Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Әйтеке бидің мықтылығы

Пір сайлау жұмысына кіріскенде Төле би өзінің ғұламасы Мағзаманды, Қазыбек би Ер Сейтпембетті, Әйтеке Мүсәліні (кейінгі лақап аты — Сұпыәзі) өздерімен бірге мәжіліске ала келеді. Пір сайлау мәжілісіне бұлардан басқа молдалар мен ишандар, айбынды батырлар мен билер, сөз зергері шешендер қатысып отырған. Пір сайлауында адам көптің алдында өзінің кереметін көрсетуі керек. Кереметі басым адам ұлық пір болып сайлана алатын болған.

Тәртіп бойынша үш бидің ғұламасының кереметі сыналып болғаннан кейін, ең мықты дегенін ғана пір сайлауына жарамды деп шешіледі. Бұл әр бидің өздерінің ғұламасын құр бекер мақтап, ұсына бермесін деген ойдан туса керек. Керемет көрсету жөніндегі ұсыныс Әйтеке биден шыққан болатын. Оның бұл ұсынысы көптің ішінен қолдау табады да, Әйтеке халық алдына бір буаз сиыр әкелдіреді. Сосын ғұламаларға қарап:

— Сиырдың ішіндегі бұзаудың түрін, түсін, жынысын және қандай күйде жатыр соны көпке бұлжытпай айтып бересіңдер! Сиырды сойып, бұзауды алғанда қайсысының сөзіне бұзаудың түр-түсі дәл келсе, сол үш жүзге ұлық пір болып сайланады, — дейді. Бұған үш би келіседі.

Алғашқы болып Төле бидің ғұламасы шақырылып:

— Мынау сиырдың ішінде қандай бұзау жатыр? Оның түрі, түсі және жынысы қандай? Соны мына көпке айтып бер, — дейді үш би.

Мағзаман сиырға қарап тұрып:

— Бұл сиырдың ішінде: қара, ұрғашы, ақтөбел бұзау жатыр, — деп тоқтады.

Қазыбектің ғұламасы Ер Сейітпамбет сиырға қарап тұрып:

— Мына сиырдың ішінде ұрғашы, қара бұзау жатыр деп кідіреді.

Бұдан соң үшінші болып Әйтекенің ғұламасы Мүсірәлі сиырды көзімен бір рет сүзіп өтті де көпке қарап:

— Бұл сиырдың ішінде ұрғашы, қара, ақ құйрық бұзау жатыр, — дейді.

Үш ғұлама көре көзге үш түрлі сөз айтқанда отырған көпшілік куәгер болады. Осыдан соң сиырдың ішін жарып бұзауды алып қараса, бұзау — ұрғашы, қара, ақ құйрық. Бұл Мүсірәлінің айтқаны еді. Сондықтан халық бір ауыздан ұлық пірге Мүсірәліні сайлады. Мүсірәлі өзінің озық
көргендігімен үш жүзге Пір болады.

Енді осы Пірді елге алып кетуге де үлкен талас болады. «Үш жүзге ортақ болғандықтан, ұлық пір орта жүзде отыруы қажет», — деп отырып алады Қазыбек. Төле би мұны қуаттайды. Әйтеке Мүсірәліні қалайда өзімен бірге алып кету үшін оларға тағы да ұсыныс қояды.

— Ертең үш жүз әрқайсысы өзінің еліне қарай қосынын көшірсін. Біз Мүсірәлімен төртеуіміз төбенің басында тұрайық. Көштің қарасы үзіліп кеткесін Мүсірәлінің атын бос жіберейік. Ат қай жүздің көшінің артынан еріп кетсе, Мүсірәлі де сол жүзге кете берсін, — дейді ол. Қазыбек пен Төле би бұған қосылады. Ертеңіне дәл осылай жасағанда Ақша ат Кіші жүздің көшінің артынан құйындатып шауып кетеді. Мұны көрген Әйтеке:

— О, садағаң кетейін, әулием! — деп Мүсірәліні құшақтап тағзым етеді.

Тұрып қалуға ұялып, ана екі би де Мүсірәліге қол беріп еңкейеді. Сөйтіп, үш би татулықпен тарқасып, Әйтеке Мүсірәліні қасиетті қара шаңырағына әкеліп қондырған екен.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама