- 02 ақп. 2019 00:00
- 240
Баубек Бұлқышев
Бұлқышев Баубек (1916, Қарағанды облысы Ұлытау ауданы — 1944, Украина, Днепро-петровск облысы Софьевск ауданы) — жазушы. Шығармаларын қазақ, орыс тілдерінде жазған. Қарсақбайдағы ФЗО мектебін бітірген (1935). Алматы сауда-қаржы техникумында оқи жүріп (1937), көптеген өлең, «Балалық шақ» поэмасын, «Ауылдан Алматыға» атты әңгімесін жазды. 1939 ж. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, кейін «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде бөлім меңгерушісі болған. 1940 ж. Кеңес Армиясы қатарына шақырылады да, Мәскеу әскери училищесінде оқиды. Баубек Ұлы Отан соғысы майдандарындағы ұрыстарға алғашқы күндерден бастап қатысады. Оның соғыстағы отаншылдық ерлігі ата дәстүрінің жалғасы іспетті. Баубектің әкесі А. Иманов басқарған ұлт-азаттық қозғалысына белсенді қатысқан. Ата дәстүріне берік азамат, жалынды көсемсөз шебері, ержүрек жауынгер Мәскеуді қорғау, Украинаны азат ету шайқастарының бел ортасында болды.
1944 жылдың бас кезінде майданда қаһармандықпен қаза тапты. Баубек Бұлқышев көптеген өлеңдер жазып, республикалық баспасөз беттерінде жариялады, оның «Алматы — менің туған қалам» деген бітпей қалған романы және «Айсұлу» деген поэмасы бар. Бұлқышевтың шығармашылық дарыны Ұлы Отан соғысының ауыр сын сағаттарында ерекше көрінді. 1942 ж. 1 мамырда «Комсомольская правда» газетінде Бұлқышевтың «Өмір мен өлім туралы» (жас қазақ әскерінің хаты) деген өршіл, отаншыл мақаласы жарық көрді. Соғыс кезінде жазған шығармаларының дені «Комсомольская правда» газетінде жарияланды. Баубек Бұлқышевтың «Я хочу жить», «Жизнь принадлежит нам», «Коварство и любовь», «Письмо сыну Востока», «Слушай, Кавказ» және басқа мақалаларын көрнекті жазушы Ғ. Мүсірепов қазақ тіліне аударып, респ. «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде жариялады. Б. шығармалары әдеби жинақтарда («Жизнь солдата», М., 1946; «Журналисты в шинелях», А.-А., 1968; «Есімізде қанды майдан жорықтары», А., 1968) басылды, жеке кітап болып жарық көрген.
Оқуға кеңес береміз:
Баубек Бұлқышев шығармалары