Қорқаулық қоршауы
Аса қамқор, ерекше мейірімді
Алланың атымен бастаймын!
Нұржау оң қолының жұдырығын түйгісі келген. Қайдан? Білегі қоспасынан қиылғандықтан, жұмыла қалар бес саусақ жоқ қой. Жүрегі шаншып-шаншып кетті. «Қолым-ай!.. Осы қалаға тәнімнің бір кесек етін кестіруге келіп пе едім? Тапқан пайдам қане? Жазған басым-ай, бұл жаққа қайдан ғана тап болдым?!» Ол бұл сөздерді іштей күбірлеп айтқан. Өйткені, палатадағы өзге науқастарға іштегі өксікті өкінішін сездіргісі жоқ. Әсіресе, ауруханаға өзімен қатар түсіп, екі аяғын тізеден кестірген, жанарын жаспен шылап, күрсінумен өрілер өмірінің алғашқы күндерін енді бастаған жас жігіттің алдында бордай езілуді жөн көрмеді...
******
Тамыздың соңғы аптасы. Тап мынадай аптап ыстық шілденің өзінде де кездесе қоймас. Қуырып барады. Тас төбеден сәулесін тікендей қадаған күн тұрған орнына мәңгіге қатып қалғандай тапжылар емес.
Көшеде ары-бері ағылған машиналардың зуылдаған екпіні, шиқылдаған, гүрілдеген, тырылдаған дауысы жүйкеңе тиеді. Аяқ жолдармен асыға басқан, аялдамаларда сарылып автобусын күткен адамдардың жүзіне тіктеп қарау қиын. Бәрінің де қабақтары қатулы.
Жастар жағының екі құлағы қара түймемен бекітулі. Біреулері өзіне өзі дауыстап сөйлеп барады. Байғұс, қайтсін енді сондай «кеселге» ұшырап қалған ғой. Тілеп алды дейсің бе?..
Анадай жерде үлкендігі мысықтай сабалақ жүнді итсымағын құшағына қысып, онысына бетін жалатып айналасына «мейірімділіктің озық үлгісін» көрсетіп тұрған адамсымақ — белі қылдырықтай, келте шашын қып-қызыл етіп бояған, дұрысы былғаған, анасы қырқынан шығарғаннан кейін, шамасы тырнағы алынбаған, «кірпігі» көкке шаншылған, көзінің айналасын көк түспен айғыздаған албасты тектес бүгінгінің аруы тұр. Ғайыптан тайып бұрынғының қазағы мына тіршілік иесін көре қалса, шайтанға тап келгендей, біссімілләсін айтып, жағасын ұстап, құты қашары анық.
Шаужайына жармасқан шаруасы дегбірін алған талайлар сарылып автобус күтпестен, жол жиегінде таксиге қол көтеріп әуре.
Сапырылысқан жұрт. Шыжыған күн.
Адамынан машинасы көп, пысықтар мен өлермендерді жақсылар мен жайсаңдардың тізіміне енгізіп, төріне оздырған, ал, күнкөрістің қамына күйлеген, несібесін там-тұмдап теріп жегеніне мәз, мәртебелілердің дәргейіне қол қусырып, құнжыңдап, өзінде жоқты қиялдап, қолында барды қомсынып жүрген жоқ-жұтаңды таңның атысы, күннің батысы демей дедектеткен әсем де ұсқынсыз, аңғал да сақ, сыртқы пішіні ашық-жарқын көрінгенімен қулығы мен аярлығын ішіне бүккен, бедірейген, сазарған өңін өтірік жымиысымен бүркемелегенсіген қазіргінің сұлуларындай Ү. қаласының тіршілігі азан-қазан.
Жаһанға құшағын айқара ашқан, кім келіп, кім кетіп жатқанымен ісі жоқтай көрінетін шаһардың рең-басы сана көзіне мың құбылып көрінеді. Хамолеон. Қаланың өн бойынан сұлулықтың көмескіленген, жұқарған, арзандаған кескінін, өзі өсіп шыққан тамырынан бас тартып, басқаның олпы-солпы, ашық-шашық болмысына елжіреген ессіздігін байқай аласыз. Ал, оның мөлдір бастауын көміп, табиғи болмысын әлдеқашан жерлеп, өксігі мен күрсінісінің дыбысын шығаруға әл-дәрмені жетпей жініккен, аярлық пен жалдаптықтың жаршысы — жеңілтектік пен арзан күлкіні жұмақты өмірдің дәлелі деп таныған, ақиқатқа тура қараудың не екенін ұмытқандықтан жанары семген кейпін байқап қалсаңыз жаныңыз түршігеді. Бірақ, мұның бәрін оңай аңғара алмайсыз. Өйткені, жанарыңды қарықтырар, ішкі сарайыңды сайқалдандырар жылтыраған дүние, қым-қуат қозғалыс, шулы-дулы тіршілік базары есіңнен адастырып, санаң қанша жерден сау әрі сергек болса да сізді өзінің әлеміне идіреді, исіндіреді. Көзің байланады. Содан соң әлгіндей сұрықсыз кейіп-кескінді көру сізге қалай жазсын?! «Бәрі жұтынып тұр, қолмен қойғандай» деп шыға келесіз... Өйтпесіңізге амалыңыз жоқтай.
******
Нұржау сапаржайдың қарсы бетіне орналасқан аялдамаға ауылынан алып шыққан базарлық толы ала сөмкесі мен киім-кешегі салынған боқшасын мықшыңдай көтеріп жетіп алды. Әйелі Жарқынайдың: «Бажаң мен балдызыңның үйіне күнде барып жатқан жоқсың, ауылдан көшіп кеткелі бір іздеп баруға жарамадық, дүйім елдің басын қосып жалғыз ұлының сүндет тойын дүркіретіп жасағанда да атап шақырғанымен, қаржының қол байлап тұрғанын жасырып, жолдың қашықтығын сылтау етіп біріміз де бармадық, енді «бажеке, жан қинамай-ақ мол қаржы табатын жұмысқа орналастырамын» деп шақырғанда жердің шалғайлығын қаперге алар емеспіз... Қысқасы, басқа емес, өзіңнің жалғыз әрі туған бажаң мен балдызыңның үйіне сыбай-сылтаң, құры қол барғаның жарамайды» деп бар тапқанын тықпыштаған ала сөмкенің салмағын айтсаңшы. Нұржау Жарқынайдың мынадай көл-палдығына қарсы ештеңе демеген. Өздері сойып жеуге қимай отырған, бес-алты уақ малының алды — семіз ісекті жайратқызып, барлық етін сүрлеп салғанда да аларып қарағаннан өзге артық мінез көрсетпеген. «Қайтсін, жалғыз сіңілісінен не аясын? Ауылдың дәмін татсын дегені ғой».
Ол көшеде ары-бері өтіп жатқан адамдардың бәрі мұның сөмкелерін аңдып, көзі тайса оларды ала қашатындай дегбірсізденумен болды. Анадай жердегі дүкеннен сусын сатып алып келу мұңға айналғандай. Қос сөмкені арқалап дүкеннің қылдай есігінен ішке қалай енбек? «Мынаған қарай тұр» деп кімге жалынсын? Мейлі, әлдекімге сеніп тапсыра қойсын, бірақ онысы ашкөздің нақ өзі болса ше?
Нұржау орашалақ, жаңбыр жаумай су болып жүретін олпы-солпы адам емес. Ісіне тиянақты, шаруасына тастай жан. Тек, қала көрмегеніне ширек ғасырдан астам уақыт болғандықтан сәл-пәл бойы үйренбей тұрғаны ғой. Әйтпесе, Қиянды ауданына қарасты Қиықты ауылынан алғашқылардың бірі болып қалада оқып, жоғары білім алған, анау-мынау емес, білдей малдәрігері мамандығын меңгерген, қысқасы сонау шалғайдағы ауылдан шаһарға түрен салған Нұржау ғой бұл. Кеңес заманында ауылынан облыс орталығына сан мәрте іс-сапармен барып, ол жақтан жерлестеріне неше түрлі жаңалықтар айта келетін де Нұржау болатын.
Алайда, Нұржау көрген қалалар бүгінгідей емес, мүлде басқаша еді. Ол кездегілер қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда жұпыны да жуас болатын. Ал, бүгінгінің қаласына таңданып та, үрейленіп те қарайсың.
Нұржау алғашқыдай емес, алақ-жұлақ етуден тыйылайын деді. Айналасына сабырмен қарады. Жан-жағындағылардың бәрін өзіне дұшпан санаудан арыла бастағандай...
Автобустан түскен бетте айналасына соншалықты үрке қарауының себебі де жоқ емес еді. Өйткені, Нұржаудың Ү. қаласына баратыны белгілі болған күннен бастап дәмдес-тұздас жүрген ауылдастары мен ағайындары бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай бұл жаққа келгенде мейілінше сақ жүруін, абай болуын қайта-қайта айтып, санасына сақтық пен үрейдің дәнін қатар егіп, әбден пысықтаған-ды. Мұның алғашқыдағы асып-сасуына осының да әсері болмай қойған жоқ. Оның үстіне әйелінің кеңесі де мұны тастүйін еткен.
Аудан орталығына шығарып салғанда әйелі қолындағы дүние-мүлкіне ықтият болуын тапсырып тұрып: «Бүгінде адал еңбегімен емес, біреудің зар илеп жүріп тапқан дүниесін жымқырумен күн көретін кезбелер мен кері кеткендер көше-көшеде сеңдей соғылысып жүргенін білесің. Солардың біреу-міреуіне арандап қалма. Аузыңды күн шығысқа қаратып кетпесін. Мына сөмкедегі сәлемдемелерді бала-шағаның аузынан жырып салып отырмын. Әсіресе, ірімшік, құрт-майды көрші-қолаңнан «әке, жәкелеп» әзер сұрап алғанымды айтсаңшы... Өзді-өзіңе пысық бол. Аман-есен жеткіз. Бір қолың сөмкенің бауынан ажырамасын. Ой-санаңнан мұндағы дүниелердің оңай келмегені кетпесін...» деп қайта-қайта айтып, құлағын мүжігені Нұржауды қалай ғана жайбарақат күй кештірсін?
Нұржауға ала сөмкенің уайымы бәрінен де жол бойында қатты батты. Аудан орталығынан автобусқа мінгенде жүргізуші мұның «сөмкемді өзімнің қасыма алып отырамын» деп қарсылық еткеніне қарамастан алып шыққан дүниесін жүк салғышқа орналастырғаны оны әбден әбігерге салды. Автобус бір жерге аялдаса бар дүниесін әлдекім ала қашатындай көрінді. Бір тәуліктен астам уақыт жол жүрген автобус қанша рет тоқтаса, бұл да сонша мәрте көліктен жалма жан түсе қалып, жүк салғыштың аузын күзетумен болды. Бұл әрекетін жол серіктеріне білдірмеу үшін темекі шегетінін сылтау еткенсиді. Әйтпесе, қасындағылар мұны дүниеқоңыз, түккөрмеген жанға балап жүруі мүмкін ғой.
Шөл қысып барады. Мұздай сусынға толы дүкен қол созым жерде. Көзді жұмып, тәуекел деп заттарын тастай сала сусын әкелейін десе, барынан айырылып қалармын деп сескенеді. Ол осылайша әрі-сәрі күй кешіп тұрғанда қалта телефоны бебеулеп қоя берді. Күткені де сол еді.
Үлкен ұлына достары сыйлаған қалта телефонын ала шыққаны қандай оңды іс болған. Бұл: «мұны қалай пайдалануды да білмеймін, қымбат дүниені бір жерде жоғалтып алармын, қажеті жоқ» деп азар да безер қарсылық етсе де әйелі: «Қалада телефонсыз күнің жоқ. Мына жұрт сол «ойыншықты» еріккеннен ұстап жүр дейсің бе? Бүгінде онсыз күн көру қиын. Үйде де, түзде де қолынан тастамайтындар ақымақ емес. Оның үстіне қазір ХХІ ғасыр екенін ұмытпа. Бажаң мен балдызың мұндайдың неше түрін ұстайтын көрінеді, ал сен сымпиып телефонсыз барсаң күліп жүрер, одан да сөзді доғар да қалтаңа сал» деп ұялы телефонды өзімен бірге алып жүруін бұйырған. Ал, жолға шығардан бір күн бұрын үлкен ұлы бұған әлгі құралды қалай қолдану керектігін тәптіштеп, алты жасар балаға әліппе үйреткендей әр тетігін ежіктей түсіндіргені бөлек әңгіме. Ұлының айтқандары санасына бірі кірсе, бірі сіңбей, әбден әуреленген-ді. Енді міне, әйелінің қалтателефонын қоярда қоймай алдырғаны, баласының оны қалай қолданатынын шыр-пыры шыға үйреткені пайдаға асты.
— Жезде, аман-есенсіз бе?
— Шүкір, өздерің... Мен автобустан қазір түсіп тұрмын.
— Ойбай-ау, таң азаннан сізге қоңырау шалып жатырмын, телефоныңызды құлағыңызға тоссаңыз нетті?
— Сол құрғырдың шырылдаған үнін естімеген шығармын.
— Жезде, бажаңыз жұмысынан қолы тимей, сізді күтіп алуды маған тапсырған еді. Бірақ, мен барамын дегенше қай уақыт. Көшедегі кептелістен өтіп барудың өзі бір қиямет. Ең дұрысы, таксиге отырсаңыз әп-сәтте жеткізіп салады. Өзім есік алдында күтіп аламын.
— Жарайды, жарайды.
Шөлдің қысқаны, көннің кепкені ұмытылғандай. Балдызының саңқылдай хабарласқаны жалғызсырап, айналаны өгейсініп, танымайтын жерде жүні жығылып тұрған Нұржауды бір серпілтіп тастады. Жеті атасы түгел тіріліп келгендей қуанды.
Мұны тоғыз қабатты қызыл үйдің ауласында балдызы емен-жарқын қарсы алды. Алайда, жалғыз жездесін туған ағасындай санайтын Құралай бұрынғыдай назданып, қылықтанып, жолыға қалса еркелей кететін әдетін көрсетпеді. Басқаны былай қойғанда, туған әпкесінің хал-жағдайын да сұрай қоймады. Көрмегелі әжептәуір уақыт өткендіктен араға жарықшақ түскендей ме, қалай?.. Салқындық сезіледі. «Жо-жоқ, күнделікті жүзбе-жүз кездеспесе де айына екі-үш рет телефон арқылы амандық-саулық сұрасып тұрғандықтан жік-жаппар бола қоймаған шығар. Соған бола балдызыма кінә артпаймын».
Ұзынша бойлы, талдырмаш келген балдызының сыртқы пішінінде өзгеріс көп, толыңқырапты. Ауылда жүргенде ұшып-қонып, жеңіл қимылдайтын, ал қазір жүріс-тұрысы маңғаз. Реңі ағарған, екі беті май жаққандай жылтырап тұр. Қысыңқылау келген қой көздері ғана естелікке кешегі ерке балдыздың қылықты да ойнақы мінезінен тәбәрік алып қалғандай.
Бұлар қысқаша амандық-саулық сұрасқан соң лифтімен лезде алтыншы қабаттағы пәтерге көтерілді. Нұржау көтеріп келген ала сөмке пәтердің кіре берісінен орын алды. Ол тіпті ескерусіз қалғандай...
Төрт бөлмелі пәтердің іші көздің жауын алады. Мұнтаздай таза. Салқын. Не керектің бәрі бар. Бөлме сайын жалт-жұлт еткен жиһаз, компьютер. Қабырғаға ілінген жалпақтығы даладай теледидарды айтсаңшы. Аяқтың астында қор болған жұмсақ кілем, терезелерде әсем перде. Асханада қабырғаның жартысын жауып тұрған биік те енді тоңазытқыш ыңылдаса, дуалға қаздай тізіле орналасқан шкафтар көз тартады. Мұндайды бұрын-соңды көрмеген, осынша дүние өзгенікі емес, күні кеше ауылда әркімнің асарынан қолы тимей, аузы ішімдіктен босамай далаңдап жүретін өзінің туған бажасынікі екеніне сене алмаған Нұржау әуестікпен бейне бір көрме тамашалағандай барлық бөлмені таңырқай аралап шықты. Тумысынан пейілі кең, анау-мынауға мән бере қоймайтын салқынқанды жан деп есептелінетін Нұржауды не түлен түрткенін, оның ішкі әлемінде қызғаныштың қызыл иті тісін ақситқандай болды.
Ол балдызымен жолыққанда ашық-жарқындықтан гөрі жасанды сыпайылық пен біртоғалықтың, салқындықтың қылаң бергенін есіне түсірді де, мына бақуатты тұрмыстың табиғи таза көңіл-күйге сына қаққанын түсінді.
Нұржау:
— Балалар қайда, көрінбейді ғой... Бүгін жексенбі...
Құралай:
— Олар көбіне үйде бола бермейді. Танагүл мен Жайнагүл жүзумен шұғылданады. Бассейнге кеткен. Ал, Сапар аулада доп қуып жүр.
Бір кезде сыртқы есік ашылып, ішке Танагүл мен Жайнагүл енді. Жүзіне мейірім ұялап шыға келген Нұржау орнынан елпеңдей көтеріліп, кішкентайынан қолында өскен қос қызға құшағын ашуға ыңғайлана берді. Бірақ, әбден толған, рең бастары аппақ, маңғаз қимылды, танаулары аспандаған, жүріс-тұрыстарынан кеудемсоқтықтың, тәкаппарлықтың белгісі сезілетін қыздар бұған алара қарады да бастарын изегенсіп, еріндерін ғана жыбырлата сәлемдескен болып өз бөлмелеріне өте шықты. Нұржау сасыңқырап, ыңғайсыздана кері шегініңкіреп, есігі ашық тұрған асханадағы Құралайға көз тастады. Ол балдызынан: «Бұларың не, өздеріңді талай еркелеткен көкелеріңді танымадыңдар ма, қане жөндеп амандасыңдар» деп қыздарына кейіс білдірер деп ойлаған. Бірақ, ол ләм-мим деместен өз ісін жалғастыра берді. «Бала ғой, бұлар ауылдан кеткелі бес жылдан асыпты. Осы аралықта жатсынып қалғаны да».
Нұржау төргі бөлменің есік тұсына қойылған жұмсақ креслода мүлде жат, бөгде, танымайтын біреудің үйіне әлдебір бұйымтайын айта келген кіріптар жандай күй кешіп отырып қалды. Мұндай көрініске тап болу оның үш ұйықтаса түсіне кірмеген-тін.
Құралай асханада дастархан әзірлеп жүр.
Нұржау өткен шақтың иіріміне аз-кем малтыды.
Бажасы мен балдызы ауылдың батыс шетіндегі тоқал тамда үстіне ілер киімін, ішіп-жерге ас-суын әзер тауып күнелтетін. Құралай балабастылықпен — екі қызы мен ұлының күтімімен үйінде отыратын. Жарқынай бірін көрсетіп, екіншісін байқатпай дегендей сіңілісіне там-тұмдап оны-мұны апарып беріп не Құралай келе қалса, құр қол жібермей бәйек болатын. Қайтсін, бір туған сіңілісі ғой. Нұржаудың перзенттері де өздерінен жасы кіші бөлелерін ойнатып, еркелетіп, жақын тартатын. Әсіресе, Танагүл мен Жайнагүл Нұржауға таласа еркелейтін. Айналсоқтап қасынан шықпай, дастархан басына жиналғанда мұның қасына жайғасып алып, әмірлерін орындатқызып, дегенін істеткізетін. Сол кездерде олар алты-жеті жасар болатын. Ал, Мәжиттің жалғыз ұлы Сапар бесіктегі сәби еді. Өзінің балалары ересек тартып кеткендіктен Нұржау көбіне бұларды кеудесінен кері итермей, керісінше еркеліктерін көтеріп, шолжаңды қылықтарын қызықтап қарайтын...
Тұрақтап тиянақты бір жұмыс істеуді білмейтін, табаны тайғанақтап әр ненің басын бір шалып, тек кеңшардың науқандық жұмыстарына ғана араласқансып, одан тапқанын ішкілікке жұмсап, ауылда қай үйде асар болса, сол жерден табылатын, қолы бостарды жинап алып, арақ-шарапты молырақ құйып тұрып шаруасын тындыратын қулардың маңынан шықпайтын Мәжит Нұржауды көп аса төңіректей бермейтін. Өйткені, өзінен жасы үлкен, тірлігі тап-тұйнақтай бажасы жолыға қалса, «ақылын айтып басымды ауыртады» деп қашқақтап жүретін.
Мәжит отбасын алып қалаға көшерде Нұржау мен Жарқынай жол қаржыларын қалтарына салып, бала-шағаларының үсті-басын бүтіндеп беріп шығарып салған-ды. Міне, сөйткен Мәжиттің отбасы ғой бұл. Өзінен шықпаса да туғанындай көрген екі қыздың еркелемек түгілі жөндеп амандаспағанына көңілі қалған Нұржауға мына үй мүлде жат болып көрінді. Өзінің осында ат басын бұрғанына өкініп қалды. Дегенмен, «балаға бола ренжіп, көңілімді сүттей ірітпейін» деп өзіне басу айтты.
Балдызының ұсынған түскі асынан кейін төргі бөлмедегі жұмсақ диванға жатып ұйқыға бас қойған Нұржау дабыр-дұбырдан оянып кетті. Жұмыстан Мәжит келген екен. Терезеге қарап еді күн сәулесінің қызғылт тартқанын аңғарды. Бір тәулік бойы қақайып автобус ішінде отыру оңай ма, сілесі қата ұйықтапты. Денесі дел-сал.
Бажалар көптен бері көріспегендерін есепке алмағандай бір-бірімен салқын амандасты. Көңілі ә дегеннен су сепкендей басылып қалған Нұржау да елпілдей қоймады. Мойны жуандап, қарны салбыраңқыраған, көзін ашқалы кеңсеге кіндігі байланған шенеуніктен аумай қалған тәпелтек Мәжит қонақтың қасына жайғасты. Спиртті ішімдікті біршама сілтегені бет әлпетінен, жанарынан білініп тұр. Әтірді аямай сепкендіктен, арақтың иісі сезілмейді. Жайшылықта кісіге кезек бермей сөйлейтін лепірме Мәжит бойындағы ащы судың күші қайта бастағаннан болар, аһілеп-уһілеп, ауыр демалып отыр.
Кең бөлменің бір шетіне қойылған үстелдің үстіне келістіре жайылған дастарханда бос жер жоқ. Сары бауырсақ, тәттінің неше түрі, ұқыппен туралған қазы-қарта, жал-жая, шұжық, сыр, хрустал графиндерге құйылған қымыз бен шырын, әсіресе жаңа ғана қазаннан түскен үйеме табақ ет көздің жауын алады. Ас иелерінің өңдерінен «міне, біздегі молшылық осындай» деп сыңай танытқандары анық байқалады. Нұржау алдына қойған астан тартына алып, барынша сыпайы отырды. Ортақ әңгіме тұсауын кесер түрі жоқ. Кенет Мәжит қарлығыңқы дауыспен: «Алыстан бажам келгенде томаға-тұйық отырғанымыз жараспас. Дастархан басындағы әңгімені қыздыру үшін аздап арақ-шарапқа кезек берелік», — деп орнынан жеңіл көтерілді де, тоңазытқыштан екі-үш шөлмек әкелді.
Құралай:
— Мұның бәрін жалғыз өзің сіміріп өле қалмақпысың? Жездемнің бұрыннан ішпейтінін білесің, — деді.
Мәжит:
— Жездең келген соң күшіңе енейін дедің бе? Тыныш отыр, — деп әзілге жеңдіргенсіп, күле сөйледі.
— Бажаңның келгенін сылтауратып тағы да қылқытамын десеңші.
Жағдайы келіңкіремей отырған Мәжит екі-үш стақан арақты көмейінен өткізген соң жайдарланып, маңдайының құрыс-тырысы жазылып шыға келді.
Бағаналы бері тоң-теріс отырған бажалар бір-біріне жылы шырай танытқансыды. Қызыл тілді сумаңдатып, орынды-орынсыз лепіртетін шайтан сумен нәпсісін суарған Мәжит дастархан тізгінін қолына алған.
Кешегісі мен бүгінін салыстыра кеңінен толғаған ол тілі бұратыла отырып арақтың буымен бар сырын жайып салды.
— Мені көре алмайтындар көп. Ебін таба асап жүргенімді көрген сайын дұшпандарым ұйқысынан айырылып, құты қашады. Айналдырған төрт-бес жылда қос-қостан көлік, пәтер алып, зәулім коттедж салдым. Мұның бәрі мына жаман бажаңыздың еңбегінің жемісі. Арамнан алыстап, адалға жақындағандар аштан қататын мына заманда ұрлай білмесең, жымқырып-қымқырып, көлденең табыстың көзін таппасаң далада қаласың... Біздің компания өте үлкен. Кірісі мен шығысында қисап жоқ. Шетінен кертіп ал да кете бер. Компанияның иесі маған әбден сеніп алған. Осындағы шаруасының тізгіні менде. Қожайынның құлқыны өте кең, жемсауы терең, түбі жоқ. Оны толтыру мүмкін емес. Сол ашылған аранға дүние тасу мына бажаңыздың «қасиетті» борышы. Ал, бұл міндетті атқарып жүрген біз де қарап қалмаймыз, әрине. Бастық өте адуынды адам. Оның мықтылығы сол, құлқынынан не өтіп жатса да жарықтықтың реңінен қуаныштың, разылықтың табын да көре алмайсың. Сазарып, мелшиіп тұра береді. Егер қалтасынан ұсақ-түйек шығын шыға қалса, қалтырап-дірілдеп, қырық күн қара жамылып, соның орнын толтырудың қамынан өзге ештеңе ойламайды. Сондай жанның қол астында қызмет еткен адам жаман болмайды. Айтыңызшы, мен қазір кімнен кеммін? Басқаны былай қойғанда, мына үй, мұндағы сән-салтанат талайдың пешенесіне бұйырмаған...
Құралай күйеуінің лепірме сөзін жақтырмағандай рай танытып өзге бөлмеге кіріп кетті.
— Бажеке, балдызыңыздың қабағындағы кірбіңді байқадыңыз ба? Оның мені атарға оғы жоқ. Жазықтымын. Бүлдірдім. Сізден несін жасырамын, осыдан бір жыл бұрын тоқал алдым. Ешкімге айта көрмеңіз. Мұны әзірге ағайын-туысқа, құда-жекжатқа білдірмеуді жөн көріп отырмыз. Алғашқыда Құралай біраз қарсы болып, келіспеген. Бірақ, жүре келе жуасып, қазір тынышталды. Қайда барар дейсің? Қолдан келіп тұрғанда қонышымнан бассам айып па?
Қарындасындай болып кеткен Құралайдың үстінен әйел алған бажасының қылығын естігенде Нұржау ренжіңкіреп қалды. Алайда, болары болып, бояуы сіңіп тынған іске қатысты әлдене деудің пайдасы жоқ екенін түсініп, жақ ашпады.
— Тоқалыма коттедж салып бердім. Ертең таныстырамын. Хас сұлудың өзі. Бастығымның өзі соған үйленгенімді қалап, емеурін танытты. Айналамдағылар «қожайынның құмарын қандырып, төсегінен шыққан қаншықпен отасты» деп даурығысты. Айта берсін. Басыма қонған бақты көре алмаған қуыскеуделердің өсек-аяңына мән беретін ақымақ емеспін. Мейлі, бастықтың ойнасы-ақ болсын делік. Ойбай-ау, онда тұрған не бар? Бүгінде біреудің тастап кеткен салпы етек қатынын таңсық көріп алып жүргендер аз ба?.. Ал, менің алғаным хор қызындай құлпырған нақ сұлудың өзі. Ертең көресіз де, Мәжиттің талғамы биік екенін мойындайсыз.
Ертесіне түс ауа екі бажа қақпасының құны қырық қыздың қалың малына тең келетін, шатыры қызыл черепицамен түңкеленген, үш қабатты коттеджге келді. Қақпаны күзетші ашты.
Мәжит:
— Бұл коттедждің құрылысын алты айға жеткізбей аяқтадым. Қол астымда істейтін жұмысшылардың арқасында бітіп қалды. Құдайға шүкір, беделім бар. Жігіттер айтқанымды екі еткен жоқ. Бөтен мінез көрсетер болса, көзіне көк шыбын үймелейтіндерін жақсы біледі ғой. Ал материалдарды... Білдей құрылыс компаниясының бір филиалын басқарып отырған Мәкеңнің өз есебінен қисық шеге сатып алмасы белгілі.
Бұлар үйге кіргенде қарсы алдарынан әбден боянып-сыланған, ұзынша келген, қыпша бел, жүзіне күлкі үйірілген, киген көйлегі өзіне жараса қалған, ауылдан қонақ келді деген соң әдеп сақтағансып таққан болар, басында қызыл ала орамалы бар аққұба өңді келіншек шықты. Есімі Қырмызы екен.
Мұнда да дастархан жайнап тұр. Нұржау дәмнен аздап ауыз тиді. Мәжит екі-үш стақан арақты араларын ұзатпай көмейіне бірінен соң бірін құйып, көзі күлімдеп шыға келді. «Жұмыс уақытында арақ атаулыны ауызға ала алмайсың, сондықтан сенбі, жексенбіде бір сілтесем артықтық етпес», — деп ақталғансыды.
Аз-кем үнсіздіктен кейін Мәжит:
— Бажеке, дастарханға қайта оралармыз, енді мына коттедждің бөлмелерін көрсетейін, — деді.
Жиырмадан астам бөлмесі бар үш қабатты коттеджді аралап шығуға екі сағатқа жуық уақыт кетті. Әсем жиһаздар, жалтыраған люстралар, қабырғаларға ілінген картиналар, кілемдер мен перделер, креслолар мен дивандар, компьютерлер мен теледидарлар, бірнеше жуынып-шайынатын орындар мен әжетханалар... бәрі, бәрі ауылдағы қарапайым ортадан келген адамды әрі-сәрі күй кештірері сөзсіз. Шынында Нұржау өзін мұражай аралап жүргендей сезінді.
Бұлар тағы бір бөлмеге енгенде соңдарынан подноспен жүзім, салқын сусын және арақ-шарап көтерген Қырмызы бұрала басып кірді.
Жасауы жарқыраған, шетелдік қымбат жиһаздармен жасанған, қабырғаларына кілең атақты патшалардың, жаһанды билеген императорлардың, қолбасшылардың үлкен-үлкен картинкалары ілінген, моншақ шынылары мың құбылған, жалт-жұлт еткен люстрасы көз кідіртер кең бөлменің төріне қатар қойылған былғары креслоларға екі бажа жайғасты. Екеуінің ортасында тұрған үстел үстіне Қырмызы қолындағы подносын қойып бола бергенде Мәжит ешкімнен қымсынбастан ерсі түрде оның бөксесіне саусақтарын батыра өзіне тартты. Нұржау олардан жанарын тайдырып әкетті. Қырмызының жүзінде қысылғандықтың табы аздап сезілгенімен, Мәжиттің ыңғайына көнгенсіп, креслоның жаңтауына бір жамбаспен қисая отырды. Сөз тізгіні Мәжитте. Нұржаудың ішімдік ішпейтінін білетін ол ешкімге қарап жатпай, екі-үш стақан арақты бірінен соң бірін тағы да өңешінен жүгіртіп-жүгіртіп жіберді. Сәлден кейін Қырмызы Мәжиттің арақ-шараптың буымен жөн-жосықсыз екпіндеп сөйлегенін ұнатпағандай бір шыны шырынды ұстаған күйі бұларды тастап шығып кетті. Ол кеткен соң Мәжит тіптен еркінси сөйледі.
— Бақыт деген міне, осы Бажеке! Өзіңіз көрдіңіз ғой. Жұмыстан шаршап келгенде мың бұралған сұлуың алдыңнан есік ашып, іші дүниеге толы кең де таза бөлмеге бастап, тағамның, сусынның, ішімдіктің неше түрін ұсынып, бәйек болып жатса, өзіңді қалай бақытты сезінбейсің, а? Мен кешегі жалаң аяқ, жалаң бұт Мәжит емеспін. Менде бәрі бар. Өзіме келген қонақтарымның барлығын осы коттеджде күтемін. Өйткені, олар кешегі жақыбай Мәжиттің бүгінгі тұрмысын көрсін. Көрсін де мысы басылсын. Ақыры ашық әңгімелесіп отырмыз ғой, айта берейін. Мен өз қонақтарымды бұл жерге құрметтегендіктен емес, оларға байлығымды көрсетіп, мақтанып, масаттану үшін, ел-жұртқа, ағайынға Мәжиттің «құдіретін» айтып барулары үшін алып келемін. Әрине, сіз ренжімеңіз..., — деп, көпіріп кеткен езуін алақанымен сүрткен ол соңғы сөздері артықтау кеткенін аңғара қойып, Нұржауға төменшіктей қарады.
Мынадай сән-салтанатты бұрын-соңды көрмеген Нұржау былғары креслода отыруды өзіне лайықты көрмегендей қипақтап, өзін барынша сыпайы ұстап әуре. Шынында байлық иесінің мысы оны жаншып тастағандай. Нұржау бажасының әр сөзін зейін қоя тыңдап отырғандай сыңай танытқанымен, көңіл дөнені шартарапқа шапқылап, ойы шашырап, ішкі әлемі әлем-жәлем күй кешумен болды. Көбіне оның көз алдына жыңғыл бұтақтарымен тоқылған шарбақтармен қоршалған өз үйінің ауласы, сыртқы есігі шиқылдап-қиқылдап ашылар ескілеу шағын үйі, оның ішкі көріністері көлбеңдей берді. Мына коттеджбен мүлде салыстыруға келмейтін өз үйін ойлағанда Нұржаудың жүрек тұсы сәл бүлкілдегендей болды. Алайда, ол осы бір пендешілік ойдың шырмауынан тез құтылғысы келгендей, «данышпан» Мәжиттің сөздерін тыңдағансып отырды.
— Осы бөлмеге жиі бас сұғамын... Оның үлкен себебі бар. Мұнда мен өзімді тәуелсіз, еркін сезінемін. Мына картиналарда бейнеленген патшалар мен қолбасшылардың суреттеріне қарап отырып ләззаттанамын. Бұл императорларға қараған сәтте тұла бойыма ерекше бір күш құйылып, өзімді биліктің ұшар басында тұрғандай көремін. Осындай сезімді бастан өткеру мен сияқты ұсақ-түйек пендеге жартты байлық емес пе. Әсем музыканың дауысын баяу шығарып қойып, еденге тиген етегінің дыбысы судыраған тоқалың келіп ұсынған жылы-жұмсақтан жеп, шәрбат, шарап іше отырып, қиялдарға берілу менің өмірімнің өзегі іспетті...
Мына картиналарда бейнеленген Ескендір Зұлқарнайын, Ю́лий Це́зарь, Наполеон, Еділ, Шыңғыс хан, Абылай хан, Джордж Вашингтон, Ленин, Ата Түрік сынды тұлғалардың атақ-даңқын қызғанамын. Әрине, олармен тұғырлас, деңгейлес болу мен секілді бейбаққа бұйырмасы анық. Бірақ, менің олардан артықшылығым — мен тап қазір тірімін, ал олар өлілер қатарында, — деген Мәжит ащы судан тағы бір тартып жіберді.
Бұлар «патшалар сарайындағы» әңгімесін төменгі қабаттағы үлкен залға жайылған мол дастарханның басында жалғастырды. Үй қызметшілері болар, екі әйел зыр жүгіріп қызмет көрсетіп жүр. Нұржау оң жақ қабырғаға ілінген, ұзындығы бір құлаштай картинаға бейнеленген көрініске ұзақ қарады. Онда толқыны буырқанған теңіз үстінде қалықтаған шағалалар, құмшауыт жағалау, ақ ұлпа бұлты күнмен шағылысқан аспан, теңіз айдынына көзін күннен көлегейлей қарап тұрған, ақ көйлегінің етегін жел желпіген қыз бейнеленіпті. Сурет сәтті салынған. Ақ көйлек, ақша бұлт, ақ шағала күмістей жылтырай келіп жартасқа соғылған теңіз толқыны бір-бірімен үндесе кеткендей. Нұржауға теңіз толқынының шуылы, қыз етегінің сыбдыры естілгендей болды. Шағалалар бейне бір қар ұшқындарындай...
Бұдан кейін бірер күн өткен соң Нұржау Мәжит қызмет ететін құрылыс компаниясына жұмысқа орналасты.
******
Желтоқсанның ызғырығы жоныңа таспа тілердей қамшысын үйіріп, кәріне мінген. Осыдан бір апта бұрын тобықтан аса жауған аппақ қар күрк-күрк жөтелген көксау көліктердің түтінімен күйелештеніп, салақ жанның сауыс-сауысы шыққан халатындай реңге енген.
Құрылыс жұмысы тоқтағанына бір аптадай өткен қала шетіндегі ашық-шашық нысанның бірінші қабатында басшылықтың өкілін осымен бесінші күн күткен жігіттердің тістері қайраулы. Алғашқыда бұлардың қарасы алпыстай болатын. Қазір қатары сирей түскен.
Соңғы үш айдың еңбекақысын жарытып төлемеген әрі бұдан былай іс барысы қалай қарай дөңгелейтінін ашып айтпай қыстың көзі қырауда сарсаңға салған «Ғажайып» құрылыс компаниясы басшыларының қашқақтауы жұмысшыларды тығырыққа тіреген.
Бұлардың талап-тілектерін тыңдауға ат басын бұрады деген пәтшағар әлі жоқ. «Әні-міне келемін» деп телефон арқылы күнде уәдесін бергенімен, қара көрсете қоймаған.
Өздерімен бірге ала келген ас-суларын түс әлетінде талқажау етті демесеңіз, бәрі де аш. Бір жағынан аяз сорып, қалтыратып барады. Бірақ, бойларындағы ашу-ыза асқазанның аш бөріше ұлығаны мен аяздың әлегін елетер емес.
Азынаған жел, айналадағы сұрықсыз көрініс, сұр бұлт еңсені езеді.
Міне, сағат түстен кейінгі төрттен асты. Күткен адамы бүгін де келмесіне көздері жете бастаған жігіттер араларынан өздеріне басшы етіп сайлап алған кең иықты, ұзын бойлы, бидай өңді, жер ортасына тақап қалған Нұржаудың аузын бағып, оған «енді не істейміз?» дегендей сұраулы пішінмен қарайды.
Аракідік қалта телефонымен күткен адамына қоңырау шалып, бірақ жауап ала алмай күйінген Нұржау мына сандалыстарынан ештеңе өнбейтінін енді ұққандай сөз бастауға оңтайланды. Мұны баққан өзгелер оның қасына ошарыла қалды.
— Бүгінге осы сарылғанымыз да жетер. Тағы да алдады. Қанша қарсылық танытқаныма көнбей, өздеріңе басшы етіп сайладыңдар. Ендеше, мені тыңдайсыңдар, — деді Нұржау қарлығыңқы дауыспен. — Бәріміз де шалғайдағы ауылдардан келдік. Жолымызға қарап әрқайсысымыздың бала-шағамыз отыр. Жетісіп жүрген ешкім жоқ... Маңдай терімізді бостан-босқа төгіп, қайдағы біреулерге жем болмаймыз десек, ізденейік...
— Дұрыс, жөн сөз, құлдай бейнет кешкеніміз аздай, енді кесілген ақымызды ала алмауымыз ездік, — деді осында бір жылдан астам уақыт сылақшы болып жұмыс істеген Бәйкен езеурей.
Нұржау:
— Қане, өз ойларыңды ортаға салыңдар. Көпшілігің қос-қостан дипломдарыңды сандық түбіне сақтаған жоғары білімдісіңдер. Арамызда мұғалім де, дәрігер де, заңгер де, инженер де бар.
Кірпіш қалаушы Қалжан іліп әкетті:
— Бұл жерге басшылардан ешкім келмейді. Одан да компанияның басшылары жайлы жайғасқан ғимараттың алдына жиналайық.
— Ой, сен де... Кешеден бері мына жұрт не айтып тұр? Олар әлдеқашан тайып тұрған. Әйтпесе..., — бетон құюшы Садық сөзінің соңын жұтып қойды.
— Сотқа арызданайық, журналистер шақырайық. Жоғарыдағылар естісін, — деді кезінде полициядан демалысқа шығуына екі-үш жыл қалғанда бастығының «доғар» дегенін тыңдамай, өзінің тік мінезіне салып, бір жуанның басбұзар ұлын қамаймын деп ақыры қызметінен біржола қуылып тынған Тоқтар.
— Меніңше, алдымен теледидардан тілші шақырып, істің барысын жұртқа жаялық. Ең дұрысы осы. Жоғары жақта «Ғажайыптың» қожайынына даңғыл жол ашып беріп тасада отырған бір дөкейдің болмауы мүмкін емес. Ең құрығанда сол естісін. Білсін. Бәлкім тасада тұрған сол дөкей «Ғажайыптың» «тамашасынан» хабардар болып, әлгі кәззаптардың мойынын бері бұрдырар, — деді дәнекерлеуші Сауықбек.
— Журналист құрғырың шақыртуымызға келе қояр ма екен? Бізді неғылсын? Оны алдырып, теледидарға дұрыстап түсіру үшін де ақша керек, ақша! — деді Қалжан күйгелектеніп.
Бұған жауап ретінде Сауықбек:
— Үкіметке жұлдызы қарсы телеарнаның тілшісімен хабарлассақ, қазір-ақ жетіп келеді. Тиын-тебен сұрап жатса, қалтамыздағы соңғы бақырымызды санап берсек те бір нәрсесін жасармыз, — деді.
Бағанадан бері сөзге араласпай шеттеп тұрған, жасы отызға іліккен, қой көздері үнемі жылмың қаға қуланып тұратын Саржан ортаға кимелей еніп:
— Сіздер қанша даурықсаңыздар да ештеңе өндіре алмайсыздар. Сотың да, журналистің де бізге пысқырғаны бар. «Ғажайыптың» қожайындары кімдер екенін білесіздер ме? Олардың құрығы ұзын, қылышы өткір, аузы дуалы. Біздің әрекетімізден түк те шықпайды. Соттарың да, полицияларың да, журналистерің де «Ғажайыптың» асырандылары. Бұл компанияның атын естісе, безіп кетеді...
Санжардың сөзі жігіттердің біразын ойландырып тастады. Олар «енді не істейміз?» деген сауалға тұщымды жауап іздегендей бірауық үнсіз қалды.
Шын мәнінде, құрылысшы жігіттер өздерінің қоғамында әділдікке жету оңай емесін, ол үшін сан қилы, соқтықпалы, бұралаңды сүрлеулерден өтуге тура келетінін, соңында жеңістің бұйыруы неғайбыл екенін терең сезінетін. Олардың біразы мұндай тайғақты жолдармен жүріп те көрген болар. Егер, солай болса, жүйкені жүндей түтер мынадай кесапатты кедергілермен бетпе-бет келіп, ақырында құты қашып, тісін қайрап кері қайтқаны анық. Ол қандай кесапатты кедергілер?
Прокурорлар, соттар, полицейлер немесе «тұрымтайдан зорлық көрер бозторғайлардың» мұңын мұңдап, жоғын түгендеу үшін құрылғандай көрінетін әлеуметшіл мекемелердегі әлділер әділдік іздеп барған сізге алғашқыда жаны ашығансып, мүләйімсіп, айтқандарыңды шын пейілдерімен тыңдағансиды. Олар әрдайым алдына келгендердің сөзін аяғына дейін есіткенді жөн көреді. Әсіресе, соңғы сөзіңді тағатсыздана күтеді. Өйткені, оларға әңгімеңнің түйінін білу өте қызық. Неге дейсіз бе? Әлгілердің «қызметтік» тәжірибесінде сан мәрте дәлелденгендей, сөздің тоқетерінде алдындағы кіріптар адамның беретін «сыйлығы» белгілі болады. «Сыйлықтың» көлемін белгілерде қызмет орны не әлдебір ыңғайлы таса қып-қызыл базарға айналып жүре береді. Әйтеуір, тірлігіңді бітіру үшін ауыз жаласа келісіп шығасыз. Келісу де оңай емес? Алдымен не ұсынатыныңды, неге, қаншаға шамаң келетінін жеткізесің, бірақ анау азырқанып, басын шайқайды да өзінің кесімді сөзін айтады. Сонікі жөн. Көнсеңіз сол, әйтпесе, кете беріңіз. Лажсыздан бас шұлғисыз. Содан соң, қалтаңа қарай қимылдайсыз. Олар кедейсіз бе, байсыз ба талғап жатпайды. Тек, «мырзалығыңызға», «жомарттығыңызға» қарайды. Бәсекелесін жолдан тайдырып, аяғынан шалу үшін ізденген бақуаттының қолын сараңдық, құқығын қорғауға талпынған кедейдің қолын жоқтық байласа, жүгінген талтаңбайларың саспастан, үстінен арыз түсіп, бәлеге шатылған қарсылас жақпен әмпей-жәмпей болысып, олардың ол-пұлын алып, әйтеуір, екі ортадан жем жемей тынбайды. Кейбір пысықтар тіптен сорақы. Мұндайлар көбіне құрығы қысқа, қалтасы жұқа, бірақ, біразға дейін далбаңдай шапқылауына шамасы жетер, тапқанын берер алаөкпелер мен өлермендерді ұршықша айналдырады. Әлгі пысықайлар әдепкіде «жауыңызды жер жастандырып, қарсыласыңыздың басына әңгір таяқ ойнатамын» немесе «бітпей жүрген шаруаңызды тап-тұйнақтай етіп тындырып беремін» деп уәдені үйіп-төгеді де, іле ұялғансып, күмілжігенсіп, аузын арандай ашса жемтігі үркіп кететінін, босқа ауа қармап қалатынын ойлап, сақтана аздап сұрайды. Шаттанып кетесіз. Анау сізге сондай қайырымды, мейірімді, жібі түзу жандай, тіпті, әкеңіздей көрініп кетеді. Құшақтап алып сүйе бергіңіз, сүйе бергіңіз келеді. Өзара келісілген, көлемі екеуіңе ғана белгілі беретініңізді оның қалтасына тықпыштап мәз боласыз. Иә, мәз боласыз. Бірақ, ол сізді осылайша тұзаққа іліндіргенін кешірек білгеніңізде, «ай, қап!» деп саныңызды бір-ақ соғасыз. Неге? Әлгі неме алғашқы бергеніңізді қалтасына салып алған соң, «анау еді», «мынау еді», «шаруаңыз біткелі тұр, тек тағы да аз ғана қаржы құрғұры...» деп миыңызды ашытып, зыр жүгірткізеді. Сіз амалсыздан «қырқына шыдағанда қырық біріне де көнейін» деумен сұрағанын қарыздана, қауғалана тауып берумен жандалбасалайсыз. Анау алақанын жаюдан шаршамайды. Шарт кетіп, «қара бақыр да бермеймін» десеңіз, сыбайласыңыз айтқандай, «әне, міне біткелі тұрған істі» бүлдіріп алудан қорқып, сәл сабыр сақтағанды жөн көресіз. «Қайырымды досыңыз» бергеніңізді өзім алып жатырмын деп әсте айтпайтыны тағы бар. Өйткені, оның да «ұяты» бар емес пе? Ол әуелгі алғандарын жұмырына жұқтырған соң есімі белгілілеу, шаруаңның бітуіне тікелей әсер етуші ретінде түсіндірілген, жоғарырақ лауазымда отырған «көкесінің» тамағынан бірдеңе өткізу керектігін айтады. Бересің. Содан кейін сіз естімеген, білмеген, бірақ, «алақан жайғыш» «көкелерді» қаптатып жібереді. Шынында, солар сұратып жатыр ма, әлде, сыбайласыңның қулығы ма, біле алмайсыз. Ол жағы Аллаға ғана аян. Көңіліңіз күдік кіреді. Анықтағың келіп, жаңағы мың-сан «көкелердің» бірін іздестіріп табуға өз бетіңізше әрекеттенуді де ойлайсыз. Алайда, «Олар есігінен сығалата ма? Танымайтын адамының көбік сөзін тыңдай ма? Парақор ретінде ұстатайын деп жүрген әумесер деп өзімнің көзімді құртқызып жібермей ме?» деген күдікпен райыңыздан қайтасыз. Осылайша шаршайсыз, қалтаң жұқарған сайын жүйкең де жүндей түте-түтесі шығып, діңкәлайсыз. Содан бұрқылдайсыз. Тағы сұраса, ештеңе тауып бере алмайсыз. Содан «жан серігіңіз» «әй, әттеген-ай, енді-енді біткелі тұрғанда... Мені сөге жамандамаңыз. Өзіңіз көріп тұрсыз, жан аман болсын, соған шүкір делік» деп жұбатқансып, бар кінәні табыла қоймаған ақшаға жауып, сөзінің астарымен шаруаның бітпеуіне тікелей өзіңізді қатысты етіп қайқаң баса кете барады. Міне, сіздің арқа сүйеп, ақыңды алып береді деген сенгендеріңіздің, әділетшіл билеріңіздің түрі осы. Ал, ешкіммен жең ұшынан жалғаспай, сыбайласуға ниет танытпай, құры ақ параққа бұйымтайыңды жазып тастап кетіп, одан тұщымды жауап аламын деу мылқаудан сыр суыртпақтаудан да қиын. Тіл ала алмайсыз. Солай...
Арадағы аз-кем үнсіздікті Нұржау бөлді. Ол Саржанға қарап:
— Сонымен өз ойыңды айтшы, — деді.
— Меніңше, бүйтіп күнде жиналып алып бүрсеңдегенше әліптің артын бағалық. Бір мәнісі болар. Жалақысын ала алмай зар жылап жүргендер біз ғана емеспіз... Еңбегінің ақысынан күдерін үзгендер аз ба осы күнде? Айлығын жылдап күтіп жүргендер қаншама. Одан да жатағымызға барып, ауырмайтын жамбасымызбен қисайып жатып алайық. Айтпақшы, біз түнеп жүрген жай «Ғажайыпқа» тиесілі екенін де ұмытпайық. Өзінің айтқанына көніп, айдауына жүрмегенді кім маңдайынан сипап, құдасындай төріне шығарып қояды дейсің? Егер, осылайша оларға қарсы дөңайбатымыздан тыйылмасақ, бәрімізді де жатақханадан түре айдап шығады. Мұны жақсы білесіздер. Сонда қайда барамыз?» — деп қызына, дауысын көтере сөйлегеннен мойын тамырлары білеуленіп кеткен Саржан «жатақхана» деген сөзді ерекшелей созыңқырап айтты.
Әншейінде екі ауыз сөз айтса, біріне әзіл араластыруға құмар, қисық Саржаннан дәл мынадай белсенділік күтпеген жанындағылар «дұрыс», «жөн» деп оны қоштай дабырласып қалды.
Кеңес кезінің көзін көрген, қала шетіндегі ашық-шашық, жаңбыр жауса төбесінен тамшы саулайтын, суы мен жарығы бірде бар, бірде жоқ, жазда ыстық, қыста тастай суық болса да бастарына пана еткен жайларының ақысы қалталарына қолайлы келетіндіктен қуана, «шүкірін» айта тұрып жатқан құрылысшылар жатақтарының иесі «Ғажайып» екені жаңа естеріне түскендей жаппай басылыңқырап, жүндері шалғы тиген пішендей жата қалды. Бәрі «О-һо, біз кіммен ерегескелі жүрміз өзі?» десіп бастарын салбыратты. «Жанға жайсыз болғанымен, ақысы арзан жатағымыздан айырылсақ, бұдан былайғы күніміз не болады?» деген көпшілік шынында тығырыққа тірелген. Жеке пәтер жалдап тұру оңай ма? Жанбас пұл удай. Шыдатпайды. Ауа райы болса мынау. Ұнжырғаңды түсіреді. Шұлғауын сүйреткен жоқ-жітікті мазақ етер қыстың арыны қатты.
Тоқтар кібіртіктеп Нұржауға жаутаңдай көз тастады.
Нұржау:
— Бұл жерге жатақхана жайын талқылауға келгеніміз жоқ. Жөнге көшелік. Басшылықпен бетпе-бет, көз түйістіре сөйлесудің орайы келе қоймас. Мықтымсығандар бізді адам екенсің деп ескергісі келмейтіндей. Сондықтан оларға өзіміздің тірі адам екенімізді дәлелдеуіміз керек.
Саржан:
— Қалайша? — деді шырт түкіре.
Саржанның сұрағын қаперіне алмаған Нұржау одан әрі:
— Арызданатынымыз да, тілші шақыратынымыз да басы ашық жайт. Бірақ, ең алдымен өзіміздің бірлігімізді айрандай ұйытпай, бәріміз жұмыла осы істің аяғына дейін тіреспей нәтижеге жетемін, маңдай теріңді селдей төгіп істеген бейнетіңнің қызығын бала-шағама көрсетемін деу кебір жерге дән еккенмен бірдей екенін ұмытпалық, — деді.
Нұржаудың сөзін қоштаған Тоқтар:
— Бізді бүлік шығаруға үндеп тұр деп ойламаңыздар... Базбіреулерге маңдай терінің өтеуін сұрап қолын созғандар бүлікшіл, бұзақы, қылмыскер ретінде көрінетіні рас. Біз ешкімге қиянат жасағымыз жоқ. Тілегіміз — еңбегіміздің есесін алу. Сондықтан, бүгін осы тобымызбен барып өтініш-тілегімізді қағазға түсірейік те, ертеңнен бастап кідірмей қажетті орынға шағымданайық, — деді.
Сөзге араласқан Сауықбек:
— Бастапқыда қарамыз алпыстан астам еді. Міне, қазір жартымыз жоқпыз. Рас, олардың арасында арамыздан табылғысы келгенімен тіршілік арқаны қолын байлағандар бар шығар, түсінеміз. Алайда, көбісі желтоқсанның арамқатырар азулы аранының өтінде қалтырағаннан гөрі өйтіп-бүйтіп жылыстап, «қай жеңгенің менікі» деп қулығын ішіне бүккенді артық көріп, тасадан бақылағандар мен «Ғажайыптың» таңы қайта атып, түлеп шыға келсе, басшыларға жаманатты болып көрініп қалармын деп сақтанған пысықайлар. Иә, «күріштің арқасында су ішкен күрмектер» қашанда кездеседі. Оларға жалтақтап, бүкір пиғылдарына кек сақтап, кетеуі кеткен ниеттерін көрегендік санап әуреленбейік. Енді біз осы тобымызбен ыдырамай, өзара ауызбіршілікпен арызданайық, — деді.
— Дұрыс, қатарымызды селдіретпей, сетінетпей, өзімізді менсінбей, қор санағандарға қарсы бір әрекет етпесек, еркек болғанымыз қайсы, — деді Қалжан.
Өзін қолдаған серіктерінің сөзін әрі қарай жалғаған Нұржау:
— Біздің сотқа түсірер арызымыздың күші, теледидар арқылы жеткізбек мұңымыздың мәні бірлігімізге байланысты. Ұйымшыл, бірауызды тас-түйін топ — қарсы келгенді қақыратар дауыл. Біздің жұмылуымыз кімді де болса ойлантпай қоймайды. Осыны қаперімізден шығармалық. Бұлай етпей ешбір ұшпаққа жете алмаймыз. Жолымызға телміре қарап отырған бала-шағаның несібесін өз елімізде тұрып еншілей алмасақ еркексініп үй бетіне қалай көрінеміз, — деді Нұржау дауысын көтере.
Нұржау сөзін бітірер-бітірмес Саржан килікті:
— Әлдеқашан жонын көрсете қыр асып, бүгежіктеген міскінімізге қарқ-қарқ күліп жөнін тапқан бірлікті қайта шақырып құры босқа әуре болудың жөні қайсы? Айтыңдаршы. Қазір жартымыз жоқпыз. Ынтымағымыздың түрі осы ма? «Бірлік, бірлік» деп сәл ертерек данышпансу керек еді.
— Сен неге сонша кері тарта қалдың? Ойбай-ау, жоқ жерден арамызға жік салғанда ұтарың бар ма? Әлдебір ойың болса ашып айтсаңшы. Әйтпесе, жөніңді тап, шырақ, — деді Тоқтар зілдене. — Сапасыз көптен, бір тілекпен топтасып, бір мақсатты көздеген аз артық. Жартымыз ауа жайылып кетті деп басқамыз бармақ тістеуден аса алмай, жерге қарасақ аспаннан біреу түсіп езуімізді майлап бермейді.
Саржан қызынып:
— Тоқа, сіз өйтіп артық кетпеңіз. Жөнімді табар-таппасымда шаруаңыз болмасын. Менің де ойым, осыншама жұрттың қамы. Сүйегімізді сүйретіп сотқа барсақ та, отқа барсақ та түк өнбейді. Дұрысы, қожайындардың алдында сес көрсетпей, кішірейе білейік. Жалынайық, өтінейік. Күштімен тіресеміз деп құрт түссе де шайнаңдауға жарайтын тісімізден айырламыз. Оларды шындап ерегістірсек ерініміз аязға қақ-қақ жарылған күйі соқыр тиын да бұйырмай сорлаймыз... Иә, білемін, сапасыз көптен бір мүддені меже еткен азшылық артық болар, бірақ, біреу «ей» десе, тырағайлай қыр аса қашар, әлдекім «тәйт» десе, тізесі дірілдеп, бұтын нәмдер су жүрек топ екенімізді қаперден шығармалық.
— Әй, сен қай қияға өрлеп барасың? Байқап сөйле. Жұрттың бәрі сен секілді есек құлағын жымқырса анадайдан қалтырар сужүрек деймісің. Шауып аламын деген даңғойыңды көрсет, тірсегін тіліп, тірідей іреп, терідей илейін, — деді алпамсадай Сауықбек жұдырығын түйіп.
Саржан Сауықбектің ызғарлана жұдырығын алға соза сөйлегенінен сескеніңкіреп, артқа сәл шегініңкіреді.
Нұржау:
— Мақұл, Саржан, сенікі жөн делік. Басшыларға жалынайық, жалбарынайық. Ал, одан да ештеңе өнбесе қайтпексің? Егер әлі ортамыз ортаймай тұрғанда өзіміздің тірі екенімізді білдірмесек, ертең кеш болып қалмай ма? Дәл қазір бет-бетімізбен кетсек қайтып басымыз құралмайды. Өз бетімше ақымды айырып аламын дейтіндерге тосқауыл жоқ, жол ашық, — деді.
Сауықбек:
— Күннің ыстығы мен суығына қарамай, таңның атысы, күннің батысы демей, ауырына белді талдыра, азабына жанды шыдата құлша еңбектеніп, енді соның өтеуін жалынып-жалпайып, қайыршыдай тіленіп алудан артық қорлық бар ма? Қара төбеттің айбарынан қорыққаннан шалқалай жата барын ашып тастап, шыбын жаны үшін жәдігөйлене қыңсылайтын итаршының күйін кешу өлгенмен бір емес пе? — деді.
Сөзін қайта жалғаған Нұржау:
— Түбі текті, ары таза әрбір адам біріншіден өз намысын ойласа керек. Көкірегімізді әлдекімнің май табанына бастырып, мыж-мыжымыз шыға жер қауып жатуды ар көрмесек, бет-бетімізбен кетелік. Менің дәл осы үш айлық жалақыға қарап қалған күнім жоқ. Иә, ешкім де аштан бұратыла өліп қалмайды. Бәрің де тағы бір жерге орналасып, бұйырғанын табасыңдар. Бірақ, бір мезгіл, ішкі әлеміміздегі барымыз, адамдық қалпымыздың басты белгісі — намысымызды да ойлайық. Ар-намысын көктей солдырып, мезгілсіз жерлегендер көп, мың-миллион, бірақ, мен сол топқа қосылып, қасиетсіз тобырдың қарасын көбейткім келмейді. Мені осында шідерлеп тұрған ар-ұятым және сендердің артқан сенімдерің. Әйтпесе, бәріне қолымды бір-ақ сілтеп, әлдеқашан елімді тауып, отбасыма оралар едім, — деді.
Нұржау өзін қоршап тұрған серіктеріне барлай көз тастағанда бәрінің жанарлары жанып, бастарын кекжите көтеріп, еңселері тіктеліп, жаланып, өшіккенін өлімші етердей жұтынып тұрғанын аңғарды.
Тек Саржан ғана басын шайқай, миығынан күле бөлекше түрге енген. Ол айтарын кекесінмен бастады:
— Нұреке, намыс сізде ғана бар да, өңгемізде жоқ дейсіз бе? Сіздің пікіріңіз жалған намысқа саятынын біліңіз. Әдемі сөздің шебері екенсіз. Жарайды, сіздің сөзіңізге бас ұрайық. Бірақ, мына түріңізбен жігіттердің қолына қару ұстатып, қан-қасапқа айдап салудан тайынбайтындайсыз. Сегіз сыныптық білімім болса да менің де әрнеден хабарым бар. Халықты көзсіз батырлыққа үндеп, дауылға қарай айтақтап, айдап салатындар жеме-жемге келгенде «қызықтың» көрерменіне айналып, тасада кеңк-кеңк ете рахаттана күліп қарап тұратынын данышпан тарихтан оқығанбыз. Әлгі айдап салғыш қушыкеш мерейі үстем болғанның жеңісіне қуанғансып, оған деген өзінің адалдығын шыр-пыр ете дәлелдеп күн көретінін, майлы жіліктің басын мүжіп, танауы делдиетінін де білеміз.
Жігіттер үнсіз. Нұржау сабырын сары алтындай сақтап, Саржанға жанарын қадап тұр.
Саржан сөзін жалғай бермек еді Тоқтар бұрқ етті.
— Әй, тарихшы мырза, сен сонда Нұрекеңді айтақтаушы демекпісің. Біз өзіміз емес пе бұ кісіні арамыздан басшы етіп сайлаған. Сен жұрттың миын ашытпа. Әлде сен бізді айтақтаса шәуілдеп үре жөнелетін ит дейсің бе? Білгішсінуін. Айтшы өзің, Нұрекеңнен алар нендей өшің, қандай кегің бар а?
— Ешкімге кеткен өшім де, кегім де жоқ. Бірақ, мен Нұрекеңе сенбеймін.
— Неге? — деді Сауықбек пен Қалжан жарыса.
— Себебін түсіндірер болсам, ол ұзақ әңгіме.
— Түсіндір, жасырма. Несін қаймығасың? — деген Бәйкен Саржанға одырая қарады. — Айтарыңның шетін қылтитқан соң қалғанын ішіңде сақтап қайтесің. Есітейік. Ақтар ішіңдегіні.
— Ендеше құлақ түріңіздер. Осында тұрған барлығымызды жұмысқа қабылдап, компанияның «қорасына қамаған» кім екенін жақсы білесіздер. Ол — «Ғажайыптың» осындағы бөлімінің бастығы Мәжит Беренұлы. Сол Мәжит мына Нұрекеңнің туған бажасы...
— Онда тұрған не бар? — десті жігіттер даурыға.
— Несіне шулайсыңдар? Соңына дейін тыңдағыларыңыз келмесе, осы жерден әңгімемді үзейін.
— Жарайды, айта берсін, тоқтамасын, — деді Қалжан жанындағыларды сабырға шақырғансып. Нұржау да: «Тыңдайық, сабыр сақтаңдар» деп Саржанға жалғастыра бер дегендей ым қақты.
— Менің естуімше, қожайын жауапкершілікті Мәжитке артып, өзі сүттен ақ, судан таза болып отыр. Біз оған жолыққанымызбен «Мәжитті тауып алып, ақыларыңды содан өндіріңдер» деп шығарып салады. Ал біз күнде күтіп жүрген бухалтер мен инженердің қолынан түк те келмейді. Бұл екеуі кеңседе қызмет етеді демесеңіз, өзіміз секілді жалдамалылар. Арада жұмсалып жүрген олармен жолыққанымызбен түк те өнбейді. Барлық гәп Мәжитте. Оның біздің арамыздағы көзі әрі құлағы, қысқасы жансызы мына Нұрекең. Әлгі қашқын не істеп, не қойғанымыздың бәрін осы кісі арқылы біліп отыр. Біз болсақ, ата жауымызға айналған «Ғажайыптың» белді өкілінің бажасын «ешкіні орамжапыраққа қарауыл еткендей» басшы етіп сайлап алдық... Біздің осында бүрсең қағып, қолымыздан түк келмей бейшараның күйін кешкен халімізді күн сайын бес саусағындай білетін Мәжит сыртымыздан қарқ-қарқ күле әппақ көрпеге көміле шәлжиіп жатқан болар. Ал, адал ақшамызды жамбасына басып, не өлі, не тірі екенін білдірмей кетке қуаяқтың бажасына мен не үшін сенуім керек? — деп Саржан қызына тоқтады.
Бәрі уағызға ұйыған бала шәкірттей Саржанның аузын баққан.
Нұржаудың әлгінде ғана жігіттердің ішкі әлеміне қозғау сала жігерлерін жанып, қалғып-мүлгіген, дүдамал, дүмбілез күйге шырмауықша шырмалған сезімдерін шымшып оятқаны әдірә қалғандай. Барлығы қайтадан сылқ түсе самарқау тұр. Көпшілігінің иықтары бүріскен, бастары төмен иілген, жанарлары майы таусылып, құр білтесі жанған шамның жарығындай өлеусіреген. Серпіліс семіп, сергектікті бұйығылық жанышқан. Кеуде қуысында тұрақтылық тұралап, тұрақсыздық ту тіккен. Сырғақсыған сезім әрі-сәрі.
Нұржау Саржанның сөзін бөліп жіберді.
— Мәжиттің бажам екені рас. Ол зәнталақтың осыншама әбігерге саларын мен біліппін бе? Өйткен бажасы құрысын. Егер мен арамыздағы әңгімені Мәжитке күнде жеткізіп тұрсам, Алла сазайымды берсін! Онымен күнде сөйлеспек түгілі бірауыз тіл қатысуға зар болып жүрген жайым бар, жігіттер. Өйткені, бала-шағасын жайлы баспанасынан айырып, мына күннің суығында қала шетіндегі қараусыз қалған саяжайға қамап тайып тұрыпты. Мен Мәжитпен сөйлесер болсам, оған ақымды емес, ішуге қара су таппай қиналған бала-шағасының жағдайын айтар едім. Бірақ, жолығу мүмкін болмай тұр. Мен сендердің алдарыңда ақталмаймын. Маған сенбесеңдер бүгіннен бастап көзімді құртайын. Жо-жоқ, енді бұл іске араласпаймын, кетемін, — деген Нұржаудың дауысы жарықшақтана шықты.
Саржанның өзіне сенімсіздік білдіргені үш айлық жалақысына бола емес, бірге жұмыс істеген жігіттердің сенім артқаны үшін ештеңеден тайынбайын, қарақан басымды ғана күйттемейін, ортақ істе жасық ұлдай тайқып шықпайын деп таза ниетпен жүрген Нұржауға оңай тимеді.
Нұржаудың жан-тәнімен беріле, күйзеле сөйлегенін таза жүрекпен түйсінген төрт-бес жігіт алдын-ала дайындалып алғандай «Нұреке, мұныңыз не, кетпеңіз» деп жарыса дауыстап жіберді.
Өз жөнімен кетпекке бұрыла берген Нұржау еріксіз кідірді. Өйткені, әлгі жігіттердің көмейінен шыққан «кетпеңіз» деген бір ауыз сөздің өн бойында «біреудің жапқан жаласы мен жөнсіз сөзіне бола күйініп, ашуға ерік бермеңіз» дегендей жанайқай жатыр еді. Әрбір жанайқайдың түп-төркінінде бүкпесіз ой, шынайылық, жаһұт пейіл, мылқауға тіл бітірер бұлқынысты бұйымтай болатынын әрдайым есте ұстайтын Нұржау мына тұтас топ үшін емес, солардың арасындағы бірнеше жігіттің сенімін аяқасты етіп, жарты жолда тастап кеткендей болмайын деп аялдады. Нұржау өзіне иек артқан, Саржанның бұра тартар бұралқы сөзін құлағына да ілмеген серіктерін аяп та кетті. «Арқа сүйеп тұрған адамының түрін қара. Күресерге дәрменсіз, құрығы қысқа, аяғы тұсаулы, отбасының айлық-шайлығын табуды ғана мұрат еткен менен бұлар нендей жақсылық, нендей ерлік күтеді екен?»
Нұржауда азулы да айлалы арамзалармен айқасар, «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деп шалқаяр шама қайда? Мұныкі тек, мына топты қасқыр тиген қойдай бытыратпай, басын біріктіре ақысын алуға шақыру, бақ сынап көру ғой. Оның үстіне Нұржау топ құрап, пікір тоқайластырып, ортақ іске ұмтылдырар ұстынды ой түйіп, жігіттердің мұқалған жігерлерін қайрасам, олардың кеуде түкпіріне әлдеқашан ұя салып, балалаған, тіпті қанға сіңіп, болмысын бұзған, айықпас дертке айналған, бойларындағы ерлік пен өжеттіктің тамырын шауып, өрттей жалмап, өрісін кеңейткен құлдық сананың кеселі сылынып түсер, бәлкім, деген дәмесі де бар еді.
— Саржанның көпірмесіне бола осылай ыдырап, сүттей іріп кете береміз бе, Нұреке? Мәжиттің бажасы түгілі туған әкесі болсаңыз да ортамыздан сізді жібермейміз. Өйткені, басалқы айтып, бас болып бәрімізді ұйымдастырар өзіңізден басқа кім бар? Үлкеніміз де өзіңіз, — деді Тоқтар.
— Жөн делік, бірақ, көңілдеріңде маған деген сызат бар екен. Сондықтан, рұқсат беріңдер. Жөнімді табайын. Айтпақшы, Тоқтар, сен неге жігіттерге бас болмайсың? «Ғажайыптың» бұрыннан келе жатқан құрылысшысысың? Тізгінді өзің ұста.
— Жо-жоқ, Нұреке, қолымнан келмейді. Әрине, жауапкершілік жүгінен қашпаймын, бірақ, несін жасырайын, менің жабылған жала кесірінен алған «қылмыскер» деген дардай атағым бар. Арнайы тіркеудемін. Бір жерден қылтиып мойыным көрінсе, ізімді тіміскілеген «иттер» үріп ала жөнеледі, — деді Тоқтар.
Нұржау:
— Жарайды, «битке өкпелеп тонымды отқа жақпайын».
Тоқтар:
— Тонды жаққаннан битті сыққан дұрыс-ау.
Саржан кекесінмен:
— Мені битке теңедіңіздер ме? Солай-ақ болсын. Сығып тастаңыздар, қуып шығыңыздар. Бірақ, айтпады демеңіздер, «Ғажайыппен» ерегесіп береке таппайсыздар.
Сауықбек Саржанға сұқ саусағын шошайта сөзге араласты.
— Әй, Саржан, сен жаңа Нұрекеңе сенімсіздік білдірдің. Мүмкін компания басшыларының, әлде Мәжиттің арамызға іріткі салуы үшін жіберген жансызы сен шығарсың... Әйтпесе, адал ақымызды бейбіт түрде талап етеміз дегенімізге неге осыншама шыр-пырың шыға қарсылық көрсетесің?
Қалжан оны қостай сөйледі.
— Бағанадан бері мен де осылай ойлап тұрғанмын. Жігіттер, бұған дейін Мәжитпен ең жақын араласқан кім еді? Мына Саржан. Екеуінің ымы-жымы бір емес пе еді. Түн демей, күн демей, бірін көрсетіп, бірін көрсетпей құрылыс заттарын «Мәжиттің бұйрығы» деп сыртқа сата жылмыңдап жүретін де Саржан екенін іштерің біледі. Мәжиттің есімін көлденең тарта, білгенін істеп, «қонышынан басқан», кезінде қораздай қоқиланып, айдарынан жел ескен Саржан бүгін міне, өзінің «пірін» «қуаяқ» дей қалуын қарасаңшы. Қысқасы, бажасы дүркіреп тұрса да ешқандай артықшылық талап етпей, жұртпен бірге тиесілі жұмысын атқарып, адал еңбегіне сүйенген Нұрекеңе сенеміз бе, әлде көз алдымызда екіжүзділікке бой алдыра адыраңдаған, Мәжиттің арқасында алшаң басып, мұртын майлап, өзіне қарсы келгенді, көңіліне жақпаған талай жанды қожайынына жамандап, ақырында түртпектеп-түртпектеп ысырып шығарған Саржанға сенеміз бе? Өздерің таразыға салып, кімнің «ауыр», кімнің «жеңіл» екенін анықтаңдаршы.
— Мәжитке жалпақтап, жандайшабы болған жоқпын. Бастықтың аты — қашанда бастық. Айтқанын орындауға мәжбүрсің. Тек мен емес, бәріңіз де оның алдында құрдай жорғалайтынсыздар. Өзі жоқ болған соң ғой едіреңдей қалғандарыңыз. Мәжит тап қазір төбе көрсете қалса, жарыса жағымпаздануға кезекке таласатындарыңызды кім жоққа шығара алады, қане?.. Жарайды, алайда мынаны да ескеріңіздер. Өздеріңіз ойша есептеп жүрген ақыларыңызды Нұрекеңе еріп дау-дамаймен алғанның өзінде, ол түгел бұйырмайды. «Неге?» дейсіздер ме? Жұмысқа қабылданарда келіскендеріңіздей, жалақыларыңызды екі түрлі жолмен — көп бөлігін қолма қол, ал, аз мөлшерін, шамасы қырық мыңдайын банкіден, дәлірегі, заңды құжат негізінде алып келдіңіздер. Бұл — компанияның салықтан жалтару үшін жасаған құрық бойламас қулығы екені айтпаса да түсінікті. Ендеше, біз егер ақымызды заңды жолмен қудалаймыз десек, басшылардың жаны кіре түседі. Өйткені, әлгі заң бойынша беріліп келген аз ғана пұлды қолымызға ұстатады да, қалғанының орнына ернін шығара кете барады. Осы арада кім ұтады, кім ұтылады, сараптай беріңіздер. Ал, басшылықпен келісіп, оларға түсіністікпен қарасақ, ақымызды түгел алуға мүмкіндік болады.
Тоқтар Саржанға қарап:
— Сен тағы бір бәленің басын қылтиттың ғой... Меніңше, ақымызды түгелдей ала алмай қаламыз деп жоқ жерден қорқып, бүгежектеуіміз орынсыз. Егер арызданар болсақ, компанияның салықтан қашып, заңнан аттағанын да көрсетеміз. Осыншама жанның ауызбіршілікпен айтқан сөзі мөр басылған, қол қойылып, қатталған құжатыңнан да өтімді келеді. Әрнеге назар аудара қазірден сескене берсек түк те өндірмейміз. Әрекетсіз отырғанша тырбана қимылдасақ шың болмаса да шабырдан асамыз. — деді.
Нұржау:
— Көп сөз — көбік. Бүгінге осы да жетер. Өзді-өзімізбен қасарыспай, қақаған суыққа жілік майымызды тоңдырмай қайтайық, — деді.
Жігіттер бітпеген құрылыс ғимаратының бірінші қабатынан шыға бере екіге жарылды. Оншақты жігіт Саржанның жанына жинала негізгі топтан қалып қойды.
Жаяу адамға әжептәуір қашық жердегі жатақханаға жетуге Нұржау бастаған жігіттер асығар емес. Есік-терезесі бүтін болғанымен жартымды жылуы жоқ, қабырғасы ырсиып-ырсиып жарылып кеткен, сырт киіміңді шеше қалсаң тісіңді тісіңе тигізе сақылдатар тартымсыз жатақханаға кім асыға қойсын?
Жолай ешкім жақ ашпады.
Аяққа таптала-таптала нығыздалған қардың беті таздың басындай жып-жылтыр. Көкбет желге жапырағын әлдеқашан жұлдырған талдардың сидиған бұталары сұп-сұр. Қаптаған қарғалар. Қамсыз. Ұшуды да, қарқылдауды да ұмытқандай. Бәрі де талтаң-талтаң етіп маңғаздана жүреді. Оларды үркітіп мазасын алар ешкім жоқ. Еті харам, түрі ұсқынсыз, дауысы дарақы, кісі қызығарлық дәнеңесі болмаған соң жауы да аз. Сондықтан еркін. Темір тұзағын сүйретіп, оқты зауалын кезенген, ашкөздік пен қанағатсыздықтың уынан ләззат алған қызылкөздерден тығылып құзар шыңда, шатқалдарда, иен далада шыбын жанын шүберекке түйе күнелтетін қанаттыларды қамсыз қарғаның тағдыры қызықтырар ма екен?..
О, тоба! Осыншама қарғаның біреуісі қарқылдасайшы... Кір-кір, аяқасты қар үстінен әлденені шоқығансиды. Талғажау етер не бар дейсің? Жай ғана әдеті ғой. Әйтпесе, қарғаларға біреу келіп жем шашып кетті деймісің?..
Құрылысшылар топырлай жатақхана есігінен ішке ене бергенде олардың қарсы алдарынан жұмыстан шаршап келсе де тыным көрмейтін кезбе жастарға жаналғыштай, ал, қақ-соқпен ісі жоқ, кірген бойда тырапай аса ұйқыға бас қоятын үлкендер жағына томағатұйық, сабырлы көрінетін комендант шықты. Май басқан мықынын бөкебаймен шарт буған, семіздік пе, әлде ісік пе, әйтеуір бар денесі ірк-ірк еткен толық сары — үлкен-кіші Оля апай атап кеткен жасамыс әйел бұларға сәл-пәл аялдауларын өтінді.
— Бүгін сендер үшін жағымсыз... Мына жатақхананы үш-төрт күннің ішінде... босатуларыңа тура келіп тұр, — деген комендант екі ауыз сөзін қайта-қайта есінегендіктен үзіп-үзіп әрең бітірді. «Неге? Күні кеше алдағы бір айдың жамбасақысын жинап алып едіңіздер ғой. Ақымызды бермек түгілі енді жатағынан қуайын деді ме. Босқын құрлы болмадық па?» деп жарыса сөйлеген құрылысшылар әулігіп кетті.
— Соншама неге даурығасыңдар? Менде тұрған не бар? Тек қана келген хабарды жеткіздім. Басқасында шаруам жоқ. Өздерің білесіңдер.
Жігіттерді сабырға шақырған Нұржау:
— Сізге мұны кім айтты? — деді комендантқа.
— Өзін «Мейірім» деген серіктестіктің басқарушы-менеджерімін деп таныстырған жұқа сары, танауы делдиген біреу түс әлетінде келіп хабарлады. Қазір өзі де қара көрсетіп қалатын шығар. Сендердің осы шамада оралатындарыңды ескерткенмін.
Комендант ауыз жиып болғанша топсасы май көрмегелі бірқыдыру уақыт өткен есікті зарлата ашып «Мейірімнің» менеджері де жетіп келді. Оля апай дәл суреттегендей, танауы делдиген, жұқа сары, мұздай киінген жас жігіт тым ұяң көрінеді. Жұмсақ та жылы көлікпен келген болар, киімі жеңіл. Мойнына таққан галстугы өз орнында тұрса да онысын қайта-қайта түзулегенсіп, шала бүлінсін. Жағымсыз хабарды коменданттан естіп үлгерген құрылысшылардың қатулы қабағынан қаймыққаннан болар қолдары, қос тізесі дірілдеңкіреп, онысын білдірмеуге тырысқаннан қозғалақтап, әп-сәтте шып-шып терлеп шыға келген маңдайын алақанымен сүрткіштеп күбіжіктеді. Нұржаудың жаны ашып кетті. «Байғұс баланың осыншама сасқалақтағаны несі, келгендегі шаруасын айта бермей ме. Бәлкім, біздің өңіміз оған жаналғыштай көрінген шығар».
— Иә, інім, құлағымыз сенде. Неге сонша әбіржідің? Түн ішінде қалың қарақшымен бетпе-бет келгендей құтың қашты ғой. — деді Нұржау дауысын жұмсарта.
— Жо-жоқ, мен жай... Ыңғайсызданып. Ақ қар, көк мұзда жайды босат деп айту маған оңай дейсіздер ме? Бастығым басқасы құрып қалғандай мені жұмсағаны...
— Жай-жапсарды түсіндір. Қақаған боранда бас сұғып, паналап отырған төрт қабырғаның ішінен далаға айдап шығардай не жазып қойдық?
— Менің еш кінәм жоқ. Жоғарыдағылардың шешімі солай. Бұл жатақхана осыдан бір ай бұрын «Мейірімге» қыруар қаржыға сатылған. Енді қожайын бізбіз.
— Солай-ақ болсын. Бірақ қандай дәлелің бар? «Ғажайыптың» басшыларынан біреу-міреу келіп тілдеспесе, біз ешқайда шықпаймыз. Атсын, ассын, білгенін істесін...
— Сіздерді түсінемін, бірақ мүлік «Мейірімнің» қарамағына өтіп кеткен. басшыларыңызбен өздеріңіз жолығыңыздар.
— Сатып алғандарыңа бір айдай уақыт болыпты, содан бері неге ескертпедіңдер?
— Бастықтарыңыз «қоя тұрсын» деп өтініпті.
— «Мейірімнің» иесі кім?
— Оның қатысы қанша?
— Өй, жаңа ғана тілің күрмеліп, бұтыңа жіберіп қоярдай дірілдеп тұр едің, енді кеудеңе жан бітейін деді ме? — деп Сауықбек гүр ете қалып еді, менеджер баланың өңі бозарып, шегіншектеп кетті.
— Немене, соншалықты құпия ма? — Нұржау «Мейірімнің» өкіліне жақындай түсті.
Осында келерден бұрын құрылысшылардың аш бөрідей ызалы екеніне қаныққан жұқа сары «ашулы топтың кәріне ұшырап, желкем қиылып жүрмесін» деп сескенгенімен, жұмсаған кісіден аса алмай әзер келген-ді. Енді міне, жанартаудай атылуға сәл-ақ тұрған алақұйын топтың ортасында торға түскен торғайдан шыбын жаны шырылдап, иманы үйіріліп дір-дір етеді. Өзі де тумысынан жалтақ, жасық еді. «Қорқып тұрған қоянға тәйт деген соң не сорым».
— Нұреке, Нұреке, мына сары маған таныс секілді. Бір жерде кездестіргендеймін. Қазір, қазір, е-е-е, енді есіме түсті. Мұны мен Қорғас Қарашаевтың жанынан көргенмін, — деді Садық жанұшыра.
— Оның кім тағы?
— Ойбай-ау, Кәдімгі «Ғажайыптың» иесі ше?.. Енді есіме түсті, бұл Қарашаевтың туған жиені. Иә, иә. Дәл солай.
Қалжан топты кимелей алға ұмтыла:
— Ендеше, не тұрыс? Мұны ешқайда жібермей кепілге алайық. Жиені үшін Қорғастың өзі қазір-ақ жетіп келеді, — деді.
— Әй, Қалжан-ай, қайдағы жоқты айтасың-ау. Кепілге алғаны несі? Бұл байғұстың не жазығы бар? Екі арада шапқылап жүрген шабарманның бірі де, — деді Нұржау жайбарақат түрде. — Қарашаевтың жиені екенің рас па?
Өзіне төне түскен алпамсадай жігіттердің ортасында екі көзі алақ-жұлақ еткен жұқа сары шынын айтып құтылмаса аман кетпейтінін мойындағандай бүрісе түсіп, әзер тіл қатты.
— Иә, Қарашаевтың туған жиенімін...
— Түсінікті. Демек, «Мейірімің» де, «Ғажайыбың» да айналып келгенде бір адамның меншігі екен ғой, ә! Жұмсаған кісі нағашың ба? Солай ма? — деді Нұржау.
Жұқа сары барлық жоспарды бүлдіргенін іші сезіп, қалтырап кетті. «Мына бәленің тани қалғанын. Бұлай болады деп кім ойлаған? Басқа біреу құрып қалғандай мені жібергенін қарашы» деп өкініштің өртіне күйіп-жанған жұқа сарының бой-бойынан тер шүмектеп ақты. Менеджер-жиеннің жүрегі аузына тығыла әзер тұр. Нұржаудың қадай қойған сұрағына жауап бермеске дәрмені жоқ. Тақылдап бәрін айтып берсе, тірліктің құпиясын ашып, масқара етпек. Бұлай етсе, нағашысы маңдайынан сипамасы анық. Құйрығынан бір теуіп, сандалтып жіберуден тайынбайды.
Жұқа сарының үндемей құтылғысы келген әрекетін сезген Нұржау нығарлап, дауысын зорайта, көзін қадап әлгі сұрақты қайта қойды. Жауап бермесе жұдырығы түюлі жігіттер тісін санап қолына берудің аз-ақ алдында тұр.
Енді сәл кідірсе тұщы етіне ащы таяқ тиерін ойлаған жұқа сары:
— Иә, «Мейірім» де, «Ғажайып» та нағашымдікі. Бірақ, «Мейірім» қарындасының меншігіне жазылған.
— Оның қарындасы дегенің сенің шешең ғой?
— Иә.
Сөйтіп, Қорғас Қарашаевтың құпия қулығы су бетіне қалқып шыға келді.
— Міне, жігіттер, өзі келіп жөндеріңді табыңдар деуге дәрменсіз Қарашаевтың біздің басымызды біріктірмей, жан-жаққа тамшыдай шашыратып жіберу үшін жасаған айласын көрдіңдер ме? Жатақханада осылай тұра берсек, ұйымдаса талап қоя беретінімізді жақсы біледі, сабазың. Қу екен. Бізге белгісіз «Мейірім» арқылы бәрімізді айдап шықпақ, — деді Нұржау.
Әбден екі ортада қысылған жұқа сары әзер дегенде үн қатты:
— Қағаз жүзінде жатақхана «Мейірімдікі». Оның қожайыны сотқа берсе, сіздер босатуға мәжбүр боласыздар.
— Мынауың не деп міңгірлеп тұр? Нағашыңа айта бар, бізбен ойнамасын. Сотқа шағымданамыз. Қашан адал ақымызды төлесе, сол күні бұл арадан кетеміз. Оған дейін жатақхана жөнінде әңгіме қозғамасын, — деді бағанадан үнсіз тұрған Тоқтар.
Өзіне қарама-қарсы тұрған егде кісі — Нұржау бұлардың басшысы екенін, оның жұдырық ала жүгірер оспадарлыққа ешкімді жібере қоймайтынына сене бастаған менеджер-жиен:
— Жарықты, жылуды, суды тоқтатып тастаса өздеріңіз-ақ жөндеріңізді табасыздар. Одан да ақылға келіп, бір жағына шыққандарыңыз дұрыс, — деп батылдау сөйледі.
— Әй, сен өйтіп қорқытпа. Мардымсыз жылуын, жанғанынан өшкені көбірек жарығын, бірде бар, бірде жоқ суын тоқтатады деп бұл арадан тұра қашар ешкім жоқ, — деді Сауықбек көзін ажырайтып. — Біз мына балаға несін шүйлігеміз. Мұның қалтасындағы телефонмен нақ сол Қарашаевтың өзімен неге тілдеспейміз, а! Қане, әкел телефоныңды, қайсысың сөйлесесіңдер. Жиені қоңырау шалса, әп-сәтте Қарашаевың арғы жақтан саңқылдай сөйлейді. Оның өзі де мұның хабарын тағатсыздана күтіп отырған болар.
Сауықбек жұқа сарыны басына, әй-шайға қарамай қалталарын тінтіп, телефонын алды.
Қорғас Қарашаевпен тікелей сөйлесуге мүмкіндік туғанда бәрі тым-тырыс, аузын буып үнсіз қалды. Әншейінде, сыртынан сан мәрте боқтап, кездесе кетсе, алқымынан ала түсуге дайын тәрізді көрінетін жігіттер Қарашаев дәл қастарына келіп тұрғандай мысы басылған. Бөрінің өзі былай тұрсын, терісін көрсе қыңсылап, иесінің аяғына оратылар не басы ауған жағына зытып берер қаншықтың шарасыз халі бастарына орнаған. Қарашаевты бірді-екілі сырттай көрді демесеңіз, құрылысшылар онымен бетпе-бет кездеспеген. Сонау биіктен бақылап, бажайлайтын, «ірі-ірі, ауқымды шаруалармен» ғана бас қатыратын, майда-шүйдемен ісі жоқ маңызды адамның шоқайын қисайта басып, шапанын сүйреткен, қос білегін сүлгі, ащы терін сусын еткен қиқым-сиқымға қара көрсетуге дейін төмендеуге менмендігі жібере қояр деймісің? Ендеше, сызының иісі қолқаңды ашытып, айналайын таза ауаның қадірін қапысыз ұқтырар, жапан түзде жауын-шашын мүжіген қараусыз қорадай қалқиған, шатыры ит жұлмалаған терідей алба-жұлба, едені шұрық тесік, кірген адам зорға шыдап, шаруасын бітірген соң асығып, ішінен атып шығар көпшілікке ортақ әжетханасынан кісі шошырлық жатақхананы көртышқандармен бірге мекендеген көңілі жарым, үміті үнсіз, жүрегі секемшіл бейбақтарға Қарашаев сынды жуандарды жанынан көріп «марқаяр», «асылдың сынығы» санатындағы шонжармен жанасар сәт қайдан ғана бұйырсын?!
Менеджер-жиен есімі бүкіл елге мәлім, аты ерттеулі, найзасы ұштаулы, қылышы қайраулы, қаһарына мінсе қара аспанын түнертер қауқарлы нағашысымен батылы барып тілдесер жаужүрек табыла қояр ма екен дегендей ішін тарта қалған.
Кірген-шыққанмен керілдесемін деп-ақ жалыққан, сықырлауық есіктің есер «әнін» ести-ести құлағы сарсыған, ағаш орындыққа отыра-отыра зықысы шыға іші пысқан комендант әйелге жоқ жерден басталып кеткен қызықты қойылым тегін олжадай болды. Қойылымның созыла түскенін қалайтындай. Мұндай-мұндай күнде бола бермейді емес пе?
Кәнігі актерлар ойнайтын кинолар мен сахналардағы көрсетілімдерден гөрі өмірдің өзі сомдаған, шынайы кейіпкерлердің қатысуымен өрбитін, бейнетаспаға жазыла қоймайтын, комендант әйел секілді жалқы көрерменді «туындылардың» қызығы мен шыжығы кеңқолтық қоғамның қоспасыз ақиқатын айтарына, боямасыз кейпін паш ететініне разысың. Бірақ, осынау шынайы қойылымдар ескерусіз, шымылдықтың арғы жағында өтетіні, ондағы әртістердің «еңбегіне» ешкімнің алғыс айтпасы, бетінен сүйіп гүл сыйламасы қаншалықты рас болса, соншалықты өкінішті.
Сауықбек жұқа сарының телефонын ұстаған күйі ортада состиып тұр. Жаңа ғана дөңайбаттана гүжілдеп белсенген ол қолындағы телефонмен Қарашаевпен өзі сөйлессе ешкімнің де «тәйт» демесі, бірақ әлгі дөкеймен тікелей жауаптасуға тәуекел еткізер күш-жігерді тұла-бойынан түртінектеп іздесе де таппайтыны, қашаннан «ә» дегенде жүрегі аттай тулап адыраңдағанымен жеме-жемге келгенде жуасып, шоқтығын ер қажаған, еті қашқан кербестідей көткеншектеп шыға келетін әдеті бары енді есіне түскендей пәсейген. Білегінде күші, жүрегінде аздаған намысы болғанымен, сөзге келгенде шорқақтығы мен ойын көсіле жеткізе алмайтыны да оны тізгін тартуға мәжбүр еткен-ді. Осылайша, құры босқа қопаңдағанымен бойын билеп-төстеп алған боркеміктік пен босаңдылықтың мәңгілік тұтқынына айналған Сауықбек қанша қайрағанмен қайыр бермес қайратынан күдерін үзген. Күреңіткен жүзінде қысылудың нышаны байқалады. Сырттай қарағанда жігері бойында тасығандай көрінетін апайтөс жігіттің кеуде қуысындағы бықсығы реңінде көлеңдегенін бәрі де аңғарған. Бірақ, ешқайсысы да оны келеке етпеді. Өйткені, олар Сауықбектің қолынан келмегенді өздері де жасай алмайтынын, тәуекелдері жетпейтінін іштей мойындаған-ды әрі «Өзің болсаң қандайсың?» деген сауал да саналарында қылаң берген-ді.
Бірауық үнсіздік орнады. Менеджер-жиеннің бойына қан жүріп, жүрегі орнығып, жеңілдеңкіреді. Ішкі әлемінде өктемдік бүр жарғандай. Кеудесін тіктеп, шалқайыңқырады. Өйткені, оған сырттай қарағанда екпіні тау қопарып, тас шайнардай көрінген мына топтың әуселесі белгілі болып қалған-ды. «Алғашқыда едіреңдеп тап-тап берген, кездескен жауының кеңірдегін қиярдай ентелеген мына бір еңгезердей кісінің өзі Қарашаевпен бетпе-бет тұрмақ телефон арқылы сөйлесуге батылы жетпесе, басқасынан не қайыр, не үміт? Егер қожайын тап қазір осы жерге келе қалса, бәрі де тым-тырақай қаша жөнелмесіне ешкім кепіл бола алмас».
Қауқарсыз, елпектегеннен өзге қолынан келер дәнеңесі жоқ әлсіз топтың әлеуетін тым асыра бағалап, олардың алдында құры босқа қалтырап-дірілдегеніне күйініп, енді соның есесін қайтарғысы келгендей жалын күдірейтіп, қабағын түкситіп, бағанағысынан мүлде өзгеріп, маңғаздана түскен менеджер-жиен:
— Бастықпен ешқайсыларыңыз сөйлескілеріңіз келмей ме? Жарайды. Ол кісі де сіздер телефон соғып қалар деп күтіп отырмаған болар? Бір-бірімізді мазалап қайтеміз?.. Бүйтіп босқа осқырына бергенше шамамызға қарай шалқаялық. Төмендегілерге сонау биіктен көз жүгірткен көкелеріміздің жағасына жармасу үшін алдымен солар шыққан асуға дейін сатылай көтеріліп, терезе теңестіріп алған жөн. Егер, олай етуге шама жетпесе, босқа тыраштану абырой әпермейді... Телефонымды қайтарыңыз, — деді зілдене әрі дауыс ырғағына кекесін араластырып.
Серіктерінің, оның ішінде Сауықбектің босқа тызақтағанын, оның жан дүниесіндегі қайшылықтар мен болмысындағы босаңдықтың салдарынан сөзі мен ісі бір жерден шықпағанын, бұлардың адуынды емес, жай ғана мұрнының астынан қорс-қорс еткен, өзара күбірлесуден аса қоюы екіталай топ екенін ұғып, ауған теңін дұрыстап, алғашқыда шүмектей аққан терін құрғатып, үнін зілдендіре, қабағын қатуландыра бір пәсте өзгерген жұқа сарының көсемси сөйлеп, маңыздана қалуын байқаған Нұржау үнсіз барып серігінің қолындағы телефонды алды. Бәрінің назары бұған ауды. Әлгінде ғана қалықтап ұшу маңдайына жазылмаса да қанатын қомдар қораздай қоқиланып, өзінше бітуажалық жасап көлгірси қалған жұқа сарыға топ арасынан «Жеке батырдың» шыға келуі оңай тимеді. «Егер мынау шынында бастықпен тікелей сөйлессе, «Ғажайып» пен «Мейірімнің» иесі бір адам — нағашым екенін айтып қойған борбастығым мен ашықауыздығым айқындалып, бұл қылығым өзімді жыланша шағатын болды-ау, әттеген-ай!»
Нұржау жөпелдете Қарашаевқа телефон шалды. Көп күттірмей жауап та берілді.
— Ассалаумағалейкум!..
— Әй, сен ұзап кеттің ғой. Қайдасың? — деді өзінің жиенімен сөйлесіп тұрғанына шүбәсіз Қарашаев қарлығыңқы дауысын зілдендіре.
— Сізбен хабарласып тұрған жиеніңіз емес, қарамағыңыздағы құрылысшыңыз әрі өзіңізден еңбектерінің ақысын сұрап жүрген топтың жетекшісі Нұржау Жарболов деген адам, — деді Нұржау да дауыс ырғағын қатқылдандыра, сондай-ақ, «топ жетекшісі» деген сөзді нығарлай.
Менеджер-жиен біреу қылқындырғандай қып-қызыл болып кеткен. Құрылысшы жігіттер өзімен сөйлеспек түгілі атын естігенде құт қашыратын, сонау биікте отырған, бүкіл елге танымал тұлғаның атақ-даңқына, мысына пысқырып та қарамай, онымен, дәлірегі, кәдімгі Қарашаевпен тең дәрежеде сөз алмасудан қаймықпаған адам өз орталарынан шыққанына таңқала әрі соңы немен бітерін күте іштерін тарта қалысқан. Сондай-ақ, бәрінің де бойында өздеріне деген сенімділік қылаң беріп, жанарларында ұшқын пайда болған. Олардың жүзінен «Қарашаевпен де осылайша сөйлесуге болады екен-ау!» дегендей таңқалысты ойды оқу дәл сол кезде ешқандай да қиындық тудырмас еді.
— Жарболов деген адам, жиенімнің телефоны сенің қолыңа қалай түскен?
— Міне, ол қасымда тұр.
— Жарайды делік, менде нендей шаруаң бар? Созбақтамай қысқарта айт. Уақытым аз.
— Сізде уақыт аз болса, керісінше бізде көп. Мен өзімнің ғана емес, бір компанияның бүкіл жұмысшылары атынан сөйлеп тұрмын... Айтпақшы, бүйтіп телефонмен сыбырласқанша бетпе-бет отырып тілдеселік. Жатақханаға келіңіз.
— Әй, шырақ, қолың бос, уақытың көп екен, онда несін тызақтайсың, ауырмайтын жағыңмен жата бермейсің бе?.. Мен басқа жақтамын, сенімен тәжікелесіп тұрар жайым жоқ, телефонды иесіне бер, сөйлесейін.
— Алдымен тыңдап алыңыз. Менің де ешкіммен сөз қағыстыруға зауқым жоқ... Өз жайымызды сізге түсіндіріп жатпайын, онсыз да мұндағы қойыртпағы шыққан қу тірліктен молынан хабардарсыз...
— Сен өзің қайдан шыққан жалаңтөссің? Қалай-қалай ойқастайсың, а? Тіліңді тарт бала, әйтпесе, әкеңнің аты түгілі өз есіміңді ұмыттырамын, білдің бе?
— Байбалам салу уәж емес, ағасы. Мен сізді ел азаматы, тереңнен толғап, арыдан ойлайтын байсалды жан екен десем, ұшқалақ, ұрдажық, әпербақан адам ба едіңіз? Менің ойымша, абыройы аста-төк, атағы дардай ағамыз сөзге қонақ, кісіге кезек беріп, сабырға келсе оңды болар еді... Маған қандай жәбір көрсетеріңізді кейінірек, өзіңіз оңаша қалғанда талқылай жатарсыз, бірақ, біздің айтарымызға құлақ түріңіз.
Бастапқыда қайдағы бір құрылысшымен сөйлесіп тұрғанына намыстанып, бастырмалата әңгімені үзіп тастағысы келген Қарашаевтың екпіні басылыңқырады. Нұржаудың сөз саптасы, байсалды дауысы «Ғажайыптың» көрінбейтін қожайынын жөнге салғандай. Қарашаевтың үні жұмсарып, өзара әңгімені жалғай түсуге ыңғай берді.
— Өзеуреп қоймадың ғой. Самарқанды су алғандай не болды соншама? — деді Қарашаев.
Құрылысшы жігіттер телефонның дауыс зорайтқышы арқылы арғы жақтан сөйлеп тұрған дөкейдің де үнін анық есітіп тұр. Алғашқыда айбарлы, одан кейін боркемік, жасық, берекесіз болып көрінген мына топтың қайтадан дүр сілкініп, қайраттана қалуы менеджер-жиен — жұқа сарыны таз қалпына түсірген. Ине жұтқан иттей ілмиіп, берекесі қашқан.
— Самарқанды су баса ма, от орай ма, оның бізге қатысы шамалы, ағасы... Біздің маңдай терімізді төге еткен еңбегіміздің ақысын кім төлейді, соны айтыңызшы. Аш өзегіміз тала айлығымызды күткенімізге үш айдан асып барады. Алғашқы екі айда «шыда» дедіңіздер «жарайды» дестік. Үшінші ай аяқталарда басшылықтан тіпті, біреу келіп жағдайды да түсіндірмеді. Жұмысымыз ары қарай жалғаса ма, әлде осылай әдіре қала ма, бұл жағы да белгісіз. Оның үстіне жатақхананың босатсын деп бұйрық беріпсіз. Бұ қалай?.. — деді Нұржау.
Бұл сауалға Қарашаев жөнді жауап бермеді. Ол тек жатақхананы тез арада босатуды талап етті.
Сұрағына оңды жауап ала алмаған Нұржау өздеріне тиесілі жалақылары төленсе, құрылысшылардың мұнда бір пәс те тұрмайтынын, жатақханаға ешкім де жабысып қалмайтынын айта келіп:
— Осында алпыстан астам құрылысшы тентіреп жүр. Олардың әрқайсысының қолына қарап отырған шиеттей бала-шағалары бар. Мұны неге ойламайсыз? Тегін жұмсап, қаласа қуып шығар құл емеспіз. Бәлкім, қолыңыздағы билігіңіз бен азын-аулық мүкамалыңызға көңіліңізді тоқ санап, өзіңізді бізден артық көрерсіз. Жо-жоқ, олай етпеңіз. Қателікке ұрынасыз. Бір күндері сіз де өз шыңыңыздан төмен түсіп, әлдекімге жеуге нан, киерге киім сұрап қол созбайтыныңызға кепіліңіз бар ма? Пендеуи ғұмырда «дүние кезек» деген сөз жиі айтылатынын әрі мұның қаншама рет дәлелденгенін жақсы білесіз... — деді.
— Қызық екен... Сендер мені шың басында отыр деп есептейді екенсіңдер ғой. Ха-ха-ха. Рас, рас, шың түгілі қырқаға шықпаған, тек шұңқыр сайда не терең өзектің табанында еңкейе еңбек етіп, бірауық жоғарыға қарау маңдайына жазылмағандардың көзіне төбешіктің өзі құзар-шыңдай биік көрінеді... Солай-ақ болсын... Сен айтқан төменге дейін құлдилап, тіленшіге айналсам, қабылдасаң өзіңе барып паналармын. Соған бола бас ауыртып қажеті қанша? — деген Қарашаев бір жөткірініп алды да, — жарайды, бұл тақырыпты осымен доғаралық... Жалпы, жағдайларыңды маған айтып әуре болмаңдар. Менің бұл жерде еш қатысым жоқ. Керек десеңдер, ешқайсысыңды танымаймын да. Айтшы қане, қайсыңды жұмсадым?.. Сендерге айтар кеңесім, ақыларыңды менен емес, өздеріңді жұмысқа қабылдаған адамнан талап етіңдер. Әлгі, кім еді, иә, Мәжит дегенді тауып алып, сонымен сөйлесіңдер. Бәрін сол шешеді. Менің бұған бас қатырар жайым жоқ. Өйткені, барлық тірлікті соған өткізгенмін. Сол жауап береді. Соның мойнында. Оны тауып алып қуырып жесеңдер де мейлілерің. Ол иттің күшігі мені де алдап соқты. Сендер үш айдың айлығын даулап жүргендерің менікінің қасында баланың тірлігі. Одан алар алашағымды атан түйе тарта алмайды. Маған қайта соны тауып беріңдер, ит терісін басына бірге қаптайық.
— Оу, ағасы, мына сөзіңіз ертегіге ұқсап кетті. Мұныңызға кім сенеді? «Ғажайыпты» құжат бойынша бір туысыңыздың атына жаздырып қойып, өзіңіз тасада жүріп басқарып, пайдасын жамбасыңызға басып жатқаныңызды кім білмейді? Өтірігіңізді өлермендене өргенше турасына көшсеңізші, — деді Нұржау дауысын зорайта, — Мәжитті таппай жүрмін деп несіне алдаусыратасыз? Ол сіздің айтқаныңыздан шықпайтын қолбалаңыз, атарман-шабарманыңыз емес пе еді? Барлық былық-шылығыңызды соның қолымен істегеніңізді ұмыттыңыз ба? Құрығы ұзын, қаласа тасты сығып су шығарар қауқарлы, түлкі заманға тазы қосып олжалы жүрген сіздей жанның қайдағы бір қалақтай қалқиған Мәжитке ақысын жегізіп қойып, енді оны итпен іздеп таппай жүрмін дегеніне сенер адам жоқ шығар. Жо-жоқ, сіз Мәжитті өзіңіз жасырып отырсыз немесе беті ауған жағына қаңғытып жібергенсіз. Оның көзін жоюға да мүмкіндігіңіз жетеді, бірақ, сондай жәдігөй, ақымақ, итаршы тектес адамсымаққа бола қолыңызды былғап қайтесіз. Одан да сөз үшін оны тергеушілер мен соттардың илеуіне тастап, байғұстың бейшара кейпін сырттай қызықтағаныңыз пайдалы емес пе?
— Ертегі айттың деп кекете бастадың ба? Сөз түсінетін адам шығар деп өзіңмен ашық сөйлесіп тұрсам, шығандап барасың ғой, шырақ. Жетер енді, еркінсіме. Ақыларыңды Мәжиттен даулаңдар, ал жатақхана өзгеге сатылып кеткен. Иелері «шық» десе, оған ешкім «қой» дей алмайды. Осымен сөз тәмам, — деді Қарашаев.
— Өзге емес «Мейірімге» саттым деңіз. «Ғажайыптан» «Мейірімге» өткен жатақхана айналып келгенде сіздің дүниеңіз ғой. Бізді шашыратып, басымызды қоспай тентіретіп жіберуге таптырмайтын жол — жатақхананы басқаның меншігіне өткізгенсіп, соңында жаңа қожайынсымақтар арқылы қуып шықпақ болған қулығыңызды жиеніңіз ортамызға келіп салтанатты түрде жариялап қойды. Ақымызды төлеген күні ғана жатақхананы босатамыз дегенімнің себебі осында... Айтпақшы, қарындасыңыздың ұлы сіздей емес, жұмсақ әрі ақ көңіл екен. Бізге жаны ашығаннан телефонын беріп, өзіңізбен сөйлесуге жағдай жасады. Өмір сүруді қарақойындардан емес, мейірімді жиеніңізден үйреніңіз... — деді Нұржау кекесінмен.
Нұржау сәл кідіріңкіреді. Көмейіне тірелген, Қарашаевқа баяндап шығу артықтау көрінген, бірақ санасында жаңғырған сөздерін ішіне іркіп қалды.
Қалтасынан бір тиын шығарғысы жоқ Қорғас Қарашаев құрылысшы жігіттердің бас біріктіріп, топтасқанынан әжептәуір сескеніп жүрген. Өйткені, ол «бәрі тамаша, өміріміз жұмаққа бергісіз, әлем бізге қызыға да қызғана қарайды, оза шауып төске өрледік» дегендей мазмұндағы қиюы қашқан, қисынсыз, бесіктегі бала ғана сенетін жалған жырын жағы қарысып, тамағы жыртылғанша жарнамалаудан жалықпайтын, бұдан өзге қолынан түк келмейтін, қозғауын күткен, толқынымен жарқабақты жағалауды тепкілеп, тепсініп еркіндікке ұмтылған ақиқат пен ернеуінен асып төгілуге шақ тұрған шындықтың ақ тамшыларын шашыратып алмауды тайлы-тұяғымен мақсұт еткен, күзетін мықтаған, адалынан сөйлеп, әділетін ақтарса сорлап, өртеніп, өмірем қабатынын анық білгендіктен өтіріктен басқа сүйеніш таба алмаған төбедегі төрелер іріп-шіріп, іріңі іркілдеп, жарасы сыздап, дерті ұлғайған, өздері тізгінін ұстап отырған тіршілік кеңістігінің шынайы бейнесін жасыру үшін тұтылған пердені ысырып, оның арғы жағындағы өмірдің боямасыз қалпын сипаттап берер кез келген әрекеттер қара көрсете қалса, жаны қалмай қорқып, оның туындауына тікелей тіпті, жанамалай септігін тигізгендерді жемтіктесі болса да қойыртпағын әшкерелеуші ретінде дұшпан санап, соңына ит қоса қуып, енді қайтып жандарына жуымайтындай ететінін жақсы білетін.
Сондықтан, Қорғас мырза қарамағындағылары арызын айқайлай айтып, топтана шулауының мәнін теледидарлар, газеттер бетінде жариялап, «ертегідегідей» елде де шұлғауын сүйреткен аш-арықтар, зорлық көрушілер, әлсізді басынып жүргендер бар екенін паш етіп жатса, төре достарының көзіне қоғамның бет-пердесін ашып беруге көмектесуші, нақтысы, шындыққа болысушы ретінде көрініп, желкем қиылып жүрер деп, құрылысшыларды таратып тынышталмақшы еді.
Иә, Қарашаев үшін өз ортасынан аласталу, қоғамның жоғары тобындағы орнынан айырылу өліммен тең. Өйткені, ол жоғарыдан қуылып, төмендегілерге бойы үйрене алмай сансырар күн басына туар болса, түсіне екі қарыс ақ сұрып пен қараңғы көр жиі кіріп, мазасын алатынын терең түсінеді. Шынында, әбден биікте жүруге әдеттеніп қалған Қарашаев сияқтылар төмен түсе қалса, пәстегі кішкентайлармен жарасым табуы қиын. Мұны ақылына да сыйдыра алмайды. Ол қара халықтың ортасына амалсыздан түсер болса, ісініп-қабынып, керіліп, иілуден қалған кеудесі жанына жай таптыра қоймасын жақсы біледі. Бұлайша құлдырау оған қапасқа қамалғанмен бірдей. Сондықтан, қазіргі өз деңгейінен төмендемеу үшін неге болса да бара алады.
Қарашаев жоғарыға қарай өлермендікпен өңмеңдей өрлеп, өкпе өшіре, жініге сандаламын деп, ақырында сыртқы пішінін шүберекпен орап әдіптегенімен, ішкі жан сарайын тұттай жалаңаштап алғанын аңғара бермейді. Егер ол онысын байқай қалса, ішкі әлемінің жылан жалағандай, жұт жалмаған тақыр даладай кейпін бүркемелеу мүмкін емес екенін ұғынып, өзін тырдай сезінуі әбден мүмкін. Онда да бойында адамдықтың бір түйір дәні қалса...
Жүз күйдірер, бетке шіркеу болар, ар мазалар жайттардың салмағын ұжымдаса көтеру жеңілдеу тиетіндіктен, Қорғас мырза қазіргі ортасында, дәлірегі, бүгінгі биігінде жалаң кеудесімен, кір басқан жан сарайымен қымсынбай жүр. Себебі, жалғыз емес. Айналасында әбүйірі ашық-шашықтардан көз сүрінеді. Ал, пәстегілердің арасына екі санын шапаттап, қуыс кеудесімен жетіп барса, өзін адамдардың ішіне әлдеқайдан тап болған маймылдай немесе шомылып жатқан моншасынан әлдебір себеппен көшеге киімсіз атып шыққан бейбақтай сезініп, үлкендердің табасына, бала-шағаның мазағына ұшырайтынын аздап болса да түйсігеді, қамшылар тұсына тепкі тиюі мүмкін екенін де ойлайды. Мұның бәрі ол үшін аса қорқынышты. Иә, солай. Ендеше, жоғарыдан ылдилау Қарашаевқа үлкен қайғы. Сондықтан, тырнағының көбесі сөгіліп қанаса да тырмысып, таусымағының басында тұра беру оның ұлы мұраты, биік мақсаты.
Қарашаев құрылысшыларды өз төңірегінен аластатудың амалы ретінде оларды жатақханадан шығаруды жөн санады. Алайда, оған аярлыққа барып, айлаға көшіп, құпия жоспар құрып, «жатақхананы әлдекімге сатып едім» деп мәймөңкелеп әбігерленгенше, терең қалтасындағы қарақойындық пен ашкөздікке салына сықап жинаған қаржысының бір шетінен алпыстай құрылысшының ақысын төлеп, олардан ың-шыңсыз құтылуға да болатын еді. Бірақ, бұған ішкі пасық, бүкір пиғылы мұрша бермеді. Өйткені, оған мұндай «тәуекелге» бару, «ерлік» жасау бұйырмаған-тын. Иә, Қарашаев өзге түгілі өзінің игілігіне жаратуға қимайтын бар қаржысын кір шалған, нәпсіге шырмалған жүрегіне басқартып, оның рұқсатынсыз бір тиынына да тиісе алмайтын бейбақ еді. Мұнысын ешкім бетіне басып айтпағандықтан болар, ол өзін ешқашан сараңдар қатарына жатқызып көрген емес. Алда-жалда батылы жетіп біреу-міреу оның іштарлығы мен дүниеқоңыздығын жүзіне тіке қарап айтар болса, бұл онымен келіспейтіні, пендеуи кемшілігін мойындай қоймасы анық.
Құрылысшылардың барлығы естіп тұрған Нұржау мен Қарашаевтың телефон арқылы жүріп жатқан әңгімесі сәл созыла түсті. Жігіттер әңгіме ауанын, сөз тартысын қалт жібермей тыңдап тұр...
Алпауыт Қарашаевтың қусаң құмалақ түспейтін, қашып-пысқан, бала-шағасын тастап тайып тұрған қуаяқ Мәжиттен ақы даула дегені құрылысшы жігіттердің ашу-ызасын келтірді. Ақысын талап еткен жігіттердің көпшілігі: «Қарашаевтың бұл қай сасқаны? Бұл оның қара бақыр да ала алмайсыңдар дегені ғой», деп ойлады. Ал Нұржаудың санасын сол сәтте: «Мәжитті бала-шағасынан бездіріп, қылмыскер еткен, мойнын тұзаққа ілген, отын соның қолымен көсеп, күл-қоқысын төккізіп, жылы мен жұмсақтың бар маңызын өзі қылғытып, бөгіп, енді жеме-жемге келгенде кекірек ата кекжиген Қарашаевтың, кеше ғана іс барысын кеңесіп, бірге пішісіп жүрген, сүйек-саяқтың тигеніне мәз болған бұралқы Мәжитті қуырып жей беріңдер дегені ақылға сыя ма? Адамдығы қайда? Жақында ғана қатарда жүріп, енді міне түкке алғысыз, тірі өлікке айналып шыға келген Мәжиттің қараңғы тамда екі қызы мен ұлы, әйелі отын, сусыз, аш құрсақ, тісі тісіне тимей қалтырап тоңып отыр. Қоғамнан бөлініп, қуыс-қуысты паналаған қайыршылардан да күні жаман. Олар тап Қарашаевты танымайды да. Бірақ, сондай күйге әкелерімен қоса тағы бір көн беттілердің душар еткенін оларға Жаратушы ие сездіреді. Мәжиттің бала-шағасының зары Қарашаевқа тыныштық берер ме екен?» деген мазмұндағы ойлар қаумалап алған еді.
Өз қолымен шыбық басын сындырғысы келмейтін, кісі жұмсауға әбден еті үйреніп кеткен, әсіресе, күмәнді, күнәһарлы, қанқұйлы істерін біреудің қолымен жасаудың неше түрін шеберлікпен меңгерген Қарашав сынды пенделер Мәжит тәрізді мәнжубастар мен көкірек қуысы күл-қоқысқа толы тоғышарлардың қаншасын тақымдай-тақымдай зорықтырып, басын бәлеге шатып шырылдатып не өлтіріп тынғаны бір Тәңірге ғана аян. Жо-жоқ, ондайлар тек ардан безген алаяқтарды, арсың-гүрсің алаңғасар ақымақтарды ғана емес, санасына арамдықтың ізі түспеген, несібесін жұрт қатарлы теріп жегісі келгеннен басқа ойы жоқ, ниеті түзу момындарды да зар жылата құрбандыққа шалудан тартынбайды. Байғұс момындар! Бір өкініштісі, әлгі момындар көбінде Қарашаев секілді даңқтыларды пендешіліктен жоғары тұратын, елі үшін қабырғасы қайысар қаһарманға балайды, үлгі тұтады әрі соңдарынан ереді. Қарашаевтай алпауыттардың бейнелерін жылтыраған жарнамалардан көргенде көсем санап, олардың теледидарлардағы жылмиған түрлеріне, тәтті сөздеріне, газет беттеріндегі сөйлемдері маржандай тізілген, тілшілерге редакторлар арқылы бұйрық бере жаздырған көлдей-көлдей мақалаларына қарай шын ұлық һәм шын хакім деп есептеп, алданып жүрген жуастарды аяп, ескеріп жатқан ешкім жоқ. Жалғанда өзгенің сенімінен артық не бар? Ал, қарақойынды алпауыттар сол әзіз сенімді аяққа таптаудан арлана қоймайды. Бар қасірет осында.
Аярлықтан өзге сүйенері жоқ Қарашаевтың тағдырластары мен пікірлестері көбінесе күнәлі, қылмысты істерін біреудің қолымен атқарып, өздерін Алланың алдында ақпыз, пәкпіз деп алдаусырататыны бар. Өзді-өздерін осылайша алдау нағыз құдайсыздық екенін ұқпайды. Пенделіктен аса алмай, нәпсінің жетегіне еріп жасаған күнәлары мен қылмыстарын «мен емес, анау жасады» деп жұмсалғанды меңзеп, іштей жауапкершіліктен қашып, өздерін жұбатудың Алла алдына барғанда қандай пайдасы болар екен? Осыншама майдаланып керегі не? Айналып келгенде бар бәлені бастаған өздері емес пе? Орындаушыдан жұмсаушының күнәсі молырақ болатынын білмегені ғой.
Біз көбінесе «шаш ал десе, бас алатын» орындаушыларды жазғырып жатамыз. Осы сөз тіркесі үнемі былғары креслода отырып әмір бергіш әпербақандарды ақтағансып, жақтағансып, ал, төмендегі жандайшаптарды жаналғыштай көрсетіп тұрады. Әмір берушілерді «шаш ал» дей тұрып «бас ал» дегенін ымдап білдіретінін ұғатын күн жеткендей. Бәлкім, билікті мен білектінің тілінде шаш дегенің бас шығар. Шынымен-ақ «шаш» аламын деп ойлаған орындаушы жағдайға қарай «бас» шабуға мәжбүрленетінін де қаперде ұстайық. Не десеңіз де, барлық бәле орындаушыдан емес, әміршіл едіреңбайлардан шығады.
Қарашаев сындылардың тектен тартылған, қанмен келген, сүтпен сіңіп дарыған жаһұт, жасаулы қасиеттерінен саналы (бәлкім санасыз) түрде бас тартып, ішкі әлемін барынан жұрдай етіп, жалаңаштап, тек сыртқы пішінін ғана жылтыратып алып тыраштана шыққан, өлермендікпен көтерілген биігіндегі үлкен астаудан жем жеуге мойын созғанда бас кекжитер бәсекелестері мен дұшпандары болмай тұрмайды. Осындай бәсекелестерінің көзін жою үшін арнайы жасақталған жалдамалы жасауылдар, дәлірегі, Қарашаев тәрізділер жемтікке қызылкөздене, азу ақсита ұмтылғанда кедергі келтіретін, ымыраға көнбейтін күндестері бен жауларын тұқыртып, құрдымға жіберу үшін жұмсалған мәнжубастар мен тоғышарлар, қосақ арасында кеткен қайқы маңдай момындар алданып, торғайдай торға тұтылып, бұған дейін ақысы ретінде алдына арнайы шашылған, ұсынылған, адал астай көрінген қан-жынның өтеуін еңірей жүріп еселей қайтара бастағанда не мертігіп құлағанда олардың сыртына шығармаса да іштей қан жылай жаудырған қарғысы өзін зәлімдікпен жұмсаушы мықтылардың құлағына шалынбағанымен, жүректеріне сезілер, бәлкім. Әй, қайдам, олардың жүректері де әбден өлі еттеніп кеткен ғой. Онда әлденені сезінер қуат қалды дейсіз бе?
Айтпақшы, қорқаулар аярлықты тірліктерінің барлығын өзгенің күшімен тындырады деп ойлау сәл қате. Өйткені, олар анау-мынау адамның қолынан келе бермейтін кейбір шаруаларды құлшына, құмарта, шабыттана өздері атқарады. Ол шаруа — жағымпаздану мен жәдігөйлену. Бұған ешкімді жалдамайды. Себебі, олар өздерінің екі тізгін, бір шылбыры қолдарында тұрған апайтөстерге, қазанның басын қарауылдаған қарынбайларға жағымпазданбаса, көзіне түсіп, жәдігөйленбесе бойларына ас сіңбейді. Бұлар үшін жаратпаса шөміштен қағар, қитыға қалса аулаққа қуар жыны бар әлгі «дара туғандарға» қызмет көрсетуге қайдағы бір жалаңаяқты жұмсау нағыз жаза басқандық, «бақыттан» бас тартқандық емес пе? Ойбай-ау, екінің бірі қол жеткізе бермейтін жанға әлдекімді жанастырғанша, өздері жақындап, мүмкін болса оларға адал екендерін әдемі сөздерімен күйіп-жана дәлелдеп, аузына жылы-жұмсақтан тықпыштап жарамсақтанудың өзі бір ғанибет қой. Ал, мұндай «мәртебелі» істі, «абырой» әкелер жұмысты орындау мүмкіндігінен көрер көзге айырылу ақымақтық, әрине. Сондықтан да, жағымпаздық пен мүләйімсу міндетін атқаруда ешкімді қолқаламай, өздерінің шапқылағандарына не жетсін?!
Талайлар қорқаулар мен жемірлер шыққан биіктікті, олар бойлаған тереңдікті бедел көреді. Бірақ, ол жампоздарға ғана лайықты шынайы биіктік, кемеңгерлерге ғана лайықты нағыз тереңдік пе? Күмән бар. Нағыз шыңға пенделіктен озық тұрар, жүрегін кір шалмаған, жеке басының бақытынан ел-жұртының қамын жоғары қояр жайсаңдар ғана шыға алады. Шынайы тереңдік кемел жандарға ғана тиесілі болса керек. Демек, біздер мен сіздер қосыла даурыға «биіктік», «тереңдік» деп бағалап жүргеніміз жай ғана қоқыр-соқырдың үйіндісі, шалшық жиналар ойық болғаны да... Осылайша, нағыз шыңның, нағыз тереңдіктің не екенін айыра алмас халге жеткен басымыз, енді міне, күл-қоқыстың үйіндісін биікке, кетпен керткен ойықты тереңдікке балайтын болыппыз... Өң мен түсін, таң мен кешін ажыратуға шамасы, санасы жетпейтіндерге жасығың асыл, қорқағың батыр, миғұлаң дана көріне беретінін білетін Қарашаев сияқты «озық ойлылар» шын даралар мен тұлғаларға лайық орынға жетіп жайғасу қолынан келмейтінін іштей мойындап, біреу-міреу байқап қалар деп, жалма-жан сақтана тұмса тұңғиықтың бетін шегендеп, құлжалы құзар шыңның жүзін қара түтінмен бықсыта көлегейлеуді де ұмытпай, ақырында, өздері түсіп-шығуға ыңғайлы, сатысы не текпішегі дайын үйінді, ойық жасап алып, онысын асу бермес құзардай, бас айналтар шыңыраудай сипаттап, бұл жасанды, жадағай қондырғыларынан қоқилана қарап, шіренеді. Жамандардың осындай құйтырқылығына, қулығына тәнті болмасқа шараң жоқ.
Бұл пендеге дауа бар ма? Әлгі қорқаулар өлермендікпен ойлап тапқан жалған шың мен жалған тереңдікті шынайы етіп көрсетіп қана қоймай, осы өтіріктеріне өздері де иланады. Әйтпесе, бұл жазғандар былайғы жұрттың көзін байлап, асқаралы асудай көрсеткен әлгі үйінділерінен түсіп қалмауға, жамағаттың көңілін алдап, түпсіз тұңғиыққа балатқан тобық жасырмас шұқанақтарынан қуылып шықпауға соншалықты мән бермес еді ғой.
Нұржаудың соңғы айтқандары шымбайына батыңқыраған Қарашаев:
— Әй, әй, не деп кеттің?.. Еңбекақыңды да, жатақханаңды да, жиен-пиеніңді де ұрғаным бар. Енді қайтып тілің мен жағыңа сүйенетін болсаң, жаныңды суырып аламын, — деді зілдене.
— Тілім мен жағыма сүйенердей көмейімді қыңыр сөз қыстап тұрған жоқ. Жақсы, асығыс болсаңыз осымен әңгімемізді аяқталық. Қашан қолыңыз босап, ашуыңызды басып, ортамызға келіп, бізбен егейлесе сөйлескенше көкіректерінде кек тұнған, асқазандарын қытайдың құнарсыз сорпасымен алдап, әбден қызылсыраған құрылысшылар жиеніңізді ешқайда жібермейді. Ол біздің тұтқынымыз.
— Тоқтай тұр... Жиені несі, тұтқыны несі? Тізгініңді тартар сыңайың жоқ қой өзіңнің. Қан көріп қалған қаныпезерсің-ау деймін. Сенің әуселеңді көрермін әлі. Менімен бұлайша сөйлескісі келген талайларды тозақтың отына күйдіргенмін. Сен де солардың кебін киесің. Осы жүргеніңе зар бола шыңғырғаныңда Қарашаевпен қыздай сызылып сөйлеспегеніңе өкінесің. Табаныңды тіліп тұз құйып, теріңді тірідей іреймін. Сонда бар өмірің көз алдыңа келіп, әсіресе, «айлығыңды асқазаның сазып үш ай күткенің көзіңе ең бақытты сәттеріңдей елестер. Иманыңды үйіре бер, батырым. Исатай мен Махамбет емес екеніңді ұмытпа.
— Несіне ашуланасыз? Қызыл сөзіңізді аямай төгіп, қорқытып-үркітудің шеберісіз-ау деймін. Бірақ, байбаламшыл, айқайшыл жандар көбіне әрекетсіз келеді емес пе?.. Бірақ, сіздей пенделерден аярлықтың неше атасын күтуге болады. Иә, иә. Өйткені, адамдық қалпынан айнып, қан-жынға құныққан құзғындай ғұмыр кешуді қалап алған, күштіге құлдық ұрғанын қулығым деп жуып-шаяр, әлсізге тізе батырғанын батырлығым деп масаттанар майтабан, маңқатанау, тоңмойындар кетіскеніне күрзі, кектенгеніне мылтық кезеніп шыға келетінін білемін. Жарайды, қолыңыздан келсе, қонышыңыздан басыңыз... Бірақ, есіңізде болсын, тозақтың оты сіздің билігіңізде емес, оған құзіретіңіз жүрмейді. Пенделерді тозақ отына күйдіру Алланың қолында. Ұмытпаңыз. Ары мен ұятын бөксесіне таңып, ішкі әлемін түн-түнекпен тұмшалаған, пендешіліктің ошағынан өзге жылынары жоқ, әбден азғындап, жанын тәніне құл еткен міскіндер құлдыраудың ең төменгі шегіне жеткенде өзін Құдай санап, жұмақтың да, тозақтың да кілтін Жаратушы жалғыз иеден тартып алғандай сезінетіні бар деуші еді. Сіз де сондайлардың қалың ортасында жайғасқан екенсіз. Әйтпесе, «тозаққа күйдіремін» деп шіренер ме едіңіз?
Иә, мен Исатай да, Махамбет те емеспін. Олар жалған дүниеден еркіндік іздеп әуре болудың қажеті жоқ екенін ертерек ұғып, азаттықты көктен іздеп кеткелі қашан.
— Оһо, тым шешен екенсің. Нағыз ділмардың өзі дерсің... Қызыл сөзіңді ерттеп мініп далақтап шаба бер. Кімнің жеңіп, кімнің тақырға отыратынын көрерміз. Мықтағанда өңеші кең, тойғанын білмес сот-потқа жылап-сықтап арыз жазарсыңдар, одан басқа қолдарыңнан не келеді? Солай істеңдер. Бірақ, талайлар жүгініп, әділдігін іздеп алдына барар шенді-шекпенділердің барлығы зар қақсап мұңын шаққандардың сөзін сөйлеп, көңілін аулағанды естімеппін. Қу тамағын бітеймін деп есі шығып, құлқынының алдында құрдай жорғалаған заңгерсымақтарың көзі шүңірейген, жағы суалған, еті қашқан жақыбайларды мүсіркей қояды дейсің бе? Жоқ, бұлай деп иегің қышымасын. Қателесесің. Ісіне адалдық танытқысы келген ақымақтардың көбісі жемірлердің қатарына әлдеқашан жайғасқанын түсіндіріп жатудың өзі артық. Ал, қырсығып, жұрттың қайта-қайта айта беретін әлгі шындығын жақтап көлгірсіген аз ғана айыл жимастар тезек тере тентіретіп кеткелі қай заман.
— Көріпкелсіз-ау деймін, өйткені, шүңірейген көзімізді, суалған жағымызды, етіміз қашқан тұрқымызды өзіңіз келіп көргендей дәл суреттедіңіз ғой. Әлде, біреу-міреу біздің ұсқынымызды көркем тілмен сипаттай жеткізіп тұр ма?
— Ас-ауқаты қымбат қалада көптен бері жалақысын қолына ұстамаған адамның түр-түсін, кескін-келбетін көзге елестету үшін көріпкел болудың қажеті жоқ. Белгілі ғой...
— Аш-арық екенімізді біле тұра жүрегіңізді жібітіп, жөнге көшер сыңай танытар түріңіз байқалмайды. Жалақымыздан айырғаныңыз былай тұрсын, енді келіп, үміт артарымыз, табан тіреріміз — заңға жүгінбек ниетімізді де тартып алмақпысыз?
— О-һо, бұ не дегенің? Менікі құры босқа шабылып, арам тер болмай, айлықтарыңды тыныш қана күтуге шақырғандық. Әйтпесе, сендерді құзырлы орындарға шағымданар деп қорқатын мен емес. Білгендеріңді істеңдер. Жылап барғандарыңның бәрі менің қорама кіріп, жем-шөп жеп, жілік майын толтырып жүргендер екенін ұмытпа.
— Мынауыңыз жаңалық екен. «Арам тер болмасын, босқа шабылмасын» деп жаныңыз ашып, жылы сөйлей қалыпсыз. Маңдай теріміздің өтеуін қайтару үшін арам терімізді шығындаудан тарылмаймыз. Қайда төгілмеген тер? Оған бола уайымдамай-ақ қойыңыз... Ал, жалақыларыңды асықпай күт дегеніңізге жол болсын? Ойбай-ау, енді осынша жұрт жатақханаңыздың қабырғасын жалап жан сақтай ма?.. Қабырға кеміріп те асқазан алдап, құрсақ толтыруға мүмкін болса, мына ғимараттың ірге тасы да қалмас еді ғой. Жо-жоқ, құрысын, жатақхананың кірпіштері, сылақтары қанша жерден тәтті болса да тіске баспаймыз. Бәлесінен аулақ. Ертең оныңызды еселей төлетіп немесе түрмеге жаптырып, туталақайымызды шығарарсыз... Сонымен, сіздіңше, заңға иек арту әурешілік пе?
— Иә, әурешілік десем, үлбіреген үмітімді үзбекшісің деп тағы да кінәларсың...
— Біз әділдік сұраймыз дегендердің бәрін түкке алғысыз деп санайсыз ба? Ойпырмай, олар сіз ойлағандай соншалықты сорақы емес шығар?
— Сенбейсің. Өкпелерің өшіп, ентіктеріңді баса алмай зорыққандарыңда менің айтқаным айна қатесіз шындық екеніне көздерің жетеді.
— Осынша кесапатты дерттің асқынуына сіз де үлесіңізді қосқан боларсыз? Білеміз, қосқан үлесіңіз қомақты. Шынында кінәңізді ақтап, жаманыңызды жасырып, жолыңызды ашар «айналайындарға» қалай болыспайсыз? Бұл дерт болмаса, төсек тартып жатып та қалатын шығарсыз. Несін жасырамыз, біздің төрдегі төбе билер мен төске өрлеген төрелеріміз датын айтып, теңдік сұрай келгендерден гөрі заң шеңберінен аттап, қызыл сызықты кесіп өтіп кердеңдегендерге көбірек бүйрек бұратыны, соларға болысып, бұра тартатыны рас қой. Мұны қисынсыз демессіз. Тұғырында түлеген, орынтағында шәнтиген соттар мен прокурорлар заңның шалмасын мойынына түсірмес «асаулар» мен белден баса төтесінен тартып, екі жеп биге шыққыш жолы болғыштардың мол әрі дәмді асатары аузына түскелі тұрғанда санасы буылып, жүрегі атқақтап, көзі жұмыла естен танатынын талай көргенбіз, естігенбіз, — деді Нұржау.
Нұржаудың әрбір сөзі Қарашаевтың жынын қоздырса, әділдік іздеген құрылысшы жігіттердің қышыған жеріне дөп тиіп, айызын қандырды. Біреу сөзіңді сөйлесе, ішіңде булыққан, сыртқа шығара алмай діңкелеткен ойыңды дәл тауып айтса, қалайша разы болмайсың.
Нұржау мұндағы жігіттерге барлық жәбір көрушілердің күштілерге кеткен ақысын еселеп алып беріп жатқан батырдай көрінді. Олар үшін Нұржау бейне бір Қарашаевтың ғана емес, бүкіл әділетсіздікті жақтаушылардың жонына таспа тіліп, шыңғыртқан алып секілді.
Бір қоғамда, бір деңгейде тіршілік кешіп жүрген құрылысшыларға Нұржаудың айтқандары жаңалық емес еді.
Шынында заңның орындалғанынан гөрі оның өрескел бұзылғанын іштей қалайтын мысық тілеулілер, дәлірегі, қолындағы биліктің бишігін үйіре дүние түгелдер оспадарлар бүгінде қаптап жүр ғой. Ондайлардың қатарлары күн сайын, сағат сайын толығып, тұтас бір мызғымас, бірін-бірі ыммен түсінер топқа айналған. Бұларды көзіңмен көре алмайсың, тек сезінесің. Әлгілердің ішіндегі аға буын өкілдері өздерінің соңынан ерген нанталаптарды, болашақ жемқорларды асқан біліктілікпен, шеберлікпен дайындап кететінін айтсаңызшы. Шындығына келгенде, дүниеге шексіз жерік мұндайлардың көбейе түскені Қарашаев сияқты талайлар үшін үлкен пайда, таусылмас қазына көзі. Оларсыз аштан өледі. Сондықтан, құлқынын толтырудан өзге шыбық басын сындырмас қос аяқты қорқаулардың көбеюіне Қарашаев тәрізділер сүбелі үлесін аянбай қосады. Қалдай дейсіз ғой? Қарашаев секілділердің міндеті — алдына тосқаныңды талғамай жұта берер әлгі жұқсыздарға арам астан көбірек жегізіп, ішкізіп, молынан асатып, оларды мешкейлікке әбден қалыптастыру. Бұл көп өтпей өз жемісін бере бастайды. Аз ғана уақытта нені болса да шайнамай қылғыта беруге машықтандырылған мәнжубастардың түсінен де, өңінен де жылы-жұмсақ ұсынушы мүттәйімнің бейнесі шықпайтын болады. Жемсауын қан-жынмен толтыратындар әлгі нанталап қорқаудың пірі, желеп-жебеушісі, құдайы болып шыға келеді. Сөйтіп, бұл қорқау өзін араммен асыраушысының құлақ кесті құлына айналып, ол не айтса да ыржалақтап, бас шұлғып орындай береді. Олар өзін арам аспен ауыздандырғандардың, ішін майлағандардың біреуі көзінен тайса, әкесі өлгеннен бетер қайғырады. Өйткені, оған асыраушысынан айырылу оңай тиеді дейсіз бе?..
Бір қызығы, бәлкім өкініштісі адам баласының бойына адал астан гөрі арам қан-жын сіңімді келетін секілді. Өйткені, ас-суын адалынан ішкендерден гөрі арам аспен қоректенер пенделердің беті жылтырап, қызыл шырайланып, еті толып жүреді емес пе? Тағы бір таң қалатын нәрсе, езуін араммен былғаған жаңағыдай бозөкпелер уыстап у ішсе де уланбайды екен. Шіркіндер-ай! Асқазандары нені болса да қорыта береді. Алайда, ненің адал, ненің арам екені соқырға таяқ ұстатқандай белгіленіп берілгелі қаншама дәуір өтсе де адамзаттың жартысы әлі күнге тұмсығын қоқыр-соқырға құныға тығып, шошқадай қорс-қорс ете ештеңені талғамастан жұтып жатқанына қарап, жаңағы тойымсыздардың ісіне түсіністікпен қарайсың.
Нұржауға есе жіберуді ар санаған Қарашаев кекесінді үнмен:
— Керемет. Өзің де уақытында жең ұшынан жалғаса алыс-беріс жасаудың нағыз майталманы болған секілдісің ғой. Тіпті, осы тақырыпта ғылыми диссертация жазып шыққандайсың... Кезінде сенің де өңің шырайланып, бетің жылтыраған шығар?.. Жә, жарайды. Бәріміз де пендеміз... Арамды тұтынбасаң тұралап, өзегің талады, шырақ. Мұны ұмытпа!
— Сөз саптауыңызға қарағанда ненің арам, ненің адал екенін жақсы білетін сияқтысыз... Біле тұра арам дүниеден бас тартқыңыз келмейді ә... Өзекті талдырмаудың арам асқа жүгінуден басқа жолы жоқ па?.. Түсінсеңіз, біздің адал ақымызды өңешіңізден өткізіп жіберсеңіз, ол сіздің бойыңызды арамдайды. Сондықтан, берешегіңізден құтылыңыз.
— Әй, сендей мылжыңды көрсем, көзім шықсын... Қайталап айтамын, ақыларыңды Мәжиттен даулаңдар. Шапқылаңдар, жүгіріңдер. Мен қалтамнан көк тиын да шығармаймын. Рас, алпыс шақты адамның жалақысын өтеуге қаржым болғанымен, ниетім жоқ. Кім көрінгенге шүлен үлестіргендей таратып берер ақша жерде жатыр дейсің бе?
— Ендеше, жиеніңіз біздің тұтқынымыз. Қашан өзіңіз келіп есеп айырысқанша оны ешқайда жібермейміз.
— Қорқытқаның ба? Менде ағайын-туыс, жиен-нағашы, құда-жегжат, дос-жаран жоқ. Ал, сен кепілдікте ұстаймын деген жиен мен үшін қарамағымдағы жай ғана қызметкер. Оған бола қам жемеймін. Білгендеріңді істеңдер... Бірер күнде жатақхананы босатып, тайып тұрыңдар. Жарайды, біраз жерге барыстық. Былшылдаған быламық сөзді осымен доғаралық.
Нұржау әлдене дей беріп еді, анау телефонын өшіре салды.
Қарашаевпен қаймықпай сөз қағыстырған Нұржаудың жүректілігіне риза болған жігіттердің бойынан серпілісті аңғару қиын емес. Менеджер-жиен бүрісіп, өзін қоршап тұрған топқа жаутаңдай қарайды. Нағашысының керек етпей, мыналардың талқысына тастай салғаны оны одан сайын тұқыртып, ұнжырғасын түсірген.
Майдан даласында дұшпанның бас батырымен лайықты қарсыласып, жан бермей ортасына оралған батырдай көрінген Нұржау жұқа сарының телефонын өз қалтасына салып жатып:
— Бәрің естідіңдер, әңгіме ашық айтылғандай. Қарашаев бізге соқыр тиын да ұстатпайды. Енді тек соңына дейін ұстасып, тіресеміз... Бастықтың мына жиенін көзден таса етпеңдер. Бүгін бізбен бірге түнеп шығады. Басқасын ертең көрерміз.
Мұны естеген менеджер-жиен жыламсырап:
— Сіздер мені кепілдікке ұстай алмайсыздар. Ол заңға қайшы. Бұл үшін жауап бересіздер әлі, — деді.
— Ешкімді тұтқындап ұстауға құқымыз жоқ екенін білеміз. Алайда, қалыптасқан жағдай бізді осылайша жөнсіз іске баруға итермелеп тұр, — деген Нұржау дауысын қатайта, — Туған нағашың керек етпегенде енді сені кім іздейді дейсің?
— Мені жібермей қойғанда сіздерге не пайда?
— Оқиға осылайша шиеленісе берсе, қоғамның назары өздігінен бізге ауады. Пайдамыз сол.
Осы кезде Нұржаудың соңына ерген жігіттерден бөлініп қалған Саржанның тобы кіріп келді. Жұқа сары нағашысының қол шоқпары болған Мәжиттің қасынан талай мәрте жолықтырған Саржанды көргенде көзі жайнап, құтқарушысы көктен салбырап түскендей қуанып кетті. Саржан ортада мелшиген менеджер-жиенді бұрынғыдай қадірлі санап, оған амандасуға қос қолын ала жүгірді. Мұнысын ерсі көрген жігіттер оны шетке ысырып тастады.
— Ей, сіздерге не көрінді? Адаммен амандастырмайсыздар ма?
— Неменесін елпектей қалдың? Бір-бірлеріңді бұрыннан жақсы танисыңдар ма? — деді Тоқтар Саржанға оқты көзін қадай.
— Иә, танимын. Онда тұрған не бар?
— Бұл танысың енді біздің тұтқынымыз. Шамаң жетсе, арашалап ала ғой, — деп сөзге Қалжан араласты.
— О-һо, жалдарыңызды күжірейтіп, күпініп алыпсыздар. Тіпті, кепілге кісі ұстарлықтай дәрежеге дейін жетіпсіздер. Мұндай батылдық бойларыңызға қайдан біткен? — деді Саржан қыңырайып.
— Сен өйтіп кекетпе, жағыңды уатып, тісіңді санап қолыңа беремін, — деп Сауықбек гүр етті.
Сескеніңкіреп тұрса да үлкен бастықтың жиенінің алдында жақсы көрініп, ұпай жинап қалудың сәтін құры жібермеуді ойлағандықтан Саржан бұға қоймады.
— Күшіңіз тасып бара жатса, қане ұрыңыз, жағымды уатыңыз, тісімді сындырыңыз! — деп Санжар езеурей өңмеңдеді.
Нұржау серіктерін сабырға шақырмаққа оңтайлана бергенде Сауықбек Санжардың жағынан күректей алақанымен тартып жіберді.
— Ой, бұларың не? Қане доғарыңдар. Бір-бірлеріңнің еттеріңді жейсіңдер ме? — деген Нұржау ерегіскен екеуді ажырату үшін топқа кимелей енгенде Саржан өзімен сөз жарастырып, әмпей-жәмпей болып жүрген жігіттерді айқайлай көмекке шақырды. Саржанның жақтастары жау көргендей жаланып, жұдырықтарын түйген бетте тұра ұмтылды. Күні кеше бір компанияның аясында ұйымдаса, ағайынды адамдардай жұмыс істегендер осылайша екіге бөлінген күйі төбелесе кетті. Бірін-бірі аяйтын емес. Еңгезердей Сауықбек қарсы келген екі-үш жігітті талдырып түсірді. Саржан тағы соққы алған болар, тұмсығы қызыл-ала қан. Қалжан мен Тоқтар да кірісіп кеткен. Садық та төбелеске қара жаяу емес екен, алдына келгеніне жұдырығын жұмсап, бет қаратар емес. Нұржаудың соңынан ерген басқа да жігіттер белсеніп алған. Тек Бәйкен ғана шырылдай ажыратып әлек. Мынадай апалаң-топалаң болатынын күтпеген Нұржау шарасыз күйде қалды. Комендант әйел алақ-жұлақ етіп, анадай жерде аңырған. Жұқа сары мынадай апалаң-топалаң сәтті өз пайдасына шешіп, тұра қашты. Оны біреу-міреу ұстап қалмақ түгілі, байқамай да қалды.
Әрине, екі жақтың күші тең емес еді. Көпшілік азшылықты илеп тастады. Үстем шыққан Нұржаудың жігіттері жеңістеріне марқайып, сабалғандарға жоғарыдан қарайды. Саржанның мүсәпір күйін көрген жақтастары, басшысынан айырылған қолдай ұйлығып, былайрақ ошарыла қалған.
Киімдері жыртылғандар, маңдайы іскендер, көзі көгергендер, мұрыны қанағандар тек жеңілгендердің емес, жеңімпаздардың да арасында кездеседі. Таяқ жеген сабаздар бұл арадан кетіп, үсті-бастарын ретке келтіргісі-ақ келіп тұр. Бірақ, жеңімпаздардың рұқсатынсыз қимылдауға дәттері жетер емес. Ал, басым түскендер болса, «майдан» алаңынан ұзағысы жоқ. Өйткені, жеңіске өздерінің қаншалықты үлес қосқанына беттеріндегі жарақаттары мен қан дақтарын, тігісінен жыртылған киімдерін дәлел еткісі келетіндей.
Есік-терезенің қирамағанына шүкір еткен комендант әйел жүрек тұсын қайта-қайта ұстап, алдындағы ыдыстан су ұрттап әуре.
Бас қолбасшы рөлінде сәтті ойнаған Сауықбек таяқ жеген жігіттерге қарата:
— Сендер неге Саржанға болысып жүрсіңдер. Бұл қуаяқ опа береді дейсіңдер ме? Ақшаларыңды жеп тайраңдай тайып тұрған Мәжиттің арамыздағы жансызы ғой бұл. Жаңа көрмедіңдер ме, Қарашаевтың жиеніне қалай жәдігөйленгісі келгенін. Санжар сау сиырдың тезегі емес. Сендер беті-қолдарыңды жуып, өздеріңді реттеңдер. Бұған еріп ақымақ болғанша, тыныш жүргендерің жөн... Әлгі менеджер-жиен қайда?
— Ол иттің баласы жаңағы қарбаласта зып беріпті ғой, — деді Садық.
Сауықбек:
— Қап, қатырыпты. Жолы болғыш екен. Аузымызды айға қаратты деген осы. Мына төбелестің басталуына түрткі болған Санжардың қисық сөзі. Демек, Санжар әлгі жұқа сарыны арамыздан қашырып жіберу үшін жанжалды әдейіге бастады. Ал, қарбаласта зып беру оп-оңай. Көрдіңдер ме, мынау нағыз зәлім, — деп Саржанды нұсқады.
Сауықбектің нақ өзінен соққы жеген Саржан бұрынғыдай сөз таластыра қоймады. Бейшара халде. Қашып кетейін десе, қайда бармақ әрі жолдастарының бетіне ертең қалай қарамақ?
Ақылы мен сабырын кейінге ысырып, ұрда-жық ашудың азғыруына көніп, бірін-бірі төпелей түте-түтесі шыққан құрылысшылар құры босқа иттей төбелескендеріне өкінетіндей. Тек Сауықбектің екпіні басыла қоймаған. Ортада еліріп тұр. Саржанға қадалып алған.
Мына ырың-жырыңды аяқтап, жігіттерді тарату керектігін ойлаған Нұржау аз-кем үнсіздіктен кейін:
— Осынша ақымақ болғанымыз да жетер. Мына түрімізбен ақылымыздан алжасып тынармыз. Қане, бөлмелеріңе тараңдар, — деді.
Нұржау мен Тоқтар екінші қабаттағы өз бөлмелеріне кіре бергенде бұлардың соңынан Саржанды желкелеп Сауықбек жетіп келді. Маңдайы іскен, тұмсығы қанға жағал-жағал Саржан «мына бәледен құтқар» дегендей Нұржауға жалынышпен қарайды.
— Әй, Сауықбек, әлі екпінің басылмаған ба? Саржанды жібер. Бір-бірімізді түйгіштеп, түртпектегеннен бірдеңе өнер деймісің?
— О-һо, өнгенде қандай. Қазір, қазір, бұл батырыңның қалай-қалай сарнағанын көресіз, — деген Сауықбек құр сүлдері тұрған шарасыз Саржаннан тартып алған ұялы телефонды Нұржауға ұсынды. — Мұның кіммен әмпей-жәмпейлесіп жүргенін көріңіз. Жұртты қан-қақсатып кеткен Мәжиттің жансызы екенін әу баста сезгенмін. Сезімім алдамапты. Біздің зарымыздан құтылу үшін телефон нөмірін ауыстырып жіберген бажаңыз жай-күйімізді сыртымыздан Саржан арқылы біліп жүр екен ғой.
Нұржау:
— Не дейді! Сонда мынау...
— Иә, иә, Мәжитпен сағат сайын сөйлесіп отырғанын мына телефоны дәлелдеп береді, сенбесеңіз қараңыз.
Нұржаудың қабағы түнеріп, Санжарға жақындады да:
— Мәжит қазір қайда жүр? — деді.
— С. қаласында.
— Онымен не туралы сөйлестің?
— Жай...
— Міңгірлемей шыныңды айт.
Саржан оны-мұны жақауратып, бұлтақтай беріп еді, Сауықбек оны алқымынан жуан қолымен мытып-мытып жіберді де:
— Мәжит саған не тапсырды? Біздің арамызға іріткі сал деді ме?
— ?
Нұржау көзі жасаурап, аяқ-қолы дір-дір еткен Саржанды Сауықбектен ажыратып алып, кереуетке отырғызды да:
— Айналайын, сен ештеңені жасырма. Саған ешкім тиіспейді. Өзің білесің, Мәжит менің бажам. Оның тірі не өлі екенін білуім керек. Бала-шағасы отын-сусыз қала сыртындағы қараусыз саяжайда аштан-аш, бүрсең қаға әкелерінің жолына телміріп отыр. Мені солардың жайы алаңдатады. Қане, айт, ол қайда жүр? — деді.
Сөзге Тоқтар араласты:
— Нұреке, несіне бас қатырасыз? Одан да бажаңызбен телефон арқылы тілдеспейсіз бе? Саржанның телефонынан қоңырау шалынса, жауап береді ғой.
— Жақсы, сөйтейін.
Саржанмен сөйлесемін деп ойлап қалған Мәжит телефоннан бажасының дауысын естігенде не дерін білмей, сасқалақтап:
— Нұреке, есенсіз бе, кейін өзім бәрін түсіндіремін, бұл телефонмен айтылатын әңгіме емес, балдызыңыз бен балаларға бас-көз бола тұрыңыз, — деді де Нұржаудың аузын аштырмай әңгімені үзіп жіберді. Мәжиттің жай-жапсарынан ештеңе біле алмай қалған Нұржау қайтадан бажасына телефон соғып еді, жауап болмады.
Бөлмеде аз-кем үнсіздік орнады. Әркім өз ойымен жеке қалған. Үнсіздікті Саржан бұзды.
Ол тамағын кенеп, жөткірініп алды да:
— Нұреке, Мәжитпен не туралы сөйлескенімді білудің түк те пайдасы жоқ. Бірақ, қаласаңыз айтайын. Бажаңыздың шаруасы шатқаяқтап, атынан ауып түсіп қалған. Онымен менің де сөйлескім келмейді. Бірақ, қолында күзірі бар кезінде жанынан табылып, ал, басына іс түскенде жалт беріп, опасыздық жасамайын деп, амалсыздан құрылыс басындағы жағдайды жеткізіп тұрдым... Ол біздің тарап кеткенімізді қалайды.
— Сондықтан да саған арамызға іріткі салуды тапсырды ма?
— Иә.
— Ақыңа не берді?
— Оның маған ештеңесі өткен жоқ.
— Жасырасың, қалтаңа бірдеңе салмаса, осыншама шыр-пырың шыға ортамызға от тастап, жігіттердің бетін өзге жаққа бұруға тырысар ма едің?
— Шындығына келсем, Мәжиттің қалтасында көк тиын жоқ. Ол қазір қайыршыдан бетер. Ендеше, мені жұмсар, дұрысы, жалдар жағдай онда қайдан болсын? Менікі тек, басына күн туғанда одан бұрылып кетпеу. Менде де ар-ұят бар... Осы бөлмеден аман-есен шықсам, сіздерге қарамды да көрсетпеймін. Ауылыма тартамын. Еңбекақымды да дауламаймын. Өйткені, пайдасыз, ештеңе өнбейтін дау-дамайға басымды сұғып не керек? — деді Саржан дауысын пәсейте. Арада аз-кем үнсіздік орнады.
Саржанның кеше ғана дүрілдеген Мәжиттің айтқанынан шықпай, тапсырмасын бұлжытпай орындап, шабарманы болғаны, күштілердің ыңғайына жығыла кеткіштігі, жаңа ғана Қарашевтың жиеніне болысып, оған жақсы көрінгісі келіп, жағымпазданып қалуға бой алдырғаны — өз ортасындағы қалтасы қалыңдарға, қолында билігі барларға жанаса жүрудің амалы еді. Бұл амалының астарында талғап ішіп-жейтін, жылы-жұмсақтан өзгеге ашылмайтын ауыздардан босаған сүйек-саяқты кеміріп, жуынды-шайындыны қылғытып, майға шыланған езулерден шашыраған түкірінділерді жалап қалсам деген ниеті жататын. Арандай ашылған әлгіндей ауыздардан қай бір жартымды қалдық артылады дейсіз, бірақ, соның өзі жоқ-жітіктер үшін өзек жалғап, асқазанын алдауға жарайды емес пе. Саржан секілділерге «Қайдағы бір қалдыққа бола жанталасу не үшін керек? Жұрт қатарлы жалақыңды алып, тыныш жүрсең жетпей ме?» деп сұрақ қояр болсаңыз, олар сізге: «Түйені түгімен, биені бүгімен жұтатын», әркімнің атына заңдастырып қойған сандаған пәтерлерін, тойханаларын, қонақ үйлері мен базарларын жалға беріп, шаш-етектен пайда табатын, шетелдерде зәулім сарайлары бар, ақшасын банктерге сықап тастаған алпауыттардың өзіне осыншама боқ дүниесі аздық етіп жатқанда маған зарыға күтер мардымсыз бір еңбекақы қайдан жетсін! Ертең аштан өлетіндей жанұшыра қимылдап, тиынына дейін есептеп, өлермендікпен байлығын еселеп, жанталасып, қалтасынан бір қара бақыр шығын шықса, қара жамылып, қайғыдан қан құсатын қанағатсыз қарақойындар қаптаған ортада біз секілді жоқ-жұқаналар күштілерге иіліп-бүгілмей, жарамсақтанбай күн көре ала ма?» деп өзіңізге қарсы сауал тастар еді.
Саржанның арзымайтын жалақысы бар мұғалімдік қызметін ысырып қойып, жетіспеушіліктің салдарынан осында келіп, нәпақасын айырып жүргеніне биыл жетінші жыл. Ара-тұра ауылына қысқа мерзімге барып-қайтқаны болмаса, осы қаладан табан аудармай бұйырғанын тауып келеді. Бірақ, тапқаны қажеттілігін өтер емес.
Бұл құрғыр жетіспеушілік оны жаман қасиеттерге үйір етіп тындырды. Бойында күштіге күйлеу, әлдінің алдында иіліп-бүгілу, қалталы мен билігі барға жарамсақтану әдеті пайда болды. Оның құрылысшы жігіттерді «басшылыққа қарсы шықпайық» деп үгіттеуі шын мәнінде Мәжиттің «араға жік сал» дегеніне байланысты емес, бойға сіңген әлгі әдетінің айтағы еді. Бұған қоса, ұрлық-қарлыққа, әлденені жымқырып-қымқырып кетуге де үйреніп алды. Қай жерден, неден пайда түседі, соны аңдымаса бойына ас батпайды. Боқтан өзгені дүние көрер ашкөздік дертін әбден жұқтырған. Оның кешегі аңғал да таза, ойында қылаудай арамдық жоқ жазған басы бүгінде мүлде басқа...
Бүгінде Саржан тәрізділер өте көп. Мың-миллион. Олардың саны күн санап, сағаттап өсіп келеді. Жоқшылық тұманы басқан, тауқімет бұлты торлаған, тоқтығын баса алмай кекіргендерге қызғана қарар аш-арықтар көбейген ортада әлгілердің саны артып, көбейе бермек. Біздің қоғамда мұндайлардың қатарына өзін адал санайтын кез келген адам кез келген сәтте қосылып кету мүмкіндігі өте жоғары. Өйткені, көп адамды, дәлірегі өзін тазамын деп есептейтін талайларды ішкі әлемінің бұзық ниетін орындауға ар-ұяты емес, батылсыздығы шектейді де, жұртқа амалсыздықтан жақсы көрініп жүре береді. Осылайша, ондайлар адал, таза жан ретінде бағаланады. Бірақ, еркіне салса, ештеңеден тайынбас талайлар бар.
Отыздан жаңа асқан жасы бола тұра соңғы кездері Саржан тым шөгіп кеткен еді. Ішкі дүниесі алай-дүлей. Үнемі тынысы тарылып, ауа жетпейді, алқына береді. Жүрегі де аздап ауырады...
Саржанның үш баласы бар. Перзенттерінің ішіндегі үлкені мүгедек. Ол дәрігерлердің білімсіздігінен не салғырттығынан жарым жан болған. Әйелі бала-шағаның күтімімен үйде отыр.
Үй ішімен қалта телефон арқылы хабарласып тұрса да таяуда Саржанға мүгедек ұлы бұған кәдімгідей жазбаша хат жолдаған-ды. Орнынан тұра алмайтын байғұс мешел бала өз хатында әкесіне деген сағынышын әсерлі жеткізген-ді. Хат мазмұны Саржанды қатты толқытқан болатын. Баласының жазбасын оқып шыққаннан кейін әйелімен хабарласқан Саржан хатты ұлының ешкімнің көмегінсіз өзі жазғанына көз жеткізгенде одан сайын тебіреніп, тіпті оңаша шыға еңкілдей жылап та алған.
Хатта: «...Көке, сіз келіп-кеткелі жылға жуықтапты, өзіңізді қатты сағындық. Тезірек келіңіз. Ол жақта көп ақша тауып, шамаңыз келгенше мені орнымнан тұрып, жүріп кетуім үшін емдетіп келесіз, алайда, оның пайдасы тиер емес. Менің кеселімді Алладан өзге ешкім жаза алмайды. Сондықтан, ем-домымызға қаржы қажет деп, алысқа ұзамай, кері қайтыңыз. Несіне әбіржисіз. Одан да бір күн болса да жанымыздан табылып, үйіміздің есігінен кіріп-шығып жүргеніңізге не жетеді?! Сағыныш сарғайтып барады. Апам да мүжіліп кетті. Қарындасым сіздің суретіңізді жанына қойып отырмай ас ішпейді. Қайтыңыз, көке, қайтыңыз. Айтпақшы, өзіңіз әперген арбаға әбден үйреніп алдым. Екі аяғы сау адамдардан өзімді кем санамаймын. Тағы бір айтарым, мен өскенде етікші болсам деймін. Апам базардан қажетті құралдар әкеліп берді. Тек, бізім нашарлау болып жүр. Қолым да үйреніп қалды. Әзірге көрші-қолаңның әжетін шығара бастадым. Жұрттың бәрі білімге ұмтылып, компьютер меңгеріп жатқан заманда менің етікші боламын дегеніме, әрине келіспессіз. Бірақ, бұған айтар уәжім бар. Бір пар бәтеңке шығара алмайтын, барлық керегін өзгеден сатып алуды ғана білетін елде етікші мен тігіншінің күні қараң болмас...», — деп жазылған еді. Міне, осы хат келген сәттен Саржан үйіне қайтуға асыққан-ды. Бірақ, отбасына бір тиынсыз, тесік қалтамен баруға қиналып, шарасыздықпен «Ғажайыпты» айналсоқтап жүрген жайы бар еді.
Арадағы аз ғана үнсіздіктен кейін Саржан сөзін қайта жалғады.
— Ертең бәріміз жан-жаққа тараймыз. Сонда сіздердің іштеріңізде «Саржан арамза, сатқын, қуаяқ, ұры» деген ой кетпесе екен деймін. Сондықтан, сіздермен түсінісіп, ағалы-інілідей болып тарасқым келеді. Дүние — дөңгелек. Бұйырса, бұдан басқа жерлерде де жолығармыз. Сонда бір-бірімізге жылы шырай таныта амандасудың өзі қандай ғанибет. Егер, қазір қастарыңыздан тоң-теріс кетсем, маған деген жағымсыз көзқарастарыңыз кеуделеріңізде сақталып қалатыны сөзсіз. Ал, әлдекімдер үшін, арзымайтын ырың-жырыңға бола сіздерге жаманатты көрінгім келмейді, — деген Саржан әрі қарай шешіле сөйлеп, өзінің отбасылық жағдайын да, тіпті әлгі хаттың мазмұнын да айтып шықты. Әсіресе, мүгедек баласы жөнінде сөйлегенде оның көмейіне өксік тығылып, дауысы дірілдеумен болды.
Саржанды жігіттер қыбыр етпей мұқият тыңдады. Кереуетінде жүзін төмен салып отырған Тоқтардың көзінен бір-екі тамшы еденге үзіліп түсті. Онысын сездіргісі келмегендей қолымен қабағын жапты. Жаңа ғана Саржанның жанын алардай болып езеуреп жүрген Сауықбек те көзіне үйірілген жасты әрең іркіп, танауын тартқыштап қояды. Саржанның өз отбасы жайлы айтқан кезде бала-шағасын есіне алған Нұржаудың да көңілі босады.
Саржан бөлмедегілердің көңіл-күйіне мән бермегендей сөзін жалғай түсті.
— Сіздерге мұның бәрін мені мүсіркесін, аясын деп емес, Саржанда да жүрек, түйсік, ақжарма көңіл, адами сезім бар екенін ұқсын деген ниетпен айтып отырмын... Білгіштер мен жаны ашығансығандар маған мүгедек баламды арнайы орынға өткіз дейді. Қалайша? Мені тасжүрек санай ма? Көзін жәудіретіп өзгенің қолына қалай апарып тастаймын? Одан кейінгі өмірімде не мағына қалмақ? Бір тамшы қаным — балаларымды күтудің азабынан қашар мен емес. Құлынымның дәрі-дәрмегіне, өзге де қажеттілігіне, олай-бұлай апарып қаратуға ақша керек. Жоғарыдағылардың жоқ-жұқаналар мен мүгедектерге беріп келеміз деп міндетсіне айтатын көмектеріне бір тілім нан да сатып ала алмайсың. Әйтеуір, олар үшін жеңер ақыға, «беріп жатырмыз» деп айтуға жақсы. Егер менің балам дін аман болса, өзімді әлемдегі ең бақытты, дәулетті адам санар едім. Перзенті аман-есен, бауыры бүтін кейбір жандардың өмірдегі болмашы қиындыққа шыдай алмай, морт сынатынына түсінбеймін. Балам мүгедек болған соң солай ойлайтын шығармын, бәлкім. Әйтпесе, мен де... Сіздер бақыттысыздар ғой... Қызғанбаймын... — деген Саржан кенет дауысының мақамын өзгерте, серпіле сөйледі. — Бүгін тұщы етіме ащы таяқ тиді. Өкінбеймін. Сабаған — ағаларым. Өзімнің де кінәм бар. Айыптысың десеңіздер, кешіріңіздер. Мен қойдым... Дегенмен, бір айтарым, Саржанды сабағандарыңызбен, Мәжитті итше қыңсылатып тепкілегендеріңізбен жалақыларыңызды ала алмайсыздар. Мен де үш айғы еңбегімнің өтеуінен қағылып отырмын. Маған оңай емес, әрине. Өлмеспіз... Мәжиттің түгі жоқ. Бала-шағасынан безіп кеткенін білесіздер. Ол жан-жақтан қыспаққа алынған адам. Қаржы полициясы, прокуратура итпен іздеп таппай жүр. Ал, Қарашаевың өзіне жармасқандарды Мәжитке сілтеп жауапкершіліктен құтылып отыр. Келісемін, ізденіңіздер, сотқа арыз түсіріп, тілші шақырыңыздар. Бір жағынан бұл да дұрыс. Үндемей қалғаннан ерін шығарғанның өзі де әрекеттің белгісі ғой. Арыз жазсаңыздар бірінші болып қол қояйын. Сіздерге тілеулеспін.
Денесі қандай ірі болса, көңіл сондай жұмсақ, ашуынан қайтымы жылдам Сауықбек өзінің бұған дейін Саржанға істегенін жуып-шайғысы келгендей орнынан зып ете көтеріліп, терезе алдында тұрған шәугімді алды да:
— Қане, бетіңді шайып жіберші, айналайын, жаман ағаңның қызбаланып шыға келетін, алды-артын бажайлай бермейтін әдеті бар. Келе ғой.
— Сәке, әуре болмаңыз, қазір бөлмеме барып реттеліп алармын, еденді босқа су қыламыз.
— Еден нәмденсе, кеуіп кетеді. Ештеңе етпес, кел, бетіңді шайып ал, — деп Сауықбек Саржанның қарсылығына қарамай, оның қолына елпектей су құйды.
Бұлар өзара түсіністік тапқан соң арадағы әңгіме тағы да созылды.
Нұржау:
— Сен Мәжитпен жақсы қарым-қатынаста болдың ғой. Сұрайын дегенім, кеше ғана шалқып жүрген Мәжиттің бір-ақ күнде қаңғыбасқа айналғаны қалай? Осының сырын білсең түсіндіріп бере қойшы.
— Әй, Нұреке-ай! Қазіргі кезде шалқыған байың әп-сәтте жарлы, тақыр кедейің кірпік қаққанша мұрынын шүйірген жуан болып шыға келеді емес пе. Түкірігі жерге түспес төрені түрмеден көру, билік ауылының есігі түгілі маңайына жолай алмай жүрген шибұтты шенділер мен шекпенділер қатарынан кезіктіру таңсық емес қой. Мәжитті өз ісіне пысық, алымды, шаруаның көзін, бай-манаптың тілін табатын епті деп есептейтінмін. Сөйтсем, барып тұрған ақымақ екен. Оған жаным ашиды. Қазіргі көрген құқайын жауыма да тілемеймін, — деген Саржан Нұржаудың сауалына жауабын осылайша қысқа қайырды.
Жалпы, Саржан басқа құрылыс компаниясынан ауысып «Ғажайыпқа» жұмысқа тұрғанда Мәжит есік-терезе орнататын топтың бригадирі еді. Бұлар осы жатақханада бірге тұратындықтан араласып кеткен-ді. Мәжиттің әйелі, Нұржаудың балдызы Құралай осы жатақхананың коменданты болып істейтін.
Мәжиттің тілалғыштығы, ылдым-жылдым қимылы, ләппайшылдығы компания қожайынына ұнаса керек, оның қолына бүкіл билікті ұстатты. Дәлірегі, қарапайым ғана бригадир Мәжит бірден «Ғажайыптың» кеңсесіне әжептәуір ықпалды қызметке алынды. Аз ғана уақыттың ішінде, ойламаған жерден оған ауқымды жұмыс сеніп тапсырылғанына былайғы жұрт алғашқыда түсінбей қалды. Оның Кеңес кезінде оқып алған дипломының құрылысқа қатысы барлығы да ескерілген болар. Осылайша, Мәжит «Ғажайыптың» төріне озып, төре атанды. Күні кеше талайлармен әзіл-қалжың жарастырып жүретін ол бір-ақ күнде өзгеріп, кісімсініп шыға келді. Кеше ғана құрылысшылар арасында құнжыңдап жүрген Мәжитекең міне енді қолында кіші-гірім билігі бар шікірейген бастықсымақ.
Мәжит жіліктің майлы басын ұстап шыға келген соң Саржан да қарап қалмай, оны төңіректеп, кездесе қалса жалпылдай амандасып, жатақхананың кіре берісінде қатар кездесер болса, елпеңдеп есігін ашып дегендей, әйтеуір, өйтіп-бүйтіп жақындай түсті. Бастықтар мен бастықсымақтардың өз қарамағындағылармен тым жақын араласпай, белгілі бір деңгейле арақашықтық ұстайтын әдеттері бар емес пе. Сол сияқты, Мәжит те Саржанды өзіне жолатқысы келмей, қашқақтап көрді. Орталарына көрінбейтін қабырға тұрғызғысы келді. Бұған көнетін Саржан жоқ. Бүгінде «Шалқайғанға шалқай Құдайдың ол ұлы емес, еңкейгенге еңкей, әкеңнің ол құлы емес» дейтін мінез-құлық өзгерген, мұндай «кесірлер» аз ғой. Әрине, Саржан бұл аздың қатарынан өзін көргісі келмеді. Қазір шалқайғанға еңкейетін, еңкейгенге шалқаятын заман. Хош, сонымен Саржан өйтіп-бүйтіп Мәжиттің қолбаласына айналды. Өзінің де қалағаны — осы. Мәжитке де аяғы жеңіл, тілі қысқа, тиын-тебен ұсынғанды жарылқаушым деуден тайынбайтын, шауып кел, барып келге таптырмайтын бейбақ қажет бола бастаған... Саржанның көкейін тескені — бал ұстап отырған адамның анда-санда бармағын жалап қалу, қолында азын-аулық болса да билігі бар пенденің сеніміне кіріп, оның өзге жұрттан жасырып қайнатар қазанының астына от жағып, күлін шығарып жүрсем, бірдеңе ұстатады ғой деген есек дәме. Саржанның кесімді жалақысына азды-көпті көлденең табыс қосылса, ол кеңірдегіне кептеліп қалмайтыны белгілі.
Мәжиттің дәурені жүріп кеп берді. «Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс». Арада бес-алты ай өтпей жатып қала орталығынан төрт бөлмелі жайлы пәтерге жайғасып алды. Астында қызметтік көлік. Бұрындары ауым-сауым болып жүретін Мәжитің костюм-шалбар киіп, көзіне қара шынылы көзәйнек, мойнына галстук тағып шыртиып шыға келді. Маңызданып, маңғазданып жүргенде бейне бір анасынан дәл осылай туған-ау деп ойлап қаласың. Бұрынғысын ұмытты. Жалғанда сауатсыз, ой-өрісі тар, таяз, асқазаны тойып ас ішпеген, иығына бүтін киім іліп көрмеген, түбі жарымаған, боқтан өзгені дүние санар адам билікке келсе, жұмыстың да берекесі қашып, қарамағындағылардың күні қараң болатыны жасырын емес. Кеңседегілер мен қарапайым жұмысшыларға дейін оның сыртынан мырс-мырс күлетін. Ал, Мәжит өзінің сенгені Қарашаевқа арқа сүйеп алып, айналасындағыларға пысқырып та қарамады. Ақырында сыртынан мырсылдайтындар мен әртүрлі сыпсың сөздер жүгіртетіндердің бәрі де Мәжиттің алдында иіліп тынды. Өйткені, Қарашаев тұрғанда Мәжитке тістерін батыра алмасын бәрі мойындаған.
Компанияның жұмыс көлемі өте ауқымды еді. Ал қожайын Қарашаев жалғыз. Қай жағын бақылап үлгерсін? Ал, оның жанындағы жандайшаптары жалаңдап, телмеңдеп реті келсе, аста-төк дүниеден қымқырып, жымқырып қалумен талмай шұғылданды. Солардың алдыңғы қатарында соңынан Саржанды ерткен Мәжит те бар болатын. Құрылыс материалдары «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетіп жатты. Сапалы заттар сатылып, ал, оның орнына арзан, илакер материалдар пайдаланылумен болды. Бұған Қарашаевтың қылы да қисаймайтын. Өйткені, ол қағаз жөнінде де, басқалай да бар жауапкершілікті Мәжит секілді шабармандардың мойынына артып қойған. Қарашаевқа баспана кезегін жылдап зарыға күткен адамдарға ілдалдап қабырғасы қаланған, есік-терезесі олпы-солпы салынған үйлерді өткізіп құтылса болды. Ал, қабылдап алушы тұрғындар алданып қалмай, сапасыз болса да баспанаға қол жеткізгеніне мәз болатын.
Қарашаев бір үйді тұрғызуға бөлінген қаржының жартысын ә дегеннен кертіп алып, қалған арзымайтын бөлігін «салынуға тиіс үйді осымен бітіріңдер» деп Мәжит секілділерге беретін. Қалған-құтқан қаржы қолына тиісімен Қарашаевтың түк көрмеген бағыныштылары білгенін істейтін. Ақырында компания мойнына алған қыруар құрылыс жұмыстары әдірә қалды.
Қарашаев — жекеменшік жүздеген үйі, ондаған базары, қаптаған дүкендері, тойханалары, кафелері, қонақ үйлері, емханалары, дәріханалары бар алпауыт. Ол осы құрылыс компаниясы арқылы аңқау үкіметтің қыруар ақшасын қалтасына басып, әбден байып алған. Енді оған «Ғажайып» керек те емес. Оған бола бас ауыртқысы келмейді. Өйткені, қулығы басым Қарашаев бүгінде елге қаптап келе бастаған шетелдік құрылыс компанияларымен бәсекеге түсе алмасын, өзінің жабайы іс-әрекетін мына заман енді көтере қоймасын жақсы білгендіктен, оның құрылыс нарығынан жылыстай шығып, әсте-әстелеп басқа арнаға ауысып кетуді көздеген ішкі есебі бар болатын. Бірақ, Қарашаевқа бірінші кезекте «Ғажайыптан» құтылу аса маңызды болатын.
Әрине, өзге салаға ауыса салу, «Ғажайыптан» құтылу, дұрысы компанияның төңірегіндегі былық-шылықтан басын аман алып шығу оңай соқпасын алдын-ала білген Қарашаев өзі үшін жан-тәнімен жалмаңдап жауап берер, құрбан болар Мәжитті құрығына түсірді. Мәжитті қан-жынға тойдырып, қалған-құтқан қиқым-сиқыммен ауыздандырып, өзінің құлақ кесті құлы етті. Бұрын-соңды жарып ас, жарқырап киім киіп көрмеген, уыстап ақша ұстамаған пәтшағар алды-артын ойламастан тайраңдап шыға келді. Түк көрмеген ол сорлы кезі келгенде өзін Қарашаев құрбандыққа шалатынын білмеді. Оның көзін Қарашаевтың жұртты дүрліктірмеу үшін «Ғажайыпты» бірден құлатпай, уақытша, дәлірегі бірер жыл ұстап тұруға там-тұмдап бөліп отырған аз ғана қаржысынан жымқырған және компанияға тиесілі құрылыс заттарын ұрлап сатудан түскен тиын-тебен көр соқыр еткен-ді. Осы қарсаңда, дұрысы «Ғажайыптан» құтылу жоспарын түзген сәттен Қарашаев компанияның барлық жауапкершілігін, қаржылық алыс-берістерін қағаз жүзінде Мәжиттің мойнына біртіндеп-біртіндеп іліп тастаған-ды. Міне, солай.
Жалғасы бар...