Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Біржанды сабаған Поштабайдан елдің кек алуы

Атығай ішінде Ақжолбайдың Айжан деген қызын Азнабайдың руласы Махамбетке айттырады. Бір жолы Біржан сол Ақжолбайдың үйіне келіп қонып, Айжанның құрметіне разы болып, «Айжанның разы болдым құрметіне» деген өлеңін шығарады. Осы өлең Азнабай мен Махамбетке жетіп, олар Біржанға наразы болады. Екінші Азнабайдың руласы Балғожаны Біржанның өлеңмен өлтіріп кеткені тағы бар. Осыларға намыстанып олар Біржаннан кек алмақшы болып поштабай Сайлыбайды жұмсайды. Поштабай Біржанды ұрмақшы болады. Біржан бұған назаланып Жанботаға өлеңмен назын айтса, Жанбота оны тыңдап, Біржанның намысын жоқтамайды. Біржанның «Жанбота», «Адасқақ» деген өлең-әндерінің шығуына себеп осы болған екен. Бұл оқиғаға Атығай — Керей елі наразы болады екен. Келесі жылы Азнабай Атығай, Қожағұлды, Бейсенді қонаққа шақырады. Олар шақырған жерге «Қу Сүлеймен» атанған ел адамын ертіп ала барады. Құрметті қонақтар түрлі сый-сияпатын көріп жатқанда, Сүлеймен тысқа шығып, баяғы Біржанды ұрған поштабайдан Біржанның кегін алу үшін жекелеп шақырады. Аңқау есер поштабай жетіп келеді. Қараса, поштабайдың түрі: сары бұжыр, шегір. шүңірейген көк көзі, қошқар мұрын, ұзын бойлы адам екен.

Сүлеймен:

— Жігітім, аман жүрмісің? Өзің мықты, алғыр, шабытты жігіт екенсің. Сені тапқан шешеңе болайын. Жігітім, осы сенің туысыңда бір көркемдік бар болар, шешен, қандай адам еді? — дейді. Аңқау поштабай:

— Я, шешем көркем сұлу адам еді, біраз жыл болды қайтыс болды, — депті.

Сүлеймен жұлып алғандай:

— Бәсе, «шөптің басы жел болса қимылдайды ғой», тегін кісі таз бола ма? Осы Азнабай да тегін адам емес қой, сенің, шешеңе көңіл қосып сені поштабай сайлап ұстап жүргені сол деседі ғой, — дегенде поштабай ашуланып жарылып кетердей болыпты.

Сонда Сүлеймен шарт жүгініп отыра қалып, былай дейді: «Қане жұрт, міне өздерің көріп отырсыңдар, осы біз Атығай — Керейдің баласы осы Азнабай мен оның мына жынды поштабайы үшін туыппыз ба? Былтыр қан базарда Атығай — Керейдің ардагер еркесі Біржанды ұрып зарлатты. Жанбота құдалығына сатылып, Біржанның жоғын жоқтамады, ол намыс Атығай — Керейдің намысы еді. Ал, міне көз алдарыңда, мені ұрам деп таптап береді, басқа жерде не істемейді, ал жұрт, мені арашаламаңдар, өлтірсін, Біржаннан артық емеспін,— деп, поштабайға өкпені көрсетіп қояды. Көпшілік, сөзден тосылып, «Поштабай, сенікі теріс», — деп айып кесіп, поштабайдың атын Сүлейменге әпертіпті. Отырғандар:

— Сен, поштабай, тартар айыбыңды тарттың, бұл саған не қылды? — десе, поштабай айтпайды. Ал, «қу», сен айтшы, бұл саған неге өшікті? — дейді Сүлеймен:

— Жұрт-ау, мен бұған не қылыппын, түк жазығым жоқ, көріп отырсыңдар ғой, бұл есер поштабай, елге не істемей жүр, мен соның бір ғана кінәсін айтып едім, — дегенде, поштабай үйден шыға жөнеліпті. Сүлеймен оған:

— Сен былтыр, қашпа, қызық әлі алда, — деп кешегіден бергі сөз қайдан, қалай басталды бәрін айтқанда, отырғандар шек-сілесі қатып күліп, мәз-мейрам болып кенеліпті. Поштабай ашуланып, олар аттанғанша жоламай қойыпты. Елдің жігіттері поштабайды іздеп таба алмапты. Естіген Атығай — Керейдің адамдары Біржанның Жанбота жоқтамаған кегін Сүлеймен іздеп алды, — деп разы болыпты.

Сүлейменнің осы ісі елге жайылып кетіп, поштабай сол елге тұра алмай, көшіп кетіпті деп әңгіме қылып айтушы Қожахметтің Қасені деген кісі еді.

Жазып алған Қарта Қаңтарбаев


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама