Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 6 сағат бұрын)
Ақтеңге

Иықтарында қызыл жыңғылдан істеген қармақ саптары, қолдарындағы торқоржындарында сазан, лақалары бар екі баланың шаңды жолды борп-борп басып келе жатқанына біршама уақыт болған. Балақтарын түріп алған екеу әбден шаршаған, үсті-бастары шаң-шаң. Екеуі де он үш-он төрттің шамасында. Бой тұрқы да шамалас. Ақ қалпағын көзіне түсіре киген қайыстай қатқан сұршасы кетік тісінің арасынан шыртылдата түкірініп қояды. Оның аты Ораз.

Арт жақта бар киімін шешіп, салмақ түскен иығына салып алған шикіл сарысының шашы күн көзіне шағылысып жылт-жылт етеді. Ошағандай әрқайсысы әр жаққа селтиіскен тікенек шаштарын былай қойғанда, қалың қастары да сары жылқын қос қиық алтын сынды сәуле ойнайды. Ауылға келген студенттерден қауынға айырбастап алған дағарадай ши қалпағы көзіне түсе берген соң желкесіне ысырыпты...

Тамыз айының таңдай кептірер ыстығы әлі қайтпаған. Үп еткен жел жоқ. Қара жолдың шаңы күс-күс төрт жалаң аяққа мақпалдай жұмсақ тисе де, ыстығы дызылдата шағып келе жатқаны да рас. Ораз аяғындағы тобықтан тізеге дейін шанди ораған шүберектің үстінен шып-шып шыққан қан табы білінеді. Екеуінің де жүзін борша-борша тер жуған.

— Енді бір секірсек, үйге де барамыз. — Мұрынның астынан мыңқ ете қалған Қайрош-тұғын бұл.

— Сәпсім шаршадық. Біздің көшемен жүр. Әйтпесе қара Сатанның балдары соғып кетер. Бір нәсте айтайын ба саған, Сары? Естимісің, құлағың керең бе немене?

— Қорқасың, ә?.. — Қайрош мырс күлді. — Қойшы, сені. Бір нәсте бір нәсте дейсің де жүресің ылғи. Әйтпесе Сатанды жамандайын деп келе жатсың ғой. Ол қараң тыриған арық болса да, жұдырықтары тастай. Біздің көшедегі ылғи қоқыраңдап, әлімжеттік жасап жүретін сашок Нұрланың әншейін әупік екен. Анада сартымақ Шәріптің жүйрік есегіне таласқанда қара Сатанның бір пергенінен қалмай жәлпәсінән түсті ғой. Біздің қара құмырсқадай қаптап тұрған балдар тым-тырағай зытты дейсің бәрі. Ұят болды тіптен бар ғой.

— Мықты болғанмен, бір класта үш жыл отырды. Бүгін естіген қызығым қызықтың көкесі. Сен оны естідің бе?

— Естігенде қандай! Мені немене есім ауысты дейсің бе? Екеуміз ғой көмгенін көрген. Қап-қараңғы еді ғой сол түні. Сейтен ақсақтың есегімен әкелді. Қасында өңкиіп жүретін дәу бар болатын. Көмді-көмді де олар зытты. Біз де зыттық. Не екенін қайдан білейін? Туу-у, иығымды жаншып барады. Зіл, зіл ғой мынауың...

— Тыңда, сар сапалағым! Бүкіл ауылды киноға түсіретін аппаратты шемаданымен түгел ұрлаған. Телебізер де бар көрінеді, сол тыққанның арасында. Сағатты да қаққан. Бірақ олардың қайда екенін ешкім білмейді.

— Оны біз ғана білеміз. Ол заттар каналдың жанындағы қара талдың түбіндегі көмбеде жатыр. Бізге ол ұрлық заттарының бес тиынға да керегі жоқ. Сынып жетекші ағайға апарып береміз. Әйтпесе бар ғой. Әнеукүні ауылды кинаға түсіріп Алматыға, Астанаға, Әмерикаға апарып жұртқа көрсетеміз деген. Ей, Қораз, дабай демаламыз, әйтпесе иығым қаусап барады.

Екеуі ырсылдай жүріп балықтарды сабалақ басты жыңғылдың үстіне әрең жайғастырды. Сонсоң алдымен Қайрош, оны көре салып Ораз да жол шетіндегі жусанды алаңқайға тырапай асты. Онсыз да күнге күйе-күйе қара барқынданып кеткен ішін шапаттап қойып Қайрош:

— Күйсін, пәтчақар. Мекроп өледі,— деді көтеріле түсе қопаңдап. Атасынан үйренгенсымағы. Мейрам атасы да «бәтшағарын» ылғи аузынан тастамайтын. Келіндері сырттай «бәтшағар қайнаға» дейді. Есіне бірдеңе түскендей Ораз оқыс басын көтеріп:

— Сары! Сенің басың неге қарбыздай үлкен десем. Іші тола ақыл екен ғой? Ауылымыз кинаға түссе жақсы емес пе? Қазып аламыз да, сенің атаңның көк ешегіне артып, апарып береміз,— деді басын шалт көтеріп.

— Өлейін деп жүрсің ғой. Кәпірдің жұдырығынан қорқам. Әрі деген көмбелерін Сатанның сенімді-сенімді мынау деген балдары күнде қарап жүреді. Үстімізден түссе, әкемізді танытады. — Кеберсіген ернін жалап қойып Қайрош аяқтарымен ауаны осқылай сереңдете бастады.— Өстіп пизәредке жасап қойсаң, тез демаласың. Әнеукүні телебізерден көргем.

Ораз досының бұнысына назар аудармады. Ойын жалғастырды.

— Көбінесе Сатанның өзі жүреді. Ондайда жабылып кеп берсек әл бермейміз.

— Фи-и!— Қайрош ернін дүрдите ысқырып жіберген. Аяқтарының сереңдеткенін қойып. — Екеумізді жүндей түтеді Сатаның! Аш құлақтан тиыш құлақ. Тыныш жүрелік.

 Күдерін үзгендей ол қолын бір-ақ сілтеді. Көздерін жыртитып балықтарға көз салып жатыр. Ораз орнынан атып тұрып шыжбалақтай жөнелген.

— Қорқақ! Білмей жүрсем, сужүрек екенсің ғой. Сужүрек! Сужүрек! Қорқақ, қорқақ!

Сары ыршып түсті.

— Мен, мен бе екен сужүрек?! — Қайрош қолдарын тіреген бойы жаңа көргендей Оразға аңтарыла қарап қалыпты. Башайларымен балтырын қасыды жалма-жан: — Өйтіп қорлама, Қоразым. Төбелессең, шық ұрысқа. Әуселеңді көрейін. Жәрәйді, жаңағыңның көндім бәріне. Сенің-ақ айтқаның болсын. Көп болса бір таяқ...

Айдалада біреу естіп қоятындай қос дос сыбырласа қалды. Әлденеге қызу таласып ұза-ақ тұрысты екеуі...

Күн қызуы бұл кез қайта бастаған-ды.

***

— Ақтеңге! Мә! Қағып ал, уө-өп! — Тықыр жүнді құлақтары селпиген қара тазы шиыра лақтырылған нанды қақшып алды. Тазы көздері мүләйімси қарап, құйрығын бұлғаңдатып, тағы да бірдеңе дәмете Қайроштың маңынан алысқа ұзар емес енді.

Қайрош ауланың ішінде ары-бері дедек қағады. Атасының өткір балтасын, күректі алып, қақпа алдына шығарып қойды.

— Әже-е! Әже деймін! — Кешкі намаздыгеріне асығып, дәрет алып жүрген әжесі бейсәубет тыныштықты бұза «миының етін жеген» немересінің даусын ұнатпады білем:

— Әжеңде басың қалсын. О несі-ай, қақсап қалғаны. Немене дейсің? — Әже жауабы осылай қатқыл шықты.

Кірпі шаштары тікірейіп, әй-шәй жоқ Қайрош келе асылды әжесінің мойнына. Немересінің ерке қылығы әженің қыртыстанған көңілін лезде жазып жіберді. Күн күңсіген Қайроштың кірпі шашты басын бүкіш қолдарымен сипай:

— Ойпыр-ау, әп-әйдік болып еркелеуін. Айт айтарыңды тезірек. Намазым өліп барады, айналайын,— деді әжесі.

— Әже, бүгін Ораздың үйіне қонайыншы. Көк есекті далаға арқандай салам. Иә ма?

— Е-е, сол ма тәйірі. Бар, бара ғой.

Қайрош зыр қаққан күйі есегіне мінді. Ауланы басына көтере өлеңдетіп барады. Құлақтары сөлпиіп Ақтеңге де ерген оның соңынан.

Маңыған торғын түн маужырап жатыр. Жанға жайлы самал жел желпиді. Қиық айдың әлсіз жарығы, ол да болса көңілге демеу. Көк есек түннің ашыған қатық сынды іртік-іртік қараңғылығын жарып келед. Шегірткелер шырылдайды тынбастан.

— Жан жоқ білем. Сатан мана Дәу екеуі көрші ауылдағы концертке барамыз депті, — бұл арт жақта жарбиып отырған Ораздың сөзі.

— Қойшы-ей! Құдай берді десейші. Енді анау кемиек Дытысы бар. Оны жәукемдейміз екеуміз-ақ. Ых-х, көк тұлпар! — Манадан қорқыңқырап келе жатқан Қайрош көңілденіп сала берді. Көк есек тыпың-тыпың жортақтаған болды да, бірте-бірте бәз-баяғы ішті пыстырар аяңына басты. — Ых-х! Мына мола баспайды-ей. Ых-х!

— Тс-с! — Ораз Қайрошты оқыс жұлқыған. Көк есек қаңтарылып тұрып қалды. Күтпеген кездейсоқ жұлқыс па, әлде қиық ай арбаған сауыс-сауыс түн қараңғылығы ма, әйтеуір Қайрош жүрегі әлденеге бүлк ете ыршып түсті.

Есек тоқтады. Ораздың дауысы жәй шықса да, үрейлі еді.

— Әнеу жаққа қарашы дұрыстап. Әнеу қара тал... Соның мына канал жағында бір адам тұр, — деді Ораз. Жалма-жан Қайрош есектен қарғып түсті. Өзі түскенімен қоймай, аңтарылып қалған Оразды да жұлқып жерге түсірді. Мұндай оқыс қимылды күтпеген Ораз күрек-пүрегімен жантақ үстіне ыңқ етіп оңбай түсті.

— Жынданасың да жүресің ылғи. Ойбай-ай, ойбай! Құйрығыма тікен кіріп кетті ғой. То-оу, дызылдатып барады. Қақ бастан қойса кеп осындайда... — Тұра сала құйрығын сипалап шыжбалақтай жөнелген Оразды досы басалқы айтып қайырып тастады.

— Тіш-ш! Үніңді өшір. Тікенді сосын аламыз. Бүйтіп дабырлай берсек, Сатанның балалары бізді қазір-ақ ұстап алады. Жат! Солдат тәрізді еңбектеп барамыз. Есек осында қалады. — Ораз үндемеді. Екеуі алдын ала келіскендері бойынша қару-жарақтарын бөліп алды.

— Кеттік! — Қайроштың қысқа, бұйрықты дауысынан кейін бірінде балта, бірінің беліне жіппен байланған күрек қос батыр кекіре басып кеткен атыз бойымен еңбектей жөнелісті. Қайрош машақаттанып жүріп, Ақтеңгені бірнеше өнерге баулыған. Соның бірі — «жау» көзіне көрінбестен жылжи жүру. Бұл жолы да Қайрош тазының қарғы бауынан сіліккенде жерге бауырын төсеп тазы жата кетті:

Қиық ай мана-ақ батып кеткен. Мылқау қараңғылық, жұлдыздар тамып кетердей мөлт-мөлт етеді. Қақ төбеде бұлаңытқан құс жолы жатыр. Еңбектеп келіп, солығын басқанына да біраз болды. Манағы Ораз айтқан «адам сұлбасы» әлі тұр.

— Аяғы ауырмай ма деймін өзінің. Бір қыбыр етпейді тіптен, — деді құмыға сыбырлады Ораз.

— Тура солдат сияқты тұр қақшиып, — деді сөзін создықтата айтып Қайрош. Қараңғылық одан сайын тұмшалай түсті айналаны. Әншейінде жапырақтары өзді-өздімен сыбырласып, кейде жынды желмен жұлқыса, төңіректі даңғаза шуға бөлер қара тал қазір тыныш қалың ұйқыға кетіпті. Қараңғылықты шегірткелер шырылы әлдилейді. Әріректен, сірә, каналдан қашқан сулардан пайда болған жайылмалардан болса керек, бақалар бақылдасады әлсін-әлсін. Шөптесін жерге кеуделерін төсей жатысқан екеу үнсіз. Мұрындарын анда-санда тартып қойып, олар беймәлім адам сұлбасының қара тал маңынан кетуін тағатсыздана күтісті.

Кенет... Қайрош басына найзағай шақпағының жарқылындай кездейсоқ ой түсе кеткен: «Мәс-саған! Күнде көріп жүрген қарақшы ғой мынау. Торғай үркітетін қарақшы-ы!»

— Қарақшы-ы!— Оқыс айқайлап, орнынан тұра жүгірген Қайроштың мына мінезі Оразды адам айтқысыз үрейге бөледі. Бұл тұрам дегенше Қайрош әудем жерге ұзап кеткен болатын. Лезде қараңғылық жұтып көзге көрінбей кеткен Қайроштың ыңқ ете тырапай асқанын сезді Ораз.

— Жын қаққан шығар мынаны. Сары! Қайда барасың? Тоқта-а!

Қатықтай ұйып тұрған түн қараңғылығы әлжуаз шыққан үнді тез жұтты.

— Сәлден соң панариктері жылт-жылт еткен, екеу жерді қаза бастады. Әлдебір заттарды суырып-суырып алды. Екі қапқа әдемілеп салыпты. Олар әлден соң сыз топырақтың исі аңқыған қаптарды мықшыңдап есекке әрең артты.

Тыныштық. Төңіректі марғау түннің мылқау қараңғылығы тұмшалай түскен.

***

Есік алдында екеуі әлденеге қызыл кеңірдек болып сыбырласа айтысып тұр. Аула іші жап-жарық. Бұлардың сөздерін бөліп, үйшік есігі сырт ете ашылып кетті. Алдымен қып-қызыл айдары, сонсоң өзі шыға келген қызыл қораз маң-маң басып кәтегінің алдына шығып алды да, дүр-дүр сілкінді.

— Пизәрядка жасап жатыр, — деді Қайрош

— Ку-ке-ре-ку-у!

Қызыл қораздың даусы екеуін селт еткізді. Біріне бірі қарады. Әлденеге бата алмай тұр. «Сен бар, сен бар» деп бірін бірі итермелейді. Өстіп тұрғанда манадан құлақтары салбырап қалғып тұрған көк есек те жын ұрғандай ақырып қоя берді. Екеуі не істерін білмей сассын.

Қырсықты қара! Бұларға болысқысы келген Ақтеңге де көк есекке ұмтылып шәңкілдеп үрді дейсің.

— Кім, кім бұл-әй! — Мұғалімдерінің таныс дауысы естілді. Әне, асығыс-үсігіс ағайлары шығып келеді. Екеу бір-біріне қарады. Көк есек құлақтары салпиып бәз-баяғы қалпына түскен.

— Әй, екеуің таң атпай не істеп жүрсіңдер? — Ақтеңге де шоқиып отыр. Ағай аң-таң. Балалар мән-жайды түсіндіріп жатыр. Сәлден кейін көк есекті тепеңдеткен екеуі ауылды басына көтере әңгіме айтып, көше бойлап кетіп бара жатты.

***

Көк есек бұ дүниеден бейхабар, екі құлағының ұштары жырым-жырым бола салпиып, жалғыз аяқ сүрлеудің шаңын қаға, марғау басып келеді. Алдына өңгеріп алған бір қап қауыны, шыт-шыт жарылып кеткен аяқтарымен бүйірге тепкілей өлеңге басып Қайрош отыр... Өзі көңілді-ақ. Қолындағы келдегін домбыра етіп шертеді.

А-а-а-айт! Шіңгір-шіңгір-шіңгір-чау-у!
Мен құрткө-өн көк есек,
Жәмәндәтқір көк есек.
Ұстап берген ағайғау.
Арам қатқыр көк есек-е-е-ей! Чау-у!
Шіңгірі шіңгір-р-р! Ых-ыха, бәтшақар!

Арқан бойы артта қолында сап-сары әңгелегі бар Ораз келеді. Досының шырылдақ дауыспен барын салып айтып келе жатқан әнін үлкендерше көтермелей айқайлайды.

— Өй-іт бөс, бөс, сар жырауым! Өлме, өлсең — қайтып келме! — Сөйдейді де аузын баса күледі дейсің.

Бірде олай, бірде бұлай шапқылап өзінше серуен жасап жүрген Ақтеңге Ораздың айқайына елең-елең етеді. Әншейінде сөлпиіп жатар құлақтары тікірейе қалады. Таңырқап кішкентай иелеріне қарады. Өзара шүңкілдескен екеудің мұнымен жұмысы да жоқ. Әне, үлкен каналға жақындады. Қайдан пайда болғаны белгісіз иелерінен ересектеу бір бала олардың алдынан жүгіріп шыға келді.

Сол, сол ғой. Әнеукүні мұны өзінің сыбайластарына талаттырып, оған да болмай тасты жаудырды дейсің. Осы кішкене адамның жіберіп қалған жұп-жұмыр тасы артқы санына тиіп қақсатты. Содан бері ол оны жек көреді. Әрі қорқады. Оған ештеңе істемегені өзіне мәлім. Неге өйтті? Содан кейін екінші рет кездесіп қалғанда да жалма-жан ол еңкейіп жерден бірдеңе іздегендей болған. Жекіріп айқайлайды. Жалт бұрыла зытып кетті. Бүйтіп ол бұрын ешкімнен қорықпайтын. Неге өшігетініне түсінбеген. Қазір де жүрегі «шым» ете түсті де, иелерін артқа тұтты ма, олардың қимылын бағдарлаған күйі міз баққан жоқ...

Бұл Қара Сатан еді. Мана ертесін бұл екеуінің қауындыққа бет алғанын көрген. Өзінің күшіне өзі сенген қалыппен қасынан өмірі қалмайтын Дәу мен Дытысын да ерткен жоқ.

Біріншісі Дәу десе — дәу. Өңкиген денесіне, момын мінезіне қарап балалар Сапар деген атын алып тастап, осы атпен атайды. Екіншісі әлжуаз. Бас есепшінің баласы. Фамилиясы мен атының бас әрпін алып, «ДТ» етіп атасады. Қалтасынан кәмпит арылмайды. Өзі шақар, әліне қарамай өлген-тірілгеніне қарамай төбелеседі. Сатан оның осы ылғи арылмас кәмпиті мен шақарлығы үшін жақсы көретін...

— Ә-әй, шәртік неме! Шәлтиген танауыңды бұзып жіберсем ғой, папаңа аңырап таймақсың. Ә-ә, үндемейсің бе? Тымырайып дым білмегенсулерін. Ұр-ры! Кім, кім ұрла деді сендерге! Кіп-құттақандай болып қарашы бұларды. Адалсымақ, айтсаңшы-ей? Осыны айтсаңдар маңдайларыңа бір шертпей жібере салам. О-о, қауындарың жақсы екен! — Сатан есекке артулы жатқан қауынды өзінше білгішсініп шертіп көре бастады. Сонсоң не қыларын білмей сасып аяқтарымен жер сызып тұрған Оразға шұғыл жақындап келіп, оның қолындағы әңгелегін қақшып алды. Өзіне-өзі ырза пішінмен:

— Пах-пах! Ағаларыңа әкеле жатқан сыйлық қой-ә бұл. Жәрәйсіңдар. Десе де ойлан, Қоразбай. Сен де, сасық сары, қарап тұрма. «Кім ұрла деп айтты, осыны айтыңдар. Сонсоң ағайға айтыңдар. Сатан емес көмген. Біз тауып алдық. Қателесіппіз деп танасыңдар. Сөйтсеңдер, біз үшеуміз мынау деген дос боламыз, — деді де Сатан әңгелекті көпірдің темір жақтауларына ұрып жара бастады. Пісіп тұрған әңгелек «қарс» айрылды. Аузы басын ағал-жағал етіп сап-сары болып піскен әңгелекті Сатан құныға асап-асап жіберіп, есіне бірдеңе түскендей Ораздың қасына қайта келген.

— Бол, бол деймін саған! Айтасың ба, айтпайсың ба? — Бұл жолы оның даусы қатқыл шықты.

— Нені айтам? Ештеңе білмеймін. Ештеңе ұрлаған жоқпыз. Оны сендер ұрлады деп бүкіл ауыл шулап жүр ғой, — деді Ораз қайтпай. Қара Сатанды осы сәт адам айтқысыз ашу буды.

— Тілін қарашы мынаның! Шаянның шаққанынан бірде кем емес. Мә, мә ендеше сыбаға!

Долдана сілтенген жұдырық дарымай, бұғып қалған Ораздың үстінен зуылдай өтіп, қауын артылған есектің елбең еткен басына тиді. Көк есек не жазығының барына түсінбесе де, қорғалақ байғұс басы елпеңдеді де қалды. Таяқ-паяғымен жерге ытырына секіріп түскен Қайрош анадай жерден айқайлап жүр:

— Сыбаға, сыбаға! — деп сықылықтай күліп мәз болды. Сатан қолындағы әңгелегін оған жіберіп қалды. Онысы лағып айдалаға кеткен. Енді Оразды тастай сала Қайрошқа түйліге ұмтылды.

— Көкшиген көзіңді ояйын сенің! — Анау да қолындағы келдегімен жолатар емес. Жанұшыра сілтеген келдектің ұшы абайсызда Сатанның басына тиді. Басын ұстап тұра қалды. Ақтеңге де шабалана үріп, Қарасатанға ұмтылып қояды. Ораз арт жақтан келіп таяқпен Сатанның басына бір перді. Бұрылып Оразға ұмтыла бергенде әлденеге сүрініп кетті. Сол екпінімен терең каналға құлап бара жатты. Тік жарқабақтан шыға алмай жанұшырды. Су ағысы оны төменге қарай ағызып әкетті. Су ішінде жүзіп жүріп ол бұларға кіжіне айқайлап қояды.

— Бәрібір көрсетем сендерге. Кездесеміз әлі! Тұра-тұр, бәлемдер!

Екі бала есектерін тырағайлай қуып, ауыл шетіне ілікті...

***

Сықырлай ашылған есіктен құшақ-құшақ ызғарды лап кіргізген Балым әжей кірді дыңғырлай сөйлеп. Бір шелек көмірді әрең кіргізді.

— Ишәй-и! Мына қыстың күні қайтеді бұл. Әдірә қалғырдың мұнысын білгенімде мәсімді киіп алар едім. Қарашы, аяғымның су болғанын, — деп қар толып қалған кебісін шешіп, біріне-бірін ұрғылап тазартқан болды.

— Қайрошжан! Сен ана тазы түспегірге бірдеңе апарып берсейші. Жамандығы басына көрінсін ылайым. Сол Ақтеңгең енді осы манадан азалана ұлып тұр. Тұла бойыңды түршіктіреді. Баяғыда аяғының желі барлығынан дүрілдеп еді. Баяғыда деймін-ау, сен ышкөлға баратын жылдарың ғой деймін. Бірер мәрте қасқыр соқтым-ау. Қартайғасын ғой біздің Берікжанның оны тө-өу қырдан мәшінмен әкеліп тастағаны, — деп әжей үсті-басының қарын қаққылады. — Осы сегізкөзім де қақсайды да жүреді. Жазған десейші! Әлгі Ақтеңгені айтам-ау. Ит екеш ит те бала деп өтеді ғой бұл фәниден. Ойпырмай, обал ғой, обал. Обалы жібермегір. Қалай ғана дәті барды екен? Қаражүректер өңшең. Тегін тазы емес қой. Күшігін көмгендерге қарғысы бекерге кетпес, тегі. Қайрош! Сен неге үндемей қалдың? Қайрош деймін! Құлағың тас бітіп қалған ба өзіңнің? — Қолында қалағы кәрі әже көздерін қанша сығырайта бөлме-бөлмені кезіп іздегенмен Қайрошты таба алмады. Кейде осы «жәмәнің менімен ойнайтыны бар еді ғой» деп ойлай керуеттің астына қалағын жүгіртіп-жүгіртіп алды. Зым-зия жоқ. — О, көгергір! Мен болсам жынды адамдай сөйлеп жүрмін сампылдап. Тап жаңа әзірде ғана сабағын дайындап отыр еді. Шайтаннан жәмән, қолды-аяққа тұрмайды...

...Атасының қаудырлақ қара тонының етегін жер сыздырып Қайрош бұл сәт есік алдындағы сарай ішінде тұрған-ды. Қайдан сап ете қалғаны белгісіз құлақшынының құлағы қалқиып оның жанында Ораз отыр. Екеуі де көңілсіз.

— Ақтеңге бүгінмен қосқанда бесінші күн. Итаяғы сол мұз болып жатқан күйінде жатыр. Үйге де келмейді. Күшігі көмілген тұс маяның ішіне кіріп түнейді. Күндіз күшіктерінің моласының үстіне түнімен жауған қарды тазартып алады да, ауық-ауық ұлып жатады да қояды. Сары деймін! Бағана барғанда аяп кеттім. Өзі ары-е-е-еқ, қу сүйек! Мен еркелеткім келіп басынан сипадым. Сонсоң бар ғой. Ол... ол... — Қайрош қайта-қайта мазалаған мұрнын тартқылады. Ораз әлдебір өзі айта берер «қызықты» күткендей екі көзі от жана оған төніп қалған.

— Ауырып қалдың ғой. Сен барып көрген жоқсың, — деді сөзін жалғастырып, басын шайқай Қайрош. — Сен сенбейсің бәрібір. Мен Ақтеңгенің басынан сипағанда ол баяғыдай әдемі көздерін қылмыңдатып еркелеген жоқ. Тек көздерін ғана ашты жәймен. Сұп-суық. Тез тұрып шегіншектей бердім, шегіншектей бердім. Ақтеңге сол ызғар шашқан көздерін жұмғанда бөлініп түскен екі тамшыны байқадым. Мен бірінші рет бар ғой иттің жылағанын көрдім, тура адам сияқты.

— Қара Сатан ғой оның күшіктерін көміп жүрген, ә? — деді осы кез Ораз аса аянышты дауыспен.

— Өзі де қызық. Күшіктегенде үйге емес, маяның әлгі қуысына барып күшіктепті. Жан білген жоқ. Ертеңіне өзі келді. Әжем айтты: «Мына жазған күшіктепті ғой. Кешке әкел осында» деді. Ақтеңге өзі ертіп барды. Түк жоқ болып шықты қуыста. Сондағы Ақтеңгенің жанұшырып жүгіргенін көрсең. Сөйтсек, біреу қара талдың баяғы біз қазған шұңқырына күшіктерді тірідей көміп тастапты!

— Қалай, қалай қиды екен? Қара жүрек!— деп Ораз ұшып тұрды. — Мұны істеген тек Сатан ғана. Анада жиналыста аяп едік қой. Ол жылап еді сонда еңкілдеп. «Ендігәрі істемеймін» деп. Ұятсыз екен. Ұятсыз-з! — Жалма-жан Ораз Қайроштың иығынан кішкентай қолдарымен ұстап жұлқып-жұлқып жіберді.

— Қайрош! Не істейміз! Ақтеңге сөзсіз өледі.

— Жұлқыма, жұлқыма деймін мені. Мейрамды білесің бе, сол айтты. Күшік бар көрінеді онда. Біреуін тірі алып қалыпты, — деді Қайрош досының ызалана жұлқысынан әрең босап.

— Ол бізбен қас. Беру түгілі маңына жолатпайды, — Ораз күдерін үзгендей теріс қарап кетті. Жылап тұр.

— Қой, қой, көңілің бос қой өзіңнің, — деп Қайрош та кемсеңдеді.

— Құдай ақы бар ғой. Мен қайтсем де аламын күшікті, көр де тұр, — Қаудырлақ қара тонының етегі жер сызып Қайрош қоңылтаяқ киген етігін сүйрете баса сыртқа беттеді...

***

— У-у-у!..

Өн бойын керемет бір әлсіздік биледі. Бүткіл денесіндегі қан тамырлары біртін бірге мұзға айналып бара жатқандай. Арық, қушиған денесі өз еркіне бағынбай қалшылдап барады. Жер сілкінгендей ме, бұл қалай? Топырақ астында тұншығып өлген күшіктері аянышты қыңсылап мұны көмекке шақырғандай. Бүгін бесінші күн ештеңе жеген жоқ. Аяғының аузы-мұрнына шыға толып, шор-шор мұзға айналып жатқанына...

Бүгін бесінші күн құйтақандай сүйкімді күшіктерінің таласа-тармаса мұның емшектерін сүліктей сормағанына. Бүткіл тәні мен жаны иіп қоя беретін сол сәт. Төрт аяғын аспанға көтеріп, тамыр-тамырынан ыстық қан жүгіріп, ләззатқа бататын.

Ақтеңге құдды адам сынды ойға батып жатыр. Өткені есіне түседі. Сондағы ақымақ күшік. Оған бәрі де қызық көрінетін. Ақымақ күшік күні бойы бауырларымен ойнайтын. Кей-кейде бейбақ анасының бұған үлкен болып көрінетін сояудай тырнақты тарбақ аяқтарымен ойнайды. Енді-енді шығып келе жатқан балаң тістерінің қышуын жаны, мейірім шуағына толы, әрі кешірімшіл анасының салпаң құлақтарын тістеп қандыратын.

Оған барлық күндер осылай өте беретіндей еді. Әсіресе анасының күндізгі ұза-ақ жортуылдан кейін оралып, аяқтарын аспанға бере өзінің құйтақандайларына еміренер сәттерін сағынатын. Өзінің бауырларымен бірге кие-жара бұл да ұмтылады. Сыздай жарылардай болып тұрған көп емшектердің бірін аузына толтыра асап алып, құмыға сорушы еді. Не деген шырын-бал сүті?! Құмыға сорған үстіне сора бергісі келетін.

Шуағы мол күндердің бірі-тін. Ақтеңге сыбайластарымен арсың-гүрсің тістесе ойынға кіріскен-ді. Сан рет аунап жеңіліс тапса да, бір ретте де жұлқысу додасынан шеткері шығып көрген емес. Әдетінше бет-аузын түк басқан қожайыны бұлардың ойынын қызықтап бірде тұрды-тұрды дейсің. Қасында бұл білмес кеспелтек біреу бар.

Ақымақ күшік ойын қызығымен әлгі кеспелтектің бұған жақындап келіп, мойын терісінен жымқыра ұстап әуелете көтергенінше ештеңе білген жоқ. Ызаланып кеткен. Бар күшін жинап жұлқыне-еп-жұлқынып жымқыра ұстаған бәледен құтылып кетпекші болды. Арқа аяқтарының құр тыраңдағаны болмаса, әлеуетті бәледен құтыла алмады.

Кеспелтек қара өзінше мәз. Ызақор күшіктің қарсылығы оған ұнағандай. Өздерінше гүжілдескен екеу мұны әй-пәйге қаратпай бір құрдымға сүңгітіп жіберді. Әлдебір қоңырсық иіс мұрнын жарды. Апыл-ғұпыл мына бұғаудан барын сала босанып кетуге тырысты. Әлжуаз аяқтарының күші жетпеген. Анасын көмекке шақырып қыңсылады. Енді аздан кейін қара күшік айдалада сар желген жалғыз жолаушының қоржынында тұншыға қыңсылап бара жатты.

Анасының шырын сүті жайына қалды сонан соң-ақ. Кілең түсінде көруші еді анасын. Сыбайластарымен жапа-тармағай емшектердің бірін құныға сорып жататын. Бүткіл дүние сол ақ көбік сүттің ішіне сыйып кеткендей бейне. Оянып кеткен сәт мұрнын киіздің шайыр исі қытықтайтын. Көңілі адау-жадау күйге түсе жалғыздықтың күйін бастан кешеді. Әлдекім қамшымен тартып жібергендей қыңсылап, жым-жырт даланы басына көтеруші еді.

Кейін оған да көндікті. Иен далада шопанның жалғыз қараша үйінен өзге көзге ілінер ештеңе жоқ болатын. Сәріден тұрып түйесін жазылап алған шопан кешті батыра бір-ақ төбе көрсетер. Кішкене ауылдың теріскейіндегі сұлба төбеден кісінеп қойып, күрең ат қара көрсетеді. Шопан жұбайы бар тірлігін ысырып, кешкі ас қамына кірісер еді...

Көп ұзамай төңіректі құбыжық қараңғылық басады.

Ақтеңге түн бойына қараша үйдің қатпа киізінің қуысында сергек күйде бұйыға жатады. Тырс еткен дыбыстан шошып ояна қалса шәуілдей үріп, түн қараңғылығын үркітетін. «Не боп қалды?» дегендей күрең ат пысқырады.

Жыл өткенде баяғы сабалақ жүнді қара күшік сыптығырдай тазы болып өсті. Шопан үйіне жиі келе берер шәушиген бетіне лайық шоқша сақалы бар шал тазыны бірден өзіне еліктіріп әкетті. Шалдың бапкерлігі ме, әлде туа біткен қасиет пе, кім білсін? Ақтеңге бір қыста-ақ сол өңірдің бұлаң құйрық түлкілерінің жауы болып алған...

Одан кейін қанша-а?!

...Ақтеңге бірнеше ұмтылып әрең тұрды. Өз денесі өзінікі еместей. Сірескен денесін жазбақшы болған. Тәлтіректеп құлап кете жаздап, әрең түзелді. Көз алдынан көкшіл ұшқындар лыпыды. Иісшіл танауын өзіне таныс иіс қытықтады. Күшіктерінің исі! Сол сәт бойын ерен бір күш жайлап бара жатты. Денесінің қалшылдауы саябырсыды. Қос қара түймедей танауын жаңа, соны иіс шыққан жаққа төсеген.

Жалма-жан күшіктерінің көмілген тұсынан анадай жерге сұмдық сілкініспен орғып түсті. Дік ете түсті де, аналық еміреніспен үздік-үздік қыңсылап қоя берді. Үміт оты жылт етті. Ақтеңге өзіне-өзі сенбегендей. Қара тал маңындағы ақша қарды шиырлап ұзақ бүлкектеді. Күшіктерінің моласына сан рет келіп, сан рет қайтты. Ақтеңге тілі бар болса осынау ақ кебін жамыла далия қалған құла-дүзді жаңғырықтырып тұрып қайта-қайта дауыстай айқайлар еді. «Күшігім менің! Қайда, қайда жүр екенсіңдер! Жүрегім сезді. Қуантшы, серпілтші бір бес күн қатарынан аза тұтып жатқан бейшара аналарыңды. Әлде жаратқан ием сендердің өлі денелеріңе жан берді ме?! Бәлкім, менің қара тастан ауыр қайғымды құлағы шалған болар. Қайда, қайдасың, күшігім!..»

Бес күн қатарынан сыздаған емшектерден саулап тұрып сүт аққан еді осы сәт...

Ақтеңге бүлкектеп, өзіне ғана белгілі беймәлім тұсқа асыға кетіп бара жатты.

***

Асыға-үсіге үйге енген Қара Сатан аяғындағы конькилерін шешіп, бұрышқа ысыра салды. Тырсылдатып шкафты аша таба нанның шетінен кертіп сындырып алған. Ауызға бірді салып жіберіп, сыртқа атып шықты. Шып-шымыр аяз бетін қарыды. Басы қайқиған етігінің бұдыры жоқ болар ма, мұз үстіне «ыңқ» ете оңбай жығылды. Құлақшыны қаңғи ұшып пештің ішіне сүңгіп кетті.

— Ой, әкеңнің аузын... — деді Сатан құйрығымен ызғып бара жатып...

Беті шыныланып қалған сіреу қарда омбылай сүрініп жығылған Қара Сатан ентіге жүгіріп келді. Әнеукүні Дәуге берген күшікке келе жатыр. Басқасын әнеукүні Қайрош пен Оразға ерегісіп тірілей көміп тастады. Сонда ғой Дәудің алғаш рет Сатанға ашулы қабақ танытып айтқанын істемегені. Иектің астынан бір перген. Шұңқырдай аса ол қар үстіне серең ете түсті.

— Көмісесің бе?! — Сатан даусы шаңқ еткен. Сүйретіле тұрып жатқан Дәу үнсіз басын изеді. Өзі емес, өзге бір еркінен тыс күш изеткендей самарқау күйде жерде жатқан күректі алды. Шұңқырдан тырмысып сыртқа шығуға жанталасқан күшіктердің селкеу шыққандарын бақан таяғымен маңдайдан соғып кейін қайырып тұрды айқайлап:

— Саған бірдеңе көрінер. Итті де адам аяй ма екен? Шетінен қомағай, қыру керек, қыру керек оларды. Дабай, өлімсіремей көмсеңші. Дәу, Дәу деп мақтайды сені. Осы-ақ па күшің?..

Қашан топырақ қалыңдағанша күшіктер қыңсылап төңіректі азан-қазан шуға бөледі. Қара терге малшынған Дәу соңғы рет қатқақ мұзды топырақты көтере-мөтере шығып келе жатқан күшікті жалма-жан желке терісінен ұстай шетке лақтырып жіберді.

— Өй! Өй, жындысың ба өзің? Әкел, әкел деймін мында! — Танауы делиіп Сатан жетіп келді өзеуреп. Дәу күрегін тастақ жерге қаршылдата соғып жатып күңк етті.

— Мен күшік асыраймын. Көкем айтқан «әкел» деп... — Өтірік айтты. Сатан қолындағы таяғымен жерді дүк-дүк ұрды. Жаңа жауған қар үстінде жүні топырақ-топырақ бола қыңсылай малтығып әлдене іздеп жүрген күшікке көз жіберіп жүріп ол:

— Қусың өзің. Манадан бері айтпай күштісін алмақшы екенсің-ау. Мәледес, Дәуім, — деді сақылдай күліп. Сәлден соң Дәу күшікті қойнына тығып, үйіне аяңдаған...

Дәудің әкесі гаражға қарауыл. Сондықтан үйлері де сол гаражда-тын. Ауылдан әудем жер, шетқақпай. Сатан жалғыз аяқ сүрлеумен жүрмей төте тартты.

Бүгін қызық болды. Кіл алакөзденіп жүретін, әлгі бұлар «егізек» десетін Қайрош пен Ораз қалай жалынды дейсің. Бұл ызғанақта жүрген Дыты екеуі. Сатан өз қадірін білмейді дейсің бе? Мән бермегенсіп айдынның ана басына бір, мына басына тағы қайтып келіп бар өнерін көрсетті. «Мені көрдің бе?» дегендей бір аяғымен сырғанады. Ана екеуі тұры-еп-тұрып Дарханмен сөйлесті. Сол болмағанда тағы бір жарты сағат ол екеуін ыза қылмақшы еді.

— Сатан, Сатан деймін! Өй, несіне пәлденесің, бере сал! Әйтпесе Ақтеңге өледі дейді, — бұл Дархан болатын.

Сонымен екі жақ айырбас жасамақ болып келіскен.

 Әне-еу қисық мұржадан көк түтін будақтап шығып жатқан Дәудің үйі. Күшік есіне түсуі мұң — көз алдына әдемі қолшам мен екі жылдан бері қолына түсіре алмай жүрген Қайроштың алтын сақасы көз алдына елестеді. Шіркін, тезірек қолына түсірсе ғой.

Дәуді әзер көндірді. Бет-аузы былш етпей өтірік соқты. «Қайроштың атасы күшікті әкел» депті бұған-міс. Былай шыға өзіне-өзі ашуланды. Дәуді айтад та, «Басымды жұлып алсаң да бермеспін» деп доқ көрсетті-ау. Қорқақтығы да мұның. Әйтпесе, атаманға да өстіп айта ма екен? «Бірді салып жібергенімде ғой сонда ауыздан...»

Айырбас есіне түскенде бар ренішін ұмытып сала берді. Қазір ол «егізектер» үйде күтіп тұрған шығар. Бүгін киноға барса қолшаммен баратын болды. Қолшам болғанда қандай?! Қызыл, көк, сары болып жанады. Жұрттың бәрі бұған таң қалатын болды. Оразға жақында ғана Алматыдағы апасы әкеліп берген.

Сатан қуанышты. Сүрлеудің мұздағын шатырлата басып келе жатып өзінше ыржалақтап күліп, әлдене деп сөйлеп қояды. Суыққа тоңып дірілдеп келе жатқан күшікпен ойнайды. Ызалана балаң тістерін көрсеткен оның мүсәпір халін қызық көретіндей.

Кенет иттің айбынды ырылы естілді. Жалт қараған ол қара көлеңкеде қазықтай қатып тұрған сидаң тазыны көрді. Ыршып түскен жүрегімен қоса қорқыныштан болар арқасы лезде мұздап сала берді... Ақтеңге! Қорқыныштан болар, тазы денесі зорайып, көздерінен өшпенділік оты жарқылдағандай. Бұл шегіншектей берді. Бар айтқаны:

— Кет! Кет деймін-ай! — болды.

Ақтеңге тағы да ырылдады. Ертегінің қас батырларындай жекпе-жекке шақырғандай...

Есін жиған Сатан қалтасын қармалады. «Өлтіреді ол, өлтіреді!» Қолына шаппа түсті. Күшік қар үстіне томп ете қыңсылай жөнелген.

Өшпенділіктен болар Ақтеңгенің көздері қарауытты. Мәңгілік жер жастанған күшіктері көз алдына елестеді. Мұңын шаққандай. Жазбай таныды. Осы, осы өлтірген! Құлағына құйтақандай күшіктерінің аянышты қыңсылы естіліп, біртін бірге үдеп бара жатты. Алдында томпаңдап жүрген күшігін ол көрген жоқ.

Ақтеңге серіппедей атылды. Үш-төрт күнгі аштықтан әлсіреген денесі біртүрлі қуаттанып кеткен тәрізді. Алғашқы атылғанында Сатанның пальтосының иығы «дыр-р» етіп жыртылып кетті. Ғұмырында алғаш рет ұмтылған адамның сұсы басты ма, қапы қалды. Қайырылған күйі тағы атылған. Азу тістері сақылдады. Бұл жолы да мойынға жетпей жон арқаны алмаспен тілгендей айырып жіберді. Дәл осы сәт ол қарнына әлдебір қатты да, мұздай нәрсенің қадала қалғанын сезінген. Лезде денесі ауыр тартты. Ұмтылып еді қайта құлады.

Тазы соққысынан Сатан есеңгіреп қалды.

Ақтеңге ақтарылған қарнына таңдана қараған. Көз алдында бар дүние алапат бір күшпен ығыса жөнелген сықатты. Көшіп барады! Есі кіресілі-шығасылы. Бойындағы соңғы бар күшін жинап ол көзін ашты. Ғажап, тура алдында кішкентай күшігі тұр. Ұмтыла бір иіскеді. Күшігі қыңсылап мұның емшегіне жабысып жатыр. Бар денесі иіп сала берді. Ең соңғы аналық ләззаты. Содан кейін, әне, қалған күшіктер. Бұған қарсы жүгіріп келеді. Ақтеңге де оларға қарсы ұмтылды...

Сатан ұзақ қалшылдады. Тезірек мына жерден аулақ кеткісі келді. Арқасы дызылдап барады. Жылымшы бірдеңе аққан тәрізді. Ып-ыстық жылан жон арқасынан төмен баяу жылжып барады. Ып-ыстық! Күйдіріп барады. Ұмтылып тұра бергенде қолына жүндес мақұлық келіп соқтыққан. Ыршып түсті. Байыптап қараса, күшік! Көкпар ілгендей қақшып кетті. Пальтосының етегі далақтап жүгіріп келеді. Алба-дұлба. Неге екені белгісіз, жүгіріп келе жатып солқ-солқ жылайды. Ағыл-тегіл. Аязды ауа бұршақ-бұршақ болып тамған жасын лезде түйіршік мұзға айналдырып, омырауына жабыстырып жатыр, жабыстырып жатыр...

***

Сол күннің ертеңі демалыс-тұғын. Қимас заттарын Қара Сатанға екеуі де берді. Енді, міне, Ақтеңге жатқан маяға беттеп келеді. Қолдарында күшік.

— Ақтеңге қалай қуанар екен, Ораз? Мүмкін жүрегі жарылып та кетер, — деді Қайрош маяға тақағанда.

— Қуанғанда қандай! Ақтеңге! Ақтеңге! Кә! Кә!

— Күшігін көмген жерге кеткен шығар...

Омбылаған күйлері екеуі қара талға жақындады. Жоқ!

Түнде қар жауған. Жас қабірдің үстін ұлпа қар жауып тастапты. Жапырақтарынан жұрдай қара тал да тұс-тұстан көкке созғылап, аяздан тітіркеніскендей дір-дір-р қағады!

— Әне!— Ораз қолын әлдебір жаққа нұсқай айқайлап жіберді. Қайрош қарайып жатқан тазының денесіне қолында күшігі, жан-дәрмен жүгіре жөнелді. Байланбай қалған малақайының бір ұшы жалп-жалп етеді.

— Қан! Қанды қара! Өліп қалыпты, — деді аптыға жүгіріп бара жатқан Қайрош қалт тоқтап. Қолындағы күшік анадай жерге ұшып кетті...

— Ішектері шұбатылып жатыр, Қайрош! Әнең қара! Ақтеңге шаппа тістеп алыпты. Шаппа! Қара Сатанның шаппасы! Сол, сол ғой өлтірген. Қанішер-р!

Қатты ызадан ба, әлде Ақтеңгеге деген аяныш па — Ораз еңіреп жылап жіберді.

Кешке олар клубқа Қара Сатанды іздеп келді. Дыты кездесті.

— Қанішерлер! Сендер, сендер өлтірген Ақтеңгені! — деді Қайрош тістене сөйлеп.

— Жо-жоқ! Біз емес, Қара Сатан. Оны жаңа полиция ұстап алып кетті. Жынданған деседі,

Екі дос аң-таң күйде тұрып қалды...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама