Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Біржан салға Мұса Бегенұлының ақыл беруі

Біржан сал алыстан Сараның ақындық-айтқырлық даңқын естіп, қайткенде іздеп барып онымен айтысуды арман етеді. Жол алыс, ел шалғай, оған мықты жолбасшы адам, алыс жолға талмайтын көлік керек болады. Бұл екі араға сауда жолымен жүретін керуендер күз кетіп, келер жылы жаз қайтады екен. Жолдың алыстығын жолдағы шөлейт сусыз даланың қиындығын ел жақсы білетін де еститін. Біржанға еріп ит арқасы қиянға бірден мен барам деп жолдас шыға қоймайды.

Осы дағдарыспен арада екі-үш жыл өтеді, бірақ барам деуден Біржан қайтпайды. Барам дегенін ақылдасқан ел адамдары мақұлдай да қоймайды. Өйткені алыстағы Найман елінің Біржан елімен еш байланысы жоқ. Сарамен айтыссын, жеңсін-жеңілсін, ол елге түсер пайда жоқ. Өйткені Найман — алыстағы ел. Бірақ әуелгі ниетінен қайтпай Біржанның елден жалғыз шығып кетіп бара жатқанын көріп амалсыздан немере туысы Ахметжан еріп шығады. Бүл екеуі Ақмолаға дейін келіп одан аса, Қуандық — Сүйіндік, Алтай — Тоқаны аралай отырып, руы Жауар Мұса Бегенұлының үйіне келіп түседі. Мұса жасынан Бекетші болып ұлықтардан сый алған адам екен. Мұса көп елді аралап, көп жүрген адам екен. Ол үйіне қондырып, Біржанның өлең-әнін естіп жөн сұрайды. Ақыры бір жұма үйіне жатқызып ақыл айтады. Мұсаның ақылы былай болады:

— Найманға тура барам деме, жолдың алыстығына қарамай ел аралап, Ертіс жағалап, Семейлетіп Аягөз арқылы бар.

Ол елдің шетіне барған соң, Сарамен айтысуға келемін деп жар шашпа. Қайткенде тар жерде, ойланбай қапылыста соқтық.

Руым Керей елімін деме, Орта жүзде Керей аз ел. Онда жеңілесің. Орта жүздің аруағын көтере, Арқаның бұлбұлымын де, Арқаның басты адамдарын, байларын біліп алып, Найманның ер азаматтарымен ерлік дәрежелерін жарыстыр. Найманның басты адамдарын біліп алып, Сараның кіммен айтысып, кімнен жеңіліп, кімді жеңді, мақтаныш ететін қандай адамдары бар екенін біліп ал деді.

Біржан елден жеке шығып кетсе де, Сарамен айтысып жеңіп қайтуына, Мұсаның ақылы да себепші болды. «Біз елдетіп жүрмесек, жалғыз атпен Найманға жете алмас едік те, Найманның ақыны Сараны жеңе алмайтын да едік. Біржанның руым Керей демей, жалпы Орта жүздің атақты адамдарын, байлығын мақтан ету себебі де, осы Мұсаның ақылы болды»— дейді Ахметжан.

Әрі қарай Біржанның жол серігі былай депті:

«Біз елден екеу шықсақ-тағы, жүре бере, Найман елінің шетіне барған соң, әр жерден адамдар қосылып, Найманға жеткенде жиырма-отыз адам болып кеттік».

Ел шетіне барған соң Мұсаның айтқанын істеп, Сараның өсегіне дейін сұрастырдық. Сүйтіп, жиналып барып Сарамен айтысты. Біз бұл жолы көп олжамен қайттық. Олжаның басын әдейі бұрылып барып Мұсаға қалдырдық, бірақ Мұса үйінде жоқ болды.

Осы сапардан қайтып келген кезде, қоныстас отырған Атығай-Керей жерге таласып араздаса бастады. Мұндай жағдайда Біржан елді тастап безіп көршілес ауылдарға кетіп жүрді. Берекесі кетіп дау қуған ел Біржанның салдық мерейін көтере де қоймады, немқұрайды қарады. «Шамның жарығы түбіне түспей, маңына түседі» деген бар ғой. Біржанның өлең-әндері туған елінен де маңайдағы елге көп тарау себебі де осы»,— дейтін.

Әңгіме етіп айтушы Кенжеболат Қосмағамбетұлы, Біржанның аталасы Мырзахмет Мұсаұлы (90 жаста) және Асқаров. Мұсаның туған жиені халық ақыны Хафиз Асқарұлы (60 жаста).


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама