айтсам, құдам, «ой құда, үш күннен бері сен де таластық боп қалыпсың» дейт. «Қане, қазір осы жерде кімің күреске түсесіңдер» десем ешкімі шықпай қойды. Мен жиенімді мақтан тұтам, әпке. Біз, Гүлнұр екеуіміз Таласқа жай «разведкаға» келгенбіз, қызымыз «сүйдім», «тидім» дейт, «бопты» дедік те, үш күн мейман болып келатырмыз. Күзде той болады. Құдай бұйырса, сіз бас құдағи болып барасыз. Сайфулла жиенім де барады. Күреске шығарамыз.
— Сайфулла жиеніңді ұстап алып кетпедің бе Ләйлекке, білесің ғой, қашаннан бері ауылға бармайды?
— Ой әпке, оны не қыласыз? Күресе берсін. Жиырма бестен екеуін қолына ұстаттым. Қалыңның пұлы теуіп жатқан жоқ па қалтаны. Содан құдалар пойызға шығармай қойды, қуып жетіп аламыз деп. Арттарыңыздан пойыздарыңды қара «Волгамен» қуып жеттік. Келініңіз екеуімізге бір купе алып қойған екен, ет-ас деген толып жатыр. Соған барамыз, әпше.
— Ініңіз таластықтарша сөйлеп қалды, әпке! — Гүлнұр ақырын сасық иіс аралас үн шығарды.
— Сөйтіп қапты, жаман. Қызы өтпей қалғандай... — Қасиет апа мұрнын шүйірді.
— Жүріңіз, әпке, біздің купеге? Ленинабадтан ары тәжіктердің қара «Волгасын» жалдаймыз да, ауылға Таластан келе жатқандай болып сән-салтанатпен машинамызды бипілдетіп кіреміз, әпке. Алтын әпкем менің. — Сүйін терісіне сыймай күпініп тұр.
— Жүріп келе жатқанда аяқ баса алмаймын, тоқтасыншы? — Кемпір киіне бастады. Артынан Сыдықәліге қарап. — Сен ақыл-есті, салмақты бала екенсің, жаңағы менің бәлекетін алайынымның бойы аласа, жастайынан күресе беріп өспей қалған. Пуронзіде бірге оқиды екенсіңдер, көз бола жүр, садағаң кетейін! — деді.
Біраздан кейін пойыз бір бекетке келіп тоқтады. Оны-мұны айтысып, бірде буын шығарып, бірде сұрасып жатқан кемпір мен оның ағасының ұл-келіні жетелескен бойда қоштасып, кемпір купеде қалған екеуіне батасын беріп шығып кетті.
Пойыз орнынан қозғалды.
— Келіңіз, отырыңыз, аға, сөйлесіп барайық, мен жатпаймын бәрібір. Жай қалжыңдадым, — деді қыз қайта көңілденіп, әңгімені әлгі екеуі кіргенге дейінгі жерден жалғастырып.
Екеуі пойыздың талай адам тамақ жеген, карта ойнаған, кітап оқыған, тегі көрмегенді көрген терезе түбіндегі үстел басында бір-біріне қарап отырды. Қыз біреу шығарып салғанда алған ба — аппақ раушан гүлдерін терезенің жақтауына тигізіп, босаған әйнек банкаға су құйып, соған салып қойды.
Сыдықәлі қақ маңдайында отырған қыздан қымсынып, қызара-бөртіп аузына сөз келмеді.
— Әңгіме айтыңыз, аға, ұзын жолды қысқартайық? Студентсіз бе?
— Иә.
— Қайда оқисыз?
— Фрунзеде. Ауылшаруашылық институтында.
— Ой, аға! Қайсы мамандық бойынша?
— Мал дәрігері. 3-курс.
— Мынаны қара, мен де Жамбылда ауыл шаруашылығы техникумында мал дәрігерлікте оқимын.
— Жақсы.
— Білесіз бе, ол жерде кім оқыған? Шыңғыс Айтматов! Қазақ пен қырғызға ортақ жазушы!
— Білемін, кейін біздің институтта білім алған. Ол кісімен жақында кездесу өткіздік. Мен өлең оқыдым.
— Ойбай, аға, өлең де жазасыз ба? — Қыздың қап-қара көздері жарқ етіп, лапылдап жанып кеткендей болды.
— Жазғансымақ болам.
— Ән де сала аласыз ба? Мен қырғыздың әндерін жақсы көремін. Айтып беріңізші? Айтпақшы, танысып алайық, атым — Ботагөз. Сіздің есіміңіз ше?
— Сыдықәлі.
— Мен де, Сыдықәлі, биыл техникумды бітірген соң сіздердің институттарыңа түссем бе деймін. Бір жерде оқып, көрісіп тұрармыз, бәлкім...
— Ал мен сені күтіп аламын. Фрунземен таныстырамын, Ысықкөлге, өз ауылым Арқытқа, содан тауымызға, орман аралатып Сарышелекке алып барамын...
— Ойбай, ағатай, сүйсіндіріп жібердіңіз ғой. Ән салыңыз енді?
Сыдықәлі терезеден пойыздың қазақтың қар басқан дарқан даласының апшысын қуырып келе жатқан жылдамдығымен ұштасқан көрінісіне сұқтана қарай отырып, жөткірініп алып сұлу қызға арнап әуенін созды.
Ой, Ботогөз, бозой сени сагынган,
Жылытсам дейт жүрөктөгү жалындан,
Башыңды ийкеп бал сөзүңдөн таттырбай,
Бачым басып өтүп кеттиң жанымдан...
Ән сала отырып ылғи қызға ұрлана қарап қояды, қыздың болса жүзі бал-бұл жанып, өзінше бірдемеге риза болғандай жымияды.
Ән біткенде екеуі де үндемей әуеннің ырғағына ұйып, біршама отырды.
— Ой, ағатай, әнді керемет айтады екенсіз.
— Рыспайдын әні. Біздің Рыспай сіздердің Шәмші Қалдаяқовтарыңдай.
— Шәмші ағаймен руласпыз. Кіші жүздің жағалбайлы руынан. Жерлес қой.
— Айтпақшы, ол да мал дәрігері.
— Айтпаңыз аға. Сіздегі Жолан ақын да мал дәрігері емес пе. Енді өлеңдеріңізден оқып беріңіз?
— Менікі оқығанға жарамайды. Мұқағали ақыннан айтып берейін:
О, сүйүү сен!
Дагы эле тирүү белең?
...Эми мен да тирилемин...
... Сендей аппак кыз алдында жүгүнөмүн...
— Ой, аға, ол менің сүйікті ақыным. Оның мынадай өлеңін білесіз бе:
Махаббат бүгін және қарамады,
Қарамады...
Жанымды жаралады.
Сыдық аға!
Білесің бе?
Шын махаббат —
Осылай қарамаудан жаралады!
Екеуі бірде қамыға қалып, бірде ішек-сілелері қатып күліп, қатарынан бірнеше өлең оқып, қазақтың да, қырғыздың да әндерін шырқап, ауыл шаруашылығы оқу орнының емес, әдебиет институтының студенттеріне ұқсап келеді.
Пойыздың дөңгелектері тынбастан тарсылдап, әрбір гудогі уақытты да, жолды да аяусыз жұтып, екеуінің айрылысар минуттарын жақындата берді.
— Мен түсетін бекетке аз қалды. — Қыз бір кезде мұңая сөйледі.
— Қааап, әттең, — деді жігіт те сапарлас болған сәттің осыншама тез өткеніне өкінгендей — Қашан кері қайтпақсың?
— Қаңтардың он төртінде шығамын. Әкемді құттықтап, малдарына дәрі егіп беруім керек.
— Онда мен осы пойызбен келіп, сені бекетіңнен салып атып кетемін. Әкеңді неге құттықтайсың?
— Әкем әйгілі шопан. Жаңа жылдың алдында Ленин орденін алды. Соған орай құттықтаймын. Айтпақшы, әкеме сыйлық алдым, көрсетейін бе?
Қыз жігіттің жауабын күтіп отырмай, әлгі арбиған сөмкесінен тонды суырып алды.
— Қасқырдікі. Таласқа практикаға барғанбыз. Қырғыз шеберлері тігіпті. Қазақтың қасқырының терісі деп айтқан соң өтіп кете алмай, өз ақшама ағайдан қарыз алып қосып сатып алдым.
— Өзің ақша да табасың ба?
— Иә, бала кезден үйренгем. Жамбылда тұра алмай сенбі, жексенбі күндері ауыл аралап шығып кетіп, малдарға дәрі егеміз.
— Қалайша? Не істейсің?
— Ой аға, шаруа шаш етектен. Қазақ малымен қазақ. Төлдей алмай жатқан малдарды операция жасап тудырып аламын да, бұзауын анасына қоссам, бәрі сүйінеді, мезгілі келгенде малдарды емдеп тұрамын, еркектерін піштіріп берем, шуымен өлі түскен қозылардың, бұзулардың аналарын айықтырамын. Мен сондай тәрбие алғанмын, аяғымды басқаннан қой артынан жүрдім. Біз жақтың ауа райы қатал, қысқы аяз адамды емес итті де өлтіреді, қораларға қасқырлар тұмсық сұғады...
Жігіт қаланың қыздары сияқты ақ етік, ақ тон киген аппақ қыздың былай сөйлегеніне таңғалды, сөйтіп оның көбелектей нәзік келбетіне көз жүгіртіп:
— Мына сен бе? — деді бір шетінен сенбегендей, бір шетінен кекетіп.
— Мына мен! Керзі етік, фуфайке кигенімде көрген жоқсыз ғой. — Қыз сықылықтап күле беріп, өзін күрт тоқтатты да: — Әлде көргіңіз келе ме? — деді.
— Көргім келеді. Сен біздің Арқытқа келіп мал емде. Екеуіміз екі атты мініп алып, екі қоржынды дәріге толтырып алып Сарышелектен ары жайлауларға шығып кетеміз.
— Содан? Содан!
— Содан бізді көріп сұп-сұлу маралдар кербездене тау басынан түсіп келеді. Біз оларға қоржыннан жем алып аузына тоса бергенімізде олар қолдарымызды жалап, берген азыққа разы болып, сенікіндей құралай көздерімен телміріп қарап тұра береді.
— Оо, ағатай. Арманым керемет дейсіз ғой... — Қыз бір нәрсені есіне түсіргендей тоқтап қалды. — Қане, мына тонды киіп көріңіз?
Ботагөз тонды жайып, екі қолтығынан ұстап жігітке киюге ыңғайластырды.
— Біссімиллә! Тоным күзге жетпесін, өзім жүзге жетейін! — Сыдықәлі тонның жеңіне қолын салып жатқанда үйренген сөзін қалай айтып қалғанын байқамай қалды.
Содан екеуі бірге күліп жіберді. Қыз жігіттің үстіндегі тонның жағасын тартып қымталай бастады. Сол кезде одан бір керемет, кереметтен де керемет, ләззатты, адамды балқытып жіберетін бір жұпар иіс аңқып қоя берді. Жігіт қызды өзіне тартудан қаймықты. Тартайын деді. Өйте алмады.
— Жарасты! — деді қыз. — Алып жатқанда ағайыма кигізіп көргенмін. Оған онша жарасқан емес.
— Ағайың каншада? — Жігіт қызғанып кетті.
— Жасын сұрамадым! Әкеме жақсы болатын шығар?
— Жақсы. Жылы.
— Иә. Жазы-қысы дала-түзде суықта жүреді. Киіп бір жырғасын. Бөрі тон ғой.
— Ә-ә, ағайыңның аты кім?
— Ағайым неге мұнша қызықтырып қалды?
— Жай сұрағаным ғой!
— Аты — Ермек, фамилиясы — Сатар.
— Ермек Сатар ма?
— Сондай. Не болды?
— Аты да, әкесінің аты да менің нағашымдыкіндей екен.
Жігіт тонды көңілсіз шешті. Қыз абайлап орап сөмкеге салды.
— Анау біздің ауыл, одан арыда — әкемнің қорасы көріне бастады, — деді қыз толықсып.
Сыдықәлі купенің терезесінен Ботагөз айтқан жаққа көз жүгіртті. Ақ бөз жамылған дала, адыр жер, одан ары тау бөктері сияқты бөріктей дүмпиген қырлар, олардың арасындағы тар алқаптарда ауыл деп айтуға ауыз бармайтын алты-жеті там шілденің суығын сіміріп жатыр. Аспандағы күн қысқы суыққа қалғандай бозамық тартып, төңірегі шеңбер болып қуарып, құрсауланып, бұ дүниені қорғап тұрғандай сезіледі. Әлем сұрқылданып жатқанымен, терезеден көрінген ақ қар жалт-жұлт етіп көзге шағылысады. Мұз сірескен аңызда не бір қарайған сұлба, не бір жан иесі байқалмайды. Жаз-күз жусан басқан даланы енді қар қаптап, әр-әр жерде мал тісіне ілінбей қалған сексеуілдер жантақтай жеке-жеке сопаяды. Әбден қарқын алған пойыз телефон мен электр сымының тоңған бағаналарын бір-бірден артта қалдырып, қысқы тайғақ даладағы рельстерде тайғанамай тынымсыз ұшып барады. Алыс-алыста нар өркеш қырғыз таулары асқақтайды.
Тақа-тақ... Тақа-тақ... Тақа-тақ... Шақа-шақ... Шақа-шақ... Шақа-шақ... Гүу-үу... Гүу-үу... Гүу-гүу...
Пойыз мұнша асығады-ей деп ойлады Сыдықәлі ішінен. Бұлардың бірге болған уақытын ұрлап, тіпті жебедей зуылдағанына қарамайсың ба.
— Сен осындай иен далада түсесің бе? — Жігіт қызға әрі таңырқай, әрі жаны ашығандай қадала қарады.
— Иә, әкем Мәскеуге арыз жазып жүріп осы бекетті аштырған. Оң жақта үлкен ауыл бар. Ол жаққа көлік үзілмейді. Сол жаққа — бізге қарай кетеді. Ол жаққа көлік болса болады, болмаса — жоқ. Жол алыс та емес, тез-ақ жетіп барамыз. Ал әкем болса мені әрбір өткен пойыздан дүрбімен қарап отырады. Соқпақ жолға түссем болды, даяр тұрған УАЗигін от алдырып жетіп келеді. Ал мен әкемнің мойнынан құшақтап-құшақтап, бөрі тонын кигізіп, бала кезімдегідей өзім сыйлаған тонына қымтанып отырып алам. Содан ұйықтап кетем... — Қыздың жүзі бал-бұл жайнайды.
Пойыз дала бекетіне ысылдап-пысылдап келіп желі шыққандай тоқтады. Сыдықәлі қызды қолынан ұстап абайлап түсірді. Ол түсе салысымен бекеттегі кісілерге жағалата көз жүгіртті. Таныстары көрінбесе керек, жігіттен көзін алмай, албыраған жүзімен өзінен бетер қызарған жігітке қарап:
— Аман кел! Он төртіне шейін! — сөйтті де, сымбатты қыз маржан тістерін көрсете жымиып, жігіттің көздеріне біраз қадалып тұрды да, тағы бір қимыл жасайын деді ме, бірақ оған батпай, содан соң ары бұрылып кете берді.
Жігіт ең ақырғы вагонға ырғып шыққаны сол екен, пойыз орнынан қозғала бастады. Содан ол жұлқына ұмтылып артқы есік-терезеге ұшып жетті.
Бекеттегі бірен-сараң адам кетіп, жалғыз сұлба қалыпты. Ақ қар басқан ақ бекет. Аппақ тон, құндыз бөрік, ақ етікті ақ дидарлы аппақ қыз қаққан қазықтай қалшиып тұр. Сыдықәлі өмір бойы іздеп жүрген адамын жоғалтқандай пойыздың артқы терезелерін тырналап, аймалап, ішіндегі мұңын шығарып, толқып-тасып кете берді.
Ботагөз болса пойыздың рельстерін кесіп өтіп бара ма, әлде кір, сасық шпалдардың үш-төртеуін бір аттап, әлгі өзі түсіп қалған пойызды қуып бара ма — Сыдықәлі түсіне қоймады. Бара-бара қыздың сұлбасы кішірейе беріп, содан мүлдем ғайып болып кетті.
Біраздан кейін жыландай ирелеңдеген пойыздан ақ қардағы ақ бекет те, ондағы аппақ қыз да біржола алыстады.
Сыдықәлінің бүкіл өмірі ақ қардағы ақ бекет болып тоқтап қалғандай, терезеден ұзап кеткен жақтан көзін алмай тұра берді, тұра берді...
***
Арқыттан — ата-анасының, туған-туыстарының, достарының жанынан Сыдықәлі келген сайын қимастықпен кеткісі келмейтін еді, оқуына үнемі бір жұма кешігіп те баратын. Бұл жолы келуінен кетуі тез, сөйлеп отырып үндемей мелшиіп немесе бірдемеге жымиып қалатынды шығарған ұлының соншалықты өзгере түскеніне анасы таңғалса, әкесі ішінен қобалжиын деді.
Үш күннен кейін-ақ Жалал-Абадқа барып пойызға алдын ала билет алып қойды. Болғанда да сегізінші вагонның төртінші купесінің төрт орнын түгел өзі сатып алды. Содан бір уақыт өтсейші. Ботагөзге арнап өлеңдер жазып, қазақша әуенді әндерді жаттап, оларды ыңылдап айтып жүріп таңды зорға атырып, күнді зорға батырды.
Белгіленген күн келіп, Жалал-Абаддан пойызға отырғанда одан бетер уақыт өтпей қиналды. Анасы салып берген жаңғақ, пісте, бадам, қақталған алша, киік қуырдақ, Сарышелектің балы, тандыр нан купенің баяғы үстелінде самсап тұр. Жейін дейді, тамағынан ештеме өтпейді. Одан қалса Ботагөз үйдің дәмдерінен ауыз тисін, ары қарай оқуына алып кетсін деген ниет қой...
Ақ қар басқан ақ бекет вагонның есік жақтағы терезесінен бозарып көмескіленіп көрініп отырып бара-бара айқындала түсті. Пойыз тоқтар-тоқтамастан-ақ Сыдықәлі алқын-жұлқын жерге секіріп түсті. Жоқ. Күткен адамы жоқ. Аңсаған адамы көрінбейді. Үш-төрт адам пойыздан түсті. Үш-төрт адам пойызға мінді. Вагондарын сүйреген ауыр эшалон жүріп кетті. Не болды? Ботагөз неге шықпады? Сыдықәлінің жүрегі тілініп, ұнжырғасы түсіп не қыларын білмей тұр. Бәлкім басқа вагонға отырып, басқа вагондардан өтіп, оның жанына жарқ етіп күліп-жайнап келіп қалар, бәлкім пойызға кешігіп қалып, әкесі көлікпен қуып жетіп, кейінгі бекеттен салып жіберер деді өз-өзіне.
Кейінгі, одан кейінгі бекеттер де артта қалды...
***
Бір жұма Сыдықәлі үшін ауыр болды. Еш нәрсеге көңілі болмай, институт пен жатақхана ортасында жансыз бір дене сияқты салбырап жүрді де қойды. Оқыған жерінде де, жатқан жерінде де пойыздың дауысы естілген сайын, сол үн түн ұйқысын бұзып, жүрегін жаншып өтетін...
***
Жұма күні Мәскеу пойызына отырды да, жолсеріктерге жол ақысын төлеп, өзі көздеген бекетке таң ата жетіп барды. Пойыздан түсіп қалғанда иен даладағы ақ қар басқан ақ бекет алай-дүлей аласұрған қарлы боранмен тосып алды. Алаңдаулы күйінен бе, әйтеуір Ботагөз көрсеткен адырлар арасындағы ауылдың да бар-жоғы білінбейді. Бұл дүниенің қарғысы тиген мынау қарлы жерге неге келгенін, кім үшін келгенін де түсінбейді. Бекеттің ішіне кіргенде билет сатушы кассир әйелден бөлек жан иесі көрінбеді. Ол Сыдықәліге жер астынан шыға келгендей аңтарыла қарап тұрды да:
— Сен кімсің? Қайдан келдің? — деді үрейлене.
— Ана ауыл жақта Ботагөз деген курстасым бар еді, оқуға келмей жатыр... — Жігіт қолын тау жаққа сілтеп өтірік айта салды.
— Ой, ол жаққа бара алмайсың. Бұл боран бір басталды ма, үш-төрт күнсіз басылмайды.
— А, сіз, Ботагөзді танисыз ба?
— Танымаймын. Бұл қарғыс атқыр жерде қыз тұрмайды. Онды біткен соң Алматыға, Жамбылға, Шымкентке оқимын деп кеткен бойда сол жақта бір еркектің етегін ұстап кете береді. Бес-алты жылда бір мәрте төркіндеп келеді де, содан мүлдем жоғалады. Сенің іздеген түйе көзің де біреумен кетіп қалған да...
Сыдықәлінің жыны келіп не қыларын білмей тұрып қалды, әсіресе Ботагөзді «түйе көз» дегені жанына батып-ақ кеткен еді. Оның мына тұрысы шаһар саябағындағы мүсіндерден аумай қалғандай.
— Былай ғой, — деді кассир әйел сарт еткізіп жинап алған көзәйнегін қайта ашып, — екі жүз қадамдай былайырақ қара жолға шықсаң, аялдама бар, жарты сағаттан соң Ташкеннен Жамбылға баратын автобус өтеді, сонымен қайта кете бер.
Амалы таусылған ол кассир әйел айтқандай кете берді. Өртеніп жатқан жүрегінің жалыны су сепкендей өшіп, жексенбі күні жатақханасына жетіп, сұлық түсіп екі тәулік бойы жатты да қойды.
***
Сыдықәлі үшін неге екені белгісіз, әйтеуір Ботагөз Жамбылға оқуына келіп қалғандай, екеуі бір нәрсе болып табыспай қалғандай бола берді. Орнынан ырғып тұрды да, теміржол вокзалына барғысы келмей, автовокзалға келді де, Жамбылдың автобусына барса, билет жоқ екен, шопырдың ортаға тақтай қойып берем дегеніне көніп ымырт түскенде жолға шықты.
Зооветеринарлар оқитын ғимараттың алдына келгеннен-ақ көздері алақтап таныс бейнені іздей бастады. Көрінбеді. Ботагөздің фамилиясын да сұрап алмапты. Бір кезде Ботагөз айтқан оқытушысын есіне түсірді. Оның аты да, фамилиясы да нағашысынікіне ұқсас емес пе еді. Соны іздеп тапты.
Ермек Саттар ұзын бойлы, сымбатты келген, қап-қара шашын әрлеп тараған жігіт екен. Кафедрасында көңілсіз отыр.
— Ағай, мен Фрунзеден келдім. Ауылшаруашылық институтында оқимын.
— Қо-ош, жақсы. Қонақ екенсің. Отыр. — деді Ермек ағай.
Сыдықәлі тартынып, диванның шетінен орын алды. Сөзді неден бастарын білмей үн қатты:
— Сіздің атыңыз менің нағашымның атына ұқсайды екен?
— Қазақ пен қырғызда есімдер ұқсай береді ғой.
— Жоқ, әкелеріңнің аттары да ұқсап кетеді екен. Нағашым — Ермек Саттаров, орманшы.
— Бұл жағы қызық болды ғой. Менің әкем де орманшы, Кегенде тұрады. Достарының көбі сіздердің Қарқарадағы малшы қырғыздар.
Екеуі одан ары әңгімені жалғастыра алмай бір заман үндемей қалды. Ақыры Сыдықәліден әрең сөз шықты:
— Ағай, кешірерсіз, сіздің Ботагөз деген студентіңіз бар ма еді?
Мұны естіген Ермек орнынан атып тұрды. Терезеге, қар жапалақтап жауып жатқан даладан көзін алмай тесіле қалды.
— Сен оны қайдан білесің?! — Ағай алақанымен шоқ ұстап алғандай шошып кетті.
— Пойызда бірге барғанбыз.
— Сол кезде ме?
— Сол кездеңіз қай уақыт?
— Жаңа жылдың алдында ма?
— Иә.
Ермек ләм-мим демей сілейіп қалды да:
— Ең ақырғы көрген өзің екенсің ғой... — деп ауыр күрсінді.
— Түсінбедім?! Не болды?
Ермек тілін жұтып алғандай сөйлей алмай тұр.
— Бір нәрсе болды ма?! — Сыдықәлі демі қысылып, құлындағы дауысы шырқырып шықты.
— Отыр! — деді Ермек. — Біз де дәл сендей есеңгіреп қалдық. Студенттер каникулда еді. Тапқанымызша Жамбылға жинап, Ботагөздің ауылына тарттық. Жеткенше сенбедік. Барғанмен де шырайлы жүзін көрсек қой, әттең. Топырақ салдық. Жыладық.
Кафедрада екеуі ғана қалды. Басқалары шығып кетті. Ермек сөйлеп жатып көзіне жас алды. Қайғырып, күйініп топырақ салуға барғанда адамдардың болжамдап айтқанын басын жерден алмай тірі өлік боп отырған Сыдықәліге қайта әңгімелеп берді:
— Пойыздан түсіп қалғанда бұлардың ауылына кететін ешкім табылмаған шамасы. Әкесі бармақшы екен. Сол күні төлдеу басталып, төрт-бес қойды төлдеткенше, суыққа тоңған ба, әлде балалық қылған ба, әйтеуір Ботагөз ауылға қарай жаяулатып кетіпті. Менің болжамым бойынша... сенімен пойызда келгенде қасқыр тонды көрсетті ме?
— Иә, көрсеткен. Киіп те көргем.
— Сол тон...
— Ол тонға не болыпты?
— Қасқырлар ауыз салыпты. Сол тонды практикада жүргенде әкеме аламын деп маған көрсеткен. Қазақстанның бөрілері екен деп маған қуанышын жасыра алмай сүйінген-ді. Әкеме сыйлық болады деп... — Ермек үзік-үзік сөйлеп көз жасын тия алмады. — Сол кезде алма десем — алмас па еді... Қарыз ақша бермей қойсам — ала алмас па еді. Ботагөздің өліміне мен де кінәлімін. Әкесі асығып-үсігіп жолға шығады. Ұлыған қасқырлардың дауысын есітіп бір жамандық болғанын сезіп, көлігінен мылтығын алып тұс келген жаққа ата береді, ата береді. Барса, сөзбен жеткізу қиын, Сыдық, Ботагөздің аяғы бір жерде, қолы бір жерде... Ал тонды болса бір дөң жерге тікейтіп, шоңқайып отырған қасқырдай қылып қойған екен.
Сыдықәлі орнынан атып тұрды. Есіктің тұтқасына қолы жабысқанын, дәлізде жүрген студенттерді ары-бері түртіп, баспалдақтың төрт-бесеуін бірден аттап жатқанын сезген жоқ...
Сыртқа шықты. Көктен ақ ұлпа қар ұшқындары бірін-бірі қуаласып жер бетін аппақ дүниеге айналдырады...
Ақ қардағы ақ бекет, ондағы ақ тон, құндыз бөрік киген Ботагөздің сұлбасы жанарында мәңгі сақталып қалды...