Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Жанжігіттің жеті саптаяғы

Біздің ауылда күні бүгінге дейін құдайы қонақ келсе де дастарханын жайып отырып үй иесінің:

— Жанжігіт атаңның саптаяғына құйып берейін бе, әлде сырлы кесемен сызылып отырып ішемісің? — деп сұрайтын әдет бар.

Мұнан соң, алдындағы асын тауыса алмаған әлдекімге:

— Жанжігіт атаң жеті саптаяқты да бұйым құрлы көрмеген, жеті қасықты жүк санасаң, атаңа тартпаған екенсің! — деп сөккендей болады.

Жігіттің жігіттігін де Жанжігіттің саптаяғымен өлшейтін кедей жомарт асты кейкимей, кекірмей таза жеп, таза тұрып кеткен қонағын:

— Жанжігіт атасының сарқытын ішкен ғой! — деп мүсіркеп, мақтанышын тағы да өзінің атасының есебіне жыға салады.

Бұл әдеттің үй иесінің сыбағасына тиер сыны да жоқ емес. Дастархан қораш болса, қонағы:

— Немене, бұл үйде Жанжігіт атамның саптаяғы жоқ па еді? — деп қырсықса, қазанды қайта көтеруге тура келеді, болмаса кешірім сұрауға мәжбүр.

Кәзір бар-жоғын кім білсін, кезінде шағын ауылдың, Садық жездемізше айтсақ — «алты таздың ауылында» түтін бас сайын бір-бірден Жанжігіт атамыздың саптаяғы болушы еді. Ол саптаяқтың сиымы үш литр. Сол саптаяқты жасайтын Жұмахан:

— Үш литрден бір тамшысы кем болса, менің аузымды тігіп тастаңдар! — деп ант-су ішетін.

Еріккен жұрт өлшеп те көрген. Ағаш көрсе аяғымен де жона білетін шебер қашан да жаңылған емес, бір тамшының артық-кемі болған да шығар, әйтеуір Жұмахан ағамыздың ауызы тігілмей күні бүгінге дейін аман-есен жүріп жатыр. Ал Жанжігіт атамыз елуінші жылдары жүздің онына жетер-жетпес, жетер-жетпесте алжымай, ақылынан адаспай, Алладан ажал тілеп отырып ауырмай, сырқамай дүниеден өткен. Артында жеті саптаяқтың аңызы қалды. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, аңыздың басы әу баста наурыздың көжесінен шықса керек. Жанжігіт жеті үйден жеті саптаяқтан көже ішіпті-мыс, жеті үйдің әрқайсысынан жеті саптаяқтан ішпесе де бір-бірден жеті саптаяқты тауысса адамға едәуір жүк, ішті ме, ішпеді ме, оны да кім білсін, «ішті» деп Жұмахан секілді ант беретінде ешкім жоқ. Сенбейін десең, наурыздың күні әр үйде дастархан жайылып, әр адам жеті үйден дәм тататын ежелгі салт тағы бар...

...Жанжігіт атамыз сол кездің өзінде бойы екі метрден сәл қалқыңды, бірдемені істеп отырмаса екі қолы алдына сыймайтын ересен ірі кісі еді. Қорасанға қарамастан қарасұр беті, табиғаттың сараңдығынан астаудай иегіне жетпей қалған алаң-қуаң жұқалау сақал-мұрты қазандай басына жарасып тұратын. Жұрт оны сексенге келді деуші еді, «мен сексенге келдім» деп атамыз жұртқа есеп берген емес, әйтеуір, адам түгілі албастысынан да бөтенді оздырғысы келмейтін «атты таздың ауылы» шал біткеннің мықтысы мен әдемісі Жәкең болар деп оның алдында жан салмауға тырысатын.

Қысы қасқыр ішіктің өзін қаусыртатын әрі суық, әрі ұзақ болғандықтан ба, біздің ауылдың есігі аласа, босағасы сыпайы ғана сиятын сыбызғыдай қысыңқы келеді де отынға өкпелеген жықпыл-жықпылы үнемі жылап тұрып табалдырықты мұзға қиқырайтып қоятыны өз алдына бір сән. Бір керігі болсын болмасын, ерттеулі атқа міну үшін де күні бұрын етегін кесіп і астайтын еріншек жұрттың қырсыздығы ма, әлде қызық үшін бе, ол мұзды ойып тастайтын еркек-ұрғашыда құлықта жоқ. Қақ төрде қайнағасы отырғандай кіре бере етбетінен түсіп сәлем беріп, шыға бере тоңқайып жатып етегін түрмей кеткен бір адам, әй, сірәда болмаған шығар-ау!.. Жанжігіт атамызды қинайтын жалғыз қиянат осы есігі бар болғыр. Не еңкеймей не шалқаймай, жартастай тіп-тік жүретін алып дене екі бүктетіп, бір қырымен босағаны қақырата кіріп келе жатып:

— Азап қой мынау, азап! — деуші еді.

Азап та болса атамыз саптаяғына бола сол босағаны құрып кеткенде жылына бір дүркін кеңітіп шығатын. Торғай су ішкен күні. Торғай байқұс су ішті ме, ішпеді ме, оны да кім алдады дейсің, әйтеуір, наурыз күні шатырдың шалғайы тұмауратып, іргені сылп-сылп ұрған тамшыны да тамашалап, қыс бойы пеш төбесінен түспейтін қара сирақтардың жеті саптаяқ болмаса да қара көжеге жеткенінше қарқ болып қалатыны рас еді. Қайызғақ пен шөптің қоқымынан басқа не табатынын қайдам, күншуақты сағалап, малжаң-малжаң күйіс қайырған сиырлардың қыр арқасын базарлаған торғайлар да шыр-пыр жырғап жататын.

— Әй, анау арамқатқырды айдап тастаңдаршы, терезені сындырады-ау! — деп отыратын үлкендер.

— Әлгі Жанжігіт атаң қайда, іздесеңдерші, — деп көжеге жете алмай өмешегі құрыған әлдекім әншейінде сәлемін бұлдаса да дәп сол күні Жанжігіт атасын сағына қалатыны бар.

Бір ғажабы наурыз күні болмаса, Жәкемді тамақ үстінде көрген ешкім жоқ. Құдды өзін наурыздың көжесіне сақтап жүргендей үй-іші асқа жүгінгенде ол мал жайғап, не отын жарып, не қар күреп, тіпті түк таппаса сонау Мекалай заманынан бері әдіре қалған кетік балта, керексіз сайманға сап жонып отырғаны.

— Қораға жүгіріңдер, қорадан табасыңдар! — дейді «елгезектігімен» ел асыраған еріншектің бірі көш жердегі көшедегіні жұмсап.

«Алты таздың ауылы» тайлы-тұяғымен ала жаздай шөп шапса да наурыз туа аты ақырға жете алмай тулақ боп, сиыры көтеремнен күресінде қалатын жылдағы тауқыметі. Жалғыз сауынды ары сүйреп, бері сүйреп жамбасын тессе, колхоз қорасындағы аяқ артып, арба мен шана сүйреген күш-көлік аңырағанда Алтайды күңірентеді. Ол шіркіндердің асқазандарын саптаяқпен санап та ала алмайсың. Қара жұмысқа келгенде шетінен қаратаяқ боп шыға келетін, қаратаяқтың қаламын ұстатсаң қара танымай қалатын «алты таздың» пысықтары біреудің күшін, біреудің ісін сынағанда тура Толыбайдың аузынан түсіп қалғандай, ысқырғанда жат түгілі ағайынның өзі жағасын ұстайды-ау!.. Тоқсаны жиылып бір торпақтың бөксесін көтере алмай:

— Ойбай, бұл неме Жанжігіт атаң келмей тұрмайды енді, — деп шуласып жатқаны.

Атасы қазақ сиырды сасық деп менсінбейтін «қаратаяқтар» ол шіркіннің қалай жатса да артымен тұратынын қайдан білсін. Әрине, Жанжігіт атаң іздетпей-ақ өзі келеді. Келеді де торпақты қойып атан өгіздің өзін алдымен бөксесінен көтеріп, тоңқайтып бұтының арасынан қарауыл қаратып қояды да алқымынан көтеріп аяғынан тік тұрғызады. «Қаратаяқтар»: «пай-пай, баяғының батырларынан қалған жұрнақ қой!» деп таңдай қағысып былай шыға бере: «осы шұбар шал болмаса бұл ауыл аштан өлгендей екен-ау!» деп күңкілдесетінін қайтерсің. Қалай десе де ала жаздай ауылдың қаратаяғы мен қара жаяуынан арқасы жауыр, сауыры қайыс болған күш-көлік қашан көк жетілгенше Жәкеме мініп есе қайырады... Көк жетілген соң...көтеремі түгіл көшелісінің көсеу ұстауға жарайтын көк бақайына дейін бүкіл колхоз болып итарқа қоспен көшіп күреді: қаратаяғы атта, қара жаяуы қу жанын қамшылап, ел қамы үшін етігін шешпей «социалды екпінді еңбекке» кіріседі. Әуелгі көктемгі егіс, одан соң пішен, оған жалғасып келеді. Бұл кезде Жәкемнің шаруасы шаш-етектен: ноқта көрмеген жал-құйрықтының шу асауын арбаға теліп, қара кірсе қасқыр қамағандай өкіретін өгіздің тағысын да танауын тесіп соқаға салатын Жәкем. Әйтеуір, соғыс деген зауал түріп жатты да қатын-қалаштың етегі бітеу, әйтпесе арқан керіп, толғатқан келіншектің белін ұстау да Жәкемнің міндетіне қалар ма еді...

...Колхоз болған соң бастық бар, бастық болған соң оның орынбасары бар, МТФ, ОТФ, КТФ дейтұғын фермаларға бастық керек, пішен мен егін де егесіз қалмайды, құдай сақтап әйтеуір шошқа баққанымыз жоқ, әйтпесе жетінші жастықты көрші кержақтардан қарызға алар ма едік?.. Қош, сонымен атышулы алпыс түтінге алты бастық. Сәтіне қарай алтауы бірдей таз болса, солардың шашын баптайтын, атын, бөркін кигізетін көмекшілерін қосқанда әр түтінге бір-бірден айғайшы. Әйтеуір соғысқа жарамағандардың қамшыға жарап тұрған заманы ғой, кәрі-құртаң, қатын-қалаш, бала-шаға жорта болса да соларды пір тұтып жамандығын «алты таздың ауылынан» асырмай, жақсылығын Алтайдан аласартпай алтау үшін әр үйде бір-бір тарақ ұстап отырған күндер-ай! Билік бөлісінде бауырынан дәретке отыратын еркек санатындағы басы бос жалғыз Жәкеме портфел жетпей қалған соң бар салмақ соған түспегенде қайтсын!..

Торғай шырылымен тұрып кететін атамызды азанғы алты самауыр шайдан соң сиыр сәскеде шықтағы ізінен тауып алатын едік. Әншейінде де Алтайдың шыңын көлеңкесімен жасырып, талтайып қараған таздың бөркін түсіретін алып дене түйе кірсе жыртылмайтын шалғынды ел көшкендей жапырып кетеді: екі жамбасына кезек теңселіп, екі иығымен бытқылды қағып отыратын әдеті қол шалғының ырғағынан жұқса керек. Соғыс кезінде зауыттарымыздың қанша таңкі шығарғанын ағамыз Камал Сейтжанұлы бүгін ғана санап туысты ғой, ал ол кезде балаларға арнап жасалған бір тұтам шалғыны әр колхозға әкеліп үйіп тастаған. Бағымыз ба, сорымыз ба, он жасқа жетер-жетпесте шалғы ұстадық, оны да ұстатқан Жанжігіт атамыз: сабын ұзын қылып, қолтұрмашын кіндігімізден келтіріп саптап береді де ту сыртымыздан құшақтап алып шөп шабуды үйретеді... Содан ырғаң-ырғаң, ырғаң-ырғаң, ырғаң-ырғаң...

Қыстың сары аязы қысқанда бір төбет: «қап, келер жылы сүйектен үй салып алмасам ба!»-деген екен, наурыздың көк мұзында көтерем бағып, жаяу-жалпы жұлығынан тозған жұрт шілде тумай жатып-ақ шөкелеп қалған кәрі шөңгеге дейін жамбасы жер иіскемей шалғы ұстайтын әдеті. Сондай бір күні екі саба қымыз, бір қойдың буымен жалғанды жапырып тастайтындай колхоз асар жасайтын болды. Шөп жұмсақ, шалғы жүйрік болады деп ертеңгі шық, түнгі ылғалды да босқа жібермей ай жарығында да қарап жатпайтын Жәкем Шолпан тумай шабындыққа жөнелді. Артына адам жолатпайтын, алдына барсаң тістеп, ыңғайына кеп қалсаң сиырша тура шаптан тебетін қыршаңқы көк байталға мені жайдақ мінгізіп жетелеп алды. Бұл байқұстың аты байтал демесең жасы колхозбен құрдас болса керек, мойны қомыттан, арқасы ерден босамаған тулаққа айғыр қарамай қойған соң байтал заты мәңгілікке маңдайына жазылып қалыпты. Жануардың Жәкемнен басқа тірі пендеге жүген салдыртпайтын мінезі және бар. Байтал түгілі бақайлы ат көтермейтін атамыз өліп бара жатса оған аяқ артқан емес, әйтеуір жетегінде бір керек болуы керек, ол керікте қалқайып ес болатын бір бала отыруы керек...

Азанғы алты самауырдың сарқылатын уақыты болып еді, бірақ, ауыл жақтан тырп еткен тірі пенденің төбесі көрінбеді. Сиыр сәскеде Жәкемнің маңдайы жіпсіді: әр сілтегені атқа жүк, әр шығарған жолынан арба өткендей, ызыңы әнге бергісіз көш-құлаш ірбіттің ақ шалғысы жердің қыртысына дейін сыпырғанда айна таздың өзі қызғанғандай... Сиыр сәскеде қоңыр шолақ өгіздің құймышағына теңдеп бір қойдың етін бас-сирақ, ішек-қарнымен алып келген үшетшік Төлеу екі мес қымызды саусағымен нұқып тұрып: «отыз литр» — деп маған қол қойдырып алды да етті тай қазанға тоғытып, қиқайып ауылға қайтып кетті.

Талма түс болғанда көш жердегі ауылдың түтіні зорға қисайды, бірақ, тырп еткен тірі пенденің төбесі көрінбеді.

— Бір шаруа болды-ау, шамасы, тек жақсылыққа көрінсін, — деп шалғының жүзіндегі шөптің қоқымын алақанымен сыпырып, шөліркей ым қақты да:-Анау месті бермен қарай жақындатып қой, — деді.

Өтірік деп те, шын деп те Жұмаханша ант бере алмаймын, «алты таздың ауылын» үш жүз бұлақ, үш өзен кесіп өтетіні рас. Бүркіт пен Күлместі, Бұқтырманы бүкіл қазақ біледі. Ал үш жүз бұлақтың үш жүз аты бар десем, біреу сенер, біреу сенбес. Әулие бұлақ, Шолақ бұлақ, Сары бұлақ... үш жүзін түгел санап шыға алмайтын болған соң маған осы үшеуі де жетеді. Солардың ішінде ең атақтысы Шыбынды бұлақ!.. Шіркейі шымшықтай, масасы торғайдай қалың бүк талма түсте гулегенде орман ұлып, тау күңіреніп, аспан қақырап түсетіндей болады-ау!.. Бөксені бөгелекке беріп, құдды қазан аңдығандай ошаққа басын тығып алған көк байталдың сабаудай құйрығы масаның қалың бұлтын жырта алмай шошаң-шошаң етеді. Шалғының екпінімен шайқалған Жәкемнің төбесінде де желге майысқан ағаштай қырық бұратылып қара құйын ширатылып тұр.

— Маса жалқауды басады, жансебілден қашады, — деуші еді атамыз. Расында, қанша қанқұмар болғанмен тердің иісін жақтырмайтын аристократтығы да бар. Атамыздың соңынан еріп, шалғы жанайтын қайрақ тасты алақан жайғанда ұстата қоюдан басқа ермегі жоқ мен секілділер шыбын-шіркейге иен-тегін азық...

...Күн еңкейе бір месті тауысқан Жәкем екіншісінің қышқашын ағытып, томардың үстіне қойды да шынтағымен басып отырып, аузынан-ақ сіміріп орталап тастады. Түтіні сейіліп, тым-тырыс қалған көш жердегі ауылдан үмітін үзгендей кейісті қабақпен бір шолып өтті де:

— Ал, балам, екеуіміз енді асқа жүгінелік, — деп қолына ожауды алды...

...Қазанды оттан түсірместен, етті жілік-жілігімен кәкпірмен сүзіп отырып, сорпаны ожаумен қазан үстінен сапырып отырып...

...кіші бесінде қоңыр шолақөгіздің құймышағына мініп үшетшік Төлеу келгенде қазан түбінде жалғыз қара қабырға қалған еді, екі месті жуып-шайып, атам теріс тоңқарып сорғытып қойған.

— Сүйінші, ата, сүйінші! — деп Төлеу қоңыр өгіздің үстінен құлап түсті.-Бөгіс келді!.. Әскерден Бөгіс келді!..

— Әйтеуір тірі ме екен? — деп әлде бір жетімек іргеден к,ой қайтарып келгендей Жәкем бойы қолағашқа жетпейтін үшетшікке қорашсына қарады.

Әскерден өзі келгендей езуі құлағында, екі иінінен дем алып, сүйіншіге тай болмаса да тайынша дәметіп тұрған Төлеу атамыздың жауабына тоймай қалды да:

— Тірі болмаса келе ме! — деп кәдімгідей дауласуға қалды. — Қол-аяғы бүтін, тамағы сау, сағынып қалдым деп талқанды арпадай асап отыр!

— Тірі болса ауылды табатынын өзім де білгем! — деді Жәкем. — Саған беретін сүйіншім сол, анау жерінді барып өлшеп ал.

Бөгіс Жанжігіт атамның тұңғышы еді. Жамбасы жерге тимеген палуан өмірінің соңғы жылдарында моллалық құрып дүниядан өтті. Кенжесі, сынақшы ұшқыш Ғүсман самолетті дыбыстан оздырамын деп жүріп елуінші жылдары атамыздың жаназасына зорға үлгерген. Балаларына іштей разы болғанымен, «нағашыға тартқан өңшең ынжық, менің бір саусағыммен күресуге жарамайды» деп менсінбей отыратын.

Шолпанмен таласып шалғы тартқан атамыз кіші бесінге дейін бір гектар жиырма сотық жердің шөбін шапқан екен. Әуелде қатыны егіз тапқандай қайда сиярын білмеген үшетшік қазан түбіндегі жалғыз қабырғаны көргенде шалқасынан түсті.

— Мойныңа жазам! — деп жер тарпыды.-Жиырма килә ет, отыз летр қымызды мойныңа жазам! — деп қазанды үш айналып шықты. Сонда да атамыздың сарқытын тастаған жоқ, қоңыр шолақтың құймышағына жармасып жатып жалғыз қабырғаны езуіне қыстыра кетті.

— Әй шырағым тоқташы, — деп Жәкем жалынғандай болды. Аузың дуалы болса да, тілің ұзын еді, мынау әңгіме ел құлағына жетпесін, мықтағанда құны бір қой, отыз литр қымыз екен ғой, ай батып, таң атқанша тағы бір кектарды жусатып берейін, анау басқармаңа айта бар, жұрт жиналғанша қос басына бір қойы мен екі месін әкеліп тастасын.

Айғайы азаннан бетер демесең құлағының мүкісі бар үшетшік атамыздың арызын естіді ме, естімеді ме, қоңыр өгіздің құймышағында жауырға қонған сауысқандй ербейіп отырып алып: «мойныңа жазам, мойныңа!» деп бақырғанда Шыбынды бұлақтың шыбын-шіркейін бір үркітіп еді.

Бір колхоздың көтеремі мен көшелісіне дейін мойнымен көтерген Жанжігіт атам еңбегін былай қойғанда абраттың айраны мен арпаның қатықсыз қара көжесін ақтай алмай өмір-бақи дебитор болып өтіп еді...

...Армия генералына қарын бөлелік қатысы жоқ Шоққайың Черняховский атанып, есігі бір-біріне теріс бағынған жүз елу түтін кешегі алпыс ошақты «алты таздың ауылы» екенін әлдеқашан ұмытқан. Генералдың шенін таққан соң атаның шуаш мүңкіген шекпенін нағылсын!.. Жеті саптаяқ көже тұрмақ, үш жүз бұлақ, үш өзеннің жағасында отырса да жеті қасық судың өзі сатулы болған соң ағайындар бір-бірін шайға шақырыпты деген қауесет маған жеткен жоқ. Жеті үйден дәм татып, жеті саптаяқтан көже ішетін Жанжігіт сияқты аталарымыздың көзі алысымен кейінгі шалдардың асқазаны тауықтың бөтекесімен жарыса алмай қалыпты деседі. Мешкей деген жақсы атақ емес, қаңқу сөзге қалмас үшін әр түтін есігін алып, үш мезгіл асын да ұрлап ішіп отырған көрінеді. Көршінің есігін көрші қақпаған соң ұлтаралық тұрмақ ағайын аралық араздықтың иісі шықса нағылсын! Әйтеуір өсектен аман! Тыныштық!..


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама