Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 сағат бұрын)
Білім бұлағы

Теледидар мен кітап сөресі бір бөлмеде. Теледидар мұндай да мақтаншақ болады екен-ау. Бөлме ішін жалғыз өзі билеп алған. Беті бүлк етсейші шіркіннің. Ар-ұят дегеннен жұрдай. Қазақ деген ұлы елдің шұрайлы тілі бары қаперінде жоқ. Күні-түні ауыз жаппай бөгде тілде сөйлейді, салатыны — сорақы ән, көрсете­тіні — атыс-шабыс, құбыжық бірдеңелер...

Үйдегі ерке бала Тағанбайдың қашан көрсең, есіл-дерті осы кө­гілдір экранда. Біреуді біреу өлтіріп жатса да, денесі шімі­рікпейді. Керісінше, мәз. Күнұзақ, тіпті түн жарымы ауғанша қылқиып отырғаны отырған. Ертең оқу, сабаққа дайындалайын-ау деген қылдай ой болсайшы.

Ал сөредегі кітаптар оған: «Теледидардан пайда жоқ. Одан да кітап оқы!» — деп ақыл айтқысы келеді. Айтқанмен, бәрібір Та­ғанбай тыңдамайды.

Сөреде мүлгіп тұра беру де мезі етеді екен. Тағанбай осы кезге дейін біреуінің де бетін ашып көрмеді-ау. Иесіз қалды деген осы. Қарап тұрып тозып барады. Тұла бойынан шаң мен тозаң иісі аңқиды. Көршісі теледидар деген немеге өкпелері қара қазандай. Барып тұрған сиқыр өзі. Жан біткенді бірден баурап ала қоятынын қайтерсің. Алдамшы көріністермен алдап-арбап, «тұтқындап» алған. Тағанбай түгіл, әке-шешесі де кейде мойынсұнғандарын байқамай қалады.

Не керек, мына әділетсіздік кітаптардың әбден жүйкесіне тиді. Әрине, шыдамның да шегі бар. Тағанбай сыртқа шығып кеткен кезде бәрі жабылып, шектен шыққан пәленің сазайын бергісі келген.

— Әй, сен осы қашанғы еркінси бермексің? — деді жуан Кітап ортадан бас көтеріп. — Тағанбайды әбден улап біттің ғой. Ұят бар ма өзіңде?

Теледидар оған пысқырған жоқ. Жарқ-жұрқ еткен дәу көзімен тесіле қарады. Жүзінде — менсінбеушілік.

— Маған ақыл айтатын кімсің сен? — деді мысқылдай күліп.

— Біз ақылдың кені — Кітап деген ел боламыз, — деді Дәу Кітап. — Бізді білмеуіңе қарағанда, көрсоқыр екенің көрініп тұр.

— Көрсоқыр... — Теледидар мырс етті. — Құдай біледі, кімнің көр­соқыр екенін. Балалар сендерді емес, мені жақсы көреді. Сендерді қазір ешкім де оқымайды. Мен тұрғанда сендерге бас қатырып қайтсін.

Дәу Кітап үнсіз қалды. Онысы, шындық, әрине. Әйтсе де, ке­ше ғана дүние есігін ашқан мына бозөкпе сандықшасымақтың астам­шылығына шыдау мүмкін емес еді.

— Төбесін ояр ма еді, — деді «Батырлар жыры» кітабы кіжініп.

— «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деген осы, —
деді «Шешендік сөздер» кітабы.

— Жалғыз көзді дию сияқты түрің бар болсын! — деді «Ертегілер» кітабы. Дәу кітап олардың күңкілін әрең басты.

— «Үмітсіз — шайтан», — деді ол әріптестерін сабырға шақырып. —
Асықпаңдар. Бізді де құрметтейтін, қадір тұтатын талапты біреу табылар. Осы кезге дейін адам баласына адал қызмет еттік. Талай ғасырлар бойғы еңбегіміз ескерусіз қалмас. Жалт-жұлт еткен алдамшы сәуледен жалығар. Бізге де мойын бұрар кез келер. Шыдаңдар, баға жетпес асылдарым.

Әрине, ескінің көзі, талай толқынды тәрбиелеп шығарған Дәу Кітаптың айтқаны — заң. Өрекпіген көңіл сабасына түсті.

* * *

Кітаптардың иесі — Тағанбайдың туған ағасы Аманбай болатын. Жинаған — сол. Обалы не, кітап десе, ішкен асын жерге қоятын. Қолы қалт етсе, кітаптан бас алмайды. Әрине, көп оқудың пайдасы тиді. Қазір белгілі ғалым. Сонау Астанада тұрады. Жақында жаңалық ашыпты. Жүрген жерінде «Кітап оқыңдар. Бар білім — кітапта» деп жас ұрпаққа өсиет айтатын көрінеді. Оған да шүкір. Жақсылықты ұмытпапты. Шіркін, сондай бұларға деген ниеті түзу жандар көп болса ғой. Ондай қайда-а?..

Кітаптар оның інісі Тағанбайдан да жақсылық күткен. Үміт ақталмады. Оқудың орнына көрсетпегені жоқ. Беттерін аяусыз сызғылады. О кезде әлі оқуға бармаған-тын. Аяғымен теуіп ойнайтын. Беттерін дар-дар жыртты да. Кітаптар, амал жоқ, көнді. «Есейе келе, ақылға келер» деп үміттенді. Олай болмады. Бұларға деген шабуыл одан сайын өршіді.

Тіпті өткен қыста жасаған зұлымдығы кітаптардың өмір бойы есінен кетпес. Тағанбай пешке от жақпақ болған. От ә дегенде тұтана қоймады. Бір кезде әлдене есіне түскендей ұшып тұрды да, кітап сөресіне келді. Бұларда зәре жоқ. Жүрегі құрғыр әлдебір сұмдықты сезгендей дір-дір. Бекер қобалжымапты. Тағанбай ойланбастан шеттегі кітаптың бірін сырып алды да, пеш алқымына тықты да жіберді. Кітаптар мұндай сұмдықты бұрын-соңды көр­меген. Зәрелері ұшып, еріксіз көздерін жұмды. Қамықты. Іш­тері удай ашыды.

Әлгі кітап Кітаптардың ең төресі болатын. Оқиғасы қызық­ты. Оқыған адамды бірден баурап әкететін. Шіркін, тілі қандай шұрайлы десеңші. Қайран білім кені әп-сәтте көзден ғайып болды. Қып-қызыл жалынға оранып, күлге айналды. Обал дағы-ай... Бала Тағанбайдың санасында «мен жауыздық жасадым-ау» деген титтей де ой болған жоқ. Теледидардан ылғи да жауыздыққа толы кино көріп, әбден еті үйреніп кеткені көрініп тұрды. Бұл қатыгездік қыс бойы әлденеше қайталанды.

Талай кітаптар зұлымдықтың құрбанына айналды. Әйтсе де, кітаптардың мұрты шағыла қойған жоқ. Әрине, көптің аты — көп. Әлі де жалғаса берер ме еді, кім білсін. Көктем келіп, бағы ашылды. Күн жылынған соң пешке от жағу тоқтады.

Кітаптардың әлі естерінде. Бұдан екі-үш жыл бұрын Таған­байдың нағашы атасы үйге қонаққа келген. Аппақ сақалы кү­містей жарқырайды. Ойлы. Сөзіне қарағанда, қырық жылдан ас­там мектепте мұғалім болған. Өзі кітапты жанындай жақсы көреді екен.

 — Не деген байлық, — деп, атай кітап сөресіне сүйсіне қараумен болды.

 — Балалардың жинап жүргені ғой, — деп немқұрайды жа­уап берді Тағанбайдың әкесі. — Пәле болды. Осылардың кесірінен қаншама дүниеміз далада жатыр.

Атай оған жақтырмай қарап қойды. Бұл кезде Тағанбай кі­тап сөресінен бір кітапты суырып ап, «ойнап» отырған. Бе­тін ашып, суреттерін әне-міне бояуға кіріскен. Атай кітапты қо­лынан жұлып алды. Онымен де қоймай, шапалақпен сарт ет­кізді. Кітаптардың айызы мұндай қанбас. Атай оған кітап деген білім мұхитының қадір-қасиеті туралы әңгімелеудей-ақ әң­гімеледі. Бірақ Тағанбайға бұл сабақ болмады. Кітапқа деген қызығушылығы оянбады. Қашан көрсең, ту сыртын беріп, баяғыша теледидарға үңіліп отырғаны.

* * *

Кітаптардың әлі де көрмегені алда екен. Бірде үй іші түгел таңертеңгі шайларын ішіп отырған. Тағанбайдың шешесі қызық кісі. Тұла бойы толы алтын. Саусақтары, аузының іші жарқ-жұрқ. Құлағында күміс сырға. Жатса да, тұрса да айтатыны — дүние-мүлік, ақша, байлық.

 — Анау кітаптарды құртыңдар. Сарайға апарып тастай салың­дар, — деді бір кезде ол. — Орнына хрусталь ыдыстарды қояйық.

 — Мен де соны ойлап жүргем, — деп әкесі қостай кетті. — Қағаз­дан не пайда? Хрусталь ыдыстар тұрғанда... Хрусталь үйдің көр­кін кіргізеді.

 Тағанбай мен әкесі бірден іске кірісті. Кітаптарды құшақтап, сарайға тасыды. Қалай болса солай еденге дүрс-дүрс тастай салды. Қайран кітаптар кішігірім шөмеле боп үйілді. Бірінің үстінде бірі. «О, Құдай, көрсетпегенің көп екен ғой», — деп күңіренді олар. Бұрын мұндай қатыгездікті көрмеген кітаптардың жан күйзелісі адам төзгісіз еді.

— Қысылып өліп барам, — деді ең астындағы қылдырықтай Балалар кітабы тыпырлап.

— Шыда, мен де оңып жатқам жоқ, — дейді одан сәл үлкендеу Балалар кітабы. — Обалымыз — Тағанбайға... Біздің киеміз жібере қоймас оны.

 — «Шыда, шыда» дейсіңдер. Қашанғы шыдаймыз? — дейді үстіңгі кітаптардың бірі төмен қарай құлдилап бара жатып. — Өмірге тойдым әбден. Бұдан отқа жанып кеткенім жақсы еді.

— Тағанбай аман болса, әлі-ақ бәріміз от құшамыз, — деді үйінді арасынан бір шеті ағараңдаған толықша Кітап.

Не керек, бәрінің Тағанбайға деген реніші, өкпесі қара қазандай. Бірақ оны естіп-біліп жатқан Тағанбай жоқ. Ештеңеден хабарсыз. Бұрынғыша теледидарға үңілумен күні мен түнін өткізіп жатты. Қайран, қор болған уақыт...

Кітаптардың орнына жайғасқан хрустальдар келген-кеткеннің көз жауын алады. Отырғандарға жарқ-жұрқ етіп, жымысқы жымияды. Сыңғыр еткен күлкілері қандай әдемі. Жұртты өздеріне еріксіз жалт қаратады.

— Оһо, бөлмелерің жайнап кетіпті ғой, — дейді келген-кеткендер ауыздарының суы құрып.

— Иә. Бұрын бұнда кітаптар тұратын. Көзін құрттық. Қайтеміз, үйдің ішін ыбырсытып. Одан да қымбат ыдыстардың тұрғаны жақсы емес пе? — деп мақтанады Тағанбайдың шешесі.

* * *

Тағанбаймен бірге оқитын көрші Танабай қақ-соқпен ісі жоқ, салмақты бала. Балалармен көп араласады. Онымен бәрі дос. Он саусағынан өнер тамады. Еңбекқор. Қашан көрсең, бірдеңемен шұғылданып жатқаны. Үйдегі орындық, үстел — бәрі Танабайдың қолынан шыққан. Сондықтан да ауылдағылардың Танабайға ісі түспей тұрмайды. Жалқау баланың өнерлі баланы қашан да ұнатпайтыны белгілі. Тағанбай көршісін онша жақтырмайды. Оған себеп көп. Сыныптағылар мұны көзге іле бермейді. Ал Танабай десе, бәрі түгел ішкен астарын жерге қояды. Әсіресе қыздар... Оны көрсе, жымыңдап қоя беретінін қайтерсің. Бірдеңе болса, сонымен ойласып-кеңесіп шүйіркелесіп жатқандары. Тағанбай бейне бір артық адам сияқты сырт қалады. Ал қызғанбай көр. Иә, ақылды да өнерпаз бала тұрғанда, сабағынан түк білмейтін, теледидардан басқа ермегі жоқ жалқау баланы қайтсін?!.

 Өткенде Танабай өздерімен сыныптас Гүліммен бас түйістіріп отырғанын көргенде, іші өртеніп кете жаздады. Гүлім — сыныпта­ғы ең сұлу қыз. Тағанбайды онша ұнатпайды. Бірдеңе десе, бетін қайтарып тастайды. Сыныпта онымен достасқысы келмейтін бала жоқ. Тағанбай да солардың бірі. Бәрінің де тұмсығы тасқа тиген. Беті қайтып қалған. Гүлімнің кемшілікті бетке айтатыны бар.

 Тағанбай шарбақ тесігінен сығалап көп тұрды. Аулада екеуден-екеу. Танабай қандай бақытты. Екеуі кітап оқып отыр. Гүлім сықылықтап күледі. Қалайша күймессің? Тағанбай осы кезге дейін Гүліммен бас түйістірмек түгіл, жанына жақындап көрді ме екен?

 — Демалыста не істеп жатырсың? — дейді Гүлім оған.

 — Газет-журнал, кітап оқудан қазірше қол тиер емес.

— Айтпақшы, жақында газетте сенің өлеңің шықты емес пе? Өлең жазып жүрсің бе?

 — Иә. Саған арнаған өлеңім бар.

 — Оқышы, кәне.

 — Жоқ, кейін... Өскен соң...

 Гүлім сыңғырлап күлді. Қандай керемет. Тағанбайдың одан әрі қарай қарап тұра беруге дәті жетпеді. Бұрылып кетті. Үйге кірді. Теледидарды қосты. Қызықты атыс-шабыс кино болып жатыр екен. Ә демей бәрін ұмытты.

Көрші болған соң, кейде Тағанбай мен Танабайдың бастары қосылып қалатыны бар. Бүгін екі көрші сарай алдындағы орындықта әңгімелесіп отырды.

— Кітаптарды сарайға шығарып тастады деп естідім. Рас па? — деді бір кезде Танабай.

Қайдан естіген десеңші. Тағанбай іштей қуанып кетті.

 — Рас.

 — Қажет болмаса, маған бер.

 — Жарайды, — деді Тағанбай жымысқы жымиып. — Бір шартым бар. Орындасаң, кітаптың бәрі сенікі.

 — Ол қандай шарт?

— Бүгіннен бастап Гүлімге жоламайсың. Достық қарым-қаты­насты үзесің. Ол қыз саған лайық емес.

 — Мен емес, қыздың өзі қаласа ше?

 Тағанбай не дерін білмей, үнсіз қалды. Сарай ішіндегі кітаптар елең етісті. Екеуінің әңгімесі ап-анық естіледі. Үміт оты жылт еткендей. Тағанбай орнынан тұрды да, сарайдың есігін асыға ашып жіберді.

— Міне, саған кітап керек болса...

 Үйінді боп шашылып жатқан кітаптарды көргенде, Танабай­дың таңданғанын көрсең... Сыз еденде шашылып жатқан оларды қатты аяды.

— Ала бер, — деп Тағанбай қолын бір сілтеді. — Онсыз да оны қайда тығарымызды білмей жатырмыз.

 Танабайдың қуанышында шек жоқ. Бар кітапты түк қалдырмай қоларбасымен үйіне тасып алды.

— «Кітап, кітап» деп миымызды жеуші едің. Қарық боп қа­лыпсың ғой, — деп әкесі мен шешесі мәз.

— Сарайдың іші босап қалыпты. Ескі диван мен тоңазытқышты қояр жер таппай жүр едік. Мұндай жақсы болмас, — деп қуанды Тағанбайдың әке-шешесі.

 Байлық — қолдың кірі. Кітап — ақыл мен білім кені. Олар өмірдегі теңдесі жоқ қазынадан қол үзіп қалғандарын сезбеді.

* * *

Кітаптардың қуанышы ұшан-теңіз. Дәу Кітаптың айтқаны айдай келді. Азап-тозақтан құтылды. Жаңа иесі Танабай қан­дай ұқыпты десеңші. Қағып-сілкіп, шаң-тозаңын арылтып, жыр­тылған беттерін желімдеп, үй ішіндегі ауқымды сөреге қа­тарластырып жинады. Бөлме іші мұнтаздай. Жанға жайлы. Шашау жатқан ештеңе көрінбейді.

Танабайдың бұларға деген ықыласы тым ерекше. Айналсоқтап жандарынан шықпайды. Ұстап-тұтқанының өзі жағымды. Еппен алып, қайтадан орнына әкеп қояды. Дөрекі Тағанбайдан құтылғандарына мың да бір шүкір. Танабаймен екеуінің арасы жер мен көктей. Оның бұларға көрсетпегені бар ма? Оқып, рухани ләззат алудың орнына қараңғы қапасқа қамап қорлағанының өзі неге тұрады. Киелі кітаптың қадірін білмеді ғой, байғұс бала.

Кітаптардың Танабайды бауыр басқаны сонша, оқуына кетсе, елегізіп іздейтін халге жеткен. Үйге кіріп келсе, қуанып қоя береді. Жүректері жарыла жаздайды. Бірден иесінің жүзіне көз жүгіртеді. Қазірше ойдағыдай. Қашан көрсең, көңілді.

— Апа, бес сабақтан бестік алдым, — дейді ол мақтанып. Күндегісі осы. Шешесі де дән риза.

— Айналайын, — дейді. — «Көп оқыған — озар». Оқи бер, балам. Ана кітаптардың бәрін қалдырмай оқып шықсаң, жаман бол­майсың. Кітап адамның ой-өрісін кеңейтеді.

Сөредегі кітаптар жақсы сөзге масайрап қалды. Тектен-текке бос тұрмай, біреудің бойына аз да болса білім нәрін сепкен қандай ғанибет. Дүниеде ешкімге қажетсіз болып қалудан өткен қасірет бар ма?.. Иә, олар қашан да адам баласынан жақсылығын аяған емес. Атағы жер жарған небір ғұламалардың бәрі де сол кітаптың шекпенінен шыққан. Сондықтан да оны «білімнің, ақылдың кені» деп аялаған. Қадір тұтқан. Қастерлеген. Киелі санаған.

Кітап оқымақ түгіл, қолына ұстап көрмеген балаларға жаның ашиды.

Не керек, жаңа иелері кітаптардың көңілінен шықты. Екі ортада бір-бірін көрмесе тұра алмастай сезім орнады. Кітаптар да досынан бар білгенін аяған жоқ. Танабайдың бар сүйеніші — кітап. Сабақ дайындап отырып қандай да бір тығырыққа кездессе, дереу кітап досына жүгінеді. Досы да бәлсініп көрген емес. Айтып бере қояды.

Кітап-досының арқасында мектепте абыройлы. Оны «оқымыс­ты бала» деп бәрі сыйлайды. Мұғалімдері де... Үзілісте сыныптастары ызғы-шу, қым-қуыт боп жатқандары. «Танабай, мынаны айтып жіберші», «Танабай, мынаған не дейсің?». «Танабайлаған» дауыстардан құлақ тұнады.

Тіпті бірде Гүлім:

— Білімді болудың сиқыры неде? — деп сұрады.

— Ешқандай сиқыры жоқ, — деді Танабай. — Тек кітап оқу керек...

* * *

Айтпақшы, бұлар жаңа қонысқа келіп, сөреге орналасқаннан кейін болған сәл қолайсыз жайды айтпай кетпеске болмас. Бұлар келгенде, төменгі сөреде отыз шақты кітап тұрған-ды. Олар бұ­ларға жақтырыңқырамай қараған. Бірақ обалы не, үн қатпады.

— Орысша кітаптар ғой, — деп сыбыр етті «Орысша-қазақша сөздік».

Сол-ақ екен, қызуқанды тентек «Менің атым Қожа» кітабы «бүйректен сирақ» шығарсын.

— Біздің арамыздан бөгде тілділерге орын жоқ, Тәуелсіз елміз. Құдайға шүкір, Мемлекеттік тіліміз бар. Сондықтан олар арамыздан аластатылсын!

— «Менің атым Қожа» дұрыс айтады, — деп екінші Балалар кітабы оны қостай кетті. Әбден балаларымызды құртты ғой бұлар. Өз ана тілін білмейтіндер көбейді. Қайда барсаң, бөгде тілділерден көз аша алмайсың.

— Ой, несін айтасың, — деді үшінші Кітап. — Егер бұлар болма­ғанда қазақ балалары орысшаны қайдан біледі? Осы немелердің кесірінен өз ана тілін менсінбейтіндер жыртылып айырылады.

Соңы айқай-шуға ұласты:

— Арамыздан аластау керек.

— Елімізде неғып жүр бұлар? Кетпей ме өз елдеріне?..

— Жетер осы кезге дейінгі көрген зәбіріміз...

Оқиға шиеленісіп бара жатты. Қоқаңдап, бас көтерушілер көбейе түсті. Көпті көрген Дәу Кітап басу айтпағанда соңы немен тынары белгісіз еді.

— Бауырларым, — деді ол, — бізді «ақылдың кені» деп бекер айтпаған. Ақылға келейік. Бөгде тілді кітаптардың түк жазығы жоқ. Барлық кінә — балалардың өзінде. Қай тілді қалайды, соны оқиды. Әрине, көп тіл білгенге не жетсін. Бірақ өз Ана тілін ұмытпаған жөн. Біздің балалар осы жағына мән бермейді.

Кітаптар ойланып қалды. «Дұрыс екен-ау», — деді іштерінен. Шынында, кітапта не жазық бар? Қай тілде жазылса да, кітаптың бәрі бірдей емес пе? Бір-бірімен туыс, дос. Атқаратын қызметі бір.

Әрине, үлкеннің сөзі кішілерге заң. Содан бастап Кітап­тар бір-біріне оң көзбен қарай бастаған. Тіпті достасып алды. Бұ­ған «Орысша-қазақша сөздіктің» көрсеткен қызметі ұшан-теңіз. Обалы не, екі ортаға дәнекер бола білді. Бірінің сөзін біріне айна-қатесіз аударып беруден жалықпады. Қазақ кітаптарының ұққаны, «орысша кітап» деп қанша дабырайтқанмен, өздері­нен артық жері шамалы екен. Олардың білгенін бұлар да біледі. Ондағы қызық бұларда да бар. Дәрежесінде, мән-мағынасында, шығармаларының мазмұнында еш айырмашылық жоқ. Сонда несіне балалар қазақ кітаптарын ысырып қойып, орысша оқиды? Түсініксіз.

Кітаптар қолды бір сілтеді. Мейлі, не оқыса да өздері біледі. Тек зерделі оқырмандар көп болсын де. Ондайларды білімді де ұлағатты азамат етіп шығару — басты парыз. Қазір Тағанбай сияқты балалар аз ба? Ертеңін ойламайтын бүлдіршіндер көбейіп барады. Шіркін, бәрі де Танабай сияқты болса... Кітаптан бас алмайтын баладан болашақта көп нәрсе күтуге болады.

Бірде Танабай мектепке шешесін ертіп кетті. Неге екені түсі­ніксіз. Бұрын өйтпейтін. Әлде бірдеңені бүлдіріп қойды ма екен? Жоқ, мүмкін емес. Білімді баладан ешқашан да тәртіпсіздік шық­пайды. Кітаптар олар қашан жеткенше тыпырши күтті. Бір кезде келді-ау. Айтарлықтай ештеңе болмаған сияқты. Шешесі де, Танабай да мәз. Бәсе...

— Бүгін мектепте ата-аналар жиналысы болды, — деді Анар апай кешкі шай үстінде. Әкесі Талғат ағай елең етті.

— Иә, не мәселе қаралды?

— Балаң сыныптастарының алды екен. Апайлары мақтауға сөз таппай жатыр, — деп күлді шешесі.

— Айттым ғой, көп оқыған озады деп. Осы қарқыныңнан танба, балам. Кітаппен дос болсаң, өмірде кем болмайсың...

Анар апай көрші бала Тағанбай туралы да әңгіме қозғады. Кітаптар елең етісті. Бұрынғы иелерінің хал-жағдайын білу олар­ға қызық. Құлақтарын тоса қалған. Сөйтсе, Тағанбайдың жайы адам қызығарлықтай болмай шықты. Сабақ үлгерімі төмен. Іс­тей­тіні — тәртіпсіздік. Өткенде «боевик» болам деп, Бақбергеннің мұрнын бұзып қойыпты. Одан да басқа бұзақылықтары жетерлік. Не керек, апайлар оны жерден алып, жерге салыпты. Сондағы шешесінің жер болғанын көрсең...

— Енді не істеймін? — деп еңіреп жылап жіберіпті.

— Теледидарға көп қарамасын. Кітап оқысын, — депті апайлар. — Ана өзіңдей Танабайдан үлгі алмайсың ба? — депті.

Не керек, шешесі мен Тағанбай мектептен үйге жер астымен қайтыпты. «Кітап оқып, білімін көтермегеннің көретін күні осы», —
деді Кітаптар іштерінен. Обалы өзіне. Түн жарымы ауғанша атыс-шабыс, құбыжық киноға үңілуі жаман еді. Үйінде тұрған білім кенінің қадірін білген жоқ. Рақатын Танабай көріп жатыр. Ақылды бала деп Танабайды айт.

Айтпақшы, Теледидар бұл үйде де бар. Тағанбайдікінен өзгеше. Мақтаншақ емес. Көп сөйлемейді. Сөйлегенінен үнсіз тұрғаны көп. Анда-санда балаларға арналған қызықты бағдарламаларды ғана көрсетеді. Жаңалықтарды береді. Қалған жағында тым-тырыс. Қандай ақылды Теледидар. Тағы ылғи қазақша сөйлейді.

— Көршінің Теледидары сияқты заржақ емес екенсің, — деген бірде көпті көрген жуан Кітап жымиып.

— Бәрі көрерменнің талғамына байланысты, — деді ол салмақты үн қатып. — Көрермен қандай болса, біз де сондаймыз.

— Теке, шыныңызды айтыңызшы, — деді Кітап. — Балалар үшін қайсымыз пайдалымыз? Сіз бе? Біз бе?

 — Әрине, кітап... Оның осы кезге дейін адамзатқа көрсеткен қыруар еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Кітап оқып өскен баланың қашан да болашағы зор. Кітап адамды адамгершілікке, жақсылыққа тәрбиелейді. Шексіз білім иесіне айналдырады.

Кітап күлді.

— Асыра мақтап жіберген жоқсыз ба?

— Жоқ, шындық осы. Егер өзім бала болсам, қолымнан Кітапты тастамас едім. Жастанып жатып оқыр едім.

— Ал Теледидарды ше?

— Теледидар талғампаздықты қалайды. Көп қараған денсау­лық­қа зиян. Болашағыңа қауіпті. Ал кітап өрісіңді кеңейтеді.

«Қандай жақсы Теледидар, — деп ойлады Кітап ішінен. — Шын­дықты жайып салды. Тағанбайдың Теледидарынан сақтасын. Өркеуде, сөзге қонақ бермейтін бірдеңе. «Мал иесіне тартады» де­ген рас-ау. Танабайдың Теледидарына қарашы. Өзі сияқты ақыл­ды...».

Кітаптар Теледидармен достасып алды. Кейде Танабай оқу­дан жалығып кеткенде, кино көреді. «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?». Ондайда сөре­дегілер мәз. Кинолардың түп-төркіні кітап екен-ау. Жалпы бәрі де кітаптан шығады екен. Кітап — өнер біткеннің атасы.

Бар адам кітапқа қарыздар.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама