Ысқыртып жатыр екен
повесть
Төбедегі жыртиған жалғыз шырақ бөлменің төрт бұрышына жетпей қалыпты. Қасқыр көрген түлкінің балапандарындай қара көлеңке іргеге бөкселерін тығып әр тұста шашылып жатсаң бала-шағаның көздері ғана жылтырайды. Пеш түбіңде зарлап бара ма, сарнап бара ма, өксіп бара ма, өліп бара ма, оны ешкім білген жоқ. Өлі ме, тірі ме, оны ешкім көрген жоқ. Ағайын тұрмақ артында қалған жалғыз ұлды да іздеп келген жоқ. Жалғыз ұлдан ұят күшті болғаны да...
...Айкүміске бай боламын деп жүнді ауыз Қызылкөз кіріп келгенде ала шұбар ымыртта анасын алып кеткен қабасақал қайтып оралғандай Өтеудің аза бойы тітіркеніп, азар да безер болғаны осыдан да шығар... Сыбызғыдан зар сауғанда барса-келместен қайтып оралмайтын әкені ойлады ма, жоқ әлде қарлы-жаңбырлы қара күзде ұшты-күйді жоғалған шешені ойлады ма, кім білсін...
— Тұр ей, үйге қайт!..
Жылайын деп тұр екен. Бұл да жылайын деп тұр еді. Екеуі де бір-біріне көз жасын көрсетпес үшін құшақтасып қар талғанша көп тұрды. Сонан бірінің иығын бірі көз жасымен суарып барып әзер ажырасқан еді.
— Сен анау қырға дейін үйге қарай жүгіресің, — деп Өтеу бір төбені саусағымен өлшеп берді. — Мен анау қырға дейін Қатынға қарай жүгіремін, — деп екінші төбені өзі өлшеп алды.
Бірінен бірі қашқандай екеуі екі жаққа безе жөнелген. Безіп келе жатып та безіп бара жатқан Өтеуді көз алдынан жоғалтқан жоқ еді, артына бұрылып қарағанда сарала тон киіп алған саршатамыздың шатқалынан басқа, шатқал аузында шаншылып отырған Саралқаның шыңынан басқа дым жоқ екен. Сосын Бұқтырманың жартасты тілген ысылы. Боз аспан тағы да сағал-сағал боп еріп, Алтайдың ала шыңдарының төбесіне төгіліп жатқандай, дүние жыбыр-жыбыр көшіп бара жатқандай болып еді. Сөйтсе, сөгілген де жоқ, төгілген де жоқ, жанарға толған ыстық жастың ар жағында қалған боз аспан мен жарық дүние екен... Шығанға қашқан Бұқтырманың ағынымен, көк тасты тілген көк долы толқынның сарынымен жарысып өкпесі өшкенше, үйге жеткенше жүгіріп еді. Бірақ сыңарынан айырылған жетім көңіл сүйкенер қара таппай шығанға тартып ұлыды да тұрды. Ақыры көрші аудандағы интернаттан бір-ақ шықты да, қыс оқып, жаз соның көңінен көміріне дейін таситын көк есегі болып жүріп оқу бітірді. Обалы кәне, айтқанында тұрып Өтеу қаражатын қалтасына салып беріп Семейге шығарып салды, Малдәрігерлік институтын бітіргенше бес жыл бойы үзіп-жұлып ақшасын жіберіп, жазғы демалыстың кезінде аяқ-басын бүтіндеп қайтаратын еді. Сүйіп қосылды ма, сүйеу болсын деп күні үшін қосылды ма, біреудің босағасында күшік-күйеу болып жүріп, меншікті баспанаға енді ғана қолы жетіп, кебек араласпаған ақ дәмге енді ғана ерні тигенде селикоз деген тепсең құтылмайтын темір бақтың арқасында обраковкаға шықты да қалды. Енді мынау қызығы мен шыжығынан қиянаты көп өмірдің қырсығына егескендей бас бармақты сұқ саусақ пен ортан қолдың жықпылынан шығармайтын болған. Бар қайраты да, бар айбаты да осы... Айкүміс жүнді ауыз Қызылкөзден төрт ұл тапқан. Кешегі тектімін деп жүрген зиялының ақжаулығы қаңғыбасқа қатын боп кеткенін өзіне қор тұтып, отыз жыл бойы бақыр басты біреудің отбасына отырып, жұрт көзіне ен-таңбалы болса да қайтып ел бетіне көрінген емес. Тайганың тағысындай саяқ тірлік кешкен Қызылкөз бес үйлі займкеден басқа отан бар дегенді ойына алса нағылсын. Мұның да өзінше қызық хикаясы, ел аузында таусылмайтын жыры бар.
Мырза мен Өтеу іргеде отырса да кемпір-шалға ат-ізін сала бермейді. Ауыл маңындағы қу тақырға ұстап отыру қиын болған соң екеуі жиылып оншақты қарасын Қызылкөзге қосып қойып, жыл сайын бір-екі соғымнан алып жегені болмаса бауырын езіп бара жатқан жұрағатшылығы да шамалы. Шеше бір болғанмен төрт ұл Мырзаға бөтен де, тумаса да туғаннан ыстық Айкүмісті Өтеу төрт ұл мен Қызылкөзден күні бүгінге дейін қызғанады...
Өркешті жолдың қатқағын жыртып, ара-тұра мөңкіп-мөңкіп қойып "Бездеқот" Көрбикеге жеткенде Өтеу жеті ұйықтап, жеті оянған. Жел көтерген сырмадай шұбатылған боз тұманды машина фары тесе алмай қойды да, әйтеуір, қой қора, сиыр қора, ат қора, тауық қора, шөп қора — өңшең қораның ортасында қонжиып отырған үйреншікті ескі үйді танауымен түртіп тапқан еді.
— Неге тұрсың? — деп Өтеу ежірейе қарады.
— Немене, үйге де машинамен кірейін деп пе едің?!
Келіп қалғанына өкінгендей Өтеу бет терісін бес сындырып, қош жерде серейіп мұз боп қалған екі аяғын бауырына зорға тартып алды.