Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Бәстескендер

Таңертеңнен басталған жаңбыр бірде саябырсып, бірде үдеп толастар емес. Сансыз тамшылар бір нәрседен құр қалғандай, көктен жерге жарыса түсіп жатқанымен, аспанды тұтас жапқан қара бұлттың қылы қисаяр, сабасы ортаяр түрі жоқ.

Шаруасына пысық жанның дегбірін алып, шыдамын тауысқан, жалқауды жылы үйінде есінеткен мына жауын ауыл шетінде әлдекімнің тамын салып жатқан мердігер төрт жігіттің де қолын жіпсіз байлап, ішін пыстырып жіберді. Сыланбаған қабырғалардың ішінде ары-бері сенделіп, тағаты таусылған мердігерлердің арасындағы қара мұртты жігіт серіктеріне:

— Мына жаңбыр таяу арада басыла қоймас, қол қусырып қарап отыра бергенше аз-кем көңіл көтерелік, — деп серіктеріне сынай қарады.

Бастама көтерген жолдасының сөзіне орай қысық көз жігіт:

— Онда бізге би билеп, ән айтып бер. Ол қолыңнан келмесе, Шаншарды* шақырып кел, — деп кекете сөйледі.

Қара мұртты:

— Мен өнер көрсеткенмен немесе Шаншарды* алдыртқанымызбен көңіліміз көнши қоймас. Одан да дүкеннен бір-екі жарты ішімдік әкеліп, іш қыздырсақ арқа-басымыз кеңіп, бір серпіліп қалар едік, — деді де бұл ұсынысына қолдау күткендей жанындағыларға сұраулы пішінмен көз тастады. Қысық көзден басқа екі серігі мұның бастамасын бірден қуаттап, даурыға қоштады. Ойда жоқта бұл табыла кеткен «ақылға» қысық көздің де алып-қосары болмай, ортақ ұйғарымға мойынұсынған.

Мердігер жігіттер қалталарының түбінде жатқан азын-аулақ ақшаларын шығарып, араларындағы жасы кіші әрі «барып кел, шауып келге» таптырмайтын тәпелтек сарыны дүкенге жүгіртті. Төгіп тұрған жаңбырды елемей, дүкенге әп-сәтте барып келген тәпелтек сары қойнына тыққан үш жартыны үстел үстіне асқан ептілікпен шабыттана қойған. Тіске басар да табыла кетті.

Айналайын ақжауынның арқасында орайы келе қалған демалыс күнін төрт жігіт осылайша ішімдікпен атап өтуді жөн көрген. Әңгіме тиегі ағытылып жүре берді. Бұл әсерлі отырысты ұйымдастыруға мұрындық болған қара мұртты жігіт арақтың арынымен шешенсіп, ауыздыға сөз берер емес. Таңғы шайдан кейін ештеңе талғажау етпеген жігіттердің аш құрсағына құйылған жынды су оларды әжептәуір қыздырып тастады. Неше түрлі тақырыпты әңгімелеріне арқау еткен мердігерлер бір кезде сөзден сөз тудыра келе жын-шайтан, әруақ, мола туралы айта бастады. Осы сәтте соңғы шөлмек те таусылуға шақ қалған.

— Мен бір болған оқиғаны айтайын, — деді отырыс тізгінін біржола қолына алған қара мұртты жігіт. — Ілгеріде бір жолаушы ауылына қайтып келе жатады. Үйіне жету үшін әлі біраз шақырымды басып өтуі тиіс. Кенет ол айдалада өтіп жатқан дүбірлі той-жиынға тап бола кетеді. Буы бұрқыраған табақ-табақ етке, қайнап тұрған самаурындарға, қазан-ошақтарға, қаз-қатар тігілген киіз үйлерге таңырқай қарайды. Жан-жағын барласа, ондағылардың бәрі өзіне таныс ауылдастары. Бұл не той, не жиын деп сұрастырғанымен оған ешкім мардымды жауап бере қоймайды. Бір кезде жас жігіттер мұны атынан түсіріп, қошеметтеп, бір үйге кіргізеді де төрге оздырып, алдына бір табақ ет қояды. Қарыны ашып келе жатқан әлгі жолаушы асты көргенде ештеңеге көңіл аудармастан бәкісін алып, «біссіміллә» деп етті турай бергенде алдындағы тағамы сиырдың тезегіне айналып шыға келіпті. Ол қорыққанынан жан-жағына алақтай қараса, әлгі көріністердің бірі де жоқ. Жолаушы мұның жын-шайтан екенін ұғып, біссіміләсін айтып, сасқалақтамай, атына мініп жүріп кетеді. Осы әңгімені мен сол кісінің өз аузынан естідім...

Төрт жігітке үш шөлмек арақ әжептәуір әсер етсе де олар тағы да ішкілері келіп, тағы да қалталарының түбін қағып, қалған-құтқан тиын-тебендерін құрап, дүкен әлдеқашан жабылып қалғандықтан, әлгі тәпелтек сарыны дүкеншінің үйіне жұмсады. Тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындаған жауынгер — тәпелтек сары ылдым-жылдым қимылдап, әп-сәтте екі жартыны ортаға қойды. Тағы да ішу, бітпейтін мәнсіз әңгіме. Жауынның бүгін толастамасына көздері әбден жеткен мердігерлер осылайша даурығысып отырғанда ымырт үйіріліп, айналаны қараңғылық тұмшылап та үлгерген.

Жынды судың арбауына шырмалған төртеу ықылық ата мас бола бастағанда бір нәрсені қопсытып отырмаса ішкен асы бойына дарымайтындай қара мұртты жігіт сырттан жуан қазық әкелді де жолдастарына қарап:

— Жігіттер, кімде-кім мына қазықты ауыл шетіндегі моланың ортасына сіңіре қағып келсе, бір жәшік арақ қоямын, қане, қайсыңның батылың жетеді, — деп еліре сөйледі.

Осыған дейін айтылған небір қорқынышты оқиғалар желісін естіген қалған үшеуі қызып отырса да ойланыңқырап қалды.

Кенет тәпелтек сары батырсынып:

— Бұл қазықты мен қағып келе аламын. Бірақ, сен бір жәшік арақты беретін болып үшеуміздің алдымызда қасам іш, уәде бер, — деді.

— Уәде беремін. Жігіттік сөзім. Сен мына қазықты моланың дәл ортасына қағып келгеніңде мен бір жәшік арақты қолыңа ұстатпасам, атым өшсін. Ал, өз міндетіңді орындай алмасаң, онда бір жәшік арақты сен маған бересің, — деді қара мұртты еліре сөйлеп. Тәпелтек сары әріптесінің талабына келісе кетті. Осы арада қара мұртты жігіт тәпелтек сарының молаға баруға түбегейлі бел буғанына анық көзі жеткен соң, құны удай бір жәшік араққа құры босқа шығындалатынын ойлап, жүні жығылыңқырап қалған. Бірақ, онысын ешкімге байқата қоймады. Ол алғашқыда мына лайсаңда, төгіп тұрған жаңбырдың астында және қап-қараңғы түнде екі-үш шақырым жердегі молаға кім бара қойсын деп ойлаған болатын. Қара мұрттының өкінішіне қарай, бәрі басқаша болып шықты. «Айтылған сөз — атылған оқ».

Бәстескен жігіттер жалған намыстың айтағымен райларынан қайтар сыңай танытпады. Ал, қалған екеуі бұлардың бәстерін сырттай қызықтап тұра берді. Олар: «бәстен қайсысы жеңсе де бізге бәрібір, өйткені, бір жәшік ішімдікті ешқайсысы үйлеріне арқалап кетпесі анық. Оны осы төртеуміз ішпегенде кім ішеді дейсің, қайта тегін араққа қарық боламыз» деп, қара мұртты мен тәпелтек сарының теке-тіресінен пайда күтті.

Тәпелтек сары баға жетпес байлықтай көрінген бір жәшік арақты көз алдына елестете етегі жерге шұбатылған плащын киіп алып, жауындата мола жақты бетке алды. Ол: «Несі бар, қазір-ақ қазықты діттеген жеріме қағамын да, ертесіне үшеуін ертіп барып көрсетіп, әлгінің уәде еткен жәшік толы арағын алып, бір апта әйда тойламаймын ба» деп, алға қарай ентелей ұмтылды. Көз байлаған қараңғы түннің, саулаған жауынның, аяқты еркін басуға мұрша бермейтін лайсаң жолдың әуресі, күні бойғы әңгіме арқауы болған неше түрлі жан түршіктірер қорқынышты жайттардың санасында қайта-қайта жаңғыруы оның бойындағы мастықты әжептәуір сейілтіңкіреді.

Міне, ол молаға да келіп жетті. Оның бойын сол сәтте қорқыныш, үрей сезімі билей бастады. Аяғын еппен басып моланың ортасына келді де тізерлей отырып, өзімен бірге ала келген ауыр балғамен қазықты бір-екі рет ұрған соң денесі үйреніп, үрейі басылыңқырады. Дегенмен, қараңғылыққа көзі әбден үйренгенімен оның жүрегінде әлі де болса қорқыныштың табы бар еді. Айнала қоршаған бейіттердің сұлбасы сұсты көрінеді. Оның үстіне жарқ-жұрқ еткен найзағайдың шатырлаған үні, бұлттардың аспанды қақ бөлетіндей күркірі тәпелтек сарының мысын қайта басты.

Қош, сонымен тәпелтек сары жаңбырдан езіліп, босап жатқан жерге бес қарыстай қазықты қиындықсыз сіңіре қақты. Ол шаруасын бітірген соң орнынан лып ете көтеріле бермек еді, кенет әлде бір күш оны жерге қағып қойғандай дыбыр еткізбеді. Бұл күтпеген жайт оның жүрегін атша тулатып, тынысын тарылтып жіберді. Қайта тұрмақ болғанымен, онысынан түк те шыққан жоқ. Сол сәтте оның сорына қарай шатырлаған найзағайдың жарқылы, күннің күркіреуі толассыз қайталанды. Табиғаттың бұл құбылысын төбеден төнген жаналғыштай сезінген тәпелтек сары екі қолын ербеңдетіп, әрекетсіз қалды. Осы санаулы секундтарда ол санасынан мүлде айырылып қалған еді...

Тәпелтек сары жаңбырдың астында таңға дейін жатып қалды. Соңғы әкелінген шөлмектің түбін сарқа тауысып, ағзалары мастыққа жеңілген қалғандары молаға кеткен серіктерін іздей қойған жоқ. Олар мимырт ұйқыға кеткен-тін.

Шашы ағарып, аузы қисайып, не өлі, не тірісі белгісіз күйде жатқан тәпелтек сарыны таңертең табынын өргізіп шыққан падашы шал байқап қалып, ауылға хабар берді. Зиратқа келгендер плащының етегін қазықпен бірге жерге қағып, өзді-өзін «арқандаған» тәпелтек сарының бұл іс-әрекетіне таңданыспен қарасты. Араларында оны жын соққан деп ұққандар да болды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама