Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Ахмет Байтұрсыновтың гуманистік сипаты

Тәңір адамзат баласын әу баста жаратқаннан бері оның бойына жақсылы жаманды қасиеттерді тең дәрежеде беріп, таңдау құқығын адамның өзіне берген. Бұл туралы көп жерде айтылып та, жазылып та жүр. Шындығында баршамыздың «ізгілік», «адалдық» ұғымдарын айрықша қастерлеп, аңсайтынымыз бар. Сол себепті де дәл сол құндылықтарға негізделген «сөз өнері» деп аталып кеткен әдебиеттің барша өнерлердің ішінде биік тұратындығын білеміз. Әдебиет – қоғамға кесапаттарды алдын-ала ескертіп қана қоймай, адам баласының жүрегіне ізгілік дәнін себетін қасиетке ие. Сондықтан да оның арнасы кең және сол әлемді құрайтын жеке әлемдердің адамзаттың игілігі үшін атқарған еңбектері орасан зор. Бұл жерде әдебиет әлемінің ішіндегі әлем деп отырғанымыз – ұлттың, адамзаттың жанашырына айналған әдебиет өкілдері. Солардың бірі әдебиетті «сөз өнері» деп атап кеткен, ұлтымыздың ұлы ұстазы, рухани көсемі – Ахмет Байтұрсынұлы. Ахаң өлшеусіз еңбегі үшін уақытында марапат алған жоқ. Дегенімен уақыт өз әділеттілігін танытып «ұлттың ұлы ұстазы» деген атауды Ахмет Байтұрсынұлына меншіктеді. Дәл осы атау Ахаңнан басқа ешкімге айтылмайды. «Ұлттың ұлы ұстазы» десе есімізге бірден Ахмет Байтұрсынұлының түсетіні математикадағы аксиома секілді дәлелдеуді қажет етпейтін құбылысқа айналды. Оның да өз сыры бар. Мәселен, аумалытөкпелі замандарда «жұртым» деп жылап, «ұлтым» деп ұдайы еңбек еткен қайраткерлердің бірі әрі бірегейі – дәл сол Ахаң болды. Ал адам бойындағы ізгілік сипаты ең әуелі халқына, жұртына деген қарым-қатынасынан байқалатынын ескерсек, Ахметтің өз дәуірінде атқарған еңбектерінен бөлек гуманистік сипаты өз алдына жаңа қыр, жаңа болмыс болып шыға келеді. Ахмет Байтұрсынұлы «Қалам қайраткерлерінің жайынан» деген мақаласында: «Құл болған халықтан туып, құлдықтан қорлық зорлығын көріп отырып, қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілдету, ауырын азайту жолына жұмсамасқа мүмкін емес: кемшілік көрген жұрттан туып, кемшіліктен құтқаруды мақсат етіп, ылғи сол жолда жұмыс қылған қазақ қалам қайраткерлері жұртшыл, ұлтшыл, яғни халқына жаны ашитын, халқының жаны ауырғанда жаны бірге күйзелетін, бауырмал болмасқа тағы мүмкін емес», - деп жазады [1.130]. Бұл біздің сөзімізге арқау болып отырған Ахмет Байтұрсынұлының қаламгер ретінде тек өз халқын ғана емес барша адамзатты ізгілікке шақырып тұрғандығын аңғаруға болады. Хакім Абай өзінің қара сөзінде «Өзің үшін қызмет етсең оттаған хайуанның бірі боласың, адамзаттың игілігі үшін қызмет етсең Алланың сүйген құлы боласың» дегендей, Ахмет Байтұрсынұлы расында өзінің ұлты үшін, адамзаттың игілігі үшін еңбек еткен алып тұлға. «Мәселен тұңғыш қазақ лингвисі өзінің алдына жүйелі программа қойғанға ұқсайды: ол әуелі қазақша сауат аштыруды мақсат еткен, бұл үшін «Оқу құралын» жазған; одан соң қазақ тілінің грамматикалық құрылымын ана тілінде талдап беру мақсатын қойған. Бұл үшін «Тіл құралын» жазған; үшінші – тілді дұрыс жұмсай білу тәртібін көрсетуді көздеген, бұл үшін «Тіл жұмсарды» жазған, төртінші – сауат аштыру, тілді оқыту методикасын жасауды міндетіне алған, бұл үшін «Баяншыны» жазған. Міне, бұлар Ахмет Байтұрсыновтың қазақ тілінің грамматикасын зерттеудегі және оқу-ағарту майданындағы істеген істері мен еңбектері» [1.133]. Оның бір өзі атқарған еңбектері ештеңеге айырбастағысыз. Әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай, халықтың рухани арнасын кеңейтіп отыр. Құдды бір әу баста ізгіліктен бастау алған еңбектердің мәңгілікпен пара-пар тылсым күші бар іспетті. НЕГІЗГІ БӨЛІМ Ахмет Байтұрсынұлының тағылымды мұралары Бүгінгі күнде Ахмет Байтұрсынұлының өшпес мұрасын тек қарапайым халық қана емес, әдебиеттің алып өкілдері, әлем жұртшылығы мойындап отыр десек артық айтпағандығымыз. «Жаңа жазу, жаңа әліппе. Тұңғыш емле. Тұңғыш фонетика. Тұңғыш грамматика. Тұңғыш синтаксис. Тұңғыш терминология мен әдістеме. Тіл ашарлар. Тіл танытқыштар. Тіл жұмсарлар. Ұлттық тіл біліміне түпкілікті темір қазық болар мәңгілік үлестер. Кейде күллі бір ұлттың талай ұрпағының қолынан келе бермейтін келелі істерді бір-ақ адамның тындырғаны таңданбасқа болмайтын жәйт», - деп жазады Әбіш Кекілбаев [2.89]. Бұл үзінді біздің алдыға тартып отырған ойымыздың айқын дәлелі. Мұндай мысалдардың сан түрі бар. Алайда оның атын атап, түсін түстеп дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Ахмет әлемінен «бостандық» пен «білім» ұғымдарының иісі аңқиды. Тарихтың тақтасында қазақ халқы құлдыққа кез болғанда, Ахмет Байтұрсынұлының бостандыққа қарай жол сілтеушілердің алдыңғы қатардан табылғандығы белгілі. Ал бостандыққа білімнің тікелей ықпалы бар екендігі ақиқат. Адамның білімді болуы үшін сауатты болуы айтпаса да белгілі, бірден баспалдақтың алтыншы немесе тоғызынша басқышына қадам жасауы мүмкін емес секілді, әріпті білмеген адамның білімді болуы да ақылға сыймайтын нәрсе. Осы тұста Ахаңның қазақтың дыбысына, сөзіне арнап әліппе мен әріп, тіл және оқу құралдарын шығарып, қазақтың тілін талайға үйреткендігі - қарусыз майдандағы ерлікті іспен пара-пар. «Нақтырақ айтқанда, Ахмет Байтұрсынов «ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» болатынын асқан сұңғылалықпен сезіп, ана тілімізді дамытуға зор үлес қосқан қайраткер болды» [1.134]. Расында, халқымыздың ішкі рухты қуатын оятуға, тілін, әдебиетін дамытуға, сол жолда қоғамдық санасын қалыптастыруға ықпал еткен Ахмет Байтұрсынұлының өміріне айналған еңбек жолы әр қазаққа үлгі болары, үлгі болып келе жатқандығы хақ. «Алма алма ағашынан алысқа түспейді» демекші ұлттың ұлы ұстазына айналған Ахмет Байтұрсынұлы ес білгелі әкесінің зұлымдықпен күресіп келе жатқандығына куә болғандығы мәлім. Нәтижесінде қазақтың қамын жейтін бір азаматтың ұлттың өркендеуіне қосқан елеулі еңбегі қазақ халқының бағына айналды. Өйткені ол үнемі қиындықтың астарынан мүмкіндік таба білген адам. Қазақ мектептеріндегі кемшіліктерді байқап, тек сынға алып, қол қусырып отырмастан оны түзету жолында күрескен. Балаға ең әуелі өз ана тілін үйретіп, содан кейін орыс тілі сынды өзге тілдерді меңгеру қажеттігін ұтымды ұстанымына айналдырып, білім беру саласында сол тәсілді пайдалануды түсіндірген. Білім жарысының адамзат баласы үшін қаншалықты тиімді болатындығын да ескерусіз қалдырмаған. «

Білімді жұрттардың білім жарысына келсек, оның мағынасы да, көздеген мақсаты да басқа. Ол бірнеше ұлыс ел жиылып, бір-екі күн ел дуылдап, ет жеп, қымыз ішіп кету үшін ғана жасалмайды, бүтін ұлт, я дүниядағы бүтін жұрт һәм көпке қаларлық іс үшін істеледі. Дүнияда күн көріп, тіршілік етудің ауырын жеңілту үшін, жеңілін рақатқа айналдыру үшін істеледі. Неше түрлі ғылым, өнер бәрі де тіршіліктің ауырлығын азайту үшін, рақатын молайту үшін шығарған нәрселер. Ғылым, өнер артылған сайын дүнияда бейнет кемімекші. Осыған ақылы жетіп, есі енген жұрттар ғылым