Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Біржанның үні, даусы туралы

Біржанның үні, даусы туралы ел ішінде мынадай аңыздар көп айтылады.

Біржанды он бес-жиырма жасында көрген. 92 жастағы Айтжан Қонды баласы былай дейді:

Бір жылы ел жаз Шағала көліне көшіп шығып, төл аяқтандырып отырған маусым еді. Бір күні кешке кенеттен бір үн, аңыз естілді. Мал сауып отырған сауыншы сауынын қоя қойып, отын ұсақтап отырған адамдар, балтасын көтерген күйі тұра қалып, мал қайырған адамдар да тоқтап тыңдай қалыпты. Бұрыннан даусына, үніне таныс адамдар: «Мынау Біржанның даусы, әнді қайда салып тұр екен? Мұнда келе жатыр ма екен?» —деп, жорамалдап жатты. Біраздан кейін, дауыс алыстай бастады, оның үні әркімнің құлағында қалғандай болды. Сол түні кәрі-жастың, барлық ауылдың әңгімесі «Біржан қай ауылда, кімнің үйінде ән салып отыр екен» деумен болды. Осы жоғарыда айтылған Шағала келінін, күн батысында Қотыр, Сейтен, Жабағы, Қатық, Қонды, Көшербай ауылдары деген орманды жағалай аралары төрт-бес шақырымдай қашықтықта отыратын ауылдар болатын. Біржанның осы салған әні осылардың бәріне естіліпті. Бәрі таңырқапты. Артынан сұрастырсақ, сол күні Біржан үлкен қара жолмен Жабағы ауылына өтіп бара жатып ән салған екен. Сол жолдан мына айтылған ауылдар он-он бес шақырымдай болады.

1925 жылы, сексеннің ішіне мол кірген Бейсеннің Қорқытбайы деген адам былай деді:

Қазіргі Қонды жұрты мен Көшербайдың ауылының, екі арасы қалың орман еді. Иса ауылында бір жұмысымыз болып, жанымда Шайтім деген інім бар, келе жатыр едік. «Жол қысқарсын, Шайтім, өлең айт», — дедім. Шайтім сол күнде жаңа шығып жүрген Біржанның «Қаудырлеттім»2 деген әнін айтып келе жатты. Кенеттен, екінші жақтан, алдымызда екі атты адам көрініп, бізді тосып тұрды. Біз жақындап келіп, сәлем бердік, біздің сәлемімізді алды. Бірі — Біржан екен, ол басқа сөзге келмей: «Әй, «Қаудырлетке» басып келе жатқан қайсың?» — деді. Мен:

— «Мынау менің інім еді», — дедім. Сонда Біржан: Әй, сенің қаракөкті жылқыңда менің не жұмысым бар, ал енді менің «Қаудірлеттімде» сенің не жұмысың бар? «Қаудірлетке» бассаң, былай бас», — деп, шырқап кеп жіберіп еді, қалың орман, сыңсыған тоғай жаңғырып кетті.

Содан соң Біржан: «Ал қош болыңдар!» — деп жүріп кетті.

Шайтімге қарасам, қара терге түсіп, қарадай булығып тұр екен, «уһ» деп демін алды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама