- 25 ақп. 2022 00:00
- 201
Ашылмай жатып, жабылған Серке…
Бұл мақаламда не туралы сөз қозғағалы жатқаным, тақырыптан-ақ көрініп тұрған болар, сірә. Иә, расында 1907 жылы өкімет қоштауымен Петербургте жарық көрген «Серке» газетінің ғұмыры тым қысқа болды. Газеттің екі басылымнан кейін бірден жабылып қалуына не себеп деп ойлайсыздар? Оған себеп, қазақтың намысын оятқан, халықтың қамын жеген Міржақып Дулатовтың «Біздің мақсатымыз» атты мақаласы еді. Ал осы тұста бірінші ойымызға келетіні, газеттің жабылуына себеп болатындай газетте не жазылып, патша өкіметін ашуландыратындай ол жерде не айтылғандығы.Ендеше, көңілге көп сұрақ қондырған мақаланың үзіндісімен бөлісейін. «Ең алдымен қазақ халқы – Россияға тәуелді халық... Оның ешқандай правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады» деген сөзінен оқып отырған оқырманға батылдық пен намыстың рухы сезілетіні анық. Біз мақаладан Міржақып Дулатовтың патша өкіметінің озбырлығына, қазақ елін зат секілді көріп, елемеуіне деген өкпе-ренішін байқамыз.
Мақаланың астарында патша өкіметіне қарсы саяси мән бар. Нақтырақ айтсам, Ресей отарлау саясатының тым шектен шыққандығы мен қазақ халқының қалай жоқтың күйін кешіп, қиын күндерді бастан өткеріп жүргенін ашық түрде патша өкіметіне жолдай отырып жазған. Сол жылдардағы чиновниктер, стражниктер мен урядниктердің қазақ жерін әкесінің төріндей көріп, емін-еркін өмір сүріп жатқанын, ал біздің қазақтар не ішерге тамағы жоқ, не жатар жері жоқ, өз жерінде өздері күн көре алмай жүргендігін қынжыла білдіреді.
Мақаланың ең өзекті тұсы – отарлау саясатының салдарынан туған Ресей бодандығының аяусыз көрінісін сипаттауында. Чиновниктердің қазақ даласына мұжықтарды жер аударып, қара халықтың жерін талан- таражға салып, еш себепсіз тартып алып жатқанын, ауылдарды тонап ұрып соғып, мұжықтардың қанаумен өткен күндерін, ең сорақысы діни кітаптарға тыйым салғанын жазған тұсы болды.
Мақала арасында Дума депутаттарына жасаған әділетсіздікті де тілге тиек ете кеткен. Өз мақаласын қаламгер туған жерім деп жанын салып еңбек еткен еліміздің мықтыларының дереу жазаланып, өлім жазасына кесіліп жатқандығымен «Бұл соттардың шешімдері бойынша жанымен, тәнімен туған халқына берілген азаматтар асылып, атылып кетті. Қазірдің өзінде мыңдаған ерлеріміз шалғай жерлерде жүр немесе түрмелерде отыр...» деген сөзімен аяқтады.
Сөйлем соңындағы мына бір ерекшелікті байқадыңыз ба? Көп нүкте. Бұл көп нүкте қаламгердің әлі де Ресей отарлауына қарсы айтылатын сөздерінің бітпегендігін көрсетіп тұр. Ал бүгінгі таңда дәл осылай халықтың қамын жейтін қаламгерлер бар ма, мақалаларымыздың соңы көп нүктемен аяқталуда ма..?
Байназарова Аружан