Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Абай дана, Абай дара қазақта

Сопбек Арайлым Абдуллақызы
Silkway Халықаралық университеті

«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе», - деп Сұлтанмахмұт айтқандай, хакім Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Абайдың ақындық әлемі мағыналық ауқымы өте кең. Абай поэзиясы – өз заманындағы қоғамдық өмірдің ең көкейкесті, ең күрделі және маңызды мәселелерін қозғаған, толғаған поэзия. Ол өмірінің соңына дейін қазақ халқының жарқын болашағы үшін күресті. Оның өлеңдерінде, қара сөздерінде сол замандағы қазақ халқының өмірінің көркем бейнеленген шындығы жатыр. Артына қалдырып кеткен аса құнды мұраларында Абай адам бойында кездесетін жаман мінез-құлықтарды сынады, адамдықты, ақыл мен білімді алға қойды және жастарға ақылға, еңбекке сүйеніп өмір сүруді, жамандық жасамауды, адамгершілікті сақтауды өсиет етті.

Абай шығармаларына арқау болған тақырыптың бірі – масылдықпен күрес. Ақын үнемі уайымсыз, салғырттыққа, ойын-күлкіге  салынбай, сергек болуға үндейді. Оны ұдайы еңбек арқылы шыңдап отыруды құп көреді.  Сонымен қатар орынды әрекеттің уайым-қайғыны жеңетінін дәлелдеп, масылдықпен күрестің психологиялық қырларына терең бойлайды. Мақтан мен масылдық психологиядан арылып, қайраттанып еңбек етуді, талаптанып білім іздеуді насихаттаған. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» - деген қазыналы ойлар бәрімізге жақсы таныс. Әр адам осы түйінді тұжырымдарды санасына берік тоқып, өзінің тынымсыз адал еңбегімен айналасына үлгі болуы керек.

Абайды өз заманындығы іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы деуге болады. Ол бастамашылдықты, кәсіптегі адалдықты жоғары қояды.  Оның ойынша, табыс табу үшін қолөнер үйрену керек. Себебі «мал жұтайды, өнер жұтамайды» (отыз  үшінші қара сөз). Ақынның бұл ойлары бүгін де Қазақстан қоғамы үшін де өзекті деп санаймыз.

Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады.  Абайдың ақындық қуатының терең тамырына үңілген зерттеушілеріміз оның қазақ фольклорынанан, Шығыс пен Батыс сөз өнерінен, орыс әдебиетінен және тарихи еңбектерден сарқылмас нәр алғанын айтады.  Абайдың  рухани өресіне баға берген дінтанушы философ ғалымдар оның кәміл мұсылман ұғымы тек қазаққа ғана емес, бүкіл мұсылман әлеміне қатысты айтылса керек. Міне, біздің ойшыл Абай, хакім Абай – әлемдік деңгейде осы діни көзқарасы арқылы да биіктей беретін тұлға. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы - қазақ халқына ғана емес жаhан жұртына да үлгі-өнеге. Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы. Қазақ елі барда Абай есімі асқақтай береді. Ең алдымен Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Ойшыл ақынның ағартушылық тұрғыдағы педагогикалық тұжырымдары негізінен жастарды халқына қызмет ететін нағыз азамат – «Толық адам» етіп тәрбиелеу мақсатынан туындаған. «Адамның білімі, өнері  - адамшылықтың таразысы деп санаған Абай білімді барлық атақ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қояды. Ақын адамның ең қымбат кезі жастық шақты оқуға, ғылымға жұмсау деп есептейді. Ойын-сауықты кейін қоя тұрып, алдымен ғылым жолында еңбек ет, ізден, білімдіден үлгі ал, солардай болуға тырыс дей келе:

«Дүние де өзі мал да өзі

Ғылымға көңіл берсеңіз...» - деген тұжырым ұсынады.

Адам болудың бір шарты – ұят деген ұғымды бойға сіңдіру. Ұят дегеніміз -адам бойындағы адамгершілікке жат, жаман қылықты істі өз мойнына алып өзіңді-өзің дұрыс, әділ, адал жолға салу. Ар, ұятпен қатар саналы қазақтың табиғатына сіңген бір ұғым – намыс. Абайдың адамгершілік туралы, адам деген атқа лайық сілтеген бағыттары, көрсеткен жолдары  ақынды бізге жақындата түседі. Абай өткеннің ғана Абай емес, біздің қасымызда жүрген, қазақ халқының басына қиыншылық түскенде дем беруші, рух беруші пайғамбарымыз, рухани көсеміміз.  Абай IХХ ғасырдың ортасында дүниеге келіп, ХХ ғасырда бұл дүниеден кетіп қалған жоқ. Ол заттың адамы емес, рухтың адамы. Оның адамгершілік туралы этикалық ойлары, пікірлері өз халқының ұрпақтарына әрқашан қуат бермек. Поэзияда, музыкада, қоғамдық азаттық ой-пікір саласында өлмес-өшпес шығармалар қалдырған Абай қазақ халқының өткен замандағы өмірін зерттеуші біздің ұрпаққа таңғажайып тұлға болып көрінеді. Абай шығармаларының биік мұраты - махаббатпен сүю, адамды сүю, Алланы сүю. Кемеңгер ақынның жақұт жырлары мен ғибратқа толы туындылары жас ұрпақтың санасында мәңгі жаңғырады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама