Бұқтырманы немістер басып алғанда
ПОВЕСТЬ
Наурыздың зілдей ымырты қыстан көтерем болып шыққан Шоққайыңның қотыраш үйлерін онан сайын мыжырайтып, жаншып барады. Күндізгі маңдай сипаған жылымықтан өзен бойы түтіндеп қалып еді, таудан ескен кешкі леп бозғылт тұманды сыпырып әкеліп көше-көшені тығындап тастапты. Күні бойы өтірікте болса кеңсе мен қоймада, гараж бен мастерскойда уақыт өлтіріп қайтқан еркектер, ауыл үйдің өсегін саудалаған қатын-қалаш күресін сағалаған малмен жағаласып, боз көрпенің астынан өріп шыққан құрт -құмырсқадай әр аулаға жамырап кіріп, жоқ боп кетіп жатыр. "Қиратып қайтқан шығарсыңдар!.. Қиратып!.."
Өзі қиратып тастағандай өзінен басқа тірі жанды жақтырса нағылсын. Бырт-бырт оттаған он саулық пен бұйра бәдені жалмаң-жалмаң бұрап жатқан қасқа сиырдың аузына телміріп тас керең бежірейді де отырды. Оттаған малды, ошақтағы отты көрсе, осы екеуінен басқа дым бақлаған байғұстың қай-жайдағы қырт тірлігі есіне түсетін әдеті. Өсек іздеген қай -жайдағы қырттың езбесіне отықпаған құлағы оттаған малдың күйісі, оның жалынымен үнсіз әңгімелескенде әкесімен сырласқандай ләззат алатын жетім шіркіннің әні де, әріптесі де, ертегісі де, ертеңгісі де осы бір оңаша отырыс: ертеңгі-кеш мал жайлауға шыққан шалын бәйбішесі қақсап жүріп не қораның бұрышынан, не шошаладағы жер ошақтың басынан тауып алатын...
...Айдай атағы, айдап отырған малы болмаса да ел арғы бетке дүрліге босқан жиырма сегіздің топалаңында әкесі жамағайынның шашбауын көтеремін деп көш соңында қоса кетшті. Жалғыздықтың құсасы ма, жоқ әлде жалған дүниенің зорлығы ма, елде қалған шеше байғұс жынданып өлгенде бұл бар-жоғы он жасар еді. Он жасынан екі көзі берместің қазанын, екі аяғы безердің босағасын тоздырған. Он жасынан Шоққайыңның отын-суына араласып, қатыгездің жұдырығы, қатындардың қарғысымен өсті. Ұшарын жел, қонарын сай білетін қаңбақтай көрінгеннің қора-қопсысында көшіп жүріп, соғыс басталғанда Қызылкөз де он сегізге толып қалып еді. Әйтеуір жаратқан соң Алланың есебінде болған шығар, адам санатына қосылмаған соң өкіметтің есеп-қисабына ілікпегені рас. Қатын алуға жарап қалған, қатыннан қажып қалған еркек атаулы да түгел тізімге түсіп, лек-легімен майданға аттанып жатқанда Қызылкөз де шарқайын сүйретіп селсебетке барған. Ат көрмеген есектен танбайды, дүниенің әмірі де, тәңірі де селсебет деп ойлайтын Қызылкөз мені де тізімге қос деп қиғылықты салған. Әншейінде буаз қатынның айы-күнін де санап, бақиға аттанған кәрі-құртаңның соңғы сағатына дейін аңдып отыратын Дайрабайсәбет те қырсыға қалғаны.
— Әй, ақымақ, әле алмай жүріп соғыс сенің қай мұратың?! — деп шолақ қолының едірейтіп отырып алды. — Сен барғанда немістер қоғаша жапырылып қырылып қалады деген! Жоғал!.. Нақұрыс!..
Қай атасынан ілік-шатыс екенін кім білсін, әйтеуір ауыл арасында "Гражданский" атанып кеткен сыңар қол Дайрабайсоветтің Қызылкөзге аздаған ағайын сүрейлігі бар десетін. Жұрт кемістігін көзден жасырса, бұл кемістігімен жұртты қорқытып: "менің қаным бұзылған, мен ырбынайым, жыныма тимеңдер!" деп еліріп шыға келетін де қит етсе, "мен.мұны гражданскиде бергенмін!" деп молағын шошаңдатып, сол немесін граждан соғысынан алған ордендей кірсе кеңсесіне, шықса шығарға сыймай жарылып кете жаздайтыны және бар.
Ғражданда қанша белякті жайратқанын өзі ғана білетін шығар, әйтеуір Шоққайында най тартып, арақ ішетін жалғыз өзі екені рас. "Қайтсін, байғұс, қаны бұзылған ғой" деп ағайынның қатын-баласына дейін атқа көтеріп салып, құйрығына жер иіскетпей, көтіне көпшік қойып мүсіркейтін еді, соғыс басталғалы тәңірі жарылқап, әскери сауаттың арқасында еркек кіндіктіге "айт-два"-ны үйретіп жүрген де өзі: бүкіл шаруасын жинатып тастап, жан басына бір-бірден ағаш мылтық, ағаш граната жасатты, шаңқылдағанда Алтайдың тасын домалатып, сапқа тұрған жігіттердің өкшесімен Шоққайыңның шаңын Алтайдан асырды. Қызықтаған бала-шағаның ішінде атан өгіздей боп Қызылкөз де жүретін. Оны Ғражданскидің алдына алып келген де "шіркін, мен де осындай кәмәндір болсам" деген арман еді. Сол арманы аяқ астынан быт-шыт болды. Орыс, қазақтың былапытын араластырып соққанда, біреуді кемітіп, біреуді кеміріп боқтағанда бұл өңірде Ғражданскиден озатын ауызы пысық адам жоқ-ты.
— Әй, нақұрыс, мен саған не деп тұрмын?!.
— Енді... деп тұрсыз ғой...
— Әй, ләухи, мен саған жоғал деп тұрмын!
— Енді... жоғалайын деп тұрмын ғой...
— Әй, мыржық, сен жоғалудың не екенін білесің бе?!
— Енді...
— Әй, дүңген! Сыболыш! Боқ басында өлгің келмесе жоғал! Әңгүдік неме, мына сөзіңді менен басқа ешкім естімесін!.. Қаш!.. Қаш дегенді білемісің, миғула!? Бақайы құрттаған балшық! Сенің кімге керегің бар еді?! Едрене майт, гнида! Вшивая дохлятина!..
Төрағаның боқтығына төбесіне дейін тойып шыққан Қызылкөз көлеңкесіне жеткізбей зытқан. Ағайын жанашырлық жасады деп ойлаған жоқ, бұрын-сонды жұрт естімеген боқтығының жан түршігерлік сиқынан-ақ соғыс дегенің сойқан екенін сезіп еді. Қашқынсың деп ешкім қуған да жоқ, қашқынмын деп ойлаған өзі. Сондағы жеткен жері қозы көштегі Бұқтырманың бытқылы. Жан баспайтын жыныста аюмен таласып бір үңгірге кірді де бес жыл бойы ел бетін көрген жоқ: төсегі арша, төсеніші өлең, қаруы — тұзақпен мардушка, талшығы-қоян мен суыр, кекілік пен құр, арасында балық пен бақа-шаяны да бар, жемі — жеміс пен шөп-шалам, қысқасы, бес жыл бойы аюмен еншілес болып еді, күні бүгінге дейін аюдай денсаулықты аюмен бөліп-жарысқан. Жан тәтті екен. Жан тәтті болмаса қиянат көрмей, тірі пендеге қиянат жасамай қашқын болып басына не күн туыпты. Жан тәтті болған соң сол шыбын жанды сақтау да керек екен. Өзен жиегіне емініп тұрған күз жартастың астындағы апанның аузын қорыммен бітеп, қарағайдың қабытынан есік жасады да төбедегі ширек шақырымдық тесігін түгін сейіліп шықсын деп шыршаның бүрімен буркеп тастады. Үңгірдің қабырғасы қақтаған балық, ыстаған еттен сүр болған шығар. Жаз жапырақ жесе де өлмейтінін білген Қызылкөз қара күзден аюдың ізіне ерді: әйтеуір аюға нәпақа болған нәрсе адамның да тамағынан өтетін шығар деген түйсікпен қысқы ұйқының алдында аю қазып кеткен шұңқырдағы тамыр атаулыны жинап алып, оны да талшық қылды: алтын тамыр, қызыл тамыр, марал тамыр, мүмкін оның ішінде женшень де бар шығар, Қызылкөз оны қайбір таныпты, әйтеуір тамыр.
Қылт еткеннен безіп, әлдекім танып қоймасын деп бет-ауыздың ысыл-қыбырын қырықпай қоя берген Қызылкөз қышынып жүріп-ақ үйреніп кетті де қазірдің өзінде де қайшы тисе ырысы қашатындай иегіне ұстара жолатпай келеді, "жанның рахатын сезің келсе ешкі қотыр бол" демекші, содан қасынып отырып ләззәт алатыны және бар. Аспан асты кең болғанмен жер ұлтарақтай, адам түгілі аю да көзге түспей қалмайды, Топардың тұйығында кісікиік пайда болыпты деген аңыз соғыс кезінде ел ішіне үрей болып тарап еді. Пәленше әйелді ұрлап кетіпті, түгенше әйел содан буаз болып қалыпты деп байсыз бала көтерген әлдебір байғұстың күнәсін де кісі киікке жапқан. Осы бір өсектің өзінен-ақ жұрттың зәре-құты қалмай, бұл маңды тірі жан баспай, тұтас бір өзектің жармысы Қызылкөздің жайлауына айналған. Дегенмен, Қызылкөз қайтып ел бетін тапса, оған да дәнекер болған ұрғашы екені рас...
...Бойдақ сиырлардың ішіндегі шырт етпе сүті бар жалғыз қысыр өрістен күн сайын сауылып қайтатынды шығарды. Жетім займкенің шайлығына жиендік жасай қоятын маңайда сұғанақ қоңсы да жоқ. Өрістен тірі жан көргіміз жоқ деп екі бала азар да безер. Қорадағы шөптің қоры үзіліп, сағдарға қарап қалған мал бір мезгіл бұта басын шалып қайтып жүр еді. Екі баланы өгізге мінгізіп табын соңынан қоя берген Айкүміс арттарынан андып шыққан.
Жазғасалымның сұр қары қылтанақ басын босатпай сіресіп жатқан кезі еді. Ертеңгі -кештің тұманынан ақжелек жамылған тоғай қылау салмағынан тәжім етіп, жел өтімен шашылып қалған ақ ұлпаның кірпігі көзге инедей қадалады. Шақыраюы бар да жылуы жоқ наурыздың салқын күні аспандап кеткен тұманды кемпірқосақтан тесе алмай тұр. Жаңа ғана тастап кеткен сиырлардың жас тезегі қар бетіңде бұғып жатқан қарғалардай ақ ұлпаны шұбарлап тастапты. Бұқтырма әр жерінен тесіліп, мұз үстінен қызын су жүре бастаған екен, өзек бойын су кернеп, сартапқа быққан қазандай өзен үнсіз қайнап жатыр.
Аңғарды қуалай, аңырата соққан ызғардан екі бала қоңыр шолақ өгізді қоя беріп, қойтасқа барып тығылғанда табынның алды бытқылға кірген еді.
Айкүмістің қорыққаны, ел ішін бруцулез деген дерт қаптап кеткен. Ол немесі малдың еті мен сүтінен жұғады деген лақап та бар. Семейге импорт пен загатскоттың малын айдаған қатын-қалаш жол бойы ашыққан кезде ешкі еміп, сиырдың сүтін шикідей ішемін деп тапқан "олжасы" деседі. Басынан балағына дейін бар мүшесін тығынмен кептеп жүрсе де әйтеуір қатын деген байғұстың жыртығын таппайтын пәле жоқ; бегін бүркесе — етегі, етегін қымтаса — өсегі, мұқым елді қатын асырап отырса да қадырын ошақ басынан оздыра алмай, енді міне, аяғынан ақсап, сүйегі қақсап, күпшегі қаңсыған шиқылдақ арбаны сүйреткен жауыр трақыдай тіршіліктің қомытын қотыр мойнына киіп алып тырпылдап жүріп, пырсылдап кеп аңырайды. Ыңырсымай қайтсын, өмір ыңырсытып қойған соң: бақыр басты байдан айырылып қысыр төсекте бір қыңсыласа, ұрпақ жалғасы деген ұлдан айырылып екі ұлыды, қыз байғұс қызығын жат жұртқа жеткізе алмай он жақта омалып ол отыр. Ей, Алла, қыз бермегеніңе құдайға шүкір деп Айкүміс күрсініп салды.
Екі бала ермек үшін болса да қара сиырды далада қақтап жүр ме деп көңіліне күдік алған Айкүміс қатты қобалжыған. Жан сақтап отырған екі бірдей қолғабысы ауырып қалса қол -аяғының кесілгені де. Онсыз да жер қарадағы жеті шақырымдағы кержактардың мектебінен көне славян тілінде сауат алып, қыс бойы сиыр соңында салақтаған қос жетімнің обалы менің мойнымда деуші еді. Ойын баласын ермегінен ерте айырып, ертеңнен қара кешке дейін сасық сиырдың сатал бөксесінен басқа түк көрсетпеген заманына кінә артуға да қорқады. Әйтеуір "жаудың тұқымы" дегізіп көз түрткі қылмай елсіз қуысқа тығып отырғанына да шүкіршілік етеді.
Екі бала жартастың қуысына кірісімен от жағып әбігерге түсіп еді, кешкісін күлді-көмеш боп келетін сұпыттарын енді түсінді: қора ішіндегі ұраға салған картоптың шеті ашылып, сабаны көрініп қалған, ұрлық болмаса да рұқсатсыз қылығынан балалардың қысылатынын біліп, жасытпайын деді де жартасты жасырын айналып, иесіз малдың алдынан шықты.
Қара сиыр тал түбінде таңып тастағандай тапжылмай тұр екен. Бұтынан әлде не қараңдаған сияқты еді, жақындап барғанда адам екені, хайуан екені белгісіз, бет-аузын бұйра жүн басқан пәлекет шашы жалбырап қара сиырдың емшегіне жармасып жатты. Аяқ тықырын сезді ме, қайың туесогін тастай беріп атып тұрғанда Айкүмістің екі көзі тас төбесінен шықты: жалбыраған қап-қара жабағы жүннің астынан сырайған қып-қызыл қос жанар күйген томардың қуысынан жылтыраған шоқтай қоздап, жүн арасындағы жаялықтай ауыздан атқан бу күйелі кернейдің түтініндей будақтап, алпамсадай тірі мақұлық Айкүмісті тарпа бас салатындай үңірейіп тұра қалды. Айкүміс айқайлайын десе дауысы шықпады, қашайын десе екі аяғы қара жерге қағып тастағандай тапжылатын емес, жан ұшырғанда еңіреп жылап жіберді.
— Жеңеше, жеңеше!.. Мен ғой... Менмін ғой! — деген қарлыққан дауыс жер астынан шыққандай қырылдап күншіліктен естіліп еді, — Жеңеше, мен ғой... Нұрахметпін ғой! — деген жаялықтай жүнді ауыз төбесінен төніп тұр екен.
Албасты басқандай әлсіреп, буыны кеткен Айкүміс сылқ етіп отырып қалды. Шашы мен қасы тұтасып, самардай беттен саутамтық қалдырмай жайлап алған сақал-мұрттың саңылауынан сығалаған қып-қызыл көздің еті теріс айналып, пора-пора жас сорғалап тұр екен, жылап отырған Айкүмістен бетер. Бетін күс-күс алақанының сыртымен сыпырып тастады да:
— Жеңеше, менмін ғой, Нұрахметпін, — деп қырылдап келіп алдына тізе бүкті.
Сенейін десе түрінен сескеніп, сенбейін десе тарпа бас сала ма деп зәре-құты қалмай қалшылдап отырған Айкүміс:
— Қарағым-ау, қайдан жүрсің?! — дегенді қырыққа бөліп қиналып айтып еді, жан-жағынан жау шауып келе жатқандай Қызылкөз алақ-жұлақ қарап алды да:
— Жеңеше, мені көрдім деп тірі пендеге айта көрме! — деп жалынғандай боп шегіншектей берді.
Жүн басқан қазандай бастың нобайынан Нұрахметтің сиқын енді ғана елестеткен Айкүміс, бір кездегі көрінгеннің күресінін тазалап, есіркегеннің есігінде түнейтін қу жетімді есіне алды да:
— Қарағым-ау, не боп кеткенсің, саған не болған?! — деп әлі де өз көзіне өзі сенбегендей қайран қалды.
— Өстідік қой, жеңеше, өстідім, — деп міңгірлейді. — Қашып жүрмін ғой...
— Қашқаны несі?
— Соғысқа бармаймын деп... Қашқын болдым ғой...
— Әй, қағынғыр-ау, соғыс біткелі қашан!.. Жылға жақындап қалған жоқ па!
— Сөйтті ме?!. Соғыс бітті ме?!.
— Бітпегенде ше!.. Жұрт қашанға дейін қырыла береді деп едің?! Немістің де бала-шаға, қатын-қалашының есебі бар шығар!..
Қуанғаны да белгісіз, Қызылкөз шиыршық атып бір орнында тұра алмай, құлағы құрттаған төбеттей бір түп үшқатты айнала берді, айнала берді, ақыры енді ғана есіне түскендей қара сиырды босатып, кендір жіппен белін буды, шұрық тесік шолақ тонның жыртығынан іріп кеткен кір көйлектің жұрнағы көрінеді, шарқай ма, бұтыл ма, аяғындағы көң сасыған қырық құрақ бірдемені сым темірмен шандып тастапты.
— Көзіңе не болған?
— Қарықты ма, қыстан бері басыр боп қалдым...
— Өлесің ғой, байғұс-ау!.. Бүйткенше түрмеге барып жатпайсың ба!..
Түрме дегенді естігенде Қызылкөз шоршып түсті. Оның үстіне сиыр қайырған екі баланың дауысынан кірерге тесік таппай, бұта түбіне бұғып жата қалып еді, бұтындағы кендірмен көктеген қоян терісі қақырап кетті де жалаңаш қалған бөксесін немен жабарын білмей Айкүміске жалтақтай берді.
— Өлесің ғой...
— Жееше, бір күні өліп қалсам, мені ит-құсқа жегізбей көміп таста...
Жылап жатты ма, әлде ауру көздің сорасы ма, Қызылкөздің бет-аузы ағыл-тегіл әлем тапырық еді. Әуелде қорыққаннан жылаған Айкүміс енді жаны ашығаннан жылаған...
...Айкүмістің Қызылкөзді сиыр қораның түкпіріне қамағанына да біраз болған. Екі баланың көзіне түспеймін деп, күшік кезінде құлақ-құйрығын табалдырықта шапқан шұнақ төбеттей сүйреп үйге кіргізе алмады. Алты ай қыс табанын жалап, тамсанып ұйықтайтын аюдай бұзау дүңгіршегін селкілдетіп қорылдайды да жатады. Балалар өріске кетісімен кір-қоңын жуып, моншаға түсіріп, бес иттің нәпақасына жетерлік бес жылғы күсін жонып тауысып еді, күн сайын үш мезгіл сақар сабынмен көзін шайдырып, жыртиған қызыл жалқақтың астынан қос жанарды қазып алғандай болған. Пеш үйдегі кержақтың тәуіп кемпірінен шеп-дәрі әкеліп ем-домын жасаған соң кәдімгідей адам санатына қосылып-ақ қалған. Қидың иісі шықпаса қалжасы жақпайтындай көже-көпсекті қорада ішіп, үш мезгіл осыған тамақ тасимын деп-ақ Айкүміс табанынан таусылатын болған. Майға шықтаған талқан мен сүзбе қатқан бір саптыаяқ арпа көжені алып кіргені сол еді, тыстағы күрс-күрс жарылған дүрсілден көзі ақиып кеткен Қызылкөз:
— Ойбай, немістер кеп қалды!-деп атып тұрып жын қаққандай безе жөнелді.
Артынан қуа шыққан Айкүміс айқайлап жүріп тоғай шетінен әзер токтатты. Сағасын қызылсу кернеген Бұқтырманың мұзы түсіп, сең жүре бастаған кезі еді, ғұмыры зеңбіректің даусын естіп көрмеген бейбақ мұз күтірін бомбы деп қалса керек, қайда қашарын білмей, алақ-жұлақ екі ішінен ентігіп, енді болмаса көк жылымға қойып кетуге бар еді. Айкүміс күлерін де, күл сабарын да білмеді. Жаны ашыған соң екі көзден басыр боп қалған байғұсты жетелеп келіп, адам көзіне түспеймін деп азар да безер болған соң екі баладан жасырып ұстап отырған. Сау басына сақина тілеп алғанына енді өкінгендей қатты ашулансын.
— Әй, арам қатқыр, жау келсе жалғыз сені шаба ма? — деп жұлып тастай жаздады. — Тым құрыса жалаңбұт қашпай, ылпаңды кие кетпейсің бе! Қашқанда қайда барасың, қай жаудан қашып барасың, миғула байғұс-ау?! Баяғыда қырылып кеткен немісті қыр астынан іздеген сендей ләухи да болады екен-ау!..
Айкүміс алдына салып өңкілдетіп айдап келді де, бес жылғы шоқпытын тәйтерісімен қоса лақтырды:
— Жанының тәттісін! Сенің елге кісілігі, жерге сідігі сіңбеген қу жаның кімге керек еді! Не санатта, не санақта жоқ сені іңкібіді нағылсын! Артынан іздейтін жақыны, ізіне түсетін жауы жоқ албаты қаша беретін де нақұрыс болады екен-ау!
Айкүміс төбесінен төмен қарай біраз ағызып алды. Айдалада жалғыз үй отырып, қарғысын төгетін де қара таппай ішқұста болып жүр еді, іштегі бүкіл запыранын ақтарып салып, сақтап жүрген бүкіл запасын тауысқан соң ғана өзінің қатын екені енді ғана есіне түсіп уһ деп жеңілдеп қалды. Қатты ұйқыдан оянғандай мең-зең отырған Қызылкөз, рас-ау дегендей бірінші рет Айкүмістің бетіне тұра қараған. Барар жер, басар тауы жоғы да рас, тіріде тұрмақ, өлсе сүйегін іздейтін ешкімнің жоғы да рас, бәрі рас... Осы мен нағып отырмын деп тұңғыш рет өзін өзі қамшылап... Айкүмістің: "ойбай, енді қайттым?!" деуге ғана шамасы келген. Еркек боп ес кіргелі ұрғашы көрмеген дүлей неме басына қайнаған құрт құйса да қайтатын түрі жоқ-ты...
...Сол күннен бастап Қызылкөз қорадан қоржын үйге көшкен. Сол күннің ертеңінде екі баланы мектепке жіберіп, өзі өгізге мінген. Содан бері тамағы астан, тақымы аттан босаған жоқ еді. Бес жыл бойы қашып жүріп, ошақтағы отпен ғана сөйлесіп мылқаулықтан аман қалса, одан бергі қырық жылда мал соңында жүріп, майлық пен сулықты ажыратпаса да айран мен іркіттің дәмін, қатынның қадірін танығандай болып еді. Айкүмістің айтқанындай санатта да, санақта да жоқ Қызылкөзді НКВД тұрмақ атасы Шоңмұрыннан іздей қойған тірі жан болсашы. Кешегі соғыстың өзін ұмыта бастаған жұрт дүнияда Қызылкөз атанып кеткен Нұрахмет дегеннің болған-болмағанынан бейхабар сияқты. Әйтеуір осы жерде туыпты, осы жерде шаранасын жуыпты деген ыспрапкемен кемпір-шал болып пынсияға ілігіп еді, оны да жасаған ағайын емес, тілеуіңді бергір кержақтар, онда да Айкүміс болмағанда Қызылкөз дейтұғын қаймана қазақтың қанша жасқа келгеніңде кержақтардың қанша шаруасы бар. Сөйткен Айкүмісті... қайран қатынды...
...Мырза келіп тынышын алмағанда ұйықтап кеткендей екен. Өзімен өзі болып, өмірінің бір қуысын тінтіп отырған Қызылкөз Веттехникті жек көріп қалды.
— Мынаның біреуін алып соғып, сойып тастамайсың ба, — деп Мырза қорадағы бар дәулетінің есебіне жете алмай тұрғандай аспанға қарап шіренді.
— Не дейді?!.. Сиырың буаз, тайыншаңның жілігі татымайды, бұзауыңның кесімі жоқ, саулықтарың туайын деп тұр, — деп Қызылкөз Веттехниктің бар байлығын бөліп-бөліп бармақпен басып отырып түкке жаратпай тастады да "осының есі дұрыс па" дегендей бажырая қарады.
— Қызылсырап қалдық қой, — деді Мырза міз бақпаған қалпы. — Қашанғы кәрі жіліктің қатқан сіңірін қажай бересің... Алда-жалда қатынды бола қалсаң, тышқан мұрынын қанату керек шығар.
Осының жанашырлығын да, жансыз қылығын да түсінбей-ақ қойды. Құдды осы таптырып, кіндігін осы кескендей көкемсіп, тепкілемесе де тексіздігін сот сайын есіне салып, жаншып кеп, жанусыз пышақтай жанын қинайтын удай зілінен зерезеп болғалы қашан. Мұнан да қазыққа отырғаны жақсы еді. Осының-ақ көзіне түспейін деуші еді, не сиқыры барын, албастыға ілескен сайтанның сапалағындай елпілдей жөнелгенін аңғармай да қалыпты. Күні бойы үйге кіруге келіннің сыпайы күтімінен жасқанып отыр еді, күл басын жаңғырыққа өзі төсеп жаттығып қалған обалсыз шіркін Веттехиктің қақпадай жауырынын қалқан қылып тағы да емпеңдей берді.