мен өнерді бірден-бірге асыруға тырысады. Асыру үшін әр түрлі істер істейді. Сол істердің бірі – білім жарысы», - деп жазады Ахмет Байтұрсынұлы [3.134]. Ахмет Байтұрсынұлының гуманистік сипатын аша түсетін тағы бір нәрсе бар. Ол – қайраткердің мысалдары. Халықтың санасын ояту, әлеуметтік ойға ықпал ету мақсатында Иван Андреевич Крыловтың аудармаларын аударған Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» атты жинағы Петербург қаласында 1909 жылы жарыққа шыққаны белгілі. Ондағы ізгілік ұғымының сипаты кең. Шындығында ізгілік деп тек бір ғана қасиетті я болмаса тек жақсылық жасауды айта алмайтынымызды ескерсек, тәкаппарлықтан алшақ болу, бірлік пен ынтымақтың жағында болу, өзімшілдіктен әсте аулақ болу сынды іс-әрекеттер мен қасиеттер біз айтып отырған ізгіліктің құрамдас бөліктері іспетті. Оны ешкім жоққа шығар алмасы хақ. Осы негізде Ахмет Байтұрсынұлының мысалдарын ізгілік жаршысы деп толыққанды айта аламыз. Мәселен, қайраткердің «Егіннің бастары» атты шығармасы былай аяқталады: «Бидайдың басын көтергені дақылының жоқтығы, жігіттің кеудесін көтергені ақылының жоқтығы» деген халық даналығына сәйкес келетін бұл мысалдың оқырманға берері мол. Сонымен қатар адамдарды қарапайым болуға үндейтін мысалдың қысқалығы мен мазмұндылығы оқырманды баурап алары хақ. Ал ақынның «Аққу, шортан һәм шаян» атты мысалы бірлік пен ынтымақты дәріптеп, аударма емес құдды халықтың төл дүниесі іспетті құнды туынды. Мысал ретінде оның бір ғана үзіндісін негізге алып жатсақ жеткілікті: Жүк алды шаян, шортан, аққу бір күн, Жегіліп тартты үшеуі дүркін-дүркін. Тартады аққу көкке, шаян кейін Жұлқиды суға қарай шортан шіркін [5]. Бірлігі жоқтың тірлігі жоқтығын айтқан ақынның «Қасқыр мен тырна», «Айна мен маймыл», «Ат пен есек» сынды өзге де мысалдары тәрбиелік мәні бар туындылар. Артынан дәл осылай өшпес мұра қалдырған Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әдебиетінде ғана емес, ұлты үшін елеусіз еңбек еткен қайраткер, гуманистік көзқарасы мықты тұлға ретінде еліміздің тарихында да алар орны ерекше. Сондықтан оның мұраларын оқып, кейінгі ұрпаққа насихаттасақ Ахмет Байтұрсынұлының ізгілік мұраттары орындалды деген сөз. Жиырмасыншы жылдың жиырмасыншы жылдары күрделі проблемаларға қалам тарта бастаған әдебиет теориясы саласында да Ахмет Байтұрсынұлының қосқан үлесі болды. Өйткені ұлттық әдебиет тарихын зерттеп, тангу жолындағы күрес жолында жалпы өнер туралы, төл әдебиетіміздің терең тарихы мен теориясы туралы ең алғаш жазылған еңбек Ахмет Байтұрсынұлына тиесілі. Яғни, ол - «Әдебиет танытқыш» болатын. Ғылыми дәлдікпен, терең біліммен жазылған аталмыш еңбек 1926 жылы жарық көргенімен ұлттық әдебиетіміздің өсуін көрсететін ғылыми мәні тәуелсіздік жылдарына дейін бағаланбай келді. Оның негізгі себебі – еңбек жарық көрген соң, ол көпшілікке тарап үлгерместен екі-үш жылда автордың ұсталып кетуі еді. Әр түрлі аумалы-төкпелі, қиын-қыстау кезеңдердің қыспағын бастан өткерген бұл еңбектің дәл осы кезеңге дейін жоғалып кетпей жеткені – ұлттық әдебиетіміз үшін де, ұлт дамуына оның қосар үлесі үшін де қуантады. Өйткені, «Әдебиет танытқыш» осы сала үздіктерінен үздік баға алып үлгерген туынды. Тілші-ғалым Рәбиға Сыздықова: «Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» атты көлемді еңбегі – әдебиеттану ғылымы мен қазақ әдебиеті тарихына арнплған тұңғыш зерттеу жұмысы... Мұнда автор көптеген жайттарды өзі шешіп, көптеген ұғымдарға терминдік атаулар ұсынады» десе [6,5], академик Р.Нұрғали: «Қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған», - деп жазады [7]. Шындығында, «Әдебиет танытқыш» тек әлемдік әдебиет теориясында ғылыми мәні мен маңызы қалыптасқан түсініктерге тек қазақша балама тауып, дәлелдер мен нақты мысалдарды алдыға тартқан еңбек қана емес. Ғылыми зерттеудің алғашқысы ретінде тек әдеби-теориялық білімнің жүйелі түрде қалыптасуына ықпалын көрсетіп, септігін тигізіп қана қоймай, қазақ әдебиеттану ғылымының дүниеге келәне себепкер бола алған еңбек. «Әдебиет танытқыш» - әдебиеттің бүкіл болмысын бойына жиған, жүйелілігі бір төбе, әдебиет теориясына ұлттық сипат дарытуы бір төбе бола білген, автордың ең дәмді жемесі. Еңбектегі терминдер жүйесі бізге бір нәрсені аңғартады. Ол – автордың кемеңгерлігі әрі ғалымдығы. Бұл турасында Ш.Жалмаханов пен Ж.Смағұлов сынды ғалымдар: «терминдердің жасалу жолына лингвистикалық тұрғыдан қарағанда 67 термин дара тұлғада, 223 термин күрделі тұлғалы (2 сөзден 7 сөзге дейін) болып келеді. Белгілі бір сөз өнер құрылысына берілген атау, термин сол құбылыстығ адам, қоғам өмірінің рухани-әлеуметтік табиғатынан туындап жатқандықтан да (атау терминдердің мағыналарына құбылысты телу емес) ойға оралымды, көңілге қонымды болып шыққан», - деп көрсетеді [8.72]. Сол себептен де сөз өнерінің әліпбиіне айналған «Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» - әдебиеттану ғылымының үлкен көрсеткіші болумен қатар, теориялық ой-жүйесіне мықтап түрен салған, қазақтың парасатты толғамын, ойшылдығын эстетикалық таным-білігінің молдығын танытқан кезеңдік туынды», - деп профессор Тұрсынбек Кәкішев дұрыс бағалаған [9.142]. Академик Зейнолла Қабдолов айтқандай: «Ахаң жоқта біздегі әдебиет теориясы басы жоқ кеуде секілді еді» [6.6]. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттану ғылымының жүйелі қалыптастыру жолындағы еткен еңбектерін ең әуелі «Әдебиет танытқыш» арқылы танитын болсақ, Ахаңның шығыармашылығындағы сүбелі салаларының біріне айналған – поэзияны да ескерусіз қалдыра алмаймыз. Ол – негізінен уақыт сұрамынан туындаған ізденістің, еңбектің жемісі. Шын мәнінде Ахаңның өзгелерден өзгешелеу жолы бар. Оны – ақынның тұңғыш жинағының кілең аудармалардан тұруы еді. Бұл сол дәуірдегі қазақ поэзиясына келген жаңашылдықтың бір легі еді демеске болмас. Оның Крыловтан аударған мысалдарының мәні мен маңызы турасында жоғарыда айтып кеткен болатынбыз. Ал Ахаң поэзиясының арналы бағыты, қазақ

 әдебиетінде алар орны жайлы кезінде Міржақып Дулатов былай деген еді: «Ол қарапайым да түсінікті қазақ тілінде азаттық туралы, ұлт туралы, езілген, артта қалған қазақ ұлты туралы жырлады; өнер-білімге, еңбекке, ғасырлық ұйқыдан оянуға үндей отыра, әрбір қазақтың азаматтық санасын оятуға ұмтылды. Ішкі сұлулығы мен мазмұны жағынан, жинақылығы мен желілігі жағынан Ахмет Байтұрсынұлы жырлары қазақ әдебиетінде бірінші орын алады» [10.84]. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде Ахмет Байтұрсынұлының тек поэзиясы туралы сөз болғанда оны өлең өлкесіне «азаттық рух» алып келді деп толыққанды айта аламыз. Сөз басында адам бойындағы жақсы яки жаман қасиеттер туралы жайдан жай сөз қозғамадық. Шындығында адамзат баласының ізгілікке қарай ұмтылысы немесе керағар тірліктерге араласып кетуі айналасына, оның көрген- білгеніне, оқыған түйгеніне, сондайақ түпкі санасына байланысты. Байқампаздықпен зер салсақ, бүтін бір Алаштың жоғын жоқтаушысына айналған Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығын қай қырынан алып қарасақ та гуманистік сипатқа ие. Бұл ең әуелі тектен берілген түпкі санаға байланысты десек, кейінгісі дана Абай айтқан жүрек ісіне, Шәкәрім қажы айтқан «ақжүректілікке» байланысты. Иә, біз қазақ қашан да бабалар салған сара жолды тілге тиек етіп, мақтанамыз. Бұл ешқандай әбестігі де, тіпті зияны да жоқ іс. Алайда, бабалар сөзін санаға тоқып, оны іспен жүзеге асырсақ, тіпті, нұр үстіне нұр болмай ма? Ахметтей алыптардың гуманистік сипатын айғақтағандай жіпке тізіп айттық. Алайда, ол біздің дәлелдеуімізді қажет етпесі хақ. «Педагогика» сөзінің түп төркіні «баланы алдыға жетелеуші» болса, біздің мақсат та сол – теңіз түбінде лағыл маржандай жарқырап жатқан мол мұраларымыз бен қазыналарымызды қашан да аузымыздан тастамай, барша адамзаттың сол формула бойынша нәтиже шығаруына ықпал ету. Олай деуімізге басты себеп – күн демей, түн демей Алаш үшін қызмет еткен Ахаңдай тау тұлғалардың басты мақсат-мұраты қазақты еркіндікте өмір сүріп, білім-ғылымнан жырақтамай көзі ашық, көкірегі ояу, түпкі санасы озық халықтардың қатарында болуы еді. Оның алдыңғы шебінде «адамдық» ұғымы да атойлап тұр. Адам атауының басты мән мағынасы да дәл осы «адамдық», «адамгершілік» ұғымымен астасып жатқаны хақ.

Қорыта келгенде, XX ғасырда қазақтың өнер мен ғылымның сан-саласын меңгерген, әмбебеп тұлғамыз Ахмет Байтұрсынұлының қай салада болмасын алып келген тың идеялары мен жаңашылдық бағытқа негізделген істері қазақ жұртының жұрт болып жұтылмауына, ұлт болып ұтылмауына кепілдік бола алатыны белгілі. Өйткені қазіргі бейбіт әрі тыныш кезеңде білім саласының қай-қайсында болмасын Ахаңның аты аталмай кетпейді. Өнердің биік қазынасы тұрпатындағы әдебиетте болсын, төл тарихымызда болсын, ұлттығымыздың айшықты белгісіне айнгалған тіл саласында болмасын, «тәрбие тал бесіктен» деп тәрбиеге ден қойған халқымыздытәрбие бастауы деп білетін педагогика саласында болмасын Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі өлшеусіз. Ахмет Байтұрсынұлы ең әуелі қазақтың санасы оянғанын, сонымен қатар қазақы рухтың мұқалмауын қалады. Сондықтан да оның ой-сана биігін осы тұрғыдан бағалауымыз тиіс. Өйткені Ахаңның өзі айтқандай: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын». Ахаң салған сара жолдың мұрагерімін деген әр азамат бағасын тапқан еңбектен шабыт алуы тиіс, жұрты үшін жұмыла тірлік етуі тиіс. Сол себепті Ахаңдай қайраткердің өшпес мұраларын бағалай білгеніміз абзал. Оны бағалауымыздың биік көрсеткіші ретінде білімнің салтанат құрған дәуірінде білімге құлаш-құлаш қанат сермеуіміз бен адамзаттың игілігі үшін еңбек ете отыра, ұлтымызға деген махаббатымызбен қызмет етуімізді айта аламын. Өйткені қазіргі таңда ұлттық санамызды оятып, рухани бай болуымыз аса маңызды болып табылады. Олай деуіміздің басты себебі: қазір білім мен бәсекенің заманы екені айтпаса да түсінікті нәрсе. Ал сол бәсекеге қабілеттілік түптеп келгенде Ахаңдай асылдарымыздың бай мұрасымен бойымызға дариды. Ұрпақтар сабақтастығын сақтай отыра Ахмет Байтұрсынұлының гуманистік сипат алған туындылары қашан да біздің қастерлі қазынамыз болып қала бермек. Ол жазылмаған дала заңындай әр қазаққа белгілі әрі бедерлі дүние.

Жетекшісі: Ф.Қозыбақова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры  Дайындаған: Тенгалов Нұрлан, Әл Фараби ат


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама