Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жалғыздар

Перденің ашық қалған тұсынан енген таңның бозамық белгілерінен бөлме ішінің қараңғылығы аздап сейіліңкіреді. Айнала оңған шүберектей бозара түскен. Айман пердені ысырып, сыртқа үңілді де: «Кеше түстен кейін жауа бастаған қар әжептеуір өндіріп тастапты... Әлі де жауып тұр ма қалай?..» — деп іштей күбірледі. Тыстағы ызғарды жан-дүниесімен сезінген Айманның бойы қалтырап кетті.

Пештің қызуы әлдеқашан басылып қалғандықтан үй іші салқын тартқан. Ол көрші бөлмеде жатқан енесі мен кішкентай ұлы Қасымды оятып алмайын деп есікті ақырын ашып, дәлізге шықты да сырт киімін киді. Осы кезде енесі Қалампыр өз бөлмесінің есігінен басын қылтитып, келінінің от жағу қамымен тысқа шығып бара жатқанын біліп тұрса да зілдене сыбырлай:

— Немене, таң қараңғысында тұрып алып қайда бармақсың?! — деп жақтырмай көз тастады.

Келініне ылғи да жекіп сөйлеу Қалампырдың үйреншікті әдеті. Енесінің шымбайына батыра айтатын сөздерін ести-ести Айманның да еті өліп кеткен. Сондықтан кейуананың кезекті кейісті сөзіне шамдана қоймайды.

*****

Айманның бұл шаңыраққа келін болып түскеніне биыл алтыншы қыс. Осы алты жылда бұл кемпір Айманға дауыс көтере сөйлеуінен әсте жаңылған емес. Ол бәріне көніп, жауап қатудың орнына үн-түнсіз, түк болмағандай үй-ішілік күйкі тірлігін жалғастырып жүре береді. Келінінің өзіне қарсыласпай, сөз қайтармай құтылатындығына ызасы келе ме, «бәдіктің сөзіне құлақ асып не опа табамын деп ойлайды» дей ме, бәлкім, мұның мінезінің тым жұмсақтығы мен момындығына нали ма, әйтеуір Қалампыр Айманға тіл тигізе бастаса, бүкіл үйді басына көтеріп, үдете түседі. Айман енесінен көрген жәбірін осы уақытқа дейін бірде-бір рет тісінен шығарып, көрші-қолаңға, төркініне айтпақ түгілі, сездірмеуге тырысатын. Бұл оның табиғатының момындығынан болар... Жо-жоқ, олай емес, қанша жерден қолға үйренген қоңыр қозыдай жуас болғанымен, тіл барда ішкі сарайдағы сұрықсыз мұңды сыртқа шығармау мүмкін емес қой. Мұның себебі мүлде басқа...

Ол енесі қаншама зіркілдеп жатса да өзін іштей жақсы көретінін, жүрегінде келінін «өзімдікі, менің келінім» деп иемдену сезімі бар екенін терең түсінетін. Оның үстіне кімде-кім өзінен туғанға жекіп сөйлесе ол сөз көңілге қаяу түсірмейтіні, ал өзінің құрсағынан шықпағанға дауыс көтеру жүрекке ауыр тиетіні әлімсақтан қалыптасқан қағида екенін білетін Айман енесінің өмірдің осы бір заңдылығына қарсы өз шама-шарқынша күрес жүргізіп келе жатқанын анық байқайтын. Сонымен қатар ақ кебін киіп, суық көрдің сызды топырағына жамбасы тигелі біраз болған марқұм шешесінің: «Қызым, өсек тасып, өрісіңді тарылтып жүрмегей. Жеңілтек болма. Ол көп нәрсенің байыбына барғызбай, арзанқол, жайдақ, бір қарағанда әйбат, жақыннан үңілсең сүреңсіз дүниелерге үйірсек етіп, түйсігі тайыз, бақытын шалқыған мұхиттан гөрі көлбақалар құжынаған сасық сулы көлшіктен іздейтін, одан әрі шарықтауға шамасы жоқ адамдар санатына қосады, малдандырып, тағдыр таяғының астында қалдырады. Ал төзімділік сенің баянды ғұмыр кешуіңе, отбасың мен ортаңның құрметіне бөленуіңе жол ашады» деген аналық сөзінің әсері де Айманды сабырлылыққа, салмақтылыққа, Қалампырды маркұм күйеуінің шешесі екендігін бір пәсте естен шығармауына септігін тигізетін...

Айман жоғары сыныптарда оқып жүрген кезінде қызығы мен думаны мол, жастық шақтың ажарын аша түсетін, бар әсемдік пен сұлулық, өмір мәні сонда деп есептелінетін үлкен қалалардың біріне оқуға түсіп, одан әрі атақты жандардың арасынан орын алып, солар секілді ел аузында есімі жүретін адам болсам деп ойлайтын, қиялдайтын, үміттенетін. Бірақ, бақытты балалық шағы, бойжеткен бұла күні...

Мектепті бітірер кез жақындаған сайын оның ой-арманы, қиялындағылары діттегеніне қалай да жетемін деген сенімін семіртіп, серпілте түсетін. Ол арман-тілегімнің орындалмауы мүмкін емес деп есептейтін. Үміті күн нұрымен шағылысқан алтын күмбездей жарқырай көрініп, сол күмбезге саты қойып, оп-оңай шыға салатындай көрінетін. Қайда-а-а-н! Жүрегін қытықтап, самал желдей аймалап, алысқа құлаш ұрғызған, елжіретіп, менмұндалап қол бұлғаған, санасын санға, ойын онға бөле мазалаған биік арманы, ізгілікті үміті бірте-бірте тіршілік шырмауығына шырмалып, соңында ғұмырдың мәні атақ-даңқ, биік мансап, жұрт алдында жарқырап көрінумен ғана өлшенбес, маңдайға жазылған жазмыштың, тағдырдың несібін қанағат тұтып, көңілге арқау етіп, ел қатарлы, қалтарыста қалып қоймай, отбасылық бақыт пен алдамшы өмірдің алдан берер ырызығынан құр қалмай, бала өсіріп, шаттықты өзі құрған шаңырақтан іздеудің өзі де керемет бір дүние емес пе дегендей ой-тұжырымдарға ұласып, өзін-өзі жұбатып, алдаусыратқаны бар еді.

Айман күйеуге шыққанда 19 жаста болатын. Шешесі өмірден озған соң, әкесі бір жыл өте шаңыраққа өгей шеше кіргізді. Әпкесі мен екі ағасы аяқтанып, өз алдарына отау көтерді де, бұған қарайласуға мұршалары келмей кетті. Пешенеге бұйырған өгей шешенің жайсыздығынан жан-дүниесі құлазыған Айманның жоғары оқу орнына түсемін деп талпынғаны әдіре қалды. Өйткені кейінгі жылдарда орын алған үй тұрмысының жұтаңдығы қолды матап, мойынға бұршақтай киілген еді. Ақыры көңіл жарасып, тілек қосылып, тағдырдың мұнысына да шүкір, қалаған жігітіне тұрмысқа шығып тыныш тапты. Бірақ, бұл қызық та ұзаққа созылмады-ау!

Күйеуімен небәрі екі жылға жетпейтін ғана уақыт отасты. Егер ажал араға килікпегенде осылай жалғыздықтың жапанында шөліркеп, бар қызығын жартылатып алар ма еді. Әйтеуір жалғызы — Қасымның қасында болғаны жанына жұбаныш. Күйеуімен бірге өткізген аз ғана уақыт өмірінің ең бір шуақты, нәрлі кездері екен ғой. Нұрбақ Айман дегенде құрақ ұшып, құрметпен қарауы күн өткен сайын арта түскен. Ол шешесінің қыңыр мінезінен қысылып, бұған енесінің орынсыз тіл тигізіп жатқан кезінде екі оттың ортасында тұрғандай сезініп, Айманға байсалды болуға көз қиығымен ишарат жасайтын. Түнде жеке қалғанда «ренжімеші, апамның осындайы бар, бірақ көкейінде зілі жоқ. Сені сөзімді көтереді, көңіліне ауыр алмайды дейтін шығар» деп шешесін жамандыққа қимай, бір жағынан Айманның да көңілін тауып, ара-ағайындық қызметін ойдағыдай атқаратын.

Айман Нұрбаққа: «Неменесін қиналасың, мен түсінбейді дейсің бе?» деп еркелей тіл қататын. Ол да бір келмеске кеткен, ләззатты күндер екен-ау.

Босанып, перзентханадан келгенде күйеуінің қуанышын көрсеңіз... Шешесінен қысылып, нәрестенің жанына жолай қоймайтын, бірақ, оңаша қалғанда шексіз, ессіз, балажандықпен өбектеп, рақаттана, қуанышын жасыра алмай, соңында жұбайын ыстық кұшағына көміп, құмарлана аймалайтын.

Өмірде сәттілік пен сүреңсіздік қатар жүреді... Нұрбақты ойласа болды, бірге өткізген, тәтті ләззат сыйлаған күндер тізбектеле көз алдына келе қалады да, артынша қара жамылдырған қаралы күндер жұтынып шыға келеді...

«Күйеуің жол апатынан қаза болды» деген суық хабарды естігенде естен тана құлаған жас келіншек өлмеген соң осылайша тіршілігін іштен тынып жалғастыра берген. Алғашқыда Нұрбақ мерт болды дегенде сенбей, кеткен жағына қарайлап, жол тосып, оның бұ дүниеден қайтқанына сене алмай, әлдебір жақтан аулаға кіріп келетіндей көрініп, алдамшы сенімнің жетегінде жүрді. Одан кейін де, дәлірегі мәйітті қорымға алып бара жатқанын, шығарып салу ғұрпын көзбен көріп, білгенмен де жамандықты маңына жақындатқысы келмей, оны өлдіге қимай аласұрып баққан еді. Бірақ, уақыт өте келе жолға қарап елеңдеуін, алдамшы сенімін сейілтіп, шындықты мойындамасқа лажы қалмаған.

Енесіне де жеңіл тиген жоқ. Жарықтық, тағдырдың тәлкегін көріп алайын дегендей ішкі дүниесі езіліп, еңіреп тұрса да белін бүкпей, сырт көзге сыр бермей, шыдап бақты. Мықты екен. Күні ертең не боларын жұмбақтап ұстайтын меңіреу өмірдің менмендігіне менменсіп жауап берген қайсар жан бар ермегім, бар байлығым осы деген сыңай білдіргендей немересін қасынан бір елі тастамай, әрбір тәй-тәй басқан адымын бақылап, асты-үстіне түсіп, бәйек болады да жүреді. Одан басқа не қалды?..

Қаралы күндердің қабағы ашылмай, түңілігі түрілмегеннен қайғыға бірте-бірте еті үйреніп, күрсіне-күрсіне бәріне де лажсыздан көне білгенге дейін ене тарапынан туындайтын кейісті үн біршама үзіліп қалған еді. Дегенмен, күн өте ененің үстемдігі қалпына түсті. Алайда бұл үстемдік арақатынасты алшақтатпай, қайта жақындастыра білді. Мұның сыры ортақ қайғының жүгін екеуі тең бөліп көтергендерінде жатыр еді.

Енесі сыртқа қазымыр көрінгенімен, шын мәнінде жомарттыққа қара жаяу емес-ті. Отбасының азын-аулық қаржысы осы үйге келін болып түскелі Айманның қалтасында. Керек-жарақ, азық-түлік сатып алу өзінің еншісіндегі іс. Мұндай істерге енесімен ақылдаспақшы болса «Өзің білсейші, қашанғы мені айналдыра бересің» деп тізгініне жармаспайтын, оны-мұныға киліге бермейтін.

Келін мен бала үй-ішілік тірлікте үлкендермен ақылдасып отырмаса, оларды басыну, керек етпеу, отбасынан оқшаулап, бөліп тастау деп санайтын Айман алда-жалда «Өздерің біліңдер» десе де көңілі үшін бір мезгіл мән-жайдан хабардар етіп отыру керек деп ұғатын. Айман бұ жағынан келгенде ағаттыққа бармапты. Қалампыр зейнетақысын алған күні той-томалақ, өлім-жітімге барғанда кәдеге беретін азын-аулақ теңгені алып қалады да, қалғанын мұртын бұзбай келініне ұстатады.

Бұл отбасы қаржыдан кемдік көрген емес. Қалампырдың зейнетақысы шай пұлға жетсе, басқа да қажеттіліктерге қолдағы отызға жуық майда мал мен сүті қою екі сиырдың өнімі төтеп береді. Нұрбақ мұғалімдік қызмет атқарып жүргенде, еңбек ақысын жинап, тағы біраз уақ мал сатып алмақшы болып еді, шешесі: «Қой, балам, осы қолдағыны кемітпей, сол күйінде ұстап тұрсақ та болады. Көбейген сайын бейнеті де арта түседі. Өзің мектептесің, мен болсам қайбір жетісіп жүр дейсің, айналып келіп, мал күтімі Айманға жүктеледі, қазан-ошақтың тірлігі тағы бар...», — деп тоқтатып тастаған.

Міне, осылайша бұл отбасы осы қолдағы малдың басын кемітпей не көбейтпей жылдағы өнімін жаратып, күндерін көріп келеді.

Қалампыр Айманды осы уақытқа дейін «Айман» немесе «келін» деп атаған емес. Тек, «қызым» дейтін. Айман алғаш келін болып түскен жылы енесінің: «Қызым, ананы сыйламау — азғындық. Шешеңнің өлген күнін ұмытпай, әзір мүмкіндік бар ғой, төркініңе бір қойыңды, тәтті-пәттіңді, нан-паныңды алып барып, ағайындарыңды жинап, Құран оқытып, оны бір жылмен ғана шектемей, әр жылы қайталап тұратын бол. Мен қолыңды қақпаймын. «Шешемнің әруағын оятып, еске аламын. Бұл менің оған көрсеткен құрметімнің белгісі ғой» деп ойлайтын адамға қарсы болады деймісің. Шешең байғұс қызығыңды көре алмай кетті...», — деген сөзі Айманның құлағында шешесі қайтқан күн жақындағанда жаңғыра түсіп, төркініне енесін ертіп барып, ағайын-туыстарын жинап, анасына Құран бағыштатып қайтатын. Оның үстіне, енесі марқұм баласының құлағына қайта-қайта құйып жүріп: «Балам-ау, әйеліңнің анасын сыйламасаң, әйелің мені сыйлар деймісің, бар, құдағидың басына жұрт қатарлы қоршау орнат, ол да сенің шешең ғой, екі қайын ағаң мен қайын бикеңнің мүмкіндіктері болмай жүрген шығар», деп шешесінің басына белгі орнатуға мұрындық болған да өзге емес, осы Қалампыр апасы. Осының бәрін көңілінің жылы жеріне сақтаған Айман енесінің қайрап, ысыла түссін, тірлігіне мығым болсын деген пиғылмен дауыс көтеруін қалай ғана көңіліне ауыр алсын?..

Енесінің қадірі Айман үшін күннен-күнге арта түскендей. Осыдан екі апта бұрын Қалампыр апа тұмауратып, қызуы көтеріліп, ауруханаға түскенде Айман енесінің орны опырылып, үңірейіп қалғанын сезді. Қашан үйге келеді екен деп тағатсыздана күтіп, сол кеткеннен қайтып келмейтіндей үрейленіп, жан дәруі — жалғызы жанында болса да ішкі дүниесі кұлазып, шыдамы таусыла әрнені бір ойлап, Қасымды құшағына қыса, білдірмей көз жасына ерік берген еді.

Енесі он күн ауруханада жатқанда Айман күн құрғатпай барып тұрды. Апасы оған күн сайын келе бермеуін ескертсе де онысын тыңдамай, ыстық тамағы мен сүт, майын үстемелеп алып барумен болды. Келінінің келуін тоқтатпасын білген Қалампыр бірде: «Қызым-ай, өзіңнен басқа маған қарайтын кім бар? Марқұм Нұрбақ балам адал жар тауып, сөзімді жерге тастамайтын, тұзымды ақтайтын адамды жаныма қалдырып кеткеніне о дүниеге сеніп аттанған екен ғой. Маңдайыма жалғызымды сыйдырмағанымен оның орнын жоқтатпайтын, Нұрбағымның жүрегін көрге көмбей, мойнына тұмардай тағып алған қызымды берген Тәңіріме алғыстан басқа не айтамын?!» деп Айманды бауырына қысқан болатын. Ғұмырында бірінші рет енесінің құшақтағанынан Айманның көңілі босап, жасын зорға іркіді. Мейірімді, қажет болса қатал бола білетін, кезі келсе қанттай еріп, ерекше бір тәтті күйге бөлей де алатын адуынды кемпірдің құшағы оған ерекше әсер етті. Жан сарайына сиқырлы нұр құйылғандай болды. Сол сәтте бейне бір өз анасы тіріліп келіп, маңдайынан сипағандай болды. «Шіркін, өзіңдікіне не жетсін!»

*****

Күйеуінің жылдық асын атқарғаннан кейін әкесі мен өгей шешесі, ағайындар, ауыл ақсақалдары жиналып, «Жалғыздық құдайға ғана жарасады», реті болса, теңі табылса жолынан қақпай, келініңізге рұқсат беріңіз», — деп Қалампырдың алдынан өткен.

Енесі: «Рұқсат Алладан болсын, жас адамды үйде қамап ұстамаймын! Еркі өзінде», — деп келісімін берген. Кісі аяғы басылғаннан соң екеуі оңаша қалғанда, кейуана: «Қызым, көзді ашып-жұмғанша уақыт шіркін демде емес пе, бір жыл да өте шығыпты. Енді өз билігің өзіңде. Сөз салып келгендер болса, менің көңіліме қарамай бақытыңды тап. Мені үйден қуып отыр деме. Менікі сенің жайыңды ойлағандық», — деген.

Айман жүзін төмен салып: «Апа, бұ не дегеніңіз, сізді тастап қайда бармақпын, Нұрбақтың отын өшіріп не опа таппақпын? Осы үйден шығып, ешқайда бармаймын», — деген-ді. Сонда Қалампыр кемсеңдеп: «Иә, саған да қиын... Сені мазалап тұрған Қасымның жайы болар. Балаға өзінің туған анасынан артық кім бар? Екеуіңді ажыратпаймын. Тек, анда-санда іздеп келіп, бір иіскетіп тұрсаң маған сол да жетеді. Нұрбағымның көзі емес пе еді?» — деп жанарына үйірілген жасты күштеп тоқтатып, өзін әрең басқан.

Айман «Түу-у-у апа, мені дәл қазір ұзатайын деп отырғандай болдыңыз ғой. Не десеңіз де бәрібір, сіздің қасыңызда қаламын», — деп жүзіне күлкі ұялата, орнынан тұрып кеткен. Қалампыр сол кезде келінін тоқтатып: «Қызым, бұл іске жеңіл қарама, сонда сен менің тағдырымды қайталамақшысың ба? Осы шаңырақтың астында бір сарынды, ұқсас тағдыр иелері мекен етпек пе? Жалғыздықтың отына күйіп, аязына тоңып, аптабында шөлдеп, жалғыздың қамымен елу жылға жуық өмірімді өткізіппін. Осы аралықта не көрмедім? Ғұмыр болған соң, неше түрлі тауқымет, арқаңа батар азап пен қынжылысты қиындықтар кездеседі емес пе, бірақ бұлардың ішінде ең пәрмендісі жалғыздықпен жазалану екен. Бұл жалғыздық деген жалмауыздың құзырында өмірін өткізген менің пайымым. Дегенмен, сол бір сарында сырғып өткен, өзім сүреңсіз жылдар деп есептейтін кездердің де өзіндік қуанышы, алданышы, шамшырақтай жарқыраған үміті болды. Оның бәрін жоққа санасам күпірлік болар. Тағдырдан алған аз ғана сыйымды қанағат тұтып, малдануыма Нұрбағым себеп болды. Барлық қуанышымды баламнан күттім. Сен босағамнан аттағанда еңбегім жанды, сүтім ақталды деп сыртқа сыр бермесем де, іштей масаттанып, құлпырып жүр едім. Тәңірім көп көрді ме, аяғы осылай болды. Енді Қасымды қайда жүрсең де аман-есен өсіріп, ел қатарына қоссаң, Нұрбақтың отын өшірмегенің», — деді.

Сол әңгімеден кейін Айман түнімен дөңбекшіп, ұйқысы келмей, таңды көзбен атқызды. «Сонда қалай, шынымен бұйрық болып, өзгенің етегінен ұстап, ұлымды ертіп кете барсам, байғұс кемпірдің күні не болмақ? Мына төрт қабырғаға қарап, күрсініп, түңіліп, құлазып, жалғыздықтың уын ішіп, қалай күнін өткізбек? Ал өзім жеке, салт кетер болсам, құрсағымды жарып шыққан Қасымым қайтпек? Ол әлі жас. Әкеден былай айырылып, шешеден тірідей көз жазған баланың алдағы тағдыры қай қиырға бет бұрмақ? Оны осы үйге тастап кетсем, жетімдіктің тақсыретін әжесі сездіре қоймаса да, есейе келе: «Менің әкем қайда, шешем қайда?» десе кімнен жан тұщытарлық жауап алмақ? Әжесінің де төрінен көрі жуық. Құдай бетін аулақ қылсын. Тіфә, тіфә! Егер апам олай-бұлай болып кетсе, буыны қатпаған балғын бала әжесі мен шешесінің қолдан қасақана жасағандай көрінетін ұсқынсыз тағдырының жемтігіне айналмай ма?.. Жылдар жылжып қайта табысқанымызбен шытырманды шырғалаңның ылаңы туындап, арадағы уақыт салған соқпақты кедергілерді аттап өтіп, бәрін де қалпына келтіре аламыз ба? Туған шешесінен жерініп кетсе ше? Жо-жоқ, мүмкін емес, бала мен ана арасындағы көзге көрінбейтін табиғи байланыс ешқашан да үзілмейді. Тек, түрлі кедергілердің әсерінен байланыс жібі шаң-тозаңға көміліп, көмескіленіп кетуі ғажап емес, бірақ оны тазартып, жаңғыртып, жарқырата жарыққа шығаруға болады. Ол ана мен баланың парасаттылығына, бірін анам, бірін балам деп шынайы сезіне білгендігіне, қысқасы, өздеріне байланысты. Егер баланы өзімен бірге ала кетсем ше?... Болашақ өгей әкесімен түсінісіп кете ме, жоқ па? Ұлыма өгейліктің дәм-тұзын таттырмай-ақ қойсам қайтеді. Байғұс кемпір... Баланы ала кетсем, онда мен өзімнің күйімді күйттеп, басқаның бар-жоғымен санаспай, оның да адам, адам болғанда да бейтаныс біреу емес, өзімнің туған енем екендігіне қол сілтеп, онсыз да жан-жарасы асқынған, дәру іздеп күндіз-түні аһ ұрып, жүрегінде сөнуге айналған сәулені үміттің үлбірек самалымен үрлеп, қайсарлықпен жан таласа, жасымаудың, мүжілмеудің қарекетін қолынан келгенінше жасап жүрген кәрі кемпірге қиянаттың қылышын сұғып, сұлатып, қансыратып кеткендей, қанды қол қарақшы, қаныпезер қансорғыш, өзінен басқа түкті де ойламайтын өзімшілдің нақ өзі болып шықпаймын ба? Әкем мен шешемнің маған берген тәрбиесінің нәтижесі осындай болмақ па? Қасымды әжесінің қойнынан суырып алу, енесін өз қолымен суық көрге лақтыра салғанмен бірдей емес пе? Маздатып жаққан соңғы сәулесін кемпір байғұс лүп еткен әлсіз желтең тұрса өшіріп алмайын деп барын сала, байыз таппай жүрген жоқ па? Мен сонда, оның алданышын — соңғы сәулелі үмітін аярлығымды оята жалп еткізіп өшіріп, сәулесінен айырып, қараңғы, түпсіз түңғиыққа қамалған кемпірдің дым көрмей қалғанын өз пайдама асырып, өмір сүре түсуге итермелеп тұрған сүйенішін, рухын, жан дүниесін ұры түскен үйдей астаң-кестеңін шығарып, тонап, жан-жарасына тырнағымды батырып кете бермекпін бе? Содан кейін өмірімде не мән қалмақ? Қашан көрге кіргенше жан азабын иығыма артып, итырқылжың күн кешпекпін бе?!»

Ол түпкілікті шешімге келе алмады. Өйткені, пенденің не десең де бәрібір өз қамын ойлайтыны, өзімшілдіктің өніп шыққан бұтағы — ішкі «Мені» маған да бір ауық көңіл аудар дегендей көңіл терезесінен әсіре күліп, басын қылтитып тұрады емес пе?

Сол күні Айман өзін шын мәнінде үш жолдың айырығында тұрғандай сезінді. Бір жол — өзін құрбан етіп, алдыңнан шақыратын да тұратын, қызығы мол тәрізді көрінетін жарқын күндерінен ерікті түрде бас тарту, яғни екінші рет күйеуге шықпау. Екінші жол — қара басының қамын бәрінен жоғары қойып, перзентін соңынан ертіп алып, көңілі тартқан адаммен жаңадан отау құру, дәлірегі, енесін жалғыз тастап кету. Үшінші жол — Қасымды әжесіне қалдырып, өз жөнін табу.

Нұрбақтың жылы өткеннен кейін сөз салушылар табыла бастады. Бірі абысын-ажындары арқылы емеурін білдірсе, бірі тура үйге келіп, мән-жайларын түсіндіріп, Қалампырдың алдынан өтетін. Не десе де, соңғы нүктені қоятын, шешімді айтатын Айманның өзі еді. Орайы келіп тұрса да Айман біріне де келісім берген жоқ. Қалампыр да келініне бір-екі рет «бағыңды байлама, маған алаңдама» дегені болмаса, одан арыға бара қоймады. Сөз салушылардың көбісі таныс, көршілес ауылдардың адамдары еді. Сөз жата ма, біреуден біреу естіп дегендей, танымайтын, алыс жақтардан да келгендер болды. Айманның келісімін ала алмай, тауы шағылғандар мен жеңіл сөзге жел беруші кейбіреулер тарапынан: «Беті ашылмаған қыздай қылымсуын қарасаңшы, ол кемпірдің жайына бас ауыртып жүр деймісің, оның көкейін тесіп жүргені, енесі өлсе там-тас, бау-шарбақ, мал-палды алып қалу ғой... Кемпірдің қанша өмірі қалды дейсің?» — деген ыңғайсыз сөздер де айтылмай қалған жоқ. Мұндайда Айман «Жұрт не демейді, кімнің аузына қақпақ болғандайсың? Біреулердің осы іспеттес жөнсіз әңгімелерінен қашып, өз отбасымды тастап кете алмаймын», — деп ойлайтын.

Әрбір қолқа салып келушілер келіп, кетсе болды үй-ішін көңілсіздік жайлап, Айман да, Қалампыр да күрсінулерін жиілетіп, мұңайып қалатын. Өйткені, ондайлар келген сайын екеуінің де ортақ қайғылары қайта жаңғырып, қай-қайдағылары естеріне түсіп, қапаланып қалатын.

Араға ажал килігіп, күйеуінен ажырап қалған алғашқы кездерде Айманның қызуы шарпыған жас тәні күйіп-жанып, дегбірін алатын. Қазір бірте-бірге көңілі суып, ыстық сезімі басылып, жар төсегіне соншалықты аңсары аумайтын, қинала қоймайтын болып барады.

Осыдан бір жыл бұрын, абысыны Кәлима көрші ауылдағы әйелі өлген Нұрлан деген жігіттің көңілін жеткізген. Кәлиманың жігітті тіл майын ағыза мақтап айтқан сөзінен кейін ойланып қалған. Содан, екі аптаға жуық жауабын бермей, екі ұдай күй кешіп жүріп, ақыры «болмайды» деп, кесіп бір-ақ айтқан-ды.

Нұрланды Айман бұрыннан білетін. Ол өзінен төрт жас үлкен, ұзын бойлы, кең иықты, келбетті, көркем жігіт еді. Мінезі де жұмсақ, тәрбиелі отбасыдан шыққан. Ауылындағы мектепте мұғалім болып жұмыс істейді.

Қызуы сыртына тепкен, жиырма бестен енді ғана асқан, еркінен тыс адуынды сезімнің ыстық шарпуына төтеп беріп, салқынқанды мінезіне арқа сүйей білген Айман сол екі аптаның ішінде өзіне құшағын ашып, күлімсіреп тұрған бақытын үркітіп жіберерін не бәріне қол сілтеп, оған еркелей қарама-қарсы жүрерін білмей дел-сал, беймаза күн кешкен. Осы күндері ол түнімен жар құшағын аңсап, Нұрланмен қиялында қауышып, сезімнің отына әбден өртенген-ді. Бірақ, жан-жағынан қаумалаған өзге сұрақтар еркіне жібермей, еңсесін езіп, шарықтауына мұрша бермеген еді. Нұрланның бейнесін көз алдына алып келсе болды күнәһарлық іс жасап қойғандай бетіне қызыл ұялап шыға келетін. Нұрбақтың көзіне шөп салғандай жан-жағына жалтақтай қарап, ішкі ойын әлдекім оқып, біліп қойып масқараланған жоқпын ба деп, арсыз сезімін бүркемелегендей рай танытатын.

Бұрын күйеуі барда айна алдында бойын түзеп, үсті-басын жинақы ұстап, реңді жүзіне Нұрбақты ынтықтыра түсу үшін енесі байқамайтындай етіп опа-далап пайдаланып қоятын. Күйеуі өлген соң бұлайша сәнденуін доғарған. Ал Нұрлан сөз салған кезде өзін қайтадан айна алдына отырғызған...

Айнадағы бейнесіне барлап көз салған келіншек ақ жүзін әлі әжім шала қоймағанын, реңіне кекселіктің белгілері аз-кем тарай бастағанымен, ажары бұрыңғы қалпынан соншалықты өзгермегенін байқады да өзді-өзіне көңілі толып, бір серпіліп қалды. Мойылдай қара көздері, жазық маңдайы, қыр мұрыны, әжім айғыздамаған аппақ екі беті кімді де болса бір қаратпай қоймайтындай. Әттең бар сұлулығы уақыт өте келе тағдырдың тозаңына көміліп, қасиетінен айырылып, нәрсіздене бастайтынын айтсаңшы...

Мектепте оқып жүргенде құрбыларының арасында ең реңдісі Айман еді. Небір бозбалалар оған жүрек жарды сырларын ақ қағазға түсіріп, бірінен соң бірі жолдап жататын. Бұл тұрған жерде бозбалалар сыпайы, тәрбиелі болып көрінгісі келіп, не болмаса, бар өнерін салып, «мен осындаймын» дегендей өздерін көрсетіп қалуға тырысатын.

Сұлу, ажарлы кейбіреулердің өз ортасында паңданып, өзгелерге үстемдікпен, тәкәппарлықпен, менсінбеушілікпен қарап, қаздиып қалатыны бар ғой. Ондайлар кеуделеріне өзімшілдіктің, қиқар, қисық мінездің кеселін жұқтырып алады. Ал Айманды өзінің табиғатынан ұяң, кішіпейіл, ізетшіл болып өскені, бетке біткен сұлулықтың арғы жағында іліп алар түйсік болмаса бәрі де бекер екендігін терең түсінгендігі кекірейтпей, өр көкірек, өзін биік санау тәрізді жағымсыз қасиеттерге жолата қоймады.

Айнадағы бейнесіне сүйсіне қараған Айман алдағы күндері осы төрт бөлмелі үйде қамалып, бір тоға күйкі тірліктің төңірегінде қазыққа байланғандай айналшықтап шыға алмай өтетіндігін, оған өзінің бел шеше қамданып қойғандығын ойлағанда жүрегі зырқ ете қалды. Іле күйеуі мен көңілін білдірген Нұрланның келбетті бейнесі көз алдында көлбеңдеп тұрып алды. «Не істеу керек?» Осы сұрақты өзіне қойған сәтте, әлгі бейнелерді енесінің сұлбасы ысырып, санасы сілкініп шыға келді. Тәтті сезімдері кудесінде тұншықты. Жылады, ызаға булықты. Көзден аққан жас бетін жуып, ажарлы келіншекті одан сайын құлпырта түскендей.

*****

Айман есік алдын басып қалған қарды қонышынан кешіп барып, бастырма астындағы тамызық пен бір шелек көмірді үйге алып кіріп, от жақты. Үйдегі салқындықты әп-сәтте құрдымға жіберген жылылық Айманды көңілдендіріп жіберді. Енесінің кұмғанына жылы су құйды.

Жаңа ғана сырттағы суықтан денесі тітіркеніп, зып беріп ішке кіріп кеткен Айман қайтадан аңсары тысқа ауып, жылы киімдерін, етігін киіп далаға шықты. Қыбыр еткен жан көрінбейді. Тіршілік атаулы қалың қарға көміліп жоғалғандай. Салқын, таза ауаны құмарта жұтып, тынысы ашылған Айман екі жағына еліктей елеңдеп қарады да, ешкім қарап тұрмағандықтан еркінси, әппақ қарға еркелегендей құлашын жайған күйі жас балаша құлай кетті де, о жақ, бұ жағына рахаттана аунады. Аспандағы сирей бастаған жұлдыздарға қол соза, әлдене дегендей болды. Енесі үйден шыға келіп: «Мынаған не көрінген?!» деп ұрсып жүрер, әлдекім көріп, «Жын ұрған ба?» деп күлер деген қауіп санасына кіріп-шықпады. Ол бар дүниені ұмытып, мына кіршіксіз ақ үлпек қар мен енді ғана туып келе жатқан бозғылт таңның ерке қызындай ғашықтық пәк көңілімен елжірей елітіп, бір сәтке жалғанның қисынын тауып, қиюластырып тоқыған тікенекті торынан азат болғандай. Ешнәрсе ойлағысы келмеді. Бірақ ойдан қалай қашып кұтылмақ? Бұл әншейін шерлі жесірдің бостандыққа, пендешіліктің белін аттап өтіп, белгісіздікке жұтылып кете барсам ғой деп, ешқашан орындалмайтын ойының шаужайына жармасқан түрі еді.

Ол екі қолымен үлпек қарды уыстай алып, оны үрлеп, алақанында қалған азғана қалдығын бетіне басты.

Осындай қар жауған күндері Нұрбақ екеуі үйден ұрлана шығып, бір-бірін қуалап, қар шашысып, асыр салатын, балаша қызыққа бататын. Нұрбақ қуып жетіп, жерге құлата қойын-қонышына қар тыққылайтын болды-ау дегенде, ол бұны қапсыра құшақтап, құндақтаулы сәбидей көтерген күйі шыр айналдыратын еді-ау...

Ақжаймадай аппақ дүние жалт-жұлт ете сиқырланғанда бейне бір алтынмен қапталған айшықты сарайдың ішінде хор қыздарының арасындағы ханзададай құрметтің шексіз мұхитын кешіп бара жатқандай боласың. Сезімнің селдете төккен әсем әуезі жүрегіңді аймалап, желпігенде санаңды сан түрлі, сан қилы сұлу ойлар, сұлу көріністер қаумалап, қанаттандырып, серпілдіргенде ұмытылмастай көрінетін ұсқынсыз өткен күн бейнелері ескерусіз, ысырылып, бір қалтарыста қалып қоймақ. Бірақ олар қайта бой көрсетіп шыға келетіні өкінішті-ақ.

Бәрі де өте шықты. Өмірдің қызығы жартылады деген осы болар, бәлкім. Бірі мәңгілікке, белгісіз әлемге жол тартып кете барды. Екіншісі...

Айман сәлден кейін ұйқыдан оянғандай селк ете, жан-жағына көз салып еді ту сыртында енесінің тұрғанын көріп қалды. Ол ыңғайсызданып, бөкебайын түзеп, үсті-басының қарын қағып, мал жайғауға ертерек болса да қораға кіріп кетті. Әншейінде бір сөйлеп қалатын Қалампыр ештеңе демеді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама