Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жесір жеңгемнің жоқтауы

Біз, майда-шүйделер, үлкен атам мен оның бауырларының балаларының бәрін аба дейтінбіз. Оған қоса, туыстар онша көп емеспіз, бәріміз ескі колхоз құрылған кезде еншілеп берген үй іргесіндегі жерлерге иелік етеміз, сондықтан бір үйдің түтіні басқа үйлерді де аралап кетеді. Жамандық-жақсылығымыз ғана емес, оразадағы арапамыз да, сиырымыз бұзауласа қайнатқан уызымыз да бір. Тандыр салсақ та, киіз бассақ та, ұра ашсақ та, көмір түсірсек те — бәріміз бір кісідей жұмыла қаламыз.

Сол абаларымның бірінің қазасы туралы суық хабар жеткенде, мен Бішкектен Дубайға жол тартпақшы едім. Ауылдағы кәріліктен құлағы бірде естісе, бірде естімейтін әкеме телефон шалсам, «Жолыңнан қалмай бара бер, балам, сен келгеніңмен, абаң тіріліп келе қоймас» деп кесіп айтты. Фирманың шаруаларын бітіргенімше әйелімді де, балаларымды да дем алдырып келейін деп  өзіммен бірге алып шыққанмын, өрекпіп алған балаларым қалар емес. Кете бердім. Он екі күн жүріп, Бішкекке келген едік, фирманың иесі — шеф, ұшаққа билет алып қойған екен. Алматыға барып, ол жерден Бангкокқа ұшып кеттік, ары Пхукетке демалыс орындарымен туристерді алып баруға келісім жасап, тағы бір айдай жүріп қалдым.

Сөйтіп туыс абамның қырқы да өтіп кеткен соң, уақыт тауып, ертемен ұшаққа билет алдым да, сол күні намазшамда қайтатын болып ауылға қарай жол тарттым.

Тоқсанға иек артқан әкем мен анамның алдына әкелген базарлығымды тастап, нан ауыз тиіп, бір көрініп кетейін деп марқұм абамның үйі жағына бет алдым.

Жеңгем жалғыз өзі қораның төбесіне қара қағаз жайып жатқан екен, мені көзі шалғаннан-ақ, сатының екі баспалдағын бірден аттап желдей ұшып түсті де, лай-лай болған көйлегі және қолдарымен жүгірген бойда үйіне сүңгіп кетті.

Мына жеңгеме не көрінген? Маған көңіл айтуға кеш келді деп ренжіп, есігін тарс жауып алмасын деген ой сап етті. Бекер обалы не, мен бұл үйге қанша рет келсем де, сонша рет екі бетімнен сүйіп, айналып-толғанып, садағам болып тосып алушы еді. Бұл жолы...

Сол арада үй ішінен жеңгемнің маған етене таныс, бек таныс дауысы естілді:

Мамықтай болған қар бетінде,

Қып-қызыл болып-аай қан жатад.

Қияға жетпе-еей құлаған,

Қайраным-аай, көрде жай жатад...

Мен сонда ғана жеңгем менен бұрын кіріп, құран оқытуға келгендерді, сыртқа шықпай, үйдің ішінде жоқтауын зарлатып қарсы алатын байырғы салтты сақтап отырғанын түсіндім. Қара орамал, көк көйлек киген жеңгемнің бұл кейпі маған өте оғаш көрінді.

Басқадан күтсем де, осы жеңгемнен күйеуінің қазасына осыншалықты күйініп, осындай зарлы жоқтау айтады екен деп күтпегенім рас. Аузым ашылып қалды.

Ақырын басып, жеңгеме жақын таянып, жоқтауын тоқтатса, құран бағыштайын деп тұрып қалдым. Жеңгем жоқтауын тоқтатар емес. Қайта одан әрі үдетіп, мұңды дауысымен мені одан сайын таңғалдыра жоқтауын аңырата берді.

Ақша бір қардың бетінде,

Алшадай болып-оой қан жатад.

Асуға жетпе-еей адасқан,

Асылым, көрде-еей жай жатад...

Жеңгемнен мұндай жоқтау күткен емеспін дегенімнің де себебі бар. Ол кезде жеңгем Фрунзеде — женпедде, музыкалық факультетте оқыған екен. Әбден жақсы оқыпты, кейін альбомынан көптеген суреттерді көрсеткен, курстастарының ішінен танымал әншілер, тіпті халық әртістері, еңбек сіңірген қайраткерлер де шығыпты. Солардың суреттерін альбомнан ашып көрсетіп жатып үнемі ауыр күрсініп қоятын. Суреттердің арасында әскери киім киген бір жігіттің де суреті болатын, оған ерекше бір сүйіспеншілікпен қарайтын еді. Кейін әлгі альбом абамның қолына түсті де, абам оны тандырда лаулап жанып жатқан темекі паясының арасына паршалап тастап жіберген. Сол кезде мен қарап тұрған едім. Үйленгенімен әлі балалы бола қойған жоқ еді. Абам әдеттегідей, апам айтпақшы «атауын ішіп келіп» тандырға от жағып күйбеңдеп жатқан жеңгемнің қолынан көсеуін жұлып алып,  әй-шәй жоқ, арқасынан қойып қалды. Байғұс келіншек қорыққанынан үрейі ұшып қалшиып тұрып қалған еді, лай жағылған шәпкісін басынан жұлып алып, «ее, Таластағыңды сағындың ба» деп, келеке ете бастады. Мен қаршадай баламын. Нан илеп жатқан абамның анасына жүгіріп бардым. Келініне жаны ашыған қайын енесі қамыр қолымен атып шыққанда, баласы анасын да көзге ілмей, «Бұл жалап, таластық жігітін сағыныпты» деп тағы тап бергенде анасы араша түсе қалып, жеңгеме ымдағаны сол еді, жеңгем біздің үйге қарай безе жөнелді...

...Сол жеңгем сол күйеуіне арнап қазір менің алдымда жоқтау айтып отыр.

Жеңгемнің дауысы өте жағымды екен. Бірақ абам оған бір мәрте де ән айттырмады. Адамдардың айтуынша, ауылымыздың басында тұратын әкесі де, анасы да жақсы ән салады екен. Қызы да мектепте ән-хор үйірмелеріне, байқау-сынақтарға қатысып, ойын-сауықтан шет қалмаған. Фрунзеге дейін ән шырқап барып, теледидарға да шыққанын ауылдықтар тамсана айтып жүретін. Сол жақта дауысын бір танымал әнші ұнатып, женпедке түсуіне ұсыныс жасап, содан оқуға қабылданған көрінеді. Таластық бір әскери жігітпен танысып, хат алысып, бір-екі жолы «Ала-Тауға» киноға барған, оның бәрі ауылға басқаша жетіп, қаңқу сөзге айналып, содан үшінші курсын бітіріп, демалысқа келгенде ата-анасы, туыстары оқуға жібермей, осы абама ықтиярсыз тұрмысқа берген-ді.

Бір жолы мектептен келіп, анамды іздеп абамдардың үйіне барсам, үй ішінде жаңа түскен әлгі жеңгем жалғыз отыр екен. Жылаған сияқты. Көздері қызарып кетіпті. Менің тысырымды естіп қойса керек, орнынан атып тұрып, қолындағы альбомын жүктің арасына тыға салды. Мен болсам оны байқап қалдым да, өзімді ыңғайсыз сезініп, табалдырықтан не ішке аттай алмай, не артқа шегіне алмай мелшиіп тұрып қалдым.

— Кел, келе ғой, атың кім?

— Мыйзам!

— Мені енді «жеңге» де, ал мен сені «әлгі бала» деп тергейін. — Көптен бері жиналып қалған қайғысын өзінен сілкіп тастағандай бір сәтте жадырап шыға келді.  

Содан тағы әлдекімнен қорыққандай жүкке тығып тастаған сурет альбомын алып, маған әр парағындағы суреттер жайлы баяндай бастады.

Осыдан кейін мен жеңгем үшін «әлгі бала» болдым да, жеңгем мен үшін жақын адамға айналды.  

Арада сырғып ағып беймаза жылдар өтіп, жаратқан арттарыңда тұяқ қалсын  деп абам мен жеңгеме төрт бала, маған екі бала берді.

Міне, енді жеңгем жоқтауын тоқтатпай, жанында «әлгі баласы» жеңгесінің арманды жоқтауының аяқталуын күтіп отыр.

Беренім, бес түлек құстай ұшушы едің-еей...

Бүркітім, сен адамзаттың асылы едің-еей...

«Әлгі бала»,

Белінен сынып бес түлек-еей,

Бүрісіп өлді бүркітім,

Бүркітімнен айырылып,

«Әлгі бала»,

Оой, менің келмеске кетті-еей, ай-күнім... ах, ей...

Өз құлағыма өзім сенер емеспін. Қайдағы берен, қайдағы бүркіт? Өмір бойы  әңгір таяқтың астында алқаш күйеудің азабын тартып, бар өмірі зая болған, беттері әжім-әжім, белі иілген, аяғын сүйреп басқан ақ шашты жеңгем осылай жоқтауын жырлап отыр. Күйеуі олай-бұлай боп кеткен жағдайда жоқтау айтпақ түгіл, бір күн де қара киіп аза тұтпайтын шығар деп ойлаушы едім, жеңгемнің абамнан көрген қорлығын есіме алған сайын.

Сырттан абам мен жеңгемнің үлкен ұлы келіп жаныма отырғанын байқамай да қалған екем. Қарасам — әлі отыр, қолын ұсынып, ыржиып қояды.

Ой, осы бала азап тартты. Өзі ғана тартпай, анасын да өмір бойы азапқа салып келеді. Бара жатқан жерінде құлап, беті-басы қанап, аузынан ақ көбік ағып жатып қалады. Оң қолы, оң аяғы қимылсыз, тамақты сол қолымен жалмап жегенде он күннен бері аш қалған ба деп адам шошиды.

...Бір жолы кешкі дастарқан жайылып тамаққа енді отырып жатқан едік, есік сарт етіп ашылып, ойбайлап жылап-еңіреген жеңгем кіріп келді. Артынан абам есіктен кіре сала,  ішінен теуіп-теуіп жіберді. Әкем орнынан атып тұрып, абамның желкесінен бір қойды:

— Есек! Адам емес — ит! Аяғы ауыр әйелге көтерген қолың сынсын! Аяғың үзіліп түссін! — Әкемнің мұндай қаһарға мінуін бірінші рет көруім.  

Мас абам, ашуы басылды ма, артына шалт бұрылып, жеңгеме қарап:

— Екінші үйге келсең, соямын! Ұқтың ба, соямын!? Шешеңді!.. — деп шығып кетті.

Тамағымыз жайына қалды. Әкемнің жүрек талмасы ұстап, анам біресе әкеме дәрісін беріп, біресе жеңгеме бірдемелерді ішкізіп, көгерген құрсағына май сылап, үйіміз бір заматта тозаққа айналды.

Ертеңіне жеңгемді доқтырға алып кеткен апам, бесінге жетпей келіп қалды, көңілсіз ғана кірді: «Босанды», —  деді. Маған қарап: «Ешкімге айтпа, туыстарына сүйіншілемей-ақ қой», —  дегенін жай айтты. Ал маған жеңгем болса: «Әлгі бала, мен ұл туамын, түсімде аян берді, мен босанғанда төркініме өзің барып сүйіншіңді ал, сүйіншіңе тай мінгізеді», —  деуші еді. Не қыларымды білмей отырып қалғанмын сонда...  

Сол бала — осы. Шала туылып, шала бала болып, шала адам болып, қазір екі күннің бірінде талмасы ұстап, беті-басы тілім-тілім болып жүр. Абамның тепкісінен осындай боп қалғанын мен білемін, әкем мен анам біледі, ал жеңгем білсе де, абама бір ауыз кінә артқанын естімедік те, білмедік те.

Жеңгемнің жоқтауының тоқтайтын түрі жоқ. Тұңғышы да тұнжырап ұйып тыңдап, көзіне жас алғандай болды.

Сен барда мен қырда бір тұрған қырандай-еей,

Сен барда мен шоқыда бір тұрған ұлардай-еей,

Шаңқылдасам үнім жарасқан-еей,

Ақ мүйіздім, керілген-аай,

Сәні едің ғой,елімнің-аай,

Шахзададай келбеттім-аай,

Шаттығы едің сауықтың-еей...

Жеңгемнің «Сәні едің елімнің», «Шаттығы едің сауықтың» дегені мені таңғалдырды да, бір оқиға, өзегімді өртегендей, тап бүгінгідей көз алдыма келе қалды.

... Кино көріп отырғанбыз. Үнді киносы болған сияқты. Ондай киноға ол кезде бүкіл ауыл көшіп барушы еді. Жаңылмасам, «Зита мен Гита» ма еді? Иә, сол кино! Көпшілік ағыл-тегіл жылап отыр. Біз, балалар, орын жоқ, алдыда малдас құрып отырып алғанбыз.

Бір кезде айғай-шу бола қалды да, әйелдер шыңғырып, киномеханик залдың жарығын қосып қалды. Қарасам, — абам! Қолында пышақ. Көйлегі жоқ, дамбалшаң.

— Енеңді ұрайын! Көрсетем ұйықтатып қашқанды! Ұйықтамаймын мен! Жалап! Сволыш! — Осындай естіген құлаққа түрпідей тиетін боғауыз, ұят сөздерді жаудырып, пышағын әркімге бір жалаңдатып сілтей берді.

Залдағылар тым-тырақай қашып шықты. Балалар бір бұрышқа тығылдық. Жеңгем жата қалған еді, күйеуі оған төніп барып тепкілеп, пышақ сілтей бергенде құлындағы дауысы құраққа шықты. Абамның әкемнен басқа ешкімге бас имейтінін білген жүздей адамнан, ол түгіл ауылдың атаманымыз, жындысымыз, спортшысымыз дегендерден біреуі де оған жақындамады. Жасырақ кезінде әкем ғана оған құрық тастап, өзі айтқандай «арқасы бар, арақ емес жын ішкен қып-қызыл жынды» інісін ептеп ауыздықтап алушы еді. Біреу сол әкемді шақыруға кеткен екен, ол келгенге дейін екі милиционер де кіріп келіп, абамды күшпен ұстап тұрды.

— Қамаңыздар, жындыны! Болды! Жетті! Тойдырып жіберді! — деді де, әкем абама қарамай теріс бұрылып шығып кетіп қалды.

Жер болған жеңгемді болса інілері қанға боялған күйінде бір көлікке көтеріп апарып отырғызды.

Сол оқиғадан кейін жеңгемнің не концертке,  не киноға барғанын, не ел қатарлы тойға барғанын көре алмадым. Базарға барса да керек-жарағын дереу алып, барған автобусымен кері кетіп қалатын.

Абамның кинодағы «киносынан» соң екі күн өткенде ме, яки үш күн өткенде ме, әкемнің анама мынадай дегенін құлағым шалып қалды: «Анау келінің өзін аямаған неме екен. Он бес сөткеге қаматып көрейін деген едім. Арыз жазбай қойды. Пышақты ол сұққан жоқ деп өтіріп айтып, милисаханаға өзі барып, жындыны өзі шығарып алыпты».

Рас, содан кейін абам біраз ішпей жүрді. Үйін сылап, бау-бақшасына қарап, анам айтқандай, «адам болып қалды». Адамдығы екі айдан аспады. Ауылда бір той болып, сол жерге сығалап барып, арақ сұрап ішіп, тойдың тоз-топалаңын шығарып, отырыстағы жігіттерден тойғанынша жұдырық жеп, өлімші болып бір арыққа құлап жатқан екен, жеңгем таң сәріде «өлген жерінен тірілтіп» алып келген.

Енді сол жеңгемнің созылған жоқтауы ауылды аралап барады:

Бозарған таудың түбінде-еей,

Бозарған тамға қамалдың-аау...

Қайырылмай кеткен алтыным-аай,

Боздамай қалай қалайын-әәй...

— Жеңге, қойыңыз енді, сабыр етейік. Тоқтай тұрыңызшы, — дедім шыдамым таусылып, ішім сыздап.

— Апа, — деді ұлы да, — әкемді қинамаңызшы, тыныш жатсын. — Болды! Өзіңізді ұстаңыз?

Елдің бәрі «орашолақ», «тоқсан тоғыз», «жарымес», «бір шаригі кем» деп кемсітіп ат қойып алған, өзінің аты Рысбай екенін ешкім де білмеген баланың ақыл-есі бар адамдай есті сөз  айтқанына ішім жыли түсіп, енді жеңгем жоқтауын тоқтатар деген оймен құран оқуға ыңғайлана бастадым.

Жеңгем маған бір қарап алды да, тізесін қатты құшақтаған күйде жоқтауын тағы соза берді.

«Әлгі бала»,

Зарлаған үнім басылар ма-аай,

«Әлгі бала»,

Ақ мүйізде асылдым-еей,

«Әлгі бала»,

Жоқтасам қайтып табармын ба,

«Әлгі бала»,

Абаңдай болған асылымды-еей...

Жеңгем әлі де жоқтауын жалғастырып, әлі де жүректі езуде. Тоқтайтын түрі жоқ.

...Өмір бақи естен кетпестей болған күн де сол абам мен жеңгеме байланысты. Ол кезде ержетіп қалған кезім, ата-анамнан өзімше бөлініп, аулада — жүзім бұталары салбырап төгіліп тұрған тапшанның үстінде аспанға қарап, қолымды көрпенің ішіне тығып, жалғыз жатқаныма риза кезім. Балалармен әлдеқайдан, анам айтқандай, «қаңғып келіп ұры мысықтай бұғып» жатып қалғам. Қала берсе бүкіл үйдің, қора-қопсының сол күнгі жалғыз иесі мен, бәрі жайлауға кеткен. Кетерде анам: «Бәленшенің баласы бойдақ болғаннан бері көшені бермей қалды» деп елдің кебін кимей, ерте келіп ерте жатып тұр. Мынау анамның жасауыма қосып берген мақпал көрпесі. Ауыр, өте жылы, таң атарда сыртта суық болады», — деп ешқашан, ешкімге салынбаған көрпені алдыма тастады. Соны жамылдым. Аспандағы жұлдыздарға қарап, сыныптас қыздарды әлсін-әлі көз алдымнан өткізіп ұйықтай алмай дөңбекшіп жатқанмын, бір кезде дарбаза «шиқ» етіп ашылғандай болды. Қорқып, жастықтан бас көтерсем — жеңгем! «Қорықпаңыз, әлгі бала», —  деді де, жаныма келіп тұрып қалды. Жатқан жерінен ақшыл іш көйлекшең күйінде қашып шыққандай. Сол екен, қас-қағым сәтте абамның балағаттанғаны, дарбазаның кіші есігін бар пәрменінше тарсылдатқаны естіліп, ізінше жұлқынып кіріп келе жатқанын көрдім. Дәл сол сәтте мен ештеңені байқамай да қалдым — жеңгем жоқ, көзді ашып-жұмғанша ізім-ғайым. Содан аяқ жағым қыбырлағанда барып жеңгемнің сол жақта өрекпіп, демін ішіне алып, болар-болмас қана дем шығарып жатқанын сездім...

Абам бізді көрмеді. Бөлмелерді кезек-кезек ашып, балағаттанып, есік-терезелерді, ыдыс-аяқты сындырып,  аласұрып жынданып жатқанын жеңгем екеуіміз іштей біліп жаттық.

Жеңгемді таппағанына аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, «енеңділеп», «өлтірем» деп, «қаныңды ішем» деп, өзін-өзі тоқтатата алмай ауладағы көзіне түскен, қолына ілінгеннің бәрін лақтырып жүріп, бір кезде тапшанға жақын келіп, менің көрпемді сыпырып тастамақшы болып оқтала берген еді, неге екені белгісіз үстімдегі, анығы, үстіміздегі қалың мақпал көрпе сыдырылмай қойды. Содан маған айғайлай жөнелді:

— Енеңді ұрайын, ержетіп қалғанға ұқсайсың!? Қайда жалап жеңгең?

Мен орнымнан атып тұрып, еш нәрсеге қарамай ашу қысып, абамды иектің астынан бір қойып, сұлатып тастамақшы болдым. Мас қой, бір ұрсаң өзі-ақ жалпасынан түсер еді. Енді бұлқынып тұрайын десем, аяғым тартылмайды. Көрпемнің ішінде жеңгем санымнан тас қылып құшақтап жібермей жатқанын сездім. Ашу-ызамды да, қимылымды да іштен де, сырттан да бір күш тоқтатып қалғандай жансызданып қалдым.

Абам жеңгемді таппай, балағаттаған бойда ауладан шығып кетті.

Көрпемнің астында жеңгемнің өксіп-өксіп жылағаны, қалтырап-дірілдеген қолдарымен аяқтарымды әлі де жібермей жабысып алғаны маған басқаша бір жанашырлық, жылулық сезімін алып келді...

— Оқыңыз, аба, оқи беріңіз? — деді бір кезде анасының жоқтауы тоқтамайтынын білген тұңғышы.

Мен құранның қысқа сүресін дауысымды жай шығарып, іштен күңгірлетіп оқи бастағанымда, жеңгем жоқтауын күрт тоқтата салды. Оқып болып екі қолыммен бетімді сипаған соң, салт бойынша: «Пенделік екен. Абам жақсы кісі еді, жаны жаннатта болсын», —  деуім керек еді. Аузыма сол бір ауыз сөз түспей-ақ қойды. Өтірік көлгірси алмадым. Жоқ дегенде марқұмның алдындағы соңғы парызымды атқаруға ішімнен бір күш пе, кек пе, реніш пе — әйтеуір бір нәрсе жібермей, әлгі сөздерді айттырмай, аузымды жауып тастағандай күй кештім.

— Не болды, «әлгі бала», мені абаңа жоқтау айтып, қайғыра алмайды дедің бе? — Ауыр үнсіздікті жеңгем бұзды. Менің басымдағы ойды оқып қойғандай тап басып айтты. Үндемедім. Үндегенде не деймін. — Әкесінен қашып, балалардың бәрі тентіреп кетті. Байғұсымның жаназасына әрқайсысы бір сылтау айтып, ешбірі де қараларын көрсетпеді. Құран оқытып қой деп ақша салып жіберіпті. Ақшаларының керегі не маған? Өздері керек!.. Келмеді. Мына балам екеуіміз ғана қалдық, — деді жанымызда бір тізерлеп отырған үлкен баласын көрсетіп, — осы ұлымды ептеп үйлендіріп алсам, әкесінің қара шаңырағына ие болып қалса, мен де абаңның жанына кетер едім...

Небір-небір алқалы жиындарда, небір-небір бизнес-форумдарда, халықпен кездесулерде сандуғаштай сайрағаныммен, жеңгемнің алдында тілім байланып, бір сөз айта алмай отырғаныма өзімді-өзім жек көріп кеттім.

— «Әлгі бала», шыж-быж жасап жіберейін? — деп жеңгем орнынан қозғалмақшы еді, мен:

— Жеңге, әуре болмаңыз, қазір қайтадан әуежайға жетуім керек, — дедім.

— Неге мұнша асығып?

— Жұмыс қой, жеңге.

— Арнайы абаңызға келдіңіз бе? Келмей-ақ қою керек еді. Молдалар да арақтан өлгенге жаназа бұйырмайды деп, жаназаға келмей қойды, басқа ауылдан молда алдырдым емес пе...

Бұл жайында аз ғана хабарым бар еді. Бір ауылдасым айтып берген. Әдейі мені көзіме шұқығысы келіп айтқан.  

Енді тұрайын деп жатсам, жеңгем байқап қалып, ұлына:

— Абаңа нан алып кел, ауыз тисін! — деді.

Ол маған бір бүтін нанды қолтығына қысып алып келе жатқан-ды. Екі қадамдай қалғанда бірдеме дегендей болды да, кенет шалқасынан құлап, беті-аузы қалтырап-дірілдеп, аузынан аппақ көбік ағып, екі аяғымен аспанды тепкілеп жата қалды. Мен шошып кеттім. Денем тітіркеніп, жүрегім зырқ ете түсіп, аузыма тығылды. Анасы оның үстінде бәйек бола қалды да, маған жалынышты қарап:

— Біз өзіміз, «әлгі бала»... Сіз бара беріңіз... Жұмыстан қалмаңыз... — деді.

Мен асыққан бойда жолға шықтым...

Жол бойы құлағымнан жеңгемнің жоқтауы кетпей, жаңғырып естіле берді... естіле берді...

2019 жыл, мамыр-маусымҚырғыз тілінен аударған Гүлнұр Қыранбайқызы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама