Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Тіленші туралы

Қаз дауысты Қазыбек Қоңтажының сыйға берген сол қызын өзінің ұлы Бекболатқа қосқан екен. Кейін оған бір ұл, бір қыз туады. Бәйбішеден тоғыз ұлы бар Бекболат би жаңағы ұл перзентінің атын — Тіленші деп қойғызған.

Күндердің бірінде орта жүз ханы Абылай көп нөкерімен Бекболат бидікіне келеді. Себебі қаз дауысты Қазыбек би көзі тірісінде Абылай ханға ықпал жасап отырған.

Ал Қазыбек дүния салған 1764 жылдан былай Шаншар абыз әулеті Қазыбек тұқымымен хан арасында қырғи-қабақтық күшейеді. Абылай қарашасы Ботақанды бей күнә өлтіріп, Жанайды тұтқындатқанда намыстанып, қанына қазған Бес мейрамнан үш мың арғын қарсы көтерілген. Хан дәті шыдамай өлгеніне құн, айып-ажын төлеп, тұтқындатқанын босатып, әрең құтылыпты. Онан кейін Бекболаттың көп ұлының біреуі Абылайдың бір үйір тұлпар текті қысырағын ұрлап әкетіп, Бекболат би бұл қиян-кескі дауда ұрыны шешендікпен қорғап, ханға тоғыз айып төлеп табысқан.

Абылай ханның Бекболат биге бүгінгі келуінің түп тамыры — енді жауласпау, елдесу қамы еді. Қонақасы желген соң би аңысын аңдап, ханнан сыр тартады. Абылай хан көңіл-күйін елжірей шертіп:

— Әкең Қазыбектің киелі әруағына тозаң жуытпай, әділ би атанып келдің, Беке! Жасың ұлғайды. Енді өзіңнен туған он ұлдың бірін орныңа би сайлағалы келдік. Қайсысына батаңды бересің? — дейді.

Бекболат би шарт жүгініп, көзін жұмып, сақалын сипай беріпті. Әкесі бәйбішенің тоғыз ұлының бірін атайын десе, бәрі ынжық, тоқалдың ұлын атайын десе, азулы бәйбішеден именеді. Осындай тұйыққа қамалып отырғанын тоқалдың қызы бірден аңғарады да шымылдығын көтеріп тұрып былай дейді:

— Япырм-ай, би атамның шалқуын-ай, толқуын-ай, әжемнен қорқуын-ай! Би атам әжемнен қорықпаса, айтпайтын несі бар. Тоқалдан туды демесе, біздің Тіленші жанның ел билемейтін несі бар?

Би көзін ашып жіберіп:

— Дұрыс айтасың, қарағым! Сол немеде үмітім бар еді. Қоңтажы хан бізге шешеңді қулықпен берген. Тек, нағашысына тартып кетпесе, — деп бәйбішеге жалтақтай береді.

Бәйбішеге іле тіл қатыпты:

— Неге, ата — бас, бала — мойын. Қаз атама тартады. Рас, сол немеге менің де үмітім бар. «Арғымақтың баласы аз оттап, көп жусайды, адам болар бала аз ойнап, көп ойлайды деуші» еді. Би сенің бозатан атың бар еді. Тіленшінің екі тайлақ аты бар еді. Менің түсімде сол екеуі көгалға шөгіп, көп жусап, аз ойнақтайтын. Өрісте өзгермесе, — деп тоқтайды.

Абылай хан Бекболат пен бәйбішенің пікірін, қыздың ұсынысын дереу ой таразысына тартып, Тіленшіні шақыртады. Ханның емеурінімен Жанақ ақын баланы қарасуда қой тоғытып жатқан қойшы-қолаңдар ішінен кездестіріпті.

— Қаз атамның ел үміттенген немересі бола тұрып, батпаққа былғанып жүргенің қалай?

Жанақтың бұл тосын сұрауына он бес жасар Тіленші тосылмай жауап береді.

— Қой тоғытысуымның екі мәні бар. Бірінші, би атама күнде бірнеше даугер жүгініске келеді. Атам солардың сырын табалдырықты аттағанда-ақ сезіп, бай болса, төрлеттіреді де, кедей-қоқсы болса, «арызыңды босағаға отырып-ақ айт!» дейді. Шіркін, осы атам өліп, не тірісінде билік менің қолыма бір тисе, ешкімнің байлық, жоқтығына қарамай, алдыма қатар жүгіндірер ем. Олар қысылмай шындықты айтқанда, мен әділ төре берер ем-ау!

Екіншіден, мен атадан — он, енеден — жалқымын. Тоғыз ағамның тобығымнан келер біреуі жоқ. Ертең елдің дау-дамайы менің алдымда сарапқа түсе қалса, атамнан қорқып көкейтесті мүддесін айта алмай сорлайтын мына қойшы-қолаңдар менен именер ме? Халықты осы бастан бойыма үйір қылғым келеді, — депті Тіленші.

Жанақ іштей сүйсініп:

— Абылай хан сені іздеп отыр, кәне, мінгесе ғой, атаңнан бата әперейік, — дейді.

Тіленші көнбей:

— Артқа бөктеріп, қанжығаға байлайтын мен аң ба екем? — деп үйге жаяу келген.

Бар оқиғаны естіген соң Бекболат баласына хан алдында батасын беріп, Тіленші би сайланған екен.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама